Қазақстан ҰҚШҰ-ға жақындап, АҚШ-тан алыстауда
Қазақстан мен Ресей көптеген сала бойынша әріптестік және серіктестік қатынаста. 2021 жылдың соңында Қазақстан мен Ресей әскери сала бойынша әріптестікті арттыруға уағдаласты. Ол 2022-2024 жылдар аралығындағы қорғаныс саласындағы әріптестік бағыттарды қамтитын құжаттан тұрады.
2022 жылдың басындағы Қазақстандағы қайғылы қаңтар оқиғасы Ресеймен әскери ынтымақтастықты кеңейту керек деген сарапшылардың ойымен түйінделді. Алайда мемлекет Қазақстанның әскери саласын өзгертіп, реформалар жасауға бет алуда.
Дегенмен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Мәскеу мен Нұр-Сұлтан арасында жасалған құжатты стратегиялық маңызға ие екіжақты тиімді келісім деп атады. Ол аталмыш құжат аясында қорғаныс саласында бірлескен шараларды атқару, жаттығу өткізу мүмкіндігінің кеңігенін атап өтті.
Қазақстан әскери доктринасында ашық қарсылас көрсетілмеген. Сондықтан мемлекет көпвекторлы саясат ұстанып, қандай да бір елді ашық жау деп бекітпеген. Оны Қазақстанның ІЖӨ көрсеткішінің 1%-на жетпестей көлемін жыл сайын қорғанысқа бөлетінінен аңғаруға болады.
Қазақстан Орталық Азияда экономикалық көрсеткіші жоғары ел саналады. Сондықтан әскери салаға көп қаржы бөлу мүмкіндігі бар. Сарапшылар Қазақстан ҰҚШҰ аясындағы бітімгерлік миссиялар мен әскери жаттығуларға барынша көп қатысуға тырысатынын айтады. Ол бір жағынан Қазақстанның ұйымдағы беделін арттырса, екінші жағынан тәжірибе жинауға көмектеседі дейді мамандар. Сонымен бірге терроризммен күрес, діни экстремизм және криминалмен күресте де әріптестікті кеңейтуді арттырмақ.
Қазақстан мен Ресей әуе қорғаныс жүйесіндегі әріптестікті арттыруды ойластыруда. КСРО құлағаннан кейін Қазақстанға көптеген әуе қорғаныс жүйесі мен ядролық қару арсеналы қалды. Әуе қорғаныс жүйесін жетілдіру мен сақтауға Ресей тарапы көмектесуде, алайда ядролық қаруды арнайы келісім аясында елден шығаруға тура келді.
ҰҚШҰ аясында әріптес бола отырып, Ресей Қазақстанға көлемдіт қару-жарақ жеткізуге мүмкіндік алды. Ресей өткен жылы елімізге зениттік зымыран кешендерін жеткізіе бастады. Ресей мен Қазақстан арасындағы әріптестік артпаса, кемімесі анық. Тіпті АҚШ тарапынан ұйымдастырылатын «Дала қыраны» жаттығуы енді өтпеуі мүмкін, есесіне ҰҚШҰ аясында биыл үш бірдей ірі жаттығу Қазақстан аумағында өтеді.
Abai.kz