Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3048 4 пікір 4 Сәуір, 2022 сағат 13:10

Мұғалімдер де партия құра алады

Тарихқа көз салсақ, бүгінде әбден дамып кеткен өркениетті елдердің бәрінде дерлік ең алдымен мұғалімдер құрметтеліп, ең үлкен жақсылық та соларға жасалған екен. Жапон императоры биліктен кетпек болғанда, халқы елдің даңқын көтеретіндей реформа жаса деп алып қалады. «Олай болса, қарумен емес, білімімен мақтанатын ел жасаймын» деп уәде берген император ең алдымен мұғалімдердің мәртебесін асқақтатып, одан кейін білімін күшейткен  екен. 

Сондай-ақ, «Бұдан кейінгі 100 жыл қандай болады десең, мұғалімдердің жай-күйіне қара» деген қытай ойшылының сөзінен де өркениетке жетудің баспалдағы- мұғалімдер болып келгенін  анық ұғуға болады. Мұны кешегі Алаш арысының бірі М.Жұмабаевтың: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр-мұғалімдікі», қазақтың біртуар батыр ұлы Б.Момышұлының: «Ұстаздық– ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз»  деген сөздері де айқындай түскендей.

Басқа мемлекеттерді білмеймін, біздің елдің мұғалімдерінің (Қазақстанда бұл кәсіп аз ғана байдың  емес, көп кедейдің маңдайына жазылған) еңбегі тарихқа «тәжтажал» деген атпен енген індетің жер бетіне ойран салған кезінде ғана бағалана бастады. Мәртебесі де ҚР «Білім туралы» заңының көшірмесі іспетті «Педагог мәртебесі» туралы жаңа заң шыққаннан кейін емес, дәл осы індеттің әбден өршіген тұсында ғана көтерілді. (Ал, оған  дейін құлаққа жағымды «Мұғалім-ең мәртебелі мамандық» деген әдемі сөз биік мінберлерден жоғары екпінмен жиі айтылып, ақпараттық құралдарда ойып жазылғанмен, іс жүзінде бәрі тіпті керісінше болып келген еді).

Ия, мұғалімдердің көзге көрініп, елене бермейтін ерен еңбегін ең алдымен балалары мектепте оқып жатқан ата-аналар танып, оларға құрмет көрсете бастады. (Оған дейін мұғалімдердің жер қазып, тас көтермей-ақ елдің, еңбеккерлердің  тапқан табысының түсімімен күн көретін масыл екені көбірек ауызға алынушы еді). Тіпті, індет өршіп, оқушылар қашықтықтан (үйінде) оқытыла бастаған кезде ғаламтор желісінде кейбір ата-аналардың: «Бар болғаны екі-үш баламызды үйге сиғыза алмай жатырмыз, 20-30 баланы оқытып жатқан мұғалімдердің еңбегі шынымен де ерлікпен бірдей екен» деп, ағынан жарылған жазбалары да жарияланып жатты. Әрбір қиындықтың соңында бір қайыры бар дегендей, соған дейін құлдан бетер күй кешіп келген мұғалімдер қауымы осылайша шағым айтып, соттаспай-ақ, ереуілге  шығып егеспей-ақ, өздерінің кім екенін халық пен биліктің алдында таныта білді.

Шүкір, тәубе! Кейбір елдердегідей мемлекеттік қызметкер дәрежесіне жете алмағанмен, Қазақстан мұғалімдерінің де бүгінгі хал-ахуалы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарып, (жаңа заңның жобасын әзірлеушілер өздері айтқандай заңдары ұқсас елдердің ғана заңынан «көсіп ала бермей», мұғалімдері мемлекеттік қызметкер саналатын әрі ерекше құқықтарға ие басқа  дамыған елдердің  де заңынан  «бір түйір» алғанда, мүмкін, ұстаздар мен жаңа заңның мәртебесі бұдан да асқақтай түсер ме еді?) алатын айлық жалақысы да біршама көтеріліп қалды. Бірақ, «Бар болсаң, көре алмайтын, жоқ болсаң, бере алмайтын» қазақ емеспіз бе. Бұған дейін шайлығына жетпейтін айлық алып, шенді-шекпенділерді айтпағанда ата-аналарға, тіпті олардың балалары яғни өз оқушыларына жалынып, жалтақтап күн көретіндей дәрежеге жеткен мұғалімдердің сәл ғана еңсесін көтеріп, қомақтырақ айлық жалақы алғанын кейбір көздер көре қойып, кейбір тілдер тағы да сөз ете бастады. Олармен сөз таластырып, мұғалімдердің кім екенін дәлелдеп жатқым келмейді. Өйткені, кез келген адам президент,  әкім, тіпті ғарышкер  бола алғанымен, мұғалім бола алмайтынын олардың білмеуі мүмкін емес деп ойлаймын. Алайда, бір кездері биліктің қолжаулығына айналып,  көше кезген қаңғыбастан да төмен күй кешкен (айдаладағы бір мықтыны депутат ету үшін арам тер болып жүгіріп, салтанатты жиындарда, концерттерде кең залдың ішін толтыруға ғана пайдаланылып, сенбіліктерде, жоғары жақтан дөй басшылар келгенде, көше-арықтарды  күл-қоқыстан тазартып, талдардың түбін әктеп, аяқ астынан ақ тер-көк тер болатын) мұғалімдер қауымының  күні осымен туып кетті деуге әлі ерте. Бүгінге дейін тегін күш ретінде құлша жұмсап келген көнбіс мұғалімдерінен «айырылып қалған» кейбір билік өкілдері сол күндерін аңсап,  «мысық тілеу» болып отырмасына кім кепіл? Сондықтан, «күшігінде таланып», құлдық санадан, жалтақтық психологиядан әлі  арыла қоймаған мұғалімдер қауымы алдағы кезде де өз құқықтарын өздері қорғап, талап-тілектерін орындата алатындай күшке ие болу керек деп ойлаймын. Қысқасы, олар осы уақытқа дейін «Мұғалімдер партияның басты назарында» деп ұрандатып, алдап-сулап, пайдасына жаратып, «есектері судан өткен соң» танымай кеткен «Нұр Отан» секілді партиялардан бөлініп шығып, өздерінің жеке партиясын құруы керек! (Күні бүгінге дейін мүшелерінің 70%-дан астамын құрайтын мұғалімдер қауымының алдында бір рет те есеп бермей, олардан көбейген үстіне көбейіп отыратын мүшелік жарналарын алумен ғана шектеліп келген, аты өзгергенмен, заты өзгермеген «Нұр Отан» («Аманат») партиясы ол үшін енді ренжи қоймас деген ойдамын).

Ал, Республикамызда ең көп қызметкерлер санын құрайтын, осы уақытқа дейін бөліп жармастан, барлық партияларға мүше болып келген мұғалімдер қауымы өз алдарына бірігіп, партия  құрар болса, ең көп мүшесі бар өте қуатты партияға айналары даусыз. (Мен бұл мәселені тек бүгін ғана емес, бұдан  он шақты жыл бұрын да жазып, ол сол кездегі Республикалық «Лениншіл жас» (қәзіргі «Жас Алаш») және «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде жарық көрген болатын).

Ата Заңымыздағы 5-баптың 1-тармағы («Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Мемлекеттік органдарда партия ұйымдарын құруға жол берілмейді») мен білім туралы заңымыздағы 3-баптың 12-тармағының («Білім беру ұйымдарында саяси партиялар мен діни ұйымдардың (бірлестіктердің) ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметіне тиым салынады») мұғалімдердің партия құру-құрмауына қаншалықты қатысы барын білмеймін. Алайда, осыған дейін неше түрлі партияларға күштеумен кіріп, солардың шотын шауып келген мұғалімдер қауымы өз алдына бірігіп, өз партиясын құрса, одан мемлекетке келер зиян да, билікке келер қауіп те жоқ екенін анық білемін. Ал, мұғалімдердің партия құруына қарсы қандай да бір заң болса, өркениетке жетудің баспалдағы, ұрпақ тәрбиешісі саналатын олардың болашағы үшін онсыз да өзгертулер мен толықтырулардан мылжа-мылжасы шыққан ол заңымызды тағы бір өзгертіп жібергеннен ұтылмаймыз деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметкерлердің өзінен бастап, бала-шағасына дейін оқытып келе жатқан, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, өздеріне жүктелген кез-келген тапсырманы дер кезінде  бұлжытпастан орындап жүрген Қазақстан мұғалімдерінің өз партиясын құратын кезі жетті және оған әбден хақы бар деп есептеймін!

Байділдә Айдарбек,

ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Созақ ауданы, Түркістан облысы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371