Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5067 0 пікір 15 Наурыз, 2022 сағат 17:00

Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудағы Қазақстан жолы

Ұлтаралық қарым-қатынас қашан да күн тәртібінен түскен емес. Себебі, жаһандану дәуірінде алуан ұлтты саяси тетіктермен басқарып отыру мүмкін емес. Бұл  керісінше ұлтаралық қатынасты ушықтырып жіберуі мүмкін. Соңғы онжылдықта әлем елдері миграциялық дағдарысқа ұшырады. Әсіресе дамыған Батыс Еуропа елдерінде бұл айқын байқалады. 2011 жылдан бастап Сирия, Ирак, Ауғанстан сияқты азаматтық соғыс болып жатқан елдерден дамыған елдерге қарай ағылып кетіп жатқан босқындар Еуропада босқындар мәселесін ушықтырды. Толеранттылықтың бір түрі мультимәдениет бағытын таңдаған Франция африка елдерінен келген босқындарды еуропалықтардың өмір салтына бейімдеуге күш салды. Дегенмен сол кездегі Франция президенті Николя Саркози TF1 арнасындағы эфир кезінде мультимәдениет идеясының әбден сәтсіздікке  ұшырағанын мойындады.

«Ия, бұл толықтай сәтсіз болды. Шындық сол, біздің демократия келушілердің көңілін табуға жанын салады, ал, қабылдап алушы жергілікті тұрғындар туралы ойламайды да. Бөлінген қоғам бізге керек емес. Егер кімде-кім Францияға тұрғылықты тұруға келетін болса, онда ұлттық жергілікті ортаға сіңісіп кетуі керек. Келіспесе келмесін. Біздің исламды ұстанатын отандастарымыз басқа дін өкілдері сияқты исламды ұстана алуы керек. Бірақ сөз боп отырған француз исламы», - деген болатын. 2015 жылы Франция қалаларында террористік актілер болды. Әлі күнге дейін Францияда терроризм қаупі сейілмеді.

Соңғы жылдары Таяу Шығыс елдерінен ағылған босқындар нөпірі Литва, Латвия мен Польшаға Беларусь арқылы жетуге тырысқан. Еуропа елдері енді олардан қорғанудың жолын іздеп, шекарада қоршау тұрғызуға көшкен. Сондай-ақ АҚШ пен Мексикада да осындай жағдай орын алып отыр.

Сонау 2010 жылы Германия канцлері Ангела Меркельде  Германияда мультимәдени қоғам құру әрекеттері "толығымен сәтсіз аяқталды"деп мәлімдеген еді. «Біз келушілермен тату-тәтті тұрып жатырмыз деген концепция мүлдем шындыққа келмейді»,- деді бұрынғы Германия канцлері.

Иә, канцлер айтқандай сырт көзге тату-тәтті көрінген қоғам ішінде қарама-қайшылыққа толы. Бұл мәселенің толық шешілмегенін көрсетсе керек. Келімсектер мен тұрғындардың бір-біріне қас-қабағы жылымаған, түсінбеушілік басым. Еуропа елдері мультимәдениет саясатын жариялағанымен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыра алмады. Шынайы татулық қарым-қатынас мәдениетінен басталса керек.

Кеңес Одағының құрамынан бөлініп тәуелсіздік алғаннан кейін республикаларда ұлтаралық қарым-қатынас күрделі мәселеге айналып шыға келді. Кейбір көпұлтты республикаларда қарулы қақтығыстар да болып өтті. Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдары ұлттар арасында алауыздық болмады. Кейінгі уақыттарда болған келеңсіз жағдайлар тез шешімін тауып отырды. Бүгінде Қазақстан жүздеген ұлт пен ұлысты біріктірген, әлемдегі ұлтаралық қатынастың үлгісіндей болып отыр. Қазақстан егемендік алмай тұрып та қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен бірге жұмылған жұдырықтай өмір сүрді. Әр ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сыйлай білді. Басқа этнос өкілдері тәуелсіздіктің қазақтікі ғана емес, күллі Қазақстанға, барлық халыққа ортақ қасиетті ұғым екенін ұғына білді. Тәуелсіздікдің тұғыры ол халықтың бірлігі. Халық бейбітсүйгіш болса ғана ел дамып, гүлдей түсетіні белгілі. Осы идеялар әр қазақстандықтың басты құндылығы болып қалыптасты. Сондықтан болар бірнеше жылдың ішінде елімізде ұлтаралы қарым-қатынас мәдениеті орнады.  Ұлтаралық қарым-қатынас дегеніміз тек жүз сыйласудан тұрмайды. Бұл ұғым одан терең. Қазақстан қоғамында қалыптасқан рухани құндылықтар мәдениетімізге, азаматтық қоғамға, білім-ғылым саласына, қоғамдық саяси тереңінен енді. Қазақстанның даму стратегиясының өзегіне айналды. Ұлтаралық қатынас мәдениетіне діни төзімділік, толеранттық, жалпыұлттық бірегей мақсатқа ұмтылу, бейбітшілік пен татулықты сақтауды жатқызамыз.

Елімізде ұлтаралық татулықтың жарасым табуы  – біз мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Толеранттылық деген – үлкен құндылық. Мұны егемендікке қол жеткізген 30 жылдағы маңызды жетістігіміз десек артық айтқандық болмас. Қазақстандағы көпэтникалық қоғамда негізінен екі мәдениеттің үстемдік құрып отырғаны белгілі. Біріншісі, қазақ мәдениеті. Екінші орында орыс мәдениеті тұр. Елімізде басқа ұлт өкілдерінің діні мен әдет-ғұрпын жаңғыртуға бар жағдай жасалған. Осындай ынтымақты тірлікке дүниежүзінің көптеген елдері қол жеткізе алмай келеді. Керек десеңіз, Қазақстан – Орталық Азияда ұлтаралық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бермеген жалғыз ел. Қазіргі таңда Қазақстанда барлық ұлт өкілінің тілін, мәдениетін сақтауға көңіл бөліп отыр. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы негізі қаланған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Бүгінде алуан ұлт өкілдері осы ассамблеяның айналасына топтасып, өзерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытып отыр. Достық шаңырағына айналған ұйым Қазақстандағы ұлттық-мәдени орталықтардың басын қосатын және аз ұлттардың мүддесін қорғайтын мекеме есебінде нәтижелі жұмыс жасауда.  Мәдени орталықтар ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Солардың арқасында әр түрлі ұлт мен ұлыстың салт дәстүрі, мәдениеті насихатталады. Халықты толеранттылыққа, өзге халықтың құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелейтін іс-шаралар кеңінен атқарылып отыр. Ұлттардың басын қосатын ортақ іс-шаралар этностардың бір-бірін құрметтеуін, сыйлауын арттыра түсері анық. Осы орайда барша ұлттардың экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени, азаматтық құқықтарын қорғауға байланысты жүзеге асырылатын шаралар халықаралық стандарттарға сай  екенін айта еткен жөн.

Сонымен бірге Қазақстанда жүзеге асырылып отырған ішкі саясаттың тағы бір ұтымды тұсы қазақстандықтарды түрлі діни конфессияларға деген толеранттылыққа тәрбиелеу саясаты. Соңғы жылдарда Республиканың түпкір-түпкірінде бой көтерген түрлі діни мекемелердің (мешіт, православие приходы, католиктердің костелы, ғибадатханалар және т.б.) жанданған құрылысы мемлекеттің  қоғам дамуына тиімді жағдай жасағандығын дәлелдей түседі. Өзара сыйластық пен төзімділікке, бейбітшілік пен келісімге негізделген қоғамдық қатынастар әлем сахнасында Қазақстанның шынайы имиджін қалыптастыруға ықпал жасайды. Демек ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың қазақстандық моделі қазіргі күні тиімді әрі нәтижелі екенін көрсек болады.

Алдағы уақытта толеранттылық халқымыздың күнделікті өмір дағдысына, дәстүріне айналуы керек. Сонымен қатар , біздер толерантты қоғамда  ұлттық болмысымызды жойып алмауға баса мән берген жөн. Қайта керісінше толерантты қоғамды пайдаланып тілдік, ұлттық басымдылыққа жетудің жолдарын қарастырғанымыз жөн. Тәуелсіздік алғаннан кейін жүзеге асырылып жатқан ішкі саясат Қазақстан қоғамында ұлтаралық ынтымақтастық пен халықтар достығының гүлденіп дамуына қолайды жағдай тудырды. Бүгінгі республикамыздағы діни конфессиялар мен ұлттар, ұлыстар арасындағы қарым-қатынастар отандастардың шынайы достық пейілдерін көрсетеді. Бір шаңырақ астында бірлігі жарасып, берекелі өмір сүріп отырған  жүз отыздан астам ұлт өкілдері қазіргі таңда өздерін «қазақстандықпыз» дегенді мақтанышпен айта алады.Қазақстан көпұлттық мәдениет пен бірлікті дамытуға бағытталған ішкі саясатты ұстанып келеді. Соның арқасында ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті мықтап орнады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522