Ақорда тағайындауы: Тамараның үшінші жорығы...
Бүгін Тамара Дүйсенова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қайта тағайындалды. Бұған дейін аталған министрлікті Серік Шәпкенов басқарған болатын. Ол 7 сәуір күні президент Тоқаевтың Жарлығымен Атырау облысының әкімі болып тағайындалған.
Тамара Дүйсенова қазір 57 жаста. Еңбек жолын 1988 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Ол Тәшкент халық шаруашылығы институтында «инженер-экономист» мамандығы бойынша білім алған.
1994-1997 жылдары Сарыағаш ауданы әкімінің кеңесшісі, орынбасары, бірінші орынбасары болады. 1997-1999 жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, кейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Тамара Босымбекқызы Дүйсенованың «жеке министрлігі» десе де болады.
Тамара Дүйсенова 2002 – 2006 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, 2008 – 2013 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарған.
Сол 2013 жылдың ақпанында қайтадан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, маусым айында – министр міндетін атқарушы, шілде айында – министр болып тағайындалған.
2014 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі біріктіледі де, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі» деп аталады. Біріккен министрлікті Тамара Дүйсенова басқарды.
2017 жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі екіге бөлініп, қайтадан баяғы қалпына оралады. Осылайша Тамара Дүйсенова да бұрынғы жұмыс орны – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне басшылыққа қайта сайланады.
Ал 2018 жылдың ақпан айында экс-президент Назарбаев «міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді» кейінге қалдырғаны үшін министрді көпшілік алдында сынға алған.
«Не болды, Тамара? Айт, әлде, бұл жұмыстан шаршадың ба?», - деген экс-президент Назарбаевтың сөгісінен кейін Тамара ханым министрлік тізігін тапсырып берген.
Дүйсенова министрліктен кеткен соң 2018-2019 жылдары «Nur Otan» париясының хатшысы болып істеді. 2020 жылдың 5 мамырынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметін атқарды.
Бүгін Дүйсенова үшінші рет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып сайланып отыр.
«Тамара Босымбекқызы Дүйсенова Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылсын», - делінген президент жарлығында.
Айжан Темірхан
Abai.kz