Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Адасқандар 2997 7 пікір 13 Сәуір, 2022 сағат 13:37

Қазақтелеком. Қайраттың үлесі қайтарылды

Кеше қамаудағы кәсіпкер, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы Қайрат Сатыбалдыға тиесілі фирмалардың иелігінде болған «Қазақтелеком» АҚ-ның 28 пайыз акциясы мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы белгілі болды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз мәлімдеді.

Үкімет қаулысында: «Skyline Investment Company S.A. жекеменшік компаниясының «Қазақтелеком» АҚ-ның 2 671 481 қарапайым акциясын сыйға тарту келісім-шарты негізінде мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсынысы мақұлдансын. Бұл – акционерлік қоғамның жарғылық капиталының 24,95 пайызы», - делінген.

Одан бөлек, Alatau Capital Investment компаниясы да сыйға тарту жолымен «Қазақтелекомдағы» 413 412 акциясын мемлекет меншігіне өткізуді ұйғарған. Мұны да Үкіметтің өзі мәлімдеді.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды Alatau Capital Investment компаниясына 2015 жылдан бері иелік етеді екен. Статусы - Басқарушы серіктес. Сондай-ақ, оффшорда тіркелген Skyline Investment Company S.A. компаниясының да иесі. Ал акцияларды қайтару «Қазақтелекомды» демонополизациялау туралы бастама көтерілгеннен кейін және Сатыбалдының үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін жүзеге асқан.

Қайрат Сатыбалды «қызмет бабын асыра пайдаланды» және «Қазақтелеком» АҚ қаржысын ірі көлемде ұрлады» деген күдікпен 13 наурызда тұтқындалған. Жемқорлықпен күрес қызметі Сатыбалды «мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін басқа істер бойынша тергеліп жатқанын» айтты.

2021 жылғы зерттеуінде Азаттық Люксембургтегі LBR реестрі бойынша, Қайрат Сатыбалды Skyline Investment Company S.A. компаниясының жалғыз құрылтайшысы екенін анықтаған. Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, Сатыбалды 2016 жылы өзінің Alatau Capital Invest компаниясы арқылы «Қазақтелекомның» 4 пайызға жетпейтін акциясын сатып алған.

4 сәуірде Қазақстанның жемқорлықпен күрес агенттігі экс-президенттің немере інісіне қарайтын басқа компанияларда да ақша ұрлау фактілері болған деген мәлімдеме жасады. Бірнеше күннен соң «бизнесті заңсыз тартып алды» деген күдікпен Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да тұтқындалды.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан соң бұрынғы президенттің отбасы мүшелері мен оның маңайындағы адамдар жоғары лауазымдарынан айырылып, кейбіреуі тұтқындалды. Қамалғандар арасында Назарбаевтардың бұрынғы құдасы, олигарх Қайрат Боранбаев та бар. Боранбаевқа «квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде ақша ұрлады» деген айып тағылды.

Abai.kz

7 пікір