Кейкі батыр туралы бір дерек...
ХҮКІМЕТ БАСЫНДА ОТЫРУШЫ АЗАМАТТАРДЫҢ НАЗАРЫНА
Елден келген адамдардың айтуларына қарағанда Ақмешіт[1]тің солтүстік жағында атпенен жүрген адамға үш күншілік жол «Арыс» деген жерде Кейкі деген біреу шыққан. Бұл өзі Торғай үйезінің қазағы болып, Торғайдан айыпты болып қашып шықса керек. Сол айтылған «Арыс» деген жерде қыстап отырған көшпелі елдің ішіне келіп жатыр дейді.
Бұл Кейкі жанына ерген одан қашқан, бұдан қашқан 30-40 шамалы ұрылар болса керек. Сондағы Кейкнің істеп жүрген істері мынау:
Сол Арыста қыстап отырған елдердің малында да, жанында да ерік жоқ. Жақсы зат болса соныкы, жақсы киім болса соныкы. Елдің көшемін дегендері болса көшпейді дейді.
Қысқасы бәрін бір шыбықпен айдап жүрсе керек. Мәселен:
Кейкі қасындағы адамдарыменен елді аралап жүріп түсте екі қой, кешке екі қой сойдырады-мыс. Аттарының жем, шөптері бәрі де елдің мойнында. Осы уақытта елдің Кейкінің зорлығын айтып еңірегенде етегі толады.
Енді хүкімет басындағы азаматтардың бұл бейшара елдерді осындай бұзықтардың қармағынан құтқарулары жөн-ау деймін!
Көпей.
Ақмешіт.
«АҚ ЖОЛ» газеті. №148. Сенбі, 4 март, 1922 жыл. Ташкен шаһары.
Абай Мырзаның жазбасы
Abai.kz