Сенбі, 23 Қараша 2024
Араша 3303 1 пікір 26 Сәуір, 2022 сағат 15:03

«Алтын Орда» саудагерлері: «Далада қалуымыз мүмкін»

Бүгін Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты ірі базар «Алтын Орданың» кәсіпкерлері шағым білдірді. Олар: «Ескі базар орнына салынып жатқан жаңа сауда кешенінен орын сатып алдық, бірақ, соған қарамастан далада қалуымыз мүмкін», - деп алаңдайды.

«Алтын орда» базары 2007 жылдан бастап «Құрылыс LTD»  ЖШС-ға тиесілі болды. Серіктестік базарды «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-ға келісім шарт негізінде жалға беріп отырған. 2020 жылы жаңа құрылыс басталар уақытта саудагерлер ғимараттан орын алу үшін «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-ға 4 млрд теңге қаржы құяды, келісім-шартқа отырады.

Алайда 2022 жылы базардың иелігі Данияр Әлпиев атты азаматқа өтеді. Саудагерлердің айтуынша ескі басшылық жаңа басшылыққа сатып алынған орындары туралы ешқандай мәлімет бермей отыр. Сондықтан олар «екі ортада шыбын өледінің» кебін кию қаупі барын айтады.

Әбдіжанова Әлия: 

«Мен 2005 жылдан бері базарда істеймін. Ескі орнымда төрт дүкенім болды. Оларды сүріп тастады. Орнына ештеңе берген жоқ, тек жаңа орынды сатып алуға 5 пайыз жеңілдік береміз деді. Бірақ ол жеңілдіктің өзін 2021 жылы жойып жіберді. Мен жаңа ғимараттан төрт дүкен алу үшін екеуіне 36 мың доллор төледім, тағы екеуіне 30 пайызын, яғни 7200 доллор төлеп қойдым. Менің талабым мынау: Осы базарды салу үшін бізден ақша алды екен, ендеше жалға беру ақшасын алмасын. Мемлекетке салықты ғана төлеп отырайық», - дейді базар кәсіпкері.

Елеуова Гүлшат:

«Жаңа базардан 5 дүкен алуға 33 миллион теңге ақша салдым. Қазір жаңа базардың 95 пайызы бітіп тұр. Ендігі кезекте жауапты адамдар бізді екі басшылықтың ортасында қалдырмай, ғимараттың ішіне кіргізіп берсін. Біз мамыр айында көшуіміз керек еді. Жаңа басшылық «құрылысты бітірген соң кіресіздер» деп айтып жатыр. Бірақ бізге қағаз жүзінде «ақша төлегендерге еш мәселесіз орынды береміз» деген құжат керек. 33 миллион төлегенімді дәлелдейтін келісім-шарт қолымда бар», - деді  базардан нәпәқасын тауып отырған тағы бір кәсіпкер.

Әлімбетова Зоя:

«Мен базарда 18 жылдан бері істеп келемін. 2020 жылдан бастап бұрынғы басшылық жаңа құрылысқа бізден ақша жинай бастады. Мен төрт дүкенге 20 миллион ақша төледім.  Міне, жаңа басшылық келгелі 3 күн өтті. Біз екі басшылықтың да алдына бардық. Бірақ нақты жауап бермейді. Екі ортада қалып тұрмыз. Екі басшылық келісімге келмей отыр», - дейді саудагер.

Саудагерлердің айтуынша, жаңа базардан орын сатып алуға төлеген ақша сомасын Айдос есімді азамат дәптерге жазып отырған. Алайда, саудагерлерге чек берілмеген. Жаңа басшылық сол дәптерді, басқа да ақша төленді деген құжаттарды ала алмай отыр екен.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340