Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5021 31 пікір 4 Мамыр, 2022 сағат 13:09

Конституция «Құрмет тақтасы» ма?

Қазақстан президенті
                                                                Қ.ТОҚАЕВ мырзаға,
                                                                Парламент Сенатының төрағасы
                                                                М.ӘШІМБАЕВ мырзаға,
                                                               Парламент Мәжілісінің төрағасы
                                                                Е. ҚОШАНОВ  мырзаға.

«Жаңа Қазақстан» жасау, әлбетте, оның Конституциясын да жаңарту жайындағы сөздің көрігі күрпілдей бастады. Ондағы бір сөйлем, жұртты екідай етуші жәйт – жаңа Конституцияда: «Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетті негіздеуші бірінші президент» деген сыңайда аты жазылмағы. Осы орайда, құрметті мырзалар, үшеуіңе 3 сұрақ:

1. Дүние жүзіндегі қай елдің Конституциясында мемлекетті кім негіздегені жазылыпты?

2. Президент тағына отырысымен Назарбаев Қазақстан мемлекетінің тарихы 1991 жылдан басталды деген «ғұламалық  тұжырым» жасап, ақын досы Олжас Сүлейменов бастаған 28 «құп, тақсыр!» дереу қолдап, ашық хат жазған еді, әлде соны естеріңде сақтап, жүздеген ғасыр арғысын айтпай-ақ, бергісін ескергенде: Қазақ мемлекетінің автономиялы республика болғанынан 1991 жылға дейінгі тарихы енді керек емес пе?

3. Жаңа Конституция жобасы халықтың талқылауына беріледі, яғни демократия негізінде қабылданады, дегенді айтып жүрсіңдер, ол қайдағы демократия? Тәуелсіз Қазақстанды 31 жыл бойы кезіп жүрген елес пе? Адам құқы аяқасты етілген, әділ сайлау болмаған, халықтың орынды талап- тілегін естуді қойған, жемқорлық, парақорлық, мәнсіз мақтан, желкенді жағымпаздық  жайлаған, Назарбаевтың жеке басына табыну асқынған Қазақстанда, берекесіз билікті сынаған азаматтары  айып тартып, түрмеге тоғытылып, қазаға ұшырылатылып  жатқан  елде демократия болуы мүмкін бе?

Референдум болмақ. Тәуелсіздігіміздің 30 жылында сайлау мен  референдум атаулының бәріне  қатысқанбыз және олардың нәтижесі қанша дауыс берілгеніне емес, оның қалай саналатынына байланысты болатынына көзіміз жеткен. Бұл жолғы референдумда да «сол дәстүр» сақталатын шығар.

Ал Назарбаевтың «мемлекетті негіздегені» қалайша болды?

1991 жыл. Желтоқсан айының 7-күні. Беларуссияның ұлттық паркі – Беловеж қорығы. Мемлекет  басшыларының  сондағы демалыс орталығы – Викули. Осында: Ресей президенті Б.Ельцин, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Г.Бурбулис,  Украина президенті Л.Кравчук, премьер-министрі В.Фокин, Беларуссия Жоғары кеңесінің төрағасы С.Шушкевич, Министрлер кеңесінің төрағасы В.Кевич нөкерлерімен жиналып, кеңесіп, 8-күні Совет Одағының ыдыратылғанын ресми жариялады.  Ельцин АҚШ президенті Д.Бушқа 13 сағат 08 минөтте телефон соғып, 28 минөт сөйлесіп, «батасын» алды. Шушкевич КСРО президенті М.Горбачевтан  «шүйінші сұрады». Горбачев  Бушқа желтоқсанның 25-күні 10 сағат 03 минөтте телефон соғып, 22 минөт сөйлесіп, КСРО-ны ыдыратуға қосқан үлесі жайында есеп берді. Бұл деректер А.Буштың құпия құжаттар мұрағатынан ол қайтыс болғаннан кейін, бертінде алынған. Көшірмесі «Ельцин Орталығында» («Ельцин-Центрде») сақтаулы.

Үштік кеңесінің шешімімен СНГ (Союз независимых государств) – ТМД (Тәуелсіз мемлекеттер достастығы) құрылып, Ельцин:  Суверенитетті әлі алмағандарың  алыңдар, қанша керек  болса, сонша ала беріңдер! - деп шоқтықтанды.

Суверенитет – мемлекеттің өзіндік ішкі еркіндігі ғана. Одақтас республикалар оны Балтық бойы республикаларының талаптары нәтижесінде 1990 жылы ала бастаған. КСРО құрамында болған қалпында.  Біздің Жоғарғы кеңес (төрағасы - Е.Асанбаев) 1990 жылғы желтоқсан сессиясында суверенитеттігімізді  жариялады. Ал 1991 жылы желтоқсанда болған кезекті сессиясында Жоғарғы кеңес (төрағасы – С.Әбділдин)  Қазақстанның тәуелсіздігін жариялады. 25-күні. Жаңа Конституция қабылданып, онда мемлекетті өкімет пен үкімет басшылығы демократия негізінде, ұжымдық сипатта басқару болатыны атап айтылды. Алайда президент Н.Назарбаев 1995 жылы Конституцияға өзгеріс енгізіп, презденттік билікке жол ашып алды. Еліміздің тәуелсіздік күні заңды жарияланған 25-желтоқсан емес, 16-желтоқсан болып белгіленді. Меніңше, билік өзі ұйымдастырғанына шәк жоқ 1986 жылғы 16-желтоқсанда Алматыда басталған, қантөгіспен аяқталған оқиғаны көмескілеу айласын жасады. Солай екеніне жастарымыздың ол жанкештілік қимылына ресми дұрыс баға әлі күнге берілмегені дәлел.

...«ГазетаRU»  тілшісі Д.Тельманов Шушкевичпен сұхбаттасып, мән-жайды біліп, соңында кеңеске Назарбаевтың келмеген естігенін айтып, оның себебін сұрағанда Шушкевич былай деді: «Келіссөзге Қазақстан президенті Назарбаевты қатыстыруды жөн көрдік те, досы Ельцин оны телефонмен іздестіріп, тауып алып, бізге қосылуға шақырды: «Нұрсұлтан, кел, біз мұнда маңызды мәселелерді шешпекшіміз», деді. Дауыс күшейткішпен сөйлесті, біздің тыңдап отырғанымызды ескертті. Назарбаев: «Иә, барамын. Ұшағыма жанармай құйып жатыр, қазір ұшамын, жетемін!» деді. Бірақ бізге жолаған жоқ, Горбачевқа жетті. Ол жалпы жағдайдан хабардар еді. Біздің бе, Горбачевтың ба, – қайсымыздың жығарымызды болжай алмай сасқалақтады. Михаил Сергеевич оны қайткенде өзіне қаратып алуды көздеп, Анатолий Лукьяновтың орнына КСРО Жоғары кеңесінің төрағасы етуге уәде берген. Шығыстың қу қайраткері, мен «ақылды»  демей, «қу» деп отырмын, Назарбаевтың бізден сырт айналғаны сондықтан».

А.Лукьянов Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитеті – ГКЧП – бүлігімен байланысы үшін тұтқындалған-ды.

«Тәуелсіз елдер достастығын» құптаған Горбачев кейін бәрін қайтадан жиып, «Тәуелсіз мемлекеттер одағын» құрып алуды көздеген көрінеді, бірақ ол пиғылы қауашағында қала берді. Ниеттесі Назарбаевтың оған сенуден, дәмелі үлкен лауазымын күтуден күдері үзіліп, ақырында тәуелсіздікті ең соңында алды. Ол 1993 жылы «Комсомольская правда» газетінің тілшісімен сұхбатында: «Тәуелсіздікті басқалар алып жатқан соң, біз де алдық» десе, 1994 жылы Мәскеудің мемлекеттік уиверситетіндегі (МГУ) кездесуінде: «Совет Одағын сақтап қалу үшін менің ақырғы патроным қалғанша соғысқанымды өздеріңіз білесіздер» деді.

Назарбаев кейінде: «Біз тәуелсіздікті ата жолымен алдық, ақылмен алдық», деп шықты. Пәлі десеңші!.. Ата жолымыз Беловеж қорығынан басталған болды ғой? Ақыл – Горбачевтың  уәдесі екен ғой?..

Е, Нұрекеңнің бұлайша «нақыл» болып кеткен сөздері жеткілікті. Таққа отырысымен: «Қазақстанда шекара болмады, бүгінгі шекарасында мемлекеті болған жоқ», «Қазақта пәлен батыр, би, әулие болғаны – бекер, аңыз сөз»,  дегенінің өзі «не тұрады»?! «Өз күніңді өзің көр»;  «Бай бай болады, кедей кедей болады»; «Ағылшын тілін меңгермейінше Қазақстанда ұлттық прогресс болмайды»; «Микрокредит ал да, екі сиыр сатып ал, өзіңді өзің асыра»... дегендері ше?!.

Бұл «хикаяты» баршаға мәлім.

«Атың шықпаса, жер өрте», деген кешегі қазекемнің бүгінгі ұрпағының кейбіреулері, қолына  сіреңке алмаса да, аты әлемнің алыс-жақын талай еліне өртсіз-ақ тарады. Биыл. Ресми жолмен. Қалайша?.. Англия парламентінің мүшесі Маргарет Ходж ақпанның 3-і күнгі мәжілісте «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» сөйлеп, Қазақстанның арамақшалы    28 байына санкция салу керектігін айтып, аттарын тізіп берді. Оның теңжартысы –  Назарбаевтың әулеті. «Көшбасы», әрине, «Елбасы». Үш қызы мен күйеубалалары: Тимур Құлыбаев пен Қайрат Шәріпбаев, інілері: Самат Әбішев пен Қайрат Сатыпалды, ең кішілері – Дәриғаның ұлы Айсұлтан (кіші қызы Әлияның күйеуі Димаш Досановтың жемқорлығы кеше әшкерелене бастағанынан хабардар шығарсыңдар).

Назарбаевтардың бір ғана Англиядағы дүние-мүлкінің жалпы сомасы 330 миллион фунт стерлинг екені!

«Ұлт лидерінің» жемқорлығы шексіз болғаны бүгінде алыс-жақын елдердің көбіне аян. Интернет жүйесі – гу-гу. БАҚ –  ду-ду.

Еліміздің, жеріміздің  байлығы назарбаевтық жүйе билігі жылдары қалай саудаланғаны, қалай тоналғаны, жекелеп айтқанда назарбаевтардың шет елдерде меншікті: неше сәулетті сарайлары, ұшақтары, кемелері, аралдары... бар екені туралы мағлұмат түгелдей өздеріңде бар екені сөзсіз. Соны көре-біле тұра, жемқорлық жүйені құрған  «көсемді» енді «мемлекетті негіздеген» деп, аты-жөнін Конституцияға жазу туралы сөзді көлденеңдетіп отырғандарың неліктен? Конституция биліктің «Құрмет тақтасы» болмақ  па? Кезінде кеңшар, ұжымшар, зауыт-фабрик... кеңселерінде «Құрмет тақтасы» болған. Оған адал еңбегімен ұжымда үлгі-өнеге болып жүрген жандар туралы жазылып, фото-суреттері қоса ілінетін.  Назарбаевтың «игі үлгі-өнегесі» Англия парламентіндегі тізімге іліккені ме?

«Сен» дегеніме ренжімессіңдер. Атамыз қазақ жасы үлкен-кіші:   болыс, би, батыр, хан, сұлтан – бәрімен «сен» деп сөйлескенін білетін шығарсыңдар.

Ендігі бір ескертуім: керауыздар жамандап жүрген Кеңес дәуірінде кімнен, қайдан хат келсе де, оны алған адам, мекеме бір аптадан кешіктірмей жауап жазуға міндетті болды, ол билік пен халықтың өзара тұрақты байланыс жолы еді. Тәуелсіздік бұйырысымен біздің билік халықтан тәуелсіз болуды жөн көрсе керек, «советтік тәртіп» жайына  қалды, жеке де, ұжымдық та хаттарға жауап қайтармайтын «мода» шығарды. Бір ғана мысал: 2021 жылы желтоқсан айының 9-күні Қ.Тоқаевқа, М.Әшімбаевқа, Н.Нығметуллинге (Мәжілістің сол кездегі төрағасы. Үлкен лауазымды жемқорлардың бірі болған екен, тұтылып қалмас үшін шет елге қашып кетті емес пе?) пошта арқылы да, интернет жолымен де «Ұсыныс-хат» жолдап: Петропавл, Павлодар қалаларының тарихи аттарын қайтаруды көппен бірге қолдайтынымды жазып, ескі аттарының мағыналарын айттым. Ақмоланың әу баста солай аталу себебін түсіндіріп, «қалпына кетіру қажет»,  дедім. Хатым құмға құйылған су болды.

Сау-сәлеметтіктеріңе тілектес жазушы Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371