Алтын бұрыштар мен жетім бұрыштар
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі
Алтай Көлгінов мырзаның назарына:
Бас шаһар – Астанамыздың артып тұрған ажары, көркем келбеті, қолайлы инфақұрлымы әуелі қала тұрғындары үшін ауадай қажет-ақ. Әрине, тұтас бір мемлекеттің ақылды қала мәдениетіне тікелей ықпал жасайтын бұл маңызды тетіктер, тіпті отандық туризмге мықтап ден қойған осы шақта ел іші және жат елден келетін сан түрлі сипаттағы қонақтар үшін де аса өзекті екені даусыз.
Бұрынғы Астана қаласының қазіргі әкімі Алтай мырза Сіз: "Елорданы ең алдымен жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін дамытып жатырмыз. Осы мақсатта абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер санын жыл өткен сайын еселеп арттырамыз. Бұл демалуға, серуендеуге және спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді", - дедіңіз бірнеше күн бұрын ғана. Өте кәделі құптарлық қам-қарекет. Алайда, өкінішке орай қаланың көркін кетіріп, аяққа оралып жатқан тұрпатсыз, тұрлаусыз қалтарыс тұстар аз емес. Айтайық, шамасы 20 жылдай қораш қоршалып ақылы автотұрақ ретінде пайдаланып келген Қ.Сатпаев көшесі "Еуразия сауда орталығы 1" жанында жаяу жүргіншілер жолы мен сол үлкен жолдың ортасындағы абаттандырылуға ертеде-ақ сұранып тұрған алаңқай орын бірер айдан бері жат елдің қаңсығы таңсық болып, балалар мен жастардың денсаулығына аса ауыр зиян келтіретін "Макдональдсқа" айланып шыға келді (1фото).
Мемлекеттің жерін су тегін пайдаланып 20 жылдан бергі қожасы "белгісіз" ақылы автотұрақтан тапқан, тыққан миллиондар халықтың бастан-көзден садақасы! Оны қаузайын да, сұрайын деп тұрған ешкім жоқ. Алайда айтпағымыз, араға неше жыл, қанша уақыт салып соның етегіндегі мына "жау шақырған" бос жатқан жерді енді балалар мен жастардың "нағашы" атасындай болып кеткен "KFC" сарышал шарушылық қора-қотан салып алмас па екен деген алаң көңіл (2 фото ).
Ал оның қарсы жағы Еуразия районына ертеден мәшқұр "Кемпірлер базары" аталып кеткен жетім бұрыш та дәл солай (3 фото). Бағзыдан бері біреу қоршап алған, бос жатты. Халықтың ұлтарақтай жеріне бір тал шыбық та шаншылмады. Арада алақандай ғана алаң ақылы көліктұрақ та болды. Енді Сіздердің қолға алған "Нұр-Сұлтан - Жайлы қала" мастер-жоспар аясында гүлзар емес, шағын спорт алаңқайы да емес, міне, аты жоқ құрлыс жүріп жатыр.
Ал, одан Б.Майлин көшесіне қарай әлгінде айтылған "бос жатқан" жерден жүріп өтіп келе жатсаңыз төбесі опырылып ортасына түскен жаздық ресторан соғыстан соңғы қиранды сияқты сұлық жатыр (4 фото). Көз болса көретін сұмдық көп екен қаламызда. Ары қарай адамдардың демалыс және спорттық орындары сынды қоғамдық кеңістіктердің дәл үстінен салынған "Центр плова-Восточная кухня" "келің, келің" деп қарсы алады (4 фото).
Оның жанында және де белгісіз құрылыс жасырын сияқты жүріп жатқанын қайтесіз (5 фото)?!.
Ал, анау фото (6), тура Б.Момышұлы мен Қ.Сатпаевтің қилысы. Бұл осылай қаңырап жатқалы 15 жылдан аспаса, кем болған жоқ. Біреуге қоршалған, ескірген ескеркіш сияқты мызғымайды, қыбырсыз. Тіршілік жоқ, үн жоқ. Иесіздей қорғансыздың күйін кешкен нағыз жетім бұрыш осы болса керек. Қысқасы, бұл алақандай бұрыштар жалпыхалық арлы-берлі көп жүретін үлкен жолдың бойында тұрғасын да қала тұрғындарына арнап шағын, жинақы демалыс орны етіп, желекжолдар жасалып, лайықты абаттандырып, су бұрқақ орнатып, орындықтар қойса құп жарар еді. Халық разы да болар еді. Мұндай көзге шыққан сүйел сияқты түл жетім бұрыштың біреуі сан жылдан бергі Күйші Дина көшесі 25 үйдің жанында, үлкен жолдың бойында тұр тұмшаланып. Бәрін айтта, бірін айтар болсақ, қала іші жол бойы жаяу жүргіншілерге барынша қолайлы болсын десеңіз, аталған жетім - алтын бұрыш ашық орындарға да кісіні өзіне еріксіз баурайтын спорттық дене шынықтыру құрылғыларын орнатып, шығын волейбол, баскетьол алаңдарын салса немесе барлық мәселелерді ескере отырып гүлзар орнатып, түрлі ағаштар отырғызып, шағын әдемі саябақтар салып тастаса Астана шынымен де есірткісіз қала болуға бір неше қадам жылжыр да еді. Ал, мына 7- фотоларға не дейсіз?
Өзіңіз ашалап айтқан жаяу жүргіншілерге өте қауыпты кедергі болған жарық бағаналары жолдың хақ ортасында тұр ғой...Мұндай бейбас бағаналардың тағы біреуі М.Жұмабаев пен К.Дина к-сінің қилысында жалғыз көзді әулиенің маңдайындағы өткір көзіндей көкке жарық шашып қаздиып тұр. Тым ерсі. Біз тек көзімізге түскендерін ғана тілге тиек еттік. Ал, елеусіз, ескерусіз, айтылмағандары қаншама!
Құрметті бас шаһардың бастығы Алтай Сейдірұлы,
Құдайым қаласа келесі кезекті қаланы аралау-тексеруде көптің көз алдында тозып кеткен немесе көзге шыққан шор сүйелдей тұрлаусыз тұрған "Алтын бұрыштар мен Жетім бұрыштарды" да бір аралап, зер салуыңызды өз қаласын жақсы көретін, әрі, Сізге жанашыр азамат ретінде ерекше өтінеміз.
Сіз басқарып отырған Елорда тұрғындарының ой-ұсыныстары да осыған саяды.
Думан Аманұлы,
"Мұрат жолы" мәдениет қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Abai.kz