UIB-де кәсіпкерлерге арналған оқу бағдарламасы ашылды
Алматыдағы Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде (UIB) «Бизнесті басқару магистрі (MBA)» мамандығының алғашқы қазақ тіліндегі оқу бағдарламасы ашылды. Бағдарлама қазақ тілді кәсіпкерлер мен кәсіп бастағысы келетін азаматтардың кәсіби шеберлігін ғылыммен ұштастырып, білімін тереңдетуге үлкен мүмкіндік береді. Университет MBA білім беру бағдарламасын Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығымен бірлесе іске асырмақ. Осы мақсатта екі тарап ынтымақтастық туралы меморондумға қол қойды.
Халықаралық бизнес университетінің ректоры Анар Махметованың айтуынша, білім бағдарламасын ашу туралы ұсынысты Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығы білдірген.
«Біздің университетте бұл бағдарлама 20 жылдан астам уақыт бойы оқытылып келеді. Бірақ ағылшын және орыс тілдерінде жүргізілді. Әрине, басқа өңірлерде, Атырау, Ақтау, Өскемен, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларындағы арнайы орталықтарда қазақ тілінде де оқытылды. Бүгінгі күні Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығынан университетімізде қазақ тіліндегі MBA оқу бағдарламасын ашу туралы ұсыныс келіп түсті. Біз қуана қабылдадық. Екі жақ талқыға салып, ортақ шешімге келдік. Қазір магистр дәрежесін алғысы келетін алғашқы үміткерлер тобы да жиналды. Олар талап бойынша сынақтардан өтті», - деді университет басшысы.
Жаңа оқу бағдарламасының алғашқы тобына қабылданған 15 магистранттың бәрі елімізде ірі кәсіптермен айналысып жүрген азаматтар екен. Соның бірі Yokohama және Triangle шиналарының дистрибьюторы - Daco motors KZ компаниясының иесі Сырымбек Тау «Қазақтың ұл-қызын өз ана тілінде оқытуды мақсат еттік», -дейді. Қазіргі күні Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығы бағдарламаға қажетті оқулықтарды шығаруға демеушілік жасап жатыр.
«Ағылшын тіліндегі кітаптарды орысшаға, орысшадан қазақшаға аударған кезде кітаптың 20-30 пайызы өзгеріп кетеді. Көптеген қателіктерге жол беріледі. Қазіргі күні оқулықтарды ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударып шығару үшін Damu Business Group басқа кәсіпкерлермен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Мұндай бір кітаптың құны 15-17 миллион теңге болады. Бүгінде 10 оқу құралына демеушілік жасап жатырмыз. Негізінен MBA деңгейіне сай деп ғалымдар ұсынған оқулықтарды аудартуға күш саламыз. Кәсіби аудармашылардың қызметіне жүгінеміз. Көріп жүргендеріңіздей, бизнесті басқару жайында тренингтер, курстар көп-ақ, дей тұрғанмен олар әр жерден құрастырылып алынған білім түрі. Ал, магистратура дегеніміз 120 жылдық тарихы бар, бір жүйеге келтірілген құрал. Осы құралды өңдеп, заманауи бағытқа келтіріп, өзімізге бейімдеп, кәсіпкерлердің академиялық білімін жетілдіруді қолға алғымыз келеді. Ниетіміз - қазақтың ұл-қызының ана тілінде білім алуына мүмкіндік жасау. Ғылымның ерте-кеші жоқ, сондықтан өзім де осы университетте екі жыл бойы магистратура оқуға бекіндім. Бітірген соң бірігіп кәсіп жасаймыз. Бір-біріміздің тұтынушымыз болып, бір-бірімізге ақыл қосамыз»,- деді кәсіпкер.
AVTOMODA ЖШС компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Құмар Жұмахан «Бизнестің тілі – орыс тілі деген таптаурыннан арылатын кез келді»,- деп ойын білдірді. «Қоғамда бизнестің тілі – орыс тілі деген түсінік бар. Мен бұл оймен келіспеймін. Себебі, тұтынушылардың басым көпшілігі қазақ тілді адамдар. Бұл үрдіс жыл сайын дамып келеді. Бизнестегі қазақ тілінің аясы кеңейді. Алдағы уақытта тек қана қазақша болады деген ойдамын. Қазақстанда соңғы жылдары ақпараттық бизнес өркендеді. Шетелдегі ақпараттық бизнес өкілдері нарыққа кірді. Бұл қазақ тіліндегі ақпараттың сұранысы артқанының айғағы. Осында оқуға тапсырып отырған 15 адамның 30 пайызы бизнесін таза қазақ тілінде жүргізеді. Басшылығы қазақша екенін білемін. Қазақ тілінде кәсібін жүргізіп, нарықтан ойып тұрып орын алып жатқан кәсіпкерлерді көріп, алдағы уақытта қазақ тілінің басымдыққа ие бола беретінін байқаймыз», - деді Құмар Жұмахан.
Жаңа MBA-ге оқуға тапсырушылар ең алдымен 4 жылдық бакалавриатты бітірген болуы керек. ҚР Ғылым және білім министрлігі бекіткен стандартты магистратура білім беру бағдарламасынан MBA-дің бір ерекшелігі – мұндағы оқуға қабылдану талаптарын әр университет өзі белгілейді. UIB-де «Бизнесті басқару магистрі» бағдарламасына түсу үшін талапкерлер екі рет сынақ тапсырады және талапкердің еңбек нарығында 2-3 жыл еңбек өтілі болуы тиіс. Бүгінде Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығы тарапынан оқу ақысына 20-30 пайыздық жеңілдік қарастырылып жатыр.
Экономист, Халықаралық бизнес университетінің аға оқытушысы Мақсат Халық «Университет MBA білім беру бағдарламасы үшін 80-90 пайыз оқытушылар құрамын жасақтап қойғанын» айтты. Алайда, «Қазақ тілді білікті ұстаздар жеткіліксіз, сондықтан әлі де іздеп жатқанымызды хабарлаймыз»,-деді. Ол сонымен қатар, MBA –де оқытылатын пәндер туралы айтып өтті.
«Негізгі пәндердің ішінде «Тәуекелдерді басқару» пәні бар. Бұл пән сізді бизнеске әсер ететін факторларды алдын-ала болжай білуге баулиды. Кәсіпкердің міндеті - дағдарысқа қарсы жоспар құрып, бизнесті келесі деңгейге алып шығу. «Бизнесті зерттеу» пәні болса, студенттің ғылыми жұмысын жазып шығуына орасан зор пайдасын тигізеді. Зерттеу жұмысын жазғанда студент белгілі бір бизнес шешім шығаруы керек болады. Ол үшін зерттеудің әдіс-тәсілін білу керек. Бизнес шешім сіздің кәсібіңіздегі түйінді мәселенің шешімін тауып береді. Осындайда академиялық білім көмекке келеді. Бізде «Бизнесті зерттеу» пәнін Ұлыбританиядан білім алып келген мықты мамандарымыз оқытады. Стратегия құрмаған кәсіп-миссиясы жоқ кәсіп. Ол ұзаққа бармайды. Ал, бұл туралы «Стратегиялық менеджмент» пәні оқытады. Сонымен қатар, таңдау пәндері, жеке қабілетті дамытуға арналған пәндер бар. Магистрант оқытушыны өзі таңдайды.
MBA қазақ тілінде білім беру бағдарламасының өзектілігі – оның аударма бағдарлама болмауында, яғни орыс тілінен аударып бере салмаймыз. Ол кезде бағдарламаның сапасы болмайды. Міндетті түрде әлемнің озық тәжірибелері мен қазақстандық кәсіпкерлердің кейстерін үлгі етіп аламыз. Бұл - кем-кетігі толықтырылған жаңа бағдарлама болмақ. Қазір жиналған магистранттар тобы еліміздегі белгілі ірі кәсіпкерлер. Олардың кейстері болашақ студенттер үшін таптырмас құрал болады»,- деді экономист Мақсат Халық.
Abai.kz