Ямагата таулары
Кирэй!
Оу тауынан асқан көш Саката даласына жеттi. Дэва мен Асахи тауларының ар жағындағы ағайындар да бөтендiк танытпады. Арқадан ат арылтып келген соң құшақ жайып қарсы алды. Бұл жердiң тау-тасы, құзы мен шыңы бәрi - кирэй! Яғни таза, сұлу, мiнсiз деген сөз. Жайлауда Шығыс шежiресiн шертiскен қариялар кирэйге қатысты коукурэйдiң кешегiсiне де көз жүгiрттi. Күншығыс елiнiң тiлiнде сұлу, мiнсiз болмысты кирэй десе, қос таңбаның бiрi - рэй жеке тұрғанда уруваший деп айтылып, ғажап сұлу мағынасын бейнелейдi. Ғажап сұлу һәм күрделi таңба Шығыстағы бiр халық Кореяның көне атауына арқау болған деседi ақсақалдар. Ежелгi жапон шежiрелiк кiтаптарында үш таңбалы коукурэй этнонимi корей ұлтының атауын анықтайды. Кейбiр еңбектерде коукури деп те көрсетiлген. Рэй таңбалы ұлт Когурйо, Силла, Пэкчэ өркениеттерiнiң басында тұр. Коукурэй атауын жапонның көне тарихи кiтаптарынан ғана кездестiремiз. Бүгiнде Кореяны Чоусэн деп атайды. Солтүстiк Корея халқы да өздерiн Коукурэй деуден қалып, ресми түрде Чоңсоң дейдi. Ал Оу тауынан асқан көштi қарсы алған аймақ айрықша кирэй! Аңыздары айрықша, ертегілері ерекше.
Хан дәстүрiн сақтаған ел
Кирэй!
Оу тауынан асқан көш Саката даласына жеттi. Дэва мен Асахи тауларының ар жағындағы ағайындар да бөтендiк танытпады. Арқадан ат арылтып келген соң құшақ жайып қарсы алды. Бұл жердiң тау-тасы, құзы мен шыңы бәрi - кирэй! Яғни таза, сұлу, мiнсiз деген сөз. Жайлауда Шығыс шежiресiн шертiскен қариялар кирэйге қатысты коукурэйдiң кешегiсiне де көз жүгiрттi. Күншығыс елiнiң тiлiнде сұлу, мiнсiз болмысты кирэй десе, қос таңбаның бiрi - рэй жеке тұрғанда уруваший деп айтылып, ғажап сұлу мағынасын бейнелейдi. Ғажап сұлу һәм күрделi таңба Шығыстағы бiр халық Кореяның көне атауына арқау болған деседi ақсақалдар. Ежелгi жапон шежiрелiк кiтаптарында үш таңбалы коукурэй этнонимi корей ұлтының атауын анықтайды. Кейбiр еңбектерде коукури деп те көрсетiлген. Рэй таңбалы ұлт Когурйо, Силла, Пэкчэ өркениеттерiнiң басында тұр. Коукурэй атауын жапонның көне тарихи кiтаптарынан ғана кездестiремiз. Бүгiнде Кореяны Чоусэн деп атайды. Солтүстiк Корея халқы да өздерiн Коукурэй деуден қалып, ресми түрде Чоңсоң дейдi. Ал Оу тауынан асқан көштi қарсы алған аймақ айрықша кирэй! Аңыздары айрықша, ертегілері ерекше.
Хан дәстүрiн сақтаған ел
«Ұлы қаһан! Сендер ол туралы не бiлесiңдер? Жазу, сызуларың жоқ. Болған. Құртып жiбердiңдер. Оны бабамнан көресiңдер. Жоқ, бұл кiсi таңғажайып жұмбақ адам. Сондықтан да ол туралы 700 жыл өтiрiк айтылды, ендi жетi жүз жыл өтiрiк айтылады. Нағыз шындықты мен айтамын, сен тыңда...».
Оралхан Бөкей. «Мұзтау».
Жапонияда Токугава Үкiметiнiң билiгi аяқталғанша, яғни 1868 жылға дейiн Бакухан деп аталатын саяси жүйе үстемдiк еткен. Бакуханның әкiмшiлiк бiрлiгi хан деп аталған. Бүгiнгi префектуралар Токугава билiгi кезiнде бакуханға бағынып, әр аймақ жеке хан ретiнде басқарылған. Ханды (хандықты) даймйохан билеген. Хан кезiндегi салт-дәстүр, тiл және географиялық ерекшелiктер бүгiнге дейiн сақталып отыр. Даймйохан лауазымына көрнектi самурай тағайындалған. Бушидо (самурай жолы) философиялық-әскери институты ханмен бiрге ежелгi дәуiрде шыққан. Осыдан мың жыл бұрынғы Камакура дәуiрiндегi көне еңбектерiнде буши мен даймйо туралы мәлiметтер бар. Кейiн Минамотоно Йоритомо шйогун даймйо ханның арасынан шюго деп аталатын әскери губернаторлар мен дзито деген жер басқармасының басшысын тағайындаған. Муромачи дәуiрiнде Хосокава, Уэсуги, Такэда, Ямана, Шимодзу, Асаи, Мори, Хонда сияқты хан иелер елдiң қорғаныс күшiн нығайтқан. 1868 жылы Токугава шйогунаты тарағанға дейiн 270 даймйохан болған. Токугава Йошимунэнiң (1706-1745) кезiнде әр даймйоханда 130 самурайдан бөлек 300-ге жуық қызметшi болған. Ал император сарайының күзетшiсiн ханпэй деп атаған. 1861 жылы даймйохан самурайлары басып кiрген Ұлыбритания әскерiн талқандаған.
1333 жылға дейiн үстемдiк еткен Камакура шйогунының басында тұрған Минамотоно Йоритомо ел тарихындағы ұлы қолбасшылардың бiрi. Минамотоно Йоритомо - шйогунат басқару жүйесiн құрған алғашқы әскербасы. Мың жыл бұрынғы қолбасшының бiрi Минамотоно Йошицунэнiң өмiрбаяны «Хэйкэ моногатари» эпосында баяндалған. Әскери ерлiк жырлары гунки де Минамотоның кезiнде туған. Сондай ерлiк дастанның бiрi «Гикэйки» Йошицунэнiң ерлiктерiн жырлайды.
Хан дәуiрiндегi дәстүр-салтты сақтап отырған Ямагата префектурасының Яманобэ (тау жиегi) қаласы да кирэй! Бұл шаһар әлемдегi ғаламат кiлемдерiмен және тоқыма өндiрiсiмен белгiлi. Муромачи дәуiрiнiң тұңғыш шйогуны Ашикага Такаиджи алпыс алты хандыққа Анкокуджи ғибадат сарайын салдырған болатын. Соның бiрi Яманобэ шаһарында тұр.
Бiр бөлiгiн Ямагата префектурасы алып жатқан Тоухоку аймағы тарихтағы ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген өлке. Жапон архитектурасы мен зергерлік өнері, ұсталық кәсіптің арғы атасы туралы аңыз мифологиялық сюжеттермен өрілген. Бұндай аңыздар реалистік суреттеулермен қатар, мифологиялық мотивтердің бірігуінен туған.
Жыл сайын қазанның алғашқы жексенбiсiнде Тамамушинуманың жағасында ел Джиңгисканмацури мерекесiн тойлауға жиналады. Бұл сонау ерте заманда Оу тауынан асып келген ата-бабасынан берi тойланып келе жатқан айрықша ғұрыптық дәстүр. Жұрт Тамамушинуманың жағасында қой сойып, етiн қақтап, көкөнiс араластырып, Джиңгискан тамағын жасайды. Бұл тағамнан көпшiлiк түгел ауыз тиедi. Жапонияның солтүстiгiндегi Хоккайдода осыған ұқсас Шиңгискан деген тағам бар. Көне Коукурэй (Корея) мен Манъчжурия тұрғындарына да бұл тағам белгiлi.
Префектураның орталығы Ямагата қаласындағы Мамигасакагава өзенi бойында да қазан асылады. Халық ежелгi хан дәстүрiне сай үлкен қазанға 30,000 адам ауыз тиетiндей етiп тамақ асады. Тамыздың аяғында өтетiн Нихондайимоникай деп аталатын бұл мерекеге салмағы 3,2 тонна, тереңдiгi 1,6 метр, диаметрi 6 метр болатын қазан пайдаланылады. Мерекенiң атауы батат (картоптың түрi) асу деген мағына бередi. Қазанға бiр тонна ет, 3,500 кесек конняку (көкөнiстен жасалатын желе), 700 литр соя соусы, 63 литр сакэ, 200 килограмм құмшекер салынып қайнатылады.
Хан дәуiрiнен жеткен ұлттық тағамның бiрi кеспе болса, Ямагата кеспесi мансэйан деп аталады. Шыңғысханның тауы хақында айтылатын аңыз да, шертiлетiн шежiре де аз емес.
Сарайда ақын да бар, батыр да бар
«Өр Алтай қазiр иен. Жоғарыда дең ғана бар».
Асқар Алтай. «Алтай балладасы».
Алғашқы жапон шйогуны Минамотоно Йоритомоның ұлы Минамотоно Санэтомо 12 жасында шйогун болған.
Бiр күнде он екi абақ төмен жүрген,
Малына берекелi Қызыр кiрген.
Бұл керей он екi ауыл ауып келген
«Торғайты, тоқсан өзен», -
деген жерден деп, Абақ Керей шежiресiн шерткен заман бұл. Минамотоно Йоритомо сол 12 жасында - ақ ақындығымен танылған. Киото ақындары оның кирэй өлеңдерiн жоғары бағалаған. Шйогунның шығармашылық жолда өсуiне көне дәуiрлiк «Шинкокинвакасю» поэзия кiтабы әсер еткен. Ал «Манъйосю» антологиясын оған ақын, ғалым, поэзия теориясы мен эстетикасы туралы сыни еңбектер жазған сыншы әрi драматург Фудзиварано Тэйка (Саданэ) сыйға тартқан деседi. Минамотоно Йоритомоның жеке жыр жинағы «Кинкайвакасю» деп аталады. Минамотоно Йоритомо да, Фудзиварано Саданэ де сарайдағы беделдi тұлғалар болған. Императорлар мен шйогун сарайы таудың басында болсын, етегiнде болсын, дэң деп аталған. Дэң таңбасының бұдан бөлек тоно, тэн, доно, шингари деген оқылу варианттары бар. Қазақ тiлiнде бекет мағынасында ғана қалған дэң Алтай тарихы үшiн айрықша таңба болып табылады. Жапон тiлiнiң басқа Шығыс тiлдерiнен басты айырмашылығы - әр таңба саналуан дыбысталу вариантына ие. Сондай-ақ, дыбысталуы бiрдей болғанмен, жазылуы әр басқа иероглифтер бар. Мәселен, най 16 таңбамен берiлсе, ман 22 таңбамен бейнеленедi. Кемелiне келу, толық деген мағынадағы ман мен он мың, өте көп, мол деген мәндi бейнелейтiн ман бiр бөлек.
Жетi арал, жерiм-ай!
Хонсюдiң солтүстiк-шығысындағы таулы өлке Ямагата (тау, пiшiн, болмыс) деп аталса, батысындағы префектура атауы да тауға қатысты. Шиманэ, Хирошима префектураларымен шектесiп жатқан Ямагучи префектурасы тау аузы деген мағынадағы қос таңбамен жазылады. Бұнда жаңа қалалардан гөрi көне ауылдар көрiнiсi басым. Ямагучи - хан дәуiрiндегi ұлы қолбасшылардың Отаны. Оучи әулетi билеп тұрған заманда, тоғыз жүз жыл бұрын Ямагучи Батыс Жапонияның орталық өлкесi болған. Ямагучи бекiнiс сарайына кiлең игi жақсылар жиналып, кеңес құрған. Мори әулетi билiкке келген кезде Батыс Хонсюдiң әскерiн басқарған қолбасшылар Ямагучиге орда тiктi. Токугава Йэясу заманында Ямагучи Чйошю өлкесi ретiнде танылды. Хан дәуiрiнде Ямагучи аймағы Ито Хиробуми, Иноуэ Кафу, Кида Такайоши сияқты атақты самурайлардың туған жерi. Күншығыстың тарихи шаһарлары Ямагучи мен Хаги де осы аймақта орналасқан. «Жетiарал, жерiм-ай!» деп, туған өлкенiң сұлулығын жырлаған ақындардың мекенi бұл. Тұп-тура жетi аралға салынған көне Хаги қаласында сақталған осы аймақтың аңыздары айрықша кирэй!
Ямагучидiң Акийошидай ұлттық бағының аумағындағы үңгiрлер де бiр-бiр жұмбақты жасырып тұрғандай. Ямагучидiң Юда, Юмото аймақтары ыстық қайнарларымен танымал. Ямагучи шаһары, Убэ, Токуяма, Ивакуни, Хофу қалаларының да тарихы көне дәуiрден бастау алады.
Асқар таудың ақыны
Джикаку Тайши салдырған Ямадэра ғибадат сарайы Ямагатадағы көне ғимараттардың бiрi. Жапон жыры - хайкудың атасы, Шығыс поэзиясындағы көрнектi тарихи тұлға Мацуо Башйо Ямагатаны ұзақ аралаған. Ямадэраға арнап:
Шидзукасая
Иванишимииру
Сэминокоэ -
деген жыр жолдарын жазған. Хайкуде Ямадэра маңындағы тыныштық пен жартас қуысынан естiлетiн сэми жәндiгiнiң дыбысы суреттелген. Мәңгiлiк алауы лапылдаған Ямадэрада Башйо ақынның мұражайы бар. Тау табиғатын өлеңмен өрнектеген ақын Тоухоку аймағын жетi күн аралағанда Ямагатаның Йоусэнджи деген жерiне де түнеген.
Судзушисао
Вагаядонишитэ
Нэмарунари
Өмiр бойы дүние қумай, Күншығыстың әр аймағын аралап шыққан, Дзэн жолымен жүрiп өтiп, хайку поэзиясын қалыптастырған Мацуо Башйо тау самалымен тыныстап, суық тауды паналаған. Ақынның ескерткiшi Натагиритоугэ асуында да тұр.
Мацуо Башйо Ямагатаға кiрерде Мияги префектурасына жақын маңдағы Хоуджинноиэ деген жерге тоқтаған. Аңыздарда айтылатын Дэваның үш тауы, Дэва жұрты, Дэва хандығы деген атаулар осы өлкемен байланысты. Рулардың тарихына қатысты аңыздармен қоса, тарихи жазбалар құрамында сақталған там-тұм мәліметтердің де ұлы елдің өткенін анықтауда маңызы зор.
Бұнда кезiнде ел басқарған Ариджи әулетiнiң резиденциясы болған. Бүгiнде Хоуджинноиэ деп аталатын бұл сарайдың атқорасын да Башйо жырға қосқан. Бұндағы мұражайда Башйо заманынан жеткен жәдiгерлер, ат әбзелдерi сақталған.
Номиширами Бит-сiрке
Уманошитосуру Ат шаптырып тұр
Макурмото Жастығымның түбiнде -
деген әйгiлi хайкудi ақын атқоралы Хоуджиноиэге түнегенде жазған деседi.
Ямадэра ғибадатханасында ескерткiшi тұрған ұлы ақын Дэваның үш тауына да түнеп, әулиелi орындарға тәу еткен. Тоухоку аймағындағы Дэва тауларында ыстық қайнар бар. Аңыздарда осы қайнарға тылсым күш иелiк ететiндiгi туралы айтылады. Ямагатадағы Асахимура ауылында Юдоносан деген тау бар.
Катарарэну
Юдононинурасу
Тамотокана -
деген хайку Юдоносан тауын көз алдыға әкеледi. Таудан аққан Бонджигава бойында да Башйо ақынның iзi қалған. Дэва тауларының баурайында Хиратамачи шаһары бой түзесе, он екi ауылға аңыз боп тараған он екi сарқырама Джюнитаки да осында. Хиратамачиде келiншектер басына ханкотанна деген орамалды байлайды. Тау халқының жеке салтының бар екенiн осындай ерекшелiктерден көруге болады.
Жапон поэзиясындағы вака жанрында көптеген өлеңдер жазған, Ямагата аймағына айрықша сүйiспеншiлiкпен қараған, тауларына табынып өткен атақты ақын Сайтоу Мокичи - Каминоямаши шаһарында дүниеге келген. Туған жер табиғатын, тау шыңындай асқақ та биiк рухта жырлаған қалам иесi Ямагатадан шыққан ардақты ұлдардың бiрi. Өрiстi өлең иесiне арналған мұражай Дзао тауының бөктерiнде бой көтердi. Тау ұлының мәңгi мекенi де тау болмақ. Жапон танымында Пiр атаулы тауды мекендейдi, өйткенi, ең таза мекен ол. Кейбiр әулиелi тауларға адам аяғын басуға кешеге дейiн рұқсат етiлмедi. Мәселен, Мисэн тауы, Коясан тауы, Оминэ тауы, т.б. қасиеттi Оминэ тауына бүгiнде әйелдердiң баруына болмайды. Тау - Ұлылықтың символы, ең биiк өлшемдер тауға ғана тән. Асқар, шың, асқақ ұғымдары тауға қатысты болса керек. Өзендер де таудан бастау алады. Тiптi биiктен құлай аққан сарқырамалар да тауға ғана сән болған. Жапониядағы 2488 сарқыраманың ең көбi Ямагата тауларында. Бұнда 230 сарқырама бар. Ең биiгi Тодзава ауылындағы 12 метрлiк Широитонотаки (Ақ жiп сарқырамасы) болса, Акатаки (Қызыл сарқырама) 90 метр, Йонэдзава шаһарындағы «Қара сарқырама» - Куротакидiң биiктiгi - 80 метр. Сарқырама саны жөнiнен Ямагатадан кейiн Ниигата префектурасында 204 сарқырама, Вакаямада 99 сарқырама бар.
Күншығыс жерiндегi ауасы өте тұнық мекеннiң бiрi - Ямагатадағы Асахи шаһары. Бұнда дүниежүзiндегi жалғыз «Әуе ғибадатханасы» Куукиджинджя қалықтап тұр. Жапонияның жемiс-жидек патшалығы да Ямагата. Тацу шатқалында акэбия, сарунаши тәрiздi жемiстермен қоса, тау жүзiмi, алмұрт өседi. Ал шие - Ямагатаның символы. Жыл сайын жиналатын 11,500 тонна шие тау халқының байлығы, ырысы мен берекесi. Бал татыған алмұрттардың басым бөлiгi де Ямагатада өседi. Алмұрттың 38 пайызы Ямагатада, 19,5 пайызы Аомориде, 11,6 пайызы Акита префектурасында өседi.
Жапон дәстүрлi аяқ киiмi дзоури (қамыс, сабан, бамбук қабығынан жасалатын сандали) мен гэта (ағаштан жасалатын аяқ киiм) де ертеде Ямагатада шыққан.
Жапон шахматы шйоуги патшалар мен самурайлар ойыны болса, Ямагатадағы Тэндоуши шаһары осы ойынның Отаны болып табылады. Шйоуги тасының 90 пайыз өндiрiсi Ямагатаға тиесiлi. Тэндоуши шаһарында шйоуги мұражайы орналасқан. Тарихы ұлы қолбасшы Тойотоми Хидэйоши мен оның ұлы Тойотоми Хидэцугуден басталатын «Нингэншйоуги» (Адам шахмат) мерекесi Майдзурукоуэн бағында өтедi. Бұл мерекенiң мәнi ала тақтаға орналасқан самурайлар шйоуги шахмат тасы рөлiне енiп ойнауында. Ямагатадағы Хигашинэ шаһарының бастауыш мектебi алдында тамыр жайғанына 1000 жылдан астам уақыт өткен ең үлкен кэяки (дзельква) ағашы өсiп тұр. Кэякидiң ұзындығы - 28 метр, диаметрi - 24 метр. Ағаштың iшi қуыс. Ертеде жолаушылап жүрген самурайлар осы ағашқа түнеген деген аңыздар да сақталған. Қасиеттi кэяки 1957 жылы ерекше маңызы бар табиғи ескерткiштер тiзiмiне алынды. Осы алып ағашқа әйелдер де медет тiлеп келедi екен.
Ооишида тарих және фольклор мұражайында дарынды тау ұлдарының хайкулерi мен вака қолжазбалары, аймаққа қатысты жәдiгерлер жиналған. Бұл жай ғана мұражай емес, әдебиет және өнер үйi ретiнде белгiлi.
Ұлы таудың айтулы тұлғаларының бiрi Мокичи ақын болса, Ниджигаокакоуэн (Кемпiрқосақ төбесiнiң бағы) деген бақта ескерткiш тұр. Ескерткiшке Мокичидiң «Ниджиноданпэн» (Кемпiрқосақ үзiгi) деп аталатын поэмасы қашалған. Ооишида қаласындағы бұл төбенiң түбiнен Могами өзенi ағып жатыр. Асқақ Хаяма мен тәкаппар Гассан таулары қашанда биiк қалпында. Гассан талай ақынның поэзия бесiгi, суреткердiң музасы болған әйгiлi тау.
Ямагатаның Обанадзава шаһары хайкудың қаласы, Мацуо Башйо ақынның көркем өрнектi өлеңдерi өмiрге келген бiр шаһар. Осы шағын қалада Ямагата аймағының ең ұлы мерекесi Ханагаса одори деген фольклор фестивалi өткiзiледi.
Ямагата префектурасының Окитама аймағындағы Йонэдзава қаласы тарихтағы орасан ерлiк iстердiң куәсi болған жер. Көрнектi самурайлар мен даңқты шйогундердiң туған өлкесi бұл. Датэ, Уэсуги әулеттерiнiң әу баста ордалы мекенi болған өлке осы Уэсуги Кэншин рухына бағышталған ғұрыптар. Көктем сайын өтетiн Йонэдзава Минйоунагаши фольклор мерекесi шаһардың өткенiн көз алдыға әкеледi. Ерте заманда мамырдың 2 жұлдызындағы орасан шайқас Бутэйшики көрiнiсi арқылы бейнеленсе, 3 мамырда Могамигава өзенi бойындағы тарихта Каванакаджимагассэн деген атпен қалған соғыс та ержүрек ерлердi ел есiнде қалдырды.
Он мың жыл бұрын салынған Такахата шаһарында да алып тұлғалар дүниеге келген. Көптеген тарихи жерлерiмен танымал бұл шаһарда Хамада Хиросукэ деген балалар жазушысы туған. Аңызға арқау болған Хинатадоукуцу үңгiрiнде 10000 жылдық тарих жасырулы. Жапонның Ганс Христиан Андэрсэнi деген атқа ие болған әйгiлi жазушы балаларға арнап мыңнан астам шығарма жазған.
Даналық рухы дарыған өлке
Жапон фольклорында Даналықтың үш Пiрi Күншығыстың үш шаһарына арналыпты. Бiрi - ежелгi астана, императорлар қаласы Киотоға, екiншiсi - қасиеттi елiктер мекенi ұлы Будда шаһары, Шйотокутайшидiң мұрасы қалған көне астана - Нара қаласы. Даналықтың үшiншi Пiрi - Камэокамонджю - Камэока Бодхисатва Ямагатадағы Тайсэйджи ғибадатханасына тұрақтапты.
Каваниши шаһарында «Арыстан биi» де көнеден келе жатқан мереке. Осы қалада атақты жазушы Йноуэ Хисаши туған. Чихицудоубунко әдебиет үйi жазушыға арналған. Чихицудоу - жазушының лақап есiмi.
Нагаи қаласының оңтүстiк-батысында Окитаманың батыс жағалауында Ийде шаһары орналасқан. Оңтүстiгiн Ийдэ таулары қоршап тұрған, бастау-бұлақтарға бай шаһар бұл. Өзен суы Ширакаваға құяды, Нагайдағы Могамигаваға қарай ағуда. Ийдэсан (Огуни қаласында) Юдза қаласындағы Чйоукайсаннан кейiнгi биiк тау. Бiрнеше шақырымға созылып жатқан Акашибэ - Ямагатадағы тарихи шатқалдардың бiрi.
Ямагата құрамына кiретiн Тоухоку аймағында аң мен аңшы туралы аңыздар өте көп. Баяғыда таулы ауылда бiр салақ әйел болыпты. Баласының құйрығын сүртуге де ерiнедi екен. Есiк алдындағы күшiкке «Мә, құйрығын жала. Бойжеткенде саған беремiн» дейдi екен. Сөйтiп, ит баланың құйрығын жалап жүредi. Бала өсiп, сұлу қыз болады. Тектi әулетке ұзатылады. Кiшкентай кезiнде құйрығын жалаған күшiк дәу ит болады. Ұзатылған қыздың етегiн тiстелеп, артынан қалмапты дейдi.
Үйлену тойы болатын күнi қалыңдық пен ит ғайып болады. Таудың терең қойнауында қыз бен ит қосылыпты. Ит таудағы елдiң бау-бақшасына барып, пiскен өнiмдердi тiстеп әкелiп әйелiн асырапты. Кейде құс пен ұсақ аңдарды да аулайды екен. Бiрде аңшы таудан қызды көрiп қалады. Сұлулығына ғашық боп, әйел ғып алғысы келедi. Бiрақ тайыншадай ит қыздың қасынан бiр елi қалмайды екен. Аңшы аңдып жүрiп, ит таудағы бақшаға бара жатқанда мылтықпен атып тастайды. Қыз күйеуi кешiккен сайын мазасы кетедi. Анадайдан аңшы өтiп барады. Лашық алдында қыз өксіп отыр. Еңiреп жылаған қызды аңшы жұбатып, ақырында әйел қылып алады.
Жапалақтап қар жауған түн едi. Екеуi төсекте жатқанда аңшы айтады:
«Әлгi саған ерiп жүрген ит ше, соны мен өлтiргем. Хайуанға қатын боп жүргенiңе намыстандым. Дұрыс түсiн».
Осы сәтте әйел аңшының тамағынан қауып алды. Аңшы қансырап мерт болды.
Ямагата дәстүрлi мерекелерге бай өлке. «Аю арбау» деп аталатын ғұрыптық шара айн ұлты мекендейтiн Хоккайдода және Хонсюдегi Ямагатада атқарылады. Бұл ғұрыптың Айн мен Ямагата жұртына ортақ болуының тарихи себебi бар. Ежелгi дәуiрде Ямагата тауларын Эдзо елi қоныстанған. Негiзiнен Хоккайдоны мекендеген ел Эдзо деп аталғанымен мәдени, тарихи тұрғыдан басқа аймақтармен де байланысты. Ийдэсан тауының етегiнде сан ғасырдан берi аталып өтетiн «Кумамацури» (Аю арбау мерекесi) кезiнде аңшылар Аю Пiрiнен аң аулауға рұқсат сұрайды. Ямагата орманды аймақ болғандықтан, саналуан аңдар мен құстар мекендейдi. Дәрiлiк шөп пен гүлдi өсiмдiктерге бай өлке. Префектураның 137,000 гектары орманды алқап болып табылады. Жапон ормандарының басым бөлiгi Ямагата аймағында. Нагаи шаһарында 1200 жылдық Кубодзакура ағашы өсiп тұр. Сакураның диаметрi - 12 метр, биiктiгi - 16 метр. Бұл ағаш ерекше күтiмге алынған.
Ямагата префектурасында 30 мың жыл бұрынғы Дзйомон дәуiрiне жататын мұралар сақталған. Дзйомон мура, Дзйомонномори (Дзйомон ауылы, Дзйомон орманы) Асахидiң баурайында созылып жатыр. Ежелгi Дзйомон, Яйой дәуiрлерiне жататын, археологиялық қазу жұмыстары негiзiнде шыққан жәдiгерлер осы баққа жинақталған.
Ұлы Куманоның үш ғибадатханасының бiрi - Наганода, ендi бiрi - Вакаямада болса, үшiншiсi - Ямагатаның Нанйоуши шаһарында. Бұл ғибадатхана тарихи мұражай қызметiн атқарады. «Ақ» сөзiмен байланысты құтты мекендер де аз емес. Мысалы, Хакурюко (Ақ айдаһар көлi) туралы аңызда су түбiнде ақ түстi айдаһар бар делiнедi. Нагаи қаласының солтүстiгiнде, Могами өзенi жағасында Ширатакачоу (Ақ сұңқар) жоталары көрiнетiн «Ақсұңқар» шаһарында ақмаржан күрiштiң шаруашылығы дамыған. Ширатака сан ғасырлық тарихы бар тоқыма өндiрiсiмен де белгiлi аймақ.
Ямагатаның Окитама аймағында Уэсуги әулетi тұрған ерте заманда, тау қойнауында қағаз жасалған. Миямаваши деп аталатын бұл өнiм жапонның жоғары сапалы қағазының бiр ерекше түрi екенi сөзсiз. Кездеме тоқу, қағаз жасау кәсiбi Күншығыста көне заманда қолға алынған. Префектурадағы ең көне ғимарат та осы жерде. Хэйан дәуiрiнде бой көтерген ғимарат Миямаканнондоу деген атпен танымал. Ямагатаның Могами аймағындағы Шинджоуши шаһары Тодзава әулетiнiң сарайы тұрған мекен. Шинджоу мацури мерекесi префектурадағы ең iрi мерекелiк шараның бiрi. Могамимачи шаһары Мацуо Башйо Ямагатаға келгенде алғаш қонған жер болса, Шинджоуши туралы да ақындар айшықты өлеңдер жазған. Ол мұралар мұражайларда сақтаулы.
Ямагатаның ең iрi шаһарларының бiрi - Саката Шйоунай аймағындағы ең iрi қала болып табылады. Сакаи әулетi билiкке келген кезден бастап, Эдо дәуiрiне дейiн (ХҮII-ХIХ) сауда орталығы ретiнде өркен жайған. Тарихи оқиғалардың куәсi, жағасында талай майталманның iзi қалған Могамигава өзенi Сакатаның символы, аққулар мекенi. Могамигаваға жыл сайын Сiбiрден 2000-нан астам ару құстар қонақтайды. Дэва, Асахи арасынан өтетiн Могамигава өзенi Сакатаға жетедi де, Жапон теңiзiне құяды.
Могамигава - Сакатаның сәнi, аққулардың бағы, киелi құстардың әлемдегi санаулы мекенiнiң бiрi. Саката шаһары маңызды теңiз айлағы ретiнде Киото, Осака, Эдо қалаларымен ерте кезден тығыз байланыста болған. Саката өнерпаздар мен әдебиетшiлердiң шаһары. Талай ақын мен жазушы осы шаһарда туындысын жазып қалдырған. Таудай биiк тұлғалардың ескерткiштерi Хииориямакоуэн бағына орнатылған. Ал шығармалары Саката мұражайында сақтаулы.
2233 метрлiк Чоукай тауының етегiндегi Юдзамачи қаласы да тарихи мекен. Чоукай тауын жапондар Фудзиге ұқсатып, Дэва Фудзи тауы деп атайды. Гаккоугава (Ай нұрлы өзен) бойында нұрлы вакалар мен шуақты хайкулер туған. 1100 жылдық тарихы бар Сугисавахиямабангаку деп аталатын салтанатты ғұрыптық биден осы шаһардың ғажап мәдениет ордасы екенiн бiлемiз.
«Солтүстiк жолымен» деген күнделiк жазып, хайкулерiн қағазға өрнектеген Мацуо Башйо ақынның табанының iзi сайрап жатыр бұл қалада. Солтүстiгiнде Акита, шығысында Мияги, оңтүстiгінде Фукушима мен Ниигатамен жалғасқан Ямагата тауларына ата тарих таңбаланған. Оу, Дэва, Асахи тауларында туған ерен ерлердiң ұрпақтары осыны мақтан тұтады.
Өрмекші әйел
Бұл аймақта айтылатын аңыздарда оқиғалар көбiне тауда өрбидi. Сондай туындының бiрi өрмекшi туралы аңыз.
Баяғыда бiр саудагер тау iшiнде келе жатып адасады. Қас қарайған соң қорқа бастайды. Түнейтiн жер iздеп жүргенде, шатқалдағы бiр ескi ғибадатхананы көредi. Бүгiн осында түнейiн деп, саудагер ғибадатханаға кiредi. Талайдан берi от жағылмаған пеш тұр. Отын әкелiп, от тамызды. Жылынып отырғанда қараңғылық қоюлана бастады. Қара сиядай қара түн. Саудагер ұйықтай алмай дөңбекши бердi. Бiр кезде екiншi қабаттан бiреу түсiп келе жатқандай болды. Фусума (жылжымалы бөлмеаралық есiк) жылжып, жел қанның иiсiн кiргiздi. Саудагер жалт қарағанда шямисэн ұстаған бiр таңғажайып сұлуды көрдi. Сығырайған көзi саудагерге қарап тұр. Ернi қан сияқты қып-қызыл. Әйел күлiмсiреп:
-Қонағым, жалғыздықтан iшiңiз пысқан шығар. Шямисэн (үш шектi аспап) сазын тыңдаңыз, - дедi.
Әйел аспаптың құлақ күйiн келтiрiп, шерте бастады. Осы сәтте саудагердiң мойнына бiр жiп оратылып, шырмай бастады. Саудагер қобдишасынан бәкiсiн алып, жiптi үзiп жiбердi. Әйел күлiп:
- Қонағым, шямисэнге құлақ түрiңiз, - деп, ары қарай шерттi. Жiңiшке жiп еркектiң мойнына байланып, қылқындыра бастады. Еркек бәкiнi әйелге сұқты. «Қонағым, бұныңыз не?» деп әйел шыңғырып жiбердi де, екiншi қабатқа көтерiлдi. Саудагер таңды көз iлмей атырды. Тауға Күн сәулесi түскенде «әлгi әйел өлi ме, тiрi ме» деп, екiншi қабатқа шықты. Әйел көрiнбедi. «Бұл не ғажап?» деп, айналасына қараса, бiр бұрышта үлкен дзару (бамбук себет) сияқты бiрнәрсе домалап жатыр екен. Қараса кәрi өрмекшi өлермен халде. Түнде менi қылқындырмақ болған, шямисэн шерткен әйел осы екен ғой деп, саудагер өрмекшiнi кескiлеп, көзiн жойды.
Жапон фольклорында өрмекшi туралы аңыздар мен ертегiлер өте көп. Акутагава Рюноскэ өз новеллаларына ежелгi әдебиет үлгiлерiн өзек еткендiгi белгiлi. «Өрмекшi» деген әңгiмесi де сондай фольклор сюжетiнiң негiзiнде жазылған шығарма.
Бұлбұл қыз
Баяғыда бiр жiгiт қала мен ауылды аралап сауда жасап жүрдi. «Шай, май, жiп, ақ, қызыл тарақ!» деп дауыстайды. Бұл күнi саудасы өтпедi. Кеш те батты. Жiгiт тау iшiмен келе жатты. Салқын самал есiп тұр. Бамбуктер «суық, суық» деп тербеледi. Жiгiт жүгiн жерге қойып, қурай жинап от жақты. Жылынған соң «Шай, май, жiп, ақ, қызыл тарақ!» деп, саудагер сөзiн қайталады. Осы сәтте қалың бамбуктың арасынан қыз нәзiк үнмен «Тарақ берiңiзшi, қызылын» дедi. Қараса сықасқан бамбук арасынан сарай қақпасы көрiнедi. Жiгiт тауарын арқалап қақпадан кiрдi. Қыз даусы естiлдi: «Варадзидi (сабаннан тоқылатын аяқ киiм) шешiп, төрлетiңiз». Есiк алдында аяқ жуатын леген тұр екен. Жiгiт жылы сумен жуынып, үйге кiрдi. Iште бiр топ қыз шулап отыр. Бiр сұлу жiгiтке: «Шай мен май берiңiзшi», - деп, алтын теңгелер бердi. Қыздың ұсынысымен жiгiт үйге түнедi. Жаңа жыл таңы да атты. Жiгiт бұлбұл үнiмен оянды. Орнынан тұрып, есiктi ашып едi, үлкен бақты көрдi. Алхоры гүлдеп тұр. Алыстағы тауға қар жауыпты, аппақ. «Қайырлы таң!» дедi қыз. Бұлбұлдай әсем дауыс. Қыз Жаңа жыл дәмiн әкелдi. «Жаңа жыл ғой. Бiрге дәм татайық». Жiгiт бас тартпады. Бақта бұлбұл сайрап тұр.
- Осында қалыңыз, - дедi, қыз. - Екеумiз тұрамыз. Бұл сарайдағы алтын да, барлық қазына, тiптi мен де сiздiкi боламын. Сiз бай боласыз.
- Мен байимын ба?
Бай болу кедей саудагердiң арманы едi.
Қар ерiп, көктем келдi. Далада қырықбуын көрiндi. Тауда шабдалы гүлiнiң иiсi аңқып тұр. Жiгiт пен қыз көгілдiр тауда серуендеп жүр.
Жаз туды. Жiгiт шатқалдағы өзенге түстi. Ұстаған балықтарды жағадағы қызға лақтыруда. Қыздың қызыл көйлегiнiң етегi желп-желп етедi. Көкжиек те қызыл.
Күзгi кеште табын бұғы өттi. Үйеңкi бұтағын көтерiп, қыз бұғыларға тiл қатты. Күн батып, дөңгеленген Ай туды.
Аппақ қыс. Жiгiт пеш түбiнде жатыр. Әйелi тоқыма тоқып отыр. Әйелi жiгiтке айтты: «Маған бала бiттi».
Сөйтiп, бiр жыл өттi. Жаңа жыл келдi. Қыз жолға дайындалып, жiгiтке былай дедi: «Мен ауылға барып, босанып келейiн. Сiз сарайда қалыңыз. Сарайды қараңыз. Бiрақ он екi бөлменi көрсеңiз де, он үшiншi бөлмеге кiрмеңiз.
Сөйтiп, әйелi ауылға кеттi. Жiгiт бөлмелердi аралап көре бастады. Алғашқы бөлменiң есiгiн ашып едi, үлкен бақ екен. Алхоры гүлдеп тұр. Алыстағы тауға қар жауып, аппақ боп жалтырап жатыр. Екiншi есiктi ашқанда шабдалы иiсi аңқып кеттi. Даланы қырықбуын көмкерген. Жiгiт сарай есiктерiн шетiнен ашып көре бастады. Он екiншi есiктi ашқанда желтоқсан айының көрiнiсi суреттегiдей көз алдыға келдi. Жiгiт қызбен өткiзген бiр жылын есiне түсiрдi. Жiгiт күбiрледi: «Шай, май, жiп, ақ, қызыл тарақ!». Саудагер сөзiн қайталап он үшiншi есiкке де жеттi. «Бұл есiктi ашпаңыз» деген әйелiнiң сөзi құлағының түбiнен естiлгендей болды. Жiгiт бұнда не барын көргiсi келдi. Жiгiт қолына қарады. Иә, өз қолы. Осы қолымен он үшiншi бөлменi ашты. Қараңғы екен. Жалғыз сәуле жарқ еттi. Алхоры ағашының бiр бұтағына бұлбұл ұя салуда.
«Бұлбұл жұмыртқалауда» деп күбiрледi ол. Бұлбұл ұядан ұшып шыққанда жалғыз сәуле ғайып болды. Қараңғыдан бұлбұл үнi естiлдi. «Бәрiбiр көрiп қойдыңыз, ә?». Әйелiнiң даусы. Әбден жүдеген, өңi боп-боз келiншек көлеңке боп алыстай бердi. «Тоқта!» деп, тап бергенде әйелi кiшкентай бұлбұлға айналып ұшып кеттi.
Жiгiт есiн жинаса суық таудың iшi екен. Желдiң өтiнде тұр. Тамызған оты сөнiп қалған. Қасында жүгi тұр. Қалың бамбук iшiндегi үлкен сарай ғайып болған.
Шай, май, жiп, ақ, қызыл тарақ...
Көктем келгенде алыстағы таудан бұлбұл үнi естiледi.
Шарафат Жылқыбаева,
Жапонияның Еуразия ғалымдары мен
Жазушылары одағының мүшесі.
"Қазақ әдебиеті" газеті