Сенбі, 23 Қараша 2024
Бетбұрыс 3817 4 пікір 13 Мамыр, 2022 сағат 13:48

«Түркі альянсы және геосаяси тепе-теңдік»

Жуырда Forbes.kz сайтында белгілі саясаткер Досым Сәтпаевтың «Түркі альянсы және геосаяси тепе-теңдік» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада саясаткер Досым Сәтпаев президент Тоқаевтың Түркияға жасаған ресми іс-сапары мен онда қабылданған маңывзды құжаттарға қатысты өзінің көзқарас-пікірін жазыпты. Біз орыс тіліндегі аталған мақаланы қазақшалап, Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн көрдік...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жолғы Түркияға сапары бұрынғысынан өзгеше. Себебі, бұл кездесу посткеңестік кеңістіктегі қатаң геосаяси трансформация кезінде өтуде.

Географиялық жағдай

2022 жылғы 24 ақпаннан бастап Орталық Азия жаңа геосаяси және экономикалық қауіп-қатер аймағына кірді. Аймақтың беделіне де қауіп бар. Геосаяси қатер Ресейдің агрессивті және болжауға келмейтін сыртқы саясатымен байланысты, бұл аймақта қалыптасқан геосаяси тепе-теңдіктің бұзылу қаупін төндіреді. Абырой - беделіне қаупі Орталық Азия елдерінің көпшілігі ЕАС және ҰҚШҰ шеңберіндегі Ресейдің әріптестері болғандығымен байланысты. Бұл серіктестік барған сайын жағымсыз болып барады. Экономикалық қатер Ресейге қарсы қатаң санкциялармен және Ресейдің қаржы-экономикалық жағынан оқшаулануымен тікелей байланысты. Бұл қазірдің өзінде Орталық Азия елдеріне көптеген экономикалық, қаржылық және әлеуметтік проблемалар туғызды.

Географиялық жағынан Қазақстан Ресей мен Қытай сияқты постимпериялық синдромға ұшыраған, геосаяси амбициясы мықты елдердің арасында қысыла орналасқан. Бірақ Украинадағы ұзаққа созылған соғыс, Ресейдің бірталай уақытқа оқшаулануы ерте ме, кеш пе оны посткеңестік кеңістікте қаржылық-экономикалық және әскери-саяси әлсіреуіне әкеп соғады. Бұл Қытай келіп толтыруға тырысатын Орталық Азия үшін қауіпті вакуумды тудыруы мүмкін. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, Украинадағы соғыс басталғалы бері  Ресейдің Қытайға деген бағасы толық ақталмады. Бейжің мен Мәскеудің АҚШ деген ортақ жаулары бар екені түсінікті. Си Цзинпиннің ел басқарып келе жатқан уақытында да қазіргі Путиннің кезі сияқты ұраншыл-патриоттық көңіл-күй артты. Бірақ Қытайдың Ресейден айырмашылығы, Қытай тауарларының негізгі нарығы АҚШ пен ЕО екенін ескеріп, өзінің экономикалық мүдделерін ұмытқан емес. Қытайлық компаниялар мен қаржы ұйымдары қайта санкция салыну қаупі бар екенін біліп, Ресеймен түрлі салалардағы ынтымақтастықтан бас тартады. Сонымен қатар, Қытай Ресейді айналып өтіп, Қазақстан, Әзірбайжан, Румыния, Венгрия, Словакия және Чехия арқылы Германияға қарай теміржол бағытын іске қосты.

Ресейге қарағанда Қытай геоэкономика мен "жұмсақ күшке" көбірек көңіл бөледі. Бірақ ескі геосаяси мақалда айтылғандай,"Алдымен діндар келеді, сосын көпес келеді, соңында әскер келеді", яғни, Орталық Азиядағы қарқынды инвестициялық белсенділіктен кейін уақыт өте келе Тәжікстандағыдай аймақтағы Қытайдың әскери-саяси күші басым бола бастайды.

Әрине, қазір Мәскеу мен Бейжіңнің мақсаттары әртүрлі. Қытайдың мүддесінде –Тайвань, Ресейдікі -Украина. Бірақ Қытай үшін Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдері шикізат көзі мен Қытай жүктерінің транзитіндегі серіктес қана емес, сонымен қатар Шыңжаң мен Ауғанстандағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан да маңызды.

Түрік қалқаны

2022 жылы 24 ақпанда Forbes.kz – де жарияланған "Қазақстан Ресейдің Украинаға қарсы геосаяси ойынының кепіліне қалай айналды" деген мақаламда мен мынаған баса назар аудардым: "Қазақстан қауіпсіздігінің негіздерінің бірі өңірдегі күштердің геосаяси тепе-теңдігін тұрақты қолдау және сақтау болуы тиіс. Бұл Ресейге де, Қытайға да қатысты. Осындай тепе-теңдіктің бірі түркі мемлекеттерінің неғұрлым тығыз әскери-саяси ынтымақтастығы болуы мүмкін".

Бір қызығы, Тоқаевтың Түркияға сапары кезінде президент Режеп Тайып Ердоған Қазақстан мен Түркияның "Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығы жолындағы шиеленісті бейбіт жолмен шешу туралы көзқарасы бір-біріне сәйкес келеді" және «бұл соғыс түркі мемлекеттерінің екіжақты ынтымақтастығының маңызын, түркі халықтары деген бір шаңырақтың астына жинала түсуінің маңызын көрсетті» деген көзқарастарын білдіріп қана қоймай Түркияның «қазақстандық бауырластарының тұрақтылығы, тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік алуға дайын " екенін атап өтті. Егер Ресей елдің аумақтық тұтастығына қауіп төндірген жағдайда Түркияның Қазақстанға қолдау көрсетуге дайын екендігінің айқын белгісі. Айтпақшы, Қазақстан Президентінің Түркия Республикасына мемлекеттік сапары аясында екі елдің қорғаныс министрлерінің кездесуі өтті. Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты әскери ынтымақтастықты реттейтін бірқатар құжаттарға қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстан мен Түркия бірлесіп ANKA ұшқышсыз ұшу аппараттарын жинауды жоспарлап отырғаны, сондай-ақ түрік тарапы Қазақстанның Қарулы Күштеріне ҰҰА-ға техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін технологияларды беріп, персоналды оқытуды жоспарлап отырғаны айтылды. Бұдан басқа, Ердоғанның Қазақстандағы Қаңтар оқиғаларының бағалануына сілтеме жасай отырып айтқан осы мәлімдемесі кез - келген жаңа майданның пайда болуын болдырмау үшін Тоқаевтың Қазақстандық саяси және бизнес элитаның ішіндегі заңдылығын қолдауға тиіс болды.

Сыртқы қауіптерге келетін болсақ, Украинада соғыс басталғаннан кейін Ресей президентінің бұрынғы көмекшісі Владислав Сурковтың сөзіне мұқият болған жөн. Ол өткен жылдың соңында өзінің кезекті мақаласында «Ресей империяның мұрагері ретінде басқа аймақтарда хаос жасай алады» дегенді жазған. 2024 жыл келе жатыр. Алдағы президенттік сайлауда Путин жоғары рейтингтен көрінуі керек. Жалпы насихатпен мұны жасауға болады. Бірақ ерте ме, кеш пе Ресейдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері өсіп, жаңадан жау іздеуге басшылықты мәжбүр етеді.

Бірақ Қазақстан келесі хаос аймағы ма? Украинадағы әскери жетістіктерінің болмауы және оған ленд-лизинг аясында Батыстың көмегі Ресейдің маңызды әскери, қаржылық, ақпараттық-насихаттық және басқа ресурстарын өзіне тартып, Кремльдің Қазақстанға қарауына мұрша бермейді. Ал, егер қарай қалатын жағдай болса, онда тағы да Ресейге кез- келген жағдайда Қытайдың Қазақстандағы және Орталық Азиядағы геосаяси және геоэкономикалық мүдделерін ескеруге тура келеді.

Бірақ Қазақстан Түркиямен әскери-саяси байланыстарды нығайтып, оны Ресей мен Қытайға қатысты геосаяси және экономикалық тепе-теңдікті құру жөніндегі шаралардың маңызды бөлігі ретінде қарастыра отырып, кез келген ықтимал жағымсыз сценарийлерге дайын болуы керек. Оның үстіне, Қазақстан көптеген осал жерлері бойынша 2014 жылғы Украинаны қатты еске түсіреді. Әлсіз қауіпсіздік жүйесінен бастап қоғамдағы бөліністі ұлғайтып, халықтың бірегейлігіне сызат түсіруге құмартып отырған ресейлік пропагандалық арналардың теріс әсеріне дейін. Мен өзімнің бұрынғы жазбаларымда қауіпсіздігіміздің басты кепілі тек геосаяси тепе-теңдік ғана емес, сондай-ақ саяси реформалар негізіндегі Қазақстандағы ұзақ мерзімді саяси тұрақтылық, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру және адами капиталды өсіру үшін тиімді әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, сондай-ақ сыртқы ойыншылар қолданатын " бесінші баған " болмауы үшін Қазақстан азаматтары өздерін өз елімен ғана байланыстыруы керек екенін бірнеше рет атап өттім.

Жақында ғана медиалық арандатушы Тигран Кеосаян патшасы мен оның қарамағындағылардың дәстүрлі қазақстандық көпвекторлы саясатын сызып тастағанын өз аузымен жеткізді емес пе? Қалай болғанда да ел басшылығына "Сен кімнің жағындасың?» деген көлденең сұрақ қойылады. Ал, бұл Қазақстан мен Ресейдің әртүрлі сыртқы саяси модельдері арасындағы қарама-қайшылық.

Түркі мемлекеттері ұйымы

Бұрынғы империялардың тарихи жүгін көтерген Түркия мен Ресей бір-біріне ұқсас деп санайтын сарапшылардың пікірімен де келісуге болады, өйткені олар стратегиялық мүдделерін кеңейту арқылы субөңірлік державалардың рөлін нығайтуға тырысады. Айырмашылық тек түрік лидері дінді байланыстырушы құрал ретінде белсенді қолданады, ал, Ресей президенті кеңестік идеологияның элементтері бар "ретроспективті патриотизм" дегенге сүйенеді. Сонымен бірге Ресей де, Түркия да Орталық Азияны өздерінің геосаяси ықпалының саласы ретінде қарастырады. Түркия модернизациялық исламның орталықтарының бірі ретінде рөлін нығайтуға тырысады, өйткені қазіргі уақытта аймақтың барлық мемлекеттері зайырлы болса да, Орталық Азияның барлық елдеріндегі мұсылмандар санының өсуі болашақта аймақты мұсылман әлеміне бағыттай алады. Сондықтан Түркиямен ынтымақтастықта Анкараның геосаяси мүдделері Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қайшы келмейтіндей етіп құрылуы тиіс. Түркияның ойын ережесіне жығылмай, Қазақстан өзінің көпвекторлы саясатын ұстануы керек.

Түркітілдес бірлестікке келетін болсақ, Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесінің атауын Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан толық құқылы мүше ретінде, ал Түрікменстан мен Венгрия байқаушылар болып табылатын түркі мемлекеттері ұйымы деп өзгерту түркі әріптестігін әскери-саяси саладағы тығыз ынтымақтастыққа айналдырудың алғашқы символдық қадамы болды.

Өткен жылдың қараша айында Ыстамбұлда өткен Түркі саммитінің қорытындысы бойынша екі құжатқа: Ыстамбұл Декларациясына және "Түркі әлемінің көрінісі – 2040" құжатына қол қойылғандығына назар аударылды. Ыстамбұл декларациясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын күшейту, оның ішінде егемендікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық мойындалған шекаралардың мызғымастығын қамтамасыз ету ісінде қолдау арқылы жүретіні туралы айтылған. Бұл тармақ Әзірбайжанның Армениямен қақтығысынан кейін пайда болды. Бұл Әзірбайжанның жеңісіне және Таулы Қарабақтағы басып алынған аумақтарын қайтаруына әкелді. Бұл қақтығыста Түркия Әзірбайжанға белсенді әскери қолдау көрсетті, оны посткеңестік белсенділіктің жаңа деңгейіне шығарды және Орталық Азия елдерінің алдында әскери беделін көтерді.

Посткеңестік кеңістіктегі екі елдің сәтті әскери кооперациясы, әскери міндетті сөзбен емес нақты іс жүзінде шешуінің Ресейдің қатысуынсыз іске асқаны Ресей үшін аса жақсы дүние емес еді. Түркия сонымен бірге Украинаны белсенді түрде қолдады, Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясын «Соғыс» деп атады және Монтре Конвенциясының ережелеріне сәйкес Босфор мен Дарданеллді Ресей әскери кемелеріне жауып тастады. Сонымен бірге Анкара Украина мен Ресей делегациялары арасындағы келіссөздерде, оның ішінде Түркияның маңызды геосаяси ойыншы ретіндегі мәртебесін нығайту үшін белсенді делдал болды.

Экономикалық ынтымақтастық саласында түркі мемлекеттері ұйымы сондай-ақ елдер арасында сауда және өзара инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасауды өзінің басым бағыты деп санайды. 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін тең қатысу және тең дауыс беру қағидаттарына сүйенген түркі инвестициялық қорын құруды аяқтау жоспарланып отыр. Сондай – ақ, "Шығыс-Батыс" Халықаралық Транскаспий көлік дәлізінің бір бөлігі бола алатын түрлі экономикалық аймақтарды құруда ақпарат және тәжірибемен алмасу саласындағы үкіметтік құрылымдар арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бойынша жұмыс жүргізілуде. Ресей аумағында көліктік-логистикалық мәселелер туындаған соң Қазақстан басқа жолдарды іздеуге мәжбүр. Қазақстандық тауарларды Еуропаға жеткізуге арналған бағыттардың бірі- Әзірбайжан, Қазақстан, Грузияның қатысуымен құрылған Транскаспий халықаралық көлік бағыты болып отыр. Кейін жобаға Украина, Румыния, Түркия, Қытай және Польша қосылды. Сарапшылардың айтуынша, Түркітілдес елдердің қатысуымен Жаңа Жібек жолы құрылуда, ол Қытайдан Еуропаға дейін барады, сол арқылы жылына 10 млн тоннаға дейін, 200 мың контейнерге дейін тасымалдауға болады. Түркияға сапары барысында Қазақстан Президенті Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін пайдалану қажеттігі туралы мәлімдегені таңқаларлық жағдай емес.

Өңірлік бірлестікке жеті қадам

Түркі мемлекеттерін шеңберіндегі неғұрлым тығыз өзара іс-қимыл әлемдік экономикалық процестердің шикізаттық шет аймағында қалып қоймау үшін Орталық Азияның өңірлік бірлестігін құруды жеделдетуі мүмкін. Бұл бірлестіктің өзегі өңірдегі екі ірі мемлекеттің - Қазақстан мен Өзбекстанның Германия мен Францияның аналогы бола алатын өзара іс - қимылы болуы керек еді. Оның үстіне ОА шеңберіндегі өңірлік бірлестік - бұл бүкіл өңірдің экономикалық әлеуетін ашу ғана емес, сондай-ақ дос емес ескі және жаңа әлемдік ықпал ету орталықтары тарапынан экономикалық, саяси және идеологиялық интервенцияларынан қорғау.

Бұл ретте өңірлік күн тәртібі жеті тармақтан тұруы тиіс. Біріншіден, қауіпсіздік және түркі мемлекеттері арасында бірыңғай қорғаныс кеңістігін қалыптастыру. Екіншіден, ОА, Әзірбайжан, Түркия және Венгрия елдерінің бизнес-қоғамдастығын өңірлік кооперацияның қозғалтқышы ретінде пайдалану. Үшіншіден, шекара маңындағы өзара іс-қимылды және салалық ынтымақтастықты жандандыру саласындағы өңірлік өзара іс-қимылды қолдау. Төртіншіден, өңір елдерінде теңізге тікелей шығу мүмкіндігі болмаған жағдайда экспорттық-импорттық операциялар құнының және оларды жүзеге асыру уақытының төмендеуі. Бұл тек Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту туралы ғана емес, сонымен бірге Орталық Азияны Пәкістан порттарымен байланыстыру үшін Ауғанстан билігінің қатысуымен Өзбекстан бастаған трансафган темір жолының құрылысын жүзеге асыруды қолдау туралы. Бесіншіден, экологиялық тәуекелдерді азайту және су-энергетикалық консорциум құру. Алтыншыдан, адами капиталдың сапасын арттыру. Мысалы, Венгрия Үкіметі түркі мемлекеттері ұйымының студенттері үшін қосымша стипендиялық бағдарламалар ұсынды. Жетіншіден, түркі тілдес елдер арасында, бірінші кезекте жастар үшін бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастыру. Алғашқы қадам штаб-пәтері Түркістанда орналасқан Халықаралық теледидар арнасын құру жөніндегі Қазақстандық бастама болуы мүмкін.

Дайындаған Айжан Темірхан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458