Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7121 0 пікір 3 Сәуір, 2022 сағат 16:35

Адам саудасының құрбаны болмаудың жолы қандай?

Әлемде адам саудасы ең өзекті әрі қылмыс әлеміне пайда әкелуші қылмыс түріне жатады. Адам саудасы, қару және есірткі тасымалдау БҰҰ тарапынан ең көп қылмыс деп танылған және күресу қиын түріне жатады.

Қазақстанда да бұл қылмыс түрі бар. Орталық Азияның ең ірі елі болу арқылы, Ресей мен Қытай және Таяу Шығысқа шығу жолында жатқан Қазақстан үлкен қақпа десек те болады. Қазақстанда адамдар көбінесе жыныстық және еңбекке қанап, жұмысқа салу мақсатында сатылады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті жыл сайын арнайы брифинг беріп, нақты ақпараттарды жариялап отырады.
Жыл басынан бері Қазақстанда адам саудасы фактілері бойынша оннан астам қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, адам саудасының ең танымал мақсаттары жыныстық және еңбекке қанау болып табылады. Сондай-ақ адамдар қайыршылықпен айналысуға мәжбүр, бұдан бөлек, балаларды асырап алу мақсатында сату фактілері де бар. Нақтылап айтқанда жас балаларды ұрлап, оларды қайыр тілетуге салу фактілері көп. Сонымен қатар Қазақстандағы адам саудасының тағы бір тексеруге қиын сәті мал шаруашылығына адамдарды қанап, жұмысқа салу фактілерінің азаймай тұрғандығы. Аталмыш қылмысты тексеру қиын және техникалық жарақтануды қажет етеді. Себебі Қазақстанда мал шаруашылығымен айналысатындар саны көп, басым бөлігінің шалғайда орналасқан арнайы қыстау мен жайылымдық жері бар. Міне, сондай аймақты тексеруге арнайы техникалық жарақтану қажет. Тікұшақ, дрон және жол талдамайтын көліктер керек. Мамандар адамдарды өз еркінен тыс мал шаруашылығына салу фактілері еліміздегі адам саудасының төрттен бір бөлігін құрайтынын айтады.

Тағы бір кең етек жайған адам саудасының түрі жыныстық зорлық көрсету және жезөкшелікке жегу мақсатында жасалады. Бұл әлемде тиылмай тұрған ең қауіпті қылмыстардың бір түрі. Әлем бойынша жыл сайын дәл осындай мақсатпен 2 млннан астам қыздың жоғалатыны белгілі.
Арнайы құрылымдар адам саудасының құрығына түспеу үшін, сақ болу үшін бірнеше келесі кеңестерді айтады:
- құжаттарыңызды ешкімге бермеңіз.
- күмәнді жұмыс ұсыныстарынан бас тартыңыз және құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.
- басқа қалаға немесе елге кеткен кезде құжаттарыңыздың көшірмелерін және орналасқан жеріңіз туралы ақпаратты отбасыңыз бен достарыңызға қалдырыңыз;
- басқа елге баратын болсаңыз, сол елдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігінің байланыс деректерін тексеріңіз.
«Егер сіз осындай құқық бұзушылықтың куәгері немесе куәгрі болсаңыз, 102 немесе 116-16 сенім телефонына немесе жақын жердегі полиция бөлімшесіне хабарласу арқылы жағдайды реттеуге барыңызды салатыныңызды ұмытпаңыз.

Қазақстанда адам саудасы пандемия басталған жылы күрт артқан, былайша айтқанда антирекорд болған. Бас прокуратураның мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанда «Адам саудасы» бабы бойынша 2019 жылмен салыстырғанда қылмыс алты есеге көп тіркелген. Дегенмен, сарапшылар бұл қылмыстар бойынша ресми статистикалық деректердің дұрыс бағаланбағанын айтады.
Сенім телефонының үйлестірушісі Айгүл Рахметованың айтуынша, көбіне адамдар шетелде жұмыс ұсынатындар сексуалдық құлдыққа тарту әрекеті ме, жоқ па, соны тексеруді сұрайды. Сарапшы тексеріс барысында шынымен де қыздарды жезөкшелікке тарту мақсатында жұмыс істеуі мүмкін күмәнді фирмалар анықталатынын, бұл фирмалар көбінесе Түркия, Корея және Қытайда орналасқанын атап өтті.

«Мейірім» қоғамдық бірлестігінің директоры Александр Муха пандемия кезінде адам саудасы фактілері көбейгенін атап өтті. «Шектеу шаралары енгізілсе, адам саудасы мәселесі азаятын сияқты еді. Бірақ біз адамдарды сатудың жаңа түрлері пайда болатын үрдісті көрдік. Жұмыссыз қалған адамдар Қазақстан аумағынан шыға алмай, құл саудасының жағдайына түсу қаупі одан сайын арта түсті», - дейді ол. Яғни пандемияда өкінішке орай қылмыстың аталмыш түрі артқан.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми деректеріне сәйкес, пандемия кезінде «Адам саудасы» бабы бойынша тіркелген қылмыстар саны артқан. 2020 жылы, пандемия басталған сәтте адам сату фактісі бойынша 43 тіркелді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда алты есеге және 2018 жылмен салыстырғанда үш есеге көп.

Александр Муха ресми статистика нақты көріністі көрсетпейді, өйткені құлдыққа қатысы бар адамдардың барлығы құқық қорғау органдарына арыз жазуға және қылмыстық процеске қатысуға келісе бермейтінін айтады.

Мұны «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанованың сөзі де растайды. Оның айтуынша, ұйым 2019 жылдың өзінде 120 адамды құлдықтан құтқаруға көмектескен, оның 36-сы Қазақстан азаматтары. Ол пандемия кезінде өтініштер саны артқанын атап өтті. 2020 жылы олардың құлдық және адам саудасымен айналысатын ұйымына 138 адам хабарласса, 2021 жылы 90 адам хабарласқан. Өткен жылы Бахрейнге Қазақстаннан қыздарды сексуалдық қанау үшін жіберген трансұлттық ұйымдасқан топты басқарды деген күдікке ілінген қазақстандық қылмыстық топ мүшелері экстрадицияланғаны туралы хабарланған болатын. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Бахрейнде 39 қазақстандық әйел сексуалдық құлдыққа түскен.

Міне, адам саудасы бойынша осындай қылмыс түрлері жеткілікті және жыл сайын артып келеді. Адам саудасын шектеу бойынша Қазақстан халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп, заңнамаларды жетілдіріп, жаңа технологиялар енгізіп жатыр. Алайда қылмыс әлемі де оңайлықпен берілер емес.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371