Украина Ресей шекарасына ту тікті
Украина әскері Ресей басқыншы күштерін Харьков бағытында шегіндіріп, Харьков қаласын артиллерия соққысынан толық қауіпсіздендіріп, Ресей шекарасына жетті. Американдық соғысты зерттеу институты Ресей Харьков үшін шайқаста толық жеңіліс тапты деп мәлімдеді.
Ресей әскері Харьков бағытында жеңіліс тапса да, Донецк пен Луганск облысын толық басып алу ойынан әлі бас тартпады. Қазіргі таңда олар Северодонецк, Соледар және Бахмут қалашықтарын басып алу шін барын салуда. Бұл туралы Украина қарулы күштері Бас штабы мәлімдеді.
Ресей Украинаның оңтүстігіне бекіну әрекетін жалғастыруда. Херсон аймағы мен Мариуполь аралығында өткелдерге әскери бекеттер орналастырып, траншейлер қазуды бастап кетті. Алайда Украина тарапы Батыстық қарумен жақын аралықта қарсы соққы жасайтынын мәлімдеді.
Киевке АҚШ-тың арнайы өкілдері келді, арасында сенатор Митчел Макконнелл бар. Зеленский өкілдермен кездесу барысында АҚШ Ресейді ресми түрде терроризмді жақтаушы ел деп табуын сұрады.
Соңғы екі күнде Финляндия мен Швеция НАТОға кіру туралы нақты шешім қабылдағанын мәлімдеді. Осыған байланысты Финляндия президенті Саули Ниинистё Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей басшысының реакциясы жайлы айтты. Путин Финляндияның қадамын қате деп атап, екі ел арасындағы қатынастың ушығу мүмкіндігін жеткізген. Фин басшысының сөзіне сенім артатын болсақ, Ресей басшысы агрессиямен қорқытуға тырыспаған, тек ескерту жасаған.
Алайда қорқытуды Путин болмаса да, Лавров пен өзге ресейлік саясаткерлер күн сайын үдетіп келеді. Ресей саясаткерлері Батысқа ядролық соққы жасау керек десе, Лавров ядролық соғыстың ықтималдығын жоққа шығармайды.
G7 елдері де Ресейге қатысты қысымды арттыра түсетінін мәлімдеді. Олар Ресей басып алған аймақтарды өзіне қосуға тырысса да, оны ешқашан ресейлік деп мойындамайтынын ескертті. G7 Украинаға қару мен қаржы беруді арттыру керектігін келісті.
Abai.kz