Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2610 0 пікір 9 Қараша, 2012 сағат 15:09

Алаш туын желбiреткен ағалар, кешiре көрiңiздер!..

Бұл - бiрiнен-бiрi туындаған үшiншi мақалам. Оқыр­ман­дардың ойын қозғаған, әсiресе қаламгерлер қауымына тәп-тәуiр-ақ әсер еткен әуелгi жазбам Қазақстан жазушыларының ке­зектi құрылтайы алдындағы пленумнан соң жарияланып едi. Содан кейiнгi материалымда да Алаш идеясын көтерген арыстарды айналып өте алмай, айтар ойымның орайына қарай күйiн­генде, күйзелгенде... қайран қазағымның келешегi үшiн күреске құштарланып, өзгелердi де жiгерлендiр­генде айтқан сөз­дерiн барынша сыналай ен­гiздiм

Ендi тағы да ерiксiз аруақтарынан айналайын арыстарымызға жүгiнбекпiн. Қазағыма айтамын, халқымды қалың ұйқысынан оятамын деген ниетпен айтудай айтып, жазудай жазып, бiр­ақ сөзi өтпей, әбден қажыған бiр сәтiнде Ахаң - Ахмет Байтұрсынов: "Талап жоқ, үмiт көп бiр халықпыз", - деп налыған екен. Артынан құлай сенген қазағының әрекетсiз­дiгiне өкпе-ренiшi сәл сейiлiп, ұлтының ертеңi, алмастыратын ұрпақтарының тағдыры тыншытпай, ағартушылық, азат­керлiк iсiне қайта кiрiскенде:

...Тән көмiлер, көмiлмес еткен iсiм,

Ойлайтындар мен емес бiр күнгiсiн.

Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын

Ел - бүгiншiл, менiкi - ертеңгi үшiн, - дептi.

Бұл - бiрiнен-бiрi туындаған үшiншi мақалам. Оқыр­ман­дардың ойын қозғаған, әсiресе қаламгерлер қауымына тәп-тәуiр-ақ әсер еткен әуелгi жазбам Қазақстан жазушыларының ке­зектi құрылтайы алдындағы пленумнан соң жарияланып едi. Содан кейiнгi материалымда да Алаш идеясын көтерген арыстарды айналып өте алмай, айтар ойымның орайына қарай күйiн­генде, күйзелгенде... қайран қазағымның келешегi үшiн күреске құштарланып, өзгелердi де жiгерлендiр­генде айтқан сөз­дерiн барынша сыналай ен­гiздiм

Ендi тағы да ерiксiз аруақтарынан айналайын арыстарымызға жүгiнбекпiн. Қазағыма айтамын, халқымды қалың ұйқысынан оятамын деген ниетпен айтудай айтып, жазудай жазып, бiр­ақ сөзi өтпей, әбден қажыған бiр сәтiнде Ахаң - Ахмет Байтұрсынов: "Талап жоқ, үмiт көп бiр халықпыз", - деп налыған екен. Артынан құлай сенген қазағының әрекетсiз­дiгiне өкпе-ренiшi сәл сейiлiп, ұлтының ертеңi, алмастыратын ұрпақтарының тағдыры тыншытпай, ағартушылық, азат­керлiк iсiне қайта кiрiскенде:

...Тән көмiлер, көмiлмес еткен iсiм,

Ойлайтындар мен емес бiр күнгiсiн.

Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын

Ел - бүгiншiл, менiкi - ертеңгi үшiн, - дептi.

Қараңызшы, қазағына деген құштар сезiмiнiң шексiздiгiн! Дәл осындай ойды басқа арыс­тарымыз да айтқан. Соларды оқыған кезде: "Сөзiмен де, iсiмен де халқына қылаусыз көңi­лмен қызмет еткен Алаштың арыстары-ай, қандай ға­жап ер едiңдер!" дейсiң қайран қалып. "Жеңсек, бiр төбеде бас қосамыз, жеңiлсек, бiр шұңқырда көмi­лемiз" деп, жақсылыққа да, жамандыққа да өздерiн саналы түрде дайындаған олар, өкiнiштiсi, жеңiлдi. Бiреулерi "Бутыркада" бақилық болды, ендi бiреулерi Колымада көз жұмды, қалғандары Алматының түрмесiнде тағдырларын тәмамдады. Әйтеуiр ғайыптан тайып аман қалғанның бiреуi Мұхаң - әлемге әйгiлi жазушымыз Мұхтар Омарханұлы Әуезов екен. Ғұламаның мына бiр сөзiн тәу ететiн Тәуелсiз­дiкке оп-оңай қол жеткiзген бүгiнгi қазақ қауымына қаратып айтуға әбден болады:

"...Қырықаяқтан бiреу қалай жүретiнiн сұрап: "Сен екiншi аяғыңды алға басқанда жиырма екiншi аяғың не iстейдi?" дептi. Бұдан ойында ештеңе жоқ, қаннен-қаперсiз зыр жүгiрiп жүрген қырықаяқ, ойламаған жерден мына сұрақты естiгеннен кейiн, мүлде жүре алмай қалыпты" дейдi екен студенттерге оқыған дәрiс­терiнiң арасында.

Тәуелсiздiктi ғасырлар бойы аңсаған, азаптанған, сан рет күресiп, қан-қасап шай­қас­тарда оңбай жеңiл­ген, алайда алған бетiнен қайтпаған қайсар қазақ... әр заманда ығытына қарай күресiп, әдiс-тәсiлiн өзгер­тiп, бодандықтың бұйдасын үзiп, өз алдына ел болуы үшiн алысып-арпалысумен келген қазақ - бақыттың бозала таңы аңсарлы қуа­нышқа қолын жеткiзген кезде басы айналды. Ал халқына қарайлайтын билiк бiр­те-бiрте айылын жимайтын айлакерге айнала бастады. Тәртiптен тiзгiн кеттi. Бас бермес берекесiздiк бүкiл елдi қаусыра қармады. Қазақтың анасы атанған ауыл аңырады. Мың­ғыр­ған мал мен жомарт жер "тiстi­лер мен тырнақтылардың" (С.Дөнентаев) уысына iлiктi. Бүтiндi бүлдiру, барды жоқ етудiң жанталасында не бол­ғанын ұқпаған аңқау халық аңырып, абдырады да қал­ды. "Қазаннан қақпақ кеттi". Билiктегi кешегi көсемдер бетперделерiн лақтырды да, бабалардан күллi ұрпақтарына мұралыққа еншiлен­ген мол байлыққа, кеңестiк дәуiрден жинақталған қисапыз қор мен алып өнеркәсiп, құрылыс атаулымызға, шикi­зат көздерiмен бiрге пұл болатын бар дүние­мiзге ашқарақ ашкөз­дiкпен, кiсә­пiр жауыздықпен қол салды. Қайтсiн, "түк көрмеген" бай­ғұстар тәуелсiздiк деген осы екен деп ұққан ғой...

Өмiрi болып көрмеген мұн­дай сойқан тiрлiк тiксiн­дiрген сол бiр кезеңде оның жоғын ең алдымен жоқтауға тиiс зиялы қауым, оның iшiнде бiздiң қалам­гер­лер­дiң басым көпшi­лiгi билiктiң қабағын бағып отыра бердi. Алайда арасында тасқа басылған сөздерiмен де, эфирде немесе көпшiлiк бас қосқан алқалы жиындарда ашынып айтқан ойларымен де дараланып, көзге түскеннiң бiрi - жазушы Ғаббас Қабышұлы. Ол тәуел­сiздiгiмiздiң елең-алаң шағы дерлiк 1993 жылы-ақ: "Тағдыр бұйыртқан тәуелсiз­дiгiмiздiң қадiрiн бiлгiмiз келсе, осы тәуел­сiздiк үшiн күрескен арыдағы хандарымыздың, берi­дегi алашшыл арыстарымыздың аруағын қастерлеу - бүгiнгi буынның парызы деп түсiнiп, халқымызға адал болайық!" деп жазды. Араға төрт жыл салып, талан-тараж бой бермей бара жатқан кезде Қабдеш Жұмадi­лов: "Базар билеген заманда саудаға түс­пейтiн дүние жоқ. Қажет боп бара жатса, малды да, мұнайды да, көмiр мен темiрдi де, алтын-күмiс, асыл тастарды да, бәрiн де бұлдап өткiзуге болады. Тек дүниенiң бар байлығын ұсынса да, саудаға салуға болмайтын бiр киелi нәрсе бар. Ол - қазақ елiнiң тәуелсiздiгi" - деп шамырқана ой тастады мер­зiм­дiк басылымдардың бiрiнде.

Қасиетiңнен айналайын Тәуелсiздiк! Ең өкiнiштiсi және ешқашан кешiруге болмайтыны - сенiң қадiр-қасиетiңдi билiктi уысынан шығармай, шеңгелдеп ұстаған өз қазақтарымыз ұғынбады. Бiр кiсiнiң айнала-төңiрегiне шахмат тақтасындағы пешкiлердей үйi­рiлiп, желiмдей жабысқан жалбақай топ ұлт екенiмiз­дi, бұл мемлекет ең бiрiншi осы елдiң атын алған қазақ халқына қызмет ету қажет­тiгiн мүлде ескермедi. Олар - оқыған, бiлiмдар. Тiптi шетiнен ғылым докторы, профессор; сөйлесе, солар сөй­лесiн! Бiрақ солардың сексен-тоқсан пайызы ақ сүтiн емген анасының тiлiнен мақұрым, есесiне, өзге тiлде көсiлгенде алдарына жан салмайтын су жорға. Неге олай?..

Осы ретте Кеңестер Одағы тұсында және тәуел­сiз ел атан­ған әуелгi бес-он жылдағы жағдайға түсiнiс­тiк­пен қарап, былай ысырайық. Ал одан кейiнгi жылдар ше? Айдай ақиқаты - президенттiң өзi ең әуелi Қа­зақ елiнiң атынан барып, табаны тиген жердiң бә­рiнде қазақша сөйлеп, тi­лiмiздiң мәртебесiн көтергенде, жылма-жылғы Жолдауларындағы сөздерiнiң бас-аяғында ғана айтар ойын, он шақты адамға ғана арнаған кейiпте жылмитпай, құнары мол, әуезi бай ана тiлiмiзде жалпақ жұртқа жеткiзгенде, шыны керек, бүгiнгi Үкiметте ұлтымызға қызмет етпейтiн бiрде-бiр қатыбас "қазақ", қазаққа майлы мұрнының үстi­нен жылмия қарайтын безбүйрек министр отырмас едi!

"Ұлтқа қожалық жасауға болмайды, оған тек қана қызмет етуге болады" дейдi Мұстафа Ататүрiк.

Тiлi, дiнi, рухы сақталған кезде ғана жер бетiнде Қа­зақ мемлекетi өмiр сүредi. Сондай елде ғана оның билеушi Президентi болады, оны халқы адалдығына, қалтқысыз қызмет қылатынына сенiп, сайлайды. "Бiз­ге қара басының қамын сүйенiшi болар ұлтынан, таяныш-тiрегi болатын халқынан биiк қоятын сұлтанның қажетi жоқ" дейдi. Елдi езгiде ұстағанды ұнататын, оған үстемдiк еткендi ұстаным тұтатын би­лiктi қаламайды. Ендеше бiз қандай мемлекеттемiз? Бар едiк, бай едiк, бiрақ соның рахатын бұйыртпаған, сырттан келген келiмсектердiң пайдасына иiлiп, соларға еншi­леп берген саясаттың көк­сегенi не? Сонда бiз қандай өрке­ниет­тi мұрат етiп, iлгерiлеп барамыз өзi?.. - деген секiлдi көпшiлiгiмiздiң көңiлiмiздi күптi қылған сауалдарды алға тартсақ, мына бiр өлең тiл ұшына үйiрiледi:

Мақсатыңды қайтейiн,

Жетпеген соң мұратқа.

Жақсы атыңды қайтейiн,

Халқыңды алдап, жылат­қан!..

(Х.Есенқарақызы)

Бiзге алдампаз шенеу­нiк­тiң қажетi жоқ, оның да құны көк тиын! Бiзге халықтың алаңсыз өмiрiн қамтамасыз ететiн, соған кепiл болатын ақ-адал патша мен саясатын жүргiзетiн ниетi түзу,iскер серiктерi керек! Бiз кең-байтақ Қазақстанның тә­уел­сiздiгiне ешкiм қол сұқпайтын, экономикалық дербес­тiгiне араласпайтын, сан ғасырдан берi сақтап келген бар байлықтың рәтiн өзiмiз көрейiк деген ойымызды iркiлмей ашық айта алатын мемлекетте өмiр сүргiмiз келедi. Кәне, айтыңызшы, бұл ниетiмiз­де қандай қылмыс, қиғаштық бар? Кешегi жазықсыздан-жазықсыз жапа шеккен, құрбан болған Алаштың арыстары мен бүгiнгi ашық ойлы, арлы азаматтардың алға ұстанған мұраты, айтып жүрген басты мәселесi емес пе бұл? Ендеше, Астанадағы тақ тө­ңiрегiндегi топқа қарай ауыз ашып, мемле­кет­тiң қаржысы есебiнен күн көрiп, өздерiнше халықтық саясат ұстанған түр танытатын газет-журналдар мен электрондық тарату құралдары неге осылай ашық айтып, жазбайды? Ел бiлетiн ақиқаттан неге алшақтайды? Жұрт­тың жанын ауыртып, аз ғана топтың мақсат-мүддесiн қор­ғайтын оқиғаны жасырып-жауып, халықтық қасiреттiң шындығын жеткiзуден не себептi жалтарады? Билiктiң сөзiн сөйлеп, жөнiн жөндеп жүр­ген саясаткерлер мен экономист-ғалымдар, "халық қалаулылары" бiр-бiрлерiнiң аузына түкiрiп қойғандай мақтайтын Кедендiк одақ пен Еуразиялық одақ, Еуразиялық парламент, саяси-экономикалық, мәдени интеграция елiмiз үшiн соншалықты мұқтаж, аса пайдалы нәрсе ме? Олардың сайрап айтуына, жазуына сенсек, дәл солай секiлдi. Шын мәнiнде бұлар қазақ мүддесiне керi әсерiн ти­гiзетiн, ендi ғана iргесiн нықтап, туын тiктеп келе жат­қан тәуелсiз елiмiздi шайқалта бас­таған қитұрқы шешiмдер екенi нақтылана бастады. Уақыт iл­герiлеген сайын би­лiктегi­лер оппозиция деп күстаналайтын бiр шоғыр топтың қайта-қайта көтерiп, бүкiл халықтық референдум өт­кiзейiк деп шыр-пыры шығып, қарсылық көрсетiп жатқанына қарамай, саяси солақай шешiмдер күш алып, қатер бұлты қоюланған үстiне қоюлана түстi...

Құлдық ой-пиғыл тамыр-тамырымызды қуалап, өн бойымызға әбден ұялап алыпты. Тәуелсiз басылымдарда: "Мем­лекеттiгiмiзге қауiп төндi... Тағы да бодан болуға бет түзедiк. Ендi бiр кiрсек, орыстың "отты" құшағынан шыға алмай қор боламыз" деп айтудай айтылып, жазудай жазылып-ақ едi. Алайда селт етер қалың қазақ көрiнбейдi: әлi де марғау, маубас, керенау қал­пы... Сонда қалай болғаны? Бұны не деп ұғамыз, қалай түсiнемiз?.. Әлде орыстар халық болудан қалып бара жатқанда қатты күйiнген­нен кiжiнiп жазған декабрист П.Я.Чаадаев сияқты, "Құл­дық­тан қорынбаған халық шiрiп өлсе - сауап!" деп, қолымызды бiр сiлтеп, iшi­мiздi алау оттай шарпыған ойымызды өшiремiз бе?..

Иә, қазағым, халқым, қай­тейiк? Жөнiн айтыңызшы, не iстейiк?..

"...Адам шын iзгi адам боламын десе, халық iсi, халық пайдасы жолында құрбан бола бiлсiн" деген екен Мағжан ақын Жұмабаев. Адами өмiр­дiң өлшемi - қандай қыспаққа да мойымау, азап шегу деп түйген, тiптi, қажет етсе, ажал құ­шудан да қашпаған Алаш арыстарының ортақ ойы осылай. Ал бүгiнгi оқығаны да, тоқығаны да жетерлiк замандас аға-апаларымыздың пiкiр-па­йымы қалай, олар не дер екен?..

Ендеше, бiрер айға ше­гiнiс жасайық.

Тамыздың 7-сi күнi "Жас Алаш" газетiндегi "Бодандыққа түстiң бе, қайран елiм?!" Осылай деп зар төккен қоғам қайраткерi Сабыр Қасымовтың жанайқайына кiм құлақ түредi?.." деген материалыма ең әуелi Үсенбай Тастанбеков үн қатты. Жасы тоқсанның төртiне келген елiмiздегi ең қарт журналист Үсекең ақсақал Ораз Жандосовпен жүз­дес­кен, Алашорда қай­рат­керлерiнiң талайының лебiзiн өз құлағымен естi­ген, Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, басынан адам айтқысыз қаншама машақатты оқиғаларды өт­кiзген қазына кiсiнiң нақ өзi. Санасы сергек, сөзi айдай анық: сөйлеп бiр кетсе, талай тарихты, талайлы тағдырларды алдыңызға жайып салады.

"Қарағым, мақалаң өте ащы екен. Айтқан соң, өс­тiп айту керек! Әйткенмен, қоғамдағы ақиқаттың осындай екенiн көре, бiле тұра, көбiмiз жазудан қашамыз. Сен сол олқылығымызды көзге шұқығандай етiп көрсеттiң. Аман бол, айналайын", - дедi атамыз.

"Әй, Алтынтай, - деп бас­тады сексеннiң сеңгiрiне шыққан Қолан Аманов. Ол кiсi бүкiл өмiрiн қаржы саласына арнаған, Республика Қаржы минис­трiнiң орынбасары қызметiн атқарған танымал тұлға, оның сыртында жазушылығымен де ерек­шеленiп, әлденеше кiтап­тың авторы атанған белгiлi қаламгер. - Сен бұған дейiн ешкiм жаза алмағанды жаздың, айналайын. Мен де сен жағыңдамын. Жалғыз емес­сiң. Олай дейтiнiм, халықтың сөзiн айттың, қалың қазақтың мүд­делi ойын жеткiздiң, Алтынтай..."

- "Естi сөздi естiгiсi келмеген адам саңырауға тең". Берекесiздiктiң, бетiмен ауа жайылғандықтың бәрiн көзi бар кiсi көрiп, жаны, жүрегi бар ел ашына айқайлап, шырылды салып-ақ жатыр. Бiрақ, оған қарайтын билiк болмай тұр. Әйтпесе еркiн ойлы басылымдарды жiбермей оқып, Кедендiк одақтың қырық қатпарлы қитұрқысын ұғынудай ұғындық. Еуроазиялық одақ дегеннiң де тәуелсiздiгi­мiзден айыруға апаратын кесепатты саясат екенiн iшiмiз сезiп, қан жұтқандай күй кешудемiз. Әттең, осыны ауылдағы күн­көрiс­тiң күйбеңiнен көз аша алмай титықтаған қандастарымыз бiлмейдi ғой, қарағым, - дедi өзiм көптен араласатын Ұлғайша апай мен Мейрам Мае­меровтер. Ол кiсiлердiң екеуi де - зейнеткер. Ұлғайша Амантайқызының мамандығы дәрi­гер, қажылық парызын өтеген кiсi. Ал Мейрам ағамыз - Құмкөл мұнай кенiшiн ашқан геолог-маман, бүгiнде Қ.Сәт­баев атындағы Қазақ ұлттық техникалық универ­си­тетiнде дәрiс бередi, профессор. Екеуi де тәуел­сiздiктiң рахатын халықтың көре алмағанына, елдi қымбатшылықтың қыспағында титықтатып, тұралатқанына, ауылдағы бауырларымыздың қиын халiне, жастарымыздың үйсiз-күйсiздiгiне, оқу бiтiрген мыңдаған қыз-жiгiт­тердiң қос-қос дипломмен сандалып жүргенiне, әскердегi береке­сiз­дiк пен бүкiл жүйенi жайлаған жемқорлыққа қатты налиды. - Қайтейiк, елдi өстiп аяғаннан арыға бара алмаймыз. Неше түрлi жан түршiгер­лiк оқиғалар болып жатыр. Бiздi қорғайды деген әскерiмiз мына түрiмен өздерiн қорғай ала ма деп те бас қатырамыз. Жаңа­өзендегi полицейлердiң жауыздығы анау... Бұл өзi қандай қоғам, не қылған билiк?.. Тiлi де бөлек, тiрлiгi де            қы­­ң­ыр... - дейдi.

Алматыдан шығатын газеттер алыс аудандар мен ауылдарға әлденеше күн салып жетедi. Газеттi оқи сала Жуалыдан ұстазым Әбдiмәжит Дәуренов хабарласты.

- Әй, Талғат, мақалаңды оқып есiм ауып қалды... Мынаның авторы шынымен сенсiң бе? Егер солай болса, өзiңдi бiреулер арандатып, айдап салып жүрген жоқ па? - дедi көңiлдегi күмәнiн сейiлтуге асығып.

- Иесi - мен, ағай. Жазғаным бiр сөзi өзгермей басылды. Солай жазуға мәж­бүр болдым. Қазақстанның қазiргi жағдайын өзiңiз де жақсы бiлесiз... Келетiн жерге келдiк қой!..

- Ойпырмай, десейшi! Не дерге бiлмей далмын. Қарсы айтар дәлелiм, кел­тiрер дәйек­тi уәжiм жоқ. Әйтеуiр бiр жаққа бара жатырмыз, оның қандай бағыт екенiн Құдай ғана бiле­дi... Ел бетiмен кеттi, ие жоқ... Мұндай масқара бұрын-соңды болмаған... Жетпiске келдiм ғой, халыққа осындай қиянат жасалады деп күтпеп едiк, - дедi ұстазым тығырыққа тiрелген шарасыз үнмен.

Сабыр аға Қасымов мақала туралы алыста, еңбек демалысында жүрiп оқыған елден естiптi. Солар бiрiнен соң бiрi хабарласып, жiк-жапар болып денсаулығын сұраған, аяушылық бiлдiр­ген.

- Әй, Тәке, менiң ауруымды жазбай-ақ қоюың керек едi...

Не дерiмдi бiлмей тосылып қалдым. Сырқат екенiн жасырмай, сөз арасында қыстыра кетiп едiм. Ондағы ойым: "Аурудың азабын арқалап жүрген азамат тәуелсiздiгiмiз­ге, егемендi­гiмiз­ге қатер төнiп тұрғанына шыдай алмай шыр­қырап жатыр, ал он екi мүшесi сап-сау, арыстай азаматтар - сендердiң бүгежектеп, бастарыңды бұттарыңның арасына жасырғандарыңа жөн болсын? Ар-намыс қайда? Елден ұялмайсыңдар ма?" деп қамшылап, шамдарына тиейiн, бәлкiм, үдере үн қатар, өршелене қарсылық көрсетер деген дәмем зор едi. Сөйтсем... Иә, сөйт­сем қазақтарым, қандас, қимас бауырларым елiмiздiң дербестiгi үшiн бiлек сыбана күреседi, құлшына қарсылық көрсе­тедi деген ойым бекер екен. Азаматтық ұстанымына сенетiн, ұлтшылдығы мықты, белдi бiр басылымның басшысы болып жүрген тәуiр жiгiтте­рiмнiң бiрi кабинетiнiң есiгiн аттай бергенiмде: "О, бiздiң тә­уел­сiз­дiгiмiзге күмәндана қарайтын көкем келдi!" - деп қағыта қарсы алды...

Мiне, керек болса!..

Тағы бiр ақын ағам теле­фон­ға шақырды. Амандық-сау­лықтан кейiн: "Айналайын Талғат, сен қаламыңды қаттылау сiлтедiң. Абайласайшы. Саясат деген қатты сөзбен емес, ақырын, абаймен жасалады", - дейдi. Лебiзiне зейiн қойсам, бекер жазыппын...

Қайран, көкелер! Нең бар едi, неге түк көрмеген, түк бiлмеген кейiпте тымпиып жүре бермейсiң?.. Жақсы сөйле, жылпылдап, өз тiршi­лiгiң­дi жаса... Өзгелерге қарасаңшы, олар неге ашынып айт­пайды, iшiндегiсiн сездiр­мей­дi, шетiнен ақылды... Иә-иә, мұндайда ерекше ұстамдылық танытып, бiреулер елдiк намыс, ұлттың ұяты, мият-мұраты үшiн жазықсыз жазаланып, жапа шегiп жатса да, бей-жайлық пиғылдан айны­мау­ды жөн көретiн, солай бол­ғанын асқан ақылдылық санайтындар көп, өте көп. Сондай түсiнiк-пиғылдағы бiр ағамыз үйге келдi. Әдейiлеп келген шаруасын тындырып болған соң:

- Iнiм, қазiргi айтсам ба деген сөзiмдi ауырламайтын шығарсың? - дедi бетiме барлай көз салып. - "Жас Алаштағы" әнебiр күнгi мақалаңа байланысты...

- Ой, аға, ақылыма ақыл қосатын әсерлi сөзiңiз болса, неге ауырлайын? Кiдiрмей айта берiңiз.

- Айтсам, ауылға байла­ныс­ты жерiнде мен секiлдi­лердi де оңдырмай түйреп өтiпсiң. Алайда колхоз, совхоз басқарған бәрiмiз бiрдей шаруашылықтың байлығын бас-көз демей бөлiп алған жоқпыз. Бiз секiлдi он бес-жиырма жыл, тiптi одан да көп басқарғандарға ұжымдық меншiктiң бiр бөлiгiн бөлiп беру туралы КСРО Министрлер Кеңесiнiң арнайы қаулысы шыққан. Сол бойынша тиесiлi үлесiмiздi алдық. Кейiн пайымызға сай жер иелендiк. Елдiң ешқайсысын өкпелетпеуге тырыстық...

Оның бәрiн қойшы, - дедi содан кейiн. - Негiзгi айтатын әңгiмеме көшейiн: өте ауыр мәселенi ешкiмнен именбей, бетiң бар, жүзiң бар демей тiлiп жаздың. Көзсiз батырлық та керек шығар, бiрақ мына ұл-қыздарыңды аясаңшы... Тiптi, өзiңдi де ондырмайды ғой, ондайдың бәрiн көрiп, сезiп жүрсiң...

- Аға, сөзiңiздiң бәрi жөн, - деп киiп кеттiм. - Маған да, бала-шағама да жаныңыз ашығаннан айтқаныңызды өте жақсы түсiнемiн. Әйткенмен сiзге қояр сұрағым бар: хал­қыңызға, қазағыңызға, оның бүгiнгi теперiш көрiп, қағажу күй кешкен қиын тағдырына қабырғаңыз қайыса ма?

- Ендi ойлаймыз ғой... Бiрақ мен өзiм...

- Сiз өзiңiздi ғана, мен өзiмдi ғана қаперге алмай - елдi, жердi, бәрi-бәрiнiң басын бiрiктiретiн Отан деген қасиеттi, алып шаңырағымызды ойлауы­мыз, ойлап қана қоймай, әлiмiз­дiң жеткенiнше, сөзiмiздiң өткенiнше қайрат-күш көр­сетiп күре­суiмiз, қор­ғауымыз керек емес пе?! Айтыңызшы ашығын, осы, сiзге Қазақ елiнiң тәуел­сiздiгi керек пе?

- Оған сөз бар ма, iнiм-ау?!

- Ендеше менi iш тартып, бала-шағамның аман-есен­дiгiне қарадай қиналып айтқан әлгi сөзiңiзге рақмет! Бiрақ сiз Қазақстанның мемлекет­тiгiне, ел­дiгiне, тәуелсiздiгiне қауiп төндi, қайтадан орыс империясының бодандығына басымызды өз ықтиярымызбен байлап беруге бiржола бе­кiндiк. Оған көн­гiңiз келмей­тiнiңiз рас болса, ұрпақтарыңыздың қарғысына қалмайын десеңiз, бәрiмiз өршелене үн қатайық, қарсылық жасайық деп жаздық. Солай айтқан Қасымовты қақпайлап, менi шегiн­дiргiңiз, үнiмдi бәсейт­кiңiз келедi... Әйткенмен жалғызбын деп қысылмаңыз, себебi сiзге ұқсағандар аз емес. Солардың қатарының көптiгiне күйiнiп, ырықсыз шыққан ызалы сауалымды өзiңiзге төтелеп қояйын, сiз абырой, арыңызға жүгiнiп жауап берiңiз. Дәл осы сауалымды сiз арқылы басына бө­рiк, бұтына шалбар киген ер азаматтардың бәрiне бағыштаймын:

- Аға, шыр етiп жарық-жалғанға келгенiңiзде ақ сүтiн емiзген анаңыз қал­жа жедi ме?

- Ендi... Қай ана аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына жиғанына қуанбайды?.. Қай әке қойын сойып, ағайын-туыс, дос-жарандарының басын қоспайды?..

- Қараңызшы, ұл таптым деп анаңыз қуаныпты. Ал әкеңiз ат байлар ұлым кел­дi, ол абырой-атағымды шығаратын азамат болады, елiне қорған, халқына қамқор болады дептi. Сiзге басқалар да бар жақсылықты тiледi. Ер­теңгi тая­ныш-тiрегiмiз деп үмiт еттi. Ендi сол үмiт пен сенiм қайда? Бүгiн кiм болдыңыз, бала-шағаңызға кiммiн дейсiз? Олардан не күтесiз?.. Мынадай исi қа­заққа, намысы бар азамат атаулыға сынақ сә­тi туғанда неге қызынбайсыз? Неге ашынып, үн қатпайсыз? Әрбiрден соң, сiз сияқтыларға қолыңа қару ал, майдан ашып, ұран сал деуден аулақпыз. Тiптi он­дайдың заманы да емес! Сiздiң сөзi­ңiздi қолдайтын, тәуелсiз ел болу ниетiңiздi қоштайтын халықаралық құқықтық жүйе бар. Сондықтан я бодандыққа пейi­лмiз, я болмаса бiзге қасиет­тi қазақ елiнiң тәуелсiздiгi қымбат, бiз сыртымыздан тон пiшiп, тағдырымызды шешкенге ешқашан келiспеймiз, қарсымыз, оған балаларымыз да көнбейдi деген ойыңызды ашықтан-ашық айтатын уақыт қой қазiр. Газетке жазыңыз, көшеге шығып айтыңыз; жұрт жиналатын жерге аяғыңыз жетпесе, балконға шығып, аулаңызда мойныңызды көшеге созып тұрып жет­кiзiңiз. Өзi, солай етуге шама-шарқыңыз келе ме? - деп барып бiр-ақ кiдiр­дiм. Жанашыр көкем терлеп-тепшiдi. Байқауымша, ондай сөздi күтпеген. Бiр­деңе дегiсi келдi, әйткенмен айта алмады. Әйтеуiр есiктен шығып бара жатып, қолын иы­ғынан асыра көтерiп, төр бөлмедегi балаларымды бас бармағымен қайта-қайта нұс­қай көрсетiп, "аналарды, аналарды" де­дi, естiлер-естiлмес үн­мен. Арғы жағында "ая, соларға кесiр болып жүр­месiн" деген сөзi айтылмай қалды-ау деп түй­дiм...

Мiне, күнi кеше шаруашылық бас­қарған, оқыған-тоқыған, елге жаным ашиды дейтiн көкiрегi ояу атпал азаматтың тiрлiгi, ой-пиғылы. Сонда қалай, мен де бала-шағам, басқа жағдайымды сылтау етiп, әрекетсiз қол қусы­руым немесе көптеген қалам ұстаған әрiп­тес­терiм се­кiлдi тұншығып, құмы­ғуым керек пе? Олар елбасын мақтайды, тiптi, М.Жолдасбеков сияқты академик ағаларымыз Нұрекең­дi "арманымыздан жаралған", "Құдайдың кiндiгiнен жаратылған" дегендi де айтады. Майын тамыза мақтағанда, аузыңды аша­сың, көзiңдi жұмасың... Жұмасына бес рет жарық көретiн үлкен га­зеттiң бүкiл бетiн солай толтыруға ықыласты журналист, саясаткер, ғалымдар да, өнер қайрат­керлерi де көп-ақ.

"Хан ерiксе, қара халық ханның ойын­шығы болады". Билiк елдi ел демесе, халықтың мүддесiмен санаспай, кереғар шешiм­дер жасаса, ойыншыққа айналдырды деген осы болар, әсте. Бiздi оқығаны кем, сауаты төмен маубас қауым деп бiлдi ме, Нұрекең барша халықтың көзiн бақырайтып қойып, айдай әлемнiң алдында "шекарасы жоқ ел едiк" дедi. Сан ғасырлық тарихы, тағдыры бар мемлекеттiң негiзiн өзiнен ғана бастағысы келдi. Сол уақытта тарихшы ғалымдарымыз үнсiз қалды; тарихи тақырыпқа қалам сiлтеп, iлгерi-кейiнгi оқырмандарының разылығына бөленген қа­лам қайраткерлерi мүлде естi­меген сыңай танытты. Саясаткер Жасарал Қу­аныш­әлi ғана ширығып, "Назарбаев халқымыздың тарихына қиянат жасады, сол үшiн заң алдында жауап берсiн!" деп шықты. Ол батыл әрекетi өзiне пәле болып жабысты. Медеу аудандық соты оны "Президенттiң ар-намысына нұқсан келтiрдi" деген баппен жауапқа тартты. Сотта Жасаралды ақтап сөйлеген азаматтардың, мысалы, жазушы Ғаббас Қабышұлының сөзiн сот қаперiне алмай, "айыптыны" екi жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкiм шығарды.

Кедендiк одақ кесiрлi, кесепатты одақ екенiн, Еуразиялық одақтың түптеп келген­дегi апарар түйiнi - Қазақстанды тә­уелсiздiгiнен бiр­жола айыратын саяси ойын екенiн бiле тұра, бүгежектеген "халық қалаулылары", әйгiлi академик-ғалымдар, "халық жазушылары", "айтулы тұлғалар", халқымыздың "жақсы мен жайсаңдары" сiлекейлерiне шашалып, жеп-жұтқандары тамақтарына кептелiп қалғандай... Осы жерде бiрде-бiрiн қалдырмай тiзiмдеп, аты-жөндерiн жалпақ жұртқа жайса, обалы жоқ сияқты! Әттең, арттарынан iлескен ұрпақтары - немере-шөбереле­рiн аяйсың. Күнi ертең ел тәуелсiздiгi қақпа­қыл­ға түскенде, кiмнiң кiм екенiн көрсе­тетiн қыспақты шақта ардақты аталарының селт етпегенiн бiлсе, не дейдi?.. Мұндайда үнсiз қалудың өзi - сол саясатты құптау, қуаттау деген сөз! Демек, ондай мүләйiм түр танытқандарға Қазақстанның Ресейдiң қол астында жүргенiнен келiп-кетер, үрей етер дә­неңе де жоқ. Әрине, осыдан кейiн қай-қайсысының да дәл сондай сорақы кейiп көрсеткендерiне күйiне­сiң, түңiлесiң...

Мiне, сол мырзалардың бәрi Алаш туын көтерiп, жел­бiреткен аяулы арыстарымыз қылаусыз көңiл­мен сенген, үкiлi үмiтiн артқан келешек ұрпақтары емес пе едi?!

 

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты

Мен жастарға сенемiн! -

 

деп жырлады-ау Мағжан ақын.

Дәл осындай ойды қасиеттi қазақ жерiнен жырақта, Еуропада жүр­ген Мұстафа Шоқай да қайталады. Анттарынан, алған бағыттарынан айнымады. Қазақ халқы осы қасиетi аяулы арыстарымыздың осы қасиетi ұрпаққа ұран, өшпес өнеге болу керек-тi. Алайда сол аға­ларымыз не үшiн бастарын қауiп-қатерге тiгiп, қуғын-сүргiннiң құрбаны болып едi деп ой сүзгiсiне салатындардың аздығын сезiн­ген сайын, жүрегiң шаншып, кеудеңдi ащы өксiк қысады... Бiртүрлi өкiнгендей аяныш сезiмi жаныңды жаншып, жi­герiң­дi құм етедi, езгi­лейдi... "Қайран, ағаларым-ай! - дейсiң ерiксiз. - "Тiзерлеп тұрып өмiр сүргенше, тiк тұрып өлген артық" деген ата-бабаларымыздың өсиетiне қылау түсiрмеген арыстарымыз-ай, ұлт алдындағы тең­дессiз ерлiктерiңдi ұғатын ұрпақтарыңның азып-тозған бүгiнгi бейшара бейне­сiн көрмей кеткендерiң қандай жақсы болды... Әйтпесе, иә, әйтпесе "Қи­ды қозғасаң, исi шығады" демекшi, "Оян, Қазақ!" деп халқын қою ұйқыдан оята алмай өткен Мiр­жақып Дулатовтың аруағынан именбей, "Оянба, қазақ, оянба!" деп әрекет етуден бiр танбай келе жатқан әкiмдер мен ректорлардың, полиция басшылары мен сот, прокурорлардың, тергеушi­лер­дiң бедiрейген, қу, айлалы бет­терiн көрер едiңдер. Қазақтың бодандықтан құтыл­ған тәуелсiз ел болуы үшiн күрескен Алаш арыстарының сенген жастары арасында ондай-ондайлар жетiп-артылады. Мiне, сол мырзалар Желтоқсан көтерiлiсi аталып өтер күндер таяғаннан безек қағып, жанұшыра жанталасқа түседi. Студенттердi оқудан босатады, ауылдарына жiбе­редi, ал кеткiсi келме­ген­дердi: "Алаңға барсаңдар, оқудан қуыласыңдар!" - деп қорқытып-үркi­тедi. Жаңаөзен қырғыны, сондай-ақ жылда аталып өтетiн қуғын-сүргiн құр­бан­дарын еске алатын митингi, жиындарға қатыстырмаудың бар амал-айласын солайша екiжүз­дiлiкпен шебер атқарады. Полиция болса, аса бел­сен­дiлiк танытып, ерекше көзге түс­кенде­рiн шетiнен бассалып ұстап, сотқа сүй­релей жөне­ледi. Сот, прокурорлар әл­гiн­­дей басқосуларға ендi қайтiп беттеместей қылып, жазалауға құлшына кiрiседi.

Оларға керегi - қызмет...

Олардың бар ойлайтыны - халықтың саяси белсен­дiлiгiнен өлердей қорқатын бүгiнгi билiктiң назарына түс­пеу, қайткенде де өздерiнiң оларға ақ-адал екендiктерiн жарыса көрсетiп қалу...

Сол шiркiндер сөйлей қалса, екi сөздерiнiң бiрi "Елбасының сара саясаты" болып келедi. "Көре­гендiгiн" айтады, "көсем­дiгiне" тамсанады. Оқ атылып, бомба жарылмай-ақ тәуелсiздiгi­мiз­дiң iрге­сi дiрiл­деп, қиюы қашқанын бiле тұра... иә-иә, ол жөнiнде дәне­ңе дей алмайды. Бұл да, шынтуайтына келгенде, сатқындықтың бiр көрiнiсi емес пе? Бiз бүгiн анадан ұл боп туып, алайда кешегi өткен ержүрек бабаларының қасие­тiн бойларынан үркiтiп, қызметқұмар, шеншiл, атақшыл, ұл-қыздары, немере-шөберелерiнiң "кемел келе­шегiн ойлағыш", жағымпаз, жалтақ, жасық болып майдаланып, шүре­гейленiп кеткен сондай ұрпақтарыңыз үшiн, амал жоқ, кiшiрейемiз... Аруақтарыңызға басымызды иiп, кешiрiм сұрай отырып:

- Алаш туын желбiрет­кен аяулы ағалар, кешiре алсаңыздар, кешiре кө­рiңiз­дер!.. - деймiз.

 

Талғат  Айтбайұлы,

публицист-жазушы

«Жас Алаш» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5540