Мәмбет Қойгелдиев. ҰҚК-дегі жабық мұрағаттар айналымға тартылмай, қазақтың тарихына байланысты тарихи шындық ашылмайды
Профессор Мәмбет Қойгелдиев:
Профессор Мәмбет Қойгелдиев:
Мәриям ӘБСАТТАР. Ашаршылық мәселесіне тоқмейілсіп қарауға болмайды
Профессор Мәмбет Қойгелдиев:
Мәриям ӘБСАТТАР. Ашаршылық мәселесіне тоқмейілсіп қарауға болмайды
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен қазақ даласында қолдан жасалған ашаршылықтың ащы шындығы әлі күнге ашылмай отыр. Мұндай пікірді біз емес, осы зұлмат жайлы зерттеген кәсіби тарихшылардың өзі айтуда. Таяуда Астанада ашаршылық туралы конференция болып өтсе, Алматыда да ол өз жалғасын тапты. «1930-32 жылғы ашаршылық және ұлттық элита» тақырыбында өрбіген дөңгелек үстелді «Алаш жолы» қоғамдық қоры ұйымдастырған.
«Жылқының қиынан сұлы жинау, өлген малдың терісін жеп қою оқиғалары жиі кездеседі. Соңғы кездері тіпті адам етін жеу туралы сөздер жиі таралып кетті. Аудандық атқару комитеті берген мәлімет бойынша, екі тұтқын әйелді алып келгенде, шелектерінде пісірілген адам еті бар болып шықты. Тергеп-тексеру барысында бұл адамдардың ұдайы молаларды аршып, мүрделерді қорек ететіндіктері белгілі болған».
Бұл - ашаршылық жылдарында төменгі жақтың жоғарғы жаққа берген есебінен алынған үзінді. Жантүршігерлік осындай тарихи фактілердің шет жағасы ғана ашылғаны болмаса, бүгінде біз білмейтін жақтары өте көп болса керек, соның бәрін есепке алмаған күннің өзінде ұлт тарихы үшін ең маңызды бір мәселе - ашаршылық кезінде қанша қазақ қырылғандығы жөнінде нақты фактіні анықтау. Қазақ тарихшыларының ішінде ашаршылыққа тоқталғандары аз болмаған, академик Манаш Қозыбаев, демограф Мақаш Тәтімов, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Қайдар Алдажұманов сынды есімдердің ерекше айтылып, осы тарихи кезеңдерді зерттеуде алдыңғы шепке шығарылатын жөні бар. Жарайды, бұл - бөлек әңгіме, одан бұрын біз ХХ ғасырдағы осынау нәубеттің зерттелу барысындағы қиындықтарға тоқталалық.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
- Ең қызығы, бүгінде аштық жайлы айтып жүргендердің көбі сол кезеңді зерттеп, көз майын тауысқан кәсіби тарихшы, мына біздер емес, тарихқа кездейсоқ келгендер. Себебі біз әлі «міне, мынау нақты факті» дерлік дерекке қол жеткізе алмай жүргендіктен, халықтан ұялып жүрміз. Алайда қазір қарасақ, ашаршылықта құрбан болған мал мен жанның сандық көрсеткіштері жөнінде әркім әртүрлі дерек ұсынып, елді жаңылдыруға кірісіпті. Солардың бірі, соңғы кездері Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тарихына кіріскен шетелдік ғалым Роберт Конкрес аштықта 1 млн қазақ қырылды десе, Йосифовтар 1,5 миллион, ал одан әріректе азулы тарихшы ағамыз Манаш Қозыбаев пен демограф Мақаш Тәтімовтер бұл көрсеткішті 1 миллион 750 мың деп көрсеткен болатын. Бұл жерде айтпағымыз: осындай бірізділік жоқтығынан халық қазір кімге сенерін білмейді. Оқулықтар дұрыс емес, содан келіп біз ҰБТ тапсырушы ұрпақты қиындыққа салып жүрміз. Сондықтан біз қандай да бір тарихи кезеңімізге жай қарамауымыз керек. Өйткені тарихтың дамымай отыруының бір себебі - біздің сол нақты дәлелдер мен дәйектер, яғни құжаттар емес, болжамдарға иек артуымыздан дер едім.
Сонымен 1930 жылдардан басталған аштық тұсында қанша халық қырылды дегенге келсек, тарихшы Талас Омарбеков ол үшін ХХ ғасыр басында қазақтың саны қанша болғанын, шетелге қаншасы қоныс аударуға мәжбүр болғанын - барлығын есепке алу керектігін айтады. Сөйтіп, өзінің мұрағаттарда отырып, тапқан материалдары бойынша және басқа да тарихшы мамандардың келтірген мәлеметтерімен салыстыра келе, мынадай сандық деректерді алға тартады: 1930 жылы ауылда тұратын қазақтар саны 5 млн 873 мың деп көрсетілсе, қалада 732 мың қазақ тұратыны анықталған. Содан аша тұяқты сыпырып алып, қазақ даласын жаппай аштық жайлаған 1932 жылы ауыл халқының саны 2 млн 493 мыңға дейін кеміп кеткен. Осы есеппен, шамамен алғанда 3 млн 379 мың адам қырылған болып шығады екен. Ал енді «жоқ, сонша қырылуы мүмкін емес, қалаға кетіп қалды» деген сөз тумас үшін сол тұстағы қала халқын санасақ, ол 1 млн 218 мыңды құраған. Бұл жерде есте ұстайтын бір жайт - ауылдан қалаға ағылған, не жұмысы, не баспанасы жоқ босқын қазақтарды ешкім еш жерге тіркемегендігі. Ал, жалпы, бұл деректі тарихшы сол тұста қазақтарға патша үкіметінің салық салу үшін жүргізген мал санағына қарап алған. «Себебі олар малмен бірге олардың иелері, яғни қазақтардың да санын тіркеп отыруға мәжбүр болған. Демек, бұл - бірден-бір дұрыс дерек», - дейді Т.Омарбеков.
Сонымен, жалпы, ХХ ғасыр басындағы ашаршылықта барлығы қанша қазақ қырылды дегенде, бір нақты санға тоқталып, оны 3 млн 379 мың деп тоқталар болсақ, онда біз тағы бір нәрседен жаңылады екенбіз. Себебі атамекенін аштық жайлауы салдарынан шетел асып кеткен қазақтар болды ғой? Олай болса, солардың нақты санын анықтап, аталған санаттан алып тастауымыз керек. Қытай 1931 жылы өз елдеріне аман-есен өткен қазақтарды есепке алған, біріншіден, арзан жұмыс күші ретінде, екіншіден, еріктілеріне «паспорт» беру үшін. Бұл ретте де деректер әртүрлі болса керек. Мәселен, Қайдар Алдажұманов пен Талас Омарбековтердің ҰҚК-нің құпия мәліметтерінен алған дерегі бойынша Қытайға 72 000 қазақ өтсе, демограф Мақаш Тәтімов оны 100 мың деп дөңгелектеп алып жүр. Бірақ демограф ағамыз бұл ретте арғы бетке жете алмай, шекарада қырылған қазақтарды қосса керек, сонда, шынында, шамамен 100 мың шығады екен. Батыстық тарихшылардан Роберт Конкрес Батыс Қытайға қашып кеткен қазақтар 200 мың десе, Поляков, Веронская секілді Ресей тарихшылары 1 млн 300 мыңдай деп жазады. Ендеше, бастапқы 3 млн 379 мыңнан осы Қытайға өтіп кеткен - 1 379 000-ды алып тастасақ, сонда ашаршылық кезінде қырылған қазақтың саны шамалап шығады, ол - 2 млн 200 мың адам!
Ендеше, осындай тарихи шындыққа жақын деректер неге оқулықтарға енгізілмей келеді? Бұған, біріншіден, тарихшыларымыздың әлі күнге бүгежектеп, тарихи шындық тұрғысынан бірауызға келе алмауынан болса, екіншіден, әлі де болса ашаршылық, жалпы, қазақтың ХХ ғасыр басындағы тарихына қатысты құжаттардың жабық құлып астында құпия қалып отырғандығында болса керек.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғалымының докторы, профессор:
- Біз тарихшылар түрлі конференцияларда бас қосамыз. Бірақ бір нәрсеге шамамыз келмей, айта алмай келе жатырмыз, ол - ҰҚК жабық архиві мәселесі. Мен 20 жылға жуық ҰҚК-нің архивінде отырып, ХХ ғасыр басындағы сот процестері, әсіресе қазақ саяси элитасының іс-материалдарын зерттеген адаммын. Бірақ ол жерде зерттеушілерге бермей отырған құпия материалдар бар, ол - кеңестік жүйеде жазылған қорытынды анықтамалар. Бұл - бір, екінші бір мәселе, Голощекин кеткеннен кейін 1933 жылы оның орнына Мирзоян келді де, ол Қазақстанның барлық облысында комиссия құрды. Құрамында облыстық партия комитетінен, облыстық атқару комитетінен мамандар кіретін комиссияның мақсат-міндеті ең бірінші кезекте әрбір қазақ ауылы, колхоз-совхоздары мен қалаларында аштыққа дейін адам саны, мал басы, егіс көлемі қанша болды, аштықтан кейін қаншасы қалды деген мәселені анықтау еді. Сол фактілер мұрағаттарда сақталуы керек, ендеше, біз осы мәселе бойынша зерттеу тобы ма, бәлкім, орталық құрсақ дұрыс болар еді. Мүмкін, сол материалдар табылар ма еді?.. Бұрынғы кезде тарихшылар бірдеңе жаза бастаса, «Мәскеу не айтып жатыр, қандай саясат ұстанып отыр, соған қарай бағыт ұстаныңдар» деп, содан біз әбден жалтақ болып қалғанбыз. Қазір де Мәскеу бізге әлі де сондай ықпал жасағысы келеді-ақ, бірақ қазір қауіп одан гөрі, басқалардан төніп тұрғандай. Бізде Тәуелсіздіктен кейін ағылшын тілін білетін жаңа зерттеушілер қалыптаса бастады. Солар батыстық зерттеушілерді аспанға көтеріп, дәріптеп бағуда. Осы ретте мен бір нәрсені айтқым келеді, Генрих Гейне деген неміс ақынының шығармашылығы жайлы Ф.Энгельс кезінде: «Поэзия Гейне по сравнению с нашей прозы детские шутки», - дейді. Ол арқылы Энгельс нені тұспалдап тұр, ол К.Маркс еңбектерінің рухын жоғары қойып тұр. Бұл жерде айтайын дегенім не? Сол Р.Конкрес, М. Тьери секілді қазақ тарихын зерттеуші батыстық ғалымдардың жасаған еңбектері біздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында жатқан материалдардың жанында әншейін болмашы бір нәрселер ғана. Ендеше, бір сөзбен айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі жабық мұрағат, құжаттық материалдар айналымға тартылмай, ХХ ғасырдағы қазақ тарихындағы шындық ешқашан ашылмайды.
Түйін
Осындай төрелік сөз айтылып, өрелі мәселелер қозғалған дөңгелек үстел басына жиналғандар арасында жоғарыда аты аталған Т.Омарбеков, М.Қойгелді және Қ.Алдажұманов, Б.Қойшыбай сынды тарихшылармен қатар, қоғам қайраткері Жұмабек Ашуұлы, саясаттанушы Әзімбай Ғали мен Айдос Сарымдар болды. Жиында тарихи шындықтың ашылмай жатуы қазақтың рушылдық дертінен айыға алмай жүргендігі баса айтылды.
Қалай десек те, тарихшыларымыз тірнектеп жинайтын, зерделеп зерттейтін дүниелер әлі алда. Ал ашаршылық сияқты халқымыздың тарихи ақтаңдақтарына тоқмейілсіп қарауға болмайды.
«Алаш айнасы» газеті