Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 28261 0 пікір 2 Маусым, 2022 сағат 16:34

Қабылиса. Қабан жырау. Тарақ таңбалы тарлан

БІРТУАР БАБА БЕЙНЕСІ

(зерттеулер мен мақалалар)


«ӨЛЕҢГЕ ҚЫРҒЫН ТУҒАН ҚАБАН АҚЫН»

Жер жәннаты – Жетісудың жері тұмса табиғатымен, айдарлы батырлары, айбарлы ақындарымен танымал. Қалың қазақ елінің қасірет кешкен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде елдің еңсесін көтеріп, рухын құлатпаған абыз аталар, әулие көмей жыраулар, Алашты алға бастаған ақындар еді. Сондықтан да қазақ жұртшылығы көмейіне сөз қонған ақындары мен жырауларын аса жоғары бағалайды. Ұлы Даланың Ұлылығы сөздің құдіретімен сақталып, сөздің киесімен тіршілігін үзбеді, ұлттың ұлылығы сөздің сырында сақталды.

Аласапыран, астаң-кестең кезеңде, яғни, XVІІІ ғасырда өмір сүрген, халық арасында «Абыз ата», «Ақын ата», «Әулие ата» атанған Қабан (Қабылиса) Асанұлы Алаштың туын жоғары ұстап, рухын асқақтатқан, даланың данагөйі болған танымал тұлға.

«Тегінде бар тектілік, шықпай қоймас еп қылып» деп шежіре шертіп сөйлейтін қазақылық жолмен тарқатсақ, Қабан жырау Ұлы жүздің ішіндегі іргелі  ел саналатын «ноқта ағасы» Жалайыр руының Мырза атасынан тарайды. Халықтың ыстық ықыласына бөленген Қабан ақынның әкесі Асан өзіндік дәулеті жарасқан, әулеті өсіп-өнген, көргені мен бергені көп, жапырағы жайқалып, тамыры терең тартқан бәйтеректей бай-қуатты адам болған деседі. Асан әкесінің кіндік кескен жері әулие – әнбиелер мен ақын-абыздар қанат қаққан қасиетті Сырдың бойы болса керек. Жалайырдың Сырманақ, Шуманақ аталарының атауының өзі Сыр мен Шуды жайлағандықтан қойылған деген де жорамал бар. «Көшпелі тұрмыстың қызығы мен шыжығын қатар көрген қазақы тіршіліктің көшіменен 1767 жылдары Жетісудың жеріне қоныстанған», – дейді дерек көздері.Сырдың бойымен сырғып отырып, Жетісудың Іле өзені бойын мекендеп, Қаратал өңіріне көшіп келген. Қабан жырау Сырда туғаныменен, балалық шағы мен жігіт­тік кездерін Шаған тауының шатқалдарында, Лабасының өзегінде өткізсе керек.

Әкесі Асан алдында айтқанымыздай, ризығын елмен бөліскен орта дәулетті адам екен. Асан атаның кіндігінен алты бала тарайды.Асанның алғашқы әйелі, яғни, бәйбішесінен: Аю, Қабан, Серкебай, Еркебай туса, тоқалынан: Текебай, Көсембай деген ұлдары туған. Арғы аталарынан бері ас та төк дәулетімен де, сән – салтанатты сәулетімен де жұрттан озған Қабан ақынның аталас ағайындары арасында Алашқа аты мәлім Ескелді, Балпық билер болған. Топ бастайтын көсемдігі мен сөз бастайтын шешендігі арқасында елдің тұтастығы мен бірлік-ынтымағын арттыруға бұл бабалардың қосқан үлесі аса зор. Бүгінгі буын ұлы бабаларын санасында сақтап, жадына жаттап, мәңгілік мақтан тұтады.

Атадан алтау болып тараған Қабан жыраудың да ұрпағы өсіп-өнген, өрбіген үлкен қауым ел болған екен. Қабан ақынның бес ұлы мен бір қызы болған. Бәйбішесінен – Шынтемір, тоқалынан: Сүлеймен, Оспан, Әбдіманап, Ысқақ және Қоянкөз. Қабан жырау жалғыз қызы Қоянкөзді көзінің қарашығындай сақтап, жанындай жақсы көріпті. Қоянкөз қызы да әке аманатын арқалаған, өнерге жақын, ән айтып, керегінде кенеттен келістіріп сөз айта алатын аузы дуалы, сөзі уәлі адам болған. Бір қауым елді өрбіткен алтын құрсақ ана, ардақты әже, ақжаулықты ақылман болған деседі. Ұлы Қабан жыраудың ұрпақтары бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

Қабан жыраудың мүбәрак есімі жылдан жылға халыққа жақындай түсуде. Қабан ақынның шешендігі, көсемдігі, әулиелігі, көріпкелдігі туралы ел арасында айтылып жүрген аңыз-әпсаналар мен жанға жақын әңгімелер халық шығармашылығында, фольклорлық туындыларда әртүрлі сюжетте әспеттеліп айтылып келеді. Жыраудың шығармашылығы мен өмірі, қалдырған мұрасы туралы әдебиет, тарих, философия, тіл білімі ғылымдары салалары бойынша зерттеу жұмыстары да ақынды танып-таныту жолында көп үлесін қосуда.

Қабан жырау туралы әдебиет тарихында сүбелі зерттеулер жүргізіп, тың деректер жариялап, өлеңдері мен толғауларына әдеби талдау жасап, ғылыми айналымға енгізу жұмыстары Мұхтар Әуезов еңбектерінен бастау алады. Қабан жыраудың асыл бейнесі ғылыми зерттеу еңбектерінен бұрын халық шығармашылығында өз өрнегін таба білді. Қабан жырау туралы халық жыры былай өріледі:

«Өлеңге қырғын туған Қабан ақын,

Маңына қандай адам бара алатын.

Айтыссам деп келгендер

                                дауысын естіп,

Астынан алты қырдың

                               жоғалатын».

Бұл жолдардан Қабан жыраудың қаншалық халыққа қадірлі болғанын білуге болады.

Қабан ақынды жыр алыбы Жамбыл мен оның ұстазы Сүйінбайдың пір тұтқандығы туралы деректер бар. Ол жайлы Жетісудың жүйрігі Кенен ата былай дейді:

«Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,

Бас иген ұлы жүзде тәмам ақын».

Ұлы жүздің бүкіл ақыны бас иген Қабан жырауды әлі күнге дейін өз деңгейінде таныта алмай жатқанымыз жанды жүдетеді. Кенен ақынның жыр жолдарындағы өрілген сурет – нақты тарихи дерек, жалтармас факт.

Қазақтың айтыс өнерінің ең үздік үлгісі болып табылатын «Біржан – Сара айтысында» ақын қыз былай толғайды:

«Қасиетті Қабылиса Асанұлы,

Мырзадай іргесі кең елден шыққан.

Кем болмас ештеңеден мұны ұққан.

Бұл кісі өзі әулие, әрі ақын,

Исі қазақ біледі оның атын,

Өзгеден Қабекеңнің сөзі татым».

Осынау жолдарда Қабан жыраудың бүкіл қасиетін ақын Сара айшықтап айтып, жеткізудей-ақ жеткізіп беріп отыр.

Одан бөлек, Қабан жыраудың ұлылығын дәріптеп, өзіне пір тұтқан жетісулық жүйрік Бақтыбай ақын былайша термелейді:

«Жасымда жетім болып

                                безіп кеттім,

Қаңғырып айдаланы кезіп кеттім.

Түсімде Қабекеңнен өлең алып,

Нәсіпке бай болатын кезікпеппін».

Көмейінен жыр төгілген Бақтыбай Жолбарысұлы Қыпшақбаймен айтысында:

«Қабан атам дейтұғын

Менің пірім болады.

Он сегіз мың ғаламды,

Өлеңменен толғаған», – деп, Қабан жырауға деген құрметін одан әрі арттырады.

Ел арасындағы ақындардан бөлек, Қабан Асанұлы туралы ғылыми-зерттеу еңбектерін арнаған ғалымдар да баршылық. Қабан жырау жырларын бүгінгі күнге жетуіне басты себепкер болғандардың басында қазақ ғылымының «аққан жұлдызы» Шоқан Уәлихановтың еңбегі орасан зор. Оның хандық дәуірдегі жыраулардың жырын жинақтаған еңбектерінің арасында Қабан ақынның да өлеңдері кездеседі.

Қабан ақын туралы тұшымды ой айтып, әдебиет тарихында ойып орынын алуға басты себепкер болған Мұхтар Әуезовтің еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Кейінгі кезеңдері жетісулық ақындарды тереңнен зерттеген үлкен ғалым Мырзатай Жолдасбековтің еңбектері мен зерттеулері Қабан жырау мұрасын танып-білуге қосылған толағай табыстар, өлшеусіз үлес деп бағалауға болады. Әсіресе, ғалымның: «Қабан кезінде өте ірі жырау болған, айлап айтса таусылмайтын ұзақ эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған. Өкініші, соның ешқайсысы да сақталып бізге жетпеген, Сыпыра жырау тәрізді, Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Сүйінбай жасында Қабанның көшінен жеті күн қалмай ілесіп жүріп, батасын алса керек», – деген пайымдауы көп жағдайдан хабар береді.

Қабан ақынның мұраларын көздің қарашығындай сақтап, жалпы жұртқа жария болуына сүбелі үлесін қосқан ғалымның бірі – Сәрсенбі Дәуітұлы. Ол құрастырған, жинақтаған, талдау жасап, зерттеу жүргізген жинақтар мен кітаптар, мәнді мақалалар өзінің өміршеңдігін ешқашан жоймақ емес. Сонымен қатар, белгілі ғалым, қоғам қайраткері Өмірәлі Қопабаевтың да жазбаларынан оқырман жаңа деректер мен тың ойларға кезігеді, Қабан ақынды тануға ниеті арта түседі. Қабан жыраудың жырлары мен әдеби мұрасы, ол туралы деректерді түгендеу, сараптау, көпшілікке таныту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан жазушы Нұржігіт Жүнісбекұлының, журналист Ораз Исмаиловтардың жанкешті еңбектерін атап айтуға тиіспіз. Сондай-ақ, Самат Өтениязов, Қарашаш Алпысбаева сияқты зерттеушілердің ізденімпаздығы, ерен еңбегі арқасында тың деректер табылып, Қабан ақынды халыққа қауыштыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізілді. Қабан жыраудың дүниетанымын зерттеу бағытында жас ғалым Алмагүл Қанағатова «Бұқар жырау мен Қабан жыраудың әдептік дүниетанымдары» деген тақырыпта философия ғылымдарының кандидаты дәрежесін алуға арналған диссертациясын қорғап шықты. Ғалым өзінің зерттеу еңбегінде Бұқар жырау мен Қабан жыраудың шырайлы шығармашылығындағы бірқатар ұқсастық пен сол замандағы зәру мәселелердің негізге айналуы, сол тақырыптарды ашудағы азаматтық үн, арналы көзқарастарына кеңінен тоқталған.

Міне осындай еңбектердің арқасында «Қабан ақынның аты өшпейді, ұрпақ жадында жаңғыра береді» деп сенеміз.

Қабан жырау – алдымен, ақиық ақын әрі тереңнен термелеп сөйлейтін әулие көмей, жорықшы жырау, жыршы. Екіншіден, елдің мұңы мен зарын айтатын әрі қалың халықтың арасында суырып салып, елдің намысын қорғайтын айтыс ақыны болған. Үшіншіден, есейе келе елдің қамқоры, аталы сөз бен баталы тілек айта алатын сөзі дұғалы абыз, әулие, көреген, көсем, кемеңгер болған халықтың қалаулысы.

Енді тарқата тоқталып, алдымен ақындығын айтсақ, оның өлең-толғаулары адамның өмірде өз жолын табуына арналған, дидактикалық мол мазмұнға ие шығармалар.

«Тіл алсаңдар, шырағым,

Өсек сөзді елеме.

Үйір болғын, шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын,

Дүние қайтып келе ме?

Дүниеге сенім жоқ,

Мінерсіз бір күн кемеге», – деген жолдарда өмірдің бүкіл сыры мен мән– мазмұны анық, айқын айтылған. Мұны өмірдің ащысы мен тұщысын көрген кемеңгерлікке жеткен абыздың аталы сөзі деп бағалау керек.

Екіншіден, айтыскерлігіне келсек, ақынның бізге үш айтысы ғана жетіп отыр. Біреуі – жас кезіндегі Тұмаршамен болған айтысы, ол оны жеңген. Одан кейін Таутан қызбен айтысы, бұл өте күрделі жұмбақ айтыс ретінде тарихта қалды. Ал, үшіншісі, бір қызбен қағысқаны. Бұл айтыстар жалпы жұртқа белгілі.

Үшіншіден, халықтың батагөй қариясы, данагөй дариясы болғандығы баршаға аян. Қабан жыраудың көріпкелдігі мен болжағыштығы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, алқалы топты аузына қаратқан шешендігі, қалың жаудан қаймықпай қол бастаған ерлігі, халқына қамқорлығы ешқашан елдің санасынан ұмытылмайды, ұрпақтан ұрпаққа ұлықталады.

Жерұйығы – Жетісудың желден жүйрік абыз ақыны Қабылиса – Қабан жыраудың есімі елдің есінде мәңгілік сақталады. Жаңа Қазақстанға қадам басқан әрбір ұрпақ ұлы бабалардың отанына деген адалдығын, қасиетті қазақ жерін қорғаудағы ерен ерліктерін, саналы, салиқалы, мәнді, мазмұнды, көрегенді, көркем сөздерін жадына жаттап, аталар мұрасын терең меңгеріп барып, алға адымдап басуы керек. Ол үшін осындай ұлы бабаларымызды бүгінгі буынға дәріптеп, таныту көзі қарақты қауымның басты парызы деп білеміз.

Бабалардан қалған бар байлықты қалпын құлатпай, сыр-сипатын бұзбай жинап, реттеп жарыққа шығару, зерттеп-зерделеп, бүгінгі өскелең ұрпақтың игілігіне айналдыру – ол, түптеп келгенде ұлт руханиятын мінсіз сақтау мен байыту үшін керек. Ал ұлт руханиятының ақаусыздығы мен нығаюы – Президент Қ.К.Тоқаевтың: «Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз.

Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз», – деген бастамасын жүзеге асыруға лайықты серпін беретін тірлік болмақ.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

ҚР БҒМ ҒК Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.


ҚАБЫЛИСА (ҚАБАН)

XVIII ғасырда ұлы жүз ішіндегі Жалайырдан шыққан аса көрнекті қайраткер Қабылиса өр мінезімен, өжет батырлығымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісінде-ақ Қабан ақын атанған. Ол ел басшылары Ескелді, Балпық билермен қатар «әулие» деген атқа ие болған. Өйткені әр жерде шашырап, көшіп-қонып жүрген жалайырлардың басын қосып біріктіруде, тұтас бір ел етіп топтастыруда оның еңбегі, қажыр-қайраты үш ғасыр бойы аңыз-әңгімеге айналған. Ел үшін, жер үшін қанын төгуге, жанын қиюға әзір екенін мына бір көріністен-ақ байқауға болады:

«Ақынның шөбересі Мәрима  Рақметқызының айтуына қарағанда, қазақ-қалмақ соғысы кезінде Жалайырдың бір батыры жекпе-жектің шартын сақтамай, қарсыласын қас пен көздің арасында шаншып өлтіреді. Мұның арты дау-дамайға айналып, қалыптасқан салт-дәстүрді бұзғаны үшін әлгі жас батырды қалмақ жағы байлап беруді талап етеді. Ел ағалары бұл талапқа мойынсұнып тұрғанда, Қабан ақын алға шығып: «Бұл батыр ел қорғаны бола алатын азамат екен, жолына жан пида – мені байлап беріндер!» - дейді де, өз еркімен жау қолына аманатқа кете барады» (Журналист Ораз Исмайылұлының жазбасынан).

Филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков Қабан ақынның алдағыны болжайтын әулиелігін бейнелейтін мынадай аңыз келтіреді: «Бірде Жетісу өлкесінен шыққан атақты батырлар Өтеген, Райымбек, Қараш және Қабан төртеуі бас қосып отырады. Райымбек пен Өтеген – құрдас, Қараштың жасы олардан сәл кішілеу, бәрінен үлкені Қабан екен.

Райымбек сөз бастайды:

– Өтеген, «ел аралаған – сыншы» деген, жер-дүниені шарлап келдің, жасымыз болса тақады, батыр атағың бар, көпті көрдің, өле қалсақ, жағдайымыз қандай болады, қайсымыз қай жерде қаламыз, айта аласың ба? - дейді.

Өтеген:

– «Аға тұрып сөйлеген ініден без» деген, бұл дүниенің жарығын бізден бұрын көрген алдымызда Қабан ағамыз отыр, сол кісі айтсын! - депті.

Сонда Қабан:

– Екеуің біріңді бірің түрткілеп, ақыры мені сөйлеттіңдер ме? - деп сөз бастайды. – Әке-шешем қойған атымды өзгертіп, ел мені Қабан атандырды: мен бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде қалармын. Үш күн денем жерде жатады, үш күннен соң табылмайды. Ал, Өтеген, сенің мінезің жайлы, жүзің жылы еді, жылжып аққан судың жағасында жатасың, бірақ, түбінде сені де жылжытып, басқа жерге қояды. Райымбек, сен көпшіл ең, қиямет-қайымға дейін басыңнан дабыр, үстіңнен дүбір кетпейтін үлкен жолдың бойында боласың, - деген екен. Бұл аңызды Кенен Әзірбаев пен Әмірқұл Құлшықов айтқан» («Асыл арналар», Алматы, «Жазушы» баспасы, 1986, 152-153-бет­тер).

Бұл аңыз рас болса, Қабанды шын әулие деуге қақымыз бар. Себебі, Өтегеннің қабірі «жылжып аққан су» Іле өзенінің бойында-тұғын, ал, ол беріде Қапшағай «теңіздің» астында қалатын болған соң, ұрпақтары «жылжытып», биік төбенің басына қойды. Райымбек Алматыдан Ташкентке қарай шығатын үлкен жолдың бойына жерленген екен, ол маңай бұрын да, қазір де дабыр-дүбірдің орны болды, жуырда ұрпақтары басына биік ескерткіш орнатып, ары-бері өткендер, арнайы келушілер тәу ететін қасиетті мекенге айналды. Қабанның өзі Іле өзені бойындағы шоқ қамыстың ішінде, бұлақ басында жатыр.

Қарт журналист М.Жылқайдаров мынадай бір дерек келтірген: «Бірде ақын ауылына Ұзынағаш жақтан бір топ мейман келеді. Бала-шағалары жақын бір ауылдағы тойға кетіп, үйде жалғыз қызы (бес ұлдың ішіндегі) Қоянкөз бен Қабан ақынның өзі қалады. Қонақтарға шай қайнатылып, ет асылғанда ерке қыз құда түсуге келгендерге ылғи қойдың қол етін қазанға салыпты. Алдарына ас келгенде қонақтар тіксініп: «Жақсы әкеден де осындай көргенсіз бала туады екен-ау» деп, біріне-бірі қараса керек. Соны тез аңғарған ақын табан астында:

«Балам білмей, қонаққа қол асыпты,

Қол асса да қой етін мол асыпты.

Саннан бұрын өмірге қол келеді,

Соны біліп, ертеңге жол ашыпты», - дейді.

Ишаратты түсінген қонақтар: «Мына қыз осал болмады. Қазақтың ескі салтын бұзып, жаңа жоралғы жасап отыр екен, қойдың жамбасын, төсін, сан етін аспай, қазанға қолын салуында да мән бар екен ғой», – деп құдандалық рәсімін жасап, елдеріне қайтса керек.

Қоянкөз содан Шапырашты еліндегі Байтемір деген жігітке ұзатылып, одан Еркебай, Әймен деген балалар туады, ұрпақтары қазір Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Күрті, Қаскелең аудандарында тұрып жатыр. Ең бастысы – Қоянкөз ақындығымен де ел есіңде қалып, Алматы мен Қапал арасында патша тұсында бекетке айналған көрікті бір жер сол апамыздың атымен аталған. Сол маңайда Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы жылдарын өткізген, бұл жөнінде жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың «Қоянкөзде құлаған Жұлдыз» атты шығармасы бар. Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына қарайтын бір ауылдық Кеңеске сол кісінің аты қойылған.

Сыр бойында туып-өскен ақын ел басылары Ескелді, Балпық, Орақтылармен бірге жалайырларды Іле мен Қаратал өңіріне көшіріп әкелгенде, барлық саналы өмірін Шаған тауының шатқалдарында, Лабасының баурайында өткізсе керек. «Құйма құлақ қариялардың айтуына қарағанда, Қабан – қапсағай денелі, айбарлы, ақылды адам болған», - деп жазады Ораз Исмайылов. Ел қорғап, ерлік көрсетіп, тіпті елінің амандығы үшін аманатқа өз еркімен кеткен кездері де болған. Есейе келе елшілікке жүріп, билікке араласып, халқының қамын жеген. Әділдік пен амандықты жоғары ұстаған Ақын Ата әркімнің қайғы-қасіретіне ойлы көзбен қарап, оларға хал-қадірінше қол ұшын беріп отырған. Бұл жайында белгісіз бір ақын:

«Күлдірген қайғылыны Қабан ақын,

Алдына бір мұңлы адам

                      келсе жылап», - деп жырға қосқан.

Қабанның қандай ақын болғанын Кенен Әзірбаевтың «Жамбыл – жыр» деген толғауынан аңғару қиын емес:

«Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,

Бас иген ұлы жүзде тәмам ақын.

Нағашысы Жалайыр Қабан еді деп,

Жамбыл атам айтатын

                                   маған атын.

Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау,

Жамбылдың айтқан сөзі

                                   есте тұр-ау.

Жиені – Сарбас ақын сөйлерінде

 Әдеті – мұртын қағып,

                                    құлақ бұрау».

 

«Импровизатор ақындарда өзі табынған адамға еліктеу әдеті болған», - деп жазады ғылым докторы Мырзатай Жолдасбеков. – «Қабан жырау – Сүйінбайдың да, Сарыбастың да нағашысы. Сүйінбайдың, Сарыбастың, Кененнің жыр толғарда аспанға қолдарын сермеп, құлақ бұраулары сол Қабаннан қалған».

«Менің ақындығым балаларыма дарымайды, қызым мен жиендеріме көшеді», - деген екен Қабекең. Онысы да әулиелік болып шыққан. XIX ғасырдың ерен жүйрік ақыны Бақтыбайдың түсіне кіріп, аруағы қонатынын Қабекең, әрине, білген жоқ. XX ғасырдың жыршысы Қалқа ақын да Қабанға сыйынып, «пірім» деп отырады екен. Арқаның ақиығы Біржан салмен айтысқан ақын Сара былай деп толғаған:

«Қасиетті Қабылиса Асанұлы,

Мырзадай іргесі кең елден шыққан.

Кем болмас ештеңеден мұны ұққан...

Бұл кісі өзі әулие, әрі ақын,

Исі қазақ біледі оның атын,

Өзгеден Қабекеңнің сөзі татым».

Қабан, ең алдымен, адал сөйлейтін, билігі, байлығы бар адамдарды өтірік мақтап жағынбайтын, қара қылды қақ жарған ақын болған. Оған бір мысал: марқұм  Иманғазы қарияның  айтуынша, бір жолы ақын ауылына барымташылар баса-көктеп кіріп, жылқыларын айдап әкетеді. Қабан бастаған жаужүрек жігіттер барымташыларды қуып жетіп, айқаса кеткенде, аналардың бір жігіті соққан сойылға жығылып, мерт болады. Барымташылар құн даулап, Әділ төреге жүгінген. Төре Қабанды шақыртып: «Құнын неге қайтармайсың?» - дегенде, ақын ойланбастан:

«Ұрыға құн жоқ,

Ұрыға құн болса, момынға күн жоқ.

Өзі ізденіп келіп, өлген немеге,

Маған салсаң, дым жоқ!» - деген екен. Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» есіне түсіп, төре ары қарай дау айтпапты.

Абылай ханның Жетісуды билеген баласы Әділ төрені бірде Қабан өз аулына қонаққа шақырса, келмепті. Бұған өкпелеген ақын бір жиында наз айтса, Әділ:

– Үйде жатып сәлем айтқанымда, Жалайыр бір қызын өзі әкеп қойныма салды. Ал, енді сенің аулыңа бармағаным – жеңге боларлықтай бір әйелді көре алмағаным, - деп орынсыз тәкаппарсынды. Бұл Әділдің шау тартып қалған кезі екен, Қабан ойланбастан:

«Қызы еді Жалайырдың осы ханым,

Өрбіген бұл келген соң малы-жаның.

Әйелдің «бол, бол» деген бір сөзі бар,

Жатады қартайғанға бармағаның», - деп әзілдеген екен.

Әділ қартайғанын мойындап:

Әй, ақыным-ай, тым құрыса адамның көңіліне де қарамайсың-ау! - деген екен.

XIX ғасырда өмір сүрген Бақтыбай ақын айтқандай, «инемен қара сөзді сабақтаған» Қабан ел-жұртты имандылыққа, шариғат жолына шақырып, көп өлеңдер шығарған. Оның ислам дінін жетік білгендігін, кітап оқыған сауат­тылығын, өлеңдерін жазып та шығарғанын талай толғауларынан, өсиет өлеңдерінен аңғару қиын емес. Амал не, қолжазбалары сол күйінде сақталмаған, жеке жырлары ауыздан-ауызға көшіп жүргенде өзгергені, бұрмаланғаны, кейбіреулердің өз жанынан қосқандары да байқалады. Өлеңдерінде кейбір кібіртіктің кездесуі содан. Әйтпесе, Сүйінбай, Сарбас, Бақтыбай сияқты ақиық ақындар Қабанға «пірім» деп сыйынбас еді ғой. Сонда да бірсыпыра сөздерінен терең ой, өмірге философиялық көзқарас айқын аңғарылып тұрады:

«Арам пейіл адамдар,

Достығыңда тұрмайды.

Араңа кірсе сумаңдап,

Сырыңды шым-шым ұрлайды...

Ақылы жоқ наданның,

Жамандық ісі қалмайды.

Кер аузына барғанша,

Ақылды айтқан алмайды.

Жамандықтың белгісі 

Әр нөрсені торлайды.

Осындайлармен дос болса,

Ақылды жігіт сорлайды», - деп, өткінші тіршіліктің сырына үңіледі. Қарт ақын Қабан кейінгі жастарға тәлім-тәрбие беретін өсиет сөздерді көп айтқан. Арнайы мектебі, ғылым-білім ордасы жоқ көшпенді қазаққа сол замандарда ұлағат сөздер ауа мен судай қажет те болған шығар:

«Момындарға күш етпе,

Жетеді оған әлім деп.

Ойланбай бұрын іс етпе,

Өзім білем бәрін деп...

Шашпа бекер малыңды,

Таусылса, өзім табам деп.

Іркіп ұста барыңды,

Сенбе елден алам деп. 

Айтпай кетті ағалар,

Деп жүрмесін бізге кеп:

«Өлгеніңше ой азық,

Өнер, ғылым ізде», - деп.

Қабанның ел есінде қалған даналық сөздері көп-ақ «Не қиын?», «Не қымбат?», «Дүниеде не жетім?», «Не ортақ және неше жұпты бар?» - деп сауал қояды да бәріне өзі тәптіштеп жауап қайырады. Мысалы, «Не қымбат?» - деген сұрағына көкейге қона кететін мынадай жауап айтады:

«Туып-өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат.

Әлпештеген анаң қымбат,

Еркелеген бала қымбат.

Жақсы дос, жарың қымбат,

Бәрінен де ұят пенен

                    арың қымбат».

«Ел көңілін кім ашар?», «Жігіт көңілін кім ашар?», «Ұл көңілін кім ашар?», «Аурудың көңілін кім ашар?», «Аттың көңілін кім ашар?», «Кім жақын?», «Білгендерден ғибрат ал» сияқты өлеңдерінде өмірдің сан қырлы сырларын, тіршіліктегі қилы-қилы құбылыстардың астар-мәнін ашып көрсетеді. «Бақыт, қайдан келесің?», «Бақыт, қайда барасың?» деген жырларында сұрақ-жауап арқылы сан-салалы тұрмыстың татымды-татымсыз жақтарына ойлана қарап, терең толғанады. Қабан ел-жұртты татулыққа, бауырмалдыққа шақырудан жалықпаған. Жақан Исаұлы деген кісі мынадай бір оқиғаны айтқан: «Сол заманда Іле өзенінің оңтүстік батыс беткейінде қазақ-қырғыз арасында жанжал туып, қырғыз жағының бір батыры мерт болады. Мұның аяғы насырға шабатын болған соң, қазақ жағы Шу бойында жатқан Қабанға адам жібереді. Лезде жеткен Қабекең қанды дауды шешу үшін екі күн, екі түн жырлап, казақ пен қырғыз ежелден дос бауыр екенін, «төсекте басы, төскейде малы қосылған» туыстығын дәлелдеп, татулыққа шақырған:

«Қырғыз, қазақ бауырым,

Айналған алтын қазығым.

Арқаласам – тауымсың,

Араласам – нуымсың.

Азға өкпелеп, елден күдер үзбейік,

Балық іздеп, судан жылан сүзбейік.

Құт, береке, бірлікті

Ордамыздан, от басынан іздейік.

Арамызға әзәзіл кеп кірмесін,

Көңілімізде кірбің қалып

                                жүрмесін...»

Ұзақ толғаудан қалған осынау аз ғана жұрнақтан халық қамын, тату-тәттілікті мұрат еткен дана қарттың бейнесін көреміз.

Қабан – талай айтысқа түсіп, жеңімпаз атанған ақын. Бізге жеткені – екеу-ақ, олар: Тұмаршамен және Таутанмен айтысы. Бұлар да түгел сақталмаған, барының өзінен арғымақтай жүйрік ақынның алдына жан салмағанын, шаңға көмілмей оза шапқанын көру қиын емес. Әсіресе, Таутан қызбен жұмбақ айтысқа түскенде өз заманына сай аса білімді, оқымысты адамның бейнесі көз алдымызға келеді. Өмірдің, тіршіліктің, діннің сан-саласын қамтитын жұмбақты Тұмарша сұрақ күйінде қояды да, Қабан сүрінбестен дәл, анық жауап қайтарып отырады. Бұдан біз тапқырлықпен қоса асқан ақылдылықты, білімдарлықты аңғарамыз.

Білімдарлық демекші, Қабан ақынның баспа бетінде жарық көрген жырларынан «Әрқашан білгенімді салдым хатқа», «Өзім көрген кітаптан оқып, білдім», «жазып отырмын», «жазып кеттім» деген сөздерді ұшыратамыз. Бұған қарағанда, ол жан-жақты сауатты адам болған. Жетісудың даңқты ақын-жыраулары үлгі тұтқан, аруағына сыйынған Қабылиса Қабан ақын мұрасы аз сақталғанмен, барының өзі бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа тәлім-тәрбие берерлік алтын қазынаға айналып отыр.

Бек ТОҒЫСБАЕВ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері


«ҰСТАЗЫ СҮЙІНБАЙДЫҢ ҚАБАН ЖЫРАУ»

Байыпты саралап қарар болсақ, арғы тегіміз, түп-тұқиянымыздың тарихы бай да базарлы. Қазіргі идеологиялық қолшоқпарға айналмайтын мамандардың пікіріне қонақ берсек, арғы тарихымыз тіпті қырық-алпыс мыңжылдықтардың қойнауына кетеді. Адамзаттық алғашқы өркениеттің алтын бесігінде тұрғандығымызды мақтан тұтамыз.

Шүкір дейміз, әсіресе, Азаттық алғалы бергі уақытта өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күйге бөлендік. Алты алаштың небір ардақтыларының қатарында Қабан жырау, батырдың да есімі одан әрі жаңғырды. Ұрпақтың жадына бұрынғыдан да ұялай түсті, жүректерде жатталды. Біз осы арада қандай басшылық қызметте жүрмесін ата дәстүрді аялап, ел ардақтыларының есімдерін ұлықтауға үлкен қамқорлық көрсетіп келе жатқан азаматтарға жұртшылықтың атынан алғысымызды білдіреміз.

Өңірімізде Қадырғали Жалайыр, Ескелді, Балпық, Қабанбай, Сүйінбай, Мұхаметжан Тынышбаев сынды біртуар перзенттермен қатар Қабан жырауды ардақтау тұрғысында көптеген игілікті шаралар тындырылды. Сонау 1993 жылы Көксу ауданында бабамыздың 300 жылдығы жоғары деңгейде өз мәнімен, сәнімен өтті. Есімі үлкен ұжымға, шырайлы мектепке, көшелерге берілді, мүсіні сомдалды, мұражайы қамдалды, зерттеу кітаптары шығарылды, ескерткіші бой көтерді.

Қабан (Қабылиса) жырау қазақ әдебиетінің ірі өкілі, жұлдызды жырауы, батыры ғана емес, іргелі қоғам және мемлекет қайраткері. Өзінің терең қатпарлы жалынды жыры, қара орман жұртшылықты сүттей ұйытар салмақты ойы, ұшқыр нақыл сөзі, қағидаттарымен бытыраңқылыққа ұшыраған халқымызды бір тудың астына біріктіруге, Абылай сұлтанның абыройын асыруға өлшеусіз үлес қосты. Түркістан төрінде Абылайды ақ боз атқа қондырып, барша қазақтың ханы етіп сайлауға мұрындық болды. Алаштың ардақ туын көппен бірге желбіретті.

Ғасырлар бойына жаудың шетінде, желдің өтінде, қылыштың жүзінде күй кешкен Жетісу жұртшылығының елдіктің аңсар арнасына түсіп, келер ұрпақтың қамын күйттеуіне сол дәуірдің тау бейнелі ерен тұлғаларымен бірге зор белсенділік танытты. Сырдың бойы, киелі Түркістан мен дулы Ташкент өңірінде қанат жайып, тұрақтанып қалған жалайырлардың басын қосып, бәтуаға келтірді. Төле бимен қатар дау шешіп, Бұқар жыраумен үзеңгі қағыстыра күй кешті, Абылаймен бір түменнің сапында жоңғарлармен шайқасты. Ата жаудың қолына да түсті. Рухын түсіріп, жігерін жасытпады. Елдіктің ұранын салды, замана тұрағын шалды. Дәуір желінің өкпеден өтіп, жанды жарақаттарын, бас біріктіріп, қолда барды базарламаса, анталаған жаудың аранында жұтылып кете беру қаупінің қай кездегіден де тажалды түрде тұрғандығын санаға құйды себелетіп. Сол себепті де ол:

«Киік қайда ойнайды,

Тауда тарғын болмаса,

Балық қайда ойнайды,

Балдырлы суы болмаса,

Бұлғын қайда ойнайды,

Буалдыр сазы болмаса...», - деп жүрегі қан жылап жырлай білді.

Қабылиса Асанұлының тоғыз толғам толғаулары мен өрнекті де өзекті өлең-дастандары, сондай-ақ, арда болмысты айтыс үлгілері толымды әдебиетіміздің тұрлаулы мұрасы. Өз дәуірінің кемел ойының көкжиегін мейлінше шығандата кеңейте білген ол, бүгінгі ұрпағымен де тонның ішкі бауындай үндесіп тұр.

«Елім, жұртым сізге айтам,

Бірлікті бол, шырақтар.

Бірлікті жерде ризық көп,

Ол адам елге тұрақтар.

Ауызбірлік бар жерде,

Жететұғын мұрат бар!»

Осындай еркіңді баурап алар елдіктің сөзін кенен қалдырған бабамызды өлді деп қалай айтарсыз?!

Абылайдың ұлы Әділ төре Жетісу аймағын билеп тұрған мезгіл. Төрелер ұрпағының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс алып жатқан тұс. Оларға қарсы келудің өзі арыстанға айбат шегумен тең дүние. Әйтсе де, Әділ төре атағы алты алашқа мәшһүр Қабан жырауды айрықша құрметтесе керек. Тіпті, кейбір өзінің қисынсыз кетер шақтарында қаймығып та отырған. «Солай екен» деп, Қабан жырау құлақ көтерген ұсақ-түйек шаруаларға бола ел ісіне араласа бермеген. Бірақ, көптен бері жырауды сонау Жалайыр бабасынан бермен ұрпақтан-ұрпаққа дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан Тарақ таңбаның тек төрелердің еншісінде қалып қойғандығы қатты толғандырыпты. Ел ішінде осынау қордаланған жайттың түйінін шешіп беруді үнемі өтініп отырған ағайындар да болған.

Бұл мәселе, «шегіне жетті-ау» деген бедерде Қабан ақын атқа қонған ғой.Әкесі Абылайдың өзі аса қадір тұтқан Қабан жырауды Әділ төре құшақ жая қабылдайды:

« – Жол болсын, ақын аға!

– Әлей болсын!

– Ақын аға, дейсің-ау, ақын аға,

Кір жуытпай келген ем атыма да,

Бұлт қонбаған білсеңіз басыма да.

Тарақ таңбам сендерде

                                 қалып қойды,

Бұл төрелер жойдасыз

                                 басына ма?!»

Қапелімде не дерін білмей сасып қалған Әділ төре: «Кешегі Шыңғыс бабамның кезінде Алаш мыңы арасында ұлығы тарақ таңбалы Жалайыр болған. Мұны ұмытсақ, елдігіміз қайда, теңдігіміз қайда, кеңдігіміз қайда?!» - дей береді.

Сонда Қабан жырау былайша теңіздей толқиды:

«Міне, міне, енді келдің жөніңе,

Шықтың байтақ

                   шың-белесті Өріңе.

Сары алтынды ер-тұрман

              сапқа тұрсам жарқырап,

Сүлік қара арғымақ

              аспан тіреп арқырап,

Шыңғыс қаған бас қойса –

             ақ найзам жауды тіреген,

Қанішерін інінде

             қорылдатып ірегем.

Марал отты арша тау

            ата қоныс болған-ды,

Бақыт-ырыс басыма

            ақ құс болып қонған-ды.

Тарақ таңба толықсып,

            ер бабамды түрлентіп,

Жаһан кешкен Шыңғыс хан

            келешекті шолған-ды.

Суарылған көктемір

           құрышқа қалай айналды?!

Жалайырдан серпін ап,

           «Бақтиярлап» сайланды!

Әмірші болсаң – әділ бол,

           әлі де талай айтармын,

Тарақ таңбамды жұртыма

           қайтарғын, төрем,

                              қайтарғын!»

Сөзге жығылып қана қоймаған, жыраудың осынау лебізіне әбден жан-дүниесімен ұйыған Әділ төре Тарақ таңбаның бұдан былай мұқым Жалайырға ортақ екендігіне қатысты үкімін берген екен.

Қабылиса Асанұлы кең тынысты, сан қырлы талант иесі болған. Қазақтың ақындық өнерінің қаймақ қалпын сақтаған шырайлы шығармаларының жанрлық ерекшелігі басым. Бірде, эпик ақын, енді бірде, терең толғаулы философиялық иірімдердің жетегінде кетеді, келесіде, оқырманының санасына бірден сәуле құйған ақылман кейпіне енеді. Ал, енді айтыс өнеріндегі сақталған сом шығармалары тіптен сүбелі дер едік. Қыз бен жігіт айтысы, жұмбақ айтысындағы өзіндік ерекшеліктері зерт­теушілер тарапынан әлі де болса зерделену үстінде.

Зерт­теу демекші, Қабылиса бабамыздың өнегелі өмір жолы мен сом алтындай жарқыраған шығармашылығын әр жылдарда, әр қырынан Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Рахманқұл Бердібаев, Мырзатай Жолдасбеков, Ораз Исмаилов, Сәрсенбі Дәуітов және тағы басқа зерттеушілер ғылыми тұрғыда пайымдады.  Мұны біз қабырғалы қазақ әдебиеті айдынының толыға түсуіне қосқан өлшеусіз үлестері деп бағалаймыз.

Осы арада бір айта кетейін дегеніміз, оның мол мұрасының күні бүгінге дейін толық жинала алмай келе жатқандығы. Қалың елдің ортасынан әлі де табылып жатқандары да баршылық. Мәселен, кезінде ауыз әдебиетінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған қайраткер Сәкен Сейфуллин «Жалайыр Қабан ақын мен Қоянның айтысуы» деп аталатын бұған дейін назарға ілікпеген көлемді дүниесін тапқан. Бұл шығармада қаршығасын қолына ұстаған Қабылиса ақын мен «көжектейін» деп жүрген әлсіз Қоянның тілдесуі арқылы сол әділетсіз заманның кейпі көз алдыңызға келеді. Қолында билігі бар, білегі мықтының дәрменсіз, әлжуаз пенделерге көрсетер әлімжет­тігін мінейді. Көркем дүние бір тұсында былайша қайырылады:

Қабан:

Қасыңа көкше қоян барамын-ақ,

Қаршығамды көрсетіп

саламын-ақ.

Қалың қара шеңгелге кіргеніңше,

Қаның судай ағызып аламын-ақ.

Қоян:

Жеген теріскен кетпейді

тісімдегі,

Қызыққаның терім бе үстімдегі.

Ішімде жеті қоян көжегім бар,

Мен өлсем, ол да өледі-ау

ішімдегі!

Міне, осы оралымнан-ақ Қабан жыраудың ақындық өріс ауқымының қаншалықты деңгейлі екендігін аңғарсақ керек!

Ғалым Алмагүл Қанағатова өзінің арнайы жазылған зерт­теу еңбегінде Бұқар жырау мен Қабан жыраудың шырайлы шығармашылығындағы бірқа­тар ұқсастық пен сол заманғы зәру мәселелердің негізге айналуы, сол тақырыптарды ашудағы азаматтық үн, арналы көзқарастарына кеңінен тоқталған. Жалпы қазақ әдебиетінің жыраулық өнеріндегі қос алтын дің­гекке саналатын осы екі ақынның өмірде де жолдары сан мәрте түйіскен. Бұқар жыраудың Қабылисадан бір ғана жас үлкендігі бар.

Бірде Жетісу өлкесінен шыққан батырлар – Өтеген, Райымбек, Қараш және Қабылиса (Қабан) жырау өткен-кеткенді еске ала әңгімелесіп тұрады. Райымбек пен Өтеген құрдас. Қараштың жасы олардан сәл кіші. Бәрінен үлкені – Қабылиса.

– Өтеген! Атамыз қазақ «Ел аралаған – сыншы» - деген емес пе?! Тәңір қолдап, өзің жер-жаһанды бір адамдай-ақ шарлап келдің. Көрмегенің де, көңілге түймегенің де шамалы деп ұғамыз елдегі біздер. Батыр атағың тағы бар. Айтшы өзің, шайтан емеспіз, ертеңгі күні мына жалғаннан бақилыққа көшеріміз хақ. Сол күйіміз қандай болмақ, қайсымызға нендей жер бұйырып тұр. Айта аласың ба? - дейді Райымбек батыр.

– Алдымызда көңілі күмбір, самаладай жарқыраған Қабан ағамыз отыр. Ол кісі тұрғанда менің сөз алғаным артық болар, сірә. Ағамыз айтсын болжамын, - дейді бұл сауалға Өтеген.

Сақалын сәл тарамдап, ойланып тұрған Қабан:

– Екеуің біріңді бірің түрткілеп, ақыры мені сөйлеттіңдер ме? Әке-шешем қойған атымды өзгертіп, ел мені Қабан атандырды. Мен бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде қалармын. Үш күн денем жерде жатады, үш күннен соң табылмайды. Өтеген, сенің мінезің ертеден жайлы, жүзің жылы еді, жылжып аққан судың жағасында жатасың, бірақ, түбінде сені де жылжытып басқа жерге қояды. Райымбек, сен көпшіл ең, қиямет-қайымға дейін басыңнан дабыр, үстіңнен дүбір кетпейтін үлкен жолдың бойында боласың.

– Қабеке, құрдастығымды желеу етіп, Өтегеннен алдымен сыр суыртпақтағаныма айып ете көрмеңіз. Мына айтқан көріпкелдік болжамыңыз біздің туабітті табиғатымызға да, жарық дүниеде пешенемізге тиесілі тіршілігімізге де дөп келіп, қиюласып тұр-ау. Қалай болғанда да алдымыз жарқын, ұрпағымыз өрісті де жеңісті, ұлағатты болғай! - деп Райымбек Қабекеңнің алдында кішілік білдіреді.

Осыдан кейін Қабылисаны нағыз әулие, көріпкел деп қалай айтпасқа?! Қалай дейсіз бе? Өтегеннің қабірі «жылжып аққан су» – Іле дариясының бойында еді, беріде Қапшағай су қоймасының астында қалатын болған соң, ұрпақтары жылжытып, Қордай беліне қойды. Ал, Райымбек Алматыдан Ташкенге қарай шығатын үлкен жолдың бойына жерленген. Ол маңай бұрын да, қазіргі таңда да нағыз дабыр-дүбірдің орны болды. Басындағы үлкен ескерткіш қасиетті мекенге айналды.

Енді Қабекеңе, Қабылиса жырауға келсек, өзі айтқанындай, Іле өзенінің бойындағы Қызылжар атты мекенде жатыр!

Бүгін, мінекей, ұлағатты ұрпағы, өскен елі, өркенді жұртшылығының қасиетті бабамызға деген өшпес құрмет-қошеметінің арқасында кесене - күмбезі жарқырай көтеріліп отыр.

«Ерлерін елі енді танығандай,

Аңсаған бабалардың

                             таңы қандай!

Ар тұтып Азаттықты,

                            алда жүріп,

Елдікті қорғап еді жаны қалмай.

Намыстан табиғаты

                           жаратылған,

Аңыз боп ерен ісі таратылған.

Ескелді, Балпық би мен Қабылиса,

Тарихта таудай тұлға

                     дара тұрған», - деп ақын жырлағандай, асыл да ардақты бабаларымыздың есімдерінің ел көгінде жарқырауы біздің ұлт болып одан әрі ұйысып, алдағы ұлық істерге бір қолдың саласындай жұмыла ден қойғандығымызды паш етеді! Аруақ сыйлап, қабырғалы халқымыздың адами асыл құндылықтарын асырып жүрген баршаңызға береке-бірлік, ғибратты ғұмыр тілеймін!

Өмірәлі ҚОПАБАЕВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор, Академик


ҚАБАН ЖЫРАУ (1686 – 1776)

«Айтыс өнерінің алтын діңгегі» атанған Сүйінбай мен «ағыны аспандағы жұлдыздай боп» өткен Бақтыбайдың бас иген Адамы – Қабан ақын (Қабылиса). Қабанды қадір тұтқан халайық «Ақын Ата», «Абыз Ата», «Қабан жырау» деп те атаған. Ал оның елі жалайыр ішіндегі мырзаны – «Ақын елі» деп құрметтеген.

Ұлан байтақ елімізде кеңінен танымал нағыз күміс көмей әнші, сазгер, ақын Кенен Әзірбаев өзінің «Жамбыл-жыр» деген өлеңінде: «Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын, Бас иген ұлы жүзде тәмам ақын. Нағашысы жалайыр Қабан еді деп, Жамбыл атам айтатын маған атын. Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау, Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау», - деп тебірене толғаған.

Ал, Бақтыбай Жолбарысұлы болса, өзінің түсіне кіріп, бойына ақындық шарапат дарытқан осынау тұлғаны ғұмыр бойы аузынан тастамаған. Бірде Қыпшақбаймен айтысында: «Қабан атам дейтұғын, Менің пірім болады. Он сегіз мың ғаламды Өлеңменен толғаған», - десе, бірде: «Атам Қабан оңласа, Ескелді, Балпық, Қарымбай, Асан-Сиық қолдаса, Қабан берген ақбалдақ, Бір шалдық, сірә, болмас па?»! - деп айбат шегіп, арқаланып отырады. Ал енді бірде: «Асанда Ақын Атам әулие өткен, Инеге қара сөзді сабақтаған», -деп аспандата ардақ тұтады. Мұндай мойындау, пір тұту, құрмет сияқты лебіздерді Жетісу жерінің арғы-бергі заманында өткен: Мәулімбай, Қыдырәлі, Есенгелді, Қалқа, Темірғали, Артық, Әбікен және т.б. айтыскерлер әр кездер-ақ айтып отырған. Солардың ішіндегі Ақын Сараның мына бір толғамын еске ала өтуіміз жөн: «Қасиетті Қабылиса Асанұлы, Мырзадай іргесі кең елден шыққан. Кем болмас ештеңеден мұны ұққан, Жалайыр Қабылисаны еркелетіп, Қабан деп лақаптап атын тұтқан», - деп дәріптейді. Келтірілген осы шумақтар мен толғамдардан-ақ Қабан ақынның талай қырлары ашыла түседі. Қабан ақын Ұлы жүздің он екі ата жалайыр ішіндегі мырза елінен шыққан. Оның әкесі Асан орта дәулетті адам екен. Одан туған балалар алтау. Бәйбішесінен: Аю, Қабан (Қабылиса), Серкебай, Еркебай, тоқалынан: Текебай, Көсембай. Қабаннан бес ұл, бір қыз туған. Бәйбішесінен – Шынтемір, тоқалынан: Сүлеймен, Оспан, Әбдіманап, Ысқақ және Қоянкөз. Қоянкөз әкесіне тартып, ән мен жырды, өнерді беріле сүйген. Алғы өмірді болжай білетін көріпкелдігі, туа біткен даналығы болған. Бүткіл ұлдарының арасындағы жауқазындай жалғыз қызын Қабан ерекше жақсы көріпті. Ол туралы ел аузында мынадай әңгіме сақталған: «Бірде ақын ауылына Іленің арғы жағындағы Ұзынағаш деген жерден бір топ қыз көрушілер келеді. Әйелдері, бала-шағаларымен тойға кетіп, үйінде жалғыз қызы мен Қабан ақынның өзі қалса керек. Келген мейманға қазан көтеру – қазақтың қанына сіңген дәстүр. Шай қайнатылып, ет асылады. Әлі де болса көп нәрсені үйреніп үлгермеген қызы жөн-жосықты біле алмай, әлгілерге кілең қойдың қол етін асыпты. Алдарына ас келгенде қонақтар тіксініп, «жақсы әкеден де осындай қыз туады екен-ау» деп сыбырласыпты. «Қой, бұл бізге келін болып жарытпас» деген ой оралады бастарына. Соны аңғарған Қабан: – Балам білмей қонаққа қол асыпты, Қол асса да қой етін мол асыпты. Өмірге саннан бұрын қол келеді, Соны біліп келешегіне жол ашыпты, - деген ғой табан астында. «Алдыңғы аяқ қайда жүрсе, артқы аяқ сонда жүреді. Оның дұрыс жүргені абзал. Тура жүру де, бұрыс жүру де алдыңғы екі аяқтың құзырында деген ишараты екен ғой» деп ойлайды қонақтар. «Мына қыз осал болмады. Қазақтың ежелден қалыптасқан салтын өзгертіп, жаңаша жол ашты. Қол асуында осындай мән бар екен ғой» деп қыз көрушілер ауылдарына риза көңілмен қайтыпты.

Ұзатылған кезінде әкесінен көген орнына өлең сұрап жүрген де осы Қоянкөз қызы көрінеді. Ол шапырашты еліндегі әлді бір атаның баласына – Байтемір дегенге ұзатылған. «Одан туған Еркебай, Әймен деген балалардың ұрпақтары қазір бір рулы ел», - дейді қарт шежірешілер. Олар негізінен Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Күрті, Қаскелең өңірлерінде тұратын болса керек. Ең бастысы – осы Қоянкөздің есімі тарихта ертеден қалған. XІX ғасырдың өзінде ол кісінің атымен Қапал мен Верный арасындағы үлкен бір бекет аталынып келсе, қазіргі Кербұлақ ауданына қарасты Амангелді елді-мекенін қамтитын бір ауылдық округке және бір ауылға сол кісінің аты берілген. Бұл маңайда қазақтың саяхатшы ұлы ғалымы – Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы жылдарын өткізіп, ол туралы жазушы Сәуірбек Бақбергенов «Қоянкөзге құлаған жұлдыз» атты повесть жазған. Ақын Атаның сүт кенжесі  Ысқаққа келетін болсақ, одан туған балалар да бесеу болатын: Биахмет, Қожахмет, Мұхаметше, Рахмет, Кенжебек. Осылардың алғашқы екеуінен тұқым жоқ. Қалған үшеуінен тұқым бар. Мұхаметше деген ұлынан – Өтебек (1922 ж.), Рахметтен – Мөрима (1923-2006) және Нағима (Ұзынағашта тұрады), Кенжебектен – Жақыбай бар. Ақын Атаның қара шаңырағына ие болып, ол кісінің бірлі-жарым өзі тұтынған заттарын көздерінің қарашықтарындай сақтап келе жатқандар – осы қарттар. Алтын ұядан өсіп-өнген осынау жандар қазіргі Көксу ауданына қарасты Ақтекше, Көктекше, Лабасы, Жаршапқан ауылдарында тұрады. Осымен қатар Қабан ақын – Қабылисаның Оспан деген баласының немересі Исаұлы Жақан да солардың жанында еді, жарықтық 1996 жылы қайтыс болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өмірінің соңына таман Ақын Атаның қызы – Қоянкөзден тараған жиендерін іздестіріп, түгендеп шыққан да осы адам. Иманы жолдас болғай марқұмның!

Құймақұлақ қариялардың айтуларына қарағанда, Қабан ақын қапсағай денелі, өр мінезді, өжет қылықты, айбарлы, нұрлы адам бопты. Оның кез-кезінде ел қорғап, ерлік көрсетіп, тіпті, елінің амандығы үшін аманатқа өз еркімен кеткен кездері де болған. Есейе келіп, елшілікке жүріп, билікке араласып, халқының қамын жеген. Әділдік пен адамдықты жоғары ұстаған. Ақын Ата әркімнің қайғы-қасіретіне ойлы көзбен қарап, оларға хал-қадірінше жұбаныш айта білген. Бұл жайында белгісіз бір ақын: «Күлдірген қайғылыны Қабан ақын, Алдына бір мұңлы адам келсе жақын», - деп жырға қосқан. Ендеше, ендігі әңгіменің бетін бірбеткей Ақын Атаның өзіне қарай ойыстырып, оның ақындық қабілетінің қалыптасу кезеңдеріне тоқталсақ жөн. Ақындық ғұмырында біржолата «Қабан ақын» атанып кеткен Қабылисаның ақындығы оның жас кезінен байқалған. Ағайындары мен ауылдастары одан үлкен үміт күтіп, шолпан жұлдыздай жарқ етіп көрінер кезін асыға күтіп жүрген.

Жүрісін жаңа түзеп келе жатқан жүйріктей әсер берген жас талап әдепкіде өзінің шағын ғана ой түсінігі мен түйсігін өлеңдеріне өзек етіп отырған. Алайда, албандағы Найманбай шалдың баласы Ер Әжібай түсіріп отырған жас келін Тұмаршамен айтысуы Қабан ақынның ең балғын шағында өткендігі ешқандай шүбә тудырмайды. Оған осы айтыстың қысқарған нұсқасын бізге жеткізген Мәлке қажының мына бір жыр жолдары толық куәлік ете алады:

«Он беске Қабан ақын келген жасы,

Өлеңге аударылған ықыласы.

Төгеді сөйлегенде сөз маржанын,

Артықша бозбаладан мәртебесі». Байқалып тұрғандай, осынау жыр жолдарынан уыздай жастың қасиетті өлең-жырды біржолата құлай сүйіп, сөз маржанын төгіп-шашып, табиғат сыйлаған зор таланттың арқасында он беске ғана келгеніне қарамастан, «артықша бозбаладан мәртебесі» деген мадихат, мадақ сөзге ілініп қалғанын көреміз. Демек, он бес жасының өзінде-ақ Қабан ақын жүрісі түзелген жүйріктей бабына келіп, бағын сынап, айтыс өнерінің аламан бәйгесіне түсіп жүрген. Оны осы айтыстағы сөз саптасынан да селкемсіз сезінеміз. Мәселен, бойында дарыны, жүрегінде жалыны бар жас ұлан сөзінің басын: «Әуелі сөз сөйлейін, ия, рахман, Бұл тойға жұрт жиылды жақсы-жаман. Ауылға келін болып жаңа келдің, Жеңеше-ау сау жүрсің бе есен-аман? Өзіңдей жас жеңгемен аз сөйлеспей, Тарқамас көңілдегі бар мұддағам,»- деп, буырқанып бастайды.

Осынау алты жолды алғашқы шумақтың өзінен-ақ, жас жалынның алдындағы алқақотан қауымды да, қарсыласын да сыйлай білетін ізетін, сыпайылығын, майда тілді, майталман әдептілігін, мәдениет­тілігін, жөн-жосыққа жетік, тәлім-тәрбие көргендігін танимыз. Сонымен қатар ол: «Өзіңдей жас жеңгеммен аз сөйлеспей, Тарқамас көңілдегі бар мұддағам», - деп, жарасымды әзіл тастап, жасынды сөз ойнатады. Асқақ арын аңғартады. Ақындығы мен ақылдылығы жұптасқан жас дарын аяқ тастасын одан әрі үдетіп: «Өзіңдей жеңге көрсем пірім түсер, Қыранмын ақ маралды алып ұшқан», - деп, айтысының соңына таман тіптен айбынданып, айбарланып кетеді. Сес көрсетеді: «Қыранмын ақ маралды алып ұшқан». Теңеуі қандай десеңізші?! Он бес жасар жасөспірімнің аузынан мұндай ғажап сурет, ғаламат бейне көрініс шығады деп кім ойлайды?!

«Құдірет, сөз құдіреті, өлмес өнер, құдіреті – осы» деп айтпасыңызға лажыңыз қалмайды. Егер он бес жасына дейін мұнан да уытты, мұнан да құнарлы сөздер айтқан болса, табыла жатар, ал табылмағанның өзінде осы бір теңеуімен-ақ Қабанның поэзия тарихында қалуға толық құқы бар дей аламыз. Бұндай бейнелі теңеу нағыз аруақты, арқалы ақындардың ауыздарынан ілуде-шалу бір-ақ рет шықса керек. Теңеудің ерекшелігі – ақынның өзін көтермелеп, қыранға балауында ғана емес, «Қыранмын» дей отырып, ол өзінің қасқыр, қарсақ, түлкі, қоян, тағысын тағы,  кез-келген түз тағыларына түсе бермейтін, түсе қалса, аппақ ақмаралды ғана ілетін паңдығын, талғампаздығын білдіріп отыр. Қыран болғанда, ақ маралды мытып, шеңгелдеп, бүріп жіберетін ашулы, ашқарақ, беймінезділеуі емес, «ақ маралды» ғана алып ұшатын ақиық, текті құс патшасының келбетін береді. Ал, «алып-ұшқан» деген сөздің астарында «аялап, мәпелеп» деген мағына ап-айқын бой көрсетіп тұр. Өстіп, әр сөзінің аясына көңіл көзіңізді жүгірте келіп, керегедей қанаттарын кеңінен жайып, кір шалмаған, ақша қардай аппақ түсті ақ маралды алып, ұшып бара жатқан қыранды көз алдыңызға елестетіңізші. Қыранның алыптығына да, алапаттығына да еріксіз қайран қаласыз. Міне, мұндай таңғажайып суретті жасап отырған он бес жасар жас талант – Қабан ақын! Оның кестелі сөз өнеріндегі кереметтігін осындай шеберліктерінен іздеу керек. Ұлы суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов: «Қабан ақын өзімен айтысатын ақын отырған ауылға алыстан айбарланып, әндетіп келеді екен», - десе, шежіре қарттар: «Өлеңге қырғын туған Қабан ақын, Маңына қандай адам бара алатын?! Айтысамын деп келгендер даусын естіп, Астынан алты қырдың жоғалатын. Айтысса тырандай боп тоналатын, Ауылынан таңнан шыққан байғұс ақын, Қармалап қараңғыны оралатын. Бар жерде Қабан жырау жол алатын, Адамдар нені ексе, соны оратын. Алланың ақ жолында – ақ домбыра, Мінетін жайтаңдаған баран атын», - деп сыр шертеді. Осындайлық етіп әспеттелінген Қабан ақын өз өмірінде ешкімнен жеңілмей кеткен. Оның жиендері – «қызыл екей» Сүйінбай, әйгілі Сарыбас, қасиетін өзі дарытқан Бақтыбайлар да еш ақыннан жеңілуді «білмей өткен».

Көнекөз, кәріқұлақтардың айтуларына қарағанда, Қабан ақын он сегіз мың ғаламды, яғни, бүтіндей бүткіл жаратылысты бір жырлап кетсе, бірнеше айға дейін тоқтамайды екен. Батырлар дастандарын көп біліпті. Бұл жайында филология ғылымдарының докторы М.Жолдасбеков: «Қабан кезінде өте ірі жырау болған, айлап айтса, таусылмайтын ұзақ эпостарды, заман жайында терең толғауларды жырлаған, өкініші, осының ешқайсысы да сақталып, бізге жетпеген. Сыпыра жырау тәрізді, Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Сүйінбай жасында Қабанның көшінен жеті күн қалмай, ілесіп жүріп, батасын алса керек», - дейді. («Асыл арналар», «Жазушы», Алматы, 1986 ж, 152-б.). Есейіп, ержете түскен Қабан ақын қай жерде болмасын, халықтың қамын жеп, сойылын соққан. Ол өз заманына орай соңынан ерген халқының ақыны да, батыры да, қамқоршысы да бола білген. Қай дәуірде болмасын, жұрт ақындарды суырыпсалма шешендіктері үшін ғана емес, шыжғырып шындықты айтып, бар ағайынды алыс-жақын деп алаламай, ауызбірлікке шақырушылығымен бағалаған ғой. Сондықтан да жаугершілік сәттерде қол бастап, жайшылық кездерде ақыл-кеңес, өнеге, өсиетке кенелткен ақындарды халық қатты құрметтеп, бастарына көтерген. Тумыстарынан зейінді, зерек жыршы, жырау, ақындар әулеті замана тынысын, өмір өзгерісін, қоғам дамуын қалтқысыз танып, бағыт-бағдар, болжам жасап отырған. Сол қасиеттері үшін халық сүйікті ұлдарын әсірелей мадихаттап, «Әулие», «Көріпкел» деп көтермелеп те жіберген. Қабан сынды қабырғалы, қарымды ақындардың асыл бір қасиеттері – сол мақтау, мадақтауларға мастанып кетпей, әу бастағы ұстанған жолдарынан таймаған. Бір мысал келтіре кетейік (марқұм Иманғазы қарияның айтуынан):  «Бірде ақынның ауылына баса көктеп барымташылар келеді де, жылқыларын дүркіретіп қуа жөнеледі. «Мал ашуы – жан ашуы» дейтін қазақ қарап отырсын ба, әп-сәтте атқа қонысады. Шайқас үстінде барымташылардың бірі мерт кетеді. Әлгілер енді құн сұрауға кіріседі. Қаншама қаузағандарымен ала алмайды. Сонда Абылайдың бел баласы Әділ төре Қабанды шақырып алып: «Мұның қалай?» - дейді. Ақын жауаптан тосылмайды, табан астында: «Қарындасым қас болды, ханым, маған, Соның үшін келгенмін, Әділ, саған. Ұрыға құн жоқ! Ұрыға құн болса, Момынға күн жоқ! Өзі ізденіп келіп, өлген немеге, Маған салсаң, дым жоқ!» - дейді. Сөз қисыны көңіліне қонған Әділ төре тап сол күннен бастап: «Ұрыға құн жоқ!» - деп, жалпыға бірдей жарлық шығарса керек. Ақын Атаның мұраларын жинастырып, жақсы сақтаған адам – Жетісулық Нұржігіт Жүнісбекұлы (1903-1987). Нұрекеңнің бүгінгі ұрпаққа жеткізген аса құнды дүниелерінің бірі – «Қабанның Таутан қызбен айтысы». Бұл мұраның аса құнды болатын себебі, ол – жұмбақ айтыс. Баршаға белгілі жұмбақ айтысы – айтыстардың ішіндегі ең күрделі, қиын түрі. Мұнда жалғыз ақындық, өлең құрастырғыштық қана емес, сол өзі өмір сүрген ортасы, қоғамы, дәуіріне лайық білімі, білгірлігі, тапқырлығы болуы шарт. Міне, осының бәрі Қабан ақын мен Таутан қыздың айтысында айқын көрініс берген. Қолымызға түскен туындының мазмұнына қарайтын болсақ, Қабылиса – Қабан ақын сол кезде алпыс жастағы адам да, Таутан қыз жиырманың ар жақ, бер жағында. Айтыс 55 шумақтан тұрады, алайда, мұны толық нұсқа деп есептеуге болмайды. Өйткені айтыстың өзінен байқалатынындай, екі ақын айтыстарын кешкілік ел орынға отыра бере бастаған-дағы, келесі күннің таңы атып, күні көтерілген шақта аяқтаған. Оны: «…Жақсы мерген Арқадан аң атты ма, Бозбалалар, қараңдар, таң атты ма?» - деген жолдар ап-айқын білдіріп тұр. Демек, айтыс аз дегенде алты сағат, әйтпесе, сегіз - он сағат шамасында болған. Ал біздің қолымызға жеткені машинкаға басқандағы 10 бет немесе 220 жол. Мұндай көлемдегі өлеңді ыңылдап, әуенге салып, қаншама созғаныңызбен бір сағаттан артық уақыт кетпейді. Яғни, біздің дітіміз дұрыс – бізге үлкен, ұзақ-сонар айтыстың жұрнағы ғана жетіп отыр. Бірақ соның өзінен-ақ, біз Қабан ақынның да, Таутан қыздың да өз замандарына сай білімді, оқымысты болғандықтарын аңғарамыз. Бұл айтыстың бір ерекшелігі – екі ақын жұмбақты кезектесіп айтпайды. Жұмбақ – сұрақты бастан-аяқ Таутан қыз қойып, Қабылиса – Қабан ақын оны тоқтаусыз шешіп отырады. Жұмбақтардың тақырыбы алуан түрлі. Бірде діни кітаптардан қойылса, бірде – шариғаттың шиыр-шиыр жолдарынан, адамзат тарихынан, пәлсападан, сол кездегі техникалық прогресс жетістіктерінен қамтылады. Бір ғажабы – соның бәріне Қабан ақын іркілместен, мүдірместен, табан астында таңқаларлық жауап беріп отырады. Таутан қыз ақыры Қабан ақынның ғұламалығын да, кемеңгерлігін де мойындап, батасын алумен тынады. Осы айтысқа байланысты айқын аңғарылып тұрған үлкен бір нәрсе – Таутан қыз да, Қабан ақын да өз заманының білімді, салауатты жандары болған. Сондықтан бұл ақындарды зерттеушілер олардың оқи да, жаза да білген жақтарына баса назар аударулары жөн. Осымен қатар, болашақ зерттеушілердің де ерекше ескерер жайттары Нұржігіт Жүнісбекұлының еңбектері болуы тиіс. Өйткені, Нұрекең Қабылиса – Қабан ақынның шығармаларына асқан адамгершілікпен, зор ілтипатпен қарап келген иманды жан. Жаңағы, әңгімемізге арқау болып отырған айтыстың алдына жазған кіріспесінде Нұржігіт қария: «Нұржігітке сөз дайын өлең жиса, Шындап кетсем, шығарам талай қисса. Алған жарым Нұрила мырза елінен, Бесінші атасы еді Қабылиса. Қабылисаның әкесі болар Асан, Төрт ғасыр өтті бұрын әлдеқашан. Ұрпағымен сол кісінің жұпты болдым, Ойласам осы жағын судай тасам!» - деп өзін таныстырып өтеді. Бұл жолдарда Нұрекеңнің лирикалық сезім-күйі ғана емес, тарихқа қажетті, шежіре таратуға септігі бар құнды мағлұматтар да тұр. Ендігі бір әңгіме оның есімі хақында. Ел ішіндегі кәріқұлақ қарттар мен шежірешілердің біразы, тіпті, айтарлықтай көпшілігі «Ұлы жыраудың құлағына азан шақырып қойған аты – Қабылиса. Оны бұрмалап, бұзып әкетіп жүрген атқойғыш, әзілкеш жеңгелері болса керек» десе, енді бірен-сарандары «Қабан атамыздың жантайтпа, жанама есімі ғой. Ол оның жауға шапса жапырып, жан-жағына жалтаңдамастан, бұзып-жарып өтетін батылдығына байланысты беріліпті-мыс» дегенді қосады. Осыған сенеміз бе, сенбейміз бе?! Сенсек те, сенбесек те қарсы айтар уәжіміз қайсы? Біздіңше, «Ақын Атаның» шын есімі – Қабан, лақап аты – Қабылиса! Мұны немен дәлелдеуге болады? Ендеше, соған көшелік. Бірінші дәлел – Ұлы жыраудың әкесі Асан атаның арыстай-арыстай алты ұлы болған. Барлық шежірелерде солардың алғашқы екеуі – Аю, Қабан деп көрсетілген. Біздің осыған айрықша көңіл аударуымыз жөн секілді. Себебі, бағзы замандардың мұғдарларында «ер азығы мен бөрі азығы: жеті күн – елден, жеті күн –  жерден» деп артындағы ұрпағын жастайынан-ақ жалынды, қайсар етіп тәрбиелеген халқымыз Асан атаның уағында да ұлдарын қажырлы, қайратты болсын деген игі тілекпен түз тағыларының аттарымен де атай берген. Аю – таудағы орман, тоғайдың толағайдай күштісі болса, Қабан – өзен-көл, дария-теңіз бойындағы қалың қамыс, нуды мекен ететін мықты хайуанат. Қазақта «балаң тентек те болса, зор болсын» деген мәтел бар. Бұндай тілектің түбінде де өмірдің өз заңдылығы жатыр. Атап айтсақ, жаугершілікті көп көріп, әбден зәрезап болған халқымыздың құдайдан тілегені күні ертең ойран салатын жаулармен жағаласа алатын, тіпті, оны тойтарып, жайратып тастайтын, текті, жарамды ұлдар болған. Егер олар әр түтін, әр отбасынан шығып жатса, нұр үстіне нұр деп қуанған. Сондай нұрлы тілек Асан атамызда да болғанға ұқсайды. Сондықтан да ол бір баласын – Аю, екінші баласын – Қабан деп ырымдап қойған тәрізді. Осы орайда Бақтыбайдың үлкен атасы – Аңламасты да еске ала өту орынды. Ол алғашқы екі баласының бірін – Аю, бірін – Жолбарыс қойған. Жолбарыстан әйгілі ақын – Бақтыбай туады. Ал иісі қазақ халқындағы: Арыстан, Қасқырбай, Түлкібек, Қоянбай, Құланбай, Құлжа, Арқар деп қойылған есімдерің көптігін әркімдер-ақ біледі. Тіпті, Ер Жалайырдың шын есімі – Қабылан екендігін де тарихшылар талай жерде айтып жүр. Екінші дәлел – Жампоз жыраудың он бес жасында тұңғыш рет айтысқан адамы – Тұмарша келіншек. Олардың сол айтысы жайында мәлімет беріп отырған Мәлке қажы «Бұл тойға келіп еді Қабан ақын, ақырып Қабан ақын қоя берді», «Он беске Қабан ақын келген жасы» деп атын тура атайды. Бұл арада он бес жас дегенге баса назар аударуымыз жөн. Өйткені, он бес жасқа келген жасөспірімге жеңгелері қанша рет «Қабан» дегенімен, ол есім исі қазақ қабылдайтындай жағдайға жете қоюы – екіталай. Оның үстіне, он беске жаңа толған жас ұланның қандай да бір қанды жорыққа қатысып, «жаудың шебін бұзып-жарып, қабан секілді екен ғой мынау» дегізуі, неғайбыл! Тіпті, солай дегеннің өзінде, оның жанама, теңеу аты – Қабан, он бес жастан асқан соң барып қалыптасса керек еді. Ал оның он бес жасқа дейін-ақ Қабан аталып отырғаны Мәлке қажының таныстырып, сипаттауынан ап-айқын білініп тұр. Мұның үстіне, Тұмаршаның: «Атыңыз кім болады айтшы маған?» - деген мысқыл сұрауына ақынның өзі аспай-саспай: «Қабан деп қойған әкем атым, Жалайыр он екі ата арғы затым», - деп, салиқалы жауап қайырады. Бала - жігітті басынғысы келіп, сәті түссе, көңілін шайлықтырып тастау мақсатымен Тұмарша одан әрі бастырмалатып: «Қабан деп қалайша ат қойды саған, Атыңды әкең марқұм біліп қойған», - деп әзіл-қалжыңға ойыстыра, батыра түседі. Бірақ әлі ешкімнен беті қайтып көрмеген жас пері оған тоқырап, тоқтамастан, «Атымды қайтпасын деп қойды Қабан» деп тіптен үдетіп, екпіндеп кетеді. Иә, біздіңше де шындығы осы! Алысқанын алып ұрып, жан баласынан жасқанбай өр боп өссін деген ырымшыл әке бір баласын – Аю, бір баласын – Қабан деп атағаны қисынды. Демек, Ақын Атаның шын есімін «Қабан» деп ұғуымыз орынды. Егер, ілгерідегі дәлелдеріміз әлдекімдерге аздау көрінсе, мына бір деректі де қоса айтуымызға болады. Дүние салар алдында Ақын Ата ел-жұртын жиып, қоштасып: «Менің атымды һарам мақұлықпен атап қалғандықтан ғана жер қойнына кірермін. Әйтпегенде, олай болмас еді. Сонда да жер қойнында көп жатпаспын, періштелер алып кетер», - депті деген де аңыз-әңгіме бар. Бұл жайында елге белгілі ғалым М.Жолдасбеков те өзінің кітабында: «Обалым атымды Қабан қойған әке-шешеме болсын, атым Қабан болғандықтан бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде боламын. Үш күн денем жерде жатады. Үш күннен соң табылмайды» деген мағлұматты келтіреді. («Асыл арналар», 153-б.). Міне, осы мысалдардан байқалып тұрғандарындай, оның әке-шешесінің құлағына азан шақырып қойған әу бастағы есімі – ҚАБАН! Ендеше, ол қалайша Қабылиса атанып жүр? Бұл есім ненің құрметіне, не себепті берілген? Зер салып, зейін қойған адамға бұған айтылар жауап Ақын Атаның Таутан қызбен айтысында тұр. Қойған жұмбақтарын түп-түгел шеше берген соң Таутан қыз оның теңіздей терең кемеңгерлігін біржолата мойындап: «Бір келген дниеге әулиесіз, Қабылиса атандың қыдыр дарып», - дейді. Яғни, «бұрын Қабан едің, бертін келе қасиеттеніп, қыдыр дарып, Қабылиса атандың» деп тайға таңба басқандай етіп, анық айтып тұр. Өзінің от­ты жыр, ойлы сөз, ғибратты істерімен даңғайырланып кеткен дарынды ақынның артында қалдырған үлгілері көп. Сондықтан да болса керек, күні кеше ғана ғұмыр кешкен айтыс өнеріндегі алымды ақиықтардың бірі болған Кенен Әзірбаев «атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау», «бас иген Ұлы жүзде тамам ақын» деп тамсанса, жалпы жұртшылық «Ақын Ата», «Абыз», «Әулие» деп дәріптеген. Атын ардақтап, оның артына қалдырған өсиет сөз, жыр мұраларын түпнұсқа күйінде болмаса да жұлмыштап, нобай нұсқаларын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыр. Әрине, бүгінге дейін қолымызға іліккен жыр-толғау, терме, қисса, бәйіт, жеке шумақтары мен айтыстарының сүлделеріне қарап, оның поэзия әлеміндегі келісті келбетін, биік деңгейін, ақындық шеберлігін мөлшерлеу, сөйтіп уағында шартарапқа даңқы жайылған ақынның асыл қасиеттерін орнына келтіру қиынның қиыны. Солай болғаның өзінде Қабанның кемеңгер де, киелі ақын болғандығына күмән келтірудің өзі күнә. Біріншіден – оған қолымызға түскен жыр-мұралары дәлелдік етсе, екіншіден – оның аруағы дарыған ақындардың сөздері куә. Бұл рет­те Сарыбас, Есенгелді, Қыдырәлі, Мәулімбай, Темірғали, Артық, Әбікен, Абай, Әбдірахман және т.б. ақындардың есімдерін атап өту орынды. Осы соңғы буын өкілдерінің бірі Қалқа Жапсарбаев өзінің ақсулық әріптесі Қуатпен айтысында: «Ал сөйлейін, сөз тыңда, Жүйірік пе озбай терлеген? Тілді де ешкім жеткен жоқ, Кешегі біздің Қабанға!» - деп асқақтата әспет­теп, өткен тарихтан сенімді дерек береді. Осынау өлең қонып, жыр дарыған тарландар табынып отырған Қабан жыраудың артына қалдырған асыл мұраларының бірі – ілгеріде айтқанымыздай – Таутан қызбен айтысы. Біздің болжамымыз да осы айтысқа байланысты. Біздің қолымыздағы айтыстың болмысына, құрылымына қарасақ, бұл – айтыстың екінші, соңғы жартысы. Себебі, айтыс Қабан ақынның бата беруімен аяқталады. Ал, бата қандай жағдайда болмасын, тиянақтылыққа жеткен жерде беріледі. Демек, осы айтыстың бірінші жартысында, сірә да, «жұмбақты Қабан ақын қойып отырған-ау» деп жорамалдауға болатын секілді. Себебі, Қабан ақын жасы үлкен, ер адам. Айтысушы Таутан қыздың өзі айтып отырғанындай «әулиелігі» де мәшһүрленіп қалған кез. Оның үстіне, Қабан ақын – Ұлы жүздің баласы. Ал, Ұлы жүз қай заманнан-ақ «ноқта ағасы» саналған. Жол сонікі. Таутан – Орта жүз, арғын елінің қызы. Демек, бұл айтыстың бірінші жартысында жұмбақты Қабан ақын қойып отырған. Ендеше, ақылман ақын ағаның сол жұмбақтары мен тапқыр Таутанның сол шешу-жырлары қайда? Ел аузында сақталған ба, жоқ па? Біздіңше, сақталған! Сақталғанда, оны тауып, жазып, бізге қалдырып кеткен адам – ұлы ағартушы ғалым Шоқан Уәлиханов. Баршаға белгілі, ол кісі Ұлы жүздің отыздан астам мақал-мәтелдерін қағазға түсірген. Біртуар ұлы ғалымның Ұлы жүз жерінен жинап, жазып қалдырған мұралары бұлар ғана болмай шықты. С.Өтениязов, Қ.Алпысбаева қатарлы ізденімпаз ғалымдар 1992 жылы Шоқан мұрағатынан алынған 20 шумақ жұмбақ айтысты жариялады («Ана тілі», 27-саны, 1992 ж.). Оған байыппен зер сала қарасақ, айтыс бір шумақ, екі шумақтан, әр жер - әр жерден жиналмаған. Қандай болмасын, екі ақынның бір кездесулеріндегі қақтығыстарынан туған бүтін дүние. Көпшілікке мәлім, 1982 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «XV – XVІІІ ғасырдағы қазақ ақындары» деген кітап ішіне көптеген жыраулар он-он бес жол жырларымен-ақ еніп отыр. Соған орай, «әйгілі Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар сынды жыраулардың қатарынан Қабан ақын – Қабылиса да өзінің лайықты орнын алуы керек-ақ» деуші едік... Шүкір, ол ойымыз да орындалып отыр. Нақтылап айтқанда, филология ғылымының докторы С.Дәуітовтың құрастыруымен 2006 жылы «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Он ғасыр жырлайды» атты жинақта Қабан жыраудың өлеңдері Бұқар жыраудың тамаша туындыларынан кейін орналасқан. Мұның үстіне, Алмагүл Қанағатова деген жас талап «Бұқар жырау мен Қабан жыраудың әдептік дүниетанымдары» деген тақырыпта философия ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін ғылыми диссертациясын қорғап шықты. Қабан ақынның ізбасар іні, кейінгі толқын мүриттері жайында ілгеріде айтқан быз. Бұдан шығатын қорытынды алдында үлгісі мен өнегесі, тағылымы мен талабы барлар қашан да бақытты жандар. Сүйінбай, Жамбыл, Ақын Сара, Бақтыбайлар солардың тобынан. Артынан поэзия алыптары шыққан Қабан ақын да бақытты!

Ораз ИСМАИЛОВ,

жазушы, журналист.


ДӘУІР ДІЛМАРЫ

Қазақ халқы небір нәубетті жылдар мен аумалы-төкпелі заманды бастан өткерді. Кешегі кеңестік империяның көзқарасында тәрбиеленіп, сол дәуірде жоғары білім алғанымызбен қазақтың арғы тарихымен, ақтаңдақ беттерімен тәуелсіздік тұсында ғана там-тұмдап таныса бастадық. Оның ішінде, қызыл империяның заманында айтуға тыйым салынған Алаш қозғалысынан бөлек, қазақ әдебиетінің інжу-маржаны саналар жыршы-жыраулардың ғұмыр жолы да тыңнан түрен салуды қажет етті. Санаулы әдебиетші ғалымдар болмаса, көпшілігі ХIV-ХІХ ғасыр аралығындағы жырауларды індете зерттеуге аяқ баспады. Шапқыншылық заманында дүниеге келіп, түйенің қомында, аттың жалында жармасып өскен, сындарлы дәуір өзі тәрбиелеп шығарған ділмар-шешен, данагөй-сүлейлер қатарында Жетісу өлкесінің Қабан жырауы да бар.

Бірден мәселенің басын ашып айтсақ, ел ішінде Қабан жырау атанып, батырлығымен, шешендігімен танылған Ұлы дала ділмары жайлы ғылыми зерттеулер әлі де толық емес. Қабан жыраудың есімінен бастап бүкіл жүріп өткен ғұмыр соқпағы, өскен ортасы, заманы, айналасындағы ет жақындары, қоғамдық қызметі мен шығармашылығы туралы бірізді ғылыми тұжырым табу қиын. Десе де, бүгінгі беталыс көңіл қуантады. Жетісудың жырауы атанған, бірде Қабан, енді бірде Қабылғайса, Қабылиса деп айтылатын тұлға өмірінен дәлелді һәм дәйекті деректер жазылып жатыр. Мерзімді баспасөз бет­терінде шығатын танымдық мақалалар, жергілікті авторлардың жазбаларынан құралған шағын кітаптар, студенттер мен жас ғалымдардың дипломдық жұмыстары, әдебиеттанушылардың монографиялары – біздің сөзіміздің айқын дәлелі. Қабан жыраудың есімі мен шығармашылығы хақында алғашқы деректер «Біржан – Сара» айтысында, Ш.Уәлихановтың, М.Әуезов пен С.Мұқановтың, Е.Ысмайылов пен бертіндегі М.Жолдасбековтің еңбектерінде кездеседі. Дәлелді пікір, соны тұжырым жасап, жырау жайлы деректерді барынша бір жүйеге түсірген зерттеушілердің ішінде Ораз Исмайыловты бөліп атауға болады.

Қабан жыраудың ғұмыр дерегінен бұрын бізді елең еткізгені – өлеңдері мен жыр-дастандары, ондағы терең ой мен ізгілік, адами қасиет пен тәлім-тәрбиеге үндеген тағылымды сөздер. Әсіресе, ата дініміздің құндылықтарын өлең жолдарымен, әдеби теңеумен әрлеп, нәшіне келтіріп, жеткізе суреттегені жыраудың қаншалықты шешен болғанын, халық мұрасымен, әдет-ғұрпымен, Исламмен байланысқан дәстүр-салтымызбен терең таныс екендігін байқатады. Осындайда қазіргі жат діни ағымнан сақтану үшін жыраулар поэзиясын жастар арасында көбірек насихат­тағанымыз дұрыс па деген ойға қалып отырмын. Оның ішінде, Қабан жыраудың туындыларын Құран мен Пайғамбарымыздың хадистерін айқын мысалдармен түсіндіруші әдістемелік құрал деп атасақ та қателеспейміз.

«Тіл алсаңдар, шырағым,

Өсек сөзді елеме.

Үйір болғын, шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын,

Дүние қайтып келе ме?

Дүниеге сенім жоқ,

Мінерсіз бір күн кемеге», - деп жырлайды Қабан жырау. Бізге бұдан артық қандай өнегелі сөз керек? Ислам дінінде сан жылдан бері айтылып келе жатқан уағызды жырау екі шумақ өлеңге сыйдырған. Өсек айтудың, біреуді көзі жоқта сыртынан ғайбаттап, жамандаудың қандай ауыр күнә екенін жақсы білеміз. Дініміз де өсек-аяңға тыйым салған. Тіпті, имамдардың, дінтанушы ғалымдардың аузынан естіп жүргеніміздей, тірі бауырыңның етін жеумен бірдей деген теңеу қолданылады! Әрине, қазіргідей өркениет­ті заманда көпшілікті мұндай сөзбен үркітіп-қорқытудың қажеті жоқ шығар. Алайда жыраудың осы бір шумақ өлеңінің астарын ашуда, ақын шығармаларының Ислам дінімен сабақтасып жатқанын көрсетуде орынды деп есептеймін.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстанда дін мәселесі өзекті бола түсті. Зайырлы қоғам болғанымызбен шетел асып келген жат діни ағымдар мемлекет тұтастығына, халық бірлігіне сызат түсіріп жатқаны жасырын емес. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы 10-20 жылдығында жастарымыздың біршама бөлігі дәстүрлі дін жолынан алыстап, теріс уағыздарды тыңдауға көшті. Әрине, мұның соңы жақсылыққа апармасы белгілі. Алды шетел асып, беймәлім миссияларды орындауға кетсе, соңы ел ішіндегі салт-дәстүрге, мыңжылдықтарға жалғасқан жоралғыларға сын көзбен қарауды шығарды. Жоғарыда атап өткеніміздей, мұндай қауіптің алдын алу үшін бабалар сөзін басшылыққа алып, жыршы-жыраулардың ерен еңбектерін барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Соның ішінде, Қабан жыраудың нақыл сөздері, өсиет өлеңдері осы тақырыпқа сұранып тұр. Әрине, бабаларымыздың Ислам дінін қалай берік ұстанғаны жайында, олардың қалдырған мұрасы туралы концепция дайындап, қазіргі жастарға жеткізудің әдіснамасы қажет-ақ. Бәлкім, мешіттерде имамдардың уағызына қосу керек пе, әлде, орта мектептерде немесе жоғары оқу орындарында, кәсіби білім беретін мекемелерде арнайы пән енгізген жөн бе, ол жағы алдағы уақытта ескеріле жатар. Біздің қазіргі айтпағымыз – Қабан жырау поэзиясындағы ұлттық тәлім-тәрбие, тағылымды ой, ғибратты сөздер.

«Елі-жұртым, сізге айтам,

Бірлікті бол, шырақтар.

Бірлікті жерде ризық көп,

Ол елге адам тұрақтар.

Ауызбірлік бар жерде,

Жететұғын мұрат бар.

Ауызбірлік жоқ жерде,

Қиянатты қият бар...»

Жырау бұл жерде ауызбіршіліктің зор мән-маңызын ұғындырған. Қазіргі таңда да бірлікте өмір сүру үлкен мәнге ие. Кешегі Қаңтар оқиғасында да, бүкіл әлемді үрей құшағында қалдырған індет кезінде де ең басты талап ауызбірлік екені дәлелденгенін көрдік. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деп дана халқымыз айтқандай, бір тудың астына жиналып, өзара сыйласымдықта болған мемлекет қана игі мақсаттарын абыроймен орындай алады. Қабан жырау ғасырларға қалдырған құнды сөзінде адалдық пен қиянат­ты, махаббат пен зұлымдықты, уәдеге беріктік пен жауапсыздықты параллель қоя отырып, ақ пен қараны қатар көрсетіп жырлайды. Осы арқылы оқырманға ой тастап, жақсы мен жаманды жылдам айыра білуге, түзу жүріп-тұруға, адамгершіліктен аттамауға, әділ өмір сүруге баулиды.

«Ешкімнің хақын жемеңдер, артында оның сұрақ бар», - дейді жырау бір даналық сөзінде. Бұл өсиетті Қабан ақынға дейін де, одан кейін де талай ділмар айтты. Талай тұлға том-том кітап арнады. Бірақ адамзат жаралғалы күштінің әлсізді басынуы, еңбегін жеп, бар дүниеге өзі қожалық еткісі келетіні сияқты келеңсіз көріністер тоқтаған жоқ. Заң үстемдік құрған бүгінгідей бейбіт заманда да қиянат көргендердің, құқығы тапталып жатқандардың зары мен мұңын естігенде өзіңді қоярға жер таппайсың. Осындайда:

«Аларда ажал адамды

                               жаңылдырар,

Өмірді қу ажалға бағындырар.

Өмірден ажал үстем болар сонда,

Адамды елпектетіп табындырар.

Біраз күн дүниеге қызықтырып,

Үлде мен бүлдеге орап малындырар.

Құрметтеп дүние шіркін

                               айналдырып,

Мойныңа гауһар, лағыл 

                               тағындырар», -

деген жырау сөзін тағы бір оқып шығасың. Ажал шіркін адамның дәм-тұзы таусылар сәтті ешқашан кешіктірмейді. Өмірдің де дәйім түрленіп, қызылды-жасылды болып мәңгі тұрмайтындығын да бүкіл адамзат баласына ұғындырғың келеді. Бірақ түсінушілер аз. Жыраудың заманында жалғасқан зұлымдық, көрсеқызарлық, дүниеқоңыздық, салғырттық әлі сол қалпында.

«Момындарға күш етпе,

Жетеді оған әлім деп.

Ойланбай тұрып іс етпе,

Өзім білем бәрін деп», - дейді жырау. Өзімбілемдік, өркөкіректік, менмендік ешбір адамды жақсылыққа апармаған. Мейлі шаруақор, қарапайым еңбек адамы бол, мейлі, жарты әлемге құзыретің жүрген патша бол, сол тәкаппарлық түбінде қара басыңа бәле болып жабысады. Уақыт оны өзі-ақ ұғындырады. Өмірдің мәңгілік емес екенін Жаратқан Иеміз саған алтын уақытпен-ақ сездіріп қоятыны бар. Күш-қуатың тасқындап, мансабың жүріп тұрған шақта көзіңді шел басып, дүниеге мас болып жүруің мүмкін. Ал уақыт өз дегенін алып, қайратың қайта бастағанда, басыңдағы дәурен шатқаяқтайтын кезде, Қабан жырау айтқандай, елпектейсің, жаңыласың, өзді-өзің мазаң қашады. Әрине, ары қарай бәрі де кеш. Тым кеш. Сол үшін алдыңғы буынның өкінішін қайталамай, ғасырлар қойнауындағы Қабан жыраудай бабаларымыздың өсиетіне құлақ түріп, зейін қойып оқып отырған абзал-ақ.

«Шашпа бекер малыңды,

Таусылса, өзім табам деп.

Іркіп ұста барыңды,

Сенен кейін алам деп.

Айтпай кетті ағалар,

Деп жүрмесін бізге деп.

Өлгеніңше ой - азық,

Өнер, ғылым істе деп.

Арам пейіл адамдар

Достығыңа тұрмайды.

Ақылы жоқ наданның

Жамандығы қалмайды.

Көр аузына барғанша,

Ақыл айтсаң алмайды.

Жамандықтың белгісі

Әр нәрсені торлайды.

Ондайлармен дос болған

Ақылды жігіт сорлайды», - дейді жырау. Көр аузына барғанша ақыл айтса, тыңдамайтын жастардан сақтасын Жаратқан иеміз! Жастар біздің болашағымыз деп әдемі сөйлеуге бейімбіз, бірақ, олардың тәлім-тәрбиесі қандай, халықтың бай рухани мұрасына қаншалықты жауапты қарайды, бұл жағы ойландырар мәселе. Біз ел болып жас ұрпақ тәрбиесіне қағаз жүзінде емес, нақты нәтижемен назар аударар кез жетті. Бұл бағытта Қабан жыраудың шығармашылығын, батырлар жырын, аңыз-әпсаналарды қайта жинастырып, дербес мемлекет тұрғысынан зерделеп, жүйелеп, үлкен жоба жасаудың маңызы зор.

Егер біз Қабан жыраудың өлеңдерін кезекті әдеби туындылардың бірі деп тұжырымдай салсақ, оның шығармашылығын көркемдік тұрғыда талдаумен шектелсек, қат­ты қателесеміз. Жыраудың мұраларын имандылық иірімдерінен құралған ар-ұят пен адамгершілік ілімі деп ұққан жөн болар. Жыраудың бізге жеткен азын-аулақ жыр жолдары бүкіл дәуір үнін айшықтап, қазақ тарихынан сыр ақтарады. Қабан ақын тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды жырлайды. Адамның адалдығы мен тәрбиесі, ісі мен сөзінің сәйкестігі, парасат-пайымы мен мәдениеті ешқашан ескірмейтін, әлемге ортақ тақырып.

Қабан жырау ата дінімізден, салтымыздан сыр суыртпақтай отырып, жалпы халыққа түсінікті, айқын мысалдармен, әдемі теңеулермен жыр арнайды. Сөзсіз, Қабан жыраудың өлеңдері – өлмейтін мәңгілік мұра. Данагөй абызды Жетісудың жырауы деп аясын тарылтпай, адамзаттың ақыны деп бағаласақ орынды болар еді. Өйткені, сүлейдің сәулелі сөзі соған сұранып тұр. Ол адам баласын рухани тазалыққа шақырып, парасат биігінде қалуға үндеді.

«Туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат. Әлпештеген анаң қымбат, еркелеген балаң қымбат. Жақсы дос, жарың қымбат, бәрінен де ұят пен арың қымбат», - деген екен жырау. Иә, ұят пен арын жоғары қоятын адам – ең таза адам. Ондай жаннан қиянат, өтірік күтпейсің. Қабан жырау адамның ең ұлы сипаты ұят­та жатқанын айтады. Қабаннан кейінгі рухани сабақтастық Ыбырай, Абай, Мәшһүр Жүсіптермен жалғасып, бүгінге жет­ті. Ендігі міндет – бабалар мұрасын оқумен шектелмей, жүрекке, санаға тоқумен шұғылдану. Әрине, Қабан жыраудың мұралары өлең-жырмен шектелмесі анық. Оның қазақ айтысында қалдырған қолтаңбасы да ерен. Ел басқару, би ретінде кесім айту сияқты түрлі қоғамдық қызметте де орны жоғары болған. Баба мұрасын зерттеу, зерделеу, іздестіру, ел аузындағы әңгімелерді жинастыру да кезек күттірмейтін, игілікті іс. Бұл жұмыс бір тұлғамен тоқтамай, бүкіл Ұлы даладағы ділмарлардың деректерін жинастырып, кейінгі буынға насихаттаумен жандануы тиіс.

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,

жазушы, Қазақстанның

Құрметті журналисі


ҚАБЫЛИСАДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ

Таныту

Қабылиса (Қабан) жыраудың бізге жеткен жырлары мен толғамдары өзі өмір сүрген 1733-1824 жылдардағы дәстүрлі қазақ қоғамының болмысын боямасыз көз алдыңа алып келеді. Соның бірі «Қабан мен Тұмарша» айтысының түпнұсқа жазбасы ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталған (663-папка, Тапсырған – Әбдолзайыт Мәлкеұлы). Алайда, осы айтыстың кейін бұрмаланған екінші нұсқасы таралғанын көріп жүрміз. Албан қызылбөрік руынан шыққан батыр Әжібай Найманбайұлы (1699-1778) қалыңдық түсіргенде ақындықпен аты шыққан жас келін Тұмаршамен Қабылиса айтысқа түседі. Түпнұсқалық айтыс мәтінінде қыз бен жігіт немесе жеңге мен қайны арасындағы өткір қалжың жоқ, сыпайы қалжыңға сүйенген айтыс мәтінінде жаңа түскен жас келіннің ұяңдығы көрінеді. Ауызша жеткен деректер бойынша, Тұмаршамен айтысқа түскенде Қабан 15 жасар жігіт екен, яғни, 1748  жылдар шамасы. Бұл Қабанның албан елінің тойында болуы, оның жастайынан серілік құрғанын көрсетеді. Тойдың көркін жырмен қыздыру ертеден серілерге тән болған. «Атымды қайтпасын деп қойды Қабан», - деп жеңгесіне өзін таныстыруынан «Қабан» лақап аты мінезінің қайсарлығын, тұлғасының кесектігін танытып тұр. Тұмаршаның өзін таныстыруын сұрауына: «Қаншама мақтағанмен Тұмарша деп, Жеңеше шамалы екен мағлұматың», - деп кейуі Қабанның 15 жасында аты шыққандығын көрсетеді. Ерекше қасиетке ие болып, халық арасында танылған адамның азан шақырып қойған аттары өзгеріске ұшырап, ол халық берген атымен танымал болып қалады. «Қабан мен Тұмарша» айтысындағы Қабанға тиесілі мәтінді жыраудың «автопортреті» деп тануға болады.

Әулиелік культ

Қабылиса (Қабан) жырауды халық «әулие» деп танығаны, Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Бақтыбай Жолбарысұлы, Сарбас, Кенен қатарлы ақындар Қабан жырауды «пір» тұтқаны да аян. Қартайған шағында халық Қабылисаның Қабан атанған лақап атын да атамай, «Абыз ақын», «Ақын Ата», «Көріпкел Ата», «Көріпкел әулие» деп атап, кие тұтқан деседі. Пір – парсы сөзі, ақсақал, қарт кісі, әулие деген мағына береді.

Сара ақын Біржан салмен айтысында:

«Қасиетті Қабылиса Асанұлы,

Мырзадай іргесі кең елден шыққан.

Кем болмас ештеңеден мұны ұққан.

Бұл кісі өзі әулие, әрі ақын,

Исі қазақ біледі оның атын», – деп, Қабан жыраудың әулиелігін тілге тиек еткен.

Әулиелік ислам діні келгенге дейін ата-бабаға табыну, оның арғы жағы Тәңірі, Ұмай, Жер-Судан бастау алса да, ислам дінінің дендеп енуіне орай мұсылманшылық сипатқа ие бола бастады. Ислам дінінің таралуы кезеңінде мұсылмандық пен исламға дейінгі культ тығыз араласып, синкреттеніп, оның белгілері бүгінгі күнге дейін сақталған. Исламдық кезеңде жекелеген әулиелерге табыну – Тәңірлік, түркілік тұлғаларды пір тұтудың логикалық жалғасы десек те болады.

Біздің қоғамымызда орын алған әулиеліктің алғышарт­тары – өзгені және өзіңді өзің тану әрекетінен бастау алады. Ислам діні Алланы, Құдайды тану жолдарын ұсынса, сопылық ілім адамның өзін-өзі тану жағдайларын алдыңғы орындарға шығарады. Діни ұстанымда адам «Құдайға жету» үшін мынадай сатылардан өтуі тиіс: шариғат (ұстаным, қағида, ереже), тарихат (жол), мағрипат (ғылым, білім) және хақихат (Алла тағала). Осы жолдардан өту арқылы өзін де, өзгені де тану жағдайларын жоғары дәрежеде меңгерген білімді жандар – әулиелер болған деп есептеледі.

Қазақстан жеріндегі әр «әулиелі жерлер», «қасиетті жерлер» санатының өзіндік тарихы бар.

Әулие/Уәли – араб сөзі, желеп-жебеуші деген мағына береді. Бұл сөздің түп-төркіні семит тілінен алғанда шын берілгендікті, байланысы жақындықты білдірсе, ал Библияда го’ел гаддам немесе ше’ер, арабша саир – мұрагер дегенді білдіреді. Бұл сөзді діни мағынада адам мен Құдай арасындағы жақындық деп түсіндіруге болады. «Жақын тұратын» деген түсінік кеңейе келе, ескі араб тілінде «уәли» сөзіне ауысып, кейіннен «көмектесетін», «ғажайып иесі», «Құдайға жақын тұрушы» деп құрметтеле бастаған. Әулие – діни нанымдар ұғымында адам тағдырына ықпал жасайтын «қасиетті», «киелі жан», ерекше діндарлығымен, дін жолына кіршіксіз берілгендігімен халық сеніміне ие болған қасиетті тұлға.

Қазақы түсінікте әулиелер – құдайдың рақымы түскен, оның ерекше сүйген құлы. Қазақ халқында исламға дейін-ақ ата-баба аруағына сену, халық арасында өзіндік дара қасиеттерімен ерекшеленетін адамдарға сиыну кең таралған болатын. Қазақ халқы әу бастан әулиені Жаратушыдан жоғары қоймаған. Әулиелер – Құдайдың ең жақын достары болып саналатындықтан, ең бірінші тілекті «Алладан сұрап, сол Құдайдың жердегі елшілері әулиелердің зираттарына барып дұға етіп», ғибадат жасаған.

«Әулие» адамдардың бейіттері де олардың «әулиелігін» көрсетіп тұрады, бейітінде от (шырақ) жанады, күмбезі ұзақ уақыт бойы мызғымай, жанындағы басқа ғимараттар мен үйлер жер сілкіну, су тасқыны сияқты құбылыстардан апатқа ұшырағанда, олар аман қалуы мүмкін. Әулиелердің кейбірі ұша алатын ерекше қасиетке ие болған. Әулие адамдар ақылды, терең ойлы, әділ, шыншыл ретінде бейнеленеді. Олар әрқашан да өмірден жапа шеккендерге қол ұшын беріп, көмектескен, мейірбандық танытқан. Әулие дінді, елді, халықты, ұлт пен руға бөлмейді, бәріне ортақ қарайды. Халық түсінігі бойынша, әулиелердің бұл дүниеде атқаратын қызметі: науқас жандарды ауруынан сауықтырады; перзенті жоқ ата-анаға бата береді, сол батасы қабыл болып, сәбилі болады; Мұғжизалар (кереметтер) жасайды (40 аршын көкке көтерілу, ұшу, жанған оттың астынан аман-есен шығу); олардың о дүниеде атқаратын қызметі: жоқ іздегендер басына келіп түнесе, түсінде аян береді; бұл дүниеде қалған ұрпақтарына қамқоршы болады; қауіп-қатерден, тосын оқиғалардан қорғау мақсатында алдын-ала ескертетін белгі береді.

Қабан жырау әулиелік сатыға ерекше қасиетке ие болуы арқылы көтерілген.

«Қабан мен Тұмарша» айтысындағы:

«Өзіңдей жеңге көрсем пірім түсер,

 Қыранмын ақ маралды алып ұшқан», - деген жеңгесіне өзін таныстыру жолдары назар аудартпай қоймайды. Қабан жыраудың «пірі/иесі» қыран құс болған, «Пірдің пірі» болған деген жорамалды алға тартуға болады. Қазақ халқының сенімінде қасиет қонған адам бойында ұялаған немесе сол адаммен бірге жүретін көрінбейтін тылсым күштің бірі – ие. Ие адамды қорғап, қолдап, қамқоршылық жасап жүреді, ерекше күш сенім береді. Батыр, тілі орақты өткір шешен,  жырау, сәуегей бақсыларға иесі ретінде бөрі, жолбарыс, бүркіт, қаршыға сияқты жан-жануарды, қыран құстарды пір тұту арқылы онымен тілдесіп, сөйлесе алуы немесе оны сезіну арқылы «адам мен табиғат» арасындағы ерекше байланыс орнаған.

Жеке тұлғаның қасиетті ұғымға айналуы

Жеке тұлға есімінің халық арасында «қасиетті» деп танылуы, оның елі мен жері үшін атқарған абыройлы ісімен байланысты әрі оның игі істі атқарған жері де қасиетті мекенге айналады. Нұқ пайғамбардың кемесі қонған – Қазығұрт; Ахмет Яссауи өмір сүрген – Түркістан; Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының туын тіккен – Қозыбасы, Хантау; Абылайдың «Хан Ордасы», «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені сияқты жерлердің киелі саналуы олардың осы жерде атқарған игілікті істерінен туындайды.

Ел басқарған, қол бастаған адам атының ру – тайпалардың ұранына айналуы, жылдар өткен соң, есімі «ұран» болған тұлғаның ұрпақтары арасында «қасиетті» саналуы, оның тарихта қалған орнымен байланысты. Мысалы, жалайыр тайпасы Бақтияр, Қабылан аталарының атын ұран еткен; дулат – Бақтияр; сиқым – Сиқым, Ребек; жаныс – Жаныс, Төле; ботпай – Ботпай, Сәмен; шымыр – Шымыр, Қойкелді; шапырашты – Қарасай; ысты – Жауатар; сіргелі – Тоғаназ; қаңлы – Бәйтерек; шанышқылы – Айрылмас; арғын – Ақжол; керейлер – Жаубасар, Ошыбай; уақтар – Бармақ, Жаубасар; найман – Қаптағай, Жалбағай; қоңырат – Алатау; қыпшақ – Ойбас; кете – Майлыбай; әлім – Бақтыбай; шөмекей – Дөйт; шеркеш – Шағырай; ысық – Бәйтерек; масқар – Қаратай; алаша – Байбарақ; тана – Тана; байбақты – Дәуқара; қызылқұрт – Жиенбай; таз – Төремұрат; беріш – Ағатай; адай – Бекет; есентемір – Алдоңғар; алтын, жаппас – Баймұрат; төлеу – Арғымақ; рамадан – Дулат; тама – Қарабура; кердері – Қожахмет; керейіт – Ақсақал; табын – Тостаған; жағалбайлы – Малатау аталарының атын «ұран» ету арқылы аруақты «қасиетті» ұғымға айналдырды.

Адам атының ру тармақтардың да ұранына айналғаны тарихтан белгілі. Қабанбай батыр есімі найманның қаракерей руына, Сәрке батыр есімі Сыр бойындағы табындарға ұран болды.

«Жеке культтік бейнелердің» қалыптасуының бір көрінісі халықтың діни дүниетанымымен, яғни, аса «ерекше тылсым күшке ие болған әулиелер» деп танылған мифтік бейнелерді пір тұтудан көрінеді. Қазақ халқының өмірінде «сакральды культтік бейнелердің» алатын орны ерекше, олар: Құдаймен байланысты аңыз бейнелер (Ұмай Ана, Су патшасы Сүлеймен, Дәуіт пайғамбар, Әлі Шынар, Диқан Баба, т.б.); адамды желеп жебеушілер (Қызыр Баба, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Баба Түкті Шашты Әзіз, т.б.), төрт түліктің пірі деп танылған мифтік бейнелер (Ойсыл қара, Қамбар Ата, Зеңгі Баба, Шопан Ата, Сексек Ата).

Халықтық білім

«...Имандыда ұят бар.

Көпшілікке жаққан жан

Басына жаққан шырақ бар.

Фәни тұрмақ, бақида

Мінетұғын пырақ бар...»

              Қабылисаның толғамы.

Пырақ – мифтік фольклорда дүлдүл, тұлпар, сәйгүлік, тарлан сияқты жүйрік аттардың синонимі ретінде қолданылып, теңдесі жоқ жүйрік аттың символына, метафоралық образына айналған. Пырақ қанатты, мүйізді ат ретінде бүгінгі күнге дейін келіп жеткен сенімімізден мәңгі орын алды, Елтаңбамыздың басты атрибуты ретінде таңдалды.

Халық ұғымында «қасиетті» деп танылған «нысандарға» жан-жануарлар әлемінің «мифтенген өкілдері» де жатады. Қанатты айдаһар бейнелері әлем халықтарына ортақ болса, қанатты пырақ, қанатты барыс, желмая сияқты мифологиялық бейнелер қазақ халқына тән, иесін қас- қағым сәтте көздеген жеріне жеткізе алатын көлік. Қанатты тұлпар немесе пырақ – қазақ дүниетанымында кең тараған бейне. Ол иесімен тілдесе алатын, ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, жақсылыққа құштарлықтың бейнесі. Қобыланды батырдың аты – Тайбурыл, Алпамыс батырдың аты – Байшұбар, Ер Төстіктің аты – Шалқұйрық, Қамбар батырдың аты – Қарақасқа, Ер Тарғынның – Тарланы, Кендебайдың – Керғұласы, пырақ бейнесіндегі тұлпарлар.

Қазақ жерінен табылған археологиялық бұйымдардан қанатты аттың бейнесінің кездесуі қазақ жерін мекендеген ежелгі тайпалардың діни дүниетанымында «қанатты ат» образының тарихи дәуірлерден жалғасын тауып келе жатқандығынан. Қанаты бар салт аттыны көрсететін Алматы облысындағы Теңдік қорғанынан табылған алтын бұйымдар, Есік қорғанынан табылған қанатты және мүйізді аттар бейнесі дәлелдей түседі. Қарғалы шатқалынан табылған Қарғалы кеніші алтындарында «қанатты атты», «мүйізді атты» көлік етіп мінген әйел образы, әйелдің жауынгер ретінде әскер құрамында болуымен де байланысты.

«Ақылы жоқ адамдар

Тентектің сөзін қуаттар.

Ақылы бар адамдар

Бал бастаудан суаттар»

                     Қабан жырау

«Ақылы бар адамдар, бал бастаудан суаттар» деген ой орамы арқылы рухани тұлғаларға халыққа данагөйлік, мағыналық мәні зор сөз айтуға, тек адамгершілік, ақылдыдан шыққан сөз ұрпаққа мәңгі даритынын алға тартып, адалдықты ту етуге міндеттейді. Халық үшін жасалған игі ісі бар адамның жан дүниесін «бал бастауға» теңеу арқылы халықты адал болуға шақырады. Жер асты сулары көзінен өнетін бастау, бұлақ, қайнар, тұма Жаратқан Иенің адамзатқа берген ерекше сыйы, табиғат ескерткіштері. Бастау – жер астынан шығып жатқан ағынды су көзінің, бұлақ көздерінің басы. Бастаудан негіз алған бұлақ суының ағысы жыра түзіп, арнасы өзенге ұласады. Суы ең тұщы бұлақты айнабұлақ, балбұлақ дейді. Мұндағы айна, бал – метафораланған атау «өте таза», яғни «тұщылығы аса жоғары» деген ұғымды аңғартады. Тұщылығы аса жоғары бұлақ бастауын «балбастау» деп қасиет­ті санап, суын емдікке пайдалану, көзін шегендеп «балқұдық» жасау ертеден бар. Балқұдықтың суы бұлақтан өніп тұрғасын қанша тартсаң да ортаймайды, тартқан сайын өне түседі. Ақтөбе облысындағы Дәдем Ата басындағы, Аралдағы Ақирек тауындағы, Арыстанбаб басындағы, Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлақтағы құдықтар бұлақ көзінен жасалған. Халық арасында осы күнге дейін басына тоқтап, су ішетін, басы қашан да жолаушы тоқтайтын бекет болған құдықты «суат» деп атайды. Суы тұщы «балсуат» сарқылмайтын су көзі болса, ақылдыдан шыққан сөз балсуаттай мәңгі сақталады.

«…Аршынды болсын алымың…» Бұл – Қабылиса жырындағы баталы сөз. Аршын – байырғы ұзындық өлшемі. 1 аршын – 0, 71 м (кей деректе 71, 12 см). Ал, «Бабырнама» жазбасында 1 аршын байырғы өлшемде 1 қарыға, яғни шашамен 70 см тең болғандығы айтылған. Аршынның ұзындығы қазақы өлшем бойынша баламасы кез өлшеміне сәйкес, ал 1 кез ұзындық қазіргі 0, 69 – 0, 89 м ұзындығымен шамалас. Аршын да, кез де адамның иығынан саусағының ұшына дейінгі өлшеммен белгіленеді. Адамдардың қолының ұзындығы әртүрлі болғандықтан да аршын мен кездің де ұзындықтары әртүрлі болып келеді. Метрлік өлшем бірлігі енгізілген соң, аршын мен кез өлшемі теңеу ретінде қолданылатын болған. Мысалы, бір аршын, бір кез. Ертеде аршын құдық тереңдігін өлшеуге де кең қолданып, құдықшының еңбек ақысын құдықтың тереңдігіне қарай бағалаған. «Аршынды болсын алымың», - деп бата беру, «діттеген мақсатыңа жет», «асудан, белестен ас», «бастаған ісіңді аяқсыз қалдырма», «қол жеткіз» дегені.

«...Саяттың саңлақ бағы, құс қайырып», - деуі саятшылық пен құс қайырудың Қабан жырау туып өскен Жетісу өңірін мекендеген тайпалардың аңшылық (аң қағу) кәсібінен ерекше орын алғандығының көрінісі.Сапарғали Бегалиннің «Қыран» поэмасына, Қазақстанның халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтың «Уәли Шора құсшының әңгімесі» дастанына арқау болған атақты құсбегі Жалайыр Уәли Шора – Қабылисаның замандасы, Жетісудан шыққан құстың тілін білген әулие.

Саятшылық, құс қайыру (құс салу) ғасырлар бойы ен даланы еркін мекендеп, түз тағыларының тіршілік тәсілдері мен өмір сүру заңдылықтарын бақылаған халық тәжірибесінен туындады. Құс салу, саятшылыққа берілгендікпен қатар, шыдамдылықты қажет ететін өнер. «Құсбегі-саятшылар» көк тағысы мен жер тағысын сынаққа салудың халықтық білімін ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып отырды.

Түйін

Ұлы Дала кеңістігі тарих сахнасына алып шыққан ақын-жыраулар өздері өмір сүрген қоғамның рухани құндылықтарын жасаушы және қалыптасқан құндылықтарды келесі ұрпаққа жеткізуші күш болды. Осы тұрғыдан алғанда қазақ даласының адамзатқа сыйлаған рухани тұлғалары – дала өркениетінің ақыл-ойларын жеткізетін ақын-жыраулар!

Тарихи дәуірлерде өмір сүрген ақын-жыраулардың еңбектерінде сол заманның рухани құндылықтар жүйесі көрініс тапты.

Ұлы адамдардың шығармашылық мұрасы әрдайым қоғамның заманауи дамуымен сұранысқа ие болатын рухани жаңғыруға және мемлекеттіліктің дамуында қолданылатын жаңа идеяларға мұқтаждық тудыратын қайнар көзі болып қала бермек.

Тәттігүл Қартай

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

профессоры, этнограф


 ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ БАТЫРЫ, ЕЛ БАСҚАРҒАН КӨСЕМІ, ТОПТЫ ЖАРҒАН ШЕШЕНІ БОЛА БІЛГЕН ҚАБАН ЖЫРАУ АСАНҰЛЫ

Кіріспе

«XYIII ғасырда Ұлы жүз ішіндегі Жалайырдан шыққан аса көрнекті қайраткер Қабылиса өр мінезімен, өжет батылдығымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісіңде-ақ Қабан ақын атанған. Ол ел басшылары Ескелді, Балпық билермен қатар «әулие» деген атаққа ие болған. Өйткені әр жерде шашырап, көшіп-қонып жүрген Жалайырлардың басын қосып біріктіруде, тұтас бір ел етіп топтастыруда оның еңбегі, қажыр-қайраты үш ғасыр бойы аңыз-әңгімеге айналған»

(Б.Тоғысбаев, таңдамалы шығармалары, IV том)

Қабанның өмірі жайында дерек тым тапшы. Біздің әзірге білетініміз, оның ілгеріні болжағыш, жырау-ақындығының үстіне үлкен батыр болғандығы. Жетісудың әйгілі батырлары Өтеген, Райымбек, Қарашпен тұстас екендігі.

Жыраудың әкесі Асан артықша бай болмаған. Өзіндік ауқаты бар кісі көрінеді. Өзі де мал-дәулет жинамаған. «Елде бар болса, ерінге тиеді, жалпыда бар болса, жалқы аштан өлмейді»,- дейді екен. Бұл кісінің туған жері Сыр бойы көрінеді. Ол жақтан «Жетісуға көшкені 1767 жылы еді» деп көрсетіледі шежірелер мен тарихи құжаттарда.

Ауыз әдебиетін зерттеуші қаламгер Т. Қаупынбайұлы Қабан жырауға қатысты мынадай маңызды дерек ұсынады: «Осы жерде 90 жыл өмір кешкен Қабан Асанұлының өткен, туған жылы туралы сөз қозғай кетудің орайы келетін секілді. Өйткені, жоғарыда аталып өткен «Асыл арналарда» Қабан жыраудың 1686-1776 жылдары өмір сүргені көрсетілген. Ол еңбекте Сүйінбай ақынның Қабаннан бата алғаны да айтылады. Сүйінбайдың 1815 жылы туғанын ескерсек, бұл деректің қисынсыздығы айқын көзге ұрады. Қабанның туған жылы, өскен ортасы 77 жыл өмір сүрген Ескелді, 88 жасында дүниеден қайтқан Балпық билермен тұрғылас болып, солар кешкен ғұмыр жылдарымен қисынды үндесетін де, үйлесетін де тәрізді. Жаңадан толықтырылып келе жатқан деректер Асанұлы Қабан жыраудың 1736-1826 жылдары өмір сүргеніне дәйек бола алады».

Өкінішке қарай, Қабан жыраудың мұралары толық қалпында біздің заманымызға жетпеген. Қолда әзірге бары – Тұмарша деген келіншекпен және Таутан қызбен айтыстары, «Тыңдаңыздар, ағайын», «Халықпыз біз, қиынбыз» деген толғаулары мен «Арыз», «Хақ тағала алдында», « Кім айтар?», «Жер ойпаңы білінбес», т.б. өлеңдері ғана.

Жазушы Ораз Исмайылдың деректеріне сүйенсек, «Ұлы жүздің он екі ата Жалайыр ішіндегі Мырза елінен шыққан Асаннан туған балалар алтау: Аю, Қабан (Қабылиса), Серкебай, Еркебай, Текебай, Көсембай. Қабаннан бес ұл, бір қыз туған. Бәйбішесінен – Шынтемір, тоқалынан – Сүлеймен, Оспан, Әбдіманап, Ысқақ және Қоянкөз.

Қоянкөз әкесіне тартып, ән мен жырды, өнерді беріле сүйген. болашақты болжай білетін көріпкелдігі, туматаланты болған. Барша ұлдарының арасындағы жалғыз қызын Қабан ерекше жақсы көріп, ерекше мейірімге бөлеп өсірген екен».

Қариялардың айтуларына қарағанда, «Қабан ақын қапсағай денелі, өр мінезді, өжет жүректі, айбарлы, нұрлы адам болған».

Даңғайыр жыраудың тоғытпа жыр-толғаулары

Қабан жыраудың ел аузында айтылып жүрген өлеңдері, нақылдары мен аңыз әңгімелері көп-ақ. Тек сәтінде іздеушісін, қамқоршысын тапсын деңіз.

Жампоз жыраудың шығармашылық туындылары көбінесе жақсылық пен жамандықтың ара-қатынасын ажыратып, саралауға құрылған. Ол өзінің «Бәріңдағы тыңдаңдар» атты өлеңінде:

«Болыңдар тіршілікте тату, тәтті,

Бір күні барамыз ғой көр аузына.

Дүниеде ешбір қатер жуымайды

Әркім ие боп жүрсе өз аузына.

Басына бәле адамның тілден болар,

Сол тілден ұрынады өз дауына.

Әр адам өз аузына ие болса,

Әділдің жолығады қорғауына», - дейді. Расында, бар істің тетігі тілде екені ешқандай дау тудырмайды. Тілден келетін пайданы да, зиянды да ата-бабамыз жақсы білген. Сондықтан да: «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», - деген.

Бірде батыр ағасына Асанның кіші баласы Серкебай елден береке-бірлік кеткенін айтып шағынады. Сонда Қабан тереңнен толғап былай деген екен:

«Өсек-аяң сөз болса,

Жуытпағын денеге.

Әділдің озар адымы

Адал жан шығар төбеге.

Тектен адам шыға алмас,

Төбе түгілі, сөреге.

Біреуге адам ор қазса,

Өзі түсер өреге...

Ақынның елі сондай деп,

Үлгісі жақсы қандай деп,

Болыңдар елге өнеге».

Жыраулық поэзияның түп қазығы – ақыл-нақыл екені әмбеге аян. Қабан жырау кейінгі жастарға тәлім-тәрбие беретін өсиет сөздерді көп айтқан. Арнайы мектебі, ғылым-білім ордасы жоқ көшпелі қазаққа сол замандарда ұлағат сөздер ауа мен судай қажет болғаны анық:

«Момындарға күш етпе,

Жетеді оған әлім деп.

Ойланбай бұрын іс етпе,

Өзім білем бәрін деп...

Шашпа бекер малыңды,

Таусылса, өзім табам деп.

Іркіп ұста барыңды,

Сенбе елден алам деп.

Айтпай кетті ағалар,

Деп жүрмесін бізге кеп:

« Өлгеніңше, ой азық,

Өнер, ғылым ізде», - деп!»

Қарт жыраудың көпті береке-бірлікке, ынтымаққа шақырған біраз толғаулары бар. Мысалы:

«Елі-жұртым, сізге айтам,

Бірлікті бол, шырақтар.

Бірлікті жерде ырзық көп,

Жетерлік онда мұрат бар.

Ауызбірлік жоқ жерде,

Қиянатты қият бар.

Ұят – иман басы дер,

Имандыда ұят бар».

Бұл жыр жолдарынан ақынның халықты шариғат арқылы ауызбірлікке шақырғаны көрініп тұр. Кейінгі уақытта әдебиетіміздің өткен тарихы жөнінде терең зерттеулер жүргізіп, толымды ойлар қозғап жүрген белгілі қаламгер Т. Қаупынбайұлы Қабан жырау туралы тың деректер толғайды: «Қазақ халқының басынан кешкен қиыншылықтар мен небір зұлматтардан дерек беретін Қабан жыраудың «Халықпыз – біз, қиынбыз» деген толғауын Талдықорғандық этнограф Жақан Балшенов деген ақсақалдан жазып алған. Толғауда айтылатын ой мен мазмұн тұтастығы, ақаусыз тіл оқырманын бірден баурап алады. Соған қарағанда, бұл туынды жарық дүниеден көп түйген, халық тәжірибесін, оның тарихи құрылымын бойға молынан сіңірген адамның ойтаңбасын танытатынына күмән келтірмейміз»

«Жеке-жеке жететін,

Ызға тастап кететін

Жан байлығың, сыйың – біз.

Артық айтсам, келмеңіз,

Құнтсыз шыққан кемеміз

Адасатын жиі біз.

Үйден-үйге жететін,

Демде тарқап кететін,

Үйірілген құйынбыз.

Өткел тапқыш төтеден,

Даурығатын өте кең,

Ру жиған жиынбыз.

Шымбайында ері тар,

Арқалы боп көрінер,

Оза алмайтын миыңбыз.

Тектік пенен тексіздік,

Ептік пенен епсіздік,

Тең түсетін үйің– біз.

Қалып алған қанағат,

Ескіргенше, жаңа жат,

Ақыл, есті бұйымбыз.

Жанат қиял жалдаған,

Мұздап өліп қалмаған,

Талайы тастүйін, біз.

Қасиет қып жандыққа,

Қанықтыра алдық па,

Дін-мұсылман иін біз?

Тусырап бір тойғанда,

Шеттедік ну ойдан да,

Жағасы кір киімбіз.

Шексіздік боп көрінген,

Бізден өтпес ерінген,

Емес едік бұрын біз.

Жасыл едік-ау манарлы,

Бүгінгіден бұрын біз.

Жете болып жететін,

Парық болып өтетін,

Қолы қалың ұйымбыз.

Құнт келмесе өтеміз,

Құр күпініп, шын білмей,

Жер – әлемнің сыйын біз,

Халықпыз біз, қиынбыз», - деп толғаған данғайыр да ұлы жыраудың «Халықпыз біз, қиынбыз!» атты толғауы бүгін де есті жанды толғандырмай қоймайды.

Қабанның тарыдай нәрседен таудай, теңгедей істен тебінгідей дүние тудыратын ақындық құдіреті болған. Ол:

«Тамшыдан теңіз молайып,

Тарыдай тастан зорайып,

Бірігіп үлкен тау болмақ,

Аз сөзден шатақ молайып

Бара-бара зорайып,

Ұлғайып, түбі дау болмақ», - деп толғаса, ел-жұртты өркөкіректіктен сақтандырып, кішілік пен кісілікке шақырып тұр.

Қабан бабамыздың мына жыр жолдарынан («Кім айтар?» толғауы) алыстағы аспан шырақтарындай сан қырлылығын көреміз:

«Күңіреніп өткен күндерді,

Түнеріп өткен түндерді

Түнек емес деп кім айтар?

Сый қылмасаң халқыңа,

Келе алмасаң қалпыңа,

Түсе алмасаң салтыңа,

Жүре берсең салпылдап,

Төрт құбыласы тең екен

Дегенді саған кім айтар?

Желмаямен жортпасаң,

Жампоз жүгін артпасаң,

Адырнадай шиғырып,

Серпіліп бір тартпасаң,

Елдің де сыйы түзелмес,

Ердің де сәні түзелмес.

Көш, көш елім, көш, елім,

Көше де жүріп, түзелдім,

Көше де жүріп, күзелдім.

Көшуде туған нәресте,

Қалды ғой, бізде бәрі есте.

Салмағын елдің көтеріп,

Демікпей алға кетер нық,

Ширығып белге жетер нық!»

Көп жасап, көпті көрген, сұңғыла қарт жырау:

 

«Шірімес алтын жерде

                                жатқанменен,

Оқ тимес ажалсызға атқанменен.

Жаманға сөз, жалқауға таяқ өтпес,

Астарлап, қаншамалап

                                айтқанменен.

Өткен күнде белгі жоқ

                               қанша айтсаң да,

Қызыққа бір күндері батқанменен»,- дейді. Осы бір шумақ өлеңдегі әрбір сөзде, әрбір жолда астарлы да анық шындық жатыр. Ұрпақтан-ұрпаққа тозбай жетер, сол асыл мұрат жатыр. Ол үлкен жүректің арманы, асыл өсиеті, адами Һам ақиқи ұстанымы!

Ақын баба өз заманында жылағанды жұбатқан, қиналғанды сүйеген сүйеніші болды. Оның:

«Киік қайда ойнайды,

Тауда тарғын болмаса?!

Балық қайда ойнайды,

Балдырлы су болмаса?!

Бұлғын қайда ойнайды,

Буалдыр саз болмаса?!

Жер ойпаңы білінбес,

Ебін тауып үй тіксе.

Ел ойпаңы білінбес,

Еліне сай ұл келсе.

Шапағаты жанатын

Жағалай биік ну келсе...», - деп , аз болса да саз жазылған жыры («Жер ойпаңы білінбес» өлеңі) көркемдігімен жүрекке жылы тиеді.

Қорыта келе айтарымыз, Қабан жыраудың өлең-толғауларын оқыған сайын бойымыздағы мінімізді айнадан көргендей боламыз. Олқылығымызды жөндегіміз, көңілімізді ағартқымыз, тазартқымыз келеді. Ақын осындай ізгілік, ізеттілігімен ірі. Оның өлеңдері інжу-маржан сияқты. Сондықтан да ол өз халқымен бірге ұзақ жасай бермек.

Қабан жырау – Жетісудағы айтыс өнерінің негізін қалаушы

Қабан Асанұлы – талай айтысқа түскен, жеңілмеген ақын. Ол Тұмаршамен, Таутан қызбен, Қоянмен айтысып, соңына көптеген ғибратты өлеңдер мен толғаулар қалдырған.

Бірақ бұл айтыстар түгел сақталмаған. Барының өзінен арғымақтай жүйрік ақынның алдына жан салмағанын, шаңға көмілмей аламаннан оза шапқанын көру қиын емес. Сөзі мірдің оғындай, ойы озық, түйсігі терең ақынды қырағы көз жазбай таныйды, сірә.

Албанның батыры Ә.Найманбайұлы (1699-1778) қалыңдық түсіргенде Қабан жырау жас келін Тұмаршамен айтысқан. Өмірдің, тіршіліктің жайттарын, діннің амалдарын, заңдарын қамтыған жұмбақты Тұмарша сұрақ күйінде қояды да, Қабан сүрінбестен, дәл, анық жауап қайтарып отырады. Бұдан біз тапқырлықпен қоса, асқан ақылдылықты, білімдарлықты аңғарамыз.

Мысалы, ақын келіншек Тұмаршаның: «Атыңыз кім болады айтшы маған?», – деген мысқыл сұрауына жас ақын аспай-саспай:

«Қабан деп қойған әкем атым,

Жалайыр он екі ата арғы затым»,- деп, салиқалы жауап қайырады.

Бала жігітті басынғысы келіп, сәті түссе, көңілін шайлықтырып тастау мақсатымен Тұмарша одан әрі бастырмалатып:

«Қабан деп қалайша ат қойды саған,

Атыңды әкең марқұм біліп қойған»,- деп, әзіл-қалжыңға ойыстыра, батыра түседі. Бірақ әлі ешкімнен беті қайтып көрмеген жас пері оған тоқырап, еш тоқтамастан: «Атымды қайтпасын деп, қойды Қабан!» - деп екпіндеп кетеді.

Қабан ақынның мінез-құлқы, сөйлеу нақышы, дауысы өз тұрғыластарынан өзгеше болғанын баяндайтын аңыз-әңгімелер ел ішінде қазір де аз айтылмайды. Ақынның сондай бітімін Ә.Мәлкеұлы жазып қалдырған Тұмаршамен айтысы да еске салып өтеді:

«Айтысса айтыссын» деп

                        айтты халық,

Тұмарша жүрген бұрын

                        бәйгені алып.

Ақырып Қабан ақын қоя берді,

Біртүрлі естімеген әнге салып.

Он беске Қабан ақын келген жасы,

Өлеңге аударылған ықыласы.

Төгеді сөйлегенде сөз маржанын,

Айрықша бозбаланың мәртебесі».

Бұл айтыстың бізге әзірге екі түрлі нұсқасы белгілі болып отыр. Бірі – «Жазушы» баспасынан 1988 жылы шыққан «Айтыс» кітабының бірінші томына енген, ал, екіншісі – фольклор зерттеушісі Ораз Исмаиловтың мақаласында жарияланған үлгілер («Октябрь туы», 11 қырқүйек 1990 жыл).

Бір қызбен (Қоянмен) қағысқанда:

«Өлеңді айта алмайсың кешеулесем,

Болар ем Қабан ақын сені жеңсем,

Жұлдызды төбедегі кім санапты,

Көп жатқан шалқасынан

                          сен білмесең», - деп, сенімді түрде жеңген екен.

Өзінше бір әлем, аса құнды дүниелердің бірі – Қабанның Таутан қызбен айтысы. Бұл мұраның аса құнды болатын себебі, ол – жұмбақ айтыс. Жұмбақ айтысы – айтыстардың ең күрделі, аса үлкен білім мен біліктілікті талап ететін түрі.

Мұнда жалғыз ақындық қана емес, сол өзі өмір сүрген ортасы, қоғамы, дәуіріне лайық білімі, білгірлігі, үлкен тапқырлығы болуы шарт. Міне, осының бәрі Қабан ақын мен Таутан қыздың айтысында айқын көрініс берген екен.

Таутан:

– Отырмын бір Құдайға

                  жылайын деп,

Бір сөзге тоқтам қылып

                              ұнайын деп.

Ақын деп, ата, сізді естіп едім,

Отырмын аз шариғат сұрайын деп.

Қабылиса:

– Жолы бар шариғаттың пара-пара,

Тілімді жаңылдырма Хақ тағала.

Боламыз біліп айтсақ біз де жақсы,

Қыз Таутан, шариғатын сұрап қара.

Екі ақын ұзақ айтысып, сауалға жауап қайтарып, соңына таман аса көркем әрі мәнді үлгіде жалғастырған.

Таутан:

– Бір адам жүр алтынды киік бағып,

Мойнына үш жүз алпыс

                                    арқан тағып.

Екі ұры аламын деп күнде аңдиды,

Бекіттім төрт жүз қырық төрт

                                    қазық қағып.

Қабылиса:

– Жаныңа ие адамың анаң болар,

Анасыз көрген күнің қараң болар.

Үш жүз алпыс арқаның

                                   жыл он екі ай,

Мұны тапқан Қабекең кімің болар?

Екі нәпсі – екі ұры, білсең танып,

Төрт жүз қырық төрт сүйек бар,

                                    ұққын анық.

Тірі болсам табамын жұмбағыңды,

Таутан бала, бәтемді ал,

                                   тілімді алып.

Таутан:

– Құдайдың жаратқаны бір бәйтерек,

Төрт бұта сол теректе болса керек.

Төрт бұтақты және бір-екі бұтақ,

Қабеке, ақын болсаң тапсаң керек.

Қабылиса:

– Бір бәйтерек дегенің Мұхаметім,

Үш жасында анадан қалған жетім.

Төрт бұтағы сүйікті

                                төрт жары дүр,

Пайғамбарым қорғайды

                                      көп үмметін.                                           .

«Бұл айтыстың бір ерекшелігі – екі ақын жұмбақты кезектесіп айтпайды. Жұмбақ – сұрақты бастан-аяқ Таутан қыз қойып, Қабылиса-Қабан ақын оны тоқтаусыз шешіп отырады. Жұмбақтардың тақырыбы алуан түрлі. Бірде діні кітаптардан қойылса, бірде шариғаттың шиыр-шиыр жолдарынан, адамзат тарихынан, пәлсападан, сол кездегі техникалық прогресс жетістіктерінен қамтылады. Бір ғажабы – соның бәріне Қабан ақын іркілместен, мүдірместен, табан астында таңқаларлық жауап беріп отырады» (жазушы О.Исмаиловтың зерттеуінен).

Дерек көздеріне сүйенсек, ақын қыз Таутан ақыры Қабан ақынның ғұламалығын да, кемеңгерлігін де мойындап, батасын алумен тынады. Осы айтысқа байланысты айқын анғарылып тұрған үлкен бір нәрсе – Таутан қыз да, Қабан ақын да өз заманының білімді, салауатты жандары болған.

Ғұлама жазушы М.Әуезов: «Қабан өлең айтар алдында немесе айтысқа түсетінде ащы айқайға салады екен. Өзімен қағысуға, ұстасуға келген қарсылас ақынның зәре құтын сөйтіп алады екен», - деп жазған. Мұны ел сөзі де растайды:

«Өлеңге қырғын туған Қабан ақын,

Маңына қандай адам бара алатын.

Айтыссам деп келгендер дауысын естіп,

Астынан алты қырдың жоғалатын.

Астынан алты қырдың жоғалатын.

Айтысса, тырнадай боп тоналатын.

Ауылынан таңнан шыққан байғұс ақын

Қармалап қараңғыны оралатын.

Бар жерде Қабан жырау жол алатын,

Адамдар нені ексе, соны оратын.

Алланың ақ жолында – ақ домбыра,

Мінетін жайтаңдаған баран атын».

Осы үш шумақ өлеңмен-ақ халық өзінің сүйіспеншілігіне бөленген Қабан жыраудың барлық ішкі-сыртқы бейнесін, жан дүниесін тайға таңба басқандай етіп, ап-айқын көрсеткен. Әсіресе, оның дауысындағы ғажайып сиқырлы саздың құдіретін дөп тауып айтқаны ырза қылмай қоймайды.

Қабан жыраудың қазақ-қалмақ соғысына қатысуы

Қабан жырау дарынды ақындығымен қатар сөз бастаған шешен, ел басқарған көсем, соңына қол ерткен баһадүр  де болған. Өйткені түр-тұлғасы батырға келетін, рухы биік ақынның толысқан азаматтық шағы Жоңғарлардың жойқын шапқыншылығымен тұспа-тұс келген екен.

Бізге жеткен тарихи деректерге жүгінсек, қалмақ пен қазақ соғысына қол бастаған сардар болған Қабан жырау бастан - аяқ қатысқан. Тіпті, өз еркімен жалынды жас жауынгердің орнына жау қолына аманатқа да барған.

Ол туралы ақынның шөбересі Мәрима Рахметқызының айтуына қарағанда, қазақ-қалмақ соғысы кезінде Жалайырдың бір батыры жекпе-жектің шартын сақтамай, қарсыласын қас пен көздің арасында шаншып өлтіреді. Мұның артты дау-дамайға айналып, қалыптасқан салт-дәстүрді бұзғаны үшін әлгі жас батырды қалмақ жағы байлап беруді талап еткен. Ел ағалары бұл талапқа келісуден басқа амал таба  алмай тұрғанда, Қабан ақын шығып: «Бұл ұлан ел қорғаны болатын азамат екен, жолына – жан пида,  мені байлап беріңдер!» - дейді де, өз еркімен жау қолына аманат болып кеткен екен.

Батыр һәм жырау қазақ жасақтарын жырымен жігерлендіріп, рухын көтерген. «Үркінде, үркін, үркінде» атты туындысында:

«Үркінде, үркін, үркінде,

Өтеді дүние бір күнде.

Тыңдап отыр, шырағым,

Мен саламын бүлкілге.

Жігіт болсаң майда бол,

Тал жібектей үлпілде.

Барыңа қыл қанағат,

Не береді құр тілге?

Алпыс күн атан болғанша,

Бура боп бір күн зіркілде.

Көзіңді жұм да жауға шап,

Ажалды өлер, іркілме.

Кешегі өткен заманда

Ердің құнын татқан көп,

Ашуланып бір түнде», - деп жырлауы осы сөзіміздің дәлелі болмақ. Рухтың жасампаздығы ғой осынау жыр!

Қабан (Қабылиса) Асанұлы бабамыз: «Батырсыз ел – панасыз, ақынсыз ел – санасыз», - деген нақылды жиі айтады екен. Сондықтан оны ақиық ақын М. Мақатаев «Райымбек, Райымбек!» атты поэмасында жорық ұраншысы, ел абызы бейнесінде жырлауы тегін емес. Тарихи дастанда Қабан жыраудың (поэмада Қабай жырау кейіпінде жүр):

«Дала жатыр.

Сағымы ширатыла,

Бара жатыр қырына, бұйратына.

Екі жетім, бұлақтың басындағы

Әулиенің бұрылды зиратына.

Бастарына іс түскен шақты ойлаған,

Ағашыңа пәнделер ақ байлаған.

Құлан жортса,

құтылмас құла дала,

Құлазыған, иесіз жатты айнала.

Керуен жол қасынан кесіп өткен,

Осы жерді әулие бесік еткен.

Мұсылмандар ғибрат етуші еді,

Мұндар-тірлік мұқалтып, есі кеткен.

Әулиенің бас иіп мекеніне,

Мұсылмандық парызын өтеді де,

Қабай жырау қайтадан еріп кет­ті,

Қажап тұрған ойының жетегіне...»

немесе:

«Жайлауымды жау алып,

Өрісімді өрт алып,

Өзегімді дерт алып,

Келдім саған, әулие!

Боздақтарым жоғалып,

Боз кебінге оранып,

Маңдайымнан cop ағып,

Келіп тұрмын, әулие. 

Қыздарымды қатын ғып,

Шаңырағымды отын ғып.

Отауымды топыр ғып,

Отанымды қоқыр ғып,

Ойран ет­ті, әулие! 

Қан сасыған даламның,

Қатын менен баламның,

Кегін қайтіп алармын?

Жебеп жібер, әулие?!» - деп, әулие зиратына барып күңіренуі, соғыс кезінде жетім қалған жас бала, кейінгі жолбарыс жүректі Райымбек батырға қамқор болуы тектен-тек болмаса керек. Ақын жырында:

«...Айтса тілін алдырған,

Алмастан оғын жондырған,

Ата-қазақ баласын

Алақанға қондырған,

Бар қазақтан – бір қазақ,

Табар ма екем, әулие?»  - деп толғануы, жас Райымбектің болашақ батыр екендігін тануы да Қабан жыраудың тегін болмағандығының бір белгісі сияқты.

Алдаспан семсердей беті жаудан қайтпаған Қабан жыраудың бүкіл сарбазы жау қолынан мерт болғанда, Аллаға сыйынып, әулие зиратына тағзым етіп, халықтың тілеуін тілегені де бұл тұлғаның теңіздей тереңдігін, асқар Алатаудай асқақтығын, әулие-көрегендігін паш етеді.

Қабан жыраудың ақындық дәстүрінің өз заманында Жетісу өңіріне кең тарауы

Қабан жыраудың ақындық дәстүрі өз заманында бүкіл Жетісу өңіріне кең тарағаны, жыр күмбезінің асыл да аталы ордасына айналғаны белгілі.

Қазақ халқының Сүйінбай, Бақтыбай, Жамбыл, Сарыбас, Кенен, Арыстан, Құлмамбет, Қыпшақбай сынды шашасына шаң жұқпас, алып ақындарының қай-қайсы да ақиық Қабан жыраудың ақындығына тәнті болып, ұшқыр да ойлы сөзін ғұмыр бойы құрметтеп те, қастерлеп те өткен.

Сүйінбай Аронұлы айтыстың үздік өнерпазы, сын-сықақтың шебері, шешен де тапқыр ақын – Қабанның өлең-жырын жатқа білумен қатар, оның ақындық өнер жарысы үстінде арнайы қайталап отыратын кейбір дағдыларын да есінде сақтап қалған. Ізін басып келе жатқан жас ақындарға Сүйінбай өзі ұстаз тұтқан Қабан ақынның басқа да елден бөлек әдеттерін ғибрат етіп айтады екен.

Қабан жыраудың заманында алып ақын болғандығы жайлы белгілі ғалым М. Жолдасбеков кеңінен толғап жазды. Ғалым айтқан тұжырымға тоқтасақ, Сүйінбайдың отты да ойлы жырлары, найзағайдай өткірлігі атақты нағашысына тартқаны анық.

  1. Өз заманында шындықты бетке айта білген, «топта торғай бермеген, жеңілуді білмеген» ділмар ақын Сарыбасты халқы әлі күнге дейін ұмытпай келеді. Қабан жырау Сүйінбай мен Сарыбастың нағашысы.

«Мен Майкөттің сегіз ұлының бірі едім.

Мен сендейдің бәрін де,

Жаныштап жастап жүр едім.

Шақырған соң қауымым,

Бұл жиынға келемін.

Нағашым – Жалайыр, ол Қабан,

Осал жерден шықты демегін», - деген Сарыбас ақын Қабан жыраудың жиені болғанын мақтан тұтқан.

  1. Ұлы жырау Жамбылдың ақындық өнерінің ашылуына тікелей емес, ел аузында сақталған өлең-жырлары, шешендік тапқыр сөздері арқылы әсер еткен. Қабан ақын туралы, көп аңыз-әңгімелерді, оның от жырларын Жамбыл негізінен ұстазы Сүйінбайдан ұққан.
  2. Біздің байтақ елімізде кеңінен танымал сазгер, ақын Кенен Әзірбаев өзінің «Жамбыл -жыр» деген өлеңінде:

«Ұлы жүз ұлағат қылған Сүйінбайды,

Өлең жыр Сүйінбайсыз бұйырмайды.

Ақындар Сүйінбайды атамаса,

Баяғы басқан ізді шиырлайды.

Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,

Бас иген Ұлы жүзде тәмам ақын.

Нағашысы Жалайыр Қабанды деп,

Жамбыл атам айтатын маған атын.

Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау,

Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.

Жиені – Сарыбас ақын сөйлерінде,

Әдеті – мұртын қағып, құлақ бұрау».

Импровизатор ақындарға өзі табынған ақынға еліктеу әдет болғаны анық. Сүйінбайдың, Сарыбастың, Кененнің жыр айтарда аспанға қолын сермеп, құлақ бұрауы сол Қабаннан қалған ғадеттерден болса керекті.

  1. Қабан жырауды ту етіп көтерген аруақты ақынның бірі – Бақтыбай Жолбарысұлы. Атақты да арда ақындардың өмірбаянында түс көру, өлең айтып ояну секілді жайттар кездесе береді. Сол секілді Бақтыбай да ақындықты түс көруден бастайды: «Бақтыбай жеті жасқа келгенде, әке-шешесі қатар өліп, төрт жасар інісі Тәттібай екеуі жетім қалады. Тәттібайды Жолбарыстың өз ағасы Аю бағып алады да, Бақтыбайды Балқаш, Сексеуіл, Шұрық жақтағы нағашысы алып кетеді. Бақтыбай он-он бір жасқа дейін мыңқылдап сөйлей алмайды. Сөзін адам ұқпайтын мылқау, әрі жуас бала болып өседі. Он екі жасында нағашысының ешкілерін қасқырға қырғызып алып, нағашысынан қорқып, күздің өкпені ала түсетін суық жауынды түнінде еліне қашады. Қараңғыда қалың бұйра құмның ішіндегі жаңа көшіп кеткен бай ауылының жұртына тап болады. Әрі қорқып, әрі тоңып, дірдектеп жүрген бала бай үйдің үлкен жер ошағын қопарып қазып, күліне аяғын тығып, бүк түсіп ұйықтап қалады. Түсінде Қабан ақынды көреді. Бұл елдегі әулие санатындағы аруақты ақын бала Бақтыбайға: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» - дейді. Бақтыбай: «Өлең аламын», - дейді. Қабан жырау баланың ауызына түкіріп: «Жұтып қой», - деп бұйырады. Бақтыбай оның айтқанын істейді. Ертесіне сәскеде ғана оянса, түсі екен. Көңілі көтеріліп, бойын бұрын-соңды болмаған шат­тық кернеп, мылқау тілі ашылып қоя береді. Сол күннен бастап өлеңге құмарлығы артады. Аузын ашса, көкірегінен өлең төгілетіндей болады. Мұның түнеп шыққан жері Қабан ұрпағының (шын аты – Қабылиса), яғни, Қабанның сүйегі шыққан үлкен үйдің жер ошағы екен».

Бақтыбай ақындық кие Қабан бабасынан қонғанын «Кім қалар?» деген өлеңінде мақтанып та, сүйініш ете де жырлаған:

«Жасымда жетім болып безіп кеттім,

Қаңғырып айдаланы кезіп кеттім.

Түсімде Қабекеңнен өлең алып...»

Әйгілі Әсет ақынмен жүздескенде Бақтыбай бұл ойын былай деп тереңдете түйіндейді:

«Менің атым – Бақтыбай,

Домбырамды қақтым-ай.

Ақын Қабан әулие

Өлең берген бақытыма-ай.

Құдай берген өнермен

Ел-жұртыма жақтым-ай.

Есе бермей ешкімге,

Өрге, қырға шаптым-ай».

Өзінің түсіне кіріп, бойына ақындық шарапат таратқан осынау ұлы тұлғаны Бақтыбай Жолбарысұлы ғұмыр бойы аузынан тастамаған. Әрдайым:

«Байұзақ, Мәмбет еді Абақтағы,

Ескелді, Балпық еді Тарақтағы.

Асан - сиық әулие Уәли Шора,

Құдайым ондай жанды жаратпады.

Мырзада Қабан өткен,Қабылиса

Атақты ақын болған санаттағы»,-деп аспандата ардақ тұтқан.

Мұндай мойындау, пір тұту, құрмет сияқты лебіздерді Жетісу жерінің арғы-бергі заманда өткен Мәулімбай, Қыдырәлі, Есенгелді, Қалқа, Темірғали, Артық, Әбікен сынды айтыскерлер әр кездерде айтып отырған. Солардың ішіндегі Ақын Сараның мына бір толғамын еске ала өтуіміз жөн:

«Қасиетті Қабылиса Асанұлы,

Мырзадай іргесі кең елден шыққан.

Кем болмас ештеңеден мұны ұққан,

Жалайыр Қабылисаны еркелетіп,

Қабан деп лақаптап атын тұтқан».

Жетісудың тағы бір тарланбоз ақыны Қалқа Жапсарбаевтың:

«Ал сөйлейін сөз тыңда,

Жүйрік пе озбай терлеген?!

Тілде де ешкім жеткен жоқ

Кешегі біздің Қабанға,

Шарпыны тиген маған да», - деп шырқағаны белгілі.

Сонымен, Қабанның (Қабылиса) ерекше қасиеті – өзінен тараған ұрпақтары мен шәкірт­терінен аузына құс тістеген жүйріктер, «шашасына шаң жұқпаған» ғажайып ақындардың шығуы.

Түйін

Біздің ертеде өткен көсемдеріміз бен билеріміздің, ақын-жырауларымыздың бүгінгі тәуелсіз тарихымызда алар орны ерекше. Олар кезінде ел бірлігін сақтады. Қазақтың ұлт болып ұйысып, рухы биік ел болуына үлес қосты.

Сөз жоқ, өзінің ақындығымен, жыраулығымен, әулиелігімен атағы алты Алашқа шыққан ерекше адам – Қабан (Қабылиса) Асанұлы. Атағы күллі қазаққа тараған, бізге жеткен еңбектері арқылы өзінің философиялық толғамдарға толы ақын екендігін, жігерлі жырларының қай заманда да үстем екендігін дәлелдеген жыраудың өмірі ертегі мен аңызға толы.

Мәселе, дүлдүл ақынның шалқар дариядай шалқыған жырларының кейінгі ұрпаққа ұшқыны жеткендігі емес. Сол ұшқынның жалынға айналып, жалпақ жұрттың жүрегін жаулауында. Кезінде:

«...Тіршілікте сыйласқын,

Дүние қайтып келе ме?

Дүниеге сенім жоқ,

Мінерміз, бір күн кемеге», - деген Қабан жыраудың өмірі – мәңгілік. Оның артында қалған өлмес мұрасы өміршең демекпіз.

Рашит ҚАРЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының Академигі, Қазақстан республикасы Білім беру ісінің үздігі


КЕНЕУЛІ ОЙЛЫ, КЕМЕЛ ТІЛДІ – ҚАБЫЛИСА ЖЫРАУ

 Бізден үш ғасыр бұрын, 1733-1824 жылдар аралығында өмір сүрген Қабылиса (Қабан) жырау туралы жазарда дағдарып қалғанымыз шындық. «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды» кітаптарына, орта мектеп оқулықтарына кірмеген, жоғары оқу орындарының бағдарламасында жоқ, шығармасы туралы монография жазылмаған жырау туралы таразым әділ бола ала ма? Өлшем, мөлшерім салмақты шыға ма? Сүйінбай Аронұлына, Бақтыбай Жолбарысұлына ұстаз, Қалқа Жапсарбаевқа, Кенен Әзірбаевқа пір болған ақынның әдебиет тарихынан алған орнын өзімізді де, өзгені де шатастырмай айтып бере аламыз ба? Мәселе – осында.

Әдебиет тарихындағы тоқсан жолдың торабын тұтас алсақ, арғы жағасын ХV ғасырдағы Асан қайғыдан (Асан Сәбитұлы) бастаймыз да, көл-дария мол дүниеге, өткен күн, көшкен дәуір, көне тірлікке күмп береріміз анық. Қуатты лектің шінен Ұлы жүздің Жалайыр руынан шыққан Қабан жырау, Қабан Асанұлының жырларына зер салғымыз келеді. Мол мұра қалдырған болар, бірақ қолымызда бары – «Бәріңдағы тыңдаңдар», «Ырыс алды – ынтымақ», «Арғымақ жабы көрінер», «Тамшыдан теңіз молайып», «Барлы, барлы, барлы тау», «Жер ойпаңы білінбес», «Қарынбай» (қисса) шығармалары мен Тұмаршамен және Таутан қызбен айтысы. Неге аз? Мүмкін жоғалған, жойылған жәдігерлер қатарында кеткен болар... Әлде?! Әлде, Қожа Ахмет Яссауиды өзбек ғалымдарының әдебиет тарихынан өшіріп тастағанындай қиянат па екен? Қырғыздардың Молда Қылыш мұрасына үрке қарағанындай, ілік іздеушілер болды ма? Өзімізде де мұндай кесірлі кесапаттар мың сандап кездеседі ғой. «Шортанбайдың қайшылығы мол мұрасын атады» деп, С. Телжановты, «Дулатты құлағынан тартып көтере береді» деп, Ханғали Сүйіншәлиевті, «Ақылбек Сабаловты қатарға қосамын деп қара терге түсті» деп, Белгібай Шалабаевты ат құйрығына байлауға әзір тұрдық емес пе?

Атадан ұл, анадан қыз, кешегіден бүгін озған кезде есімізде жоқ ежелгі уақытқа, оның әдебиетіне мінездеме қалай беріледі? Жазу күйіндегі мағлұмат тіптен жоқтың-қасы. Кәріқұлақ ескі кісілер азайған, ауызша үлгілер де жоққа тән. Олардың мұрасы бергі заманға жалпы елдің ұғымы, жалпақ жұрттың көзқарасы, халықтың, тіпті, руының сүйіспеншілігі арқылы келеді. Иә, шығармалары дау-дүдәмалды ақындар – ХVІІІ ғасыр ақындары.

Мұң мен нала, ыза мен кек, арман мен мұрат көркем сөз арқылы өріс табатын. Сол кездің митингісі мен конференциясы, дебаты мен форумы жыраулардың отты жырлары еді. Олар ел тілегінің жоқшысы, сол заманның шежірешісі, жылнамашысы. Кейінгі, әдебиет тарихы зерттеле бастағандағы олардың идеологияға жақпаған ерекше тұстары – қоғамдық құрылысқа үнемі оппозицияда болулары. Саясат өзіне жақпағандардың өзінің де, мұрасының да көзіне тұз құйып жіберді ғой.

Елге ұйытқы, ақылгөй болған бірегей жыраудың ел ұстанымын айқындап берер кенеулі дүниелері шаң болып бір архивте жатыр-ау деп те ойлаймын.

Көшпелі тірлік кешкен халықтың өз ақындарына ілтипаты бөлек еді. Дәл де, долбарлап та, нобайлап та қасиет қондырған. Біз сөз етіп отырған Қабан ақын да «әулие» деген атқа ие болған. Филология ғылымдарының докторы М. Жолдасбеков Қабан ақынның алдағыны болжайтынын әулиелігін бейнелейтін елге белгілі аңызды мысал ретінде келтіреді.

Аңыз желісі бойынша, Қабылиса бәрінің де дүниеден озған соң, тыным тауып, мазары тұрар жерін дәл тапқан. Ғалым ағамыз бәрінен үлкені Қабан жырау екен дейді. Өтеген батыр 1699-1773, Райымбек батыр 1705-1785, Қабылиса (Қабан) жырау 1733-1824 жылдар аралығында өмір сүрген екен(?!). Қабылиса Өтеген батырдан 34 жас, Райымбек батырдан 28 жас кіші. Аңыз да рас шығар, әулиелігіне де дауымыз жоқ. Әдебиет тарихының бар мәселелері дәлме-дәл кесіліп-пішіліп қойған дей алмаймыз. Олай болуы мүмкін де емес. Тек кейінгі ұрпаққа не нәрсені де ұсақ-түйек демей, шама келсе дұрысынан жеткізу. Абыз ақынның туған жылын анықтап, ғұмыр кешкен уақытын нақтылап, бір мәмілеге келтіру керек. Бұны да уақыттың еншісіне қалдырдық.

Қабылиса жырау шығармалары нақыл, қанатты сөздерден құралған философиялық толғаулар, мораль, этика тақырыптарын, елеулі қоғамдық мәселелерді көтерген көркем жырлардан тұрады:

«Ойлап тұрсақ, жігіттер,

Көп қой біздің қатеміз.

Әрбір сөзді көп сөйлеп

Көп күнәға батамыз»

* * *

«Ұяттың иман қабы дер,

Имандыда ұят бар.

Көпшілікке жаққан жан,

Басына жаққан шырақ бар.

Фәни тұрмақ бақида,

Мінетұғын пырақ бар.

Ешкімнің қақын жемеңдер.

Ақыретте сұрақ бар» , - деп, кенеулі ойды кемел тілмен жеткізген екен дүр жырау. Бұрынғылардың да, қазіргілердің де көңіл пернесін дөп басып тұр. Әсіре діншілдік сарын емес, «ақырзаман келді» деп жылап тұрған жоқ. Болашақты бұлдырға тіремейді. Ел ұстанымын айтады. 1733 жылы туып, 15 жасында топқа түсіп жүрген дара жыраудың жаугершілік заманда батыр, қолбасы болмауы мүмкін емес. Сондықтан сол тұста шығармашылығы бәсең тартып қалуы да мүмкін. Шығарма – ақын жанының лебі, ішкі дауысы. Қабылиса жыраудың өлеңдерінде көне дәстүрлерді үлгі тұту да бар, одан гөрі ағартушылық идеялары басым. «Не қиын? Не қымбат?», «Дүниеде не жетім?», «Не артық және неше жұпты бар?», «Кім жақын?» деген өлеңдеріне тарихи оқиғалардың бояуы сіңген, өлеңнің өз үні бар. Бойына сан қырлы қабілет дарытқан жырау Таутан және Тұмарша деген қыздармен айтысқа түскенін айтып өттік. Айтыста білімді, тапқыр, ақылды мәдениетті болмасаң, бәсің төмендейді. Құның түседі. Ел ілтипатын жоғалтады. Осы айтыста да алымды-шалымды болып, мерейі үстем түскен екен. Жырау – өлеңші емес. Келешек заманның болжаушысы. Не айтса да, көптің дертін айтады. Сөзі елге ем-дәрі болғандықтан, жұрт би сайлайды. Халықтың қалаулысы да, елдің елеулісі де, қауымның батагөйі де болған жыраулар қиюы қашып, ел арасы ашылғанда табыстыратын, жол нұсқайтын кемеңгер, жер таңдауда, ел таңдауда, көшу-қонуда, соғысу мен бітімдеуде де жұрт би болған, қолбасшы болған жыраудың сөзіне тоқтасатын. Қабылиса (Қабан) жыраудың қоғамдағы, әдебиет тарихындағы орны сол биікте.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА,жазушы, Халықаралық

«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


«...Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,

Бас иген Ұлы жүзде тамам ақын!»

Кенен Әзірбаев

Қабан (Қабылиса) Асанұлы

(монография)

(1686–1776)

ҰСТАЗЫ СҮЙІНБАЙДЫҢ ҚАБАН АҚЫН

Қазақ сахарасында ақындық, жыраулық, жыршылық өнерде өзіндік өрнегі, қолтаңбасы бар мектептің бірі – Жетісу жыраулық, жыршылық, ақындық мектебі десек, осы мектепті қалыптастырған, кемеліне келтірген Қабан жырау, Сүйінбай ақын және Жамбыл Жабаев.

Ауыз әдебиеті жанрының ішінде жыраулық, жыршылық өнермен қатар айтыстың ерекше дамуы кезінде Жетісу ақындық, жыр мектебінің орнын ерекше көрсетті. Осы тұрғыдан қарағанда Жетісу жыраулық, ақындық, жыр айту дәстүріне сүбелі үлес қосқан дүр дүлдүлдердің құтты қатарында Қабан (Қабылиса) Асанұлы бастаған Сүйінбай Аронұлы, Бақтыбай Жолбарысұлы, Жамбыл Жабаев, Құланаян Құлманбет, Сарыбас, Сара Тастанбекқызы, Асан Барманбекұлы, Түбек Байқошқарұлы, Көдек Байшағырұлы, Бөлтірік Атаханұлы, Мәулімбай Саяқбайұлы, Кенен Әзірбаев секілді майталмандарды, Бармақ Мұқанбаев, Мақыш Райымбеков, Шүкітай  Әбдікәрімұлы, Қалқа Жапсарбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Темірғали Рүстембеков, Артық Жексенбаев, Қуат Терібаев, Әбдіғали Сариев, Саяділ Керімбеков, Балтағұл Бигелдиев, Есдәулет Кандеков, Арқабай Майкөтұлы, Өмірзақ Қарғабаев сиқты саңлақтарды атауға болады.

Жетісу жыраулық, ақындық дәстүріне көз салғанда, бұл аңыз аймақтағы жыраулық, ақындық дәстүрдің түп негізі бір болғанымен, дами келе төрт салаға жіктелгенін, бірақ, бір-бірінен алшақ кетпей, бір-бірін толықтырып отырғаны анық байқалады.

Кезінде Сыр бойында туып, Жетісу жыраулық дәстүрінің негізін салған Қабан (Қабылиса) жырау мектебін жалғастырушы Бақтыбай Жолбарысұлы, Қалқа Жапсарбаев, Мәулімбай Саяқбайұлы, Қыдырәлі, Темірғали Рүстембеков, Артық Жексенбаев, Қаден Балғынбаев, Әбікен Сарыбаевтар ақындықтың өзіндік айтыс мектебін қалыптастырып, оны күні кеше Жұмаш Оспанбекова, Абай Асылбаев, Әсет Керімбеков, бүгін Балғынбек Имашев, Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтар жалғастырып отырса, Қабылисаның жиені Сүйінбай Аронұлы өз мектебін қалыптастырды.

Сүйінбайдың шәкірті Жамбыл Жабаевтың ерен дарыны арқасында бұл мектеп Сарыбас, Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Бармақ Мұқанбаев, Саяділ Керімбеков, Әбдіғали Сариев, Нұрила Әбенқызы, Шүкітай  Әбдікәрімұлы, Есдәулет Кандеков, Мақыш Райымбеков, Өмірзақ Қарғабаев және оның кейінгі жалғастырушылары Әлімқұл Жамбылов, Әсімхан Қосбасаров, Аяз Бетбаев, Есенқұл Жақыпбеков, Надежда Лушникова, т.б. таланттар арқылы ерекше танылды.

Ал Жетісу өлкесінде тағы бір өзіндік орны бар ақындық мектеп – Құланаян Құлманбет дамытқан орта. Кешегі Асан Барманбекұлы, Бөлтірік Атаханұлы, Көдек Байшағырұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Қапез Байғабылұлы, Әжек Мырзаұлы, кейінгі Шәкен Шапиев, Нәсілхан Тоқтасынова, Хасен Саматыров, Оразалы Досбосынов, Биғайша Медеуова және т.б. өкілдері бар бұл мектептің де суырып-салма өнермен қатар, қисса - дастандар жырлауда өзіндік қолтаңбасы ерекше. Оның бір ғана мысалы ретінде Жамбылдың «Көрұғлы» жырын Құлмамбеттен үйренуін айтуға болады.

Ал,  Жетісу өлкесіндегі өз өнерімен ерекшеленетін тағы бір мектеп – Абай дәстүріне бой алдырып, суырып салма өнерді жазба әдебиет дәстүрімен ұштастырған кешегі Сара Тастанбекқызы, Әсет Найманбаев, Қуат Терібаев, Мұқаш Байбатыров, Қанабек Раисов және бүгінгі Жұмаш Оспанбекова, Ханша Дүкеновалар дамытқан бағыт. Бұл мектептердің әрқайсының ерекшелігін ажырата, тереңдете зерттеу әлі күнге күн тәртібінде тұрған мәселе екені даусыз.

Жамбыл Жабаевтың атының әлемге танылуы арқылы кезінде Сүйінбай Аронұлы шығармашылығын зерделеу қолға алынып, оның мұралары жиналып, жарияланып, зерттеле бастаған. Ал, осы мектептің негізін салған Қабан жырау Асанұлының, Бақтыбай Жолбарысұлының, Құланаян Құлмамбеттің шығармашылығы кейінгі жылдары ғана жиналып, басылып, зерттеле бастады.

Жетісу ақындарының бәрі бас иген дара тұлға, дауылпаз жырау – Қабан (Қабылиса) Асанұлының (1686– 1776) өмірі мен шығармашылығына байланысты кейінгі кездері көптеген іс-шаралардың қолға алынуы Қабан жыраудың бағасын беретін, қазақ әдебиетінің ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы белгілі жырау, ақындары қатарында әдебиет тарихынан өзінің тиісті орнын алатын күндер де алыс емес екенін көрсетіп отыр.

М.Әуезов «Жетісу айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп атаған, Жетiсу ақындарының ақтұйғыны болған Сүйiнбайдың ұстазы әрі нағашысы – Жалайыр Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы туралы академик, профессор М.Әуезов «Айтыс ақындары», «Қазақ әдебиеті тарихы» атты еңбектерінде [1, 281], академик С.Мұқанов әдебиет тарихы туралы зерттеулерінде құнды деректер қалдырған [2, 26].

Жетісу ақын-жыраулары пір тұтқан атақты Қабан (Қабылиса) Асанұлы – әрі жырау, әрі сәуегей абыз, әрі айтыскер ақын, ел бірлігін қорғаған батыр, данагөй ақылшы болған тұлға.

Ұзақ жылдар бойы көзден сырт, көңілден қалыс, зерттеуден тыс қалып келгенімен, Қабан жыраудың қазақ жыраулық дәстүріндегі, Жетісу ақындық мектебін қалыптастырудағы орны егемендігімізді алған кезеңдерде биік мінбелерден, дуалы ауыздардан айтыла бастады.

Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойын ашу кезінде Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Назарбаев: «Жәкеңнің өзі жырлағандай оның Сүйінбай сынды үлгі алған ұстазының ар жағында Сүйекеңмен тұстас Майкөт, Қабан, Бақтыбай, Құлмамбет, өзімен тұрғылас Сарыбас, Қуандық, Әмірлер, сонау Сыпыра, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Бұқар, Базар, Ақтамберді, Үмбетейден басталып, Шал, Махамбет, Дулат, Мұрат, Шортанбай, Нысанбайларға келіп ұласқан ақын, жыраулар мен жыршылар мектебінің игі дәстүрі жатыр», - деген еді [3] .

Сонымен қатар, кезінде Сүйінбай, Бақтыбай, Кенен, Қалқа, т.б. ақындардың жыр-толғауларындағы Қабан жырау туралы деректі жолдардан бөлек, М. Әуезов және т.б. көптеген ғалымдар еңбектерінде Қабан жырау туралы біршама мәліметтер жинақталған.

Жыраулық поэзия – ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сөз өнеріміздің асыл мұрасы, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік белгісі.

ХV-ХVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы – өмірді танытушылық, философиялық-дидактикалық мағынасы мол мұра. Ақын-жыраулар өлең-жырларымен, өнегелi iсiмен халыққа белсене қызмет етiп, ел ұйытқысы, тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұстазы бола бiлдi.

Бүкіл бір халықтың ішкі жан дүниесіне үңілу үшін оның әдебиетін, тарихын, салт-дәстүрін жетік білу керек. Сонда ғана оның тарихы мен мәдениеті сүт бетіне шыққан қаймақтай көзге көрініп тұрмақ.

Қабан жыраудың өз заманының ұлы тұлғасы болғандығына біріншіден, қолымызға түскен жыр-мұралары дәлелдік етсе, екіншіден, оның кейінгі ұрпақтары, «ақындық Қабан аталарынан дарыған» деп санаған ақындардың сөздері бұған куә. Бұл ретте Сарыбас, Есенгелді, Қыдырәлі, Мәулімбай, Темірғали, Артық, Әбікен, Абай, Әбдірахман, Түлкібек, Балғымбек, Айтақын, Жандарбек сынды ақындардың есімдерін атап өту орынды.

Кезінде қазақ әдебиеті тарихын дәуірлерге бөлуге байланысты Қ.Жұмалиевтің қазақ әдебиеті тарихын Бұқар жыраудан бастап, ал, «одан бұрынғы әдебиет – фольклорлық мұралар» деген пікірі және суырып салма өнер иелерінің басым көпшілігінің діни ұстанымдарына байланысты көптеген жыраулар мұраларының, оның ішінде Қабан, Базар секілді жыраулар шығармашылығын ертерек зерттеуге, әдебиетіміздің байырғы төл тарихи бастауларына тән дәстүр ұласуын айқындау мен дәлелдеуге кедергі келтіргені де рас[4].

Сондай-ақ, Сүйінбай, Жамбыл, Бақтыбай, Сарыбас, Құлманбет секілді ұлы тұлғаларға Қабан жырау, әрі ұстаз, әрі бас болғандығына мысалдар мол.

Қырғыз Республикасы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтында сақталған Сүйінбаймен Арыстанбектің айтысындағы ақын Сүйінбайдың: «Сендерде Қабандай жыршы кім болған?» - деп басталатын жыр жолдары да осы ойымызды дәлелдей түседі.

XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар елдік, ерлік, өмір, дін, заман хақында толғаған болса, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ақындар жыраулық дәстүрді дамытумен қатар, шығыс поэзиясы дәстүрімен өмірдің өтпелілігін жырлап, ізгілік пен инабатты дәріптеп, ағартушылық насихатқа баса назар аудара бастады. Заманының ойлы перзенті ретінде осы кезеңдегі жырау, ақындар өмірдің сан алуан мәселелерін сарапқа салып, гуманистік тұрғыда философиялық - дидактикалық түйін-тұжырымдар жасап, жер мен атамекенді қорғау, ел бірлігін сақтау мәселелерін де жырлаған. Ал бұған жыраулық пен ақындықты қатар алып жүрген Қабан жырау және оның тұстастары жол салған.

Бұны Қабан жыраудың өмір диалектикасына да терең көз жіберген, дүниенің бір қалыпта тұрмайтынын, үнемі өзгерісте болатынын дұрыс пайымдаған, адамгершілік этика, мораль мәселелері кең орын алған мына бір толғауынан анық байқаймыз:

«Аларда ажал адамды жаңылдырар,

Өмірді қу ажалға бағындырар.

Өмірден ажал үстем болар сонда,

Адамды елпектетіп, табындырар.

Біраз күн дүниеге қызықтырып,

Үлде мен бүлдеге орап, малындырар.

Құрметтеп дүние, шіркін, айналдырып,

Мойныңа гауһар, лағыл тағындырар.

Көтеріп көңілінді, көтермелеп,

Әрнеге соқтықтырып, қағындырар.

Кей жанның мәртебесін биік етіп,

Астына тақ, басына тәж салындырар» [5, 44].

Жыраулар мұрасында сол дәуірдегі талай тайпалар, рулар, қазақ халқы басынан өткерген тарих іздері сайрап жатыр. Әр дәуірдің ірі, іргелі оқиғалары, көрнекті адамдары тарихи тұрғыда нақты, дәлдікпен көріне қоймаса да, жыраулар мен ақындардың өз басының жағдайлары,   жыр жолдарында кездесетін адамдармен қарым-қатынасы, олардың сыртқы және ішкі бейнесінің кейбір көріністері, сол замандағы бірқатар оқиғаларға байланысты деректер анық байқалады.

«Қабан жыраудың ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ жырау­ларының ішіндегі орны қандай, ол өз шығармаларымен аталған кезеңдегі жыраулық поэзияға не қосты, нені дамыта білді» дегенді жете айту үшін, біз өз зерттеуімізде Қабан жырау шығармашылығын өзінен бұрынғы, өзімен тұстас және өзінен кейінгі жыраулар Қазтуған, Үмбетей, Ақтамберді, Бұқар, Базар секілді жыраулар, Шал, Көтеш секілді ақындар шығармашылығымен салыстыра, айтылған ойларға нақты мысалдар келтіре отырып талдауға тырыстық.

Дәстүрлі жыраулық поэзияның бейнелеу тәсілдерін жете меңгерген Қабан жырау туындылары қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар, өз замандасы Бұқар жырау және өзінен бұрынғы жыраулар шығармалары секілді ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы жыраулық поэзияның құнды бөлігінің бірі болып табылады.

Қабан жырау туралы М.О.Әуезовтен бастап, азды-көпті пікір айтқан ұлы тұлғалардың және М.Жолдасбеков, О.Исмаилов, Т.Қаупынбаев, О.Жалаири, С.Дәуітов, А.Қанағатова, М.Жылқайдаров және т.б. ғалым, жазушылар еңбектері осы монографиялық жұмысты жазуға көп көмегін тигізгенін де айта кеткен жөн.

«Әлдеқашан көшіп кеткен көштің орнынан сөнбей қалған шоқ тауып алып, оны үрлеп, қайта тұтатқандай болған» бұл әрекет оңай жұмыс болмады. Солай бола тұрса да «Бас иген Ұлы жүзде тәмам ақын» Қабылиса жыраудың жыраулық өнердегі алған орнын, оның қоғамдық қызметін айқындап, Қазақ әдебиеті тарихындағы Бұқар жыраудан кейінгі алатын орнын белгілеу кейінгі ұрпақтың қасиетті борышы екенін сезініп, ұзақ жылдар бойы Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл және т.б. ақындар аузынан түспеген жырауды насихат­тау бізге де парыз болды.

Кейінгі ұрпақ өкілдері болса, Қабан жыраудың діни, ұлтжанды көзқарастарына және т.б. шығармаларының құндылықтарына тереңірек үңіліп, жырау өмірі мен шығармашылығын аңыздан арылтып, «нақты бағасын бізден де тереңірек береді» деп ойлаймыз.

Талай жылдар бойы ерінбей, жалықпай тер төгіп, жыраудың мұраларын жинаған, сақтаған, кейде бұрыс, кейде дұрыс болса да айтып, жазып қалдырған, арнайы мақала, жинақтар шығарған, ескерткіштерін де қойған Б.Тоғысбаев, О.Исмаилов, Т.Қаупынбаев, М.Жолдасбеков және т.б. осы еңбектің ішінде әрқайсының еңбектеріне жеке-жеке тоқталған азамат­тар еңбегіне ризашылығымызды білдіреміз.

ҚАБАН ЖЫРАУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖЫРАУЛЫҚ ДӘСТҮРДЕГІ ОРНЫ

Қазақ әдебиеті тарихында ұлттық жыраулық өнер хақында, «жырау» термині туралы теориялық ұғымдар әртүрлі түсіндіріліп келгенімен, барлық зерт­теушілер жырау шығармашыл тұлға екенін баса айтады.

Жыраулар поэзиясы – Қазақ хандығы дәуірінің құнды һәм басқа халықтарда кездесе бермейтін суырып салма өнердің озық әдеби мұрасы.

Жыраулар поэзиясының құндылығы неде? М.Әуезов: «Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің, ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан. Бұл заман сыншысы сөйлесе, шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, өзі туған заманның белгілерін қарап, келешек заман не айтарын болжайды: сөзінің бәрін терең ой, терең мағынамен әспеттейді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды қылып айтып бермейді. Әдейі көмескілеу, жұмбақ қып айтады. Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да көптің мұңы, көптің жайы туралы, не көпке арналып ақыл, өсиет есебінде айтылады», - дейді [1, 181].

Ғалымның осы ғұламалық пікірінде жыраулар поэзиясының идеялық-көркемдік мәні терең ашылған.

Көрнекті ғалым, қазақтың даңқты жазушысы, әдебиеттанушы М.Мағауиннің: «Қазақ халқының жалпы түркілік ортақ этнос құрамынан бөлініп, дербес Орда құрған хандық заманы төрт ғасырға жуық ұзақ дәуірге созылды. ХV– ХVІІІ ғасырларда жасалған әдебиет ел мүддесін, жұрт мұратын бірінші орынға қойды. Жыраулар мұрасы өзіндік түр тауып, айқын ұлттық сипатта қалыптасты. Алаштың жайсаң жанын, өр рухын бедерлей таңбалап, келер ұрпақ үшін ешқашан ескірмес үлгілер тудырды. Көркемдік танымның асқар биігіне көтеріліп, әлемдік өредегі ұлы шығармалар қалдырды», – дейді [6, 13]. Яғни, жыраулар поэзиясы – қазақ сөз өнерінің әлемдік классикалық поэзиялар шоғырына қосылатын ұлттық рухани қазынасы.

Қазақ әдебиетіндегі жыраулар өмірнамасының пайда болу, туу себептері, оның толығу, даму, кемелдену кезеңдері, жекелеген жыраулардың өмірбаян деректерін жүйелеп, шығармашылық мұрасының сақталу, басылым, зерттелу жайы жөнінен, жыраулар поэзиясының өзіне тән көркемдік өзгешіліктері ұзақ жыл бойы қазақ әдебиетінің бар мұрасын жиып, бағалап, саралап, бастырудың тұтастай шаруасының аясында қамтылып келген іс. Бірақ бұл процесс бар шығармашыл тұлғаларға қатысты бірдей жүргізілді деп айту қиын. Оған қоғамдық, саяси жағдайлар, шығармашылық тұлғалардың діни көзқарасы, маңайында оның дәстүрін жалғастырушы талант­ты шәкірт­тердің, көзі ашық зерттеушілердің болуына да байланысты болғанын жоғарыда айтып өттік. Бұл аталғандар Қабан Асанұлының мұраларын жинап, шығаруға, оның қазақ әдебиеті тарихындағы орнын әбден саралауға да әсерін тигізгені рас.

Қабан жыраудың жыраулық, ақындық поэзиядағы орнын жете түсіну үшін «жыраулық, ақындық дәстүр дегенде ғалымдар қалай таразылайды, қандай түйінді ойлармен толықтырады» дегенді де айта кеткен жөн тәрізді. Сонымен қатар, «Қабан жыраудың алдында, артында қандай жырау, ақындар болды, олардың шығармашылығымен Қабан жырау шығармашылығы қалай үндеседі, қалай қатар дамыған» деген мәселер де көңіл аударуды керек ететін секілді.

Жыраулардың атқарған қызметін ғалымдар бірнеше салаға таратып қарастырады. Бірінші қызметі – сәуегейлігі, көріпкелдігі, болашақты болжауы.

Негізінен, жаугершілік уақыттарда туып, тарих көшіне ілескен жыраулық өнер «тұлпар мініп ту байлап, жауға шаптым айғайлап» дейтін замандардың атыс-шабыс дерегі емес, өткір, өр, сұлу өлең, бабаларымыздың арманы мен асқар ойы жатқан сиқырлы жыр дүниесі арқылы бізге жетіп отыр.

Кейінгі кездері жыраулар поэзиясы әдебиеттану ғылымымызда, әдебиет тарихында көркемдік негіздері жөнінен де, әлеуметтік, тарихи мәні жөнінен де жан-жақты қарастырылып, жүйеге түскен сөз өнері.

Бүгінгі күні жыраулар поэзиясы ежелгі түркі әдебиетіне тән жалпы өсиет шеңберінен шығып, қоғамдық, әлеуметтік ой-пікірлерді білдіретін, тұтас елдің болмысын көрсететін қоғамның ой ағымына айналды.

Жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, өмір, көбінесе, заман – дәуір, өткен мен болашак, адамгершілік, жақсылық, жамандық жайлы ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған. Бұл тақырыптағы толғау сөздерінде сезімге бой алдырар лирика болмайды, көбінесе, меңзеу, мақал - мәтелдер ретінде келетін толғаулар, термелер болып отырады.

Қабан жыраудың және басқа да жүзден жүйрік жыраулардың түркі рухани дүниесіне жырау деген атпен танылған тұлғасын тереңірек түсіну үшін, ғалымдардың жырау терминіне берген сипаттамаларына тереңірек үңіліп, термин төңірегінде берілген талдау, тұжырымдарға көңіл аудара кетейік.

А.Будаговтың ұғымды түсіндіруінше: «Жырау – үндінің асыл тас мағынасындағы сөзінен тууы мүмкін», - дейді [7, 12]. В.Жирмунский мен Х.Зарифов: «Жырауды ақын, шайыр типінің ең көне түрі», - деп таныған [8, 27]. Бұл пікірді қазақ, қарақалпақ, өзбек, қырғыз фольклоршы ғалымдары да қостап жүр.

М.Әуезов: «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар.

Бұның өз шығармасы – толғау. Жыраудың мақсаты міндеті – не болса сол, көңіл ашар , әлдене дерліктей сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжамын, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады» [1, 156], - деп бағаласа, профессор Н.Смирнова: «Жырау сөзінің мағынасы «жыр айтушы» деген сөз. Бұл жыр айтушылар институты қаншалықты көне болса, атауы да соншалықты көне», - деп жазады [9, 40].

Профессор Е.Ысмайылов Н.Ильминскийдің пікіріне және татар тілінде «жыру», «жыруче» сөздерінің «жыр» сөзімен мағыналас екендігіне сүйене отырып, «жырау» сөзін «жыр», «жыр айтушы», «жырламақ» сөздерімен байланыстырып, бұл сөздің мағынасы «тарихи жыр айтушы, болашақты болжаушы» екендігін айтады [10, 40]. Жырау деген термин жырлау, жыр айту, жырламақ сөзінен келіп шыққаны сөзсіз. Мұның түп төркіні байырғы жыр, жыршы деген ұғымдармен астасып жатыр.

Ш.Уәлиханов кезінде «жырдың белгілі бір әуенмен, қобыз сүймелдеуі арқылы орындалып, батырлардың ерлік істерін дәріптеуге құрылатынын» айта келіп: «Жыр дегеніміз – рапсодия. Жырламақ етістігінің өзі белгілі бір әуенмен жырлау мағынасын білдіреді. Бір жайт: батырдың өмірі мен ерліктеріне қатысты оқиғаның бәрі қара сөзбен баяндалады, жыр поэма қаһарманы мен басты кейіпкерлерді сөйлету қажеттігі туған кезде ғана қолданылады», - деп жазды [11, 120]. Рас, жыр, жыршы деген ұғымдар әдебиет­тімізде ерте кезеңдерде-ақ туып, қалыптасқан. Бұған өз жанынан шығарып айтуға мүмкіндігі бар алуан түрлі суырып салма ақындар жатқызылып келген.

Құрбанғали Халидұлы – қазақтағы жыр, өлеңнің түр, мазмұн құрылысындағы айырмашылық белгілерін алғаш танып, әңгімелеген ғалым. Ол ақын мен жыршының өлеңшілердей емес, өз жанынан шығарып айтатын дарын қасиеті бар деп санап: «Ақындардың бір бөлігін жыршы дейді. Бұлар ақынмен тең түседі. Шығармаларында айырмашылық бар. Ақын шығармасын өлең дейді. Олардың бір жолы төрт немесе одан да көп сөзден тұрады. Ал жыр болса, одан гөрі қисынға құрылған, қиыннан қиысқан үш сөзден тұрады. Мысалы, Бұхар жыршының жыры, Асан атаның мақал сөздері және Абылай хан қайтыс болғандағы Бұхардың көңіл айтуы да жырға жатады»,деп түйіндейді [12, 35 ]. В.Радлов жырды шумаққа бөлінбейтін импровизация, «қайғылы жыр – жоқтау» деп жіктеп, ал, «жыраудыжыршы, көнені жырлаушы және алдын болжаушы», - деп түйеді. Қазақ жырының көне сипатын: «Қайсыбір жырларда көне түрік ұйқастарының заңдылық іздері сайрап жатыр, бұны, әсіресе, сондағы аллитерация, акростих және ішкі ұйқастар мен көне мәтелдерден айқын аңғаруға болады» [13, 35], - деп түсіндіреді.

Профессор Е.Ысмайылов жыраулардың қоғамдағы рөлін аса жоғары бағалай келіп: «Жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, көбінесе заман-дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық пен жамандық жайында ойлар мен болжаулар, қағидалы сөздерді айтып отырған» [10, 39-42] , - деп ой түйсе, Ә.Марғұлан: «Жырау – ру басы ақсақал, халықтың көкейтесті арманының мұңшысы, жыршысы ретінде өте қажетті тұстарда ғана болмаса, суырып салып жырлай бермеген. Ел құрметіне бөленген жырауларға жұрт болашағына қауіп төніп, қалың бұқара жол таба алмай, тығырыққа тірелген екіталай ауыр сағаттарда ғана ақыл салып, кеңес сұрайтын болған. Болашақты барлап, болжам айту – көреген де білгір, жампоз жыраулардың поэтикалық өнердің басты тәсілі болып саналған. Қазақ жыраулары эпикалық жырды жасаушылар болуымен қатар, қоғамдық өмірдің барысын, болашақты болжап айтатын жеке профессионалдық топтың да ірі өкілдері», - деп жазады [14, 146].

Академик З.Ахметов жыраудың әлеуметтік қызметін эпостық жырлармен байланыстыра қарап: «Жыраулар творчествосының жанрлық ерекшеліктері, олар өз жырларын қазақ халқының көне поэтикалық үлгісі – толғаулар арқылы таратқан. Жырау сөзінің көп мағынасы эпостарда ғана сақталып қалған. Мұны эпостық кейіпкерге айналған, Сыпыра бейнесінен анық аңғарамыз. Бертін келе, бұл ұғым өзгерген, жаңа мағынасында қолдана бастады», - деп түйіндейді [15, 65].

Ә.Қоңыратбаев: «Ертегі, ұсақ салт жырлары жәй айтушылардан басталса, эпос профессионал жыраулардың үлесінде болған. Бұл – әдебиетіміздің дамуындағы өзге де қайталанбас басты ерекшеліктерінің бірі болып табылады», - деп түйіндейді [16, 38].

Қазақ жырауларының сан ғасырлық шығармашылығын негізінен үш кезеңге бөліп қарастырған жөн сияқты. Бірінші топқа жыраулық дәстүрдің негізін қалаған алғашқы өкілдері Қорқыт, Аталық (Кетбұға), Сыпыра жыраулар жатады. Бұл дәуір ХІ-ХІV ғасырларды қамтиды. Жыраулықтың қалыптасу кезеңін белгілейтін екінші топқа Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет шығармалары кіреді. Мұның кезеңі – ХV-ХVІ ғасырлар. Үшінші топты жыраулықтың әбден толығып, кемелденген кезеңіндегі өкілдері Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді, Бұқар, Қабан жыраулар құрайды. Бұған ХVІІ – ХVІІІ ғасырлар жатады.

Бұқар, Қабан жыраулар – ұлттық, төл әдебиетімізді жаңа тарихи кезеңде, хандық дәуір ыдырай бастаған, ел басына қиын қатер төнген, көнеден жеткен жыраулық дәстүрдің саябыр таба бастаған – XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында әдебиетті дәстүрлі ой-толғанысымен, көркемдік сөз өрнегімен әрі қарай дамытқан тұлғалар. Бұлардың жыр-толғаулары сол тарихи дәуірдің көркемдік көрінісі екені сөзсіз. Бірақ бір өкініштісі, XVIII ғасыр әдебиетінің ірі өкілі ретінде Бұқар жырау поэзиясы арнайы зерттеліп, монографиялар жазылып, қазақ әдебиеті тарихынан өзінің заңды орнын алса, Қабан жырау шығармалары кейінгі оншақты жылдарда ғана жарияланып, толыққанды зерттеулерге енді ғана іліне бастады.

Өз жанынан суырып толғау айтатын, эпостық мұралардың алғашқы желісін тудырған жыраулар XV ғасырда ғана туа салған жоқ. Жырау тұлғасының тарихы тереңде. Сәуегейлік, батагөйшілдік, түс көру, ырым айту, табиғат құбылыстарына, т.б. жайларға қарай болжам жасау, абыздың бар міндет­терін атқару – көне дәуір жырауларына тән қасиет «жаңа» жырауларға бөтен болмағанын жыраулар шығармашылығын зерттеген ғалымдардың барлығы дерлік жазып келеді. Иә, жыраулық мектептің түп негізі абыздардан басталады. Ел ертеңі жайлы болжам жасап, данышпандығымен дараланып жүрген жыраулар хан сарайында отырып, алдағы болар қауіп-қатерді болжап отырды. Хандардың түсін жорып, халық арасындағы қарым-қатынастардың қалай бағыт алатынын болжап, оны жыр жолдарымен жеткізіп, абыздық дәстүрді әдебиетпен байланыстыра дамытты.

Жырау жаугершілік заманда жорықтарға қатысып, кейде батыр қолбасы бола жүріп, ел қорғау, азаматтық тақырыптарындағы жырлар туғызған. Жыраулар қолданған көркемдік тәсілдер оның поэзиясының ішкі мазмұнына орайлас. Жырау толғаулары адам көңілін дөп басар әсерлілігімен, мірдің оғындай өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған мықтылығымен, қиыннан қиыстырған көркемдігі және қуатты серпінділігімен ерекшеленеді.

Өмір бел-белестерінің сатыларын саналап баға беру, тіршілікте адам басына түсер ауыр істерді сипаттау әдісі Бұқар, Қабан, Дулат, Шал, Шернияз, т.б. ақын, жырауларда ғана емес, бауырлас қарақалпақ, қырғыз, башқұрт және т.б. халықтар поэзиясында да молынан кездеседі. Бұның өзі де түркітілдес ұлттардың әуел бастағы әдеби бастауы бір болғандығын дәлелдейтін деректер. Кейін әр халық өзінің ойлау, әдет-ғұрыптық дағдысына орай икемдеп, түрліше өзгерістер енгізген.Жыраулар мен ақындар поэзиясында шешендік сынның кездесуі заңды құбылыс. Жыраулар мен ақындар ел өмірінің елеулі мәселелері туралы шешімді сөз айтар аузы дуалы абызы, беделді биі болса, оның ағыла, тебірене толғауында бұлдыртпай шегелей айтатын, шешендік шешімдердің болуы орынды. Қабан жырау:

«Арам пейіл адамдар

Достығыңа тұрмайды.

Ақылы жоқ наданның

Жамандығы қалмайды.

Көр аузына барғанша,

Ақыл айтсаң алмайды.

Жамандықтың белгісі,

Әр нәрсені торлайды.

Ондайлармен дос болған

Ақылды жігіт сорлайды» [5, 41], -

деп, адам бойындағы нашар қасиеттерді толғай отырып, ондай адамдардан алыс болуды насихаттайды. Өмірдің әртекті, алуан түрлі мәселелері туралы осындай шешендік сипаттағы тармақтармен қатар, Қабан жырау тіршілік мәні, өмірдің түрлі кезеңдеріне баға беруде де сыншылдық танытады. Халық ауыз әдебиетіндегі балалар ойынында «бір дегенің – білеу» деп кездесетін, санамалап суреттеу тәсілін ақын, жыраулар өмірдің әр кезеңін сипаттауда, не адам мінез-құлқы нормаларын (Бұқар, «Біріншіден де жаман») бейнелеуде де үйлесімді қолданады. Санамалап, нақтылап сипаттау ақын-жыраулардың негізгі айтпақ ойын әсерлі жеткізуге лайықты тәсіл екендігі аңғарылады. Бұл тәсіл Қабан жырау шығармашылығында да жиі кездеседі. Мысалы:

«Бір жаста бала болып талпынғаның,

Қалқиып екі жаста қаз тұрғаның.

Келген соң одан асып, үш жасыңа,

Далада белдеу ұстап, шарқ ұрғаның.

Қыз болдың төрт жасыңда тұлымшақты,

Тақтырдың тұлымыңа тас моншақты.

Келген соң одан асып, бес жасыңа,

Ойнадың бала қылып қуыршақты.

Келген соң алты жасқа, ұршық алдың,

Жібектен жеті жаста бұл шығардың.

Келген соң одан асып, сегіз жасқа,

Шешеңнің тойға апар деп, тынышын алдың.

Бұралып тоғыз жаста тойға бардың,

Қолыңа он жасыңда оймақ алдың.

Келген соң одан асып, он бір,он екіге,

Бір қулық шешең білмес ойлап алдың.

Болдың ғой он үш пен он төртіңде мәністі қыз,

Жігітпен он бесіңде таныстыңыз.

Келген соң онан асып, он алтыға,

Қосылып, жұбайласып, табыстыңыз» [5, 64].

Немесе:

«Бірінші – бір құдай мен дін жұпты.

Екінші – туған ай мен күн жұпты.

Үшінші – ерлі-зайыпты адам жұпты.

Төртінші – қара күң мен құл жұпты.

Бесінші – артқан жүк пен нар жұпты.

Алтыншы– жаққан от пен ас жұпты.

Жетінші – жаңбыр мен сел жұпты.

Сегізінші – аспан мен жер жұпты.

Тоғызыншы – таң мен күн жұпты.

Оныншы – дию мен жын жұпты.

Он бірінші – жақсы мен жаман жұпты.

Он екінші – төбе мен ой жұпты.

Он үшінші – қасқыр мен қой жұпты.

Он төртінші – өлі мен тірі жұпты.

Он бесінші – бақа мен көл жұпты.

Он алтыншы – алыс пен жақын жұпты.

Он жетінші – жырау мен ақын жұпты.

Он сегізінші – ерлер мен ел жұпты» [5, 70].

Қазақ әдебиеті тарихында ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар мен ақындар ішінде Шал, Қабан және т.б. аздаған өнер иелері шығармаларында ғана айтыс үлгілері ұшырасады. Әрине, Қабан, Шал айтыстары ұзақ көсіле, есіле толғаған өнер сайысы емес, қысқа, қалжың, жұмбақ сөз қағысы ретіндегі айтыстар.

Халықтың сан ғасырлар бойындағы өмір тәжірибесінің түйіні іспетті мақал-мәтелдер үлгісімен ақын, жыраулар өз шығармаларында ақыл, нақылдың небір үлгісін туғыза білді. Асанның «Еділ бол да, Жайық бол», «Есті көрсең, кем деме», «Атадан алтау тудым деп», Ақтамбердінің «Атты міңсең, зорды мін», Бұқардың «Жар басына қонбаңыз», «Ай, Абылай, Абылай» толғаулары тура нұсқап айтылған өсиет, ақыл сөз үлгілері. Ал, дәл нұсқап отырмай-ақ, өмірде болған істер нәтижесін үлгі, ғибрат етіп жай ғана меңзеп айтатын нақыл түрлері Қабан жырау толғауларында да аса мол:

«Ағайын-туған не керек,

Аңдысып күні өткен соң?!

Қызыл тілім, сөйлеп қал,

Қызығыңды жер көрер,

Бір төбенің басына

Апарып тастап кеткен соң.

Мәңкүр-Мүңкір жетеді

Уақтылы күнің біткен соң.

Бұл дүниеден кетесің,

Тірлікте сыйлас, ағайын» [5, 42].

Қабан жырау өз шығармашылығында ақыл, нақылдарға толы толғауларына философиялық-дидактикалық сипат береді. Жырау мұрасындағы көптеген толғаулардың тап осындай дидактикалық сарынға құрылғаны бұған дәлел бола алады.

Абайға дейінгі әдебиет тарихында дидактикалық сарынның басымдығын академик Қ.Жұмалиев те орынды байқап: «Оларды, негізінде, дидактикалық поэзия деп атасақ та артық болмайды», - дейді [4, 54]. Осынау дидактикалық поэзияның алғашқы белді тұлғаларының бірі – Қабан жырау.

Жыраулар поэзиясы – халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұрамыз және халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген қиындықтарын, тартқан тауқыметін жырлауымен ғана бағалы емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ой-санасын, дүниетанымын көркем, бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы.

Профессор, ф.ғ.д. Ә.Тәжібаев: «Жырау –  сөз жоқ, ақын. Ақын болмай, жұрт қадірлейтін жырау атану мүмкін емес. Ақындығы күшті жыраулардың жалынды жырлары үнемі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа сиқын бұзбай, көрікті күйінде жетіп отырады. Ал, жыраулық – ертеден келе жатқан халық поэзиясының үлкен бір дәстүрлі саласы» [17, 286], - деп, жыраулық дәстүрді әдебиетте орны бөлек жеке сала ретінде алып қарастырады.

Ал, жырау типінің пайда болу кезеңі жайлы   профессор   Е.Тұрсынов: «Жырау типінің әскери демократия кезінде пайда болғанын аңғартады. Батырлар жырының тарихта болған батырлар, дарынды қолбасшылар, көсемдер туралы баяндайтыны белгілі. Алғашқы батырлар жырының үлгілері осы  адамдардың құрметіне шығарылған мадақтау, мақтаулардан туғандығы да барлық фольклоршыларға белгілі. Алғашқы батырлар жырының аруақтарды мадақтауға арналғандығы және магиялық мақсатта орындалғандығы, батырлық эпос үлгілерінің, ертегілер сияқты, әрқашан да ерліктері сәтті аяқталуы себеп болды деп ойлаймыз. Демек, жырау типінің пайда болуы аруақтар культінің пайда болып қалыптасуы процесімен қатарласа өтіп жатты» [18, 175] , - деп, орынды ой түйеді.

Жырау және осы тектес жыр айтушы, шығарушы, таратушылар типтерінің атқарған қызметі, атауы жайлы, оның көшпелі қоғамдағы орны, түрлі тараптық көріністері – жалпы түркі-монғол тектес халықтардың фольклористика ғылымында толық, жан-жақты зерттелмеген, сыры ашылмаған, енді ғана қолға алына бастаған күрделі ұғым.

Жыраулар – қазақ этномәдени дамуының ең бір шешуші, кульминациялық кезеңі, тарих сахнасына «қазақ» атымен шығып, дербес хандық құру уақытымен, оның алғашқы қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты тұлғалар. Олар – өз жанынан өлең-жыр шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілдері. Бірақ бұдан жыраулық құбылыс осы бір кезеңде туа салды деген ұғым тумаса керек. Жыраулық дәстүрдің түп төркінінде ұзандар, бақсылар шығармашылығы жатқаны да хақ.

Махмұт Қашғари болса, жырау сөзін «йарығу», «өлең шығарушы, музыкант» деп түсіндіреді [19, 32].

Жырау – қазақ әдебиетінің суырып салма өнерінің аса көрнекті өкілі. Әдебиет­те де, тарихта да маңызды орын алар ерекше тұлға. «Қазақ энциклопедиясында» жырауға: «Жырау – өз жанынан шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі.Жырау атауы «жыр» сөзінен туындайды», - деген түсінік берілген [20, 32].

Қазақ әдебиетінде және халық ұғымында қатарынан, синоним ретінде қолданылатын терминдер аз емес. Мысалы, жыр, дастан, қисса немесе «өлең», «жыр» деген ұғымдар ел арасында, зерттеу еңбектерде ауысып қолдана беру жиі кездеседі.

Халел Досмұхамедұлы өз еңбектерінде халық әдебиеті үлгілерін мазмұн, мән, сипат жағынан саралай келіп, «поэзияның бір түрі болжал өлеңдер» деп нақтылайды. Ал, «осы болжал өлеңдердің басында Жәнібек хан тұсында өмір сүрген Асан Қайғы тұрады» деп жазады. Оның мысалы ретінде Асан Қайғының Жәнібекке айтқан толғауын талдайды. Сондай-ақ: «Поэзияның билер сөзі деп аталатын ұтымды да тапқыр жауабы бар түрі билік сөзі деп аталады», - дейді.

Сондай-ақ, Халел Досмұхамедұлы: «Жыраулар поэзиясында насихат толғаулар басым, ал, онда   қазақтардың адамшылық пен ізгілік, дүние, тіршілік туралы таным-түсінігі, не жақсы, не жаман, не дұрыс, не бұрыс дегендер көрінді», - деп түйеді [21, 32]. Х.Досмұхамедұлы айтып отырған осы жанр ерекшеліктері тек ежелгі жыраулар шығармашылығында ғана емес, жыраулық поэзияның ақындық поэзияға бет бұру кезеңінің басында тұрған Көтеш, Шал ақындар, Қабан жырау шығармашылығында кеңінен қамтылған.

Қазақ халық әдебиетіне Х.Досмұхамедұлы жасаған саралауда атап өтілетін үгіт, өсиет өлеңдер және т.б. жіктеулер «жыраулар поэзиясы» деп аталып, қарастырылмағанымен, жыраулар поэзиясына қатысты тұстары да аса мол.

Қабан жырау поэзиясының өзіндік құндылығын, қазақ суырып салмалық поэзиясындағы орнын нақты айқындай түсу, пысықтау үшін  жыраулар шығармашылығында молынан пайдаланылған толғау жанры туралы ғалымдар пікірлеріне көз жіберу де артық болмайды.

Ахмет Байтұрсынов өзінің әйгілі «Әдебиет танытқыш» ат­ты еңбегінде суырып салма өнер иелерінің басты пайдаланған жыр түрлеріне қатысты, яғни, толғау, терме, тақпақ дегенге анықтама береді және олардың ерекшеліктерін: «Толғау  – Жыраудың іші қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Терме  – түрлі өлеңдер. Терме деп ат қойылуының мәнісі – бұл түрлі шығармалар бір нәрсенің жайынан сөйлеп тұрғанда көп нәрсені теріп, сөз етеді. Тақпақ – салт-санасына сәйкес пікірлерді келтесінен келтіріп, өлең түрінде ұйқастырып айту тақпақ болады», - деп тоқталады [22, 254]. А. Байтұрсынов толғауды бірнеше түрге жіктеп: «сап, марқайыс, қалыс, намыс, сұқтаныс, оймалдау, сөгіс, толғау», - деп бөледі.

«Толғау – әдебиетіміздің өз ерекшеліктерімен көрініп, көне дәуірлерде туып, қалыптасқан шығарманың бір түрі», - дейді толғау жанрын арнайы зерт­теп, монографиялық еңбек жазған ф.ғ.д., профессор Б.Әбілқасымов [23, 15].

Толғау жанры ақпа-төкпе жырауларға төгіп, қолма-қол айтуға, табан астынан жедел жыр шығаруға аса бір лайық жанр болды. Жыраулар, ақындар толғау мен қара өлеңді қатар пайдалана білді. Жыраулар мен ақындардың саяси-әлеуметтік, философиялық-дидактикалық, лирикалық толғаныстарының хан мен батырды асқақ жыр күйінде өр пафоспен мадақтап, не, кектене, мінеп айтқан тебіреністерінің көбі толғау түрінде көрінеді. Демек, толғауда ақын, жыраудың қуанып, шаттанған, не, кектеніп, ызаланған жан тебірінісі де, сол дәуірдегі әлеуметтік ірі оқиғаларға айтқан парасатты пайымдаулары да, дүние, өмір, адам, табиғат, заман сырларын таразыға сала отырып тебіренген терең философиялық-дидактикалық пікірлері де бой көресетеді.

Толғауларда тебіреніс сезім де, терең ой да, ұшқыр қиял да, өр пафос та өріле келеді. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар мен ақындар толғауларындағы осы сипаттар ХІХ ғасырдағы суырып салма ақындарға да тән болды.

Жыраулық поэзияның ішкі астар-қабаттарындағы жатқан қайнар көздерін ашуға, қисапсыз көркемдік құбылыстарды айқындауға, сөздің көркемдік, эстетикалық қасиеттерін тануға Қабан жырау мұралары мол дерек, нақты мүмкіндік береді.

М.Әуезов «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде жыраулар поэзиясының орны, жыраудың әлеуметтік тұлғасы жайлы алғаш пікір айтқан ғалымдардың бірі. Ол аталған еңбегінде «жырау кім, оның шығармашылығының негізгі тақырыбы не, жыраудың міндеті мен толғау шығарудағы шарты жөнінен» жан-жақты сөз қозғады. Асан Қайғы мен Бұқар жырау шығармашылығына арнайы тоқталып, жыраудың қоғамда және қазақ әдебиет тарихында алатын орнын нақтылаудың ғылыми негіздері жасалды. Академик Бұқар жырау шығармаларындағы ең басты сарын, негізгі күй төңірегінде байлам, тұжырымдар жасады. Жыраудың әдебиет тарихындағы бағасын берді, тұғырын тиянақтады.

Ал, енді Бұқар жыраудың Қабан жыраумен нақты бір кезеңде өмір сүргенін, Бұқар жыраумен қатар Абылайдың ақ туының астында бірге жүріп, хан билігін, ел тыныштығын, жер амандығын сақтауға зор еңбек сіңіргенін ескерсек Академик М.Әуезовтің айтып отырған тұжырымдары Қабан жырау шығармашылығына да тікелей қатысты. Сондай-ақ, кейін М.Әуезов өз еңбектерінде Қабан жырау туралы пікір білдіруі де кездейсоқ емес. Ол туралы жоғарыда айтып өттік.

«Еңбекші қазақ» газеті арқылы барша оқырмандарына 1929 жылы хат жолдап, құнды ауыз әдебиеті мұраларын жинауға көмек сұрап, өзі жинаған және қолына келіп түсіп жатқан материалдарды жариялауды, зерттеуді бір жағы ғылыми қызығушылықпен, екінші жағы, профессор Т.Кәкішев жазғандай, орталықтан сыртқа шығып кетіп, саяси тазалаудан бас сауғалаудан қашып қолға алған С.Сейфуллин қазақ жыраулар поэзиясының төл әдебиет тарихына енуіне, оның әдебиеттану ғылымының зерттеу нысанасына айналуына ерекше мәні бар қызмет атқарды. Көптеген құнды ауыз әдебиеті үлгілері, соның ішінде жырау, ақындар мұраларын жариялаған С.Сейфуллиннің 1931 жылы шыққан «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты еңбегіне Қабан жыраудың «Жалайыр Қабан ақын мен қоянның айтысуы» [24, 196] атты көлемді мысал айтысы да енген. Ал, бұл Қабан жырау мұраларының сол кездің өзінде-ақ, әдебиет зерттеушілері көңілін өзіне аударғандығын, бірақ, жырау мұралары жиналып топтастырылмаған, зерттеушілер қолына түспеген соң, нақты пікір айту қиын болғандығын көрсетеді. Егер, Бұқар жырау мұрасын жинап, басқаларға таныстырып, жариялауға зор еңбек сіңірген МәшҺүр Жүсіп Көпеев секілді ғұлама Қабан жырау төңірегінде болса, В.Радлов жинағынан да Қабан жырау мұраларын көретініміз сөзсіз еді. С.Сейфуллиннің аталған еңбегінде Қабан жыраудан кейінгі жыраулық дәстүрдің ірі тұлғасы Базар жырау термелерін де осы еңбегінде жариялай отырып, «Базарды қазақтың көрнекті жырауларының бірі» деп, өте жоғары бағалаған [24, 223].

Кезінде ірі шығармашылық тұлға болғанымен, түрлі себептермен Қабан жырау секілді кейінірек қана халқына мұрасы толығымен жетіп, зерттеле бастаған жыраулар аз емес. Соның бірі – осы Базар жырау.

Жыраулар, ақындар поэзиясын зерттеуге ден қойған С. Мұқанов көңілінен Қабан жыраудың да тыс қалмауы – заңдылық. Оған Академик С.Мұқановтың өз еңбегінде: «Жалайыр ішінде үш әулие болған. Олар: Қабылиса, Ескелді, Балпық» [2, 470], - деп жазуы осыған куә.

Қ.Жұмалиев қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жыраудан бастаған концепциясын бекіту мақсатында, жыраулық өнер, Бұқар жыраудың шығармашылық мұрасының негіздерін біршама қарастырып, зерттеу еңбектерін жазды. Жыраулар мұрасының зерттелу тарихына тоқталды. Жырау болудың ең басты шарты – ырғағы бар, ұйқасы бар өлең шығара алу керектігі туралы да айтты. Академик Қ.Жұмалиев: «Екіншіден, жыраудың сөздері терең мағыналы, сырты сұлу келген шешендік сөздер тобына жататын тақпақ болып келуі керек. Үшіншіден, әлеуметтік мәні бар ойлы пікір айтуы керек. Сонда ғана жыраудың міндетін атқара алады», - деп түйіндейді [4, 69].

Е.Ысмайылов өзінің «Ақындар» атты монографиясында «жырауларды әдебиеттің көне өкілі» дейді. Ғалым олардың шығармаларының ең басты ерекшелігі, тақырыбының, сарынының бірыңғайлылығы екенін баса айтады. «Негізінде, олардың шығармаларында адам мұңы, қайғызар, өткен-кеткен жайларға, күйлерге бойлау, батагөйлік, шешендік басым. Бұл жыраулар поэзиясының дәстүрлі сипаты», - деп топшылайды [10, 39-41].

Х.Сүйіншәлиев «жыраулар поэзиясының қазақ әдебиетінде өріс алған кезеңі» деп XIV-XVI ғасырларды атайды. Ғалым жыраулар поэзиясының толғау, терме, өсиет, өнеге түрлерінде келетінін, ерлік, мадақ жырлардан, арнаулардан тұратынын ажырата қарастырады. Х.Сүйіншәлиев «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» монографиясында қазақ жыраулар поэзиясын әдебиетіміздің құнды мұрасы ретінде ғылыми тұрғыдан алғаш рет толық түрде жүйелеп, монографиялық еңбек берді [25, 189]. Осы орайда қазақ әдебиетіндегі жыраулық өнер аса айқын көрінген, даусыз жасаған Қазақ хандығы дәуірі туралы, сол дәуірдің әдебиетін белгілі бір жүйемен, ғылыми негізбен қарастыруды, терең зерделеп,  зерттеуді жолға қойған профессор, ф.ғ.д. Б. Кенжебаевтың еңбегінің өлшеусіз екендігін жоғарыда айтып өткен едік.

Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетті жан-жақты қарастырып, зерделеген, көптеген бұрын белгісіз болып келген жыраулардың өмірбаяндық деректерін тұңғыш рет жұртшылық назарына ұсынған Б. Кенжебаевтың шәкірті, ф.ғ.к., жазушы М.Мағауин жыраулар поэзиясын қарастыруда толымды, түбегейлі еңбек тындырды. Ғалымның жыраулар поэзиясының туу, жетілу себептерін тарихи жағдай, мазмұн, мән жағынан тайға таңба басқандай жіліктеп, жіктеп отырып, сол жайларды енді әдебиеттің, поэзияның көркемдік заңдылықтарымен қоса-қабат қарастыруы, негіздеуі қазақ әдебиеттану ғылымының айтулы табысы.Ел қорғаушы азаматтың бойында қандай адамгершілік қасиеттің болуын қалаған Асан Қайғы:

«Ешкімменен ұрыспа,

Жолдасыңа жау тисе,

Жаныңды аяп, тұрыспа.

Ердің құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те, қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа» [26, 28], - деп, «көпшіл бол, достықты бағалай біл» деген насихат айтады.

Бұл пікір халық педагогикасының түйіні қазақ мақал-мәтелдерінде айтылатын: «Жауға жаныңды берсең де, жолдасыңды берме», «Жақсыда жат­тық жоқ», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген құнды қағидалармен қабысып жатыр. Жатса-тұрса, халық қамын жеген, халықты берекелі бірлікке, достыққа шақырып, сөз маржанын тізбектеп, халық қамын жеуді, әзәзілдің сөзіне ермеуді, құлқынның құлы болмауды, «адамгершіліктің үлкен парызы» деп ұққан Қабан жырау Асан Қайғының осы бір ойын жалғастырып:

«Тату болса ағайын,

Саф алтындай жарқылдар.

Кесапатты кісендеп,

Ақымақты алқымдар.

Аз өмірдің ішінде

Тату бол да тәтті бол.

Араңды бұзар дұшпанға

Аяусыз ащы, қатты бол.

Өтірік, өсек, ұрлыққа

Тыйым салып, берме жол.

Бір арнадан сөз шықса,

Береке мол, достық сол» [5, 41], - деп, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Көпке қызмет ет, халық қамын ойлар азамат бол» деген ұлағатты өсиетті насихаттайды. «Ашуды ақылға жеңгіз, көпшіл бол» деген өнегелі өсиеттің бүгінгі күнге дейін ұрпақ үшін мән-мағынасы жойылмаған дидактикалық қасиеті күшті кеңес екені даусыз.

Ал осы дәстүрді XVII – XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Бұқар, Қабан жыраулар ары қарай дамытып, жыраулық поэзияны жаңа биікке көтеріп, оның тақырып аясын кеңейте түсті. Оның мысалын Қабан жыраудың:

«Арғымақ жабы көрінер,

Аса шауып буланса.

Айдын көл батпақ көрінер,

Астына тартып су алса.

Біраз ғана сөйлейін,

Мойын бұрып жақсылар,

Бұл сөзімді тыңдаса.

Бәйтерек сояу көрінер,

Жапырағы түсіп қуарса.

Арғымақ сайлап не керек,

Артынан жабы жеткен соң?!

Ағайын-туған не керек,

Аңдысып күні өткен соң?!» [5, 42 ], -

деген жыр жолдарынан көруге болады.

Қазақ әдебиетінде есімі ел аузында сақталып, аңызға айналып жүрген жыраулар өте көп. Дегенмен оларды зерттеудегі қиын тұсы, жыраулар шығармаларының бүгінге дейін ауыздан-ауызға тарап, жеткендігінде болып отыр. Уақыт өткен сайын ұмытылып немесе біреулердің өз жандарынан қосып, өзгертулеріне ұшырауы тағы бар. Сондықтан да, жыраулар шығармашылығы туралы сөз болғанда олардың туындыларын талдай, салыстыра, саралай отырып қана ой түюге болады. Осы ретте, Қабан жырау мұраларының құндылығын жете түсіну үшін басқа да жырауларға тоқталуды жөн санадық.

Бұқар шығармаларынан жыраудың өзі өмір сүрген қилы заман келбеті айқын танылады. Хан - сұлтандардың, ірі феодалдардың әр жүзде, тіпті, кейде жекелеген руларда өз билігін жүргізбек болған, ұлттық мүддеге қайшы, құлқыншыл саясаты, руаралық тартыстың күшеюі, заманның өзгеруіне байланысты адамдардың санасындағы құбылыстар – осының бәрі де белгілі мөлшерде жырау өнернамасынан көрініс тапты. Бұқар көне патриархалдық қатынастар бұзыла бастағанын көреді, осының бәрі болашақта жүзеге асар түбегейлі өзгерістердің басы ғана екенін түсінеді. Алайда жырау мұндай құбылыстардың көбін ұнатпайды, оған сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, туған халқының болашағына күмәнданып, пессимизмге берілетін тұстары да бар Бұқар жырау көзқарасына толығырақ тоқталып оты­руымыздың себебі, осы көзқарас, осы уайым, осы міндеттің Қабан жырау тұлғасына да тән болуы, оның шығармашылығында айқын көрініс табуы. Мысалы, Қабан жыраудың:

«Жасыл едік-ау манарлы,

Асыл едік-ау жанарлы

Бүгінгіден бұрын біз.

Жете болып жететін,

Парық болып өтетін,

Қолы қалың ұйымбыз.

Құнт келмесе, өтеміз

Құр күпініп, шын білмей

Жер-әлемнің сыйын біз,

Халықпыз біз, қиынбыз» [5, 53], - деп келетін толғауы осының дәлелі.Бұқар жырау шығармалары ғақлия толғаныстар, нақыл афоризмдер түрінде келеді. Оның туындыларының өлең өлшемі өте күрделі.

Міне, осы Бұқар жыраумен қатарлас өмір кешкен Қабан жыраудың да бұл дәстүрде өзіндік орны бар екені кейінгі кезде жиі айтылып, зерттеле бастады.

Жыраулар поэзиясына дейінгі әдебиет халықтың ауыз әдебиеті деп аталды. Бұл туралы кезінде ауыз әдебиеті мен суырып салма жыраулық поэзияның аражігін ажырату үшін профессор, ф.ғ.д. Мырзабек Дүйсенов «Фольклор ма, әдебиет пе?» деп, «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде пікірталас көтергені де тегіннен тегін емес еді [29].

ҚАБАН ЖЫРАУ ЖӘНЕ ОЛ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

Жетісу өлкесінде Қабан (Қабылиса) жырауды ұстаз санап, оның талантына бас иіп, пір тұтқан жырау, ақын, жыршылар молынан кездеседі. Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы – өр мінезімен, өжет батырлығымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісінде-ақ атағы алысқа кеткен, ел аузына тараған тұлға. Ол ел басшылары Ескелді, Балпық билер секілді «әулие» деген атқа ие болған. Бір шеті Сыр бойында, бір шеті Шу бойында, Ташкент маңында, әр жерде шашырап, көшіп-қонып жүрген Жалайырлардың басын қосып біріктіруде, тұтас бір ел етіп топтастыруда, Жетісу өлкесіне қоныстандыруда оның қырық жылға созылған еңбегі, қажыр-қайраты үш ғасыр бойы аңыз-әңгімеге, тарихи әңгімелерге айналып келеді.

М.Әуезов «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» атанған Сүйінбай Аронұлы мен айтыс өнерінде айшықты орны бар Сара Тастанбекқызы «ағыны аспандағы жұлдыздай боп» деп бағалаған Бақтыбай Жолбарысұлы, жиырмасыншы ғасырдың жыр дүлділі Жамбыл Жабаев секілді от тілді, орақ ауыз ақындардың Қабан жырау туралы өлең жолдары бұған айғақ. Кенен Әзірбаев өзінің «Жамбыл-жыр» деген дастанының жолдарында:

«Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,

Бас иген Ұлы жүзде тәмам ақын.

Нағашысы Жалайыр Қабан ед деп,

Жамбыл атам айтатын маған атын.

Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау,

Жамбылдың айтқан сөзі

есте тұр-ау» [28, 305], -   деп, ақынның өз кезінде орны қандай болғанын өзінің ұстаздарының естеліктеріне сүйене отырып, тебірене толғайды.

Бақтыбай Жолбарысұлы түсінде өзіне Қабан жыраудың ақ балдақ бергенін өмір бойы мақтанышпен айтып, пір тұтып қана қоймай, Сүйінбай, Тезек, Әсет, Жамбыл және т.б. ақындармен айтысқанда:

«Келеді деп Сүйінбай,

Жатырмын күтіп жиынды-ай.

Шапырашты елінде

Сүйінбай ақын бар деген.

Қатағанмен айтысқан,

Кеткен даңқың қиырға-ай.

Айта алмаймын өлеңді,

Қабекеңе сыйынбай» [29, 164],- деді,

немесе:

«Менің атым Бақтыбай,

Домбырамды қақтым-ай.

Ақын Қабан әулие,

Өлең берген бақытыма-ай» [29, 171], - деп толғады,

немесе:

«Қабан атам дейтұғын

Менің пірім болады,

Он сегіз мың ғаламды

Өлеңменен жоқтаған» [29, 144-145], - деп,

немесе:

«Атам Қабан оңласа,

Ескелді, Балпық, Нарымбай,

Асан - сиық қолдаса» [29, 150],- деп, айтыстарында жырауды жырға қосып отырғанынан көруге болады.

Ұзақ уақыт ыждағатпен жинау нәтижесінде Қабан ақынның бізге жеткен мұраларының құндылары – Тұмарша, Тауман қыздармен және өзі жазған мысал айтыстары, «Бәріңдағы тыңдаңдар», «Ырыс алды – ынтымақ», «Арғымақ жабы көрінер», «Тамшыдан теңіз молайып», «Барлы, барлы, барлы тау», «Жер ойпаңы білінбес» атты толғау өлеңдері һәм «Қарын» атты қиссасы, «Кетесің оқымасаң, жолдан тайып» бәйіті. Сондай-ақ, қысқа-қысқа нұсқалары жеткен шығармалары да біршама. Қабан жырау:

«Шірімес алтын жерде

                жатқанменен,

Оқ тимес ажалсызға

                атқанменен.

Жаманға сөз, жалқауға

               таяқ өтпес,

Астарлап қаншамалап

               айтқанменен.

Өткен күнде белгі жоқ

               қанша айтсаң да,

Қызыққа бір күндері

батқанменен» [5, 56], - деген жыр шумақтары осы өзінің ғасырлар бойы шашылып жатса да шірімес алтындай болып сақталған мұрасы туралы айтқандай. Осы бір шумақ өлеңдегі әрбір сөз, әрбір жолда шымырлаған шындық жатыр, ұрпақтан-ұрпаққа көнермей, тозбай, сын-сипаты бұзылмай, сол күйінде жететін асыл мұрат жатыр. Ол – үлкен жүректің аялаған арман-тілегі, асыл өсиеті.

Қабан жырауға сыйыну, оны өзіне пір тұту тек жоғарыда аты аталған ақындар ғана емес, Жетісудің басқа да кешегі және бүгінгі арда ақындары Құлмамбет, Мәулімбай, Қыдырәлі, Есенгелді, Қалқа, Темірғали, Артық, Әбікен, Балғынбек және т.б. өлеңдерінде кездеседі.

Қалқа Жапсарбаев кезінде Ақсу ауданының ақыны Қуатпен айтысында:

«Ал сөйлейін, сөз тыңда,

Жүйірік пе озбай терлеген?

Тілдіде ешкім жеткен жоқ

Кешегі біздің Қабанға!» [30, 54] - деп асқақтата әспеттеп, өткен тарихтан сенімді дерек береді.

«Импровизатор ақындарда табынған адамына еліктеу әдеті болған. Қабан – Сүйінбайдың, Сарыбастың нағашысы. Сүйінбайдың, Сарыбастың, Кененнің жыр толғарда аспанға қолдарын сермеп, құлақ бұраулары сол Қабаннан қалған», - дейді профессор, ф.ғ.д. М.Жолдасбеков [31, 151].

ХІХ ғасырдың жүйрік ақыны Бақтыбайдың түсіне кіріп, оған ерекше ақындық дарын қонатынын, ХХ ғасырда өмір сүрген Қалқа Жапсарбаев ақын да Қабанға сыйынып, «пірім» деп отыратынын жырау мүлде болжамаған  да шығар?!

Арқаның ақиығы Біржан салмен айтысқан, атақ-даңқы иiсi қазаққа әйгілі ақын Сара Тастанбекқызының өлеңдерiнде де Қабан ақын жөнiндегі деректi кездестiремiз.

Сара Тастанбекқызы 1806 жылы ауырып, Жетісудың еліне ем ала келіп он екі ата Жалайыр елiнің Балғалы, Аңдас, Мырза, Сиыршы, Сыпатай, Кәлпе, Байшегір, Күшік, Орақты руларының ауылдарын ауырып жүрсе де аралап, бой жазып, он екі ата Жалайырды өлең-жырына мейiр қандырғаны, өлеңімен ел құрметіне бөленгені тарихтан белгілі. Осы сапарында елдiң жақсы-жайсаңдарын өзінің өлең-жырларына арқау еткен. Осы сапарында Қабан жырау жөнiнде:

«Қасиетті Қабылиса Асанұлы

Мырзадай үлкен елден шыққан ақын.

Жалайыр Қабылисаны еркелетіп,

Қабан деп жас кезiнде қойған атын.

Кейiннен халқы оны құрмет етiп,

Қадірлеп «Ақын Ата» деп атапты.

Басқадан ол кiсiнiң сөзi құнды,

Бұл кiсi өзi ақын, өзi ардақты,

Бiлмейтiн адамдар жоқ

                      оның атын» [32, 126], - деп жыр арнаған.

«Ескі дәуірде ақын, сал-серілер Жалайыр елінен көп шыққан. Соның бірі атақты Қабан жырау, тағы бірі сері, өзі аңшы, өзі ақын, өзі күйші, өзі сауыққой Шедегей», - дейді Әлкей Марғұлан [14, 48].

Профессор М.Жолдасбеков: «Қабан кезінде жырау болған, айлап айтса да таусылмайтын эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған, өкініші, соның ешқайсысы да сақталып бізге жетпеген. Сыпыра жырау тәрізді, Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Сүйінбай жасында Қабанның көшінен жеті күн қалмай, ілесіп жүріп батасын алса керек», - деп [31, 151], алғаш Қабан жырау туралы толымды пікір айтып, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде ректорлық қызмет атқарғанда алғашқылардың бірі болып жырау мұрасын жинастыруға, жариялауға және зерттеуге мұрындық болған, сол кезде өзі де біраз ғылыми мақалалар жазып, кейіннен монографиялық еңбектерінде Қабан жырау өміріне, шығармашылығына жан-жақты тоқталған.

М.Жолдасбеков талантты филолог, Қабан атамыздың елінде туып, өскен, Жалайырдың Кішік атасынан шыққан, өкінішке қарай ерте қайтыс болған Иманғали Зейполдановты бас қылып, фольклорлық экспедиция шығарып, Қабан атамыздың мұрасымен қатар Саяқбай, Бақтыбай және т.б. Жетісу өңірінің ақын, жырауларының мұраларын жинауға бас ие болған.

Бірақ, профессор М.Жолдасбеков айтқан дерек пен қазіргі нақтыланған жыраудың туған, өлген жылдарына қарасақ, уақыт жағынан Қабан жырау мен Сүйінбай ақынның кездесуі мүмкін еместігін де ескерте кеткен жөн. Яғни, Сүйінбай Аронұлы Қабан жырау қайтыс болған соң отыз тоғыз жылдан соң дүниеге келген.

Сонымен қатар, жырау өмірі туралы екінші деректі, яғни «1733-1824 жыл– дары өмір сүрді» дегенді басшылыққа алсақ, Сүйінбай тоғыз жасар шағында жырауды көруі де мүмкін екені де жоққа шығарылмайды.

Жастау кезде Сүйінбай Аронұлының нағашылары Жалайырлар елінде біраз жыл болғанын тарихи деректерден және Сүйінбай қайтыс болғанда екі қызының бірі Қойжанның айтқан жоқтауының мәтінінен көруге болады:

«Ақындығың белгілі,

Жалайырда құлыншақтай

Өлең айтып жүргенде,

Алашқа даңқын мың шықты-ай!» [33, 117].

Солай бола тұрса да Сүйінбайдың Қабан жыраудан бата алуы туралы бұдан басқа да аңыз-әңгімелер аз емес. Соның бірі: «Қазақтың жиын-тойлары, басқосулары өлең-жырсыз өткен бе? Сүйiнбай бiр басқосуда өлең айтқан екен. Ол жиналған жұртты өлеңiмен ұйытып, қалың көпшілiктi риза еткен. Сол жиында ауылының бiр қазыналы қариясы: «Арқалы ақын болайын деп тұрған бала екенсiң, шырағым. Талабыңа нұр жаусын. «Баталы кұл арымайды, батасыз ұл жарымайды», - деген. Іленiң күншығыс жағында Қабан деген әйгілі ақын нағашың бар. Сонда барып, батасын ал деп ақыл айтқан екен. Сол қазыналы қарияның ақылын алып, арада жыл өткенде Сүйінбай Қабан нағашысының ауылына келген. Ол кезде ақын ауылы жайлауға көшiп бара жатса керек. Бiрнеше күн iлесiп, малдарын айдасқан. Өз көштерiнде бейтаныс бала келе жатқанын байқаған ақынның бәйбiшесі Сүйінбайды шақырып, жөн сұрап, істің мән - жайына қаныққан соң, бейтаныс бала жайын Қабан ақынға баяндайды. Қабан көштi тоқтатып, ауылының ақсақалдарын жинап, мал сойып, алыстан iздеп келген жиенiне ақ батасын берген екен. Сүйiнбай: «Содан кейiн тұла бойымды өлең-жыр кернеп кеттi», - депті», - деген аңыз ел арасына кеңінен тараған [33, 54].

Ұлы жүз ақындарының, нақтырақ айтқанда Сүйiнбай мен Сарбас, Бақтыбай тағы басқа да майталмандардың «екпiндеп соққан дауылдай, шелектеп құйған жауындай жыр нөсерiн селдете төгуі, мойындарын созып, қолдарын аспанға сермеп, мұрттарын қағып, құлақ бұрауы – Қабаннан қалған дәстүр, жырауға елiктеуден туған ғадет екен» деп барша зерттеушілер айтып, жазып келеді.

1895 жылы Алматы қаласындағы Қожамбердi болыстың үйiнде Жамбыл мен Сарыбастың айтысқаны тарихтан белгiлi. Айтысты Сарыбас бастап:

«Нағашым Жалайыр ақын Қабан,

Осал жерден шықты демегiн...

Қабанның арғы атасы Әлiк-Аман,

Біреу жүйрік болғанда, біреу шабан.

Біреу жақсы болғанда,

              біреу жаман» [34, 113], - деп, өзін айтыс ақындарына тән дәстүрмен асқақтата төгілген жолдармен таныстырған.

1880 жылы Үржарда Семей мен Жетісу өлкесінің жақсы-жайсаңдары бас қосқан жиын өткен. Осы жиында Қыпшақбай мен Бақтыбайдың айтысқаны тарихтан белгiлi және айтыс мәтіні әр кезең басылымдарында жарияланып келеді. Бұл айтысты тамашалауға Шәкәрiм Құдайбердіұлы да қатысып, төрелiк еткен. Бақтыбай сөзiнiң басын Шәкәрiмге сәлем беруден бастап:

«Ассалаумағаләйкүм, аман ба

 Шәкәрім сынды бегiмiз?!

 Арғы атаң сенiң – Құнанбай,

 Орта жүз асқан тегіңiз» [29, 139], -дей келiп, өзiн таныстырған:

«Қабан жырау дейтұғын

Менiң пiрiм болады,

Он сегiз мың ғаламды

Өлеңменен тоқтатқан» [29, 144], -  деп, өзі пір тұтатын Қабан жыраудың өлеңдегі орнын тiлге тиек еткен.

Бірақ Шәкәрімнің атын атауға болмайтын кезеңде бұл айтыс жарияланған еңбектерде оның аты бұрмаланып, «Шәкірхан» деп басылып келген. Яғни, бұл айтыс жолдары Шәкәрімнің де Қабан жырау шығармашылығынан хабары болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, айтыста Шәкәрімнің атасы Құнанбайдың аты бірнеше мәрте аталып, оның атына қаттырақ сөз де айтылады. Қыпшақбай:

«Құнанбай қажы дейтұғын

Дабысы шыққан тұлпарым,

Қалмайтұғын жарыстан», - деп бастаған сөзіне Бақтыбай:

«Арғынның айтқан сөзінің

Аңғарына қарашы.

Құнанбай деген қажыны

Тұлпарым деп айтады» [29, 14-143], - деп қағытады.

Сөз қадірін білген зерделі Шәкәрімнің Бақтыбай айтып отырған «Он сегіз мың ғаламды өлеңменен тоқтатқан» Қабан жырау туралы білмеуі, білмесе, бұл қандай жырау екен деп қызықпауы мүмкін емес.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі уақытта өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей бекзат күйге бөлендік. Алты алаштың небір ардақтыларының қатарында Қабан жырау, батырдың да есімі халық тарихынан өз орнын ала бастады.

Қабан жырау Жалайыр атасының Шуманақ тармағының ішіндегі Мырза деген рудан шыққан. 1686 жылы Сыр бойында дүниеге келіп, 1776 жылы 90 жасында Жетісу жерінде қайтыс болған. Кейбір деректерде жыраудың туған, өлген жылдары 1733-1824 деп беріліп те жүргені бар (М.Жолдасбеков, Т.Қаупынбаев,«Қабан жырау»/«Егемен Қазақстан», 1993ж. №67).

Ел есіндегі естелік, аңыздарға, тарихи деректерге қарағанда, Қабан жырау Ескелді, Балпық билермен, Райымбек, Өтеген батырлармен тұстас өмір сүріп, ел қамын қатар ойлаған ұлы жырау, батыр, кемеңгер абыз адам болған.

Қабан жыраудың аты М.Әуезовтің «Айтыс ақындары» деген зерттеуінде, «Қазақ әдебиеті тарихындағы» Қалқа Жапсарбаев туралы мақаласында айтылса, өмірі мен шығармашылығы туралы әр жылдарда, әр қырынан С.Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты еңбегінде, С.Мұқанов, Р.Бердібаев, М.Жолдасбеков, О.Исмаилов, С.Дәуітов, М.Ысқақбаев, Ұ.Доспанбетов және басқалардың еңбектерінде жазылып келді. Сондай-ақ, Академик, профессор, Ескелді бидің ұрпағы Е.Ерғожин, мемлекет қайраткері, профессор М.Нәрікбаев, профессор, «Қабан жырау», «Қадырғали Жалаири» қорларының төрағасы, заңгер, профессор Ө. Жалаири, соғыс ардагері Жылқайдар Егінбаев, мүсіншілер, сәулетшілер мен суретшілер Нұрбақыт Қойшыбаев, Жеңіс Молдабаев, Тимур Ордабеков те жырау өмірі мен мұраларына байланысты біраз еңбек етті.

Қабан жыраудың 325 жылдығына орай, басына Күрті гранитінен биіктігі 7,4 метрлік, шаңырағы он екі бағанаға сүйеніп тұрған, 2,3-те 2,8 метр аумақты алып жатқан жырау қабірінің үстіне орнаған кесене ( ҚР еңбек сіңірген архитекторы Казбек Жарылғапов) де атап айтуға тұрарлық еңбек еді.

Қабан жырау туралы аңыз-әңгімелерден тарихи шындықты аршып алатын кез енді келді. Ол үшін тарих қойнауына сүңгіп, ел-жер аттарын саралап, жырау толғауларына тереңірек үңілу қажет секілді.

«Үйдiң жақсы болмағы ағашынан, жiгiттiң жақсы болмағы – нағашыдан» деген ғой халқымыз. Жамбыл бас иіп өткен, қазақ тұрмақ, қырғызды мойындатқан Сүйінбай ақынның, дара сөздің даңғылы Сарбас ақынның нағашылары Қабан жырау үшін осы мақал орнын тауып тұрғаны анық.

Қабан жырауға байланысты аңыз-әңгімелердің түп негізінде тарихи дәлелдер, шындықтың шеті шығып жатуы да оның өз кезінің ұлы тұлғаларының бірі болғандығын дәлелдей түседі.

Қабан жыраудың әулиелігі жөнінде мынандай аңыз кеңінен тараған: «Бірде Жетісу өлкесінен шыққан атақты батырлар Өтеген, Райымбек, Қараш және Қабан төртеуі бас қосып қалады. Райымбек пен Өтеген құрдас екен де, Қараштың жасы сәл кішілеу, ал Қабан жырау бәрінен үлкені екен.

Райымбек отырыста әңгіме тізгінін қолына алып: «Өтеген, халқымызда: «Ел аралаған – сыншы», - деген мақал бар ғой, сен шаршамай, шалдықпай, жер-дүниені шарлап, аралап келдің, жасың болса біразға жетті және батыр деген атағың бар, көпті көріп, көңіліңді кеңейтіп келдің, сенен өтініш, біз өлген соң, қайсысымыз қай жерде жерленеміз, соны болжап айта аласың ба?- дейді.

Өтеген: «Аға тұрып іні сөйлегеннен без», - деген халқымыз, бұл дүниенің жарығын бізден бұрын көрген алдымызда Қабан ағамыз отыр, ағаның алдына түсу әбестік болар. Қабан ағам айтсын бұл сауалыңның жауабын», - депті.

Сонда Қабан жырау: «Екеуің біріңді5689++++++++++-бірің түрткілеп, ақыры мені сөйлетейін дедіңдер ме?» - деп, сөз бастайды: «Әке-шешем қойған атым Қабан болғандықтан мен бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде қалармын. Үш күн денем жерде жатады, үш күннен соң табылмас. Ал, Өтеген, сенің мінезің жайлы, жүзің жылы еді, жылжып аққан судың жағасында жатасың, бірақ, түбінде сені де жылжытып, басқа жерге қояды. Райымбек, сен көпшіл ең, қиямет-қайымға дейін басыңнан дабыр, үстіңнен дүбір кетпейтін үлкен жолдың бойында боласың», - деген екен [5, 152].

Кейінгі  кезеңнің тарихи шындығы Қабан жыраудың болжамдарының дәл келгендігін көрсетіп, оның әулиелігіне бас июге себеп болып тұр.

Тарих беттеріне көз салсақ, Өтегеннің қабірі «жылжып аққан су» Іле өзенінің бойында, Шолақтау деген, бүгін Қапшағай су қоймасының Шеңгелді жағында төбесі көрініп тұрған тау бөктерінде еді, кейін Қапшағайдың астында қалатын болған соң, ұрпақтары сүйегін «жылжытып», Қордайға, туған еліне қайта жерлеп, басына күмбез орнатты. Өтеген батыр мен Қабан жыраудың қызы Қоянкөздің осы жерге жерленуі дерегі де кезінде осы Шолақтау көптеген белгілі тұлғалардың мекені болғанын көрсетеді.

Өтеген батыр туралы ашылмаған сырлар, айтылмаған шындықтар әлі де жетерлік. Оның бір ұшы кезінде біраз сынға ұшыраған Тауасар Қазбекұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» атты еңбегінде жатыр. Еңбектегі тарихи шындық пен көркем шындықты ажырата саралай зерт­тесек, Қабан атамыз туралы да деректерді табарымыз сөзсіз. Шолақтауға жерленген Өтеген батыр туралы басқаша пікірді жазушы Ұ.Доспанбетовтің «Бақ пен сор» еңбегіне енген «Жалайыр Өтеген Сабденұлы хақында» атты мақаладан да көруге болады [35, 501].

Райымбек Алматыдан Ташкентке қарай шығатын үлкен жолдың бүгінгі күні өз атымен аталатын даңғылдың бойына жерленген, ол маңай бұрын да, қазір де дабыр-дүбірдің орны. Бүгінгі күні ұрпақтары биік ескерткіш орнатып, ары-бері өткендер, арнайы келушілер сыйынатын, бас иетін қасиетті мекенге айналды.

Кеңестік кезеңде Ташкенге шығатын үлкен күре жолды кеңейту кезінде «жол құрылысы аймағы басып өтетін болғандықтан, баба жатқан жерді тегістеп тастау жоспары болғандығын, бірақ, баба аруағы бұған мүмкіндік бермей, жол салатын техникалар бұзылып, адамдар мерт болған соң, жолды оңға қарай бұрып салған» деген әңгіме ел арасында әлі айтылып келеді.

Қабанның өзі Іле өзені бойында, Бақанас күре жолына, Қызылжар– Көкбастау сілеміне жақын шоқ қамыстың ішінде, бұлақ басында жатыр. Ертеректе жырау қабірін көрген, ол туралы айтылған әңгімелерге қарағанда, шынында да кезінде қабірдің бір бүйірі опырылып қалғанға ұқсайды.

1977 жылы Жылқайдар Егінбаев (жолдасы Мөрима Рахметқызы Қабан жыраудың шөбересі) ұлы жырау басына биіктігі екі метр, салмағы екі тонна Текелінің көк мәрмар тасынан ескерткіш қойса, 1993 жылы басқа ұрпақтары оны көріктендіріп, қоршап ретке келтірген еді. Көксу ауданындағы Ақтекше (бұрынғы Куйбышев) ауылындағы орта мектепке 300 жылдық мерейтойына байланысты, Қабан жыраудың аты берілді, музей ашылып, еңселі ескерткіш те (мүсіншілері: Молдабеков, Қойшыбеков) орнатылды. 2010 жылы Алматы облысының Бақанас күре жолының бойында, Көкбастау сілемінде Қабылиса жыраудың 325 жылдығына орай, оның қабірінің басына үлкен кесене тұрғызылды.Бірақ бұдан «ұлы жыраудың қабірінің басында бұрын ешнәрсе болмады» деген ой тумауы керек. Шындығында, ұлы баба қабірінің басында өз заманына сай Бопау Бейсенбіұлы салғызған «төртқұлақ» қоршау болғандығы, онда Бопаудың өзі шырақшы болғаны жөнінде және одан кейін ол зиратта 1930 жылдарға дейін немересі Рахмет шырақшы болғаны туралы нақты дерек бар. Рахмет ақсақал қызы мен күйеу баласын 1956, 1959 жылдары Қабан жырау бабасының басына ертіп барып, көрсетіп, зират басына тас үйгізіп, аталарының жатқан жерін ұмытпауды тапсырған.

Сөзіміз Қабан жыраудың ұрпақтары жайлы болған соң аты аңызға айналып, Қабан жырау мұралары туралы зерттеу, естеліктерде айтылып келе жатқан жыраудың бес ұлдың ішіндегі жалғыз қызы Қоянкөз туралы деректерге тереңірек шолу жасай кеткен жөн секілді.

Асанның бәйбішесінен: Аю, Қабан (Қабылиса), Серкебай, Еркебай ат­ты төрт ұл, тоқалынан: Текебай, Көсембай атты екі ұл туған.

Қабанның бес ұл, бір қыз болған. Бәйбішесінен – Шынтемір, тоқалынан – Сүлеймен, Оспан, Әбдіманап, Ысқақ және Қоянкөз.

Жырау айтты деген аңыз әңгімелердің бірінде: «Менің ақындығым балаларыма дарымайды, қызым мен жиендеріме көшеді», - деген естелік бар.

«Жыраудың қызы Қоянкөз әкесіне тартып, ән мен жырды, өнерді беріле сүйген, өзі де өнерлі болған» дейді естеліктер. Алдағы өмірді болжай білетін көріпкелдігі, туа біткен даналығы болған. Қабан жырау бес ұлдың арасындағы жалғыз қызын ерекше жақсы көріпті. Бір деректерде «Қоянкөздің шын аты Айнамкөз екен» дейді, бірақ, «көзінің әдемілігіне байланысты Қоянкөз аталған» деген де аңыз ел арасында айтылып жүр [5, 154].

Қоянкөзді ертерек Ұлы жүздің Шапырашты руының Теке деген атасынан шыққан Рысбай баласы Байтемірге атастырып қояды. Бұл кезде Жалайырлар мен Шапыраштылар Іле өзенінің екі жағында қатар орналасып бір аға сұлтандыққа бағынған. Оны мына бір деректерден анық көруге болады...

1846 жылы 23-ші маусымда Шұбарағаш-Ойжайлауда Ұлы жүздің Дулат, Албан, Суан, Жалайыр, Шапырашты тайпалары, «Ресей патшалығына бағыну туралы» келісімге келіп жатқанда, Жалайыр мен Шапырашты руларының басшылары патша өкметінің өкілі Шекаралық Сібір қазақтарының бастығы, генерал-майор Н.Вишневскийге «Сөк Абылайхановты осы екі рудың аға сұлтаны етіп тағайындау туралы» хат жазуы Жалайыр мен Шапыраштының Іле бойында қоныс тепкенін көрсетеді. Хат мазмұны мынандай: «Дулат және басқа рулар бар, барлық Үйсін елі подполковник Әли Әділовке бағынсын деп шешілгенмен, біз өз руларымыздың жалпы кеңесінде Дулаттардан бөлек аға сұлтандық болсақ деп ұйғарымға келіп, Сіздің мәртебеңіздің алдында басымызды ие отырып біздерді, Жалайыр мен Шапраштыларды (Асыл, Айқым) басқару үшін 8-ші сыныпты сұлтанымыз Сөк Абылайхановты аға сұлтан етіп тағайындауыңызды өтінеміз. Жалайыр мен Шапырашты секілді екі рулы елге келетін болсақ, бұлар тату-тәтті тыныштықта өмір сүріп отырған ел» [36, 67-68]. Бұл хатқа Жалайыр жағынан он екі, Шапырашты жағынан алты сұлтан, билер қол қойып, мөрлерін басқан. Осы хаттың нәтижесінде «1847 жылы, 17 шілдеде патша өкіметі Ұлы жұз сұлтандарының қатарында Сөк Абылайхановты аға сұлтан етіп тағайындап, 343 сом күміс ақша жалақы бекіткен» [36, 106-107]. Сондай-ақ, аға сұлтан Сөк Абылайхановтың ордасы, Қапал мен Арасан елді мекенінің ортасындағы Баянжүрек тауының күнгей бетінде болғаны, сол жерге салынғанына жыл болмай, асығыс салынғандықтан құлап қалған аға сұлтан Сөк Абылайхановтың кесенесіне кезінде Шоқан Уәлихановтың барғандығы Шоқан жазбалары арқылы көпшілікке белгілі. Бұған қарағанда, Жалайыр мен Шапырашты руларының орналасу аймағы біз қазір айтып жүрген жерлерден әлдеқайда кең болғандығын көрсетеді.

Ертеден Жалайырмен қыз алысып, қыз беріскен Шапырашты елі бұл дәстүрлерін үзбей Сүйінбайдың әкесі Аронға да Жалайырдан қыз алып берген.Жауынгершілік заман Байтемір мен Қоянкөздің атастырылуына байланысты құдалықты ретімен өткізуге мұрсат бермей созылыңқырап кеткенде ағасы жорық кезінде қолға түсіріп, өзі үйленбек болған қалмақ қызы Жырғалымен Байтемір жақындасып қойып, қыздың аяғы ауыр болып қалады. Інісінің ерсі әрекетіне қатты ашуланса да ағасы ашуын ақылына жеңгізіп: «Болар іс болып қойған екен, екеуін қосыңдар», - деп рұқсатын беруі құдалық тосып отырған Қабан жырау ауылына жетеді. Әрі батыр, әрі ел сөзін ұстаған жырау бұған намыстанып, Шапыраштыларды шаппақ болады. Іс насырға шапса, енді ғана ес жинай бастаған қазақ тағы қырық ру болып, қан төгілетінін түсінген Қоянкөз анасы арқылы әкесіне өзінің екінші әйел болып баруға риза екендігін жеткізеді.

Қанша ашу буса да бетінен қағып көрмеген, ақылы асқан қызының шешеміне жырау қарсы тұра алмайды. Құдаларға «келсін» деп хабарлайды.Бұны естіген Іленің арғы жағындағы, Таутүрген еліндегі (кейбір деректе жазылып жүргендей, «Ұзынағаштан емес»), болашақ құдалар Іледен өтіп, ақын ауылына, Қабан жыраудың қызы Қоянкөзге құда түсуге келеді. Бәйбіше жақын ауылға тойға кетіп, (кейде, «бұл кезде Қабан жыраудың әйелі қайтыс болған» деп айтылады) үйде қызы Қоянкөз бен Қабан ақын қалған екен.

Қонақтарды күтіп алып, қой сойылып, етті қазанға салғанда қазан-аяққа көп араласа бермейтін ерке қыз құда түсуге келгендерге піскен қойдың қол еттерін табақпен алдарына тартыпты. Алдарына ас келгенде қонақтар табақта құдаларға, сыйлы қонақтарға тартылатын мүшелер емес, қойдың алдыңғы қол еттерін көріп тіксініп: «Жақсы әкеден де осындай жөн білмес қыз туады екен-ау», - дегендей бір-біріне қарасады. Бұны аңғарған  ақын:

«Бала білмей қонаққа қол асыпты,

Қол асса да қой етін мол асыпты.

Саннан бұрын өмірге келеді қол,

Соны біліп ертеңге жол ашыпты» [5,101], - деп, құдаларына қайырылыпты. Мынандай сөзді естіген қонақтар: «Мына қыз осал болмады. Қазақтың ескі салтын бұзып, жаңа жоралғы жасап отыр екен, қойдың жамбасын, сан етін аспай, қазанға қол етін салуында да мән бар екен ғой», - деп ризашылықпен құдандалық рәсімін жасап, елдеріне қайтыпты.

Көп ұзамай Қоянкөз, Шапырашты еліне келін болып түскенде, «Байтемірдің бәйбішесі – Жырғалы жас келінің алдынан бір көш жерден өзі шығып, өзі шашу шашып, қарсы алыпты» деген де аңыз бар. Жырғалы бәйбіше болашақта бар билікті, бес баласының тәрбиесін Қоянкөздің қарауына бергендігі, билік пен бала тәрбиесін Қоянкөздің даналықпен атқарғандығы ол туралы аңыз-әңгімелерде жан-жақты айтылып, жазылып жүр.

Қоянкөздің есімі еліміздің тарихында «Қоянкөз бекетіне» байланысты ертеден айтылып келеді. Онда XІX ғасырда Қоянкөздің атымен Қапал мен Верный арасындағы үлкен бір бекет аталса, қазіргі Кербұлақ ауданына қарасты Амангелді, Шоқан, Шанханай елді мекендерін қамтитын бір ауылдық округ және сол жерде Қоянкөз аталатын тау аңғары бар.

Қоянкөз бекеті және жыраудың қызы Қоянкөзге байланысты ой тудыратын біраз деректерге және Қабан жыраудың қызына байланысты аңыз-әңгіме, тарихи деректерге кейінірек кеңінен тоқталамыз.

Алматы облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Қоянкөз (қазіргі Шоқан Уәлиханов, Қабан жырау, Шанханай ауылдары орналасқан жердің тау бөктеріндегі жайлау) деген жерде ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы жылдарын өткізіп, осында Тезек төренің қарындасы Айсараға үйленіп, қайтыс болған соң, өмірлік мекенін осы Қоянкөз қойнауынан тапқан. Қабан жыраудың қызы Қоянкөзден Еркебай, Әймен атты бір ұл, бір қыз туған. Бірақ осы деректердің ішіне тереңірек үңіліп, тарихи дерек, жер-су аттарын пайдалана отырып, анықтай кететін жерлер де жоқ емес.Тарихи деректерге көз салсақ, Қоянкөздің күйеуі Байтемір оның жиырма бес жасында, ерте қайтыс болған. Байтемір қайтыс болған соң, оның жылын өткізіп Қоянкөзді қайнысы Батырбайдың баласы Таусары әмеңгерлікпен алғысы келгендігіні туралы ел естелігі сақталған [5, 152]. Ел арасына беделі, ақылдылығымен, көріпкелдігімен аты шыққан Қоянкөзді Шапырашты елі «Шымдыған апа» деп атап кеткендігін де кейінгі адамдар естеліктерінде жазылды [5, 154].

Әмеңгерлік жолмен тоқалдыққа барғысы келмеген Қоянкөз ел жақсыларының алдына бәйбіше Жырғалының ұлын Сіздерге айтатын тілегі бар еді деген сылтаумен алып барып, өзінің үш тілегі бар екенін жеткізген. Ол тілегі бірінші жеті балаға, екінші Жырғалыға және өзіне бостандық беруін жеткізіп, ал үшінші тілегін балалар ер жеткен соң еліне алып келгенде айтатынын айтып, өзінің төркініне, Іленің екінші беті Шолақтаудың етегіне көшіп келеді.

Қоянкөз анамыздың кезінде Шапыраштылардың игі-жақсыларына айтқан үш тілегін жазушы, Қабан жырау мұраларын ыждағатпен жинап бастырушы, зерт­теуші О.Исмаилов (1940-2017) өз еңбегінде былай баяндайды: «Үш тілегім бар: Бірінші – жеті баланың басына, екінші – Жырғалы екеуміздің басымызға бостандық беріңіздер. Балаларыңыз ат жалын тартып, атқа міне алатын азаматтық шағында қолдарыңызға алып келіп беремін. Сонда үшінші тілегімді айтамын» [5, 160].

Қоянкөз бен бәйбіше Жырғалы және жеті бала Шолақтаудың етегіне келіп қоныс теуіп, сол жерге бекет салдырып, оны өзі басқарып, ұстапты. Ол бекет кейін «Қоянкөз бекеті» аталыпты. Осы жерден Қоянкөз апамыздың бекеті, оның орналасқан жері туралы деректерде сәйкессіздік туа бастайды. Осы бір естелікте және Қоянкөз шешемізге байланысты басқа да естеліктерде Қоянкөз бекетінің салынған жері Шолақтау деп анық айтылып тұр.Зерттеушілердің көпшілігі Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Шоқан, Амангелді, Шанқанай ауылдары орналасқан жайлау атауының Қоянкөз аталуына байланысты «Қоянкөз бекеті» де осы жерде орналасқан деген пікір айтады, тіпті, Ш.Уәлихановтың жазбаларынан дерек те келтіреді.

Ал, шындығында, Қоянкөз бекеті Шолақтауда, Өтеген батыр жерленген жерде орналасқан. Шолақтаудың қазір Қапшағай көлінің Шеңгелді ауылына жақын жерінде су ортасында төбесі көрініп тұр. Бұған қарағанда, кезінде ол Шолақтау еңсесі биік, оның етегінде ел-жұрт, қалың тіршілік болған секілді. Сондықтан да Қоянкөз анамыз өзінің үшінші тілегінде өзін осы Шолақтаудың етегіне жерлеуді аманат етуі тегін емес. Тек, Коянкөз анамыз жерленген осы Шолақтаудың етегі кейін ел көшіп, Өтеген батырдың сүйегі жатқандықтан, Өтеген аталып, «Коянкөз бекеті» Тезек төре қоныстанған Көшентоғайдың қасындағы Қоянкөз жайлауына телініп кете берген тәрізді.

Бұдан бөлек, «Қоянкөздің барған жері Шапырашты елі» дегенге көп жұрт Ұзынағаш маңын меңзейді. Ал, шындығында, Шапыраштылардың, оның ішінде Теке аталарының ата жұрты бұрын да, қазір де Таутүрген болғаны анық (Таутүрген ауылы аудан орталығы Есік қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан). Жер атауы таудан қатты, шапшаң ағатын өзеннің атауына лайық екенін көрсетеді. Сондықтан Іленің екі жағы Қоянкөз апамыз үшін төркіні мен қайын жұртының арасы екені, тек Іле өзені бөліп тұрмаса, алыс болмағанын көрсетеді.Тағы бір көңіл аударарлық мәселе, Өтеген батырдың алғаш жерленген жері Шолақтау да, бүгінгі Қабан атамыздың жатқан жері де Бақанас тас жолының бойы, Көкбастау сілемі де кезіндегі Жібек жолы, қазіргі Алматы - Талдықорған күре жолының бойы, бір тармағы, яғни, бір-бірінен онша алыс емес. Ағайын, туысы Өтеген батырды Шолақтауға, аты Алты Алашқа кеткен ұлы жырауды тура осы Қапшағай теңізіне отыз шақырымдай жердегі Көкбастау сілеміне жерлегенде айдалаға емес, олардың өз өсиеті бойынша ата қоныстарына жақын жерге жерлегені сөзсіз.

Енді Ш. Уәлихановтың: «Қоянкөзден өтіп, таңертеңгілік Алтын Емелге жет­тік» [11, 351], - деген пікіріне келсек, шындығында да, Шоқан Коянкөзді басып өткен. Бірақ зерттеушілер айтып жүрген Тезек төренің ордасы орналасқан жердегі Қоянкөз емес, Шолақтаудың бөктеріндегі, кешегі ескі Қапшағай көпірінің, ұлы Жібек жолы бойындағы, кезінде алғаш Өтеген батыр жерленген жердегі Қоянкөз бекетін басып өткен. Алтын Емел мен Тезек Төренің ордасы орналасқан Қоянкөз бір-бірімен жалғасып жатқан жер екенін ескерсек, ол жерді басып өту көп уақытты алмайды, сондықтан, Шоқан айтып отырған Қоянкөз бекеті Шолақтауда болғаны анық. Сондай-ақ, Қоянкөз бекеті Ұлы Жібек жолындағы белгілі бекеттердің бірі болғандығы, оған талай керуен аялдағаны – тарихи шындық. Ал, Ш.Уәлиханов жерленген жердегі Қоянкөз елді мекені Ұлы Жібек жолынан қиғаш жатқандығы да «біздің Қоянкөз бекеті Шолақтау маңайында болған» дегенімізді дәлелдей түседі.

Кезінде Сөк Абылайханұлы сұлтанның Ордасы болған Баянжүректен Іле бойына ауыстырылған аға сұлтан Әділ Ордасына Қабан жырау талай рет ат басын тіреп, Әділ төреге жыр айтқан.

Сүйінбай, Түбек, Бақтыбай топырағын басып, Тезек төремен айтысқан бүгінгі Қоянкөз аталатын Алтын Емел баурайындағы Коянкөз алқабына байланысты шешілмеген шындықтар, айтылмаған ақиқат­тар жетерлік. Тіпті, онда қазір қалпына келтіріліп, ескерткіш қойылған Тезек төренің қабірінің жатуының өзі де көп нәрсені аңғартады. Сондай-ақ, аталған жерде «Коянкөз ауылы» деген атау бұрынғы Амангелді ауылына кейін берілді, ал Тезек төре жайлаған тау аңғары бұрыннан Көянкөз деп аталған.

Күреңбел жерінің күрделі тарихы өз қойнауында талай сырды бүгіп жатқандығын осы бір деректерден көруге болады. Бұл жерге кезінде Н. Потанин секілді фольклоршы ғалымдардың мен генерал-губернаторлардың, сондай-ақ, Қабан, Түбек, Сүйінбай, Бақтыбай, Құлмамбет секілді ұлы ақындардың, Ұлы жүз ғана емес, қазақ-қырғызды аузына қаратқан Ысты Бөлтірік, Суан Қожбанбет секілді билердің, қырғыздың атақты датқалары мен манаптарының да табанының ізі қалғаны, тіпті, қазақтың кейінгі игі жақсыларының барлығы дерлік ат басын тіреген Қоянкөздің тарихы әлі зерттеліп, айтылып біткен жоқ.

Қоянкөзге алғаш келіп-кетіп, кейін өмірінің біраз уақытын тек осында ғана өткізген Шоқан Уәлиханов та біраз еңбектерін осында жазғаны және ежелден бойына сіңген әдетпен Жетісудың және қырғыз халқының тарихы, фольклоры, әдет-ғұрыптары туралы, Жетісуға байланысты мол деректерді жазып алғаны анық. Кезінде Академик Әлкей Марғұлан жазған Шоқанның жесірі Айсараны алып кеткенде, Шоқанның ағасы Жақыппен бірге Көкшетауға кеткен күміс сандығындағы қолжазбалар осындай деректерді қамтыған шығар. Сондай-ақ, Айсараның Көкшеге барған соң әменгерлік жолмен Жақыпқа тұрмысқа шығуы, одан Райхан деген қызы мен ұлы болғандығы, әлі күнге дейін ұлының және Райханның ұрпақтары Сырымбетте тұратыны да көңіл аударуды керек етеді. Шоқанның шашылып кетіп, түрлі мұрағаттарда жатқан жазбаларындағы Жетісу өлкесінің фольклорлық мұралары әлі күнге дейін зерттелмей жатуы да алда істелетін жұмыстар аз емес екенін көрсетеді. Тағы бір аңызда ұзатылатын кезінде «Қоянкөз әкесінен көген орнына өлең сұрағаны» ақындар туралы аңыздарда молынан кездесетін дерек. Бірақ Қоянкөз апамыздың өлеңдері, ғибрат­ты сөздері ел арасында сақталмай, тек ол кісі жайлы аңыздар ғана сақталған.Кейінгі зерт­теушілер Қоянкөз анамыздың ұрпақтары негізінен Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Күрті, Қарасай аудандарының өңірлерінде мекен еткендігін нақтылап, олардың аты-жөнін анықтағанын айта кеткен жөн.

Сыр бойында туып-өскен Қабан жырау ел басшылары, көреген би, қайтпас батырлар Ескелді, Балпық, Райымбекпен бірге он екі ата Жалайырларды Іле мен Қаратал өңіріне көшіріп алып келіп, Албан, Суандарды Хан тәңірі, Іле бойына рет-ретімен қоныстандырып, өзі барлық өмірін Шаған тауының етегінде, Лабасының баурайында өткізген. «Бізге жеткен аңыз-әңгімелерге қарағанда, Қабан қапсағай денелі, айбарлы, ақылды адам болған секілді»,- деп жазады Қабан жырау мұраларын жариялауға, насихаттауға ерен еңбек сіңірген жазушы О. Исмаилов.

Қабан ақынның сүт кенжесі Ысқақтан туған балалар бесеу: Олар Биахмет, Қожахмет, Мұхаметше, Рахмет, Кенжебек. «Осылардың алғашқы екеуінен тұқым жоқ», - дейді зерттеушілер. «Қалған үшеуінен, яғни, Мұхаметше деген ұлынан – Өтебек, Рахмет деген ұлынан – Мәрима және Нағима, Кенжебек деген ұлынан – Жақыбай туған», - дейді Қабан жырау өмірін зерттеушілер [5, 12].

Қабан жыраудың қара шаңырағына ие болып, ол кісінің бірлі-жарым өзі тұтынған заттарын көздерінің қарашықтарындай сақтап келе жатқандар осы ұрпақтары екенін растайды.

Ұлы жыраудың кіндігінен өсіп-өнген тұқымдары қазіргі Көксу ауданына қарасты Ақтекше, Көктекше, Лабасы, Жаршапқан (Талапты) ауылдарында тұрады. Қабан жыраудың Оспан деген баласының немересі Ысқақұлы Жақан Жаршапқан /Талапты/ жерінде өмір сүріп, 1996 жылы қайтыс болған.

Қабан ақынның қызы Қоянкөзден тараған жиендерін көп жыл іздестіріп, тапқан адам – жыраудың осы шөбересі Исаұлы Жақан екенін қаламгер О.Исмаилов өз еңбегінде жазған еді. Қабан жырау әділдік пен амандықты жоғары ұстаған, әркімнің қайғы-қасіретіне ортақтасып, оларға жанашырлық танытып, хал-қадірінше қол ұшын беріп отырған.

Қабан жырауға байланысты аңыз-әңгімелердің түп негізінде тарихи дәлелдер, шындықтың шеті шығып жатуы да тегін емес екенін жоғарыда айт­тық. Ақынның шөбересі Мәрима Рақметқызының айтуына қарағанда, қазақ-қалмақ соғысы кезінде Жалайырдың бір батыры жекпе-жектің шартын сақтамай, қарсыласын қас пен көздің арасында шаншып өлтіреді. Мұның арты дау-дамайға айналып, қалыптасқан салт-дәстүрді бұзғаны үшін әлгі жас батырды қалмақ жағы байлап беруді талап етеді. Ел ағалары бұл талапқа мойынсұнып тұрғанда, Қабан ақын алға шығып: «Бұл жігіт ел қорғаны бола алатын азамат екен, жолына жан – пида, мені байлап беріңдер!» - дейді де, өз еркімен жау қолына аманатқа кете барады [5, 19].

Қабан өз кезінің жыраулық дәстүрді ақындық дәстүрге жалғастырған Шал, Көтеш ақындар секілді ірі өкілі болғаны және оның он бес жасынан бастап айтысқа түскені оның артында қалған дүниелерінен анық көрінеді. Қабан ақындығымен қоса, Ескелді, Балпық сияқты сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем, қол бастаған батыр болған. Қабан жыраудың әкесі Асан артықша бай болмаған, өзіндік ауқаты бар кісі көрінеді.

Қабан жырау туған жері Сыр бойы екенін жоғарыда айт­тық. Сыр бойынан шежірешілердің айтуынша, жырау сол жердегі Жалайырларды бастап, Жеті­су­ға 1767 жылы көшкен. Жалайыр руының Сырманақ (Сырдан шыққан), Шуманақ (Шудан шыққан), Бірманақ (Жетісуды мекендеген) болып бөлінуі, әлі күнге дейін Сыр бойында тарихи ескерткіш «Жалайыр көпірінің», «Жалайыр ауылының» сақталуы, Жалайырлардың қазір де Сыр бойында, Шу аймағында, Ташкент, Тараз жерлерінде қоныс теуіп отыруы туралы тарихи деректер ақын өмірімен тығыз байланысты және оны тереңдей зерт­теу кезегін күтіп тұрған мәселе екенін көрсетеді.

Жырау есімінің кейде Қабан, кейде Қабылиса болып аталуы туралы аңыз да, болжаулар да аз емес. «Ақынның шын есімі – Қабан, лақап аты – Қабылиса деп» дәлелдеушілер көп дәлелдер келтіреді. Соның бірі былайша баяндалады: «Жыраудың әкесі Асан атаның арыстай-арыстай алты ұлы болған. Барлық шежірелерде солардың алғашқы екеуі: Аю, Қабан деп көрсетілген. Біздің осыған айрықша көңіл аударуымыз жөн секілді. Себебі, бұрынғы замандарда «Ер азығы мен бөрі азығы жеті күн елден, жеті күн жерден», - деген қағиданы ұстанған халқымыз ұрпағын жас кезінен-ақ жалынды, қайсар етіп тәрбиелеуге тырысқан. Осы бір жауынгершілік уақыт­та халқымыз ұлдарын қажырлы, қайратты болсын деген игі тілекпен түз тағыларының аттарымен атай берген. Аю – таудағы орман, тоғайдың толағайдай күштісі болса, Қабан – өзен-көл, дария-теңіз бойындағы қалың қамыс, нуды мекен ететін мықты хайуанат. Қазақта «балаң тентек те болса, зорболсын» деген мәтел бар. Бұндай тілектің түбінде де өмірдің заңдылығы жатыр. Атап айтқанда, жаугершілікті көп көріп, әбден зәрезап болған халқымыздың құдайдан тілегені күні ертең ойран салатын жаулармен жағаласа алатын, тіпті, оны тойтарып тастайтын жарамды ұлдар болған. Егер, олар әр түтін, әр отбасынан шығып жатса, нұр үстіне нұр деп қуанған. Сондай нұрлы тілек Асан атамызда да болғанға ұқсайды. Сондықтан да ол бір баласын – Аю, екінші баласын – Қабан деп ырымдап қойған тәрізді». Осындай сәйкестік Қабан жырауды өзіне пір етіп өткен Бақтыбайдың аталарына да қатысты. Бақтыбайдың үлкен атасы Аңламас екі баласының бірінің атын – Аю, екіншісін – Жолбарыс қойған. Жолбарыстан Бақтыбай туады.

Жалайырдың шын есімі Қабылан екендігін де тарихшылар жазып жүр. Екінші бір дәлелде: Жыраудың он бес жасында тұңғыш рет айтысқан адамы – Тұмарша келіншек. Қабан мен Тұмаршаның айтысы жайында алғаш дерек берген Мәлке қажы: «Бұл тойға келіп еді Қабан ақын, ақырып Қабан ақын қоя берді», «Он беске Қабан ақын келген жасы» деп ақынның атын «Қабан» деп айқын айтады. Тұмаршаның «атыңыз кім болады айтшы маған?» деген сұрауына:

«Қабан деп қойған әкем атым,

Жалайыр он екі ата – арғы затым» [5, 96], - деп жауап қайырады. Бала  жігітті айтыста тұқыртып алмақ ниетпен, сәті түссе, көңілін шайлықтырып тастау мақсатымен Тұмарша одан әрі бастырмалатып:

«Қабан деп қалайша ат қойды саған,

Атыңды әкең марқұм біліп қойған» [5, 96], - деп, әзіл-қалжыңға икемдеп, батыра түседі. Бірақ әлі ешкімнен беті қайтып көрмеген жас ақын оған тоқырап, тоқтамастан: «Атымды қайтпасын деп қойды Қабан!», - деп жауап береді. Алысқанын алып ұрып, жан баласынан жасқанбай, өр боп өссін деген ырымшыл әке бір баласын – Аю, бір баласын – Қабан деп атағаны қисынды. Демек, оның шын есімін – Қабан деп ұғуымыз орынды.

Дүние салар алдында жырау ел-жұртын жиып, қоштасып: «Менің атымды һарам мақұлықпен атап қалғандықтан ғана жер қойнына кірермін. Әйтпегенде, олай болмас еді. Сонда да жер қойнында көп жатпаспын, періштелер алып кетер», - депті деген де аңыз бар [5, 122].

Бұл жайында ғалым М.Жолдасбеков: «Обалым атымды Қабан қойған әке-шешеме болсын, атым Қабан болғандықтан, бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде жерленермін. Үш күн денем жерде жатады. Үш күннен соң табылмайды», - деген мағлұматты келтіреді [33, 152]. Міне, осы дәлелдерге сүйенсек, ақының құлағына азан шақырып қойған есімі – Қабан.

Ал енді, Қабан жыраудың қалайша Қабылиса атанғаны жөніндегі аңыз, әңгімелерге көз салалық. Дерек келтірушілер оның бір себебі, жыраудың дін жолын берік ұстануы дегенді алға тартады.

Шындығында  Қабан жыраудың дін жолындағы үлкен тұлға және сол дінді уағыздаушы ірі жырау болғандығы, әулие, абыз атанғандығы һәм оның Кеңестік кезде ертерек таныстыруға, еңбектерін жариялауға үлкен кедергі болғаны хақ. Зер салып, зейін қойған адамға жыраудың Қабылиса аталуына қатысты жауап оның Таутан қызбен айтысында анық айтылады. Айтыс кезінде Қабан жырау Таутан қыздың қойған жұмбақтарын түп-түгел шеше берген соң Таутан қыз оның теңіздей терең кемеңгерлігін біржолата мойындап:

«Бір келген дүниеге әулиесіз,

Қабылиса атандың қыдыр дарып» [5, 105], - дейді. Яғни, «Атың Қабан еді, бертін келе қасиет, қыдыр дарып, Қабылиса атандың» деп анықтап тұр.

Ұлы жүз ғана емес, жалпы, Шығыс, Оңтүстікте Қабан ақын жөнінде ауыздан-ауызға тараған әңгiмелер көп. Ол өлең-жырдың дүлділі ғана емес, жауына дес бермеген батыр да болған дейді кей аңыздар.

Қабан жырау зaмaны қaзaқ еліне бір жaғынaн Жоңғaр шапқыншылары, бір жaғынaн Ресей пaтшaлығы, бір жaғынaн Қытaй империясы секілді aлпaуыттaр қaуіп тудырып отырғaн кезең болды. Осы кезде хaлық aтынaн жырaулaрдың сөз сөйлеуі де ұлттық сaнaның қaлыптaсқaнының көрінісі. Олaр ұлттық мүддені ойлaп, әрекет етуге шaқырғaнын көруге болaды.

Қалмақтармен қанды шайқаста жырау жау қолына түсіп, тұткында болған. Біраз жау қолында болған хас батыр өзінің ақылдылығы, тапқырлығы және артында тұрған қалың елінің арқасында тұтқында қалмай, елге қайтқан.

Кезінде Абылай ханның өзі де жау қолына түсіп, жасымай, шарт сынбай еліне оралғаны секілді сынақтан Қабан жырау да өткен тәрізді.

Оның жау қолына түсу себебін естелік айтушылар жау қолына түскен жас батырдың орнына сұранып, өзі барған деп баяндайды. Жас батырды құтқарып, Жоңғарлардың қолына өз еркімен берілген Қабан жыраудан бір нәрсе алып қалу, оның сағын сындыру мақсатында жауларының оған істеген әрекеттері де ол туралы аңыздарда айтылып келеді. Жау қолынан тапқырлықпен қайрат жұмсап, ақыл-айласының арқасында еліне оралған Қабан жыраудың:

«Алпыс күн атан болғанша,

Бура боп бір күн зіркілде.

Ажал жетпей өлiм жоқ,

Жауға шап қарсы, іркілме» [5, 48], -

деген жыр жолдары ел арасына кеңінен тарап, жауынгершілік заманда халыққа жігер берген.

Қабан (Қабылиса) жырау – қазақ халқының суырып салма әдебиетінің ірі тұлғасы, жорық жырауы, батыры ғана емес, іргелі қоғам және мемлекет қайраткері. Өзінің терең ойлы, жалынды жыры, қара орман халықты сүттей ұйытар салмақты да ұшқыр сөзімен Жетісу ғана емес, шапқыншылықтан босай бастаған қазақ халқын, батырларын бір тудың астына біріктіруге, Абылай сұлтанның абыройын асыруға өлшеусіз үлес қосып, Түркістанда Абылайды қазақтың ханы етіп сайлауға мұрындық болғандардың бірі болды. Алаштың ала туын батыр, би, жырау, ақындармен бірге желбіреткен. Бұның өзі-ақ оның қазақ халқының талай ұлы тұлғаларымен дәмдес, серіктес болғанын көрсетеді.

Жалайырдың Андас атасы орналасқан Арқарлы асуында жерді жоңғарлардан азат етуде мерт болған Кіші жүздің батырлары Малайсары мен Жоламанның мәңгілікке мекендеп жатуы да кездейсоқ емес және қазақ елінінің батырлары жерге, руға бөлінбей, қасиетті қазақ жерін бірге жүріп қорғағанын, азат еткенін осы бір деректен-ақ көруге болады.

Ғасырлар бойына жаудың шетінде, желдің өтінде, қылыштың жүзінде өмір кешкен Жетісу жұртшылығының елдіктің аңсаған арнасына түсіп, келер ұрпақтың қамын күйттеуіне сол дәуірдің ерен тұлғаларымен бірге Қабан жырау да зор белсенділік танытқан.

Сырдың бойы, Түркістан мен Ташкент өңірінде қанат жайып, тұрақтап қалған Жалайырлардың басын қосып, бәтуаға келтіріп Жетісуға қоныс аударуға мұрындық болған. Төле бимен қатар дау шешіп, Бұқар жыраумен үзеңгі қағыстыра жыр толғады, алаң күй кешті, Абылаймен бір түменнің сапында жоңғарлармен шайқасты. Ата жаудың қолына да түсті. Рухын түсіріп, жігерін жасытпады. Елдіктің ұранын салды, ел іргесін бекітті, жайлы қонысқа орналастырды.

Қабан жырау – суырып салмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түскен, бұрыннан дидактикалық сипаты басым қазақ әдебиетінің насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсуіне ерен еңбек еткен, төл фольклорен суырып салма ауызша әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, осы екі саланы ұтымды пайдаланған талант.

Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз бен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, дүние мен дін жайлы ойлар тоғысқан философиялық туындылары да Қабан жырау поэзиясының терең дүниетанымдық сипатын аңғартады.

Қабан жырау ақпа-төкпе импровизатор, өлеңді қару еткен суырып салма өнер адамы, халықтың қамын ойлайтын парасаты мол ел ағасы, қысылғанда жол табар ақылшысы, уақыт, оқиға сырын, замана бағыт-бағдарын ақыл таразысына салып сынай, салмақтай білетін, болжағаны болып, айтқаны келетін тапқыр да көреген, дана абыз болды. Өз толғауларында ол ел тағдырын шешер ірі оқиғалар, аса мәнді, көкейкесті мәселелер, халық қайғырғанда демеп, қуанғанда қанат бітіріп, ақыл қосатын мәселерді қозғаған. Сондай-ақ, жыраулық поэзия мен ақындық шығармашылықтың шекарасында тұрған, жыраулық және ақындық тұлғаның қызметін қатар алып жүрген Қабан жырау бірде әлеуметтік мәні зор, ірі, келелі мәселелерді жырласа, ақын ретінде өмірмен қоян-қолтық, бетпе-бет келіп сан қилы тақырыпта өлеңдер шығарып, айтыстарға да түскен. Оның бұл сипат­тары бірде Бұқар жырау шығармашылығымен ұштасып жатса, бірде Тәтіқара, Көтеш, Шал ақын шығармаларымен тоғысып жатады.

Бойына синкрет­ті өнерді жинаған, туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі, иман мен діни сауаттылыққа үндеу толғауларының басты тақырыбы болған, жыраулық өнердің ұлы тұлғасының тағы бір ерекшелігі – ел билеген, Жалайырдың басын бір жерге қосуға зор еңбек сіңірген қайраткер.

Қабан жырау сонымен бірге бүкіл елдің келешегін айқын болжай алған көріпкел, алдағы күндерді анық көретін сәуегей де болған. Жырауды оның қоршаған ортасы, сол ортаның әлеуметтік талаптары қалыптастырып, тарих сахнасына шығарғанымен, тарих толқынындағы аласапыран заман оның асыл мұраларын бізден алыстатып, атын Асан атамыз секілді аңызға айналдыра бастағанымен, оның ұрпақтары сол асылды інжу тергендей жинап, халқына «аз да болса көптей көр» деп қайтарып отыруы ерен еңбек, ұлы жырау мұрасына деген шексіз сүйіспеншілік.

ҚАБАН ЖЫРАУ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қабан Асанұлының толғаулары мен өрнекті де өзекті өлеңдері, қиыннан қиысқан айтыс үлгілері, шебер шендескен шешен сөздері әдебиетіміздің баға жетпес мұралары екені сөзсіз.

Өз дәуірінің кемел ойының көк­жие­гін мейлінше кеңейте білген ол бүгінгі ұрпағының рухани байлықтарымен тонның ішкі бауындай тұтасып, үндесіп, жалғасып жатыр. Сондай-ақ, жырау қиялының байлығы, сурет­теу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі, жырау өмір сүрген дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сипатын танытып қана қоймайды, оның болашақ межесі де болып табылары хақ. Оның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем образдарға бай толғаулары, жыр жолдары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарынан.

Қабан жырау өзінің шығармаларында қазақ қауымы үшін мәні зор әлеуметтік, рухани, діни мәселелерді көтереді. Бұлардың ең бастысы – ел бірлігін ту ету, ішкі, сыртқы жаулармен бітіспес күреске үндеу, адамгершілік қасиет­терді жоғары ұстау, жас ұрпақтың тәрбиесіне жете көңіл бөлу.

Қабан жыраудан XVII– XVIII ғ.ғ. елдің әлеумет­тік тіршілігі, халық тағдыры, арман-мұраты, өмір, болмыс, туған ел жайлы сан алуан мұра қалған және олардың баршасы философиялық-дидактикалық туындыларымен қатар, өмірдің өзге мәселелерін қозғаған тебіреністер мен толғаулар болып келген.

М.Мағауин толғауларды шартты түрде «философиялық» және «лирикалық» деп екіге бөле қарастырады. «Кейбір нақылдар құрамында халық мақал-мәтелдері және оған түсінік ретіндегі тіркестер болады» дейді. Ғалымның айтып отырған осы пікіріне мол мысалды Қабан жырау толғауларынан табуға болады.

«Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын.

Шымшымалы сөз қиын,

Жазылмаса, дерт қиын,

Іске аспаса, серт қиын.

Ақылынан адасып,

Өзенге түскен ер қиын.

Қайтарылмай қалса,

Жауға кеткен жер қиын» [5, 68].

Халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген ауыртпалықтарын көсіле жырлауымен ғана бағалы емес, елдің саяси-әлеумет­тік тіршілігін, ой-санасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де Қабан жырау поэзиясы аса құнды. Сондықтан да оның жырлары халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұрамыз.

Ол халық поэзиясының эстетикалық жүйесі мен көркемдік тәжірибесін, әлеумет­тік және жалпы халықтық ұстанымдарын, сондай-ақ, фольклорлық дәстүрлерді сол қалпында қайталамай, оның сөздік, образдық, бейнелеу құралдарына, өлшем өрнектеріне сүйене отырып, өзіндік сөз бедерін жасады.

Жыраулық поэзия туралы У.Далгаттың: «Суырып салма ақын-жыраулар поэзиясы, сөзсіз көркемдік қасиетіне сәйкес, фольклор мен жазба әдебиетін байланыстырушы буын. Яғни, көптеген халықтардың поэзиялық мәдениетінің дамуында осындай өтпелі дәуірлер болады. Олардың поэзиясының үлгілері фольклордың эстетикалык принциптерімен сәйкес келеді, оның шегінен аспайды. Ақындар мен жыраулар шығармашылығында даралық сипат, ұжымдық дәстүр, диалектикалық бірлікте болады» [37, 54], - деген пікірі Қабан жырау шығармашылығына да тән.

Қабан жырау шығармаларындағы бейнелі сөздер жүйесін, сурет­теу, мәнерлеу құралдарын, сөз қолдану шеберлігін, сөз саптау ерекшелігін қарап отырғанымызда, оның жыраулық поэзиямен бітісе байланып жатқанын көреміз. Оған мысал, Қабан жырау поэзиясының соны философиялық терең ойға толылығы және өсиетнама түрінде келіп отырғандығы, оның поэзиясындағы нақыл, сөз оралымдарының молдығы дәлел.

Ақыл, нақыл сөздерді туғызуда Қабан жыраудың халық ауыз әдебиетінен пайдаланғаны, ұстартқаны, жаңадан туғызғаны, сол сияқты өзінен бұрынғы ақын, жыраулар жасаған ақыл, нақылдар халықтық мұраға айналдырғаны да аз емес. Мұндай алмасу бағзы дәуірден күні бүгінгі дейін желісі үзілмей келе жатқан халық әдебиетін де, ақын, жыраулар шығармашылығын да байыта, құнарландыра түсетінін академик С.Д.Лихачев: «Мәдени мұралардың жалғастығы – олардың ең маңызды қасиеті», - деп тұжырымдайды [38, 54].

Қабан жырау мұрасы халық ауыз әдебиетімен тақырып, мазмұн, жанрлық жағынан сабақтас, байланысты болып келген. Елдік, ерлік, игілік, ізгілік – адам өмірінің сан алуан мәселелері оның поэзиясының да тұрақты тақырыбына айналғанына мысалдар молшылық. Халық ауыз әдебиетіндегі толғау, өлең, ерлік жырлары, айтыс сияқты жанр үлгілерін қолданып, жыр үлгісіндегі толғау түрін көбірек пайдаланған.

Жырау поэзиясы – ауызша және жазбаша сөз өнері поэзияның көшпелі тұрмыс мәдениеті жағдайындағы өзгеше құбылысы. Қазақ мәдениетінің көшпелі тұрмыс аясындағы сипатында адамгершілік тәрбиесі маңызды орын алады. Қазақ әдебиеті ұлттық болмысымыздың қалыптасуында аса қуат­ты ықпалдылығымен ерекшеленеді. Мемлекетті басқарған хандардан бастап, есі енді кіре бастаған балаларға дейін сөздің тәлім-тәрбиелік, эстетикалық ықпалын қабылдайды. Халық «Өнер алды – қызыл тіл» десе, сол тіл өнерін жете меңгерген, аузын ашса болды, көмейінен күмбірлеп жыр құйыла жөнелетін адамның жұрт алдында зор беделге ие болуы – заңды құбылыс.

Қабан жырау шығармаларынан жыраудың өзі өмір сүрген қилы да қиын заман келбеті айқын танылады. Қабан жырау қазақ қауымы ежелгі тұйықтықтан арылуға бет алғанын, көне дәстүрлі әлеуметтік қатынастар бұзыла бастағанын көреді, осының бәрі болашақта жүзеге асар ұлы өзгерістердің басы ғана екенін түсінеді. Ал осы бір кезеңде ұрпағының білім мен ғылым, дінге бет бұратын заманы екенін өзінің толғау, термелері арқылы түсіндіруге тырысады. Қабан жырау поэзиясы өзінің әлеуметтік, адамгершілік сарынымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды. Жырау толғауларындағы синтаксистік параллелизмге, дыбыс үндесулеріне, ішкі ұйқасқа құрылған өрнектерден, арнау түріндегі сөз қолданыстардан анық көреміз.

Жырау өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған. Оған мысал:

«Күңіреніп өткен күндерді,

Түнеріп өткен түндерді

Түнек емес деп кім айтар?

Сый қылмасаң халқыңа,

Келе алмасаң қалпыңа,

Түсе алмасаң салтыңа,

Жүре берсең салпылдап,

Төрт құбыласы тең екен

Дегенді саған кім айтар?

Желмаямен жортпасаң,

Жампоз жүгін артпасаң,

Адырнадай ширығып,

Серпіле бір тартпасаң,

Елдің де сыйы түзелмес,

Ердің де сыры түзелмес» [5, 75-76].

Осындай шын көркемдік тәсіл арқылы ол тыңдарманын шығарманың ішкі иірімдеріне ендірумен қатар, эмоциялық әсерін де үстей түскен.

Тағы бір топ толғауларында Қабан жырау өмір мен болмыс, заман және адам туралы толғанады. «Табиғат бір қалыпта тұрмайды» дейді жырау. Адам өмірі де сондай. Жырау адамның, оның мінез-құлқының, салт-санасының өзгеруіне орай «адам қоғамы да дамып отырмақ» дегенге меңзейді.

Қабан жырау шығармалары насихат толғаныстар, нақыл, афоризмдер түрінде келеді. Образға бай, ұлттық бояуы – қанық, көркемдігі – кемел.

Қабан жырау ежелгі жыраулық дәстүрді сақтап, бiр бастаса, бір айға дейін таусылмайтын өлең-жырларды, дастандарды жырлағаны да ел арасында аңыз болып тарқаған және ғалымдар еңбектерінде жазылып жүргенін жоғарыда айт­тық. Оның поэзиясы соны философиялық терең ойға толы және өсиетнама түрінде келеді. Сондықтан да Қабан жырау поэзиясында нақыл, афористік сөз оралымдары мол. Жaлпы, Қабан жырау толғаулары – хaлықты береке, бірлікке ұйыстыруғa бағытталған поэзия.  Мұны, әсіресе, оның «Елі - жұртым, сізге айтамын» ат­ты толғауынан анық байқаймыз. Жырaу «бірлікті бол, шырақтар» деп тілек айтумен бастап:

«Ауыз бірлік бар жерде,

Жететұғын мұрат бар», -

деп толғай келе:

«Бірлікті жерде ризық көп,

Ол адам елге тұрақтар.

Ауыз бірлік жоқ жерде

Қиянат­ты қият бар.

Ұят­тың иман қабы дер,

Имандыда ұят бар» [5, 39], - деп,  ұлағатты ойлармен түйіндейді.

Жыраудың дүниені сезінуі индивидуaлистік емес, кемелденген ұжымдық сaнa тұрғысында және әлеуметтік ымырaшылдық оның толғауларынан aйқын сезіледі. Жырaу халықтың басты байлығы ауыз бірлікте екенін өз тыңдаушысына үнемі қaйырылa жеткізіп, мақал-мәтелдете отырып толғайды.

Ұжымдық сaнa, яғни, «бір жеңнен – қол, бір жағадан бас – шығару» хaлық бaсынa үлкен қaуіп-қaтер, нәубет төнген уaқыттa ерекше көрінетіні ақиқат.

Жырaу поэзиясындaғы aрғымaқ aт пен aзaмaт­ты, тaбиғaт құбылыстaры мен aдaмзaт өмірін шендестіре жырлaу, дұшпaн мен дос, жaқсы мен жaмaн, жaлғыздық пен көптік мотивтерінің aстaрындa дa дәуірдің рухaни-эстетикaлық сұрaнысын көруге болaды. Қабан жырау:

«Арғымақ жабы көрінер,

Аса шауып буланса.

Айдын көл батпақ көрінер,

Астына тартып су алса...

Арғымақ сайлап не керек,

Артынан жабы жеткен соң?!

Ағайын-туған не керек,

Аңдысып күні өткен соң?!» [5, 42], - деп, толғауы осы айтқандарымыздың бірден-бір дәлелі.

Жaқсы мен жaмaнның шекарaсын aжырaту, жaқсы қaсиеттерді ұлықтау aрқылы ұлтқa тән қaсиеттерді қaлыптaстыру деген сөз. Ұлт идеясы сол хaлықтың aрмaн-мaқсaт, тaлaп-тілек, мұрaт-мүддесінен көрінетіні aнық. Яғни, хaлықтың туaбіт­ті өз мінезінен туындaйды. Хaлық – өз ұрпaғының бойынaн қaндaй қaсиет­терді көргісі келеді, қaндaй мінезді бойынa сіңіреді, қaндaй әрекеттерді ерекше ұлықтaйды? Осының бaрлығы жырaу толғауларында:

«Жақсыға жаман адам

                          болар күндес,

Қадірін шын асылдың

                          жаман білмес.

Жаманның жанжалы көп

                          ауылдасқа,

Көңіліңді бір көтеріп, ойнап-күлмес.

Жақсының пайдасы бар

                         қысылғанда,

Жаманның бойы жетпес

                        ұсынғанда.

Обырға істің артын жібермеңіз,

Болады ынсап деген

                             мұсылманда» [5, 58], -

деген жыр жолдарымен көрініс тaпқaн.

Қабан жырау поэзиясының өзекті тақырыбы – туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі және ол өмір диалектикасына да терең көз жіберген, дүниенің бір қалыпта тұрмайтынын, үнемі өзгерісте болатынын дұрыс пайымдаған.

Қабан жыраудың поэзиясында адамгершілік этика, мораль мәселелері кең орын алғанына мына бір жыр шумақтары куә бола алады:

«Үйрек, қазы болмаса,

Айдын шалқар көл жетім.

Елі қаптап қонбаса,

Бетегелі бел жетім.

Ұлығы әділ болмаса,

Болады байтақ ел жетім.

Өз ақылы болмаса,

Айтқан тілге көнбесе,

Ұқпасқа айтқан сөз жетім.

Замандасы болмаса,

Жастың қалса ішінде,

Кәрия болар сол жетім.

Жаман болса алғаның,

Қатарыңнан қалғаның.

Алып тұрса бетіңнен,

Өмірі болар ер жетім.

Көргені бар қыпша бел,

Жаманға барған –

                        сол жетім» [5, 68-69].

Қабан жырау өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған. Мысалы;

«Ауызбірлік бар жерде,

Жететұғын мұрат бар.

Ауызбірлік жоқ жерде,

Қиянатты қият бар.

Ұяттың иман қабы дер,

Имандыда ұят бар.

Көпшілікке жаққан жан

Басына жаққан шырақ бар.

Фәни тұрмақ, бақида,

Мінетұғын пырақ бар»  [5, 39].

Шын көркемдік тәсіл арқылы бұл толғау жолдары тыңдаушысын шығарманың ішкі иірімдеріне ендірумен қатар, толғаудың эмоциялық әсерін де күшейте түскен және жырау енді бір толғауында психологиялық һәм синтаксистік параллелизмді де шеберлікпен қолданған. Мысалы:

«Барлы, барлы, барлы тау,

Басы есеннің дені – сау.

Ұйықтамасаң, қабақ жау,

Жарытып ішпесең, тамақ жау.

Жыртық үйге тамшы – жау,

Арық атқа қамшы – жау» [5, 46-47], -деп, халқымыздың ұлағат­ты сөзін бейнелей отырып, толғаудың мән-мазмұнын тереңдеткен, өте әсерлі еткен.

Әдебиетімізді жаңа тарихи кезеңде, ел басына қиын қатер төнген шақта,  XVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында, жаңа, соны ой-толғанысымен, көркем сөз өрнегімен байытып, халқымыздың суырып салма поэзиясын әрі қарай дамытқан жыраулардың алғы шебінде – Бұқар, Қабан жыраулар болғаны ақиқат.

Бұл мәселені біршама жан-жақты, терең зерттеген философия ғылымдарының кандидаты, доцент Алмагүл Қанағатова: «Бұқар жырау мен Қабан жыраудың ар-намыс пен арсыздық жөніндегі идеялары олардың адамгершілік философиясы секілді қазақ халқының ізгі дәстүрлерін дамытып, байытуда зор маңызға ие болды», - деп ой түйеді [39, 221].

Қабан жырау шығармалары жанры бірде толғау, бірде жыр, бірде он бір буынды қара өлең формасында сан қырлы болып келген.

Әдебиеттеі «жанр» түсінігі аясында әдебиеттің эпос, лирика, драма секілді ірі тектерінің де, олардың ішкі құрамдас бөліктері болып табылатын жанрлық түрлердің де қамтылатыны белгілі.

Академик С.Қасқабасов: «Жанр – өнердің, әдебиет пен фольклордың, бір жағынан, жалпы, көп қырлы (универсалды) категориясы да, екінші жағынан, нақтылы категориясы. Көп қырлы болатыны – онда әр түрлі әдістер мен тәсілдер көрініс табады, ал нақты болатыны – шығарма белгілі бір жанрдың аясында жазылады», - деп анықтама береді [40, 11].

Айтылған әрбір жанрдың өзіндік ерекшелігі, заңдары болады. Шығыс әдебиетіндегі жанрлар теориясын зерттеген  әдебиеттанушы И.В.Стеблеваның пайымдауынша, «жанр» ұғымы  бір дәуірдегі белгілі бір мазмұн мен тұрақты түр ерекшеліктерін қамтитын, поэтикалық біртұтас жүйесі бар мәтіндер тобын біріктіреді [41, 8].

Өзгермелі  тарихи категория ретіндегі «әдеби жанр» ұғымының ерекшелігін айқындайтын кезекті анықтама татар ғалымы А.М.Шариповтың «Зарождение системы стихотворных жанров» атты еңбегінен кездесті. Ол: «Жанр складывается веками, непрерывно изменяется, трансформируется согласно художественно-эстетическим требованиям каждой эпохи и каждой отдельно взятой национальной литературы, и, прожив долгую жизнь, если нет в нем потребности, он может и угаснуть», - дейді [47, 89].

Аталған ерекшеліктердің барлығын дерлік қамтитын төл әдебиетіміздегі бірегей құбылыстардың бірі ХV-ХVІІІ ғасырларда жыраулар шығармашылығы арқылы қалыптасып, түркі халықтарының әдебиет тарихында елеулі із қалдырған толғау дәстүрі болатын. Оның мысалын Қабан жыраудан көруге болады:

«Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын.

Шымшымалы сөз қиын,

Жазылмаса, дерт қиын,

Іске аспаса, серт қиын,

Ақылынан адасып,

Өзенге түскен ер қиын.

Қайтарылмай қалса,

Жауға кеткен жер қиын» [5, 68], - деп, немесе:

«Туып, өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат.

Әлпештеген анаң қымбат,

Еркелеген бала қымбат,

Мейірімді әкең қымбат,

Жақсы дос, жарың қымбат,

Бәрінен де ұят пен

            арың қымбат» [5, 68].

Қабан жыраудың кез келген толғауында отбасы, ақыл-ой, адамгершілік,  йа, экологиялық, тіпті, экономикалық, одан қала берді, өзін-өзі тәрбиелеу және қайта тәрбиелеу, көптеген мәселелерін жеке дара қарастырып шығу абзал. Мысалы:

«Болатұғын бозбала –

Сөзі жұмсақ жібектей.

Әркімге тиер пайдасы,

Сары мойын үлектей.

Болмайтұғын жамандар

Олақтар шапқан күректей.

От басында гуілдер,

Көтеу тамыр білектей.

Өтірікті заулатар,

Құдайдан қорқып шым етпей» [5, 57], - деген жолдары бұған айғақ.

Жыраудың ғасырдан-ғасырға сақталып, талай қиындықтарды бастан кешіріп, бізге жеткен жыр жолдары кейінгі ұрпаққа да жетуі үшін оны көбірек насихаттап, зерттеп, жариялайтын кезең енді ғана туған секілді.

Қабан жырау өмір сүрген кезеңде адамзат баласының алдында үлкен белестер тұрды. Оның бірнешеуі адам бойындағы адамгершілік қасиеттерін сақтап қалу, адам бойында қайырымдылық, бауырмашылықты жетілдіру және бұрынғы ойшылдардың құнды мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізу еді.

Қабан жырау өз толғаулары арқылы халыққа дұрыс жол сілтеп, нағыз адами құндылықты сақтау үшін қандай шарттар керек екенін айтып және өзінің басты парызы, халқына қызмет ету керектігін сезіп, сол жолда бар ғұмырын өткізді. Оның осы жалған дүниеде не нәрсеге ұмтылып, не нәрседен жеріну керектігін бейнелейтін ұлағатты жырларын оқып, үйренудің қазіргі сәт үшін мәні зор. Мысалы:

«Жасқа сатпа әкеңді,

Ақылы қашқан кәрі деп.

Ажалдан алып қалмайды,

Апиын ішпе дәрі деп.

Қолаға берме күмісті,

Алтынға ұқсас сары деп.

Азғырған арам тілге ерме,

Адамның бірдей бәрі деп.

Оқығанды ойлама,

Есі кеткен сорлы деп.

Надандарға қол созба,

Адамның жақсы зоры деп.

Билікке қарай қол созба,

Жақсы оның бәрі деп.

Сөзіне қарай кісіні ал,

Деме елдін қоры деп.

Момындарға күш етпе,

Жетеді оған әлім деп.

Ойланбай бұрын іс етпе,

Өзім білем бәрін деп» [5, 50], - деген жыр жолдары ойымызды дәлелдейді.

Қабан жырау жайлы біз ең алғаш рет М.Әуезовтің айтыс ақындарын жан-жақты талдаған атақты мақаласында жазғандығын жоғарыда айтқан едік.

М.Әуезов өз еңбегінде: «Шынында, Жанақ, Сүйінбай, Шө­же, Түбек, Майкөт, Қабан, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жа- йылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанры көбінесе айтыс екенін білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар бо­луымен қатар, барлығы да айтысқа ерте араласып, он бес-он алты жастарынан ақындық өнерлерін бастайды. Олардың ел жадында сақ­та­лып қалған ірі айтыстарынан басқа, әрбір ойын-сауық, айт пен тойда, ас-мере­кеде жас-желең, қыз-келіншектермен қағысып айтысқан» [1, 281], - деп, жырау туралы ресми мәлімет берген.

Қабан жырау XVIII ғасырдағы көптеген ақындар тәрізді айтыскерлігімен де аты шығып, тек қана жыраулық өнер иелеріне ғана емес, өзінен соң, кейінірек келген ақындарға да үлгі мектебі болған. Оның бірден-бір себебі, Қабылиса Асанұлы – жыраулық дәстүр мен ақындық дәстүрдің арасын жалғастырушы, екі дәстүрді тең меңгерген ұлы тұлға.

Қазақ әдебиетінің тарихында «жы- раулық дәстүрдің соңы Бұқар жырау» деп, одан кейін ақындықты Шал Күлекеұлынан бастап кетеміз. Бірақ зерт­теушілер бұл екі үрдістің, яғни, жыраулық пен ақындықтың арасын жалғастырған уақыт аралығы барын, сол кезеңнің белгілі тұлғалары бар екенін жоққа шығармайды, тек қолда материалдардың болмауы көсіліп сөйлеп,  нақты талдаулар жасауға мүмкіндік бермеді. Енді осы олқылықтың орнын Қабан жырау мұрасы толықтырары сөзсіз. Бұл іс алғашқы жемістерін де бере бастады.

Философия ғылымдарының докторы, заманауи қазақ философиясының ірі өкілдерінің бірі Қасабеков Аманжолдың жетекшілігімен Қанағатова Алмагүлдің «Бұқар жырау мен Қабан жыраудың әдептік дүниетанымдары» ат­ты тақырыпта философия ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғап, ғылыми еңбек жазуы осының айғағы.

А.Қанағатова өз ғылыми еңбегінде Бұқар жырау мен Қабан жырау толғауларындағы бірқатар ұқсастық пен сол замандағы зәру мәселелердің жыраулар шығармашылығында негізгі тақырыпқа айналғанына, осы тақырыптарды ашудағы жыраулардың азаматтық үн, арналы көзқарастарына тоқталған.

Жалпы қазақ әдебиетінің жыраулық өнеріндегі қос алтын діңгегі саналатын осы екі жыраудың өмірде де жолдары сан мәрте түйіскен. Бұқар жыраудың Қабан жыраудан бір ғана жас үлкендігі бар екенін және Бұқар жырау Қабан жыраудан үш жыл ғана кейін қайтыс болғанын ескерсек, бұл ұлы тұлғалардың тарих соқпағында сан кездесуі мүмкін екеніне сене түсесің және бұл мәселе әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететіні айқындала береді.

Жыраудың кез келген еңбегіндегі насихат, ақыл-ой, адамгершілік, тәрбиелік, одан қала берді, болашаққа бағдар, діни тазалық, т.б. көптеген мәселелерді қарастырып шығу болашақ зерттеушілерге аз жүк болмасы аян. Өйткені, жырау еңбектері кейінгі ұрпаққа жетуі үшін көптеген қиындықтарды бастап кешіріп, қарсылық пен назардан тыс қалдыру секілді түрлі көзқарастарды кездестіріп келгендіктен, оның шығармалары, ұстанымы, туындыларының көркемдігі туралы көп деректерді саралауға, оларға қайта-қайта үңілуге тура келеді.

Өзінің от­ты жыр, ойлы сөз, ғибратты істерімен аты алысқа кеткен Қабан ақынның артында қалдырған үлгілері көп. Сондықтан да болса керек, күні кеше ғана ғұмыр кешкен айтыс өнеріндегі алымды ақиықтардың бірі болған Кенен Әзірбаев «атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау», «Бас иген Ұлы жүзде тәмам ақын» деп тамсанған. Қабан – ең алдымен адал сөйлейтін, билігі, байлығы бар адамдарды өтірік мақтап жағынбайтын, қара қылды қақ жарған жырау. Оған мысал мына бір дерек... Қабан жырау мұраларын жеткізушілердің бірі Иманғазы қарияның айтуынша: «Бір жолы жырау ауылына  барымташылар баса-көктеп кіріп, жылқыларын айдап әкетеді. Қабан бастаған жаужүрек жігіт­тер барымташыларды қуып жетіп, айқаса кеткенде, барымташылардың бір жігіті сойылға жығылып, сол сәтте мерт  болады. Барымташы жіберген ел құн даулап, Әділ төреге жүгінген екен. Әділ төре Қабан бастаған Жалайырдың бір топ билерін шақыртып: «Өлген адамның құнын неге қайтармайсыңдар?» - дегенде, жырау:

«Ұрыға құн жоқ,

Ұрыға құн болса,

Момынға күн жоқ.

Өзі ізденіп келіп, өлгенге,

Маған салсаң, дым жоқ!» [5, 19], - деген екен. Содан бері «ұрыға құн жоқ» деп, ұрының өліміне байланысты дау қаралмайтын болыпты.

Қабан (Қабылиса) жыраудың діни сауаты өте жоғары екендігі, өз заманының дінге жетік жырауларының бірі болғаны, оның бар шығармасынан көрінеді. Жырау өмір сүрген кезеңде дін жолы халықтың басты ұстанымдарының бірі болғаны хақ. Сондықтан осы жолдың басты насихатшысы да Қабан жырау болған.

Дәуірінің әлеумет­тік ащы шындығын көре білген Қабан жырау өзі өмір сүрген ортадан тыс бола алған жоқ. Оның бірқатар өлеңдері мен айтыстарында жыраудың жас кезінен дін оқуын оқығаны, сол алған діни білімін, әлеуетін жыр жолдары арқылы жеткізіп отырғаны, дін саласына ілтипат пен  құрмет көрсеткендігі байқалады.

Ақынның кейбір жыр жолдарынан ол діни ізгі ойларын шешендікпен, дін аят­тарына, хадистеріне сүйене отырып шебер толғай білгенін көреміз.

«Хақ тағала алдында,

Адам   пірім қалпында,

Өтер ме екен ел-нуым,

Пейілі мол, нар жұртым?!

Тарау-тарау жолдар бар,

Қадау-қадау көлдер бар,

Сазарған, сарқын шөлдер бар,

Салтына берік, айнымас,

Қабырғасы бүтін елдер бар.

Намысқа тұрар ер бар ма,

Ер көтерер бел бар ма?!

Қақырата шапса, дұшпанға

Тозбайтын мүттем жең бар ма?

Кенезесі кепкен тақырға

Сіркіреп өтер сел бар ма?

Ел іргесі бекиді,

Әлсізді әлді шекиді.

Халықтың нұры түскенде,

Толайым жұрт түгесіп,

Зәмзәм суын ішкенде,

Тұла бойым бекиді» [5, 77].

Ислам діні кеңінен етек жая бастаған Орта Азиямен етене байланысты Қазақстан жеріне жырау өмір сүрген кезеңде ислам діні тереңдеп еніп өмірдің барлық саласына өз әсерін тигізбей қоймады. Кезінде жеріміздегі біршама түрік тайпаларының мемлекеттік бірлестіктері ислам дінін бірден мақұл көрмегенімен, ислам дінінің демократиялық жағы, тазалығы «Көк тәңір» ұғымына бой алдырған дала перзенттерін ислам дініне бас июге зорламай-ақ көндірді . Дін жолын берік ұстануы және шығармаларының көбінде дін мәселесі қозғалуы да Қабан жыраудың шығармаларының кеңестік кезеңде жарық көруіне, атының аталуына кедергі келтіргені сөзсіз.

Қабан жырау шығармаларының тәрбиелік мүмкіндіктерінің жоғары екендігін оның әрбір нақыл сөздерінде, толғауларында ислам дініне бет бұру, тілімізді сақтау, салт-дәстүрімізді жаңарту, имандылық, инабаттылық мәселелерді көтеруінен көруге болады. Адам баласының танымындағы  ең басты мәселе –  дүниені тану. Қабан жырау осы мәселеге ерекше назар аударып, ондағы түрлі заңдылықтарды поэтикалық тұрғыда бейнелеуге ұмтылады. Оның толғауларында дүниенің, жаралуы туралы ұғым діни түсініктермен және адамзат санасының сәбилік кезеңіне тән пайымдаулармен өрнектеледі. Жаратылыс бейнесіне қатысты поэтикалық тіл ең әуелі ғаламның бейнесін жасады, сол поэтикалық тілдің өзі жыраудың дүние бейнесі туралы танымын қалыптастырады.

Жырау толғауларында дүниенің жаралуы, оның құрылымы туралы танымдық түсініктің бірнеше сатыдан түзілетінін көреміз. Олардың біріншісі – дүниені жататушы туралы болса, келесісі – дүниенің заттық, рухтық тірегі болып табылады.

«Бір Аллаһ иманыңды нәсіп қылса,

Ішерсің хаузы кәусар суын қанып.

Білмесек иман, ислам үйренелік,

Болады пәс көңілің шамдай жарық.

Нұрынан хақ Расулының пина болып,

 Жаралған жер жүзіне барша халық.

Мақлұхаттың кейбіреуі көзге ілінбес,

Қисабы баршасының өзіңе анық» [5, 49].

Қабан  жыраудың поэтикасында сөз  бен тілдің мағыналық аясы өте  кең. Тіл – дүниені танудың негізгі кілті болса, тілдің деректік негіздері – сана. Оның толғауларында  дүниенің мәні, ең әуелі, Алланың барлығына һәм бірлігіне ден қою. Содан соң, сол дүниенің баянсыздығына, өткіншілігіне мойынсұну. Өмірдің баянсыздығы аясында қозғалатын өмір мен өлім оппозициясы ақын-жыраулар дүниетанымында ерекше мәнге ие. Адам ат­ты болмыс жан мен тәннің бірлігінен тұрса, жан құдайлық болмысқа, яғни, ғарыш әлемінің ырқына тиесілі. Тән топырақтан жаралғандықтан төменге, яғни, жер әлеміне тәуелді. Жанның тынысы – рух, тәннің нәр алары – нәпсі. Ақындар мен жыраулар поэтикасында жан – кеудеге қонақ. Өлімнен қырық жыл қашқан Қорқыт та сол өлімге тұтылған.

«Арасы жақсы, жаман

                            жер мен көктей,

Ақылмен ойлау керек зейін салып.

Жігіттер, кедей болсаң,

                            қылғын шүкір,

Құдайға ғасы болма, босқа налып.

Ғаламда он сегіз мыңжан-жануар,

Ажалдан құтылама бірі қалып?

Өлімнен қырық жыл бұрын

                           Қорқыт қашқан,

Оның да тыныш қылған

                           жанын алып.

Ақыры, жалған дүние жолдас емес,

Қылмалық тәкаппарлық көңілге алып» [5, 49].

Жырау толғауларындағы ғалам бейнесі туралы философиялық терең ойлар қисынды түрде шынайы адам болмысының өлшемдерімен сабақтасады.Шынайы адам болмысын сөз (жыр)  еткенде,  жырау ең алдымен «жақсы», «жаман» деген адамгершілік өлшемдер аясында ой қозғайды:

«Атың жаман болса,

Жолда қаларсың.

Жолдасың жаман болса,

Жауда қаларсың.

Қартайғанда әділетсіз болсаң,

Тозаққа барарсың.

Ал, әділетті болсаң,

Жұмақтан орын аларсың» [5, 75].

Қабан жырау нағыз адамның бірінші сипаты – жақсы болу деп пайымдап, жақсы болуды адамгершілік, адалдық, тереңдік, ақылдылық, имандылық, жан тазалығы сияқты қасиеттерден іздейді. Бұл – күллі ақын-жыраулар поэтикасында тұрақты түрде жырланатын тақырып. Жыраулар дүниетанымында рухани тазалық мәселесіне ерекше мән беріледі. Рухани тазалықты сақтау үшін адамгершілік қасиет парыз болса, сол адамгершілік ұғымы имандылықпен біріктіріледі. Иманды сақтайтын рухани сауыт – жақсы мінез, саналы ой мен ізгі ақыл.

Жырау дүниетанымындағы «нағыз адам» болмысы көшпелі қазақ ұлтының сан ғасырлар бойы қалыптасқан кісілік, адами қағидалармен тығыз сабақтасады. Бұл поэтикалық таным кейіннен Абай поэзиясындағы «толық адам» бейнесімен жалғасын тауып, барынша терең философиялық ойлармен толықтырыла түсті.

«Жақсыны жамандаймыз

                            сырттан бекер,

Жақсы өлсе берекесі

                            жұрттың кетер.

Ақымақ асыл нарқын қайдан білсін,

Көп болса қадірі жоқ алуа, шекер.

Жақсының пайдасы бар

                           жегенменен,

Пәленше адам, түгенше

                          дегенменен.

Ақымақпен ауылдас боп

                         бірге қонсаң,

Ішіңді толтырады шеменменен.

Жақсыға жаман адам болар күндес,

Қадірін шын асылдың

                        жаман білмес.

Жаманның жанжалы

                        көп ауылдасқа,

Көңіліңді бір көтеріп, ойнап-күлмес.

Жақсының пайдасы бар

                       қысылғанда,

Жаманның бойы жетпес

                      ұсынғанда.

Обырға істің артын жібермеңіз,

Болады нысап деген мұсылманда.

Жақсының жақсы білер

                      салтанатын,

Ғалымның әркім таныр

                      жазған хатын» [5, 58].

XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар мен ақындар поэзиясы қазақтың таза өз тілінде туған қуатты да құнарлы, өмірді танытушылық, философиялық-дидактикалық мағынасы мол мұра. Сонымен қатар, осынау мол мұраның арасында дін феномені де көрініс тапты. Ақын-жыраулар қоғамдағы рухани мәселелерді шешу үшін ислам дінінің құндылықтарына да жүгіне білді. Олар өз ізденістерінде ұлттық құндылықтарды сақтауға, халықтың имандылығын нығайтуға барынша күш, қайрат салды. Ақын-жыраулар шығармашылығындағы дін тақырыбы  қазақ жеріндегі ислам мәдениетінің маңызды мұраларының қатарына кіреді. Осындай толғаулар Қабан жырау шығармашылығында да кездеседі:

«Ай, мұсылмандар, жарандар!

Сөзіме қүлақ салыңыз,

Жақсыдан ғибрат алыңыз.

Харам болар, жарандар,

Зекетсіз жиған малыңыз» [5, 54].

Қабан жырау шығармашылығындағы діни сарындардың мән-мазмұнын аша түсу үшін солардың кейбіріне тоқталуды жөн көріп отырмыз. Атап айтқанда, ислам дініндегі ғибадат – құлшылықтың мән-маңызын, құндылықтарын ол өз жырларына арқау еткен. Сол арқылы халықты исламның тірегі болған намаздың қадір-қасиетін ұғынуға шақырған:

«Хақ бұйрығын тұтыңыз.

Құдайдың кешпес парызы,

Бес уақыт намазды,

Баққан қойдай күтіңіз.

Әмірін күтіп Аллаһтың,

Ақырында, жарандар,

Мұратқа сөйтіп жетіңіз!» [5, 54],

немесе:

«Намаздан басталады біраз бәйіт,

Кетесің оқымасаң жолдан тайып.

Құдайға құлшылық қыл тіршілікте,

Сақтайсың ғаріп жанды

                      қайда апарып?» [5, 90].

Қабан жыраудың «Бақыт, қайда барасың?» атты толғауы ислам дінін уағыздаудың керемет үлгісі мен мен өнегесі болатын:

«Бақыт қайда барасың?

Шариғат сөзін тыңдаған,

О дүниені ойлаған,

Аллаһты үйге барамын.

Бақыт қайда барасың?

Үйінде тұрған Құраны,

Расул Аллаһ ұраны,

Тәртіпті үйге барамын» [5, 85].

Қабан жырау бұл толғауында әрбір мұсылман үшін ислам дінін өмірлік бағыт-бағдар етудің мән-маңызын толыққанды түрде жеткізіп отыр.

Ислам дінінде мұсылман адам өз-өзін тәрбиелеуге, көркем мінезді болуға тиіс екендігі белгілі. Бұл орайда мұсылман адам өз нәпсісін ауыздықтай білгені міндетті. Ақын-жырауларымыз адам тәнін билеп алатын нәпсінің бейнесін әдеби теңеулермен сипаттай отырып, халықты теріс қылықтардан сақтандырған.

Қазақ ақын-жырауларының мұраларында имандылық, отансүйгіштік, кісілік, қайырымдылық, ізгілік, мейірімділік, т.б. құндылықтар ұлықталды десек, осы дәстүр Қабан жырау мұраларында да мол екеніне жоғарыдағы толғаулары дәлел бола алады. Бұдан өз кезінде Қабан жырау халықтың ақылшысы, әрі жол көрсетушісі, әрі ел қорғаны болғанын көреміз.

Қабан жырау діннен де терең хабардар бола отырып, бұқара халықты өнеге, тәлімге толы жырларымен сусындат­ты. Оның бұл рухани қазыналары болашақта да халық игілігі үшін қызмет ете бермек.

Философия ғылымдарының докторы Б.Бейсенов: «Ақын-жыраулар – ислам құндылықтарын ұлттық діл мен дүниетаным ерекшеліктеріне сай насихат­таған имани әдебиет­тің және ғибрат­ты тәлімнің жарқын үлгісі. Ақын-жыраулардың мұрасын бүгінгі заман талабына сай тиімді қолдана білсек, исламның адамзатқа ортақ құндылықтарын тереңнен игеріп, ұлттық әдептегі діни ахлақтық ұстанымдарды түсінуге жол ашылады. Ұлттық тұтастық пен рухани биіктікті жырлаған ақын-жыраулардың ұстанымдары – елдік мұратымызға қызмет ететін асыл мұра» [42, 98], - деп, қазақ халқының мәдениеті мен тарихы, рухани қазынаға толы әдебиеті еліміздегі дін исламның сан ғасырлық тарихын айғақтайтынын атап өтеді.

Заманында «көмекей әулие» атанған Бұқар жыраудың Қабан жыраумен туған, өлген жылдары қатар, қазақ қоғамында атқарған қызметтері үндес екенін жоғарыда айтқан едік. Ал, осы қатар өмір сүрген екі ұлы жыраудың дін туралы көзқарастары да қабысып жатыр.

Қазақ халқының ақын-жырауларының поэзиялық мұрасында ислам діні құндылықтарының әсері ерекше білінеді. Халқымыздың сөз майталмандары діннің парыздары мен амалдарының тереңінен хабардар болған. Ақын-жыраулар шығармашылығында дін исламның шарттары, моральдық-адамгершілік құндылықтар поэзиялық туынды үлгісінде жеткізілді.

Қабан жыраумен қатар Бұқар жырау 1683 жылы туып, 1780 жылы қайтыс болды, яғни, тоқсан жеті жыл өмір сүрді. Ал, осы екі тұлғаның өмірінде ұқсас сәттер де аз болмаған.

Ұлы жүздің сан руын бастап, Сырдан Жетісуға көшкенде кіндік қаны тамған Сыр бойын тастап кету де жырауға оңай болмаса керек. Бірақ жырау бұл көш керек және халықтың ата-бабадан қалған жерін ұстап қалудың бірден-бір жолы екенін түсінді.Сондықтан да Қабан жырау:

«Күңіреніп өткен күндерді,

Түнеріп өткен түндерді

Түнек емес деп кім айтар?

Сый қылмасаң халқыңа,

Келе алмасаң қалпыңа,

Түсе алмасаң салтыңа,

Жүре берсең салпылдап,

Төрт құбыласы тең екен

Дегенді саған кім айтар?

Желмаямен жортпасаң,

Жампоз жүгін артпасаң,

Адырнадай ширығып,

Серпіле бір тартпасаң,

Елдің де сыйы түзелмес,

Ердің де сыры түзелмес.

Көше де жүріп түзелдім.

Көше де жүріп күзелдім.

Көшуде туған нәресте,

Қалды ғой есте әр нәсте» [5, 75-76].

Қазақ мұсылмандығының негізгі ережесі – тәубә! «Өміріңді текке өткізбе, шаруаңды да еш ақсатпа,   бірақ, мал-дүние жинаймын деп арамға баспа, адалдан аспа» деген қағиданы бар мұсылманға жеткізу Қабан жыраудың да басты мақсатының бірі болды.

«Елу жылда – ел жаңа» деген сөз рас. ХVІІІ ғасыр астан-кестен өзгерістер әкелді. Бұқардың толғаулары болса елдің мүддесін, қазақтың алатын үлесін насихат­таған, елді бірлікке шақырған жырлар. Бұқар өз заманына тән сөз өрнегін салып, озық өнер үлгісін жасап кетті. «Қазақтың мемлекеті, қазақтың ханы, қазақтың қамал қорғаны» деп жырлаған дана жырау өз толғауларымен елге ұйытқы болды, азамат­тығын нығайтты. Бірақ жырау бабаның бір бүйрегіндегі сопылық дүниетаным, оны дәуірлік тақырыптарға, шексіз ғарыштық өлең үлгілерін жасауға алып келді. Бұқар толғаулары үлгісінің кемел бастауы – мың жылдық көшпелілер поэзиясы буырқанған бурадай еріксіз елең еткізер бейнелер, қыран құс, құйғытқан жүйрік тұлпар, жауына жұмсалған алмас алдаспан.

Қабан жырау жыры – дәуірдің айнасы. Оның толғаулары шығыстық нәзік сырлы шайырлардың үлгісі мен көшпелілердің өр толғауларынан сомдалып түзілген қазына. Ол – қымбат, асыл дүние замана тынысынан да хабар береді, мәңгілік құбылыстарға да қатысты. Қабан жыраудың осы ойлары Бұқар жыраудың Абылай ханға арнаған толғауларымен астасып жатыр:

«Он екі айда жаз келер,

Құс алдынан қаз келер,

Айтып-айтпай немене

Заманымыз аз келер.

Ақиретке барғанда,

Ақ сүйекті қор тұтқан,

Қараны онан зор тұтқан,

Ноғайларды пір түтқан,

Тартарсың сонда жазаңды-ай!» [27, 103].

Қазақ халқының дәстүрлі төл мәдениетінде діннің алатын орны ерекше. Өйткені, дін өткен тарихи дәуірлерде мәдениеттің барлық салаларын қамтыды. Орта ғасырларда мұсылман мәдениетінің дамып-өркендеуіне түркілердің қосқан үлесі аз болған жоқ.

Қазақтың жырауларының жыр-термелерінде өмірге деген көзқарас, адалдық пен имандылық жеріне жете жырланады. Шешен жыраулар өз сөздерін мәнерлеп, тың ойлармен байытып, дәстүрмен және дәстүрлі исламмен байланыстыра жеткізген.

Қабан жырау поэзиясында синтаксистік параллелизмге, дыбыс үндестігіне, ішкі ұйқасқа құрылған өрнектер де аз емес. Арнау түріндегі сөз қолданыстар да баршылық. Жырау өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған. Оған:

«Қайтеміз өте бермек

                                   жалған дүние,

Қайғыға әр пендені салған дүние...» [5, 32], дегені дәлел іспет­ті.

Жырау «қ» дыбысын тамаша пайдаланып, үн бере білген. Дауыссыз дыбыстарды да шебер қолдана отырып, жыраулар өлеңнің музыкалық сазын күшейткен. Шынайы көркемдік тәсіл арқылы олар оқушысын шығарманың ішкі иірімдеріне икемдеп, сан түрлі күйді өткеруге дейін жеткізе алған.Жоғарыдағы Қабан жыраудың толғауы Ақтамберді жыраудың «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауымен үндесіп жатқанын көруге болады:

«Күмбір-күмбір кісінетіп ,

Қолды бір бастар ма екенбіз?!» [26, 70], - деген жолдар арқылы өлеңнің әсерлілік қуатын күшейткен, әрі «к» дыбысын қайталай қолдану нәтижесінде өлеңнің саздылығын үдеткен.

Қабан жыраудың жырлары мен толғауларының маңызын, мәдениетін, құндылығын оның жыр жолдарындағы қарапайымдылық пен жомарт­тық, сыпайылық пен өршілдік қасиеттерді қастерлеп, менмендік пен надандық, сараңдық пен дөрекілік сияқты жағымсыз мінез-құлықты сынға алғандығынан көруге болады.

Өз толғауларында Қабан жырау адамның бойында кездесетін жағымды, кемел, адами амал-әрекеттерді тәрбиелеу жөнінде құнды дидактикалық кеңестер береді.

Оның бүгінгі таңда да өзіндік мәнін жоймаған ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолдануға болатын өсиеттік, ғибраттық нақыл сөздерінің мәні ерекше. Мәселен:

«Тіл алсаңдар, шырағым,

Өсек сөзді елеме.

Үйір болғын, шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын

Дүние қайтып келе ме?» [5, 38],

немесе:

«Жақсының жаннан артық

                                     дәрежесі,

Жаманның көңлі көкте,

                              жерде басы.

Арасы жақсы, жаман

                               жер мен көктей,

Осылай парық болған

                               екі арасы» [5, 60].

Қабан жырау толғаулары елді, жерді сүюге, ізгі амал жасауға, жамандықтан сақтанып, таза өмір сүруге үндейді. Жырау, қолым билікке, байлыққа жетті деп өзіңе көмек берген, алайда, қазір мұқтаж адамды ұмытпа, кең пейілді бол, болмашы нәрсеге жақыныңмен айтыспа, мінезі жаман адамнан бойыңды аулақ ұста, болмашы нәрсеге ерегесіп, ұрыспа, өтіріктен аулақ бол деп насихат айтады. Қабан жырауда өнер-білімнің пайдасы туралы, адамгершілік амалға арналған төмендегідей өлең  жолдары кездеседі:

«Ауызбірлік бар жерде

Жететұғын мұрат бар.

Ауызбірлік жоқ жерде

Қиянатты қият бар.

Ұят­тың иман қабы дер,

Имандыда ұят бар.

Көпшілікке жаққан жан,

Басына жаққан шырақ бар.

Ешкімнің хақын жемеңдер.

Артында оның сұрақ бар» [5, 39-40].

Қабан жырау дүниетанымында өмір мен өлім мәселесінің мәні өзгеше. Жырау «өлімнің ақиқатын түсіну үшін, өмірдің мәніне жету керек, ал, рухты білмей тұрып, өмірді тани алмайсың, жақсылық пен жамандық үндесе өмір сүруі мүмкін емес», - дейді.

«Ал, ұста, бұл сөзімді жалған емес,

Бұл дүние имандыға арман емес.

Дүниенің қызығы үшін мал жинаймыз,

Мал, шіркін, ешкімге еріп барған емес» [5, 51].

Жалпы сопылық бағыт пен дүниетанымға тән теориялық-тұжырымдамалық ұстанымды Қабан жырау түркілік дүниетаным негізінде ерекше тұтынған тәрізді.

Ислам тарихында дінді ұғынудың, қабылдаудың ерекше түрі ретінде пайда болған «сопылық ағым» ресми діндегі қасаңдыққа қарсы бағыт ретінде бой көрсеткені айғақ.

Қабан жырау – өзінің бүкіл жарқын қабілеті мен дарынын, күш жігерін қазақ халқына, туған еліне, әсіресе өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жұмсаған ғұлама. Оның әдеби, мәдени, философиялық шығармалары өз заманының, оның ішінде қазіргі қазақ әдебиетінің кемелденуіне, ал, діни ойлар бағдарындағы көзқарастары бүкіл түркі әлеміндегі, оның ішінде еліміздегі адами ой-пікірлердің пісіп жетілуіне, рухани адамгершілік мұраларының баюына ықпал етті. Мысалы:

«Шашпа бекер малыңды,

Таусылса, өзім табам деп,

Іркіп ұста барыңды,

Сенбе елден алам деп.

Өлгеніңше ой - азық,

Өнер, ғылым ізде деп...» [5, 74].

Қабан жырау толғауларының өзектілігі мен маңызы, ал ең бастысы, шындығының шығармаға шырақ болуы оны өз заманының абыз тұлғаларының біріне айналдырған. Оның жарқын мысалы:

«Халықпыз  біз, қиынбыз!

Жеке-жеке жететін,

Ызға тастап кететін,

Жан байлығын, сыйын – біз.

Артық айтсам, күлмеңіз,

Құнтсыз шыққан кемеміз,

Адасатын жиі біз.

Үйден-үйге жететін,

Демде тарқап кететін,

Үйірілген құйынбыз.

Өткел тапқыш төтеден,

Даурығатын өте кең,

Ру жиған жиынбыз» [5, 52], - дейді. Сондай-ақ қазақ қоғамының қатерлі дерті – рушылдықтың да халыққа кері әсерін тигізетінін сол заманың өзінде айтып отыр.

Қабан жыраудың біраз жырлары әділ­дік, шапағат­тық, мейірімділік, шын­шыл­дық, ойлы­лық, тазалық секілді игі істерге арналады:

«Арам пейіл адамдар,

Достығында тұрмайды.

Араңа кірсе сумаңдап,

Сырыңды шым-шым ұрлайды.

Содан соң алтын тапқандай,

Жария етіп шулайды.

Етпесе бұлай арамза,

Құмары оның қанбайды.

Ақылы жоқ наданның

Жамандық ісі қалмайды.

Көр аузына барғанша,

Ақылды айтқан алмайды» [5, 74].

Жырау толғаулары адалдық, имандылық, ізгі қасиетті болу, ақыл-парасатқа жету, төзімді болу, достық пен махабатты қастерлеу, әділетті болу, адал жолмен жүру сияқты адамгершілік құндылықтарды насихат­тады. Менмен, көрсеқызар, кеудемсоқ, дүниеқоңыз болмауға, тәубаға келуге ақыл-кеңес береді.

Жырау қайбір айтылған ой-толғамдарында надандарға сөзіңді қор етпе, мейірімсіздерден қайырым күтпе, кісі ақысын жеме, арамдықпен мал жима, өтірік айтпа, дүние-байлыққа қызықпа, оның бәрі – өткінші, мәңгілік ештеңе жоқ деген адамгершілік құндылықтарды жоғары ұстай отырып, жағымсыз қасиеттерден адамдарды сақтандырады:

«Ашуды ақыл-қазыққа

Апарып, матап байлаңдар.

Ашуды жеңсе ақылың,

Кесірді талай ойрандар.

Тату болса ағайын,

Саф алтындай жарқылдар.

Кесапатты кісендеп,

Акымақты алқымдар.

Аз өмірдің ішінде,

Тату бол да тәтті бол» [5, 40-41].

Дәуір желінің өкпеден өтіп, жанды жарақаттарын, бас біріктіріп, қолда барды базарламаса, анталаған жаудың аранында жұтылып кету қаупінің қай кездегіден де жақын тұрғандығын мынандай толғауы арқылы санаға құйды:

«Желмаямен жортпасаң,

Жампоз жүгін артпасаң,

Адырнадай ширығып,

Серпіле бір тартпасаң,

Елдің де сыйы түзелмес,

Ердің де сыры түзелмес» [5, 76],

немесе:

«Алмас тас топырақта

                           жатса да алмас,

Көрген жан керексіз деп

                       алмай қалмас.

Аспаннан топырақ, тозаң

                       жаусадағы,

Қызығып ешкім оған назар салмас.

Қан төгіліп, шабылып, үріккен шақ,

Бірталай жыл болды ғой

                    естен қалмас» [5, 55],-деп, жүрегі қан жылап, елдің бірлігін, жұрт қамын жырлаған толғауларынан көруге болады.

Қабан Асанұлының телегей толғаулары, жауһар жырлары мен алмас қылыштай қиып түсер айтыстары өскелең, тәуелсіз әдебиетіміздің құнды да, қызықты мұрасы. Өз дәуірінің кемел ойының көкжиегін кеңейте білген оның жырлары бүгінгі ұрпағының да кәдесіне жарап тұр. Оны жыраудың:

«Елі - жұртым, сізге айтам,

Бірлікті бол, шырақтар.

Бірлікті жерде ризық көп,

Ол адам елге тұрақтар.

Ауызбірлік бар жерде,

Жететұғын мұрат бар» [5, 39], -деген жыр жолдарынан байқаймыз.

Жырау шығармашылығы өзі өмір сүрген ортамен, қоғаммен тығыз байланысты. Жыраудың өзіндік қасиеті де, әрбір туындысы да кейінгі ұрпақты биік парасаттылыққа, берік ынтымаққа, кәміл имандылыққа шақырады.

Кезінде Қабан жыраудың би мен бекке, ел билеген кей тоғышарларға зіл тастап, төбесін тесіп, әділетсіздігін айтқан талай жырлары болғаны анық.

Сондай-ақ, Қабан ақынның көпті  ынтымаққа шақырған толғаулары мол:

«Ақылы жоқ наданның,

Жамандық ісі қалмайды.

Көр аузына барғанша,

Ақылды айтқан алмайды.

Жамандықтың белгісі,

Әр нәрсені торлайды.

Осындайлармен дос болса,

Ақылды жігіт сорлайды» [5, 41],-деп толғап, кіммен дос болу керек, кімнен аулақ жүру керек дегенді насихат етіп, халықты ауызбірлікке шақырады.

Айтулы жырау тыңдаушысын алыстан орап, тереңнен тербеп, баурап алады. Қабанның толғауларында ұйқас үшін бос тұрған жолдар кездеспейді. Шығармасының бәрі де тыңдаушысын ойлануға, бос жүріп, уақыт­ты текке өткізуден сақтандырады. Қабанның тарыдай заттан таудай, теңгедей істен тебінгідей дүние тудыратын алатын жыраулық құдіреті оның ірі талант екендігін дәлелдей түседі. Мысалы:

«Ақылың болса, адамзат,

Тістей көрме арам зат,

Өзіңді - өзің қымташы.

Мейірімді болыңдар,

Ақылға айтқан көніңдер» [5, 44],-деп, өз толғауы арқылы ел-жұртты босқа елірмеуге, көкірек кермеуге, кішілік пен кісілікке шақырып тұр. Жамандық аяқ астында, жақсылық жолы – қия тас. Оған жетуге ердің ері, егеудің сынығы керек дейтіндей. Халқымызда «тамшы тас теседі» деген сөз бар. Бар нәрсенің түбі сол бір болымсыз нәрседен басталмақ.

Қабан ақынның «Бақыт қайдан келесің?» және «Бақыт қайда барасың?» деп аталатын өлеңдері – қарапайым тіршілік көзінен алынған драмалық тартысқа толы шығармалар. Келе жатқан бақыттың жолы кетіп бара жатқан бақыттың жолымен қарама-қайшы. Ынтымағы қашқан елден кетіп бара жатқан бақыт, ынтымағы жарасқан елге келе жатады. Қариясын сыйламас, дүниені ойламас жерден қашқан бақыт, қариясын сыйлаған, ертеңгісін ойлаған жерге келе жатыр. Қабанның бұл туындысының қымбаттығы айтпақ ойының баршаға түсініктілігінде. Мысалы:

«Бақыт қайдан келесің?

Берекесіз адамнан,

Ата-анасы наданнан

Үркіп, қашып келемін.

Бақыт қайдан келесің?

Мақтанып көңілін өсірген,

Білгішпін деп есірген,

Есірік ұлдан келемін.

Бақыт қайдан келесің?

Сүйектен сөзін өткізген,

Миына шатақ еккізген,

Кесапат қыздан келемін.

Бақыт қайдан келесің?

Ата-анаға жақпаған,

Өтірік, бәле жаттаған

Келіннен қашып келемін» [5, 82-83],

немесе:

«Бақыт қайда барасың?

Ата-анасын сыйлаған,

Ұйымшылдық ойлаған,

Тату жанға барамын.

Бақыт қайда барасың?

Өсірген жақсы баласын,

Сыйлаған ата-анасын,

Көргенді ұлға барамын.

Бақыт қайда барасың?

Бал-бұл жанған көрікті,

Ұл мен қызы серікті,

Берекелі үйге барамын.

Бақыт қайда барасың?

Еш адамды күндемес,

Өсек отын үрлемес,

Әдепті үйге барамын.

Бақыт қайда барасың?

Ұлы, қызы есейген,

Ауызбіршілік күшейген

Келінді үйге барамын» [5, 84].

Жырау «Бақыт, қайдан келесің?», «Бақыт, қайда барасың?» атты тол-   ғауларында риторикалық сұрақ-жауап арқылы сан-салалы тұрмыстың татымды-татымсыз жақтарына ойлана қарап, терең толғанады.

Қабан жыраудың бізге жеткен аса тұңғиық, даналық сөздері көп. «Не қиын? Не қымбат?», «Дүниеде не жетім?», «Не ортақ және неше жұрты бар?» деп риторикалық сауалдар қояды да бәріне өзі ұлағатты сөздермен жауап қайырады. Мысалы, «Не қымбат?» деген сұраққа жауабы:

«Туып өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат.

Әлпештеген анаң қымбат,

Еркелеген бала қымбат.

Жақсы дос, жарың қымбат,

Бәрінен де ұят пен

                         арың қымбат» [5, 68],

немесе «Кім жақын?» сұрағына:

«Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, апайың жақын.

Бауырмал болса, інің жақын,

Ибадатты болса, келін жақын.

Алдыңа тартқан піскен ас,

Артыңнан ерген қарындас,

Сүйеуші болса, нағашың жақын.

Өз үрпағың немерең жақын,

Сүт иіс шөберең жақын,

Жан серігің

                жолдасың жақын» [5, 72],

немесе «Не жаман?» деген сұраққа:

«Біріншіден не жаман?

Құр бекерге долданып,

Ашуланшақ болса, сол жаман.

Екіншіден не жаман?

Көрінгенге жалпаңдап,

Жағымпаз болса, сол жаман...

Алтыншыдан не жаман?

Ер атағын ел сақтайды,

Елі сыйламаса, сол жаман»[5, 72].

Қабан ақынның «Ел көңілін кім ашар?», «Жігіт көңілін кім ашар?», «Ұл көңілін кім ашар?», «Аурудың көңілін кім ашар?», «Аттың көңілін кім ашар?», «Білгендерден ғибрат ал» сияқты өлеңдерінде өмірдің сан қырлы сырларын, тіршіліктегі қилы-қилы құбылыстардың астарын ашып көрсетеді. Мысалы:

«Ел көңілін кім ашар?

Әділетті хан ашар.

Аққан су менен кең қоныс,

Түрленген жасыл шөп ашар.

Ата-тектен сөйленген

Шежірелі сөз ашар.

Аттың көңілін кім ашар?

Жал құйрығын тараған,

Күніне жеті қараған,

Қадірін білген ер ашар» [5, 70-71].

Қабан жырау бірде Әділ төреге келіп:

«Ақын аға, дейсің-ау, ақын аға,

Кір жуытпай келген ем атыма да,

Бұлт қонбаған білсеңіз басыма да.

Тарақ таңбам сендерде

қалып қойды,

Бұл төрелер біздерді

         басына ма?!» [5, 113], - деп, толғай жөнеліпті.

Әділ төре: «Кешегі Шыңғыс бабамның кезінде Алаш мыңы арасында ту ұстары тарақ таңбалы Жалайыр болған. Мұны ұмытсақ, елдігіміз қайда, теңдігіміз қайда, кеңдігіміз қайда?!» - деп, ақтала беріпті.

Сонда Қабан жырау :

 

«Міне, міне, енді келдің жөніңе,

Шықтың байтақ

                  шың-белесті өріңе,

Сары алтынды ер-тұрман,

                  сапқа тұрсам жарқырап,

Сүлік қара арғымақ

                  аспан тіреп, арқырап,

Шыңғыс қаған бас қойса –

                  ақ найзам жауды тіреген,

Қанішерін інінде

                 қорылдатып ірегем.

Марал отты арша тау

                 ата қоныс болғанды,

Бақыт-ырыс басыма

                 ақ құс болып қонғанды.

Тарақ таңба толықсып,

                ер бабамды түрлентіп,

ЖаҺан кешкен Шыңғыс хан

                келешекті шолғанды.

Суарылған көк темір

                құрышқа қалай айналды,

Жалайырдан серпін ап,

               Бақтиярлап сайланды!

Әмірші болсаң – әділ бол,

               әлі де талай айтармын,

Тарақ таңбамды жұртыма,

               қайтарғын төрем,

                    қайтарғын!» [5, 114], -

деп, кете барған дейді.

Қабан жырау өз толғаулары арқылы тыңдаушысы санасында бірде – эпик жырау, енді бірде – терең толғаулы философиялық иірімдер иесі, философ ақын, келесіде – оқырманының санасына бірден сәуле құйған сәйегей, абыз кейпінде қалыптасады. Оның айтыс өнеріндегі шымыр да шыншыл шумақтары тіптен сүбелі. Көптеген айтыстарындағы шеберлігі, жұмбақ, мысал айтысындағы өзіндік ерекшеліктері зерттеушілер тарапынан әлі де болса зерттеле түсері даусыз.

Қабан жырау елдің береке-бірлігі, ынтымaғын, көшпелі қоғaмның әр мүшесінің өз міндетін дұрыс орындaуын өз назарынан тыс қалдырмаған. Ал бұл дәстүрді ол өзінен бұрынғы және өзімен қатар өмір сүрген жыраулар шығармашылығынан алғаны сөзсіз.

Әр нәрсенің өз сәнін, жaрaсымын жырлaу aрқылы ұлттық мінез-құлыққa нормa белгілейтіндей. Шaл aқынның:

«Шaйы сисa, aсыл қылыш

                                ердің көркі,

Ер жігіт жaуғa aт­тaнғaн

                                елдің көркі. 

Жaрaсaр әрбір нәрсе өз сәнімен,

Aққу құс aйдын шaлқaр

                                  көлдің көркі» [26, 132], - дейді. Мұндa бaтырлықты, ержүректілікті сөз етіліп, өз жерін сыртқы жaудaн қорғaғaн жігіт обрaзы ұлт үшін қaстерлі екендігі бейнеленіп, ең бaстысы, ел тaтулығы, aғaйынның бірлігі дәріптеледі. Дәріптеуі кейде кеңес айту түрінде беріледі.

Бaйқaсaқ, өзімен тұстас Шал ақын жырлары Қабан жырaу толғауларымен үндесіп, әр нәрсенің сәні, әр aдaмғa жaрaсымды қылықтaр, гaрмониялық үйлесімдіктер туралы жырларымен байланысып жатыр. Соғaн қaрaғaндa, Қабан жырaу өте тaлғaмпaз, сұлулыққa жaны құмaр aдaм болғaнғa ұқсaйды. Өмірді көркем тұрғыдa қaбылдaп, өз ойындaғы әсем әлемге елді жетелейді.

Қабан жырау – өз кезеңінің ұлы жырауы, айбоз ақыны, ағыны қат­ты өзендей төкпе таланты. Ол өз кезінде ұзақ батырлар жырларын таңды таңға асырып жырлағаны туралы естеліктер де мол. Кейде бұл дастанның көлемділігі сондай, айлап жырланатын көрінеді. Соншама мол дүниені бірде-бір рет кідіріп, мүдірмей еркін толғайтын болғандықтан «жырау» аталыпты. Өз айтқаны болмаса, кісі тіліне көнбейтін, ержүрек, қайсар болғандықтан «батыр, абыз» атаныпты, айтысқа түсіп, ақын атаныпты.

Жыраулық, ақындықтың, поэзияның түп қазығы ақыл-нақыл екені елге аян. Осы заңдылық Қабан ақынның туындыларында да молынан кездеседі. Жыраудың біраз толғаулары жақсылық пен жамандықтың ара-қатынасын саралай, салыстыра жырлауға құрылған. Оны ақынның терең ойлы «Арғымақ жабы көрінер» атты толғауынан нақты байқаймыз:

«Біраз ғана сөйлейін,

Мойын бұрып жақсылар,

Бұл сөзімді тыңдаса.

Ағайын-туған не керек,

Аңлысып күні өткен соң?!

Қызыл тілім сөйлеп қал,

 Қызығыңды жер көрер,

Бір төбенің басына

Апарып тастап кеткен соң?» [5 42].

Расында, бар істің тетігі жақсы менен жаманды саралай білуде екені ешқандай дау тудырмайды. Жақсы менен жаманды айырмаудан келетін пайданы да, зиянды да ата-бабамыз жақсы білген. Сондықтан: «Жақсымен жолдас болсаң, жаның семірер», - деген мақал ақын ойының нақты мысалы.

Қабан ақынның біраз толғау жырлары тәлім-тәрбиелік мән-мағынаға ие. Екінші сөзбен айтсақ, халықтың терең пәлсапалық ойы мен педагогикасы қатар, аралас айтылатыны байқалады. Ақынның тауып айтқан, дер кезінде толғаған мұндай асыл дүниесі көнермейді. Бүгін де өз мағынасын жойған жоқ. Ол:

«Тіл алсаңдар, шырағым,

Өсек сөзді елеме!

Үйір болғын, шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын

Дүние қайтып келе ме?!» [5, 38],- десе, елдің арасын ала тайдай бүлдіретін өсек-аяң екені айдан анық-ты.

Жырау өз шығармаларында адам деген атқа тән әділ, адамгершілік іс қыла білуге үндейді. Оның пайымдауынша, адамның артықшылығы адамгершілігімен, кең пейілді қарасқыш­тығымен өлшенуге тиіс. «Жақсы менен жаманның» атты өлеңінде ақын бұл пікірлерін ашық баяндайды:

«Жақсы менен жаманның,

Арасы жер мен аспандай.

Байқарсыз бір күн басыңа,

Іс түскен кезде сасқанда-ай!

Ғалым менен наданды,

Салыстырсаң білерсің,

Дария шіреп тасқандай?!» [5; 60].

Жеке адамның басына арналған толғаулар қазақ поэзиясында аз емес. Тіпті, дәстүрге айналған көрініс десе болады. Қабан жыраудың жеке адамдарға арнап айтқан өлең-толғаулары көлем жағынан мол, көркемдігі күшті.

Қабан жырау Асанұлы өзінің халық алдындағы қадір-қасиетін түсіне білген. Елі, халқы үшін еңбек етіп, адал жүріп, анық басқан. Дұшпанын да сынаудан бір тынбай, тілін тартпай өткен. Заманының шыншыл жырауы болған. Өзінің «Тіл алсаңдар, шырағым» атты толғауында «Қағыспай халқым тек жүрсін», - деуінің сыры да осы:

«Жарандар, қызықпаңыз

                           дүние, малға,

Бір күні көшіп кетер дүние пәни.

Қарынның сыйған жері

                          кеседей жер» [5, 90].

Қабан жырау – өз тұсында аты аңызға айналған шешен, батыр, жырау. Оны халық ұлы тұлғалардың қатарынан көрген. Кез келген мәселені нақты, деректі жырлау арқылы Қабан жырау шығармалары толғаудың жанрлық мүмкіншілігін жетілдіре түсті. Көркем шығарманың өзі өмір сүріп отырған дәуірдің ділгір мәселелерін көтеруін, уақытпен етене үндесуін, реалистік сипатының артуын жолға қойды.

Қабан жыраудың бізге жеткен көлемді мұрасының бірі «Қарын» атты қиссасы. Бұл қисса оның жарияланған еңбектерінде «Қарынбай» деп аталғанымен, шығарма «Қарын» деген байдың дүниеқоңыз сараңдығы, дін жолындағы қағидаларды бұзып, орындамауы туралы.

Жырау бұл қиссадағы оқиға арқылы өзінің көптеген шығармаларына өзек болған ислам дінін белгілі сюжет құру арқылы баяндаумен қатар, адамдарға арамдық, жаман істерден аулақ болу, дін жолын бұзбай ұстау туралы насихат берген. Жыраудың осы қиссадағы ойы оның «Кетесің оқымасаң, жолдан тайып» атты бәйітінде жалғасқан. Жырау адамзатқа парыз бес намазды сурет­тей келе:

«Жарандар, еш білмейсің өлеріңді,

Айдайсың харам іске өнеріңді.

Момынның зар жылатып

малын жесең,

Білмейсің иманыңнан төлеріңді» [5, 93], - деп түйеді, оң уағыз айтады.

Қабан ақын ретінде кезінде Таутан қызбен, Тұмаршамен айтысқанын және он бес жасында айтысқа түсіп, ақындығымен елге танылғанын, оны Жетісу өңірінің атақты ақындары Сүйінбай Аронұлы, Бақтыбай Жолбарысұлы, Мәулімбай Саяқбайұлы, Қалқа Жапсарбаев, Артық Темірбеков, Әбікен Сарыбаев, т.б. ұстаз тұтқанын және басқа да ақындар жыр шумақтарында аты аталатынын жоғарыда айтқан едік.

Әдебиет зерттеушілерінің бұрынғы-соңғы жазып қалдырған еңбектерінде Қабан жырау туралы үзік-үзік пікірлер айтылып та, жазылып та жүр. Алайда жыраудың шығармашылық бай қазынасын айқындай түсетін негізгі саласы толғау, айтыс, дастаны әлі де терең пайымдауды керек етеді.

Ақынның жеке тақырыптарға жазған өлеңдерінің де әлеумет­тік мәні жоғары, ойлы, парасатты. Адамның қоғамдағы мәні, өмірден алар орны туралы толғаулары да көңіл аударарлық.

Ақын «дүниенің тірегі – ынтымақ, ынтымақты ел – өмірдің қожасы, зор алып күш иесі» деп бағалайды:

«Өлгенше қор болмайды,

Азамат­тар ниеті ақ.

Оларға үйір болады,

Сарқылмайтын дәулет бақ.

Өлмейтұғын пенде жоқ,

Жан – аманат, ойлап бақ.

Ырылдаспа тіріңде,

Ырыс алды – ынтымақ» [5, 40].

Жырау өзі өмір сүрген заманына немқұрайлы қарай алмаған. Заманның алдамшы, әділетсіздігіне ашынып, оның әдет-салтына қарсы адамшылық қасиет­терді насихаттайды, адамды «дүние көркі» деп таниды:

«Ашуды ақыл-қазыққа

Апарып, матап байлаңдар.

Ашуды жеңсе ақылың,

Кесірді талай ойрандар.

Тату болса ағайын,

Саф алтындай

                      жарқылдар» [5, 40-41].

Ойлы да, сырлы Қабан жыраудың толғауларының тақырыбы, мазмұны ғана емес, көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан алғанда да соны сипатта.

Өзінің ұзақ өмірінде Сыр мен Жетісу, Арқаны түгел шарлаған, заманының абыз ақыны боп танылып, үлкен даңққа бөленген жырау бүкіл өмірін күрес үстінде өткізеді. Өз тұсындағы әміршілердің ешқайсының да шашбауын көтермейді, турашылдығынан танбайды. Жыраудың шағын көлемді шымыр толғауларынан көне заман таңбасы – дала тұрғынының дүниетанымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшелігі, адамгершілік қағидалары айқын аңғарылады.

Жырау дүниеде мәңгі, тұрақты ештеңе жоқ деп біледі. Әлем бір қалыпта тұрмайды, адам өмірі де өтпелі. Қабылиса осының бәрін табиғат заңы деп түсінеді. Ол адамдық қасиеттерді асқақтата жырлайды. Жеке бас еркіндігін бәрінен де жоғары қояды. Отаншылдық рухты насихаттайды.

Қабан қазақ поэзиясының көркемдеу тәсілдерін, өлең өрнегін айрықша байытқанын оның шығармаларынан анық байқаймыз.

Жыраулар поэзиясындағы  ұлтжандылық ойлар Қабан жырау толғауларында да көп көрініс тапқан.

Қабан жырау ел болашағын жырлауы тұрғысынан да өз замандастары ортасынан дараланып келген, сол шерлі дәуірдің ой-сана, әдет-ғұрыптық, рухани, шаруашылық, тарихи көріністерін суреттеген.

Жырау да, ақын да, шешен де бір тақырып, бір мәселе жөнінде бірдей ой толғайды, тек оны жеткізуде әр алуан көркемдік тәсілдер қолданады, қазақтың сарқылмас мол сөздік қорын әрқайсы өз стиліне тән пайдаланады. Мысалға, Қабан жыраудың шешендік үрдісте айтқан мынандай толғауы бар:

«Ұйықтамасаң, қабақ жау,

Жарытып ішпесең, тамақ жау.

Жыртық үйге – тамшы жау,

Арық атқа – қамшы жау.

Бетіңнен алса, қатын жау,

Кесірлі болса, келін жау.

Күншіл болса, көршің жау,

Тебеген болса, биең жау» [5, 46].

Жыраулар сөз тіркесін қайталай отырып, жаманның себебін ашады да, ең соңында салыстыра отырып, өмірдегі бар парықсыз нәрселерге баса назар аудартады. Бұл ерен дарын иесінің киелі сөз қадірін жете түсінгендігін аңғартады. Бұдан біз жыраудың ойларының біртұтастығын, үндестігін көреміз.

Қабан жыраудың шығармалары тұнып тұрған өсиет-нақыл. Ол елдің қадірін, жер мен судың қадір-қасиетін жете түсініп, оны өз туындылары арқылы жеткізуге тырысқан. Мысалы:

«Туып, өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат», - деді,

немесе:

«Елі қаптап қонбаса,

Бетегелі бел жетім», - дегені,

немесе:

«Татулықтың қадірін

Дос кеткенде білерсің» [5, 68].

Туған ел, атажұрт – киелі ұғым. Себебі, сол киелі жұрт­та өмір сүріп, ауасын жұтып, қадір-қасиетін түсіну, кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін бақыт.

Сонау көне түркі әлемінен  өз бастауын алатын бұл  ұлы идеология, қазақ әдебиетінің әр кезеңінде кеңінен көрініс тапқан. Әсіресе, қазақ жыраулар поэзиясында өзіндік ерекшелігімен дараланды. Қабан жыраудың мына сөздері бұл ойымыздың нақты айғағы:

«Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын.

Шымшымалы сөз қиын,

Жазылмаса дерт қиын,

Іске аспаса серт қиын.

Ақылынан адасып,

Өзенге түскен ер қиын.

Қайтарылмай қалса егер,

Жауға кеткен жер қиын»[5, 68].

Қабан жырау мына бір жыр жолдарында ағайын-туыстың, қызыл тілдің қадірін былайша жеткізе білді:

«Ағайын-туған не керек,

Аңлысып күні өткен соң?!

Қызыл тілім, сөйлеп қал,

Қызығыңды жер көрер,

Бір төбенің басына

Апарып тастап кеткен соң» [5, 42].

Бұл жыр жолдарының түпкі идеясында, насихаты мен уағызында терең тәрбиелік мән жатыр. Мұнда жырау «халықта ауызбірлік, татулық болса ғана ол мұратына жетеді, аңсаған арманы іске асады» деген ой толғанысын жеткізген.

Қабан жыраудың поэзиясының өзек­ті тақырыбы – туған елін қорғайтын батырлар, қиналғанда ақыл айтатын озық ойлы азамат­тар және осы азамат­тарға деген ақыл, кеңес тұжырымдары. Оның нақты мысалын мына бір жыр жолдарынан көруге болады:

«Тасыма батыр, тасыма,

Тасыған жетер басыңа.

Түнере берсең түксиіп,

Кім келеді қасыңа?» [5, 67], - деп, батырға өз кеңесін ғибрат­ты өлең жолдарымен жеткізеді.

Қабан жырау поэзиясы туған жеріне, еліне, олардың болашақ тағдырына деген ыстық сезімге толы. Жырау еліне жалынды жырларын арнаған, сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, жерін сыртқы жаудан қорғаған әйгілі халық батырларының ерліктерін де жыр еткен. Мысалы:

«Өтер ме екен ел-нуым,

Пейілі мол, нар жұртым?!

Тарау-тарау жолдар бар,

 Қадау-қадау көлдер бар,

Сазарған, сарқын шөлдер бар,

Салтына берік, айнымас,

Қабырғасы бүтін елдер бар.

Намысқа тұрар ер бар ма,

Ер көтерер бел бар ма?!» [5, 77].

Қабан жырау өз заманының ел тұтқасы, ақыл айтар кеңесшісі, қиналғанда, қиындықтан алып шығар басшысы болды, толғаулары сол тұстағы маңызды мәселелерге арналды.

Қазақ хандығы дәуіріндегі жыраулар поэзиясында ерлік тақырыбының басымдық алып, өз мемлекетінің тәуелсіздігі мен оның даңқын арттыру жолында күрескен батырлардың ержүректігі мен қайтпас қай­сарлығын жырлау ең өзекті мәселе болды десек, Қабан жырау да осы мәселелерден сырт қалмады. Ол өзінің поэтикалық монолог-толғауларында ең маңызды мемлекеттік мәселелермен қатар, әдеп пен мораль, ар-намыс пен қадір-қасиет мәселелерін қорғады. Өмір мен өлім туралы, өткінші дүниенің құбылмалылығы мен жалғандығы туралы өз ойларын ортаға салды.

Бізге Қабан ақынның үш айтысы ғана жеткен. Біріншісі, жастау кезіндегі Тұмаршамен айтысы. Одан кейін Таутан қызбен сөз сайысына түскен. Осы айтыста арабша, парсыша, шағатайша сөздер көп, ол сөздердің әлі де зерттей түсетін басқа мағыналары бар. Бұл айтыс өзінше бір әлем болып, өте күрделі ғалам мен терең білімді, дін мен пәлсапаны, жақсылық пен жамандықты, озық ойлы адамзат баласының жеткен жетістігін саралаған, байыппен түсіндіре білген айтыс. Ал үшіншісі – бір қызбен қағысқаны да:

«Өлеңді айта алмайсың,

                        кешеулесең,

Болар ең Қабан ақын

                        мені жеңсең.

Алдыңа ақын болсаң, сал, айтайын,

Жұлдыздар төбеңдегі

                            нешеу білсең?», - деген қыз сөзіне Қабан:

«Өлеңді айта алмаймын,

                        кешеулесем,

Болар ем Қабан ақын сені жеңсем.

Жұлдызды төбедегі кім санапты,

Көп жатқан шалқасынан

                         сен білмесең» [5, 109], -

деп, тапқыр да астарлы жауап беріпті.

Қабан жыраудың Таутан қызбен айтысы қазақ айтыс жанрында аса құнды үлгінін бірі, білімділікті, білгірлікті сынайтын – жұмбақ айтыс. Баршаға белгілі, жұмбақ айтысы – айтыстардың ішіндегі ең күрделі, қиын түрі. Мұнда жалғыз ақындық, өлең құрау ғана емес, сол өзі өмір сүрген ортасы, қоғамы, дәуіріне, діни танымына лайық білімі, білгірлігі, тапқырлығы болуы – шарт. Міне, осының бәрі Қабан жырау мен Таутан қыздың айтысында айқын көрініс берген. Айтыстың бізге жеткен мәтіндерінің мазмұнына қарайтын болсақ, Қабан жырау сол кезде алпыс жаста да, Таутан қыз жиырманың ар жақ, бер жағында. Айтыс елу бес шумақтан тұрады, алайда мұны толық нұсқа деп есептеуге болмайды. Өйткені айтыстың өзінен байқалатынындай екі ақын айтыстарын кешкілік ел орынға отыра бере бастаған, келесі күннің таңы атып, күні көтерілген шақта аяқтаған. Оны:

«Жақсы мерген Арқадан

                   аң атты ма?

Бозбалалар, қараңдар,

                  таң атты ма?

Ойламай-ақ, табармыз тіршілікте,

Бұл жұмбағың шешуі

                    сағат-нама» [5, 100-101], -

деген айтыс жолдары ап-айқын білдіріп тұр. Демек, айтыс аз уақыт болмағандығы, кештен таңға созылғаны осы жолдардан көрініп тұр.

Ал біздің қолымызға жеткені екі жүз жиырма жол. Екі жүз жиырма жол өлеңді қаншама созғаныңызбен көп уақыт алмайды, қысқа ғана айтысуға жетеді. Ал, «таң атқанға дейін айтыстық» деп отырған ақын сөздеріне көз жіберсек, онда бізге үлкен айтыстың жұрнағы ғана жетіп отырғанынын анық көреміз. Бірақ осы аз ғана айтыс жолдарынан біз Қабан жыраудың да, Таутан қыздың да өз замандарына сай білімді, оқымысты болғандықтарын аңғарамыз.

Айтыстың осы нұсқасында екі ақын жұмбақты кезектесіп айтпайды. Жұмбақты бастан-аяқ Таутан қыз қойып, Қабан ақын оны шешіп отырады. Жұмбақтардың тақырыбы алуан түрлі. Бірде – діни кітаптардан қойылса, бірде – шариғаттың шиыр-шиыр жолдарынан, адамзат тарихынан, пәлсападан орап, сол кездегі техникалық жетістіктер де ақындар жұмбағынан тыс қалмай айтыста қамтылады. Бір ғажабы, соның бәріне Қабан ақын іркілместен, мүдірместен, табан астында таңқаларлық жауап беріп отырады.

Таутан қыз ақыры Қабан ақынның ғұламалығын да, кемеңгерлігін де мо- йындап, батасын алумен тынады. Осы айтысқа байланысты айқын аңғарылып тұрған үлкен бір нәрсе – Таутан қыз да, Қабан жырау да өз заманының білгір, салауатты жандары болған. Сондықтан бұл ақындарды зерттеушілер олардың оқи, жаза білген жақтарына баса назар аударуы жөн.

Айтыстың осы нұсқасының болмысына, құрылымына қарасақ, бұл айтыстың екінші, соңғы жартысы. Себебі, айтыс Қабан ақынның бата беруімен аяқталады. Ал бата, қандай жағдайда болмасын, айтысты түгелдей аяқтауға жеткен жерде беріледі. Демек, осы айтыстың бірінші жартысында, жұмбақты Қабан жырау қойып отырған-ау деп жорамалдауға болатын секілді. Себебі, Қабан ақын жасы үлкен, ер адам. Айтысушы Таутан қыздың өзі айтып отырғанындай, оның «әулиелігі де мәшһүрленіп» қалған кез. Оның үстіне, Қабан ақын Ұлы жүздің баласы. Ал, Ұлы жүздегі Жалайыр «ноқта ағасы» саналған. Жол – соныкі. Таутан – Орта жүз Арғын елінің қызы. Демек, бізге жетпеген бұл айтыстың бірінші жартысында айтысты Қабан бастаған.

Осы айтыстың кейбір жарық көрмеген бөлігін Шоқан Уәлиханов мұрасын зерт­теп жүрген ғалымдар оның Жетісу жерінен жазып алған жұмбақтарына байланысты қолжазбасынан тауып, көпшілік назарына ұсынған.

Тарихшы ғалым С.Өтениязов пен фольклоршы ғалым Қ.Алпысбаева 1992 жылы «Ана тілі» газетінің, № 27 санында Шоқан туралы мақала жариялап және оған қоса Шоқан мұрағатынан алынған жиырма шумақ жұмбақ айтысты қосымша берген еді. Осы жұмбақ айтысқа байыппен зер сала қарасақ, жұмбақ айтыс бір шумақ, екі шумақтан екеніне қарамастан, жүйесі бар, үлкен бір шығарманың жалғасы екенін көруге болады. Сөз саптауы, ұйқас, айтыс мазмұнына зер салсақ, осы бір үзінді Қабан жыраудың Таутан қызбен жұмбақ айтысының біз іздеп отырған үзінділері секілді. Бұған айтыс үлгісінің жоғарыдағы айтыспен мағыналық жағы, өлең құрылысы, сөз саптауы, тапқыр жұмбақтай білуі мен оны шеше білу шеберліктерінің астасып жатуы дәлел бола алады.

Кезінде, Ш.Уәлиханов Ұлы жүздің отыздан астам мақал-мәтелдерін, көптеген аңыз ертегілерін, ай­тыс­тарын, дастандар үзінділерін қағазға түсірген. Ол заңды да. Тезек төре Ордасында жиі болып, өмірінің соңғы жылын сонда өткізген Шоқанның Ұлы жүз ақындарының өлеңдерін, аңыз, ертегілерін жазып алмауы, Қабан, Бақтыбай, Түбек, Құланаян Құлманбет туралы деректерді естімеуі, талай ақынмен сөз таластырған Тезек төренің олар туралы Шоқанға айтпауы мүмкін емес.

Сондықтан да Тезек төренің атасы Әділ төре бас иіп, оң жағынан орын берген Қабан жыраудың дерегі жоғалып кеткен осы айтысының бір ұшы Шоқан жазбаларында болғаны күмәнсіз.

Ақындық ғұмырында кейде Қабан ақын, кейде Қабылиса атанып кеткен осы ұлы тұлғаның ақындығы жас кезінен байқалған.

Найманбайұлы Әжібайдің келіншегі Тұмаршамен Қабан жас шағында айтысқан. Мәлке қажының жазып алған мына бір жыр жолдары бұған куә:

«Он беске Қабан ақын келген жасы,

Өлеңге аударылған ықыласы.

Төгеді сөйлегенде сөз маржанын,

Артықша бозбаладан

                              мәртебесі» [5, 95].

Осыдан он бес жасының өзінде-ақ Қабан ақын жүрісі түзелген жүйрік– тей бабына келіп, бағын сынап, айтыс өнерінің аламан бәйгесіне түсе бастағанын байқауға болады. Айтыстағы сөз саптауынан оның бойында дарыны, жүрегінде жалыны бар екені байқалады:

«Әуелі сөз сөйлейін, йа, рахман,

Бұл тойға жұрт жиылды

                             жақсы-жаман.

Ауылға келін болып жаңа келдің,

Жеңеше-ау, сау жүрсің бе

                       есен-аман?» [5, 95], - деп, буырқанып бастайды. Осынау алты жолды алғашқы шумақтың өзінен-ақ жас жалынның алдындағы алқақотан қауымды да, қарсыласын да сыйлай білетін сыпайылығын, майда тілді майталманның әдептілігін, мәдениеттілігін, жөн-жосыққа жетік, тәлім көрген тәрбиелілігін танимыз. Сонымен қатар, ол осы жыр шумақтары арқылы жарасымды әзіл тастап, жасынды сөз ойнатып, ақындық арынын аңғартады. Ақындығы мен ақылдылығы жұптасқан жас қайқы аяқ тастасын одан әрі үдетіп:

«Өзіңдей жеңге көрсем пірім түсер,

Қыранмын ақ маралды

             алып ұшқан» [5, 97], - деп, айтысының соңына таман тіптен шабыттанып, жыр шумақтарын кесте-кестесімен төгеді. «Қыранмын ақ маралды алып ұшқан», - деп, айтыста өзін көтермелеп арыстанға, жолбарысқа, қыран құсқа теңейтін салтпен қиыннан қиыстырған өлең жолдарын алға тартады.

Он бес жасар жасөспірім ақын аузынан осындай ғажап сурет, көркем бейне көрініс табады. Осы бейнелі, ғажап теңеулер оның арқалы ақын боларының сол кезден-ақ көрініс бергендігінің белгісіндей еді.

С.Сейфуллин 1931 жылы шығарған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» ат­ты еңбегіне «Жалайыр Қабан ақын мен Қоянның айтысуы» атты көлемді айтыс үлгісінде жазылған мысал айтысын енгізгенін айтқан едік.

Қолына қаршығасын қондырған Қабан ақын, өзі мен көжектеуге жақын қоянның тілдесуін тірі өлеңге айналдыруы – өз заманының әділетсіздігін, күштінің әлсізге күш көрсетуін жырлаудың ұтымды жолы ретінде қолданылған әдіс. Бұл мысал айтыста ақын қолында билігі бар, білегі жуан, тірегі мықтының дәрменсіз пенделерге көрсетер әлімжеттігін мінейді. Қабан:

 

«Қасыңа, көкше қоян, барамын-ақ,

Қаршығамды көрсетіп саламын-ақ.

Қалың қара шеңгелге кіргеніңше,

Қаның судай ағызып аламын-ақ».

Қоян:

«Жеген теріскен кетпейді

                        тісімдегі,

Қызыққаның терім бе үстімдегі.

Ішімде жеті қоян көжегім бар,

Мен өлсем, ол да өледі-ау

                       ішімдегі!» [5, 109-110].

Осы бір өлең жолдарынан-ақ, Қабан ақынның ақындық өрісінің кеңдігін, ойының тереңдігін көреміз.

Қабан жыраудың тағы бір көңіл аударған үлкен мәселесі халқының көшпелілер мінезіне тән  өзіндік болмысын, соның ішінде бірлік, татулық елдің негізгі мақсаты екеніне  ерекше көңіл аударуы:

«Өтірік, өсек, ұрлыққа

Тыйым салып, берме жол.

Бір арнадан сөз шықса,

Береке мол, достық – сол» [5, 41].

М.Мағауиннің: «Қазақ жыраулары ХV-ХVІІІ ғасырлар шегінде бүкіл әлемдік мәні бар аса құнды әдеби мұра жасады» [6, 62], - деп, тебірене жазуына Қабан секілді жыраулардың осындай жыр жолдары негіз болған секілді.

Қазақ халқы «Өнер алды қызыл тіл» деп бағалап, би-шешендер мен жыраулар өнеріне ерекше көңіл бөлген. Шешендік өнер мен жыраулық бірге дамып, ара жіктерін өте жақын ұстады. Олар қазақ халқының тарихында мәнерлі сөзге, терең ойға, толымды толғанысқа құрылған шаһқар туындыларын асқан ірі шеберлікпен шыңдап, дүниеге алып келді. Канатты сөздері тұспалмен астасып, келелі һәм кемеңгер жолдары асыл сөз зергерлерінің тезінен өтіп, қатарынан озып шыққан зерделі де зерек, текті де түбірлі оралымның түбін түсірер ақын-жыраулар жалындаған от болды. Оларды халық қаһарлы хандардың қатал да өрескел әмірлеріне қарсы тұрарлық кемел ақыл иелері, адамдығы мол адал жандар, әділет пен ар-намыстың ажырамас жақтаушысы, зорлықшылдардан қорлық көргендердің сүйеніші, қара қылды қақ жаратын туғансыз тура биліктің, тұрлаулы төреліктің, шағылмас шындықтың хас жолында күресуші қайраткер деп білді.

Шешендік сөздер мен жыраулар поэзиясын салыстырған кезде, кейде мынандай мәселелер көзге түседі. Жыраулар шығармаларында ортақ ойлардың, даналық сөздердің астасып жатқан қалың қабаттары анық көрінеді. Мәселен, Бұқар жырауда:

«Жар басына қонбаңыз,

Дауыл соқса үй кетер.

Жатқа тізгін бермеңіз,

Жаламенен бас кетер.

Жаманмен жолдас болмаңыз,

Көрінгенге күлкі етер» [26, 99], - деген жолдар Қабан жыраудың мына бір толғауымен үндесіп жатқандығын байқауға болады:

«Киік қайда ойнайды,

Тауда тарғын болмаса?

Балық қайда ойнайды,

Балдырлы су болмаса?

Бұлғын қайда ойнайды,

Буалдыр саз болмаса?» [5, 75].

Кез келген көне шешендік сөздерге берілген анықтамаларға көз жіберер болсақ, шешендік сөздердің басты белгілерінің бірі бейнелілігі екендігі аталып көрсетілген. Шешендік сөздер тек ұйқасқа құралып қоймайды, сонымен қатар, әдеби көркемдеу тәсілдерін де барынша пайдаланады. Бұл Қабан жырау поэзиясындағы шешендік үлгілерінде де көрініс тапқан. Осы тұрғыдан келгенде, шешендік сөздерде ең мол қолданылатын ажарлау тәсілі – аллитерация мен ассонанстың Қабан жырау мұраларында да мол екенін көреміз. Мәселен, Қабан жыраудың төмендегі нақылдарына назар аударайық:

«Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,

Ел жеңіліп, етекті жау

                 басқан жерде.

Жаманға жазатайым ісің түссе,

Көңілі күнде оның

                 өр мен төрде» [5, 78],

немесе:

«Жігіт­ті шешенсінген, дауда сына,

Мақтаған қырандарды ауда сына.

Әркім-ақ тамақ тоқта үйде батыр,

Батырсынған жігітті

                  жауда сына» [5, 78].

Риторикалық тұжырым өлеңнің өрнек кестесіне әдемі ажар беріп, оның экспрессивті-эмоционалды бояуын күшейте түскен.

Дауысты дыбыстар Қабан жыраудың поэзиясындағы шешендік сөздерді айрықша ажарлы сипатқа ие ете алады.

 

Мысалы:

«Арғымақ сайлап не керек,

Артынан жабы жеткен соң?

Ағайын-туған не керек,

Аңлысып күні өткен соң?» [5, 42].

Кейде жырау толғауларында қатаң дауыссыз дыбыстардың үндесуі шегелеп айтар ақыл мен нақылды, тепсініп толғар тегеурінді күш-қуатты өте әсерлі береді.

Мысалы:

«Қайтеміз өте бермек

                     жалған дүние,

Қайғыға ор пендені салған дүние.

Кемтарды біреу – бастан,

                    біреу – малдан .

Опасыз бастан - аяқ

                   арман дүние» [5, 44].

Сонымен қатар, Қабан жыраудың шешендік сөздерінде ең көп қолданы– латын көркемдеу тәсілі ажарлаудың бір түрі – теңеу. Теңеуде суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді.

Мысалға:

«Болатұғын бозбала –

Сөзі жүмсақ жібектей.

Әркімге тиер пайдасы

Сары мойын үлектей.

Болмайтұғын жамандар –

    Олақтар шапқан күректей» [5, 57] , -

деп, теңеудің әдемі де әсерлі үлгілерін алға тартқан. Бір жағынан бұл жырда көркем тәсілдің тағы бір түрі әсірелеу (гипербола) де бар. Осы жерде ескертетін бір нәрсе – Қабан жырау өз туындыларында көркемдеу тәсілдерінің тек бір түрін ғана емес, бірнешеуін түйдектете, қатарынан қолданады. Ол шығармалардың құндылығын, тартымдылығын, әдемілігі мен әсерлілігін арттырады, тыңдаушыға ләззат сыйлап, құлағының құрышын қандырады.

Қабан жырау өз шығармаларында теңеу үшін дүниетанымға жақын заттар мен құбылыстарды мысалға алғандықтан, тыңдарман қауымның қабылдауын жеңілдетіп тұр. Теңеу сапасы, оның көркемдік қуаты жыраудың табиғи талантына, дүниетанымына, өмір тәжірбиесіне, тіршілік еткен ортасына, айтпақ ойына, авторлық идеясына байланысты. Мәселен:

«Жақсы қыз, жақсы әйел –

                        бір гауһар тас.

Өзінің мезгіліне келген соң жас.

Жәннат­тың пісіп тұрған

                       алмасындай,

Қол жетсе, қандай кісі

                      ләззат алмас.

Шекеде – кәмшат бөрік,

                     киген – асыл,

Шылдырлап алтын шолпы,

                    иықта шаш» [5, 62].

Қабан өмірдің өзекті бар мәселесі туралы толғайды. «Әр нәрсенің өзіндік өлшемі, арнасы, уақыты бар» деп, жырау негізгі ойын осылайша әсерлі жеткізген.

Қабан жырау басты назар аударған нәрсенің не болмыстың біразы толғау жолы аяғында айтатын ойының бірнеше дүркін қайталанып келуі. Мысалы:

«Ақынсынып не керек,

Болмаса ойы бек зерек?

Болмаса сөздің ұйқасы,

Ұқпаса ақыл не керек,

Болмаса ойда еш дерек?» [5, 43].

Қабан жыраудың осы ойларының келесі ғасырдағы жалғасын Абайдың «Өлең сөздің патшасы» атты өлеңінен көруге болады [61, 43].

«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін

                            айналасы» [43, 70].

Көріп отырғанымыздай, Абайдың өлеңге қойған ұлы талабын одан екі ғасыр бұрын өмір сүрген Қабан жырау толғауларынан да кездестіреміз.

Қабан жырау толғауының алғашқы тармақтарындағы сөз тіркестерінен жырау нысанаға алған негізгі обьект те айқын танылады.

Риторикалық сұраулы қайталаулар Қабан шығармаларында молынан кездеседі. Мысалы:

«Аурудың көңілін кім ашар?

Хал сұраған тең ашар.

Ат­тың көңілін кім ашар?

Жал құйрығын тараған,

Күніне жеті қараған,

Қадірін білген ер ашар» [5, 70-71].

Қабан жырау толғауларындағы кең ойлау тұрғысындағы қайталаулар риторикалық сұрақ күйінде келіп, жыраудың замана халін, өмір сырын білдірер негізгі ойын айқын танытуға қызмет етеді.

Қабан жыраудың көп толғауларында ауыстыру (метафора) мол қолданылады. Ауыстыру алынып отырған заттың не құбылыстың мағыналас, мәндес басқа ұғымдардың орнында пайдаланып, ойды ықшам да суретті, айқын да қысқа жеткізуге негізделеді.

Академик Қ.Жұмалиев «Абай поэзиясының тілі» деп аталатын еңбегінде құрылысы жағынан алғанда Абайға дейінгі поэзияда метафораның бес түрін ажыратқан [4, 216]. Бұл негізі ауыз әдебиеті мен ХVІІІ – ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетіне жасалған барлау, байыптаулар еді.

Қабан жыраудың мол мұрасынан да Қ. Жұмалиев айтқан бес түрлі жолмен жасалатын метафора үлгілерін түгел кезіктіреміз.

Қабан жырау толғауында:

«Құдаң жаман болса,

        арманың ішіңде кетеді,

Қызың жаман болса,

       жеті атаңның түбіне жетеді.

Келінің жаман болса,

       өсек сөзден қашақтап,

Сабыр менен жігерің

       дәл түбіңе жетеді» [5, 79], - деп толғайтын жыр жолдары бұл ойымызды толық дәлелдейді.

Салыстыра сурет­теп, мінез-құлқын, кісілік қасиетіне орай нақты адамға, не затқа балау арқылы ұғымды молайтып, әсерді күшейтуде метафоралардың «жаман» сөзі көмегімен жасалуы – толғау, термелердің дидактикалық-философиялық мазмұнын еркін, жеңіл жеткізерлік ұтымды тәсіл.

Қабан жырау шығармаларындағы алмастырулар күрделі, дамыған күйде кездеседі. Кейбір толғауларда шектес заттар мен себептес құбылыстарды олардың түрі, түсі, қасиеті, сапасы арқылы ғана ұғатын болсақ, дамыған алмастыруларда ұғым да ұлғая, күрделілене түседі.

Ұлғайған алмастырулар жыраудың сурет­теу, қиялдау қабілетінің кеңдігін, ойының ұшқырлығын аңғартады. Себебі, мұнда құбылыстар қауырт та қат-қабат қимылдарға, әсері күшті әрекеттерге ие болады. Сол әрекет нәтижесінде құбылыстың өзі алмаса келе, айқын ұғымға әкеледі. Арманың ішіңде кетуі – өкініш, жеті атаңның түбіне жетуі – сүйекке таңба түсіп, сөзге қалу, сабыр менен жігеріңнің түбіне жету – жүйкеге жүк түсіру, адам өмірінде көп кездесетін азапты пәлені қозғау екенін сөз түсінетін екі қазақтың бірі ұғуы да заңдылық, сірә. Бірақ, соларды шығарма табиғатына шынайы кірістіріп, оның идеясы мен мазмұнын ажарландырып, көркемдік тәсілмен танымды тереңдету шын шеберлік кепілі екені даусыз.

Қабан жырау толғауларында суреттеліп отырған шындыққа бедерлі, бейнелі, әдемі рең беретін, ашық айтпаса да, ой мен образды ажарлай түсетін, жайнап тұрған қызыл шоқ сияқты айшықты астарлаулар да бар. Бірақ бұл астарлаулар тирадада тұтастай тұспалдау, бірыңғай бейнелеу күйінде емес, өзге құбылыстармен қаз-қатар салыстырыла беріледі. Жырау шығармаларындағы астарлаулар символдық ұғымға жақындағанмен, таза символ емес, психологиялық параллелизмге келіңкірейді:

«Айналайын, шырағым,

Маңдайға біткен қыраным,

Көлге біткен құрағым,

Қара жер болды тұрағың.

Маңдайға біткен жұлдызым,

Иіскемей кеткен жалбызым,

Ойнамай кетті-ау балдызың,

Арманда кеттің жалғызым [5, 43].

Қабан жыраудың алапат әдеби әлеуеті мен көркемдік кестесі ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы жыраулар, ақындар поэзиясына мазмұн, пішін жағынан өзіндік үлес қосқан Дулат, Шортанбайлар секілді, Абай ғасырының алдындағы ұлы жыраулардың бірі болғандығын көрсетеді.

Ұлы суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов: «Қабан ақын өзімен айтысатын ақын отырған ауылға алыстан айбарланып, әндетіп келеді екен», - десе [1, 54], шежіре қарттар:

«Өлеңге қырғын туған Қабан ақын,

Маңына қандай адам

                 бара алатын?

Айтысамын деп келгендер

                даусын естіп,

Астынан алты қырдың

             жоғалатын» [5, 17], - деп,  сұңғыла сыр шертеді.

Көнекөз, кәріқұлақтардың айтуларына қарағанда, Қабан ақын он сегіз мың ғаламды, яғни, бүкіл жаратылысты бір жырлап кетсе, бірнеше айға дейін тоқтамайды екен.

Есейіп, ержеткен Қабан ақын қай жерде болмасын, халықтың қамын жеп, сойылын соққан. Ол өзінің заманына орай, соңынан ерген халқының ақыны да, батыры да, қамқоршысы да бола білген. Қайдәуірде болмасын жұрт ақындарды суырыпсалма шешендіктері үшін ғана емес, шыжғырып, шындықты айтып, ағайынды алыс-жақын деп алаламай, ауызбірлікке шақыруымен ел алдында абройлы болған. Сондықтан да жаугершілік сәт­терде қолбастап, жайшылық кездерде ақыл-кеңес, өнеге, өсиетке кенелткен ақынды халық қатты құрметтеп, бастарына көтерген.

Тумысынан зейінді жырау, зерек жыршы замана тынысын, өмір өзгерісін, қоғамның дамуын қалтқысыз танып, белгілі бір дәрежеде бағыт-бағдарын айқындап, болжамдар жасап отырған. Сол қасиеттері үшін халық сүйікті ұлын әсірелей мадихаттап, «Жырау», «Әулие», «Көріпкел» деп көтермелеген.

Қабан сынды қабырғалы, қарымды ақындардың асыл бір қасиеттері – сол мақтау, мадақтауларға мастанып кетпей, әу бастағы ұстанған жолдарынан таймаған.

ХІХ ғасырда өмір сүрген Бақтыбай ақын айтқандай, «инемен қара сөзді сабақтаған» Қабан ақын ел-жұртты имандылыққа, шариғат жолына шақырып, көп өлеңдер тудырғанына жоғарыдағы айтқандарымыз толық дәлел бола алады. Оның ислам дінін жетік білгендігін, сауаттылығын, өлеңдерін жазып та шығарғанын талай толғауларынан, өсиет өлеңдерінен аңғару қиын емес.

Қабан жырау поэзиясы ұлттық болмысымыздың қалыптасуында аса қуатты ықпалдылығымен ерекшеленетінін жоғарыда келтірген көп мысалдардан толықтай танып-білуге болады.

Қабан, жыраудың өмір құбылысын суреттеуде мол қолданған, ерекше алуан орайда келісті де, шебер пайдаланған көркемдік тәсілдерінің бірі эпитет.

Айқын шығармашылық даралығымен көрінген Қабан жырау жалпы жыраулық дәстүрлі шығармашылықты ілгерілетумен бірге, ауыз әдебиетінен бірте-бірте тіптен алшақ кетіп, поэзияның қорына ауқымды үлесін қоса отырып, болашақ суырып салма әдебиеттің жетілуін, жыраулық поэзияның ақындық поэзияға өтуін жеделдетті. Асан Қайғы атымен аталатын толғаулардан бастап, Қабан жырауға дейінгі суырып салмалық поэзияны шолсақ, осы қозғалысты, ілгерілеп, есеюді, сонымен бірге поэзия бойындағы жалпы тұтастықты, ортақ дүниетаным мен көркемдік ойлау, бейнелеу тәсілдерінің бірлігін бүтін болмысымен көреміз, танимыз.

ХV ғасырдағы Асан Қайғының Әз Жәнібек ханға айтқаны мен ХVІІІ ғасырдағы Қабан жырау толғауының арасында жалпы дәстүрлік жағынан да, көркемдік тәсіл жағынан да қаншама ҮНДЕСТІК, ҮЙЛЕСІМ,ҮРДІС байланысы барын былай қойып, түр, мазмұн мен мақсат жағынан да көптеген байланыстарды анық тануға болады. Бұның бірі – жыраулық суырып салма дәстүрдің ауыз әдебиетінен алғашқы бөліну тұсын білдірсе, екіншісі – оның бірнеше ғасыр бойы дами отырып, өзінің биік белесіне көтерілгенін көрсетеді.

Қабанның өз заманының ойы ұшқыр, сөзі ірі, талғамы биік ақыны болғаны жайлы  профессор, ф.ғ.д. М.Жолдасбеков: «Қабан кезінде өте ірі жырау болған, айлап айтса, таусылмайтын ұзақ эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған. Өкініші, соның ешқайсы да сақталып, бізге жетпеген, Сыпыра жырау тәрізді, Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген»,- деп, орынды ой түйеді [31,50-51].

Қабан жыраудың жыр-толғауларын топтап, айтыстарын іріктеп, жазушы Төлен Қаупынбаев  «Алтын қазық» (Алматы, 1993), Ораз Исмаилов «Қабан жырау» (Талдықорған, 1993), «Бабалар сөзі – даналық көзі» (Алматы, 1996), «Жыр атасы – Қабан жырау» (Алматы, 2010), Өмірәлі Қопабаев «Жыр атасы – Қабан жырау» (Астана 2011.) атты кітаптар шығарып, баба аруағы мен қазақ халқының мәдени мұрасы алдында  үлкен еңбек жасады. 2006 жылы филология ғылымының докторы, профессор  Сәрсенбі Дәуітовтың құрастыруымен «Дәуір» баспасынан жарық көрген  «Он ғасыр жырлайды» атты жинақта ақынның жырлары мен толғаулары жарияланды.

Жырдың біртуар бектербегі – Қабан (Қабылиса) жыраудың туғанына 325 жыл толуы қарсаңында тұрғызылған кесене-күмбезінің ашылу салтанаты 2010 жылдың 16 қазанында Іле өзенінің бойындағы Бақанас тас жолының  іргесіндегі Көкбастау бөктерінде өтті.

Қабан жыраудың 300 жылдық мерейтойына орай 1993 жылы ғылыми- практикалық конференция өткізіліп, Алматы облысы, Көксу ауданындағы Ақтекше ауылындағы орта мектепке  Қабан жыраудың аты берілді. Мұражай  ашылып, оның алдына талантты мүсіншілер Ж.Молдабеков, Н.Қойшыбековтің жасаған  ескерткіші орнатылды. Алматы мен Талдықорған қалаларында  көшелер де Қабан жыраудың есімімен аталды.

Ұлы жыраудың шашырап кеткен шығармаларын жинауда Жүнісбекұлы Нұржігіттің  (1903-1988) еңбегі ерекше болса, жырау мұраларын жинап, бастыруға, зерттеуге ерен еңбек сіңірген журналист О.Исмаиловтың (1940 -2012) атын айрықша атау да әбден орынды болар еді.

Кезінде ұзақ ізденіп, өте қымбат тарихи деректерге көз майын тауысып, терең үңілген жазушы, майталман жыраудың  елінен шыққан  Ұзақбай Доспанбетовтың  2000 жарық көрген «Қызыл жолбарыс» атты  роман диалогиясында  Ескелді би, Балпық билермен қатар Қабан жырау туралы да мәліметтер беріліп, жыраудың көркем бейнесі сомдалған.

Қабан жыраудың көптеген мұраларын жинастырып, сақтаған азаматтың бірі  Алматы (Талдықорған) облысы, Ескелді (Талдықорған) ауданы, Жетісу елді мекенінде тұрған азамат, ұлттық жәдігерлердің шын жанашыры Нұржігіт Жүнісбекұлы (1903-1987) екендігін жоғарыда атап өттік.

1993 жылы Алматы облысы, Көксу ауданында Қабан жыраудың 300 жылдық мерекесі ұйымдастырылып, 1992 жылдың 15 маусымында Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің № 527 қаулысы бойынша  Ақтекше ауылындағы мектеп  «Қабан жырау атындағы орта мектеп» деп аталып, есімі көшелерге берілді, мүсіні өзінің атымен аталатын мектептің алдына және тағы бір үлкен ескерткіші Ескелді, Балпық билермен бірге сомдалып, Талдықорған қаласына кіре беріске орнатылды. Мұражайы ашылды, ғылыми конференция ұйымдастырылып, ғалымдар, жырау мұрасын зерттеушілер пікірлерін ортаға салды.

Алып жыраудың атын ұлықтап, шығармашылығына құрмет танытып, кезінде Нұрғиса Тілендиев, Айтқали Жайымов, Әли Алпысбаев, Шолпан Қорғанбек және Арман Жайым сынды композиторлардың Қабан жырауға арналған күйлері мен әндерін де  ұлы бабаға қойылған ескерткіштердің бірі деп санаған жөн болар.

Қазақтың біртуар композиторы, дәулескер күйшісі Нұрғиса Тілендиевтің сонау ерте кездерден-ақ  ұлы тұлғалар ретінде танып, Қабан жырауға, оның қызы Қоянкөзге күйлер арнауы бекер емес шығар. Нұрғиса ағамыздың үйіндегі, қазақ өнерінің жарық жұлдыздарының бірі, Дариға Тілендікеліні болса, Қабан жырау туған елді мекеннен  және руы Қабан ақын шыққан Мырза елінен екенін ескерсек, саз өнерінің саңлағы
Нұрғиса Тілендиев­тің ұлы баба есіміне ертеден қанық болғанын жазбай танитындығымыз да анық.

2017 жылы 1-5 сәуір аралығында Астана қаласында  Қабылиса Асанұлының шығармашылығына арналған үлкен іс-шара өтті. «Жыр атасы –  Қабан жырау»  атты  бірінші  Республикалық жыршылар байқауының мұндай ауқымды шара түрінде, көптің көңілінен шығар форматта өткізілуі де баға жетпес туындылары ұлттық руханияттың алтын қорында сақталатын сайыпқыранның аруағына тағзымның озық үлгісіндей болды.

Қабан жырау – халқын бар жанымен емірене құшып, елжірей сүйген заңғар тұлға. Оның туындылары бәрімізді биік парасаттылыққа, ынтымақққа, имандылыққа шақырады. Ақынның толғауларын оқыған сайын, бойымыздағы бар мінімізді айнадан көргендей күй кешеміз. Сол сәтте байқаған барша олқылығымызды жөндегіміз, көңілімізді ағартқымыз, пейілімізді тазартқымыз келеді. Алып ақынның  шығармалары осындай бірегей қалпымен, қайталанбас ерекшелігімен ірі, оның дәуірлер үнін жеткізіп тұрған тұмса табиғаттың төл перзентіндей өлеңдері асыл негізді тастардай, құнын жоғалтпас інжу-маржан мен көз жауын алар лағыл-гауһарлар іспетті ғасырдан-ғасырға жарқырай жете берері даусыз. Асанның ұлы һәм Алаштың абызының арда есімі өз халқымен бірге мәңгі жасай бермек!

Анарбай Сағиұлы  Бұлдыбай,

ф.ғ.к., профессор


«...Қара үзіп шыққан Қабанмын,

қалай да қалам тебіренбей?!»

                                         Қабан жырау

Кемеңгердің кескіні

(толғамдар мен пікірлер)

ЖЫР ЖАМПОЗЫ ЖАЙЫНДА...

Қабан ақын дейтұғын

Менің пірім болады.

Он сегіз мың ғаламды

Өлеңменен жырлаған.

 Бақтыбай ақын

Жалайыр Қабылисаны еркелетіп,

Қабан деп жас кезінде қойған атын.

Кейіннен халқы оны құрмет етіп,

Қадірлеп Ақын Ата деп те атапты.

Басқадан ол кісінің сөзі құнды,

Қабекең өзі ақын, өзі ардақты,

Біледі қазақ біткен оның атын.

Ақын Сара 

Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,

Бас иген ұлы жүзде тәмам ақын.

Нағашысы – Жалайыр Қабан еді деп,

Жамбыл атам айтатын маған атын!

Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау,

Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.

Жиені – Сарбас ақын сөйлерінде,

Әдеті мұртын қағып, құлақ бұрау.

Кенен Әзірбаев 

Ал, сөйлейін, сөз тыңда,

Жүйрік пе озбай терлеген?!

Тілдіде ешкім жеткен жоқ

Кешегі біздің Қабанға,

Шарпуы тиген маған да.

Қалқа Жапсарбаев

Жалайыр Қабан ақын әдетте өзімен айтысатын ақын отырған ауылға айдаладан әндетіп келеді. Ал, Шашубай болса, гармонын ат үстінен тартып, алыстан айбар шегіп келеді. Осының бәрі – айтыс ақындарының өздерін топқа айбынды етіп таныту тәсілі...Және қарсы ақынды үркітіп, қобалжытып, жауап сөзден жаңылтудың амалы болады.

Мұхтар Әуезов 

Менің білуімше, жалайыр ішінде үш әулие болған. Олар: Қабылиса, Ескелді, Балпық.

Сәбит Мұқанов 

Халқымыздың ғасырлар қойнауынан маржандай түзіліп шыққан жыршылық өнері – өлшеусіз байлық. Жыраулар шоқжұлдызы ішінен Қабан жырауды айрықша атар едік. Өзі ақын, өзі жыршы, әрі айтыскер ақын, кейінгі ұрпаққа қалдырған бай мұрасының ауқымы кең, тақырыбы терең, елдікті, ауызбіршілік пен адалдықты шегіне жеткізе жырлайды. Философиялық салмақты толғаулары сан-салалы. Батырлығы мен көсемдігі, әулие-көріпкелдігі бөлек бір зерттеуді қажет етеді.

Рахманқұл Бердібаев

Импровизатор ақындарда өзі табынған ақынға еліктеу әдеті қалған. Қабан – Сүйінбайдың да, Сарбастың да нағашысы. Сүйінбайдың, Сарбастың, Кененнің жыр айтарда аспанға қолын сермеп, құлақ бұрауы сол Қабаннан қалған. Қабан кезінде өте ірі жырау болған, айлап айтса, таусылмайтын ұзақ эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған. Сыпыра жырау тәрізді Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Қабан жырау – өзіндік өрнегі бар айтыс өнерінің керуенін түзген ақын.

Мырзатай Жолдасбеков

XVIII ғасырда ұлы жүз ішіндегі Жалайырдан шыққан аса көрнекті қайраткер Қабылиса өр мінезімен, өжет батырлығымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісінде-ақ Қабан ақын атанған. Ол ел басшылары Ескелді, Балпық билермен қатар «әулие» деген атқа ие болған. Өйткені, әр жерде шашырап, көшіп-қонып жүрген жалайырлардың басын қосып-біріктіруде, тұтас бір ел етіп топтастыруда оның еңбегі, қажыр-қайраты үш ғасыр бойы аңыз-әңгімеге айналған.

Бек ТОҒЫСБАЕВ

...Сонау «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында өмір сүрген Қабан (Қабылиса) ақын жайында кейбір әдебиет зерттеушілері болмаса, көпшіліктің біле бермегені ақиқат. Ал, бұл бабамыз Сүйінбай сияқты сүлей ақынға ұстаз болған. Сүйекең болса, күні кешегі Жамбыл бабамыздың ұстазы емес пе еді?! Демек, бұл жерде ұрпақ сабақтастығы ғана емес, ұлылықтың да сабақтастығы жатқан жоқ па?!

Бексұлтан Нұржекеев 

Қабан жырау – көне заманның патриархалдық-рулық қоғамының перзенті деңгейінде қалып қоймай, қажетті  тұстарда өз ойларын ірікпей, бүкпей, бұрқ-сарқ ақтарып салатын адуынды ақын болған.

Ораз Исмаилов 

Қабан (Қабылиса) бекерден-бекер жырау деп аталмаған. Жыраудың мағынасы сарқылмайтын жырды айтатын адам дегенге келеді. Бұл шынында да солай болған. Бізге жеткен аз деректердің өзінен ол кісінің  күнді түнге, түнді таңға ұластырып жырлаған үлкен жырау болғанын біліп отырмыз. Үлкен эпик ақынның стилін аңғару қиын емес.

Сәрсенбі Дәуітов 

Қабан (Қабылиса) жырау қазақ әдебиетінің ірі өкілі, жұлдызды жырауы, батыры ғана емес, іргелі қоғам және мемлекет қайраткері. Өзінің терең қатпарлы жалынды жыры, қара орман жұртшылықты сүттей ұйытар салмақты ойы, ұшқыр да нақыл сөзі, қағидаттарымен берекесіз бытыраңқылыққа ұшыраған халқымызды бір тудың астына біріктіруге, Абылай сұлтанның абыройын асыруға өлшеусіз үлес қосты. Түркістан төрінде Абылайды ақ боз атқа қондырып, барша қазақтың ханы етіп сайлауға мұрындық болды. Алаштың ардақты туын көппен бірге желбіретті.

Өмірәлі ҚОПАБАЕВ

Бұқар жырау мен Қабан жыраудың ар-намыс пен арсыздық жөніндегі идеялары олардың адамгершілік философиясы секілді қазақ халқының ізгі дәстүрлерін дамытып, байытуда зор маңызға ие болды.

Алмагүл Қанағатова

Аласапыран, астаң-кестең кезеңде, яғни, XVІІІ ғасырда өмір сүрген, халық арасында «Абыз ата», «Ақын ата», «Әулие ата» атанған Қабан (Қабылиса) Асанұлы Алаштың туын жоғары ұстап, рухын асқақтатқан, даланың данагөйі болған танымал тұлға.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлынан қалған жыр жауһарларына қарап отырып, оның адам жанына терең бойлап, замана сырын жетік толғаған толымды тұлға болғанын аңғарамыз. Мәңгілік өнердің тозбас тақырыбын таба білген ойшыл ақын жырларында қозғалған мәселелер бүгін де өзекті. Бұл – жырау жүрегінен төгілген жұпар жыр бүгінімізге де қызмет етіп жатыр деген сөз. Ендеше, өлең өнерінің биік өркеші саналатын жырауларымыздан қалған құнды дүниелерге сергек болайық, мөлдір тұмадай тұнығынан ауық-ауық сусындап отырайық, ағайын. Осы қатарда Қабан жыраудың да ой-қазынасын оқырманмен қауыштырып отыру – көңілі сергек қауымның қастерлі парызы болмақ.

Абзал БӨКЕН

Өз заманында әз данасы мен сазды даласын сондай қымбат санаған сыршылдың ырғақты жырлары көптің көңіл төрінен орын алған. Құсни жырдың құдыретіне сый, құбыла заманның құрметіне ниет, қуалай самалды құба даласына құландай аунаған ұлы шешеннің шебер шумақтарында: «Ел қымбат, жер қымбат, ана қымбат, бала қымбат, жар қымбат, ар қымбат» деген қисынды ұлағаттар бар. «Барлы, барлы, барлы Тау...», «...жер ойпаңы білінбес...», т. с. с. түрлі тұмарлы (tuma uer) сипатымен қарлы таудың қанжар сүмбіріне қарап, қанатты жырымен шірге сүңгіген сирек ақындардың қатарында тұр. Бүгін осынау үр қималы қиссагер, шын шебер – Асанұлы Қабылиса  жырау, асыл мір!

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ

Күллі Жетісудің ақын-жыраулары ұстаз, үлгі тұтқан Қабылиса – Қабан ақынның әдеби мұрасы бізге там-тұмдап қана жеткенімен, осы қолдағы бардың өзі жыр алыбының құлашын кең сермейтіні, қазақ халқының сөз өнері мұрасына қосылған қомақты үлесі екендігі дау туғызбайды. Бұрындары беті ашылмай, қолданысқа кірмей қалған жыраудың мұрасын еліміздің тәуелсіздік алған кезеңіндегі қайта маздаған шырақтардың бірі деп қабылдауымыз керек.

Заманбек ӘБДІШЕВ

ЗАМАНА СЫРЫН ТОЛҒАҒАН

Әріден келе жатқан қазақ сөз өнерінің асу белі, асқар шыңы ақындар мен жыраулар шығармалары екенін көзіқарақты қауым жақсы біледі. Әсіресе, жаугершілік заманда да, бейбіт кезде де жыраулар институтының қоғам өмірінде атқарған рөлі зор. Олар естір құлақты адалдыққа, адамгершілікке,

ар-намысқа үндеді. Сонсоң барып, батырлыққа, ел қорғауға, жер қоруға шақырды. Өйткені, жүрегінде адалдығы, ар-намысы бар адам ғана әлгіндей отаншыл сезім, оқыс ерліктерге бара алатынын

олар жақсы білуші еді.

Осы орайда, он сегізінші ғасырда өмір сүрген Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы, замана алдында жыраулық парызын ауқымды да адал атқарған алып тұлғалардың ең аяулы өкілдерінің бірі дер едік. Әділетке келгенде бетің бар, жүзің бар демей, жарып айтып, жарқылдап сөйлейтін бірбеткей мінезіне қарап, оны замандастары Қабан жырау деп атықтырған екен. Өрген өлеңдері мен терген айтыстарына қарап отырып, атақты сөз шеберінің ақылға кеніш, білімге бай екенін аңғарамыз. Ол – қатардағы көп ұйқасшылардың бірі емес. Айтарын ойға орап, сезімге бөлеп айтатын бекзат өнердің хас шебері.

Жырау өзінің бақыт туралы егіз өлеңінде оның берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы мен отанға қонақтайтынын жанды мысал, жалаулы жағдаяттармен жеткізеді. Сұрақ-жауап формасында құрылған қос өлеңде автордың түрлік ізденістерге де көңіл қойғанын аңғарамыз:

«Бақыт, қайдан келесің?

 – Мекендеген жауыздық,

   Салынбаған ауыздық,

   Масқара елден келемін», - деп, дегбірі қашқан ол, қайда барып қонақтайтынын:

«Бақыт, қайда барасың?

 – Соғысқұмар ойы жоқ,

    Ұлан-асыр тойы көп,

   Бейбіт елге барамын», - деп түйіндейді. Қос өлеңнің де түрлік жағынан жаңаша тыныстауы барлық шумақтың да ортадағы қос жолдың жаңылмай жұптасуымен көрініс береді.

Ақын жырларына қарап отырып, қай заманда да «бірлік бар жерде – тірлік бар» категориясы күн тәртібінде болғанын, мына жолдардағыдай:

«Ауызбірлік бар жерде

Жететұғын мұрат бар.

Ауызбірлік жоқ жерде

Қиянатты қият бар.

Ұяттың иман қабы дер,

Имандыда ұят бар.

Ешкімнің хақын жемеңдер,

Артында оның сұрақ бар», - деген ғибратты сөздердің бүгін де өзекті екенін аңғарамыз.

Шын ақылмандардың ауыл маңын шиырлай бермей, алты алаштың қамын жейтінін жақсы білеміз. Қабан жырау да ежелгі ақындар үрдісіне сай, елге өнеге айтып, үлгі таратумен ғана шектеліп қалмай, ұлық ұлтының мінезіне, жан-дүниесіне, қадір-қасиетінің сапалық өзгерістеріне де жіті көңіл аударып отырудан жаңылмаған. Өйткені, үдей соғатын уақыт екпініне қарай бір кездегі ірі мінездің ұсақталып, кесек қимылдардың қиыршықтала бастауы қиын емес. Соны дер кезінде байқап, сын тезіне салып отыру – сарабдал сана иелеріне тән қасиет. Бұл орайда, қоғам мінезін тануда көңілі зерек жырау төл шығармашылығында үнемі сергектік танытқанын байқаймыз. Әсіресе, оның «Халықпыз  – біз, қиынбыз» өлеңі қазақ мінезінде пайда бола бастаған майдалық, ұсақтық, ұстамсыздық секілді шетін ғадеттерді дер уақытында шенеуімен құнды. Алты аяқ өлшеміне құрылған өлеңнің түрі де оқуға ойнақы, ұғуға жеңілдігімен жаныңа жақын. Өлең жеке адамның емес, жалпы қауымның келбетіне көлеңке түсіретін келеңсіздіктерді бүкпесіз жайып салады. Мұны туындыны тұтас оқысақ, толық сезінер едік. Бірақ олай етуге, жер – тар. Мына бірер шумағымен шектелсек дейміз:

«Үйден үйге жететін,

Демде тарқап кететін,

Үйірілген құйынбыз.

Өткел тапқыш төтеден,

Даурығатын өте кең,

Ру жиған жиынбыз.

Шымбайына ері тар,

Арқалы боп көрінер,

Оза алмайтын миыңбыз.

Тектілік пен тексіздік,

Ептілік пен епсіздік

Тең түсетін үйіңбіз.

Қасиетті ғып жандыққа,

Қанықтыра алдық па,

Дін мұсылман иін біз?!

Тусырап бір тойғанға,

Шеттедік ну ойдан да,

Жағасы кір киімбіз...

Халықпыз  – біз, қиынбыз».

Қарап отырсақ, қай заманның да қасіреті осы өлеңде келтірілген келеңсіздіктер екенін байқайсың. Жырау заманнан заманға жалғасып, ұлттың кескініне көлеңке түсіретін кеселдің диагнозын дәл қойған. Өйткені, содан бері үш ғасыр өтсе де қазақтың үйірілген құйын, ру жиған жиын, оза алмайтын миың болып келе жатқаны өтірік емес. Мынандай көріпкелдіктен кейін жыраудың көзі тірісінде-ақ әулие атануына таңданудың өзі артық болар.

Әрине, ілгеріде өткен ақын-жыраулар шығармашылығының негізгі өзегі – халқына ғибрат айту, адалдық пен арлылыққа баулу, кісілікке үндеу болғаны белгілі. Бірақ мұны жалаң үгітпен шатастырмаған жөн. Мұндай ғибрат­ты тәрбие бүгін де зәру мәселе екенін мойындауымыз керек. Осы аса ауқымды тақырыптар тұрғысынан алғанда, Қабан жыраудың «Білгендерден ғибрат ал», «Не қиын?», «Не қымбат?», «Кім жақын?», «Дүниеде не жетім?», «Өсиет», «Барлы, барлы, барлы тау» секілді сүбелі туындылары замандастарының заңғар қасиет­терін қалыптастыруда өнегесі мол мектеп болғанын атап өткен жөн.

Қабан жырау айтыс өнерінің де өрен жүйрігі болған. «Қабылиса мен Таутан қыздың жұмбақ айтысынан», «Қабан мен Тұмаршаның» сөз қағысынан са-йыпқыран сүлейдің дін, дүниетаным ғылымдарын терең меңгергенін, заманының ойшыл қайраткері болғанын аңдаймыз. Айтыста тұлғалы ақынға тосыннан сұрақ қоятын Таутан қыз да осалдардың қатарынан емес. Зерек қыздың зеңгір аспаннан, немесе жеті қат жер түбінен суырып алғандай тылсым сұрақтарына Қабан жырау бір сәт мүдірмей, жыр кестесін келістіре жауап беріп отырады. Сөз сайысының тұла бойынан екі жақсының бір-бірінің қадіріне жеткені, айтыс мәдениетін барынша биік сақтағаны байқалады.

«Қабылиса мен Таутан қыздың» жұмбақ айтысын осы жанрдың мейлінше көркем үлгісі деуге негіз бар. Өйткені, мұндағы сұрақ  – ойлы, жауап  – дәл. Кейде шаппа-шап жауаптасуда орын алатын жыр селкеулігінен де ада. Бір сөзбен айтсақ, техника  – тастай. Дәмін татып көрелік:

Таутан:

Бір көлге жиырма төрт қонар үйрек,

Әрі-бері айналдырсаң, қалар сиреп.

Ішінде жалғыз туған біреуі бар,

Тұрады соның бәрін жалғыз билеп.

Қабылиса:

Үйректі осы көлге адам қояр,

Біреуін бірі тістеп, басын жояр.

Кем ақыл сен білмесең, мен айтайын,

Үйрегім жиырма төрт дойбы болар.

Таутан:

Ерте оқимыз намазды, кеш оқимыз,

Әр күнде бұл намазды бес оқимыз.

Ақын болсаң, жұмбағым шешіп берші,

Он екі айда намазды неше оқимыз?

Қабылиса:

Сіз де оқисыз намазды, біз де оқимыз,

Уақыт жетсе, намазды түзде оқимыз.

Сен білмесең кем ақыл, мен айтайын,

Намазды мың сегіз жүз жылда оқимыз.

Әділіне келейік, ақындардың ақылға алғыр, қисынға қырғи екені осы бір үзіктен-ақ көрініп тұрған жоқ па?!

Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлынан қалған жыр жауһарларына қарап отырып, оның адам жанына терең бойлап, замана сырын жетік толғаған толымды тұлға болғанын аңғарамыз. Мәңгілік өнердің тозбас тақырыбын таба білген ойшыл ақын жырларында қозғалған мәселелер бүгін де өзекті. Бұл – жырау жүрегінен төгілген жұпар жыр бүгінімізге де қызмет етіп жатыр деген сөз. Ендеше, өлең өнерінің биік өркеші саналатын жырауларымыздан қалған құнды дүниелерге сергек болайық, мөлдір тұмадай тұнығынан ауық-ауық сусындап отырайық, ағайын. Осы қатарда Қабан жыраудың да ой-қазынасын оқырманмен қауыштырып отыру – көңілі сергек қауымның қастерлі парызы болмақ. Сонда ғана уақыт айнасына бейнесі түскен асылдарымыздың жүзін тозаң шалмасы анық. Сөз соңында айтарымыз – ақыл шамындай айналасына самала сәуле төккен жыраулар мұрасы жасай берсін.

Мұны – біз ғана емес, кейінгі ұрпақ та «ұлық аманат», - деп ұқса игі.

Абзал БӨКЕН,

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


ӨРЕЛІ ӨЛЕҢ, ӨМІРШЕҢ ӨНЕГЕ

                                                                  «...Кейінгі қалған ұрпақтар,

                                                                  заманға жақсы тұрақтар!»

 Қабылиса Асанұлы.

Достық пен татулық – егіз ұғым. Ынтымағы мен бірлігі өзара жарасып, игілікті істе жұдырық болып жұмылған, ұлттар мен ұлыстар арасында алауыздығы жоқ ел – бақытты ел деп саналады.

Әр ұлт, қай елде өмір сүрсе де бейбітшілік пен ашық аспан астында, бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды армандайды.

Өйткені, татулық пен өзара келісімде өмір сүріп, бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен елді «бақыт» өзі іздеп келеді екен...

Қазақ даласында, жер жәннаты  – Жетісуда 1733-1824 жылдар арасында өмір сүріп, сөз бастаған шешен, ел басқарып, соңынан қол ерткен батыр Қабылиса (Қабан) жырау жасынан ел-жұртына өнегелі өмір сүруді насихаттап, жыр арнаған. Даналық ойларымен бөлісіп, халқына бағыт-бағдар берген тарихи тұлға. Бақытты өмір сүрудің «кілті» неде екенін былай деп түсіндіреді:

«Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын...»

Бабаларымыздың мұндай жырлары талайдың санасына сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт екені сөзсіз.

Адамдар арасында бірлік болса ғана ынтымақтасып, тату-тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде бірлікке қол жеткізуге болатынын әр азамат жақсы түсінуі керек.

Өз кезегінде халқының қамын жеген Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана»,деп, ынтымақ пен бірлікке үндеген.

Ал, ынтымақ пен бірлікке апаратын жол – халықтың өзара тату болуында ғана жүзеге аспақ. Оны бүгінгі әлемде орын алып отырған, адамзатты қайғыға салып, қиындыққа душар еткен қырғиқабақ соғыс өртінен көріп отырмыз.

Дана халқымыз: «Татулық – табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп», - деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ», - дегенді.

Татулық бар жерде береке жүретінін тарих әлдеқашан дәлелдеген. Осы орайда, татулық, достық, жақсылық, ізгілік, мейірімділік сынды ізгі қасиеттерді ұлықтауда «Қазақстан халқы – біртұтас елміз!» - деп айту әбден орынды.

Асыл дініміз Ислам күллі адамзат­ты ынтымақ пен бірлікке, бейбітшілік пен келісімге, төзімділікке шақырады. Сондай-ақ, елдер арасындағы кикілжіңдер мен соғыстарды доғарып, бүтіндей адамзат баласын достық пен тату-тәтті өмір сүруге бағыттайды.

Отбасы құндылығын сақтау-бүгінгі таңдағы өзекті мәселеге айналып отыр.

Некелік одақтың құламауы, отбасы сыйластығының мызғымауы, діңгегінің беріктігі мен бақытының баянды болуы ерлі-зайыпты екі адамға да байланысты.

Ұл бала бойынан әкенің тәрбиесі жіті көзге түседі. Қазақ отбасында отағасының орны ерекше саналған. «Әке – асқар тау» деген даналық сөздің маңызы өте терең. Асқар тау қандай биік болса, әкенің болмысы да рухани биіктікте болуы керек!

Нәтижесінде, әкені айрықша құрметтеу сезімі отбасылық дәстүрді бекітеді.

Отбасы мүшелері арасында жарастық тамырын жайғанда ғана мерейлі шаңырақ шат­тыққа кенеліп, қоғамға сыйлы болады.

Адамзатты өмірге әкелген ана өзінің ақыл-парасатымен әлемге шуақ нұрын төгіп, тыныштық пен бірліктің, бақыт пен берекенің шамшырағын жағып, өз отбасының сүт­тей ұйыған ынтымағын жарастырады.

Бәрі де күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, алайда, бес саусақ бірдей еместігі көңілімізді қынжылтады.

Кейбір отбасында жанжалдың соңы ажырасумен тынып, екі оттың ортасында бейкүнә перзенттердің тағдыры талқыда қалады. Бұл қазір қоғамдағы «бітеу» жараға айналды.

Шаңыраққа шуақ төгіп отыратын әжелер, аналар, әкелер мектебі осындай сәтте бағыт-бағдар беріп, жас жұбайларға бағдаршам болуы тиіс.

Жақын жандардың ортақ көзқарасы мен сыйластығының бір арнада тоғысуы – отбасын бақытқа бастайды.

Осындайда заманында дүлдүл атанған Қабан жыраудың «Бақыт қайда барасың?» толғауының мәні зор:

«...Бақыт, қайда барасың?

Ата-анасын сыйлаған,

Ұйымшылдық ойлаған,

Тату жанға барамын.

Бақыт, қайда барасың?

Өсірген жақсы баласын,

Сыйлаған ата-анасын,

Көргенді ұлға барамын.

Бақыт, қайда барасың?

Бал-бұл жанған көрікті,

Ұл мен қызы серікті,

Берекелі үйге барамын».

Бақыт – береке мен ізгіліктің тұрағы десек, бақытты болу  – әр адамның игі мұраты болмақ!

Бақыт құсы қонақтаған, жүрегіне берік сенім ұялап, мерейі тасыған қазақтың шаңырағы көбейе берсін!

Татулығы өзара жарасқан, Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы баянды болғай!

Қасымхан БЕГМАНОВ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


 ӘУЛИЕ ЖЫРДЫҢ ӘНДІГЕРІ

Қазақтың жыраулық рухты ғұмырының ұзақтығы, беріктігі, бедерлілігіне ештеңе жетпесі һәм теңдесе бермесі кәміл. Ежелгі дәуірден бері қарайғы ақпа жыраулық, еспе дыраулық, тіліп түсер жыр егелерінің түрені қалды бізде. Аз емес, құнды. Батыстық кеппен біз оны «импровизатор» (итал. improvisatore) деп жүрміз. Қарапайым қазақы мағынасы – суырып салма, тапқырлық. Жалпы, сөз ұстагерлерінің миы – тілінің ұшында тұнған ел қазақ қана. Тұтқиылдан тура айтады, турап айтады, жайықтап келіп, байыптап қайырады, тұла бойыңа тарап, тұңғиық тереңіне батыра кетеді. Ерекше сел жырлар. Теңіздің толқуындай әсіре биік, аламан ойлар түрені. Даланың өзі ұлы далай (мұхит), зеу ұланауи теңіз секілді. Сағым ойнаған ұланғайыр далада ақ бөкен жырды қайқайта қайырған жыраулардың үні біздің өткен 6-7 ғасыр қойнауында жатыр. Қазақ даласы – әулие тінді, әлди жырлы әділет пен ғаділет рухтылардың мекені. Мінекей, солардың бірегейі Қабан жырау атымен ұлы даланың көмбесінде мәңгі қалған дара, кен кеуделі әулие – Қабылиса Асанұлы (1733-1824). Жалайыр тайпасынан жаһанға мәшһүр болған – «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» Шыңғыс қағанның төрт ноқайының бірі өз тұсында іргелі Жин патшалығын егелеген  Мұқали (1170-1223) баһадүрдің,  мүмкін,  кейінгі  ұрпақтарының бірі.  Қалайда, жалайыр Асанның дауылпаз ұлы, асылдың сынығы екені шүбәсіз!

Өз заманында әз данасы мен сазды даласын сондай қымбат санаған сыршылдың ырғақты жырлары көптің көңіл төрінен орын алған. Құсни жырдың құдыретіне сый, құбыла заманның құрметіне ниет, қуалай самалды құба даласына құландай аунаған ұлы шешеннің шебер шумақтарында: «Ел қымбат, жер қымбат, ана қымбат, бала қымбат, жар қымбат, ар қымбат» деген қисынды ұлағаттар бар. «Барлы, барлы, барлы Тау...», «...жер ойпаңы білінбес...», т. с. с. түрлі тұмарлы (tuma uer) сипатымен қарлы таудың қанжар сүмбіріне қарап, қанатты жырымен шірге сүңгіген сирек ақындардың қатарында тұр. Бүгін осынау үр қималы қиссагер, шын шебер – Асанұлы Қабылиса  жырау, асыл мір!

Біздің эрамыздан бұрынғы V– IV ғасырларда өмір кешкен Күнзі (Конфуций) ұлағаттарында дәл осындай хикметтер бар. Ұқсастығы – аламан... Мысалы, Күнзіде: «Бала – уғызы, ана – уызы, баба – уағызы, дана – уағызы, дала – уағызы» деген секілді пәлсафалық жырлары дағуатталған еді. Егер, Қабылиса әулиенің мұралары түгел қалса ше? Ғасырға таяу ғұмырындағы құндылықтары түгел мұраланса, қандай керемет болар еді?! Бұны біз емес, әйгілі Біржан салмен айтысқан ақын Сара апамыз да таңғажайып «тау мұраған...» маңғаз жырларына қоса кеткені бар. Ақын Сара аруана көмей апамыз дара дала жырының арғымағы, салиқалы саздығайым Біржан салмен айтысқан арда-сайыс жолында һәм басқа бір ерен орталарда Қабан жырауды киелі жырау, іргесі кең мырза елінен шыққан  жыр иесі, әулиекеуіл әндігер санайды, құрметпен септеп, әз әуезіне қосады. Тауман қызбен айтысқан тәуменді сөздің зергері, тұғырында тұрған шағында Тұмаршамен тұнба жырды тулата білген туабітті бұла айтыскерді ақын Сара арда тұтқаны – осыдан. Кең айбынды, кемел жырларымен ел сөзін айтып, бүткіл жұртқа өз үнін тыңдатқан Қабан жырау өз заманы Жоңғардың жойқын жаугершілігі, сойқан шапқыны кезіне дөп келген кезеңде елді елдік пен бірлікке шақырған ақылман екен. Тағылымы күшті тамшыдан өрген мөлтең-мөлдір ақық жырларымен ел-жердің жан-дүниесіне күшті әсер еткен әсіре тапқыр, таланды әулие,, дүр көмей жампоз болғаны мәлім өз заманында. Кенен Әзірбаевтің кемел сөзіне арқау болған арқалы ақын:

«Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,

Бас иген Ұлы жүзде тәмам ақын.

Нағашысы Жалайыр Қабан еді деп,

Жамбыл атам айтатын маған атын!»

Иә, солай. Қазақтың Қабан жырауы!

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ

Ақын, Моңғолия Мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер, «Алтын жұлдыз» орденінің иегері


ХАЛЫҚТЫ НҰРҒА ТЕҢЕП, ЖЫР ТЕРБЕГЕН...

Егемен еліміздің Тәуелсіздігі қасиетті ата-бабаларымыздың сан ғасырлық қажыр-қайраты мен ерен ерлігінің арқасы екені белгілі. Халқымыздың ұлттық ерекшеліктерін: кең байтақ жерін, тілі мен ділін, киелі салт-дәсүрін сақтап, еңсесін жоғары ұстауына кемел ойлы, шешен тілді ақын-жырауларымыздың да қосқан үлестері ерекше атап айтарлық. Ұлы даламыздың дана тұлғалары өздерінің өлең-жырлары мен толғауларында елдің мұңын мұңдап, арман-мақсат­тарын аманат тұтты. Сондай жыр алыптарының бірі – ақын әрі батыр Қабан жырау, яғни, Қабылиса Асанұлы деуге әбден лайық.

Заманның бейбіт әрі берекелі, ел келешегінің алаңсыз болуын асыл текті бабаларымыз өзара ауызбіршілікпен, ұрпақ бойындағы парасат және өнер-біліммен тығыз сабақтастықта жырға қосып, ұрпаққа ұлағат ретінде ұсынады. Қабан жыраудың өмірі мен шығармашылық жолын зерт­теушілердің жазуынша, ел жадында жүрген біртуар жыраудың бүгінгі күнге жеткен туындылары, өкінішке қарай, оның бай мұрасының аз ғана бөлігі. Қазақстанның Ұлттық кітапханасының қорында Қабылиса Асанұлына қатысты жүзге жетер-жетпес қана дерек көздері сақталған.

Ұлт­тық кітапхана жәдігерлері оқырманды замандастары, әсіресе, Жетісу жұрты ілгеріні болжағыш қасиеті мен ақындық өнеріне ерекше табынған Қабылисадай жыр сүлейінің өлеңдерімен, айтыстарымен, өсиет сөздерімен табыстырады. Ғұлама ғалым, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Айтыс өлеңдері» ат­ты мақаласында қызыр қонған Қабан жырауды есімдері талай жұртқа әйгілі Жанақ, Сүйінбай, Шөже Түбек, Майкөт, Құлмамбет, Жамбыл секілді ақындармен бір қатарға қояды (М. Әуезов, жиырма томдық шығармалар жинағы, 17-ші том).

Қолда бар кітаптар мен баспасөз материалдарын зерделей отырып, Қабан жыраудың ақындығы мен әулиелік қасиеттеріне байланысты аңыздарға қанығып, оның ақындық, батырлық пен көріпкелдік сияқты қасиеттеріне көзіміз жете түседі. Біздегі дерек көздері, сондай-ақ, бүгінгі ұрпақтарының Қабан жырауға деген ыстық ілтипаты мен терең құрметін паш етеді.

Ақиық ақын туралы зерттеу мақалалары мен арнау өлеңдері, оның мерейтойларында өткізілген мәдени шаралар, Талдықорғанда Қабылиса жырау, Ескелді мен Балпық билерге ашылған ескерткіш соның жарқын айғақтары.

Данагөй жыраудың мұрасы туралы айтқанда, әсіресе, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Қабан жырау», елге белгілі жазушы Төлен Қаупынбайұлының «Алтын қазық» зерттеу еңбектерінің орны ерекше. Олар Қабан жырауды зерттеймін деген талапкерлерге зерделі сөз айтып, бағыт-бағдар меңзейтін жолбасшы десек, артық айтқандық емес. Мәселен, М. Жолдасбеков: «Қабан кезінде өте ірі жырау болған, айлап айтса, таусылмайтын ұзақ эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған... Сыпыра жырау тәрізді, Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Сүйінбай жасында Қабанның көшінен жеті күн қалмай ілесіп жүріп батасын алса керек», - деген ой түйеді (М. Жолдасбеков, «Асыл арналар», «Жазушы», 1990 ж.)

Жалпы, өзіміз атаған зерттеу жұмыстарына тән бір ерекшелік, оның екеуінде де өлең сөздің сан ғасырлық мектебі, ақындардың бір-біріне деген риясыз көңіл-күйлері айқын көрініп, кейінгі қаламгер қауымға тамаша өнеге болып табылады. Мұның, әсіресе, поэзия бәйгесіне өз сәйгүліктерін қосқан үміткерлер үшін тәрбиелік мәні зор. Айталық, Халық ақыны Кенен Әзірбаев «Жамбыл – жыр» атты поэмасында Қабан жырауды «Ұлы жүз лұғат қылған Сүйінбайды, Өлең-жыр Сүйінбайсыз бұйырмайды. Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын, Бас иген ұлы жүзде тәмам ақын», - деп, ерекше ардақ тұтады.

Қабан жырау мұрасын зерттеушілер ақынның батырлығымен қатар, біз жоғарыда айтқан, ілгеріні болжағыш – көріпкелдік қасиетіне де назар аудартады. Мәселен, Дулат Қараш пен Өтеген, Албан Райымбек және Жалайыр Қабан батырлар кездесіп, «өлген күнде жайымыз не болады?» деген сауал ортаға тасталады. Бұл сұраққа Қабан жыраудың берген жауабының шындыққа айналғанына қазіргі ұрпақ куә. Айталық, Қапшағай қоймасын толтыруға байланысты Өтеген батырдың зираты судың астында қалатын болған соң, марқұмның сүйегі Қордай өңіріне қайта жерленіпті. Ал, Райымбек батырдың мазары Алматыдағы көлік ең көп жүретін өзінің атындағы даңғылдың бойында тұр («Қабан жырау. Алтын қазық» жинағы, құрастырған Т. Қаупынбайұлы, «Берен», 1993 ж.)

Қабылиса Асанұлының кейін Қабан жырау деп аталып кетуінің себебін зерттеушілердің ақынның мінез-құлқымен, турашылдығымен, ел аралап, жер шалғанда бірде-бір ақыннан жеңілмеуімен түсіндірулерінің де қисыны бар. Тағы бір қызғылықты жайт, жырау өлең толғағанда өзін де, өзгені де ұйытып, есіл-дертімен берілетіні сондай, төрден есікке, есіктен төрге бірнеше мәрте барып қайтады екен. Бұл жыраудың дарындылығын және оның таңдап алған тақырыбын жән-тәнімен сезінуін көрсетсе керек. Атақты жырау қандастарының тұрмыс-тіршілігін бағамдай келе, алауыздыққа күйініп, ел-жұртын ауызбірлікке шақырып отырған. Мәселен, ақынның шағын екі бөлімнен тұратын «Бәріңдағы тыңдаңдар» өлеңін оқып көрелік. Оның бірінші бөлімінде әрбір адам өсек-аяңнан аулақ жүріп, өз аузына ие болса деген ізгі тілек төмендегідей өріледі:

«Дүниеде ешбір қатер жуымайды,

Әркім ие боп жүрсе өз аузына.

Басына бәле адамның тілден болар,

Сол тілден ұрынады сөз дауына...

Әр адам аузына ие болса,

Қызырдың жолығады қорғауына.

Кейбіреу айтар сөзін біле алмайды,

Түседі сол сөзінің торлауына».

«Айтылған сөз – атылған оқпен тең» деген халық даналығын жырау туындысының екінші орамында одан әрі нықтай түседі:

«Тіл алсаңдар, шырағым,

Өсек сөзді елеме!

Үйір болғын, шырағым,

Жақсы сөзге өнеге...

Елім-жұртым, сізге айтам,

Бірлікті бол, шырақтар,

Бірлікті жерде рызық көп,

Ол адам елге тұрақтар...

Ауызбірлік жоқ жерде

Қиянатты қият бар.

Ұяттың иман қабы дер,

Имандыда ұят бар».

Осы толғауында, өздеріңіз көріп отырғандай, ақын тыңдаушысын өсек сөзден жирендіріп, жақсы сөзге, бірлікке, имандылыққа үндейді. Ол, әсіресе әділет пен адалдықты ардақтап, адам баласы осыған ұйыса, тоқтаса заман да түзелер еді деген мынадай тұжырым жасайды:

«Ешкімнің хақын жемеңдер,

Артында оның сұрақ бар.

Әділетсіз адамда

Ұяты жоқ қият бар.

Ісі адал адамға

Шығатұғын қырат бар...

Түзелер заман кейінде,

Бұл сөзімді бейімде».

Қабан жырау да өз тұстастары секілді, өмір өтпелі болғандықтан тірліктің бар мәні өзара сыйластықта екенін уағыздап, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген өсиет өреді. Мәселен, «Тамшыдан теңіз молайып...» өлеңінде «Бабын тауып қарасаң, Бағуға қарап жарасаң, Еккенің бақша, бау болмақ» немесе «Ретін тауып тоқысаң, Бейіліңді салып отырсаң, Иірген жібің қолыңда / Балық алар ау болмақ». Осы толғауында ол, тіпті сонау қараңғы заманда да ауырмау үшін алдын-ала шипа іздеп, ем қабылдаудың пайдасы жайында «Алдын-ала қаратсаң, Денеңе дәрі таратсаң, Сырқат адам сау болмақ», - деген лұғат қалдырады.

Ол замандастарының бойындағы «жеке-жеке жететін, ызға тастап кететін» сатқындыққа, «үйірілген құйындай» даурықпа мінезге, тіпті күні-бүгінге шейін өкшелеп қалмай келе жатқан «өткел тапқан төтеден» жылпостық пен рушылдық дертіне сын найзасын кезейді. Құнтсыздық, еріншектік, парықсыздық пен бос күпінген құр мақтанды кешегі мен бүгінгі ғана емес, ертеңгі қарындастарының да бетіне басады. Оқып көрелік: «Артық айтсам, келмеңіз, Құнтсыз шыққан кемеміз / Адасатын жиі біз» немесе «Қасиет қып жандыққа, Қанықтыра алдық па / Дін-мұсылман иін біз», сондай-ақ «Құнт келмесе өтеміз, Құр күпініп, шын білмей / Жер-әлемнің сыйын біз/ Халықпыз біз, қиынбыз».

Өнегелі өмірдің қадір-қасиетін біліп, өзгеге үлгі еткен жыраудың берік ұстанымы «Аларда ажал адамды» толғауынан тайға таңба басқандай көрінеді. Осы толғауында ол көрсеқызарлық, қанағатсыздық, тойымсыздық, дүниеқоңыздықты сын тезіне ала келіп: «Адамды алдап жүріп дүние шіркін / Бір күні қара жерге алындырар. Аспанды қолмен тіреп тұрсаңдағы, Түбінде бұл дүние опындырар... Пысықтық, ептіліктен жан қалмайды, Құтылмас күшке сенген қарымдылар». Демек, ақын өзі айтатандай: «Қорқыт та желмаямен құтылмаған / Тыңдаған ақылы бар бұл сөзді ұғар».

Адам мен ажал туралы ойларын Қабан жырау «Ойлап тұрсақ, жігіт­тер», «Үркінде, үркін, үркінде», «Азырақ сөз сөйлейік ауызға алып» өлең-жырларында тереңдете түсіп, тірлік кешудің терең фәлсәфасына көзімізді ашады. Жырау пенденің бойындағы ағаттықтар мен адасулардың себебін тәлім-тәрбиеден, оны қоршаған ортадан іздейді. Мәселен, «Алмас тас» өлеңінде, тектіліктің белгісі ретінде әке қадірін үлгі тұтып («Жасқа сатпа әкеңді»), одан әрі «Дүниенің қызығы үшін мал жинаймыз, Мал, шіркін, ешкімге еріп барған емес... Өтірік, ұрлық, зорлық, мекер, қайла, Бұл үлгі пайғамбардан қалған емес» деп, өткінші өмірдің мәнін түйсіндіреді.

Қабан жырау өмір сүру өнерінің қыры мен сырын: «Ай, мұсылмандар, жарандар, Малыңнан зекет беріңіз. Бірлігін хақтың біліңіз... Сөзіме құлақ салыңыз, Жақсыдан ғибрат алыңыз» («Ай, мұсылмандар, жарандар»), «Өлгенше қор болмайды / Азаматтар ниеті ақ. Оларға үйір болады, Сарқылмайтын дәулет бақ... Өлмейтұғын пенде жоқ / Жан аманат, ойлап бақ. Ырылдаспа тіріңде, Ырыс алды – ынтымақ... Тату болса ағайын, Сап алтындай жарқылдар. Кесапатты кісендеп, Ақымақты алқымдар» («Өлгенше қор болмайды»), - деген тағылым арқылы таратады.

Дегенмен, қамшының сабындай қысқа өмірде жырау үшін бәрінен де қымбаты елдік пен елжанды мінез, намыс пен ерлік. Мұны ақынның «Жер ойпаңы білінбес», «Кім айтар?», «Арыз», «Хақ тағала алдында», «Іле өзенін жерлеген» атты бір шоғыр өлеңдері діттей түседі. Олардың тақырыптары әдепкіде әр басқа көрінгенімен, зер сала қараған оқырман аталған жырлардың айтар ойларының өзара біте қабысып, бірін-бірі толықтырып тұрғанын аңғарар еді. Демек, тірлігіміз жарасып, елдігіміз асқақтауы үшін «Шапағаты жанарлы / Еліне сай ұл келсе» және оның «Күңіреніп өткен күндер мен түндерді» есте ұстап, туған халқына ата салтқа лайық сый қыла білуі, яғни қам-қарекетке көшуі парыз:

«Желмаямен жортпасаң,

Жампоз жүгін артпасаң,

Адырнадай ширығып,

Серпіле бір тартпасаң,

Елдің де сыйы түзелмес,

Ердің де сыйы түзелмес».

Сондықтан ел мұратына құр жанашыр болып қана қою аздық етеді екен. Халықтың қадірін, жырау толғағандай, ол өзі ақ киізге көтеріп, хан сайлаған ерлері білсе ғанибет: «Тілеуді тілеу емес, тілеп алып, Күлмеске күле салып, күле қалып, Қадірді хан көтермей, қадірлемей, Қамшыдай босағаға іле салып...». Күні ертең «Хақ тағала алдында» жауап берер уақыт келеді, сонда «Намысқа тұрар ер бар ма, Ер көтерер бел бар ма?!». Рас, ондай ерлерге қазақ жері ешқашан кенде болмаған, себебі «Халықтың нұры түскенде, Толайым жұрт түгесіп, Зәмзәм суын ішкенде, Тұла да бойым бекиді».

Қабан жырауды ерекше ардақ тұтқан ұлы Жамбыл ақынның «Жамбыл менің жәй атым, Халық менің шын атым» деген мойындауында да ұлы даланың «дұшпанға намыс бермеген» дара тұлғаларының туған ел-жұртына деген терең сүйіспеншілігінің жатқаны анық. Жиделі-Байсын – Жетісу өңірі ақындарының Қабан жырауды ұстаз тұтқаны Халық ақыны Кенен Әзірбаевтың: «Ақындар Сүйінбайды атамаса, Баяғы басқан ізін шиырлайды... Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын, Бас иген ұлы жүзде тәмам ақын», - деген толғауынан да айқын сезіледі.

Қабан жыраудың өсиет сөздері мен ол туралы аңыздардың алтын арқауы жеке адамның өміріне разылығынан бастап, халқымыздың бақыт­ты тұрмысы, еркін болашағы болып келеді. Әулие ақынның тілі шырайлы, ой-арманы шұрайлы шығармалары тыңдаушысын баурап алып, елдің өткені мен бүгіні ғана емес, ұрпақтың болашағы жайында да қабырғалы ой бөліседі. Ақын шығармаларында жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың ара-жігі ашылып, әділет пен адамдықтың, тату-тәтті тірліктің қадірі атап-атап көрсетіледі.

Жыраудың жауһар мұрасында, әсіресе, адам бақыты ерекше ардақталады. Тегінде, адамзаттың ұлы тұлғаларының баршасы адам бақытын мұңдап, тіпті олардың пендең үшін жерұйық тіршілік орнатуды арман еткені белгілі. Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Адам бұл өмірге бақытты болу үшін келеді» деген нақыл сөзін қазіргі ел билігі өздеріне аманат ретінде қабылдап отыр. Қабан жырау да бақыттың «берекесіз адамнан, ата-анасы наданнан, есірік ұлдан, кесапат қыздан, бейнамаз жаннан» қашып, «тату жанға, Аллалы, берекелі үйге, ұйымшыл, ынтымақты, бейбіт елге» баратынын өсиет етеді.

Осыған орай, ақынның «сөз патшасы – өлеңге» қояр талабы да жоғары. Көрген-білгенің мен ойға түйгеніңді «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей» (Абай) зерлеп жеткізе алмасаң, «Ақынсынып не керек, Болса да ойы бек зерек, Болмаса сөздің ұйқасы. Ұқпаса ақыл не керек, Болмаса ойда еш дерек, Болса да бас пен құйқасы»,-  деп Қабан жырау өзіндік талғам таразысын көлденең тартады.

Тарлан тарих пен төл әдебиетімізде көрнекті орын алатын Қабан жырау – Қабылиса Асанұлының асыл мұрасының толық жиналмауының бір себебі, біздіңше, өткенді жазу – ескіні көксеп, жаңаны жатырқау тұрғысынан қабылданған тоталитарлық қып-қызыл қоғамда жатқаны даусыз. Олай болса, тізгін қазақтың өз қолына тиген тәуелсіз заманда өзге де ақын-жырауларымыз секілді заманының заңғар тұлғасы Қабан жыраудың ұлағаты мол рухани мұрасын іздестіру мен зерттеу жұмыстары Сіздер мен біздер үшін перзенттік борыш дер едім.

 Бақытжамал ОСПАНОВА,

 Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан Кітапханалар Одағының төрайымы


ҚАЙТА МАЗДАҒАН ШЫРАҚ

Он сегізінші ғасырда ұлы жүз ішіндегі Жалайырдан шыққан аса көрнекті қайраткер, өр мінезі, от ауыз, орақ тілімен он бес жасынан танылған Қабан Асанұлы Жетісу өңірінің Сүйінбай Аронұлы, Бақтыбай Жолбарысұлы және тағы басқа ақындары өздеріне ұстаз тұтқан арқалы жырауы болған. Қабан жыраудың шын аты – Қабылиса екен.

Қабан жыраудың бізге жеткен шығармалары – «Тұмарша және Тауман қызбен айтысы», сондай-ақ, «Бәрің-дағы тыңдаңдар», «Ырыс алты – ынтымақ», «Арғымақ – жабы көрінер», «Тамшыдан теңіз молайып», «Барлы, барлы, барлы тау», «Жер ойпаңы білінбес», «Қарынбай» (қисса) және басқа да көптеген жырлары мен толғаулары.

1993жылы оның ел аузында сақталған өлең-толғаулары «Алтын қазық» деген атаумен жинағына енді. Құрастырған марқұм Төлен Қаупынбаев. Сосын, жыраудың 300 жылдық мерейтойына орай, Көксу ауданындағы Ақтекше ауылындағы орта мектепке Қабан жыраудың аты берілді, мұражай ашылып, ескерткіші орнатылды. Сондай-ақ, Талдықорған қаласында Қабан жырау атындағы көше бар.

Дерек көздеріне сүйенсек, «Қабан жырау Жетісу өңірінің ел басшысы, даналары Ескелді, Балпық би сияқты тұлғалармен қатар «әулие» атағына ие болған адам. Өйткені, әр жерде шашырап, көшіп-қонып жүрген жалайыр руының басын қосып- біріктіру, тұтас ел ретінде топтастырудағы оның еңбегі ерен екендігі» дау тудырмаса керек.

Мәселен, ел ішінде сақталған мынадай тәмсіл бар: «Қазақ – қалмақ соғысы кезінде жалайырдың бір батыры жекпе-жектің шартын сақтамай, қарсыласын қас пен көздің арасында шаншып өлтіреді. Мұның соңы дау-дамайға ұласып, қалыптасқан салт-дәстүрді бұзғаны үшін әлгі жас батырды қалмақ жағы байлап беруді талап етіпті. Қазақтың ел ағалары осы талапқа амалсыз көніп тұрғанда, Қабан ақын алға шығып: «Мына батыр ел қорғаны болатын азамат екен, жолына – жан пида, одан да мені байлап беріңдер»,  - деп, өз еркімен жау қолына аманатқа кете барған екен».

Құймақұлақ қариялардың айтуынша, «Қабан қапсағай денелі, айбарлы, ақылды адам болған екен» деседі. Әділдік пен парасаттылықты бәрінен жоғары ұстаған Қабан ақын ешкімнің тағдырына бейжай қарамай, мүмкіндігінше қол ұшын беріп отырған. Кенен Әзірбаев өзінің «Жамбыл-жыр» толғауында Қабекең жайында терең тебіреніп, ұлы жырауды ұлықтаған екен.

Өз перзенттері мен өлеңі турасында: «Менің ақындығым балаларыма дарымайды, қызым мен жиендеріме көшеді», - деген екен Қабан. Онысы да әулиелік боп шықты. Он тоғызыншы ғасырдың асқан жүйрік ақыны Бақтыбайдың түсіне кіріп, аруағы соған қонатынын, жиендері Сарыбас пен Сүйінбайдың жыр жүйріктері болатынын, қызы Қоянкөздің сөз ұстайтынын ол, әрине, білген жоқ. Арқаның ақиығы Біржан салмен айтысқанда ақын Сара:

«Қасиетті Қабылиса Асанұлы,

Мырзадай іргесі кең елден шыққан.

Кем болмас ештеңеден мұны ұққан.

Бұл кісі өзі әулие, әрі ақын,

Иісі қазақ біледі оның атын,

Өзгеден Қабекеңнің сөзі татым»,-деп жырлайды.

Тегінде, Қабанның ел есінде қалған даналық сөздері көп. Жырау «Не қиын, не қымбат?», «Дүниеде не жетім?», «Не ортақ және неше жұпты бар?» - деген сұрақ қояды да, егжейлі-тегжейлі жауабын өзі береді:

«Туып-өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат...

Жақсы дос, жарың қымбат,

Бәрінен де ұят пен арың қымбат».

«Ел көңілін кім ашар?», «Жігіт көңілін кім ашар?», «Ұл көңілін кім ашар?», «Аттың көңілін кім ашар?», «Кім жақын?», «Білгендерден ғибрат ал» сияқты өлеңдерінде өмірдің сан қырларын, тіршіліктегі қилы-қилы құбылыстардың мәнін ашып көрсетеді. «Бақыт, қайдан келесің?», «Бақыт, қайда барасың?» деген жырларында болмысты билеп кете беретін тұрмыс жайлы, өмірдің бар шындығы туралы тарқата келіп, адамның ең арда һәм ең жағымсыз қасиеттерін шендестіре отырып, тереңнен толғайды.

Қабан жырау талай рет айтысқа түсіп, жеңімпаз атанған. Солардан бізге жеткені– Тұмарша және Таутанмен айтыстары.

Әсіресе, Таутан қызбен жұмбақ айтысында ілім-білімнің кені кейпінде, дегдар да дана тұлға ретінде танылады. Өмір иірімдері мен тіршілік амалдарын, діннің сауалдарын қамтитын жұмбақтарды ділмәр қыз сұрақ күйінде қояды да, Қабан еш мүдірмей, тапқырлықпен жауап қатады. Мұны жұмбақ айтысының «классикалық, үлгілі түрі» демеске әддің жоқ.

Күллі Жетісудің ақын-жыраулары ұстаз, үлгі тұтқан Қабылиса – Қабан ақынның әдеби мұрасы бізге там-тұмдап қана жетке

німен, осы қолдағы бардың өзі жыр алыбының құлашын кең сермейтіні, қазақ халқының сөз өнері мұрасына қосылған қомақты үлесі екендігі дау туғызбайды. Бұрындары беті ашылмай, қолданысқа кірмей қалған жыраудың мұрасын еліміздің тәуелсіздік алған кезеңіндегі қайта маздаған шырақтардың бірі деп қабылдауымыз керек.

Заманбек ӘБДІШЕВ

Жазушы, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


ҚАБАН ЖЫРАУ

Қазақта естіген құлаққа бірден жағатын есімдер бар. Мұндай есімдердің жасандысы, еліктеуі білінбейді. Шамасы, қазақтың ешбір өзге елдің шылауында кетпеген, үстем жұрттардың рухани, мәдени экспансиясына ұшырамаған, тұнық бастаудай таза, өз еркі өзінде болған азат рухын сездіретіндіктен шығар.

Сондай есімдердің қатарына исламға дейінгі қазақтың төл есімдері де жатады. Мысалы, Боранбай, Жылқыбай, Бөрібай, Барақ, Итемген, Ақтайлақ, т.б. кісі аттары. Түркі жұртының бір бұтағы сахаякуттар орыс ықпалына түсіп, есімдері түбегейлі өзгеріп кетті. Экономикалық және мәдени отарлаудың бір көрінісі халықтардың діні өзгеруі, билеуші болуға мүдделі мықты елдің үстемдігіне бас июі. Жер бетінде көне тарихтан мәлім, барша халықтар бірін-бірі жойды, бір-біріне ықпалы тиді, бір-бірін бағындырды, қаны араласты, дінін сіңірді. Бұл – қашып құтылмайтын тарихи процесс. Жеңімпаздарды даттамайды деген жазылмаған заң, әбден бекіген қағида атам заманнан қалыптасқан. Бұл расында адам табиғаты.

Ешқашан өзгеге құл болмаған парсы жұрты X ғасырда арабтар жаулап алғанда, шах сарайында фарси тілін араб тілі ығыстырып бара жатқанын көрген соң, елін сүйген әулие, даналары халықтың өзіндік бет-бейнесін, ұлы рухын сақтап қалар эпикалық поэмаға тапсырыс берген. Мұны әуелде Дакики, ол өлген соң Фирдауси жалғап әкетті. Әлемде теңдесі жоқ шедевр «Шахнаме» солай туған. Оппозиция, үстем билік пен бөгде дінге рухани қарсылық ретінде! Мұнан тек әдебиет пен мәдениет байи түсті. Бүгінгі Иран – мұсылман елі әрі «Шахнаме» поэмасы бар бақыт­ты ел.

Сахалар есімдері өзгеріп, тілін ұмыта бастаса, қазақтар да сол кепке түсуге аз қалған. Қазақтар мәдени отарлауға ұшырады, мұсылман дініне өт­ті, кейіннен ана тілін де ақсата жаздады. Сахарада ислам діні күшейгенде қазақ балаларына араби, семиттік есімдер көптеп қойыла бастады. Қазақтың қос данышпаны – Шоқанның азан шақырып қойған есімі Мұхаммед-Ханафия болса, Абайдың шын есімі Ибраһим. Бірақ қазақтың түйсігінің күштілігі сонша, оларға апа-әжелері сүйіп қойған бала есімдері Шоқан мен Абай болып мәңгі бекіп қалды! Мұнда бір құдайдың шын қалауы жатса керек! Әркім өзіне бекем болуы – шарт! Өз асылын пір тұтпақ  – парыз!

Мұсылман дінінің ұлттың құнарын байытқан, қиын кезеңдерде қазақты дұшпаннан, жамандықтан аман сақтап қалған рухани қуаты өз алдына. Демек, әлем халықтарының жарастықта өмір сүруіне болады екен. Қазіргі ең білімді қазақтар бірнеше тілді білуді жөн санайды, бірақ, өз тілі ұлық екенін біледі. Бұл – Құдайдың қалауы!

Қабан жыраудың тектік рухты танытатын есімінің өзі осы ойларды туғызды. Қазақтың еркіндігін қасық қаны қалғанша қорғаған Қаракерей Қабанбай батыр болатын. Біздің ел «Қабан» сөзін сүйіп айтады. Мұндай ат­ты кісіге көбінесе ірілігіне, мықтылығына қарап, қосалқы ат ретінде берген.

Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы (1733-1824) жалайыр тайпасынан шыққан. Бұл кісіге де туғанда молда кітап аударып ат қойып, артынан ел өзінше атап кеткен сияқты ғой. Ол уақыттың ақындары әрі батыр, әрі жырау болған, өз елінің мерейін өсірген. Жыраулар жорықтар алдында рух көтерген, ат үстінен түспеген, қаруымен де, тілімен де ел қорғаған.

Қабан жыраудың елдік рухқа адалдығы жырынан көрінеді. «Не қиын?» ат­ты өлеңде күн астында тайталас тыншымас әлемде әр халықтың өз территориясы тұтас болғанын аңсайды. 2,5 ғасыр бұрын өмір сүрген ақынның уайымы дәл бүгінгі күнді бедерлеп айтып тұрғандай көрінеді:

«Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын.

Шымшымалы сөз қиын,

Жазылмаса дерт қиын,

Іске аспаса серт қиын.

Ақылынан адасып,

Өзенге түскен ер қиын.

Қайтарылмай қалса,

Жауға кеткен жер қиын».

Елдікті көп айтады. Елдік рухқа мейлінше адал ақын:

«Соның реті келгендей,

Тұлпарым сар желгендей.

Қара үзіп шыққан Қабанмын,

Қалай да қалам тебіренбей.  

Жер ойпаңы білінбес,

Ебін тауып үй тіксе.

Ел ойпаңы білінбес,

Еліне сай ұл туса!» - дейді.

Бірлікке шақырады, қиыншылықта да, бейбітшілікте де бас қоса білуге, исі қазақты татулыққа, мықты болуға үндейді. Өлеңдерінде баталы сарын мол. Сөздің магиясын білгендіктен «жақсы сөз – жарым ырысты» пір тұтып, елге ізгілік энергетикасын тарта біледі.

 «Бірлік тербеп бесікті,

Жауға ашпай есікті,

Қазақ елі көктесін,

Шыңға шығып кесікті.  

 

А, құдайым оңдасын,

Оңдағанның белгісі,

Күн нұрындай арайлап,

Бақ пен дәулет орнасын!  

 

Ақсұңқар күш алыбың,

Аршынды болсын алымың.

Алтын ерлі ақ боз ат,

Астыңызда арысын!  

 

Абырой бер, аман сақта,

Оттан, судан сақта.

Қыдыр қолдасын,

Бақыт заман орнасын!»

Қабан жыраудың стильдік ерекшелігі сол дәуірдегі сөз өнерінде бар дәстүрлі нақыштардан түзілген. Ди- дактикалық құнар, ұлттық философия, баталы сөз, өзекті өсиетке бай терең терме-толғауларынан, Таутан және Тұмарша атты қос әйел затымен айтысқандағы болмысынан сырбаздығы, тектілігі, әсіресөзге бекер ұрынбайтыны анық аңғарылады. Таутан қызбен айтысындағы тапқырлығы мен юморы тамаша.

Таутан:

«Көше-көше ауылды көше болар,

Ойынсыз, күлкісіз ел мешеу болар.

Ақын болсаң, сөзіме жауап берші,

Тоқсан иттің емшегі нешеу болар?»

 

Қабылиса:

«Емшегін тоқсан иттің білетінді,

Қолына көнек алып, сауған білер...»

 

Айтыстарда сол дәуірдің дәстүрлі таңбасы, жұмбақ айтыста қазақ даласына енді тарай бастаған ғылым-білімге, діни тақырыпқа қызығушылық танытуы берілген. Сөздің киесін білгендіктен Қабан жырау өлеңдерінің бір парасы сөздің қасиетін халыққа сіңіруге арналған.

 

«Дүниеде ешбір қатер жуымайды,

Әркім ие боп жүрсе өз аузына.

Басына бәле адамның тілден болар,

Сол тілден ұрынады сөз дауына.

Әр адам өз аузына ие болса,

Қызырдың жолығады қорғауына.

Кейбіреу айтар сөзін біле алмайды,

Түседі сол сөзінің торлауына.

Қонбаса кей адамға бақыт құсы,

Құр тілдің бола ма екен зорлауына.

Адамға әдейілеп ажал келсе,

Қарамас аттаны мен ойбайына...»

 

Қабан жыраудың діни сарындарды да білгені айқын. Мысалы, бір айтыста ол суфизмнің мистикалық табиғатын танып, бір сөзбен бұлтартпас анықтама бергені қайран қалдырады: «Сопылар Құдай үшін жан қинайды». Сондықтан болар, онымен айтысқан Таутан қыздың Қабан жырауға берген бағасы көңілге бек қонымды:

«Бір келген дүниеге әулиесіз,

Қабылиса атандың қыдыр дарып.

Өтініп сізден жәрдем сұрап тұрмын,

Бұл Таутан қызың тынсын батаңды алып».   

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы, әдебиет­танушы, кинодраматург


ЖЫРАУЛЫҚ ДӘСТҮРДІҢ ТУЫН БИІК КӨТЕРГЕН АҚЫН

Қабан жырау (Қабылиса Асанұлы) ғұмыр кешкен дәуір қазақ халқының тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі еді. Бұл кезде бүкіл қазақ жері жоңғарлардың құрсауында жатты. Ұлы жыраудың көз алдында үш жүзге бөлініп, бытырап жатқан Қазақ хандығы бір тудың астына жиылып, жоңғардың үстемдігіне күйрете соққы берді, бірнеше сұрапыл соғыстар өтті, ел өмірінде саяси-әлеуметтік түбірлі өзгерістер болды. Ал, түбегейлі өзгерістерге алып келетін алмағайып кезеңде ғұмыр кешкен ұрпақтың өмірі қашан да күрделі. Қабан ақын секілді ұлы тұлғалардың тағдыры айрықша шиеленісті болғаны белгілі. Соған қарамастан, жырау өзінің туа бітті болмыс-бітімімен, біртуар табиғатымен өз заманының айтулы тұлғасына айнала білді. Ескіден жеткен деректерге жүгінсек, «өз дәуірінің ерен тұлғаларымен бірге тізе қосып, елдік үшін зор белсенділік таныт­ты. Бұйдасыз босып, жүйдесіз шашырап кеткен халықтың басын қосуда көп еңбек сіңірді. Төле бимен қатар дау шешіп, Бұқар жыраумен үзеңгі қағыстыра күй кешті. Абылай сұлтанмен бірге бір сапта тұрып соғысып, қапылыста жау қолына да түсті». Бірақ, рухы сынбады, жігері жасымады. Ерттеулі аттың үстінде, егеулі найза қолында, елдіктің ұранын салды. Әсіресе, Алаштың бағына туған Абылай сұлтанның абыройын асыруға үлкен үлес қосты. Төрт қақпалы Түркістанның киелі төрінде аруақты ерді ақ боз атқа қондырып, барша қазақтың ханы болып сайлануына көп күш жұмсады. Сөйтіп, көгімізде алаштың ақ туын желбіретуде орасан көп тер төкті.

Жыраудың:

«Киік қайда ойнайды,

Тауда тарғын болмаса?!

Балық қайда ойнайды,

Балдырлы су болмаса?!

Бұлғын қайда ойнайды,

Буылдыр су болмаса?!» - деп, тебірене толғайтыны осы кез. Себебі, ол дәуірде жыраулар жыр толғап, жұрттың алаң көңілін аулаумен ғана шектелмеген, халықтың рухани көсемі ретінде қоғамдық пікір қалыптастыратын қайраткердің де міндетін атқаратын. Әрі ақиық ақын, әрі өр де өжет мінезді батыр, әрі сөзіне елді ұйыта білген көсем болған Қабан жырау қоғам қайраткері ғана емес, сонымен бірге қазақ сөз өнерінің өрісін кеңейтуге ғұмырын арнап, осы бағыт­тағы ірі тұлғаға айналды.

Небір жан алысып, жан беріскен кезеңдерде ол халықтың сөзін сөйледі, құдай берген болмысынан еш танбады. Тайсақтауды білмеді. Бұл – оның жалпы ақындық табиғатының шынайылығын, от пен жалыннан жаралғандай айрықша айбындылығын айқындайды. Бұл мінез тек даңғайыр талант­тардың ғана жаратылысына тән қасиет­ һәм оның бойындағы ұлт рухының сәулесі еді. Әлсізге болысу, әлдіні әділдікке шақыру Қабан жырау шығармашылығының басты кредосы болды. Елді титықтатқан, бірлігін ыдыратқан берекесі жоқ іске күйзелген ақын оған қарсы күрестен, жыр семсерін сілтеуден жалыққан жоқ. Ақынның мына бір шумағына зер салайық:

 

«Бұл дүниеде не жетім?

Санай берсең көп жетім.

Үйрек, қазы болмаса,

Айдын шалқар көл жетім.

Елі қаптап қонбаса,

Бетегелі бел жетім.

Ұлығы әділ болмаса,

Болады байтақ ел жетім.

Өз ақылы болмаса,

Айтқан тілге көнбесе,

Ұқпасқа айтқан сөз жетім.

Замандасы болмаса,

Жастың қалса ішінде

Кәрия болар, сол жетім.

Жаман болса алғаның,

Қатарыңнан қалғаның.

Алып тұрса бетіңнен

Өмірі болар ер жетім.

Көргені бар қыпша бел

Жаманға барған – сол жетім!»

Тумысынан зейінді, алғыр, замана тынысын, өмір дамуын тамыршыдай тап басып таныған Қабан қазақтың ақындық және жыраулық өнерінің қазанында қайнап, ауыз әдебиетінің кәусарынан сусындап, жыраулық дәстүрдің туын биікке көтере білді. Ол өз халқының сөз өнерінің ұстаханасында қорытылып, шыңдалды, туған топырағында топ жарды.

Көнекөз, кәріқұлақтардан бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, Қабан жырау кең тынысты, сан қырлы талант иесі болыпты. Әгәрәки, ақын он сегіз мың ғаламды бір мақамдап кетсе, бірнеше күнге дейін тоқтамай толғайтын ерекше қуатқа ие екен. Батырлар дастандарын көп біліпті. Оны жыраудан қалған мұралар да дәлелдейді. Қазақтың ақындық өнерінің қаймағын сақтаған оның шырайлы жырларының жанрлық ерекшеліктері де сан түрлі. Ол бірде, эпик ақын болса, енді бірде, терең толғаулы философиялық иірімдердің жетегінде кетеді, келесіде тыңдарман санасына данышпан кейіпте сәуле түсіреді:

 

«Арғымақ сайлап не керек,

Артынан жыны кеткен соң.

Ағайын-туған не керек,

Аңдысып күні өткен соң», – дейді.

Немесе:

«Барлы, барлы, барлы тау,

Басы есеннің – дені сау.

Ұйықтасаң – қабақ жау,

Жарытып ішпесең – тамақ жау,

Жыртық үйге – тамшы жау,

Арық атқа – қамшы жау...»

Ал, енді айтыс өнерінде сақталған сан дүниелері тіпті сүбелі деуге болады. Қызбен жігіт айтысы, жұмбақ айтыстары өзіндік ерекшеліктерімен қызықты.

Қабан жырау қай жерде, қандай шешуші сәтте болмасын халықтың қамын жеп, сойылын соққан тұлға. Ол соңынан ерген халықтың әрі ақыны, әрі батыры, әрі ақыл қосар қамқоршысы бола білген. Қай кезеңде болса да жұрт арда ақындығы мен шыңғырған шындықты айтқан тазалығы үшін құрмет­теген. Ағайынды алаламай, ауызбіршілікке шағырғаны үшін қадір тұтқан. Қабан жырау жаугершілік заманда қол бастап, жауға қарсы шапса, бейбіт заманда еліне қамқор бола білді. Халық оны «әулие» деп төбесіне көтерді. Өйткені, ол әр өлеңінде халқын бірлікке, ынтымаққа бақты. Ұлы ақынның мына бір ғибрат­ты жолдарына назар аударайық:

 

«Ата-ананың қадірін,

Балалы болғанда білерсің.

Ағайынның қадірін,

Жалалы болғанда білерсің.

Балалықтың қадірін,

Саналы болғанда білерсің.

Асыл менен жасықты,

Бағалы болғанда білерсің.

Бостандықтың қадірін,

Жабылғанда білерсің.

Қалтаңдағы ақшаңды,

Қағылғанда білерсің...»

Көріп отырғанымыздай, Қабан жырау өзі өмір сүрген дәуіріндегі ең елеулі деген жайлардан сыр қозғап, айтыс үстінде қарсыласының мысын басу үшін тарихи тұлғаларды алға тартумен шектелмеген. Ағайын арасындағы татулықтан бастап, өмір философиясын шығармашылығының негізгі өзегіне айналдырып отырған. Бұл – ақын дүниетанымымының тұтас бағыты мен бағдары. Бұл сөз – уақыт өтіп, заман қалай қарай құбылса да, қоғам қалай өзгерсе де өз мәнін жоймай, қайта күн өткен сайын асқақтап, биіктей беретін нағыз абыздың сөзі. Өкшебасар ұрпағына қалдырған өсиеті. Бұл өсиет сөз бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ, ертең де жоғалтпайды. Бұл аманат – қазақ жұртының биік мұраттарының бірі. Реті келгенде айта кету керек, Қабан жырауды бұл сияқты толайым толғаулары, өрнекті өсиет өлеңдері мен өзекті жырлары, түрлі тақырыптағы айтыстың үлгілері іргелі әдебиетіміздің сүбелі мұрасы.

Өз дәуірінің ақыл-ойының көкжиегін мейлінше кеңейткен ақын бүгінгі ұрпағымен де тонның ішкі бауындай толық үндесіп тұр. Демек, біз бүгін рухына тағзым етіп отырған Қабан жырау кездейсоқ құбылыс емес, халық тағдырымен тамырлас, қазақ тарихының толғауын бабына келтіріп жырлаған ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі деп нық сеніммен айта аламыз.

Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, А. Иассауи атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты


ОРАЗАДА ТУҒАН ОЙ

(Қабылиса жырау шығармалары

жайлы ой-толғамдар топтамасы)

                                                              «...Хақ жолында жүріңіз,

                                                                Пәк болады дініңіз!»

 Қабылиса АСАНҰЛЫ

I

«ТІЛ – БҰЛБҰЛ, АҚЫЛ – ДАРИЯ, КӨҢІЛ – ЖҮЙРІК»

Қабылиса бабамның сарқылмас қазынасынан тағы бір сыбаға ұсынбақпын. Бұған дейін де жан-дүниеме рухани азық, болашақ бағдарыма Темірқазық етіп келе жатқан баба мұрасы ғой. Дәл осы ораза айында қайтадан оралып, ой орамдарын ортаға салып, әр сөзінен ғибрат алып, арман мен жалғанның арасында жанталасып өтіп жатқан өмірімізді көңіліміздің таразысына тартып, өзімізден бір сәт есеп алып қойғанның еш артықтығы болмас деп шештім.

 

«Азырақ сөз сөйлейін ауызға алып,

Тыңдаса жұрттың бәрі

                             құлақ салып.

Опасыз дүниеге көзім

                                  жетпей отыр,

Алақтап жан-жағыма

                                    қайран қалып».

Ал, арда көңіл оқырманым, бабаның жыр-жауһарын ауызға алып, бір ұйқаспен өрілген өлеңінің бірер шумағын арқау етіп, азырақ сөз сөйлейін деп отырмын. «Тыңдамаған сөз  жетім» деген елдің ұрпағымыз ғой. Зерделі пейіліңізбен зейін қойып, менің жазып отырған дүнием болғанымен, дана бабам айтқан асыл сөз деген сеніммен тыңдағаныңызды құп көремін. Жауға шапса қол бастаған, дауға түссе сөз бастаған ауызы дуалы, сөзі уәлі бабамыздың көргені де көп, көңілге түйгені де телегей теңіз екенін аңғару қиын емес. Ең басты бақыты, жалғанның қызығына алданбай, қу дүниені малданбай, әділдікті ту етіп, ақиқат­тың жолын тауып, Алласын танып өткендігі. Оған бар мұрасын ақтармай-ақ, осы мақаламда мысалға алғалы отырған төрт-бес шумақ өлеңнің төңірегінде көз жеткізесіз. Бабам айтқандай, опасыз дүниеге кімнің көзі жеткен дейсіз? Жүрегінде иманы сақталған, тілінде кәлимасы жатталған тақуа жыраудың өзі мына өмірдің уысқа тұрмас, сусып түсетін құмдай өте шығарына қайран қалып отырса, Құдайымен ісі жоқ көп пенденің халі не болмақ? Айтып отырған көп пенденің қатарында өзім де бармын. Сондықтан Ұлы Жаратушының алдына барғанда шынымен де екі көзім алақтап, қызыл тілім салақтап тұрмауым үшін Қабылиса жыраудың насихатынан нәр алуды жөн санадым. Татымды ойдан сіз де тағылым ала отырыңыз.

«Тіл – бұлбұл, ақыл – дария, көңіл – жүйрік,

Шығады шешеніңнен сөз талданып.

Құдайым өз рахым айламаса,

Жан сақтар ғаріп пенде қайда барып?»

Шындығында сүйегі жоқ сүйір тіл сүйреңдегенде «Самарқанды су алды» ғып жібереді. Он күнәнің тоғызын мойныңызға іліп қана қоймай, өзіңе жеңіл болғанмен, өзгеге ауыр зілдей әсер ететін күшке ие де бола алады. Сөйтіп, махшарда өз тілің өзіңнің дұшпаныңа айналып шыға келмек. Ендеше, бабамыз неге тілді бұлбұлға теңеп отыр. Бұлбұл – мың құбылта сайрағанда құлақ құрышын қандыратын үні де, өзі де әдемі құс емес пе? Ақиқатына жүгінсек, жыраудың жырындағы тіл – екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойып, әрең тоқтататын сумаңдаған емес, Хақты ұлықтап, ақты ақ деп бағалап, ақиқат­ты айтқанда бұлбұлша сайрап, жаныңды рахатқа бөлейтін тіл екен. Түсінген жанға «тіл – бұлбұл» осы болса керек.

Енді, көрінгенге көз салдыратын арсыз көңіл, ақ қарасын ажыратпай жатып, басыңды тасқа соқтыратын жүйрік көңіл – қай кезде адамдық пен арамдықты саралап беретін таразы-көңілге айналады. Бұл сауалға да жауапты бабамыздан табамыз. Ақыл – дариядан сусындағанда ғана тіліңіз бал, көңіліңіз бастаудай мөлдір болмақ. Осындай тілі турашыл, көңілі тұнық адам ғана Құдайдың рахымынан құр қалмайтыны рас. Ал, Құдай тағала өзі рахым етпесе, ғаріп пенде шынымен де қайда барып жан сақтамақ?! Осыны пенде баласы білмейді емес-ау, біледі. Бірақ неге селт етпейді жүрегі?! Ойлап көріңізші, тасқа айналған жүректі Құдайдан қорқу арқылы ғана жұмсартпасақ, басқа айла бар ма? Айтып келмейтін ажал алдыңнан шыға келгенде жаныңды, алқымыңнан суырып алуға әзір Әзірейіл періште Құдайым рахым айласа ғана шыбын жаныңды орнында қалдырады. Өліп-тірілгендей сөйледі демеңіз, бабамның сөзін айтып отырмын.

«Дүниенің опасызын біліп тұрып,

Қылмаймыз хақ бұйрығын

                                мойын салып.

Бір күні ажал жақын келген кезде,

Мал-пұлың жаныңызды қалмайды алып».

Ақыл-есі дұрыс тірі пенде қаншама жақынынан айырылып, дүниенің опасыздығына көзі жетіп келе жатса да, осы қаза бір күні менің де басыма келеді-ау деп ойлана қоймайды-ау. Өлімнің хақ екенін ескерте бастасаң, қу нәпсі қалай, қойсын ба? «Жақсы сөз – жарым ырыс», - деген, дұрыс сөйле»,- деп шоқ басып алғандай шоршып кетеді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» екенін ескергісі де келмейді. Жанымыз тәтті болғанмен, опасыз дүние бір күні опық жегізетінін біліп тұрып, Хақ бұйрығын орындамасқа шарамыз да жоқ-ау. Хақтың бұйрығы әлсіз пендеге тау қопартып, тас тасыту емес қой. Бір қолымыздың саусағымен ғана өлшенген бес парызымызды толық атқарсақ жетіп жатыр ғой. Нәпсімізге алданып, әзәзілдің жетегінде кетсек, бабам айтқандай, «ажал жақын келгенде» жалған дүниеде Жаратқанның жамалын көрсетуден тосқан мал-пұлымыз жанымызды алып қалмайтынын есімізден шығармайық. Ол үшін Қабан жырау бабамның асыл қазынасын оқыңыз, санаңызға тоқыңыз, алдамшы өмірге алданбай айналаңызға екі қарап, бір шоқыңыз. Сонда ғана Алла алдына барғанда есебіңіз түгел, еңсеңіз биік болады.

«Ер-әйел һәммамызға иман – парыз,

Жаратқан бір Алланы есіңе алып.

Бір Алла иманыңды нәсіп етсе,

Ішерсің хаузы кәусар суын қанып».

Пенде баласының қателігі иманды өлген адамға ғана керек деп топшылауында болып тұр-ау. Бір адамның жамандығын көргенде «имансыз неме екен» деп көңіліміз қарадай қалғанымен, сол «иманды» жалғаннан көшкен адамның «жолдасы болсын» деп, соған ғана теліп жататынымыз несі екен? Иман деген әуелде бір Аллаға деген сенім емес пе? Ал имансыз – құдайсыз деген мағынаны білдірмей ме? «Құдайсыз қурай сынбайтынын» білген қазақ Ұлы Жаратушының бар екеніне де еш күмәнсіз сенген жұрт емес пе? Сенген екенбіз, ендеше, неге бұйырғанын орындап, тыйыл дегенінен тыйылмасқа? Қабан бабам мына жолдарды ат мініп, шапан кию үшін жазбағаны бесенеден белгілі. Иман Алланы еске алу арқылы жүрекке бекитінін, ондай жанның дүние тіршілігінде дидары шуақты болатынын, нәтижесінде Кәусар бұлағынан дәм татып, бақи өмірде жұмақ бақшасы мәңгі тұрағына айналатынын ұмытпайық!

«Білмесек иман, ислам үйренелік,

Болады пәс көңілің шамдай жарық.

Мақлұқат­тың кейбіреуі көзге ілінбес,

Қисабы баршасының Аллаға анық.

Қисапсыз құрт-құмырсқа, шыбын шіркей,

Аллаға жалбарынар есіне алып».

Дамыған заман, жаңа қоғамда өмір сүріп жатып, бір Алланың барлығына күмәнмен қарайтын, тіпті сенбейтін де пенде бар. Діні басқа, тілі бөлек жұрт былай тұрсын, осы сорақылық өз қазағымыздың ішінен шығып жатқаны ащы да болса ақиқат. Бүгінгідей ғылымның сыры ашылмақ түгілі, қағаз бен қалам қат болған дәуірде өмір сүрген Қабылиса бабамның өзі «білмесек үйренейік» дейді. Исламнан нәр алған иман қараңғы қапас кеудеңді нұрға бөлеп, пәс көңіліңді шамдай жарық қылатынын айтады. Мынау ғаламдағы жаратылыстың бәрі, тіпті, солардың ішінде көзге ілінер-ілінбес мақлұқаттың әрқайсысы өз тілінде Алланы еске алатынын дана бабам неге сүйеніп айтты дерсіз? Әрине, Алланың кәләмі қасиетті Құран Кәрімнен алып отыр. «Жеті көк және жер, сондай-ақ онда болғандар Алланы пәктейді. Оны пәктеп, мақтамайтын ешнәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тасбихтарын (пәктеулерін) түсіне алмайсыңдар. Шынында Алла өте жұмсақ, аса жарылқаушы» (Исра сүресі, 44 аят). Ақиқатында адам баласы мақлұқаттың Алланы қалай зікір етіп, пәктеп жатқанын түсіне алмайтыны рас. Бірақ ақыл иесі ретінде біз Құранға жүгінеміз, соған сенеміз. Осыдан-ақ Қабылиса бабамыздың бізге қандай қазына қалдырып кеткенін бағамдай беріңіз.

«Ғаламда он сегіз мың жан-жануар,

Ажалдан құтыла ма бірі қалып.

Ақыры дүние шіркін жолдас емес,

Қылмаңдар тәкаппарлық мойынға алып».

Алдыңғы екі жол да аяттың қазақша мағынасын беріп тұр. Алланың адамзатқа жіберген кітабында: «Күллі жан иесі өлімнің дәмін татады» (Әли-Имран сүресі, 185 аят) деген. Мына жарық дүниенің жамалынан адам ғана кетеді деген жоқ. Күллі жыбырлаған жанның бәрі өлім құшатынын ескертеді. Дана бабам сол ескертуді қазақы қалыпқа салып, жанына жақын жыр жолдары арқылы ұғындырып отыр. Тәкаппарлық қылмаңдар десе де, бабаның сөзін баланың әңгімесіндей көріп, құлағымызға ілгіміз келмейді. Жақынымыздан жат қылып, ағайынымызбен араздастыратын дүниенің мәңгі жолдас еместігін білсек те, тағдырға бойұсынғымыз келмейді. Әр барған жаназамызда имамнан жиі еститін насихатқа тағы бір зер салыңызшы. «Адам өмірден өткенде өзімен бірге қабірге үш нәрсесі барып, біреуі қалады да, екеуі қайтады. Қайтатын екі нәрсесі – мал-дүниесі мен ағайын-туысы. Ал қабірде қалатыны тіршілікте жасаған жақсы, жаман амалы», – дейді. Осыны естіп, мәңгі жолдас болмайтынын біле тұра дүниені соншалық жақсы көретініміз несі екен?! Әй, пенделік өмір-ай! Бәлкім, бабадан қалған жыр-бұлақтан қана ішпегендіктен дүниеге шөлдеп тұратын шығармыз.

«Дүниеде мың жасасаң кетер күні,

Болмайсың шәй ішкендей әбден қанып.

Баршаңыз өлмей тұрып құлшылық қыл,

Болғанда тумақ сүннет, өлмек анық».

Не деген өлшем?! Бұл да ақиқат. Қамшы сабындай қысқа ғұмыр, бес күн жалған өмір. Көргеніміз жалған, көрмегіміз арман дүние. Міне, мың жылыңыздың қазақы өлшемдегі ұзақтығы. Адамзат қауымында ең ұзақ жасаған Нұх пайғамбар 950 жыл өмір сүріпті. Сол пайғамбар жайлы қиссада бір адам: «Осынша жыл өмір сүрдіңіз. Мына жарық дүние қандай екен», деп сұрағанда: «Мына дүние үлкен бір сарай ғана сияқты. Бір есігінен кіріп, бір есігінен шығып бара жатасың», – депті. «Адамның мына жалғандағы мың жылы Алла алдындағы бір сағатқа ғана тең» – дейді шариғатымызда.

Құдай тағала Құранды білген құлының зейінін ашып, ақыл-ойын кемелдендіріп қояды екен ғой. Әйтпесе, мың жылдық ғұмырдың қазақы өлшемде қанып ішкен шәйіңдей болмайтын қысқа екенін дөп басып айта алар ма еді?

Баба сөзін түйіндей келе түсінгенім, адам баласы үшін өмір мен өлімнің арасындағы мың жылдық ғұмырдың рахаты – өзін жаратқан Құдайына құлшылық жасау ғана екен ғой. Не болса соған қызықтырған жалған дүние-ай!

II

«ӨСЕК СӨЗДІ ЕЛЕМЕ»

Есте жоқ ескі заманда емес, үш ғасырдың алдында ғана өмір сүрген Ұлы Даланың дара ділмарының бірі Қабылиса жырау бабамыздың артында қалыңдығы пышақтың сабындай ғана жыр жинағы қалыпты. Сол құнды дүниені оқып отырсаңыз – адалдық пен қараулықты, адамдық пен арамдықты таразылап, Құдай тағаланың әу баста көркем етіп жаратқанындай өмір сүрудің шырағын қолыңызға ұстатып жібереді. Ол шырақ сізді Айсыз қараңғыда бағытыңыздан жаңылдырмай, діттеген жеріңізге жеткізетін Темірқазықтай жол көрсетіп тұрады. Ол шырақ сіздің қараңғы қапастай кеудеңізді нұрға бөлеп, жан дүниеңіздің шуағын жанарыңыз арқылы айналаңызға шашып, маңайыңызды жылыта алатын күшке ие етеді. Ол шырақты қолыңызға алсаңыз, адамдықтың ауылын шынайы аңсаған мыңдаған жүректі соңыңыздан ерте аласыз. Қадыр Мырза Әлі ағамыздың: «Біздің тарих – ол да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақтағы», - дегеніндей, Қабылиса бабамның бізге жеткен аманат жыры да жұп-жұқа болғанымен, оқи бастасаңыз, алып мұхит­тай сарқылмайтын асыл мұра екеніне көзіңіз жетеді. Ендеше, сол телегей теңізге бірден сүңгіп кетпей, тамшыдай ғана дәмін татып көрейік.

Әлқисса, сөзімді тамсана айтып отырған Қабан жырау бабамның ұрпағына қалдырған өсиет жырымен жалғастырайын. Сыдыртып оқып шықпай, әр тармағына екі қарап, бір шоқып, әр жолын санаңызға тоқып, сабақ ала отырыңыз.

«Тіл алсаңдар, шырағым,

Өсек сөзді елеме!

Үйір болғын, шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын,

Дүние қайтып келе ме?

Дүниеге сенім жоқ,

Мінерсіз бір күн кемеге!»

Құдай-ау, бар-жоғы сегіз-ақ жол өлеңде сегіз қиыр шартарапты мекендеген адам баласының өмір сүру қағидасы тұр ғой. Сөзі түзу адамның өзі де түзу келетіні рас. Яғни, дананың тілін алған баланың өсек сөзді елемейтіні, жақсы сөзге үйір болатыны да шындық. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөзге арқа сүйесек, Қабан бабамнан жеткен осы төрт жол өлеңнен өнеге алған ұрпақтың төрт құбыласы тең-ақ болар еді. Өйткені, өсек деген кеселіңіз жақынды жат, татуды араз ететін алып күшке ие. Дана бабам ұрпағының кішісін тізесіне, үлкенін айналасына жиып алып, «Тіл алсаңдар, шырағым» деп қорғасын ойды құлағына құйып қана ақыл айтып отырғандай, сөз бастауының өзі ұйып тыңдамауға лажыңызды қалдырмайды. Ендеше, осы жолдарды оқып отырған сіз де тәртіпті, тіл алғыш баладай тыңдап, өсектен аулақ болыңыз, сонда ғана өмірде ашылады жолыңыз.

Сөзі арқылы өзін түзеген адамның ісі де көз қызығып, көңіл сүйсінерліктей болмай ма? «Жақсыға жақсы үйірсек» дегендей, пейілі дұрыс адамның айналасы нұрланып, өзі мәуелі жеміс ағашындай ырғалып тұрмайтын ба еді? Төгіліп тұрған жеміс ағашынан әркімнің де дәм татқысы бар. Яғни, ондай жанмен кімнің сыйлас ағайын, сырлас дос болғысы келмейді дейсіз? Қабан бабам айтқандай, «бүгінімізді көргенімізбен, ертеңімізге жетуіміз сенімсіз тіршілікте», өтіп кеткенде өкініп жататын пендеуей өмірде, келместің кемесіне мінбей тұрып, қадірімізді біліп, сый-құрметімізге лайық жүргенге не жетсін, шіркін!

«Әркім айтар білгенін,

Сөз қып оны немене?

Қағыспа, халқым тек жүрсін,

Одан пайда өне ме?

Өсек-аяң сөз болса,

Жуытпағын дәнеңе!»

Әркімнің аузын бағып өткен өмірдің не қайыры бар, тәйірі?! Пенде арасындағы араздық сол сөз аңдығаннан басталмай ма? Осы тармақта дана бабам алакөзденіп күн кешуден өнетін пайда жоқтығын меңзеп, өсек-аяң жел сөзді жан дүниемізге жуытпай, жақынымызбен қағыспай тек жүргенде ғана мұратқа жететінімізді айтып отыр емес пе?!

«Әділдің озар адымы,

Адал жан шығар төбеге.

Арам адам шыға алмас,

Төбе түгіл, сөреге.

Біреуге адам ор қазса,

Өзі түсер өреге».

Байқасаңыз, сөз салмақтанған сайын, адам болып өмір сүрудің де жеңіл еместігі сезіліп келеді. Әуелі бабам жақсы сөзге үйір болуды айтты. Өсек-аяңның өрге жүздірмейтінін ескертті. Сөз қуып, қағысқанша, сыйласып өткеннен мәнді де мағыналы ғұмыр жоқтығын бір түйіп қойды. Енді міне, дәл осы айтылғандай, мазмұнды өмірді әділ де адал болғанда ғана сүре алатынымызды санамызға құйып отыр. Бір қарағанда, бабадан қалған асыл сөз деп қадірлемесеңіз, ақыл-есі түзу екінің бірі білетін жағдай бұл айтылып отырғандар. Бірақ біздің амалымыз басқа болып тұр ғой. Сөзіміз бен ісіміздің арасы жер мен көктей болмаса да атшаптырым қашықтықта жатыр. Адал жанның аяғына кісен салынып, пейілі арамның асығы алшысынан түсіп тұр қазіргі қоғамда. Амалы арам пенденің төбеге шыға алмайтындығын, бармақ басты, көз қыстымен шыққанымен түптің түбінде біреуге қазған орына өзі құлайтынын дана бабам соқырға таяқ ұстатқандай айтқанымен, оны тыңдар құлақ, ұғар сана аз болып тұрғаны ащы да болса, ақиқат.

«Елі-жұртым, сізге айтам,

Бірлікті бол, шырақтар.

Бірлікті жерде рыздық көп,

Ол адам елге тұрақтар.

Ауызбірлік бар жерде,

Жететұғын мұрат бар.

Ауызбірлік жоқ жерде,

Қиянатты қият бар».

Сөздің қадірі кеткен жерде, адамдардың да бір біріне деген сый-құрметі азаяды-ау. Төрде отырған атаның батасы дұрыс болмаса, сөзінің пәтуасы білінбейді. Әкенің ісі қате болса, міндетті түрде, баланың ісі – шала. Бір ғана отбасында осындай келеңсіздік орын алып жатқанда, ағайынның бірлігіне сызат түссе, елі-жұрттың тірлігі де жараспайтыны бесенеден белгілі. Ал, Қабылиса бабамның ақылына көңіл аударсақ, ырыздық-несібенің, ырыс-берекенің ауызбірлікті жерге үйір келетінін айтады. Ендеше, мына қоғамда неге алауыздық көп?! Олай емес деп, жауырды жаба тоқығанымызбен, көңіл алаңдатар көлеңкелі тұстар бар екені жасырын емес. Мұның себебі, қолға ұстап тұратын дүниенің жүрекке түсіп кеткендігінен-ау. Ал, жүректің көзі дүниемен бітелгенде бабам айтқандай, «ауызбірлікке қиянат жасалып» кетеді екен ғой.

«Ұяттың иман қабы дер,

Имандыда ұят бар.

Көпшілікке жаққан жан,

Басына жаққан шырақ бар.

Фәни түгіл, бақида,

Мінетұғын пырақ бар.

Ешкімнің хақын жемеңдер,

Артында оның сұрақ бар!»

Қабылиса бабамның асыл қазынасының қақпағын енді ғана ашудамын. Бір ғана шағын шығармасының төңірегінен шиырлап, әлі шыға алмай жатырмын. Әр сөзінің құны алтыннан бағалы Қабан бабамның дәл осы шығармасын оқып, санасына тоқып, ғибрат алған пенденің адамдықтың тұғырына шығып, адалдықтың жолында ғана ғұмыр кешуге бел буары сөзсіз. Адамды алауыздық пен берекесіздіктен арашалап алатын ұлы қасиет ол – ұят пен иман. Кімде иман болса, онда ұят бар. Ал кімнің иманы мықты болса, ұяты бетіне шығып тұрады. Қазақтың жаман адамға қаратып «имансыз неме, ұятсыз екенсің» деп айтуы да бекер емес. Иманы жанарының нұрынан байқалып, ұяты бетіне қан қызылданып шығып тұратын адамның көпшілікке жағатыны, ал, көп ұнатқан жанның әр жүректе қалатыны да шындық. Фәниде артына ізгілікпен із қалдырып, мәңгі өмірге жамағаттың шын пейілі мен «жақсы адам еді» деген сөзімен аттанған адамның Алланың рахымымен пырағына мініп, жәннаттың бақшасынан бір-ақ шығарына күмәніміз болмасын. Бұл – жұмақтан үміті бар кез келген пендеге арман өлім. Алла алдына барғанда сұралатынын ұмытып, кісінің хақысын жегеннің махшарда желкесінен шығаратынын ескертіп отырған Қабан бабам – мына қоғамдағы адамдардың санасын жемқорлық жайлап, парақорлық қанына сіңіп кететінін білген де жоқ-ау. Егер білсе, дәл мынандай сенім артпас еді:

«Тыңдаңыздар, ағайын,

Жекжат пенен жұраттар,

Бұл сөзімді бейімде,

Түзелер жұртым кейін де.

Кейінгі келер ұрпақтар,

Заманға жақсы тұрақтар!»

Даналық ойдан дән алсын деген Қабылиса бабам асыл жыры арқылы ұлтының жақсы заманда өмір сүріп, жұртының түзелетініне сеніп, адам болып өмір сүруді аманаттап кетті. Ал, сенген қазағының басым бөлігі аманаттан аттап, қиянатқа белшесінен батып, тағдыры шүріппенің басылуын күтіп тұрған ажал мылтықтың ұңғысының аузында екенін есінен шығарып, өлместің суын ішкендей, жалғанды жалпағынан басып жүр. Періште пейілді пенделікпен былғап, адамдық арына дақ түсіріп алғандар қаншама?

Міне, босағамыздан он екі айдың сұлтаны Рамазан айы ат­тады. Жаман іс істемек түгілі, жаман ойлаудың өзі күнә болатын қасиет­ті айда тұрмыз. Жаман әдеттен арылып, жақсы амалдар істеуге берілген зор мүмкіндіктің үстіндеміз. Алланың рахымынан үміті бар, ақыретінен қорқатын адам үшін бір ауыз жақсы сөзі арқылы сансыз сауапқа кенелтетін жомарт айдың төріндеміз. Ораза ұстаған адамға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде айтылғандай: «Жарты құрмамен болса да ауыз аштырып, тозақтың отынан құтылдыратын» қайырымды айды бастадық. Алла елшісінің (с.ғ.с): «Мұсылманның қаруы – дұға» дегеніндей, осы күнге дейін «біліп және білмей істеген күнәларымыз» үшін тәубамызға келіп, Жаратқаннан кешірім сұрап, еліміздің амандығы мен іргеміздің бүтіндігі үшін, әлемді дүрліктіріп, елімізді де дүрбелеңге салған індеттен тезірек арылуымызға дұға жасайтын және жасаған дұғалар қайтарылмай, қабыл болатын қасиетті айдағы ұстаған оразамыз бен жасаған ғибадаттарымыз қабыл болсын!

Қабылиса бабамның рухани қазынасына бойлай отырып, оразада туған ойымды ортаға салдым. Сіз де кәдеңізге жаратыңыз, көзіқарақты оқырман!

III

«КЕЙ АДАМ КӨЗГЕ БЫЛАЙ, СЫРТҚА БЫЛАЙ»

Шіліңгір шілдедегі ораза есіңізде ме? Күн – қапырық, ауа – бүк, нәпсімізге уақыт өтпейтіндей, кеш кірмейтіндей көрініп, тіліміз таңдайымызға жабысқандай күйге түсіп, ақшамды асыға күтіп, біраз мазамыз кететін. Соңғы минуттардың өзі екі өкпесінен қанша тепкілесең де желіп қоймайтын олақ қойшының шабан аты сияқты жыбырлап тұрып алатындай әсер ететін. Азанның үні естілер - естілместе, алақанымызды жайып, дұғамызды жасап, дәл уақыты кіргенде біссмілләмізді айтып, сүннетке сай аузымызды құрмамен ашып, онда да ұзақ шайнап жатпастан, өңешімізге қарай қылғытып жіберіп, кеседегі суға ерніміз тигенде, мынау мың күндік жарық сәуленің бар қасиеті мен құны бір тамшы судай болмайтынына көзіміз жетіп, рахаттана сіміретін едік. Былайғы уақытта кеңірдегімізден қылқ-қылқ етіп өтіп жатқан қара судың дәмін ауызашар сәтте сезіп, аталарымыздан қалған «судың да сұрауы бар» деген бір ауыз сөздің де қадірі арта түсетін.

Мұны неге айтып отырмын? Рамазан басталғалы бері қайта-қайта соғып, артында қалған асыл мұрасын сіздермен бөлісіп отырған Қабылиса атамның да жыр жауһары кеберсіп қалған жан-дүниемізді рахатқа бөлеп, шөлімізді қандырғандай күй кештіруде. Шілденің ыстығындай бас айналдырар дүниенің қызуынан бір сәт арашалап, маңдайымызды майда самалдай сипап өтіп, тынысымызды ашып, тұла бойымызға ерекше күш беретіндей.

«Аларда ажал адамды жаңылдырар,

Өмірді қу ажалға бағындырар.

Өмірден ажал үстем болар сонда,

Адамды елпектетіп табындырар.

Біраз күн дүниеге қызықтырып,

Үлде мен бүлдеге орап, малындырар.

Құрметтеп, дүние, шіркін, айналдырып,

Мойныңа гауһар, лағыл тағындырар».

Байқайсыз ба, мына шумақтар алпыс екі тамырыңызда он сегізде ойнақтаған қызу қанның немесе жиырма бестегі тулаған жүректің сөзі емес, көргенін көңіл таразысына салып, тірлігіңде көзіңді арбаған дүниенің баянсыз екенін сезіп, жастық пен қарттықтың арасындағы өмірді бағамдай білетін даналық кезеңдегі саналы ойдан туындаған асыл сөз. Төбесімен аспан тірегендей алшаң басып, асқақтаған пендені бір сәт атынан түсіріп, бойындағы тәкаппарлықтың шекпенін шешкізіп, табанын жерге тигізіп, адамдықтың алдында асқақ кеудесін иігізіп, адалдықтың шапанын кигізіп-ақ жібереді-ау, сөз ұғатын жанға. Алатаудай аспанға ұмсынғанымызбен, ажалдың алдында аласа екенімізді, тіпті таудай тұлғалы болсақ та, түптің түбінде төбеден де төмен төмпешікке айналатынымызды ескертіп тұрғанын қаперімізге де алғымыз келмейді. Үлде мен бүлдеге қаншалықты оранғанымызбен, көп алдында құрметке бөленіп, барған жерде елден бұрын төр алғанымызбен, лағыл, гауһар тағындырған байлықтың буы көз алдыңды тұмандап, сағым қылған қызыл-жасыл дүниені өзіне бағындырған ажал деген алып күштің алдымызда күтіп тұрғанын ұмыта береміз біз неге?!

«Адамның адал ісін арам етер,

Ұялмас ардан кеткен зұлымдылар.

Өзі биік болған соң кімге зәру,

Түк білмейтін боп шығар

                                 ұғымдылар.

Кей адам көзге былай,

                                сыртқа былай,

Жоқ емес іш ақтарар жырымдылар.

Бәрінен де сол артық сертте тұрса,

Ақпейіл сөзге берік тұлымдылар».

Дәл осы сегіз жол өлеңде жамандық пен жақсылықтың арасын бастан жілікті ажыратып бергендей қылып-ақ жазып кетіпті данышпан бабам. Ұяттан жұрдай, ардан ада пенденің адамдыққа дақ түсіріп, адалдыққа күйе жағып, жаны таза адамның өзін күйдіріп жіберуі жаға ұстатар жағдай болмай қалды ғой мына қоғамда. Қабан атам кестелі сөз, көркем ой арқылы көргені мен көңілге түйгенін ақыл таразысына салып, өткінші ғұмыр, өлшеулі өмірдің бар мәні адамдық қалыбыңды сақтағанда ғана мазмұнды болатынын ескертіп отыр емес пе? «Өзі биік болған соң кімге зәру?»,- дейді жырау. Осынау оймақтай ойдың кейіпкері ортамызда көп қоғамда өмір сүріп жатқанымыз да рас. Алдына барып, жағдайын айтып, мұңын шағу былай тұрсын, табалдырығынан аттаудың өзі тауға шыққаннан да қиын дөкейлер бар. Дәрежесі биіктің алдында қалай билеп кеткенін білмей қалатын кей шенді өзінен төменге төбесінен қарағысы келгенімен, бабам айтқандай: «Түк білмейтін боп шығар ұғымдылар» қатарынан екенін қанша жасырса да көрер көзге ұрып тұратыны да шындық. «Көзге былай, сыртқа былай», мықтыға құл, жұртқа құдай болып көрінгісі келетін жасанды өмірден не қайыр?! Маңдайымызға мәңгі жазылмаған аз ғана ғұмырды мәнді өткізудің дара жолы – «сертіне берік, сөзінде тұратын ақпейіл ниетте» екенін баба өсиетінен неге үйренбейміз?

«Адамды алдап жүріп, дүние, шіркін,

Бір күні қара жерге алындырар», - деп, кемеңгер бабам қу дүниенің опа бермейтінін ескертіп жатса да, байлық десе, басымыз айналып, есіміз кететіні несі екен?!

«Пысықтық етпіліктен жан қалмайды,

Құтылмас күшке сенген

                                қарымдылар.

Кей адам кейбіреуді көтермелер,

Деп айтар, білімділер,

                                шалымдылар.

Ол мақтауы ойласаң, оған зиян,

Сорлыны құр мақтауға

                               салындырар.

Бір күні сол мақтауы жетер түпке,

Ұрынып, көрінгенге жанын қияр».

Осы жолдар да жырау бабамның көрген, білгенін ой қазанында барынша қайнатып, әбден піскенде барып жазып отырған дүниесі ғой. Сонда мақтау мен мадаққа бағзы заманнан құмар жұрт болғанымыз ба? Әлде, адамды құртудың төте жолы құрғақ мақтау екені қазаққа ғана емес, жалпы пендеге тән кемшілік пе? Солай ғой деп өзіңді жұбатайын десең, өзгенің озық үлгімен озып бара жатқанын көргенде ойланып қаласың. Сонда жер-көкке сыйғызбай, бір бірімізге айтып жатқан мақтаулар мен мадақтауларымыздың нәтижесі қайда? Бұл жерде қарапайым адамның бойындағы қасиетін дәріптеп, дәрежесін көтере айтқан мақтау бөлек болса керек. Бізді құртатыны жағымпаздықпен әспеттелген жасанды мадақ. Басшының алдында бас шұлғып отырып: «Сіздің арқаңызда! Сіз келгелі! Сіз болмасаңыз! Сіздің бастамаңыз!» - деген сөзге жазықсыз құлағымыз жауыр болғалы қашан? «Барлық мақтаулар мен мадақтар әлемдердің Раббысы болған бір ғана Аллаға тән!» деген «Фатиха» сүресінің бірінші аятын құлаққа ілмегеннен кейін билігі зор, байлығы мол өзіміз сияқты екі аяқты пенденің алдында құлдық ұрмағанда, қайтеміз?! Ақыры аятқа аялдадық қой, шариғат шеңберінен де бір-екі ауыз ой қозғай кетейін. Өйткені, Қабылиса бабам:

«– Бақыт, қайда барасың?

– Үйінде тұрған Құраны,

Расулалла ұраны,

Тәртіпті үйге барамын», - деп, бақыттың қайда баратынын, оны іздеген адам қайдан табатынын соқырға таяқ ұстатқандай айтып беріпті. Бірді айтып, бірге кетпейін. Сөзімді жоғарыда мысалға келтірген баба жырындағы мақтаудың зияны туралы ойыммен, илләхи ауанда жалғастырайын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Дін бауырынан бір қажеттілікті сұрайтын кезде сөзді оны мақтаумен бастамаңдар. Бұлай істеген адам оның белін сындырған болады» (Ибн Лал). Иә, тура мағынасында қабылдамайық. Орынсыз мақтау арқылы бауырымыздың басына зиян әкелетінімізді түсінсек болғаны. Бір қарасаңыз, мақтауда тұрған дәнеңе жоқ. Жақсылығын көзіңіз көріп тұрғаннан кейін оны жасырып қалудың не керегі бар? Көзінше айтып, көңілін көтеріп қоюдың не сөкеттігі бар? Басқа-басқа, бауырымызға зияны қатты тиетінін жоғарыдағы хадистен өзімізге осындай сұрақ қойып, арашалап алғымыз келгенімен, астарына үңіліп көрейікші. Алла Елшісі (с.ғ.с) неге қатты ескертіп отыр? Сөйтсек, біреуді көзінше мақтау оның бойындағы тәкаппарлықты оятады екен. «Мен ғана сондай екенмін, мен бәрін істеп жатырмын» деген ой санасына сыналай кіріп, менмендігін қоздырады. Менмендік бойындағы әу баста қалыптасқан қарапайым мінезін өзгертіп, айналасына асқақ қарап, басқа адамдармен қарым-қатынасын да өзгертіп жібереді. Сөйтіп, мына дүниеде жан-жағына паңдана қарап, маң-маң басып, бақыттың бақшасында жүргендей сезіндіргенімен, мәңгілік өмірінің қызығынан айырады. Өйткені, Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде: «Кімнің бойында шаңның тозаңындай тәкаппарлық болса, ол адам жұмақтың иісін де иіскей алмайды», - деген. Яғни, ол адам Алла алдында өзіне лайықты жазасын алмақ. Міне, дініміз бір, қанымыз ортақ баурымызды мақтау арқылы қаншалықты зиянымыз тиетінін бағамдай беріңіз. Мүслим мен Тирмизиден жеткен хадисте: «Мақтаушылардың бетіне топырақ шашыңдар!», - деген. Хадиске амал етемін деп, сізді мақтап жатқан бір адамның бетіне топырақ шашып көріңізші. Шариғатқа сүйенсек, сіз оған жанашырлық көрсетіп жатырсыз. Ал, адами таразыға салсақ, сіздің әрекет – ақымақтық. «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма?», - дегендей, жақсылығыңды айтып жатқан жанның бетіне топырақ шашу – жағасына жармасып, жағынан қойып жібергеннен зор қорлық болуы мүмкін. Ақыл таразысына салып, сабырлықпен шешім шығарсақ, сізді жер көкке сыйғызбай мақтап, өзіңіздің бойыңызда бар-жоқ қасиетіңізді тізбелеп, нәпсіңізге жағатын сөзді судай сапырып жатса, тоқтатқаныңыз мақтаушы үшін де, мақталушы үшін де қайырлы болмақ. Жыраудың жырынан тағылым алсаңыз, мақтау мен мадақ пенденің түбіне жететін ең үлкен кесел екен.

Оразада туған ойдың бір парасын осы жерден Қабылиса бабамның сөзімен түйіндейін. Сіз де көңіліңізге түйіп қойыңыз, оқырманым!

«Адамды алдап жүріп, арбап жүріп,

Ақыры топырақ көрпе жамылдырар.

Үй іші, малы, мүлкі арта қалып,

Ойлантып соның бәрін сағындырар.

Ажалдан құтылатын адам бар ма,

Алысып, арпалысып бәрін жығар.

Несін созып айтайын осы сөзді,

Қайран халқым, жалған сөз емес шығар!»

IV

«ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ»

Адам азса, рухани байлығының жұтаңдығынан азады-ау. Тәнім бүтін дегенмен, жан-дүниеңдегі кемшілік, кемістіктеріңді көрсетіп қоймай ма? Атамнан қалған «Ақылына көркі сай» деген сөздің астарында осы жан мен тәннің үйлесімділігі жатқаны ақиқат. Ақылға салып, зерделей білсек, осы екі жаратылыстың өз хақысы бар. Тән хақысы – тамақтанудан бастап, он екі мүшеңізге тек қана пайдасын тигізетін көптеген іс-қимыл, әрекеттен қанағат тапса, жан хақысы – тәрбие-өнегемен, оқу-біліммен рахаттанбақ. Көне заманнан сыр тартып, көңіл таразысына салып қарасақ, қазақ ұлысында жан байлығы ұлттық тәрбие мен бабалар аманатында сақталып, санамызда жат­талып қалу арқылы жемісін беріп келеді екен. Сондықтан, бабалар мұрасына ескішілдіктің қалдығындай жатырқай қарамай, жиі көңіл бөлгенде ғана жанымыз азықтанып, сарайымыз ашылмақ. Сондай дария кеуде бабамның бірі Жетісу жырауларының атасына айналған Қабылиса бабам еді. Ораза айында неге Қабан бабама қайта айналып соға бердім. Себебі – ол кісінің асыл сөздерінде жаһандану дәуірінің дәурені жүріп тұрған қазіргі қоғамда береке-бірлігіміз бен жарасымды тірлігімізге сызат түсіріп алмаудың үлгісі жатыр.

Сөздің сөлі кеткен, істің нәтижесі аз заманға тап келдік-ау қазір. Әйтпесе, әу бастағы болмысымызда сөзбен қорытып, іспен шешімін шығаратын жұрт емес пе едік? Кез келген мәселеде ең әуелі сөзге арқа сүйегенбіз. Онда да аузы көпіріп, аяқтыға жол, ауыздыға сөз беремейтін көкезудің көкмылжыңына емес, толғақты мәселенің тобықтай түйінін айтып, қорғасын ойды ортаға сала алатын шешендігі тілінен, көсемдігі түрінен білініп тұратын адамға бойұсынатынбыз. Сөзім дәделді болсын, өткен шақпен сөйлеп, еске алып отырған бабаларымның бірі Қабылиса атамнан қалған жүйелі сөздің киесін кетірмей, сол қалпында ортаға салып, ой бөлісіп көрейін. Сіз де көңіл қойып, зейін сала отырыңыз.

«Өлгенше қор болмайды,

Азаматтар ниеті ақ.

Оларға үйір болады,

Сарқылмайтын дәулет-бақ.

Өлмейтұғын пенде жоқ,

Жан – аманат, ойлап бақ.

Ырылдаспа тіріңде,

Ырыс алды – ынтымақ».

Ынтымақ – қазақты қиын-қыстау, қилы заманда, тар жол тайғақ кешу кезеңде тығырықтан алып шыққан дара сүрлеу. Тарихқа көз жіберсек, бабаларымыз небір жаугершілік уақытта ынтымағының арқасында Алатау мен Арқаға, Атырау мен Алтайға дейінгі аралыққа иелік етіп, ұрпағына аманаттап кетті. Қазақ қай кезде бодандықтың ноқтасын киді? Ынтымағы ыдырап, бірлігі кеткен кезде, бірін бірі сатып, бірін бірі атып, тірлігінде иттей ырылдасып жүріп, әлсіреген тұста құлдықтың қамытын мойынына қалай салып алғанын өзі де байқамай қалды. Сексеуілді сексеуілмен ұрып сындыру тәсілін өз ықтиярымызбен өзгенің қолына ұстатқан сәттен кез келген жауымыздан жеңіле бастадық. Тарихтан сабақ алмағандықтан, бабалар сөзін санаға салмағандықтан, маңдайымыз сан рет тасқа соғылды.

Қабан бабам айтқандай, «ақ ниетіңе дақ түсірмесең», бір Алла өзі жақ болатынын, сонда ғана басыңа сарқылмайтын дәулет пен бақ қонатынын біле тұра, берекесіздікке жол аштық. Өлмейтұғын пенденің болмайтынына, бәріміздің басымызды түбінде ажал бұлты торлайтынына, Жаратушымыз бір күні аманат жанын алатынына, тәнімізді қараңғы көрге салатынына көзіміз жетсе де нәпсі билеген арсыз көңілдің жетегіне ердік.

«Ашуды ақыл – қазыққа

Апарып матап, байлаңдар.

Ашуды жеңсе ақылың,

Кесірді талай ойрандар.

Тату болса ағайын,

Саф алтындай жарқылдар.

Кесапатты кісендеп,

Ақымақты алқымдар».

Сабырсыздыққа берілгенде, ашудың қас, ақылдың дос екенін ұмытып, дұшпанымыздан жеңілгенде барып, бас шайқап, бармақ тістедік. Жолбасшымыз салқын ақыл болғанда ғана ашу оты күйдіре алмайтынын есімізден шығардық. Татулықтың тас қамалдай берік болуы, ағайынның ғана емес, адамның бір бірінің жүзіне ұялмай қарай алуы – ақылдың жемісі. Ібілістің жетегімен іргеңнен еніп, қаймағы бұзылмаған бірлігіңді іріген сүттей қылу – ашудың кесапаты. Баба нақылынан сабақ алсақ, «ашуды ақылдың қазығына байлап», матап ұстағанда ғана ақымақты алқымдап, көлденең келген кесапатты кісендей алады екенбіз.

Әлқисса, бейбітшіліктің берекелі бесігі деп әспеттеген елімізде, ұланғайыр жерімізде, сан түрлі этнос өкілдеріне құшағына ашып, бауырына басқан даладай дарқан пейіліміз, баладай аңғал көңіліміз өз қазағымызға келгенде неге құрқылтайдың ұясындай тарылып кетті?! «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп қауымдасқан көптің қамын ойлайтын кеңдігіміз қайда? Сананы торлаған ғаламтордың ішіндегі мылтықсыз майданда бір бірімізді оққа байлап, отқа тастап жатырмыз. Ашуды ауыздықтай алмағандықтан, аузымыздан ақ ит кіріп, көк ит шығуда. Дәл осы әлсіз тұсымыз, біздің өскенімізге емес, өшкенімізге мүдделі өзгенің оң жамбасына келген тәсіл. «Үрит-үрит, соқ-соқ» деп ашудың отын үрлеп, өздері алаңсыз сол отқа тамағын пісіріп жеп, кекірігі азып отыр. Ал Қабан бабам не дейді?! Оқыңыз да, санаңызға тоқыңыз!

«Аз өмірдің ішінде,

Тату бол да тәтті бол.

Араңды бұзар дұшпанға,

Аяусыз ащы, қатты бол.

Өтірік, өсек, ұрлыққа

Тыйым салып, берме жол.

Бір арнадан сөз шықса,

Береке мол, достық сол!»

Өмірдің қамшы сабындай келте ғана екенін жақсы білеміз. Ертең біріміз өле кетсек, өкіре жылап, көрге бірге кірердей күйге түсетініміз тағы рас. Әшейінде ат кекілін кесісіп, «мен өлгенде сен келме, сен өлгенде мен келмен» деп өкпелесіп кеткенімізбен, өлімге қимай, «бауырымдап» жоқтау айтып жететініміз де өтірік емес. Маңдайымызға бұйырған аз ғана ғұмырда тату-тәтті жүре алмай, жарасып өмір сүре алмай, өтірікке еріп, өсекке сеніп, сөзіміз бір арнадан табылмай, берекемізді кетіріп, достығымызға сызат түсіріп жатуымыздың негізгі себебі, бабалар айтқан өрелі сөзден өнеге ала алмағанымыздан-ау. Дала ділмарының дара сөздерін санаға салып салмақтағанда осындай сан түрлі ой келеді екен жұмыр басқа.

Қабылиса бабамның заманы мен біздің қоғам екеуі бір біріне ұқсамайды. Ол дәуірмен салыстырғанда құндылықтары ауысқан, өмір сүру қағидасы мүлдем бөлек уақытта күн кешіп жатырмыз. Ата-бабамыздың айшылық алыс жол жүріп, әрең жететін жеріне аспан әлемімен қалықтап немесе темір тұлпарды тізгіндеп, санаулы уақытта баратын болдық. Жеті атамыздың аяғы жетпеген жер алақандағыдай көз алдымызда. Төрткүл дүниеде болып жатқан жаңалықты қас қағымда көріп, білудеміз. Ұшатын кілем жайлы ертегіні езуінен су аға тыңдайтын заман келмеске кетіп, шынымен де Ұлы Даланың өз перзенттері аспан мен жердің арасына жол салып, қиялдағы әлемді ақиқатқа айналдырып тастады. Төрт түлігін төске өргізіп, жөн сұрасқанда әуелі «мал - жаныңыз аман ба?» деп сөз бастайтын ел, төрткүл дүниені бір біріне байланыстырған техниканың тілін меңгеріп үлгерді. Осылайша жаһандық көштің керуенінен қалыспай келе жатқанымызбен, бабалар өсиетінен толықтай өнеге ала алдық па? Жоғарыда мысалға келтірген шумақтардың бір-бір тармағын тағы да еске салып өтейін. «Ырыс алды – ынтымақ», «Тату болса ағайын», «Береке мол, достық сол». Байқайсыз ба, бабамыз ең әуелі татулықты өсиет етіп отыр?! Сонда ғана еңсеміз биік, тұғырымыз мықты ел болатынымызды меңзеуде. Біздің өзгеге жем болып, өз елімізде өгейдің күйін кешуімізге өзіміз кінәліміз. Асығы алшысынан түсіп, алшаң басып жүрген өзге ұлттың өкіліне өкпе артпай тұрып, өзіміз түзелуіміз керек. Ол үшін түймедейді түйедей дау санамай, қарға тамырлы қазағыңды жау санамай, бар қазақты бір қазақтай көрмек керек. Байлығымыздың тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатуының басты себебінің бірі де – ұлттық тұтастығымыздың жоқтығы. Қазақты қазақтың сүйе алмауында һәм сүйе алмағанына ұялмауында. Нәтижесінде біздің қазіргі өміріміз бабамнан қалған мына жыр жолдарындай өтіп жатыр:

«Арам пейіл адамдар,

Достығында тұрмайды.

Араңа кірсе сумаңдап,

Сырыңды шым-шым ұрлайды.

Содан соң алтын тапқандай,

Жария етіп шулайды.

Етпесе бұлай арамза,

Құмары оның қанбайды!»

Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндей келсек, Ұлы Далада дара ізі қалған дана бабалардың аманатына қиянат жасамай, кәдемізге жаратып, пайдамызға асырғанда ғана қиялымызда емес, шынайы өмірде қияға қанат қаққан қыран мінезімізге ораламыз. Ол үшін, әрине, надандықтан жырақ, жамандықтан алыс жүріп, адамдықтың қазығына берік байланбақ керек. Әйтпесе, Қабылиса бабам айтқандай:

«Ақылы жоқ наданның

Жамандық ісі қалмайды.

Көр аузына барғанша,

Ақылды айтқан алмайды.

Жамандықтың белгісі –

Әр нәрсені торлайды.

Осындайлармен дос болса,

Ақылды жігіт сорлайды!

V

«МАЛЫҢНАН ЗЕКЕТ БЕРІҢІЗ»

Аттай тулаған, оқтай зулаған уақытты уысында ұстап тұрар күш пенде баласының құзырында емес екенін қасиетті Рамазан айының әне-міне дегенше өте шыққанынан-ақ тағы да аңғардық. Осыдан бір ай бұрын «ОРАЗАДА ТУҒАН ОЙ» деп айдар тағып, Ұлы Даланың ділмар-кемеңгері, аузы дуалы, сөзі уәлі дана бабамыз Қабылиса атамыздың артында қалған жыр-аманатын «Ұлтым» деп жұлқынған жұрттың назарына ұсынып, ой таразысында бірге саралауды бастаған едім. Ұрпағының санасында жаңғыртып, ғұмырлы сөзден сыр тартып, тағылымды дүниенің таңдайымызға салған тәтті өріктей дәмін алып, нәрін бойға сіңіре алсақ, үлкен жетістікке қол жеткізгеніміз. Ертең Оразаның соңғы жұмасы. «Кім бар, кім жоқ келгенше жыл айналып» дегендей, Рамазан қайтып келеді-ау, кімнің аман-есен қауышары Аллаға ғана аян болғандықтан, «баба мұрасын насихаттауда аянып қалмайын» деп тағы да сөз бастадым.

«Ай, мұсылмандар, жарандар,

Малыңнан зекет беріңіз,

Бірлігін Хақтың біліңіз.

Хақ жолымен жүріңіз,

Пәк болады дініңіз.

Бұл дүниенің, жарандар,

Сағатындай болмайды,

Ақыретте біліңіз...»

Баба сөзіне зер салсаңыз, ауқаты асқан, дәулеті тасқан мұсылманға міндеттелген исламның бес парызының бірі зекет жайлы ой қозғайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерді қайтарыңдар», - деген хадисінен зекеттің парыз болуының адам баласына тигізер ең үлкен пайдасы осы мал-дүниеміздің амандығы мен берекелі болуы үшін нәпсімізді жеңіп, Алла жолына арнап, жоқ-жітіктің ақысы ретінде соларға арнайы беріп тұруымыз керек екен. Қарапайым ғана мысал келтірейінші. Қора толы өз малыңызды біреуге тегін бақтыра аласыз ба? Астыққа толы қырманыңызды күзетшісіз тастап кетер ме едіңіз? Басқа да қазынаға толы қоймаңызды қараусыз қалдыруға жүрегіңіз шыдар ма еді? Әрине, жоқ! Міндетті түрде малыңызға бақташы, қоймаңызға күзетші қоясыз. Және тегін емес, қомақты жалақысын төлейсіз. Малыңыз аман – ұйқыңыз тыныш. Дүниеңіз түгел – күлкіңіз күміс. Бірақ, мына дүние сынақ алаңы екенін ұмытпаңыз. Беріп сынаған Алла алып та сынайды. Яғни, өз пейіліңіздің кеңдігімен жетім-жесірдің хақысын бермесеңіз, өзгенің қолымен алады. Ойда-жоқта мал-дүниеңізге опат келсе, кім кінәлі? Бірден ойымызға малшы мен күзетші келеді. Ақиқатында, олардың кінәсінен емес. Төскейге сыймаған малыңыз бен қамба толы қазынаңыз бола тұра, Алла жолында зекет бермегеніңіздің салдарынан. Мына дүниеде малыңыз жоғалып, дүниеңіз тоналып сыналған да ештеңе емес-ау, ақыреттегі жағдайыңыздың да ауыр халде болатынын қасиет­ті Құранның Әли-Имран сүресінің 180-аятында: «Зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде (қорқыныштылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан ұстап: «Мен сенің дүниедегі (қат­ты жақсы көрген) байлығыңмын, мен сенің (жинаған) қазынаңмын», - дейді», - деп ескертеді. Ендеше оралыңыздың барында ойнап-күлгеніңізге алданбай, бақташы мен күзетшіңізбен есептескеніңіздей, Ұлы Жаратушыңызбен де есептесуді ұмытпаңыз. «Өзі болған  Құдайын танымас!» Бізге бабамыздан жеткен сөз. Сонша байлықты беруші ең әуелі Алла тағала екенін ұмытып, «өзім бақтым, өзім таптым» деп астамшылыққа ұрынғанда немесе мұқтаж адам мұңын шаға келгенде сөзін тыңдамай, кері бұрылғанда, Алла сізбен есептеседі.

Иә, рас, мал-дүние өзіңіздікі. Өз еңбегіңізбен жеттіңіз. Бірақ соған жету жолындағы қажыр-қайрат пен ақыл-парасатты, күш-қуатты, ырыс-берекені беруші құдіреті күшті Құдай тағала екенін есіңізден шығармаңыз. Он екі мүшеңіздің амандығы мен ақыл-есіңіздің бүтіндігі үшін шүкірлік қылып, мол байлығыңыздың бір мысқалын Алла жолына арнап, жоқ-жітік пен ғаріп-міскінге беріп қойсаңыз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жоғарыдағы айтқан хадисіне амал етіп, мол сауапқа ие болған жандардың қатарына кіресіз. Малыңыз – аман, деніңіз – сау, дүниеңіз – түгел. Ол үшін Қабан жырау бабама бір сәт құлақ түріп қойыңыз. Олай істемеген жағдайда:

«Харам болар, жарандар,

Зекетсіз жиған малыңыз».

Міне, бес парыздың бірі болған Зекетті орындағандағы пайда мен ұмытқандағы зиянның ара-жігі осы ғана. Бабам:

«Шариғаттан сөз айтқан

Молла тілін алыңыз.

Құдай берген таусылмас,

Өлшеп берген дәміңіз», - дейді. Көп жағдайда кісі өлгенде немесе түс көргенде молла іздейтін жаман әдетіміз бар. Басқа уақытта Алланың сөзін жаттаған, жүрегіне аят пен хадис-шарифті сақтаған молданы адам құрлы көрмейміз. Жарайды, «молда да өзіміз сияқты пенде ғой» дейікші, көлігіміз аунап түсіп, аман қалғанда, істі болып тұтылғанда, басымызға түскен пәледен құтылғанда, атамыз түсімізге кіргенде, жолымыз жабылғанда, барымыздан қағылғанда барып, Құдайымыз еске түсетіні де шындық қой. «Садақаны сау кезіңде бер» дегенді естігенімізбен, есімізге ала бермейміз. Есесіне жоғарыда айтқан жағдайға ұшырағанда Құдайға құлдық ұрып, молданы төрімізге отырғызып, Құранға ұйып мүләйім күйге түсеміз. Молдекеңе алғыс айтып, «бала-шағаңыз ауыз тисін» деп ас мәзіріңізден салып беріп, «оқыған Құраныңызға» деп азын-аулақ ақша ұстатып, шығарып саламыз. Әй, неткен ұмытшақ пендеміз, ә?! Осының бәрін өз көңіліңнің қалауымен істеп отырып: «Молдада ұят жоқ. Өзің алып келесің. Пакетіне асын, қалтасына ақшасын салып бересің. Әй, соны ұялмай алады-ау. Ұят жоқ қой, ұят жоқ». Дәл осы сөзді керең болғыр құлағым талай мәрте естіді. Ара түсем деп араздасып барып, қайтқан кезім де жоқ емес. Кімде-кім осылай істесе, біліп қойыңыз, молдада емес, ар-ұждан, ұят-намыс сізде жоқ. Ойлаңызшы, кім кімге мұқтаж? Айналайын-ау, молдаға сіздің қажетіңіз шамалы. Өзіңіз соған мұқтаж болып отырсыз ба, үйіне, мешітке бар да, алып келіңіз. Қазіргі таңда көлігі бар молда өзі-ақ барады, елді әуреге салмай. Кетерде, имам қалтасынан дорбасын шығарып: «Маған сарқыт салып беріңіз», - деп, әлде: «Құран оқығаным үшін бәленбай ақша төлеңіз», - деп, алдын ала саудаласып келді ме? Өз пейіліңізбен берген нәрсеге кейігеніңіз не енді?! Әйбаттап шығарып салғаннан кейін, артынан ғайбаттап отырсаңыз, несіне шақырдыңыз? Одан да: «Ақ қойдың кәлләсі, қара қойдың кәлләсі, мен Құдайдың пендесі. Әумин!» - деп, білгеніңізбен бетіңізді сипап, етіңізді жеп, сорпаңызды ішіп отыра бермейсіз бе? Дәл осы тұста Қабан бабамның сөзін тағы бір қайтара еске салайын:

«Шариғаттан сөз айтқан,

Молла тілін алыңыз.

Құдай берген таусылмас,

Өлшеп берген дәміңіз!»

Ендеше, жоғарыдағы мысалдың кейіпкері болып жүрген жандар, молда тілін алыңыз, сөзіне құлақ салыңыз. Сонда түгел болады, дүние мен малыңыз. Солай істеңіз. Тым болмаса, маңдайыңызға жазылған ғұмыр түгесіліп, таңдайыңызға бұйырған дәм таусылып, ақ кебінге оранып, үш жеріңізден буылып, ақырғы сапарға кетерде, молданың алдында жатқан тәніңізден жаныңыз ұялмау үшін!

«Мұндай кеңдік табылмас

О дүниеде, қарындас.

Мына кеңдік заманда

Хақ бұйрығын тұтыңыз.

Құдайдың кешпес парызы –

Бес уақыт намазды

Баққан қойдай күтіңіз.

Өлімін күтіп Алланың,

Ақырында, жарандар,

Мұратқа сөйтіп жетіңіз!»

Мына дүниенің кеңдігін айтып отыр ғой бабам. Шынымен де ақыретте дәл осы жарық әлемдегідей кеңдікке жету үшін Хақ бұйрығына көніңіз, зекетіңізді беріңіз, ізгілерге еріңіз, Қабылиса бабам қалдырған асыл сөзге сеніңіз. Сонда сізге жұмақта дайын болар төріңіз. Оған жетудің төте жолы бес парыздың бірі – намаз екенін еске сақтап, бірін де қаза қылмай, тіршілігіңізді құлшылығыңызбен көркемдеп, бабам айтқандай, «бес уақыт намазыңызды қой баққандай күтсеңіз», жетіп жатыр. Негізі, бес уақыт намаз нәпсіңіз қабылдай алмай жатқандай соншалықты ауыр емес. «Барлық амал ниетке байланысты» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисіне сүйенсек, ниет-пейіліңіздің бір мысқалын ғана бөліп қойсаңыз, арғы жағына Жаратқан ием өзі жар болары ақиқат. «Өзекті жанға – бір өлім». Біреуге ерте, енді біріне кеш келетін ажал ешбір пенденің басынан айналып өтпейді. Тағдыр тақтаңызға жазылған ғұмырыңыздың соңғы нүктесі қойылатын жерде күтіп отыратыны ақиқат.

Қасиетті Құранда «намаз оқыңдар, зекет беріңдер», «намаз оқиды, зекет береді» деген мағынадағы аят бірнеше сүреде кездеседі. Бұдан ұғатынымыз, зекет – намаздан кейінгі мұсылман баласына тигізер пайдасы зор құлшылықтың бірі.

Ендеше, пейілі кең, зейіні ашық, оқырман! Тозақпен қорқытып, күнәмен үркітіп, мал-дүниеңізге қол салайын деп отырғаным жоқ. Алла тарапынан он екі айдың сұлтаны деп құрметтелген Рамазанда Қабылиса бабамның жыр аманатымен ой бөлістім. Дананың сөзі баланың ойыны емес екенін жақсы білесіздер. Ақиқатын айтқанда, екінің бірі қолына алып оқи бермейтініне сенімді болғандықтан, ғасырдан асқан басылым арқылы тым болмаса өзіміз өмір сүріп отырған «жер ұйығы – Жетісу өңірінің тұрғындары оқып, санасына тоқып, амалына айналдырса» деген перзенттік пейілмен қолыма қалам алған едім. Бір айдағы бес жұмада өздеріңізбен бөліскен «ОРАЗАДА ТУҒАН ОЙЫМДЫ» Қабылиса бабамның сөзімен түйіндеймін.

«Бір жаныңыз құдайдың

Құдіретіне – аманат.

Алланың берген нәсібін

Азды-көпті болса да,

Етіңіздер қанағат.

Пенде болсаң құдайға,

Аманатқа қиянат

Қылмаңыздар, жамағат!»

Алла баршамызға келер жылға Рамазан айымен аман-есен қауышуды нәсіп етсін!

Жұматай ОСПАНҰЛЫ, ақын, журналист


ИНЕМЕН ҚАРА СӨЗДІ САБАҚТАҒАН...

Жұмыр жердің бетінде қаншама ұлт пен ұлыстар ғұмыр кешіп жатса, түркі тектес ұлттардың көне салт-дәстүрін сақтаушы бірден-бір ел, бұл қазақ халқы десек артық айтқандық емес шығар. Қазақтың «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Қарғыс алма, алғыс ал» деген екі ауыз сөзінің астарында қаншама ғұламалық, даналық жатқанына зер салып көріңізші?

XVIII ғасырда ұлы жүз ішіндегі Жалайырдың Мырза тайпасынан шыққан аса көрнекті қайраткер, өр мінез, өжет батырлығы, от ауызды, орақ тілді шешендігімен көзінің тірісінде-ақ атағы алты Алашқа жайылған Қабан жырау (Қабылиса Асанұлы) еді. Ол XII ғасырда Түркі ұлыстарының басын біріктірген ұлы тұлға, Шыңғыс қағанның сенімді де, сүйікті бас қолбасшысы болып, Цзинь империясын тізе бүктіріп, Бейжіңді алып, тоғыз шашақты туды желбіретіп, қытай елін билеп, Ұлық әмір атанған Мұқылай баһадүрдің ұрпағы болатын.

Қабан жырауды Хан тәңірі бауырынан Қаратауға дейінгі аралықтағы қазақтың от ауызды орақ тілді ақындары, би, шешендері ұстаз тұт­ты, құрметтеді сыйлады. Қабан жырау, батырлық, даналығымен қатар, айтыстың қай түріне болса да жетік, асқақ ойдың шебері еді.

Ғалым Мырзатай Жолдасбеков өз зерттеулерінде: «Қабан жыраудың көшіне ілесіп, кішкене сары бала жеті күн жүріпті. Бұны байқаған жырау, «Мына бала қай бала, неғып жүр сұраңдаршы» деп, кісі жіберіп, алдына алдырады. «Мен сіздің жұрағатыңыз едім. Өзіңізден бата алғалы көшіңізден қалмай жүрмін» дейді бала. «Ой, мынау болғалы тұрған бала екен. Алдыңнан ақ күн тусын, еліңнің абыройы бол, Алла тілеуіңді берсін» деп алдына алып, болашақ ақын жеті жасар Сүйінбайға батасын беріп, қайтарады деп жазады. Сүйінбайға берген батасы қабыл болды. 1850-ші жылдардың соңында Қырғыздың Орман ханы ата, анасына «Ас» бермекке сауын айтып, үш жүздің игі жақсыларын шақырады. Осы жиында Сүйінбай қырғыз ақыны Қатағанмен айтысқа түседі. Сол айтыста бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы екенін тілге тиек етіп, елдің ауызбіршілігін, батырлығын жеріне жеткізе айтып, қырғыз ақынының аузына құм құяды. Сүйінбай ақынның ұлтын сүйген ұлы қасиеттерін бағалаған ғұлама Мұхтар Әуезов: «Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі», - деп баға берді. 2015 жылы Сүйінбай ақынның 200 жылдық мерейтойы аталып өтіп, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик, қазақ ғылымының абызы Қирабаев Серік Смайылұлынан сұхбат алғанымда: «Сүйінбай ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы тілі өткір, қазақтың үлкен ақындарының бірі. Марабай деген, Ер Тарғынды жырлаған сұмдық үлкен ақын болған. Сол Марабайдың бір екі ауыз сөзін келтіріп, «Ақындық деген аз жазып, көп жазғаннан емес, тауып айтқан, образно айтқан адамның бәсі биік» деген Мұхтар Әуезовтің бір сөзі бар. Әлгі, Абайды біз мақтаған уақытта, «Қыс» деген өлеңінде, Қыстың өзін бір тірі адам сияқты суреттеп, аяғын сықырлатып, келіп қалған бір жанды дүниедей етіп бейнелейді дейміз ғой. Сүйінбай одан бұрын кәріліктің өзін жанды бейнеге айналдырған ғой: «Әуелі кәрілік келіп тісімді алды, Сонан соң тіземдегі күшімді алды. Құдай қосқан жарыңнан бөлек жат деп, Қасыма көрпемді ашып кіріп алды»,идейтіні бар. Кәдімгі бір жанды бейне келіп, сенің бойыңдағы іске жарайтын нәрсеңнің бәрін біртіндеп алып жатыр. Міне, мұның барлығы әдемі образ» деп баға берген еді. Сүйінбай ақынның елдің ауызбіршілігін жырлап, әділдіктің ақ туын желбіретуі Қабан жыраудың ақ батасының қабыл болғаны демей, не деуге болады?! Сүйінбайды Қабанның тікелей шәкірті екенін, жырау Кенен де өзінің «Жамбыл-жыр» деген өлеңінде:

  

«Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,

 Бас иген ұлы жүзде тәмам ақын.

Нағашысы Жалайыр Қабан ед деп,

Жамбыл атам айтатын маған атын.

Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау,

Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау,

Жиені Сарыбас ақын сөйлегенде,

Әдеті мұртын қағып құлақ бұрау», - деп, өзіне түсінде бата берген Сарыбас ақынды да айтып өтеді. Қазақтың «Баталы құл арымас» деген әпсанасының төркіні осыны байқатса керек.

Мойындау, пір тұту, құрмет сияқты лебіздерді Жетісу жерінің арғы-бергі заманында өткен: Мәулімбай, Қыдырәлі, Есенгелді, Қалқа, Темірғали, Артық, Әбікен және т.б. айтыскерлер жиі айтып отырған. Солардың ішіндегі ақын Сараның мына бір толғамын еске алғанымыз жөн:

 

«Қасиетті Қабылиса Асанұлы,

Мырзадай іргесі кең елден шыққан.

Кем болмас ештеңеден мұны ұққан,

Жалайыр Қабылисаны еркелетіп,

Қабан деп лақаптап атын тұтқан», - деп дәріптейді. Келтірілген осы шумақтар мен толғамдардан-ақ Қабан ақынның талай қырлары ашыла түседі.

Сақталған деректер бойынша, ол «өр мінезімен, өжет батырлығымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісінде-ақ Қабан ақын атанған. Ел басшылары Ескелді, Балпық билермен қатар «әулие» деген атқа ие болған. Өйткені, әр жерде шашырап, көшіп-қонып жүрген жалайырлардың басын қосып біріктіруде, тұтас бір ел етіп топтастыруда оның еңбегі, қажыр-қайраты үш ғасыр бойы аңыз-әңгімеге айналған». Ел үшін, жер үшін қанын төгуге, жанын қиюға әзір екенін мына бір көріністен-ақ байқауға болады. Ақынның шөбересі Мәрима Рақметқызының айтуына қарағанда, қазақ-қалмақ соғысы кезінде жалайырдың бір батыры жекпе-жектің шартын сақтамай, қарсыласын қас пен көздің арасында шаншып өлтіреді. Мұның арты дау-дамайға айналып, қалыптасқан салт-дәстүрді бұзғаны үшін әлгі жас батырды қалмақ жағы байлап беруді талап етеді. Ел ағалары бұл қиын талапқа мойынсұнып тұрғанда, Қабан ақын алға шығып: «Бұл батыр ел қорғаны бола алатын азамат екен, жолына жан пида – мені байлап беріңдер!» -  дейді де, өз еркімен жау қолына аманатқа кете барады (журналист Ораз Исмайылұлының жазбасынан).

Филология ғылымының докторы М.Жолдасбеков Қабан ақынның алдағыны болжайтын әулиелігін бейнелейтін мынадай аңыз келтіреді: «Бірде Жетісу өлкесінен шыққан атақты батырлар Өтеген, Райымбек, Қараш және Қабан төртеуі бас қосып отырады. Райымбек пен Өтеген құрдас, Қараштың жасы олардан сәл кішілеу, бәрінен үлкені Қабан екен. Райымбек сөз бастайды: «Өтеген, «ел аралаған – сыншы» деген, жер-дү-ниені шарлап келдің, жасымыз болса тақады, батыр атағың бар, көпті көрдің, өле қалсақ жағдайымыз қандай болады, қайсысымыз қай жерде қаламыз, айта аласың ба?» - дейді. Өтеген: «Аға тұрып сөйлеген ініден без» деген, бұл дүниенің жарығын бізден бұрын көрген алдымызда Қабан ағамыз отыр, сол кісі айтсын!» - депті. Сонда Қабан: «Екеуің біріңді-бірің түрткілеп, ақыры мені сөйлеттіңдер ме?» - деп, сөз бастайды. «Әке-шешем қойған атымды өзгертіп, ел мені Қабан атандырды: мен бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде қалармын. Үш күн денем жерде жатады, үш күннен соң табылады. Ал, Өтеген, сенің мінезің жайлы, жүзің жылы еді, жылжып аққан судың жағасында жатасың, бірақ түбінде сені де жылжытып басқа жерге қояды. Райымбек сен көпшіл ең, қиямет-қайымға дейін басыңнан дабыр, үстіңнен дүбір кетпейтін үлкен жолдың бойында боласың» деген екен. Бұл аңызды Кенен Әзірбаев пен Әмірқұл Құлшықов айтқан» («Асыл арналар», Алматы, «Жазушы» баспасы, 1986, 152-153-бет­тер). Бұл аңыз рас болса, Қабанды шын әулие деуге қақымыз бар. Себебі, айтқан болжамдарының баршасы да шындыққа айналғанын мәртебелі мезгіл дәлелдеп берді. Бабаның әулиелігі мен көріпкелдігіне қатысты аңыздар көп. Аңғарымпаздығы мен тапқырлығы туралы да ел ішінде сақталған сөз асылы жетерлік. Қиыннан қиыстырып, қиюы қашқалы тұрған жайттарда жалғыз ғана қисынды жолын тапқан тұстарына таң қалмасқа шара жоқ. Бір мысал айталық: «Бірде ақын ауылына Ұзынағаш жақтан бір топ мейман келеді. Бала-шағалары жақын ауылға тойға кетіп, үйде жалғыз қызы Қоянкөз бен Қабан ақынның өзі қалады. Қонақтарға шәй қайнатылып, ет асылғанда ерке қыз құда түсуге келгендерге ылғи қойдың қол етін қазанға салыпты. Алдарына ас келгенде қонақтар тіксініп: «Жақсы әкеден де осындай көргенсіз бала туады екен-ау» - деп, бір-біріне қарасады. Соны аңғарған ақын табан астында:

«Балам білмей қонаққа қол асыпты,

Қол асса да қой етін мол асыпты.

Саннан бұрын өмірге келеді қол,

Соны біліп, ертеңге                       жол ашыпты», - дейді.

 

­Ишаратты түсінген қонақтар: «Мына қыз осал болмады. Қазақтың ескі салтын бұзып, жаңа жоралғы жасап отыр екен, қойдың жамбасын, төсін, сан етін аспай, қазанға қолын салуында да мән бар екен ғой» деп құдандалық рәсімін жасап, елдеріне қайтыпты. Сыр бойында туып-өскен ақын ел басқарған игі жақсылар  Ескелді, Балпық, Орақтылармен бірге жалайырларды Іле мен Қаратал өңіріне көшіріп әкелгенде, барлық саналы өмірін Шаған тауының шатқалдарында, Лабасының баурайындағы шұрайлы да шырайлы мекенде өткізсе керек.

«Құймақұлақ қариялардың айтуына қарағанда, Қабан қапсағай денелі, айбарлы, ақылды адам болған» деп жазады Ораз Исмайылов.

Қабан, ең алдымен, адал сөйлейтін, билігі, байлығы бар адамдарды өтірік мақтап жағынбайтын, қара қылды қақ жарған ақын болған. Оған бір ғана мысал: «Марқұм Иманғазы қарияның айтуынша, бір жолы ақын ауылына барымташылар баса-көктеп кіріп, жылқыларын айдап әкетеді. Қабан бастаған жаужүрек жігіттер барымташыларды қуып жетіп, айқаса кеткенде, аналардың бір жігіті сойылға жығылып, мерт болады. Барымташылар құн даулап, Әділ төреге жүгінген. Төре Қабанды шақыртып: «Құнын неге қайтармайсың» - дегенде, ақын ойланбастан:

«Ұрыға құн жоқ,

Ұрыға құн болса,

Момынға күн жоқ.

Өзі ізденіп келіп, өлген немеге,

Маған салсаң, дым жоқ!» - деген екен. Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» есіне түсіп, төре де жүйелі сөзге тоқтаған екен. ХІХ ғасырда өмір сүрген Бақтыбай ақын айтқандай, «инемен қара сөзді сабақтаған» Қабан ел-жұртты имандылыққа, шариғат жолына шақырып, көп өлеңдер қалдырған. Оның ислам дінін жетік білгенін, кітап оқыған сауаттылығын, өлеңдерін жазып та шығарғанын талай толғауларынан, өсиет өлеңдерінен аңғару қиын емес. Амал не, қолжазбалары сол күйінде сақталмаған, жеке жырлары ауыздан-ауызға көшіп өзгергені, бұрмаланғаны, кейбіреулердің өз жанынан қосқандары да байқалады...

«Менің ақындығым балаларыма дарымайды, қызым мен жиендеріме көшеді» деген екен Қабекең. Онысы да әулиелік болып шыққан. Өз перзенттерінен қызы Қоянкөз ғана сөз ұстап, жыры жиендерге қонғанды. Бақтыбай, Сүйінбай, Сарыбас сынды алыптар, Сара мен Қалқадай ақын, жыршылар Қабанға сиынып, «пірім» деп отырады екен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қабан жырау – қазақтың ұлттық руханиятына орасан олжа салған дәуірінің дүр данасы һәм аруағы асып туған ақтангер ақыны.

Қошан Мұстафаұлы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


«АТЫМДЫ ҚАЙТПАСЫН ДЕП ҚОЙДЫ ҚАБАН»

Асанқайғы мен Абай аралығында жатқан асыл сөз, сарқылмас қазына – ұлт ұлылығын айқындайтын ерекше көрсеткіш. Арғы-бергі рухани мұрамыздың тұңғиығына сүңгіп, маржан сөз терген Алаш үшін әр әріптің өз салмағы, өз караты, өз унциясы бар екені анық. Ана сүтімен бойға дарып, қанмен берілетін бұл ерекше құбылыс, бұл сұп-сұлу арудың аты – өлең, жыр. Осы тұрғыдан келгенде, Қабылиса Асанұлы (1733-1824 ж.) – XVIII ғасырда өмір сүрген жырау, қайраткер. Батырлығымен, өжеттігімен, қайсарлығымен және шешендігімен танылған тұлғаны халық Қабан ақын деп атап кеткенді. Мұның сырын Тұмарша екеуінің айтысынан айқын аңғара аламыз.

 

Қабан:

Атымды қайтпасын деп қойды Қабан,

Қайны боп жаратылдым өзім саған.

Еркімен өзгеге күң болғаннан да,

Болып па менің атым одан жаман?

Тұмарша:

Қайным-ау, жаман емес сенің атың,

Баласың байқап тұрсам, сөз ұғатын.

Әйелді кім мал берсе, сол алады,

Нақсүйер – ақ тоқал намды болар қатын.

Қабан:

Ешкімнен туа бермес сіздей перзент,

Бітіпті хор қызындай сізге келбет.

Тоқалдың жарамдысы боласың ғой,

Байқасам, тілің – тетік, сөзің – өжет.

Тұмарша:

Болсам да тоқал әйел, ағаң сүйген,

Өзіңдей талай жастың іші күйген.

Қайным-ау, тоқал деп сен кемітпегін,

Тоқалға әуел баста дұға тиген.

Қазақ даласында қуаныш пен шаттықты былай қойғанда, өлімнің өзін Өлеңмен жеткізу шынында да таң қаларлық әрекет. Таң қаларлығы – сөй- леушінің алғашқы сөзі-ақ тыңдарманды ерекше күйге бөлейді. Бұл күй – жүрек күйі, ақыл күйі, сезім күйі. Дәл сол күйді шынайы сезінгендер Поэтика шындығының шыңына шыққандай болады. Өйткені, екі дүниенің арасын байланыстырып тұрған тылсым дәнекер, бұл – сөз.

«Тіл алсаңдар, шырағым,

Өсек сөзді елеме!

Үйір болғын, шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын,

Дүние қайтып келе ме?

Дүниеге сенім жоқ,

Мінерсіз бір күн кемеге.

Айтар әркім білгенін,

Сөз ғып оны немене?

Қағыспай, халқым тек жүрсін,

Онан пайда өне ме?

Өсек-аяң сөз болса,

Жуытпағын дәнеңе.

Әділдің озар адымы,

Адал жан шығар төбеге».

Қабан жыраудың өлеңі бізге сонау көнеден күмбірлеп жеткен әдеби мұра емес, дәл бүгін, дәп қазір айтылған өсиеттей әсер қалдыратыны несі екен?! Ат­тың үстінде отырып-ақ адамзаттық ойды қозғаған тарихи тұлға шығармасының әр жолында бір оқиға, біз білмейтін бір тарих бар. «Бұларда тарих жоқ. Болмаған! Қаңғырған қазақта қалайша тарих болуы мүмкін?» - деп шулаған шовинистер қарасы әлі де мол екені айтпаса да белгілі. Қазақ Көктүріктердің ұрпағы, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы, тегеурінді тектіліктің айғағы екенін археологиялық зерттеулер мен сөзбен жазылған тарих-ақ дәлелдесе керекті.Қабылиса Асанұлы сол кездің әдеби картинасын түзгені өз алдына, ел басына күн туған шақта жауынгерлік рухты жасытпас үшін алмас қылыштай жалт-жұлт еткен жырларын тудырды. Қиян-кескі шайқасқа шығар алдында, соғысқа аттанарда имандылықты ту етіп, әдеп, мораль, ізгілік атты адамға ең қажетті рухани аспектілерді жырлай білді. Себебі, бүгін ардан аттаған сардар ертең өз елін де сатып кететінін терең түсінгенді. Көрегендігін өлеңмен көмкере білген жыр сәйгүлігі – Қабан ақынның төмендегі толғауын оқығанда ойға қалады екенсіз. Қиын-қыстау заманда аталы сөз айтып, азамат басын қосып, ұлтты ұйыстыратын адам қажет болды. Дәл сол қызметті Қабан ақын абыроймен атқара біліп, көптеген кесапаттың алдын алып, кесірден сақтады.

«Жер ойпаңы білінбес,

Ебін тауып үй тіксе.

Ел ойпаңы білінбес,

Еліне сай ұл туса!  

Бірлік тербеп бесікті,

Жауға ашпай есікті,

Қазақ елі көктесін,

Шыңға шығып кесікті.  

А, құдайым оңдасын,

Оңдағанның белгісі,

Күн нұрындай арайлап,

Бақ пен дәулет орнасын!»

Жырау ұлтты ұстап тұрған алтын діңгек – тектілік екенін, ел іргесі сөгілсе, оның арты жақсылыққа апармайтынын, елдің күш-қуаты, әл-дәрмені әлсірей түсетінін сонау он сегізінші ғасырда-ақ ескерткен. Бүгінгі қазақтың генофондына қауіп төнгенін білсе, бабамыз не күй кешер еді деген де ой келеді. Жырау туындылары іс-әрекетке құрылып, әркез қозғалыс үстінде жүруі – дала драматургиясының ерекшеліктерін айқындай түседі. Өлеңдегі кей сөз, кей ой айтылмай, құпия түрде қалуының өзі шығарма поэтикасының қуаты мен әсерін, эффектісін күшейте түсіп, оған қайталанбас бояу, ерекше реңк, сырлылық сипатын дарытып, жаугершілік уақытында батыр намысын жанитын қайрақ бола білді. Бұл – тек жыраулар поэзиясына ғана тән ерекшелік. Мәселен, қарға бойлы Қазтуғанның:

«Жарлысы мен байы тең,

Жабысы менен тайы тең,

Жары мен сайы тең,

Ботташығы бұзаудай,

Боз сазаны тоқтыдай», - деп басталатын толғауында өзі дәурен шеккен кезеңдегі теңдік рухы мен Отан-Ана, «Еділ жұрты» дегенде емешегі езілетін елдің көркем бейнесі ғажап суреттелген. Оның теңеулеріндегі адуындылық, қаһарлылық пен сөз сұлулығы кісіні тәнті етеді.

«Бұлт болған Айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің,

Арасын бұзып өтіп,

дінді ашқан

Сүйінішұлы Қазтуған!»

Автордың жоғарыдағы жолдарына ден қойғанда, бұл ұлттың өзін-өзі көтермелеуі, өзін-өзі қамшылап, жігерлендіруі үшін қажет деген тоқ­тамға келеміз. Себебі, жырау – халықтың екінші аты.Толғаулардағы ішкі толқыныс, жан дірілі айтушы екпініне екпін қосып, қара домбыраның қағысы, ат тұяғының дүбірі, жердің дүрсілі, жел тұғандағы шөптің тербелуі, киіз үй есігінің сықырлап ашылуы, жебенің суылы сезіліп тұрады.

«Барлы, барлы, барлы тау,

Басы есеннің – дені сау.

Ұйықтамасаң – қабақ жау,

Жарытып ішпесең – тамақ жау.

Жыртық үйге – тамшы жау,

Арық атқа – қамшы жау.

Бетіңнен алса – қатын жау,

Кесірлі болса – келін жау.

Жасынан асып, үйіңде жүрсе –

Өзіңнен туған қызың жау,

Тіл алмаса – ұлың жау.

Парықсыз болса – туысың жау,

Күншіл болса – көршің жау,

Тебеген болса – биең жау,

Тартыншақ болса – түйең жау,

Түйе менен биеңді

Алып кетсе – жиен жау».

Қабан ақынның отансүйгіштік, күрескерлік, ерлікті насихаттайтын жырлары келер ұрпақты да рухтандырып, жаңа бастамаларға шабыттандырары хақ. Жаһандану аш бөріше жан-жағымыздан анталаған заманда тіліміз сұйылып, ата дәстүрі, әке жолын ұмытып, діңімізден алшақтай түскен уақытта жыраулар поэзиясының Ахаң «Масасындай» ызыңдап, ұлтты ояту жолындағы мән-маңызы да зор-дүр. Доспамбеттің «Азаулының Ыстанбұлдан несі кем?» атты жыры еш жерге алмастырмайтын туған топырақ пен алты қырдың астынан Күнге шағылысқан алтын түстес күмбезінің жарқылы көрінген бөтен елді салыстыру кезінде қолданатын тұрақты тіркеске айналғалы қашан. Соншама ұғым-түсінік пен соншама сөз-сөйлемнің ішінен «шұбар жыланың» өз орнын тауып жатса, бұдан асқан бақыт жоқтай көрінеді. Өлім алдында Отанды жоғары қоюдағы жырау философиясы барша ұлтты «Шаһид кешсем, өкінбен!..» дегенге шақырады. Ер Доспамбет дәл осы өкінбестік сарынын – «дұспан аттым, өкінбен», «дулыға кидім, өкінбен», «қоныстар қонған өкінбес», «арғымақ мінген өкінбес», «көбелер киген өкінбестікпен» жалғайды. Дала пәлсапасындағы бақи мен фәни, рух, жан, ар, иман, ұрпақ, Отан, арман-қиял, келешек, жалпы барлық категорияларды жыраулық дәстүр өзгеше қырынан аша түседі. Бұндағы Баласағұни дидактикасы, «Зар заман ақындарының» запыранға толы жырлары мен Яссауи, Иүгіне­килердің діни-мистикалық, сопылық әдебиетімен салыстырғанда түр-түсі, ритмикасы, мазмұны, тақырыбы бөлектеу. Егер байқап, байыптай түссек, Махамбеттің билік аппаратын сынау арқылы халық сөзін сөйлеудегі жасындай жырлары мен Сүйінбай поэтикасы рухы жағынан Қабан жыраудың ырғағы, мелодизмімен сарындас келеді. Айталық, көбіміз Махамбет феноменін өңгелерден бөлек қарастыруға тырыссақ та бір айта кететін дүние – Өтемісұлы жыраулар поэзиясына жаңа дем бергенін, жаңаша түрлендіріп, жаңаша жаңғыртқан дала шайыры. Махамбеттің «Асқар, асқар, асқар тау», «Мен, мен, мен едімі», Доспамбеттің «Сере, сере, сере қар», «Тоғай, тоғай, тоғай суы» секілді сөздің қайталауына құрылған әуен, әуез, ырғақ поэзияны кие дәрежесіне жеткізіп, ұлы ритм Біздің қанымызға сіңіп, уағында өлең тілінде сөйлейтін ұлт деңгейіне дейін көтерілуіне септігін тигізді. «Халықты тілмен қорғаған» Сүйінбайлар заманында өлең мен тыңдарман, сөз өнері мен автор бөлінбестей ұғымға айналғанды. Ол уақытта әдебиетке құрметпен қарап, «қара сөздің қаймағын сүзгендердің» өз пантеоны, өз Олимпі болғаны шын жүректен қуантады. Себебі, Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмайы» соғыс психологиясын нақ ашатын класси­калық шығарма екені өз алдына, адамның өсу, даму, қалыптасу кезеңдеріндегі ер деген ұғымды соншалықты нәзік, зергер секілді дәлдікпен бере білгені расында да таңғалдырады. «Тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей», «Өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болмай», «Түн қатып жүріп, түс қашпай, тебінгі теріс тағынбай» секілді теңдессіз, жауһар теңеулерінің арғы жағында өр әрі мұқал­мас рухпен қатар адамның адам болып қалу идеясы жатыр. Жырауларға ортақ тақырып – Отанды қорғау, Отанды сүю, Отан-Ананы бәрінен жоғары қою екенін ескерсек, XXI ғасырдағы қазақ қоғамы әдебиетке қайта оралуға міндетті. Қабылиса жыраудың поэтикалық қуаты, іштегі ашу-ызасы мен өзінің арман-аңсары толғауларына бөлекше сипат дарытады.

«Үркінде, үркін, үркінде,

Өтеді дүние бір күнде.

Тыңдап отыр, шырағым,

Мен саламын бүлкілге.

Жігіт болсаң майда бол,

Тал жібектей үлпілде.

Барыңа қыл қанағат,

Не береді құр тілге.

Алпыс күн атан болғанша,

Бура боп бір күн зіркілде,

Көзіңді жұм да жауға шап,

Ажалды өлер іркілме.

Кешегі өткен заманда,

Ердің құнын татқан көп.

Ашуланып бір түнде».

Жыраудың «Отан үшін отқа түсуге» (Б.Момышұлы) даяр батырларға қоятын талабы ерекше. Бұдан өжет болып қана қою аздық ететінін ұғынасыз. Яғни, адам ажал алдында өз көлеңкесін көріп, дірдек қаққан көжектей күйге түсетінін де астармен жеткізеді, жырау. «Жеті жарғыда» айтылғандай, ауыр қылмыстардың қатарына «соғыс алаңынан қашу» да енетінін еске салудың өзі – артықтау.

«Қолаға берме күмісті,

Алтынға ұқсас сары деп.

Азғырған арам тілге ерме,

Адамның бірдей бәрі деп.

Оқығанды ойлама,

Есі кеткен сорлы деп.

Надандарға қол созба,

Адамның жақсы зоры деп.

Билікке қарай қол созба,

Жақсы оның бәрі деп.

Сөзіне қарай кісіні ал,

Деме елдің қоры деп.

Момындарға күш етпе,

Жетеді оған әлім деп.

Ойланбай бұрын іс етпе,

Өзім білем бәрін деп».

Жыраудың XVIII ғасырда айтылған бұл сөзі бүгінгі ұрпаққа арналғандай көрінетіні несі екен, тағы да?! Сөз өнерінің өміршеңдігі деген осындай бір өлшемдермен өлшенсе керек. Әдебиет – шаң басқан, мұражайда қат-қат жиылған сары қағаз емес, тірімізде тіршілікке аса ділгір нәр, рухани нәр. Қабан бабамыздың арзу арманы – халықтың көңіл-күйін аулау, халықтың мұң-наласын, халықтың шерін жазу еді. Жылағанда жұбатқан, қуанғанда құшағын жая білген қайран жырауларым-ай. Бір жағынан хан, бір жағынан соғыс, бір жағынан ел ертеңі сияқты дилемма тұрғанда Есенқұл айтпақ­шы, «теректей басы теңселіп», ой орманының ішінен жауап іздеуге сүңгіп кететіні содан ғой. Автор этика, иман мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, аз сөзге көп мағына сыйдыратыны – поэтика сиқыры. Құнарлы топырақта туған, ұлылар қалдырған толғауларды кейінгі ұрпақ көңілге тоқып, жырларын жаттап өсуге тиіс. Қабылиса жыраудың: «Желмаямен жортпасаң / Жампоз жүгін артпасаң / Адырнадай ширығып / Серпіле бір тартпасаң / Елдің де сыйы түзелмес / Ердің де сыры түзелмес» деуінде терең мағына жатыр. Өйткені, жырау, ақын, шайыр, жалпы сөз өнерін тудырушы тұлға – елдің еркесі, жұрт перзенті! Бірақ, оның талап-тілегі де аз емес. Әдебиет сонысымен де – құнды, бағалы, сыйлы!

Әлібек БАЙБОЛ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы


ТҰЛҒАСЫ – ЗОР, БЕЙНЕСІ – СОМ ҚАБАН ЖЫРАУ

Алты алашқа аты әйгілі Қабан жырау (Қабылиса Асанұлы) туралы қалам тартарда: «Бұл тақырыпқа қай жағынан келсем екен?!» - деп көп ойландым. Ойлана келе мұғалім, ұстаз ретінде педагогикалық тұрғыдан талдау жасауды жөн көрдім. Ондағы мақсатым, Қабан жырау тақырыбына тісім бататын салада қозғау салу және жалпы қаламгерлерге, оқу-білім саласындағы әдебиет, мәдениет, ұлттық құндылық жанашырларына ойтүрткі болу.

Әдебиетші, зерттеуші, тарихшылардың Қабан жырау туралы жазбалары жеткіліксіз болғандықтан да шығар, мектеп оқулықтарында Жетісудің дүлдүл айтыс ақыны, хас батыры, әулие жырауы да, оның шығармалары да қамтылмаған. «Әттең!» дейсің осы бір тұста. Тәрбие-білім беру ордаларының бірінші мақсаты өз тұлғаларын үлгі етіп, олардың шығармаларымен жас ұрпақты тіл, әдебиет, мәдениетпен сусындату, бойларына сіңіру емес пе?

Осы бір ойым дәлелді болуы үшін жыраудың «Бақыт қайдан келесің?» атты жырынан үзінді келтірейікші:

«– Бақыт қайдан келесің?

– Берекесіз адамнан,

 Ата-анасы наданнан,

Үркіп, қашып келемін.

– Бақыт қайдан келесің?

– Мақтанып көңілін өсірген,

Білгішпін деп есірген,

Есірік ұлдан келемін.

– Бақыт қайдан келесің?

– Сүйектен сөзін өткізген,

Миына шатақ еккізген,

Кесапат қыздан келемін.

– Бақыт қайдан келесің?

– Ата-анаға жақпаған,

Өтірік, бәле жаттаған,

Келіннен қашып келемін...»

Тұнып тұрған тәрбие емес пе?!

Немесе:

«Тіл алсаңдар, шырағым,

Өсек сөзді елеме!

Үйір болғын, шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын

Дүние қайтып келе ме?

Дүниеге сенім жоқ,

Мінерсіз бір күн кемеге.

Айтар әркім білгенін

Сөз ғып оны немене.

Қағыспай, халқым тек жүрсін,

Онан пайда өне ме?

Өсек-аяң сөз болса,

Жуытпағын дәнеңе.

Әділдің озар адымы,

Адал жан шығар төбеге.

Тентек адам шыға алмас,

Төбе түгіл, сөреге.

Біреуге адам ор қазса,

Өзі түсер өреге...»

Осы бір қара сөздің қаймағындай, сары алтынның тұнбасындай бірнеше шумақ жауыр болған жүз жекіру, мың мақтаудан миллион есе салмақты емес пе? Тәрбиенің қай саласын да қамти алатын қауқарлы жыр!

Қазақ даласын дүбірлеткен жаугершілік заманда дүниеге келіп, сол дүбірмен дүниеден өткен Қабылиса Асанұлы қолынан найзасы түспеген, тақымы аттан босамаған, ақылы мен айласы, қаламы мен найзасын қатар сілтеген батыр ақындардың бірі еді деседі.

«Батыр ақын болмаса,

Батырлыққа сын емес.

Ақын батыр болмаса,

Көрген күні күн емес», - деген сөзді бүкіл ақынның миына мықтай шегелеп, ақын өресінің биіктігін, ақын жүрегінің түктілігін, ақын білегінің мықтылығын Қабылиса атын Қабан жырау атына алмастырып кеткенімен дәлелдеген сияқты.

Қазақтың ақиығы, Хантәңірдің мұзбалағы Мұқағалидың «Райымбек! Райымбек!» поэмасындағы өз атын өзі ұрандап, жастайынан жауға шабатын бозбала Райымбекке батасын беретін абыз, батыр, әулие Қабай жырау – дәл осы Қабан жырау.

Поэмада Қабан жырауды бірде:

«...Шұбатылған шаң көріп

                                      алыстағы,

Қабай-жырау жар сала дауыстады:

– Жау келеді, жұртым-ау,

                                     жау келеді!

Жаудан қалған жемтікке

                                     жабысқалы,

Тағдырыңды біржола тауысқалы...

Caп түзеді қажыған нар боздақтар,

Қара жаумен қайтадан алысқалы,

Қайта қозып қазақтың намыстары», - деп жырлатады.

Мұзбалақ ақынның поэмасына арқау болған, әдеби кейіпкеріне айналған Қабан жырау – Қабылиса батырдың тұлғасы – зор, бейнесі – сом!

Немесе:

«...Қан сасыған далаға қарайды да,

Қуған боп жүр құзғынды

                                Қабай жырау:

– Пәруәрдігер, неғылған сұмдық еді!

Өңім бе, әлде түсім бе,

                               қалай мынау?!

Боздақтардың даланы бояп қаны,

Құзғындар да әнеки тоят­тады...

Өңім болса, Тәңірім,

                               тарт жанымды,

Түсім болса, ұйқымнан оятпағын?!

Оятпағын, мәңгілік оятпағын?!»,деп сөйлетеді ақиық.

Батыр болмысты жырау маңдайынан соры кетпеген халқының адамнан келген ажалына жүрегі қарс айырылып, аһ ұрады.

« ...Қарсы алдындағы қалқан боп

тұрған Қабайды,

Қаршадай бала сүйеніш,

бәлкім,  санайды.

Санайды-дағы қауымға

тіке қарайды,

Жүрегін жеген сөзін

айтпақ боп

талайғы», - деген тұсында жырау мен ақынның, ақын мен батырдың тілектері де, жүректері де, жандары да қабысып, оқырман қиялында ойша жарысып кететін тәрізді...

Мұқаңның бір ғана поэмасында бірнеше ғасырды жырлатқанындай, жырау батырдың бозбала батырға ғана емес, жер қайысқан қалың қолға жол көрсеткеніндей сол жәдігерлерді жөнімен, жосығымен ұрпақ тәрбиесіне, халық игілігіне қолдана алып жүрміз бе?

Айтқым келгені, жыраудың шығармаларының өскелең ұрпаққа беретін өнегесі – өріс, үлгісі – үстем, тәлімі – тәбәрік болмақ...

Айгүл ЖҰМАДІЛ,

ақын


ЖЕТІСУДЫҢ ЖЫРАУЫ

Қабылиса Асанұлының ғибрат­ты ғұмыры

Ат дүбіріне толы қасиетті дала. Алтайдан қарт Еділдің бойына дейінгі ұлан-ғайыр құт мекенді ежелден түркінің текті ұрпағы, қайсар мінезді қазақ қоныстанып келеді. Күн шығыстан кеудесін керіп, көк аспанға найзадай шаншылған қастерлі Алатаудың сілемдері сұлулықтың биік нүктесін паш етіп тұрғандай алыстан мұнартады. Сай-саланы қуалай соққан самал жел Жетісудың майсалы шөбін баяу тербетіп, сусыған құмына сызылта ән салдырады. Қазақ топырағына тән бітік жусан кейде дала төсін нұрландырып, жан біткенге жұмақтың жұпар иісін аңқыта түседі. Кейде жүректі жарып, кеудені тесіп өтетін хош иіс сыйлайды. Балқаштың батысын беткейлеп, шеткері жұртқа ажалдың апанына айналған Бетпақдала да кейде қазақ үшін соншалықты ыстық, соншалықты жақын болып көрінеді. Былайғы жұрт аяқ басса, қоңыз теріп, адасатын Бетпақдаланы қазақтар бес саусағындай біледі. Сұлу Сыр да сырбаз мінезімен еркелеп, қанатын кеңге жайып, ақ толқынды Аралмен араласып жатыр. Жар астындағы жау қызыққан қазақтың әлмисақтан бергі ардақты атамекені осы. Аш қасқырша аңдысып, етектен тартып, көзінің сұғын қадаған қас дұшпанның қатары қазақ үшін толастамаған тәрізді. Ал аяқтан шалған жаумен жағаласып, жаға жыртысқан жүректі жас ұрпақтың қатары қазақ арасында сиреген емес. Бүгінгі мақаламыз аты аңызға бергісіз, аумалы-төкпелі алашапқын жылдары өмірге келіп, жаугершіліктің қазанында қайнаған қазыналы қария, Жетісудың жырауы Қабылиса АСАНҰЛЫНА арналмақ.

Ақтабан шұбырынды

Қараған көз талатын ұлы далаға шабуылдап, жаппай қалың қол жинаған жоңғар, қалмақтар іргесіндегі қазақ елінің тынышын кетіре бастады. «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» деп жара бетін жеңіл тырнап өте шыққанымен, қазақ үшін қашанда «ежелгі дұшпан ел болмайды». Тұтқиылдан шабуылдап, күйі келісіп, айрандай ұйыған қазақ ауылдарын ала тайдай бүлдірген жоңғарлар XVII ғасырда кенет­тен күшейіп, шығысқа қарай қанат жаюды мақсат етіп қояды.

Жоңғарлар 1723 жылы ұзақ уақытқа созылған әскери дайындықтардан ке-йін, көктемге салым қазақ топырағына жеті бағытта шабуылға шықты. Бұл жылы қар қалың түсіп, аша тұяқтының аяғынан тік тұруы мұңға айналып, халық жартылай ашқұрсақ күйде жүрген болатын. Аш ішектей шұбатылған қыстан құтылып, көктемнің жылымық уақытына әзер ілінген ел ес жиып, етек-жеңін қымтап үлгермейді. Басынан бақайшағына дейін қаруланған жау еркек кіндіктіні сөзге келмей жусатып, аяғы ауыр әйелдер мен шиеттей бала-шағаны найза ұшына іліп, батыр ұлттың тұқымына біржолата балта шабуды ойластырады. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атты қасіретті босқындар легі осы кезде пайда болды. Астындағы атынан, алдындағы тұяғынан, сондай-ақ, қарулы ер азаматынан қол үзген қазақтың қартаңдары мен бала-шағасы ұлардай шулап, беті ауған жаққа шұбырды. Шөптің тамырын кеміріп, медиен даладан қоңыз терген қасіретті уақыт қазақты атақонысынан айырып, тарыдай шашырат­ты. Бір рулы ел болып өмір сүретін қазақтар ендігі жерде тектілігі мен шежіресін жоғалтып, есеңгіреген күй кешті. Қынадай қырылды. Тұтқиылдан тұқымын тып-типыл етуді мақсат еткен жоңғарлар жол бойында кесе-көлденең кезіккен жанның ешбірін аямады.

Талғажау ететін талшық іздеп, табанынан тозып шұбырған елдің қасіреті Асанның шағын отауын да айналып өтпеді. Алдында мыңғырған малы болмаса да, қанағатты серік еткен ол өзінің жары мен балаларын асырап, құлшылығын құдайға арнап, барынша сабыр сақтап өмір сүруге тырысты. Оспадар жаудың шабуылына төзіп, қанша жерден іштен тынып отырса да, Асан қазақтардың басын біріктіріп, ерте ме, кеш пе, кек алатын күн туатынына имандай сенді. Сүттей ұйыған халыққа жау тиіп, ел іші жылау мен сықтауға толғанмен, көзі тірі еркек кіндіктілер тез арада ес жиып, бір тудың астына бас біріктірді. Асанның отбасында осындай алмағайып заманда ат ұстар ұл өмірге келді. Белден қанжар түспейтін ат үстіндегі жаугершілік дәуірде Қабылиса бала ер жетті.

«Қабылиса – азан шақырып қойған аты»

Қазіргі зерттеушілер Қабылисаның есіміне қатысты үлкен дау тудырып отыр. Екіге жарылған пікірдің бірінші жағы Жетісу жырауының азан шақырып қойған есімі – Қабылиса, тарқатып айтсақ, Қабылғайса деп айтады. Ал, зерттеушілердің екінші бір тобы ата-анасы қойған алғашқы есім Қабан болған деген пікірді қызу қолдайды. Бірақ екі топ та қазақ халқының ауызша тараған дерегі мен көне шежірешілер қалдырған өлең тармақтарына сүйенеді. Зерттеуші Ораз Исмаиловтың айтуынша, ақын атаның шын есімі Қабан да, лақап аты – Қабылиса. Оған бұлжымастай етіп екі дәлелді келтіреді. Біріншісі, Асанның тұңғыш ұлы Аю деген есімге ие болса, екінші баласын қайтпайтын қайсарлыққа теліп, неге Қабан деп атамасқа? Екіншісі, он бес жасар Қабылисаның Тұмарша деген ақын келіншекпен айтысындағы мәтінмен тығыз байланысты. Осы айтытағы жолдарында «Қабан деп әкем қойған атым», «Атымды қайтпасын деп қойды Қабан» деген сөздер кезігеді. Ал, бұл айтысты автор Мәлке есімді қажы жеткізгенін, оның өзі де жыраудың ерекшелігін көрсету мақсатында «Бұл тойға келіп еді Қабан ақын», «Ақырып Қабан ақын қоя берді» деп қосымша суреттеулер қосқанын дәлел ретінде кесе-көлденең тартуға тырысқан.

Шындығында, ақын есімінің шығу төркіні туралы дау көп. Алайда, зерттеушілер Қабылиса деген атаудың қайдан шыққанын дөп басып айта алмайды. Қабан сөзіне дәлелдерді тізіп көрсеткен зерттеушілер дәл шешуші тұсқа таяғанда, яғни, Қабылисаның қайдан көрініс тапқанына терең үңілмей, орағытып өте шығады. Ел аузында әлі күнге дейін сақталған Қабылиса атауының аспаннан салбырап түсе салмағаны анық. Ғалымдар Қабылиса есімі туралы мәліметті жыраудың Арқаның ақын қызы Таутанмен айтысында кездесетін мына өлең тармақтарына жүгінуден ары асқан емес:

«Бір келген дүниеге әулиесіз,

Қабылиса атандың қыдыр дарып».

Бір қараған адамға әрі Қабан сөзінің маңайындағы дәлелдердің нұсқалары жыраудың Қабылиса деген аты кейін пайда болғандай әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ келешектің еншісіндегі бұл зерт­теудің ақылға қонымды, көкейге теріс келмейтін, ойға оғаш болмайтын, түйсікке томпақ түспейтін бірнеше тұсына тоқталып өтуді парыз санап отырмыз. Жергілікті зерттеушілер мен қарт шежірешілердің айтқан болжамдарына, жазған ғылыми пайымдамаларына қарап, сондай-ақ, Жетісу жырауының Қабылиса деген ныспысы қайдан шыққанына байланысты дәлелдердің аздығын ескеріп, біз өз тарапымыздан мынадай тоқтамға келдік:

Бірінші, ел аузында сақталған оң көзқарастағы әңгімелерге ғана емес, шығармаларына, өлең-толғауларына көз жүгірткен адам Қабылисаның ақылы асқан данагөй, аузынан Алласы түспеген тақуа, күні-түні мұсылманшылықтың қайнар бұлағынан сусындаған абыз, терең ой мен үлкен тапқырлыққа жүгінген данышпан, адам бойындағы ізгі қасиеттерді жырлаған азулы ақын екенін бірден біледі. Ақыл таразысына салып көрсек, көріпкелдігі мен сәуегейлігі басым әулиеге харамға телінген қабан сияқты жануардың атауын азан шақырып қойғаны екіталай. Тіпті, мүлде қарама-қайшы.

Екінші, жастайынан жүрек көзі ашылған жырауға қалың елін құдай жолына бастап, жақсылық пен жамандықтың айырмасын жырлайтын данагөйлік қасиет қара шаңырағындағы ата мен әкенің ізгі ықпалынан, адамдыққа үгіттеген үйдегі ана тәрбиесінен дарыды деп толықтай жорамалдауға болады. Демек, Қабылисаның әкесі мен атасы да рухани байлықпен тыныстап, жаратқанға жалбарынған мейірбан адамдар. Мұсылмандықты жандарына серік еткен тақуалар. Ал ондай әкенің азан шақырып, шиеттей баласының есімін Алла харам еткен лас жануармен байланыстырып Қабан атауы әсте мүмкін емес.

Үшінші, қазақта кез келген есімді алып, шығу тегі мен семантикасын талдап көрсек, араб тіліне негізделіп түскен Құран мен пайғамбар хадистеріне барып тіреледі. Ол сөздерді арабшадан аударған кезде, түбірі жақсылыққа негізделген әдемі мағына беріп шыға келеді. Қазақта «Нұрғиса», «Гүлниса» сынды есім мен «әлқисса» тәрізді сөздер өте жиі кездеседі. Сөз төркініне үңілсек, «нұр» және «қисса», «гүл» және «ниса», «әл» және «қисса» деген біріккен тілдік бірліктерден құралатындығын, «қисса» діни дастандар болса, «ниса» Құран сүресінің атауы екенін айнытпай байқаймыз. Тарқатып айтсақ, Қабылиса сөзі де осы негізде құралған. Яғни, «Қабыл» Адам атаның ұлына қойылған есім немесе «құдайдың ескеруі», «қабыл көруі» тәрізді мағына үстесе, «Иса» баршамызға мәлім Мұхаммедке (с.ғ.с) дейінгі пайғамбардың ныспысы екені айтпаса да түсінікті. Бұл – біздің халықтың жер бетіне түскен 124 мың пайғамбарды зор құрмет тұтып, сыйластық танытып, тең көретін парасаттылығының белгісі.

Қабан сөзі қайдан шықты?

Бойындағы пенделік сезіммен күресіп, нәпсісіне тұсау салған Қабылиса жас шағына қарамастан, әулиеліліктің биік дәрежесіне көтерілген ұлы тұлға еді. Көз алды мұнарланып, қатты қалжырап, қартая бастаған күндердің бірінде қарт жырау жан тапсыратынын алдын ала сезеді. Қасында қолына су құйып, қызмет көрсетіп, сауап жинап жүргендерге өлерінен аз уақыт бұрын: «Менің есімім Қабан аталып кеткендіктен ғана жер қойнына кіремін. Оның өзінде де, жер астында үш күннен артық жатпаймын», - деп айтады. Бұл оның көріпкелдігі дегенімізбен, азан шақырып қойған «Қабылиса» есімі көп сырдың бетін ашып тұрғандай әсерге бөлейді. Яғни, жырау есіміндегі біріккен сөздің соңғысы «Иса» – кәдімгі Құрандағы Ғайса пайғамбардың аты. Алланың жолында көкке көтеріліп кеткен оның мазарында денесі қалмаған болатын. Үлкен қасиет пен әулиелікке қол жеткізген Қабылисаның кесенесінде де кейіннен бір бүйірі ойылып, топырақ үйілген тұсы опырылып, ұзақ уақыт ашық жатты деседі жұрт. Бұл туралы ел аузында сақталған әңгімені бір ізге түсірген әдебиет зерттеушісі Мырзатай Жолдасбековтың «Асыл арналар» кітабында кеңінен айтылады.

Зерт­теушілердің енді бір тобы Қабан – жырауды аға-жеңгелерінің еркелетуінен пайда болған әрі Қабылиса сөзін қысқартудан туындаған есім деген пікірді жақтайды. Қазақ тілінің заңдылықтарында сүйенсек, Қабан сөзі Қабылисаның қысқартылған атауы деген жорамал қисынға әбден келеді. Себебі, «-ан», «-ен» жұрнақтары ұзын-сонар сөздерді қысқарту қызметінде көп жұмсалады. Мәселен, Бектұрсын – Бекен, Нұрдәулет – Нұрдан, Нұрмұхамед – Нұқан, Мұхамедсәлім – Мұқан. Сол сияқты Қабылиса – Қабан болуы ғажап емес. Бұл – бір.

Екіншіден, Қабылисаның ақиқатында жігіт-желең шағында көрсеткен ерен ерліктері халық жадында қалып, батырлығы мен қайтпас қайсарлығы ел ішінде аңыз болып тарап, сол себепті де мінезіндегі бірбеткей, табанды, алған бетінен тайсалмайтын ерекшеліктеріне байланысты Қабан атанып кетуі кәдік. Ел аузындағы алып-қашпа сөздің дегеніне сенсек, Қабылиса денесін тұтас қалың түк басқан, алпамса денелі, иығына екі кісі мінгендей, жауырыны қақпақтай сом мүсінді, сайдың тасындай ірі жігіт болыпты. Атойлап жауға шапқанда, қасарысқан дұшпанның сесі қайтып, мысы басылып қалатын көрінеді. Дене тұрқының осындай жуандығына байланысты да қалың жұрты Қабан деуі бек мүмкін.

Соңғы уақыт­тары шыққан бірқатар кітаптарға көз жүгірте отырып түйген үшінші болжамымыз, азан шақырып қойған «Қабылиса» есімінен гөрі, халық аузындағы «Қабанның» танымалдығына қатысты. Мәселен, ат құлағында ойнаған найзалы батыр Қабанбайдың шын есімін екінің бірі біле бермейді. Құлаққа түрпідей тиетін Қабанбайдан сондай сүйкімді естілетін Ерасыл әлдеқайда жақсы. Алайда, дүйім жұрт батырдың қабанды жеңген айтулы оқиғасынан кейін, Қабанбай атауды құп көріп кетті. Жыраудың біз талқылаған Қабан есімі де осындай мысалдың негізінде қалыптасты деп жорамалдаймыз. 

Жетісудың жырауы

Белгілі әдебиет­танушы Мырзатай Жолдасбеков өзінің «Асыл арналар» атты кітабында Қабылиса жырау туралы былай дейді: «Қабан өз кезінде өте ірі жырау болған. Ол айлап айтса, таусылмайтын эпостарды, заман жайында терең толғауларды жырлады. Өкініштісі, бұлардың ешқайсысы сақталып бізге жетпеген. Сыпыра жырау тәрізді Қабанның есімі де өзінен кейінгі ақындардың аузынан бір елі түспеген. Сүйінбай жас кезінде Қабанның көшінен жеті күн қалмай, ілесіп жүріп батасын алса керек».

Жетісу жырауының жеке өмірін зерт­теушілер мен құймақұлақ қариялардың айтуынша, ол өжет мінезді, қайсар да рухты, мейірімі түссе, жүзінен нұр шашып тұратын ізгілікті жан болыпты деседі. Шапқыншылық жылдары жырау қолына найза ұстап, ұзақ жылдарын ат үстінде өткізеді. Кескілескен шайқастарға қатысады. Қаншама қазақ шаңырағын опыра құлатып, еркек кіндіктілерін қойша бауыздаған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыста іште қатпарланып жиналған ыза мен кекті қайтарып, үлкен ерліктер жасайды. Туған халқының амандығын шынайы ойлағаны сонша, жырау ғайыптан тайып жау жағы басым түсіп жатқан кезде, басын бәйгеге тігіп, өз-өзін аманатқа ұсынған.

Қабылиса жырау – бес уақыт намазын тастамаған, жүрегін таза қалпында сақтай білген, туған халқымен біте қайнасқан, ел қамын терең ойлайтын, қазақ жұртының ертеңіне дұрыс бағыт пен бағдар беріп отырған ақсақалды абзал қария. Көзі тірісінде ақылы асқан дана, келешекті болжайтын көріпкел, туған топырағын жаудан қорғайтын қайсар адам атанып үлгереді. Алладан дарыған ақындық қасиет Қабылисаның қанында кішкентай кезінен атой салады. «Бір өкініштісі сол, Қабан жыраудың қиын кезеңде тудырған мұралары мол болғанымен, бәрі бірдей бізге жетпеген. Жете зерттелмеген. Негізінен тек ел жадында ғана сақталып келген. Сондай ірі мұралардың бірі – Қабан мен Таутан қыздың айтысы. Бұл айтысты бізге жеткізуші Нұржігіт Жүнісбекұлы», - дейді М. Жолдасбеков. Бұдан бөлек, жыраудың алашапқын ғасырдағы ғұмыры туралы қазақтың маңдайалды зерттеушілері де үн қосқан. Солардың қатарында Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов және Сәбит Мұқанов сынды ғалымдар мен қаламгерлерді айтуға болады. «Менің білуімше, жалайыр ішінде үш әулие болған. Олар – Қабылиса, Ескелді және Балпық», - дейді академик С. Мұқанов. Е. Ысмайылов: «Сүйінбайға дейін Жетісуда белгілі ақын болғандар – Түбек пен Қабан», - деп қадап айтады. Демек, жырау туралы деректер ел ішінде жеткілікті.

Қазақ ақындары жүріп өткен алтын көпірден Қабылиса да сүрінбейді. Табиғат пен адам арасындағы қатынасқа ауыз толтырып айтатын, бас-аяғы жұп-жұмыр өлең шумақтарын шығарып жүрген жыраудың есімі шарықтап кеткен кезең тікелей айтыс өнерімен байланысты болғаны шындыққа жанасады. Ол ең алғаш албан руындағы Найманбай ақсақалдың жаңа түсірген ақын келіні Тұмаршамен сөз сайыстырады.

«Әуелі сөз сөйлейін , иә, рахман,

Бұл тойға жұрт жиылды

                   жақсы-жаман.

Ауылға келін болып жаңа келдің,

Жеңеше-ау, сау жүрсің бе

                  есен-аман?» - дейді  ақын жас келіннің алдын орап, бастырмалатып. Он бес жасар бозбала айтқан өлең шумақтарынан сөздің жілігін шағып, майын ішкендігі бірден көрініп тұр. Ғұлама ғалым, классик жазушы Мұхтар Әуезов өзінің айтыс өнері туралы тың зерт­теуінде Қабылисаның ақындығын атап өтеді. «Қабан ақын өзімен айтысатын ақын отырған ауылға алыстан айбарланып, әндетіп келеді екен», - дейді ол.

Ел аузындағы және бірқатар тарихи деректердің айтуынша, Қабылиса жыраудың жырлары тек айтыспен шектелмейді. Оның таңды-таңға ұрып жырлайтын қабілеті, өлең сөзге сән кіргізген құдірет­тілігі, халыққа жауынгерлік рух пен ақиқаттың ақ жолын жеткізе білетін шеберлігі кейінгі ізбасар шәкірт­теріне ауысты. Айтыс өнерінде атағы иісі қазаққа тараған Бақтыбай Жолбарысұлы, сөзден мүсін соққан әйгілі ақын, жыраудың жиені Сүйінбай Аронұлы, аламанда алдына қара салмаған, жеңілуді білмеген сайыпқыран Сарыбас та Қабылисаның шашасына шаң жұқпас шәкірт­тері саналады. Сондай-ақ, Қабылисадан қалған ақындық дәстүрді бойтұмарындай сақтап, ары қарай дамытқан жыр алыбы Жамбылды, Құланаян Құлмамбет­ті, ақын Сараны, Үмбетәлі мен Қалқаны, Кененді айтуға болады.

Зерттеушілердің пайымдауынша, ақын алты ағайынды. Әкесі Асан да алты ағайынды болған деседі. Асанның бәйбішесінен – Аю, Қабылиса, Серкебай, Еркебай, ал тоқалынан Текебай мен Көсембай туған. Қабылисадан бес ұл, бір қыз қалған. Бәйбішесінен Шынтемір, тоқалынан Сүлеймен, Оспан, Әбдіманап, Ысқақ және Қоянкөз өмірге келген. Бұлардың ішінде Қабылисаның жолын қуған тек қызы Қоянкөз екен. Ол жастайынан ән мен жырды, өнерді серік етеді. Алдағы өмірді болжай алатын көріпкелдігімен дүйім жұртқа кеңінен танылады. Ұлдарының ішінде жалғыз қызын ерекше жақсы көрген жырау бойындағы сөз ұстаған дарынын, әулиелігін осы қызына дарытыпты деген аңыз бар. Қоянкөз бой жеткен соң, шапырашты еліндегі Байтемірге ұзатылады. Барған жерінде де қадірлі, сыйлы келіншектің біріне айналып, әке аманатын бұзбай, адал өмір сүріпті.

Әр аңыздың астарында ақиқат

Бетің бар, жүзің бар демей, тумысынан туралықты жақтаған Қабылиса жырау бірде ақ түйесіне мініп алып, Шыңғыс ханның тұқымы Әділ төренің ордасына ат басын тірейді. Түйесін тура төре отыратын орданың қарсы алдына шөгерген жырау лезде:

«Қас болды қарындасым,

                                Әділ, маған,

Қарындас қас болмаған

                                      табылмаған.

Жау жағадан алғанда,

                           бөрі етектен,

Ақыл сұрай кеп тұрмын

                           арнай саған,» -

деп, бірден келген шаруасына көшеді. Алғашында баса көктеп кіргеніне ашу қысқан төре, артынан дереу жұмсарып, сабасына түсіп, оң жағынан ойып орын беріпті. Әдетте ол оң жағына жан баласын жуытпайтын тәкаппар, маңғаз жан екен. Таң қалған бәйбішесі қонақ кеткен соң, мұның сырын сұрайды. Сонда Әділ төре ауыр күрсініп:

– Оң тіземді басып жатқан жолбарысым Қабан жырауды көрген сәт­тен ытқып, сол жағыма шығып кетті. Жырау үйге кіргенде, тіптен, кішірейіп, түлкі кейпіне түсті. Қабан жыраудың киесі менің киемнен әлдеқайда басым екен, бәйбіше, - деп жауап беріпті.

Қабылиса жыраудың ашуланшақ ауылдасы бала-шағасына жөн-жосықсыз дауыс көтеріп, қайта-қайта безілдеп ұрса береді. Мұны естіген ақын бейпілауыз ауылдасына әрі құдайы көршісіне қаратып, ұлағат­ты өткір сөздерін қосып, бірауыз өлең шығарады:

«Көпірмелі көп сөзден бір іс артық,

Пайдасыз сары алтыннан күміс артық.

Уайым мен қайғыдан үміт артық,

Ұрғаннан, ұрысқаннан үгіт артық»,дейді жырау.

Данагөйге бір күні ауылдың желөкпе жігіті атын сәндеп мініп, салып ұрып жетіп келеді. «Ата, айтып жіберіңізші, астымдағы атым сұлу ма, үстімдегі ішік сұлу ма, әлде, үйдегі келіншегім сұлу ма? Яки, осылардың бәріне ие болып тұрған мына мен сұлумын ба?» - деп сұрайды жігіт қарт жырауды сынап.

Қабылиса жігітке бажайлап көз тіксе, өзі жақсы танитын есерсоқ ауылдасы екен. Атына қараса, аяғында тағасы жоқ. Ішігіне назар аударса, жағасы жоқ. Отбасын есіне түсірсе, баласы жоқ. Енді келіп мақтау күтіп тұрғаны мынау. Не де болса, ойлансын деген жырау:

«Ат сұлу көрінер аяғындағы тағасымен,

Ішік сұлу көрінер қара бұйра жағасымен,

Келін сұлу көрінер емшектегі баласымен,

Жігіт сұлу көрінер алдындағы ағасымен», - дейді. Манадан бері мақтау күткен бозөкпенің аузына құм құйылыпты.

Қабылиса жыраудың әдептілік идеялары ұзақ толғану мен шабыт­танудың сәт­ті жемісінен туған деп есептейміз. Қабылисаның моральдық ғибрат, нақылдар, насихат, жолдау және арнау түріндегі күллі шығармашылығында даналық пен жалғандықтың, жақсылық пен жамандықтың аражігі, парасат пен шындықтың биік туы жырланады. Жыраудың адамгершілікке қатысты көзқарастары мен кең дүниетанымы тұтас алғанда, қазақ қоғамының нақты тарихи жағдайларында қалыптасып, дамыды. Жаугершілік пен ұзақ жылдарға ұласқан жорықтар жыраудың дүниетанымында өшпестей таңба қалдырды. Өнегелік идеясы мен өсиетке құрылған жырларының бағыт-бағдары беки түсті. Көшпелілердің келбетін сомдауда, олардың ар-намысы мен адамгершілік қадір-қасиетін суреттеуде, жауынгерлік рухын оятуда Қабылисаның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

«Момындарға күш етпе,

Жетеді оған әлім деп.

Ойланбай тұрып іс етпе,

Өзім білем бәрін деп.

Шашпа бекер малыңды,

Таусылса, өзім табам деп.

Іркіп ұста барыңды,

Сенен кейін алам деп.

Айтпай кет­ті ағалар,

Деп жүрмесін бізге деп,

Өлгеніңше ой - азық,

Өнер, ғылым ізде деп.

Арам пейіл адамдар

Достығыңа тұрмайды.

Ақылы жоқ наданның

Жамандығы қалмайды.

Көр аузына барғанша,

Ақыл айтсаң алмайды.

Жамандықтың белгісі

Әр нәрсені торлайды.

Ондайлармен дос болған

Ақылды жігіт сорлайды».

Жетісудың дана жырауы, қол бастаған батыры, аузынан Алласы түспеген әулиесі кейінгі жас ұрпаққа осындай ғибратты өсиет қалдырған. Сонымен бірге, қарт тақуа асыл діннің негізінде жыр толғап, туған халқына уағыз айтады. Оның жырлары Ислам дінінің тұнған қайнар бұлағы десек қателеспейміз. Ер жігіт пен әйелдің, жаман мінез бен мейірімнің, ізгілік пен сатқындықтың әрқайсына өмірден мысалдар ала отырып тоқталады да, тыңдарманына түсінікті тілде, барынша қарапайым түрде жеткізеді.

Қабылиса  жырау да аты аңызға айналған замандастары Ескелді, Балпық билермен бірге «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» тарыдай шашырап, дүниенің төрт бұрышын кезіп, табанынан тозып кеткен қазақтардың басын қосып, ұлт­ты бір тудың астына ұйыстырды. Сыр бойынан ары асып, оңтүстік өңірлерге бағдарсыз босқан бауырларына жалынды жырын арнап, халықты ерлікке, Отан қорғауға, тездетіп ес жиюға, жауға қарсы тойтарыс беруге үндеді. Қабылиса қазақ даласын жаппай аралап, шапқыншылықтан шерменде күй кешкен жұрттың жанына сүйеніш, демеу бола білді.

Төскейінен төрт түліктің тұяғы үзілмеген Сарыарқаның төсінде, қос бұрымдай қатар өрілген Еділ мен Жайықтың жағасында, түгін тартса, майы шығатын киелі жер жәннаты – Жетісудың төрінде елдің еңсесін тіктеп, дала рухымен сырласқан сәуегейлер, сеніміне селкеу түсірмеген данагөйлер көп өмір сүрді. Олар қазақ елінің көкірек көзін ашып, көсегесін көгерт­ті. Қалың қазақтың рухани шамшырағына айналып, ғибратты ғұмыр кешті. Ізгілікті насихат­тап, құдайдың жолына шын берілді. Жалған дүниеден бойын аулақ салып, адам жүрегінің тазалығын үгіттеді. Аттай тулаған нәпсіге балта шауып, болашақты болжайтын, құдайдың нығметіне бөленген әулие-әнбиелер болды. Қазақ халқы оларды рухани ұстаз санап, төбесіне көтеріп, барынша құрметтеді. Айтқанын имандай шындық көрді. Турасын айтқанда, Қабылисадай ұлы жыраулар ислам дінінің тау суындай тұнықтығын ұстап тұрды. Мұсылманшылықтан айырылып қалмауды қайта-қайта ескертіп отырды. Жаратушыға жалбарынып, Алланы ұлықтаған данагөй тақуалар халыққа рақымшылық пен адалдық жолында терең мазмұнды, ғибраты мол туындылар ұсына білді. Олар ұлт­тық құндылықтардың, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлердің алтын діңгегі қасиет­ті Құран Кәріммен, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың хадистерімен тікелей байланысуына зор ықпал жасады.

Қуаныш ТҰНҒАТАР,

журналист


ҚАБЫЛИСА – ЖЫРДЫҢ ЖАМПОЗЫ

Қарт тарихтың қамбасына қазына құйған кешегілердің кенді жыр, кестелі ой, келісті сөзіне құмартып-ақ тұрамыз. Тепсіне тұлпарымен жауына аттанып бара жатқан қалың жасақ пен хас батырдан бастап, сол заман мен бүгінгі көріністі дөп басып, қаламымен көмкерген, өзінің киесі, сөзінің жүйесі бар тұлғаларға таңданбасқа болмас. Бүгінгі әдебиеттің бағдаршамы болған бабалар жырының дүниеге келген дәуірін «жыраулық поэзия» деп даралаймыз. Шынына келгенде, шешенін шендестіріп, дарындыларын деңге- йіне қарай даралап үйренген қазақтың мақтанышы болған жыраулар легі жетерлік. Солардың ішінде иісі қазақтың жүрегіне жақын, жыраулықтың жұлдызы бөлек тұлғасының бірі – Қабылиса Асанұлы.

Мидай дала, миялы алқап, мұнарлы таулар шоғырланған қазақ сахарасында қиян-кескі соғыс жүріп жатты. Бұт артар көлігіне жайдақ мінген есі шыққан ел еңірей көшіп, жұрт болмаспыз дегенде, дуалы ауыз билер мен сом білекті батырларының салған ұрандарынан рухтанып, ұрымтал тұсты күтіп, ата жаумен аңдысқан заман. Есіріп шапқан жауына есесін де жібермей, ел іргесінен түріп те тастай алмай, бір боздағы мен бір дұшпанының кезек сұлап жатқан кезі. Тарихтың тарамыс тарауларында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атымен қалған қанды қасаптың жөні біз үшін бөлек. Алмағайып заманға жасаураған қарттардың жанарымен қарасақ – өкініш, бүгінгі күнмен қарасақ, батырлығымыздың дәлелі болғаны үшін зор мақтаныш екені ақиқат. Сол бір сүргін кезеңде Асан қазақтың басын біріктіріп, ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, кек десе кекселікті ұмытып, кескілескен жаудың ғұмырын келте қылуға күш салған жан. Сүттей ұйыған халқының тірлігін қанды қырғын жасаған ата жауының әпербақанына тежеу болған тектінің бірі еді. Міне, сол тұста Асанның керегесін кеңейтіп, ошағына от беретін, тұлпарын тағасыз қалдырмайтын перзенті өмірге келді. «Алла» деп алақанын жайып, атын ата дәстүрден аттамай, арнайы азан шақырып, «Қабылиса» деп қойды.

Қан сасыған даланың, қатын менен баланың кегін алар кер заманда дүниеге келген Қабылиса жырау көзінің тірісінде Қабан атанып, қайсарлығы мен жастайынан аталы сөзге құлақ түріп, жыр құдіретіне құмартып, соның арқасында жыраулық деңгейге көтерілген хас талант. Ал бүгінгі зерттеушілердің пікірі баланың айдарындай екіге жарылып тұрғаны да көзі ашық жандарға таңсық емес. Бір тобы азан шақырып қойған есімі «Қабан» десе, екінші жақ «Қабылиса» есімін алға тартады. Осы тұрғыдан келгенде, Жетісудың жалынды жырауы жайлы бүгінге дейін жарыққа шыққан танымдық материалдардың баршасы да дәлел мен дәйектен гөрі жорамалға негізделген болатын. Есті сөзге ыңғай беріп, ой елегінен өткізіп, ақиқат­тан тон пішетін дана халықтың ұрпағы ретінде біз де сыңарезу пікірдің бірін жақтап үн қатуды парыз санаймыз. Сондықтан да жыраудың азан шақырылған есімі «Қабылиса» деп жүрген зерттеушілерге жақтасқанды жөн көрдік.

Үн қосудың сыры қабылисатанушылардың парасатты пікірлері дәтке қуат болып, дәлелге ақиқатты астар ететіндей. Шындығында, ақын есімінің түп-төркіні даулы болып тұр. Дегенмен де нақтылықты бағдаршам етіп, жыраудың Қабан атануын дәлелдеп, Қабылиса есімі тәкбірмен берілген тағдырының тартуы екенін алдыға тартып көрелік. Ислам құндылығынан қуаттанып, Алласыз сөз бастамаған Қабылисаның әкесі Асан да иманды жан болғаны белгілі. Зәузаты арсыз болса, арлы азаматтың өмірге келуі екіталай дүние екендігін топшылай келе, дініне берік Асаннан Қабылисадай екі өмірін қатар ойлаған дананың туылғаны ақиқат. Ал, Асанның  шариғатты жетік білгендігін түсінгенде, періштедей перзентіне «Қабан» деп, азан шақырып, ат қоюы әсте мүмкін емес-ау. Бұл есімді иманы кәміл әулетте туған баланың бойтұмары қылды деу –  пікірлес зерттеушілер секілді біздің де санаға сыймайтын түсінік.

Жетісулық жыраудың азан шақырып қойған есімі Қабылиса екенін дәлелдеуге тырысып, көптеген мақалаларды шолып шықтық десек те болады. Соның арқасында бұл пікірге дәлел болатын да деректерді тауып, нақтылық үшін мысалға алуды жөн көріп отырмын. Осыдан бірнеше жыл бұрын, осы газеттің тұтас бір бетін алған Қуаныш Тұнғатардың «Жетісудың жырауы» ат­ты мақаласы жарияланды. Сол танымдық материалында: «Қазақта кез келген есімді алып, шығу тегі мен семантикасын талдап көрсек, араб тіліне негізделіп түскен Құран мен пайғамбар хадистеріне барып тіреледі. Ол сөздерді арабшадан аударған кезде, түбірі жақсылыққа негізделген әдемі мағына беріп шыға келеді. Қазақта «Нұрғиса», «Гүлниса» сынды есім мен «әлқисса» тәрізді сөздер өте жиі кездеседі. Сөз төркініне үңілсек, «нұр» және «қисса», «гүл» және «ниса», «әл» және «қисса» деген біріккен тілдік бірліктерден құралатындығын, «қисса» діни дастандар болса, «ниса» Құран сүресінің атауы екенін айнытпай байқаймыз. Тарқатып айтсақ, Қабылиса сөзі де осы негізде құралған. Яғни, «Қабыл» Адам атаның ұлына қойылған есім немесе «құдайдың ескеруі», «қабыл көруі» тәрізді мағына үстесе, «Иса» баршамызға мәлім Мұхаммедке (с.ғ.с) дейінгі пайғамбардың ныспысы екені айтпаса да түсінікті. Бұл – біздің халықтың жер бетіне түскен 124 мың пайғамбарды зор құрмет тұтып, сыйластық танытып, тең көретін парасат­тылығының белгісі», - деп, дау тудырған баба есімінің төркініне жете білген. Міне, осындай дәлелді ақпараттардың әрқайсысын алдыға тартар болсақ, «Қабан» есімі таланты мен батырлығына байланысты телінгендігін аңғарамыз. Дауласудың алдында сәл ойланып, осындай есті пікірлерді көңіл сүзгісінен өткізе білсек болғаны.

Таңғы шықтың тағдырындай келте ғұмырда кесек ой мен жалынды жыр қалдырған Қабылиса Асанұлы мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап кеткендей. Алайда, бізге жеткен жырының аздығы қынжылтады.  Өміршең өлеңді кестелеген дананың бүгінгі таңда заңғар тартуы, аз болса да саз қазынасының құндылығында жатса керек. Екі өмірдің абаттылығын қоса тілеп отыратын діндар бабаларымыздың сара жолынан жаңылмаған Қабан жыраудың дін тақырыбында жазылған жырлары тауанды тарихтың құтты қойнында нәрін жоймай, жанардың нұрын жарқыратардай, жасампаз жүректердің жадысында жатыр. Сананың сәулесін қуаттандыратын рухты да ғибратты туындыларының қай-қайсын атасақ та туралықтың мінсіз бағыты іспетті. «Бақыт қайдан келесің?» атты жырында:

« – Бақыт қайдан келесің?

– Ораза, намаз оқымас,  

Алланың атын тоқымас,  

Бейнамаздан келемін», - деп, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда құдайын танымай, қарыс маңдайы сәждені сүймеген жанның бақыт таппасын, ондай адамның иығына бақ құсы да қонбайтынын сөз етеді. Шындығында, ақиқатқа тура қарап, баба жырының  байыбына барып, астарына бойлай білсек, осы тармақтардан-ақ бақытты басқадан емес, хақ жолынан іздеу керектігін аңғарамыз. Сонау жаугершілік заманда, одан бергідегі ер-азаматтар малшылықпен айналысып, әйелі егістік басында жүріп, шиеттей баласы дейін ұжымшардағы маусымдық  жұмыстарға жегілген кезеңде де Қабан жыраудың айтқан өміршең өсиетін мінсіз бағыт еткен жандар ғұмыр ауыртпалығының соңында бір жайдарлы күннің ататынына сенді. Өйткені, ынтымақ пен ынсап, иман мен иба бар жерге бақ орнап, қызыр даритындығын жампоз жыраудың «Бақыт қайдан келесің?», «Бақыт қайда барасың?» атты қарама-қайшы қос туындысында ішкі диалог арқылы тайға таңба басқандай айқындап берген болатын.

Қабылисаның бар болмысын ашып, тұлғалығын тұғырлы етіп тұрған туындыларының барлығы да саф алтындай жарқыраған, дәуірлер өтіп, ғасырлар сырғыса да сөлін жоғалтып, сұқпыты сұрланатын шығармалар емес. Сондықтан да кешегі өткен Сүйінбай, Бақтыбай, Сарыбас, Есенгелді, Мәулімбай, Қалқа сынды қазақтың маңдайалды ақындары Қабан жыраудай алыпты ұлы ұстаз санаған. Ұлы адамның атына қанық һәм ұлағат­ты жырларды жасынан тыңдаған Кенен Әзірбаев «Жамбыл - жыр» деген толғауында:

«Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,

Бас иген Ұлы жүзде тәмам ақын.

Нағашысы Жалайыр Қабан еді деп,

Жамбыл атам айтатын маған атын.

Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау,

Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.

Жиені – сарбас ақын сөйлерінде,

Әдеті – мұртын қағып, құлақ бұрау», - деп, шабыты шалқар, шың тұлғалы шайырдың шоқ тілді, от кеуделі болмысына бойлай білген. Кешегі өткен кемеңгерлердің Қабан жырау туралы естелік, арнау сынды дүниелерін зерделей берсек, бір кітапқа арқау болатындай. Сондықтан да дала ділмарының бірі, Жетісу жырауының өктем жырларына көктемгі саяхат сынды шолуымызды жасаған дұрыс-ақ.

Өзекті жанның өмірі – келте, өнері – өлшеусіз. Жұмыр басты пенденің бәрі фәни тірлігіне тоқтау салып, тоқымдай жердің топырағын жамылып, жалғаннан сырт айналары хақ. Алтын табақтан ас ішкен хан да, көң, тері местен сусынын қандырған қаймана жұрт та осы бір әсіреқызыл уақыттың күнтізбесін мәңгілікке жабары айқын. Бұл да өмірдің бір бұлжымас заңдылығы іспетті. Осы бір құбылысты Қабылиса «Аларда ажал адамды» ат­ты өлеңінде:

«Аларда ажал адамды жалындырар,

Өмірді қу ажалға бағындырар.

Өмірден ажал үстем болар сонда,

Адамды елпектетіп табындырар»,деп, әзірейілдің қолына түспейтін әзиз бастың жоқ екендігін жақсы ашып кеткен. Жалғанның ағысына қарсы жүзер адам баласы болмаған соң, осындай жырды оқып, бес күндік базардың тарқайтын мезгілі барын еске салатын есті жырды жаттап жүргеніміз ләзім болар. Осы тұрғыдан Қабылиса мен Мұқағали сынды ақындардың «Ажалды» өлеңге айналдырғаны туралыққа тайсалмай қарап, Тәңір ақиқатын мойындаған мұсылманның арда жүректі майталмандары екендігін дәлелдейді. Мұқағали дегенде, ең алдымен еске түсетіні өмір жайлы өлеңдері мен өміршең поэмалары. Ал, ақиық ақынның «Райымбек, Райымбек» поэмасындағы «Қабан жырау жар салды, дауыстады: – Жау келеді жұртым-ау, жау келеді, Жаудан қалған жемтікке жабысқалы, Тағдырыңды біржола тауысқалы», - деген жолдары асқан шеберлікпен жазылса, Қабан жыраудың «қазақ» деп, кеудесі қарс айрылып, қажыған ерлердің қолына қылыш алуына себепкер болған даналығын оқшаулап берген. Міне, осыдан-ақ, батырын сөзбен дүрелеп, қоянжүрек тумасының ішкі рухын тірілтуге күш салған жы- раулықтың жаугершілік замандағы аса ерекше рөлін аңғаруымызға болады.

Жыраулық поэзиядан сыр тартып, әдебиеттің сан тарауын зерттеп, талай мұраның бағын ашқан М.Жолдасбеков Қабан ақынның алдағыны болжайтын әулиелігін бейнелейтін мынадай аңыз келтіреді: «Бірде Жетісу өлкесінен шыққан атақты батырлар Өтеген, Райымбек, Қараш және Қабан төртеуі бас қосып отырады. Райымбек пен Өтеген құрдас, Қараштың жасы олардан сәл кішілеу, бәрінен үлкені Қабан екен. Райымбек сөз бастайды:

– Өтеген, «ел аралаған – сыншы» деген, жер-дүниені шарлап келдің, жасымыз болса тақады, батыр атағың бар, көпті көрдің ғой, өле қалсақ жағдайымыз қандай болады, қайсысымыз қай жерде қаламыз, айта аласың ба? - дейді. Өтеген:

– «Аға тұрып сөйлеген ініден без» деген, бұл дүниенің жарығын бізден бұрын көрген алдымызда Қабан ағамыз отыр, сол кісі айтсын! - депті. Сонда Қабан:

– Екеуің біріңді бірің түрткілеп, ақыры мені сөйлеттіңдер ме? - деп, сөз бастайды.

– Әке-шешем қойған атымды өзгертіп, ел мені Қабан атандырды: мен бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде қалармын. Үш күн денем жерде жатады, үш күннен соң табылады. Ал, Өтеген, сенің мінезің жайлы, жүзің жылы еді, жылжып аққан судың жағасында жатасың, бірақ түбінде сені де жылжытып басқа жерге қояды. Райымбек сен көпшіл ең, қиямет-қайымға дейін басыңнан дабыр, үстіңнен дүбір кетпейтін үлкен жолдың бойында боласың», - деген екен. Бұл аңызды Кенен Әзірбаев пен Әмірқұл Құлшықов ақсақалдар айтқан екен («Асыл арналар», Алматы, «Жазушы» баспасы). Аңыздардың да шындықтан тамыр тартып, тауанды тарихты құрайтын құндылығы бары белгілі. Қабылиса жырау айтқан болжамның барлығы да біршама уақыт озған соң шындыққа айналды. Көнекөз қарттың қай сөзі қапы кеткен?! Әулиелік тумысынан табиғатында бар баһадүр бабаның сан сыналған көрегендігінің кезекті көрінісі болар бұл, сірә...

Бір дәуірдің данасы, мың дәуірдің ақылы мен санасы болар Қабылиса Асанұлы жырау, әулие, батыр, айтыскер ақын ретінде қазақтың жадында мәңгі сақталар сайыпқыран, ұрпақтар ұлықтайтын, ұлттың ұжданындай ұлы тұлға. Қазыналы әдебиеті бар алты Алаштың арғысы мен бергісін жалғайтын алтын көпірдей жырауларымыздың жалынды жырлары келер ұрпақтың да кеудесін даңғыл қылар қасиетке ие. Тек қана сөзінің жүйесі, өзінің киесі бар дала ділмарларының даналығына шын ниетімізбен назар аударсақ, туындыларының тұңғиығына бойлай алсақ қой!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,

ақын, журналист


ҚАБАН ЖЫРАУ

Қабан өз кезінің – ірі ақыны. Ол он бес жасынан бастап айтысқа түскен. Ақындығымен қоса, ағалары Ескелді, Балпық сияқты сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем, қол бастаған батыр болған деседі. Қабан жырау жайлы біз ең алғаш рет ұлы ғалым М.Әуезовтің айтыс ақындарын жан-жақты талдаған атақты мақаласынан оқып едік, онда ол кісі: «Шынында Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Түбек, Майкөт, Қабан, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған не­гізгі ақындық жанры көбінесе айтыс екенін білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар болумен қатар, барлығы да айтысқа ерте араласып, он бес-он алты жастарынан ақындық өнерлерін бастайды. Олардың ел жадында сақталып қалған ірі айтыстарынан басқа, әрбір ойын-сауық, айт пен тойда, ас-мере­кеде жас-желең, қыз-келін­шектермен қағысып айтысқан». Осы пікірін өте әділ, дәл айтылған ғылыми тұжырым деп білеміз, ақындардың асыл мұрасының қыруар мол болғаны дау тудырмаса керек. Амал не, соның бәрі де дер кезінде хатқа түспегендіктен, ұмыт қалған. Ел аузында жатталып қалғанының өзі бірден-бірге, атадан балаға ауысқандықтан көркемдігі төмендеп, ұйқас-ырғағы бұзылып, бұл күнге жұрнағы жеткен десек, қателесе қоймаспыз. Енді үлкен жырау Қабанға сөз берсек, ол: «Шірімес, алтын жерде жатқанменен, Оқ тимес ажалсызға, атқанменен. Жаманға сөз, жалқауға таяқ өтпес, Астарлап қаншамалап айтқанменен. Өткен күнде белгі жоқ қанша айтсаң да, Қызыққа бір күндері батқанменен», - десе, бұл нағыз терең ойдан тамыр тартқан нәзік көңілдің туындысы дер едік, өйткені, көп жасап, көпті көрген қарт жырау өз басынан өткерген нешеме қилы уақиғадан жүз тармақ таратып, тайға таңба басқандай өз көкейін анық-ашық жеткізеді. Осы бір шумақ өлеңдегі әрбір сөз, әрбір жолда шымырлаған шындық жатыр, ұрпақтан-ұрпаққа көнермей, тозбай, сын-сипаты бұзылмай, сол күйінде жететін асыл мұрат жатыр. Ол – үлкен жүректің арман-тілегі, асыл өсиеті. Асанұлы Қабылиса (Қабан) XVІІІ ғасырда өмір сүрген. Асан артықша бай болмаған, өзіндік ауқаты бар кісі көрінеді. Мал-дәулет жинамаған, «елде бар болса, ерінге тиеді, жалпыда бар болса, жалқы аштан өлмейді» дейді екен. Бұл кісінің туған жері Сыр бойы көрінеді. Ол жақтан Жетісуға 1767 жылы көшкен деп көрсетеді шежірешілер. Қабан жырау – өз кезінің биік ақыны. Атамыз небір ұзақ батырлар жырын таңды таңға соғып, жатқа айтады екен. Кейде бұл дастанның көлемділігі сондай, айлап жырланатын көрінеді. Соншама мол дүниені бірде-бір рет кідіріп-мүдірмей, еркін толғайтын болғандықтан «жырау» аталыпты. Өз айтқаны болмаса, кісі тіліне көнбейтін, ержүрек, батыр да қайсар болғандықтан да бабамыз «Қабан» атаныпты.

Жыраулық поэзия­ның түп қазығы ақыл-нақыл екені елге аян. Осы себепті Қабан жыраудың да шығармашылық туындылары көбінесе жақсылық пен жамандықтың ара-қатынасын саралауға құрылған. Ақын өзінің «Бәріңдағы тыңдаңдар» атты өлеңінде: «Болыңдар тіршілікте тату, тәтті, Бір күні барамыз ғой көр аузына. Дүниеде ешбір қатер жуымайды, Әркім ие боп жүрсе өз аузына. Басына бәле адамның тілден болар, Сол тілден ұрынады өз дауына. Әр адам өз аузына ие болса, Әділдің жолығады қорғауына», - дейді. Расында, бар істің тетігі тілде екені ешқандай дау тудырмайды. Тілден келетін пайданы да, зиянды да ата-бабамыз жақсы білген. Сондықтан да: «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», - деген. Ұлықман хакім мен Дәуіт пайғамбар біраз уақыт дос болып жүріпті. Дәуіт Ұлықманды ғы­лым­ның неше алуан түрімен сусындатып, бір күні сынамаққа мал етінің ең тәт­ті жерін алып келіңіз депті. Ұлықман қойды сойып, тілін алып келіпті. Енді бірде мал етінің ең ащы жерін алып келіңіз депті. Ұлықман қой сойып, тағы да тілін алып келіпті. Дәуіт сұрапты: «Жақсысын әкел десем де, жаманын әкел десем де тек тілді әкеле бердіңіз», - депті дейді діни кітаптардағы бір аңыз. Әрине, бұл әңгіменің жалғасы бәрімізге белгілі, ендеше оны айтып жатудың қажеті жоқ шығар дейміз.

Жыраудың жыр-толғауларын топтап, айтыстарын іріктеп, зерттеуші Төлен Қаупынбаев «Қабан жырау» атты кітап шығарып, ел алдында үлкен еңбек жасады. Осы еңбегінде жампоз жыраудың 1733 жылы туып, 1824 жылы дүниеден өткенін айтады.

Қабан атамыздың бір пара өлеңдері тәлім-тәрбиелік мән-мағынаға ие. Екінші сөзбен айтсақ, халықтың терең пәлсапалық ойы мен педагогикасы қатар аралас айтылатыны байқалады. Ақынның тауып айтқан, дер кезінде толғаған мұндай асыл дүниесі көнермейді. Бүгінде де өз мағынасын жойған жоқ. Ол: «Тіл алсаңдар шырағым, Өсек сөзді елеме! Үйір болғың, шырағым, Жақсы сөзге өнеге. Тіршілікте сыйласқын, Дүние қайтып келе ме? Дүниеге сенім жоқ, Мінерсіз бір күн кемеге. Айтар әркім білгенін, Сөз ғып оны немене?! Қағыспай, халқым тек жүрсін, Онан пайда өне ме? Өсек-аяң сөз болса, Жуытпағың дәнеңе. Әділдің озар адымы, Адал жан шығар төбеге», - десе, елдің арасын ала тайдай бүлдіретін өсек-аяң екені айдан анық. Қазіргі заманда біреулер нанын өсекпен тауып жеп жүр десек, артық айтқандық болмас, ал, діни кітаптарда: «Күнәнің бірі – кісінің арасына сөз тасу», - депті. Ондай жан бұл жарық дүниеде де, бақи дүниеде де қиналмақ.

Біздің бүгінгі сөз етіп отырған Қабан жыраудың би мен бекке, болыс пен старшынға зіл тастап, төбесінен төніп, әділетсіздігін айтқан талай-талай маржан жырлары болған-ақ шығар. Амал не, соның көбі біздің қолымызда қазір жоқ. Алайда қарт жыраудың көпті береке-бірлікке, ынтымаққа шақырған толғаулары мол: «Елі-жұртым, сізге айтам, Бірлікті бол, шырақтар. Бірлікті жерде ырзық көп, Жетерлік онда мұрат бар. Ауызбірлік жоқ жерде, Қиянат­ты қият бар, Ұят – иман басы дер, Имандыда ұят бар», - деп толғаса, халықты шариғат арқылы ауызбірлікке, ынтымаққа шақырғаны көрініп тұр. Сонымен бірге көп көріп, көп жасаған, көп тоқыған, мол тәжірибе жинаған абыздың өсиетін біз де бар жанымызбен құптай түсеміз.

Айтулы жырау тыңдаушысын алыстан орап, тереңнен тербеп, баурап алады. Бір артықшылығы, Қабанның толғауларында ұйқас үшін бос тұрған жолдар кездеспейді. Тағы бір ерекшелігі – шығармасының бәрі де оқушысын ойлануға, бос жүріп, бос қыдырудан, уақытты бос өткізуден сақтандырады.

Қабанның тарыдай нәрседен таудай, теңгедей істен тебінгідей дүние тудыра­тын ақындық құдіреті бар, аса ірі талант екендігін де мойындауымыз керек. Ол: «Тамшыдан теңіз молайып, Тарыдай тастан зорайып, Бірігіп үлкен тау болмақ. Аз сөзден шатақ молайып, Бара-бара зорайып, Ұлғайып түбі дау болмақ», - деп толғаса, ел-жұртты елірмеліктен, өркөкіректіктен сақтандырып, кішілік пен кісілікке шақырып тұр. Жамандық атаулы – аяқ астында, жақсылық жолы – қия тас. Оған жетуге ердің ері, егеудің сынығы керек дейтіндей. Халқымызда «тамшы тас теседі» деген ұлағатты сөз бар. Бар нәрсенің түбі сол бір болымсыз нәрседен басталмақ.

Қабан ақынның ендігі бір керемет туындысы «Бақыт қайдан келе­сің?» және «Бақыт қайда барасың?» деп аталатын қарапайым тіршілік көзінен алынған драмалық тартысқа толы, бас-аяғы жұп-жұмыр әдемі дүние­сі дер едік. Бір қызығы, келе жатқан бақыт­тың жолы кетіп бара жатқан бақыттың жолымен қарама-қайшы. Ынтымағы қашқан елден кетіп бара жатқан бақыт, ынтымағы жарасқан елге келе жатады. Қариясын сыйламас, дүниені ойламас жерден қашқан бақыт, қариясын сыйлаған, ертеңгісін ойлаған жерге келе жатыр. Қабанның бұл туындысының қымбат­тығының өзі сонда, кім-кімге де түсініктілігінде ғой дейміз.

Біз жоғарыда Қабанды ешкімнен жеңілмеген дедік. Бізге ол кісінің үш айтысы ғана жеткен. Біріншісі, жастау кезінде ол Құмаршамен айты­сып, оны жеңген. Одан кейін Таужан қызбен сөз сайысына түскен, осы айтыста арабша, парсыша, шағатайша сөзі көп, ол сөздің терең мағыналары бар. Өзінше бір –  әлем, өте күрделі айтыс. Ал үшіншісі, бір қызбен қағысқанында да: «Өлеңді айта алмайсың кешеулесең, Болар ең Қабан ақын, мені жеңсең. Алдыңа ақын болсаң сал, айтайын, Жұлдыздар төбеңдегі нешеу білсең?» - деген қыз сөзіне Қабан: «Өлеңді айта алмаймын кешеулесем, Болар ем Қабан ақын, сені жеңсем, Жұлдызды төбедегі кім санапты, Көп жатқан шалқасынан сен білмесең», - депті.

Тағы бір жақсы қасиеті – артында өз ұрпағынан шашасына шаң жұқпас ақындар өсіп-өніпті. Олар – ұлы ақын Сүйінбай мен жеңілуді білмеген Сарыбас. Осы екеуі де Қабан жыраудың туған жиендері. Бұл турасында Кенен ақсақал былайша толғайды: «Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын, Бас иген ұлы жүзде тәмам ақын. Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау, Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау. Жиені Сарбас ақын сөйлерінде, Әдеті мұртын қағып, құлақ бұрау». Бұл жағдайды Сүйінбай да, Сарбас та мойындайды, оған кейінірек тоқталамыз. Атақты суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов: «Қабан өлең айтар алдында немесе айтысқа түсетінде ащы айқайға салады екен. Өзімен қағысуға, ұста­суға келген қарсылас ақынның зәре құтын сөйтіп алады екен», - дейді. Ал, ел сөзіне құлақ салайық: «Өлеңге қырғын туған Қабан ақын, Маңына қандай адам бара алатын?! Айтыссам деп келгендер дауысын естіп, Астынан алты қырдың жоғалатын. Астынан алты қырдың жоғалатын, Айтысса тырнадай боп тоналатын. Ауылынан таңнан шыққан байғұс ақын, Қармалап қараңғыны оралатын. Бар жерде Қабан жырау жол алатын, Адамдар нені ексе – соны оратын. Алланың ақ жолында – ақ домбыра, Мінетін жайтаңдаған баран атын»,  - деген осы үш шумақ өлеңмен-ақ халық Қабан жыраудың барлық ішкі-сыртқы бейнесін, жан-дүниесін тайға таңба басқандай етіп, ашық, айқын көрсеткен деп білеміз. Әсіресе, оның дауысындағы ғажайып сиқырлы саздың құдіретін қалай дөп тауып айтқан десеңізші?!

Қабанның соншама ұшқыр, соншама алып ақын болғаны жайлы Мырзатай Жолдасбеков кеңінен толғай келіп: «Қабан кезінде өте ірі жырау болған, айлап айтса, таусылмайтын ұзақ эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған. Өкініші, соның ешқайсы да сақталып, бізге жетпеген, Сыпыра жырау тәрізді, Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Сүйінбай жасында Қабанның көшінен жеті күн қалмай ілесіп жүріп, батасын алса керек», - десе, бұл жағдай шын мәнінде болған деп білеміз. Өйткені, Сүйінбайдың отты да ойлы шумақтары, найзағайдай өткірлігі, бәрі-бәрі атақты нағашысына тартқаны анық.

Қабан жырауды қолына ту етіп ұстаған ғажап ақынның бірі – Бақтыбай. Ол ақынның аузынан түспейтін себебін де өзі айтады: «Жасымда жетім болып, безіп кеттім, Қаңғырып, айдаланы кезіп кеттім, Түсімде Қабекеңнен өлең алып, Нәсіпке бай болатын кезікпеппін». Расында, Қабан атамыздың шәкірттері өте мол. Бір қызығы, заңғар атасын пір тұтқан ақынның бәрі де аузына құс тістеген жүйріктер, шашасына шаң жұқпаған саңлақтар екені баршаға мәлім.

Біз бүгін даңқты ақынның жоғарыдағы айтқан кітабын оқи отырып, ішімізден қатты өкіндік. Өйткені, биік таланттың бізге жеткен дүниелері қатты жүдеп жеткен екен. Ал шынында, өзінің айтқанындай болып, аумай-айнымай хатқа түссе, әрбір қазақтың қолынан түспейтін асыл мұра болғандай екен. Осы ойымыз дәлелді болу үшін біз оның көп өзгеріске түспей жеткен «Үркінде, үркін үркінде» атты өлеңін оқып көрейік: «Үркінде, үркін, үркінде, Өтеді дүние бір күнде. Тыңдап отыр, шырағым, Мен саламын бүлкілге. Жігіт болсаң, майда бол, Тал жібектей үлпілде. Барыңа қыл қанағат, Не береді құр тілге? Алпыс күн атан болғанша, Бура боп бір күн зіркілде.Көзіңді жұм да жауға шап, Ажалды өлер, іркілме. Кешегі өткен заманда, Ердің құнын татқан көп, Ашуланып бір түнде», - деп, атамыз бәріміздің ішімізге ақ шуақ түскендей сергітеді. Бұл өлеңді оқыған сайын оқи бересің. Қабан жырау халқын бар жанымен емірене-елжірей сүйген заңғар талант. Оның туындысы бәрімізді биік парасат­тылыққа, ынтымақ­тастыққа, имандылыққа шақырады. Атамыздың толғауларын оқыған сайын бойымыздағы мінімізді айнадан көргендей боламыз. Сол олқылығымызды жөндегіміз, көңілімізді ағартқымыз, тазартқымыз келеді. Ақын осындай алабөтен ерекшелігімен ірі, оның өлеңдері інжу-маржан сияқты, сондықтан да ол өз халқымен бірге ұзақ жасай бермек.

Өмірәлі  ҚОПАБАЕВ,

 заң ғылымдарының докторы, профессор, академик.

Сәрсенбі ДӘУІТҰЛЫ,

ақын, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың
иегері


ӘЛЕУМЕТтІҢ ӘЛЕУЕТтІ СЫНШЫСЫ

Ақын-жазушы қауымы қай заманда да өзі өмір сүрген қоғамның әлеумет­тік сыншысы қызметін қоса атқаруы заңды құбылыс. Бұл, әсіресе, Қазақ хандығы тұсында ғұмыр кешкен әрі батыр, әрі жырау тұлғаларға тән айрықша қасиет. Көрнекті ғалым, жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай, «жыраулар ел мүддесін, жұрт мұратын бірінші орынға қойды». Арда ақындығымен қатар сөз бастаған шешен, ел басқарған басшы болған Қабан жырау да ел мен жер тағдыры жайлы толғанды, өсиет сөздері мен ағыл-тегіл жырларына адамдықты арқау етті. Әлеуметтік-психологиялық мәселелерді көрегендікпен сезіп-біліп, ұрпағына тигізер жағымсыз жағына жаны мұздап, мазасызданды. Хандықтың тұғыры бекем болуын ойлап, елінің ертеңін уа- йымдады. Бұқар жырау үлгісіндегі бұл заман туралы ой-толғаныстар – елге көсем тұлғалардың қоғамнан оқшау өмір сүре алмайтынының дәлелі.

Импровизатор жыраудың ұлан-асыр шығармашылығынан бізге жеткен мұрасының салмағы том-том кітаптарда айтылған ой түйіндерден әлдеқайда терең де құнды. Көркем тіл мен мазмұн байлығы жыраудың дүниетанымы мен ақыл-парасатының да өлшемі. Өзі өмір сүрген қоғамның әлеуметтік сыншысы Қабан жырау жырларының басты нысанасы – халық. Ел мен жер. Елдікті көксеу. Ақылман жырау өз заманын сипаттай отырып, «келер заман не болар екен» деп, көңілін мұң торлайды: «Жасыл едік-ау манарлы, Асыл едік-ау жанарлы, Бүгінгіден бұрын біз. Жете болып жететін, Парық болып өтетін, Қолы қалың ұйымбыз», - деп келетін шумақтарда әлеуметтік ортаның кемшіліктері мен адасушылық жақтарын тізбелеп, асылы мен жасығын ашып көрсетеді. Жаугершілік кезеңде ғұмыр кешкен зар заман ақындарына тән пессимистік сарын Қабан жырауға да тән. Десек те, сөзі мұңлы, көкірегі күпті жыраудың арман-мұраты халықпен аңсарлас, болашақтан күтер үміті – зор. «Түзелер заман кейінде, Бұл сөзімді бейімде. Кейінгі қалған ұрпақтар, Заманға жақсы тұрақтар!» - деген жолдар абыз ақынның көріпкелдік қасиетімен де астасып жатса керек.

Қабан жырау өлеңдерінде заманның күрделі мәселелеріне үн қатуы, ойландыруы, келешек қамын уайымдауы жыраулық поэзияға тән дәстүр болуымен бірге, ақынның азаматтық ұстанымының беріктігі, әлеумет қамын алдыға қоюының айғағы. Қабан жырау есімінің еш ұмытылмай, батырлығы мен ақындығы, көсемдігі мен би-шешендігінің биік бағалануы осы елшілдік қасиетінен екені анық.

Ата-бабадан келе жатқан адамгершілік тәрбие мен дәстүршілдік жолды сақтауға үндеген жырау керітартпа әдеттерді сынап, одан арылуды үгіт-насихат пен ақыл-кеңес түрінде ұсынуы «жақсылық салтанат құрса екен, елдіктің іргетасы сетінемесе екен»  деген ізгі тілектен туған.

Жырау: «Бақыт қайдан келесің? Берекесіз адамнан, Ата-анасы наданнан, Үркіп, қашып келемін», - деп, бір өлеңінде жаман әдетті сынаса, келесі өлеңінде: «Бақыт қайда барасың? Ата-анасын сыйлаған, Ұйымшылдық ойлаған, Тату жанға барамын», - деп, оның шешімін де ұсынып отырады.Жұрт арасындағы надандық пен салғырт­тық, өсек  пен өтірік, кесірлік пен жалқаулық секілді жаман әдеттерді елді аздыратын кесапат ретінде шенейді. Өзегін жарған өкініш пен үміт-сенімге толы терең ой иірімдерінен түрлі құбылыстарды тереңнен байыптап, алдын алудың жолын іздегені байқалады. Өз қоғамының мінін шенеген шешен жырау одан құтылудың жолын да көрсетеді. Бұны, әсіресе, оның өсиет, дидактикалық өлеңдерінен көреміз: «Елім-жұртым, сізге айтам, Бірлікті бол, шырақтар. Ауызбірлік бар жерде, Жететұғын мұрат бар».

Ағайын арасындағы бауырмалдықтың ыдырауына алаңдаған жырау «Бірлікті жерде ризық көп» деп, береке мен бірлікті, адамгершілік пен сыйластықты отбасы ырысы мен ынтымағын арттырудың басты құралы ретінде баяндайды. Батырға һәм қолбасшыға тән қайрат-жігермен елдің ертеңге деген сенімін жаниды. Қазақтың әр шаңырағының төрт құбыласы түгел, ырыс-ынтымағы артық, іргесі бекем болуы – мемлекет­тің бекем болуы. Келеңсіз құбылыстардың мәнін, мағынасын ашу олардың салдарын жоюдың бірден бір тетігі деп білген жыраудың көксегені – елдің ел болып қалуы.

Хандық дәуірдегі қазақ қоғамының әлеуметтік сыншысы қызметін атқарған данышпан жыраудың өсиет жырларындағы дидактикалық сарын, яғни, өлеңдердің тәрбиелік-тәлімгерлік мағынасы тыңдаушысына етене жақын. Баршаға түсінікті, көркем тілмен безендірілген бұл туындылар жыраудың дүниетанымы, ұстанған өмірлік қағидасы, ұрпаққа өсиеті іспетті.

Бүгінгі тілмен айтқанда, Қабан жырау – мемлекетшіл тұлға. Қоғамды сынау, жақсылығына сүйіну, кемшілігіне күйіну мемлекетшіл адамдардан шығады. Ел қамын жеген ерлер елінің болашағына немқұрайды қарай алмайды. Батырлығы мен шешендігі, көріпкелдігі мен көсемдігі сай әулие жыраудың ұрпақ санасында үнемі жаңғырып келе жатқаны да осы қасиетінен, яғни, ел алдындағы мәртебесінің биіктігінен екені анық.

Дина ИМАМБАЙ,

журналист, әлеумет­танушы


ҮШ ҒАСЫР БҰРЫН АЙТЫЛҒАН БАҚЫТ ИНДЕКСІ

Жыраулар поэзиясындағы тәуелсіздік идеясын тану мен талдаудың бүгінгі ұрпақты отарлық санадан босатып, құлдық психологиядан арылтудағы мәні зор. Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру жолында болған қарулы қақтығыстар мен ұлт-азаттық соғыстар, Алаш лидерлерінің саяси аренадағы күресінен бөлек, рухани көсемдеріміздің шығармашылығы арқылы табанды қарсылық танытуының тарихи мәні жоғары. Сол лектің жарқын өкілдерінің бірі – XVIII ғасырда өмір сүрген Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы.

БҰҰ жыл сайын Жер шары тұрғындарының «Бақыт индексін» жариялайды. Қазақстан 156 мемлекеттің ішінде анықталған тізім бойынша 54-орында тұрғанын көзіміз шалып қалғаны бар. Сауалнамаға қатысқандарға білім алу мүмкіндігі, денсаулығы, әлеуметік жағдайынан басқа, өмір мәні, көзқарас пен сөз бостандығы, шешім қабылдай алу мен таңдау еркіндігі туралы сұрақтар қойылады екен. Қабан жыраудың «Бақыт қайдан келесің?», «Бақыт қайда барасың?» циклды жырлары осы философиялық сұраққа концептуалды түрде жауап береді.

«– Бақыт қайда барасың?

 – Ата-анасын сыйлаған,

Ұйымшылдық ойлаған,

Тату жанға барамын.

 

 – Бақыт қайда барасың?

 – Өсірген жақсы баласын,

Сыйлаған ата-анасын,

Көргенді ұлға барамын», - дейді жырау. Әлемдік қауымдастықтың күн тәртібінен бүгін де түспей отырған сауалға үш ғасыр бұрын нақты жауап берген. Мәселеге ұлттық менталитет пен мінез тұрғысынан келіп, Карл Маркс айтпақшы, «Отбасы – шағын мемлекет» деген қағиданың растығын бекіте түседі.

Біз қазір қоғамдағы ақпаратпен танысқымыз келсе, интернетті бір шолып, теледидарға телміріп, дүңгіршектен газет-журнал аламыз. Бір анығы, Қабан жырау заманында ақындар айтысы қазіргі медианың қызметін атқарып, әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени және діни-танымдық калейдоскоп болған. Бұл сөзімізге дәлелді «Қабылиса мен Таутан қыз» жұмбақ айтысынан көреміз. Жыраудың діни сауатының жоғары болғандығын, ел бірлігі мен татулығын сақтауда имани тәрбиенің орны ерекше екенін терең түсінгенін, сол білімді орынды жаратқанын аңғарамыз. Ол Таутан қызға:

«Аспаннан Алла тағала

                       кітап салған,

«Таурат» деген кітапты

                       Мұса алған.

«Інжіл» деген кітапты

                       Ғайса оқып,

Бар ма екен бұл сөзімде,

                      сірә, жалған.

«Забур» деген кітапты

                      Дәуіт алды,

Меккеге бір ғажайып

                     қорған салды.

«Құранды» хазіреті Оспан оқып,

Шариғат насихатшы

                содан қалды», - деп жауап беріп, шариғи білімінің терең, толыққанды екенін көрсетеді. Бір қызығы, ақын айтыстарында «мәшине», «самауырын», «сағат» сияқты сол ғасыр үшін жаңалық саналатын сөздер де жиі кездеседі.

Қабан жыраудың «Не қымбат?», Не жақын?», «Білгендерден ғибрат ал», т.б. жырлары мен толғаулары өз заманының ақын-жыраулары қалыптастырған классикалық пішінде, халықтық фольклор үлгісінде жазылған. Жақсы мен жаман арасы, достық пен дұшпандық, әділ билік құру, білімге ұмтылу, әлсізге болысу – міне, ақын шығармаларының негізгі лейтмотиві осы. Осы мазмұндағы туындылары ел ішіне кеңінен таралып, мақал-мәтел, өсиет-нақылға айналып кеткен. Мысалы:

«Бұл дүниеде не жетім?

Санай берсең көп жетім.

Үйрек, қазы болмаса,

Айдын шалқар көл жетім.

Елі қаптап коңбаса,

Бетегелі бел жетім.

Ұлығы әділ болмаса,

Болады байтақ ел жетім», - деп басталатын «Дүниеде не жетім?» атты жыры бүгінде көптеген дәстүрлі әншілеріміздің репертуарында бар.

Біздер, киізтуырлықты қазақ халқы, ұлтарақтай жер үшін атқа қонып, осынау кең-байтақ, баябан даламызды найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап қалдық. Қабан жырау поэзиясының негізгі арқауы да жер мен елдің тұтастығын сақтауға, нуы мен суын, таутасын ардақтауға құрылған.

«Қайтарылмай қалса,

Жауға кеткен жер қиын», - дейді ол «Не қиын?» өлеңінде. Жырау аңсаған азат реңді, бостан қалыптағы бүгінгі болмысымыздың қадіріне жетіп, баға-бәсін тани білейік!

Бекжан ӘШІРБАЕВ,

ақын,«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты


 «ЕЛІНЕ САЙ ҰЛ ТУСА»

Міне, бұқара халық арқа тұтып абыз санаған, данагөй сүрінгенді сүйеп, жылағанды жұбатқан көшелі көсем, шежірелі шешен, көшпелі заманның философы болған Қабан жыраудың тікелей ұрпақтарының бар екендігін де жоғарыда атап өттік. Д.А. Қонаев атындағы Университеттің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Өмірәлі ҚОПАБАЕВ пен «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясының президенті, жазушы, баспагер Ырым КЕНЕНБАЙДЫҢ Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлының рухына бағышталған айтулы ас-жиынның аталып өтуіне орай, екеуара сыр - сұхбатынан ойға жетелер биік деңгей аңғарғандай боласыз.

Ырым Кененбай:

– Өмеке, жалпы қазақ халқының тарихын қозғағанда бірді айтып, бірге кете бермеу мүмкін емес сықылды. Өйткені, қазақ халқы XV-ғасырдың ортасында біртұтас мемлекет болып құралар алдында оның жеке ру-тайпалары талай-талай кезеңдерді бастан өткізген. Осы рутайпалардың іргесінің мықтап қалануы жырау, би-шешендер мен ержүрек батырларға тікелей қатысты екендігін де жоққа шығара алмасымыз анық. Соның бірегейі, XVIII-ғасырда Ұлы жүз ішіндегі Жалайырдан шыққан аса көрнекті қайраткер, өр мінезімен, өжет батырлығымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісінде-ақ Қабан ақын атанған Қабылиса бабамыз еді.

«... Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел, тегі, алсын қайдан кемеңгерді», -

деп, дала жыршысы Ілияс Жансүгіров ақын жырлағандай, өмірден өткен өз ата-бабаларымыз бен тұлғалы батырларымызды өзіміз дәріптеп, өзіміз дараламасақ, кім дәріптер еді? Ендеше, әлқисса деп,  Алты Алаштың небір ардақтыларының қатарындағы, Сіз бен Біз тікелей ұрпақтары болып табылатын Қабан жыраудың өмір тарихынан ой тамызығын тастай отырыңыз...

Өмірәлі Қопабаев:

– Байыпты саралап қарар болсақ, арғы тегіміз, түп-тұқиянымыздың тарихы бай да базарлы. Қазіргі идеологиялық қолшоқпарға айналмайтын мамандардың пікіріне қонақ берсек, арғы тарихымыз тіпті қырық-алпыс мың жылдықтардың қойнауына кетеді. Адамзаттық алғашқы өркениет­тің алтын бесігінде тұрғандығымызды мақтан тұтамыз.

... Шүкір дейміз, әсіресе, Азаттық алғалы бергі уақытта өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күйге бөлендік. Алты Алаштың айтулы тұлғаларының қатарында Қабан жырау, батырдың да есімі одан әрі жаңғырды. Ұрпақтың жадына бұрынғыдан да ұялай түсті, жүректерде жатталды.

Асанұлы Қабылиса (Қабан) XVIII ғасырда өмір сүрген. Асан артықша бай болмаған, өзіндік ауқаты бар кісі көрінеді. Мал-дәулет жинамаған жырау: «Елде бар болса, ерінге тиеді, жалпыда бар  болса, жалқы аштан өлмейді», - дейді екен. Бұл кісінің туған жері Сыр бойы көрінеді. Ол жақтан Жетісуға 1767 жылы көшкен деп көрсетеді шежірешілер.

Бабамыздың асыл мұрасының әу баста қыруар мол болғаны дау тудырмаса керек. Амал не, соның бәрі де дер кезінде хатқа түспегендіктен, ұмыт қалған. Ел аузында жатталып қалғанының өзі әр замандарда бірден-бірге, атадан-балаға ауысқандықтан көркемдігі төмендеп, ұйқас ырғағы бұзылып, бұл күнге жұрнағы жеткен десек, қателесе қоймаспыз. Енді үлкен жырау Қабанға сөз берсек, ол:

«Шірімес алтын жерде

                      жатқанменен,

Оқ тимес ажалсызға

                      атқанменен.

Жаманға сөз, жалқауға

                      таяқ өтпес,

Астарлап қаншамалап

                      айтқанменен.

Өткен күнде белгі жоқ

                      қанша айтсаң да,

Қызыққа бір күндері

                      батқанменен», -

десе, бұл нағыз терең ойдан тамыр тартқан нәзік көңілдің туындысы дер едік, өйткені, көп жасап, көпті көрген қарт жырау өз басынан өткерген нешеме қилы уақиғадан жүз тармақ таратып, тайға таңба басқандай өз көкейін анық-ашық жеткізеді. Осы бір шумақ өлеңдегі әрбір сөз, әрбір жолда шымырлаған шындық жатыр, ұрпақтан-ұрпаққа көнермей, тозбай, сын-сипаты бұзылмай, сол күйінде жететін асыл мұрат жатыр. Ол – үлкен жүректің арман тілегі, асыл өсиеті.

Ырым Кененбай:

– Расында, жазиралы Жетісу жерінде Қадырғали Жалайыр, Ескелді, Балпық, Қабанбай, Сүйінбай, Бақтыбай, Мұхаметжан Тынышбаев, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Ғали Орманов, Нұрғиса Тілендиев сынды біртуар перзент­термен қатар Қабан жырауды ардақтау тұрғысында да көптеген игілікті шаралар тындырылды десек, әсіре мақтанғанымыз болмас. Көксу ауданында бабамыздың 300 жылдығы жоғары деңгейде аталып өт­ті. Есімі үлкен ұжымға, мектепке, көшелерге берілді. Мүсіні сомдалды, зерт­теу кітаптары да шығарылды. Жампоз жыраудың жыр-толғауларын топтап жинауда, кітап етіп шығаруда жазушылар Ораз Исмайлов, Төлен Қаупынбаев, ғалым Сәрсенбі Дәуітовтер көп еңбек ет­ті. Соның арқасында баба мұрасы елге қайта оралды. Осы орайда бабамыздың «Қабан жырау» аталуының тарихынан да сыр ағытып көріңіз...

Өмірәлі Қопабаев:

– Қабан жырау – өз кезеңінің биік ақыны. Атамыз небір ұзақ батырлар жырын таңды-таңға соғып, жатқа айтады екен. Кейде бұл дастанның көлемділігі сондай, айлап жырланатын көрінеді. Соншама мол дүниені бірде-бір рет кідіріп-мүдірмей, еркін толғайтын болғандықтан «жырау» аталыпты. Өз айтқаны болмаса, кісі тіліне көнбейтін, ержүрек, батыр да қайсар болғандықтан «Қабан» атаныпты. Жыраулық поэзияның түп қазығы ақыл-нақыл екені елге аян. Осы себепті, ұлы бабамыз  Қабан жыраудың да шығармашылық туындылары көбінесе жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен ізгіліктің  ара-қатынасын саралауға құрылған. Ақын өзінің «Бәрің-дағы тыңдаңдар» атты толғауында

«Болыңдар тіршілікте тату, тәтті,

Бір күні барамыз ғой көр аузына.

Дүниеде ешбір қатер жуымайды,

Әркім ие боп жүрсе өз аузына.

Басына бәле адамның тілден болар,

Сол тілден ұрынады өз дауына.

Әр адам өз аузына ие болса,

Әділдің жолығады қорғауына», - дейді. Ақиқатында, бар істің тетігі тілде екені ешқандай дау тудырмайды. Тілден келетін мол пайданы да, зор зиянды да ата-бабамыз жақсы білген. Сондықтан да: «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», - деген.

Ұлықман хакім мен Дәуіт пайғамбар біраз уақыт дос болып жүріпті. Дәуіт Ұлықманды ғылымның неше алуан түрімен сусындатып, бір күні сынамаққа: «Мал етінің ең тәт­ті жерін алып келіңіз», - депті. Ұлықман қойды сойып, тілін алып келіпті. Енді бірде: «Мал етінің ең ащы жерін алып келіңіз», - депті. Ұлықман қайтадан бір қойды сойып, тағы да тілін алып келіпті. Сонда Дәуіт: «Жақсысын әкел десем де, жаманын әкел десем де тек тілді әкеле бердіңіз», - деп сұрапты дейді діни кітаптардағы бір аңыз. Әрине, бұл әңгіменің жалғасы бәрімізге белгілі, ендеше, оны айтып жатудың қажеті жоқ шығар.

Қабан атамыздың көптеген өлеңдері тәлім-тәрбиелік мән-мағынаға ие. Екінші сөзбен айтсақ, халықтың терең пәлсапалық ойы мен педагогикасы қатар, аралас айтылатыны байқалады. Ақынның тауып айтқан, сөз асылын саралап, ой безбенінде салмақтап, дер кезінде толғаған мұндай асыл дүниесі көнермейді. Айталық:

«Тіл алсаңдар шырағым,

Өсек сөзді елеме!

Үйір болғын, шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын,

Дүние қайтып келе ме?

Дүниеге сенім жоқ,

Мінерсіз бір күн кемеге.

Айтар әркім білгенін,

Сөз ғып оны немене?

Қағыспай, халқым тек жүрсін,

Онан пайда өне ме?

Өсек-аяң сөз болса,

Жуытпағын дәнеңе.

Әділдің озар адымы,

Адал жан шығар төбеге», -

десе, елдің арасын ала тайдай бүлдіретін өсек-аяң екені айдай анық.

Біздің бүгінгі сөз етіп отырған Қабан жыраудың би мен бекке, болыс пен старшынға зіл тастап, төбесінен төніп, әділетсіздігін айтқан талай-талай маржан жырлары болған-ақ шығар. Амал не, соның көбі біздің қолымызда қазір жоқ. Әйтсе де көп көріп, көп жасаған, көп тоқыған, мол тәжірибе жинаған абыздың өсиетін біз де бар жанымызбен құптай түсеміз.

Айтулы жырау тыңдаушысын алыстан орап, тереңнен тербеп, барынша  баурап алады. Бір артықшылығы, Қабанның толғауларында ұйқас үшін, бос тұрған жолдар кездеспейді. Тағы бір ерекшелігі, шығармасының бәрі де оқушысын ойлануға үндеп, бос жүріп, бос қыдырудан, уақытты бос өткізуден сақтандырады. Қабанның тарыдай нәрседен таудай, теңгедей істен тебінгідей дүние тудыратын ақындық құдіретке ие, аса ірі талант екендігін мойындауымыз керек. Ол:

«Тамшыдан теңіз молайып,

Тарыдай тастан зорайып,

Бірігіп үлкен тау болмақ.

Аз сөзден шатақ молайып,

Бара-бара зорайып,

Ұлғайып түбі дау болмақ», -

деп толғаса, ел-жұрт­ты елірмеліктен, өркөкіректіктен сақтандырып, кішілік пен кісілікке шақырып тұр. Жамандық атаулы – аяқ астында, жақсылық жолы – қия тас. Оған жетуге ердің ері, егеудің сынығы керек дейтіндей. Халқымызда «тамшы тас теседі» деген ұлағатты сөз бар. Бар нәрсенің түбі сол бір болымсыз нәрседен басталмақ. Қабан ақынның ендігі бір керемет туындысы «Бақыт қайдан келесің?» және «Бақыт қайда барасың?» деп аталатын қарапайым тіршілік көзінен алынған драмалық тартысқа толы, бас-аяғы жұп-жұмыр әдемі дүниесі дер едік. Бір қызығы, келе жатқан бақыттың жолы, кетіп бара жатқан бақыттың жолымен қарама-қайшы. Ынтымағы қашқан елден кетіп бара жатқан бақыт, ынтымағы жарасқан елге келе жатады. Қариясын сыйламас, дүниені ойламас жерден қашқан бақыт, қариясын сыйлаған, ертеңгісін ойлаған жерге келе жатыр. Қабанның бұл туындысының қымбаттығы – шығарма желісінің баршаға таныстығында, туынды тілінің кім-кімге де түсініктілігінде.

Ырым Кененбай:

– Өнерді жастайынан сүйіп, талабының қарымды екенін таныта білген, тіптен, он бес жасынан-ақ той-думандарда айтысқа түскеніне қарап, Қабан бабамыздың ділмар, дара ақын болғандығын  ғалым-әдебиетшілеріміздің жылдар бұрын жүргізген зерттеулерінен қанықпыз. Ұлы ғалым Мұхтар Әуезовтің айтыс ақындарын жан-жақты талдаған атақты мақаласында: «Шынында, Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Түбек, Майкөт, Қабан, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанры көбінесе айтыс екенін білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар болумен қатар, барлығы да айтысқа ерте араласып, он-бес-он алты жастарынан ақындық өнерлерін бастайды. Олардың ел жадында сақталып қалған ірі айтыстарынан басқа, әрбір ойын-сауық, айт пен тойда, ас-мерекеде жас-желең, қыз-келіншектермен қағысып айтысқан», - дейді.

Бақтыбай ақын айтқандай, «инемен қара сөзді сабақтаған» Қабан ақынның бізге жеткен сөз сайыстары – Тұмаршамен және Таутанмен айтыстары. Бұлардың да түпнұсқасы түгел дерлік сақталмаған. Осыған да шүкір дей отырып, қолда барының өзінен арғымақтай жүйрік ақынның алдына жан салмағанын, шаңға көмілмей, аламанда оза шапқанын аңғару қиын емес сықылды.

Өмірәлі Қопабаев:

– Иә, бізге ол кісінің үш айтысы ғана жеткен. Біріншісі, жастау кезінде ол Тұмаршамен айтысып, оны жеңген. Одан кейін Таутан қызбен сөз сайысына түскен. Осы айтыста арабша, парсыша, шағатайша сөзі көп, ол сөздердің терең мағыналары бар. Бұл – өзінше бір әлем, өте күрделі айтыс. Ал үшіншісі, бір қызбен қағысқаны, онда

«Өлеңді айта алмайсың кешеулесең,

Болар ең Қабан ақын, мені жеңсең.

Алдыңа ақын болсаң сал, айтайын

Жұлдыздар төбеңдегі

                   нешеу білсең?» -

деген қыз сөзіне Қабан:

«Өлеңді айта алмаймын кешеулесем,

Болар ем Қабан ақын, сені жеңсем.

Жұлдызды төбедегі кім санапты,

Көп жатқан шалқасынан ен білмесең?!» - деп, тапқыр да татымды жауап беріп, таза жеңіске жеткен екен.

Қабан жыраудың тағы бір қасиеті бөлек, таң қалдырар тұсы – артынан ақиық ақындар легі ілесіп, өз ұрпағынан шашасына шаң жұқпас алыптар өсіп-өніпті. Олар – ұлы ақын Сүйінбай мен жеңілуді білмеген Сарыбас. Осы екеуі де Қабан жыраудай майталманның туған жиендері болатын. Бұл турасында Кенен ақсақал былайша толғайды:

«Ұстазы Сүйнбайдың Қабан ақын,

Бас иген ұлы жүзде тәмам ақын.

Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау,

Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.

Жиені Сарбас ақын сөйлерінде,

Әдеті мұртын қағып, құлақ бұрау».

Бұл жағдайды Сүйінбай да, Сарыбас та мойындайды. Атақты суреткер, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов: «Қабан өлең айтар алдында немесе айтысқа түсетінде ащы айқайға салады екен. Өзімен қағысуға, ұстасуға келген  қарсылас ақынның зәре құтын сөйтіп алады екен», - дейді. Осы жерде ел сөзіне құлақ салайық:

«Өлеңге қырғын туған Қабан ақын,

Маңына қандай адам бара алатын?!

Айтыссам деп келгендер дауысын естіп,

Астынан алты қырдың жоғалатын.

Астынан алты қырдың жоғалатын,

Айтысса, тырнадай боп тоналатын.

Ауылынан таңнан шыққан байғұс ақын,

Қармалап қараңғыны оралатын.

Бар жерде Қабан жырау жол алатын,

Адамдар нені ексе – соны оратын.

Алланың ақ жолында – ақ домбыра,

Мінетін жайтаңдаған баран атын», -

деген осы үш шумақ өлеңімен-ақ халық Қабан жыраудың барлық болмысын, ішкі-сыртқы бейнесін, жан-дүниесін тайға таңба басқандай етіп, ашық та айқын көрсеткен деп білеміз. Әсіресе, оның дауысындағы ғажайып сиқырлы саздың құдіретін қалай дөп тауып айтқан десеңізші?!

Қабан бірде эпик ақын болып, баба жырды байыбымен көкірек көзінен өткізіп, бабымен жеткізсе, енді бірде, бағзыдағы біртуар Хакімдерше терең толғаулы философиялық иірімдердің жетегінде кетіп, келесіде, оқырманының санасына бірден сәуле құйған ақылман кейпіне енеді. Ал енді, айтыс өнеріндегі сақталған сом дүниелері төл әдебиеттің қорындағы қомақты да сүбелі сыбаға дер едік. Қыз бен жігіт айтысы, жұмбақ айтысындағы өзіндік ерекшеліктері зерттеушілер тарапынан әлі де болса зерделену үстінде.

Зерт­теу демекші, Қабылиса бабамыздың өнегелі өмір жолы мен саф алтындай жарқыраған шығармашылығын әр жылдарда, әр қырынан Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Рахманқұл Бердібаев, Мырзатай Жолдасбеков, Ораз Исмаилов, Сәрсенбі Дәуітов және басқалары ғылыми тұрғыда пайымдады. Бұл орасан еңбектің бәрін біз қабырғалы қазақ әдебиеті айдынының толыға түсуіне қосқан өлшеусіз үлестері деп бағалаймыз.

Оның халық аузында қалған мол мұрасының толықтай күні бүгінге дейін жинала алмай келе жатқандағы, әрине, жанға батады. Қалың елдің ортасынан әлі де табылып жатқандары баршылық. Мәселен, кезінде ауыз әдебиетінің жоғын жоқтап, мұның мұңдаған Сәкен Сейфуллин «Жалайыр Қабан ақын мен қоянның айтысуы» аталатын бұған дейін назарға ілікпеген, көлемді де көркем дүниесін тапқан. Бұл шығармада қаршығасын қолына ұстаған Қабылиса ақын мен көжектейін деп жүрген әлсіз қоянның тілдесуі арқылы сол әділетсіз заманның кейпі көз алдыңызға келеді. Қолында билігі бар білегі мықтының дәрменсіз пенделерге көрсетер әлімжеттігін мінейді.

Ал, ғалым Алмагүл Қанағатова өзінің философия ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғауына орай жазылған еңбегінде Бұқар жырау мен Қабан жыраудың шырайлы шығармашылығындағы бірқатар ұқсастық пен сол заманғы зәру мәселелердің негізге айналуы, сол тықырыптарды ашудағы азаматтық үн, арналы көзқарастарына кеңірек тоқталады.

Қабан жыраудың есімін өмірлік туы еткен ғажап ақынның бірі – Бақтыбай. Ол ақынның аузынан түспейтін себебін де өзі айтады:

«Жасымда жетім болып, безіп кеттім,

Қаңғырып, айдаланы кезіп кеттім,

Түсімде Қабекеңнен өлең алып,

Нәсіпке бай болатын кезікпеппін».

Расында, Қабан атамыздың шәкірттері өте көп. Бір қызығы, заңғар атасын пір тұтқан ақынның бәрі де ауызымен құс тістеген жүйріктер, шашасына шаң жұқпаған саңлақтар екені елге мәлім.

Ырым Кененбай:

– Жетісу жерін көп аралаған атақты жазушы Сәбит Мұқанов айтулы бір мақаласында: «Менің білуімше, Жалайыр ішінде үш әулие болған. Олар: Қабылиса, Ескелді, Балпық», - дейді.

Біз Қабылиса – Қабан жырау жайлы айтқанда,  өзінің замандас, үзеңгілестері Ескелді, Балпық, Жолбарыс билер мен Райымбек, Өтеген, Орақты батырлардан бөле-жарып сөз ете алмайтындығымыз. Себебі, бұл бабаларымыздың өмір сүрген дәуірі мен заманы біте қайнасып, бірге өткендігінде. Бұлар байтақ жатқан қазақ даласын сыртқы жаулардан қорғауда толарсақтан саз кешіп, алмағайып кезеңде бірігіп, белді бекем буған тұлғаларымыз емес пе еді?! Ел мен жер дегенде жанқиярлыққа барған олар аса ірі қоғам қайраткерлері болды. Осылардың арасынан жұлдызды жырау Қабанның іргелі кайраткерлігі жайлы танымыңызбен бөліссеңіз...

Өмірәлі Қопабаев:

– Қабан жырау әдебиетіміздің ірі өкілі, батыры ғана емес, қоғам қайраткері де. Ол өзінің қара орман елді сүттей ұйытар салмақты ойы, ғиб- ратты сөзі – нақыл-қағидаттарымен бытыраңқылыққа ұшыраған халқы- мызды бір тудың астына біріктіруге, Абылай сұлтанның абыройын асыруға өлшеусіз үлес қосқан. Түркістанның төрінде Абылайды ақ боз атқа қондырып, барша қазақтын ханы етіп сайлауға мұрындық болған.

Ғасырлар бойы жаудың шетінде, желдің өтінде, қылыштың жүзінде күй кешкен Жетісу жұртшылығының қамын күйттеп, Сыр алқабы, Шу өңірі, киелі Түркістан мен дулы Ташкент маңында қанат жайып, тұрақтап қалған Жалайырлардың басын қосып, бәтуаға келтірді.

Төле бимен қатар дау шешіп, Бұқар жыраумен үзеңгі қағыстыра ғұмыр кешіп, Абылай қолының сапында жоңғарлармен шайқасты. Ата жаудың қолына да түсті. Бірақ рухын түсіріп, жігерін жасытпады. Елдіктің ұранын салды, замана тұрағын шалды. Бас біріктіріп, қолда барды базарламаса, анталаған жаудың аранында жұтылып кете бару қауіпінің қай кездегіден де тажал түрде тұрғандығын ел санасына үздіксіз құйды. Сол себепті де ол:

«Киік қайда ойнайды,

Тауда тарғын болмаса?!

Балық қайда ойнайды,

Балдырлы суы болмаса?!

Бұлғын қайда ойнайды,

Буалдыр сазы болмаса?!» - деп, жүрегі қан жылап, терең толғаған.

Жырауға Ел ішіндегі қордаланған мәселелердің түйінін шешіп беруді өтініп отырған ағайындар да болған. Ақын ініміз Әміре Әрін ұсынған мына мысалды келтірсек, артық болмас.

«Абылайдың ұлы Әділ төре Жетісу аймағын билеп тұрған кез болса керек. Төрелер ұрпағының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған шақ. Оларға қарсы келудің өзі арыстанға айбат шегумен тең дүние екен. Алайда, Әділ төре атағы алты алашқа мәшһүр Қабан жырауды айрықша қадірлесе керек. Тіпті, өзінің кей қисынсыз кетер шақтарында қаймығып та отырған. Солай екен деп, жырау да ұсақ-түйек шаруаларға бола ел ісіне араласа бермеген. Бірақ көптен бері жырауды сонау Жалайыр бабасынан бермен ұрпақтан-ұрпаққа дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан Тарақ таңбаның тек төрелердің еншісінде қалып қойғандығы қатты толғандырады. Бұл мәселе шегіне жетті-ау деген бедерде Қабан ақын атқа қонған ғой. Әкесі Абылайдың өзі аса қадір тұтқан Қабан жырауды Әділ төре құшақ жая қарсы алады.

– Жол болсын, ақын аға!

– Әлей болсын!

Ақын аға, дейсің-ау ақын аға,

Кір жуытпай келген ем атыма да,

Бұлт қонбаған, білсеңіз, басыма да.

Тарақ таңбам сендерде қалып қойды.

Бұл төрелер жойдасыз басына ма?!  - дегеніне қапелімде не айтарын білмей, сасып қалған Әділ төре: «Кешегі Шыңғыс бабамның кезінде Алаш мыңы арасында ұлығы тарақ таңбалы Жалайыр болған. Мұны ұмытсақ, елдігіміз қайда, теңдігіміз қайда, кеңдігіміз қайда?!» - дей береді. Қабан жырау телегей теңіздей толқып:

«Міне, міне, енді келдің жөніңе,

Шықтың байтақ

                          шың-белесті өріңе.

Сары алтынды ер-тұрман

                       сапқа тұрсам жарқырап,

Сүлік қара арғымақ

               аспан тіреп арқырап,

Шыңғыс қаған бас қойса –

               ақ найзам жауды тіреген,

Қанішерін інінде

               қорылдатып ірегем.

Марал от­ты арша тау

              ата қоныс болғанды,

Бақыт-ырыс басыма

              ақ құс болып қонғанды.

Тарақ таңба толықсып,

              ер бабамды түрлентіп,

Жаһан кешкен Шыңғыс хан

             келешекті шолған-ды.

Суарылған көк темір

             құрышқа қалай айналды,

Жалайырдан серпін ап,

             Бақтиярлап сайланды!

Әмірші болсаң – әділ бол,

             әлі де талай айтармын,

Тарақ таңбамды жұртыма

 қайтарғын, төрем, қайтарғын!» - дегенде, Әділ төре сөзге тоқтап қана қоймай, ақиқатқа ұйып, Тарақ таңба бұдан былай мұқым Жалайырға да ортақ деп танып, үкім шығарған екен».

Ырым Кененбай:

– Өмеке, Қабан жыраудың от тілді, ел намысын қорғаған көрнекті қоғам қайраткері болғанын жақсы жеткіздіңіз. Шынында да бабамыз өз заманының асқан заңғары, көріпкел данагөйі, ел басқарған ақылманы болғаны анық. Осындайда ойымыз дәлелді болу үшін біз оның көп өзгеріске түспей, бізге жеткен «Үркінде, үркін үркінде» ат­ты өлеңін еске алып көрейікші:

«Үркінде, үркін, үркінде,

Өтеді дүние бір күнде.

Тыңдап отыр, шырағым,

Мен саламын бүлкілге.

Жігіт болсаң, майда бол,

Тал жібектей үлпілде.

Барыңа қыл қанағат,

Не береді құр тілге?!

Алпыс күн атан болғанша,

Бура боп бір күн зіркілде.

Көзіңді жұм да жауға шап,

Ажалды өлер, іркілме.

Кешегі өткен заманда,

Ердің құнын татқан көп,

Ашуланып бір түнде», - деген жолдарда қаншама терең ойлар жатыр?! Неткен кең тынысты сурет десеңізші?! Сол заманның суреті. Бүгінгі ұрпаққа деген аманат өсиеті.

Өмірәлі Қопабаев:

– Иә, Қабан жырау – халқын бар жанымен емірене, елжірей сүйген заңғар талант. Атамыздың толғауларын оқыған сайын бойымыздағы мінімізді айнадан көргендей боламыз. Сол олқылығымызды жөндегіміз, көңілімізді ағартқымыз, тазартқымыз келеді. Ақын осындай алабөтен ерекшелігімен ірі, оның өлеңдері де өз халқымен бірге ұзақ жасай бермек.

Ырым Кененбай:

– Жырау бабамыздың ұрпақтарын бүгінде еліміздің әр түкпірінен таба аласыз. Өзіміздің Жетісу өңірінде туып-өсіп, қызмет бабымен Қостанай облысында жүрген, Қабан бабамыздың тікелей жетінші ұрпағы боп келетін Бағлан Мақұлбековты алайықшы мысалға. Бағланның өз мамандығы – заңгер. Жас та болса, бас бола білетін Бағланның «Өткен тарихсыз, ата-бабаларымыздың жүріп өткен даңқты жолынсыз бүгінгі тәуелсіздікті көз алдымызға елестету мүмкін емес» деген сөзі баһадүр бабалардың кең сахараны, дархан даланы ұрпағына аманат етіп кеткендігін түйсіне білу шығар деп ойлаймын.

Өмірәлі Қопабаев:

– Расында да талант туған жеріне тартып туатыны, туған жердің елдік, азаматтық болмысынан, көркемдік келбетінен нәр алатыны, ең бастысы, тегіне тартып туатыны анық. Сөзімізге дәлел – Қабан жыраудың тікелей ұрпағының бірі Бағдат Мәнізоровтың бойында жаңағы айтқан ізгі қасиет­тердің бәрі бар. Әулие бабамыздың басындағы жұпыны құлпытасты ақ мәрмардан тұрғызуды бірінші болып қолға алған осы Бағдат ініміз. Өзі секілді жанашыр азаматтардың көмегімен бабаның атындағы арнайы қор құрды. Соның негізінде күмбез орнатуға қажетті қаражат жиналды. Күмбездің алғашқы құрылысының басы-қасында өзі бірге шапқылап жүрді. Шырақшысының үйін тұрғызды. Аллаға шүкір, жоспарлаған барша игілікті шаруа өз мәресіне жет­ті... 

Сөз түйіні: Ағалар бүгін бабалар аманатына адалдық танытып жүрген ұрпақ жайында қызу әңгіме көрігін жақты. Ондай аптал азаматтар ел ішінде қаншама?! Бүгінгі ел ырысын еселеп, тәуелсіздігіміздің туын тік ұстап жүрген де сол азаматтар емес пе?! Ал мен болсам екі ағаның ұлағатты әңгімелерін қызыға тыңдай отырып, екеуі де «Қазақтың бір азаматы болса, осындай болсын» деуге лайық осы ағалардың өздерін оқырманға таныстырып, атқарған ізгі істері, тыныс-тіршілігі туралы неге жазбасқа деген ойға келдім...

Қызжібек Бәкір,

журналист, жазушы


жыр-толғаулар

«Үркінде, үркін, үркінде,

Өтеді дүние бір күнде.

Тыңдап отыр, шырағым,

Мен саламын бүлкілге!»

Қабан жыра

Жүзжылдықтардың жаңғырығы

жырда жүр...

(Қабан жыраудың жырлары мен айтыстары)

БӘРІҢ-ДАҒЫ ТЫҢДАҢДАР

Сөйлейтін сөз келгенде аузыма,

Елек қойып бола ма ел аузына?!

Болыңдар тіршілікте тату-тәтті,

Бір күні барамыз ғой көр аузына.

Дүниеде ешбір қатер жуымайды,

Әркім ие боп жүрсе өз аузына.

Басына бәле адамның тілден болар,

Сол тілден ұрынады сөз дауына.

Әр адам өз аузына ие болса,

Қызырдың жолығады қорғауына.

Кейбіреу айтар сөзін біле алмайды,

Түседі сол сөзінің торлауына.

Қонбаса кей адамға бақыт құсы,

Құр тілдің бола ма екен зорлауына?!

Адамға әдейілеп ажал жетсе,

Қарамас аттаны мен ойбайына.


Тіл алсаңдар, шырағым

Тіл алсаңдар, шырағым,

Өсек сөзді елеме!

Үйір болғын, шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын,

Дүние қайтып келе ме?

Дүниеге сенім жоқ,

Мінерсіз бір күн кемеге.

Айтар әркім білгенін

Сөз ғып оны немене?

Қағыспай, халқым тек жүрсін,

Онан пайда өне ме?

Өсек-аяң сөз болса,

Жуытпағын дәнеңе.

Әділдің озар адымы,

Адал жан шығар төбеге.

Тентек адам шыға алмас,

Төбе түгіл, сөреге.

Біреуге адам ор қазса,

Өзі түсер өреге.

Не болса соны ілік қып,

Жүгінбеңдер төреге.

Әділетті төре жоқ,

Түсетін шөре-шөреге.

Ақынның елі сондай деп,

Үлгісі жақсы қандай деп,

Болыңдар елге өнеге!


АҚЫНСЫНЫП НЕ КЕРЕК

Ақынсынып не керек?

Болса да ойы бек зерек,

Болмаса сөздің ұйқасы.

Ұқпаса акыл не керек?

Болмаса ойда еш дерек,

Болса да бас пен құйқасы.

Әркімде бір сипат болады,

Ол да бір күн оңады.

Жылтырағанымен жанары,

Айтқан сөзді ұқпаса,

Бір сөзді болып шықпаса,

Білінеді бір қиқасы.

Не ақылға түспесе,

Шашылар бір күн жұрқасы.

Ақылың болса, адамзат,

Тістей көрме арам зат,

Өзіңді - өзің қымташы.

Мейірімді болыңдар,

Ақылға айтқан көніңдер,

Болмағын таудың сымтасы.

Бірдеңе өнер адамның,

Адал жүрген пенденің,

Әрнеге болар ынтасы.

Бірдеңе өнбес адамның,

Түк білмейтін наданның,

Ештеңеге келмес мұршасы.

Құл болмайсың, үйіңе

Қызмет қыл жүгіре.

Ағайын мен аулыңа,

Көмектес те, су тасы.


ЕЛІм - ЖҰРТЫМ, СІЗГЕ АЙТАМ

Елім - жұртым, сізге айтам,

Бірлікті бол, шырақтар.

Бірлікті жерде ризық көп,

Ол адам елге тұрақтар.

Ауызбірлік бар жерде

Жететұғын мұрат бар.

Ауызбірлік жоқ жерде

Қиянат­ты қият бар.

«Ұяттың иман –  қабы» дер,

Имандыда ұят бар.

Көпшілікке жаққан жан,

Басына жаққан шырақ бар.

Фәни тұрмақ, бақида

Мінетұғын пырақ бар.

Ешкімнің хақын жемеңдер,

Артында оның сұрақ бар.

Әділетсіз адамда

Ұяты жоқ қият бар.

Ісі адал адамға

Шығатұғын қырат бар.

Ісі арам адамдар

Қашқақтап, қорқып, жырақтар.

Ақылы жоқ адамдар

Тентектің сөзін қуаттар.

Ақылы бар адамдар

Бал бастаудан суаттар.

Тыңдаңыздар, ағайын,

Жекжат пенен жұраттар.

Түзелер заман кейінде,

Бұл сөзімді бейімде.

Кейінгі қалған ұрпақтар

Заманға жақсы тұрақтар!


ҮРКІНДЕ, ҮРКІН, ҮРКІНДЕ

Үркінде, үркін, үркінде

Өтеді дүние бір күнде.

Тыңдап отыр, шырағым,

Мен саламын бүлкілге.

Жігіт болсаң, майда бол,

Тал жібектей үлпілде.

Барыңа қыл қанағат,

Не береді қу тілге?

Алпыс күн атан болғанша,

Бура боп бір күн зіркілде.

Көзіңді жұм да жауға шап,

Ажалды өлер, іркілме.

Кешегі өткен заманда,

Дін, мұсылман аманда,

Ердің құнын тапқан көп,

Ашуланып бір күнде.


ТАМШЫДАН ТЕҢІЗ МОЛАЙЫП

Тамшыдан теңіз молайып,

Тарыдай тастан зорайып,

Бірігіп, үлкен тау болмақ.

Аз сөзден шатақ молайып,

Бара-бара зорайып,

Ұлғайып түбі дау болмақ.

Асыранды күшігің,

Байқамасаң пішінін,

Тойынған соң, жау болмақ.

Бабын тауып қарасаң,

Бағуға карап жарасаң,

Еккенің бақша, бау болмақ.

Алдын ала қаратсаң,

Денеңе дәрі таратсаң,

Сырқат адам сау болмақ.

Ретін тауып тоқысаң,

Бейіліңді салып отырсаң,

Иірген жібің қолыңда

Балық аулар ау болмақ.


АРҒЫМАҚ ЖАБЫ КӨРІНЕР

Арғымақ жабы көрінер,

Аса шауып, буланса.

Айдын көл батпақ көрінер,

Астына тартып су алса.

Біраз ғана сөйлейін,

Мойын бұрып жақсылар

Бұл сөзімді тыңдаса.

Бәйтерек сояу көрінер,

Жапырағы түсіп қуарса.

Арғымақ сайлап не керек,

Артынан жабы жеткен соң?!

Ағайын - туған не керек,

Аңдысып күні өткен соң?!

Қызыл тілім, сөйлеп қал,

Қызығыңды жер көрер,

Бір төбенің басына

Апарып, тастап кеткен соң.

Мәңкүр-нүңкір жетеді,

Уақтылы күнің біткен соң.

Бұл дүниеден кетесің,

Тірлікте сыйлас, ағайын!


ОЙЛАП ТҰРСАҚ, ЖІГІТтЕР

Ойлап тұрсақ, жігіттер,

Көп қой біздің қатамыз.

Әрбір сөзді көп сөйлеп,

Көп күнәға батамыз.

Әуелі келіп жол ашқан,

Адам екен атамыз,

Қасиетті Хауа – анамыз.

Қаза жетсе, бәріміз

Ақыретке барамыз.

Қаза келсе, кім қалар

Бұл опасыз жалғаннан?

Сеңгіріндей бір таудың

Ежелден басын кім шалған?

Қайғылы болар қай пенде,

Бет алдына құмсарған?

Жарамайды тәтті деп,

Дүниеге діл салған.

Ойлап тұрсаң, жамағат,

Жақының жоқ иманнан.

Данышпан болар кей жігіт,

Көңіліне құдай құйғаннан.

Өлең қылып жаздым мен,

Көңіліме бұлай сыйғаннан.


ӨСИЕТ

Арам пейіл адамдар

Достығыңа тұрмайды.

Ақылы жоқ наданның

Жамандығы қалмайды.

Көр аузына барғанша,

Ақыл айтсаң алмайды.

Жамандықтың белгісі –

Әр нәрсені торлайды.

Ондайлармен дос болған

Ақылды жігіт сорлайды.


КІМ ҚАЛАР?

Ойлаңыздар, жарандар,

Бұл дүниеде кім қалар?

Шұрқырасып мал қалар,

Шуылдасып өлген соң,

Қатын-бала жыласып,

Жетім-жесір ұл қалар,

Ұл қалмаса, қыз қалар.

Моллалардан хат қалар,

Ұсталардан дат қалар.

Опасыз пәни жалғаннан

Өлмей тірі кім қалар?

Бір жаныңыз құдайдың

Құдіретіне – аманат.

Аллаһтың берген нәсібін

Азды-көпті болса да,

Етіңіздер қанағат.

Пенде болсаң құдайға,

Аманатқа, жарандар,

Қылмаңыздар қиянат!


 БАРЛЫ, БАРЛЫ ТАУ

Барлы, барлы, барлы тау,

Басы есеннің дені сау.

Ұйықтамасаң, қабақ – жау,

Жарытып ішпесең, тамақ – жау.

Жыртық үйге, тамшы – жау,

Арық атқа, қамшы – жау.

Бетіңнен алса, қатын – жау,

Кесірлі болса, келін – жау.

Жасынан асып, үйіңде жүрсе,

Өзіңнен туған қызың – жау.

Тіл алмаса, ұлың – жау,

Парықсыз болса, туысың – жау,

Күншіл болса, көршің – жау.

Тебеген болса, биең – жау,

Тартыншақ болса, түйең – жау.

Түйе менен биеңді

Алып кетсе, жиен – жау.

Қасарысқан қатын – жау,

Қашаған болса, атың – жау.

Ұл он беске келгенше –

Қолға ұстаған қобызың.

Ұл он бестен өткен соң,

Тіл алмаса – доңызың.

Қызыңды күйеу алмаса,

Көк шығып, өліп қалмаса,

Көрінгенмен ойнаса,

Бәрінен сол кызың – жау!


АРЫЗ

Қыдырым – Қадырғали,

жалайырлық,

Өзіңнен өткен тұста жол – айырық.

Киеңді киген Төле кие боп жүр,

Саяттың саңлақ бағы құс қайырып.

 

Тіліме сен сиған соң, сиды әлем,

Жәннат та, жәннатсыз да

әлем-жәлем.

Қандағы қастық жаман

бұл жалғанда,

Қашаннан қалмай ерді осы пәлең?

 

Күйіме жер түбінен күй келеді,

Бұл күн бе, одан арғы күн келеді.

Зорға өліп, зобалаңмен өткіземіз,

Ілімді кейінгілік күнде өледі.

 

Алмайды қызырыңды, киеңді де,

Саумайды түйеңді де, биеңді де.

Өгей ғып өксітеді жер анасын,

Аруақты, қасиетіңді, иеңді де.

 

Тілеуді тілеу емес тілеп алып,

Күлмеске күле салып, күле қалып,

Қадірді хан көтермей, қадірлемей,

Қамшыдай босағаға іле салып.

 

Ата мен анадан кем барлық іске,

Қамшыға ұқсап қалар өзі және.

Махаббат майдандасып, құнт болмаған,

Ниеттен түзелмеген деймін және...

 


ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

Өлгенше қор болмайды

Азаматтар ниеті ақ.

Оларға үйір болады

Сарқылмайтын дәулет, бақ.

Өлмейтұғын пенде жоқ,

Жан – аманат, ойлап бақ.

Ырылдаспа тіріңде,

Ырыс алды – ынтымақ!

Ашуды ақыл – қазыққа

Апарып, матап байлаңдар.

Ашуды жеңсе ақылың,

Кесірді тегі ойрандар.

Тату болса ағайын,

Сап алтындай жарқылдар.

Кесапатты кісендеп,

Ақымақты алқымдар.

Аз өмірдің ішінде

Тату бол да тәтті бол.

Араңды бұзар дұшпанға

Аяусыз ащы, қатты бол.

Өтірік, өсек, ұрлыққа

Тыйым салып, берме жол.

Бір арнадан сөз шықса,

Береке – мол, достық – сол.

Арам пейіл адамдар

Достығында тұрмайды.

Араңа кірсе сумаңдап,

Сырыңды шым-шым ұрлайды.

Содан соң алтын тапқандай,

Жария етіп шулайды.

Етпесе бұлай арамза,

Құмары оның қанбайды.

Ақылы жоқ наданның

Жамандық ісі қалмайды.

Көр аузына барғанша

Ақылды айтқан алмайды.

Жамандықтың белгісі –

Әр нәрсені торлайды.

Осындайлармен дос болса,

Ақылды жігіт сорлайды.


АЗЫРАҚ СӨЗ СӨЙЛЕЙІК...

Азырақ сөз сөйлейік ауызға алып,

Тыңдаса жұрттың бәрі құлақ салып.

Опасыз дүниеге көзім жетпей отыр,

Алақтап, айналама қайран қалып.

Тіл – бұлбұл, ақыл – дария, көңіл – жүйрік,

Шығады шешеніңнен сөз талданып.

Құдайым өзі рақым жасамаса,

Жан сақтар ғаріп пенде қайда барып?

Дүниенің опасызын біліп тұрып,

Қылмаймыз Хақ бұйрығын, мойын салып.

Бір күні, ажал жақын жеткен кезде

Мал-пұлың жаныңызды қалмайды алып.

Еркек, әйел, барымызға иман –парыз,

Жаратқан бір Аллаһты есіне алып.

Бір Аллаһ иманыңды нәсіп қылса,

Ішерсің хаузы кәусар суын қанып.

Білмесек иман, ислам үйренелік,

Болады пәс көңілің шамдай жарық.

Нұрынан хақ Расулының пина болып,

Жаралған жер жүзіне барша халық.

Мақлұхаттың кейбіреуі көзге ілінбес,

Қисабы баршасының өзіңе анық.

Қисапсыз құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей,

Аллаһқа жалбарынар, еске алып.

Мақұлық, жан-жануар, шаяны бар,

Болғанда бірі – семіз, біреуі – арық.

Біреуіне біреуін ұқсатпастан,

Тәфуатымен жаратқан Жаббар халық.

Жаралған көп мақлұхат бірдей емес,

Құдайым әрқайсына қылған нарық.

Арасы жақсы - жаман жер мен көктей,

Ақылмен ойлау керек, зейін салып.

Жігіттер, кедей болсаң, қылғын шүкір,

Құдайға ғасы болма, босқа налып.

Ғаламда он сегіз мың жан-жануар

Ажалдан құтыла ма бірі қалып?

Өлімнен қырық жыл бұрын Қорқыт қашқан,

Оны да тыныш қылған, жанын алып.

Ақыры, жалған дүние жолдас емес,

Қылмалық тәкаппарлық көңілге алып.

Бұл дүние сағат тілі, минотындай,

Біз жүрміз бір минотқа ғазапланып.

Дүниеден мың жасасақ, кетер күні

Болмаймыз шәй ішкендей әбден қанып.

Баршаңыз өлмей тұрып ғибадат қыл,

Болғанда тумақ – сүннәт, өлім – анық!


ХАҚ ТАҒАЛА АЛДЫНДА

Хақ тағала алдында,

Адам – пірім қалпымда,

Өтер ме екен ел - нуым,

Пейілі – мол, нар жұртым?!

Тарау-тарау жолдар бар,

Қадау-қадау көлдер бар,

Сазарған сарқын шөлдер бар,

Салтына – берік, айнымас,

Қабырғасы бүтін елдер бар.

Намысқа тұрар ер бар ма,

Ер көтерер бел бар ма?

Қақырата шапса дұшпанға,

Тозбайтын мүттем жең бар ма?

Кенезесі кепкен тақырға

Сіркіреп өтер сел бар ма?

Ел іргесі бекиді,

Әлсізді әлді шекиді.

Халықтың нұры түскенде,

Толайым жұрт түгесіп,

Зәмзәм суын ішкенде

Тұла бойым бекиді.


ТАСЫМА, БАТЫР, ТАСЫМА

Тасыма, батыр, тасыма,

Тасыған жетер басыңа.

Түнере берсең түксиіп,

Кім келеді қасыңа?

Жақсылыққа қуанып,

Қиындық көрсең, жасыма.


 ХАҚ ТАҒАЛА АЛДЫНДА

      (екінші нұсқасы)

Хақ тағала алдында,

Адам – пірім қалпында.

Өтер ме екен ел - нуым,

Пейілі мол, нар жұртым?!

Тарау-тарау жолдар бар,

Қадау-қадау көлдер бар,

Сазарған сарқын шөлдер бар,

Салтыңа берік, айнымас,

Қабырғасы бүтін елдер бар.

Намысқа тұрар ер бар ма,

Ер көтерер бел бар ма?

Қақырата шапса дұшпанға,

Тозбайтын мүттем жең бар ма?

Кенезесі кепкен тақырға

Сіркіреп өтер сел бар ма?

Ел іргесі бекиді,

Әлсізді әлді шекиді.

Халықтың нұры түскенде,

Толайым жұрт түгесіп,

Зәмзәм суын ішкенде,

Тұла да бойым бекиді.

Қайраңға біткен тарлаудың,

Қадірін сонда білерсің.

Қолда өскен құлын тұлпар боп,

Сайланып мығым, мінерсің.

Білем-білем белдерде,

Бірлігі берік елдерде,

Жүріп те берер селдер де,

Иіп те берер шөлдер де.

Амалың жоқ көнбеуге,

Айласыз сонда... кең кеуде!


АЙ, МҰСЫЛМАН, ЖАРАНДАР

 Ай, мұсылмандар, жарандар,

Малыңнан зекет беріңіз.

Барлығын хақтың біліңіз,

Хақ жолымен жүріңіз,

Пәк болады дініңіз.

Бұл дүниенің, жарандар,

Сағатындай болмайды,

Ақыретте күніңіз.

Мұндай кеңдік табылмас,

О дүниеде, қарындас.

Мына кеңдік заманда,

Хақ бұйрығын тұтыңыз.

Құдайдың кешпес парызы –

Бес уақыт намазды,

Баққан қойдай күтіңіз.

Өлімін күтіп Аллаһтың,

Ақырында, жарандар,

Мұратқа сөйтіп жетіңіз!

Ай, мұсылмандар, жарандар,

Сөзіме құлақ салыңыз,

Жақсыдан ғибрат алыңыз.

Харам болар, жарандар,

Зекетсіз жиған малыңыз.

ІІІариғаттан сөз айтқан

Имам тілін алыңыз.

Құдай берген таусылмас,

Өлшеп берген дәміңіз.

Құдіретімен жаратқан

Пенделерін өзі алар,

Бұл сөзіме иланыңыз!


АЛ, ҰСТА БҰЛ СӨЗІМДІ ЖАЛҒАН ЕМЕС

Ал, ұста бұл сөзімді жалған емес,

Бұл дүние имандыға арман емес.

Дүниенің қызығы үшін

мал жинаймыз,

Мал, шіркін, ешкімге еріп

барған емес.

Бұрынғы пайғамбар мен сахабалар

Пайда ғып, ешкім малын

алған емес.

Өтірік, ұрлық, зорлық, мекер, қайла,

Бұл үлгі пайғамбардан қалған емес.

Артынан қу нәпсінің ере берсең,

Қу нәпсі жүгірістен танған емес.

Нәпсіге тоқтау қылған бәндесіне

Тозақтың оты кеулеп, жанған емес.

Қаупі жоқ ахирет­тің ғазабынан,

Жиылып дүние үшін, қылар кеңес.

Қайғысы екі жаһан ойында жоқ,

Көңілінде ойлағаны – құлақтеңес.

Істей бер тіршілікте білгеніңді,

Біреудің қам-қайғысын

біреу жемес.

Ал, енді, талай тағлым

айтып қойған,

Анда-санда ойлаңдар мен байғұсты,

Дүние көшіп кетіп, қайта келмес.


 ЖАТҚА САТПА ӘКЕҢДІ

Жатқа сатпа әкеңді,

Ақылы қашқан кәрі деп.

Ажалдан алып қалмайды,

Апиын ішпе, дәрі деп.

Қолаға берме күмісті,

Алтынға ұқсас сары деп.

Азғырған арам тілге ерме,

Адамның бірдей бәрі деп.

Оқығанды ойлама,

Есі кеткен сорлы деп.

Надандарға қол созба,

Адамның жақсы, зоры деп.

Билікке қарай қол созба,

Жақсы оның бәрі деп.

Сөзіне қарай кісіні ал,

Деме, елдің қоры деп.

Момындарға күш етпе,

Жетеді оған әлім деп.

Ойланбай, бұрын іс етпе,

Өзім білем бәрін деп.

Ағайының көре алмас,

Жат жақсы ғой онан деп.

Шашпа бекер малыңды,

Таусылса, өзім табам деп.

Іркіп ұста барыңды,

Сенбе, елден алам деп.

Айттым мұны сіздерге,

Есте сақтап білсін деп.

Ақылдылар ойланып,

Әрбір сөзін түйсін деп.

Айтпай кет­ті ағалар,

Деп жүрмесін бізге деп.

Өлгеніңше ой – азық,

Өнер, ғылым ізде деп.

Кейбіреулер оңалмай,

Орын тауып, қона алмай,

Көрінгенге тиісіп,

Қор болып жүр, бұл қалай?

Көрдім мұны мен талай,

Не жасайсың, тәйір-ай?


 ШҰҚЫЛАЙ БЕРМЕ СЕН МЕНІ

Шұқылай берме сен мені,

Сөз деген, міне, табылар.

Ғылымын білсең, ғанисың,

Халықтың өзі жалынар.

Сегіз кісілік көтерем,

Сере қарыс жалы бар,

Бір кісілік те әлі жоқ.

От басында отырсақ,

Бес дуандық әлі бар.

Тірі болсаң көрерсің,

Неше түрлі дәмі бар.

Жақсы оқу оқыса,

Жетпіс түрлі дәмі бар.

Көңлің жасып көрген соң,

Қайғыменен қабығар.

Жақсылық қашан болар деп,

Құдайға да зар қылар.

Қимылдарға дәрмен жоқ,

Шығар-шықпас жаны бар.

Күндіз-түні қапаста,

Қолға түскен ақ тұйғын,

Ол да тұғырын сағынар.

Қарақалмақ деген халық бар,

«Жаратқан құдай – осы» деп,

Май салып, отқа табынар.

Қолдан келер дәрмен жоқ,

Қарт бурадай шабынар.

Орыстарға қарасаң,

Бұл да креш тағынар.

Жанат пен тозақ кіліті,

Білім білсең – табылар.

Осылай ғып сөйлеймін,

Айыпқа қоспа, жамағат,

Сыйласу керек дүниеде,

Шыбын жаның – аманат.

Күнәні сөйтіп табамыз,

Бергеніне Алланың

Қылмаймыз деп қанағат.

Дүниәсі көп жан болса,

Садақа қылып жетеді,

Болса егер саламат.


АЛМАС ТАС ТОПЫРАҚТА ЖАТСА да АЛМАС

Алмас тас топырақта

жатса да алмас,

Көрген жан керексіз деп

алмай қалмас.

Аспаннан топырақ, тозаң

жауса-дағы,

Қызығып, ешкім оған

назар салмас.

Қан төгіліп, шабылып,

үріккен шақ,

Бірталай жыл болды ғой

естен қалмас.

Нәсілсіз туған бала

айдасаң да,

Он кісі басын қосқан

жерге бармас.

Саяқтап, оқымастан

надан қалып,

Білгеннің ақымақтықпен

тілін алмас.


БАҚЫТ, ҚАЙДАН КЕЛЕСІҢ?

– Бақыт, қайдан келесің?

– Берекесіз адамнан,

Ата-анасы наданнан,

Үркіп, қашып келемін.

– Бақыт, қайдан келесің?

– Мақтанып көңілін өсірген,

Білгішпін деп есірген,

Есірік ұлдан келемін.

– Бақыт, қайдан келесің?

– Сүйектен сөзін өткізген,

Миына шатақ еккізген,

Кесапат қыздан келемін.

– Бақыт, қайдан келесің?

– Ата-анаға жақпаған,

Өтірік, бәле жаттаған,

Келіннен қашып келемін.

– Бақыт, қайдан келесің?

– Ораза, намаз оқымас,

Аллаһтың атын тоқымас,

Бейнамаздан келемін.

– Бақыт, қайдан келесің?

– Еріне тілін тигізген,

Тозаққа өзін күйгізген,

Бейапар жаннан келемін.

– Бақыт, қайдан келесің?

– Сыйламаған көршісін,

Ұрыспен алған еншісін,

Сұмдардан қашып келемін.


БАҚЫТ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

– Бақыт, қайда барасың?

– Ата-анасын сыйлаған,

Ұйымшылдық ойлаған,

Тату жанға барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Өсірген жақсы баласын,

Сыйлаған ата-анасын,

Көргенді ұлға барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Бал-бұл жанған көрікті,

Ұл мен қызы серікті,

Берекелі үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Еш адамды күндемес,

Өсек отын үрлемес,

Әдепті үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Ұлы, қызы есейген,

Ауызбірлік күшейген,

Келінді үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Шариғат сөзін тыңдаған,

О дүниені ойлаған,

Аллаһты үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Сыйлай білген молланы,

Діннің жолы – қорғаны,

Бісмілләлі үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

Үйінде тұрған Құраны,

Расул Аллаһ – ұраны,

Тәртіпті үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат – тірлігі,

Ұйымшыл елге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Тарауық намаз оқыған,

Көңіліне аят тоқыған,

Ниетті елге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Сәресі, сахар ішетін,

Хақ жолына түсетін,

Сәресі ішуге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Балбыраған бесікте,

Қайыры бар есікте,

Балалы үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Келін мен қызы ибалы,

Ата-анасы сыйлалы,

Сондай үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Туысымен татулы,

Жаман сөз жоқ шатулы

Ынтымақты үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Соғысқа құмар ойы жоқ,

Ұлан асыр тойы көп,

Бейбіт елге барамын!


АТ ЖАҚСЫ АРҒЫМАҚТАЙ ШАБЫС БОЛСА

Ат жақсы, арғымақтай шабыс болса,

Жат жақсы ағайыннан, таныс болса.

Досыңнан дұшпаның көп,

табалайды,

Аяғың бір нәрседен шалыс болса.

Өлген соң, арыстаннан

тышқан артық,

Ақымақ ағайыннан дұшпан артық.

Жолдасың жаныңдағы болса жаман,

Кетеді бір күндерде сені сатып.

Ағайын жаныңдағы жаман болса,

Жалғанда ие алмайсың, ақыл айтып.

Біреуге мал мен басты бірдей берсе,

Сөйлейді әр уақытта асып-сасып.

Дүние опасы жоқ, қарап тұрсам,

Айтамын бұл өлеңді несін таусып?

Ағайын жаныңдағы жаман болса,

Айтамын білгенімше қасып-қасып.

Қаңғырып, кедей байғұс

қайда өлмейді,

Қоң бітпей, борбайыңда

ат желмейді.

Құдайдан ер жігіттер не тілесе,

Құдайым ер жігітке не бермейді?

Жарытып қайбіреуді қойса-дағы,

Қозыдай жетім қалған телмеңдейді.

Біреуге мал мен басты теңдей берсе,

Ешкімді тақымына теңгермейді.

Жігіттің бағы тайып, дәулет кетсе,

Жанына жақын тартып, кел демейді.

Құдайым шын тілесе, ер жігіттер

Қанша күн аш жүрсе де шөлдемейді.


 ЖАҚСЫНЫ ЖАМАНДАЙМЫЗ СЫРТ­ТАН БЕКЕР

Жақсыны жамандаймыз

сырттан бекер,

Жақсы өлсе, берекесі

жұрттың кетер.

Ақымақ асыл нарқын қайдан білсін,

Көп болса қадірі жоқ алуа, шекер?!

Жақсының пайдасы бар

жегенменен,

Пәленше адам түгенше дегенменен.

Ақымақпен ауылдас боп,

бірге қонсаң,

Ішіңді толтырады шеменменен.

Жақсыға жаман адам болар күндес,

Қадірін шын асылдың жаман білмес.

Жаманның жанжалы көп ауылдасқа,

Көңіліңді бір көтеріп, ойнап-күлмес.

Жақсының пайдасы бар

қысылғанда,

Жаманның бойы жетпес ұсынғанда.

Обырға істің артын жібермеңіз,

Болады ынсап деген мұсылманда.

Жақсының жақсы білер салтанатын,

Ғалымның әркім таныр

жазған хатын.

Дауласса екі кісі жеке, дара,

Қыл көпірі қияметтің тұрар даяр.

Табаның тайып кетіп сол көпірден,

Болмаңыз пайғамбарға дүзі қара.

Құдайым сұрақ сұрар кедей, байдан,

Иманды орын алар жақсы жайдан.

Ғылымға патша болып қолың жетсе,

Сонда да күдер үзбе бір құдайдан.

Жігіт­тер, тәкаппарлық ойламаңдар,

Ғазәзіл малғұн болған осындайдан.

ЖАҚСЫ ҚАТЫН ТУРАЛЫ

Жақсы қатын белгісі – күтер байын,

Суын жылытып, қайнатар ерте шәйін.

Бәленше, қатын, қайда, ап кел десе,

Қылады екі айтқызбай, бәрін дайын.

Есікте ер сыйлаған отырмайды,

Ұжмақта Алла қылар, өлсе жайын.

Болады қартайса да қыздан артық,

Жұлдызы жоғары болар күн-күн сайын.

Айыбын жақсы қатын білгізбейді,

Үстіне кірлік киім кигізбейді.

Еңбекпен тапқаныңды бипаздай ғып,

Ерінің бай-жарлысын білгізбейді.

Жақсы қатын аузынан шықпас жаман,

Жақсы қатын болады мұндай адам.

Отын-суын даярлау былай қойып,

Малға қарай жүгірер кешке таман.

Бұндай болса қатының, арманың жоқ,

Есіктегі құлыңдай қара табан.

Жақсы ұрғашы байымен ойнап тұрар

Аруақ пен құдайды ойлап тұрар.

Періштелер аспанда қошемет қып,

Іші күйіп, шайтандар зарлап тұрар.

Жақсы ұрғашы байы ұрса, үні шықпас,

Тал мойнынан бір мысқал  міні шықпас.

Ақылы жоқ қатынға ақыл айтсаң,

Тоқсан тоғыз сөзіңнің бірін ұқпас.

Алады жақсы қатын тіліңізді,

Тату қылар ағайын, ініңізді.

Неше қабат үйіңе дұшпан келсе,

Шығармайды бойыңнан мініңізді.

Ол өзі жұмақтағы хор қызындай,

Мәшәрөппен өткізген күніңізді.

Жақсы қатын жұмақтың ашқышындай,

Кісі кетпес үйіңнен ас пен тұздай.

Жаман болса қатының, құрып қалсын,

Заһар қосқан тамақтың ащысындай.


ЖІГІТ БОЛ, ЖІГІТ БОЛСАҢ, ТАЛ ЖІБЕКТЕЙ

Жігіт бол, жігіт болсаң,

тал жібектей,

Жарамас қатты болу тікенектей.

Білімің ұшан-теңіз болса-дағы,

Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей.

Күнінде кезендінің кездесіп қал,

Бәйгіге ұлы дүбір өткен көктей.

Мысалы, қарекетің сол секілді,

Алмайсың егін орып, тұқым сеппей.

Қайбіреу алтын басын

қор қылып жүр,

Қайбіреу зарығып жүр, қолы жетпей.

Жаманның қолы тисе бір мансапқа,

Шошаңдар жалғыз өзі

ешкімді ертпей.


 ЕР БАЛАЛАРДЫҢ ЕСЕЮІНЕ

Жаратты бізді құдай адам қылып,

Туғанда түк білмейтін надан қылып.

Алты айда еңбектеуге шама келіп,

Талпындық жыл толғанда

қаз-қаз тұрып.

Қаз тұрып, аяқ бастық апыл-тапыл,

Ол шақта жоқ екен-ау ес пен ақыл.

Анадан емшек еміп, түсін танып,

Байқадық мұнан басқа кімді жақын?

Тіл шықты екі жасқа келген кезде,

Қоса алмай, сөзді айттық

басқа-басқа,

Бір аяқ, бір тостаған қолға алып,

Таластық үлкендермен ішер асқа.

Төрт-бесте талап қылдық

асық жинап,

Жүгірдік жалаң аяқ жанды қинап.

Шекісіп, көрінгенмен тас атысып,

Ретке кіре алмадық кісі сыйлап.

ҚЫЗ БАЛАЛАРДЫҢ ЕСЕЮІНЕ

Бір жаста бала болып талпынғаның,

Қалқиып екі жаста қаз тұрғаның.

Келген сон онан асып, үш жасыңа,

Далада белдеу ұстап, шарқ ұрғаның.

Қыз болдың төрт жасыңда

тұлымшақты,

Тақтырдың тұлымыңа

тас моншақты.

Келген соң онан асып, бес жасыңа,

Ойнадың бала қылып қуыршақты.

Келген соң алты жасқа

ұршық алдың,

Жібектен жеті жаста бұл шығардың.

Келген соң онан асып, сегіз жасқа,

Шешеңнің тойға апар деп,

тынышын алдың.

Бұралып, тоғыз жаста тойға бардың,

Қолыңа он жасыңда оймақ алдың.

Келген соң онан асып,

он бір, он екіге,

Бір қулық шешең білмес

ойлап алдың.

Болдың ғой он үш пен он төртіңде

мәністі қыз,

Жігітпен он бесіңде таныстыңыз.

Келген соң онан асып, он алтыға,

Қосылып, жұбайласып,

табыстыңыз.


ЖІГІТтЕР ТУРАЛЫ

Болмасқа жақсы жігіт тырыспайды,

Сүйкімсіз біреулермен ұрыспайды.

Бір басы қайда жүрсе абыройлы,

Әркім-ақ оның сөзін дұрыстайды.

Қас қылар жаман жігіт жақынына,

Бір тоқтау келтіре алмай ғапылына.

Іш тартып, ел-ағайын ақыл айтса,

Көнбейді ағайынның ақылына.

Отырған қасындағы көршілеспен

Ұрсады кіресің деп қатынына.

Кей жігіт орақ орар аузыменен,

Шығысып жүре алмайды

бауырымен.

Бір аяқ астан құр қалған күні,

Болады жатып араз ауылымен.

Мінезі қай жігіт­тің жын қаққандай,

Ақылы қап-қараңғы күн батқандай.

Өздері үлкен жанды сыйламайды,

Бетіңнен ала түсер, ит қапқандай.

Ұрысып ағамен де, жеңгемен де,

Қылады үйдің ішін жау шапқандай.

Шешесі сол жігітті тапқан кезде,

Болды ғой бір данышпан

ұл тапқандай.

Болады кей жігіттің шығымы жоқ,

Біреумен шығысатын пиғылы жоқ.

Өзінен үлкен жанды сыйламайды,

Өзінің құдай сүйер қылығы жоқ.


АЙНАЛАЙЫН, ШЫРАҒЫМ

Айналайын, шырағым,

Маңдайға біткен қыраным,

Көлге біткен құрағым,

Қара жер болды тұрағың.

Маңдайға біткен жұлдызым,

Иіскемей кеткен жалбызым,

Ойнамай кетті-ау балдызың.

Арманда кеттің, жалғызым,

Ажалға өзіңді алдырдым,

Мені тірідей көрге салдырдың,

Азаптың уына қандырдың,

Оң жақта мені қалдырдың,

Жүрегімді талдырдың,

Татырмай дәмін балдырдың.


ЖАҚСЫ АДАМ ЖАЙЫНДА

Жақсының жаннан артық дәрежесі,

Жаманның көңлі – көкте,

жерде – басы.

Арасы жақсы, жаман

жер мен көктей,

Осылай парық болған екі арасы.

Жақсының шарапаты –

жанған шамдай,

Қылады қысылғанда атқан таңдай.

Өлімге ақтық демі жеткенінше,

Өтеді қара басы естен танбай.

Жақсы адам пәреңізге қарамайды,

Бұл пәре шариғатқа жарамайды.

Тең қылып, ғаділетпен ұстап тұрса,

Еліне дұшпан беттеп, бара алмайды.

Ашуын ақыл жеңер, шықпас сыртқа,

Жағады әрбір ісі тәмам жұртқа.

Айыбын ағайынның білдірмейді,

Осындай елге болар жақсы тұтқа.

Болмайды жақсылардың бәрі тегіс,

Ішінде біреу болар пәре жегіш.

Пәленше-түгеншедей

шығын жиғыш,

Қасында біреу болар алып, бергіш.

ЕЛ КӨҢІЛІН КІМ АШАР?

Ел көңілін кім ашар?

Әділетті хан ашар,

Аққан су менен кең қоныс,

Түрленген жасыл шөп ашар,

Ата-тектен сөйленген,

Шежірелі сөз ашар.

Жігіт көңілін кім ашар?

Басқа қонған бақ ашар,

Алма мойын, қиғаш қас,

Жарқылдап күлген жар ашар,

Қызыл гүлдей жайнаған,

Секіріп үйде ойнаған,

Тілі тәтті бала ашар,

Ит жүгіртіп, құс салса,

Жорға менен жүйрікті

Жетектеп мінсе, сол ашар.

Ұл көңілін кім ашар?

Қолындағы еркесі,

Артындағы тірегі,

Пида қылған бір жанын,

Ата менен ана ашар.

Аурудың көңілін кім ашар?

Хал сұраған тең ашар.

Аттың көңілін кім ашар?

Жал құйрығын тараған,

Күніне жеті қараған,

Қадірін білген ер ашар.

Жақсылық пен жамандық,

Тағдырдан бәрі болған соң,

Сабырлық қылған жарасар.

ЖАҚСЫ ҚЫЗ, ЖАҚСЫ ӘЙЕЛ...

Жақсы қыз, жақсы әйел  –

бір гауһар тас,

Өзінің мезгіліне келген соң жас,

Жәннат­тың пісіп тұрған

алмасындай,

Қол жетсе, қандай кісі ләззат алмас.

Шекеде кәмшат бөрік, киген асыл,

Шылдырлап алтын шолпы, иықта шаш.

Көрсеңіз, тоты құстай мүшелері,

Бозбала әзілдескен болмай ма мас?

Сөзіңді жақсы әйелің екі қылмас,

Қабағын шытса ері, көңлі сынбас.

Аузына «сен, мен» деген

сөз кірмейді,

«Сіз, біз» деп сыйласады

құрбы-құрдас.

Жақсының қылған ісі бәрі жақсы,

Киімін кең киеді, қылмай тапшы.

Сөз қылар анда-санда орныменен,

Жігіттер, осы әйелдің мінін тапшы?

Жақсылар, бұл әйелде

мін болмайды,

Орынсыз сөз сөйлеуге тіл болмайды.

Баладай сылап-сипап, еркелетіп,

Ерінің жаға-жеңі кір болмайды.

Әйелде ерін күткен күнә болмас,

Ұжмақтан қылады Алла

бұған жайды.

Еріне жақсы әйел қас қылмайды,

Күткен соң, ердің көңлі тасқындайды.

Көтеріп, өзін-өзі тәрбиелеп,

Төсегін басқа адамға бастырмайды.

Оянып, жатса-тұрса, тәубә қылып,

Нәпсінің ықыласын аштырмайды. 

НЕ ҚЫМБАТ?

Туып, өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат,

Әлпештеген анаң қымбат,

Еркелеген бала қымбат,

Мейірімді әкең қымбат,

Жақсы дос, жарың қымбат,

Бәрінен де ұят пен арың қымбат!


НЕ ҚИЫН?

Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын,

Шымшымалы сөз қиын,

Жазылмаса, дерт қиын,

Іске аспаса, серт қиын,

Ақылынан адасып,

Өзенге түскен ер қиын,

Қайтарылмай қалса,

Жауға кеткен жер қиын!

НЕ ОРТАҚ?

Ұлы тау мен қар ортақ,

Жалғыз туған балаға

Әке мен шеше ортақ,

Әуе менен бұлт ортақ,

Ай менен Күн ортақ,

Бақа менен көл ортақ,

Өткел менен жол ортақ,

Теңіз бенен су ортақ,

Түтін менен бу ортақ,

Ойнап жүрген балаға,

Неше түрлі бәле ортақ,

Босаға менен күң ортақ,

Рәсүл мен нұр ортақ,

Аспан менен жер ортақ,

Өтірік пен шын ортақ,

Жақсылық пен жаманшылық

Адамдарға бұл да ортақ!


НЕ ЖАМАН?

Біріншіден не жаман?

Құр бекерге долданып,

Ашуланшақ болса, сол жаман.

Екіншіден не жаман?

Көрінгенге жалпаңдап,

Жағымпаз болса, сол жаман.

Үшіншіден не жаман?

Ағайынды өсектеп,

Сүйреңдеп жүрсе, сол жаман.

Төртіншіден не жаман?

Жауға берме сырыңды,

Беріп қойса, сол жаман.

Бесіншіден не жаман?

Ел үмітін ақтамай,

Тиянақсыз болса, сол жаман.

Алтыншыдан не жаман?

Ер атағын ел сақтайды,

Елі сыйламаса, сол жаман.


 НЕ ЖЕТІМ?

Бүл дүниеде не жетім?

Санай берсең, көп жетім.

Үйрек, қазы болмаса,

Айдын шалқар көл жетім.

Елі қаптап қонбаса,

Бетегелі бел жетім.

Ұлығы әділ болмаса,

Болады байтақ ел жетім.

Өз ақылы болмаса,

Айтқан тілге көнбесе,

Ұқпасқа айтқан сөз жетім.

Замандасы болмаса,

Жастың қалса ішінде,

Кәрия болар сол жетім.

Жаман болса алғаның,

Қатарыңнан қалғаның,

Алып тұрса бетіңнен,

Өмірі болар ер жетім.

Көргені бар қыпша бел,

Жаманға барған – сол жетім.

НЕШЕ ЖҰП БАР?

Бірінші – бір құдай мен дін жұпты.

Екінші – туған ай мен күн жұпты.

Үшінші – ерлі-зайыпты адам жұпты.

Төртінші – қара күң мен құл жұпты.

Бесінші – артқан жүк пен нар жұпты.

Алтыншы – жаққан от пен ас жұпты.

Жетінші – жаңбыр мен сел жұпты.

Сегізінші – аспан мен жер жұпты.

Тоғызыншы – таң мен түн жұпты.

Оныншы – дию мен жын жұпты.

Он бірінші – жақсы мен жаман жұпты.

Он екінші – төбе мен ой жұпты.

Он үшінші – қасқыр мен қой жұпты.

Он төртінші – өлі мен тірі жұпты.

Он бесінші – бақа мен көл жұпты.

Он алтыншы – алыс пен жақын жұпты.

Он жетінші – жырау мен ақын жұпты.

Он сегізінші – ерлер мен ел жұпты.


КІМ АЙТАР?

Күңіреніп өткен күндерді,

Түнеріп өткен түндерді

Түнек емес деп кім айтар?

Сый қылмасаң халқыңа,

Келе алмасаң қалпыңа,

Түсе алмасаң салтыңа,

Жүре берсең салпылдап,

Төрт құбыласы тең екен

Дегенді саған кім айтар?

Желмаямен жортпасаң,

Жампоз жүгін артпасаң,

Адырнадай ширығып,

Серпіле бір тартпасаң,

Елдің де сыйы түзелмес,

Ердің де сыры түзелмес.

Көш, көш елім, көш елім,

Көше де жүріп түзелдім,

Көше де жүріп күзелдім.

Көшуде туған нәресте,

Қалды ғой есте әр нәсте.

Салмағын елдің көтеріп,

Демікпей алға кетер нық,

Ширығып белге жетер нық.


 БІЛЕРСІҢ

Ата-ананың қадірін

Балалы болғанда білерсің.

Ағайынның қадірін

Жалалы болғанда білерсің.

Балалықтың қадірін

Саналы болғанда білерсің.

Асыл менен жасықты

Бағалы болғанда білерсің.

Бостандықтың қадірін

Жабылғанда білерсің.

Қалтаңдағы ақшаңды

Қағылғанда білерсің.

Денсаулықтың қадірін

Ауырғанда білерсің.

Ақ бетіңнің қадірін

Қан кеткенде білерсің.

Ақ білектің қадірін

Әл кеткенде білерсің.

Жиырма бестің қадірін

Жас кеткенде білерсің.

Қара көздің қадірін

Нұр кеткенде білерсің.

Татулықтың қадірін

Дос кеткенде білерсің.

Жақсы әйелдің қадірін

Өлгенінде білерсің.

Жақсы туыс қадірін

Көмгенінде білерсің.

Аяқ-қолдың қадірін

Ақсағанда білерсің.

Отыз тістің қадірін

Қақсағанда білерсің.

Қызыл тілдің қадірін

Тоқтағанда білерсің.

Білгеніңді сөйлеп қал,

Білгендерден ғибрат ал!

АЗҒЫРҒАН АРАМ ТІЛГЕ ЕРМЕ

Азғырған арам тілге ерме,

Адамның бірдей бәрі деп.

Момындарға күш етпе,

Жетеді оған әлім деп.

Ойланбай бұрын іс етпе,

Өзім білем бәрін деп.

Шашпа бекер малыңды,

Таусылса, өзім табам деп...

ЖАМАН БОЛСА

Атың жаман болса,

Жолда қаларсың.

Жолдасың жаман болса,

Жауда қаларсың.

Қартайғанда әділетсіз болсаң,

Тозаққа барарсың,

Ал, әділетті болсаң,

Жұмақтан орын аларсың.

КІМ ЖАҚЫН?

Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, апайың жақын.

Бауырмал болса, інің жақын,

Ибадатты болса, келін жақын.

Алдыңа тартқан піскен ас,

Артыңнан ерген қарындас.

Сүйеуші болса, нағашың жақын.

Өз ұрпағың – немерең жақын,

Сүт иісті шөберең жақын.

Жан серігің – жолдасың жақын.


КИІК ҚАЙДА ОЙНАЙДЫ

Киік қайда ойнайды,

Тауда тарғын болмаса?!

Балық қайда ойнайды,

Балдырлы су болмаса?!

Бұлғын қайда ойнайды,

Буалдыр саз болмаса?!

Жер ойпаңы білінбес,

Ебін тауып үй тіксе.

Ел ойпаңы білінбес,

Еліне сай ұл келсе.

Шапағаты жанатын

Жағалай биік ну келсе...

Аларда ажал адамды...

 

Аларда ажал адамды жаңылдырар,

Өмірді қу ажалға бағындырар.

Өмірден ажал үстем болар сонда,

Адамды елпектетіп табындырар.

Біраз күн дүниеге қызықтырып,

Үлде мен бүлдеге орап,

малындырар.

Құрметтеп дүние, шіркін,

айналдырып,

Мойныңа гауһар, лағыл

тағындырар.

Көтеріп көңілінді, көтермелеп,

Әр неге соқтықтырып, қағындырар.

Кей жанның мәртебесін биік етіп,

Астына тақ, басына тәж

салындырар.

Дүниеге қолы жетіп тұрғаннан соң,

Осыған мәз болады жағымдылар.

Өзі биік болған соң, кімге зәру?!

Түк білмейтін боп шығар

ұғымдылар.

Бәрінен де сол артық, сертте тұрса,

Ақ пейіл, сөзге берік тұлымдылар.

Болады кімге теріс, ойласаңыз,

Халыққа кайырымды,

жұғымдылар?!

Адамнан алады да, береді де,

Қайырлы, колы ашық

шығымдылар.

Ойлайды абыройын алдыменен,

Ақылды төмен етпей, тұлымдылар.

Сүйкімді халайыққа көрінеді

Ботасы, қозысы бар, құлындылар.

Қашан болса, халыққа сүйкімі бар,

Ақ сөзді, ләззатты шырындылар.

Адамның адал ісін арам етер,

Ұялмас, ардан кеткен зұлымдылар.

Кей адам көзге былай,

сыртқа былай,

Жоқ емес іш ақтарар жырындылар.

«Адам аласы – ішінде,

мал аласы – сыртында»,

Деп айтады көнекөз бұрынғылар.

Адамды алдап жүріп,

дүние, шіркін,

Бір күні қара жерге алындырар.

Аспанды қолмен тіреп тұрсаңдағы,

Түбінде, бұл дүние опындырар.

Патша бол, мейлің, бай бол,

мейлің, мықты,

Құтылмас бұл ажалдан қарулылар.

Пысықтық, ептіліктен

жан қалмайды,

Құтылмас күшке сенген

қарымдылар.

Кей адам кейбіреуді көтермелер,

Деп айтар, білімділер,

шалымдылар.

Ол мақтауы, ойласаң, оған зиян,

Сорлыны құр мақтауға салындырар.

Бір күні сол мақтауы жетер түпке,

Ұрынып, көрінгенге жанын қияр.

Адамды алдап жүріп, арбап жүріп,

Ақыры, топырақ көрпе

жамылдырар.

Үй іші, малы, мүлкі арт­та қалып,

Ойлантып, соның бәрін

сағындырар.

Қайтесіз, амал нешік,

айлаң бар ма,

Көріңді қара түнек тарылдырар?!

Үй ішің егіз болсын,

туыс болсын,

Өлген соң бағаң болмас,

көрге тығар.

Мал болсын, адам болсын,

жәндік болсын,

Өлімге тегі болмас ешкім құмар.

Жандының ажал, шіркін,

бәріне қас,

Құтылып, қалар болса,

әркім бұғар.

Қорқыт та Желмаямен

құтылмаған

Тыңдаған, ақылы бар

бұл сөзді ұғар.

Басынан жаны бардың бәрі көнген,

Ажалдың айбарына кімдер шыдар?!

Ажалдан құтылатын адам бар ма,

Алысып, арпалысып, бәрін жығар?!

Несін созып айтайын осы сөзді,

Қайран, халқым, жалған

сөз емес шығар?!

ӘДІЛ ТӨРЕГЕ ТАЛАП ҚОЮ...

Міне, міне, енді келдің жөніңе,

Шықтың байтақ

шың-белесті өріңе,

Сары алтынды ер-тұрман,

сапқа тұрсам жарқырап,

Сүлік қара арғымақ

аспан тіреп, арқырап,

Шыңғыс қаған бас қойса –

ақ найзам жауды тіреген,

Қанішерін інінде

қорылдатып ірегем.

Марал отты арша тау

ата қоныс болған-ды,

Бақыт-ырыс басыма

ақ құс болып қонған-ды.

Тарақ таңба толықсып,

ер бабамды түрлентіп,

ЖаҺан кешкен Шыңғыс хан

келешекті шолған-ды.

Суарылған көк темір

құрышқа қалай айналды,

Жалайырдан серпін ап,

Бақтиярлап сайланды!

Әмірші болсаң – әділ бол,

әлі де талай айтармын,

Тарақ таңбамды жұртыма,

қайтарғын төрем,

қайтарғын!

ХАЛЫҚПЫЗ  – БІЗ, ҚИЫНБЫЗ

Халықпыз – біз, қиынбыз,

Жеке-жеке жететін,

Ызға тастап кететін

Жан байлығын, сыйын – біз.

Артық айтсам, күлмеңіз,

Құнтсыз шыққан кемеміз

Адасатын жиі біз.

Үйден-үйге жететін,

Демде тарқап кететін,

Үйірілген құйынбыз.

Өткел тапқыш төтеден,

Даурығатын өте кең,

Ру жиған жиынбыз.

Шымбайында ері тар,

Арқалы боп көрінер,

Оза алмайтын митыңбыз.

Тектік пенен тексіздік,

Ептік пенен епсіздік

Тең түсетін үйің – біз.

Қылып алған қанағат,

Ескіргенше жаңа зат,

Ақыл-есті бұйымбыз.

Жанат қиял жалдаған,

Мұздап өліп қалмаған,

Талайы – тас түйінбіз.

Қасиет қып жандыққа,

Қанықтыра алдық па

Дін-мұсылман иіп біз?

Тусырап бір тойғанға,

Шеттедік ну ойдан да,

Жағасы кір киімбіз.

Шексіздік боп көрінген,

Бізден өтпес ерінген,

Емес едік бұрын біз.

Жасыл едік-ау манарлы,

Асыл едік-ау жанарлы

Бүгінгіден бұрын біз.

Жете болып жететін,

Парық болып өтетін,

Қолы қалың ұйымбыз.

Құнт келмесе, өтеміз,

Құр күпініп, шын білмей,

Жер - әлемнің сыйын біз,

Халықпыз – біз, қиынбыз.


ХАЛЫҚПЫЗ  – БІЗ, ҚИЫНБЫЗ

(екінші нұсқасы)

Халықпыз – біз, қиынбыз,

Жеке-жеке жететін,

Ызға тастап кететін

Жан байлығын, сыйын біз.

Артық айтсам, келмеңіз,

Құнтсыз шыққан кемеміз,

Адасатын жиі – біз.

Үйден-үйге жететін,

Демде тарқап кететін,

Үйірілген құйынбыз.

Өткел тапқыш төтеден,

Даурығатын өте кең,

Ру жиған жиынбыз.

Шымбайында ері тар,

Арқалы боп көрінер,

Оза алмайтын миыңбыз.

Тектік пенен тексіздік,

Ептік пенен епсіздік,

Тең түсетін үйіңбіз.

Қалып алған қанағат,

Ескіргенше, жаңа – жат,

Ақыл, есті бұйымбыз.

Жанат қиял жалдаған,

Мұздап өліп қалмаған,

Талайы – тастүйін, біз.

Қасиет қып жандыққа,

Қанықтыра алдық па,

Дін-мұсылман иін біз?!

Тусырап бір тойғанда,

Шеттедік ну, ойдан да,

Жағасы кір киімбіз.

Шексіздік боп көрінген,

Бізден өтпес ерінген,

Емес едік бұрын біз.

Жасыл едік-ау манарлы,

Бүгінгіден бұрын біз.

Жете болып жететін,

Парық болып өтетін,

Қолы – қалың ұйымбыз.

Құнт келмесе өтеміз,

Құр күпініп, шын білмей,

Жер - әлемнің сыйын біз,

Халықпыз – біз, қиынбыз!

КЕТЕСІҢ ОҚЫМАСАҢ  ЖОЛДАН ТАЙЫП

Намаздан басталады біраз бәйіт,

Кетесің, оқымасаң, жолдан тайып.

Құдайға құлшылық қыл тіршілікте,

Сақтайсың ғаріп жанды

қайда апарып?

 

Кей адам оқымаса ораза, намаз,

Күтпесе бес намазды қысы мен жаз.

Достасып шайтанменен

бұл адамдар,

Мұхаммед пайғамбармен

болар араз.

 

Ойға алып Мұхаммедті тегі жүрмес,

Шайтанға болып жолдас,

болады үйлес.

Ораза, намаз оқымай,

жалған сөйлеп,

Алла мен Мұхаммедтің

жүзін көрмес.

 

Дегенім Алла жолы – ерте намаз,

Тәубеден жаңылмаңыз

қыс пенен жаз.

Оқысаң күн шығарып ол намазды,

ІІенденің күнәлі боп, ісі оңалмас.

 

Дегенім – сүннет,

зікір, бесін екен,

Бес намаз – мұсылманға несіп екен.

Намазды бес уақыт оқымасаң,

Жаныңа бір шыбындай кесір екен.

Екінші намазымыз болар ғасыр,

Көрсеңіз, мұсылманның

ғайыбын жасыр.

Біреудің ғайыбын көріп, елге айтсаң,

Күнә жоқ үлкен одан басып асар.

 

Ораза, намаз үшін жанды қина,

Қанды қинап барғанда, жанды сыйла.

Пайғамбар ғадысында айтты емес пе,

Ғаламды ғалайсалам-ал-ғибрат,

әш-мінә зайна.

 

Дейді айтар намаз деген –

намаздыгер.

Құдая, әр пенденің тілеуін бер.

Қылмысың ол дүниеге

жағып барсаң,

Құдай – құлым, Мұхаммед –

үмбетім дер.

 

Біреуі бес намаздың болады ақшам,

Жарандар, қор болмайсың,

дінді бақсаң.

Иманың дәулетіңмен бірдей кетер,

Төсекте күн шыққанша

ұйықтап жатсаң.

 

Білгенім, алма ғырып намазшамды.

Жарандар, үйренбеңіз жаман заңды.

Құданың құлшылығын

қылып өтсең,

Құрмет­тер ақыретте шыбын жанды.

 

Құтпан мен онан соңғы үтіріп уәжіп,

Жарандар, қор болмаңыз

азып-тозып.

 

Жамағат, тіршілікте иман ізде,

Иманды ақыретте кетеді озып.

 

Біліңдер, машұрыпта Сыдық, Садық,

Кұлшылығын қылмасаң

болар жазық.

Жамағат, тіршілікте оқы намаз,

Пайғамбар – ақыретте алтын қазық.

 

Біреуі бес намаздың құтпан – парыз,

Мойныңа, оқымасаң, болар қарыз.

Құдайдың құлшылығын

қылмай кетсең,

Жетпейді пайғамбарға айтқан арыз.

 

Тілеме михнат тартып берер иман,

Белгісі имандықтың – нәпсің тиған.

Намаз оқымай, кей адам иман сұрар,

Бос жатқан иман қайда құдай ұрған?

 

...Құдайдың пенде көнер

жарлығына,

Жамағат, өлмей тұрып ғибадат қыл,

Малыңның мақтанбағын

барлығына.

 

Бай да өтер, батыр да өтер,

кедей де өтер,

Түбіне бұл дүниенің өлім жетер.

Сансыз қой, сансыз жылқы айдасаң да,

Қаратпай, бәрін тастап, алып кетер.

 

Құдайым кейбіреуді бар қылыпты,

Дүниеде кейбіреуді зар қылыпты.

Біреуді бай, біреуді кедей қылып,

Дүниеден сөйтіп жүріп алдырыпты.

 

Билері бұл заманның –

алман-жалман,

Жақсылар бес тиынға көзін салған.

Бір бай мен бір кедей даулы болса,

Аямас шыбын жанын малы бардан.

 

Жарандар, біреуің – бай,

біреуің – бек,

Бәріңнің мойыныңда

шайтаның – көп.

Момынның зар жылатып,

малын жесең,

Жүресің ақыретте уайым жеп.

 

Жарандар, еш білмейсің өлеріңді,

Айдайсың қарам іске өнеріңді.

Момынның зар жылатып,

малын жесең,

Білмейсің иманыңнан төлеріңді.

 

Бірің жарлы, қарасаң, біреуің бай,

Дау көп болған ел жүрмейді жай.

Ақты қара қылады зәлім билер,

Қойнына тыға салсаң бір қағаз шәй.

 

Қорықсаң ақыреттен, жеме пара,

Екеу жоқ ақырет­те, жүрер дара.

Дүниенің қызығына алданам деп,

Болмаңдар ақыретте жүзі қара.

 

Әділетті жақсылар пәре алмайды,

Кісіге пәре берген көз салмайды.

Алдына зәлім бидің бара қалсаң,

Қалтаңа қол бара ма, соны аңдайды.

 

...Билері бұрынғының

пәре алмайды,

 

Зәлім биге кей адам арыз қылса,

Пара алмаса орнынан қозғалмайды.

 

Малы көп бай жылайды

қар жауғанда.

Иман күтпес, ниеті малға ауғанда.

Бір құдайдан қорықпасаң

жаның үшін,

Күптен қияр нәрсе жоқ

бұл жалғанда.

 

Шайтан айтар байларға,

бұл мал аз деп,

Малыңды күт, иманнан күдер үз деп.

Бір байдың бір қозысы ембей қалса,

Берекесі бұл малдың кетеді деп.

 

Катынына айтады, не білесің?

Мезгілсіз ауыл үйге сүт бересің,

Ішпесе іші құрсын, тіпті берме,

Кәдірлеп ол немені не қыласың?

 

Мұқарбан пендесіне хақ тағала,

Жеті қат көк, жеті қат жер жаратты,

Жарыс қала, сабыға самауаттың

ең үстінде

Әзәзіл иман болған барша жанға.

 

Тәкаппарлық ісінен шайтан болған,

Көңіліне асылық келіп қонған.

Барлығы емес, кей адам сол секілді,

Тәубе етпей, есіріп, көңілі толған.

 

Әрқашан білгенімді салдым хатқа,

Сөйлейін шариғатты айтып жатқа.

Құдайдың құлшылығын

қылған пенде,

Барады пырақ мініп ғарасатқа.

 

Лә-илә-рақыма –   «төмен рахметолла», -

деген сөзі,

Алланың пендесіне айтқан сөзі.

Құдайдың өз достының үмбетіміз,

Түссе екен хақ расулдың нұрлы көзі

Қырғыз, қазақ бауырым

Қырғыз, қазақ бауырым –

Айналған алтын қазығым.

Арқалансам – туымсың,

Араласам – нуымсың.

Азға өкпелеп,

елден  күдер үзбейік.

Арамызға әзәзіл кеп  кірмесін.

Құт-береке, бірлікті

Ортамыздан, от басынан  іздейік!

Болатұғын бозбала

Болатұғын бозбала –

Сөзі жұмсақ жібектей.

Әркімге тиер пайдасы,

Сары мойын үлектей.

Болмайтұғын жамандар

Олақтар шапқан күректей.

От басында гуілдер,

Көтеу тамыр білектей.

Өтірікті заулатар,

Құдайдан қорқып шым етпей.

ҚАЙТЕМІЗ, ӨТЕ БЕРМЕК ЖАЛҒАН ДҮНИЕ

Қайтеміз, өте бермек жалған дүние,

Қайғыға әр пендені салған дүние.

Кемтар біреу – бастан,

біреу – малдан,

Опасыз бастан-аяқ арман – дүние.

Болмайды михнатсыз рақаты,

Жаманды қыл аяғы арзан дүние.

Нәпсі, шайтан екеуі – азғырушы,

Қайдағы жаман іске,

жәрдем – дүние.

Сүйгеніңнен айырып, зар қақсатып,

Басыңа қайғы, қасірет салған дүние.

Жас адамды картайтып,

кемпір, шал ғып,

Бойынан күш-қуатын алған дүние.

Жанжал, дауды бақтырып,

жалаңдатып,

Кетірдің ұят пенен ардан, дүние.

Жиғанмен топырлатып,

түк пайда жоқ,

Ақыры, көрінбейді пайдаң, дүние.

ҚҰДАЛАРҒА

Құдаң жаман болса,

арманың ішіңде кетеді,

Қызың жаман болса,

жеті атаңның түбіне жетеді.

Келінің жаман болса,

өсек сөзден қашқақтап,

Сабыр менен жігерің

дәл түбіңе жетеді. 

ҚОЯНКӨЗ ҚҰДАЛАРҒА ҚОЛ АСҚАНДА

Бала білмей қонаққа қол асыпты,

Қол асса да қой етін мол асыпты.

Саннан бұрын өмірге келеді қол,

Соны біліп ертеңге жол ашыпты.

 ӘДІЛ ТӨРЕГЕ

Қас болды қарындасым, Әділ, маған,

Қас болмаған қарындас табылмаған.

Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,

Ақыл сұрай келіп тұрмын әдейі саған.

ӘДІЛ ТӨРЕГЕ САУАЛ

Ақын аға, дейсің-ау, ақын аға,

Кір жуытпай келген ем атыма да,

Бұлт қонбаған білсеңіз, басыма да.

Тарақ таңбам сендерде қалып қойды,

Бұл төрелер біздерді басына ма?

БАРЫМТАШЫНЫҢ ҚҰНЫНА ҚАТЫСТЫ ҚАБАН ЖЫРАУДЫҢ ЖАУАБЫ

Ұрыға құн жоқ,

Ұрыға құн болса,

Момынға күн жоқ.

Өзі ізденіп келіп, өлгенге,

Маған салсаң, дым жоқ!

ЖЕКЕ ЖОЛДАР МЕН КЕЛТЕ ШУМАҚТАР

Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,

Ел жиылып, етекті жау басқан жерде.

Жаманды жақыным деп ес санама,

Көңілі күнде оның өр мен төрде.

* * *

Сыр шашпас жақсы жолдас таза жүріп,

Қайғыңа ортақ болар мойнын бұрып.

Тастамас жау қолына ешқашан да,

Өзіңмен жанған отқа бірге кіріп

* * *

Бір пайдасы тиеді сасқан жерде,

Ел жеңіліп, етекті жау басқан жерде.

Жаманға жазатайым ісің түссе,

Коңілі күнде оның өр мен төрде.

* * *

Қүдай-ау, тоубақылдымбергеніңе,

Артық деп арман қылма ілгеріге.

Алланың бергеніне қанағатсыз,

Ертеде өтіп кеткен бір пері де.

* * *

Бай жақсы, батырдан да, шешеннен де,

Елін жейді, қуқыл жігіт төселгенде.

Аз болып ағайыннан көрсең қорлық,

Сол жаман ыңқылдаған кеселден де.

* * *

Өлеңді ағызайын, тәуба, құдай,

Өзендегі ел болмайды таудағыдай.

Денсаулықтың қадірін ешкім білмес,

Ауырса, кім жүреді саудағыдай?

* * *

Басында керегенің оймақ тұрар,

Кедейшілік жігітке қой бақтырар.

Жігіттің алған жары жақсы болса,

Білдірмей кедейлікті, ойнап тұрар.

* * *

Әр істі ойлау керек әуел бастан,

Опық жеп жүрген жан көп, аңламастан.

Біреумен селбесейін деп ойласаң,

Өзіңді жұтып қояр шайнамастан.

* * *

Өлеңім, біртін-біртін кел аузыма,

Бар ма екен елек қойған ел аузына?

Керуен бізден бұрын талай өткен,

Біз-дағы келіп тұрмыз жол аузына.

* * *

Лә иләһә, ил-Аллаһ, кел аузыма,

Кембағалдың жетпейді қолы аузына.

Бізден басқа керуен көшіп кетті,

Мен де күтіп отырмын жол аузында.

* * *

Жігітті шешенсінген дауда сына,

Мақтаған қырандарды ауда сына.

Әркім-ақ тамақ тоқта үйде – батыр,

Батырсынған жігітті жауда сына.

* * *

Шірімес алтын жерде

жатқанменен,

Оқ тимес ажалсызға, атқанменен.

Жаманға сөз, жалқауға таяқ өтпес,

Астарлап, қаншамалап

айтқанменен.

* * *

Атадан асыл тусақ та,

Ата жолын қусақ та,

Кейінгі ұрпақ келбетін

Көрер ме едік бір саққа?!

* * *

Соның реті келгендей,

Тұлпарым сар желгендей,

Қара үзіп шыққан Қабанмын,

Қалай да қалам тебіренбей?!

* * *

Жер ойпаңы білінбес,

Ебін тауып үй тіксе.

Ел ойпаңы білінбес,

Еліне сай ұл туса!

* * *

Бірлік тербеп бесікті,

Жауға ашпай есікті,

Қазақ елі көктесін,

Шыңға шығып кесікті.

* * *

А, құдайым оңдасын,

Оңдағанның белгісі –

Күн нұрындай арайлап,

Бақ пен дәулет орнасын!

* * *

Ақсұңқар – күш алыбың,

Аршынды болсын алымың.

Алтын ерлі ақ боз ат,

Астыңызда арысын!

* * *

Абырой бер, аман сақта,

Оттан, судан сақта.

Қыдыр қолдасын,

Бақыт заман орнасын!

* * *

Өркенді болыңдар,

Өмірлі болыңдар.

Әрқашан да осындай

Тойлы да, ойлы болыңдар!

* * *

Әр адам өз аузына ие болса,

Қызырдың жолығады

қорғауына.

* * *

Тіршілікте сыйласқын,

Дүние қайтып келе ме?

* * *

Ауызбірлік бар жерде

Жететұғын мұрат бар.

* * *

Ешкімнің қақын жемеңдер,

Артында оның сұрақ бар.

* * *

Кейінгі қалған ұрпақтар,

Заманға жақсы тұрақтар!

* * *

Тамшыдан теңіз молайып,

Тарыдай тастан зорайып,

Бірігіп, үлкен тау болмақ.

* * *

Мейірімді болыңдар,

Ақылға айтқан қоныңдар.

* * *

Ойлап тұрсаң, жамағат,

Жақының жоқ иманнан.

* * *

Жігіт болсаң майда бол,

Тал жібектей үлпілде.

* * *

Тіл – бұлбұл,

Ақыл – дария,

Көңіл – жүйрік.

* * *

Харам болар, жарандар,

Зекетсіз жиған малыңыз.

* * *

Аманатқа, жараңдар,

Қылмаңыздар қиянат!

* * *

Ырылдаспа тіріңде,

Ырыс алды – ынтымақ.

* * *

Тату болса ағайын,

Саф алтындай жарқылдар.

* * *

Аз өмірдің ішінде,

Тату бол да, тәтті бол.

* * *

Бір анадан сөз шықса,

Береке – мол, достық – сол.

* * *

Дұшпанға намыс бермеген,

Бақ пен дәулет кернеген.

* * *

Жақсылық туса – қуанып,

Қиындық көрсең – жасыма.

* * *

Имандыда ұят бар,

Басына жаққан шырақ бар.

* * *

Тіл алмаса, ұлың – жау.

Парықсыз болса, туыс – жау.

* * *

Өлген соң, арыстаннан тышқан артық,

Ақымақ ағайыннан дұшпан артық.

* * *

Елі қаптап қонбаса,

Бетегелі бел жетім.

* * *

Жақсының жаннан артық дәрежесі,

Жаманның көңілі  – көкте, жерде  – басы.

* * *

Туып, өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат.

* * *

Жер ойпаңы білінбес,

Ебін тауып, үй тіксе.

Ел ойпаңы білінбес,

Еліне сай ұл келсе.

* * *

Татулықтың қадірін

Дос кеткенде білерсің.

* * *

Балаң жаман болып өссе,

Басыңның қадірі болмас.

* * *

Бай жақсы батырдан да,

шешеннен де,

Ел кезер қуқыл жігіт

төселгенде.

Аз болып ағайыннан

көрген қорлық –

Сол жаман ыңқылдаған

кеселден де.

ҚАРЫН

(қисса)

Айтайын, тыңдасаңыз

жақсы кептен,

Көп адам бізден бұрын өтіп кеткен.

Дін мұсылман адамның

падишасы  –

Мұхаммед пайғамбар мен

төрт шариар өткен.

Ер Ғали жаһан кезген дүлдүлімен,

Жаһанға жаман аты білінбеген,

Кәпірді қисапсыз көп қырып өткен,

Көзіне шыбын құрлы көрінбеген.

Жаһан кезіп жүруден ерінбеген,

Иә, Мұхаммед бабамыз  –

пірім деген,

Ер Ғали қаһарланып, ақырса егер,

Дария тасып, қара жер дірілдеген.

Көп жардамдық сұраған

Мұхаммедтен,

Жарандар, ғибарат ал жақсы кептен.

Өлмеймін деп дүниеде қалма қапыл,

Құдайдың сүйген құлы

солар да өткен.

Жарандар, бұл сөзіме құлағың сал,

Аузымнан шыққан сөзім  –

шекер мен бал.

Өзім білген кітаптан оқып, білдім,

Жарандар, һарам дейді зекетсіз мал.

Илаһи құдреті көп пәруәрдігер,

Құдайға жақсы пенде құлдық қылар.

Малыңнан қайыр,

зекет бермей өтсең,

Ақыретте қарныңнан тас шығарар.

Сөзіме құлағың салғын алуандас,

Кей адам дәулетіне болады мас.

Біреудің ұрлап алып, малын жесең,

Қарныңнан таңда мақшар

шығарар тас.

Бар екен бір бай адам, аты  – Қарын,

Қисабын айтып болмас оның малын.

Малынан қайыр-зекет бермей өткен,

Құдайдың құдіретіне болған мағлұм.

Бар екен бір пайғамбар Мұса деген,

Ол тақсыр сөз сөйлейді қысаменен.

Қарын байға зекетті бергізгін деп,

Мұсаға бір Алладан әмір келген.

Қарынның малы артық тәмам елден.

Қарынға барып қонақ болайын деп,

Бір күні Мұса тақсыр жетіп келген.

Үйіне қонақ болып отырды енді,

Қарынға сансыз малды құдай берді.

Мал союға қимастан мысық сойып,

Қазанға ас пісіріп әкелді енді.

Алдына табақпенен қоя берді,

Тақсырдың сол уақыт­та

қаһары келді.

«Мыш-мыш» деп айтып еді

Мұса қаллам,

Табақтағы ет мысық боп тұра кепті.

Мұса қаллам Қарынға ашу ет­ті.

Мысық сойған күнәңді кешірейін,

Малыңнан енді зекет бергін депті.

Мұны естіп Қарын

үйден шығып кетті.

Малым жоқ беретұғын саған депті.

Малынан зекет бермесе,

бұл Қарынды,

Қара жер, шапшаң мұны

тартқын депті.

Ақырып, тақсыр Мұса айтады енді,

Періште жер кіндігін тартады енді.

Қара жер қаһарланып тартып еді,

Қарын бай белуардан батады енді.

Мұса тақсыр Қарынды тұтып тұрды,

Бересің бе зекетті деп жауап сорды.

Енді зекет бермесең, Қарын байым,

Көрдің бе, жұтқалы тұрған

қара жерді.

Сонда тұрып Қарын бай

сөйлейді енді,

Шыбын жаны сіркедей көрінбейді.

Бір қой берсем жұлынар

төбе шашым,

Өлтірсең де бермеймін енді дейді.

Мұса тақсыр бұлайша сөз есітті,

Бермеймін деген сөзін ол зекетті.

Малыңа зекет бер десем,

тіл алмайды,

Тартқын деп қара жерге әмір етті.

Қара жер ол Қарынды тағы тартты,

Мұса тақсыр ақырды қаһары қатты.

Қара жер қаһарланып тартып еді,

Қарын сонда иектен жерге батты.

Қарынға айтты:  – Зекет бересің бе?

Зекет бермей, хақ жүзін көресің бе?

Жаһаннамға кетесің кәпірлікпен,

Ібіліс лағынат тіліне ересің бе?

Мұса тақсыр насихат сөз айтады,

Жаны ашып, сол жерде көп айтады.

Карын айтты: ешнәрсе

бере алмаймын,

Сөзіңе сенің айтқан ере алмаймын.

Өлтірсең, өлтіре бер, мал сұрама,

Мал бер деген сөзіңді еп алмаймын.

Мұнша әуре мені сен қылмасаңшы.

Мал бер деп аузыңа сөз алмасаңшы.

Бұл тіліңді алмаймын неғылсаң да,

Мал беретін жолыңа салмасаңшы.

Мұса тақсыр қарайды

мойнын бұрып,

Сөз айтады Қарынды ұстап тұрып:

– Өз обалың - өзіңе, барғын! - дейді,

Малымен бірге кетті жерге кіріп.

Ол Қарын кетті дейді жерге кіріп,

Кәпір боп кетті ақымақ, құдай ұрып.

Заман ақыр болғанша тоқтамастан,

Барады малыменен әлі жүріп.

Малымен кетті Қарын жер астына,

Көмілген жоқ өзгедей көр астына.

Қарын кірген жерінен

қырық күндей,

Қайнап-қайнап, қан шықты

жер үстіне.

Жер үстіне қан шықты,

қайнап-қайнап.

Қарын кетті зекетсіз, малын айдап,

Қылған жоқ оған рақым

сансыз малы,

Қара жер бара жатыр қинап, қинап.

Малымен жер астына кетті Қарын,

Түбіне зекетсіз мал жетті оның.

Мінеки, зекет бермей осы Қарын,

Бақиға айдап кетті дүние малын.

Жер бар осы күні Қарын кірген,

Қарынға қадір Алла лағнет берген.

Қарын көрген қысымын

жан көрген жоқ,

Иә, Алла, аман қылғын

ондай жерден.

Көзіне көрінбеді сансыз малы,

Қысылды зекет бермей,

шыбын жаны,

Жарандар, қызықпаңыз

дүние, малға,

Бір күні көшіп кетер дүние пәни.

Қарынның сыйған жері  –

кеседей жер,

Барлығы рауаяттар осылай дер.

Сыйғызған кесе аузындай

жерге ғана,

Осындай қысым етіп пәруәрдігер!


АЙТЫСТАР

 ҚАБАН МЕН ТҰМАРША

Тұмарша келін болып түсті ауылға,

Созылды той-думаны бір қауымға.

Беташар, сәлем қылу мерекесі,

Шуылдап қызық болды бұл ауылда.

 

Найманбай ат шаптырып,

қылды тойды,

Әр түрлі төрт түліктен малды сойды.

Айтысып талай ақын,

шешендермен,

Қыздырды бозбалалар осы тойды.

 

Өлеңге Тұмарша да шебер еді,

Сөйлесе, сөз маржанын төгер еді.

Айтысқан өзіменен ақындардың,

Тоғыз асып, бағасын берер еді.

 

Бұл тойға келіп еді Қабан ақын,

Айтысқа жастайынан болды жақын.

«Тұмарша жеңгемменен

айтысам», - деп,

Отырды, келіншекке келіп жақын.

 

«Айтысса, айтыссын», -

деп айт­ты халық.

Тұмарша жүрген бұрын

бәйгіні алып.

Ақырып Қабан ақын қоя берді,

Бір түрл, естімеген әнге салып.

 

Он беске Қабан ақын келген жасы,

Өлеңге аударылған ықыласы.

Төгеді сөйлегенде сөз маржанын,

Артықша бозбаладан мәртебесі.

 

Екеуі қағыспақ боп сөйлесті сөз,

Тоқтар ма екі жүйрік

келген соң кез?!

Сыбанып екі жағы шыға келді,

Бір-біріне кезегімді беріңіз деп.

 

Қабан:

Әуелі сөз сөйлейін, иә, рақман,

Бұл тойға жұрт жиылды

жақсы-жаман.

Ауылға келін болып жаңа келдің,

Жеңеше, сау жүрсің бе есен-аман?

Өзіңдей жас жеңгемен аз сөйлеспей,

Тарқамас көңілдегі бар мүддәғам.

 

Тұмарша:

Алдымен сөз сөйлейін

біссімілләдан,

Білмейді сөз мәнісін кейбір адам.

Көз салсам порымыңа, өте жассың,

Үйреткен осы өлеңді қандай адам?

Ойынның баласысың дала кезген,

Атыңыз кім болады айтшы маған?

 

Қабан:

Қабан деп қойған екен әкем атым,

Жалайыр он екі ата – арғы затым.

Жігітке амандаспай, атын сұрап,

Елде жоқ Тұмаршадай бәдік қатын.

Жеңеше, қатты айтты деп

өкпелеме,

Жөндеймін жөнге келсе,

сөздің артын.

 

Тұмарша:

Қабан деп қалайша ат қойды саған,

Қайным-ау, сау-сәлемет

жүрсің бе аман?

Өзің жас болғанменен, сөзің – жуан,

Тілдерің, балақайым, тиді маған.

Боларсың жер өртейтін жігіт болсаң,

Атыңды әкең марқұм біліп қойған.

 

Қабан:

Атымды қайтпасын деп

қойды Қабан,

Тиді ме сөзім қатты, жеңге, саған?!

Қалмаққа өзі келіп күң болғаннан,

Болды ма менің атым содан жаман?

Бала боп, жастық қылған

жерім бар ма,

Батыра наз білдіріп айтам саған?!

Өзіңдей жеңге көрсем, пірім түсер,

Қыранмын, ақ маралды алып ұшқан.

 

Тұмарша:

Жүре бер, балақайым, аман-есен,

Емеспін мен де қашар қайны көрсем.

Сөздерің өзіме айтқан майдай жағар,

Бар шыным саған айтар олай десең...

ҚАБАН МЕН ТҰМАРША

(ЕКІНШІ НҰСҚАСЫ)

 

Қабан:

Әуелі сөз сөйлеймін, йа, рахман,

Бұл тойға жұрт жиналды жақсы-жаман.

Дәм айдап біздің елге келін бопсыз,

Жеңеше, сау жүрмісің есен-аман?

 

Тұмарша:

Мен дағы сөз қозғайын бісмілдадан,

Білмейді қатар жайын кейбір адам.

Көзіме өте жас боп көрінесің,

Есіміңіз кім болады, айтшы маған?

 

Қабан:

Білсеңіз, ақын Қабан – менің атым,

Сұрадың амандаспай, жігіт атын.

Қаншама мақтағанмен «Тұмарша» деп,

Жеңеше, шамалы екен мағлұматың.

 

Тұмарша:

Қайным-ау, өзіңіз де жүрсіз бе аман,

Жеңге боп кеп отырмын өзім саған?!

Шырағым, ашуланбай жөнін айтшы,

Атыңды не себептен қойды Қабан?

 

Қабан:

Атымды қайтпасын деп қойды Қабан,

Қайны боп жаратылдым өзім саған.

Еркімен өзгеге күң болғаннан да,

Болып па менің атым одан жаман?

 

Тұмарша:

Қайным-ау, жаман емес сенің атың,

Баласың байқап тұрсам, сөз ұғатын.

Әйелді кім мал берсе, сол алады,

Нақсүйер – ақ тоқал намды болар қатын.

 

Қабан:

Ешкімнен туа бермес сіздей перзент,

Бітіпті хор қызындай сізге келбет.

Тоқалдың жарамдысы боласың ғой,

Байқасам, тілің – тетік, сөзің – өжет.

 

Тұмарша:

Болсам да тоқал әйел, ағаң сүйген,

Өзіңдей талай жастың іші күйген.

Қайным-ау, тоқал деп сен кемітпегін,

Тоқалға әуел баста дұға тиген.

 

Қабан:

Сөздерің, жеңешетай, қандай тәтті,

Көңілдің жарқыратып шамын жақты.

Батырға ақ тоқал боп жастайыңнан,

Анаңнан туыпсыз ғой болып бақты.

 

Тұмарша:

Сау болғын, қайран қайным, көргенімше,

Есімнен бейнең кетпес өлгенімше.

Кетпессің күндіз естен, түнде түстен,

Қайыным-ау, ойлап жүргін сен де өзіңше.


ҚАБАН МЕН ТАУТАН ҚЫЗ

 

Таутан:

Отырмын бір құдайға жылайын деп,

Бір сөзге тоқтам қылып, ұнайын деп.

Ақын деп, ата, сізді естіп едім,

Отырмын аз шариғат сұрайын деп.

 

Қабан

Жолы бар шариғат­тың пара-пара,

Тілімді жаңылдырма, хақ тағала.

Боламыз біліп айтсақ, біз де жақсы,

Қыз Таутан, шариғаты сұрап қара.

 

Таутан:

Қабеке, Орта жүзге келгенің-ақ,

Сөйлей бер жаңылмай-ақ, тіл менен жақ.

Әлхамда кеңдік нешеу,тарлық нешеу,

Қабеке, мұны тапсаң жеңгенің-ақ?!

 

Қабан:

Әуелі, сұрасаңыз, сөзде – иман,

Белгісі сол иманның, нәпсі тиған.

Дініңді тіршілікте күтіп жүрсең,

Пейішке, дым сасиды, бұрын барған.

 

Таутан:

Аспаннан кітап түсті әуелден, біл,

Кітапсыз айтқан сөзде болады мін.

Алладан неше кітап келген екен,

Сұраймын мен соларды, аттары кім?

 

Қабан:

Аспаннан Алла тағала кітап салған,

«Таурат» деген кітапты Мұса алған.

«Інжіл» деген кітапты Ғайса оқып,

Бар ма екен бұл сөзімде,

сірә, жалған?!

«Зәбүр» деген кітапты Дәуіт алды,

Меккеге бір ғажайып қорған салды.

«Құранды» хазіреті Оспан оқып,

Шариғат насихаты содан қалды.

 

Таутан:

Пендеде, ау, Қабеке, болады арман,

Атамыз Адамнан да пәни қалған.

Осымды ойланбай тап, ақын болсаң,

Ер Ғайса атасы жоқ қайдан туған?

 

Қабан:

Мұның рас, «Інжілді» Ғайса алған,

Мұса каллам Алладан сөз сұраған.

Сұрадың-ау, қайтейін,

«Мәриям» деген,

Алланың лебізінен Ғайса болған.

Алланың құдіретімен Ғайса туған,

Тағалаға құлшылық қып,

белін буған.

Жаһанда жалбыз теріп жүргенінде,

Кұдайдың баласы деп ұстап алған.

Ғайсаны айламенен ұстап алған,

Темір қорған апарып үйге салған.

Кәпірлердің қысасы қандай дейсіз,

Неше түрлі қыспақты күйге салған?!

Сол уақта, темір үйде жатқан шақта,

«Ұшқын!» - деп, бір Алладан

жарлық болған.

Алладан әмір естіп:

«Ұшқын!» - деген,

«ІІІыға алман» деп тесіктен,

қайғы жеген.

«Иығым қайтіп шығады, маңдайым» деп,

Көрсетіп әр жерлерін нұсқай берген.

Орнынан «иә, Алла» деп,

тұра келген,

Абайлап, ақырын басып,

тұрды Ғайса,

Именіп күзетшісі кәпірлерден.

Ғайса шығар тесікке қолын салған,

Көтеріп періштелер көкке алған.

Құдайдың баласының қылғаны деп,

Кәпірдің шоқынбағы содан қалған.

 

Таутан:

Бар екен бір ағашта қырық жаңғақ,

Бұл дүние барша жанды

жатыр жалмап.

Ол ағаштың бар екен мың бұтағы,

Адамға обал екен кесіп алмақ.

 

Қабан:

Қырық жаңғақ дегенің қырық парыз,

Мойныңа, оқымасаң, болар қарыз.

Мың бұтақты шариғат өмірі-дүр,

Обалы сол – күтпесең, айт­тым нағыз.

 

Таутан:

Әуеде алтын қазық жылыстаған,

Береді құдай қашан бейіс саған?!

Ақын болсаң, алдыма сала айтайын,

Мұхаммедтің сүйегін кім ұстаған?

 

Қабан:

Омар ұстап, сүйегін Осман жуған,

Әбубәкір құманмен суын құйған.

Арыстаны құдайдың Әзірет Әлі,

Иман айтып, қасында қарап тұрған.

Таутан:

Меккеде бір ағаш бар, бұтақтары

Үстінде отыз-отыз жапырақтары.

Жапырақтың асты ақтан, үсті шұбар,

Қыздардың мұны білмес ақымақтары.

 

Қабан:

Меккеде бір ағаштың бұтақтары,

Үстінде отыз-отыз жапырақтары.

Асты ақтан – ақ қағаз, шұбар – жазу,

Молданың болар оқыған кітаптары.

 

Таутан:

Ерте оқимыз намазды, кеш оқимыз,

Әр күнде бұл намазды бес оқимыз.

Ақын болсаң, жұмбағым шешіп көрші,

Он екі айда намазды неше оқимыз?

 

Қабан:

Сіз де оқисыз намазды, біз де оқимыз,

Уақыт жетсе, намазды түзде оқимыз.

Сен білмесең, кем ақыл мен айтайын,

Намазды мың сегіз жүз жылда оқимыз.

 

Таутан:

Бес өзен ағып жатыр әрбір сайдан,

Дарағы отыз екі мәуіланнан.

Қабеке, акын болсаң, ойламай тап,

Он жеті жерде токтап, аялдаған.

 

Қабан:

Бес өзен бес уакыт намаз болар,

Дінін күткен мақшарда сабаз болар.

Бесеуінің он жеті парызы бар,

Сүндетінің бірге қосып оқымасаң,

Сауабы намазыңның ғазал болар.

Қартайған уақытта кез келмесең,

Жұмбақты шеше алмасам, кім мәз болар?

 

Таутан:

Кабеке, бұл өлеңде көптеу парық,

Жасымнан ақын болдым,қыдыр дарып,

Отыз қол ат­таныпты әскерменен,

Он төрт жігіт қасына жолдас алып.

Кабеке, бұл жұмбақты ойламай тап,

Сөзіңіз өтірік болмай, болсын анық.

Мен айтсам, сіз шешіңіз кідірместен,

Таң қалар екеуімізге барша халық.

 

Қабан:

Жаратқан баршамызды хақ тағала,

Ғаламға он сегіз мың өзі пана.

Он төрт жігіт дегенің

он төрт сәжде,

Құран-дүр отыз қолың отыз пара.

Әскері – ішіндегі сүрелері,

Бұл сөзді құлақ салып, тыңдап қара.

Не айтсаң да табамын жұмбағыңды,

Барың болса қарышта, Таутан бала.

 

Таутан:

Құдайдың жаратқаны бір бәйтерек,

Төрт бұтақ ол теректе болса керек.

Төрт бұтақты және бір екі бұтақ,

Қабеке, акын болсаң, тапсаң керек.

 

Қабан:

Бір бәйтерек дегенің Мұхаметім,

Үш жасында анадан калған жетім.

Төрт бұтағы сүйікті төрт жары-дүр,

Пайғамбарым корғайды көп үмбетін.

Екі бұтақ Хасен мен Хұсайын-дүр,

Таутанжан, меніменен кеңесің құр.

Мен таппаған несі бар, ойлап қара,

Нұсқаға мен көрсеткен

мойныңды бұр.

Бар екен отыз үш мың сақабасы,

Қабекеңнің алпысқа келген жасы.

Хабибі бір Алланың – сүйер досы,

Екі мысқыл пәниде ішкен асы.

Намаз оқып, ораза тұтпаған жан,

Таутан бала, ойласаң, адам насы.

Зекет, кажы, иман білмек

парыз болар,

Он екіге ілініп шықса жасы.

Қыз балаға болады тоғызында,

Тағаты кем болмайды, болса ұрғашы.

Лағынат қамытын кигеннен соң,

Әзәзіл адамзаттың болды қасы.

 

Таутан:

Бір көлге жиырма төрт қонар үйрек,

Әрі-бері айналдырсаң, қалар сиреп.

Ішінде жалғыз туған біреуі бар,

Тұрады соның бәрін жалғыз билеп.

 

Қабан:

Үйректі осы көлге адам қояр,

Біреуін бірі тістеп, басын жояр.

Кем ақыл сен білмесең,

мен айтайын,

Үйрегім жиырма төрт дойбы болар.

 

Таутан:

Бір дария ағып жатыр

тартқан сымдай,

Ішінде бір асыл бар, жалғыз қылдай.

Бәріне жиылған жан бірдей керек,

Жұмбақты осы сізге айтсам қалай?

 

Қабан:

Сарғайып сары белден атады таң,

Бай қызы бойжеткенде болады паң.

Бәріне жамиғаттың керек болған,

Қараңғы үйге жанған

бір жалғыз шам.

 

Таутан:

Көше-көше, ауылы көше болар,

Ойынсыз-күлкісіз ел мешеу болар.

Ақын болсаң, сөзіме жауап берші,

Тоқсан иттің емшегі нешеу болар?

 

Қабан:

Айт десеңіз, айтайын, бұған билер,

Аң жүйрігін жан салып, қуған білер.

Емшегін тоқсан иттің білетінді,

Қолына көнек алып сауған білер.

 

Таутан:

Ақырзаман болғанда ұрады жел,

Мың қарабас саулыққа бір қозы тел.

Мың қарабас саулықты жалғыз еміп,

Қозы неге маңырайды, пәруардігер?

 

Қабан:

Жұмбағыңның шешуі болар деген,

Осы күнгі ұлықтар пара жеген.

Ақтан да, қарадан да пара алса да,

Көзіне жиған малы көрінбеген.

 

Таутан:

Айт дегенде, айтамын, айда болар,

Таң алдында Шолпан пайда болар.

Ақын болсаң, жұмбағым

шешіп берші,

Ақ меруерт шыққан жері

қайда болар?

Қабан:

Ойнамаса, күлмесе шыға ма дерт?

Ойын-күлкі бар жердің бәрі де кент.

Сен білмесең, кем ақыл,

мен айтайын,

Айдын көлден шығады ақ меруерт.

Айт дегенде айтамын

ақпарды ақ бар,

Ақпар да ақпар ішінде

алпыс қаз бар.

Он екі үйрек қырық сегіз

қазы барды,

Ақын болсаң, құдаша,

мұны тап та ал.

 

Таутан:

Акпар да ақпар дегенің –

ай мен күн ғой,

Алпыс қазы дегенің –

жылдай таң ғой.

Он екі айдың қырық сегіз

аптасы ғой,

Шешуі жұмбағыңның осы екен ғой.

Бір жұмбағым бар менің уалаған,

Бірі қашып, біреуі қуалаған.

Табар болсаң, табақтай

жұмбағым бар,

Аяғы жоқ, басы жоқ домалаған.

 

Қабан:

Домалаған дегенің ай менен күн,

Күн батқан соң, қараңғы болады түн.

Таң атқан соң, жарқырап

шығады күн,

Құлақ салсаң осыған, болады жөн.

Таутан:

Айналар өз-өзінен бір диірмен,

Шығарды бір ағашын бір бүйірінен.

Ішінде қылдан нәзік бір жібі бар,

Шіркінді абзал қылып кім иірген?

 

Қабан:

Кей адам ұйықтаса, пырылдаған,

Айтысам десең еді бұрын маған.

Халім келсе, шешейін, Таутан бала,

Бұл жұмбағың – мәшине

дырылдаған.

 

Таутан:

Жансызда төрт аяғын басып тұрған,

Алдынан қаһар отын шашып тұрған.

Айналып мәшинесі келгенінде,

Кісіні жанындағы асықтырған.

 

Қабан:

Сөзімнің байқа, Таутан, қарауылын,

Айтасың жұмбақтардың бар ауырын.

Мейлің, жақтыр, мейлің,

жақтырмағын,

Бұл айтқан жұмбағыңыз –

самауырын.

 

Таутан:

Жансызда төрт аяғын тұрды басып,

Шұп-шұбар омырауын

қылды қасып.

Қабеке, осынымды ойламай тап,

Анда-санда қояды аузын ашып.

 

Қабан:

Жақсы мерген Арқадан аң атты ма?

Бозбалалар, қараңдар, таң атты ма?

Ойламай-ақ табармыз тіршілікте,

Бұл жұмбағың шешуі – сағатнама.

 

Таутан:

Бір адам жүр алтынды киік бағып,

Мойнына үш жүз алпыс арқан тағып.

Екі ұры аламын деп күнде аңдиды,

Бекіттім төрт жүз қырық төрт

қазық қағып.

 

Қабан:

Жаныңа ие адамың анаң болар,

Анасыз көрген күнің қараң болар.

Үш жүз алпыс Арқаның

жыл он екі ай,

Мұны тапқан Қабекең кімің болар?

Екі нәпсі екі ұры – білсең танып,

Төрт жүз қырық төрт сүйек бар,

ұққын анық.

Тірі болсам табамын жұмбағыңды,

Таутан бала, бәтемді ал,

тілімді алып.

 

Таутан:

Құдайдың жаратқаны жалғыз тері,

Буы жоқ, қалың тоғай жүрген жері.

Қырық күн аштан өлмес,

ашпын демес,

Мұны табар адамның кемеңгері.

 

Қабан:

Жалғыз тері дегенің – ол аспан көк,

Қалың тоғай – жұлдыздар,

еш буы жоқ.

Қырық күнде жерге кеп үркер кірер,

Сексен түн санасаңыз, болады кеп.

 

Таутан:

Білмеймін, ақыр қайғы салмағы бар,

Бір күні алдап жүріп, алмағы бар.

Пәнидің жеті басы, он екі қол,

Отыздан қол бас сайын бармағы бар.

 

Қабан:

Дегенің он екі қол – он екі айды,

Сопылар құдай үшін жан қинайды.

Отыз бармақ дегенің – отыз күн-дүр,

Барша жан біреуінен құтылмайды.

Ғибадат қыл, Таутан қыз,

тіршілікте,

Ойлалық мақшар күнде

барар жайды.

Жеті күннің бірінде алар құдай,

Хабары жоқ еш адам біле алмайды.

 

Таутан:

Қабеке, Орта жүзге келуің нақ,

Сөйлей бер мүдірместен,

тіл менен жақ.

Адамды нәпсісінен азғырады,

Бір құс бар, оны тапсаң

жеңгенің-ақ.

 

Қабан:

Жеңілсем, ел ұялтып қайтардағы,

Білгендер шариғатын айтардағы.

Нәпсіге іркілместен ойран салса,

Бұл жұмбағың, Таутан қыз,

шайтан-дағы.

Тағат қыл тіршілікте бір Аллаға,

Мақшарда жақсы болар

істің ағы.

Табармыз қартайсақ та,

сөйле, шырақ,

Аман болса Алланың

берген бағы.

 

Таутан:

Қабеке, таба алмадың сөз ұяңды,

Қинайды өтірік сөз шыбын жанды.

Қанша ақын болсаң да таба алмадың,

Ол құсым нәпсі тиған зым-зиянды.

 

Қабан:

Біреуі ұшқан құстың бөдене еді,

Бұл Таутан өлеңімен теңеледі.

Мен таппаған несі бар, Таутан бала,

Зым-зиян шайтан емей,

немене еді?

Алла берген ақыл-ой түгел тұрса,

Қабекең неменеге түңіледі?

Тақтайға «Лауқыл мақпұз»

жазған Алла,

ІІендесін рақым қылған көгертеді.

 

Таутан:

Қабеке, бәрін таптың, сөзің анық,

Жолынан шариғаттың адаспалық.

Жұмбақты қанша айтсам,

таба бердің,

Сөзбенен бұдан былай таласпалық.

Қабеке, қарсылық деп, ойыңа алма,

Тыңдап тұр осы отырған

барша халық.

Артық айтқан сөзімді кешіріңіз,

Маған наза болмаңыз, қапаланып.

Бір келген дүниеге әулиесіз,

Қабылиса атандың, қыдыр дарып.

Өтініп, сізден жәрдем сұрап тұрмын,

Таутан қызың тоқтасын

батаңды алып.

 

Қабан:

Атыңнан айналайын, Жаппар Құдай,

Данышпан бір баласың, ақылға сай.

Таласпа меніменен мұнан былай,

Берейін мен батамды, қолыңды жай.

 

Таутан:

Атыңнан айналайын, пәруардігер,

Қабеке, шариғаттың сабағын тер.

Азырақ жел сөзбенен

сұхбат құрдым,

Атажан, ықыласыңмен бәтеңді бер?

 

Қабан:

Құдайым, малды көп бер,

басты көп бер,

Аздырма, бұл пендеңе бәрін тек бер.

Шерменде ахиретте қылма, Құдай,

Біссімиллә, рахман рахым,

Аллау – акпар!


ҚАБАН МЕН ҚЫЗДЫҢ ҚАҒЫСУЫ

 

Қыз:

Өлеңді айта алмайсың кешеулесең,

Болар едің Қабан ақын, мені жеңсең.

Алдыңа, ақын болсаң, сан айтайын,

Жұлдыздар аспандағы

нешеу білсең?

 

Қабан:

Өлеңді айта алмаймын кешеулесем,

Боламын Қабан ақын, сені жеңсем.

Жұлдызды төбедегі кім санапты,

Көп жатқан шалқасынан

сен білмесең?!


ҚАБАН АҚЫН МЕН ҚОЯННЫҢ АЙТЫСЫ

(мысал айтыс)

 

Қабан:

Көкше қоян, келесің құмды жанап,

Сүйел аяқ келеді сені қалап.

Шеңгенліңе бар да кір, байғұс қоян,

Көп шоңқая берме онша бойың балап.

Қоян:

Қаршығаңды сала бер, ақын Қабан,

Көкше қоян көрінсе, бейілің жаман.

Маған десең, қоянның мыңын алдыр,

Әлі, шүкір Құдайға, басым аман!

 

Қабан:

Қасыңа, көкше қоян, барамын-ақ,

Қаршығамды көрсетіп, саламын-ақ.

Қалың қара шеңгелге кіргеніңше,

Қаныңды судай ағызып, аламын-ақ.

 

Қоян:

Әрине, дала жерде аларсың-ақ,

Тырнағың айқастырып, саларсың-ақ.

Қалың қара шеңгелге кіріп кетсем,

Өкініп, орным сипап қаларсың-ақ.

 

Қабан:

Секектеп, көкше қоян, жүрсің саяқ,

Ашықта жүрсең саяқ, жерсің таяқ.

Сөйлесіп тұрып едім, мен сені аяп,

Теріңді аласың ба қанға бояп?

 

Қоян:

Жеген теріскен кетпейді тісімдегі,

Қызыққаның терім бе үстімдегі?

Ішімде жеті қоян көжегім бар,

Мен өлсем, о да өледі-ау ішімдегі?!


ЖҰМБАҚТАР

 

Алла артық жаратқан сегіз батыр,

Баяғыдан соғысып келе жатыр.

Кезек-кезек қағысып, жатып-тұрар,

Кім жеңеді белгісіз, түбінде ақыр.

 

(ІІІешуі: Күндіз – түн, Тақ – Жұп,

Ай – Күн, Жақсылық – жамандық)

 

* * *

Келеді баяғыдан тоғыз саңлақ,

Алады қолы жеткен таңлап-таңлап.

Солардың үшеуімен жолдас болған,

Ұжмақтың ортасынан орын алмақ.

 

(ІІІешуі: Тоғыз саңлақ – Қуаныш, Уайым, Қайғы;

Тастақ, Батпақ, Жазира; Тәуекел, Талап, Еңбек.

Жолдас болатын үшеуі:  Тәуекел, Жазира, Талап.) 


«...Арғымақ сайлап не керек,

Артынан жабы жеткен соң?!

Ағайын-туған не керек,

Алысып күні өткен соң?!»

Қабан жырау

Туындыдағы тұлға

 (Көркем әдебиет пен публицистика)

Қызыл жолбарыс

(тарихи роман)

Бірінші кітап

Екінші тарау

– Жау шапты! Жау шапты! Жау! Жау!

Осылайша бар даусымен айғайлап, астындағы атын борбайлата шоқақтатқан біреу сексеуілді құм ортасында отырған ауылды бейуақ кеште жаман шошындырды. Киіз қосты, жер тамды қыс па, көктем бе екені айырғысыз, қысылтаяң шақтағы шашыраңқы ауылдың әр тұсынан мына дауыстан біраз адамның бастары да қылтия қалды. Олардың ішінде малжайғаған шал-шауқан да, үй маңында немерелерін алдандырған, бастарына қарқарадай кимешек киіп,сыртынан күндік ақ орамал тартқан кемпірлер де, тай-құнанға құрық салмаққа қайыра қуысқан жігіт-желең де бар еді.

– Жау шапты! Жау! Жау! Жау шапты!

Жазық жер емес, тобық сындыратын кәрі сексеуіл түбірлері, ойқы-шойқысы мол бұйрат-бұйрат дөңестеу биіктің үстінде өлер жерін аңдамай шапқан неменің алыстан қарағандағы сықпыты алабөтен еді. Күпісінің қос өңірі далақтап, айғайдан кеңірдегі жыртыла жаздап, ат үстінде қанатын жайған қарақарғаша далбаңдап, бері ауыл үстіне қарай бастырмалатып-ақ келеді. Биік таулар жоқ, көкжиек кең, батып кеткен күн сәулесінің қалдығы ғана жарықтандырып тұрған өлі дала мынау хабаршының қайдан шыға келгенін өзі де білмегендей мыңқ етпей, жаңғырықпай, не күйге түссе де адамдардың өзі білсін дегендей үнсіз жатыр. Ал үрпиіскен ауылдың әр-әр жерінен бастары қылтиған адамдардың өздері де не дерге ақыл таппай шапқыншыға көз алмай қараумен болды.

Жер тамнан шығып, киіз үй тіккен, сол киіз үйдің ықтасынында қыстан қалған сексеуілдің үстіне құйрығын қойып отырған ақсақалды қарт Байбек шал ғана ұшып түрегеліп:

– Мынау қайтеді-ай? Мынау кім өзі? Жау шапты дей ме, әкем-ау! - деп атып түрегеліп, қартайса да нұры таймаған көзін шапқыншыға қадай берді. Бірақ оның даусын ешкім естіген жоқ, себебі жаңадан тігілген қостың ішінде жан жоқ еді. Бұл әнеукүні Құлсары өлгенде Ескелдімен бірге болған, Дубек сияқты өзімен тұрғылас шалмен сөз таластырғансып, ақырында жас биден қолыңыздағы күміс балдақты қайдан алдыңыз деп сұраған, киіздей тұтасқан сақалы ғана емес, қасы мен кірпігіне дейін аппақ, ұзын мойындылау ашық кеңірдекті Байбек шал осы еді. Бұлардың аулы да сол өлік шыққан би ауылынан алыс емес, қазақша айтқанда иектің астындағыдай жерде ғана еді. Мынау өз аулында, өзі тіккен қара қостың қасында отырған.Байбек шал шапқыншының соңына қарады. Бірақ мұны қуып келе жатқан ешқандай жау қарасы жоқ, жұрттың тумысынан көзі үйренген өлі дала ғана түнгі ұйқыға бейімделіп, бүк түсіп жатыр. Ал мынау «жау шаптылап» астындағы бейшара атын пәрменінше құйғытқан айғайшы сол түнгі ұйқыға бейімделген даланың көрпесін бір пұшпағынан тартқылап ашып, мазасын алған бейбас кішкентай балаға ұқсайды.

Бірте-бірте қылтиған бастар көбейді. Тігілген қостар мен жер тамдардан шыққан адамдардың дауыстары бір-біріне естіле бастады. Бірақ анық естілмейді. Себебі, малды ауылдың мынадай ен далада түтін түтететін жерлері бір-бірінен алшақтау жатады. Бірақ шошынған, дағдарған адамдардың дабыр-дұбыры тап қазір не жайында екені белгілі. Себебі бәрінің де көзі мен көңілі тас кесектей атылып келе жатқан бір нүктеге қадалып қалған.Бұлар енді бәрі қатып-семіп, шапқыншының ауыл ортасына жетуін күтті. Байбек шал қостан аулақтап, қыстай паналап шыққан жер тамының қасындағы шөккен түйесіне қарай жылжымақ болып, бір-екі қадам жасады. Сол түйеге мініп, хабаршыға қарсы шауып, мұның не жаманат әкеле жатқанын тезірек білмекке ынтасы да ауып еді. Бірақ ұшқан құстай хабаршының жүрісі Байбектің қимылынан әлдеқайда тез еді, көзді ашып-жұмғанша орталарына жетіп келетіні анық. Сосын да киіз сақалды, қалың киімді Байбек шал бөгелді.

Кенет хабаршыны қалт жібермей бағып тұрған ауыл адамдары үшін күтпеген оқиға болды. Хабаршы жердің жарығына түсіп кеткендей қас пен көздің арасында жоғалды да кетті. Ауыл адамдары енді ғана қозғалысқа келді. Кеу-кеулесіп, жігіт-желеңдер жайдақ атқа мінісіп жатыр. Байбек шал да енді аялдамастен шөккен түйесіне жүгірді. Енді бір сәтте бұл да хабаршы адам жердің жарығына түсіп жоғалған тұсқа қарай ауыл ортасымен желмаясымен желіп бара жатты.

Біраз жігіт-желеңдер бұдан бұрын жеткен. Байбек шал да келіп, түйе үстінен анықтап көріп тұр. Жаңағы «жау шаптылап» шапқан неме бір суырдың ініне аты сүрініп, өзінің қиыршақ тасқа маңдайы тиіп, қызыл қаны мен ақ миы ақтарылып түсіп, сұлап жатыр.

Біреулер басқадан бұрын мал арам өлмесін деп, қара тері шығып, бұл да бір жамбасымен құлап, жан бермеудің арпалысымен төрт аяғын тырбаңдатқан шапқыншының атын бауыздауға кірісті.

– Апырау, бұл не? Бұл ненің хабары?

– Бұл кім өзі, танисыңдар ма?

– Бірдемеден шошынды ма, жоқ, шынында жау көрді ме? Осындай сөздерден құлақ тұнады. Көз байланып барады.Шапқыншының кім екенін жуарақпанда ешкім танымады. Себебі бет өңірін қан жуып кеткен. «Жау шапты» деген сөзден жұрт аса шошитын да емес. Бірдемеден шошынған, шалық шалған дегенге көбірек саяды. Себебі Құлсарының өлімінен кейін жұрттың сондай пиғылға көбірек ден қоятыны заңды да еді. Құлсарыны көрден шыға келген екі өлік қуды. Ал мынаны сондай өліктер қалың нөпір болып өкшелеген шығар.

– Бұл жақсылыққа емес, шырақтарым! - деп түйе үстінен Байбек шал зарлап жүр.

Бұл Құлсарыны жерлеп, Ескелді Қараталдың арғы жағындағы ақбұйым еліне кеткен күннің ертеңіне болған еді.

Өлімнің үстіне тағы өлім. Кейбіреулер ең алдымен мұның кім екенін анықтап білудің әуресінде жүр. Ат үстінде туып, ат үстінде ержеткен тыриған арық, бірақ аса сүйексіз емес, отыздың мол ішіндегі жігіт. Қан жуған жүзінен еш белгі анықтап білінбегесін, сақал-мұртын сипалап көріп жүргендер де бар. Кейбіреулер ақтарылып түскен аппақ миынан шошып жақындай да алар емес. Алыстан «жау шаптылап» құйғытып, тап іргелеріне тақағанда құдайдың қырсығынан тіл тартпай кеткен есіл боздақтың халі бәрін де тітіркентіп өтті.

– Бұл жақсылық емес, бұл жақсылық емес! – деп, әлі де түйесінен түспеген Байбек шал боздап, ес таппай айғайлап жүр.

– Әй, Байбек! - деген Дубектің даусы санқ етті. – Бұл жақсылыққа деп, баз біреу саған дау айтып тұр ма? Бір сөзбен құлақты жемей, онан да мынау қандай жорамалға саяды, соны нұсқуға ақыл қоссаңшы. Әңкі-тәңкі басты одан сайын кәңгірлетпей.

Дубек осында жиылғандардың соңын ала жеткенмен, мына «жау шаптылап» ағызған неменің даусын сонадайдан естіп, қарғадай қалбалақтаған түрін, әрі ат-матымен қалай құлағанын бұл да толық көрген. Ал, Байбек шал сөз бен жолдың бәрінде өзімен бақталас, үнемі қағытып, қыжыртып жүретін бұл немені енді ғана байқаған. Бұл да дес бергісі келмегендей бақталасына «өзің не айтасың?» дегендей, осы ымырт қараңғылығынд-ақ көздерін шаладай жандырап бағжия қарады. Бірақ, Дубектің ат үстіндегі төртбақ денесі бұрынғыдан да зорайып көрінгенмен, ақыл табуға, бағдар сілтеуге мұның өзі де дәрменсіз екен. Тіпті Байбектің де, басқалардың да аң-таң жүздерінен жалтарып кетіп бара жатқандай.

Ақыры бұл кеште не істемек керек екенін басқалар тауып, солардың ұсынысы құпталды. Екі-үш жігіт жүрдек ат мініп, мынау хабаршы сорлы келген жаққа қарай біраз жер шалып, жолай екі-үш ауылдың үстін басып, әркімнен сыр тартып, біраз із салып қайтсын. Сосынғы жұмыс Байбектің түйесін шөгеріп, өлікті соған артып, осы шалдың жаңа өзі іргесінде отырған, жаңадан тігілген, әлі үй іші кіре қоймаған қара қосына апарып, оң жаққа жатқызу еді. Байбек шал үшін бұл одан сайын жаман ырым көрінгенмен, келісуге тура келді, себебі басқа ешкімнің бос тұрған қосы жоқ болып шықты. Жаңағы көсемсінген Дубектің бірден қарасы батыпты.

Жігіттің кім екені ертеңіне ғана анықталды. Бұл жоғарыдағы бір ауылдың жылқышысы екен. Солар келіп, өліктің сүйегін алып кетті. Бірақ неге жаушапты деп айғайлады, жауды қайдан көрді, оны ешкім біле алмады. Себебі, Құлсарыға ұқсап тілге келіп үлгермеді ғой. Мұның соңынан шапқан қалың жау және бола қойған жоқ.

* * *

Дербісәлі баласы Балпық Жетісуға белгілі көкбайталға мініп, Қараталды өрлей жүргелі екінші күн. Қабан жыраудың құлаққа құйып айтқан қатаң тапсырмасы бар, «қолға түссең де мұнда із салып келуші болма, Ташкенттегі хан мен үлкен би бір қимылды бастағанша, біздің ел жау шақырмай тыныш жатқаны дұрыс, сенің жансыз екеніңді сезсе, ақыр құпиямызды білді, ес жимай тұрғанда тап берейік деп, олар шабуылды тездетіп жіберуі мүмкін, ал ештеме білмей тас құлақтанып жатқанымыз және дұрыс емес».

Балпық өзі өрлей жүрген Қараталдың өткелді тұстарын жақсы білетін, әрі Жоңғар Алатауын әр тұстан бөлшектеп, мүшелеп, алмас қылыштай қиып өтетін оның Қора, Шажа, Көксу сияқты ағысы қатты салаларының да енді-енсіз тұстары жадында. Бұл Шажа мен Қора ертеректе өткен Жоңғар қонтайшысының Қытайға қарсы соғыста ерлік көрсеткен екі баласының есімімен аталып келеді. Балпық, міне, осы екі өзен түйісіп, Қаратал өзенін құрайтын тұсқа жетті.

Уақыт ұлы сәскенің кезі. Ақын-жыршыны аз тудырғанмен, ел-елдің арасындағы талас алмадай сан ғасырлар қырғын-жорықтың себепшісіне айналған Жоңғар Алатауы мейірімді ана мінезіндей жұмсақтығымен, сұлу қыздың жүзіндей сиқырға толы құбылыстарымен, елім деп еңіреген ердің парасаттылығындай, асқар-асқар биіктерімен әлемдегі ең сұлу таулардың қатарына жатады. Халық қиялы Нұқ пайғамбардың кемесін Қазығұртқа қондырады, Қап тауын, кейде оны Қойқаптың тауы атап, ұшы-қиыры жоқ, бүкіл әлемді орап алатын тау деп және дәріптейді:

Басынан Қап тауының қора қылдым,

 Бітер деп, бес мың жылқы жора қылдым.

 Топан су тау басына дамыл бермей,

 Қылмасқа енді қора тоба қылдым, - деп атақты Қазығұртпен және шендестіреді. Аңыз екі түрлі сөйлейді. Қап тауын арабша аталып кеткен Кавказ тауының дәл өзі дейтіндер де бар. Оған кереғар пікірлер және ұшан-теңіз. Мейлі, Кавказ одан бөлек тау болсын-ақ, міне, сол Кавказдың тасына сүйеніп, тәжім етпеген, көкірегінің ең асылын сонда қалдырып, мәңгілік өнер туындысын жасамаған әлем данышпаны бар ма?

«О, Кавказ, сені көріп өлсем арманым жоқ» деп, оны көрмей, білмей жатып, у ішкендей күңіренгендердің аузына қалай қақпақ қоя аламыз? «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау», деп көлгірситіндер осы бір қос тағанмен-ақ ол төмпешіктің атағын қанатты сөзге айналдырды. Памир, Тянь-Шань – оларды қозғамалық. Осы Жоңғар Алатауымен туыстас Іле Алатауы мен Ыстықкөлді қыспағына алған қырғыздың Күңгей, Теріскей деп айдар тағылған қос Алатауын да мұнымен бақ таластырғандай етіп, атақ-даңқ жөніндегі үлесін таразыға тартып, қара тер болмайықшы. Өйтсек, ағайын арасына от тастағандай болармыз. Кішкене, қанатты кеңірек жайып, мысалды әріректен іздейік. Қарпат пен Орал, Альпі мен Алтай таулары жайында сыңсыған әнші мен жыршыда қисап бар ма? Ал осы Жоңғар Алатауының тапқан жұмыртқасындай ғана дерлік Көкшетау, Ерейментау, Баянтау, Қутау дегендерің әнмен апталып, күймен күптеліп олар жатыр. Осылардың қасында, әлемнің жартысындай деуге лайық екі ұлы мемлекеттің – Ресей мен Қытайдың мүддесі түйіскен, Таң, Жоңғария сияқты талай империялар, династиялар туып, ұзақ дәурен сүріп, өмірі өткен, оның сыртында қазақ, моңғол, ұйғыр, дүңген, басқа да ұсақ ұлттар, әр пұшпағынан ұстап таласа жайлаған осынау ұлы тауға күнделікті «көкем-аулап» айтылатын әндердің бірі неге арналмаған? Тау мен таудан көктей өтіп, мұхит пен дариялар тобығынан келмегендей алшаңдай басып, тілі бөлек, діні басқа ұлттарды өз туған анасының әлдиіндей ұйытқан төрт шумақ өлең осы Жоңғар Алатауы хақында неге тумаған?

Жоңғар Алатауының Қап тауы мен Балқан таудан несі кем? Әлде ұзақ ғасырлар бойы талас алмаға айналғандықтан, «бұл бізге бұйыра ма, жоқ па?» деген күдікпен соғысушы елдің ақын-жыршылары көкіректегі асыл сөзіміз жат дүниесіне қор болар деп, саған әдейі қимады ма екен? Кім білсін, әлде жайқалған гүлді саңлақ аттың тағалы тұяғы сағағынан қиып, өлең сөзге, сазды әуезге орын қалмады ма?

Мұның себебін кім қадай түсіндіреді өз еркі, бірақ бұл анық шындық, көкірекке жара салар анық олқылық. Бірақ ол олқылықты мен толтырам деп және айта алмаймын, себебі ондайлық ұлы құдірет маған бітпеген, қасиетті туған жерім, алтын тауым, ұлы мәртебелім! Бірақ сенің осы жоғыңды жоқтап, бұл жолдарды көз жасымды қағазға қоса тамшылатып жазып отырғаныма құдай үшін сене көр. Сенің топырағың – менің тәнімнің бір бөлшегі. Көктен жұлдыз құлап, соның сынығынан бір тал шөбің күйсе, өз тәніме шоқ басылғандай сезінетінім содан, туған атам

– Жоңғар Алатауым. Сенің Жоңғар деген қыстырма атауыңды бүгінгі жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегінде тұрып, жат санай алмаймын. Жат санасам, ол қылығым тарихқа тас лақтырған көргенсіздік болар еді. Жазатайым сондай көргенсіздікке ұшырамайын. Ашыла сөйлеп, осы тарихтың, он сегізінші ғасырдың алғашқы ширегінен басталған, өз қойнауыңнан басталған, мейлі мың жерден ащы болсын, шын тарихтың алғашқы пернелерін дұрыс басып бер. Соңғысына астыма пырақ мінгізіп, дұрыс бағыт сілтеп жібер, атамекенім – Алтын Алатауым.

* * *

Көкбайтал аса ірі сүйекті жылқы емес, кеуек бас, қалбыр өкпе, сом тұяқты жаратылған, жал-құйрығы жұнттай, оның үстіне төс сүйегі, омырауы, бел арқасы бөлек-бөлек пішілгендей тұлғасының да аса қиюы келіп тұрған жоқ. Жай жолға мінерлік көп жылқының біріндей ғана текежәуміт бедеу. Сөйте тұра, міне, бес жылдың жүзі болды, Арқа мен Жетісуда бәйгенің алдын бермей келеді. «Байтал шауып, бәйге алмас» деп ескіліктен қалыптасқан мәтелді тұмсықтан ұрған да осы жануар. «Байтал неге бәйге алмас, жүйрік болса» деп, Жетісу ақындарының осы қанатты тұлпарды бетке ұстап біраз желпінгендері де бар. Бір ғажабы, мұның неше тісі шыққанмен, көкбайтал деген аты да қалмай келеді. «Жетісудың көкбайталы», «Ұлы жүздің көкбайталы» деген қосақтамасы ғана атақ-даңқына біраз салмақ қосып тұрады.

Көкбайтал бәйгесімен де, біреуден екінші біреуге көп мал үшін айырбасқа түсуімен де талай адамды байытқан. Бірақ сол байлықтан өз бойына шыр жұғып көрген емес, сол алғаш сан елдің, сан рудың маңдайына күн мен желден басқа ештеме тимеген айтулы жүйріктеріне шаң қаптырған кездегі реңкінің бір қылы да, бір бояуы да өзгермей келеді. Аш па, тоқ па, жас па, кәрі ме бәрі де айырғысыз, көбіне томаға тұйық мінезді, шын өнері қалың нөпірмен алыс шабысқа түскенде ғана жарқ ететін тым жұмбақ мінезді мал еді.

Балпық көк байталдың қадірін жақсы білетін. Талай жүйрік ұстаған Дербісәлінің баласы бола тұрып, бұл бәйгеге шауып көрмеген. Оған себеп Балпықтың жас басынан ірі денелілігінде еді. Қазір жасы он сегізде, басқаны қоя тұрып, бәйгеге шабатын жастан да асып кетті. Бірақ, ол жөніндегі кемшіндігі Балпықтың жанына батып көрмеген. Жүйрік ұстауды әкесінен үйренген өнері ретінде өзіне де дағды еткісі келеді. Түбінде үмітті осы ақтайды, осы абырой әпереді деген бес-алты құлынтай әкесінің жүз қаралы жылқысының ішінде жылқышы ағайын, қоңсыластардың ерекше назарында жүр. Ал Дербісәлінің өзі баласының осы өнерін жаратпайды. Өзінен дарыған ауру екенін сезе тұра, мұнымен ымыраласқысы жоқ.

Балпық Дербісәліге біткен бес ұлдың төртіншісі. Үлкендері ерте түтін түтеткен Білдебай, Меңдебай, Кешубай да, одан кейінгісі Балпық, ең кенжесі Балпықпен аты ұйқастырыла қойылған Салпық. Бірақ Балпықтан өзгесінің туа сала әке-шеше көзіне көрінген ешқайсысы жоқ. Айдасаң жүреді, жұмсасаң барады, Балпыққа ұсап, бес жасында-ақ екі аяғын керіп, екі қолын қос мықынына тіреп, «жоқ, олай емес, былай» деп қасарысатын, кейде беттен алатын мінездері байқалмаған.

Дербісәлінің бәйбішесі Ақбалық та текті жердің қызы. Арғы аталарынан қалған байқампаздығы бар. Бірде үбірлі-шүбірлі осы бес ұлдың оңы мен солын танымаған кішкентай шағында-ақ «Білдебайым – малдың иесі, Меңдебайым – әйелдің иесі, Балпығым – елдің иесі, Салпығым – ауылдың иесі, Кешубайым – үй тентегім болар» деген, сәуегейлігі кейін жұрт аузына тарап кетіпті. Ел-елді көп аралайтын Дербісәлінің қасында жүріп, Балпық басқа да сыншылардың сарабына түсті. Олардың аузына қалай қақпақ қоярсың, ел құлағын қалай бітерсің? Балпықтың бөлек жаратылысы жайлы біраз аңыз содан бастау алды.

Ал, Дербісәлі мен Ақбалықтың Балпық бойынан өз көздерімен көргендері қаншалықты. Тіл-көзден қатты сескенетін Дербісәлі бәйбішесіне ол жайында тіс жарғызбайтын. Бірақ ашықауыздық әйелдің ет-сүйегімен бірге жаратылған ғой. Біраз нәрсе Ақбалықтың аузынан там-тұмдап шығып жүріпті.

Осыдан екі жыл бұрын Ұлы жүз – дулаттың ботпайынан бір көп аға-йынды, белді би Балпықты байқап, бұл он алтыға толмай-ақ Дербісәліге құлаққағыс етіп, өзінің сұлу да ақылды қызы Кәсенсарыны мұның осы баласына қосуға мұрындық болған. Қазір Дербісәлінің тағы бір немересі осы Кәсенсарыдан туып отыр. Дулат сынды үлкен елдің ұраншысындай белгілі адамымен құйрық-бауыр жесіп, мың жылдық құда болуынан, әрі ат ұстар тағы бір немересінің дүниеге келуінен қапсағай денелі, буыршын жүрісті, жіті көз, ашық маңдайлы Дербісәлі ұшпаққа жеттім демейді.

Балпығы хақында, оның болашағы хақында бір тойымсыздық қара дерт-тей мұның ішін жайлағалы қашан? Ия, мұның осы нәсілі жөніндегі ойы басқада. Ерте үйленген Кешубайының үйіндегі келіні кербез де аурушаң еді. Тағы бір сырқаты ұстағанда үй іші бақсы шақыртады. Бақсының емі ұзаққа созылып, содан күдіктенді ме, Кешубай үйге кіріп, әлгі бақсының ақ некеге қиянатының үстінен түседі. Шешесі «үй тентегім» деп тегін атаған ба, Кешубай бақсының басын балтамен шауып, допша домалатады.

Бақсының ел-жұрты ердің құнын алмаққа дәмеленіп, Дербісәлінің аулын шабуға ыңғайланады. Араға билер түседі. Олар ыңыранып, шешім тапқанша әкесінің ту сыртында бұққан он бір жасар Балпық, суырыла кетеді:

«Бақсыға балта,

Қылмысы үстінде сілтенді.

Ұрыға құн жоқ,

Ұрыға құн болса, момынға күн жоқ».

Әз Тәукенің заманынан бері бура құнсыз, бұқа құнсыз, ұры құнсыз, бақсы құнсыз емес пе еді?» - деген екен. Бұл сөз билерге де, даугерлеге де Алланың қаһары – ашық күнгі найзағайдай тисе керек. Ауыздарына құм құйылып, бәрі жөн-жөндеріне кетеді.

Міне, Балпықтың осы билігін Дербісәлі өз ұпайына қосылған салмақты үлес санаған.

Одан бір жыл өткен соң, Балпық алты алашқа әйгілі арғындағы қаракесек Қазыбек бимен қазақ-қалмақ дауына барды және де құдай оңдап, сол дауда түйінді сөз осы Балпықтың аузынан шығуы, дауласушы екі ел – қазақ пен қалмақтың айыр тілді, қусырма жақ шешендерінің осы сөзге құлап түсуі, Дербісәлі үшін аспандағы күнге қолын жеткізгенмен бірдей еді. Мұның қасында әлгі бақсы дауына билік айтуы ойыншыққа ұқсаған.

Дербісәліні де құдай тегін жаратпаған. Бірақ топ жарып сөйлеп, әсіресе Ұлы жүз, Орта жүз, оның ішінде дулат, албан, суан, жалайыр, арғын, найман майталмандарының бас қосуларында арқалы шешен атанып, бұзып-жарып шыққан жері жоқ. Жекпе-жек кездесулерде жеңгені де, жеңілгені де бар. Бұл тек «құлатөбел» айтыстарда ғана еді. Ал одан арғыда ел намысын, ру намысын қорғауда ту байлаған найзадай басқалардың шоқтығы көтеріліп кететін. Міне, Дербісәлі өзінің осы олқылығын балаларының ішіндегі оқшау төбе – Балпық арқылы толықтыруды өмірлік мұратына санайтын. Ал жүйрік ат ұстау, ит жүгіртіп, құс салу мұның қасында еріккеннің ермегі емес пе?

Дербісәлінің бір арманы Балпықты Ескелдімен үзеңгі қағыстырған дос ету еді. Торқалы той, топырақты өлім сияқты үлкен жиындарда әр түрлі сылтаумен баласын Ескелдіге жанастырып та көрді.

Жас алшақтығы аса емес, Ескелді бұдан небәрі он жас қана үлкен, үзеңгі қағыстыруға келіп-ақ тұр. Бірақ бұлардың бір түрлі сөздері жараспайтындай. Әрі екеуінің түр-нұсқасының да екі бөлектігі көп нәрсеге тұсау ма? Ескелді бойы сырықтай, атқа мінсе де, жерге отырса да денесін тіп-тік ұстайды, бұған көзі үнемі жасырулы жатқандай қабағынан төменгі қыр мұрны мен қанжардай сақалы қосылып, мұның тұла бойына құрыш тектес бөлек айбат, бөлек сұлулық береді. Алтын мен күмісті арал астырғандай аузындағы сөздерін және қос.

Балпық та балуан денелі, қол-аяғы тура шойыннан құйылғандай. Атан түйені тірсегінен ұстап тоқтататын қаруы және бар. Бірақ, бір түрлі домаланып қалғандай денесінің әр жерінен олпы-солпысы көп көрініп тұратын. Ескелді сияқты топ ортасында шалқып сөйлегенде жұрттың назарын аударатындай көсем тұлғасы жоқ. Балпықтың бет пішіні де тым домалақ. Екі көзі мысықтың көзіндей тым кішкене жаралар ма? Тек күлімсіреп сөйлегенде екі бетінде шұқыр ойылып, сүйкімділік аулына бір табан жақындап қалатын. Бірақ сүйкімділік көсемдіктің орнына жүрмейдi. Сүйкімділік қыз-қырқын үшін ғана ағаштың басындағы піскен жеміс сияқты көз тартатын алданыш елес. Ал көсемдік қалың елді аузына қарататын, тозбас алтын қасиет.

Дербісәлі баласы үшін сол жағынан аздап торығатын да. Бірақ кім білсін, әзірге тым жас қой, ел көре, жер көре, дау-шарда сынала жүріс түзеп кетер деп те үміттенетін.

Қабан жырау Дербісәлінің баласына қолқа салуға келгенде, әрі бұл қолқаның ел қамымен, оның ішінде Ескелді есімімен байланысып жатқанын естігенде қарт әке елп етіп, бірден сыр бермегенмен, сөз барысында баласы Балпықты ең алдымен өзі болып жігерлендірген.

Елдегі белгілі адамдардың ішінде қалмақты бүгінгі танда қатерлі жау санамайтындардың бірі – осы Дербісәлі еді. Қабан жыраудың қара аспанды төндіріп айтқан сөздеріне бас изеп, құнжың қаққанмен, шындап келгенде, баласының осы сапарын бір кездегі Қаздауысты Қазыбекке ергендегідей қазақ-қалмақ арасының кезекті бір дау-шарына ұқсатудан арыға бармаған. Көзі қарауытып, бұл сапардан баласының басы аман келуі екіталай екенін де аңдамаған. Анау-мынау арғының мен найманың емес, албаның мен суаның емес, етегін кеңге салған іргелі екі ел – қалмақ пен қазақ арасындағы түйін дейді, осы түйінді не шешіп, не бағдарлап келуден артық абырой бар ма? Сондай абыройға ие боларлық ұл тумаса, бұл андас елінің жотасы, андас ішіндегі барлық істі сыртқа шығармай, тігісін жатқызып өзі шешіп отырған, биіңмен, батырыңмен жеме-жемге келгенде иық теңестірген кездері де болған Дербісәлі атана ма? Баласына қол жайып, Қабан жыраумен бірге бата берді.

Міне, сол батаны арқаланған он сегіз жасар ертөле Балпық астына осы заманның дүлділін мініп, Қора мен Шажа өзендерінің қиылысқан жерінде тұр. Қарсақ терісінен жасалған қысқа тоны, басындағы дөңгелек малақайы бар, тіпті көкбайталдың ер-әбзеліне дейін қазақ пен қалмаққа ортақ әдіспен жасалғандықтан, тосыннан қараған адам Балпықты қай ұлтқа жатқызарын білмес еді. Бұл Қабан жыраудың есебімен осы сапарға әдейі жабдықталған түрі.

Ол өз алдына, қазір Балпықтың басына ауыр ой түсті. Мынау қырық қырау таулардың қай аңғарына қарай беттегені дұрыс, ең алдымен соны шешпекке ер үстінен аунап түсті де, әрі көк байталдың белін суытып, ұзақ бөгелді. Ақыры Қорадан да, Шажадан да өткел тауып өтіп, күнгей беттегі көлденең тақыр таудың баурайымен жүрді. Құлағы сақ. Балпық алыстан арпылдаған екі иттің даусын естіді. Бір ғажабы, дауыс тым алыстан шығады, тіпті ұзына бойына көз жетпейтін, төбесіне қарасаң тақияң жерге түсетіндей алып та биік таудың төбесінен жетіп тұрған сияқты. Бірақ соның өзінде де мынау таудан құлап аққан Шажаның суының құдіретімен парапар гүрілі бар, аса кең көмекейден шыққан тым зор дауыс. Жай иттің даусы емес. Мұның тау басына шықпақ ойы жоқ. Шажаны өрлей біраз жер ұтып, әрі ой толғап көру керек еді. Бұлқына аққан Шажаның теріскей жағында Сардоңғал атты үлкен дөң бар. Демек, Балпық Шажаны бойлап, Текелі атты кең саймен келе жатыр. Жоғарыдағы айбынды екі иттің даусы одан сайын зорайды.

Бұл жүріс ұзаққа созылған жоқ, бұрылыстау бір кезеңнің астынан керней тартып, ту ұстаған қалың қалмақ әскері шыға келді. Балпықтың көзі ұясынан ұшып түсе жаздады. Ұшқан құс көтеріліп әрең жететін тау басынан үрген иттің даусы еркін жетіп тұрғанда мұншама тұяқ дүбірін, керней даусын, сарт-сұрт еткен қару-жарақ дыбысын иек астынан бұл неғып естімей қалған? Мұнда бір гәп барын Балпық бірден пайымдады. Байқайды, төбеден үрген иттердің де даусы тыйыла қалыпты. Бұл бір-бірімен жалғасып, байланысып жатқан жұмбақ десең де қисынға келеді.

Найзаларының ұшын күн көзіне жылтылдатқан қалмақ әскерлері тізгін тартып, бір орында шегенделіп қалған Балпықты көзді ашып-жұмғанша қоршап алды. Осыншама батыр тұлғалы балауса жігіттің астындағы кеуек бас, жал-құйрығы жұнттай арық байталға мүсіркей қараған түрлері де бар.

– Әй, сен кімсің? - деп, сақал-мұрты селдіреңкі, Балпықтың өзі сияқты түйнек көзді, бірақ қанды жортуылды көп көрген ысқаяқтығы, аяусыздығы кексе жүзіндегі тарам-тарам жазулар арқылы-ақ тайға таңба басқандай айқындалып тұрған біреуі Балпықты болат найзасының ұшымен көкіректен нұқып қалды. Балпықтың төс сүйегі жаман ауырды. Осы тұста Балпықтың ішкі долылығы, ұйқыдағы арыстаны жұлқына оянды. Қару-жарақсыз, әрі бәйгеге салатын бұраң бел көкбайталды емес, жау ортасындағы өмір мен өлім додасына түсуге жарамды белі мықты, сүйекті жылқы мінбей, қарусыз, мүсәпір, жетім баладай келгеніне қатты өкінді. «Жалғыз шауып, жау алмайсың, осылай барғаның дұрыс» деген жырау сөзін еске алса да, ауыр құса бүкіл денесін жайлады. Сонда да Балпық сабыр сақтады.

– Мен кім болушы едім, жай ел кезбемін. Асыранды құсым бар еді, бабы келсе арлан алатын еді, соны жоғалттым. Жалғыз жұбанышым еді, таба алатын емеспін, жаман көк байталымның табаны тозды.

– Нәсіліңді айт, сөз басы содан басталмақ керек? - деп, жаңағы сақа жуынгер-әскербасы мұны болат сүңгілі найзасымен тағы да нұқып қала жаздады.

– Мен Барабы татарларының ұрпағымын.

– Е, біздің ата жауымыздың тірі көзі екенсің ғой. Ана жылы сендерді қойдай қырмаққа ұмтылғанымызда қазақтың арғын руына қарай жалт беріп, жан сақтағансыңдар.

– Кешірерсіз, біз керісінше сіздердің қолтықтарыңыздың астына кіріп, сіздермен тонның ішкі бауындай араласып, отандасып кеткенбіз.

– Біздегі азың, көпшілігің қазақтың шылауында кеткенсіңдер.

– Ол кезде мен тіптен жас бала едім ғой, кім қайда қашты, қайда жан сақтады, қайдан білейін?!

– Анау Сары, Ноқайдың даусын естідің бе? - деп сұрады, әскербасы.

– Кімнің дейсіз?

– Сары, Ноқайдың деймін!

Балпық әлі де ештеме түсінген жоқ.

– Бұл бала өтірікті күрсілдетіп тұр. Сары, Ноқайды білмесе, бұл қалмаққа сіңген елдің нәсілі емес. Түрі бұзық, қазақ. Ортасынан мүләйімсіп жеткен тыңшы! - деп, екінші біреу әскербасымен үзеңгі қағыстырып жанаса кетті. Әскербасы да бұл сөзге ден қоя ойланғандай. «Сары, Ноқай?»... Балпықтың көз алдына бет-ажары ерітілген жездей жарымес біреудің бейнесі келді. Кім ол, неге оны исі қалмақ тегіс білуге тиіс? Бұған ақыл жеткізу өз жағдайында мүмкін еместігін сезіп, Балпық қалмақтардың түр-түстерін, сөз ауандарын мұқият назарға алды. Бірақ бұл жұмбақ күйден кексе әскербасының өзі арылтты:

– Жаңа тау басынан көмекейлері кең екі иттің үргенін құлағын шалды ма?

– Шалды! - деп, Балпық жоғалғаны табылғандай елең етті.

– Ол біздің қолбасшының екі иті. Бірінің аты Сары, екіншісінің аты Ноқай. Ол екі ит адамнан ақылды, көздері аспандағы бүркіттің көзінен өткір. Еліміздің, жеріміздің сақшылары. Жаңа сенің хабарыңды бізге жеткізген солар. Әрі сені олар айлакер жан ретінде танып, өлгенше арпылдады.

Балпық бұл сөздерден аздап тіксінгенмен де, сабырлы жауап қайырды:

– Барабы татарлары да ит ұстайды. Олар да иттің ақылдысы деп, оның неше түрлі тұқымдарын сұрыптап, іріктеп, қасына ертеді, дос етеді. Бірақ мақұлықтың аты мақұлық, кейде ол иесінің көптен көрмеген қарын бөлесінің де қарнын ақтарып тастай жаздайды.

– Сөз саптасын қарамайсың ба, мынау таза емес, анық жау! - деп, жаңа әскербасымен үзеңгі қағыстырып, күдік білдірген неме найзасын төбесінде ойнатып, қайта жынданып шыға келді:

– Сенің осы суайттығың үшін мойныңды осы жерде қиса, сауапшылық болмақ!

Әскербасы бұл сөзді өз намысы аяққа тапталғандай бұрынғыдан реңкі бұзылыңқырап айтты:

– Еліміздің, жеріміздің сақшысы, ұлы қонтайшының баласы, біздің, басқолбасшымыздың күндіз-түні жұмылмас ояу көзі, асыл текті Сары, Ноқайды қай-қайдағы шапқан мен соққанның жемтігі жаман татарлардың табанын жалайтын құлағы қалқиған, жүндес иттеріне неге балайсың?

Балпық бірден ұлы қонтайшының баласы, біздің бас қолбасшымыз деген сөзді көкейінде тұтты. Ұлы қонтайшы Сыбан Рабтан екені бесенеден белгілі. Бурят пен моңғолды шауып қосып алған, одан Барабы татарларына тиіскен осы Сыбан Рабтан ғой. Бұл Балпықтың Қаздауысты Қазыбек бимен бірге барып, қазақ-қалмақ дауын шешердің алдындағы оқиға. Балпықтың есіне Қалдан Сереннің есімі сап ете түсті. Сол Барабы татарларымен болған соғыста-ақ Сыбан Рабтан мен оның баласы Қалдан-Сереннің есімі қатар аталатын. Одан кейін қонтайшының тоқалынан туған кіші баласы Шұна-Добаның аты дүркіреді. Бұл сол Қалдан Серен, не Шұна-Доба екеуінің бірінің ордасына тұмсық тірегеннен сау ма? Өзін қоршаған жоңғарлардың бір қолдан шығып, бір үкімге бас игендей тым жинақы қимылдауы оңай-оспақ қолбасшының тегеурінінен емес сияқты.

– Біз жетім өскен баламыз. Анау-мынау ұлы сөзді біздің құлағымызға құйып жатқан ешкім жоқ. Кессеңіз міне, бас. Менің ұлы қонтайшыға да, оның қолбасшы баласына да зәредей жазығым жоқ, - деді Балпық.

– Жетімдігіңмен қоса сен ақпақұлақ шығарсың? – деп, әлгі әскербасының қасындағы күдікшіл, ақжем ауызды неме тағы шықты. Бұл басына желін қапқа ұқсатып, шеті қайырусыз қозы терісінен жасалған бөріксымақ киген, көздерінде, ақсиған тістерінде адамға сенімсіздік дегенің қасқырдың тісіндей ақсиып тұрған айнымас пәле еді.

Басына қан шапқан Балпық басқадан бұрын осының қорлығына шыдай алмастай:

– Әттең, астым да белі мықты атым, белімде асынған қаруым жоқ, әйтпесе осы қорлық сөзіңіз үшін мен сізді жекпе-жекке шақырар едім. Немесе кел, аттан түсіп, құр қолмен жаяу шайқасамыз. Қайсымыз өлсек, құнымыз сұралмасын.

Осы кезде Балпық ойламаған жәйт болды. Біреу бұлардың алдында дамбалын шешіп, абыройын ашып тұрғандай жоңғар әскерлері қыран-топалаң күлкіге батты. Тек әскербасы ғана түгін сыртына шығарып, найзасын қысқа ұстап, Балпыққа қарап бедірейіп қапты. Ал қалғандарын айтпа. Әлгі әскербасының қасындағы қозы терісінен тазкепеш сияқтанған бөріксымақ киген қалмақ күлкіден шашалып өле жаздады. Тіпті қатты күлгені соншама атынан да ауып түсті. Қара жерге май құйрығымен отыра кетіп, қос шекесін алақанымен басып, екі иығының селкілдегенін көргенде мұны жынданып кетті деуге болар еді. Жан-жағында ойқастаған, олар да естерінен тана күлген әскерлердің бірінің болмаса бірінің атынын астында тапталармын-ау деп ойлайтын да емес.Күлкі басылмады, бедірейген найзасын қыса ұстаған әскербасының түсі өзгермеді. Балпық өзінің не қателік жіберіп алғанын аңғармады. Бір уақытта әлгі тазкепеш киген, көздерінен, ақсиған тістерінен адамға деген сенімсіздік көзге шанышқыдай ұрып тұрған қалмақ орнынан түрегеліп, күлкіден әлі де өзіне-өзі келе алмай, әскербасының қамшылар жақ үзеңгісіне бір қолымен жармасып, бірдеме айтпақ болады. Бірақ онысын айта алмайды. Тіпті, айт-қан күнде де оны басқалардың күлкісі естіртпес еді. Балпықты осылайша тосылдырған, жылдай ұзақ көрінген түсініксіз құбылыстан соң ғана:

– Бұл – қазақ. Бұл – қазақ.

– Барабы татарлары ешқашан жекпе-жекке шақырмайды.

– Біздің ойратта ондай дағды қазақтан сіңген, мынау соны білмей артын ашып тұр.

– Бұл – қазақ. Тыңшы! Жансыз! - деп, құлақ жарардай ащы дауыстар бірінен соң бірінің көмекейінен шығып жатты. Балпық сонда ғана өзін құдай ұрғанын ұқты. Рас, бұрынғы қазақ-қалмақ соғыстарында, қақтығыстарында екі елдің батырларының жекпе-жекке шыққаны болатын. Бірақ мұндай ұсыныс үнемі қазақ жағынан жасалатын. Қалмақ-ойраттар ондай ұсыныстарды көбіне қисынсыз көретін, тек ара-тұра өздеріне тиімді тұста, сенімді найзагер батыры барда ғана қабыл алатын. Әлі де аузынан бір сөз шықпай бедірейген әскербасының бір иек қаққан бұйрығы бойынша қалмақтар Балпықты аттан түсіріп алып, өрге қарай жаяу алып жүрді. Көк байтал әлдекімнің жетегінде кетті. Енді сөз де, күлкі де тыйылған. Қолға түскен олжаны қайсымыз, қалай бөлісеміз деген сияқты ішкі есеп іштерін тескен түрлері бар.

Бұлар бір бие сауымындай уақыт жоғары жүрді. Сонда бір жартастың түбіне апарып, Балпықтың қол-аяғын кісендеп тастады. Төбеден күн сәулесі көп түсе қоймайтын, қалың қарағайлы жотаның астындағы үңгірлеу жартас еді. Балпық осылай екі тәулік тұтқында жатты. Әркімдер кеп бір сөйлесті. Балпықтың жауабы біреу. Сол, Барабы татарларынан қалмақ жағына көшкен жетім бала. Сол жақтағы ойраттардың біраз нояндарының аттарын білетін. Соларды атайды. Аздап жылқы баққаны да бар. Барабы татарларынан шыққасын, әрі жетімдігінен мұны ойрат нояндары өздерінің ішкі ісіне көп жуыта бермейді.

Жартастың түбінде жатып, тау басындағы Сары, Ноқай атты екі иттің кең көмекейлерінен арпылдап шыққан дауысты екі-үш рет естіді. Ол иттер үрген сайын Текелі сайымен, Шажаны бойлап, сайдың тасындай жүз қаралы әскер шаба жөнеледі. Балпықтың байқағаны екі ит белгі берген сайын шабатын топ үнемі өзгеріп отырады. Сірә, кезекке қойылған, ешқашан таусылмайтын сыңсыған қалың әскер мынау жоғарыда, ақ қарлы шындардың қойнау-қойнауларында теңіздей толқып, сақадай сай тұр.

Балпық өзімен тілдесуге келген адамдардан осы әскерлер туралы  сұраудан сақтанды. Ондайда сыр алдырып алатыны анық. Мұның әзірге білетіні Сары, Ноқай атты екі ит пен олар үрген сайын атып шығатын, үнемі жаңарып отыратын әскерлер тобы. Кейін шығыстан батысқа қарай көлбеп жатқан осы тақыр тау сол екі қалмақ итінің есімімен Сарноқай аталып кетіп еді.

Балпық тұтқында жатқан екінші тәуліктің соңында оншақты құл-құтан көтерген шашақты ақ жібек шатырдың астында отырған қару-жарақсыз, жұқа қызыл шапан жамылған, басы жалаңбас, оң жақ құлағының үстінен түсірілген жіңішке тұлымы иығына жеткен, бір үлкен ноян Балпықты келіп көрді. Бірақ өзі тіл қатқан жоқ, қасындағы атты жасауылдардың қара түнектей қаһарлы жүзді біреуі сұраққа алды. Балпық сол бұрынғы жауаптарын қайталады. Ноян өзі үндемегенмен, көзі өткір екен, өңменіңнен өтеді. Бар сырымды бұл ноян білді, санаулы күнім біткен екенсің деп, ноянның қадалған көзінің астында ең алдымен Қабан жырауды, әкесі Дербісәліні, шешесі және төрт бауырын, жас сұлу әйелі Кәсенсарыны ойлады. Бірақ, қалың ел қазақ, бәрінен сенің обалың қиын ғой, мына сыңсыған әскер үстіңнен жайпап өтсе, күнің не болмақ деп, бас-аяғы жоқ ұзақ сарыуайымға да бой алдырды.

Балпықтың ойлағаны болған жоқ, шатыр астындағы ноянды әкетісімен, мұның қол-аяғындағы кісенді шешті, аздаған ас-су берді, біржола көз жазған шығармын деген көк байтал да тап қасынан табыла кетті. Қалмақтар мұны босатты. Бірақ, садақ асынған, таулы жердің тасында ойнап үйренген өңкей сәйгүлік мінген үш жауынгер мұны сонау Шажанын аяғына дейін жеткізіп, Қараталдың арғы жағасына өткізіп салуға міндеттенген екен.Бұлар жүріп кетті.

Балпықты алға салған жүргіншілер Қараталдан ары өткенше күн екінтіден асқан. Екі күн суығы өңменінен өткен Жоңғар Алатауы артта қалды. Бірақ Балпықтың көзіне бұл тау сонда да ыстық. Қалмақ пен қазақ арасы тынышталған жылдары мұның шөбі шүйгін, бал татыр қайнар-бұлақтары табандарында қайнап аққан жайлуын екі ел қатарласа жайлайтын. Енді Балпық анық танып келе жатыр, енді қазақ тап осы жазда бұл таудың жайлауларына малын шығармақ түгіл, ұшырған құсы адасып қонса, қанды соғыссыз қайтарып ала алмайды. Мынау ашық соғысқа бекінген елдің түрі. Әйтпесе, тау суығы әлі кетіп болмаған мынадай шақта қару-жарақтарын сарт-сұрт еткізіп, мініс аттарының ер-әбзелдерін жорыққа шығардағыдай қамдап, тау басында жолбарыстай көмекейі кең екі ит ұстап, өздері сақадай сай тұра ма? Оның үстіне бұл мамыр, көкек айларында қазақ дегенің бұлай қарай өлсе жылжымайды. Сонда бұл қалмақ осы бастан неғып шынжырдағы байлаулы иттей бұлқынып тұр? Жоқ, Балпық ақымақ емес, бұл анық соғыс қамы, соғыс болғанда аса арыға бармайтын, мөлшері белгіленген, бағыты айқын, тек күннің сәтін ғана күтісіп, қалың нөпір қолды дегбірсіздендірген соғыс екенін ұқты. Тек Балпықтың бір нәрсеге ғана көзі жетер емес, осындай қару-жарақтары шақылдаған дайындықтың шет-жағасын көріп қалған, өздері қазақ деп күмәнданған адамды бұлар неге жіберіп отыр? Бұл күндері төмендегі қазақ еліне қарай тірі тышқан өтпеуге тиіс қой. Мұндай жағдайда сондай қатаң бұйрық болуы занды екенін ақылмен есептеп шешкен Балпық өзінің ат-көлігі аман, үш қалмақтан жасауыл ертіп келе жатқанына сенбейтін де сияқты. Бұл сосын да бір нәрседен күмәнданды. Мынау үш жасауылдың біраз жер шығарып саламыз деген сөзі айла ғана, былай алысырақ апарып, көк желкеден садақтың оғын қадамақшы ғой. Бірақ ол үшін осыншама ұзақ жол жүрудің қажеті қанша, үңгір тастың аузында кісендулі жатқан жерінде бітіре салмай ма? Міне, бұл да жұмбақ.

Балпықтың өзінше жасаған тағы бір қорытындысы бар. Ол да мал баққан қазақ үшін аса жайлы емес, бірақ солай болған күннің өзінде де құдайға мың да бір шүкір деуге болар еді. Ол қорытындысы мынау: Балпықтың қазақ екенін жоңғарлар біліп отыр, енді бұдан былай қазақтың қой, жылқысы мынау Жоңғар Алатауын жаз жайламақ түгіл, одан бір тал шөп үзіп жей алмайды. Қазаққа, таудағы қар суығы кетіп болмаған осы ерте шақта соны ескертіп қою. Бірақ олай болса, Балпыққа осыны кәдімгідей неге ашып айтпайды, ал Балпықты шынында Барабы татарларынан шыққан жетім санаса, онда өздері-ақ күні бұрын қазаққа сондай қоқан-лоққы ескертпемен неге елші жібермеген? Көк желкемнен садақ оғы қашан қадалар екен деп келе жатқан Балпықтың басында, көкірегінде осындай шешуі қиын сұрулар, әлем-жәлем ойлар алқа-қотан сапырылысты. Саспа, Балпық, қазір бәрінің түбіне бір-ақ жетесің, соңыңдағы үш қалмақ мынау тегі беймәлім пәле үшін қайсымыз оқ шығын етеміз деп, соның төңірегінде тәжікелесіп келе жатқан шығар.

Қараталдан ары өткеннен кейінгі жүрістің әрбір сәті Балпық үшін жылдық тауқыметтен ауыр болды. Бірақ аса қайратты жігіт мыңқ етпей, сыр бермей келеді.

Өзінің алдын ала белгілеп алған шешімі бар. Бұл Қараталдан өткесін де аттың басын төменге бұрмай, түу терістікке, Алакөл жаққа тарта бермек. Себебі, Балпықтың бұларға түсіндіруінше, мұның шыққан жағы сонда ғой, сол Жоңғар Алатауының кақпасы жақта ғой. Мұндайда сөз бен іс титтей де қайшы келсе, ажал оғының сап ете қалатыны күмән тудырмайды. Құдай аманшылыққа жазып, мына үш қалмақтан аман кетсе ғана, соның өзінде де Алакөл жаққа, тым құрыса одан берідегі Ақсуға дейін тіке жетіп, сосын ғана аттың басын төменге, қалың қазаққа қарай бұрмақ. Көкбайталға бұл жолғы бәйгең қалың қазақ тағдыры, соның амандығы, кәне, қанатыңды жаз да ұш деп, ерік бермек.

Қараталдан өткесін де бұлар бие сауымындай ілесіп отырды. Ақыры, «жолыңыз болсын, жүре беріңіз» десіп, үш қалмақ кейіндей берді. Бұл тұс қыраты мол, аса жазық жер емес-тұғын. Көкбайтал ондай жерде, әсіресе торғайдай ғана салмағы бар, шапқан атпен қоса ұшып отыратын бәйге атына лайық жұқалтаң бала емес, батыр пішінді, батыр салмақты Балпық мініп келе жатқанда аса бауырын жазып, шаба алмайтыны белгілі еді. Сосын да бұл сақтық етті. Көк байталдың етін қыздыра, желе жортып бара жатты. Мол тұстар таусылғасын, осы Жоңғар Алатауының бір сілемі Қоңыртаудың бір сайынан жұлқына ағып шығатын Ақсудың сағасына дейін созылатын шұбырынды көш жолының басталғанын көрді. Арттағы қалмақтар әлі де көз көрім жерде келе жатыр. Балпықтың шыдамы осыған ғана жетті, «а, құдай, суыр інінен сақта» деп көк байталға ерік берді. Адамнан ақылды жануар аяқ-қолы шойындай Балпықты ауырсынған жоқ, аузымен құс тістеген жүйріктігіне осы арада басты. Арттағы қалмақтар мынау бейуақ шақта қап-қара нүктедей болып жоғалған көк байталдың өнерін бұған дейін неғып байқамағандарына таңданған да шығар. Мүмкін олар құралайды көзге атқан мергендер шығар, жау қазақты алыстан атып түсірмек боп, үшеуі үш түрлі жебені дайындаған да шығар, қайсысының жебесі дәл тисе, оған үлкен олжа тиесілі де шығар. Бірақ бұл жерде әңгіме мүлде басқаша еді. Үш қалмақтың Балпық мінген көкбайталдың бір таудың топырағын екінші таудың топырағына қосардай жүйрік екеніне, сөйтіп, тез қарасын батырғанына шынында таң данысты. Бірақ өз қолбасыларынан жаман қорқатын, жандары тәтті үш неме сол қолбасының көкірегінде бөгде қобалжу тудырып алмау үшін тұтқын жігіт мінген көкбайталдың өнерін ел-жұрттан өмір бақи жасырып өтуге сол кешкі апақ-сапақта бір-бірінің алдында ант-су ішісті.

Бұлар қосынға өз міндеттерін атқарған болып қайтты. Бірақ бұл кеште шын міндет атқарған тағы оншақты адам бар еді. Олар да ерлік жасап, қолбасының өз қолынан олжа алуға соншама аңсары ауған жандар болатын. Мұның бәрі мана күндіз кісендеулі жатқан Балпықты көзімен көрген үлкен ноянның өзінің бе, жоқ, соның көрде жатқан адамның пиғылын танитын, ақылды да сұңғыла кеңесшілерінің бірінің бе, әйтеуір қайсысының болсын тапқан айласына байланысты еді.

Бұлар Балпықты қазақтар жіберген тыңшы ма, жоқ па, соны білуге тiмiскiлене көңіл бөлді. Үлкен ноян өзі көріп, Балпықтың тақымына қыл бұрау салғанмен, шынын айтпас адам екенін сезіп, басқа амалға көшті. Балпықты босатқан болып, бірақ одан жарты сағаттай бұрын құралайды көзге атқан нағыз мергендерді шұғыл аттандырып жіберген болатын. Қараталдың теріскей жағындағы жер жағдайын, Көкше теңізден беріде қалың құмда отырған қазақтарға апаратын жолдарды жақсы білетін олар бытырап, сол жолдарды торуылдады. Егер Балпық соңындағы үш қалмақтан құтылғасын солай қарай аттың басын бұрса-ақ, әлгі жол торушы, құралайды көзге атқан мергендер оны атып түсіруге тиісті еді. Тіпті өлігін сол өзі мінген көк байталға теңдеп әкелу міндеті оларға және жүктелген. Бұл ерлік қай мергеннің үлесіне тисе, соны шын мәнінде үлкен олжа күтіп тұр еді.

Себебі Қараталдың өрінде бекінген қалмақ қолбасшыларының не олардың кеңесшілерінің ойынша, қазақтар қалмақтардың мына шоғырынан күдіктене ме, жоқ па, тіпті бұдан хабарлары бар ма, әлде мынау сол қазақ тардың жабы байталға мінгізіп жіберіп отырған, жанын шүберекке түйген, жүрек жұтқан жалғыз жансызы емес пе? Міне, осы жағдайды еш жаңсақсыз ашып-айырып білудің алдағы шабуылды ұйымдастыруда керек болары сөзсіз. Қамсыз жатқан елді шабу мен қайла мен найзасын барынша кезеп отырған елді шабудың әрқайсының білген жанға, әккі жауға өз жөн-жосығы бар.

Бірақ Балпықтың соңына ерген үш жасауыл мен олардан бұрын кеткен,

Көкше теңіздің бергі жағындағы қалың құмды қыстаған қазақтарға апаратын жолды торуылдаған, олжа дәметкен, құралайды көзге атқан саңлақ мергендер бәрі құр қол қайтты. Бұлар жолда түйісіп, жабы байталға мінгеннің қазақтарға еш қатысы жоқ, сол Жоңғар қақпасына қарай тартып отырды десіп келді. Сөйтіп, бәрінің пікірі бір жерден шықты.

Ал шындығында Балпық олардың осы ойын шешкендей еді. Ақсудың жағасына жеткенше көк байталдың тізгінін тартқан жоқ.

Күңіреніп аққан тау суының гүрілі естілгенде ғана бұл жүріс баяултты. Қоңыртаудың етегіндегі бұталы бір қалыңға кірді де, көк байталдың ерін сыпырмастан өзі жер бауырлап тыңдап жатты. Балпық заты қорқақ емес, бірақ ел қамы үшін үлкен сақтықтың керек екенін естен шығармайды. Бұл – түннің бір уағы болған шақ. Көк байтал мұнда қанша жердің апшысын қуырып жетті. Қалмақтар жолай ұшқан құстан қанат байлап алмаса, бұдан әлдеқашан көз жазып қалды. Балпық сонда да аспандағы жеті қарақшыны бақылап, түн мөлшерін белгілейді. Өзінің аман кеткенін есепке алады. Тап осы тұста бұған бір қанағатсыздық та пайда бола кеткендей. Мұнымен бірге оншақты қалмақ мергенінің қатар жарысып отырғанынан хабары жоқ бұл соңына ерген үшеудің екеуін өлтіріп, біруін қанжығама неге байлап әкетпедім деп те қиялдады. Онда Жоңғар Алатауының құпиясы тегіс ашылар еді-ау деп те армандады. Әттең, шіркін, олар қамшымен ала қояр жау емес қой.

Бірақ, Балпық қысыр қиял мен алыс арманның соңында ақылын сарып қылатын жас емес, жоқты жоқ деп мойындап, барды қылшығына дейін түгендеп іске жарататын жан. Жұлдыздарға қарап, әлі де сақтық жасап, түн түнегі ауып кетпей тұрғанда Жоңғар Алатуының етегінен алыс кетуді, ертеректе ел табуды ойлады.

Көкбайталға қайта мініп, Ақсудың суымен Көкше теңізге бірге аққандай айсыз тас қараңғылықта төменге қарай жылжып берді. Бұл өз елінің шетіне ертеңгі сәскелікте жетті. Бұл аса ұзақ жол еді. Көк байтал құс қанатты бәйге аты болғанмен, құмы мен ой-қыры мол кеңістікте ұзақ бауырын жаза алмады. Сонда да Балпықты еліне өзі мөлшерлеген кезде жеткізді. Ал бұдан арғы оқиғаны атап сұрамаңыз. Қалмақтар бізге енді өлсе тиіспейді деп келген әкесі Дербісәліні Балпық сандық түбінен суырып алған алдаспанымен шуып тастай жаздады. Ат ауыстырып мініп, қару-жарағын асынған, ұйқы көрмеген Балпық ауыл үстінде ойран салды. Баласының қатты шошынып келгенін ұққан Дербісәлі енді тілін тартты. Қабан жырау мен Ескелдіге өзі кісі шаптырды. Олар көп күттірген жоқ, үкідей ұшып жетті. Балпықты ортаға алды, бірақ, мұның айтар сөзі аз, Жоңғар Алатауының іші сыңсыған қалмақ қолы, енді бірер күнде олардың атының аяғында тапталамыз, тіріміз құл-құтанға, қатын-қыздарымыз олардың күңіне айналады.

Торсықтай беті ісінген Балпықтың әрбір сөзін естіген сайын Қабан жырау қолындағы табадай қара тасын тырнағымен безей береді. Бірақ тасы құрғырдан үн шықпайды, тек жырудың өз көмекейінен ыңылдаған бірдеме естіледі. Ол неғылған үн, адам түсініп болмайды. Бұл анада Көкше теңіздің арғы бетіндегі арғын ақынынан жеңіліп қайтқасын, қайтып қолыма домбыра ұстамаймын деген уәдесінде тұрса керек. Бірақ қазір де құр қол емес, тап қазір жел кеуек, қыл мойын домбырадан гөрі, осы қара тастың пайдасы молырақ дегенге меңзейтін сияқты.

Үркінде, үркін, үркінде.

Өтеді дүние бір күнде.

Тыңдап отыр, шырағым,

Мен саламын бүлкілге.

Жігіт болсаң, майда бол,

Тал жібектей үлпілде

Барына қыл қанағат,

Не береді қу тілге.

Алпыс күн атан болғанша.

Бура боп бір күн зіркілде.

Көзіңді жұм да жауға шап,

Ажалды өлер іркілме.

Кешегі өткен заманда,

Дін, мұсылман аманда,

Ердің құнын тапқан көп,

Ашуланып бір түнде, - деп жырлап жіберді. Ақын сөзінің астарын бәрі де ұқты. Ажалдан қашып құтылу жоқ, тәңір бұйрығы жетсе, алтын басың қор болып, әлдебір бақталас, күндестің қолынан да кетуің ықтимал. Өйтер басты ақылмен іс қылып, жауға қарай бұрған әлдеқайда абырой емес пе? Қабан жырау әлгі өлімнен қашқан Қорқыт аңызын жиі айтатын. Мына шумақтары да сол аңыздағы алтын өзекті ойдың жалғасындай. Бұл Балпықтың кеудесіне қосымша жігер, аузына сөз құйғандай.

– Жатқа тізгін бермейік. Жау шаужайдан өзі алса, көк ауаны қоса тіліп, сермер семсеріміз қайда? Тіліп түспейміз бе қолын?! Қымызға масайып, ұйқысыраған керенау халден шайтан түртіп оятар деймісіздер? Жоқ, шайтан түртіп оятпайды, қайта ол әзәзіл одан әрі ұйқыға шақырады. Көзімізді тырнап, өзіміз оянайық. Қару-жарағымызды қарсақша шақылдатып, баршаны оятайық. Қаптаған топан суды көріп тұрып, қапы қалмайық, қам жасайық. Ақыр заманның түр-түсін көрген адам жоқ, бірақ түйсініп келген мына мен бармын. Ақыр заман біздің басымызға төнді! - деп, Балпық ата көгершіндей зікір салды. Дербісәлінің тар үйінде бас қосқан қырыққа енді иек сүйемекші Қабан жырау мен екі мүшелден жаңа асқан жас би, осы маңдағы жалайыр елінің ес тұтары Ескелді биден табан астында осы он сегіз жасар Балпықтың шоқтығы биіктеп кеткендей. Оны Дербісәлі көзінің бір ұшығымен байқап отыр.

Басалқалылыққа шақырған ешкімнің сөзін місе тұтпайтындай. Ақыры Дербісәлі шыдай алмай, есіне түскен бір қауіпті айтып та қалды:

– Апырай, «тұлпардың басы тасқа тимей тоқтамайды» деген атамыздан қалған бір сөз бар еді, мынау қайтер екен?

«Бұл сөз Дербісәлінің шын қаупі ме, жоқ, мақтаны ма?» дегендей бәрі соған қарасты. Дербісәлі ашық маңдайын шытынатып, қаупіне ұқсатты. Жаңағы ескіден қалған сөздің неден туғанын баршасы да білуші еді.

Ерте, ертеде, Оғыз заманында Бәйдібектің ұлы Албан Қабыланнан енші алам деп келіп, бір шұбар тұлпарды қалапты. Бұл Шұбар тұлпар ол кезде өзі де жас Қабыланның бас бәсіресі екен. Кезінде оны енесі кертөбел бие тастың үстінде тік тұрып туып, бұл бірден жүріп кеткесін, әкелері «бес жасқа келгенше қол, құрық тигізбей бұла өсіріңдер, Қабыланның бас аты осы болар»- депті. Жаңағы Албанның қалағаны осы шұбар тұлпар екен. Қабылан мұны естіп: «Албан ағайынды елдің баласы ғой, сырты түк бір мал үшін өкпелеспейік. Жылқыны Жиделі түбекке айдап әкеліңдер, әлі үйретілмеген шұбар тұлпарды Албан сол жерде құрықсыз, қолмен ұстаса алсын», - дейді. Албан Садақкер деген атына мініп, шұбар тұлпарды қуып жетіп, жалына қол салғанмен ұстай алмайды. Сонда Қабылан «мен де құр қолмен ұстасам алайын, ұстамасам менен де кетсін» дейді. Бұл Жайдақкер деген жүйрікке мінеді. Шұбарды қуып жетіп, желкедегі жүгендікке қол салады. Темірдей бармақтары жүгендіктегі теріні тесіп өтіп, жалдың астын езіп жібереді. Шұбар тұлпар тізесін жерге үш тигізіп, үш көтеріледі. Жал терісімен қоса жотадан сыпырылып, құйрықтан бір-ақ шығады. Асау тұлпар қан-жоса күйде құтылып шыққанмен, сайдағы үлкен жартасқа соғылып өледі. «Тұлпардың басы тасқа соғылмай тоқтамайды» деген жаңағы Дербісәлі айтқан сөз содан қалыпты. Сонда Оғыз ақсақалдары «Әй, Қабылан, бұдан былай сенің ныспың Жалайыр болсын» деп бата берісіпті.Бұл жайындағы көп аңыздың бір нұсқасы осылай түзіледі. Ал Дербісәлі оны неге еске салады? Өзге балалары әлжуаз, ал мына Балпығы жөніндегі дәмесінің зорынан ба? Ұлы жүздің ноқта ағасы Жалайыр батырдың аруағы осы Балпыққа көшіпті деп, қисындастырып, көкке көтергісі келе ме? Мейлі, солай-ақ болсын. Ескелді оны мүлдем қызғанбайды. Тек ол осы қасиетімен төбесіне дүлейдің шоғы түскелі тұрған сол қалың жалайыр елінің кәдесіне жарасыншы.

Осылай ойлаған Ескелді би ауыр қиналыс үстінде.

Аждаһаның аузына барып қайтқан Балпық, міне, көз алдарында, ал, Ташкентке Ұлы жүздің ханы мен үлкен биіне кеткен адамдардан әлі хабар жоқ. Сонда хан аулынан аждаһаның аузы әлдеқайда жақын шыққаны ғой. Бұл Ескелдінің басындағы ауыр ойға одан сайын шойын ерітіп құйғандай зіл салмақ артты.

Балпықтың жаңағы ұранын Ескелді өзі де жүзеге асыруда. Сөз жетер жердің бәріне тағалы аттарың, бес қаруың, жау шапқанда аулың сынпша сырғып кетуге дайын тұрсын деген хабарды хан жарлығындай етіп ұшыруда. Бірақ айналасы бір жұмаға толмайтын уақыттың ішінде қыстан жүдеп шыққан жұрт қаншалықты буынып-түйіне қойсын. Ескелді өзі бастап әскер қосынын да құрды, Бірақ бұлар тым аз, қосылушылардың шама-шарқы да тап көңілдегідей емес. Атақты ұсталардың да басын қосты, көрікші, балғашы жігіттерді өзі жиып берді. Бірақ жұмыс тым баяу, әрі соққан мылтықтары мен қылыштары әркімнің қолында кетуде. Біреу бабам батыр болған, менің немереме лайық деп, әлі тілі шықпаған нәрестесіне не қылыш, не мылтық қалайды. Ондайларға Ескелді тыйым салу үшін де біраз күш-қажыр жұмсады.

Балпық Жоңғар Алатауына барып қайтқанша жалайырдың өз батырлары Жоламан, Тәттібай және немере ағайындылар – Малтабар, Құлжанға кеткен кісілер де келген. Бірақ олар не жауап қайтарсын, Қабан жыраудың  айтқанын құп көрдік, біз де қауіп үстінде едік, қаруланамыз, қол жиямыз десіпті. Одан арғыға жоқ. Ташкенттегі хан жарлығына алаңдайтындарын және білдіріпті.

Қазақ іші жанжал-төбелестен арылған ба, тап осы тұста бір ескі дау жаңғырып, тосын бүліктің басы қылтиды. Бұл әлгі Қабан жырау мен Есенбайдың жас туысы Жайнақ батыр тарапынан шықты. Бұл Жайнақ батыр да Қожаназардың нәсілі. Сол Қожаназардың бәйбішеден туған ең үлкен баласы Сәбденнің немересі. Әлгі жұрт аузында көп аталатын қуақы, күлдіргі істері көп Тұрлымбет дейтін жігіт екеуі немере. Тұрлымбет Сәбденнің тұңғышы Бекеннен туса, Жайнақ үшінші ұл Қайырдың баласы.

Қайыр мал-жандылығына орай өз туыстарынан шалғайырақта еді, ал оның батыр баласы Жайнақ одан да әрі сілтеп кеткен. Міне, Қабан жырау мен Есенғабыл бүкіл Қожаназарды көтерді дегенмен, қарбалас үстінде дәл осы Жайнаққа кісі жібергенде бір жаңсақтыққа ұрыныпты. Бұл Жайнаққа барған хабаршы мына Ескелді бидің үлкен әкесі Жаңғабылмен кіндіктес Байбатырдың шөбересі жас жігіт еді. Ал Жайнақ бүкіл сиыршы әулетіне, оның ішінде жаңағы Жаңғабыл, Шора балаларына қатты ызалы болатын. Сонысына орай «тазы ашуын тырнадан аладының» керін келтіріп, келген бейкүнә бозбала жігітті соққыға жығып қайтарыпты. Онысымен қоймай, «менен кек алам десе, қи сасыған бүкіл сиыршының ұрпағы, Шораның сілімтiктері тұрысатын жерін айтсын»- деп және айбар шегiптi.

Он бес жасында қалмақтармен найза айқастырған, бүгін жиырма бір жастағы Жайнақтың бүйтіп тым қатты кетуінің себебі бар-тұғын. Жалпы Жайнақ қарулы батыр ғана емес, айғайлағанда қара жердің өзі қақ айырылардай даусы алабөтен, кең көмекей жігіт еді. Тіпті Жайнақ аңға шыққанда қашқан қасқырды үзеңгімен ұрып, немесе садақпен атып емес, айғайлап, жүрегін жарып құлатыпты деген аңыз да туған. Бірде әлгі қыңырлығымен белгілі Шораның бір немересі айдалада түйесін желдіріп жалғыз кетіп бара жатқанда, ұры ма деп күдіктенген Жайнақ «әй, кімсің» деп, онысына тоқтамағасын ақырып қалады. Сонда әлгі бала түйесінен ұшып түседі, шошынғаны бар, онымен қабат бір қолы сынады. Сынықшы оны орнына салғанмен де, Шора балаларының жыны қозып, жуыр маңда басылмайды. Оларға басу айтады дейтін әкенің өзі анау, одан сайын отқа май құя түседі. Сосынғы бір тойда Жайнақ батыр мен Шора балалары текетіреседі. Бір-бірінен сөз асырып барып, алдымен әкеге, одан жеті атаға, одан арғы түп-тұқиянға бір-ақ тиіседі. Міне, осы жерде Жайнақ өзінің жойдасыз күшіне ерік беріп, өзімен салғыласқан немені де соққыға жығады. Бірақ осы тойда Шора балалары көпшілік екен, сол көптігіне басып, Жайнақтан есе қайырады. Әрі асыра қайырады.

Жалпы, Шора балалары өзінің саны жағынан мырзадағы Қожаназар балалаларынан аса кем емес. Мысалы, Шораның өз кіндігінен тараған Қожан, Тәңірберді, Құдайберген, Әлімбай атты төрт ұл ғана дегенмен, немере, шөбере жағынан келгенде бұл бәрінен мол шоғырлы. Себебі, мұның Қожан атты тұңғышын балаларының көптігіне орай ел Көпсары атап кеткен (Шорада да, оның балаларында да өз туыстары Жылгелді мен оның түлегі Ескелді, Естайларда сияқты сарғыш рең басым еді). Басқалары да солай. Әрі Шора өз ағасы Жылгелдіден әлдеқайда ерте үйленген, әрі өз балаларын аяқтандыруда да ай-шайға қаратпай, уақыт ұтқызбай, асығыстық жасап жүруші еді. Сосын да оның балалары түгіл, немерелерінің өздері жас жағынан Ескелді би қарайлас. Ал, жартысынан көбі ат мініп, әскер қосынына қосылып үлгерген шөберелерін Шораның өзі түстеп танымайтын. Міне, сондай шебі мықты мол туыс, әрі Шорадай қырыс әкеден тәлім алған балалар мырза Жайнақтың батырлығынан қорықсын ба, жаңағы тойда сөйтіп көптік жасайды. Әрі әлгі Жайнақтың ақырған дусынан шошып, түйеден құлаған бала сол Шора балаларының ішіндегі ең желқұйыны – Тәңірбердінің немересі еді. Бұл Тәңірберді де, оның түлектері де сотқарлығы мен, басынан сөз асырмас тәкаппарлығымен көзге түскендер. Осы өңірдегі ең жырынды барымташылар да осы Тәңірберді балалары. Шораның өзге шашырандылары да бұл кәсіптен аман емес, сонда да мынау Тәңірберді тобырының мойны озық.

«Білінсе барымта, білінбесе сырымта» дейді қазақ. Әсіресе, Тәңірбердінің Қаскелең, Күртібай сияқты екі баласы барымтаны сырымтаға айналдыруда нағыз су жұқпастардың өздері еді. Міне, осындай мол тұқым, көкіректеріндегі қызуы ұстаның көрігінен де жаман ымырасыздардың бір туысы жоңғар қаупі жөнінде хабар әкелгенде Жайнақтың оны соққыға жығуы, әрине, ашық соғысқа шақырғандық.

Және бұл соққы жеген хабаршы бірден өзін жұмсаған Ескелді би мен Қабан жырауға емес, басын қызыл шүберекпен таңғандай етіп, тікелей үлкен аға туыс Шораға жетіп құлайды. Хабаршы жігіттің бүйтуінде есеп бар. Ащы етіне тұщы таяқ тиген бұл мұндай жәбірден жарылып кете жаздап, Жайнақтан қайтсе де кек алудың қамын ойластырған. Байбатырдан тараған өз әкелері, аға-інілері бойкүйездеу немелер, Жайнақ батырға қарсы баруға тауансыздар. Егер Ескелдіге жүгінсе, ол бірден Байбатыр төңірегі арқылы мұны жуасытуға күш салады. Ал Байбатырлар бидің сөзіне құлап түседі. Сөйтіп, аяғы сиырқұйымшақтанып кетеді. Ал Шора туысы олай емес, шамшыл, шыбын тепсе көтере алмайды. Әрі «Жайнақтың даусынан шошып, түйеден құлап, қолын сындырған балаңыз үшін кек алудың орнына мендей туысыңызды қоса соққыға жыққызып қойғандарыңыз не сасқандарыңыз» деген сияқты сөздерін Шораның шымбайына батырып-батырып жіберіп еді.

Ия, өзінің әкесі Жаңғабылмен кіндіктес, тіпті тете іні Байбатыр шөбересінің мына келісі өз басына сын екенін Шора табанда пайымдады. Бір баламыздың қолы сынады, екіншісінің басы-көзі қанға малынады, екеуі де Жайнақтың кері. Шора төбесінен жай түскендей халде отырып, тез ес жияды. Қалайда, анау-мынау десіп жатқан алмағайып заман ғой, ең алдымен дүйім жұрттың түтқасы, өзінің інісі Ескелді биге кісі салады.

– Жерошақтың басынан табылған сілікпенің баласы осылай басынды. Би болмақ түгілі, құдай болсаң да енді қолымнан қақпа! Ар жағын өзім білемін! - деп, хабардан гөрі бұйрыққа ұқсас тіл жөнелтеді.

Жайнақ бұларды қи сасыған сиыршының баласы атаса, Шора бұл мырза атаулыны осылай сыпаттады.

Жалпы бұл қазақ өмірінде тек сұрасу, шежіре қуу, ата-атаға топталу тура мал-жанның қамы сияқты шапсаң бөлінбейтін, аса зор маңызы бар үрдіс. Рулық бөлінісу елдің ішкі құрылымын бейнелейтін, бір бөлігінен екінші бөлігін ажырататын бірден-бір әдіс. Көршілес Ресей өз ішінде губернияларға, ал Жоңғария ұлыстарға жіктелсе, қазақтар жүз, ру, ата деп қана бір-бірінен даралана алады. Көшпелі елдің тірлігі өзі ойлап тапқан, әрі мықтап бұғанасы бекітілген әдіс.

Тек ол шежірені жасайтын да халықтың өзі ғой. Жазу-сызу аса белең алмаған ол замандары халықтың, оның ішінде жүйрік көкірек сұңғылалардың есте сақтау қабілеті адам сенбестей орасан. Кейбіреулер ол шежірені араб әріптерімен қағазға түсіріп әспеттесе, екіншісі әр тармаққа кететін, мыңдаған адам аттарын жадында тұтып, өзі сияқты сұңғылаларға мирас ететін. Шежіренің тағы бір қызығы онда кейбір аталардың туу тарихы қызықты әңгіме күйінде бейнеленетін. Егер ол әңгімелерде қайсы біреулердің ата тегіне көлеңке түсірерлік жағдайлар кездессе, екінші бір бақталас, не әзілкештер оны тілге тиек етіп, сойыл, не қамшы орнына сілтейтін. «Сен ат артына бөктеріліп келген күңнен туғансың», «құлдан туғансың» сияқты шанышқы сөздер қазақтардың ұрыс-керісі, тіпті әзіл-қалжыңы үстінде әмсе шаң беретін. Ал баз бір қиялы жүйріктер өз аталарындағы сондай бір көзге сүйел боларлық тұстарды жадағайлап, жаманын жасырып, жақсысын асырып, ең алдымен өз нәсілдестеріне, сосын сырт жұртқа жария ететін. Кейбір әңгімелер, сөйтіп, әркімнің өзіне қарай бұра тартуынан да атадан балаға өңі өзгеріп, әлденеше түлеп жететін. Ел ішінде әнші, жыршы, ертекшілермен бірдей дәрежеде қастерленетін атақты шежірешілердің арасындағы дау-дамайларға осындай бұрмалаулар, сылап-сипалаулар мұрындық болушы еді. «Атыңды өзгерткенмен, қаныңды өзгерте алмайсың, сығыр» деген сияқты жазғырулар кейде ылаңға ұласатын.

Ал мына жерде Жайнақ батыр неге Шора айналасын «қи сасыған Сиыршының баласы» атайды? Бізге жеткен шежірелердің бір нұсқасы бойынша былай. Жалпы қазақ үш жүз де, соның бірі – Ұлы жүз Жиделі Байсын жеріндегі Сіргелі деп бір топқа және Майқыға қараған Қаңлылар мен Қоғамға қараған Абақ, Тарақтардан құрылған үйсін деп екінші топқа бөлінеді. Ал Тарақтар бірнеше атаға дейін жалқы келіп, Қабылан туады. Сірә, бұл жаратылысы бөлек адам болса керек, себебі қашқан жабайы құланның, тағы бір аңызда жоғарыда айтылғандай шұбар тұлпардың жалын айырған күш-қайраты үшін Жалайыр аталады. Ал Жалайырдан үш бала – Сырманақ, Шуманақ, Бірманақ. Міне, осы үшеуінен жалайырдың он екі атасы аталатын он екі бала тарайды. Мысалы, Сырманақтан Бәйшегір, Мырза, Арықтыным, Балғалы, Қайшылы, Шуманақтан Күшік, Андас, Қарашапан, Орақты, Сыпатай, Ақбұйым, Қалпе. Тек Бірманақтан ғана жалғыз Сиыршы. Ал біраз шежірешілер Бірманақтың біржола атын өшіріп, сиыршыларды Сырманаққа қосады. Бұларды мұқатқысы келгендер осы аралықтан да біраз қитұрқы әңгіме табады.

Ал Сиыршы атаның шын аты Байгөбен екен. Байгөбеннен Тыныке, ал Тыныкеден Айтқожа туады. Міне, осы Айтқожа аса етжеңді, мол денелі, әрі өңі сары адам болғасын келе-келе Тоқсары аталыпты. Өзінің аузы дуалы, әмірі қатты жан екен де, алдына келген дауды жалғыз өзі шешіп, өтеуіне ылғи сиыр малын қалауды ұнатыпты. Жалпы төрт түліктің осы түріне бүйрегі бұрыңқырағаны шындық сияқты. Сосын да бұлардан тараған тұқым Сиыршы атаныпты. Сосын да қаскөй қазақ оңтайлы тұста оның үрім-бұтағын «қи сасыған Сиыршының баласы» демей не десін? Әрі бұған өзге қазақтың сиыр малына ерін шүйіретін кеселі де итермелейді.

Ал Шора неге Мырза атаның нәсілдерін «жерошақтың басынан табылған сілікпе» атайды. Бұл хақында да сұңғыла шежірешілердің хаттап кеткені бар.

Жоғарыдағы Шуманақ пен одан шығатын Мырза арасында талай ата, буын қағазға түспей қалса керек. Тек Қара қожа, Таңқы, Ханқараш дегендер аталады. Осындағы Ханқараш өз заманында аса белгілі хан да, оның Қарақараш деген бас уәзірі ақылдылығымен ауызға іліккен жан екен. Тіпті Қарақараштың қарапайым халық алдындағы атақ-даңқына ханның өзі қызғанышпен қарайды. Осы Ханқараш ханда бір қыз, ал Қарақарашта бір ұл өсіпті. Екі жас бір-біріне өлердей ғашық, тек мұны қаһарлы хан сезіп, өзінің бас уәзірінің баласын табанда өлтіртеді. Бұған өкпесі қара қазандай болған Қарақараш аулаққа көшеді. Ал ханның қызы оның баласынан екі қабат болып қалған екен. Мұны ханның өзі білмейді, ал ханымы одан бәрін жасырып, қызы мен одан туған немересін бөлек бақтырады. Онымен қоймай әлгі өкпелеп көшіп кеткен бас уәзір Қарақарашты іздестіреді. Ақыры, оны тауып, бір саудагерді жалдайды. «Сен мына кішкентай нәрестені Қарақарашқа апарып тапсырсаң, ат басындай алтын беремін» дейді. Саудагер келіседі. Қарақараш оның өз немересі екенін біліп, қуанып, «екі жалғыздан туған ғой» деп, оны Мырза атайды. Бітімі оқшау бұл Мырза жастайынан-ақ көзге түседі. Кейін әлгі Ханқараш тоқсанға келіп, өзінен туған мұрагер жоқтықтан бүкіл елден хан болуға лайықты ақылына көркі сай, қатарынан озық бір жігіт табылса, соған көзімнің тірісінде тағымды қияр едім деп жариялайды. Осы бетте жұрт әлгі Мырзаны табады.

Бұл шақта жасы ұлғайған Ханқараш бір кезде өзі ауыр қиянат жасаған бас уәзірін де ойлап іш-құсалықта жүреді екен. Мырзаның сол қарақараштың немересі екенін естігенде төбесі көкке тигендей қуанады. «Мен сенің балаңды өлтірдім, соның ақысына мына немерең менің тағымды иемденсін» -дейді. Кейін бұл Мырзаның өз қызынан туғанын және біліп, төрт құбыласы түгелденгендей сезінеді. Қуалай келгенде бас уәзір Қарақараштың да арғы тегі Қабылан-Жалайырдан екенін ескерісіп, кейін тұқымы көп өсіп-өнген Мырза осы Жалайырдың он екі атасының біріне айналыпты. Міне, басқалар сияқты Шора да Мырзаның қыздан туғанын бетіне басып, «аузы-басы қан-қан болып, жерошақтан табылған сілікпенің баласы» деуі содан.

Айтылған сөз атылған оқ, оны қайтара алмайсың. Екі жақтан сөз де айтылды, алғашқы оқта атылды. Енді Сиыршы балалары мен Мырза балалары арасынан қан майдансыз дәнекер табу мүмкін емес. Олардың әрқайсысының топ басында күйік шалған Шора балалары мен Қожаназар балалары тұр. «Мал – жанның садақасы, жан – ардың садақасы» дейтіндердің нағыз өздері. «Ау, жоңғар қозғалып жатыр деп, жарқұлағы жастыққа тимей біз жүрміз, ағайын ел іштен бүлініп сендердікі не жорық?» - деген бір сөзден тыйым табатын бұлар емес. Мұны Ескелді әлгі Шора ағасы жіберген сәлемшімен алғаш дидарласқанда-ақ ұқты.

Дереу Ескелді би өз туыстарын, сиыршы Шора жағын ауыздықтауды өз қолына алып, мырза Қожаназар жағын тыныштандыруды Қабан жырау мен Есенбайдың тете iнiсi Есенғабылға жүктеді. Бұ да оңай-оспақ дүние емес. Қару-жарағын шақылдатып келер ата жау қалмақ елшілерімен сөз жарыстыруға қанша тапқырлық, күш-жігер қажет болса, тап мыналарға да соншасы кетті. Ескелді би мен Қабан жыраудың асқан қабілеті осы жерде барынша кәдеге асты. Әйтпесе, Шора мен Жайнақ арасын бітістіру анау-мынаудың қолынан келмес те еді. Сөйтіп, бір қанды қақтығыстың беті қай         тты. Жалғыз осы ма? Ту көтеріп, ұран шақырған Ескелді би маңынан табыла кетейін десе, өзінің жүз көріспес адамдарының да сонда келетінін біліп, бой жасырғысы келген басқалар да бір алуан. Оларды ініне су құйылған аңдай жұлқып шығаруға да көп қайрат, ақыл-ой жұмсалды. Ия, қазақ ішінде не көп – араз-құраздық, бәсеке-бақталастық, іштарлықтан туған тоңторыс мінез, кейісті қабақ көп. Осы күндерде Ескелді айналасында шоғырланған әзірге аз ғана топ солардың шаш етектен екенін біліп, би мен жырау тапсырмасы бойынша оларға жау сыбысын ескертіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға үндеп жанталасты.

Мұнымен жалғас Ұлы жүздің сыртқары өзге руларындағы белгілі би, батырларға жіберілген кісілердің әкелген жауаптары да іште қорытылып жатты. Мысалы, албандағы қыстық Малай батыр Ташкенттегі Жолбарыс ханға, Қазығұрт баурайындағы Төле биге өз тарапынан да адам аттандырмақ екенін айтқан екен. Сол Албандағы Шоған абыздың балаларынан, яғни Ханкелді, Сатай батырлардан, Қойайдар биден де осы тұрғылас жауап келді. Қабан жырау мен Ескелдінің баршындар сөзінен аңғарғаны олардың хан жарлығына аландайтыны өз алдына, бұған қоса жоңғарлар қозғалуда деген сөзден пәлендей құты қашып, әбігерлене қоймаған сияқты. Жау шапты, топан су қаптады десең селт етпейтін бұл меңіреу қазаққа не дауа бар?

Мұндай кері кетушілік осындағы жалайырлардың өз ішінде де жоқ емес. Тап осы әпселең үстінде ереуіл ісіне кезмайыс бөгде бір өсек-аяң мықтап тарады (Жау жағадан алғанда, бөрі етектен деп, осындайда айтылатын шығар). Бұл өсек-аяң Құлсары мен анадағы «жау, жау келе жатыр» деп өңеші жыртылғанша айғайлай шауып, Байбек шалдың аулына жете бере суыр ініне аты жығылған жылқышы жігіттің өліміне байланысты еді. Сол екі өлімді жаман ырым көріп, әрі Ескелді би түсінен шошып, оны жасында сал-серілікті көп құрған, жын-шайтанға бір табан жақындығы бар

Қабан жырау қолдап, ел ішінде үркіншілік үрей тудырып жүр деген сыбыс та кейбіреулерді кежегесінен кейін тартқызуда еді. Қабан жыраудың жасында сал-серілік құрғаны рас, үйсіннің өз іші былай тұрсын, айлап-жылдап, Орта жүздің алты арысын, Кіші жүздің үш бұтағын аралап кеткен кездері болған. Таңдайынан бал тамған ақын қыздардың талайымен айтысып, олжа алғаны жайында әр түрлі қисынды хикаялар да бар.Соның бір қызықтысы мынау: Керей еліндегі бір ақын қыз айтыс үстінде ол кезде оты ұшқындаған жалынды жас Қабан жыраудың өз басына көңлі кеткенін ет қызуымен білдіріп қояды. Қабан жырау да мұны өзінше пайдаланады. Себебі қыздың көркі мен ақылы, асқан өнерпаздығы мұны да тәнті етсе керек. Бірақ жұрт көзінше ашық сөзге барыса алмайды. Әркім өз елінің хан мен биін, төре-сұлтандарын, батырларын мадақтаған заман. Сосын Қабан айтыстың соңын жұмбақ айтысқа айналдырады. Сол жұмбақ айтыс үстінде қыз бен жігіт келіседі. Жігіт қызды алып қашуға уәде береді. Тіпті екеуінің сөз кестесін құбылтып, жұмбақтан жұмбақ туындатып, тұңғиықтан жақұт тапқан хас сүңгуірлердей сиқырлы әуенге басқаны соншалық, кірпік қақпай баққан қалың керей елі бұл екеуінің осы айтыс үстінде қай күні, күннің қай мезгілінде, қай тұстан, қалай қашатындарына дейін уағдаласқанын сезбей де қалады.

Бүгінгі ұрпаққа жетпей жоғалған көп асылдардың бірі Қабан жырау мен ай маңдайлы, күн көкіректі сол керей қызы тудырған осы жұмбақ айтыс болса керек. Себебі сол заманғы куәгерлерден тараған біраз аңыз-әңгімелер оны айтыс өнерінің болат қанат сұңқар ұшып шыға алмас, биік шыңындай қастерлеп, тамсана атайды.

Бірақ елдің аты ел. Қабан жырау мен қыздың айтысын тыңдаған көпшіліктің ішінде де талай тастүлек қырандар бар емес пе? Су ішінен балық ілген балықшы құстарды қайда қоясың? Қыз бен жігіт арасындағы жұмбақ айтыстың астарынан солар күмәнданады. Олар өз күмәнін қыздың ағайын-туғандарына жеткізеді. Олар қызына аңду қояды. Бұлар сонда да ебін тауып, қашып шығады. Қаратаудың ең төменгі тұмсығынан жер шеті Жетісуға дейін бізді кім қуар дейсің деген оймен қыз бен жігіт күннің бір желкем шағында аса жүйрік емес, бірақ алыс жүріске белі мықты екі атпен сырғып береді. Қашушылар қанша айлакер болғанмен, аңдушылар түз құсындай қырағы екен, елу шақырым жерге жеткізбей, қару-жарақ асынған бір топ керей жігіттері желкеден бассын кеп. Олардың қару-жарақ асынатыны Қабан жырау ақындыққа қоса батырлықтан да үлесі мол, еменнің діңіндей берік, әрі мұның да бес қаруы сай екенін ескеріскен еді.

Одан не қайыр, жат елдің түсі суық жігіттері мұны бас қорғауға мәжбүр етеді. Қысылғанда Қабан жыраудың тапқан айласы: «Сендер көпсің дер, жалғызға көптік жасау әділетсіздікке жатады. Мен қыздың көңілін өнер арқылы таптым. Сендер егер қызды қайтарам десеңдер, ауыл-ауылда тезекше ыбырсыған жаманның ісін қылмаңдар. Сол өнер тұрғылас жігіт атына кір келтірмейтін басқа іс, амал табыңдар. Менің ұсынысым – іштеріңнен біреу менімен жекпе-жекке шықсын. Міне, бұл нағыз жігітке лайық іс. Кім жеңсе, қыз сол жақтікі. Және жазым болғанымыз үшін құн сұрамалық. Осыған тоқайлассақ құдайдың жөні» дейді.

Бұл пәрменнен керей жігіттері алғашқыда тосылып қалады. Ақырында, «сіз жалайырдың жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарысыз. Біздің елдің сізбен жекпе-жекке шығарлық батыры жоқ емес, біз ақсақалдардың жұмсауымен қызды қайтаруға шаба жөнелген жеңіл-желпі атқосшы, төлеңгіт сияқтылар едік. Егер шын жекпе-жекке шығамыз десеңіз, онда кері қайтыңыз. Әйтпесе, бас амандығын олжа көріп, жөніңізбен жүре беріңіз. Қызды сізбен ілестіріп жібере алмаймыз. Сізге ине шанышқандай да жәбір көрсетпегеніміз үшін ауыл ақсақалдарынан еститін сөгісіміздің өзі-ақ бізге біразға жетеді. Соның уыты-ақ біздің жігіттімізге сын болсын, одан арғыға қинамаңыз, ақын да батыр замандас!» деседі.

Бұл шарт Қабан жырауға ой салады. Намысы қозып, тіпті кері керей еліне қайтпаққа да ниеті ауады. Қыздың бетіне де алақтайды. Сонда ақын керей қызы айқай сап, Қабан жырауға қоштасу жырын айтады. «Арғы атамнан қалған көріпкелдігім бар еді, сол сайтаным түртіп тұр, бізге қосылмақ жоқ екен, арамызда бір үлкен қара белдеу– кедергі тұр, сен аман қайтшы, ұшқан құстың қанатына хат байлап еліңе аман жеткеніңді білдірші. Менің ендігі жұбанышыма сол ғана лайық. Осы сапарыңа өле-өлгенше ризамын» деп, аспан мен жердің арасын қақ айырғандай айбарлы да айқын саз төгеді. Амал жоқ, Қабан жырау да қоштасу жырын айтады. Сөйтіп, екі айрылысады. Бұл аңыздан да, тарихтан да белгілі ноғай мен қазақтың жыласып айрылысқанынан кем шықпаса керек.

Әке-шешесінің азан шақыртып қойған аты Қабылиса, тек бет-жүзінің қалың түктілігінен жеңгелері Қабан атаған мұның жастық шағынан қалған бір түйір әңгіме осы. Ал Таутан, Тұмарша қыздармен бір емес, бірнеше мәрте айтыстары арабша хатқа да түсіп, ел-елге тарады. Өнерлі жастар оларды адамның сай-сүйегін сырқыратар әндерге салып шырқағанда той, шілдеханалардың өңін өзгертіп жібереді. Бұдан зорғыларын қозғау үшін Қабанның өзі теңдес жақ жоқ ақын, не майталман шешен, ертекші болу керек шығар.

Бірақ қазір Қабылиса – Қабан жырау жастықпен ерте қоштасқан ел ағасы іспетті жан. Жаудың бет-жүзін көріп, қазақ-қалмақтың бұрынғы бір шабысында оның талай баһадүрлерімен найза тірескені де бар. Азын -аулақ қол бастағаны, жеңіске жеткені де ел аузында. Сөйте тұра жігіт шағындағы сал-серілігі жусан исіндей жусаң кетпестей мұның үсті-басынан әлі күнге аңқиды. Оған бір жайдан Қабекеңнің өзі де кінәлі. Той, шілдеханада қыз-қырқынның ортасына түсе қалса, баяғы «Қарғамауына» басқанда жұрт көшелі батырдың бүгінгі түсін танымай да қалатын.

Жақсы қыз, жақсы әйел –

бір гауһар тас,

Өзінің мезгіліне келген соң жас.

Жәннаттың пісіп тұрған

алмасындай.

Қол жетсе қандай адам

ләззат алмас, - деген өлең шумақтары сондайда туатын.

Осы мінезі ерен тұлғасына бүгін емес, ертең солып түсетін қызғалдақтай жеңілтектеу өң беріп, кейбір аталы сөзінің, мейлі оның мың жерден майы тамып тұрсын өрге баспай, орта жолда болдырып, жүні жығылып қалатыны содан еді. Осы жолы да солай болды. Қабан жыраудың шығыстан төнген қауіп туралы ұранды сөздері, кей-кейде екпінмен шығып кететін төкпе жырлары жақпар тастарға тиіп жаңғырыққанмен, көпшіліктің жүрегіне әлсіреп жетті. Ел жүрегіне барып жаңғырықпады, ұшқын шығармады. Қайта әр түрлі ырым-сырым төңірегіндегі жыбыр-жыбыр өсекке айналып, сенімсіздік аулына қарай меңзей берді.

Бұл жағдайдан Ескелді тіптен шошыды. Қабан жыраудың олқылығын өзі толтыруға кірісті. Себебі жас бидің ел ортасындағы жөні өзгешелеу еді. Аузынан шыққан әрбір леп Жоңғар қақпасынан, Алакөлдің төрінен соққан желден кем түспейтін. Бірақ осы жолы Қабан ақынның жас кезіндегі сал-серілігіндей «жын-шайтанмен туыстас» бір пәле мұның да алдын орады. Ол әлгі жылқышылар қосында жатып, көрген түсіне байланысты еді. Қалың орман ішінде, алып жарқанат, артынан ол қанатты шайтанға айналып, сол қанатымен мұны бетінен майда желпіп, немересін ұйқыға шақырған қамқор әжедей «ұйықта, ұйықта» деп саябырсытқанын, сонда Ескелдінің шынында тұла бойынан әл кетіп, ұйқының мысы басып, болбырағанын бұл өңінде болған оқиғадай талай рет қоздана айтып еді. Бұл да жас бидің мінезінде бұрын байқалған құбылыс емес. Түсінен шошу кәрі-құртаңға, шектен тыс ырымшыл әлдекімдерге жарасар, ал елді, аузына қаратам деген жас бидің салт-ғұрпымен мүлдем сыйыспайды. Осының өзі-ақ ел ішінде бір түрлі оқшау әңгіме боп және тарады.

Бұған әрі Құлсары мен ешқандай көзге көрінген жау жоқта «жау шаптылап» Байбек шалдың аулына жете құлаған жылқышының өлімі қосылды. «Мұндайдың бәрін жия берсек, бұл шынында ел ішінде бекерге үркіншілік үрей тудырғандық, тіпті, одан да қиыны, нағыз жаман ырым осы – мұның аты жау шақыру деген сөз». Міне, осы секілді пайымдаулар біраз адамның ішіне жел бітірді. Ішіне жел біткен адам көтерілмей тұра ма, «балықшы балықшыны алыстан көреді» дегендей, бұлар да топтасып шыға келді. «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген мақалды бұлар да білетін. Сосын да аса қатты кетпей, тұнық судай сөздері айқын, мінездері қырдың шөбіндей майда, басалқалы біраз ауыл ақ сақалдарын іріктеп, Ескелді мен Қабан жырауға салды. Олар бипаздап, би мен жырауды ел атынан сабырсытпақ еді. Бұлардың бетке ұстағаны «қалмақтың бізден талай рет беті қайтқан, енді бес жылсыз олар бізге беттемес, әрі шүршітпен де олардың дауы бітпей жатыр, арыстанның аузында тұрып, бізді неғылсын» деген жорамал.

Бұл шалдардың келісі – Балпықтың жау ордасынан аман құтылып шығып, елге оралғасын үш күн өткеннен ке-йін болған оқиға еді. Бұлар әдейілеп, алты қанат етіп тігілген Ескелді үйінде жас бидің өзімен де, Қабан жыраумен де жүздесті. Олардың сорына қарай, Балпық та осында еді. Өзінің туған әкесі Дербісәліні шауып тастай жаздаған Балпық бұларды аясын ба, Ескелді мен жырауға қандай ниетпен келіп отырғанын тіл ұшынан сезіп, білуі-ақ мұң екен, бәрін – ақ сақал, қара сақалына қарамай, бықпырт тигендей етіп, қамшының астына алғысы келді.

Бірақ жырау мен жас бидің сөзі мұның қамшысынан да қатты екен.

Жырау айтты:

– Қилы-қилы заман туар, қарағай басын шортан шалар. Тау дегенің тау емес, үстіңе құлаған жау болып шығар. Өліктеріңді жия алмай, өкірерсіңдер, жақтарың жақтарыңа тимей, сонда айтарсыңдар бізді әулие деп. Бірақ біз әулие атанғаннан сендердің қасіреттерің ортаймас, кемерінен төмендемес, қайта кемерінен асып төгіліп, еселеп арта түсер. Қолдан берген аға-йын-туғанның сүйегін кеміретін ит-құс табылмай, сасыған өлексе жейтін шүйебөрілердің тойын тойлатарсыңдар. Өлімнің жаманы көмусіз қалған дейді. Одан соңғысы, ата жұрттың топырағы бұйырмаған дейді. Осындай жаман өлімге ниеттерің ауып, оң беріп тұрмасаңдар, сасыған өлекселеріңе шүйебөрілердің иегі қышып жүрмесе, қайтыңдар мына сөздеріңнен. Ана жас батыр Балпық аждаһаның аузынан келіп отыр. Бәрін көзімен көріп келіп отыр. Жаз жайлаған жайлауымыз Жоңғар Алатауының іші сыңсыған қалмақ әскері дейді. Қардың суығы кетіп болмаған күнде олар тау қуысында керней тартып, әскер ойынын ойнап жатыр. Ол ненің белгісі? Ажалдының құдай алдымен ақылын алады, мына сендер ақылдан адасып кеп тұрсыңдар.

Ескелді бұдан да қатты сөйледі. Ескелді үйінен бағлан етін жеген өкіл шалдар ауыл-ауылдарына үрпиісіп қайтты.

Ескелді мен Қабан жыраудың Ташкент жаққа қарай-қарай, көзі талды. Ал Балпық, бұдан кейін ол екеуі жүргізген жұмысты өз қолына алды. Ұсталардың соққан кейбір қайқы қылышын шикі піскен етті турауға жарамайды екен деп сөкті. Мүк шөппен тұтанып атылатын бердеңке мылтықтың біразын тізесіне басып жіберіп, екі бөліп тастады.

Ол кезде қазақтардың қолында Хиуа хандығынан боталы түйеге, не қос атқа айырбас арқылы келген «Күлдірмамай» атты мылтық болушы еді. Бірақ ол мылтық қалың ел ішінде қасқалдақтың қанындай өте қат, әрі аз кездесетін. Жүз үйден біреу табыла ма, жоқ па? Сосынғы бір таяныш, кейбір аталы тұқымдардың үйінде, сандық түбінде, жібек матаға оралып, ескі жырларда «он екі құрсау жез айыр» деп дәріптелетін қара мылтық жататын, ол да бар мен жоқтың қасында, барының өзі атамыздан қалған көз еді деп, кейбір қалтырауық немелердің қолынан шыға қоймайтын.

Ескелді мен Қабан жырау ел кезіп жүріп, соларды шығартты. Құстың, жылқының іш майымен майлап, кәдеге асатын халге келтірісті. Жау көрсе, қолы қалтырамас-ау дейтін ең бір жүректі, сайлы жігіттерге табысталды.

Бірақ аздың аты – аз. Балпық қайқы қара қылыш пен бердеңке мылтықты соқтырып жатты. Қайың иіп, қайыспен өріп, адырнасын жасап, садақ асынғандар ең көбі еді. Түйенің бітеу сойылған мойын терісінен қорамса жасап, оны қайың ұшты ши оқпен толтырғандар да бар. Жіңішке қайыңға темір жалғап, оны өткірлей ұштап, «сауыт бұзар» атаған мақтангөйлер де шықты. Бұл қозғалыс елдің үркіншілік үрейімен қабат жігерін де оятқандай еді. Бірақ бұл қас пен көздің арасындағыдай аз уақыттағы қимыл еді ғой. Ол қимылға құдай ұзақ серпіліс бере ме, жоқ па? Қалай десе де Қабан жырау, Ескелді, Балпық ең алдымен Ташкентке жіберілген қос баршынға үміт артты. Бүгін болмаса, ертең осылар жеткізген хабар арқылы Ұлы жүздің ханы Жолбарыс пен әз Тәуке ханның тұсында-ақ үш жүзге ортақ төбе би атанған, қазақ заңының жиынтығы атақты «Жеті жарғыны» құрастырушы, әрі Ескелдінің нағашы атасы ер Төле мұздай құрсанған қалың әскерді бастап, осы Жоңғар Алатауының төменгі етегінде жатқан елге сау етіп жетіп келетіндей де көрінді. Бірде атысып, бірде шабысып жүргенмен түстіктегі ел – темір қаруды соғуды атасынан қалған кәсіп көретін Бұхара мен Хиуаға да олар жалайырдан гөрі бір табан жақын. Кейде адам жауынан да үйренеді. Кейде алыс-беріспен-ақ оның көп өнерін өзіне аударып алады. Сол тұрғыдан пайымдасақ, Жолбарыс хан темір қарудан да кенде болмауға тиіс қой. Ал жалайыр елі, бұлармен жаптас албан, суан Жоңғар Алатауын бөле жайлап отырған қоңсылас көршісі – малдың етін құрттатып жейтін, әрі бұларға деген қабағы сол құрттаған малдың етіндей жиркенішті қалмақтардан не өнер үйренсін?

Анада арғын елінен оралғанда, Қабан жырау Ескелдіге, жалпы мұндағы елге бір хабар айтқан. Әз Тәуке көтерген үш бидің бірі, Төле мен Қаздауысты Қазыбектің үзеңгілес серігі, Кіші жүздің көсемі Әйтеке би дүние салыпты. Сол ұлы қазаға арғын елінен топырақ салуға адамдар кетіп жатыр екен. Және де ең бастысы Әйтеке би ел-жұртпен, ағайынмен арыздасар алдында үш жүздің басын қосар адам керек-ау деген сөзді қайталай беріпті. Сонда Әйтекенің басында отырған ел адамдары оны жұбатпақ үшін Ташкенттегі Жолбарыс ханның інісі, Кіші жүздің төресі, жаужүрек батыр Әбілқайырды атап, «Би атам-ау, үш жүздің басын осы Әбілқайыр қосады ғой» дегенде, ұлы би жастықтан көтере алмай жатқан басын теріс бұрып, сол теріс қараған күйі үндеместен жүріп кетіпті.

Бұл хабар Ескелдіге бір түрлі ой салды. Бірақ ол ойдың аңғары бір басқа. Осы Әйтекедей адамның кетуі Төле бидей, Жолбарыс хандай адамдарды тарамыстай ширата түспес пе? Тіпті бұларды қойғанда, қазақтың ежелгі астанасы – Түркістанды билеген, үш жүздің тұтқасы есепті, әз Тәукенің орнын басқан Болат хан не ойлап отыр екен? Еділ бойының торғауыттарынан көресіні олар да талай көріп еді ғой. Бірақ мұндағы жоңғарлардың бұл жолғы қозғалысынан олар хабарсыз ба? Ол да мүмкін.

Әлде Жолбарыс пен үлкен бидің үнсіз жатуы бізден баршын барғасын, одан әрі сол Түркістандағы Болат ханға кісі шаптырып, қол-аяғы жіпсіз байланып, ақыл таппағандықтан ба? Сөйтіп біздің баршындарды да ұстап отыр ма?

Солай шығар. Әйтпесе, екеуіне екі баршын кетті. Екеуі екі жолмен екі уақытта кетті. Бірінің болмаса, бірінің жетер мерзімі болды-ау. Сол қос баршын кімдер еді? Жолбарыс ханға жіберілген әнеукүнгі мырза Қожаназар баласы Есенбай болатын. Ал үлкен би Төлеге көп болып ақылдасып, бұл да мырза, осы Есенбаймен аталас Тұрлымбет кеткен.

Бұл Тұрлымбет кім еді? Бұған да түсінік беретін мерзім жеткен сияқты.

Тұрлымбет дәл қазіргі он жеті жасар шағында шыбын тайып жығылардай жылтыраған иегінде бір тал жоқ көселігі қазірдің өзінде айқын, күн сәулесімен құбылып, қыз баланың кейпін еске салатындай жүзі дөңгеленген, ал басқа өзгешелігі шамалы жас жігіт қана. Сол дөңгеленген жүзі көбіне мысқылшыл, бірақ, оның Көкше теңіздің мұзындай қатулана қалатыны да бар. Бірақ ондай құбылыс сирек, бұл үлкен даудың, жанжал төбелестің үстінде ғана жарқ беретін белгісі. Бірақ өмір күнде дау емес. Сосын да Тұрлымбет негізінде мысқылшыл, тілінің уыты бар жас жігіт санатында. Тілінің уыты демекші, Тұрлымбеттің атын шығарған бар мәзірі де осы еді. Талайдың қарғысына ұшыраған осы «кесілгір тілі», бірақ әзірге кесіле қоймаған тілі кейбіреулердің айтуынша, тасты жарып, тау қопаратын. Ал оның қасында адам деген немене, Тұрлымбетпен сөз сайысына түскен кімде-кім өзінің қаңбақша ұшарын алдын-ала біліп тұратын. Және де осы маңайдағы қоңсылас жалайыр, албан, суан адамдары Тұрлымбеттен жеңілгенін намыс та көрмейтін. Себебі, ол Тұрлымбет қой.

Сол Тұрлымбет он екі жасқа толғанда әке мен бала арасында кикілжің туады. Әкесі Бекен шаруаға жоқ, оның есесіне құран хатымнан хабары аз болғанмен, аса тақуа, жұма күнгі оқылған құранның сауабы күшті деп, жұма сайын ыңыршығы айналған арық кер атын сабалап, ары-бері жарым күндік жолдан артық қашықтықта жатқан әкесінің басына барып құран оқып қайтады екен. Баласы бұл сабылуыңды қой, күйзелген шаруаны ойла, мал өсір, Қараталдан су тартып, тары ек дейді. Осы сөзі үшін әкесі баласын таяққа жығады. Әкемен белдесуге әзірге күші аз Тұрлымбет оны осы бетінен қайтару үшін енді айлаға көшеді. Келесі бір жұма күні Бекен арық кермен тепеңдеп бейіт басына келсе, моладан үстіне ақ киген ақ сақалды әкесінің өзі шығып тұр екен:

– Кел, қарағым Бекен, кел. Маған қылған жұма сайынғы қызметіңнің сауабы басымнан асып төгілді. Мен қазір жұмақтың қақ төріндемін. Сондықтан да сені қасыма алсам деймін. Жұмақтың қызығын сен де бірге көрсең екен деймін.

Сонда Бекен-екең қабырғасына шыр жұқпаған сорлы арық керді бүктеулі қамшысымен қақ мандайдан ұрып, жан дәрмен кейін бұрып, ауылға қарай шабады-ау. Ауылға өзі емес, үрейі жетеді. Тура әнеукүнгі Құлсарының халіне душар бола жаздайды. Оған ұқсап, арық керді шалмайды, өзі де өлмей тірі қалады. Бірақ әкесінің бейітіне бұл тіршілікте қайтып жоламастай да болады. Осыдан бастап, баласының тілін алып, шаруа қамын ойлауға көшеді. Ақ киімді, ақ сақалды әкесі болып, сондағы моладан шығып тұрған шал мына Тұрлымбет екені көп жылдар бойы кәперіне кірмейді.

Әнеугүні Құлсары көрден шыға келген екеуден шошынып, мерт болыпты дегенді естігенде де Ескелдінің осы Тұрлымбеттен күдіктенуі содан еді.

Одан кейінгі бес жылда Тұрлымбет тағы да тез есейді. Тұрлымбеттің сөздері, Тұрлымбеттің серіліктен де құралақан емес қылықтары туралы әңгімелер ел ішінде сұмдық көбейіп кетті. Ақыры, Ташкенттегі үлкен биге аждаһаның аузында тұрған жалайыр елінен баршындыққа жүру құрметіне ие болды. Бірақ бұл құрметтен тап қазір елге пайда бар ма, сол жағы Ескелді, Қабан жырау, Балпық бастаған топты қатты қобалжытуда еді.

* * *

Түн іші. Елдің көбісі ұйқыда. Алты қанат киіз үйдің ортасында сексеуілдің шоғына тесіле қараған үш адам ғана осындай ауыр түнде қисайып тыныс алуды өз бастары үшін күнә санағандай. Бұлар – сол Қабан жырау, Ескелді, Балпық. Кей-кейде мынау түннің түнегінде бұл үшеуі елден жырақ, айдалада аң ұлыған ессіз далада адасқан, сөйтіп, осы от басында бас қосқан жолаушы адамдарға да ұқсайды.

Шынында олай емес, бұл үйді көзімен күзеткен, жұлдызды аспан астында тым сергек отырған сыртта адамдар бар еді. Көбісі ер-тоқымын жастанып, шылбырды ұзынырақ ұстап, аттарының аяқ суытып, мызғуына мұрсат бергенмен өздері сақ. Мына үш адам отырған, қараңғыда төңкерілген үлкен қазандай көрінген үлкен үйдің есігіне көз алмай қарайды. Біразы аттарының ер-тоқымын да сыпырмаған. Бұлар, шамасы, күдікке көбірек бой алдырғандар. Ескелді қойған сақшы жігіттер би үйінің есігін күзету үшін ғана емес, тың тыңдау үшін де керек еді. Қазір Ортаөзектен жоғарыдағы Мойынқұмнан әрі бір-бірінен дауыс жетер жерде бытырай шашыраған, бір-біріне ешбір артық дыбыссыз белгі беруге дайын атты жігіттер жүрген. Мына би үйінің маңындағылар солар жақтан да тың тыңдайды. Әнеугүні «жау шаптылап», Байбек шалдың аулына жете бере жан тапсырған жылқышы жігіт, ел сыртына қарауыл қою ісін біраз қиындатып та жібергендей. Қазір шынында жау шауып (оның беті ары болсын), хабар жеткізуші адам шықса, мынау ұйқысыраған, қысқы ұзақ ұйқыдан әлі оянып болмаған жұртты сендіре қою да қиын сияқты. Сосын да Ескелді мен Балпық қарауыл ісін ұйымдастыруда тосын айла-әрекеттер жасаған. Мойынқұмнан әрідегі, Қаратал мен Быжыны өрлей шашыраған жігіттердің бір-біріне дыбыс беретін өз белгілері бар және кім қай тұстарға қарай шабады, бәрі алдын-ала белгіленген. Және де ол дыбыстар сол сайын далада күн мен түнді ат үстінде ауыстырып жүргендердің бірінен-біріне өтіп, мұнда Ескелді үйінің маңындағы күзетші жігіттерге олардың өздерінен әлдеқайда бұрын жетуге тиіс. Одан арғы шаруа осы күзетші жігіттерде.

Бұл ретте жұртты текке дүрліктіріп алмау – сақтықтың ең үлкені. Бұрынғысы бұрынғы, ал, ендігі өтірік қиқуды бесіктегі балаға дейін кешірмейтіні хақ.

Аспандағы жұлдыздар жылжымай, қалғымай, ішінде от жанған төңкерулі қазандай үлкен үйді сол күзетші жігіттермен бірге қарауылға алғандай. Ұйқысыз, аттың пысқырғанынан басқа дыбыс естілмейтін үнсіз түн дала адамдарына зіл қара тастай салмақ салып, ауыр мұңға бастайды. Әсіресе, мынадай өз аузыңды өзің баққан, әрі сырттан келер әрбір дыбысты қалт жібермей, қатаң тәртіппен күтіп отыру мұндайға үйреншіктігі жоқ қазақ жігіттеріне оңай емес. Әйтпесе, далада отыру, далада түнеу бұларға қиын болып па? Түн қатып келе жатып, шаршаған уаќытта «темір қазықты» жастанып, туған даланың кез-келген төсінде жер таңдап жатпай-ақ қор етіп, ұйқыға басу, бұлардың талай бастан кешірген құқайы. Ал ұйқысыз сол далада осындай қараңғы түнде бөгелуге тура келсе, онда не қиялға беріледі, әсіресе, осындайда тәтті қиял қандай тамаша десеңші, жетегіне бір түсіп алсаң, хан-сұлтанның, тіпті ақ патшаның ай мен күннің өзін көлегейлеп жіберердей ақ жүзді сұлу қызының биік шатыр астындағы, алтын мен піл сүйегінен жасалған, ақ жібекпен көмкерілген төсегінен бір-ақ шығасың.Тіпті болмаса, сондай бір қызықты дәурен аңсаған асық көкіректегі арманды әуезді үн етіп, көкке көтеріп, ұзақ созып жатуға болады. Қазақ әнпаз халық. Мейлі, кез-келгенінің көмейі күміс, таңдайы жез болмай-ақ қойсын, бірақ, сондай өнерпаздардың өнерін өз әлінше жалғастырып әкетуге шетінен құмар. Даусына сын айтып жатқан ешкім жоқ оңашалықта қандай, әсіресе, ондайда тыңдаушысы – түн көрпесін оранған бұйрат дала, қарайған түбірлер, қараңғыда қолындағы құрығына сүйеніп, мұның өзі де қиялмен аралас бір жұмақ дүниесіне бой алдырған пендеге ұқсап-ақ кететін қыңырайған сексеуіл, аспандағы жұлдыздар. Олар ән ырғағына адамнан да әрмен берілгіш келеді, шамасы.

Бірақ ондай еркіндік мына жігіттерде жоқ, қол-аяғы жіпсіз байланған, көмекейіне тас тығылған, құлақ пен көзге шамадан тыс күш түскен, басқаға мойын бұруға мұрша жоқ, тіпті, іштегі көкірек қуысы да бос емес, ол да басқа жаққа ауып, мұны сергіте алмайды, ол көкірек қуысында қорғасындай ауыр зіл салмақ және жатыр. Ол зіл салмақтың аты күдік пен үрей, қырағылық, дала адамдарына тән емес, шектен тыс сергектік, көңіл ояулығы.

Сыртта осындай жағдай орнатқан мына алты қанат үйдің ішіндегі үш адамның өз күйлері қандай еді? Олар қазір көбіне үнсіз. Ортада шалқи жанған сексеуіл оты, қып-қызыл шоқ, бұлардың ендігі бар ермегі осы ғана болғандай, соған тесіле қарап, көздерін алмайды. Сексеуілдің кейде жасылданып, кейде ашық күлгін түске айналатын бірде көтеріліп, бірде басылған жалыны бұлардың әрқайсы үшін өзінше ой өрнегін құруға болысатындай. Себебі, от көсеуге, өшіп бара жатса, бұталған сексеуілден оқтын-оқтын тастап қойып, оны өршіте түсуге үшеуі бірдей қатысып отыр. Түннің бір уағы болған, енді оған отынды шығын етпесе де болады, себебі сексеуілдің қазіргі үйілген шоғының өзі-ақ мына таңға молынан жетерліктей. Бірақ мыналардың қолы қимылды керек ете ме, кезектесе сексеуілдің түрлі түсті жалынын өшірмеудің қамын жасауда.

Бүгінгі кеште бұл шаңырақтың астында осы үшеудің алдынан топ-тобымен көп адамдар өтті, тапсырма, рұқсат, ескерту сияқтыларды қап-қабымен арқалап кеткендер бар. Сосын бір сәт біраз ақсақал адамдар да жиылды, олар осы үш адаммен аз-кем әңгіме-дүкен құрыспақ еді, бірақ, келімді-кетімді жасақшы жігіттердің тасқынды легін көріп, ел басшыларына басы артық жүк болмайық деп, тез қараларын батырды. Ескелділер ол шалдарға «қала тұрыңдар» деген еш емеурін білдірмеп еді.

Ал қазір бәрі тыйылды. Жерге төселген киіз, көрпелерден, ортадағы оттан басқа дәнеңе жоқ ағаш уықты, киіз туырлықты кең үйде бұлар үшін жан тыныштығынан басқаның керегі де жоқ сияқты. Бірақ сол ең керекті нәрсе қолдарында тұрып, оның игілігін көруге ешқайсысының мойны жар бермейді. Осының өзі-ақ бұл үш адамның бос бас қатырумен отырмағанын білдіргендей. Ауыздағы сөз таусылды, бірақ, көкіректегі ой таусылар емес.

Бір уақта үй сыртына зор денелі атты адам жақындады. Сақшы жігіттер оны өзі мен атының тұлғасынан танып, орындарынан қозғалған жоқ. Келген адам дағарадай мол денесімен атынан түсіп, буыршын жүрісімен шайқала басып, есікті түре ашып, ішке енді.

Сексеуіл шоғының қызуы беттерін әбден шалып, қара күрең түске айналдырған үшеу кірген кісіге бір-бір көз тіккені болмаса, ерін де жыбырлатқан жоқ. Бұл кісінің өзі де сондай салқын қарасқа жонын төсеп келгені көрініп тұр. Бұл түнгі қонақ Балпықтың әкесі Дербісәлі еді.

Өзі де қапсағай денелі, екі иығына екі кісі мінгендей ірі тұлғалы адам мынау түннің суығында үстіне тұлып кигесін бе, бұрынғысынан да зорайып, кең үйдің ішін тарылтып жібергендей. Басынан қауғадай бөркін сыпырғанда ашық маңдайы мен жіті көзі ортадағы оттың жарығымен айқындала кетті. Жіті көзі жүйткіп тұр. Бұл ең алдымен мына отқа қарап, мелшиген үшеудің тап қазіргі сәттегі қарым-қатынасы қандай екенін біліп алмақ үшін сезімтал көкірегі мен көз жанарына күш түсірген еді. Соны байқап болғасын ғана өңіне жеңіл күлкі табын жүгіртті. Онысы мезгілсіз келісі үшін кешірім сұрағанмен бірдей еді.

Бұл мана кеште болып кеткендердің бірі. Енді уақыт өткізіп, ел аяғы басылды-ау деген кезде осы оңашалықты пайдаланып, ұры адамдай тағы келіп тұр. Оттың ар жағында қақ төрде кірген кісіге қарама-қарсы қарап, Қабан жырау жайғасқан. Қалған екеуі екі жағында беттерін отқа кақтап, алға қарай ұмсыныңқырай отыр. Тіпті Ескелдінің қанжардай түзу сақалы сол отқа тиіп кетер ме екен деп те ќауіптенуге болар еді. Сырттан келген жіті көзді Дербісәліге солай көрінді.

– Орта толсын! - деп, қарт қонақ бір тіл қатты.

– Келіңіз, аксақал, - деп, Қабан сәл жылжыған болып, жасы үлкен адамға орын босатып жатыр. Дербісәлі Қабан мен Ескелдінің ортасына орналасты. Балпық әкесіне енді қайтып түстеп қарамасқа бекінген адамша қабағын тым түсіріп жіберіпті. Әке мен бала арасындағы жұртқа белгілі дүрдараздық әлдеқашан, мына дүрбелеңді күндердің тауқыметінен-ақ ұмытылып кететін нәрсе еді. Дербісәлі үшін солай. Баласының Жоңғар Алатауының қыс қыспағындағы қойнауынан келісімен өзіне алдаспан ала жүгірген мінезін о баста-ақ кек тұтпаған. Қайта іштей, жұрттан жасырып, тіл-көзден сақтанып, мақтан көрген де жайы бар. Тек Балпық сондағы бұрқ еткен ашуы әкесін көрген сайын қайта қозданатындай өзін дүниеге келтірген адамға қайтып жарқын жүзбен қараған емес. Шынында ондайға Балпықтың мұршасы да жоқ қой. Қазір де сол мұршасы жоқ адамның күйінде қатты томсарды.

Сөзді Дербісәлі мен Қабан бастап, Ескелді қостап отырды. Бұлар Ташкентке кеткен қос баршын – өзара туыстас мырза Есенбай мен Тұрлымбеттің осы уақытқа дейін оралмауына қысқа-қысқа күдік білдірісті де, әңгімені тосын жайға бұрды. Бұған ілік тастаған Дербісәлі еді. Ортадағы от қызуынан бойына жылу барды ма, күпісінің түйме бауларын ағытып, босатыңқырап отырды.

– Мынау бәйшегірдегі Қыдан дегенді білесіңдер ме? Қыстауы анау Түйемойнақтың маңында ғой, - деп, Дербісәлі от айналасындағы үшеуге жағалай тағы көз жүгіртті. Баласы Балпықты әсіресе мұқият сүзіп өтті. Бірақ ол бұған әлі де қабағын көтеретін емес. Дербісәлінің одан көңілі пәстартып неғылсын?! Мейлі, баласы бұған мың жерден теріс қарасын-ақ, бүйірін жылытуға басқа балалары да жарайды, тек осы түлегі он екі ата жалайырдың ішінде әзірге аты озған, қарадан туса да хан затына кісі салып, жауап күткен мына екі адаммен өмір бақи үзеңгі қағыстырып өтсе екен. Дербісәлінің бар арманы осы. Ал соңғы күндердегі әпселең, оның үстіне бүгінгі кеш, мына отырыс Дербісәліні сол арманына бір табан жақындатқандай. Сосын да ол мына үшеудің алдына тартпақ күдікті жайдың өзін Қожанасыр хикаяларын суыртпақтатқандай, тым көңілді жүзбен бастады. Алғашында Ескелді, басқалары да оны Дербісәлінің кезекті бір қысыр әңгімесі шығар деп ойлаған.

– Бәйшегір Қыданды ішек қырынды­сына дейін білмесек те, былай жүзтаныспыз ғой, - деп қойды Қабан жырау. – Ол кімнің шікәрасы бола қапты?

– Кімнің шікәрасы екенін қайдам, сол Қыданың, өзі малды-жанды адам ғой, бәрін жиып-теріп, төрт түлігін топтап айдап, жұртында ақсақ тоқты түгіл, сынық ине қалдырмай, төмен қарай көшіп кетіпті.

Бұл сөзге бәрінен де Ескелді елең деді. Бірақ тамағына тас тығылғандай, үн қатпастан бедірейе қарады.

– Көшкені қалай, Көкше теңіздің суына қарай ма, жоқ теріскей, не күнгейін бетке алып па? - деп, тағы да Қабан сөз қыстырды. Ескелдінің түсі бұзылғанын байқамады да.

– Адам баласы біліп болмайды, - деп, Дербісәлі бүктеулі елік сапты қамшысымен өз санын аямай ұрды. – Теріскейінде не бар, күнгейіне шығар.Осылай даусын қатайтып алды да, мына үшеуінің басына келмеген бір сұмдықтың шет-пұшпағын тағы қылтитты:

– Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қыдан неден асқақтап еді, естеріңде жоқ па?

– Төре тұқымына қыз бергенін айтамысыз? - деп, Балпық енді ғана қабағын көтеріп, оттың ар жағында өзіне қарама-қарсы отырған әкесіне көзін қадады.

– Төре тұқымы дегенде жай төре ме ол? Жолбарыс ханның інісіне, інісі болғанда, сол ханның көңіліне жаққан бір інісіне туысы бөлек, ақ патшаға лайық сұлу қызын беріп, айдай балқып, күндей шалқыды емес пе? Мен осы жерде бір гәп бар деп ойлаймын, отырған орнымда шауып тастасаңдар да.

Бір гәп барын Дәрбісәліден басқалар да бірден ішке түйгендей. Ескелді шарт кетті:

– Ойлап-ақ едім мен, ішім суық тартып-ақ еді бір түрлі, - деп, ол қатулана сөйледі. Иегін көтеріп, қанжардай сақалын қара жерге қадап жіберердей сілкініп шыға келді. – Мен ол Қыдан көшінің шет-пұшпағын көрдім емес пе?

Бұдан әрі Ескелді терісіне әрең сыйғандай ашумен әнеугүні Қараталдың ар жағынан ақбұйым елінен келе жатып, ойламаған жерден бір құныкер, үш даугердің ортасына түсіп, төрелік еткенін, андас ішіндегі жанбай Бұқпанбет шалдың баласы Шопабайды үш бірдей пәледен құтқарғанын айтып шықты. Сөзінің соңы мынау:

– Мен сол кәртамыс түйешіден сұрадым да, ол болса, Қыданның аға-йын-туғанының түйесін Ақдаланың ащы оты мол бір жайылымына айдап барамын, анық бағытын өзім де білмеймін, Қыданның өзі соңымнан қуып жетпек, - деп соқты ғой.

– Бұл жердегі гәп сонда мынау ғой, - деп, Балпық әкесі Дәрбісәлінің сөзін жалғастырғанға ұқсады. – Жоңғар жақтан қауіп барын хан тұқымдары бізден бұрын-ақ біліп отырған ғой, шамасы. Солар арқылы Қыданның құлағы түрік сұлу қызы да мән-жайды ұғып, әке-шешесіне хабар салған, шамасы. Бастарың аманда бері көш деген ғой.

Бұл тап қазір осы шаңырақтың астындағы қалған үш адамның да іші-бауырын жайлаған күдік еді. Сонда да Дербісәлі ең алдымен, баласының көкірегінің жүйріктігіне разылықпен қалың өскен сақал-мұрттан жоғарырақ бетінің ашық жерлеріне, маңдайына, көзінің айналасына әжім сызықтары жиырылып, жымия күлген түр көрсетті. Қазір әлденеге масаттанатын заман ба, Дербісәлі оны естен шығарғанға ұқсайды.

Қабан жырауды, Ескелді биді, жас батыр Балпықты бұл шақта ашындырған Қыдан, не оның ойда жоқта төмен көшуі емес. Хан тұқымдарының бас жарып, көз шығаратындай оқшау, ішке сыйымсыз қылығы еді. Егер бұлардың осы күдігі расқа айналса, хан тұқымдары өздерінің туған-туысқандарын, жамағайын, құда-жекжаттарын ғана қанатының астына шақырып, қалың қазақты аждаһаның аузына тастағаны ғой. Әйел деген зұлым келеді, тіпті, Қыданның қызы өзі ақ жібек көрпенің астында қойындасқан сұлтанға сыр білдірмей-ақ, рұқсат сұрамай-ақ, Жонғар Алатауы жақтан төнген қауіпті содан естіп-біліп, өз бетінше-ақ мұндағы туған-туысқандарына, әке-шешесіне хабар салған шығар?! Ондай күнде де хан тұқымдарын ақтау қиын. Әншейінде қалың қазақты «алтын қазынасы»атайтын олар, мынадай қатерлі шақта сол Қыданның бақыр басты қызы құрлы болмағаны ғой. Қыданның қызы әке-шешесіне хабар беріп үлгергенде, хан тұқымдары неғып сол алтын қазынасы – қара халықты ұмытып, керенаулана қалды?!

Осы сұраудың төңірегінде бұлар біраз тәжікелесті. Ал Қабан жырау әңгіме төркінін біраз арыға апарды. Кеудесінен әлдене үзіліп түскендей бір түрлі елегізіп сөйледі:

– Қазынасыз бай – бай емес, қарасыз төре – төре емес. Шаңырағын қанша уық тіресе, сонша ақылшысы бар хан тұқымдарының көзін шел баспақ емес, басын қара тұман шалмақ емес деуші еді ғой. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген сөз де осындайдан қалған деуші еді ғой. Сонша ақылшысы, сонша ақылы бола тұрып, хан ием жалайыр елін ұмытпасқа тиіс еді ғой. Төренің төре болуында жалайыр мен найман жұртының жөні бөлек-тін. Шыңғыс ханның кейінгі қозғалысында сол жалайыр мен найман елі қандай ерлік көрсетпеді?!

– Қабеке-ау, аттың жалы, түйенің қомында тұрып, тым әріге сілтеп, ауа жайылғаныңыз қалай? Біздің жағдай мұны көтере ме? - деп, Ескелді жы-  раудың сөзін бөлді.

– Бұрынғының адамдары бізден әлдеқайда дана шыққан ғой. Хан тұқымдарының өз орын, өз жаратылысына орай, қара қазаққа қарағанда сол бұрынғылардың даналығынан әлдеқайда мол сусындауға мүмкіншілігі бар емес пе? Сөйте тұра, хан тұқымдарының кейде тереңнен толғап, тереңнен тартып, іс қылмайтынына өкінемін де. «Бұрынғылардан дәріс алғандағысының нәтижесін жел ұшырып әкете ме?!» - деп капаланамын да.

– Қапаңыз орынды, жырау аға. Сонда да қоламтадан жаңа суырылған астың ыстығы қол мен тілді қабат күйдірмей ме? Әріден гөрі, берінің толғамдары қаттырақ тимей ме? Өзіңіз алтын жүзін тамашалаған, ұлар құстың қанатындай сусылдаған үнін естіген мынау әз Тәуке хан дүниеден өткеннен кейінгі заманда қоралы қойдай топырлаған хан-сұлтандардың қара қазақ баласын бір арнаға тоғыстыра алмағанын неге тілге тиек етпейсіз?

– Ескелді-ау, мен де сөзімнің түйінін осы тұстан шығармақ едім ғой.

– Бас-басына хан болмаққа, қара қазақты ала қойдай бөле қырқып, айғайға ысқырық қосатынын неге айтпайсыз? Бізден гөрі оларға жиірек қатынайсыз. Беттеріне шыжғырып неге баспайсыз? Баласының шаһит кешкенін естірткені үшін домбыраның аузына қорғасын ерітіп құйған Шыңғыс пен Жошының заманы келмеске кеткенін, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ өзге заманның туғанын жақсы білесіз ғой, аға.

Қабан сәл іркіліп еді.

– Иә, жас би дұрыс айтады, - деп, сөзді Дербісәлі іліп әкетті. – «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды»  деп, қара қазақ жағы талғанша сарнайды-ақ. Тап осы сөзге келгенде, хан заты атаулының құлағы тас бітеліп қалатынына сақалды басым мен де қайранмын.

Қабан жыраудың жүзі бір түрлі сынық тартты. Ортадағы оттың сәулесі мұның уысқа сыймас мол сақалында, құлжаның сақасындай үлкен мұрнында, қалың орманның ортасында жылтыраған қос көлшіктей жанарында жүгіріп жүріп, сондай бір тауы шағылған реңкін отырғандардың алдында қараңғылықтан аршып, айырып бергендей. Қатты екіленген Ескелдіге жауап сөз іздеген түрі де байқалмайды.

Бұл көрініс екі ортада Дербісәліге жайсыз тиді. Әсіресе, жырау мен жас бидің соңғы ширығулары бір түрлі жараспағандай сезілген. Содан бұл үлкен кісі ретінде бір жарықшақ көргенге ұқсатты. Екеуінің ортасында мұның ойынша дәнекер боларлық тағы бір толғамдар керек еді. Оны Дербісәлі қиналмай тапты.

– Ол шақта сендер түгіл, мына менің жарық дүниеге келмеген кезім,- деп, Дербісәлі күпісінің екі өңірін ашыңқырап, отқа жақындай қайта сөйледі.

– Сонда мына Тарбағатайда қалмақтардың Ұлы жиыны болған екен. Ол жиын жайында әкем Қанқожа айтып отырушы еді. Әкем жарықтық өнерімен, ісімен ел алдына түскен адам емес, бірақ анаған-мынаған құлағы түрік сұңғылалығы бар еді. Сендер мынау өткен заманды, әз Тәуке ханды ауызға алғасын, еске түскен әңгіме ғой. Сіз де тым әріге кеттіңіз деп сөкпегейсіңдер. Біле білсеңдер, бұл әрінің емес, ізі суымаған берінің әңгімесі. Міне, сол жиынға мұрындық болған қалмақтардың әлі күнге аруақ тұтары Батыр қонтайшының еркі деседі. «Сенің күшің бірлікте» деген тасқа қашап жазар сөзді алғаш рет қалмақтардың құлағына құйған сол Батыр қонтайшы, шамасы. Ол жиынға бүкіл ойдағы-қырдағы қалмақтардың басты-басты адамдары тегіс қатынасыпты. Тіпті, ойдағы-қырдағысын қой, анау Еділ бойындағы торғауыттардан да ат арытып, адамдар келіпті. Олар өзара түбі бірге туыс екенін ұмытады дейсіңдер ме? Ұлы ұранның үстінде бүйірлері қызып, қиқуға қиқу қосып келеді ғой кәпір немелер. Моңғол, ойрат, торғауыт дейміз. Діні бөлек, бәрі қалмақтар ғой соларың. Міне, сол ұлы жиында күллісі ант-су ішісіп, үлкен заң шығарған екен дейді. Ол заңның қасында әз Тәуке ханның «Жеті жарғысының» ауқымы әлдеқайда тар ма деймін?!

– Бұл жерде сіз нені көздедіңіз, түсінбедім, - деп, Қабан жырау қозғалақтап, сақалды иегімен төсін уқалағандай басын шайқай берді. – «Жеті жарғы» – ішкі ел заңы. Ал сіз нысанаға алған қалмақтың үлкен заңы ол нағыз қанды соғыс заңы емес пе? Екеуін шендестіре сөйлеуден, ақсақал, не ұта қоямыз? Ал тап сондай соғыс заңы бізде неге жоқ десеңіз, Түркістанда бас қосқан Тәуке хан мен үш жүздің түлегі – ұлы билер сол жағын неге ойластырмаған десеңіз, онда әңгіменің төркіні басқа.

– Жырауым, мен сіздер сияқты ел тағдырын мойнына алған адам емеспін, жай шаруа баққан қара қазақпын. Бірақ сонда да сөз бен сөзіміз үндес шыққандай. Ал айтты, айтпады, ондай соғыс заңы біздің тақиямызға тар келер ме еді?

Қабан жырау «осы сөзді шынында мына Дербісәлі шал айтып отыр ма?» дегендей қабағын ажырайтып, бұған бұрыла бір қарады. Балпық та осы жолы жүзін көтеріп, тосын ықыласпен әкесін барлады.

– Біз өзіңіз айтқандай, шаруа баққан, мал баққан бейбіт елміз. Соғыс заңы біздің не қажетімізге керек? - Бұл Қабан жыраудың ойындағы анық жүрекжарды сөзі емес, Дербісәлінің, не басқалардың тілін шығару үшін әде- йілеп қиялай тартып, бір сызып өткені еді.

– Апырау, енді қара қалмақ қозғалып жатыр деп, қара аспанды төндіруші өздерің ғой! - Осыны айтты да, Дербісәлі ең алдымен, оттың ар жағындағы өз баласынан сескенген түрін байқатты. Тілін тістей, жырау мен Ескелді биге қос жанарын кезек-кезек жүйткітті. Аңдаусыз сөзі үшін тап қазір мынау үшеуі тарапынан ешқандай қатер жоқтығын сезіп-білгесін ғана сөзін жалғастыруға қайрат тапты.– Анау-мынау үркіншілік заманда қара қазақ жадында тұтар, арқа сүйер, кәперіне алар бір сызу керек емес пе?

– Ондай сызу бар. Ол хан-төренің көкірегінде, ақ мамық төсегі мен жаюлы дастарханында! - деп, Қабан жырау кесіп айтқанға ұқсады.

– Сол хан-төреңді қазір көрсетші. Жаңа ғана сол хан-төренің тұқымдары жайында өздерің ненi бықсыттыңдар?

Дербісәлінің мына сөзіне Қабан жырау мырс күлді. Ал Ескелді басына қара жамылғандай жүзін бұрынғысынан да төменірек салды. Ескелдінің осы райы Балпыққа да көшкендей, ол да төмен тұқырды. «Иә, ақыл таппай, ер жерге қараған заман». Бұл – Қабанның басына келген ой. Ол Ескелді мен Балпықты байқап, олармен бірге сарыуайымға салынып, құрдымға кеткісі келмеді. Ақын жанды, құбылмалы мінезді адам ғой, туы қайта шалқып, түн түнегі төбеден басқан мына бір кішкене қостағы түтінді ауадан шабыт тапқанға ұқсады.

– Ақсақал, бізді өйтіп, көзге шұқып қайтесіз? Неше атамыздан бергі үрдістің құрсауын бұзып, ауа жайылып, қайда шарықтамақпыз? Анау-мынау заманда қараға туған күн төреге де туады. Ташкент асқан Қыдан шалдың мал-жаны өткен жолдан жау қалмақ өте алмас дейсіз бе? Құдай оның бетін аулақ қылсын. Сонда да жаман айтпай жақсы жоқ, қалмақ қозғалған шақта төре тұқымдары жердің жарығына түсіп кете алмас. Ең құрымаса, соны ойлап, бір іс қылар. Құдай аманда, артын көріп алармыз. Ал Батыр қонтайшының жаңағы үлкен заңын әу- лиемдей етіп, мансұқтауды сауапты іске балағым жоқ. Ол әлгі, туғанда қан уыстап туған Шыңғыс хан заңдарының сәл тігісі жатқызылып, жұмсартылған нұсқасы ғана емес пе?

– Бұл сөзіңе әбден-ақ қосыламын, еш дауым жоқ, - деп, Дербісәлі кәрі бурадай қозданып, тұла бойын түгел қозғалысқа келтіре сөйледі. – Шыңғыс ханның заңдарына түр-ұсқыны келеді-ақ. Соның тапқан баласындай десең де қате емес. Тек, мына соңғысының мұсылмандығы басым ба деймін. Шыңғыс хандікі қаны тамшылаған қатал заң. Онда мысалға жазаның бір-ақ түрі бар. Ол – өлім. Өлім жазасы. Ал қалмақ заңында өлім жазасы жорыққа шақырғанда бой тасаласаң, жау келе жатқанын көріп тұрып, бүғып қалсаң, жорық үстінде ұлы кінәздардың айтқанын екі етіп, тілін алмасаң ғана қолданылатын көрінеді. Ал соғыс үстінде қорқып, бас сауғалағанға өлім жазасы жоқ, оны тек    әйелше киіндіріп, көптің алдында мазақ етеді екен.

– Дербісәлі ағамыз бұл сөзді неге туындатты, мен түсініп отырмын,  - деп, Ескелді дәнінен шаңы көп таластың негізгі түйінін аршып алуға ыңғайланды. – Батыр қонтайшының тұсында Тарбағатайда бас қосқан қалмақтар жасаған заңды сіздер секілді түбегейлі білмесем де аз-мұз хабардар едім. Сонда менің ұққаным, оның негізі соғыс заңы екені рас, бірақ, одан да жоғары тұрған мән-мағынасы – осы Дербісәлі ағамыз айтқандай, ойдан-қырдан жиылған қалмақтардың, тіпті сонау Еділ бойынан келген торғауыттардың – бәрінің тас-түйін етіп, басын біріктіруде жатыр ғой. Міне, әңгіменің түп қазығы қайда? Сол қалмақ заңының түп қазығы қазақтың хан-төресінің ақыл-зердесіне неге жетпейді, көкірегіне неге батпайды?

– Бірақ ол жиыннан кейін де Батыр қонтайшының мұрагерлері тұсында қалмақтар өзара шайнасып, талай рет быт-шыты шықты емес пе?

– Быт-шыты шықсын-ақ, Қабеке, бірақ, ол жиынның табы қалмақтардың көкірегінде қалды емес пе? Бүгін быт-шыт болғанмен, ертеңіне қайта ауыз жаласуы қазақтарға қарағанда әлдеқайда тез де оңай. Дербісәлі ақсақал сияқты үлкендердің әңгімесінде осындай ойдың тұнығы шайқаусыз тұр емес пе?

– Мен бір нәрсеге ой жеткізе алар емеспін, - деп, Балпық отты көсеп қойып, бұл да бір тіл қатты. – Батыр қонтайшы ықпалы күшті данышпан-ақ адам шығар. Мына біздің іргеміздегі қалмақтар мен Еділ бойының торғауыттары ұшқан құспен жарысып, өзара ат сабылтып, қатынасып-ақ тұрсын. Бірақ олардың басын Батыр қонтайшы қалай қоспақ, ортасында талыстай болып қазақ даласы жатыр емес пе? Әлде қазақ даласын хан-төресімен қосып, қусырып әкетпек дәмесі бар ма еді?

Жас батырдың сұрағына қайсымыз жауап береміз дегендей, Дербісәлі мен Қабан жырау бір-біріне жалтақ-жалтақ қарады. Ескелдінің де ыңғайын нысанаға алысты. Бірақ ол көзін оттан көтерген жоқ. Ақыры, Дербісәлі Қабанға жол берген ишара жасады.

– Батыр қонтайшы қазақ даласына онша көз алартпапты, Балпықжан. Есте қалған ескі әңгімелерге жүгінсек, ол соғыс заңын қабылдады дей тұрсақ та, көкірегі кең, біршама бейбіт адам сияқты. Ал торғауыттармен қалай бас қосыспақ дейсің ғой?! Оларды Еділ бойынан көшіріп әкелмек болды емес пе? Торғауыттардың қазіргі ханы Аюке он екі жасына дейін сол Батыр қонтайшының қолында өз баласындай тәрбиеленіп өсіпті. Батыр қонтайшы оларды сөйтіп ішке тартқан ғой. Жаңа айтылды емес пе? Батыр қонтайшыдан кейін оның мұрагерлері тұсында қалмақтар өзара тіс салысып, шайқасты деп. Міне, сол Еділ бойындағы торғауыттар енді-енді бері қарай қозғалғалы тұрғанда Батыр қонтайшы өліп, мұндағылардың шат-шәлекейі шыға бастағасын, олар бөгеліп қалыпты. Сол бөгелгеннен әлі бөгелуде. Бірақ арадағы туыстық желі үзілмеген сияқты. – Қабан жырау сәл тоқтап барып, әңгімесін жалғады. – Ал Батыр қонтайшыдан кейінгі Қалдан-Бошақты дейді және бүгінгі Сыбан Рабтан дейді, бұлар жолындағы тас қабырғаға қарамайтын анық басбұзарлар сияқты. Шүршітпен екі ортада ойран салып келеді. Бізге қанша тіс батырды? Ал бүгінгі әңгіме тағы мынау.

Осы кезде есік ашылды. Енді келетін ешкім жоқ, мынау есік ашқан күзетші жігіттердің бірі шығар деп, үйдегі төртеу кіретін адамға тым жайбарақат қараған. Бірақ киіз есік айқара ашылды да, ар жағынан түн түнегінен басқа ешкім де, ештеме де көрінбеді. Есікті жын-шайтан келіп ашып тұр ма дегендей, от айналасындағылар бір-бірімен көз түйістіріп те үлгерген. Жоқ, «кіріңіздер» деп, сыңғыр еткен әйел даусы естілді. Ескелді өз бәйбішесінің даусын таныды. «Мұншама мезгілсіз уақытта бұл кімді ертіп кеп жүр?»

Ескелдінің бәйбішесі жол беріп тұрған адамдар кіре қоймады. Енді болмаса, Балпық атып тұрып, сыртта тартыншақтаған адамдарға өзі баратын еді. Салғыртып барып, әйтеуір, біреудің шет-пұшпағы көрінді. Ол тым баяу қозғалып, үңірейген түн түнегін өз денесімен көлегейлеп, аласа есіктен еңкейіп өтіп, әрең табалдырық аттады.

Бірінші кірген адамның дене тұрқы ұзын екен, бет-жүзін ажырату қиын, басына киген жұқа киізден тігілген далбағайы екі иығын ғана емес, маңдайынан көп төмен түскен, көздерін де толық жауып тұр. Ал жағасы көтеріңкі, етегі аяғының басына дейін жеткен ұзын ішік иегін қоса бүркепті. Далбағайы кең, бұл адам төмен қарағанда өзінің аяқ жолын ғана көретін болар.

Екінші кезектегі бір тегене қымыз көтерген Ескелдінің бәйбішесі – Ақжәмилә еді. Бұл үстіне көнетоз жұқа шапан ілген, басындағы кимешегі мен оны бастыра тартқан ақ орамалы мұның да бойын ұзартып тұр. Тегінде, мына Қабан жырау мен басқалар мәслихат құрған алты қанат үй осы Ескелдінің бәйбішесі Ақжәмиләға қарасты дүние еді. Мынау туырлық, түңліктерінен бастап, қошқар мүйіз, сыңар өкше, ит құйрық, не қыңыр мойын сияқты өрнектер салынған басқұрларына де-йін осы Ақжәмиләнің, не оның басқаруымен ойнақтай басқан ауыл әйелдерінің қолдарынан шыққан. Бұл үйді Ескелдінің ет бауыр жақындары, не Ескелдіні жас би атап, қадір тұтқан тілеуі бір айнала жұртшылықтың біразы ақ орда деп те атайтын. Солай атауға лайық туырлықтары ақ қойдың жүнінен басылған киіз, әрі шаңырағы биік, еңселі келген үй екені де рас еді.

Қазір осы ақ орда мынадай күдігі мол, үлкен-кішіні ұйқыдан бездірген алмағайып күндерде Ескелдінің еркі, ұйғарымы бойынша, басқа ордаға айналдырылған. Ақжәмилә уақытша бала-шағасымен Ескелдінің кіші әйеліне қарасты боз үйге кірді де, мына үлкен үйді жерге төселген киіз-көрпелерден басқа еш жасау-жабдықсыз тұрғызып, оны ел басшыларының осындай күн-түн демей бас қосатын орны етіп жариялаған. Бала-шағалы әйел, әрі өзі сияқты бауырынан өргендері көп тоқалдың қолына қараған, тең шешілмеген күн болғанмен, Ақжәмилә мынадай түн ортасы ауған шақта да бет-ажары ашық, жарқын еді. Қолындағы бір тегене қымызды жерге қоймастан, өзінің соңынан кірмекші үшінші адамға жол беріп жатты.

Бұл үшінші адамды Ескелділер бірден таныды. Белін жуан белбеумен тас қып буған қысқа жарғақ тонды, сеңсең бөрікті, қасы-қабағы да, уысқа толмас сақал-мұрты да селдір, өзі де жұқалтаң денелі, аяғын тағалы аттай ойнап басқан, ширақ жүрісті Құлжа еді. Бұл мына Дербісәлімен туыстас адам, жалайырдың ішіндегі Андас есімді атаның алты әйелінің бірі – Тасбикеден туған Меңлібай ұрпақтарына жататын. Бұлардың қыстауы Ортаөзекте емес, Түйемойнақ жақта. Екі ортаны мынадай түннің түнегінде, айсыз қараңғылықта кемі үш бие сауымындай уақытта жүріп өтуге болады. Үйдегілер Құлжаға көп алаңдап жатпады, тіпті оның төсін басып, «Ассалаумағалайкөм» деген даусын да естімегендей. Бәрінің мына бірінші кірген, жүзін далбағай жасырған адам кім деп, ең алдымен соның шешуін  таппаққа іштей аласұрған түрлері бар.

Құлжа Дербісәліден көп кіші, мына Қабан жырау шамалас адам.

Үйдегілердің назары өзінде емес екенін байқаса да, оған мән бермегенсіп, жүзіне күлкі табын үйіріп:

– Сіздердің ұйқы көрмеген жайларыңыз алыста жатқан біздің қабырғамызға батты. Мұндай күнде жылы төсектің қызығын көру құдай алдында бәріміз үшін де күнә. Сосын да бір түнгі ұйқыны садақаға атап, бері тартып отырдық. – Ескелділер Құлжаның сөзін әлі де олқысынған күйде еді. Әрі бір сөзін ұстаса, екіншісі сұрша құсша құлақ тұсынан дыбыссыз ұшып өткендей, оның не айтып, не қойғанын толық түсінген де бірі жоққа ұқсайды. Олардың осы дағдарған күйін ащы ішекше соза беруге ұяты жетпей, қасындағы ұзын бойлыға дігір етті:

– Әй, жүз көрсетсеңші.

Ұзын бойлы киген ішігінің ішінде-ақ ортан белінен сынып түсердей бір шұғыл қимыл жасады. Мұнысы әйел қимылына қатты ұқсап-ақ кетіп еді. Сосын ол маңдайынан көп төмен түскен далбағайын көтеріп, әлі де жүзін толық ашпай, басын төмен иіп, отырғандарға сәлем берді. Мұның кім екенін бірінші байқаған Балпық еді:

– Дарабоз жеңешем ғой мынау! Төбесі көк тіреп келгенге әлдекім екен десем. – Балпық осы түнде бірінші рет көңілденіп, домалақ жүзіне балалық елгезектік әлдеқайдан кеп қона кеткендей. Енді ғана бұл екеуге орын беру  керектігін есіне алып, от басынан атып түрегелді.

– Е, Құлжаның үйіндегі өзіміздің келін баламыз екен ғой, - деп, Дербісәлі де дауыстап жатыр.

Дарабоз Ақжәмилә қымыз толы тегене қойған аяқ жақтағы киіз үстіне тізе бүкпек еді, үстіндегі ұзын ішік пен басындағы далбағайы ештемеге ырық беретін емес екен. Ескелді соны байқап, бұл да жеңгесініп:

– Көктемнің күнінде осыншама қалың киініп, сендер де Бәйшегір Қыданға ұқсап, әлдеқайда безіп бара жатқаннан саумысыңдар осы? - деді.

– Иә, Есекем дұрыс айтады. Неше жерден жау алса да шешсеңші үстіндегі тұлыбыңды. Тоқтышақтың терісіне сонша жасырынатындай келін боп бүгін түскен жоқ едің ғой. – Балпық осыны айтты да Дарабоздың үстіндегі қалыңды сыпырысуға қолын созды. Бұл кезде Құлжа отты айналып өтіп, Қабанның қасына жайғаса беріп:

– Бәйшегір Қыданға ұқсағаны несі, ол қашан елден безіп еді? - деді. Дарабоз ішігін шешіп, Ақжәмиләнің қасына жайғасқанша, Дербісәлі оған Қыдан жайын түсіндіріп те үлгерді.

Ақжәмилә жұрттың аяқ жолы дұрыс көрінсін деді ме, сексеуілдің екі-үш бұтағын шоқ үстіне тастап жіберіпті. Жасылдана көтерілген жалын, әрі оған екі келіншектің жүзі қосылып, ақ орданың ішіне шынында самаладай жарық орнады. Отырғандар енді байқады, Дарабоздың қысылатындай да жөні бар екен, себебі ұзын ішіктің ішінен бұл біршама алабөтен киім киіпті. Пәлендей алабөтен де емес, бұл осы өңірде сирек кездесетін әрі әйелдердің ұзақ жүрісте, жорық үстінде иыққа ілетіндері еді. Бұларды Дарабоз әлдеқайдан тауып әкелмеген, өз қиялымен өлшеп-пішіп, өз қолымен тіккен еді. Енді оны үстіне жапсырып, осы қалпында ел басшыларының алдынан бір өтуді арман еткен. Күн санап, сағат санап отырған шақта ол арманды жүзеге асыруды кейінге қалдыра беруден не қайыр?

Дарабоздың кигені белін қапсырмамен буған, ұзын жеңі мен тізеден жоғары етегін жиектей құс таңдай, иір мүйіз өрнектер салынған көк масаты қамзол еді. Ең ғажабы ол емес, жайшылықта әйелдердің осындай қамзолының астынан қос етек көйлегі делеңдесе, Дарабоз ол ғұрыпты тәрік еткендей. Бұл көйлектің орнына түсі белгісіздеу шалбар мен ұзын қонышты етікті жаратыпты. Бұған елік сапты қамшысы мен сыртынан көгілдір орамалмен бастырып байланған қамшат бөркі қосылып, айқай ұранды жорық, не алысқа сілтеген көш үстінде ат құлағында ойнаған жас қыздың келбетін беретін еді.

Дарабоздың мына түріне ең алдымен Ақжәмилә қызыға қарады. Кимешектің үстінен дағарадай орамал тартқан, нәркес көзді, тап қазір реңкі әлденеден қас пен көздің арасында солғындап, бет-әлпетінде сүйек іздері де білініп қалған ба, жоқ әлде сексеуіл отының алқын-жұлқын жарығында солай көріне ме, әйтеуір жұрттан оқшау киініп келген Дарабоздың қасында Ақжәмиләнің өңі тез өзгеріп сала бергендей. Ал Дарабоз керісінше, үлкен-кіші ер адамдардың көзін тартып, құлпырып кетіпті. Жас жағынан Дарабоз Ақжәмиләдан жарты мүшелдей үлкен. Бәйбіше атағы бар Ақжәмилә жиырма беске жаңа ілінсе, Дарабоз отыздың үстіне шыққан және де бұл табалдырық аттап, анау Құлжамен тұрмыс құрғалы қай заман! Өң жағынан да Ақжәмиләдан көп озық емес. Дөңгелек жүзінде күн мен жел табы көбірек білінеді, тек айшықты көздері ғана мұның кескінін сәл бөлектендіріп тұратын. Әрі Ақжәмиләдан сәл де болса сүйегі ірі, қозғалысы ширақ. Жас кезінде шешесі Дарабозға: «Әттеген-ай, мына тұрпатыңмен, мінезіңмен ұл боп тумағаның-ай!» деген өкінішті талай айтқан.

Адамды шүберек жасартады деген рас-ау. Жасы Ақжәмиләдан үлкен, өң жағынан одан көп асып кетпеген, етек басты үй тіршілігінің тауқыметін көтеру жағынан да үлесі аз емес Дарабоз тап қазір Ескелді бәйбішесіне қарағанда әлдеқайда жасаң, әрі бағы жанған күйде еді. Ақжәмилә Дарабоздың өз басына қанша қызыға қарағанмен, тегенедегі қымызды сапыра отырып, алғаш кіргендегі ашық, жарқын жүзін жоғалтпауға тырысты.

Дарабоз күйеуі Құлжа екеуі жаңа ең алдымен Ақжәмилә отырған кіші боз үйге ат басын тіреген. Ескелділердің осында екенін біліп, аттарын сонда қалдырып, бері аяңдап еді. Ақжәмилә бұларға ілесе бір тегене қымыз көтере шыққан.

Қабан жырау бір тостаған қымызды қолына ала отырып:

– Ия, сөйле, - деп, Құлжаға қарады.

– Дарабоз сөйлесін, - деп, Құлжа ірге жаққа жүз жасырмақтай шалқалай берді. Бір-бірімен қыз алыса беретін он екі ата жалайыр адамдарының біріне келін, біріне жеңге есепті Дарабоз күйеуінің мына рұқсатынан бетіне қызыл ала қан жүгіргендей, ұялған түрмен өз бойына жарасты ибалылық көрсеткен болды. Бірден суырылып ала жөнелмеді. Ақжәмилә ұсынған қымыздан дәм татып, төрдегі жасы үлкен Дербісәліге қырын отырған күйі көзін төмен салды. Қабан жырау жас жағынан өзі шамалас Құлжаның әйеліне барлай қарап, Дарабозға осы қалпында қолына найза ұстатып, жанына садақ байлап берсе, тіптен жараса кететінін ойша мөлшерледі. Ол түйсігін жасырған да жоқ, ашық айтып салды:

– Қарындасым-ай, саған ерлер мінер құр ат пен олардың бес қаруы ғана    жетпей тұр екен.

Қабанның Дарабозды «қарындасым» дейтіні – бұл да жалайыр ішіндегі мырзаның қызы еді. Сол мырзаның бәйбіше қарашапан деген бұтағынан тарайды. Қабанның сөзін Ескелді мен Балпық та жамырай қостады:

– Қабеке-ай, менің көкейімдегіні қыл өзектен тартып қалдыңыз-ау.

– Мен де сөйдемек едім.

– Заманына қарай адам да құбылады емес пе, - деп, Қабан алғашқы сөзін одан әрі тиянақтай түсті. – Кім білсін, Дарабоздың осы түрі ертеңгі күннің қамы түртіп оятқанға ұқсас бір нышан болып жүрмесін.

Дербісәлі қасындағы Қабанға сергек көздерін тағы бір жүйткітіп қалды.

– Мен не айтайын, - деп, әлден уақытта ғана Дарабоз ағаштың қуындай тақ ете қалды. Қоңыр тарғыл даусы үзілмей шықса, бірте-бірте құлаққа жағымды естілетін еді, әрі әйелдік түр-кескініне кесірін де келтірмейді екен, қайта өзгеше бір қайталанбас үйлесімді сипат беретіндей: – Ақын аға тап қазір көл үстінде сұқсыр үйрек алған лашын құстай үлкен бір құдіретті сөз түйінін іліп түсірді деп ойлаймын. Өз басым мұны ақын ағаның кемеңгерлігіне балаймын. Сіздерден ұйқы қашырған, сіздер қауіп еткен күндер бізге де қара тас, мұз төсеніш болып тұр. Ғали арыстанның зұлпықары бағытынан адасып, төбемізге құлап түсердей, алланың қандай да бір қаһарына қалған жандарға ұқсаймыз. Міне, осындайда ақсарыбасымызды атап, күнәміз болса кешір деп, таңғы зауал мен кешкі бейуақ шақта құдайға жалбарынуды ұмытқамыз жоқ. Бірақ құдай айтқан екен дейді, «сақтансаң – сақтаймын» деп. Есекемнің сөзі біздің құлағымызға да жетіп жатыр. Қауқары бар әйелдер ерлерше киінсін деп жар салған екен. Бірақ құр киімнен не шығар? Осылай ойлап әнеугүннен бері мені бір түлен түртті. Отағасын мазалап, түнделетіп бері тартқаным осыдан еді. Сіздердің алдарыңыздан өтпей, істеген ісімізді құдай қабыл көрмес деп жорыған едім. Егер сіздер рұқсат етсеңіздер (сәл бөгеліп, аузын алақанымен басқандай бір қимыл жасады)... иә, сіздер егер рұқсат етсеңіздер, әйел заты да адам баласының жартысы ғой, сол бір ақ      жаулықты әйелдер ортасында «сендер де қолдарыңа қару ұстаңдар, ойнатып ат мініңдер» деп ұран салмаққа аңсарым қатты ауғандай.

– Жалайырдан да бір қыз туған екен-ау! - деп, Дербісәлінің көкірегі қарс айрылғандай сөйледі. Қалтасынан үлкен ақ орамалын суырып, көзін сүртті. Ел басына қауіп төнгеніне бұл енді ғана сенгендей.

– Бұлай айтарың болса, бүгінге дейін екі иығыңды тас басып жатты ма?  - деп, Ескелді наразылық білдірген адамша күңк етті.

– Қайдам, жаманның ақылы түстен кейін кіреді деген рас та.

– Жоқ,  Дарабоз қарындас, кім жақсы, кім жаман оны түстейтін заман емес. Рұқсатты мен бердім. Осы келісімнің өзі қарлығаштың қанатымен су сепкендей бар. Ертеңгі ұран салып көтерер ісің қара дауылдай соғар қайратқа ұлассын, - деді Қабан.

– Рахмет, ақын аға!

– Тек, қарындас мынаны ойла! - деп, Қабан жырау тағы сөйледі.

– Ертеңгі күні заманның қалай құбыларын біз өзіміз де білмейміз. Сондай толқымалы сәтте біздің аузымызға қарамай, іс қыларлық қайратыңа ақыл қосып ал. Ескелді мен Балпықтың біраз жігіттері бар, олар сендерге қылыш сермеп, найза шаншуды үйретер.

– Осындай қыздарымызға дейін суық қару ұстатқан, заман-ай! - Дербісәлінің шынында көңлі бұзылған екен. – Онда мен де қарап жатпаспын. Аяқ алып жүре алатын шал-шауқандардың бәрін құйрығынан найзамен түртсем де көтерермін. Бірақ бәрімізге бірдей ұсталар соққан шанышқы темір жете ме?

Өзі шешен, өзі батыр, андас ішіндегі үлкен бір атаның басы болған көшелі адамның бүйтіп үгiтiлгенiне Ескелді таңырқап еді:

– Сізге мұндай көз жасы жараспайды. Елдің еңсесін көтеретін бәйтерегіміз, қайта оның жүнін жыққыңыз келеді. Ұсталар соққан темір шанышқы жетпесе, үзеңгіге аяқ  асып жүре алатын шал-шауқандарға басқасы бар. Қабекең айтты емес пе, ертеңгі күні заманның қалай құбыларын өзіміз де білмейміз деп. Бұл анық сөз. Сондай бір күнде қызыл қарын жас балаға, балалы әйелдерге, дүние-малға ие болатын да кісілер керек емес пе? Олар мына сіздер болмай кім болмақ?!

Осы тұста қымыз құйып отырған Ескелдінің бәйбішесі Ақжәмиләның да үндемей қалуға дәті шыдамағандай:

– Онда үлкендердің алдынан мен де өтейін. Анау боз үйдегі менің күндесім келіссе, балалардың бәрін соған тапсырып, Дарабоздың ұранына мен де қосылайын.

– Саған кесікті екі сөз айтайын, апасы, - деп, Балпық суырыла жөнелді.

– Мұндай күнде боз үйдегі күндесіңе жүгінсең, шашы ұзын, ақылы қысқа әйел екендігіңнің атой бергені. Ал жүгінетін адамыңның сөзін тыңдасаң, сен Дарабоз жеңешеміздің тобына қосылмайсың!

– Неге қосылмаймын? - Ақжәмилә қолыңдағы ағаш ожаумен желке жағынан күжінеген Балпықты маңдайдан салып қалардай бар денесімен бұрыла сұңк етті. – Дарабозға ұқсап ерлерше киініп, садақ асынып, ат ойнатып шықсам тақияңа тар келемін бе? Қыз да болсам батырдың тұқымымын ғой.

Ақжәмиләнің бұлай сөйлеуі тегін емес. Бұл да осы Дербісәлі, Балпықтар шыққан андас елінің қызы. Шежіре құмар қазақ ата, ру бөлінісін, қорадағы мал санынан әрмен мықтап жадында тұтқасын, Ақжәмиләнің жаңағы сөзінен соң, бірден Андас атаның ішкі бөлінісін, осы Ескелді би бәйбішесінің батыр әкелерін естеріне түсiрiстi.

Сірә, Андас ата алты әйел алып, оның бесеуінен туған балалар кейінгі замандарда көп өсіп-өнгесін, сол Андас атты рудың ішкі бөліктері сол бес әйелдің атымен аталатын. Қарашаш, Қаламқас, Тасбике, Ақбұрым, Толымбике деп келеді. Бүйтіп ру аттарының ана атымен аталуы ол замандарда пәлендей таңсық та, сөлекет те көрінбейтін. Себебі, қазақта Мұхамед пайғамбарға дейін аналық ру үстемдік етіп, кейін замандар өте келе ғана оны аталық ру ығыстырған сыңайлы. Сөйтсе де ежелгі дәстүр де ара-тұра шаң беріп, шежіренің әр тұсында ана есімдері кездеседі. Баз бір шежірешілердің айтуынша, осы Дербісәлі және Ақжәмиләнің әкесі Қайдауыл Андас атаның төртінші әйелі Ақбұрым шешейден тараған ұрпаққа жатады.

Зерттеушілердің пайымдауынша, арғы шежіреде артына мол із қалдырған, сүйегі мықты аталардың есімдері ғана жазылған. Ал жалқылар мен жабылардан секіріп өте берген. Сондай сүйегі мықтылардың қатарында Ақбұрым шешеден туған Қалқа, Түшімбет, Төлес екен де, Қалқадан туған Дүйсенбі, одан туған Таймөңке, Қайдауыл, Қанқожа, Лепес (араларындағы секірістерді санамағанда осылай). Міне, Дербісәлі осындағы Қанқожаның бел баласы да, мына Ескелді би бәйбішесі Ақжәмилә – Қанқожаның тетелес ағасы Қайдауылдың шөбересі.

Осы аталардың ішінде Дүйсенбі мен оның екінші ұлы Қайдауыл біршама батырлығымен аты шыққандар. Сол Дүйсенбі мен Қайдауылдан шыққанын Ақжәмилә керек жерінде қалай мақтан тұтпасын? «Мен де батырдың тұқымымын» деп неге айтпасын? Ақжәмиләнің осындай сөзінен соң отырған қазақтар жас бәйбішенің арғы тегін, батыр бабаларын көз ілеспес шапшаңдықпен сараласқан еді. Балпық та осындай күйге ұшырағанмен, аса көп бөгелмей, әрі бұл өзіммен аталас, жақын туысқан адамның қызы ғой, апайым ғой деп жатпастан жауабын сексеуіл діңіндей етіп, тым қатайта қайтарды:

– Батырдың тұқымы екеніңде дауым жоқ. Бірақ аяқ жолыңнан арғыны көрмейтін әйел екеніңе осы сөзің және айғақ. Сен бүгінде өз шаңырағыңды танымай, далбасалап отырсың. Біз бүгін мұнда неғып бас қосып, мәжіліс құрудамыз? Басқа үйде бас қоссақ, көзіміз көрмей ме? Бірақ мынау Есекемнің шаңырағы. Тәңір бұйрығымен бұл шаңырақ қиын-қыстау күнде бәріміздің ант-су ішетін, ақыл қорытатын ордамызға айналды. Сол орданың бағым-күтіміне де өзің сияқты аруақты батырлардың зерделі бір тұқымы керек пе, жоқ па?

Ақжәмилә одан әрі сөз жарыстырмады. Дарабоз оның осы әдептілігін іштей бағалап, әйел адамға әйелше жымиыспен, соншама елжірей қарап, қолдау көрсетті. Жаңа ғана сөздері добалдай, батыр пішініндегі Дарабоз енді нәзік жанды періште сияқтанып, Ақжәмиләнің қасынан табыла кеткендей.

Үлкендер де Дарабоздың осы реңкін жоғары бағаласты. Жалпы бұл адамдар бірін-бірі бүгін ғана танып-біліп отырған жоқ қой. Бұл Дарабоз мына андас еліне келін боп түскенде мұның тегін жан емес екенін табанда-ақ сезіскенді. Келе-келе, оның бұлар ойлағаннан да керемет, көкірегі жүйрік жан екенін бағалап, арнайы бата беруді де ойлаған. Оның да жөні көп күттірмей келіп еді. Бірде сонау Іленің төменгі жағалауындағы Ақдаладан, күшік елінен атақты Жолбарыс би келді. Қасында небәрі жиырма бес жастағы, бірақ,  сол күшік елімен қоңсылас жалайыр-балғалы елінің көсеміне айналған Есентүгел бар. Бұл мінезі біртоға, аса көп сөйлемейтін, Жолбарысты аға, әрі пір тұтатын ибалы жігіт еді. Бұл мына өрдегі жалайыр туысқандарының көсемдерін жақсы танымайтын да. Жолбарысқа ерген мына жүрісі соларды біле түсу мақсатынан туған. Ал Жолбарыс мына Дербісәлі ақсақал қатарлас қартаң адам. Әрі осы Дербісәлінің әкесі Қанқожаның үлкен ағасының балаларымен құдандалығы бар-тұғын. Ол үлкен аға өзі ерте өлген, одан туған үш бала қызыл шақа күйінде қалған, есесіне бұлардың шешесі Қырғыздың сүйегі берік шықты. Қазір сол үш бала да, олардан тарағандар да Қырғыз балалары аталады. Әрі көптігіне орай, мына Дербісәлілер қыстаған Ортаөзектен төменіректе Жазылбек қырғыздары, Ақтөбе-Шұрық қырғыздары, Көкдала қырғыздары атанып, үшеуі үш ауыл болып отыр. Дербісәлінің басы ауырып, балтыры сыздаса, ең алдымен қол созар етбауыр жақындары осы Қырғыз балалары еді. Қырғыз шешенің бұл күнде өзі де жоқ, сосын да оның балалары ең үлкен туысымыз деп, Дербісәліні қадір тұтушы еді.

Жолбарыс жоғарыда аты аталған үшеудің ішінде Көкдала қырғыздарымен құдандалы. Сосын да бірден солардың шаңырағына ат басын тіреді. Ертеңіне бірден сәлем бермекке Дербісәлі аулына аттанды. Екі қарт бір-бірімен төс қағыстырып, көріскеннен-ақ Жолбарыс қайтқанша, яғни, бір айдай бір-бірінен жұбы жазылмады. Кәрі бұғылар айыздары қанғанша әңгіме айтысты, асықпай ел аралады. Бұл балғалының жас көсемі Есентүгелге шалқар теңіздің суынан сусындағандай әсер етті.

Бірде бұлар осы Дарабоз келін боп түсіп отырған андастағы Кенжеке аулы­на келді. Тап осы тұста бұлардың тобына Қабан жырау, Ескелді би және ол кезде Ескелдімен аралас-құраластығы жоқ жас Балпық та қосылып еді.

Мұндай ел ағасы адамдардың келуіне бәрінен жасы үлкен бола тұра, Кенжеке құрақ ұшты. Баласы мына Құлжа мен келіні Дарабозды зыр жүгіртті. Осы бағдарда бәрін жас келін Дарабоздың мысы басты ма, осы тұста Кенжеке үйінің оюлы сырмақ, көрпе төселген төріне жайғасқан аузы дуалылардың әңгімесі әйел затынан шыққан асылдарға ауысты. Сонау Жиренше шешеннің Қарашаш сұлуынан бастап, бергі тарихтағы, әр елдің шежірелерінде аттары алтын әріппен жазылған аналарды еске алысты.

Сөйтіп, тепектесіп келіп, осы үйдегі өздеріне қызмет етіп жүрген Дарабоз есімі қалай ауыздарына сап еткенін өздері де білмей қалысты.

Ақыры Ескелді бастап, осы Дарабоз Кенжеке үйіне келін боп түскелі оның тапқырлығы, қонақ күтуі, аға-йын, көрші-қолаңмен қарым-қатынасы жөнінде ел аузында жинақталған әңгімелерді сөзбұйдалады. Оған алыстан, сонау төмендегі Ақдаладан, күшік елінен ат арытып жеткен, қазіргі баршасының сыйлы қонағы Жолбарыс би мәз-мейрам боп күлді. Бұл Жолбарыс мұнда әдеп сақтап кішік көрінгенмен, сол төмендегі жалайырдың күшік, қайшылы, балғалы атты тармақтарының, әрі олармен жайлау, қыстаулары жапсарлас Ұлы жүздің өзге рулары – ысты, албан, сарыүйсіндердің ортасында да арқалы би атанушы еді. Әлденеден Ескелді би осы кездесуді бір кәдеге жаратып қалуды ойлады.

– Жәке! - деп, жас би үлкен тұрғылас Жолбарыс биге қарады. – Қырықтың бірі қыдыр деген. Ал сіз қырықтың бірі емес, мыңның бірі атанған адамсыз. Осы Кенжеке ақсақалдың келінін бір сынап, қолайыңызға жақса бата берсеңіз қайтеді?

Жолбарыс би Қабан жырауға ұқсаған жүндес жүзіне бұрынғысынан да мол мейірім жиып:

– Сынақ өздеріңізден болсын, қолайымызға жақса, батасын мен-ақ берейін, - деді. Ескелді сәл бөгеліп, сынақ жөніндегі рәсімді Қабанға тапсырмақ еді, ол мұның өзіне қарындас екенін айтып бас тартты. Ендігі жол тек Ескелдінікі еді.

– Ақсақал, сіз рұқсат етсеңіз, - деп, жас би үй иесі Кенжекеге қарады.

– Мына келініңіз Үлпілдек төрге шықсын, ортамызға отырсыншы бір мезет.

Дарабоздың азан шақырып қойған аты Қалипа еді. Сәби кезінде үкідей үлпілдеген түріне қарап, әке-шеше, туған-туысқан Үлпілдек атаған. Мына кездесу ол әлі сол екінші ныспысымен жүрген кезде еді. Шақырып келтіре алмас қонақтардың бас қосуынан онсыз да шығарға жаны жоқ, әрі мынадай ай жүзді, теңіз ақылды келіннің біраз шапағатын көріп үлгерген Кенжеке шал:

– Рұқсат! Рұқсат! - деп жік-жапар болды. Ал осында отырған Кенжекенің баласы, Үлпілдектің күйеуі Құлжаны ешкім кәперге алмағандай.

Үлпілдек қайын атасының төріне шығып, Жолбарыс пен Ескелдінің ортасына шоқиды. Ескелді көп толғатпады. Мұның он бес жасында осы елге сапаршылап келген атақты Төле би халық даналығының тұңғиығына жетелейтін әр түрлі сұрақтар қойып, Ескелді сүрінбей өткесін, оған бата беріп, әрі би атандырғалы талай жыл өткенмен, ол оқиғаның бәрі көз алдында еді. Төле би сұрақтарын бергі уақытта ойында сан мәрте жаңғыртып, түрлендіріп, әрі өз жанынан да қосып, қарасын көбейтіп жүретін. Міне, солардың заты әйел Үлпілдекке қайсысын қоймақ керек, соны тез ойлап шешті:

– Көкке тіреу не болар? Көлге піспек не болар? Терісін теспей, етін сорған не болар? Жілігін шақпай, майын сорған не болар? Осыны тапшы!

Үлпілдек те бөгелген жоқ. Шаңы­раққа бір қарады да, бәрі сонда жазулы тұрғандай жауабын бірден төгілтті:

– Көкке тіреу күн болар. Көлге піспек жел болар. Терісін теспей етін сорса, қара нарды қалтыратқан қаңтар ғой. Жілігін шақпай майын сорса, екі ағайынды ғой. Сол кезде үлкендер ортасында мұндай әңгімеге көп қатыспайтын бозбала Балпық суырыла кетіп, қайынсынып:

– Өзгесін дәл таптың, ал әйелдің қандайы жақсы, соны аташы! - деп салды. Үлпілдектің жаңағы тапқыр жауабынан-ақ қоғадай жапырылған үлкендер жағы Балпықтың мына сұрағынан соң қайта бой түзесіп, пышақ кескендей сап тыйылысып еді. Үлпілдек үшін нағыз сын сәт енді туғандай. Бірақ, ол осы жолы да мүдірмеді:

– Көшкенде жетелейтін боталы

түйесі болса,

Ерттеп мінетін құлынды

биесі болса,

Алдында бесігі болса,

Маңдайының несібі болса –

Әйелдің жақсысы сол болады, - деді. Амал жоқ, Жолбарыстың бата беруіне тура келді. Батаға қоса, қарт би Үлпілдекке қарап, тағы бір ұсыныс түсірді.

– Жаным, сен әйел затынан бөлек, дара, озық туғансың. Сенің бұрынғы ныспың Қалипа да, қазіргі ныспың Үлпілдек те басыңа лайық емес. Сенің ныспың Дарабоз болсын, аллаһ – акбар, - деп қайта қол жайып, бетін сипады.

Сөйтіп, Дарабоздың осы атауын берген күшіктің Жолбарыс биі еді.

Сонымен, Жолбарыс би аттанып кеткен. Қасындағы балғалының басшысы Есентүгел осындағы бүкіл жалайыр қауымының, оған жаптас біраз елдің басшысы, өзімен аты да ұқсас, жас жағынан да қарайлас, бірақ, атақ-даңқ жағынан қара көрсетпес ілгері Ескелді Жылгелдіұлының бақ-талайына қызыға да, қызғана да қарап, әрине, ол да кеткен.

Иә, мұның бәрі – бұрынғы. Бәрі – бұрынғы. Ал қазіргісі – мынау.

Сыртта жеті түннің қараңғылығы қандай болса, ойды, ішті тұмшалаған түнек те сондай. Мұрыннан әрідегіні көру мүмкін емес. Тек Ескелді би ортадағы шоқтай сөніп бара жатқан әңгімені қайта тұтатқысы келеді.

Бұдан былайғы сөз көбіне Ескелді мен Дарабоздың арасында ғана өрбіді. Ақылы мен қайраты еркекпен парапар Дарабоз бұл отырғандарға жорық киімін киіп, алыс қыстаудан түнделетіп жетіп, Қабан жырау мен Ескелдінің алдынан өтуінде әйел жыныстыға жатпайтын бөлек күш-қажыр, жігер тұнып тұрғаны анық еді. Елбасылар бұл жағын тағы да дұрыс бағалады. Ескелді Дарабозға әйелдерді көтеріп, олардың ісін ерлер қимылымен қалай үйлестірудің жөн-жосығын айтып жатты. Құлжа мен Дарабоз кеткесін, босап қалған тегенесін көтеріп, Ақжәмилә да орнынан көтерілді. Дербісәлі де қозғалмақшы еді, оны Қабан жырау ұстап қалды.

Енді бұл төрт адамның ортасында әңгіме ауаны мүлдем тосын бағдар алды. Бұл, әсіресе, жаңағы Құлжа, Дарабоз, Ақжәмилә үшеуі келген шақта еске түскен адамдардың құлағын шулатуға арналды. Күшік биі Жолбарыс, балғалының жас барысы Есентүгел, жаңа ғана мен де батырдың тұқымы-мын деп сестенген Ақжәмиләнің айналасы. Сөйтіп, әңгіме ауаны ғана өзгеріп қоймай, аясы да кеңи түсіп еді. Жаңа өз қарындасы Дарабоз бен оның күйеуі Құлжаның көзінше көбіне аузына су толтырғандай отырған Қабан жырау шешілді.

– Жолбарыс бидің әлгі Дарабозға бата берген сапарынан соң да төрт-бес жылдың жүзі болыпты-ау? Құдаңыз содан бері ат ізін салмады ғой, - деп, Дербісәліге бұрылды.

– Мойны қашық ел ғой, әйтпесе, пәлендей өкпе-наразылығы жоқ шығар, - деп, Дербісәлі ақтала сөйледі. Сосын тағы бірдеме есіне түсіп, сөзін жалғастырды. – Ол Ақдаладағы ағайындар да бізге тек қыста қатынай алады. Ал жаз жайлауымыз, тіптен алыс. Ал соңғы төрт-бес жылда қыс дегенің бірінен-бірі өтіп, қақап кетті емес пе?

– Қақаған қысты қайтейік, қазақтың бір-біріне деген көңлі сол қыстан да суық емес пе? - деп, Қабан жырау анық кімге меңзегені белгісіз, шаншудай сөз айтты.

Оның мәнісі бара-бара ашылды. Әнеукүні жан-жаққа хабар салғанда мына Қабан жырау сол Іле дариясының төменгі бойындағы күшік, балғалы, қайшылыларға өз атынан Қожаназар балаларының бірін – өз туысын жіберген екен. Дарияның арғы бетіндегі сарыүйсіндерге сапаршылап кеткен Жолбарысты ол таба алмапты, ал,  Есентүгел би салқындау ғана жа-уап қайырыпты. Жолбарыс би келгесін түп сөзімізді айтып, өз тарапымыздан Қабан жырауға кісі жөнелтерміз депті. Бірақ одан бері көп күн өтті, дыбыс та жоқ, сыбыс та жоқ.

Ал жаңа өз тұрғыласы Дарабозды көргенде, қазандағы қайнаған судай бұрқ көтерілген Ескелдінің бәйбішесі Ақжәмилә мінезі еске түскенде, мұның Дербісәлі, Балпықпен туыстас өз ата-бабалары ғана емес, басқа бір, одан   әлдеқайда ауқымды болатын жайлар да кес-кестеп еді. Шындығында, Ақжәмиләнің өз қосағы Ескелдінің ғана емес, бүкіл сиыршы әулетінің өрісін кеңейткен бір жағдайы бар.

Ол мынау: Ақжәмиләнің туған сің­лісі тым алысқа шырқап ұзатылған. Сонау Қара Ертіс, Көк Ертіс бойындағы Жастабан керей ішіндегі Бегімбет дейтіннің өте ерте замандарда батырлығымен аты шыққан Бекназар – Қосайдан тарайтын бір ұрпағы Жобалай би атты белгілі адам бар еді. Кейде ата даңқын бала шығарады, кейде бала даңқы атасының атымен шығады. Ал екеуінің атақ-даңқы теңбетең түссе, нұр үстіне нұр, ай мен күн шағылысқандай сәуле береді. Міне, осы Жобалай би жастайынан аузына дуа бітіп, төңірегіне үкімі жүрді. Ал оның немере інісі Шақантай батыр әйгілі Қаракерей Қабанбай батырмен тізе қосып, қалмақтарға қарсы талай ұрыс салды. Соның ең ірісі осыдан алты жыл бұрынғы, ит жылғы Аягөз соғысы. Әрине, ол соғыста жаудың мейманасы асқанмен, Шақантайдың батыр атағы өзінде қалды. Біржола туы жығылған жоқ. Сөйтіп, немере ағайынды Жобалай мен Шақантай бірі би, бірі батыр атанып, бұрынғы аруақты аталарының есімдерін қайта жаңғыртты.

Міне, осы Жобалай би жер шалғайлығын ауырсынбай, кезінде жақсы қалың мал беріп, Ақжәмиләнің сіңлісін алған еді. Жас жағынан да бір-бірінен алыс емес Ескелді мен Жобалай, екі жас би бір-бірімен туған бажа. Ке-йін қоныстанған жер жағдайына орай, Ескелді бидің бұл бажасы – Жондағы Жобалай керей атанды. Қабан жырау Ескелдінің көңіліне тиюден сақтанып, қиялап, Ақжәмиләнің сол сіңлісінен хабар бар ма деп сұрады. Ескелді оның осыдан үш жыл бұрын төркіндеп қана қайтқанын, өткен жылғы жазда бір жолаушылар арқылы өз аман-саулығы жайлы қысқа ғана хабар жеткізгенін, басқа ештеме жоқтығын айтты.

Біз еске алмаған тағы кімдер қалды деп, бұл төрт адам – Дербісәлі, Қабан жырау, Ескелді би, Балпық дүниенің әр бұрышын ойша кезді. Жан-жақтан бір хабар, көмек күткізгендей бір дәрменсіз хал бұлардың қиялын әр саққа осылай алып ұша берді. Қандай хабар, қандай көмек күтеді, ол жағын осы ақылды бастардың өздері де тап қазіргі күйде тап басып айта алмайтындай. Ия, бұл сол кездегі барша қазақтың басындағы хал.

Тек таң жарығы білінер шақта бұл төрт адам талықсып, әрқайсысы отырған орындарында ұйқыға қисайды.

Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ,
жазушы


БАБАЛАР АМАНАТЫ

І

ҚАБАН ЖЫРАУ

Иә, қатерлі шақта халқымыз дұшпанға серт пен семсер ғып ұстаған батырлар мен артына аталы сөз қалдырған абзал азаматтар аз болмаған. Ел жанында жүрген, сондай асыл тұлғалардың қатарында әрі жырау, әрі батыр Қабан Асанұлының орны, тіпті бөлек. Туындыларының бәрі бірдей хатқа түспесе де оны мұндай биікке көтеріп, халық арасында есімінің ұмытылмай келе жатуының себебін туа біткен дарын қуаты мен сынақты шақта халқын қорғап, қару асынуынан, оның ғаламат ерлігінен іздеген орынды.

Ел әңгімелері мен аңыздың айтуынша, Қабан жас кезінен-ақ жұрттың көзіне түскен, желмаясымен талай жерді шарлап, елді елдестіріп қайтатын болған. Осындай төтен қасиетімен үлкендерден бата да алған. Сөйтіп, баталы баланың абырой – атағы жоталы болып, ерлік істері дүйім жұртқа тарап жүре берген.

Қару асынған елдің еру отыратыны да белгілі. Бір аңызда әуелгіде қазақ жасақтарынан ойсырай жеңілген жоңғар қоңтажысы Суван Рабданның інісі Хулан батырдың қолы көп жылдан кейін есін жиып ап, қайта бас көтерген. Қанға қанмен жауап беруге бекінген жалайырдың батыры жекпе-жекте қалмақ ноянын жер жастандырады. Кейін қайта күш алған дұшпан есесі кеткен Шуманақ елінің даңғайыр батырымен кездеспек боп жерге найзасын тігеді. Сонда он жетіге енді ғана қадам басқан Қабан: «Шуманақ бабаның Орақты, Мырза ұрпақтары дұшпанға ата кегін жіберген жоқ. Ендігі кезек – менікі!» - деп, қаруын сайлап шыға келеді. Бірақ күші басым жаудың тырнағынан Қабан құтылып кете алмаған. Ұзақ уақыт бақылауда, жау қолында қалған. Бірақ, Қабанның тегін адам емес екеніне, оның бойында әулиелік ерекше қасиет бар екеніне көз жеткізген құба қалмақтар кешірім жасап, уәжге келген. Әйтсе де олар өз шарттарын да қойған. «Қазақтын киіз үйінің шаңырағы айдынды келеді. Сондай бір шанырақ жасап беріп кет», - десе керек. «Ойым өзімді де, өзгені де нұрландырып тұрады» деп Әлібекұлы Төле би айтатын қасиет Қабан бойында да бар еді. «Мен ондай шебер емеспін. Шанырақ жасау – әйдік шеберлердің ісі», - дейді Қабан жауына жақсылық жасаудан бас тартып. – Шеберлер беймарал, бейқұт елде ғана болады. Олар біздің елде, бір қиырда қалды емес пе?»

Әлгілер әккі, қадалған жерден қан алатын бірмойын, доғал адамдар болғанға ұқсайды. «Олай болса бір науа шауып беріп кет», - деп, екінші шартын көлденеңдетеді. Іргесі бірікпес елге ырыс, игілік ауыстырғысы келмеген Қабан өз тізесіне өткір балтаның жүзін тигізіп барып құтылған екен.

Дұшпанына дес бермей, еліне оралған Қабан жадау, жадағай тіршіліктің үстінен шыққан. Батыр ағасына Асанның кіші баласы Серкебай елден береке-бірлік кеткенін айтып шағынады. Сонда Қабан тереңнен толғап былай деген екен:

«Өсек-аяң сөз болса,

Жуытпаған дәнеңе.

Әділдің озар адымы,

Адал жан шығар төбеге

Тектен адам шыға алмас,

Төбе түгіл, сөреге.

Біреуге адам ор қазса,

Өзі түсер өреге...

Ақынның елі сондай деп,

Үлгісі жақсы қандай деп,

Болындар елге өнеге».

...Бірде Жалайыр елін тағы да жау шабады. Жоңғар ойранынан қабырғасы қатты сөгіліп, етек-жеңі әлі бүтінделмей отырған қалың ел бұл жолы бүлік салғандарға әуелгіде кісі салып, жер дауын бейбіт шешпек те болған екен. Бұл тілекті қабыл алмай, қасарысқан елге ендігі айла – жасақ жиып, қарсы тұру. Сөйтіп, білектің де, бірліктің де күшін көрсету. Бұл ұрыста Қабанның бесінші атасы Мырзадан тарайтын Әлкеннің баласы Есіркеп батыр айбын көрсетеді. Атақты отыз батыр қатысқан шайқаста Төле бидің күйеу баласы Жылкелді батыр (Ескелді бидің әкесі), Жалайыр Сыпатай батырлардың туысы Бөрікбай батыр, Есіркептің інісі Қасабай батыр айрықша көзге түскен. Іле өзенінің оңтүстік бетінде болған қатерлі шайқаста атанжілік Қасабай батыр қырғыздың (Қалмақтың ішіндегі бір ұрпақтың жалпы атауы – авт.)«мен» деген он бір батырын найзамен түйреп өлтіреді. Сол ұрыста оның өзі де қолға түседі. Ұрыс-жанжалға су құйып, ел арасын бітістіруге Шу өңірінен елдің көшін бастап келе жатқан Қабан араласқан. Сонда Қабан айтқан ордалы ой, оралымды сөз әлі де жұрт аузында:

«Қырғыз, қазақ бауырым –

Айналған алтын қазығым.

Арқалансам – туымсың,

Араласам – нуымсың.

Азға өкпелеп,

елден  күдер үзбейк.

Арамызға әзәзіл кеп  кірмесін.

Құт-береке, бірлікті

Ортамыздан, от басынан  іздейік».

Тұлпар мініп, ту алған батыр бабаның, даңғайыр жыраудың ерліктері көбінесе оның елді Жиделі - Байсынға –  өз атамекеніне, Жетісуға орналастыру орайындағы әрекеттерімен байланысты. Ел этнографиясы мен ауыз әдебиетін зерттеумен шұғылданып жүрген Қ. Биғожин, Ш. Халықов және Ж.Балшенов сынды азаматтар мұның 30-40 жылға созылғанын, бұл мерзімде ел санасанда елеулі өзгерістер болғанын дәлелді тұжырымдайды.

Ұзақ жылдарға созылған қасірет пен жатжерліктердің ынтымағы жарасқан елді торғайдай тоздыруы, соның салдарынан «қайың сауып», «ақтабан шұбырынды» болуы, халықтың бір қиырдан бір қиырға жосып кетуі табиғатынан дарынды туған Қабан ақынның сана-сезіміне де әсер етпей қоймаған тәрізді. Мұны ақын-жыраудың мерзімдік баспасөзде жарияланған, жұрт аузынан жазып алынған толғаулары дәлелдейді.

Батыр жыраудың жырлары мен толғауларын сөз етпестен бұрын оның тұқым-тұқиянын айта кеткен, ләзім. Өйткені, Қабан есімі қалың қауым арасында айтылғанымен, батыр бабаның туған ортасы әлі күнге дейін нақтылы жазылмай келеді.

Қабан Асанұлының өз кіндігінен тарайтын Мұхаметшенің баласы, Ақтекше ауылының тұрғыны (Талдықорған облысы) бүгінде 82 жасқа келіп отырған Өтебек ақсақалдың айтуына қарағанда, Жалайырдың Шуманақ бұтағынан Мырза балалары тарайды. Осы Мырзадан Қабанның әкесі Асанға дейін үш атаның ғұмыры өтеді. Асаннан Қабылиса (мінез-құлқы мен пішініне байланысты жұрт Қабан деп атап кетсе керек), Еркебай, Серкебай, Текебай, Көсембай есімді балалар туған. Қабылисаның (Қабан ақынның) Шынтемір, Сүлеймен, Оспан, Әбдіманап, Ысқақ деген ұлдары, Қоянкөз деген қызы болған. Олардың ұрпақтары қазір де Талдықорған облысындағы Киров ауданының Ақтекше, Талапты деген ауылдарында тұрады.

Ел бірлігін, әділдік пен адамдықты адамзат ғұмырының асыл нәрсесі санаған Қабан Асанұлы дүниенің көзіне қарап, байлықты мұрат тұтпапты. «Барлық, байлық елде болса, менде де болады» деген сөзді бойтұмар санаған. Осындай сертті сөзден өмірінің ақырына дейін айнымаған. Бұған оның ерекше дарындылығы, бойына біткен әулиелік қасиеттері, адамды бір көргеннен баурап алар қуат-күші де әсер етсе керек.

Кімнің кім екенін шын пейілі мен сөз саптасынан танығысы келген Қабан жырау бірде Абылай ханның нәсілі Әділ төреге барады. Бұған алды-артын шыбын кесіп өтпейтін беделі де, айшылық алыс жолға желмаямен шығатыны да мұрындық болғанға ұқсайды. Сезгіш желмая бір бел астында тұрып-ақ алыстан келе жатқан жолаушыдан хабар жеткізетін жануар екен. Мұнда келушілер төренің ығынан жүрмей, тіпті көліктерін бел астына қалдырып кеп, құрдай жорғалап жүреді екен.

Тумысынан тура сөйлеп, әділдікті ғана айтуды жаны сүйетін Қабан неден тартынсын?! Желмаяны Әділ төре отырған орда есігінің алдына әкеп бір-ақ тіздепті. Мұның жүріс-тұрысын бағып отырған төре:

– Менің алтын босағамды аттамай сөйлей бер! - депті ақырып.

Сонда Қабан жырау үй-ішінде болған бір кейіс әңгімені тілге тиек ете былай депті:

«Қас болды қарындасым,

Әділ маған,

Қарындас қас болмаған табылмаған.

Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,

Ақыл сұрай кеп тұрмын

әдейі саған».

Жыраудың батылдығы мен тапқырлығына риза болған төре «отыр» деп,  оң тізесін нұсқаған. «Елің бірлікшіл болсын, талан-таражға түспесін» деп,  Әділ төре Жалайырдың тарақ таңбасын беріп, Қабан жырауды көңілді қайтарады.

Кейін ел билері:

–  Кез келген оқиғаны бұлай сарапқа салған адамды қол қусырып қарсы алмайтын едіңіз. Қабанға ықыласыңыз соншалықты неліктен ауды? - деген.

–  Оның несін сұрайсыңдар? - дейді Әділ сақалын сылап. – Менің оң тізімде жататын жолбарысым Қабан жырау келгенде шығып кетті. Іле-шала оның түлкі болып кеткенін көрдім. Қабан жыраудың киесі менің киемнен күшті болып шықты.

Халық әңгімелерінде, ұлттық ауыз әдебиетінің үлгілерінде асқан дарын иелерін оқшау, ерекше қабілетті адамдар, «киесі бар екен», «қызыр қоныпты», «әулие екен» деп марапатталатынын жақсы білеміз. Осындай қызыр қонған, ақындық киесі бар жырауды асқан ғұлама М.Әуезовтың өзі де жоғары бағалап, есімі әйгілі ақын-шайырлардың қатарына қояды: «Шынында Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Түбек, Майкөт, Қабан, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанры көбініе айтыс екенін білеміз» (Жиырма томдық шығармалар жинағы, 17-том, 281-бет, «Жазушы», 1985 ж.).

Өкінішке қарай, өз заманының аса үздік жырауы болған Қабан ақынның мұралары толық қалпында біздің заманымызға жетпей отыр. Қолда әзірге бары – Албан еліндегі Тұмарша деген келіншекпен айтысы, «Тыңдаңыздар, ағайын», «Халықпыз біз, қиынбыз» деген толғаулары мен «Арыз», «Хақ тағала алдында», «Кім айттар?», «Жер ойпаңы білінбес», т.б. өлеңдері ғана.

Қабан ақынның мінез-құлқы, сөйлеу нақышы, дауысы өз тұрғыластарынан өзгеше болғанын баяндайтын аңыз-әңгімелер ел ішінде қазір де аз айтылмайды. Ақынның сондай бітімін Ә.Мәлкеұлы жазып қалдырған, Тұмаршамен айтысын да еске салып өтеді:

«Айтысса, айтыссын» деп айтты халық,

Тұмарша жүрген бұрын бәйгіні алып.

Ақырып Қабан ақын қоя берді,

Біртүрлі естімеген әнге салып.

Он беске Қабан ақын келген жасы,

Өлеңге аударылған ықыласы.

Төгеді сөйлегенде сөз маржанын,

Айрықша бозбаланың мәртебесі».

Бұл айтыстың әзірге екі түрлі нұсқасы белгілі болып отыр. Бірі – «Жазушы» баспасынан 1988-жылы шыққан «Айтыс» кітабының бірінші томына енген үлгі де, ал, екіншісі – фольклор зерттеушісі О.Исмаиловтың мақаласында жарияланған үлгі («Октябрь туы», 11қырқүйек, 1990жыл). Бір таңырқарлығы – айтыста қозғалған тақырыптың мазмұны ұқсас болғанымен де, сөз саптау, ырғақ секілді негізгі шарттар сақтала бермейді. Бұл зерттеушілердің назарын аударатын толғаулы мәселелердің бірі деп санаймыз.

Қазақ халқының басынан кешкен қиыншылықтар мен небір зұлматтардан дерек беретін Қабан жыраудың «Халықпыз  – біз, қиынбыз» деген толғауын бізге Талдықорғандық этнограф Ж.Балшенов жеткізіп отыр. Айтуына қарағанда, ол бұл туындыны Нұрсағат Әлбиләнов деген ақсақалдан жазып алған. Толғауда айтылатын ой, мазмұн тұтастығы, татаусыз тілі оқырманын бірден баурап алады. Соған қарағанда, бұл туынды дүниеден көп түйген, халық тәжірибесін, оның тарихи құрылымын бойға молынан сіңірген адамның ойтаңбасын танытатынына күмән келтірмейміз.

«Тектік пен теңсіздік,

Ептік пен епсіздік,

Тең түсетін үйің біз...

Шексіздік боп көрінген,

Бізден өтпес ерінген,

Емес едік бұрын біз.

Жасыл еді-ау манарлы,

Асыл еді-ау жанарлы.

Бүгінгіден бұрын біз,

Жете болып жететін,

Парық болып өтетін,

Қолы қалың ұйымбыз», - деп, толғаған даңғайыр жыраудың толғауы бүгін де естияр жанды толғандырмай қоймайды.

Қабан жыраудың айтыс өнері, тоғытпа толғаулары, әлбетте, мұнымен ғана шектелмек емес. Фольклорды зерттеушілер, Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы әдебиет пен өнер институтының ғалымдары ел ішіне арнаулы топ жіберіп, бұл тарапта маңызды жұмыстар тындыруға тиісті.

Өйткені, Қабан жыраудың ақындық дәстүрі өз заманында бүкіл Жетісу өңіріне кең тарағаны, жыр күмбезінің асыл ордасына айналғаны белгілі. Әдебиетші-ғалым М.Жолдасбеков те өзінің «Асыл арналар» деген кітабында Сүйінбай ақынның жас кезінде Қабан жыраудың көшінен қалмай жүріп, бата алғанын жазады («Жазушы» баспасы, 151-бет, 1990-жыл).

Ал жыр жампозы, Бақтыбай Жолбарысұлы (1842-1902) болса, ақындық кие Қабан бабасынан қонғанын мақтанып та, сүйініш ете жырлаған.

«Жасымда жетім болып,

безіп кеттім,

Қаңғырып айдаланы кезіп кеттім.

Түсімде Қабекеңнен өлең алып,

Қызырға бай қылатын кезікпеппін».

Әйгілі Әсет ақынмен жүздескенде Бақтыбай бұл ойын былай деп тереңдете түйіндейді:

«Менің атым Бақтыбай,

Домбырамды қақтым-ай,

Ақын Қабан әулие,

Өлең берген бақытыма-ай,

Құдай берген өнермен

Ел-жұртыма жақтым-ай».

Тек Сүйінбай Аронұлы (1815-1898), иә, болмаса, Бақтыбай Жолбарысұлы ғана емес, қазақ халқының Арыстан, Жамбыл, Құлмамбет, Қыпшақбай, Сарыбас, Кенен сынды шашасына шаң жұқпас, ерен жүйрік ақындарының қай-қайсы да Қабан жыраудың ақындығына тәнті болып, ұшқыр, ойлы сөзін ғұмыр бойы құрметтеп те, қастерлеп те өткен.

Ел басына бұлт үйіріліп, қатерлі сәттің құйыны үсті-үстіне ұйытқыған кезеңде даналығымен де, батырлығымен де қалың қазақтың берік қамал-қорғаны болған Абылай ханның 1764 жылы Жалайыр елін аралап, атамекенімен қайта қауышқан жұрттың тіршілігімен танысқаны баспасөзде жазылып жүр. Жылкелді батырдың баласы 15 жасар Ескелдіге жолығып, бата беруі де оның осы сапарында болған. Бұл жерде біз Ескелді биді тектен-текке еске алып отырған жоқпыз. Жоңғар шапқыншылығының беті қайтып, босып кеткен жұртты өзінің атамекеніне қайта қоныстандыруда Ескелді, Балпық билермен бірге Қабан жырау тынымсыз әрекеттер жасап, қайраткерлік көрсеткен. Дау-шарларды да тізе қосып, бірлесе шешіп отырған.

Ел әңгімелері мен баспасөз материалдарында Балпық би жөнінде де нақтылы деректер көтеріліп жүр. Балпық – Жалайырдың Шуманақ аталығынан тарайтын Дербісәлінің  баласы. Ескелді биден 8-9 жас кіші.

Ал, Қабан Асанұлы Ескелді Жылкелдіұлынан 10-15 жас үлкен екен (Журналист Қ.Қарамановтың деректері). Демек, Ескелді би 1701-1705 жылдары туған болып шығады. Осы жерде 90 жыл өмір кешкен Қабан Асанұлының туған жылы туралы сөз қозғай кетудің орайы келетін секілді. Өйткені, жоғарыда аталып өткен «Асыл арналарда» Қабан жыраудың 1686-1776 жылдары өмір сүргені көрсетілген. Және онда Сүйінбай ақынның Қабаннан бата алғаны да айтылады. Сүйінбайдың 1815 жылы туғанын ескерсек, бұл деректің қисынсыздығы айқын көзге ұрады. Қабанның туған жылы өскен ортасы 77 жыл өмір сүрген Ескелді, 88 жасында дүниеден қайтқан Балпық билермен тұрғылас болып, солар кешкен ғұмыр жолдарымен қисынды үндесетін де, үйлесетін де тәрізді. Жаңадан толықтырылып келе жатқан деректер Асанұлы Қабан жыраудың 1736-1826 жылдары өмір сүргеніне дәйек бола алады.

Қызылтас маңында диқаншылық етіп отырған жұрт Қабан жырау келгенде:

– Жерімізде басқа жұрт жүр. Оларға не дейсіз? - деп бірден сұрақ қойған.

– Орыстарды айтып тұрмысың? Олар базаршыл, көпшіл халық. Қолымыз ұзарып, елдігіміз жараса түседі, - деп жауап қайтарыпты жырау.

Қабан жыраудаң ел аузында айтылып жүрген өлеңдері мен аңыз-әңгімелері көп-ақ. Тек іздеушісін, қамқоршысын тапсын деңіз.

Ескелді бидің әкесі Жылкелді Жанғабылұлы: «Төленің нұры, Қабанбайдың қыры, Абылайдың сыры, Қабанның (Қабылисаның) жыры о дүниеге де сыймайды», - деген екен. Бабаларымыздың алдындағы қастерлі парызымызды сезіну үшін де мұндай аталы сөздерді ұмытпауға тиіспіз.

* * *

Қабан жырау Асанұлының ата-бабаларын, өркен жайған ұрпақтарын сұрастыра жүріп, менің қазіргі Шаған тауының қойнау-қойнауын мекен еткен ауылдарды аралап, ел кісілеріне сәлем беріп, жөн сұрауыма да тура келді. Шүкіршілік, ілтипат білдіретін көзі қарақты адамдар аз емес екен.

– Өтіп бара жатқан уақыт. Ұстай алармысың? - деді қазірде жетпісті орталап қалған Жылқайдар Егінбаев ақсақал. – Өлі риза болмай, тірі байымайды, бабаларыңның әруақты істері мен өшпес өнегесін жұртқа жариялап, кеңінен таныстыру – сендердің абзал әрекеттерің болмақ. Менің жұбайым Мәрима Қабылиса ақынның кіндігінен тараған Ысқақтың баласы Рахметтің үлкен қызы. 1977-жылы ұлы бабамыз Қабылисаның зиратына мәрмәрдан ескерткіш қойдық. Ескерткіш Алматы қаласынан 125 шақырым жерде тұр. Бабамыз әрі батыр, әрі жырау болған екен. Замандастары оның өсиеті бойынша, Малайсары тауының етегіндегі Құланбасының батыс сілеміне жер- лепті. Ұрпақтары кезінде ақын қабіріне мазар тұрғызып, мұндаға дейін тәу етіп келген. Ұрпақтарының парызы – баба қадіріне дақ түсірмеу. Біз соған байлам жасадық. Оны өтеуге ақынның өз кіндігінен тарайтын Мұхаметшеұлы Өтебек, Оспанның немересі Исаұлы Жақан бауырым өз үлестерін қосты, игі істің басы-қасында жүрді. Өтебек пен Мәрима өз бабаларының жұрт аузында қалған жырларын, естігендерін құнттап жинап жүреді. Оны асықпай жазып та аларсың. Дәм бұйырса, алдағы жазда ақын бабама зиярат етіп қайтпақ ойым бар.

Мұны айтқан Жылқайдар ақсақал Талдықорған облысындағы Киров ауданының Ленин атындағы совхозында тұрады. Зейнеткер, өніп-өскен үйелменнің отағасы.

Бағалы, қымбат қазынаға тосыннан жолыққандай менде ыстық сезім пайда болды. Ақын бабаның өмір-тарихын, есте сақталған өлеңдерінің біразын сол жолы құнттап жазып та алдым.

Иә, «жүргенге жөргем ілінеді» деген бар емес пе, осындай көзі қарақты, зерделі қарияларды Ақши, Күрті, Балқаш жерлерінен де аз кездестірген жоқпын. Олардан да Қабан ақынның бірсыпыра өлеңдерін жазып алдым.

Мен ежелден бері Іле бойын жағалап, ғұмыр кешіп келемін, - деді Ақши селосында (Алматы облысы) тұратын 82 жастағы қария Домбай Бұлдыбайұлы. – Ата-бабам осы өңірді мекендеп, тіршілік еткен. Көп оқиғаға қанықпын. Атақты азамат Тоқаш Бокин менімен шөбере... Өзің айтып отырған Қабан жырау есімін де көптен бері білемін. Жарықтық жұрт жүрегін өлеңімен ғана емес, әулиелігімен әрі әділ билігімен де жылытып өтіпті. Іле бойындағы Қарағаш ауылына таман жерде мазары да болыпты. Жиырмасыншы жылдары өгей шешем Зарауқа соған барып, тәу етіп жүрді. Жарықтықтың нұры түсіп, шешем кейін бір ұл көрді. Мазарда шырақшы болады екен. Ол ашаршылық жылдарында жойылып кетті ғой.

Дөкең адам баласын жатсынбайтын елжіреген көңілдің адамы екен. Әңгімесінің арасында «Қабан жыраудан қалған сөз мынау» деп құлағымызға жылы тиетін өлең сөздерін де тақпақтатып отырды. Алғысымызды айтып, оны да қағазға түсіріп алдық.

БАС РЕДАКТОРДАН:

Автордың бұл зерттеуінің үш мүшел бұрын жүргізілгендігін және «Бабалар аманаты» атты публицистикалық һәм деректі туындылары жинақталған кітаптың да 1996 жылы жарық көргендігін ескеріп, Қабылиса Асанұлының ғұмыры мен шығармашылығына кейінгі уақытта көптеген зерттеушілердің назар аударуына орай әрі біршама ғылыми  еңбектердің жазылуына байланысты бұл жердегі кейбір деректердің ескіруінің де орынды болатындығына патша пейілді оқырмандарымыз түсіністік танытатындығына бек сенімдіміз!

Қабан жыраудың шығармашылығы жинағымызда жеке бөлім ретінде барша туындылары мен айтыстарын қамтып тұрғандықтан, аталмыш кітап беттерінде қадірлі қаламгер Т.Қаупынбайұлы ұсынған бірнеше жыр мен толғауды бұл тарауда да қайталап жатуды жөн көрмедік. Есесіне, автор жинақтаған аңыздарды толық күйінде жариялап отырмыз...

ҚАБЫЛИСАНЫҢ ТҮС КӨРУІ

Мырза еліндегі Апақ атадан тарайтын Қарамерген деген кісі Қабылисамен құрдас екен. Әзілдері жарасып, Тау Мырзаның жайлауларына бірге шығып, қымыз ішіп қайтып жүреді. Әйтсе де Қарамергеннің көңілінде айықпас мұң бар еді. Ол жөргек иісі аңқыған бір нәрестеге зар еді. Күндердің күнінде бұл ауылға Қабылиса әулие келе қалады. Бұған қуанған Қарамергеннің әйелі Қабылисаны аттан түсіріп, астына көрпе салады. Содан кейін суатқа барып: – Құрдасың келді, сені күтіп отыр, - деп ерін шақырып келеді. Ері де қуанулы еді.

– Сәті түсе бермес, құрдасың бата берсін, кеудемізді жылатайық, - дейді Қарамергеннің әйелі. Ері мұны қабыл көреді.

Үйіне сәлем беріп кіріп келген Қарамерген табалдырақтан аттай бере қалт тұрып қалады. Жаңа ғана келген қонақ қорылдап ұйықтап кеткен. «Бұлардың маған неге келе жатқанын біліп отырған» дейді Қабылиса көзі жұмулы күйде. Сөйтсе, ол түс көріп жатқан көрінеді. «Біреу ме?» - дейді ол көзін ашпай. «Ең болмаса жақын қоныс, көгорай өріс болсын», - дейді сыбырлап.

Бұл әңгімені Қарамерген де оның перзентке зәру әйелі де естеп отырады.

– Енді бір ат байлар берсеңіз?

– Берем, алып қал, тартынба, - дейді ұықтап отырған адамның дауысы.

Осы сөзді айтқаннан кейін ғана Қабылиса көзін ашады. Қарамерген құрдасын көрген сәтте төс қағыстырып сәлемдеседі. Қарамергеннің сөйлеуіне де мұрша бермейді.

– Сенің тілегің қабыл болады. Әйеліңді ертіп, ауылыңа қайта бер, - дейді Қабылиса. – Мен жаңа ғана сөйлесіп келдім. Сендердің не сұрап келгендеріңді де мен жақсы білемін. Оны бөгде жандарға айтпақ-ақ қойындар. Келесі жазға қарай перзент сүйетін боласың. Әйелің алтын асықтай ұл тауып береді саған. Әйелім екеуміз екі атпен Қызылтастың мойнағында отырған сенің ауылына жақсы ниетпен баратын боламыз. Сен бұл әңгімені ешкімге баян қылма. Өзім түс көрдім дейтін бол. Әйелім бір нәресте сыйлайтын болса, оның атын Бопау қоятын болдым дерсің.

Сөйтіп жүргенде, Қарамергеннің айы-күніне жетіп отырған әйелі де босанады. Әлгі адамның айтқанындай шекесі торсықтай ұл табады. Нәрестенің атын Бопау қояды.

ЖАҚСЫЛЫҚ КӨП ПЕ, ЖАМАНДЫҚ КӨП ПЕ

Жалайыр еліндегі Күшіктен тарайтын Аламан ауылы мен Албан еліндегі Алжан, Айт ауылдарының қонысы жақын отырады екен. Мал өрістері де іргелес жатқан көрінеді. Сол ауылға бірде ел ақсақалдарына сәлем беріп қайтпақ боп Қабан жырау барады. Сонда Албан елінің еті тірі бір жігіті: – Жақсылық көп пе, жамандық көп пе?деп, Қабанға сауал қояды.

– Таң ата ма, балам?

– Атады.

– Күн бата ма, балам.

– Батады.

– Су аға ма, ботам?

– Ағады.

– Су қата ма, ботам?

– Қатады.

– Жаз жәндігі бар ма, ботам?

– Бар.

– Қыс ызғары бар ма, ботам?

– Бар.

– Гүлдің нұры тола ма, ботам?

– Толады.

– Гүлдің нұры сола ма, ботам?

– Солады.

– Жұлдыз жана ма?

– Жанады.

– Сөне ме?

– Сөнеді.

– Адам – Алла-тағаланың құлы. Жақ­сы­лыққа да, жамандыққа да көнеді. Күні таусылғанда жұлдыз секілді сөнеді.

ҚОЯНКӨЗДІ ҰЯТТАН ҚҰТҚАРУ

Жалайыр Қабан Шапырашты еліндегі Байторы баймен бесік құда болады. Қызы Қоянкөздің бойжетуін күтеді.

Сол кезде Байторының ержеткен баласы қалмақ қызына көңіл білдіріп, отау құрып үлгереді. Қабан ауылы сөзде тұрмағандары үшін құдаларына реніштерін білдіреді. Сонда анадан ақылды туған Қоянкөз:

– Ренжіспеңіздер, мен атам ауылына, атастырған жігітіме, отау үстіне бара беремін. Бұл адамның ісі емес, құдайдың ісі шығар, - дейді.

Сөйтіп, шапырашты елі кезектерін жібермей, Мырза ауылына кәделерімен келіп түседі. От жағылып, қазан көтеріледі. Қабанның бәйбішесі марқұм боп кеткендіктен, Қоянкөздің өзі күтім жұмыстарына араласады. Қой сойылады. Мүше салудың жөнін білмеген Қоянкөз қол жілікті кәде жолы деп қазанға салса керек. Сыйлы кісілердің көңіліне салқын түсіргісі келмеген Қабан сонда былай депті:

«Балам білмей қонаққа қол асыпты,

Қол асса да, талап қып, мол асыпты.

Өмірге саннан бұрын қол келеді,

Соны біліп, бұл балам

келешекке жол ашыпты».

ҚОЯНКӨЗГЕ ҚАБАННЫҢ ӨЛЕҢ СЫЙЛАУЫ

Қоянкөз ұзатылар мезетте шапырашты жұртынан ұзатылып баратын күйеу жігітінің қайтыс болғаны жөнінде хабар келеді. Қазақ дәстүріне берік ауыл ел жоралғысын сақтауды көздейді. «Біз жесіріміздің оң жақта отырып дауыс салуын қалаймыз» дегенді айтады құдалар жағы. Шапыраштылар келе жатқаны жөнінде хабар да жетеді.

Осы арада Қоянкөз түс көреді. Түсінде әкесі Қабан:

– Көген аласың ба, әлде өлең аласың ба? - дейді.

Сонда Қоянкөз:

– Көген елде болсын, өлең менде болсын. Сол үшін өлеңді аламын, - дейді. Содан Қоянкөздің барған жерінен Сүйінбай сынды көкірегіне өлең ұялаған дарабоз ақындар шығады.

АҒАЙЫННАН КӨРГЕН ҚОРЛЫҚ

Қабан жырау жаугершілік жылдарында қолға түседі. Айыбы жоқ адал адам, арқасы бар әулие екеніне көз жеткезгеннен кейін қалмақтар Қабанды тұтқыннан босатады. Елге келсе, елде де маза жоқ екен. Шабысқа түскен, бірліктің қаймағын бұзып алған жұрт. Осыны айтып, Асан атаның үлкен баласы Еркебай өз бауырына шағым жасайды. Құлақ салып аға сөзін тыңдағаннан кейін әбден күйзелген Қабан мынаны айтып күрсініпті:

«Бай жақсы батырдан да,

шешеннен де,

Ел кезер қуқыл жігіт төселгенде.

Аз болып ағайыннан

көрген қорлық –

Сол жаман ыңқылдаған

кеселден де».

КІМГЕ ҚҰН ЖОҚ, КІМГЕ КҮН ЖОҚ

Күндердің бір күнінде Қабан жырау жол жүріп кетеді де, Әділ төренің ордасына келеді. Билердің басы қосылып, сартап болған даудың түйінін іздеп отырса керек.

Сонда кесімді сөзін жұптап отырған Әділ төре:

– Ұры – құнсыз, әйел – пұлсыз, адал туған ер – мінсіз, - деп тоқтапты.

Мұны естіген Қабан ойланып қалады.Тиянақты сөз айтпақ болады. Бірақ руына тартып, қызарақтаған билер оны тыңдауға пейіл білдірмейді. Жүрегі ауырып ауылына қайтады. Өз ауылына жете алмай, інісі Серкебайдың үйіне кеп, аттан түседі. Билердің қырық пышақ боп отырғанын әңгімелейді. Сонда сөзін түйіп кеп, айтқаны мынау болады:

«Әділ айтты: Ұрыға құн жоқ деген,

Ұры құнды болғанда, момынға күн жоқ деген.

Өзі келіп қолға түсіп,

Өзі қашып өлгенге пұл жоқ деген,

Осыны адал ойлап, өлшемесе,

Адамға бұл өмірде күн жоқ деген».

Төлен Қаупынбайұлы,

журналист, жазушы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері


ТАРАҚ ТАҢБАЛЫ ТАРЛАН

(поэма-монолог)

«Қара үзіп шыққан Қабанмын,

Қалай да қалам тебіренбей?!»

Қабылиса Асанұлы

 

I

 

Қас-Сақтан бағы асқан ұл едім,

Қартайған шағым бұл менің.

Қиссамды бүтін бастадым, Елім,

Қисынсыз ба бұл, білмедім?!

 

Қайырыла қарап өткен ғұмырға,

Қайырын таппай фәнидің,

Қалдырған қиып көп белгі құлға,

Құдіреттімді танимын.

 

Құмында қалған Сырдарияның,

Құлын күндерім шұрқырап,

Құшағын ашып қырға қиялым,

Қара жусаным бұрқырап,

 

Қою жұпарын тарқатты, білем,

Қыттықтағандай танауды.

Қыз-қырқын қамзол, шарқатты кілең,

Қасымнан өтті, бақ ауды

 

Қайран да менің басымнан сол шақ,

Қайраңда қалған кемедей.

Қоянкөз таққан асылдан моншақ,

Қиылып түсті... Елемей,

 

Қызымды қалай ұмыт қалдырдым?!

Қай жақта қалды әздегім?!

Қамшылағанда, күлік – тағдырдың,

Қылғаны маған аз ба еді?!

 

Қырық Ханшадан биік еркемді,

Қара өлең қонған қалқамды

Қиғанда жатқа, күйіп, өртендім...

Қақ айырдым да қалқанды,

 

Қамқапты шештім, жақты төрге іліп,

Қылышты қынға шөктіріп.

Қаршыға - жүрек жатты көндігіп,

Қарақұс - миға кек тұнып.

 

Қай дұшпанымда кегім бар еді?!

Құным кап еді, кімдерде?!

Құба қалмақтың Елімді әлегі

Қажытқан, сүргін күндерге

 

Қарғыс жаудырып қарияларым,

Қырғынға ұлдарым аттанған.

Қалжырап батып дарияға Күн,

Қан жылап, Ай да шақ қалған

 

Құлауға құздан, құлдилап төмен.

Қаралы-ау Аспан, жаралы-ау?!

Құйқылжыта алмай бір күйді, әттеген,

Құсамды ақтармай қалам-ау...

 

Қара домбыра – байырғы бауыр,

Қалақтай ғана шермендем,

Қай көште сенен айырды дауыл,

Құйын ба еді, әлде, сенделген?!

 

Қабағы Көктің ашылмай мүлдем,

Қанқұйлы қолдай бұлт легі

Қабарып, ұзар ғасырдай күндер,

Қарауытқанда жұрт кері.

 

Қасіретімсің, зары Даланың!

Қош, енді, қош бол, Сыр - өзен!

Қара қазан мен сары баланың,

Қамына жыққан бұ кезең,

 

Қайта сайлатты бес қаруымды,

Қилы заман да жанкешті.

Қаһарман оғлан, есті аруымды

Қондырып атқа, қан кештік!

 

Қазандық оты қамыға маздап,

Қағандық түзге босқанда,

Қанымыз қайнап, жарыла жаздап,

Қиқулап ұран қосқанда

 

Қара орман едік: "Қабыландаған!"

Қиырда ұрыс сап, теңселдік.

Қос түмен қол кеп тағы ұрандаған,

Қапталдап, жауды еңсердік!

 

Қалың жоңғардың қосындарына,

Қапысын тауып, тап бердік.

Қонтайшының да тосылғанына

Қуанды қол да, шақ келдік

 

Қаны бөтен мен заты жаттан біз,

Қарымта қайырар қайранға.

Қабыртқаларын қақыратқанбыз,

Қынадай қырып майданда.

 

Қарағай садақ адырналары

Құла өгіздейін мөңіреп,

Қарша боратты оқ сағымнан әрі,

Қым-қуыт, у-шу төңірек!

 

Қауырсын жалау үш қырлы жебе,

Қозыжауырынды жаудырған.

Құрама садақ ышқынды неге,

Құныкерімді ерден аудырған?!

 

Қырғидай тиген мың сан жебеден

Қан қасап болып айналам,

 

Қыруар жақ пен қылшанды көрем

Қарашықтағы айнадан.

 

Қорамсақ қалған жебеден босап,

Қолда тұр соңғы сақетер...

Қуып жете алмас ең ерен қос ат,

Қаскөйдің басын әкетер.

 

Қайқы қылышты қандамай бекер,

Қас-Сақ Ел үшін сілтедік.

Қапелімде адам аңдамайды екен,

Қаншыл да Аршыл... Ұлт едік!

 

Қайрама қанжар қол ұшындағы

Қанша жанды оңай... қиған-ды,

Құнан піл тері етік қонышындағы

Қайыс қынға азар сыйған-ды.

 

Құлжа, Қашқардан қатар ауғанды

Қашырдық. Қытай асырдық!

Қиятнәсілді атажауларды

Қиратып қана басылдық.

 

Қашқан дұшпанға – қатын да би ме?!

Қиястай ықты. Қумадық.

Қазынам қалған тақымдап үйде,

Қайттық олжалы, туды алып!

 

Қайың шоқпардың діңіндей қатты

Қалыбымда бар төрелік.

Қолдағы ойраттан бірін бейбақтың

Құл етпей, кешкен... кең едік.

 

Қаратауды ықтап, қалқалаған ел

Қамкөңіл еді, шерлі еді...

Қандас әуектің қарт Абаданы ем,

Қайтарып көшті, ерледім!

 

Қайдан табармын көшіме мекен?!

Қағармын қайда қазықты?!

Қайтіп Жан - Ардан өшірер екем

Қатым хаттарды... аз ұқтым?!

 

Қамдарда қорым қаза құшқанға,

Қоңыр үн тұнып құлаққа,

Құран бағыштап Әз Арыстарға,

Қол жайып, жылап жырақта...

 

Қанша боздақтың жоқтап арманын,

Құлазып түзде, боздаймын.

Қарттық жеткенше топқа да бардым,

Қалғаны қазір – өз қайғым.

 

Қайырымды әуен таба алмады түн,

Қиналады, шау тартса адам.

Қаратал, Балқаш – барар бағытым,

Қонысым болмақ қарт Шаған!

 

Қаракөк емен, Көк Қарасымын!

Қызыр дарыған бағзы Елмін!

Қарға тамырлының ноқта ағасымын,

Қызғыш - Дүниедей ақзермін!

 

«Қазақы Ордаға – ағамын!» - демей,

Қанаттас бұдынмен бір қондым!

«Қара шал Асанға – баламын!» - демей,

Қарашаға адал ұл болдым!

 

Қабылан ұранды Жалайырға емес,

Қайсар Елге Алаш ұранды,

Қаны бір Мырза ағайынға емес,

Қас-Саққа бүйрек бұрар-ды!

 

Қос Манақ – Сыр мен Шу қоныстанған,

Қалған туғандар, қалың кіл,

Қалмақтан қайырып нуды, өрісті алған,

Қас-Сақтан менің қаным дүр!

 

Қаршыға текті – тарақ таңбалым,

Қабырғалы Елден айырылма,

«Қайыр!» - деп таны, –  абаттанғанын,

Құтты жолынан қайырылма!

 

Қастасқан жаудың залым, найсабын

Қиратқан, артта – алаң күн.

Қол бастаған Ер Қабылғайсамын,

Қайқы ғұмырлы Қабанмын!

 

Қас дұшпандарға, қасарысқанға,

Қамшының зоры – дыраумын!

Қабыл ал, жатта, жас арыстандар,

Қағидасын Қабан жыраудың!

 

Қасқайып тұрар қарсы дауылға,

Қаһарлы ем құйын ғасырда.

Қайратым қайтып, қансырауым ба,

Қалдым-ау құжыра басында?!

 

...Қас-Сақтан бағы асқан ұл едім,

Қартайған шағым бұл менің.

Қарау - тағдырға: «Қасқа жүрегім...

Құдайға ғана – құл!» - дедім.

II

«Арманда кеттің жалғызым,

Ажалға өзіңді алдырдым...»

                                      Қабан жырау

 

Адырға біткен жалбызым,

Аршадан басқа көктедің.

Алтаудан бөлек жалғызым,

Арманда қалдырып, не еткенің?!

 

Арда емген асылзадам ең,

Аңыратқаның қайткенің?

Артыңнан еріп барар ем,

Айналып мені қайтты өлім.

 

Ақиығымды алған соң,

Аласы жоқ-ау ажалдың?!

Арман – баянсыз, жалған – сор,

Аяма мені, тажал күн!

 

Асықтың неге, құлыным,

Атаңды қиып қайғыға?

Алда еді-ау сүрер ғұмырың,

Азамды басар қай бұла?!

 

Азан да қазан, у да шу,

Айнала, көзге жас алдым.

Алапат өртке, су – басу,

Ал мендік шерді басар кім?!

 

Ақтық сапарға қаратқан

Аллаға арысым бара ма?!

Аманатыңды, Жаратқан,

Алғайсың мәңгі панаңа!

III

«...Көш, көш Елім!

Көш Елім!

Көше де жүріп, түзелдім.

Көше де жүріп, күзелдім...»

Қабан жырау

 

«Көш, көш Елім!

Көш – Елім!

Көсегесі көктеп, өсерім!

Кіндігін Күн кескен жұрт,

Киелі кезең кешкен жұрт –

Кепиет қонған кесегім,

Көшелім!

 

«Көш, көш Елім!»

Көліктім!

Көшпелі Ел сертке беріктін.

Көне дертіңді қия алсаң,

Кемел еркіңді жия алсаң,

Көшіңді бұзар келіп кім,

Көріктім?!

 

«Көш, көш Елім!»

Кемді Күн

Кімге есеңді жіберіп ең, зеңгірім?!

Кіл көсемнен тартып алған теңдігің,

Көкжиекте даңқы қалған ерлігің,

Келешекке өнеге еді өрлігің,

Кеңдігім!

 

«Көш, көш Елім!

Бұл маңда

Күнелтер пана қылғанға,

Күні ертең жарар қырманға,

Күлік, түлікті сайлауға,

Көкорай да жоқ жайлауға,

Күміс кездік көнбес қайрауға,

Күдері бау келмес,

күрмеп байлауға.

Көш, Елім, тұндырып тұлғаңда

Күнді Арда!

IV

« – Бақыт, қайдан келесің?  

Берекесіз адамнан...»

                               Қабан жырау

 

Басыңа бөлек кұт дарып,

Береке бітсе ісіңе,

Бейшара жанды құтқарып,

Бергейсің үлес кішіге.

 

Бейқам баладай, ақпейіл

Бұқарадан қалса қызғанып,

Бұрылар ұлдан бақ кейін,

Боздар бұрымды қыз - ғаріп.

 

Бауырына бәрін басып жеп,

Бұтаққа жалқы қоңғаннан...

Бүлдіргі алма асыл деп,

Бүлініп, бейқұт болғаннан.

 

Бір Аллаға ғана мәлім-ді

Берері құлға зәу Көктің.

Байтақтан дара бағынды

Баянды қылса, тәубе еткін!

 

Бұлыңғыр күндер көп алда

Бұлт сынды көшсе, аспандап...

Бейбақ Еліме қонар ма

Берекесізден қашқан Бақ?! 

V

«... Жақсының пайдасы бар қысылғанда,

Жаманның бойы жетпес ұсынғанда!»

Қабан жырау

 

«Жау жағадан алған күні,

жармасарда бөрі етектен»,

жалғанның да жалғандығы –

жөнін білмей көне тектен,

жақсыларды бөле тепкен

жаманды алға салғандығы...

 

Жанарымда жабығар ма от?!

Жаны жайсаң ізгілердің,

жолын қиып, жабылар көп.

Жайын біліп біздің Елдің,

жүз жылармын, жүз күлермін,

жаман атар табыларда оқ...

 

Жақсылардың жаны – бір ән,

жүрер дәйім күліп күні.

Жаман жанның бағы – күмән,

жарғақ басы – күдік құлы,

жүрегінде – құлып тілі.

Жаратқанның жарығынан,

жаһандардың танымынан...

Жарылқа, Алла, үміттіні!

VI

«... Сырыңды шым-шым ұрлайды.

Содан соң алтын тапқандай...»

Қабан жырау

Сыр ақтарсаң жаманға

сан соқтырар о зұлым.

Салар мың бір амалға,

сөзі не оның, өзі кім?!

 

Сындырады ол сағыңды

сын сағаты туғанда.

Сан жаралар жаныңды,

салдары озбыр удан да.

 

Сағалайды кіл жаман

сойы сұңқар арданы.

Сорлатады бір заман,

сөз боп па оған Ар қамы?!

 

Сынап сынды сырғыған

сумақайдың жолы көп.

Санаңа үстеп мың күмән,

сорар, мидың соры боп.

Соғыс, йаки, бейбіт күн,

салмағы бір суайтқа.

Сыйлығыңды ап кей құтты,

сыртыңыздан дуа айтпақ.

 

Сағымдайын көзді арбап,

сайқалдайын құбылса,

соры қайнап, боздар бақ,

сол сұмпайы ұрынса.

 

Сұмырайға сұм тамыр

саған назар салса егер,

сақтар сордан бір Тәңір,

сол қорғаның бар сенер!

 VII

«... Намысқа тұрар ер бар ма?»

Қабан жырау

 

Назды қызымдағы еркелік,

нар оғландарыммен үндессе.

Нажағай нәтті серт едік,

нараду басы тілдессе.

Нақақ айыптап күндесше,

наразы болып, түн көшсе,

наданнан нәйіс дерт еміп...

Нәлеті, кімдер күйдіріп,

күйкі күн кешсе,

Намыстан кетпей өртеніп!

 

Нешеме жорықта арыдық,

неше жолды жүрдік өткелше?!

Найзасынан Ерді таныдық,

нағыз майданды көп көрсе.

Нәсібін жұрттың жеп келсе,

нәсіліне тартып, шеттенсе,

найсаптың да соңы барын ұқ...

Нәлеті, ер туылып,

езше өмір өткерсе,

Намыстан кетпей жарылып!

VIII

«Тасыма, батыр, тасыма,

Тасыған жетер басыңа!»

Қабан жырау

 

Тәңірімді таныдым да

тарау-тарау жол өттім.

Тағдыр берген тағылымда

төркіні бар көп оттың.

 

Тілден тәтті бал тамған-ды,

толғап жырды тірліктен.

Тумысы бір тарпаңдарды

тағаладым бірлікпен.

 

Тұтастығын мұрат қылдым

тұрақты ұлдың, кіл адал.

Тоғай түлеп, бұлақ тұнды,

тамыр, тегі – тұмадан.

 

Тарақ таңба тұғырлы еді,

Тарлан едім топ жарған.

Таусылғанша ғұмыр демі

тауқыметті төк, жалған!

 

Тартынбаспын мен майданнан,

тәрк етсем де тұрмысты.

Толағайдай ерге айналған

тарланға үрку – қылмыс-ты.

 

Тоят білдім көп себепті...

Тасынбадым, таспадым.

«Тәубе!» - деумен өтсем етті

тұл дүниеден қас-қағым!

IX

«... Кейінгі ұрпақ келбетін

Көрер ме едік бір саққа?!»

Қабан жырау

 

Келешек, қандай едің?!

Кезеңге бардай емім,

күтемін тек ізгілік,

кепкенше таңдай, ерін.

 

Келеді ұрпақ қандай?!

Кеулімде сырқат қалмай,

күтемін шын қуанып,

келіндер ұл тапқандай.

 

Келер ме арлы буын?!

Көшпелі Ел жаңғыруын

көксейді шаңырақтың,

керегем... қалды уығым.

 

Келер ме зәузат зерек?!

Көмбеден қаузап дерек,

киесін танып тектің,

кесірге: «Жау, жат!» - демек.

 

Кемеңгер мына Қас-Сақ

кім келсе, тұрар асқақ?!

Келешек зейін қойса,

кеңесім мұраға аспақ.

 

Күнә ғой күдер үзбек!

«Көнені білеміз!» - деп,

көгертер көсегемді

көкөрім жүрем іздеп.

 

Кімдерге бар берешек?!

Келсе етті нар келешек!

Кеңейтсе көкжиекті,

кейінге қам жемес ек:

«Көп арман бар!» - демес ек.

X

«... Ырыс алды – ынтымақ!»

Қабан жырау

 

Ықылым замандардан

ырзығы аман қалған,

ырысы артқан Ел бар,

ынсапты жаралғаннан!

 

Ынтымақ – ұраны екен,

ықыласы – Құран екен.

Ысырап білмегеннен,

ымырасы – мұраға тең!

 

Ызалы кей ұлдарға

ынта бер, пейілді алма,

ыждаһат сүйсін Елім,

ырқыңда, мейірлі Алла!

XI

«... Өмірді қу ажалға бағындырар,

Өмірден ажал үстем болар сонда!»

Қабан жырау

Өзеурегенде жұрт тойлап,

өзгені де емес, ұлтты ойлап,

өзегімді ірітті, құрт бойлап,

өкпем қанайды-ау!

 

Өкінішсіз енді обыр да,

өмірзаяның соңында

өлермен, тұлдыр тобырға

өкпем қарайды-ау!

 

Өткелде соңғы құс түлеп,

өміршең өлең түсті көп:

«Өлімнен ұят күштірек!»

Өкпем жарайды-ау...

Өмір де арайлы-ау!

XII

«... Ел ойпаңы білінбес

Еліне сай ұл туса!»

                                                                                                 Қабан жырау

 

Ертеде болған Ергенеқоннан

есте еді заман Ел көшкен.

Елге де қорған, төрге де қонған

Ерлер шығар ма енді естен?!

 

Еділ патшадай ғұн әскерімен

Еуропаны жаулаған,

Ежелгі ерлердің мираскері – мен,

еселеп құнын даулаған.

 

Едіге де – мен, Ноғай, Мамай да,

Ер Доспамбет те Аймадет.

есіл күнді еңсеп, көп ойламай ма:

«Еділ жұрт қалды қайда?!» - деп.

 

«Елайрылғанның» тартып зардабын,

езілуде әлі байтағым.

Ескіңді ұмыт та, халқым – заңғарым,

естіңді ұлықта, айтарым!

 

Енші алған шақта Керей, Жәнібек

Есенбұғамен қоңсы еді.

Есірген жауға өгей халық ек,

еңсердік, жоқтай жол шегі.

 

Еңсегей бойлы Ер Есім болып,

еңсеңді тіктер күн қайда?

Егілгенде, ерен елесін көріп,

елірген төрең тыңдай ма?!

 

Еңірегенде етегім жасқа,

етігім тасқа толғанмен,

енді іргем – бөлек, жетегім – басқа,

есейсе жетім... қорған – мен!

 

Елеңдеп, ойлап, тереңге бойлап,

екіұдай күйлер кештім көп.

Еркін де байлап, көгенге қоймақ,

ел-жұртқа қашан ес кірмек?!

 

Ертегі ісіндей, келте түсіңдей

ертеңгі күңгірт күніңді

ескеріп бүгін, ерте түсінбей,

естірте алмассың үніңді

 

елесі бұлдыр жаңа ғасырда,

енерсің жат боп есіктен...

Есіркер жақын таба аласың ба

екі дүниеден, несіп кем

 

еткенде Құдай?! Бодан да болып,

егеге бөтен құл болып,

еркіңнен ада оған да көніп,

езілермісің, күнде өліп?!

 

Ей, арда туған Алты Алаш – Арым,

егіз шер шектім, тебірендім,

еттім де тәубе қалқаласа күн,

ес жидым сен деп, емірендім.

 

Ерлерді еске алып, жанталасамын,

ет жүрек еріп, елжірер.

Елі үшін азап арқаласа кім,

есепсіз, Алла, бер жігер!

АЛАШТУҒАН,

ақын, аудармашы,Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақтың бағына туып, қиырдан ілім алдырған, қыруар қазына қалдырған,
кереметтермен үндескен, тарпаң тағдырлы күн кешкен кемеңгер Қабылиса
Асанұлының ғұмыры мен шығармашылығына арналған осынау ұжымдық жинақты дайындап, жарыққа шығарғанша жылға жуық уақыт өтті. Жампоз жырау жайлы осы күнге дейін басылып шыққан күллі кітапты ақтарып, барша басылымдардағы мақалаларды меңгеріп, бүкіл ғылыми еңбекті еңсердік десек, еш артық айтқандық емес. Ең елеулі еңбектер ескеріліп, тұзы татымды толғамдар түгелдей дерлік қамтылды бұл танымдық жинақта. Әрине, «әттеген-ай» дегізген дүниелер де кезікті. Кейбірін күзедік, көбісін түзедік. Дерек көздерінің тапшылығынан бірер авторларымыз қайталауларға ұрынып, әредік түпнұсқаға сілтеме жасауды ұмытып та жатты. Ондай оғаш кеткен кездерді тезге салып, тез-ақ түзедік. Әлбетте, мұндай мезеттердің қарасы аз болды.

Бұл ересен еңбекті дайындаған ұжымның басшысы ретінде редакция алқасына, ақжүрек авторларымызға, қаламдас әріптестерге, «Қабан (Қабылиса) Асанұлы» атты монографиясын ұсынып, кітаптың алғысөзін жазған филология ғылымдарының кандидаты, профессор Анарбай Сағиұлы Бұлдыбайға шын жүректен шексіз көп алғыс айтамын. Кітаптың бар шығынын көтеріп, қамқорлық танытқан, жобамызды қолдап, үлкен сауапқа кенелген керемет жандарға – Бейсен әулеті Нұрғалиұлы Аманбай ұрпақтарына Алланың нұры жаусын! Ақын Атаның кесенесінде шырақшы болып, әулие рухының разылығына қызмет етіп жүрген Болат Жақанұлы Исаевқа һәм барша жанашыр болған қаны қазаққа бас идік!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333