Серік ҚИРАБАЕВ. Суреткер
Әр жылдың бетін айқындап, жүгін көтеретін тұлғалар болады. Кейде соған қарап "Абай жылы", "Әуезов жылы" деп атап жатамыз. Әзірше көзі тірі адамға жыл арнап көргеміз жоқ. Кеңес заманынан қалған дәстүрге ол кірмеген. Компартия көсемдері болмаса, басқа ұлыларымыздың өзі "көрнекті", "белгілі" деген анықтауыштармен шектеліп, қарапайым көппен бірге өмір кешті, сый-сияпат та шағындалып жасалды. Кішіпейілділік, әрине, жақсы. Заман қысып ұстап, сыннан көз ашпаған Мұхтар мен Сәбиттер де ешуақытта "мен" деп өзін алға тоспады, "ұлы жазушы" дегенді естімей кетті.
Әр жылдың бетін айқындап, жүгін көтеретін тұлғалар болады. Кейде соған қарап "Абай жылы", "Әуезов жылы" деп атап жатамыз. Әзірше көзі тірі адамға жыл арнап көргеміз жоқ. Кеңес заманынан қалған дәстүрге ол кірмеген. Компартия көсемдері болмаса, басқа ұлыларымыздың өзі "көрнекті", "белгілі" деген анықтауыштармен шектеліп, қарапайым көппен бірге өмір кешті, сый-сияпат та шағындалып жасалды. Кішіпейілділік, әрине, жақсы. Заман қысып ұстап, сыннан көз ашпаған Мұхтар мен Сәбиттер де ешуақытта "мен" деп өзін алға тоспады, "ұлы жазушы" дегенді естімей кетті.
Бұрынғы дәстүрлерімізге сын көзімен қарап жатқан бүгінгі заманда осыны да бір ойланып қойғанымыз жөн сияқты. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын" деген атам қазақ сөзінде де жан бар сияқты. Бұл - жақсының өнегесін тірі кезінде түсін, иесінің рухы көтерілсін, ел одан ғибрат алсын деген сөз емес пе? Ұрпақты өлгендердің сөзімен ғана емес, тірілердің өзімен көрістіріп тәрбиелеу де мұрат қой. Осыны ерте ойланып, ойын оқырманымен бөліскен Мырзатай Жолдасбеков ("Егемен Қазақстан", 16 қаңтар), Есенбай Дүйсенбайұлының ("Ана тілі", 9 сәуір) мақалалары көптің көңілінен шыққанына ешбір күмән жоқ. Олар Әбіш Кекілбаевтың жазушылық, қайраткерлік, ойшылдық қасиеттеріне көз тоқтата қарап, салиқалы пікірлер айтқан. Оны бүгінгі заманның ең ұлы тұлғаларының қатарына қоя дәлелдеген. Биыл 70 жасқа келетін таланттың құрметіне жыл атауды ұсынған қаламдас достарымның осы пікірлерін қолдай отырып, мен Әбіштің ең негізгі кәсібі - жазушылықта жеткен табыстары, суреткерлік бейнесі жайлы сөз қосуды жөн көрдім.
Суреткер деген үлкен атақ. Суреткер деп ең биік дәрежедегі сапалы шығарма жасаушыны айтады. Суреткердің еңбегі шығармашылық тұтастығымен, ойын және өзі діттеген шындықты көркем түрде жеткізіп суреттей алуымен, оны жанды бейнеге айналдыру өнерінің жоғарылығымен, талғамының биіктігімен мойындалуға тиіс. Ф.Достоевский "Жазушының суреткер ретінде танылуы оның жақсы жаза алғандығының белгісі" деген. Оның айтуы бойынша, романшының көркемдік биік таланты образдар арқылы бейнеленген ойдың салмақтылығымен өлшенеді. Оны оқырман да дәл сол қалпында түсіне алуға тиісті. Жазушының көркем жазуы деген сөз - оның жақсы жазарлық қабілеті мол деген сөз.
Шын талантты адам шығарма сыртын жылтыратып әрлеу, мәнерлеу, сырлау дегеннің бәрін жоққа шығарады. Шынайы көркемдік дегеніміз өмірдің өзіндей қарапайым қалпын сақтайды. Ол шындықтың сырын да, жарқын суретін де, әдемілігін де көз алдыңа жайып салады.
Әдебиет тақырып таңдамайды. Өйткені, өмір бар жерде әдебиет бар. Әр халықтың әдебиеті - оның сана-сезімінің көрінісі. Көркем туындыда әдебиет сол өмірдің өзімен тұтасып, бірігіп кетеді. Ұлттық ойды, халықтық сырды ашады. Өмір құбылыстарының бір-біріне ұқсамайтыны тәрізді, көркем шығарма да кейбір сюжеттік ұқсастықтары байқалып тұрса да, ой-сана көрінісін ашып талдауда бір-бірінен алшақ жатады. Суреткер талантының биіктігі де осы ұқсамауда, даралықта.
"Біздің заманның ақыны сонымен бірге философ болуы керек, - деген В.Белинский. - Поэзия мен философия бірін бірі сыртқа теппейді, қайта қол ұстасып, бірін-бірі қолдайды, тіпті араласып кетеді. Кейбір философиялық туындының ақындық, ақындық туындының философиялық деп аталатын себебі сонда".
Үлкен әдебиетке қойылатын осы талаптар Әбіш шығармашылығы арқылы біздің ұлттық сөз өнерімізде дәлелденіп келеді. Оның жазушылыққа үлкен мұратпен қарайтыны, әдебиет алдына биік талап қоя білетіні, оны терең таныммен іске асыра алатыны қазір мойындалып біткен шындық. Әбіш суреткер ретінде адам өмірінің әлеуметтік мән-мағынасына үңіліп, оны философиялық ойшылдықпен өрнектейді. Жазушы өнерінің кейінгіге ғибраттық, ой саларлық, сабақтық мәні де осында. Ол ашқан өз замандастары мен тарихи кейіпкерлердің жас ұрпаққа ұсынар тағылымы да әдебиеттің мазмұнын байытуға қызмет етеді.
Әдебиет егіні жылда шыға бермейді. Үлкен суреткерлер мен талантты туындыларды заман, кезең өзі екшеп шығарады. Әуезов те осылай өз қатарластарынан екшеліп шыққан. Оның шығуы біздің ұлттық әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтерді де, парасатты биік өнердің өкілі ретіндегі жазушының орнын да айқындап берді. Өткен ғасырдың 60-жылдары жаңа бір талантты толқынды өмірдің бетіне айдап шықты да, екшеп-екшеп бүгін Әбішті алға ұсынып отыр. Ол содан бергі дәуірде өзі айтқандай, "тарих құрсағында жаратылып, замана мұқтажы кіндігін кескен" жазушы ретінде танылды.
Заман сырын жан-жүрегімен сезіну, мұқтаждықты, халық тілегін терең оймен барлау - ұлы жазушыға тән қасиет. Ол бүгінгі адамды танып қана қоймайды, оның алдындағы өмірмен жалғастықты өмір сабағын үйренумен сабақтастырады. Қоғамдағы ұнамсыздықты, жетімсіздікті, білімсіздікті көреді. Сұлтанмахмұт айтқандай, "Қараңғылықтың көгіне "күн болуды" армандайды, алдымен, адам ретінде жетіледі, ақыл-ой алыптарын игереді. Бүкіл тарих шындығын қопарып, ел өмірінің зәру мәселелерін шығармаларына өзек етеді. Көргенін суреттеумен шектелмей, "неге осылай" екеніне көз жібереді, ойланады, өмір құбылыстарын ойшылдықпен талдайды.
Әбіш жүріп өткен, игерген жол да осы жол. Оның жазғандары - қазақ өмірі, халқының тағдыры, оның көргені мен басынан кешкені, кешегісі мен бүгінгісі, солардың бір-бірімен сабақтастығы. Жазушы суреттеуінде қазақ елі, оның тіршілігі - жалпы адамзат тіршілігінен бөлек, оқшау өмір емес, соның бір бөлігі. Оның тарихы да, рухани өмірі де әлемдік өркениетпен байланыста. Халықтың сол ұзақ өмірінің бүгінгі қорытындысы - қазақтардың тәуелсіздігі болса, Әбіш мұрат еткен шындықтың өзі де сол екенін оның шығармашылық жолын танып барып түсінеміз. Жазушының соңғы жылдары көркем әдебиеттен бір мезгіл қолын босатып, көсемсөзге ауысуында да тарих ұсынған осы бір жетістіктің сырын көсіліп айтып түсіндіру ниеті жатыр. Оның көсемсөзі халықпен бетпе-бет отырып тілдесуге, заман талабын дәлелдеп ұғындыруға, бүгінгі бар тіршілігімізді егемендікті баянды етуге бағыттауға үйретеді. Елдің ел болуына әркімнің қосар үлесін нақтылауға құрылады.
Ұлы таланттардың шәкірттік үйрену дәуірі деген болмайды. Болса да аз мерзімде өтеді. Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелерін оқыған адам одан болашақ ұлы суреткердің қолтаңбасын таниды. Ол адам мен оның тағдырын тарих шындығымен байланыстыра психологиялық суреттер арқылы бейнелеудің жолын ерте игерді. Үлкен прозаға тән эпикалық кеңдік, асықпай баяндау, психологиялық тереңдік, философиялық толғаныс, кең тынысты бейнелі тіл өрнектері сол кезден-ақ көзге түсті. Әбіштің алғашқы әңгіме-хикаяттары да бізге солай көрінеді. Ол өзіне таныс өмірді, халық тарихы мен салт-санасын бейнелейтін аңыз-әңгімелерді, Маңғыстау елі мен жерінің ерекшеліктерін ашатын шежірелер мен көркем бояуларды молынан пайдаланып, оларды үлкен жазушыға тән байсалды проза үлгісіне сала суреттеді. Осы ізденісі жазушыны сол кездің өзінде-ақ ірі табыстарға жеткізді, Әбіш көтерілген биіктің межесі әдебиет ақсақалдары мен сыншыларының назарына ілікті.
Бұл тұста туған Әбіш шығармаларында екі үлкен тақырыптық жүйе бар. Бірі - аңызда сақталған дала халықтарының рулық және таптық талас-тартыстары да, екіншісі - қарапайым, халық ортасының тіршілігі, оның адамдарын суреттеу талабы. Осы тақырыптарды Әбіш жазушылық тұрғыда қалай игергенін көру үшін оның алғашқы шығармаларынан кейбір хикаяттар мен әңгімелерді еске алу артық емес. Олар сол тұстағы бүкіл Әбіш туындыларының көркемдік деңгейін, олардағы ой мен суреткерліктің белгілерін анық байқатады.
Әбіш суреттеген халық аңыздары жазушының өзі өскен ортада көп айтылып, санаға жатталып қалған шындыққа негізделеді. Ол - жас Әбіштің ойы мен сезіміне сіңген де, кейін жазушылыққа бет бұрған кезде қайта жаңғырып шыққан өмір суреттері. Сөйтіп, жазушы тарихтың, көшпелі тіршіліктің сүреңсіз әдет-ғұрыптары мен салттарын бүгінгі оқырман көз алдында тірілтті. Тарих сабағы жақсылықтан ғана тұрмайтынын, ұрпақты одан безіндіретін, өзін аулақ ұстауға үйрететін ауыр оқиғалар сабағы болатынын көрсетті. Солардың қатарында ел арасы жауласушылығының қатігездігі, дәлелсіз, себепсіз қақтығысқан араздық сезімдері, ар-намыс дегенді жамылып, соны сылтау етіп рушылдықты, бөлінушілікті күйттеген сол заманның ұғым-түсініктері айқын ашылады.
Қай аурудың болса да емі бар. Ел мен елдің, көрші халықтардың осындай ойсыз жауласушылығын тоқтатар күшті зорлыққа зорлықпен жауап беруден іздеу мүмкін емес еді. Ол өмірі бітпейтін зорлықтарды тудырар еді. Сондықтан Әбіш қол күшіне емес, ой күшіне жүгінеді. Ол зорлықшының санасына сәуле түсіріп, ойландыратын өнер күшін таңдайды. Бұл Әбіш ойдан шығарған дүние емес. Халық ұғымына сіңген аңыздық сипаттағы сюжеттер болатын. Әбіш осыны Маңғыстау қазақтары мен түркімендер арасындағы жауласушылық оқиғаларына ыңғайлап "Күй" атты хикаятында пайдаланады. Хикаяттың көркемдік жетістіктері оның идеясынан ғана емес, онда жарқын көрініс тапқан Маңғыстау даласы мен түркімен құмдарының суреттерінен, жер дауы, жесір дауы сияқты сылтаулармен шабысқан ел психологиясынан, өздері күресіп жүрген сылтауды шындық деп ұғып, соның жақтаушысы болып, намыс пен кек қуып жүрмін деп ұғынатын адасушылық сезімнен көрінеді. Ақыры күйші өнері барлық оқиғаларға тоқтау береді де, негізгі зорлықшы Жөнейіт ханның өзі ойланып қалады. Ол өткен күндердің ащы шындығы қалай туғаны жайында, алыс-жұлыс, тартыс, адамға деген өшпенділік, кекшілдік не үшін жасалатыны, оның қайдан туатыны туралы ой тоқтатады. Адамшылық басы жек көруде, жауласушылықта емес, достасуда, аяушылықта екені "Күй" хикаяты арқылы көрінген Әбіш философиясы осындай.
Қай заманда болсын, зорлықты тудырушы - билік иесі мен соған жақын топ. Олардың қалың халықпен табыса алмауы да ұғым-түсінігінің сәйкеспейтіндігінен, рухани жақындықтың жоқтығынан. Өмірді ұстап тұрған халық рухы екенін олар ұғынбайды. Мұндай ұғыныс болған жерде түсінушілік болады. Әбіштің тарихи шығармаларында, әсіресе, алғашқы хикаяттарында билік пен билеушінің зорлығына негіз болатын жайлар олардың рухани жетімсіздігі екені аңғарылады. Шыңғыс хан туралы аңыздың біріне сүйеніп жазған "Ханша-Дария хикаясында" жазушы ханның жер бетінен өзі жойып жіберген халықтың сұлуына ғашықтығы билеушінің өліміне себеп болғанын жазады. Ол бүкіл таңғұт елін қырғанмен, Гүрбелжін сұлуды бағындыра алмайды. Дүниеге өлім шашқан адам бір әйел алдында әлсіз екенін көріп, ажалға тап келеді. Ал әйел биік рухын сақтап қалады. Әбіш мұнда да шындықты талдау негізінде өмір мен өлім, билік пен қарапайым халық, жақсылық пен жамандық жайлы философиялық толғаныстар жасайды, адам өмірінің тарихи-әлеуметтік сырларын психологиялық суреттермен береді. Осы сияқты тартыстардан адам тағдырын тануға қажет адамшылық сипаттарды табады.
Аңыздық сюжеттің шағын фабуласын тереңдете қоюландырып, адамның ішкі психологиялық сезім күйлерін, ой-санадағы драмалық қайшылықтарды ашу Әбіштің "Аңыздың ақыры" атты романында өткір де терең қойылады. Жазушы адам жанын, оның күйзелісін қазбалап суреттейді. Белгілі бір оқиғадан туған драмалық күйлерге қайта айналып соғып, оның адам сезіміне еткен әсерін тауыса суреттеу Әбіштің жазушылық әдісіне тән сипатқа айналғандай әсер қалдырады. Осыдан барып фольклорлық аңыз реалистік суретпен жымдасып, оқиға мен кейіпкерлер әрекеті өмірде болғандай жанды көрініске ұласады. Роман оқиғасы негізінде тартыс боларлық ештеме жоқ. Әмірші алыс жерлерге жорыққа кетеді. Ерін сағынған ханша күйеуіне деген сезімін білдіру үшін оны жаңа ғажайып күмбез салдырып қарсы алуды ойлайды. Ал күмбезді салған шебер ханшаға деген сезімін үйіп-төгеді. Оны түсінген ханша да шеберді ұнатады. Осыдан барып үлкен драма туады. Адамзат тарихында үзілмей келе жатқан, ғашықтыққа малтыққан үшеуі тағы да алдарыңыздан шығады. Жорықтан қайтқан әмірші күмбезден өзіне деген көңілді емес, ханша мен шебердің бір-біріне деген ынтық сезімін көреді.
Жазушы ішкі монолог арқылы адамға тән сыр, көңіл иірімдері толғанысын бейнелеп, жеке адам өмірі мен жалпы дүниенің, махаббат пен зұлымдықтың, намыс пен қызғаныштың, даңққұмарлық пен адамгершіліктің тартыстарына өз көзқарасын қосады. Билік пен адам бостандығы, ой-сезім еркіндігі қашан да сыйыспаған ғой. Әбіш Әміршінің ұзақ толғанып барып іске асырған қатігез шешімін суреттеу негізінде билік пен қарапайым адам қайшылықтары философиясын ашады. Бірін әшкерелеп, екіншісінің тағдырына аяушылық білдіреді. Сөйтіп жұпыны сюжеттен үлкен оқиға тудырып, жеке адам психологиясына үңілу шығарманы күрделі драмалық тартысқа жеткізеді.
ХІХ ғасырдағы материалистік әдеби сынның ұлы өкілі В.Белинский шығарманы сюжет желісіне қарап бағаламау керек деп үйреткен еді. Лермонтов романында орыс офицері черкештің қызын алып қашты, кейін көңілі суып тастап кетті. Отелло сүйгенін қызғаныштан өлтірді. Осыдан шығарма идеясы мен адамдардың тағдырын түсінуге бола ма? Мәселе сол оқиғалардың қалай болғандығын көрсету мен оған қатысқан адамдар тағдырын суреттеуде ғой. Ақылсыздық, сезім, күйгелектік адамды неге соқтырады? Соны терең ашып көрсеткенде ғана адамды тануға болатынын айтқан-ды көрнекті сыншы. Әбіш романының сюжетінде тартыс боларлық ештеме жоқ дегенде, мен де соны айтпақ едім. Ал тартысты тудырған адамдардың қызғанышы, көре алмауы, жауыздық сезімдер ғой. Жазушы осыны терең ашып көрсетуімен оқиғаның өрбуін адамдар тағдырын психологиялық тұрғыда толық бейнелейді. Тіпті кейіпкерлер ортасында тілдесу, сөйлесу, кінәласу, түсінісу сияқты әңгімелер де жоқ. Бәрі де ой тілімен, сана ұғымымен тілдеседі, іштей толғанады. Ішкі монолог дегеніміз осы. Шын көркем әдебиет адамды ашуда ылғи да осыған жүгінеді, соны игеруге тырысады. Әбіштің жазушылық ізденісінің басынан-ақ біз осыны айқын көреміз.
Әбіштің таза қазақ өміріне арналған шығармаларына қарай ойыссақ, оларда туған халқының кең далада қиыншылық астында өмір кешкен, бірақ тіршілікке деген құрметі мен тілеуін жоғалтпаған өкілдерімен танысамыз. Жазушы олардың күрделі тіршілігінің жағдайларына, сыры мен толғаныстарына үңіледі. Сол арқылы өмір сүрудің мән-мағынасы жайлы ойлануға итермелейді. Қазақ өмірі қашанда даламен, туған жермен, атамекен-қоныспен байланысты. Тіршілігінің көзі саналған даланы, мейлі ол жайлы, жайсыз болсын, ешкім қиып тастап кетпейді. Маңғыстау жұрты да солай. Құмды даланың жұтаңдығына көніп, тағдырына табандылық көрсеткен, қайратты, жаны таза, парасаты мол адамдар - Әбіш шығармаларының негізгі кейіпкерлері. Олардың бәрі қарапайым халық өкілдері, даланың табиғатымен туысып кеткен, кешегі қазақы тіршілікке көнбіс, қайсар ұлы мен қызы. Бүгін біз қазақы мінез-құлықтарды іздегенде Әбіш жасаған осы бейнелерге, соларды ашуға, тануға көмектесіп тұрған этнографиялық детальдар мен адам өмірінің ішкі иірімдеріне үңілеміз. Олардың ішінен ескінің көзіндей, тұрмысы ауыр болғанымен, көңілі сара Тілеуді ("Бір шоқ жиде"), күйеуі майданда өліп, жалғыз ұлды жеткізген қайсар кемпірді ("Құс қанаты"), өмірдің жеңілтек салтын қабылдап, біраз қызық көріп, ақыры жалғыздық азабын тартқан Зуһраны ("Шеткері үй"), түйеден басқа көлік көрмеген далада жаңа мамандық игерген Жақанды ("Автомобиль"), тағы басқаларды танимыз. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел басына түскен ащы шындықты шынайы қалпында көз алдыңа жайып салған "Бір шөкім бұлт" хикаятының эпиктік танымы тіпті өзгеше. Соғыс... Дала мен мал баққан екі үйдегі қойшылар... Бірі еркегінен ерте айырылған, бірі әкесі мен баласын соғысқа берген жесір әйелдер тағдыры. Солардың басына тағдыр салған сезімнің ащы күйі... Бәрі де оқырманын тебірентпей өтпейді. Өмір соққысына жасымаған, рухы биік, жаны таза қазақ әйелдері Аққаймақ пен Майра да нағыз сол тұстағы қазақ әйелінің типтік бейнесін танытады. Солардың мінезділігіне, өмір сүйгіштігіне риза боласың.
Адам жанының тағы бір иірімі "Шыңырау" хикаятында терең психологиялық талдау арқылы берілген. Бұл адамды билеген астамшылық, даңққұмарлық, эгоистік сезімнің оны жарға жығуы. Еңсеп тау қопарған, қайратын халқына жұмсаған, қалың елді суға қарық қылған алып бейне - сол халық қолпашына масаттанып, көңіліне пендешілік кіріп, атын одан әрі асырмақ болып барып, шыңырау түбінде қалады. Әбіштің хан болсын, қарапайым жан болсын, адамды астамшылықтан сақтандыратын идеясының бір ұшығы осында жатыр.
Бұл аталған хикаяттар мен әңгімелер Әбіш шығармашылығының аз ғана бөліктері. Оның бәрін түгендеп жату міндет те емес шығар. Мәселе жазушының суреткерлік өнерінің көлемі мен күшін тануда ғой. Осы тұрғыдан келгенде, Әбіш әрқашан үздік талантымен көзге түседі. Шындықты дәл танып, өмірдің өзінен айнытпай көркем суретке айналдыра білуімен, адам мінез-құлқын байқағыштығымен, детальды ойната алуымен, тіл байлығымен, оны орнын тауып пайдалана білетін қабілетімен ол ылғи да оқырман көңілінен шығады. Ойы да, сөзі де арнасына сыймай жатқан өзен суындай лықсып, жиекке соғып жатады. Өмір тануы мен оны көркем бейнеге айналдыра суреттеуі жағынан көп әріптестерінен озық тұрған жазушының білімділігі мен көрегендігі, айналасындағы тіршілікті аңғара білуі мен алысты болжағыштығы қосылып, оның суреткерлігін көтере түседі. "Жазушының қаламы оны қай жерге көтеріп шығарса, оның орны сол жерде" деген Ғабит Мүсіреповтің даналық сөзі еске түседі. Осы сөздің растығына қол қойсақ, алғашқы әңгіме-хикаяттарымен-ақ Әбіштің өзіне лайық орынды едәуір биіктен тапқанына ризалықпен қараймыз. Жазушының кейінгі ізденістері, үлкен эпикалық туындылары оны биіктетпесе, аласартқан жоқ.
Әбіш романдарын сөз еткенде, алдымен "Үркер", "Елең-алаң" еске түседі. ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан басталған қазақ тарихына деген бетбұрыс ұлт тағдырын ойлаған қаламгерлердің ешқайсысын енжар қалдырған жоқ. Халқының өткені мен бүгінгісін барлай отырып, тарихтың ұзақ тартыстарында елдігін, ұлттық намысын сақтап қалған халықтың ерлік күресі көп шығармаларға арқау болғаны белгілі. Солардың ішінде Әбіштің аталған екі романы өз биігімен әдебиет тарихына кірді. Бұл романдарда Қазақ елінің жоңғар және басқа көрші халықтар шабуылынан ығыр болып орыс патшалығынан пана іздеуінің күрделі жағдайларын сөз етті. Қосылу процесін бастаған Кіші жүз рулары үшін де, олардың ханы Әбілқайыр үшін де бұл оп-оңай іске аса қалған дүние емес еді. Басқа елдің отаршылдығынан қашып, екінші елге отар болуға мойынұсыну халық үшін қолайлы емес екенін олар, әрине, білді. Бірақ амалсыздық көндірді. Әбілқайыр өз тобымен ақылдаса, кеңесе келіп, орыс патшалығы қол астына кіру арқылы басқа елдің шабуылынан біраз уақыт тыныс алып, бейбіт тіршілікке көшуді, патшаға бағына отырып, өзінің және елінің хандық құрылымын сақтауды көкседі. Алайда патша саясаты әрі қарай тереңдеп, кейін бүкіл халықты, оның жер-суын мемлекеттің меншігіне алуы, қанаудың күшейгені, осылардың мезгіл-мезгіл наразылықтар тудыруы жалпыға мәлім.
Әбіш романдары, әсіресе, "Үркер" осы бір тарихи қосылудың мән-мағынасына отарлаушы мен отарланушының көзімен емес, халықтардың қашанда бірігу, табысу жолын іздегені, бейбіт өмірге, сол негізде тіршілікті прогресс жолына түсіруге ынталылығы тұрғысынан қарайды. Мұны ол заманда да, кейін де, тіпті бүгін де елдің бәрі түсініп, құптай қоюы қиын еді. Сондықтан да қазіргі тәуелсіздік алған тұсымыздың өзінде Әбілқайыр ісіне күдікпен қараушылар азайған жоқ.
Қоғам дамуының шындығын еске алсақ, әлем халықтарының бәрі әлеуметтік өзгерістерді қалаған. Адамдар қай дәуірде болса да үмітті болашақтан күткен, өзара байланысты, қарым-қатынасты, материалдық және рухани жаңаруды армандаған. Көрші елдердің қыспағына түскен қазақтың да ендігі жерде томаға тұйық, оқшау, көшпелі салтты сағалап жүре беруіне мүмкіндік азайған еді. Дүниежүзілік әлеуметтік тіршіліктің ірі қозғалысқа түсуі, жаңа жерлердің ашылуы, халықтар байланысының ұлғаюы, басып алу, бағыну шындықтары қазақ халқын да бұрынғы күйінде қалдыра алмайтыны түсінікті болды. Осы бір тарихи құбылыстың заңдылығын Әбіш "Үркерде" үлкен суреткерлікпен және ойшылдықпен суреттеді. Үркер - маңдай алдыңнан туып, жолыңа жарық түсіріп тұрған, адастырмайтын жұлдыз немесе жұлдыздар шоғыры. Бас кейіпкер Әбілқайыр хан да, жазушы да оны осылай ұғынуға тырысады.
Романдағы бүкіл оқиға дамуы, әрекет, тіршілік шындығы Әбілқайырдың сараптауынан өтіп, соның ойы, толғанысы арқылы өрістейді. Басқа да сұлтандар тәрізді ол да билікке құмар, эгоистік сезімнен де құр емес. Алайда оның басқа туыстарынан бір өзгешелігі - өзін қарапайым ұстап, ішкі сезімдерін сыртқа шығармай баса алады, ел алдында әділ болуға тырысып, халық қолдауынан үміт күтеді. Өзі батыр, әскери қолбасшы маңына қайратты, шешен, алғыр жігіттерді (Есет, Бөгенбай, Жәнібек, Тайлан, т.б.) жинап, соларға сүйенеді, соларды ақылшы тұтады. Төле, Қазыбек, Әйтеке, Мәті билердің даналық сөздерін тыңдау, қалмақтарға қарсы күрес әрекеттері Әбілқайырдың ойына ой қосып, елдің азаттығы, бірлігі жайлы тың бастамаларға жол салады. Әсіресе, Мәртөбеде, Күлтөбеде, Ордабасыда өткен жиындар оның түсінігін байытады.
Жазушы Әбілқайыр өмірінің барлық кезеңін тізіп, оның жеке басының тіршілігін күйттемейді. Оны Кіші жүз ханы тағында отырып, Ресейге қосылу туралы ұсыныспен патшаға өкілдік жіберуі мен арадағы келіссөзбен байланысты оқиғаларды роман тақырыбына айналдырады. Шығарманың төрт тарауы Петербургтен хабар күткен ханның күпті, ойлы күйін ("Тығырық"), патша елшілігінің келуін ("Елшілік"), онымен қиын жағдайда өткен келіссөз ("Арбасу") және келіссөздердің ұзақ тартысып барып сәтті аяқталуын ("Айқас") суреттейді. Сырт қарағанда, бір сәттік мәселелерді ашуға арналғанмен, бұл тараулардың барлығында да қазақ тарихының мәселелері, дәуір мен адам тағдырының шындығы, Ресейге қосылуды жақтаған және қарсы болған топтардың тартысы, ру басшыларының алауыздығы, соларға қарамастан біртіндеп халық ішіне тарай бастаған орыс-қазақ қатынастарының фактілері шынайы көрініс табады. Бұған дейінгі тарихи оқиғалар шегініс күйінде суреттеліп, тәуелсіздік үшін күрестің шежіресін еске түсіреді. Роман мазмұнында халық тағдыры, ел тағдыры жайлы ойлану күшті. Әбілқайырды Ресейге қосылу туралы шешімге бастаған да осы ойлар. Сығанақта, Еділ бойында, Аңырақайда өзі қатысқан ұрыстар, оған қосылған ішкі жауласушылық, феодалдық-патриархалдық өмірдің қайшылықтары мен рушылдық алауыздықтар, хандыққа таласқан билеуші әулеттердің династиялық бақталастығы қазақ қоғамын әлсіретіп жібергенін Әбілқайыр алдыңғылардың бірі болып түсінеді. Осыларды көріп, біліп отырып оның Ресейге қол артуы сол заман үшін бірден бір дұрыс шешім болғаны да даусыз. Бүгін орыстарға алдымен өз еркімен бағынуға барды деп Әбілқайырды айыптау, оны түсініп, кең толғап роман жазған Әбішті кінәлау ешқандай әділдікке жатпайды және ол сол кездегі жағдайды түсінбеудің салдары.
Романда баяу дамып, кең суреттелетін келіссөз оқиғалары дала қайшылығын, ыдырап бара жатқан хандық құрылыстың сырын терең ашып береді. Екі жақ та оны алпыс екі айлалы түлкінің қулығына салып жылжытады. Бұл процесс Әбілқайыр характерін, психологиясын кең ашуға мүмкіндік береді. Оның төзімділігі мен ақыл-айласы екі жақты жауластырмай, келістіруге, жарастыруға жұмсалады. Елшілікпен келіссөздің ойдағыдай аяқталуы - хан саясатының жемісі.
"Үркер" - реализмі бай шығарма. Онда суреттелетін өмір шындығының жарқын да шынайы көріністері, ел тағдыры, халық өмірінің кешегі, бүгінгі жағдайлары кейіпкер мінез-құлқын қалыптастырумен бірге, жазушыны да, оқырманын да толғандырады. Онда қазақтың ұлттық ерекшеліктері, салт-санасы, ұғым-түсінігіне қатысты этнографиялық деректер мол пайдаланылған. Роман тілі де шешендік өнер поэтикасына негізделген. Роман айтар ойлар да, халықтың мінез-құлқын ашу да солардың мекені болған даланың кеңдігімен, тарихымен байланысты қаралады. Өткен заман шындығын бүгінгі ұғым, мораль тұрғысынан қарастыру көп жағынан астарлы ойға меңзейді. Бейнелеудің символдық үлгілерін, фольклорлық аңыздарды пайдалану шығарманың реалистік сипатын бұзбайды, қайта жетілдіре түседі.
"Елең-алаң" - "Үркер" романының заңды жалғасы. Онда орыс елшілігі мен Әбілқайыр хан арасында қиыншылықпен іске асқан келіссөзден кейінгі екі елдің ара қатынасының ширай түсуі сөз болады. Романның негізгі сюжеттік арнасы қазақ өкілдерінің Петербургке баруы, Орынбор экспедициясының құрылуы және оның қазақ жеріне сапары, Ор өзені бойында бекініс қала салуы, сол бекіністе Орынбор комиссиясының бастығы Татищев пен Әбілқайыр ханның кездесуі, ханның Ресей мемлекетіне бодан болу жөніндегі уәдесіне беріктігін дәлелдеп, жаңа ант беруі сияқты уақиғалар арқылы дамиды. Башқұрттар көтерілісі, сол негізде орыс-башқұрт қарым-қатынастарының шиеленісуі, оның қазақ даласына әсері, көрші халықтармен байланыстың қайшылықты көріністері, қазақ хандығының ішкі жағдайының күрделілене түсуі сияқты мәселелер негізгі арнаға қосылып, сол дәуір шындығын кең көлемде ашуға көмектеседі. Осы уақиғалар негізінде жазушы орыс-қазақ қарым-қатынасы қандай күрделі, қайшылықты жағдайда өтсе де, халықтардың өзара жауласпай, ортақ тіл табуға ұмтылуын, түпкі мүдде жақындығын ой мен ақылға жеңдіре отырып түсінуге деген талабын құптай суреттейді. Мұның өзі жалпы қозғалысқа түскен дүниежүзілік халықтар байланысының негізгі бір өзекті проблемасының көрінісі сияқты үғылады.
Романда суреттелетін негізгі мәселе Қазақстанның Ресейге қосылуымен байланысты болғандықтан, ондағы уақиғалар да орыс жерінде, патша саясатын іске асыру жөніндегі әрекеттерден басталады. Кейіпкерлер ішінде де қазақ жерінде жұмыс істеуге аттанған патша өкіметінің өкілдері бірінші орында көрінеді. Олардың бастылары - алғашқы құрылған Орынбор экспедициясының бастығы Иван Кирилов, кейін оның орнын басқан Орал кен зауыттарының басқарушысы Татищев, патша генералы Румянцев, экспедиция бастығының көмекшісі, бұрынғы елші Тевкелев, тағы басқалар. Қазақ жерінде іске асуға тиісті патша саясаты, оның қайшылықты көріністері, негізінен, осы кейіпкерлер арқылы суреттеледі. Олардың образын ашуда да жазушы сол дәуірге тән қайшылықты өмір шындығы мен содан туатын күрделі адамдық ұғым-түсініктерді негізге алады.
Романдағы Кирилов бейнесін Әбіш оның өмірінің тарихи фактілері негізінде жасаған. Қағаз көшірушінің отбасында туып, өмірі қағазбен араласып өскен, ісіне ұқыпты, жазуы әдемі, ылғи да асығып-үсігіп, мұрнынан шаншылып жүретін жұмысбасты адамның қызмет дәрежесінің өсуі де нанымды. Ресей территориясынан әртүрлі мақсатпен шыққан адамдардың бәрін алдынан өткізіп, олардың есебін жинау, болған жерлерін картаға түсіру жұмыстарын жүргізу арқылы оның ғылымдық мәні бар бірталай пайдалы жұмыс істегенін де білеміз. Осының бәрін ол Ресейдің елдік мүддесіне пайда келтіру мақсатында істейді. Өз өмірін Ресей мүддесіне арнауды армандайды. Орынбор экспедициясына бастық болу биік лауазыммен бірге, шет аймақтарда Ресей саясатын жүргізіп, оның мәртебесін көтере беруге қызмет ететінін ол мұрат тұтады, оған Кіші жүз қазақтарымен бірге Орта жүзді, Ұлы жүзді Ресейге қосу, олардың басшыларынан ант алу тапсырылады. Осы тапсырмаларды орындау, Ресей мемлекетінің шекарасын кеңейтуге, оның іргесін бекіте түсуге үлес қосу патша шенеунігі үшін зор мәртебе еді. Оның үстіне экспедиция деп аталғанмен, башқұрттар мен қазақтарды билеу, олардың жерінде Ресейге бағынышты тәртіп орнату үшін аттанған үлкен бір армияға қолбасшылық қызмет атқару міндеті де оның арман-қиялын көтере түскені даусыз.
Петербургте, тыныш кабинетте қиялдан туған осындай ізгі мақсатты таныс емес елдің қайшылықты тіршілігі тас-талқан етті, оның бейбіт жолмен іске асуына мүмкіндік бермеді. Башқұрттардың экспедицияға қойған талаптары, оған шабуылы, соғыс әрекеттері Кирилов бойында жергілікті халықтарға деген өшпенділік туғызды. Ол кек қайтаруға ұмтылды. Ашу, ыза оған кек қайтарудың, қаруға қарумен жауап берудің түпкі нәтижесі қалай болатынын ойлатпады. Қолына найза ұстап, азын-аулақ мылтықпен бой көтерген жергілікті халыққа орыс әскерлерінің мол қару-жарағы, пулеметі қарсы қойылды. Мұның өзі оларды ойсырата қырып жіберуге апарып соқты. Игі ойлы Қирилов өзінің қалай жендетке айналып кеткенін байқамай да қалды. Кейіпкерлерінің бойындағы осындай қайшылықты сезімнің туып, оның арандатуға қалай бастағанын Әбіш психологиялық суреттермен ашады.
Жоғарғы оқиғалардан кейін-ақ біз Кирилов бойында рухани дағдарыс туғанын, одан қайтып шығарлық күш патша шенеунігінің бойында жоқ екенін түсінеміз. Бұл оның рухани өлімінің басы. Оның аржағында Кирилов өнімді жұмыс жасай алмайды. Қазақ даласын Ресей қол астына түгелдей кіргізіп, оны билеу туралы арманы іске аспай қалады. Жазып жүрген еңбегі де ("Күллі орыс мемлекетінің гүл жайнаған келбеті" атты еңбегі қолжазба күйінде сақталып, 1881 жылы ғана басылған) аяқталмады. Бұл тұста бітірген шаруасының ең бастысы - түздіктерді билеу туралы ереже қабылдатуы. Оның да Румянцевпен, Татищевпен келісілген нұсқасын емес, түздіктерге деген өшпенділік пен кек алуға толы өз нұсқасын өткізеді. Сондықтан оның өлімін де жазушы тәптіштеп жатпайды. Оны жай хабарлап, оның орнына Татищевтің тағайындалғанын жазады.
Қазақ даласын билеумен байланысты Татищевтің де жақсы ойлары болған. Ол Орынбор комиссиясында (бұл кезде экспедиция комиссия атанған, кейін - Орынбор шекара комиссиясы) қызмет істейтін орыс шенеуніктерінен қазақ тілін үйренуді талап еткен. Патшаның ұлт, ру араздығын сақтау туралы нұсқауына қарамастан, халықтарды өзара достыққа шақырған. Орта жүзді Ресейге қосылуға икемдеген. Қазақ тарихымен шұғылданған. Оның "Ұлы Ресей империясының тарихы мен географиясын сипаттауға кіріспе", "Ресейдің тарихи, географиялық және саяси лексиконы", "Ресей тарихы" атты еңбектерінде қазақтарға қатысты бірсыпыра мәліметтер бар.
Жалпы Татищев, Кириловке қарағанда, мәселеге ойлы, салмақты көзбен қарай алуымен ерекшеленеді. Ол алғаш Румянцевпен бірге Кириловпен болған әңгімеде экспедиция бастығының қызбалығына риза еместігін білдіріп, өзінің ойлы, ұстамды саясатшы екенін танытқан еді. Румянцевпен оңаша әңгімеде де қолға түскен башқұрттарды әкіреңдеген солдаттардың қорлауына жол бермей, олардың киім-кешегін, қаруын дұрыс сақтауын өтінеді. Кейін комиссия бастығы болып, Ор бойында салынып жатқан бекініске келгенде де, ол көрегендік танытады. Оның хан тұқымымен алғашқы кездесуін Ералы ханзададан бастауы, оның құрметіне той жасап, зеңбірек атып, сый тартуы хан көңілін табудың басы еді. Кейін ханды қабылдағанда да ол Әбілқайыр мен оның айналасын риза етерлік салтанат ұйымдастырады, олардан патшаға адалдығы жөнінде жаңа ант алуды ақылмен өткізеді. Мұның бәрі Татищевтің ойлы дипломат екенін байқатады.
Әбілқайыр хан - бұл романның да басты кейіпкерлерінің бірі. Оның "Үркер" романындағы бейнесі мүлде жаңа жағдайда, тың материалдар негізінде толыса түскен. Ханның ойлы, айлалы, амалды қылығын танытарлық эпизодтар бірсыпыра. Осылардың қай-қайсысында болсын ол "заманына қарай амалы" деген қағидаға сүйенген өз дәуірінің қайраткері ретінде көрінеді. Ол тәуекелшіл жолбарыстың, ашушаң арланның заманы өткенін, айлакер түлкінің дәуірі туғанын түсінеді. "Ал, халықтың басшысы болу - азғантай тоқты-лақтың бақташысы болу емес, - деп ойлайды Әбілқайыр. - Азғантай тоқтышаққа бақташы болу үшін азғантай ақыл, азғантай қайрат та жеткілікті. Ал, аз жұрттың басшысына көп жұрттың басшысынан гөрі де көбірек білік, көбірек айла керек. Көп жұрттың басшысы бағындыра білсе де жеткілікті. Аз жұрттың басшысы бағындырумен қоса бағына да білуге тиісті. Бағыну бағындырудан әлдеқайда қиын".
Елең-алаң - таңның бозғыл тартып ата бастаған тұсы. Бірақ әлі төңірек түгел ашылып болмаған. Орыс-қазақ қатынастарының негізі салынғанмен, қазақ елі үшін әлі көп нәрсе жұмбақ, күдікті еді. Таң белгісі оның келешегінен үміт күтуге дәмелендіргендей. Әбіш романының аты оқырман ойына осыны салады.
"Үркердегі" суреткерлік, жазушы машығы, образ жасаудың үлгісі "Елең-алаңда" да сол күйінде сақталған.
Әбіш тілі бай, образды, ойлы. Оның суреттері де жарқын, нақты.
Әбіш романдары шын мағынасындағы халықтық туынды. Олар - ойнап емес, ойлап оқылатын кітаптар. Оларда суреттелетін тарих сабағы негізінен бізге адамгершілік тағылымын ұсынады. Жазушы тарихи фактіні парасатты талдаудан өткізе алған. Сол арқылы тұтас бір кезеңнің әлеуметтік болмыс-бітімін, психологиясын, саяси жағдайын, қайшылықтары мен қайғысын философиялық тереңдікпен көрсеткен. Сондықтан "Үркер" мен "Елең-алаң" - Әбіш Кекілбаевтың ғана емес, қазақ романының үлкен табысы болып саналады.
Басқа да қалам иелері сияқты Әбіш те шығармашылық өмірін өлеңнен бастаған. Кейін басқа жанрларға, әсіресе прозаға ауыса жүріп те мезгіл-мезгіл өлең жазған, көңіл күйін өлең жолдарымен өрнектеген. Әлі де ол мінезінен танған жоқ.
Алғашқы өлеңдері 1962 жылы "Алтын шуақ" атты жинақ болып басылған. Жастық сезім билеген жастың заманының бейнесі - бұл. Дүниенің жарқын жағы ақынды қуантып, оның көкірегіне нұр құяды, шабытына шабыт қосады. Ол күн сайынғы жаңалыққа үміт артады. Айға ұшқан ұрпақтың сөзін сөйлеп, жер-анасына табынады. "Дүние ауасы жылынды" деп қуанады. Оның образдары да өмірдің осы жарқын суреттерінен алынады. Ол образдар бір-біріне тірек боп, дүниені жарқыратып тұрған тіршіліктің жарыспалы (параллелизмді) суреттерін құрайды. Қыз қызғалдақ терсін деп, күн оған нұр сепсе, Жер құлпыра берсін деп, адам ащы терін төгеді. Ақын, әсіресе, адам еңбегіне зор мән береді. Ол - кәрі жерді жасартып жүрген бағбан еңбегінен, адам қолының күшімен атқарылған тіршілік суреттерінен танылады.
Жинақта Әбіш басынан кешкен балалық шақтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыр суреттерін еске алуға арналған бірсыпыра өлең бар. Олар ұрыс даласынан қайтпаған әке мен заманның ауыртпалығын көтерген ананың жарқын бейнесін зор көркемдікпен, ойшылдықпен, сыршылдықпен ашуға құрылған. Онда әкені сағыну сезімі басым. Ол ойлы суретке түскен. Мұнда да ақындық параллель мол. "Көп төрге ілінсе де сұр шинельдер, Тек қана біздің төрге ілінбеді... Өзге үйде күлімдеген жомарт бақыт, Тек қана біздің үйге үңілмеді...Өзге үйде тойдың әні шарықтаса, Булығып қайғы уына біз жыладық" - деген жолдар бұған дәлел.
Әбіштің суреткерлігін байқататын өлеңдерінің көбі табиғатқа, туған дала бейнесін танытуға арналған. Олардың суреттері нақты образдардан тұрады. Қыс ("Екі бетті қызартып, жіберді тартып жағымнан"), күз ("Күлмейді күміс бұлақ, бұйығыңқы, күндегі мінезі жоқ, жасып ақты.... Алқаптың балбыраған шалғыны жоқ, орнында көк сүмелек мұз қалыпты") бейнелерін суретке түсірген ақын жазғы түнді, көгілдір аспанды, аспандағы ай суреттерін адам тіршілігімен ұштастыра бейнелейді. Өлең өрнектері мен көркем бейнелерден алынатын ләззат, оқырманды ойға бөлейтін танымдық талғам мен одан туатын тобықтай түйін - бәрі де жарасым табады. 20-дан жаңа асқан жас жігіттің (жинағы шыққанда Әбіш 23 жаста ғана болатын) бұл саладағы ізденістері оның болашағын айқындағаны даусыз. Онымен тұстас жас ақындардың көбі-ақ бұл жаста ондай биікке көтеріле алмағаны анық.
1999 жылы Әбіштің "Дүние ғапыл" атты екінші жинағы шықты. Оған кезінде басылмай, "Көне дәптер" бетінде қалған өлеңдері мен (1959-1969 жылдар арасында жазғандары) "Жаңа дәптерден" атты (1980-1999 жылдар) кейінгі жырлары кірген. Бұл шығармалар ақынның ой-танымының кеңейгенін, бұрынғыдай өмір тынысын қызықтамай, әр құбылысқа ой көзімен қарауға ұмтылысын байқатады. Суреттеу құралдарын пайдалану мен шындықты образбен тану қалпын ол толықтыра түседі, "Гүл дүкені", "Туған жер", "Шыңырау", "Алматыда жаздыгүні бульварда" сияқты өлеңдері ақынның табиғатты тану мен бейнелеудің сәтті көріністеріне жатады. Мұндағы суреттер түгелдей образдардан танылады.
Ал қырдың жаңбыр шайған етегінің көрінісі көзге сурет болып елестейді. Желінсау бұлт - бұрын қолданылмаған тіркес. "Туған жерде" ақынның өзі туып-өскен далаға деген сезімі жұмсақ та тапқыр суреттеледі.
Алматы күзінің суретін оқып көрейікші:
Теректер де жұлдырыпты кекілді,
Тауда тұман тастан тасқа секірді.
Күз жауыны тырсылдайды
жер шұқып,
Жем іздеген жетім шөже секілді.
Сабапты жел қайыңды көк жоса қып,
Жайратыпты қызыл гүлді қоса атып.
Сары жапырақ тұра бермей бұтақта
Жатыр орнын жаңа бүрге босатып
Мұндай ізденіс іздері ақын өлеңдерінің көбіне тән. "Түркістан" өлеңінде бұрын көрмеген қалаға құмартып "қашан ғана көрінеді сарайлар" деп келе жатқан жолаушы алдынан жапырайған аласа үйлер көрінгенін айта келіп, "Жатыр қала жер-анасын құшақтап" деп қорытады. Мола тұсынан өткен ақын "Астында өмір деген бәйтеректің, жатыр сан желмен ұшқан жапырағы" дейді. "Сыраның көбігіндей шайпау дүние" - дүниенің алдамшы, опасыздығын бейнелейді. "Үміт жүгін арқалаудан көңілдің де белі талды", "Өтіп жатыр, өтіп жатыр мүлгіп күн, секілді бір тұтқындардың саптары", "Өмір әнін ыңылдаймыз құлықсыз, кәрі қызбен қалжыңдасқан сияқты", "Тағдыр деген төсекте өтемін де дөңбекшіп" деген тіркесті бейнелер өмірді танудағы жаңа суреттер.
"Жаңа дәптердегі" өлеңдерінде осы сарын тереңдей түседі. Оған кірген өлеңдер жазылған кезде Әбіш жазушылығы да, қайраткерлігі де толысқан, адамдық, азаматтық бейнесі қалыптасып, елге танылған. Ескі қоғамдық жүйе құлап, тәуелсіздік әлі орнығып үлгермей дүние абыр-сабыр болып жатқан тұс. Суреткер адамның бұл кезде тіршіліктің осындай күйіне көз салмай, ойланбай отыра алмайтыны белгілі. Бұл дәптер Әбіштің осындай тұста ойын, толғанысын өлең жолдарына төккенін көрсетеді.
Өткен өмір, уақыт сыры жайлы толғана отырып ақын өмірдің былғанышты жағына назар аударады. Оның шындығы рухын таза ұстап, "пері жайлап алған жер үстінде" періште боп жүрген лирикалық кейіпкердің ойымен, сезімімен қорытылады. Дүниенің опасыздығын ақын "өте шықты дүние түскі астай боп, сумаңдаған суырдай сусыл жылдар" бейнесімен аңғартады. Дүние гулеп кеткен - жел де гулейді, ел де гулейді. Не күле алмайсың, не жылай алмайсың, бәрі де арпалыс, аласапыран. Бұл - тынышсыз дүниенің бейнесі. Осыны көріп отырған ақын кейде Абайша толғап кетеді.
Апырай, көрер көзге азалы жұрт,
Шетінен пысығы арам, адалы қырт.
Айтсаң еш, айтпасаң кеш, амал құрып
Жаныңды шарасыздық барады үгіп.
Ақынның дүниенің тұрақсыздығын қым-қуыт жалтылдақ, экспрессивті сөздермен бейнелеуі де мақұлдауды керек етеді. "Бас іздеген балталар шақұр-шұқыр, Тақ іздеген бөкселер тапыр-тұпыр, Бақ іздеген шеңгелдер сатыр-сұтыр, Жоқ іздеген жылпостар жапыр-жұпыр, Билік қуған даңғойлар арсыл-гүрсіл, Айқас, айтыс, аптасу апыл-құпыл", "Жерде атыс... тарс-тұрс. Құстарға да оқ тиеді. Көшеде айқас. Сарт-сұрт. Жайрағандар сүйегі. Үйде егес, түзде төбелес. Қалшылдаған иегі. Дүние шіркін қым-қуыт. Білегі көкке білеулі" деген жолдар осыны меңзейді. Қоғамды тұрақтандыруға бөгет болған осы мінездерді міней, сынай отырып, ол:
Түксиген қабақ, түнерген жанар тізгін алса түтіп жеп, Етпей қоймас ақыр түбі қайтадан бізді бардан жоқ, - деп күйінеді. Бұл - ақынның берекесіз тіршілікпен жүріп, тәуелсіздікті қолдан шығарып аламыз ба деген қорқынышы.
Бұл ойлар Әбіш жырларының әлеуметтік негізі мықты екенін байқатады. Ол заманымен бірге қуанып, бірге қайғырып, бірге өскен адамның ішкі ойларын, сезім күйлерін, жан тебіренісін бейнелейді.
Әбіш - ұлттық әдебиетіміздің белді жанрларының барлығында да белсенді қызмет істеген қарымды қаламгер. Поэзиялық, прозалық туындыларымен бірге сын жанрында да көп жазды. Бірақ драматургияға бара қойған жоқ еді. Алайда ол классикалық драматургияны жақсы білді, оның көп үлгілерін қазақ тіліне аударды. Оның аудармаларының ішінде В.Шекспирдің "Ромео мен Джульеттасы", "Король Лирі", "Кориоланы", Г.Ибсеннің "Үрейі", К.Гоццидің "Туранбике ханшайымы", М.Фриштің "Дон Жуанның думаны", Л.Дарконың "Сүйіктім менің, Электрасы", В.Буэроның "Бүгін мейрам, бүгін тойы", М.Кәрімнің "Ай тұтылған түні" сияқты әртүрлі стильдік үлгілер болды. Осыларды аудару үстінде Әбіштің драма жанрының табиғаты мен құпиясын зерттеп білгені хақ. "Абылай хан" атты пьесаның тууына мұның себеп болғаны даусыз.
Екіншіден, Әбіш бұл тұста тәуелсіз Қазақстанның ірі қоғам, мемлекет қайраткерлерінің алдыңғы легінде белсенді қызмет істеп, біраз шыңдалды. Ол тәуелсіздік алған кезден Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктері қатарында болып, жауапты қызметтер атқарды, тәуелсіздіктің бас идеологы ретінде оны баянды етуге үлес қосты. Ол жазған ел тарихы мен егемендік сананы қалыптастыруға арналған еңбектер бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Тәуелсіздік идеясы оның рухына сіңіп, бойын әбден билеп алған еді. "Абылай хан" атты пьеса жазуға қаламгердің баруы бойына сіңген, ойын билеген осы іске Әбіштің тәуекел етуі болды ғой деп шамалаймын.
Әбіш "Абылай хан" пьесасын "халықтық қаһармандық драмалық дастан" деп атапты. Бұлай атау шығарманың бүкіл рухынан, оның мазмұны мен жазылу үлгісінен туындағаны сөзсіз. Өйткені, шығарма, қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күрестерінің ең бір шешуші тұсы оқиғаларына құрылған. Ол ұзақ уақыт қалмақ шабуылы мен жаулаушылығы астында есеңгіреген қазақ елінің ХVІІІ ғасырдағы басқыншыларға қарсы ерлік күресінің эпопеясын жыр етеді. Халықтық қорғаныстарда батырлығымен көзге түсіп, ел бастаған Абылайдың осы жорықтардағы ерен еңбегі мен басшылық қызметі арқасында қалмақтар түбегейлі жеңіліс табады. Қазақ жері басқыншылардан бір жола тазарады. Осы қозғалысты бастаған Абылай бейнесін жазушы бүкіл халықтың азаттық жолындағы туына айналдырады. Орыс отаршылдығына ұшыраған халықтың бүкіл арман-мүддесі түгелдей Абылай тұлғасымен байланыстырылып, оның сөзі мен рухы кейінгі дәуірлердегі азаттық күресі идеясына қозғаушы күшке айналады. Орыс билігі тұсында Абылай атының аталуына тыйым салудың да негізгі төркіні осында болатын. Шығарманың символдық идеясы қазіргі тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ елінің, оның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жолдағы күресімен жалғасып жатады.
Пьеса жаугершілік заманның сипатын сахнада танытуға лайықталып, басты қаһарман бейнесін оның жастық шағы, жекпе-жекте қалмақ ханының баласы Шарышты өлтіруі, қапияда қолға түсіп, сол ханға пенде болуы, елге оралып хан тағына отыру оқиғаларын негізінде кеңінен ашып көрсетеді. Осы көріністердің барлығында да Абылай азаматтық мұратының биіктігімен көрінеді. Оның Көмей әулиеге өзін таныстыруынан бастап, бүкіл пьесада бұл идея ашық жүріп отырады.
Әбілмансұр қойыпты есімімді,
Бал мен удан бұйыртты несібемді.
Құрсақтағы күнімнен қуғын көріп,
Күдік-күмән тербетті бесігімді.
Тардан төзіп жалғаннан кең іздедім,
Мезі болып дау-шардан жөн іздедім.
Қамқа тонды қомшаға айырбастап,
Аласұрып, ата жұрт, сені іздедім, - дейді ол. Шарышты өлтіру үстінде осылай көрінген Абылай тұлғасы біртіндеп күрделеніп, өз мұраты жолындағы күрескерлікке ұласады. Қалдан Шеріннің тас зынданында жатқанда да ол өзінің асыл жаратылған табиғатынан айнымайды, намысына тырысады. Хан қызы Топыш сұлу берген бостандықты да қабылдамайды. "Ел жолында еркек тоқтымын, Құрбандыққа шалам басымды" деп ел мүддесін биік қояды. Ақыры көрші елмен өмір бойы өштесіп өтудің жолын таппаған Қалдан Шерін Абылай айбатынан сескеніп, "Ту сыртымнан тұра ұмтылмай, Қолтығымнан демер ме екен" деген дәмемен Топышты қосып, еліне қайтарады. Қалмақ ханының шешімінің ар жағынан қазақ жеріне иек артып келе жатқан орыс патшалығынан сескеніп, одақтас іздеу ниеті аңғарылмай қалмайды. Екі елдің (оңтүстіктен көз алартқан Қытай елі тағы бар) ортасында, ешқайсысына да ырық бермей, өзін амал-айла саясатымен еркін ұстаған Абылай хан саясаты осылай басталады. Осы күресте ол ел бірлігін сақтап, соңына халқын ертуге жетеді.
Сөйтіп, Абылайдың ұлы жорығы "Азаттықтың қамы үшін, Болашақтың бағы үшін" басталады. "Қазақтың қайран даласын жағасы жайлау ел қылам, қара сирақ баласын басқалармен тең қылам". "Ұрымталына іс үйретіп, ұғымталына сөз үйретіп, ұйтқылы жұрт қылам бұл елді", "Білекке емес, білікке сенетін заман келгендей, білікке сенер заманда ешкімге есе бермедік, Білікке сенер заманда қапы қалып жүрмейік". Осы сөздерде қазақты ел қылу туралы үлкен мемлекеттік, қоғамдық ойлар жатқаны түсінікті. Астарлы сөзбен айшықталған, ойшыл түйінді қорытқан осы монологтар Абылай арманы кешегі шындықты аңғартқанмен, бізге бүгінгідей естіледі. Бүгінгі тәуелсіз елдің ой-мақсаты да жатыр мұнда. Өлең аралас ұйқасты проза үлгісінде жазылған пьесаның тілі түйдек-түйдегімен төгілетін сөз орамдарына бай, тыңдарман мен оқырманды да көркем сөз нәрімен тамсандырып, Абылай арқылы берілген ұлы идеяға бағындырады. Абылайдан кейін орыс басқыншыларына ұшыраған елді бастап көтерілген Қасым, Кенесары, Сыздық сияқты ұрпақтарының ұранымен жалғасып, бүгінгіге дем бергендей көрінеді. Пьесаның басқа бейнелері де негізгі идеяға бағынып, тұтас бір ансамбль құрайды.
Қазақтың ұлттық драматургиясында Жүсіпбек Аймауытов бастап жазған өлең мен ұйқасты проза тілінде жазылған шығармалар дәстүрін кейін жоғалтып алған сияқты едік. Оны Мұхтар, Ғабит, Әбділда сияқты қаламгерлер пайдаланған. Солармен бірге кеткендей осы көркемдік үлгі Әбіш пьесасымен қайта тірілгені қуантады. Тумысында шешен, дау мен тартыстардың бәрінде билердің тіліне сүйенген диалог, монолог бүкіл халықтың рухынан туындайтын еді, Әбіш осыны тірілтті, әдемі жаңартты деп білеміз.
Әбіштің сыншылдық, публицистік еңбектері де авторының жан-жақты білімділігін, өмірді байыпты зерттеп, ол жайлы кең ойлап, терең толғайтын алымды талантын мойындатады. Ол қазақ әдебиетінің ғана емес, халық тарихының, оның мәдениетінің аса үлкен білгірі. Оның сыншылдық ойы ұлт әдебиеті мен мәдениетіне қатысты мәселелермен шектеліп қалмайды, оларды әлемдік үлгілермен салыстыра қарап, биік талаптар қоюмен толығады, қолда бардың табысы мен олқысы туралы ой ұсынады. Әбішті толғандырған әлемдік құбылыстар ішінде А.Пушкиннің, Л.Толстойдың, Ф.Достоевскийдің, А.Чеховтың, Т.Шевченконың және тағы басқа классиктердің мұралары ерекше орын алады. Олар жайлы мақалаларында Әбіш біздің ұлттық сөз өнерімізде жете зерттелмей келе жатқан классика сабақтары туралы сөз қозғайды, тың ой айтады. Мысалы, оның Лев Толстой шығармашылығы арқылы жалпы әдебиеттің қоғам танытқыштық, адам танытқыштық мүмкіндіктерінің молайғаны, күннен күнге күрделеніп бара жатқан әлеуметтік және рухани болмыстың ешбір иірімін қағыс жібермейтіні жайындағы ойларын бүгінгі шындықпен салыстыруы қызықты. Сыншы Толстой шығармаларында қамшының өріміндей жігі білінбей жымдасып кететін интеллектуализм, әлеуметтік талдау мен психологиялық талдау, философия мен тұрмыс көріністері қазіргі шығармашылық процесте жілік-жілік болып бөлшектеніп кететініне көңіл аударады. "Тек әдебиетке ғана емес, осы заманғы көркемөнердің қай түрлеріне де қатынасы бар "ішкі монолог", "сезім ағымы", "монтаж", "қосақ монтаж", "баяндаудың субъективтендірілуі", "композиция еркіндігі", "ассоциялы композиция", тағы басқа жаңа көркем әдістердің қай-қайсысының да түп-төркіні Толстой творчествосынан табылады", - дейді ол.
Сыншы Әбіш Абайдың, Жамбылдың, Ахметтің, Сұлтанмахмұттың, Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың, Мұхтардың, Сәбиттің, Ғабит пен Ғабиденнің, Қасымның шығармашылығы жайлы толымды пікірлер айтады. Тәкен, Тахауи, Әбдіжәміл, Олжас, Қалтай, Шыңғыс сияқты ағаларымен қатар өзінің замандастары мен інілері Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Оразбек, Қайрат, Жұмекен, Оралхан, Төлеген шығармашылығын талдайды. Бұрын шиырланған үлгілерді қайталамай, жаңа сөз, тың түйін жасауға ұмтылады. Әбіштің сын мақалалары қашан да шеберліктің мектебі сияқты оқылады.
Қазақтың көркем өнерінің аса үлкен қайраткерлері Құрманғазы, Серке, Ахмет (Жұбанов), Роза (Бағланова), Шәкен, Нұрмұхан, Асанәлі, Ыдырыс жайлы жазғандарын оқысаң, Әбішті таза өнер сыншысы деп қалар едің. Ол осылар арқылы әлемдік өнер үлгілерін меңгерудегі қазақ әртістерінің табыстарын талдап, дәлелдеп жеткізеді. Ойыңа ой қосады, өрісіңді, танымыңды кеңейтеді,
Жазушы, сыншы Әбіш кейде өнер адамдарында кездесіп қалатын қызғаныш сезіміне бой алдырмаған, табиғаты кең, айналасына үлкен пейілмен қарайтын, дархан мінезді тұлға. Бүкіл әдебиеттің, халықтың мүддесіне адал қызмет ететін, жақсыны қуанып қарсы алатын жазушының көңілі әрқашан ашық. Оның қаламгер ағалары мен бауырларының бәріне жылы көзбен қарап, мақала арнауы да олардың шығармашылық табысына қуанудан туады.
Әбіштің публицистік мақалалары мен жазбалары оның шығармашылығының көлемді бөлігін құрайды. Олар әр кезде жазылған, әр заманның сұранысынан туған. Әсіресе, тәуелсіздік алған тұста Әбіш көп жазды. Ол қоғамдық жүйенің ауысуы кезінде бұрынғы үйреншікті жолдан адасып, жаңаны түсінуге жете алмаған жерлестеріне тәуелсіздіктің сөзін айтты. Қоғамдық өзгерістердің заманында болатын психологияны терең талдап, бұған қатысты тарих сабағы жайында ойлы сөз қозғады. Өзінің қашанғы әдеті бойынша қазбалап, ойын барынша жеткізуге ұмтылды. "Жас төлге қараөкпе қандай қатерлі болса, жас тәуелсіздік пен балаң демократияға диктатураның да тап сондай қатерлі екені рас. Тәуелсіздік алған көп мемлекеттің бірден өркендеп кете алмауына жол-жөнекей диктатураға ұрынуының қырсығы тиіп жатқандығы да көзге көрініп тұрған ақиқат. Ендеше, мұндай әңгімеге апшымаған дұрыс. Ондай дерттің алдын алудың жай-жапсарын жете топшылаған дұрыс... Сондықтан тәуелсіздік пен демократия тағдырына тарих алдында елдегі саяси элитаның алғашқы буыны айрықша жауапты. Егер олар шетінен баққұмарлық пен таққұмарлықтың дертіне шалдықса, демократия мен тәуелсіздікті қараң су алды дей беріңіз. Егер олардың арасында адам қамын ойлайтын гуманистер мен қоғам қамын ойлайтын патриоттар басым түссе, тәуелсіздік пен демократияның да бағы жанатыны даусыз", - деп жазды ол бір мақаласында. Кеңестік, партиялық басқару мектебінен өткен, Тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті қасында ұзақ жылдар сенісіп қызмет істеген, Парламент спикері міндетін де атқарған, бүгінгі сенатор Әбіш Кекілбаевтың демократтығы мен тәуелсіздікті баянды ету жолындағы табанды күресі осылай басталып қалыптасқан. Оның уақыттың ең бір қиын тұстарында елмен бетпе-бет келуден, халық мүддесі үшін күресуден жасқанбайтын мінезін Желтоқсан, Жаңа өзен оқиғалары көрсетті. Осының бәріне Әбіштің ең алдымен, үлкен суреткер, заманының заңғар жазушысы ретінде өзі өмір сүрген күрделі дәуірдің шындығын терең түсініп, болашағын болжай алуы себеп. Жазушыны да, қайраткерді де, жалпы адамды да заманы тудырып, дәуірі тәрбиелейді, өсіреді. Тек адамға сол заман, дәуір талаптары дәрежесіндегі интеллект керек. Әбіште ол бар және мол.
«Егемен Қазақстан» газеті, 24.07.2009