Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
Ақмылтық 3758 5 пікір 15 Маусым, 2022 сағат 14:50

Кім кепіл: елің бе, Кремль ме?

Әлгіннен бері қазақстандықтар еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбавтың Мәскеуге барған сапарын талқылап жатыр.

Дәлірек айтсақ, ресми БАҚ жағы - үнсіз дерлік. Көбінесе, әлеуметтік желілер мен шетел басылымдары әңгіме қозғап, сан қилы болжам жасауда.

Сыртқы істер министрі Тілеуберді журналистерге берген жауабында Назарбаев пен Путиннің не туралы сөйлескенін білмейтінін мәлімдепті.

Қаңтардан кейін бұрын ешкім де (біз сияқты оппозициядан басқа) сынай алмайтын Назарбаев туралы кез келген адам ойына келгенін айта бастаған бұл «қызық» кезеңде мен ол кісі туралы сөз қозғауды әдейі тоқтатқанмын: оны талап жатқандар менсіз де жетеді деп.

Бүгін, мына хабарды естіп, ортақ талқылауға бір ой қосқым келгені.

Оның аты – кепіл.

Авторитарлық жүйелерде кезінде билікте болған, қызмет бабын пайдаланған, талай адамға тізесін батырған, біреудің ала жібін аттаған басшылар я өле-өлгенше тақтан айрылмайды, я болмаса өзінен кейінгі мұрагерді өз қолымен тағайындап, соның тиісті кепілдігін алады. Яғни «маған, отбасыма тиіспейсің, жиған-тергенім өзімде қалады» дегендей.

Ресейлік Ельцин де Путинді тағайындағанда сөйткен.

Біздің елбасы да сөйтті емес пе? Өзінің айналасынан Тоқаевты таңдап, оған өз орнын берді. Жоғарыда айтылған тиісті кепілдіктер туралы әңгіме болғаны да рас.

Алайда, екі жақтық келісім орындалмай қалды.

Оған не себеп болғанын бір Құдайдың өзі біледі.

Ресми долбарға сенсек, екеуара уағдаластықты «Қаңтар қанды қырғыны» кезінде Тоқаевты биліктен аластатамыз деп, Назарбаевтың отбасы мүшелері өрескел бұзған секілді.

Ол туралы отбасы басшысы білді ме, білмеді ме, оны да бір Құдайдың өзі біледі.

Содан транзитіміздің әңкі-тәңкісі шықты!

Не болғаны – көз алдымызда.

Кепіл туралы әңгімемді жалғастырайын.

Демократиялық елдерде биліктен кеткен басшының кепілдігі – ел басқарған кезінде заңды бұзбағаны, ұрлық-қарлық жасамағаны, еліне адал қызмет еткені ғана. Сол үшін ол қызметтен кетсе де, халқының ілтипатына ие болып, ел аралап, лекция оқып, кітап жазып, ақылымен, көрген-білгенімен бөлісіп жатады.

Бізге де керегі – осындай өркениеттік дәстүр орнату! Оған да жетерміз.

Бұл жолғы сапар кепілдіктің тағы бір түрін ашқандай.

Әрине, Назарбаев пен Путин арасында не әңгіме болғанын екеуінен басқа ешкім білмейтіні түсінікті.

Бірақ, елбасы Мәскеуге барып, сол жақтың кепілдігіне жүгінді деген сөздің жаны бар сияқты.

Олай болса, бұл - өте қауіпті прецедент!

Путиннің постсоветтік кеңістікте өз ықпалын сақтап қалуға ұмтылатынын ескерсек, Тоқаев пен Назарбаевтың арасындағы дағдарысты ол өз мақсат-мүддесіне пайдалануы әбден мүмкін.

Ол дегеніңіз - басқа елдің біздің ішкі істерімізге тікелей араласуы!

Президенттер келеді, кетеді.

Болашақта осындай жайттар қайталанбауы үшін осы бастан алғышарттар жасап қоюымыз керек!

Бәлкім, ол кепілдіктер кезекті, үшінші конституциялық реформа тұсында ескерілуі тиіс.

Осы еді ғана айтайын дегенім...

Әміржан Қосан

Abai.kz

5 пікір