Қазақстан экономикасы жаңа белеске шықты
2025 жыл Қазақстан үшін экономикалық дамуда сапалық бетбұрыс кезеңі болды. Номиналды жалпы ішкі өнім шамамен 300 млрд АҚШ долларына жетті, ал нақты экономикалық өсім 6,5% деңгейінде қалыптасты.
Бұл көрсеткіш дағдарысқа дейінгі жылдардан да, 2021–2023 жылдардағы қалпына келтіру өсімінен де жоғары болып, 2018–2025 жылдар аралығындағы ең күшті өсім жылы ретінде ерекшеленді. Бұл үрдістер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өтілген ел экономикасын жаңғырту және сапалық өсімге көшу бағытымен толық үндеседі.
Ерекше жағдай экономикалық өсім негізінен мұнайлық емес секторлардың жеделдеуінің есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс секторы шамамен 11–13% өсім көрсетіп, тұрғын үй құрылысының кеңеюі, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы және мемлекеттік инвестициялардың артуымен сипатталды. Сауда саласы 8–9% деңгейінде өсті, оған ішкі тұтынудың кеңеюі, халық табысының өсуі және цифрлық сауда арналарының дамуы ықпал етті. Өнеркәсіп өндірісі жалпы алғанда 5–6% артты, өсімнің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болды. Өңдеу өнеркәсібі 6–7% өсім көрсетіп, машина жасау, металл өңдеу, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндірісі негізгі драйверлерге айналды.
Бұл динамика экономиканың құрылымдық әртараптану үрдісінің күшейгенін, ішкі өндіріс пен қызмет көрсету салаларының рөлінің артқанын және сыртқы шикізат конъюнктурасына тәуелділіктің біртіндеп төмендей бастағанын көрсетеді. Сонымен қатар геологиялық барлау мен индустриялық жобалардың жандануы экономиканың екінші инвестициялық цикліне негіз қалады.
Кезеңдік тұрғыдан алғанда, 2018–2019 жылдары Қазақстан экономикасының номиналды көлемі шамамен 180–185 млрд АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. 2018 жылы ЖІӨ шамамен 179 млрд АҚШ долларын, 2019 жылы 181–182 млрд АҚШ долларын құрады, нақты экономикалық өсім жылына орта есеппен 4–4,5% деңгейінде болды. Бұл кезеңде өсім негізінен шикізат экспорты мен ішкі тұтынуға сүйенді, ал инвестициялық және өнімділік факторларының үлесі шектеулі болды.
Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жылғы өсім бір жағынан экономиканың бейімделу әлеуетін көрсетсе, екінші жағынан қолданыстағы модельдің шегіне жақындағанын аңғартты: өсімнің негізгі көздері ішкі сұраныс, бюджеттік шығыстар және инфрақұрылымдық инвестициялар болып қала берді. Бұл алдағы кезеңде жеке инвестицияларды, өнімділікті және экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталған жаңа өсу көздерін қалыптастырудың өзектілігін арттырады.
Аталған кезеңде ЖІӨ-нің номиналды өсуі негізінен бағалардың өсуі, ішкі сұраныстың кеңеюі және бюджеттік шығыстардың артуы есебінен қамтамасыз етілді. Алайда экспорт пен жеке инвестициялар толыққанды өсім драйверлеріне айналмай, экономикалық өсім импорттың ұлғаюымен және инфляциялық қысымның күшеюімен қатар жүрді.
2018–2025: Қазақстан экономикасының өсу траекториясы (млрд АҚШ долл., %)

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Ғали Дінмұхаммед Әзімбайұлы,
экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының орталық директоры
Abai.kz