Сенбі, 23 Қараша 2024
Әріптестің әңгімесі 2934 2 пікір 22 Маусым, 2022 сағат 12:03

Қазақ радиосының қара нары

Белгілі диктор, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері  Аманжан Еңсебайұлы – 70 жаста!

Сонау 80-жылдардың бел ортасынан бастап әріптес болған, ағалы-қарындасты сыйластығымыз үзілмеген, үлкен басымен әр кез «дауысыңды бір естіп қояйын деп...» қоңырау шалуды ұмытпайтын, ізгіліктен жаралғандай ілтипатты Аманжан аға туралы айтар сөз көп. Әсіресе, адами абзал қасиеттері туралы. Бірақ мен өз «Менімді» қоспай, жан тебірентер, адамды баурап алар әсем әсерге бөлейтін, көркемсөз шебері, еңбек торысының өзін алға шығаруды қаладым.

Мойындамайтын несі бар, диктор А.Еңсебайұлының оқуында не тыңдасаңыз да құлағыңызға майдай жағатын майда қоңыр үн келеді.

Бәйге атының шабысындай, асау өзен ағысындай қуатты ойлар мен құдіретті сөздерді асып-саспай, төгіп-шашпай, дәмін де, мәнін де бұзбай, маңызы мен мәйегін құлаққа қоңыраулата құйғанда тебіренбей көріңіз! Дауысы бардың бәрі, тіпті, сахна әртістері де таза табиғатты диктор бола алмайды. Халық-сыншыға – жасандылықтардан ада диктордың қадірі артық.

Сөздің жүйесін де, киесін де танитын таным болмай, оған қазақ тілінің заңдылықтарын сақтайтын білім қосылмай, жүрек лүпілі мен рух биіктігі қан қозғамай – тыңдаушы жүрегін жаулау мүмкін емес. Оған мысал кісіңіз, осы – Аманжан Еңсебайұлы.

Жүзінен жылылық төгіліп, өн бойынын сыйлы болудың үлгісі көрініп тұратын арда ағаны әңгімеге тарту барысында ойланып 10 сұрақ қойдым. Аға ағынан жарылып әңгімешілдігін танытқан соң, оларды да алып тастап, жай ғана тыңдаушы болуды қанағат еттім. Әлқисса!..

– Мен 1952-жылы 1-ақпанда қазіргі Жетісу облысы Алакөл ауданы Төңкеріс ауылында дүниеге келіппім. Әкем Еңсебай Серікұлы өткен ғасырдың басында малы талауға, жаны қанауға түскен босқындардың ортасында қалған егіздің сыңары екен. Сұрапыл соғыс жылдары ел қорғауға аттанып, 31 жасында екі балдаққа сүйеніп ауылға оралыпты. Інісі Жапанбай артынан қара қағаз да келмей, хабарсыз кетіпті. Әкем жарықтық оңашада: Көңілде көміледі жасым ұдай,

Егіз қып беріп еді сені Құдай.

Қай жерде, қай төбеде қалдың екен,

Отан үшін жоқ болған бауырым-ай, - деп іштей егіліп отырушы еді.

Шикі өкпе кезіміз ғой, әкенің ол мұң жамылған «әніне» мән бермеуші едік. Одан бері 60 жылдай уақыт өтіпті... Анам Күлқасыл он құрсақ көтеріп, бесік тербеткен берекелі ана атанған, мейірім, қайырым, ізгілігі мол жан еді. Бүгінде бір анадан өсіп-өрбіген бауырларымның бесеуі қара жердің қойнында, қалғанымыз Алматыда тұрамыз. Құдайға шүкір, ұлдарымыз ұясына, қыздарымыз қиясына қонды. Немере, шөбере сүйіп, үлкендігіміз қайырлы.

Құдай қосқан қосағым Айтжамалмен өзені сылқылдай күліп ағатын Жыланды деген жерұйық жерде бірге оқып, бірге өстік. Өмірде көріп-білгенімнің бәрі сол асыл қазынаммен ортақ.

Осы уақытқа дейін бүкіл өміріме азық болған әке үлгісі есімнен кетпейді. Зар заманның ызғарын да, мұз-қарын да, асу бермес шыңдарын да, бас айналдырған құздарын да көрген әкем қарманып жүріп құламай: «ұл-қызымды аман сақта, Құдай» деп, бір Алладан жәрдем тілепті. Сол «болдым-толдымы» жоқ әкемнің ел ішіндегі қарапайымдылығы қара басын қарқарадай етіп көрсетуші еді. Ұзақ жыл үлкен колхоздың орталық қамбасын ұстап, ағаш аяқпен жүріп-ақ бізді қатарға қосты, оқытты, тоқытты.             Жетімдік пен жалғыздықтың азабын көп көргендіктен бе, көңілі түскенге көмегін аямайтын кеңқолтық, ағайынды алқалап, қарындасты қалқалап жүретін өте бауырмал еді. Айта берсем айшықтана түсер әке бейнесі мені үлкен өмірге мықтап дайындағандай. Егер менің бойымда жылт еткен бір жақсы қасиет болса, ол – әке күшімен, ана сүтімен қанға сіңген уыз тәрбиемнен екенін басымды көтеріп айта алам.

Ата-анамның жүрегіндегі иманы мен көкірегіне тоқып, жиғаны, басынан өткерген тар жол, тайғақ кешулері өмір бойы ұл-қызына да тағылымды сабақ болды.

Кеңес үкіметі тып-тыныш жатқан ел ішін  «бай, кедей»-деп, бір-біріне айдап салып, алатайдай бүлдірген өткен ғасырдың 25-27ші жылдары Қытайға қарай қопарыла көшкен қазақтың қосағы ішінде жазықсыздан-жазықсыз қоса атылып кете жаздаған әкемнің тағдырлы әңгімесін еш ұмытпаймын. Қайран әкем 30-жылдары Голощекин әкелген ашаршылықтан бар қазақ қынадай қырылып жатқанда, бабадан қалған байлықтан бір борсықты елге үлестіргені үшін жала жабылып сотталуға шақ қалып, соңынан ақталыпты.  Сонда комсомол билетін қайтарып алу үшін Мәскеуге арыз жазғаны,ол жақтан хабар жетісімен Алматыға ит қорлықпен жетіп, мақсатын орындағаны есімде өшпестей сақталып қалды. Бұл –  сол кезде 20 жастағы латынша ғана қаріп танитын жігіттің кеудесінде оты барын білдірмей ме?! Әйтпесе, шөп кіндікті бір лақ үшін ет кіндікті бауырын басқаға байлап беріп жататын тасжүрек заманнан аман қалу қайдан оңай болсын!

Ол кездің адамдары біз сияқты емес, жанын жалдап отты да, суды да кешіп өткен ғой. Сол жанкештілігінің бір мысалы: бертін келе кириллицаны да еркін меңгеріп кеткені.

Бұрынғы кісілер газет-журнал, батырлар жырларын, қисса-дастандарды бір-бірінің үйіне жиналғанда қолтығына қысып ала жүретін. Әсіресе, ораза айы мен қысқы соғым уақытында кезек-кезек нақышына келтіріп дауыстап оқып, жаны рахатқа бататын.

Апа-әжелеріміз сол кітаптың кейіпкерлерімен бірге жылап, бірге күліп, етегімен көз жастарын сүртіп отырушы еді. Біз бала болсақ та, қиялымыз жүйткіп батыр болғымыз кеп, сұрағымыздың жауабын толық тыңдай алмай,  сол жерде ұйықтап кететінбіз. Сол есіл күндер еске түссе, сағынышты суреттер салып, тебіреніп өзімше жыр жазатыным да бар.

1960-жылдары елде теледидар жоқ, басылымдардың бәрі шалғайдағы ауылға кешігіп жетеді. Сондағы жалғыз жұбанышымыз, жаңалық жаршысы – ауыл ортасындағы бағананың басында тұратын радио болатын. Тәулік бойы берілетін жаңалықтар, әсерлі әңгімелер, әнші-күйшілердің тамылжыта шырқатар ән-күйлері – бәрі-бәрін сол радиодан естіп өстік. Бірақ еш уақытта диктор болам деп ойламаппын.

Мектеп бітірерде «Кім болам?» деген еркін тақырыпқа шығарма жазғанда «Шофер боламын» деп «5» алған едім. Сонда ақылы сөзінде, мейірі көзінде тұнып тұратын әдебиет пәнінің мұғалімі Кәрім Әбдірахманов (марқұм) басымнан сипап тұрып: «Айналайын, Аманжан, сен тіл маманы болуың керек», - деп сәуегейлік танытып еді. Солай болды. Нәтижесінде, Қазақ радиосының бір бөлшегіне айналып, 46 жыл табан аудармай еңбек еттім. Тағдырыма ризамын.

Осы аралықта талай көсеммен де, сөйлер сөзден тосылмаған шешенмен де, жолы үлкен, жаны биік жақсы-жайсаңдармен де жанаса, сыйласа жүріп тәлім алыппын.

Өзінің өнерімен де, өмірімен де өнеге болған асыл ағамыз халық артисі, дауылпаз дауыс иесі Әнуарбек Байжанбаевты, радионың пионер-дикторы Мина Сейітованы және Қатира Әзімбаева, Жанел Асқарова, Жаңыл Біржанова, Сауық Жақанова, Омархан Қалмырзаев, Мырзабек Қуатбековті, сондай-ақ, дикторлық өнердің қыр-сырына бойлатқан атақты артистер: Фарида мен Зәмзәгүл Шариповаларды, Райымбек Сейтметовты жан дүниесіне әлемнің бар сұлулығы сыйып тұрғандай қабылдайтынмын.

Меніңше, диктор болу – үлкен мәртебе.Оны дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Негізінен, диктор дауысы – табиғаттың сыйы. Үні анық, ана тілінде таза сөйлей алатын, баба тілімен ішкі байланысы астасып жататын қасиетке қоса, диктор – тіл заңдылығын білуі шарт. Ол әр дыбыстың айтылуына өте мұқият болуы керек. Біздің төл әріптердің айтылуы бірыңғай жуан немесе жіңішке дауысты болып келеді. Мысалы, «балаларыңыз» деген жуан дауысты сөзде тіл бір-ақ рет кейін шегінеді екен. Ал, «әдебиетіміз», «тіліміз», «үніміз» десек те, тіл бір қалыпта қалады.  Дыбыстардың үйлесімділігі, бірқалыптылығы сондай,  жуан дауысты мен жіңішке дауысты дыбыстар бірге араласып келмейді.

Кеңестік саясат бұзбаған өз әріптеріміздің бас-аяғы 28 еді: 9 дауысты, 19 дауыссыз дыбысты құрайтын. Оны бізге ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы шұрайлы тілмен ауызша-ақ жеткізіп берген.

Біз қазақтың тілі өз бояуын бұзбай, таза қалпында сақталуына аса мән бердік. Әдебиет тілі – қара тілдің заңымен жүруі керек. Үндестік заңы дұрыс сақталмаса, тілге обал жасаймыз. Біз осы қағиданы ұстандық.

Біраз жыл бұрын мен ұлы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын үнтаспаға түсірдім. Оны оқу оңайға түскен жоқ. Ең алдымен, ата-бабамыздың өткен жолына, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға зер салуға тырыстым. Тап тартысы, ағайын арасындағы дау-дамай, жер дауы, жесір дауы, сырттан келгендердің жергілікті халыққа әсері сияқты тарау-тарау мәселелерді шығарманы бірнеше рет қайталап оқып,  тыңдаушы жүрегіне жеткізгім келді. Азаматтық ұстанымымда Абайдың: «сөз түзелді тыңдаушы сен де түзел» өсиеті тұрды.

Әке мен бала, ана мен бала арасындағы әңгіме желісі, ондағы көңіл-күйге байланысты дауыстың өзгеріп, құбылып отыруы;  өкпе, наз, еркелік, ренішке қандай реңк берілу керектігі, ел мүддесін қорғаған екіұдай айтыс-тартыс менің оқуымда өз дәрежесіне жетсе деп көп толғандым.

Тіріге жылы қарамайтын, өлгенді жоқтап жыламайтын тас мейірлерден түңілу – тыңдаушыны да түңілдірсе деп түйдім. Оның төрелігін тыңдаған ел айтар...

Жарығы сөнбестей көрінетін мына жалғаннан өтер алдында асыл анам маңдайымнан иіскеп: «Ауылда екі үй ғана нағашыларың қалды, хабарласып тұрарсың», - деп аманат айтты. Жоғымызды халқымыздың даналығынан іздеп табатын ұлттың ұрпағымыз ғой, сол өсиетті орындаумен келемін. Мерейімді биіктетін де, мейірімін үйіп-төгетін де нағашы жұртым мен құлын-тайдай тебісіп өскен саусақпен санарлық қана құрбы-құрдастарым. Шамам келгенше ауылдағы ағайынның той-думанынан да, топырақты өлімінен де қалмауға тырысамын. Елу жыл сыртта жүрсем де, кіндігім үзілген жоқ. Жыл сайын еркелеп барып, марқайып қайтамыз. Егделік жеңген сайын туған жерді аңсай береді екенсің. Біздің ұлтымыздың қасиетінде шек жоқ қой. Перзентінің кіндігін кескеннен кейін бір үзігін жерге көміп тастауында терең сыр жатқандай. Ол перзент пен жердің бір-біріне үзілместей етіп байлануын білдіреді екен ғой. Біздің туған жерге бүйрегіміз бұрып тұратыны да сондықтан. Қазақтың даналығы-ай, шіркін!

Қазіргі баланың кіндігінің үзігі қайда қалып жатыр? Жерді, елді ойламайтын жатбауырлықтың бір ұшы осында емес пе деп те қамығам...

Балапан күнімізден бірге туғандай бір-бірімізге бауыр басып өскен бала достарымның дені ауылда тұрады. Бірер жыл бұрын мектеп бітіргенімізге 50 жыл толды. Барымыз жиналдық. Келмеске кеткен марқұмдарға құран бағыштадық. Аузынан шыққан әр сөзді қағып алып, көкірек сандығымызға қаттап қоятын қайталанбас мұғалімдеріміздің өзімізде сақталған фотосуретін мектеп музейіне табыстадық. Үлкен естелік қой және  ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалмаса деген ағалық тілек.

Кім-кімге де балалық деген мәңгі сағыныш қой. Еске түссе еріксіз жымиясың...

Бір күні Торсық деген досымыз екеуміз ән сабағына қатыспау үшін ішіміз ауырып отыр деп, бүрістік те қалдық. Лезде мұғалім ауданнан жедел жәрдем шақырып қойыпты. Машинасын «айқайлатып» жеткен дәрігерлер бүрісіп отырған екеумізді әй-шайға қаратпай салып алды да жөнелді. Көзіміз бақырайып отырмыз, ауруымыз жазылып кетті деуге орысшамыз жетпейді. Олар не жеп, не ішкенімізді, қай жеріміздің қатты ауыратынын, іштің өтуін сұрап әбігер. Біз бірін түсінсек, бірін түсінбейміз. Тексеріс соңында бізді ауруханаға жатқызатын болды. Торсық екеуміз түнде ұрланып шығып, 25 шақырым жердегі ауылға жаяу қалай жеткенімізді білмейміз.Осы күні балаларым мен немерелерім жазықты болып қалса, ең бірінші «өтірік айтып тұрған жоқсың ба?» - деймін. Өйткені өз қателігім маған өмір бойы сабақ болды.

Иә, біз, үлкендер: баланың ой-пікірімен санаса бермейміз. Көбінесе өзіміздің ойлағанымыздай жолмен жүруін қалаймыз. Айтқанымызды істетуге тырысамыз.

Осыдан біраз жыл бұрын Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университетте оқитын немерем 21 жасында үйленем десін. Мен: «Балам, әлі ертерек қой, оқуыңды бітіріп, 1-2 жыл жұмыс істе, содан кейін шаңырақ көтерерсің»-дедім. Ол ойланбастан: «Ата, сіз 20 жасыңызда үйлендіңіз ғой, мен сізге тартқанмын» - деп бетіме қарады. Үндей алмай қалып, соңында келістім. Қазір құдайға шүкір, өз алдына жеке отау; қызметі де, отбасы да өсіп келеді. Егер мен сонда қарсылық көрсетсем, нәтижесі қандай болар еді!? Кейде «ақыл – жастан» дегенді де ескерген дұрыс па деймін.

Отбасында ер адамның, әкенің сыйлы, сөзінің өтімді болуы – ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығына тікелей байланысты.

Анасы ер баланы өбектеп бауырына баса бермей, әкесіне бейімдей білуі керек. Әйел отағасына деген шынайы ықыласын көзімен де, сөзімен де сездіретіндей ілтипатта болса, ұл мен қыз қайтсе, көргенін жалғастырады.

Мен білмегенін кісіден сұраған, үлкен болмаса ақылы бар кішіден сұраған адамның жаман болғанын көрген жоқпын.

–  Ақсақалдық жасқа қазыналы қасиетімен жеткен біздің Аманжан ағамыз осындай!

Әңгімелескен Қымбат Әбілдәқызы,

«Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394