Дүйсенбі, 25 Мамыр 2026
Жаңалықтар 118 0 пікір 25 Мамыр, 2026 сағат 15:09

Қарулы қақтығыс аймақтарына ұшу шектелуі мүмкін

Сурет: koreilbo.com сайтынан алынды.

Үкімет әскери қақтығыстар жалғасып жатқан елдерге азаматтардың шығуына уақытша шектеу қою мәселесін қарастыруда. Сонымен қатар, дағдарысты жағдайларда ұлттық және отандық әуе тасымалдаушыларын жұмылдырудың жаңа тәртібі туралы сөз болып отыр.

Төтенше жағдайлар кезінде арнайы ұшақтарды сатып алу мәселесі де қозғалды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

Бұған Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды ауқымды эвакуациялау себеп болды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін азаматтарды әскери қимылдарға байланысты бұл өңірге барудан бас тартуға шақырған болатын. Алайда үкімет эвакуация күндері де кейбір азаматтардың жағдайға қарамастан, қақтығыс аймақтарына ұшуды жалғастырғанын мәлімдеді.

Министрлер кабинетінің мәліметінше, эвакуация кезеңінде Алматыдан Дубай мен Шарджаға 191 Қазақстан азаматы ұшып кеткен. Енді билік қауіпті аймақтарға сапарларды уақытша шектеуге мүмкіндік беретін заңнамалық механизмдерді әзірлегісі келеді.

«Эвакуация кезеңінде қақтығыс аймақтарына сапарлардың жалғасуы қосымша жүктеме тудырды. Осыған байланысты мұндай өңірлерге шығуды уақытша шектеуге мүмкіндік беретін заңнамалық механизмдер әзірленетін болады», — делінген жауапта.

Эвакуациялық рейстердің статистикасы

Сондай-ақ, жауап авторлары эскалация басталғаннан бері Қазақстанның 66 эвакуациялық рейс ұйымдастырғанын атап өтті:

  • 27 рейс – республикалық бюджет есебінен төленді;

  • 39 рейс – коммерциялық негізде болды (билеттерді азаматтар өз бетінше сатып алды).

«Осыған байланысты дағдарысты жағдайларда ұлттық және отандық әуе тасымалдаушыларын жедел жұмылдыру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ төтенше жағдайлар қажеттілігі үшін арнайы әуе кемелерін сатып алу мүмкіндіктерін қосымша қарастыру жоспарлануда», — деді Премьер-министр.

Бұған дейін Қазақстанның Таяу Шығыс елдерінен азаматтарды эвакуациялауға шамамен төрт миллион доллар жұмсағанын жазған болатынбыз. Оқиғаның егжей-тегжейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтып берген еді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3144
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2230