Жыраулық дәстүр неге жалғаспай отыр?
Таяу арада Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесі ұсынысымен жарық көрген «Қазақ көркем сөзінің шеберлері» деген көлемді кітап қолыма тиді (жалпы редакциясын басқарған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі С.Қирабаев). Оқи бастадым. Көлемді еңбек қазақтың оқырманға етене таныс, көркемсөз шеберлеріне айрықша тоқталып, айшықтай жазылған туынды екен. Кітап сонау ХVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен айдай әлемге аян атақты Бұқар жырау Қалқаманұлынан бастап, бүгінгі тәуелсіздік таңын көзімен көріп, көңілі тасыған сексеннің сеңгірінен асқан менің де ғұмырнамаммен аяқталған іргелі еңбек болып шықты. Орта мектеп пен жоғары оқу орындарында әдебиет пәнінен дәріс алатындар үшін білімдерін байыта түсетін, оларды отансүйгіштікке, патриоттыққа, адамгершілік қасиеттерін молайтуға баулитын бағалы ғылыми еңбек деп айтуға тура келеді. ...Кітапты бастан-аяқ оқып шыққан соң, мен ерекше толғаныс құшағына шомдым. Әттең, қазіргі нарық заманының зығыры салдарынан бар болғаны мың-ақ данамен басылыпты. Бәлкім кейін демеушілер қолдауымен кітап санын көбейтіп, қайта басса мәдени-рухани құндылықтарымызға қосылар мол үлес болары хақ. Институт басшылығы (Уәлихан Қалижан) осы пікірді ескере жатар деген үміттеміз.
«Мені ерекше толғандырған - қазақ жыраулары. Ауыздан ауызға тарап, ғасырлар бойы тот шалмас алтындай жарқыраған жыраулық дәстүр не күйде?» деген сауалға жауап іздеймін. Жыраулық, жыршылық мектебі құрдымға айналып бара жатыр деген біржақты ойдан аулақпын, әрине. Құдайға шүкір, жоқ емес, жалғастырушылар біршама бар. Бірақ көп емес, некен-саяқ. Таңды таңға жалғастырып, көмейін күмбірлете жағы талмай жырлайтын Қазақ ұлттық өнер институтының ұстазы Алмасбек Алматов, Көкше өңірінен көсіле шыққан айтыскер ақын, һәм Арқа өңірі хиссаларын да, қырғыздың «Манасын» да майын тамыза толғайтын Баянғали Әлімжанов, домбыра қолына тисе-ақ дауысын алтықырға аттандырып, шанағын жұтып қоярдай шыңқылдата жөнелетін, қыл қобызды солқылдата саздатып, күміс көмейімен астастыра асқақтайтын айтулы жырау Бекболат Тлеуханов... ...Тағы кімдер? Маңғыстаудан, Алтай жақтан, Қаратаудан, Жамбыл өңірінен... анда-санда болса да «Мен мұндамын» десіп жүргендер жоқ емес. Оның үстіне өзіміздің Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория, Қызылордадағы Қорқыт атындағы университет әсіресе еліміз егемендігін алғаннан кейін жаңа бір серпіліспен жыраулық өнерді өрге сүйреп, оны кәсіби дәрежеге көтеру жолында әжептәуір қадымдар жасап жүр... Десе де мұның бәрі жыраулық мектебін өрістетудегі жетістіктер бола, тура көлге тамған тамшылардай ғана тәрізді. Егер жоғарыдағы жыраулық дәстүрді жалғастырушылар қарқындарын үдетіп, дарындар қатарын көбейтіп жатса нұр үстіне нұр.
Біздіңше бұл өнерге ерекше мән берілсе, балалар бақшаларында тақпақ айтып, «тақылдағыштар» мектеп қабырғасына келгенде жыраулық өнермен де түбегейлі айналыса бастаса деймін. ҚР Білім және ғылым министрлігі жыраулықты кәсіби дәрежеге жеткізу үшін мектептерде арнайы пән енгізілуіне қолдау көрсетсе, құба-құп демекпіз. Бір байқағанымыз, әртүрлі айтыстар, ақындардың жыр мүшәйралары, өлеңді мәнерлеп оқу секілді іс-шаралар дәстүрге айналғалы біраз болды. Алайда жыраулық дәстүріне арналған арнайы бағдарлама болған емес.
...Алысқа бармай-ақ көршіміз қырғыз елінде бір ғана «Манас» төңірегінде көптеген байқаулар жиі-жиі өткізіліп, мықты манасшыларға сый-сияпаттар беріліп жатады. Бала манасшы, жігіт манасшы, қария манасшылар баршылық. Осыдан көп жыл бұрын Қырғыз елі мен Қазақстан өнерпаздарының бірлескен мәдени апталығында сахнаға басына ақ қалпақ киіп, білегін түре тастап, кішкентай ернін дүрдите үшінші сынып оқушысының шіңкілдек дауысына басып:
«Е-ей, көруп те келген кісі жоқ,
Көпурте айтса ісі жоқ» деп бастап, ала жөнеліп зорға тоқтағанын көріп қайран қалған едік.
Яғни өнердің қай саласы болсын ертерек бастаған абзал. Хореография мектептерінде болашақ бишілерді қалай тәрбиелесе, жыраулық өнерді де мектеп қабырғасынан өрбіткен жөн.
Жырау - басшының оң қолы, оның ақылгөйі, ел намысын, жер намысын хас жырымен қорғаушы, үгітші, ол - жақсылықтың жаршысы, жамандық пен арамбездікке қарсы, сөзін сүйектен өткізетін жауынгер сарбаз. Абыз ойлы философ.
Ықылым заманнан бізге таныс жыраулардың жыр маржандарының өлмей, өшпей, ескірмей келе жатуының себебі де осыдан болса керек.
...Жалқұйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалың малы арзан деп,
Жаманнан қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаманнан қатын алсаңыз,
Топқа түсер ұл тумас.
Жаманнан жақсы туса да,
Тартпай қоймас негізге...
Міне, Бұқар жырау айтқан тәлім тағылымы мол тұнып тұрған философиялық туынды. Қазақ елінің бірлігі үшін арпалысқан Абылай ханның қанмайданда ақылшысы болған, жетелі мақсат-мұратының жаршысы болған Бұқар жырауды Абылай хан да айрықша қастерлеген. Жырау да өмір бойы Абылайдың жас шағынан бастап, егде тартқан кезіне дейін оның елі мен жері үшін күрескен ересен сәттерін жырына қосып, шаршы топқа таратып отырған. Ал Бұқар жырау қартайып, тоқсанның төртеуіне қараған шағында, бақиға озғалы жатқанда хан қазасына қатты қайғыра қабырғасы сөгіліп:
Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай,
Қалың малсыз қалыңдық
құштырған ханым-ай.
Үш жүздің кісісінен үшеуін атасам,
Қалар ма екен жаның-ай, - деп егілген.
Араға ғасыр салып Махамбет ақын Исатай қаза болғанда:
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айырылып,
Жалғыздықпен болдым дос, - деп тебіренді емес пе?!
Ел қамын қастер тұтқан Дулат Бабатайұлы:
Мынау азған заманда
Қарасы - антқор, ханы - арам.
Батыры көксер басы аман
Бәйбіше - тантық, бай - арам...
Бозбаласы - болашақ
...Ебі кеткен ел болды.
Енді қайда мен барам? - деп заман ағысынан түңілген жырау жүрек «запыранын» мұңды-зарлы көңіл күйімен астастыра төгілтеді. Өз заманының кескін-кейпін көркемсөзімен кестелей білген, көргені мол, көңілге тоқығаны зор ақын жыры саяси сарказм дәрежесіне дейін көтерілгені көрініп тұр.
Шөже Қаржаубайұлы:
Балықшы байымайды көлден алған,
Ақын да байымайды елден алған.
Өзіңнің маңдайыңа бітпеген соң,
Қалады желмен кетіп, желден алған...
Өзі өмір сүрген дәуірдің бетпернесін осылай мінеп шенейді. Шөженің осы бір шумақ өлеңіндегі өмір шындығы дәл бүгінгі кезде де өз күшін жоймаған ғой. Осы жолдарды оқып отырып, күні бүгінге дейін түбегейлі шешілмей келе жатқан қаламақы мәселесі есіме түсе кеткенін қарашы. Түн баласында көз майын тауысып, күйбеңдеумен жазатын шығармаң елеусіз қала берсе қабырғаң қайыспай қайтеді?
Асылы, қуаттылар мен билігі барлар қолдаса шешілмейтін мәселе жоқ қой. Кім білсін, үмітсіз сайтан болсын. Жазушылар одағының таяуда ғана өткен кезекті құрылтайында жоғарғы жақтан келген биік мәртебелі мырзамыз қаламақы хақында қысқаша сөз сөйлеп:
- Қаламақының төменгі мөлшерін таяу арада шешуді ойластырып жатырмыз, - деген жақсы ниет білдіріп кетті. Егер айтқан сөз нысанаға жетсе азды-көпті ақын-жыраулардың материалдық жағдайы жақсарары хақ.
«Аузына май» дегеннен басқа не айтамыз.
Жыр алыбы Жамбыл 97 жасында ел басына күн туып, сұрапыл соғыс жүріп жатқанда, Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында (1943 ж) басталған ақындар айтысын ашқанын 14 жасымда көрген едім. Күміс көмей, жезтаңдай жыршылар мен ақындар Иса, Нартай, Шашубай, Нұрлыбек, Маясар, Нұрқан және басқалары бір-бірімен үш күн бойы айтысты.
- Е-еу, Алатаудан, Арқадан
Ақындарым келіпсің.
Тілдерінен бал тамған
Жақындарым келіпсің.
Ертіс, Еділ, Іле, Сыр
Басқосқалы келіпсің.
Жүрген жерің думан жыр,
Сендер елге көріксің.
Шаршы топта төгілген
Сөздеріңді сағындым.
Көзге жылы көрінген
Өздеріңді сағындым.
...Е-еу қыран-қыран болар ма
Тас қиялға өрлемей.
Жүйрік жүйрік болар ма
Шаршы төске сермемей.
Жорға жорға болар ма
Төрт аяғы тайпалмай.
Батыр батыр болар ма
Қалың жауды қайтармай.
Ақын ақын болар ма
Арқа қызып ән салмай.
Отырған мынау халайық
Қолын соғып тамсанбай.
...Е-ей асудан асу белім бар,
Айдынды шалқар көлім бар,
Ел басқарған ерім бар.
Жер қойнына қарасақ,
Лықсып жатқан кенім бар.
Осындай байлық тұрғанда,
Ақындар неден кемің бар?
Ел дәулетін ендеше
Жырлай тұғын жөнің бар, - деп екпіндете, құйылта бастап жырын аяқтауға таяғанда жауға қарсы жаудырған зымыран снарядтай зуылдай жөнелді:
- О-оу, Орынбай мен Шашубай
Сендер өзен басындай.
Жарқырат жырыңды
Жазғы тұрғы тасқындай.
Нартай, Кенен, Нұрлыбек
Өлең сөзді дүрілдет.
Көктен түскен жасындай
Сөздеріңнің күшінен
Жау жүрегі түршіксін
Жырларыңды естіген
Жұрт құмардан бір шықсын!... Тыңдарман қауым театр құрсағын дүрілдетіп, қызу алақандарын соқты.
- Жаса, Жамбыл!
- Жаса, жыр алыбы! - десіп дауыстап та жіберді.
Жамбыл жырынан қандыбалақ қас жауға деген өшпенділік оты лапылдап кеткендей әсер қалдырды. Ұлы ақынымыздың «Ақындарға арнауын» алда-жалда домбыраға қосылып мен де айтып жүремін. Оның сыртында қазақтың батырлық дастаны «Алпамыс», қырғыздың батырлық дастаны «Манасынан» да үзінділер орындауды әдетіме айналдырдым. Мен жыраулық өнерді аса жоғары бағалағандықтан хиссаларды қызыға жаттап, қызулана салуды мансұқ етуден жалыққан жоқпын. Бұл өнерімді «Қазақстан» ұлттық арнасы арнайы түсіріп, көрермендерге тарту етті.
Өз жұмысын бастағанына жылдан асып бара жатқан «Мәдениет» телеарнасы да «Жүздесу» деген айдары арқылы менің орындауымдағы жыраулық өнерімді таяуда көрермендерге көрсетті. Біздіңше, алдағы уақытта «Мәдениет» арнасы «Жүздесу» айдары арқылы «сұрақ-жауаппен» ғана шектелмей, онсыз да саусақпен санағандай жыраулық өнерді жалғастырушыларға көрермен көзін молынан суарып көкейлерін оятардай арнайы уақыт берсе құба-құп болар еді. «Қазақстан» ұлттық телерадио корпорациясы басшыларының құлағына алтын сырға демекпіз.
Қазақ эпосы мен ауыз әдебиеті, жыраулар, айтыс өнерлері хақында классик жазушыларымыз Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов, Сапарғали Бегалин көптеген ғылыми еңбектер жазып қалдырды.
Қазақ әдебиеті тарихын һәм жыршы, жыраулар, шешендік сөздерді зерттеу ісінде асқан ғұлама, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов мектебінен өткен әйгілі акдемиктердің сыртында зерттеушілікпен кейінгі кездері айналысып, ғылыми еңбектер жазып жүрген филология ғылымдарының докторлары Нұрдәулет Ақыш, Гүлжаһан Орда, тарихи тұлғалардың ғұмырнамалығы хақында қыруар кітаптардың жарыққа шығуына ұйытқы болған Сәрсенбі Дәуітов, өзге де аты аталмаған әдебиетшілерге сәттілік тілейміз.
Суырыпсалма ақындар ішінен ерекше орын алатыны - Иса Байзақов екенін кезінде ұлы Мұхтар айтқан болатын. Исаның «Құралай сұлу», «Ақбөпе», «Алтай аясында» секілді өзге де толып жатқан эпикалық дастандарын былай қойғанда, ол айтысқа түссе алдына жан салмаған жеңімпаз, қолына домбыра алса «Желдірмесімен» дүйім жұрттың делебесін қоздырып, желпіндіріп тастайтын жыршы, талантты актер ретінде есте қалды. Ал Ұлы Отан соғысы кезінде Оңтүстік Қазақстан өңірінің елді мекендерін еркін шарлап жыраулық өнерімен танылды. Өз дастандарын былай қойғанда, «Қобыланды», «Алпамыс», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», өзге де көптеген лирика-эпостық дастандарды таңды таңға ұрып жағы талмай айтқан жырау еді.
Әміре, Нұрпейіс, Тұрмағамбет, Шашубай, Доскей, Нартай, Кенен іспетті жыршы, жыраулық, сазгерлік, әншілікпен айналысып, кезінде көрермендерінің көздерін тояттатып, таланттарымен тамсандырғандар бұл күнде арамызда жоқ.
«Ат тұяғын тай басар» дегендей, өнер дыраулары саналған қазақ жырауларының орындарын ойсыратпай, олардың өнегелі де өрелі дәстүрлерін жалғастырушыларды тәрбиелеу бүгінгі ұрпақтың үлесіне тиіп отырғанын әсте естен шығармауымыз керек.
Ардақты «Ана тілі» газетінің редакциясы! Оқырмандар сүйіп оқитын басылым бетінде жыраулық өнерге арналып арнайы байқау жарияланса. Кеңбайтақ республикамыздың облыстардағы мәдениет басқармаларымен келісіп, Алматы қаласында «Жыраулар жарысы» айдарымен байқау өткізуге мұрындық болсаңыздар екен. Бұл үрдіс бір рет қана емес, жыл сайын өткізіліп тұрса құба-құп. Егер бұл тілек жүзеге аса қалса, байқаудың белгілі дәрежеде өтуіне атсалысатыным сөзсіз.
«Құлақтан кіріп бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй» деп дана Абай айтқандай, бізде жырауды айтасыз-ау, әншілер, нағыз әншілер де аз. Оның ішінде кең тынысты дауыс диапазондары ерекше дәстүрлі әншілер де некен-саяқ. Бұл ретте микрафонсыз халі мүшкіл эстрадалық әншілер өз алдына бір басқа. Ал дәстүрлі әншілер бір бөлек. Арқа әндерін асқақтата шырқайтын ҚР халық артисі Қайрат Байбосынов пен Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың жеңімпазы, ҚР еңбек сіңірген артисі Бахытқан Үдербаева, Мұхит, Ғарифолла дәстүрін жалғастырушы, ҚР халық артисі Бекбосын Қажыбаев пен саңлақ әншіміз Сәуле Жанпейісова, дәстүрлі әншілеріміз Еркін Шүкіманов пен Ерлан Рымғали шырқаған әндер тыңдармандарын ерекше тамсандырып, талап-талғам деңгейінен шығып жүр.
Осы дәстүр алда да жалғасын табар деген ойдамыз.
...Тағы бір ойда жүрген түйткілді тарқатсақ. Кейінгі кезде қазақ хиссаларын үзіп-жұлып микрафон арқылы шуылдақ аспаптар сүйемелдеуімен орындайтындар шыға бастады. Біздіңше бұл жыраулық өнерге жүрдім-бардым қараушылардың ісі. Көрермендердің көріне көздерін арбап, басын қатырудың қажеті бар ма?..
Жыраулық дәстүрді домбыра сүйемелдеуімен ғана жалғастырған ләзім. Оны айтасыз-ау, әннің мәтінін де, сазын да өзі жазғыштар көбейіп барады. Өлеңге ұқсамайтын сөз тіркестері мен даңғаза шуға құрылған сазсымақтар жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кетті. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Пәленше тобы, түгенше тобы орындаулары арқылы орғып-қарғып жатыр. «Ана тілі» газетінде бұрынырақ «Эстрададағы эпидемия» деген тақырыппен осы жүгенсіздіктер туралы сыни мақала жазған едім. Оны да құлақтарына қыстырған ешкім көріне қойған жоқ. Кеңестік кездегі кейбір келісті тәртіптерді тәжірибеге енгізіп, ән мәтіні мен сазы арнайы көркемөнер кеңестерінде қаралып, рұқсат берілгеннен кейін орындалса, күлді-көмеш шөпшалаңдарға тосқауыл қойылары сөзсіз.
...«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, жыраулық өнерге қолұшын берушілер көбейсе, ғасырлардан сыр шертетін ғибраты мол шешендік шежіресінің өрісі кеңейіп өрге сүйрері сөзсіз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - осыдан бұрын «Үш ғасыр жырлайды» деген атпен жыраулар тобын құрайтын үш томдықпен оқырмандарын қуантқан институт ұжымы араға біраз жыл салып жарыққа шығарған «Қазақ көркемсөзінің шеберлері» аталатын туындысы бес ғасыр шежіресін шерткен антология десе болғандай. Себебі бұл том ерекшелігі - бұрынғы еңбектерде Бұқар жырау бастаған көне кезгі жыраулар ғана тілге тиек етілген еді. Ал көлемі жағынан да көз тартатын бұл кітапқа ХХ-ХХІ ғасырда өмір сүрген көркемсөз шеберлерінің көрнектілері енгізіліпті. Мұхтар Әуезов атындағы институттың әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдарының қыруар еңбегінің жемісі, міне осынысымен де ерекшеленеді. Бұл еңбек әдеби-мәдени өміріміздің құндылығына қосылған қазына деуге әбден болады.
...Иә, қашанда гауһар жырлары құлақтан кіріп, бойыңды балқытып, көңіліңді шалқытатын қазақ жыраулары дарын дыраулары.
Жыраулық өнерді қызу қолпаштап, ұрпақтан ұрпаққа әспеттей берейік, ағайын!
Мыңбай Рәш, ақын
"Ана тілі" газеті