Каспий саммиті қалай өтті?
Каспий теңізімен шекаралас мемлекеттердің алтыншы саммиті өтті. Үш ай бұрын президенттік таққа жайғасқан қырық жастағы Түркіменстан президенті Сердар Бердымұхамед өміріндегі маңызды алғашқы саммитін өткізді. Ашхабадта бес елдің басшысы бас қосып, Каспий жайлы кеңінен талқыға салды.
Путин Украинаға соғыс ашқаннан кейін алғаш рет өзге мемлекетке сапарлап барды. Тәжікстанға барып, артынша Түркіменстанға ұшағы қонды. Хаттамаға сай түркімен тарапы мемлекет басшыларының алдынан нан алып шығып, құрметпен күтіп алды. Тек Ресей басшылығына ондай құрмет көрсетілмеді және Путинді әуежайда ешкім күтіп алмады. Бұл құрметсіздік емес, сақтықтан дейді сарапшылар. Ресей басшысы өзіне жасалуы мүмкін шабуылдан сақтанудың барлық жолын қарастырған. Тіпті Тәжікстан мен Түркіменстанға ішетін және жуынатын суына дейін алып барғаны айтылуда.
Қазақстан басшысы өз сөзінде Каспий теңізін логистика, азық түлік тасымалдау жолы мен ресурсты тиімді игеру және экология мәселесін көтерді. Президекнт Тоқаев Каспий арқылы Қазақстанға тиесілі жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өскенін айтты. Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астам артқаны да айтылды. Солтүстік – Оңтүстік перспективті дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлуге, ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын "Қазақстан-Түрікменстан-Иран" теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Қазақстанның Әзербайжанмен арадағы тауар айналымы едәуір, нақтысы 2,3 есе, Иранмен және Түрікменстанмен 2 есе артқаны бар. Осы ретте Президент 1 миллион тоннадан астам майлы дақылдар шығаруға қорымыз барын және ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыруға Қазақстанның әлеуеті мол екенін айтты. Каспий маңы азық-түлік хабын құру мәселесі де ұсынылды.
Тоқаев Каспий теңізінің экожүйесін сақтау ықпалдастықтың басты бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Президент ұзындығы жөнінен Еуропада үшінші орында тұрған Жайық өзенінің жағдайын тағы көтерді. Өзен суы деңгейінің күрт төмендеуі, биоресурстардың азаюы және жағалаудағы өсімдіктердің деградацияға ұшырауы, сондай-ақ антропогендік ортаның ластануы байқалып отырғанын айтты. Жайықты құтқару мен Каспий итбалығын сақтап қалу мәселесі де нақты ортаға салынды. Жайық суының азаюы Ресейдің келісімшарттарды орындамауынан болып отыр.
Қазақстан басшылығы осындай ұсыныстар жасаған сәтте, Ресей басшысы Путин әдеттегідей Каспий маңы елдерінің саммиті алаңын өзінің геосаяси қақтығысына қолдануға тырысты. Ол саммиттен кейін тілшілердің сұрағына жауап беру барысында бірнеше өткір мәлімдемедер жасады. Мысалы "Финляндия мен Швецияға НАТО күштері орналастырылса, онда біз қарсы жауап береміз". "Украинадағы арнайы операция сәтті әрі жоспарға сай өтуде", "Біздің мақсатымыз Донбассты толық азат етіп, Ресейге қауіпсіздік кепілдігін алу" дегенді айтты.
Алтыншы саммит 17 негізгі пунктен тұратын коммюнике қабылдаумен аяқталды.
Abai.kz