Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Айқай 3924 12 пікір 30 Маусым, 2022 сағат 15:56

Путин мүйіз сұрап, құлағынан айырылды...

Ресейдің Украинаға соғыс ашуының бір себебі – Киевтің НАТО-ға кіру талпынысы болатын. Ресми Мәскеу солай дейді. Яғни, Ресей өз шекарасында НАТО әскерінің саны мен әлеуеті артқанын қаламайтынын айтып, өзінің тілі, ділі һәм діні ұқсас көршісіне соғыс ашты.

Киев қазіргі уақытта НАТО блогына қосылуға ұмтылмайтынын айтты. Себебі Украина НАТО-ға кіру талаптарына сай келмейтіні айтылды. Басты талап НАТО-ға кіруші мемлекеттің аумақтық мәселесі болмауы керек, ал Украинада Донбасс пен Ресей басып алған Қырым мәселесі бар. Бұл әскери альянсқа Киевті кіргізуі мүмкіндігінен айырды.

2021 жылдың желтоқсанында Ресей билігі АҚШ пен НАТО-ға қатаң талаптар қойып, ультиматум жариялады. Ол бойынша Кремль былай деді: «НАТО шығысқа жылжуын тоқтатуы тиіс. НАТО өз қатарына посткеңестік елдерді қабылдамасын және 1997 жылғы позициясына дейін шегінсін. АҚШ пен Ресей өзге ел аумағына ядролық қару орналастырудан бас тартып, қазір бар ядролық қаруларын кері қайтарсын».

Әрине АҚШ пен НАТО бұл талаптарға күле қарады. Себебі бұл өзге елдер мен блоктардың құқығына қол сұғу болатын.

Ресей әскері 24 ақпанда Украинаға басып кіріп, өз ультиматумының шынайы екенін көрсетуге тырысты. Алайда бұл әрекеті арқылы Кремль НАТОға мүше емес өзге елдерді әскери блокқа кіруге итермеледі. Мысалы еш әскери блокқа мүше болмаған Швеция НАТО-ға қосылатынын мәлімдеді, артынша Финляндия да альянсқа қосылу туралы жоспары барын айтты. Екі елдің НАТО-ға қосылуына Ресей күңкілдеп, Түркия қарсылық танытты. Түркия Швеция мен Финляндия лаңкестік ұйымдарды қолдаушы деп айыптады және НАТО-ға кіруіне қарсылық білдірді.

НАТО-ның Мадрид қаласындағы тарихи саммитінде Түркия, Швеция және Финляндия өзара келісім жасай алды. Швеция мен Финляндия Түркияның мемлекеттік және ұлттық мүдделеріне қайшы келетін лаңкестік топтар мен ұйымдарды қолдамайды және ол үшін үш ел арасында өзара комиссия құрылады. Ал Түркия НАТО-ға екі елдің кіруіне қарсы болмайды. Осылайша шведтер мен финдерге НАТО-ға кіруге есік ашылды. Ал бүгін НАТО-ға екі ел қабылдануы бойынша шешім шығарылып, онда уақыты мен талаптары айтылуы тиіс. Ресей билігі Украинаны НАТО-ға кіргізуден бас тартқызамын деп, ақыры өзге қуатты екі елді альянсқа итермеледі. Ресей мен Финляндияның арасындағы шекараның ұзындығы 1200 шақырым. Бұл дегеніміз НАТО-ның Ресеймен тағы 1200 шақырым шекарасы болады деген сөз.

НАТО саммитінде Зеленский де онлайн сөз сөйледі. Ал альянс мүшелері соғыс тек әскери жолмен шешілуі тиіс екенін айтып, көмекті тоқтаусыз беретінін жариялады. НАТО басшысы Столтенберг: «Путин НАТО-ны шығыс Еуропадан қуып шыққысы келді. Ендеше біздің жауап былай болмақ: Ресей шекарасында НАТО саны артады».

Осылайша Путин мүйіз сұрап, құлақтан айырылды деуге толық негіз бар.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963