Мұнайдар Балмолда. Ана тіліміздегі арам шөп...
Қазақ: «Сөз сөзден шығады, сөйлемесе қайдан шығады» дегенде өзінен кейінгі болашақта мағынасы ақылға қонбайтын, естігенде құлаққа түрпідей тиер сөздердің де шығатынын білді ме екен? Иә, «Алаш алаш болғалы, алаш атқа мінгелі» қазақтың тілі сан ғасырды өткерді, уақыт тезіне түсті, көресінді көрді. Ана тіліміздің атынан мұң шаққан алаш қайраткері Міржақып Дулатша айтсақ: «Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім. Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым. Мен не көрмедім? Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мен мүлде жоқ қылғысы келгенде де болды» дегенді де басынан кешкен қазақ тілі бүгінге діңкелесе де өлдім-талдым деп аман-есен жетті. Азат елдің мемлекеттік тілімін деп Ата Заң арқылы төл тұғырына қонды. Дұрысы, шетіне жайғасты. Бірақ тіліміздің тазалығы сын көтермейтіндей ахуалда. Бұған жаһандану үрдісінің тигізіп жатқан ықпалы орасан екенін көріп-білсек те, оған қарсы қорғаныс қам-қарекетіміз онша емес екен. Себебі, көп қазақ өз тілінің қадір-қасиетін бағаламай, оның алдындағы өзінің ұлт баласы ретінде жауапкершілігін терең түсінбей, қызмет орнында, қоғамдық жерлерде және үйі мен той-жиындарда, бір сөзбен қайырғанда кез-келген жерде ана тілін «қорлап» жүр демеске лажың тағы жоқ. Ең өкініштісі де сорақысы да сол, осы лектің алдыңғы шебінде жүргендер нан тауып отырған қызметі тілмен байланысты білдей-білдей мамандық иелері. Оған кімдер жатады? Жалпы алғанда жұрттың барлығы жатады, бірақ осы барлықтың ішінде бөліп қарайтынымыз: балабақша тәрбиешілері, бастауыш сынып мұғалімдері, жалпы ұстаздар қауымы және бұқаралық ақпарат құралдарына қатысы барлар дегенді алға тартамыз. Соның ішінде газет-журналда істейтіндер және телерадио тілшілері, дикторлар, әр түрлі бағдарлама жүргізушілері деп арнайы тоқталуға тура келеді. Түрі келсе болды, тілін бірдеңе етерміз деген көзқараспен небір жазылғанды оқып бергіштерді экраннан түсірмейміз.
Бұрын қазақ қалай сөйлеген? Таза сөйлеген. Тілді шұбарламаған. Сөздік қорға енген жаңа сөздердің өзін ұлтымыздың діліне тән електен өткізіп, сұрыптап қолданған. Кірме сөздерге қазақы пішін беріп, оны әбден өзінікі қылып алған. Сондықтан да әлі күнге шейін «жәшік», «пошта», «пойыз» деп келетін кірме сөздерді жатсынбай қолданамыз, себебі бұл арада үндестік заңы сақталған, әрі қазақ өзінде болмаған жаңа заман жаңалығын сол қалпында қабылдап, оны «өзінікі» етіп алған. Сосын Аманкелді, Ботакөз деп келетін адам есімдері мен өзге де сөздерді жұмсартып: Амангелді, Ботагөз дейтұғын еді, қазір бұнымен де қол бұлғастық. Түйеден түскендей дүңк еткізіп: «Аманкелді» деп айтып саламыз. Тіл қатайып кетті. Әлгіндей үндестік заңы әдірәм қалған соң әндеріміз де құлақты «кесіп» жатыр. Бұған ғаламтор, қалта телефонның да тигізіп жатқан кесірі мол. Заманның жаңа құралын пайдалан, ешкімнен кем қалма, бірақ оның жолында өз тіліңді қор қылма, бойына лас жұқтырма дейтін ұстаным болмайынша тіліміз төпеген таяқтың астында қала беретін түрі бар. Міржақып көкем «Тілдің мұңын» шақса, біз зарын, жанайқайын айта алмай, дүрмек іші көшіп барамыз. Тілдің қағаздағы мәртебесіне, барына разымыз... Оның іші қоқысқа, ысқа, запыранға толғанын жоғары мінбеден айтатын ауыз кем. «Несін айта бересіңдер? Құрыған жоқ бар, дамып жатыр...» десе, аузын буған өгіздей бұға қаламыз. Иә, айту аз, жасау керек. Тіліміздің тазалық ортасын жасауымыз қажет. Ол үшін тек қазақ пен қазақтың қазақша сөйлесіп қойғаны аз, тегі қазақты қазақша ойлауға тәрбиелеу де мұрат болғай, өзге ұлыс баласын қазақша ойлауға көндіру қиянат, өнбейтін, керексіз іс, (патша және кеңес үкіметі бізді орыс қылғысы келді, одан түк шықпасын білгесін түрлі қырып-жою амалдарын істеп бақты, ағылшындар Үндістан, Америка жеріне тап сол саясатты жүргізді) бірақ олар қазақы ортаның әсеріне ұшырайды, өз-өзін сақтай отырып, көшке ақыл-парасатпен ілеседі. Ата Заң талабы сонда жүзеге асады. Қазақстандық патриот екенін олар осынысымен дәлелдейді. Себебі, ел де жер де - қазақтікі, демек тілдік орта, оның экологиясы шаңыраққа қарай құрылуы ешкімнің таласын туғызбайтын асыл мүдде, елдік қажеттілік. Біз кім-кімге де осыны ұғындыра алсақ, әрі осы мақсатқа жұмыла жұмыс істесек, нәтиженің ауылы алыс болмас.
«Жиналыс өтті» деудің орнына «оздырылды» дегенді шығарып алыппыз? «Өтті, болды» дегеннен жалығып, не ол аздық еткендіктен оған балама іздеп, өзімізше дұрыс деп тапқан сөзіміздің түрі ғой. Қазақ әдетте «озды» сөзін «дүниеден озды», «бәйгеден озды» дегенге екі түрлі мағынаға сайып, қолданатын еді, мұны біз кез-келген жиынға қатысты пайдаланатын болдық. Енді мұның қателігін айтып, қанша жерден дәлел келтірсең де көш ұзап кеткендей, бірақ «үмітсіз шайтан» дейсің де күресесің. Сол сияқты «күтілуде» сөзі де тілшілердің «сүйікті сөзі» болған. Алда болатын бір жаңалықтың жай-жапсарын хабарлай келіп, «болады деп күтілуде» дей салады. Өмірде, тұрмыста олай сөйлеп, жазбаймыз ғой, сонда бұл қайдан шыққан сөз? Орысшаның шалығы. Бас-көзге қарамай орыс сөзіне еліктеудің залалы. Тілдік қолданысқа мықтап беркіп алған: «озыдырылды» «күтілуде» сияқты сөздер тіл бақшасына түскен арам шөп дерсің, бұндай арам шөптер сөзді біліп сөйлейтін мамандар келмейінше, қаулап өсе береді. «Барлығыңыз» деудің орнына «барлықтарыңыз», екеуіңіздің орнына «екеулеріңіз» деп өзі де көпше түрдегі сөзді одан сайын былықтыру да ауыздан ауызға жұққан ауру болды.
Сосын тіліміздің тазалығына нұқсан келтіріп жатқан және бір сөз бар, ол - «туылған» деген сөз. Осы ғасырға шейінгі ұлтымыздың бүкіл әдеби оқулықтарында бір адамның дүниеге келгенін көрсетерде «туған» сөзін пайдаланып келдік. Соңғы уақытта жаппай «туылып» жатырмыз. Әдетте: «Ілияс Есенберлин 1915 жылы Ақмола облысындағы Атбасар қаласында туған» деп жазу дұрыс. Бірақ осы дұрыстық бұзылды. Неге? Бүгінде жастар жағы, оған ілесіп үлкендер де «мен пәленше жылы туылдым» деуге көшті? Олардың ойынша бұрынғы «тудым» сөзі «ұят» көрінеді, әлгілердің түсінігі «Мен емес туған, туған анам ғой, мен содан туылдым» дегенге саяды. Құдай-ау, бұндай да түсінік болады екен-ау? «Мен мындай жылы тудым» дегенде, «Ә, сіз тудыңыз ба?» деп қисық сөйлеп, қыңырайып, қарсы сұрақ қойған бірде-бір кісіні көргеніміз жоқ. Қазақтың барлығы да бұлай сөйлеуді дұрыс деп білген. Одан ешқандай сөкеттік көрмеген. Ата-әжелеріміз: «Мен тауық жылы туыппын, сол жылы...» деп әңгіме шертіп отыратын еді. Махамбет батырдың: «Атадан туған аруақты ер, жауды көрсе, жапырар», немесе «Туған ұлдан не пайда, - қолына найза алмаса, атаның жолын қумаса?» деп келетін жыр жолдарын қайда қоясың? «Ұл атадан емес, ол атаның зайыбынан туған» деп күлкілі жағдайға ұшыраймыз ба? Ал туған жер, туған ел, туған күн деген түсінікті қайтеміз, «туылған ел», «туылған жер» деп оларды да түзеуге кірісеміз бе?
Баланың туу туралы куәлігінде «туған» деп жазылған. Ол да бара-бара өзгеріске түспесіне кім кепіл? Міне, дұрыс жазбаудың, дұрыс сөйлемеудің арты бізді қайда алып бара жатқанын қараңызшы.
Бұл орайда тіл ғылымының білгірі Рабиға Сыздықова кезіндегі «Алтын Орда» тілшісіне берген бір сұқбатында дәйекті түсінік беріпті.
«Бір сөзде бірнеше мағына болады. Туу сөзінің негізгі мағынасы «пайда болу, дүниеге келу» деген сөз. Демек, баланың пайда болғанын туды дейді. Ай аспанда бірінші көрінгенде ай туды дейді. Болмаса көктем туды дейді. Қыс туды деп, болмаса жаз туды, күз туды деп айтпайды. Себебі, қыс келді, жаз шықты, күз болды дейді. Көрдің бе, қазақ қазақ қалай айтқан?! Ал, туды сөзі тек дүниенің жаңа басталуына ғана қолданған болып шығады. Шындығында да, көктемде дүниенің бәрі жаңа басталады емес пе? Бүгінде көп газеттерде туды демей «пәленше пәлен жылы дүниеге келген» деп жазып жүр. Кейде туылған деп жазып жүр. Туған сөзі - « дүниеге келді» дегеннің бір сыңары. Туды деп балаға ғана айтылуы керек. Мәселен, өзімді Ақтөбеде туылдым демеймін, тудым немесе туып-өстім деймін. Қысқасы, адамның дүниеге келуін туылды деп айтпай, туды деген тұлғаны әдеби норма деп тану керек.»
Тілдік, әдеби нормада «туды» сөзін қолдануымыз дұрыс екен. Ендеше неге солай айтып-жазбасқа? Құдайға шүкір, баспалардан шығатын әдебиеттерде әу бастан дұрыстық бар. Мәселен, «Ата мұра» баспасын алайық. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» кітабының мұқабасына: «Ғабит Мүсірепов - жазушы, көсемсөзші, драматург. 1902 жылы туған» деп жазған. Әрі-беріден соң осы қалыпта бұзылар ма деп қауіптенесің.
Рабиға Сыздықова: «Жазу жұмысының мәдениетін әлі де болса қалыптастыра алмай келеміз. Мәселен, мақала сайын жазатыным - шекара, көкөніс сөздерінің ауызекі дұрыс айтылуына мән беру керектігі. Бірақ, жазылуы қалай болса, кей теле-радиожурналистеріміз тап сол күйінде көкөніс, шекара деп айтып жатады. Ауызекі көгөніс, шегара деп айтылуы шарт. Эфирде сөйлейтін журналистер көпшілікті сөйлеу мәнеріне дайындайтын ұстаз сияқты болуы керек қой. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілге әсер ететіні соншалық, біздің тіл мамандары дайындаған оқулықтарымыздан да, көркем әдебиетімізден де асып түседі» деуі біздің ілкі және кейінгі ойларымыздың сырын ашып, толықтыра түседі. Сосын айтылып-жазылып жүргендей аударма мәселесінде сөздерді қазақыландырамыз деп Міржақыптар заманындағыдай кепті киюдің жөні жоқ, алаш айбозы оны да ескертіп кеткен. Заман екпінімен еніп жатқан жаңа сөздерді шетінен ұстап алып, аударудың арты көбіне опындырып жатады. Компьютерді сол күйі қалдырдық, ал оның қолға ұстар тетігін орысшадан тіп-тіке аударып «тышқан» деп жүр. Ал осы дұрыс па, күлкің келеді. Бәлкім «қаламтас» дерміз? Қаламсапты бәрі біледі, сол сияқты жазу-сызудың бір тетігі екенін ескеріп, оны «қаламтас» десек қалай болады? Орыстар түріне қарап, «мышка» дей берсін, біз оның түріне емес, атқаратын қызметіне мән берелік. Қаламды саусақпен қысып ұстайсың, оған қаламсап атауы жараса кеткен, ал қаламтас десек, бұл тетікті тұтас алақаныңмен ұстайсың, тас кесек сияқты алақаныңа қона кетеді.
Жалпы Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай өзгенің сөзін аударуға емес, не нәрсенің де қазақы атауын білуге ұмтылсақ қәне? Бірақ заман талабы дүниеде бар және жаңадан шығып жатқан заттардың бәріне бірдей ат ойлап табудың орынсыз екенін алға тартады. Сондықтан үндестік заңына сүйеніп, халықаралық қолданыстағы жаңа сөздерді өзіміздің тілдік нормаға бейімдеп алғаннан басқа жол жоқ-ау осы. Ахмет аталарымыз салған жолдың бірі осы. Онымен жүрсек адаспаспыз. Тұма бастауымыздан алшақтамаспыз деп ойлаймыз.
Тілді таза күйінде сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аманаттай алсақ, болашаққа кім екеніміз, кім болғанымыз бұлжымай әділ жетеді. Бөгденің тілімен, не өзгелердің ықпалына ұшыраған шұбарала тілмен жүре беретін болсақ, ендігі елу жылда қазақ болып туғанына мақтанатындар емес, кімнен болса да бәрібір, әйтеуір «біреуден біреу болып туылғанын» мақтан қылатындар өмір сахнасын билейтін болады да ықылымнан келе жатқан тарихымыз, салт-сана, дәстүр-шежіреміздің күні бір уыс болады. Сақтансақ, осыдан сақтанайық. Тіл тазалығы табиғат тазалығы сияқты күн сайын, дем сайын қорғауды қажет етеді. Тілімізді шырмап алған арам шөптен арылмасақ, қарға адым басу мұң...
Орал қаласы.
«Abai.kz»