Жанұзақ Әкім: Трайбализм ру сұраудан басталады!
«Қазақтың дүниетанымдық, саналық деңгейінде атаға, руға, тайпаға, жүзге яғни текке бөлу тұрмыстық деңгейден бастап биліктің ең жоғары сатысына дейін кеңінен тараған. Елден бірлік-береке кетіріп алған хандардың өзі трайбализмнің сынына шыдай алмай, қазақты анаған да, мынаған да бодан қылып жіберді”. Бұл пікірді белгілі қоғам қайраткері, ғалым Жанұзақ Әкім айтты, бізге.
Оның айтуынша, қазақтың басқа ұлттардан бірнеше ерекшеліктері бар. Оның біріншісі - күй өнері, айтыс өнері. Келесі - ру-тайпаға бөліну.
«Қазіргі кезде ру-тайпа дегендер Африка, Океания және кейбір мұсылман қауымы сияқты толыққанды мемлекет құрылмай, тобырлық деңгейде қалған қоғамдарда кеңінен сақталған. Трайбализмнің Африкада кең өріс алуы, олар 1960 жылдары азаттық алғаннан кейін жарты ғасырдан астам уақыт ру-тайпалар мемлекеттің ішінде билікке таласып, қанды соғыстар бітпей келе жатыр», - дейді Жанұзақ Әкім.
Оның сараптауынша, Қазақстанда тап сондай қанды соғыстар болмағанымен қазақтың дүниетанымдық саналық деңгейінде руға, тайпаға, атаға, жүзге бөлу әлі де кеңінен тараған.
Оның басты себебі көшпенді түркі тайпаларының әлем өркениетінің көшіне ілесе алмай кенже қалуында. Б.д.д. VIII-III ғғ. «белдеулік уақыт» («осевое время») кезінде (К.Ясперс т.б.) Ертедегі Грекияда философия мен ғылым, Қытайда Даоның философиясы мен Конфуцийдың мемлекеттің моральдық нормалары, Үндістанда буддизм мен философияның салалары дамып жатқан кезде Ұлы даладағы көшпенді көне түркі, - скиф-сақтар бұрынғы аңыз-мифтік санада қалып қойды. Бүгінгі Қазақстандағы жоғарғы марапаттар, - «барыс», «айбын», «қыран» ордендері т.б. болып қалуы мен қазақ арасында трайбализмнің кеңінен тарауы заманауи ғылым, философия, әлемдік діннің өркениеттілік салаларының орнына ХХғ. 30 жылдарына дейін көшпенді болған қазақта көне дәуірдегі аңыз-мифтік сананың басымдығынан.
«Трайбализм, бізге белгілі тарихта 2200 жылдан бері түркі халықтарын бөліп, оның ыдырауына алып келе жатқан теріс дәстүр. «Түркі және қазақтың руға бөлінуінің тарихын екіге бөлуге болады. Біріншісі - Түркілердің трайбализмі, екіншісі - Қазақ хандығы қалыптасқаннан кейінгі олардың ішінде жалғасып келе жатқан трайбализм. Б.д.д. VI-II ғасырларда «Ұлы иозылар» оларды тарихта «Ақ ғұн», кедариттер, эфталиттер дейді. Қытай оларды «Ұлы иозылар» деп мойындап, 400 жыл бойы салық төлеп, оларға жартылай бодан болған. Б.д.д. II ғасырда Қытайдың батыс жағында орналасқан «Ұлы иозыларды» ғұндарға айдап салады. Содан 17 жылға созылған соғыс нәтижесінде «Ұлы иозылар» жеңіліп, екі жақтағы қыспақтан кейін Орта Азияға көшіп кетеді»,- дейді қоғам қайраткері.
Жанұзақ Әкімнің айтуынша, сол ғұндар Қытайдың одағы болып, ұлы йозыларды жеңгеннен кейін Қытай ендігі кезекте үйсіндерді ғұндарға қарсы айдап салады.
«Үйсіндерге құда болып, қыздарын береді... Олардан соғысқа жылқыларын алып... Ақыры ғұндарға айдап салады. Сөйтіп ғұндарды жеңеді. Осылайша, Қытай, бірлігі жоқ түркілерді тас-талқан қылып отырған.
Содан кейін 552 жылы құрылған Түрк қағанаты, Шығыс Түрк қағанаты және Батыс Түрк қағанаты болып екіге бөлінді. Сол кезде оны екіге бөлген де осы қытайлар. Ру басшыларын бір-біріне айдап салып, ақыры Шығыс Түрік қағанаты Қытайға отар болды. Отар болып кіргеннен кейін қағандары Қытайдың шенеуніктері болып, ұрпақтарының бәрі Қытайға 100 жыл бойы қызмет етеді. Шығыс Түрк қағанатының бұрынғы ұрпақтарын түгел жинап алады да, олардың Қытайға қосылғанына 100 жыл толуын атап өтеді. Оған дейін кешегі Шығыс Түрік қағанаты тілінен де, ұлттық киім-дәстүрінен де айырылады. Киетін киімдеріне дейін дәстүрінің бәрі Қытай болып кетеді. Бірақ қытайлар бұған қарамай, барлығын жинап алып, қылышпен шауып өлтіреді де, денелерінің қалдықтарын Хуанхэ өзеніне ағызады яғни олардың жер бетінде болғаны туралы мола, не басқа ешқандай із қалдырмайды. Міне, баста бірлік болмағаннан кесірі», - дейді Жанұзақ әкім.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, «одан кейін Түрк қағанатын ұйғырлар жаулап алып Ұйғыр қағанатын құрады. Оны қырғыздар жаулап алып Қырғыз қағанатын құрады. Оны қарлұқтар жаулап Қарлұқ қағанатын құрады. Олардың барлығы түбі бір түркінің тайпалары. Қарлұқтар, ол бүгінгі арғындар. Сөйтіп баяғы ұлы Түрк қағанаты ыдырап, тас талқаны шығады. Оның барлығы бірліктің жоқтығы, мемлекеттік сананың қалыптаспауынан болды. Оларға түркі мүддесі мен мемлекеттік бірлігінен гөрі әрқашан да рулық, тайпалық бөлінуі артық тұрады... Қазір Қытай үлкен мемлекет болды. Ал, ғұндардан қорғану үшін б.д.д. 100 жыл бұрын салынған Қытай қорғаны, оның сол кездегі шекарасы еді. Одан бері Қытай жерін ғұндардың есебінен екі есе үлкейтті. Ал түркілер сонша жерден баста бірліктің жоқтығынан айырылды», - деп күйінді Жанұзақ Әкім.
Б.д. XIII-XVғғ. Еуразиядағы түркінің үш ұлы мемлекетінің (Алтын Орда, Осман империясы және Мауранахр) өзара соғысып әлсіреуінің себебі де, оларда бірліктің болмауынан еді. Ақсақ Темір алдымен, Еуропаға жорыққа дайын тұрған Османның әскерін жеңіп, қолбасшысы Баязит тұтқындаса, соңынан Тоқтамыспен соғысып Алтын Орданы күйретті. Оның орнына пайда болған орыс Патшалығы, үш жылда ноғай халқын (түркінің тұқымы Суворов) қиратып, 80 жылда Қиыр Шығысқа дейін отарлады (Тойнби).
Түркі бірлігі, қаруы мен мемлекеттілігінің күйреуі әлі жалғасуда. Бүгінгі түркінің 48 халқының қырқы орыс, қытайдың... боданы болып қалуда.
Біз осы уақытқа дейін түркілердің арасындағы трайбализмге қысқаша ғана тоқталдық. Келесі кезең - ол қазақтың трайбализмі...
«Қазақтың ру-тайпаға бөліну 1465 жылы Қазақ хандығын Керей және Жәнібек сұлтандар құрамыз деп жатқан кезде айқын көрінді. Қарақыпшақ Қобыланды Арғынның бас биінің баласын өлтіреді. Ондағы мақсат қазақтың халық болып бірігуіне... хандық құруына оның белді руларын соғыстырып, бастарының қосылуына кедергі жасау. Арғынның биі баласының өліміне қатысты мынадай жоқтау айтты:
«Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың,
Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным...».
Бірақ, оған қарамай екі сұлтан Қазақ хандығын құрды.
«Тәуке хан 1717 жылға дейін ширек ғасыр қазақтың ортақ ханы болды. Қазақ хандығы 250 жылдан астам уақытқа жалғасып, оның 200 жылы жоңғарлармен соғысып өтті. Енді бұл жерде назар аударатын жәйт, Тәуке хан қартайғанда үш жүздің биі «Тәуке қартайды, билікке қауқары жоқ» деп билікті өз қолдарына алады. Бұл жерде бізде мақсат ол билерді төмендетіп, хандарды көтеру немесе бір-біріне айдап салу емес. Ең қымбат нәрсе - қазақтың ұлттық бірлігі, мемлекеттілігі яғни хандықты сақтап қалуы болды. Тәукенің кезінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман яғни бейбіт өмір содан кейін бұзылды.
1723 жылы Ақтабан шұбырынды басталды. Қаратаудан кірген жоңғарлардың әскері Қазақстанды жарып өтіп Еділден бір шықты. Себебі билердің артынан батырлар ермейді, олар әскерді басқарып, соғысты ұйымдастыра алмайды. Қазақтың басы бірікпейді. «Күлтөбенің басындағы күнде жиыннан нәтиже жоқ». Бұл жерде билердің қазақты үш жүзге бөліп алғаннан бірлігінің кеткені «Ақтабан шұбырындының» себебі болды. Тәуке ханның бас әскербасшысы болған Қожаберген жыраудың «Елім-айында» қазақтың жартысына жуығы қырылғанын жазады. Қалмақта зеңбірік бар, біздің олармен соғысатын жағдайымыз болмады» дейді жырау.
«1728 жылы хан Әбілқайыр Жайықтың бойынан қазақтың 50 мыңдай әскермен (оның жартысы сүзектен жолда өледі) Аңырақайға келеді (Ш.Есенберлин. Көшпенділер). Орта жүздің ханы Сәмеке уәделескен уақытта келмейді. Ұлы жүзде хан жоқ. Ол аймақ түгелдей қалмақтардың боданы болып отырады. Сәмекені бес күн күткеннен кейін Әбілқайыр әскер саны үш есе көп қалмақпен соғысты өзі бастайды. Түске таман қалмақтар бұларды қоршай бастайды. Сол кезде Көкшетау жақтан шыққан батыр 5 мыңдай сарбазмен келіп «Ақжол» деп ұрандатып соғысқа кіріседі. Қалмақтар, бұлар біздің артымыздан қақпан қойған екен деп қашады. Сөйтіп Әбілқайыр бастаған қазақ әскері атақты Аңырақай шайқасында бірінші рет үлкен жеңіске қол жеткізеді.
1731 жылы Бұланты шайқасына қазақтар ес жиып, Бас қолбасшы Әбілқайыр, оң қолын Бөгенбай батыр, сол қолын Қабанбай батыр бастап шайқасқа келеді. Ол шайқасқа Тәукенің баласы Болат, Төле би... барлық қазақ жиналады. Сол шайқаста қалмақтарды тас талқан етіп жеңеді.
Бұл жерден алатын ащы сабақ мынандай...
«Төле би Райымбек бастаған батырларға қалмақпен соғысуға Бұлантыдан кейін лұқсат береді. Неге? Ол би болумен қатар, Ташкендегі қалмақтың уәкілі болды. Тоқалы қалмақ.
Сәмекенің де тоқалы қалмақ. Оның Аңырақай шайқасына әскер жібермей отырғанының себебі сол болуы керек. Басқа себеп жоқ. Қазақты біріктіретін кезде хандар мен билердің бірікпей жан-жаққа тартуының негізгі себебі «тоқалда болу керек».
Одан кейін Ресей бізді ыдыратуда жойқын саясат жүргізді. Әбілқайырды пайдаланып Кіші жүздің руларын орысқа бодандыққа қосуға қол қойдырды. Содан кейін бағынбаған ханды Барақ сұлтанға өлтіртеді.
Бір-біріне айдап салу арқылы орыс патшалығының саясаты жүзеге асады. Қазақтың осал жерін біледі, соңынан Абылай да бүкіл қазақтың үш жүзін орыстың бодандығына кіргізуге, одан кейін Қытайдың бодандығына қол қойылды. Бұл жерде айтайын дегенім: мына елден бірлік-береке кеткеннен кейін ұлы жеңістер әкелген ұлы хандардың өзі саясаттың сынына шыдай алған жоқ. Қазақты анаған да, мынаған да бодан қылып қол қойып жіберді. Қазіргі Қытайдың Қазақстанның шығыс өңірін меншіктейтіні осыдан. Қазаққа қай уақытта да Ел, Жер, Тіл бәселелерін билікке сенуге болмайды. 2016 жылы да Назарбаев «Қытайға 1,7 млн гектар жер береміз» даурыққанда ұлтшылдар азар деп тоқтатқан», - дейді Жанұзақ Әкім.
Қазақ, бүгінгі түркі халықтарының (акад. О.Сәбденнің дерегі бойынша 220 млн) орташа 6,8% құрайды. Қазақ құрамындағы 46 ру-тайпаның барлығы басқа түркі т.б. халықтарда кездеседі. Мысалы, қыпшақтар түркілермен қатар орыс, венгр, Сирияда, балтық жағалауы елдерінде тараған. Қоңыраттың 33 атасының үшеуі қазақтың құрамында, қалғаны Өзбекстанда. Найман да қазақтан гөрі өзбекте көп. Қияттар қазақтан гөрі моңғолда көп. Башқұрттың жартысына жуығы тамалар. Тана мен лақтар Конго елінде бар (Тур Хейердал). Байкал маңынан 5-6 мың жыл бұрын кеткен АҚШ-тың Айова штатындағы адайлар сайт ашып басқа елдердегі туыстарын іздеуде...
«Сондықтан, қазақтың «мен бәленше руданмын» дегені - ол «мен қазақпын» деген емес. Себебі ол рулардың 90% астамы түркінің басқа халықтарын құрайды. «Қазақ» деген ұғым «француз» деген сияқты халық, ұлт, мемлекетті білдіретін және тек қазақ немесе түркі халықтарымен қатар елдегі барлық диаспораларды бір мемлекеттік идеяның аясында біріктіретін ұғым. Бұл жерде «Ру» - ол елдің бірлігін бұзатын деструктивті, «Қазақ» елді біріктіретін өзара антогонистік ұғымдар. Тәуелсіз Қазақстанда бір идея (идеология), бір мемлекеттік ұғым, бір мақсат, бір мұрат болып, ол оған жету үшін бір жолмен жүргенде ғана мәңгі ел құра алады?!
Жалпы көрінгеннен ру сұрау яғни адамды тегіне бөлу- ол ұлтты бөліп, елдің берекесін қашыратын, канибализмдер кезінен қалған жабайының тірлігі. Ертеде руы басқаларды кейбір тайпалар жейтін болса, бүгін қазақтар өздерінің арасына жік салуға пайдаланады. Ал, фашистер адамды текке бөлуді яғни өздерін «қандары көк-асыл, ал басқа халықтар олардың құлдары болу керек» деп негіздейтін «евгеника» деген ғылым ойлап тапты. Бүгінгі «нацификация» деген де соның бір түрі. Біздегі ру сұрағыштар, қазақты өмірбаяны мен географиясына бөлетіндер сол арамызда жүрген «фашистердің» қалдықтары.
1970 жылдардан бастап Ж.Өмірбековтың ректор кезінде «ҚазМУ-дың әділет, тарих т.б. факультеттеріне қабылдауға кіші жүз жастарына 3%, орта жүзге 7%, қалғаны ұлы жүзге... квота бөлген» деп Известия газеті (ақпан, 1987) жазды.
Ал, белгілі ру-тайпа мен отбасына сүйенген диктаторлық билік елді аздырып, ұлтжандыларды түрмеге қамап, ұлтты тоздырудан аса алмады. Мысалы, Ұзынағашта зиратқа жерленген қандастарымыздың бейітін қазып алып, моланың сыртына күштеп жерлеуі,-ол сол жердегі қаны қазақтардың «бұл дүниеде де, «О дүниеде де» бастары қосылмайтынын көрсетеді.
«Ру сұрау, жеті атаны білу үшін керек» дейтіндер - ол диуананың сандырағы. Ол, «жеті атаны білу, қан таза болу үшін керек» дейтіндер өмірінде үш-төрт рет қана құда түсерде сұрайды. Ал, біздің трайболистер кездескен мыңдаған адамнан руын сұрап, оларды тектеріне бөледі. Олар жұқпалы ауыру таратып жүрген ковидтің вирусының бір түрі болғандықтан, есі дұрыс адамдар олардан аулақ жүргені жөн. Африкадағы әйелдердің үштен бірі спидпен ауыса, қазақтың жартысынан астамының санасы трайболизммен уланған және ол кемшін отбасыларда ұрпаққа тарайтынымен қауіпті.
Қазаққа, жоғарыдағы дерттен арылып төрт құбыласытең ұлт, өркениетті мемлекет құру үшін Тәуелсіз Қазақстанның заманауи ғылым, инновация, философия, мораль, өнер, ұлттық дәстүр... мәдениет яғни өркениетке негізделген мемлекеттік идеология қабылдап, іске асыру қажет (Ж.Әкім. Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы», - дейді Жанұзақ Әкім.
Abai.kz