Жалақы бойынша берешек 642 млн теңгеден асқан...
Биылғы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республикадағы 140 кәсіпорында 1,1 мыңнан астам жұмыскер алдында 642 млн теңгеден асатын жалақы берешегін анықтады.
Сонымен қатар жүргізілген тексерулер барысында түрлі ұйымдарда еңбек құқықтарының 2 мыңнан астам сақталмауы тіркелді.
"Жалақы бойынша берешек пен еңбек құқықтарының бұзушылықтары анықталған кәсіпорын басшыларына орындауға міндетті 1 110 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 136,5 млн теңгеден асатын айыппұл салынды", – делінген хабарламада.
Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы берешегін өтеудің нақты мерзімдері мен қатаң кестесін белгілеудің нәтижесінде 7 мың жұмыскердің құқығы қорғалып, оларға 463,3 млн теңге төленді.
Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауда ұстап отыр.
2026 жылғы 1 сәуірдегі деректерге сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторлары 1 723 тексеру жүргізіп, оның барысында 2 065 құқықбұзушылық анықтады.
Оның ішінде: еңбек қатынастары саласында – 1 735, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 305, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша – 25.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 17,5 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.
Abai.kz