Қауіпті тенденция...
Шамамен әрбір үшінші отбасы ажырасатын болар деп болжаушы едім, солай екен. Қауіпті тенденция.
Қазақтың отбасы институтының алтын дәуірі келмеске кетіп бара жатыр ма деймін. Неліктен мұндай жағдай қалыптасты деген сауал төңірегінде ұзақ пікірталастыруға болады. Бұған елдегі әлеуметтік ауыр ахуал да әсер етті, тұрмыстық зорлықтың да себебі бар. Жұмыссыздық, тұрақсыздық, шыдамсыздық, бәрі де өз әсерін тигізді. Бірақ, басты себеп пен негізгі кінә біздерде, ата-аналарда жатқандай көрінеді маған.
Жастар бүгінде шыдамсыз, бір-біріне тым талапшыл, өмірдің кішкентай ауыртпалығына морт сынады, бірден шорт кеседі, ажырасуға дайын тұрады дейміз. Ол рас. Дегенмен оларды сондай қылып өсірген кім? Заман сондай дер біреулер. Ал заман деген не? Кімдерден құралады сол айтып отырған заманымыз? Адамдардан (сіз мен бізден) құралады заман деген.
Орыс көп шоғырланған облыстарда ажырасу көрсеткіші 50% дейін жетіпті де, дәстүрлі қазақы аймақтарда аздау (30% төңірегінде) екен. Бірақ, осыдан бір ғасыр бұрын неке бұзу көрсеткіші 0% тең болған қазақ үшін бұл жақсы нышан емес. Осылай әрі қарай кете берсе, орекеңдердің 50% жолда қалатын түрі бар. Бала өсіріп отырған әрқайсымыз үшін ойланатын жағдай.
Неке институты тұрақсыз елде бала аз болады, бала аз елде демография құлдырайды, демографиясы төмен елдің экономикасы да әлсіз болады. Себебі еңбек ететін күш азаяды. Ал экономикасы әлсіз елден береке кетеді. Сөйтіп түбі біреуге жем болады.
Мұхтар Түменбай
Abai.kz