Ұңғысыз атылған оқтұмсық
Алдымыздағы ақпанның 4-інде КСРО әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққанына 25 жыл болады. Ауғанстанға армияны енгізу туралы шешім 1979 жылдың 12 желтоқсанында КОКП ОК Саяси бюросының отырысында қабылданып, аса құпия қаулымен бекітілді. Қызыл Армияның шектеулі контингенті он жыл бойы ауған халқымен бірге соғыс әрекеттерін жүргізді.
Алдымыздағы ақпанның 4-інде КСРО әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққанына 25 жыл болады. Ауғанстанға армияны енгізу туралы шешім 1979 жылдың 12 желтоқсанында КОКП ОК Саяси бюросының отырысында қабылданып, аса құпия қаулымен бекітілді. Қызыл Армияның шектеулі контингенті он жыл бойы ауған халқымен бірге соғыс әрекеттерін жүргізді.
Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын атқарған Қызыл Армия жауынгерлерінен басқа, көптеген қауіпсіздік қызметінің және ішкі істер органдарының қызметкерлері де он жыл бойы қару ұстап, қан кешті. 1999 жылғы дерек бойынша, Ауғанстандағы он жылдың ішінде әскери бөлімдерден - 14 427 адам, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен - 576 сардар, Ішкі істер министрлігінен - 28 адам қаза болған. КСРО-ға қажеті жоқ бұл соғыстың бізге әкелген қасіреті осындай. 1986 жылдың ақпанында болған КОКП XXVII съезінде М.Горбачев әскерді кезең-кезеңге бөліп, ауған жерінен шығару керектігін мәлімдеді. 1989 жылы ақпанның 4 күні КСРО-ның соңғы әскери бөлімі Кабулдан шықты, ал 15 ақпанда 40-Армияның қолбасшысы, генерал Б.Громов Термез қаласында «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шығарылды» деп басшылыққа баяндады. Бірақ бұған дейін де, КСРО әскері ауған жерінен ресми түрде шыққаннан кейін де сыртқы барлау қызметкерлері бұл аймақта астыртын жұмыс істеді. Жалпы, КСРО үшін абыройсыз аяқталған бұл соғыс Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) жекелеген шағын отрядтарының 1979 жылы 27 желтоқсан күні Аминнің сарайына жасаған «Шторм» операциясынан басталды. Олар Компартия орталық комитеті жүктеген тапсырманы бұлжытпай орындады. Ауған жеріне қолына қару ұстап алғаш кірген арнайы дайындықтан өткен КГБ сардарлары екендігі бұрын айтылмайтын, енді-енді ашыла бастады. Өйткені олар орындаған көптеген жауынгерлік операциялар «аса құпия» грифімен әлі де мұрағатта жатыр. 1989-дың ақпанында Ауған жерінен Қызыл Армияның соңғы сарбазына дейін елге қайтарылды деп айтылғанмен, ұрыс даласын тастап шыққандардың ең соңғысы сыртқы барлау сардарлары болды. Ауғанстан соғысына қатысқан қауіпсіздік қызметінің сардарлары бүгінде барлығы дерлік отставкаға шыққан ардагерлер. Солардың бірі - сыртқы барлау қызметінің отставкадағы полковнигі Талғат Әмірғалиев. Сол кезде подполковник шеніндегі Талғат аға 1986 - 1989 жылдары КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ауғанстан Демократиялық Республикасындағы өкілдігінің Фарах және Саманган провинциялары бойынша кеңесшісі, аға кеңесшісі болды. Ол жақтағы байланыстарын кейінгі жылдарға дейін жоғалтпай, үзбей жұмыс істеді. Талғат Әмірғалиұлы осыдан тура 24 жыл бұрын Ауғанстан жерінде әлемдік соғыс тәжірибесінде бірінші рет болған оқиғаны еске алады.
1988 жылдың күзі. Солтүстік Ауғанстан. Кеңес Одағы әскерлерін Ауғанстан жерінен жеделдетіп шығарып жатқан кез. Осы тұста дұшмандар кек алу мақсатында елдеріне бет алған кеңестік әскери бөлімшелерге шабуылдарын жиілетіп, үдете түсті. Бұл кеңес әскерлері үшін өте қиын, қауіп-қатер күшейген кезеңдердің бірі болды. Дәл осы кезде КСРО МҚК Бірінші басқармасының (сыртқы барлау) подполковнигі Талғат Әмірғалиев Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ауғанстандағы өкілдігінің Саманган провинциясындағы (орталығы - Айбак қаласы) жедел топ бастығы қызметін атқарып жүрген.
Қазан айының салқын күндерінің бірінде Талғат Әмірғалиев Дальхаки елді мекеніне шұғыл операцияларды орындау үшін жолға шықты. Жанына өзінің қарамағындағы жедел топтың бандитизммен күрес желісі бойынша жауапты кеңесші Борис Сынковты (Мәскеу қаласы және Мәскеу облысы бойынша МҚК басқармасының қызметкері) ертіп алған. Жоғарыда айтып кеттік, бұл дұшмандардың жиі-жиі тұтқиылдан шабуыл жасап, белсенді әрекеттерге көшкен кезі еді. Барлаушылардың жолға шығудағы мақсаттары - біздің әскери автоколонналар өтетін Хайратон - Кабул автомагистралі бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Мұндай жағдайда барлаушылардың қызметі дұшмандардың шоғырланған жерлерін, күштерінің мөлшерін, қару-жарақ қоймаларын анықтау болып табылады. Барлаушылардың алтыншы сезімдері алдамапты, көп ұзамай өз нәтижесін берді. Бұлар жол бойында тасада жатқан жиырмадан астам оқтұмсықтың үстінен шықты. «Смерч» ракеталары шығар» деп шамалаған Талғат Әмірғалиұлы оқтұмсықтарды қалайда дұшмандардың қолына түсірмей, тезірек қауіпсіз жерге алып кету қамына кірісті.
- Ракеталарды жолдың маңынан тезірек әкетіп, серіктес ауған жедел батальонының аумағына, қауіпсіз жерге жеткізу үшін дереу рация арқылы жергілікті Қауіпсіздік қызметі министрлігінің Саманган провинциясы бойынша басқармасына шығып, көмекке жедел топты жіберуін сұрадым. Өйткені оқтұмсықтар басқа адамдардың, соның ішінде жергілікті бандқұрылымдардың қолына түскен жағдайда олар Кеңес Армиясына, ауған қарулы күштеріне, тіпті жергілікті тұрғындарға қарсы қылмыстық мақсатта пайдаланған болар еді. Біз Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті өкілдері ішінен аталған қаруларды кімнің тастап кеткенін анықтамақ болып едік, ешқандай нәтиже шықпады. Ауғанстан жерінен елге қайтарылып жатқан әскери бөлімдердің бірі қарбалас кезінде қалдырып кеткенге ұқсайды. Жедел топпен ақылдасып, жауынгерлік ракеталарды Саманган провинциясында тұрақты жағдайды орнату мақсатында, жергілікті биліктің қорғанысына көмек көрсету үшін пайдалану керек деген шешімге келдім. Бұл «Кеңес армиясын Ауғанстаннан шығарудың соңғы фазасы» ретінде белгілі тарихи кезең болатын. Бір жағынан менің тобым бақылау жасайтын аумақта моджахедтердің белсенді қимылдарына тосқауыл қою керек болды. Осылайша иесіз қалған оқтұмсықтарды бандқұрылымдарға қарсы пайдалану жергілікті күштерге де, бізге де тиімді болды. Ертесінде бірнеше ракетаны провинция орталығы Айбак қаласының сыртына алып шықтық. Жерді қазып, ракеталардың ұшуын бағыттайтын ұңғы жасап, оқтұмсықтарды соған орнаттық. УАЗ автокөлігінен электр сымдарын тартып, электр ағынының тұйықталуы арқылы ракетаны іске қостық. Жауынгерлік ракеталар алдымыздағы бандқұрылымдар бекінген тау сілемдеріне қарай бағыт алып ұшты. Әдетте, Кабул - Хайратон даңғылы мен провинция орталығын ракета-артиллериялық қаруларынан осы тұстардан атқылайтын. Біз нысананы моджахедтердің бекінісіне қарай шамалап бағыттадық. Келесі күні тағы бірнеше жауынгерлік ракеталарды осындай тәсілмен жібердік. Оқтұмсықтардың жарылған жермен арақашықтық шамамен 40-45 шақырымдай болады. Бірақ таулы жер болғандықтан бәрін көріп тұрдық. Алғаш ракеталар жарылғанда сұйық, ақшылтым түтін бұрқ етіп аспанға көтерілді де, тез сейіліп кетті. Енді біраз уақыттан кейін жерді дірілдеткен, қою қара түтінді қатты жарылыстар басталды. Жарылыстардың күштілігіне қарап, ракеталарға жоғары сапалы жарылғыш заттар, аумақты зарядтар салынғанын аңғаруға болады, - деп есіне алады сыртқы барлау полковнигі Талғат Әмірғалиев.
Жауынгерлік операцияның нәтижесі туралы жедел топтың жетекшісі Талғат Әмірғалиев шифртелеграммамен Өкілділіктің басшысы, жолдас Бымтровқа баяндады. Әмірғалиев тобының қолымен жасалған акцияның нәтижесі көп күттірген жоқ. Бандқұрылымдардың белсенділігі бәсеңсіп қалды, Кабул - Хайратон автодаңғылын атқылау біраз уақытқа дейін тоқтатылды. Осының арқасында Кеңес Армиясының және Ауғанстан Қарулы күштерінің көптеген жауынгерлері ажалдан аман қалуы мүмкін.
Бірнеше күннен кейін өткен әскери-жедел операцияның нәтижесі туралы өз аузынан тыңдағысы келген Ауғанстандағы КСРО МҚК Өкілділігінің жетекшісі В.П. Зайцев подполковник Талғат Әмірғалиевті Кабулға шақыртты. Өткізілген шараға КСРО қауіпсіздік қызметінің генералы жоғары баға берді. Жауынгерлік жағдайда ірігабариттік ракетаны азғантай топтың стандартты емес тәсілмен, жаудың тірі күшіне күйрете соққы беріп, оңтайлы пайдалануы - әлемдік тәжірибеде бірінші рет екендігі ерекше атап өтілді. «Осындай арнайы мақсаттағы топтардың оқтұмсықты пайдалану тәжірибесінің шағын қақтығыстарда, жауға тұтқиылдан соққы беру және қиын-қыстау жағдайларда артықшылыққа жету үшін болашақта кеңінен қолданылуы мүмкін», деген баға берді генерал-лейтенант В.Зайцев.
Әңгіменің соңына қарай генерал-лейтенант В.Зайцев атқарылған жұмыстың нәтижесі туралы КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстандағы Бас әскери кеңесшісі, армия-генералы В.Варенниковке тікелей баяндайтын болды. Талғат Әмірғалиевті байланыс сардарына қосып, өзінің автокөлігімен армия-генералына аттандырды. Осы жерде айта кеткен артық болмас, Кабулда отырған КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстандағы Бас әскери кеңесшісі, армия-генералы В.И. Варенниковтің жеке қабылдауында болған жалғыз қазақ подполковник Талғат Әмірғалиев қана. Операцияның нәтижелі болғандығын осыдан-ақ аңғаруға болады.
«Бас әскери кеңесшісінің кабинетіндегі баяндама біраз уақытты алды, кездесу оқиғаның детальдары қызықтырған әскери мамандардың қатысуымен өтті. Армия-генералы Варенников те атқарылған жұмысты пайдаланудың маңыздылығын атап өтті, болашақта арнайы мақсаттағы топтардың жауынгерлік операциядарда осындай тәсілді қолдануға болады деп тұжырым жасады. Соның бұйрығы бойынша қолданылмаған ракеталар Ауғанстандағы Кеңес Әскерлерінің шектеулі контингенті өкілдеріне тапсырылды», дейді Талғат Әмірғалиев.
В.Зайцев және В.Варенниковпен кездескеннен кейін жедел-жауынгерлік шараны нәтижелі орындағаны үшін Талғат Әмірғалиевке алғыс жарияланып, «Қызыл Ту» орденіне ұсынылды. КСРО армия-генералының қабылдауынан көтеріңкі көңілмен шыққан Талғат Әмірғалиевті Кабул қонақүйлерінің бірінде КСРО МҚК Өкілдігінің Фарьяб провинциясындағы жедел топтың бастығы Әбдіғаппар Мирманов (қазір «Сырбар» сыртқы барлау қызметі ардагерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары) кездестірді. Екеуі қонақүй маңындағы мейрамханада ақырын ғана әңгімелесіп отырып, Талғат Әмірғалиевтің болашақ «Қызыл Ту» орденін жуды.
Қайыржан ТӨРЕЖАН
«Айқын» газеті