Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш қойылады
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен қазақ ағартушысы, ғалым, ақын, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Жиында жыл басынан бері мерейтойды өткізу аясында бірқатар маңызды ғылыми-зерттеу, ағартушылық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілгені атап өтті.Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттауға бағытталған халықаралық, республикалық, өңірлік іс-шараларды жыл соңына дейін жоғары деңгейде өткізу қажеттігін атап өтті. Алматыда ғалымға ескерткіш орнату жоспарланған. Оның 12 томдық толық шығармалар жинағы басылымға дайындалып жатыр.
Ғалымның мерейтойын халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО көлемінде және ТҮРКСОЙ аясында іс-шаралар өткізу көзделген. ТҮРКСОЙ ұйымы жыл сайын көрнекті түркітанушы ғалымдарға берілетін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгі тағайындау туралы шешім қабылдады.
Отырысқа қатысқан лауазымды қызметкерлер Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндады.
Ұлт ұстазы Ахметтің Қостанай облысындағы туған жерінде ғылыми-реставрация жұмыстары ұйымдастырылған. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр.
Комиссия отырысын қорытындылай келе, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралардың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының елді ағарту жұмыстарындағы еңбегі орасан зор. Ол қазақ тілі мен әдебиетін ғылым ретінде зерттеген ғалым-реформатор. Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы қазіргі Қостанай облысының Сартүбек деген ауылында дүниеге келген. Алғашында көзі қарақты ауыл адамдарынан сауат ашып, кейін ауыл мектебінде оқиды. 1886-1891 жылы Торғай қаласына барып орысша-қазақша училищеде екі жылдық білім алады. Талапшыл жас мұнымен тоқтамай 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепке оқуға кетеді. Мектепті бітіре сала Ахмет 1895-1909 жылдары Қостанай, Ақтөбе, Қарқаралы уездеріндегі қазақ-орыс училище, мектептерінде ұстаздық қызмет атқара бастайды. Осы кезде қазақ тілі мен әдебиетін тереңінен зерттеуді қолға алады. Халық ауыз әдебиетінің жауһар жырларын, атадан балаға жеткен асыл қазынасын жинақтайды. Өзі де өлең-жырлар жазып, қазақ тілінің оқу-құралдарын дайындайды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі мен әдебиеті ғылымындағы ең алғашқы еңбегі – «Әдебиет танытқыш» оқу құралы.
Ахмет Байтұрсынұлы ғалым ретінде қазақ тілін зерттеп, оқулықтар шығара жүріп, елдің саяси өміріне белсене араласты.
Ол қазақ журналистикасының ірі қайраткері. 1913-1918 жылдары өзі бас болып «Қазақ» газетін ұйымдастырады. Елдің мәселесін көтеріп, оқу-білімге шақырып, мақалалар жазады.
Басылымның атауына қатысты өзі былай деп анықтама береді: «Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесе қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор жолының бірі осы», деді.
Оның «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген аталы сөзі әр қазақтың көкейінде жаңғырып тұр. Ол «ұйқыдағы қазақты» оятудың бір жолы газет арқылы білім-ғылымды насихаттау екенін жақсы білді. Осы жолда аянбай еңбек етті.
Ахмет Байтұрсынұлы – Алаш ардақтыларының бірі әрі бірегейі. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін қазақтың маңдайына біткен зиялы азаматтары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып «Алаш» қозғалысын ұйымдастырды. Сол кезде Ахмет Байтұрсынұлы «Алаш» үкіметінің бағдарламасын жазды.
Ол – Қазақстанның алғашқы оқу-ағарту министрі. Алматыдағы және Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры болып қызмет атқарды.
Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін жанұшыра еңбек қылғаны сол кездегі арам ойлы «Қызыл империяға» ұнамады. Ақыры Алаш ардақтысы Ахметтің ізіне түсіп, түрлі жала жауып, жазықсыз соттады. Қазақ ғалымы 1938 жылы «халық жауы» атанып, аяусыз атылды. Ахметтің аты 50 жылдан кейін, 1988 жылы ақталды.
Ол артында өшпес із, мол әдеби мұра, ғылыми еңбектер қалдырды. 1909 жылы ағартушының Петербург қаласында «Қырық мысал» атты кітабы басылып шықты. 1911 жылы Орынбор қаласында «Маса» өлеңдер жинағы жарық көрді.
Қазақ халқының көсегесі көгерген, төрт құбыласы тең, білімі озық елге айналғанын мақсат еткен Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі ұрпақ жадынан ешқашан өшпеуі қажет. Биылғы өткізілгелі отырған Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы да осы мақсатты көздейді. Ахмет бабамыздың өнегелі өмірін, еңбегін насихаттау үшін әртүрлі шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Abai.kz