Қаржаубай Сартқожаұлы. Байырғы Түркілердің әлем өркениетіндегі үлесі
Қазақстан тәуелсіз ел бола тұрып, 24 мамырда жыл сайын Славян жазбасы мен мәдениетінің күнін атап өтеді, сонда Қазақстан мемлекетінің құраушысы болып отырған қазақ халқының түпкі сойы саналатын Түркілік өркениет қайда қалады? Ең болмаса 1897 жылғы 25 қарашада (кәзіргіше - 8-9 желтоқсан) В.Томсен әлемге әйгілеген түркі жазуының құрметі неге аталмайды?! Бұл сауалдар бұған дейін талай қойылып жауыр болған тақырыпқа айналған-ды. Тіпті, желтоқсан айы таяған сайын бұл мәселенің қойылуы дәстүрге айналды. Жуырда ғана жазушы, депутат Алдан Смайыл осы турасында Үкіметке кезекті сауалын қойды. Алайда, тым-тырыс. Ендеше, неге төрт мемлекет құрған Түркі Кеңесі бастама жасай алмайды? Бұл мәселе Қазақстанның тәуелсіздігіне қазақ халқының қатысы қандай болса, күн тәртібінде де сондай болып қала береді.
Ал, әзірге ғалымдардың ғылыми пайымдары бұл уәжді қолдамаса, қарсы келмейді. Түркі жазу мәдениетінің құрметіне бітік жазуды үңги зерттеп жүрген ғалымдардың бірі Қаржаубай Сартқожаұлының жуырда болған ғылыми отырыстағы баяндамасын ұсынып отырмыз.
«Abai.kz»
ЕРТЕОРТА ҒАСЫРДАҒЫ БАЙЫРҒЫ ТҮРКІЛЕРДІҢ ӘЛЕМ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ҮЛЕСІ
Қ. Сартқожаұлы, филология
ғылымдарының докторы,
профессор
Қазақстан тәуелсіз ел бола тұрып, 24 мамырда жыл сайын Славян жазбасы мен мәдениетінің күнін атап өтеді, сонда Қазақстан мемлекетінің құраушысы болып отырған қазақ халқының түпкі сойы саналатын Түркілік өркениет қайда қалады? Ең болмаса 1897 жылғы 25 қарашада (кәзіргіше - 8-9 желтоқсан) В.Томсен әлемге әйгілеген түркі жазуының құрметі неге аталмайды?! Бұл сауалдар бұған дейін талай қойылып жауыр болған тақырыпқа айналған-ды. Тіпті, желтоқсан айы таяған сайын бұл мәселенің қойылуы дәстүрге айналды. Жуырда ғана жазушы, депутат Алдан Смайыл осы турасында Үкіметке кезекті сауалын қойды. Алайда, тым-тырыс. Ендеше, неге төрт мемлекет құрған Түркі Кеңесі бастама жасай алмайды? Бұл мәселе Қазақстанның тәуелсіздігіне қазақ халқының қатысы қандай болса, күн тәртібінде де сондай болып қала береді.
Ал, әзірге ғалымдардың ғылыми пайымдары бұл уәжді қолдамаса, қарсы келмейді. Түркі жазу мәдениетінің құрметіне бітік жазуды үңги зерттеп жүрген ғалымдардың бірі Қаржаубай Сартқожаұлының жуырда болған ғылыми отырыстағы баяндамасын ұсынып отырмыз.
«Abai.kz»
ЕРТЕОРТА ҒАСЫРДАҒЫ БАЙЫРҒЫ ТҮРКІЛЕРДІҢ ӘЛЕМ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ҮЛЕСІ
Қ. Сартқожаұлы, филология
ғылымдарының докторы,
профессор
Әлем мәдениеті мен өркениетінің тарихына сұғына кірісіп ой қаузаған еуропалық О. Шпенглер (1880-1936) адамзат тарихын түрлі мәдениеттердің алмасуы деп тұжырым жасай отырып, әлем мәдениетін тарихи тұрғыдан 8 топқа бөліп қарастырған. Онда: египеттік, үнділік, вавилондық, қытайлық, антикалық, исламдық, батыс еуропалық, Америка континентіндегі Мая мәдениеті, деп қарастырған.
Белгілі тарихшы, мәдениеттанушы А.Дж. Тойнби әлем мәдениетін 13 топқа бөліп қарастырған. Бұл ойшылдың санасына түркі этносының мәдениеті ілінбеген. Ресейлік Н.Я. Даниловский түркілер мәдениеті қақында жақ ашпайды. Олай болса, әлем мәдениетіне, өркениетіне түркі этносы үлес қоспаған ба деген сұрақ туындайды.
Мәдениет мақсаты өзін басқаға таныту, мойындату. Өзін-өзі таныту (трансляция) мәселесі өркениеттер мен мәдениет тарихында алғы шепте тұрады. Өйтсе батыс пен шығысты өзара жақындастырып, халықтар арасында мәдениеттер алмасуына мәңгілік көпір, мықты дәнекер болып, өркениеттер қорын молайтуға өлшеусіз еңбек сіңірген түркілер, әлем өркениетінен тыс қалмайтыны түсінікті.
Батыстық мәдениеттанушылар, тарихшылар көшпелілер әлемін, олардың батысқа ұқсамайтын қоғамдық ерекшелігін, шаруашылық басқару ұстанымын, мәдени-рухани құндылығын түсінбеген, әрі түсінгісі келмейді.
Бір ғана мысал алайық. Лондон қаласында басылып бүкіл әлемге таратылған «Антропологиялық сөздік» атты энциклопедияда. «Номад дегеніміз шаруашылықтың бірде-бір саласымен айналыспайтын, тұрақты мекенжайы жоқ адамдар» деп анықтама берген. Бұндай түсінік «кезбелер» деген мағына береді. Еуропалықтардың сол анықтамасын біздің зиялы қауым тотыдайын қағып алып «біз номадтар» деумен ХХІ ғасырдың табалдырығын аттап отырмыз. Өкінішті - ақ.
Адам баласы мынау пәни дүниеде жер басып жүргенде екі-ақ түрлі өнім өндіреді. Бірі рухани, екіншісі материялдық өнім.
Ежелгі және байырғы түріктер рухани салада әлем өркениетіне қосқан бір ғана үлесін көлденең тарталық.
Ежелгі дәуірде (біздің жыл санауымыздан бұрынғы заманда) түркі этносының айналасында өмір сүрген шығысында қытайлар, оңтүстігіндегі үнділер, таяу шығысындағы хамит, семит тобының араб-парсылар, батысындағы еуропалықтардың әрбір селосында, әрбір отырықты тобында бір-біріне ұқсамайтын ондаған, жүздеген құдайлар, наным-сенімдер мен діни ұстанымдар болды.
Сол дәуірде олардың көршілері түркі әлемәнде бір ғана құдай, бір ғана бөгү (тәңірлік) діні болды. Жоғардағы аталмыш көршілер түркі халықтарына таңқалды. Көшпелі түркілер бір ғана құдайлы, бір ғана діни ұстанымы бар. Оның жыл санаудан бұрын, алды 40000 жыл, арты 12000 жыл бұрын. Азиядан Америка континентіне қоныс аударған түркілердің алыс туысы үндістер (қызыл терілер) бір ғана тәңірлік дінін ұстанады. Ол аз десеңіз Күлтегін (КТ. ІV. 1), Білге қаған (БК. І.1; ІV.1) ұстындарында "teŋir teg" деген тіркес бар. Мұндағы "teŋir" сөзін бұған дейінгі зерттеушілер «аспан (неба)» деп аударып келді. Бұл қате аударма екенін, атау «құдай» деген мағына беретінін дәлелдедік (1. с 173,178; 2. с.67). «Teg» сөзін бұған дейін В.Радлов (1894, 1897), В.Томсен (1896), А.Н.Мелиоранский (1897), С.Е.Малов (1951), Т.Текин (1969) еңбектерінде «подобно», «славно», «как будто» деп аударып келді «Тeg» сөзі жеке тұрғанда әрине бір неше мағына береді.
1. teg (tek) - «бір ғана» немесе «бір» (МК. І. 334, 53; QBK. 545)
2. teg - ноль (БАМРС.Т. ІІІ.281).
3. teg - -дейін, -шейін (МК. ІІІ. 237; QBN. 420)
4. teg - жету, келу, бару, апару (Тұй. 46; Uig. I15; MK7 II.19; II. 91; QBK.221; TT.I.89; Man. I7 20)
Жоғарыда сөз еткен КТ.І,1; КТ. ІV.1; БК. І.1, БК. ІV.1 мәтіндерде «ноль» (0) деген мағына береді. «Ноль» деген сан затқа айналғанда «бар», бірақта көзге көрінбейді. Немесе «бос кеңістік» деген ауыспалы мағына береді. Өйтсе, "Тeŋir teg" тіркес «Тәңір бар», бірақта көзге көрінбейді, баламасы жоқ деген ұғымды білдіріп тұр. Бүгінгі қазақ тілінде және орта ғасыр сөздіктерінде «бір ғана», «тек қана» деген мағынаға ауысқан. Ал, көне және бүгінгі моңғол тілінде «teg» сөзі «ноль» дейтін мағынасын сақтап қалған. Біз Күлтегін, Білге қаған мәтіндерін аударғанда "teŋir teg" тіркесін бүгінгі қазақ тілінің нормасы бойынша «Тәңір бір» деп аудардық. Ал, байырғы түріктердің қоршаған ортаны түйсіну, сезіну менталдық қабылдауы бойынша «Тәңір бар, бірақ көзге көрінбейді, ұстап тануға мүмкін емес болғандықтан ол белгісіз тұлғаны заттандырғанда, оның мәнін руханиландырған. Тәңірдің уақыт пен кеңістікте орны бар, бірақта танып, білу мүмкін емес екенін "teg" (ноль) ұғыммен берген. Мұндай мысал көп. Түркі тілдердің атау септігі жалғаусыз, нөлдік жүйеде.
Ертеорта ғасыр қоғамында өмір сүріп жатқан байырғы түріктердің ақыл ойының, ойлау қабілетінің қаншалықты биік деңгейде болғанын тек қана осы бір ғана тіркес арқылы түсінуге болады. Бүгінгі классикалық діндерде соның ішінде Ислам дінінде «Құдай бір», оған балама жоқ деген қағида бар. Тәңірді (құдайды) руханиландырған ерекшелігіне ой жүгіртсек, ертеорта ғасырда өмір сүрген бабаларымыздың ойлау қабілеті, руханиландырып жеткізе білу ерекшелігі, бүгінгі ХХІ ғасырдағы біздермен салыстырғанда биік болмаса, кем емес екеніне көз жеткіземіз. Уақыт пен кеңістікті қаншалықты биік дәрежеде меңгергендігіне куә боламыз. Тәңір (құдай) қастерлеп кие тұтып (символизировать), руханиландырып, адамзат мәдениетіне, өркениетіне қаншалықты үлес қосқанына куә боламыз.
Ислам діні ең жас дін. әрине оның қағидалары мыңдаған жылдар бойы беріліп келе б.з.V ғасырында қалыптасты. Тәңірдің, Алланың бар екенін, ол көзге көрінбейтінін, танып білуге мүмкін еместігін білдіретін рухани түсінікті адамзаттың ең көне діні тәңірлік діннен ауысқан болуы да мүмкін.
Бұл тұжырымдамамызға қосымша тағы бір фактыны алға тарталық.
Тәңірлік дінде тәңертең ерте тұрып, шығып келе жатқан күнге, кешке жаңа туып келе жатқан айға қарап тілек тілейтін болған. Күнге, айға қарап Тәңірден тілек тілеуші адамдар биікке (тау, төбе) шығып, беліндегі кісесін (белбеуін) алып, мойындарына асып, бетін күн мен айға қаратып, екі қолын алға серпіп еркін жіберіп, алақанын жайып тілек тілейтін болған. Ал, қарғыс тілесе, дәл жоғарғыдағыдай тұрып алақанын төңкеріп төмен қаратып қарғыс айтатын болған. Америка континентіндегі Үндістердің тұтынып келген тәңірлік дінімен салыстырғанда жыл санаудан бұрынғы 40-12 мың жыл бұрын қалыптаса бастаған Тәңірлік діннің бұл ритуалдары, бүгінгі классикалық буддизм (ж.с.б. VІ ғ.ғ-дан), Иүдей (ж.с.б. VІ ғ.-дан), Христиан (ж.с.б. V ғ.ғ.-дан), Ислам (б.з. V ғасырдан) діндерінде қайталанып орыруы мәдениеттің алмасуы, бір-біріне әсері болғанына көз жеткіземіз. Атақты философ И.Гердер «Салт-дәстүр, тіл мен мәдениет бастауларының анасы»,-дейді (8. с.252).
Мәдениет дегеніміз алдыңғы ұрпақтың кейінгілерге жалғастырған өмір сүру тәсілі. Оның ар жағындағы мәйегі салт-дәстүр мен тіл. Тіл жеткізу жалғастыру құралы.
Кез келген ұлттық мәдениеттің рухани негізі дін. Дін дегеніміз қандай бір халықтың наным-сенімі, рухани каноны, дүние танымы. Діннің нәтижесінде мәдениет қалыптасады. Мәдениет халықтардың мыңдаған жылдар бойы жалғасып сақталған рухани шығармашылығы. Бүкіл бүтін қауымның, ұлттың рухани ізденісі, халықтың даналығы, әрі ұстанымы.
Түрік этносының әлем өнеріне қосқан үлесінің тағы бірін алға тарталық:
Дүние жүзінің ғылымына ХVIІ ғасырдан бері белгілі болған, адамзат баласының бейнелеу өнерінің бірі, әрі бірегейі, ғылым әлеміне «скифтердің жануарлар стиль» деген атпен енген өнер туындысы.
Жасалған материалдары - алтын, күміс, қола, темір, қалайы, жез, мүйіз, киіз, ағаш және тоқыма, қыш.
Негізгі бейнелер:
а) Әртүрлі құбыжықтар: Гарпии (басы құс, басқа денесі адам), Минотавр (басы бұқа, басқа денесі адам), нысаналы киік - монокерос (басы жылқы, ұшы қайырылған жалғыз тік мүйізді, денесі марал, тұяғы жылқы), киелі бөрі (басы бөрі, ұлы денесі ұлу, аяғы барыс), құбыжық барыс (басы, 4 аяғы барыс, ұлы денесі адам)
б) Қайуанаттар (самрұқ, аңыз құстар, барыс, бөрі, бұлан, бұғы, тауешкі, арқар, жылан, айдаһар)
в) Үй жан-жануарлары (қой, ешкі, жылқы, сиыр)
Таралымы: Шығысы Қытай қорғаны, Сарөзен сырты, Ордас, Оңтүстігі Тибеттен, батысы Дунай, Солтүстігі Сібір (Якутия), Орталық және Орта Азия.
Хранологиясы:Ұланбайтақ еуразия аймағында жыл санаудан бұрынғы ІІІ мың жылдық тұсындағы энеолиттен басталып (Марғұлан. 75. 197), біздің заманымыздың бірінші мың жылдығына жалғасын тапқан.
Мұрагерлері: Сақтар (скиф-ic oуuz), киммерлер, массегаттер, сарматтар, ғұндар (сюнну), үйсіндер, ертеорта ғасыр түріктері (көк түріктер).
Ерекшелігі және құндылықтары: Жасалу тәсілі мен стилдік ұқсастығы, тектік сабақтасты, тақырыптық үндестігі, ұғым-түсінігінің ортақтығы, әлеуметтік тегі бір екендігі әлем археологиясында әлде қашан дәлелденген. Жоғарда атаған «скифтердің жануарлық стиль» өнерінде өсімдіктен (әлем ағаш-киелі ағаш) бастап жан-жануар, көк аспанда қалықтаған құстарға дейін, және табиғат құбылыстары еуразиялық көшпелілер түсінігіне, түйсігіне сай идеализацияланған. Еуразия көшпелілері көктегі жаратушы Тәңірдің құдыретімен әрбір адам, ру, тайпаның киетегі болды деп түсінген. Киетегінің негізгі объектісі жоғарыда сөз еткен қаһарлыда ерекше қуатты хайунаттар, жан-жануарлар, құстар, өсімдіктер. Олардың тегеуірінді динамикасы, қаһарлы бейнесі, ерекше қасиеттері жеке тұлғаға күш қуат беріп, рух силап, қауіп-қатерден сақтап, іс-әрекетінің жолын ашады деген нанымда болған. Сондықтанда оларды өнер тілімен бейнелегенде, сезімі шыйыршық атқан эмоциясын, буырқанған динамикасын экспрессивті мотивтермен айқын да нақты айшықтай отырып, көшпелілер әлемінің биік деңгейдегі танымдық феноменінің құдіретін паш етеді. Көшпелілер өмірінің болмысын көркем өнерге айналдырып, сұлулық пен әсемдіктің мотивтерімен көмкеріп, өнер тілімен типтендіріп, типологиялық әдіс-тәсілдермен зерделген.
Типолпгиялық образ қақында белгілі философ А.В. Гулыга: «көркемдік нақтылық дегеніміз сезімдік және абстракциялық нақтылықтардың ортасындағы желі. Типтік образ-сезімдік нақтылыққа жақын, ал типологиялық образ-ұғымдық жақтылықпен астасып жатады. Типологиялық образ текқана ойдың ордасы емес, сонымен қатар сезімнің де қайнар көзі. Ал сезімсіз өнер тұл» (9. с.21) - деп анықтаған еді.
Олай болса, біздің сөз етіп отырған «жануалар стиль» өнеріміз әлем бейнелеу өнерінің бірегей жанры. Бұл жанрды әлем өркениетіне алып келген түркі этносының бабалары.
Мәдениеттің ең озық үлгісінің бірі жазу - сызу. Жазу мәдениеті - адамның рухани байлығының баға жетпес үлкен жетістігі. Жазудың мақсаты - ақпарат берушінің өз ойын басқаға жеткізу, болмысты таныту, іс-әрекетін мойындату. Сондықтан да жазу мәдениеті, мәдениет арқылы жалғастырушы (транслация), коммуникация құралы. Адамзаттың алғашқы рухани талпынысы сол дәуірде тұлғанаң өз болмысын басқаға жеткізудің, таратудың қызметін сызба суреттер, таңбалар, нышандар, киетек (символ) бейнелері атқарса, кейін дыбыстық әліпбиге қол жеткізді. Ал, ішкі форма ретінде жазу тұтынушы қауымның дүниетанымын, ділінің, тілінің, дінінің, ой-санасының, әдет-ғұрыпының, көрнісіне айналды. Жазу арқылы болмыстың сан түрлі құбылысын уақыт пен кеңістік аясында екінші, үшінші жаққа жеткізетін, және алыс келешекке жалғастыратын негізгі құрал болады. Нәтижесінде ақпарат берушінің мәліметі ондаған ғасырларға жалғасатын мүмкіндікке қол жеткізді. Сөйтіп, адамзат қоғамының дамуын жеделдетуге, рухани мәдениеттің байлығын арттыруға қызмет ететін дыбыстық тілдің мүмкіндігі шексіз кеңейді. Осылайша, дыбыстық тілдің ажырамас бөлігі ретінде «тіл-ойлау-жазу» жүйесі қалыптасты. Бұл үдерісті түркі этнос өзінің даму тарихында кешіп өтті.
Адамзаттың «екінші тілі» деп аталған жазу әліпбиінің бастау басы болған жазу-сызу мәдениетін түркі этносы да басқалардан қалыспай даму барысында өздігінен жасап үлгерді. Түркілердің алғашқы жазуы тас бетіндегі петроглифтер. Түріктер ж.с.б. 20-15 мың жыл осылайша жазу өнеріне қол жеткізді. Оған Алтай тау жотасының солтүстігіндегі Хойт-Цэнхэр (Солтүстік Зеңгір) үңгіріндегі гравюралар (10.22-25 б.; 14.306-310 б.) толық дәлел. Бұл ежелгі түркі қауымның рухани деңгейінің қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді. Мұндай пиктографиялық сызбалар шығыста Сарыөзеннен (Хуанхэ) басталып, Алтай, Сібір, Тәңір тау, Сарыарқа, Үстірт Орал өңірін көктей өтіп, батыстағы Дон, Дунай бойларына дейін таралған. Фразограммалық осы құндылықтар адамзат қоғамының дамуының алғашқы кезеңдеріндегі ақпараттық коммуникацияның бірі де, бірегей құралы болды. Өркениеттің даму сатысына сәйкес фразограммалық таңбадан соң логограммалық сызбаға көшті.
Оның негізгі құралы - кодтық таңбалар, рәміздер, белгілер (елтаңбалар - герб) болып табылады. Логограммалық жазудың түпдеректеріне Арасантас (б.з.б. 14-16 мың жыл бұрынғы) (10.27-33 б.; 14. 306-310 б.) Тэвш-ула (б.з.б. ІІІ-І мың жыл бұрынғы) (11. 253-256 б.; 12. 123-127, 185 б.), моңғол жеріндегі Алтай, Ханғай тау жоталарындағы таңбалар мен нышандар, елтаңбалар (б.з.б. ІХ-ІІІ ғғ.) (15), Жабхаланты таңбалары (б.з.б. VII-V ғғ.) (16. 224, 274, 276 б.).
Логограммадан соң жазу дамысының үшінші кезеңі буындық жазуға (силобограмма) ауысты. Түркі буындық жазуының 33 таңбасы бүгінгі күнге дейін жетті. Буындық жазудан соң дыбыс белгілейтін фонограммаға ауысты. Осылайша Түркі этносы өздерінің еңбегімен байырғы түрік бітіг (руника) жазуын өмірге әкеліп, әлем өркениетіне түркілік ойлаудың, түркілік қолтаңбасын қосты. Түркілердің бітіг жазуының жүйесі шығыстағы қытай, оңтүстіктегі парсылар мен батыстағы гректердің жазу үлгісінен мүлдем басқаша. Өйткені дүниені тану, білу түркілік ойлау қабілетінің нәтижесінде өмірге әкелді.
Міне, осы сияқты жүздеген, мыңдаған фактілер түркі этносының әлем өркениетіне қомақты олжа салғанын көрсетеді.
Көріп отырғанымыздай түркі этносының әлем мәдениетіне, өркениетіне қосқан үлесі мол екен. Өйтсе, біздің философтар, тарихшылыр, мәдениеттанушылар бабаларымыздың осы өнімін әлемдік деңгейге көтеру үшін тым жауапкерлікпен қарап ат салысуымыз жөн. Нақты ұсыныс жасасақ біздің филосафтар жуық жылдары Түркі этносының әлем өркениетіне қосқан үлесі қақында энциклопедиялық анықтама жасап шығарса аса үлкен іс бітірген болар еді.
«Abai.kz»
Қысқарған сөздер
КТ - Күлтегін мәтіні
БК - Білге қаған мәтіні
МК - Махмұд Қашғари
Тұй - Тұй - ұқұқ мәтіні
Ман - Манихей мәтіні
QB (QBN. QBK,) - Құтадғу білік
БАМРС - Большой академический монголский-русский солварь (2002).
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары. І. кітап - Астана, 2003
2. Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары. ІІ. кітап - Алматы. 2012
3. Радлов В.В., Мелиоранскии П.М. Древнетюркские памятники в Кошо - Цайдаме // СТОЭ. Т. ІV. - СПб. 1897. вып.Ч. С.1-65.
4. Thomsen V. Inscriptions de L'Orkhon. MSFOu,V. - Helsingfors, 1896.
5. Tekin T. Grammar of Orkhon Turks. - Indiana University, 1969.
6. Мелиоранскии П.М. Памятник в честь Кюль-тегина //ЗВОРАО. -СПб. 1899
7. Малав С.Е, Памятники древнетюркской письменности. - М.Л., 1951
8. Гердер И. Идей к философии истории человечества. М, 1977.
9. Гульга А.В. Искуства в век науки. М., 1978.
10. Окладников А. П. Центральноазиатский очаг первобытного искусства. Новосибирск: Наука, 1972. -С. 138.
11. Окладников А. П. Петроглифы Центральной. - Л.: Наука, 1984. -С. 265.
13. Окладников А. П. Древнейшие петроглифы Аршан - хада // Пластинки и рисунки древних культур. -Новосибирск: Наука, 1983. -С. 27-33.
14. Новгородова Э.А. Аршан - хад - древнейший памятник изобразительного искусства Восточной Монголии // История и культуры Центральной Азии. -М.: Наука, 1983. -С. 306-310.
15. Дорж Д., Новгородова Э.А. Петроглифы Монголии. -УБ., «УТХК». 1975.
16. Цэвэндорж Д., Цэрэндавга Я., Гүнчинсүрэн Б., Гарамжов Д. Жавхлант Хайрханы хадны зураг // Айвенхоу майнз Монголиа ИНК. -УБ., 2004. -С. 90-99.