Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік
Дәл осындай атаумен ертең, 13 желтоқсанда Шымкент қаласында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Тәуелсіздік күні мен Алаорда ұлттық үкіметінің 95 жылдығына арналған конференцияны
Дәл осындай атаумен ертең, 13 желтоқсанда Шымкент қаласында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Тәуелсіздік күні мен Алаорда ұлттық үкіметінің 95 жылдығына арналған конференцияны
«Нұр Отан» ХДП мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруда. Алаш тарихын түгендейтін, атқарылған істер мен алдағы жоспарларды талықтайтын конференцияға «Нұр Отан» ХДП хатшысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Ерлан Қарин, сондай-ақ есімі елімізге кеңінен танымал ғалымдар ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәлік Асылбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, "Әділет" тарихи-ағарту қоғамының президенті, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай, саясаттанушы Айдос Сарым және өзге де зерттеушілер қатыспақ. Жалпы бұл конференцияның 13-ші желтоқсан күні жоспарлануы тегін емес. Өйткені 1917 жылдың 5 мен 13-ші желтоқсан аралығында Орынбор қаласында қазақ-қырғыз құрылтайы өтті. Аталған құрылтайда тұңғыш рет заманауи бағытта мемлекет құрылып, оның аты Алашорда деп аталды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде Әлімхан Ермеков: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды» деп жазған еді. Алашорда үкіметінің ел тәуелсіздігінің алғышарттарын жасады. 1917 жылы құрылған автономия Қазақстанның кейіннен Кеңес одағының құрамына автономиялы одақтас республика болып енуіне, территориясының заң жүзінде бекіуіне негіз қалады. 1920 жылы алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлер ҚазАСР шекарасын анықтау мақсатында В.Ленинмен келіссөз жүргізіп, бүгінгі Қазақстан Республикасы аумағының большевиктер тарапынан заңды түрде мойындалуына мұрындық болған еді.
Алаш идеясын шетелдегі қазақтар да қолдады. 1940-50 жылдары Қытайда ұлт азаттық көтерілісіне шыққан қайраткерлердің барлығы дерлік алаш идеясымен таныс болып қана қоймай, сол мақсат-мұрат жолында күресті. Азаттық күресінің қаһармандарының бірі Оспан Исламұлы алаш көсемі Әлихан Бөкейханның бір өсиетін үнемі айтып жүрген. Ол - «Түбi телiм болған қазақтар басын қоспай, қазақ - қазақ болмайды» деген сөзі. Мұның өзі тәуелсіздік жолындағы кұрестің бір сәтке де тоқтамағандығын, ал Алаш идеясы бұл күресті жаңа сатыға көтергендігін көрсетеді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы да осы күрестің заңды жалғасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та алаш идеясына, Алашорда тарихына бей-жай қарамайтындығын бірнеше мәрте ескерткен. Президент: «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет - сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек!» деген болатын. Сол себепті ұлт тарихындағы елеулі оқиғаны естен шығармау мақсатында, сонымен қатар Тәуелсіздік күніне орай Оңтүстік Қазақстан облысында аталған конференция ұйымдастырылып отыр. Конференцияда алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, оларды насихаттау, 5 жылдан соң, яғни 2017 жылы болатын Алашорда ұлттық үкіметінің 100 жылдығына қазірден бастап дайындалу мәселесі талқыланып, конференция қорытындысы бойынша тиісті қарар қабылданатын болады
"Abai.kz"