Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2976 0 пікір 14 Желтоқсан, 2012 сағат 06:46

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

Түске жақын ояныппын. Қарсымдағы кереуетте Күлән түгіл кішкене жиені де жоқ. Дыбыссыз түрегеліп, көрпе-жастығын жиыстырып қана сыртқа шығып кетіпті. Терезе пердесін тұмшалап, қараңғылап қойыпты.

Киініп алып далаға шықтым. Сыртқы ошақта шәугім қайнап, қақпағын ойнақтатып тұр екен. Барып, жерге алып қойып жатқанымда үйінен келін күле шығып, өзі жөндеп қоя сөйледі:

- Ыбырай бүгін ауыл бастықтарына «Назарбек ағаның» келгенін айтпақ болып кетті. Олар келіп сәлемдесе қалса, қалай сөйлесетіндігіңізді әпекеммен ақылдасып кеткен! - деп бұлақ жақты нұсқады.

Ойнап жүрген екі кішкененің дабырын естіп барып, кір жуып, самаурынға су ысытып жүрген Күләннің үстінен түстім. Жуған киімі түгелімен менің қоржындағы киімдерім екен. Бүгін сахараша кең көйлегін тастап, қала үлгісіндегі көне көк белдемше мен қара кофта киіп алыпты. Екеуі де үтіктелмеген қатпар-қатпар. Қоңыр жаулығын иегінің астынан шорт байлап, білегін түріп алған екен. Ақ жұлықтанған құрым етегіне, сетінеп тозған ұзын жібек шұлық киіпті. Сонда да тоқ балтырына жабысып, көркем келісім тауып тұр. «Тозған гүлше» киінгеніңмен, осындай «солған гүл» бола ма екен дегендей, албыраған жүзіне жымия қарадым. Бұл қарасыма назар салмағандай, жуып болған бешпетімді сығып, шөп үстіне қойды да, легенге бір жағындағы самаурыннан ыстық су құйды.

- Сырт көйлегіңді тастай ғой, Биғаш, басыңды жуып берейін!

Түске жақын ояныппын. Қарсымдағы кереуетте Күлән түгіл кішкене жиені де жоқ. Дыбыссыз түрегеліп, көрпе-жастығын жиыстырып қана сыртқа шығып кетіпті. Терезе пердесін тұмшалап, қараңғылап қойыпты.

Киініп алып далаға шықтым. Сыртқы ошақта шәугім қайнап, қақпағын ойнақтатып тұр екен. Барып, жерге алып қойып жатқанымда үйінен келін күле шығып, өзі жөндеп қоя сөйледі:

- Ыбырай бүгін ауыл бастықтарына «Назарбек ағаның» келгенін айтпақ болып кетті. Олар келіп сәлемдесе қалса, қалай сөйлесетіндігіңізді әпекеммен ақылдасып кеткен! - деп бұлақ жақты нұсқады.

Ойнап жүрген екі кішкененің дабырын естіп барып, кір жуып, самаурынға су ысытып жүрген Күләннің үстінен түстім. Жуған киімі түгелімен менің қоржындағы киімдерім екен. Бүгін сахараша кең көйлегін тастап, қала үлгісіндегі көне көк белдемше мен қара кофта киіп алыпты. Екеуі де үтіктелмеген қатпар-қатпар. Қоңыр жаулығын иегінің астынан шорт байлап, білегін түріп алған екен. Ақ жұлықтанған құрым етегіне, сетінеп тозған ұзын жібек шұлық киіпті. Сонда да тоқ балтырына жабысып, көркем келісім тауып тұр. «Тозған гүлше» киінгеніңмен, осындай «солған гүл» бола ма екен дегендей, албыраған жүзіне жымия қарадым. Бұл қарасыма назар салмағандай, жуып болған бешпетімді сығып, шөп үстіне қойды да, легенге бір жағындағы самаурыннан ыстық су құйды.

- Сырт көйлегіңді тастай ғой, Биғаш, басыңды жуып берейін!

- Өзім жуайын! - Көйлегімді шеше сала жүрелеп отыра қалдым.

- Алыстан әрең келген бас қой! - дей ұмтылып, иіс сабынды көпірте езді де, мойным мен алқымыма дейін сылап, уқалап жуды.

- «Солған гүлдің» сыртқы мына екі «жапырағы» неткен жұмсақ еді! -деп күбірлеп едім, желкемнен шымшып қалды. Жүзіне қарасам, күлкі ізі жоқ, томсарып алыпты.

- Мұндай қағынған сөзді маған айтпа, Биғаш! Бұрынғы Нұрияшың мен Мақашыңның әпкесімін, солар үшін жуып бергенім! Әйел сағынсаң айтуға тіл жетпестей «жұмсақтар» алдыңнан күтіп отыр! - дегенінде жалт қарадым жүзіне. Үнін бұзбай-ақ көз жасын ағытып жіберіпті.

- Осыншалық көз жасыңның сырын ұқпай-ақ қойдым-ау!

- Онда ешқандай сыр жоқ, Нұрияшым мен Мақпалымды сағынбаймын ба! - Күрсіне көтеріліп, орамал әкеліп берді қолыма. Бой жазып, жылаудан лезде тиыла қойғанын байқата сөйледі. - Бүгін «Назарбекпен» амандасуға ауыл кісілері келуі мүмкін. Назарбек дегеннің жөнін ұқтырып қояйын. Мәдениет топалаңы басталған шақта Баркөл ауданының банкінен автоном райондық банкінің Тянь-Шань бөлімшесіне салт келіп орналасқан белсенді бұғалтыр екен. Бірер жылдан соң ауырып, Баркөлдегі үйіне дауалануға кетіпті. Содан қайтып келмегенін, Ыбырай сол банктегі соның орнында істеп тұрған сабақтасынан естіген екен. Сен енді сол Назарбексің. Төрт балаң бар, үйің Баркөл тауында болсын, ұқтың ба?... Ауқандар оны іздеп таба алмауы үшін кез келген коммунаның атын атай сал. Көне желқұз ауруынан толық сауыға алмай, емделу үшін Үрімжіге келіп, одан Құлжаның бу арасанына түсуге келген боласың!

- Баркөлден Үрімжіге, одан Құлжаның бу арасанына келген Назарбек ағаңнан, қарасты сақшының таныстыру қағазын сұрамай ма?

- Таныстыру қағазың ақшаңмен бірге Құтыби асханасында жоғалған болады! - деп күлді Күлән. -Түсі таныс болып қалған шофердің куәлігі мен автобус билетіңе сүйеніп әрең келмедің бе осында! Автобус билетіңнің күнін туралауға таңертең Ыбырай алып кетті. Түсте қолыңа тиеді!

Таңдана қарадым Күләнға. Менің осында келетіндігімді күмәнсіз біліп, Үрімжіден әлдеқашан кеткен Баркөлдік Назарбек болып келуімнің шартын, тіпті, Үрімжі автобусының билетіне дейін даярлап жүргені таңдандырды.

- Мені танымайтындай қарайсың ғой өзің? - Көз астымен жымия қарап сұрады.

- Менің өзіңнен басқа жетік танитын досым жоқтың қасы еді, - мен күрсіне жалғастырдым сөзімді. - Бірақ, осында қашып келетіндігімді әулиеше болжап, жасырынуым үшін көп дайындық жасап қойғаныңа таңым бар!

- Жағдайыңа жасаған тұспалым мен болжамым дұрыс шықты! Осында келетіндігіңді көрген түстерімнен білдім. Осы жақында тіпті айқын көріндің. Ал, жасырудың дайындығын Ыбырай менің сол тұспалыммен істеді. Жүре ғой, шай ішелік!

Жуылған кірді үлкен легенмен үй алдына екеуміз қауқаулап әкеліп, керілген сымға және екеулеп жайдық. Келін үйге дастарқан жасап, шәугімді Күләннің алдына әкеліп қойып беріп шықты. Кимешек жөнінде сұраған түндегі сұрауымды шай үстінде қайта сұрадым.

Күлән Құлжаға алғаш келгеннен бастап әменгерлерінің қырындағанын, олар келгіштеп жүріп Ауқанға көрсетіп қойғанын, өзінің одан қорқып тауға - осы үйге келіп алғанына дейін ғана сөйлеп тоқтатты сөзін. Сырттан дабыр естілгендіктен тоқтатты. Ыбырай бір торсық қымыз әкелген екен. Алдымен менің Үрімжіден келгеніме куә болатын автобус билетін көрсетті. Көне билеттің жылы, айы, күні тап-таза өшіріліп, менің осында «автобуспен келгеніме» тураланған сандар дәл өзіндей бояумен қайта басылыпты. Сезілердей ешқандай өзгешелік байқалмайтындығына сүйініш білдірдім.

- Әпкемді жасыру үшін мен де талай қаңғығамын ғой, - деп күрсінді Ыбырай. - Орнықты дайын қызметтен безіп, бас қорғайтындай бұта іздеп бостық та жүрдік. Сондағы тапқан өнерімнің бірі осы алдампаздық. Институттан оқып шыққан физикам мен математикам жылай жүріп, осы қулық-сұмдықтарға орын босатып берген. Бақытыма жарай әйтеуір мынауым көнімді болып шықты! - Әйелін иегімен нұсқады. Келін төмен қарап жымиды да, Күлән оған сүйіне қарап, айналайын дегенін ернін бүріп білдірді.

- Біздің қиыншылығымызды зор шыдамдылықпен көтеріп келді! - деп күбірледі сонсоң. Көп үйде бола бермейтін сүйіспеншілікті осы үшеуінен көріп, изектей қарадым мен де. Көп күйік тартқан Күләннің ыстық-суық көрмеген саядағы алмадай дақсыз албырап сақталуы, бір жағынан осы өзара тату-тәттіліктерінде екендігін байқадым.

Төртеуміз қымыз ішіп отырғанымызда ауыл, әтірет бастықтары жетті. Бұлар, мен дайындап отырған жауаптарды сұраудың орнына «Назеке» атасып, аулына келгендігімді қарсы алатындықтарын, «ауру күтімі үшін» қолда барларын аямайтындықтарын айтып шықты. Бұлардың артынан ілгерінді-кейінді келіп сәлемдесіп шыққан ауыл адамдары күн батқанша үзілмеді. Күләннің түске жақын тоқтап қалған әңгімесі ел жатарда, екеуміз оңаша қалғанда жалғасты сөйтіп.

Күлән қаладан мұнда келіп алған соң әменгерлері де жексенбі сайын келгіштей беріпті. Бірінен соң бірі келіп, қона-түстене жатып сөйлесіп, Ыбырайдың үйін ығыр ете беріпті. «Аға қайтыс болған соң орнын сақтап осынша отырғаның да жетер. Енді өз көңілің жақтырған біреуімізге қосыл. Сайраш бой жетіп қалды. Ол жаттық болған соң сопиып жалғыз қалып, тіпті мүсәпір жесірге айналасың. Ондай халге тіпті де қимаймыз сені! Ынтықбайдың елі іргелі ел. Сенің қаңғырып, иесіз қалуың бізге намыс болады. Ал, басқа елге жаттық болуыңа да қарсымыз. Елі үшін еңіреп өткен ағаның орнын - шаңырағын күйретіп, із-тозсыз жоғалта алмаймыз. Сайраш та өз елін-өз туысын осындайда тауып, танып алуы қажет!» -деп тоқтатады екен сөздерін.

Соңғы сөздерін қазірше ашық айтпағанымен көз тартарлық көркем болып өскен Сайраны да иемденіп, өз қызымыз деп, бас билігін қолдарына алып қоймақ екендіктерін білген Күлән тіпті азар да, безер қарсылық айтатын болыпты.

«Сендер бұрынғы томаға тұйық ақсақалдық-феодалдық заманның керейі емес, коммунистік партия қатарына өткен, оның белсенді мүшесі болған, жаңа заман керейісіңдер. Мұндай тамтығы қалмаған рушыл әменгерлік өсиет айтпаңдар маған! Ынтықбай екеуміз де «керейлік», «қызайлық» жолмен санасып табысқан емеспіз. Біз, рушылдық пен надандыққа шектелмеген, мәдениет жолымен табысқан саналы қызметкерлер болатынбыз. Намыс келтіретін мұндай әменгерліктеріңді мүлде танымаймын! Біз көне салттағы құдалықтың ырым-жырымын да істеп көрмегенбіз. Керейлерден қалың мал түгіл, тойлық бірер байтал да алмай тұрмыстанғанбыз. Одан бұрынғы ахуалымды да айтқанмын. Ешқайсысыңның «жесірің», «әменгерің» емеспін, аулақ жүріңдер!».

Күлән осындай үзілді-кесілді тойтарыс айтқанда, әменгерлер күліп қана қояды екен. «Қашып жүрген оңшыл-ұлтшыл Күлән екендігін жасырып, Гүлбану болып келген өздерінің жесірінің өз күштерімен төркін жұртына жетіп, орнығып алған соң бұлай танымай кетіп құтыларлық жолы жоқ» екендігін жып-жылы үндерімен ептеп көңірсітіп қана қайтады екен. Құқықты қызметі бар әменгерлердің «көнбесең үкіметке әшкерелеп ұстатамыз» дегендей бұл емексітулерінен сескеніпті Күлән. Бұлардың да ерегесе келе қастық сайлайтындығын сезіп, сақтануды, мүлде көрінбей жасай тұруды ойластырыпты.

Қаладан біреуі келе жатқанда бір жаққа қыдырып кеткен болып бой тасалап жүріп, 73-ші жылы расымен Үрімжіге кеткені содан екен. Бірақ, ол сапардан жоғарыда баяндалған себеппен тез қайтыпты. Жасырын келіп, еркекше киініп алып тасаланатын болыпты. Келіні мен бауыры «Үрімжіден әлі қайтпады» дей салады екен. Сайраның мектеп бітіруге қаратып қойған тұрмыстану тойын да солай тасалана жүріп басқарып, орналастырыпты. Өміріндегі бір үлкен қызықты міндетін, қысылшаңда шәкілдеуік бұршақпен ғана орындай салыпты сөйтіп.

Үрімжіге екінші рет барып, қуанып қайтқан жолында автобустан бір белсендінің көзіне түсіп, соның мәлімдеуінен хабар тапқан Ауқан Күләнді қызы мен күйеу баласының отауынан тіміскілеп аңдып жүрген екен. Отау қатарындағы өзіне арналған оңаша бөлмесінде еркекше киіммен отырғанында терезесінен көріп қалыпты. (Ауқанның қатерлі көзіне Күләннің бұл ілінуі, жоғарыда қысқаша ғана айтылып өткен.) Маң-қарасын көрсетпей жүрген «қу түлкісінің» үстінен дәл түскеніне қуанған Ауқан іркіліссіз кіріп барыпты есіктен. Балалары қызметтеріне кетіп, өзі жалғыз қалған сәске түс уақыты екен.

«Сәлеметпісің, Күләш?.. Сені Үрімжіге кетті деп естігеніме екі жыл болды ма, қалай, рас па? -Зымиян жендет жылмыңдап күле отырып зәр шаша тергепті.

«Рас, екі жыл болды. Үрімжі өзімнің туылып өскен жерім ғой. Тауы мен ойы түгел сағындырып жүр еді. Ондағы ағайын-туған, дос-сабақтастарым жібермей, меймандата берді. Бұрынғы сабақтастарым мен абысын-ажындарым да түгел қартайған, көбі мен сияқты жесір кемпір болыпты!»

«Сол жесір кемпірлерге жігітшілік істеу үшін еркекше киініп алғанбысың, ха-ха-ха-һа-һа...а... нешеуін құмардан шығардың?»

«Қыртпаңызшы! Іші кепкен кемпірлердің әңгімесі онсыз да аз болушы ма еді!... Жолға ыңғайлы осы киімге үйреніп қалыппын. Қайтып келген соң да тастай алмай жүрмін!»

«Рас, қысылтаяң ауыр сапарларға ыңғайлы киім осы. Шекарадан ары-бері өтіп тұруыңа да, ұзын етек әйел киімі ыңғайсыз болатыны белгіл ғой, тауып-ақ киіпсің! Ха-ха-ха-һа-һа...а..."

«Бұл не дегеніңіз Ауқан аға?» - деп таңданысты шыраймен сестене қарапты Күлән жендетке. "Шекарадан ары-бері өтуге» дегеніңіз не сұмдық?... Қазір үрімжілік әйелдердің де бір сыпырасы «ұзын етек көнеліктен» азат болғамыз деп бешпет-сым киетін болғанын білмейсіз бе! Солар да шекарадан өтпек пе екен?»

«Жоқ, сұлуым, ол тықыр мен бұл тықыр ұқсамайды, ха-ха-ха-һа-һа...а... Үрімжіден бұл киіммен келмегендігің мәлім. Және жалғыз қызыңның тойын өз қолыңмен өткізе алмай жоғалғаның да қаншалық құпия іспен кеткеніңді көрсетпей ме! Ха-ха-ха-һа-һа...а.., жә, оны қоя тұралық, қалжың ғой, кездесіп сөйлесейін деп сұрастырсам, ыңғай Үрімжіге кеткен деген хабар келеді де тұрады. Бүгін осы үйіңе өзім іздеп келмесем, әлі де «Үрімжіде» болатын түрің бар көрінеді. Ана жылы Құлжаға алғаш келген кезіңде әрең көрісе салып айтуға ыңғайы келмей қалып еді. Сәті бүгін түсті. Екеуміз енді кергімей келісерміз? Саған деген бұрынғы ынтықтығым есіңде шығар. Жазған хатым жауапсыз қалған ғой. Бірақ, ғашықтық кешірімшіл болады екен. Арманым әлі өзіңсің! Ондағы көлденең болған Ынтықбай, екеумізге бөгет болмайтын жерге әлдеқашан кетіпті. Ендігі көңіліңді өзіме де, саған да аңыздағы «қыл көпірдей» ең зорсын кезең деп білемін. Осы қыл көпірден қолдасып өтіп кетсек, екеумізде осы дүниенің жәннәтіндеміз. Бұл тілегіме жеткізбесең, лаж жоқ, тозаққа кеттік деп білеміз. Мен өзім... түсінетін болдың ғой, ғылыми материализмші-марксизмшімін. Шындықты «амалияттан» іздеймін. Енді ешқайда кетпей жауап беруіңді өтінемін!»

«Енді қартайғанда мұныңыз қай сөз, Ауқан аға, сіз өзіңіз қазір алпыс бес жастасыз. Ал, мен әйелдердің ондай көңілді ұмытатын елу жасынан асып қалдым. Төрімізден көріміз жуық. Кезеңнен астық қой! Мені енді әурелемеңіз!

«Бұл сөзді қой, Күләшжан, көрге кірсек те сенімен, тек сенімен ғана құшақтаса жатқым келеді. Ойланып жауап бер, арманда қалмай кеңірек ойлануың үшін, бүрсікүні келемін! Үйренген жолыммен тағы да өте шығамын деген ойды таста! Ол жолыңды былай қойып, жауап бермей, тауыңа да шыға алмайсың. Жаным дейін, зарықтырғаның жетті мені! Таңдаған киіміңе де, басқадай шығыныңа да қажетті ақша бүгін кешке жақын қолыңа тиеді. Қаншалық сапырсаң да өмірге жетеді менің ақшам! Ал, кеттім, ойлана ғой, жаным!»

«Марксизмші-коммунизмшімін деп алып, махаббатты ақшамен есептесең кім болғаның үлкен кісі, ұжданымды қайнатпа өйтіп!»

Саржы кител киген қалқан құлақ, ұзын бойлы, еңкіш сары шал жауырынын күжірите шығыпты есіктен. Аурулы, арық, кәрі бұқаша әукесін салбыратып, терезе алдынан қақпаға қарай ілби жөнеліпті. Күләннің бұл наразылығын тыңдар да емес.

Күлән Құлжаға алғаш келгеннен-ақ Ауқанның үйлену жолындағы масқара қылықтарын талай келіншектен естіген екен.

Мәдениет топалаңы басталып, мұның құқығы жоғарыласымен айландырған әйелі жиырма жасқа жаңа ғана шыққан Гүлсім дейтін келіншек болыпты. Тұрмысқа шыққанына үш ай өтпей жатып, бұрынғы жігітіне «кері төңкерісші» деген аса қатерлі қалпақ кигізіліп, дереу қолға алыныпты да, тергеуде өлтіріліпті. Бұл жаланың Ауқаннан болып, өлтірткен де Ауқан екендігін Гүлсім біліпті: қатты қызыққан кәрі жендет Гүлсімнің қыз күнінде сөз айта алмай, телміріп жүріпті де, келіншек болып түсісімен сәтін тауып күйеуін жоюға асыққан екен. «Жетісінің» де өтуіне жеткізбей, иемдене қою үшін, «қазаға» көңіл айтқан болып келіп, көңілін білдіріп, сөз айтып шығыпты. «Бірінші көзқарас» полкінің қолбасшылық штабындағы асқан содыр мансаптыны қатты тілмен тойтаруға батылдық ете алмай қалған Гүлсімге үміт байлапты сөйтіп.

Кейінірек жүзі аса суып алған жас келіншектің өзіне тиюіне сене алмай сенделіп жүріп, Нәзипаға да көз сүзіпті. Бұл Гүлсімнен де сұлу болғанымен, күйеуімен «құшақ жазбай табан бір жыл өткізген», «қатын аталайын деп қалған айыбы бар» келіншек екен. Мұның күйеуі «жерлік ұлтшылдық» қалпағымен айдалып, тас қазуға кетіпті де, Күнестегі бір жартастың астында екі жүздей күнәһармен бірге жаншылып өліпті. Ауқан осы екі жесірдің бірі болмаса бірі бұйырар деп оған да сөз айтқан екен. Бірақ, Нәзипа оған түйеден лақтырғандай жауап қайтарып, тойтарып шығарыпты. «Сіздің жасыңыз менің әкемнен де үлкен, алжымай ары жүріңіз!» - депті жалғыз-ақ.

Кекшірейген әскери қалпағын баса киіп күлбеттеніп шыққан Ауқан, былай шыға бере өзіне-өзі көңіл айтқандай демей күлімсірепті, «шапқан айғырының алқымына алғашқы ашу үстінде байтал да сақылдатып тепкілеп барып тұра қалмаушы ма еді. Қайда барар дейсің! Күйіті келіп зарыққанда алдымнан өздері-ақ жырбыңдап күле шығар. Тек, бұл екеуіне басқа жігіттерді жолатпай, қорқытып қойсам болғаны!» деген қулықты таба қойыпты. «Кері төңкерісшілердің кері төңкерісшілдік идеясы жұққан мына сияқты жесірлерге жақын тартқан жігіттерді маған мәлімдей жүріңдер!» деп шегелей жариялапты жендеттеріне.

Гүлсім мен Нәзипаны осылай карантин етіп қойып, өзі кезек айландырып, бірінен соң бірін тергеуге алса да ештеңе өндіре алмай торыға бастапты. Үлкен қаладағы өңі түзу, тік сирақ жесірлерді тізімге алып қойып, «ғашықтығын» әрқайсысына айтып, көңіл білдіре беріпті. «Сақтықта қорлық жоқ, бірі болмаса бірі тиер» деп бәріне тиісіп көріпті.

Кәрі бұқаның тұмсығы шүйірілген сайын безіпті жесірлер одан. Сырын бәрі біліп, біріне-бірі айтып, мазаққа-масқараға айналдыра беріпті. Бірнешеуін кесірлеп жесірге айналдырғанына кектері бар, басынғанына намыстанатын тектері де бар, жас құрамына айтатын шектері де бар, өз әйелін екі-үш баласымен надан деп тастап кеткен надан шалдың құқықты, мансапты болдым деп мұншалық құтыруына қарсы көрсетіп қойғысы келетін сестері де бар, ыңғай оқыған жесірлер қорлай беріпті өзін.

Ауқан, «марксизм принциптерін» олардың ешқайсысына қондыра алмай түңіліп, алғашқы көзіккен екі «ғашығына» қайта-қайта оралып келіп тұрады екен. Жауаптары қатал болғандықтан жендеттері арқылы өз кабинетіне айырым-айырым шақыртып алып та тергепті:

«Кері төңкерісшіге тиген бикешім, нағыз марксизмші коммунистке келгенде неліктен керги қаласың, осы идеяңды сөйлеп берші! -депті Нәзипаға.

«Әкеңдей кәріге ти дейтін марксизм жоқ шығар, партия заңы еріктісің, өз теңіңе ти деген соң, осы марқұм еріме тигенмін!»

«Оның кері төңкерісші, ұлтшыл екендігін біліп тигеніңе факт көп!»

«Фактке жүгінсек, ол, сізше феодалдар жолымен қорқытып-зорлап алмақ болған емес, өз қалауыма, еркіме жіберіп, көңілімді тартқан марксизмші, өз теңім болатын!»

«Кері төңкерісшіні ақтап, әнзі аудармақ болған осы жауабыңды ұмытпа!» деп зекіп қалған Ауқан, Нәзипаның «қай жақта, қайсы майданда» тұрғандығын Маужуши үзіндісімен дәлелдепті. «Марксизм мен компартияға мұншалық қарсы идеяңды түзетпесең, көресінді көресің!» деп нықтап ескертіпті де, махаббат пен неке жөнінде «тарихи материализмнен» бір сағат сөйлеп, тәрбиелеп» алып, өз талабына үш күннен қалдырмай жауап беруін тапсырып қайтарыпты.

Бұл тергеуді Нәзипаның өзінен келісімен естіген Гүлсімді Ауқан ертеңіне шақыртып алып тергеген екен. Нәзипаға қойылған бірінші сұрағы қойғанда, Гүлсім тіпті шорт қайырыпты жауабын:

«Қайын атаңа ти дейтін марксизм жоқ!» - деп тойтарып, «Ауқан шал» өзінің қайын атасынан да үлкен екендігін айқындап дәлелдепті. Екінші сұрауына келгенде Ауқанға аса кекті Гүлсім жылап жіберіп, ашық наразы жауап қайтарыпты. -«Менің Мұратқаным, кері төңкерісші емес, тергеуде зиянкестікпен өлтірілді. Кімнен өлгенін су тұнғанда сөйлесеміз!» - депті. Су жұқпас Ауқан оған «тарихи материализмнен» екі сағат «тәрбие беріп», дұрыс жауап алатын уақытын оған да жариялап шығарыпты.

Нәзипа мен Гүлсімнен Күләннің жақында естуінше Ауқан тіпті торығып қалғандай, «ақырғы жауабын» әлі сұрамаған екен. Бүгін өзін бөлмесінен тауып алып, таудай жаласы барын білдіріп кеткен Ауқаннан қашқын Күлән тіпті қауіптеніп қалыпты. Талабына көнбей қатал тойтарыс айтса, басқа жесірлердей қалпақсыз емес, өзі қашқын, түрме торынан жасырын құтылып келе жатқан «оңшы». Дереу қолға алдырады да «Совет шужұңжуишыларына барып екі жыл тәрбие алып қайтқан кері төңкерісші шпион» деп дәлелдеп, аса ауыр жазалата алады. Солай істей алатындығын жаңа Ауқанның өзі де ұқтырып кетті. Аддашы болып төнген бұл екі қылмыстың соңғысы мүлде жала болса да, Ауқан мойындата алады. «Екі жыл Үрімжіде жүрдім» дегеніне өзінің дәлелі жоқ. Үрімжіде көріскен адамдарының бәрі де үкімет режиміндегі сенімсіз күнәлілер. Үрімжіге барғандығына оларды куә етіп тартса, тіпті үлкен жала жабылмақ: «Совет шужұңжуишылары мен мұндағы оңшыл-ұлтшыл кері төңкерісшілерді жалғастырып-байланыстырып жүрген нағыз қатерлі шпион» болып ұсталмақ. Ал, ол қатерден құтылу үшін Ауқанға тиіп, жұрт алдында масқара болудан өле салудың өзі жақсы ғой! Құтылудың басқа жолын енді тауып көрші қане!

Осыны ойлаған Күләннің маңдайынан тер бұрқ ете түсіпті. У жұтқандай сенделіп жүріп, қызы мен күйеу баласы түскі демалысқа келісімен айтқан екен, бір-біріне қарап олар да қысылыпты. Апаларын Ауқаннан құтқаратын ешқандай күш жоқ сияқты. Ие болып Құлжаға шақырып алған мықты әменгер Күләнға да, қызай күйеуге де аса салқын қабақпен қарайтын болған. Ол, Сайраға да өкпелі. Шақырған тойына ұялғанынан қатынасса да «қызынан» жарамды киіт[1] кие алмай қалғанына өкпелеп, тойдан соң келмей, үйіне шақырмай[2] қойған екен. Күлән соны да ойлап, қайындар жағынан медет сұратуға екі баласын аяп отырғанда, ойланып қалған күйеу баласы сөйлеп кетіпті:

«Апай, сіз де, Сайраш екеуміз де аң-сана жөнінен қайынжұрттың көңілдерін қалдырып қойғанбыз ғой. Мынадай зорлық қатерінің алдында ол сүйеніштеріңізден менің кешірім сұрауым қажет болды. «Төрт көнеге» қарсы тұру шартынан қателесіп қаламыз деп, тойда ата жолына мән бермей өткізген солшылдығымыз бар. Жөндеп киіт те кигізбегенбіз. Бұл жөніндегі кемшілігімізді мойынымызға алу жолымен Сайраш екеуміз үлкен ағамыздың аяғына жығыламыз. Сөйтіп, отауға шақырамыз!»

«Мұның дұрыс, балам, бірақ бұлардың қыржиып жүргендігі түпкілікті мәселе сен екеуіңде емес,... түсінетін шығарсың... маған әменгерлік жөнінде ғой!...»

«Түсінемін, апай, бәрін естіп жүрмін. Сіздің ісіңіз дұп-дұрыс. Қайындарыңыздың алдында сізді иліктірмеймін!»

«Мақұл, келсе, неғұрлым бүгін кешкілікке шақырыңдар! Тамақ жөніне мен даярлық көріп қоярмын. Тез қайтып кеп, қызметтеріңе кете беріңдер!»...

Үлкен қайын ағасының үйіне түс уақытында Сайраны ертіп жетіп барған күйеу, еденге жүгініп отыра қалып сөйлепті: «Аға, төрт көнеге қарсы тұрамыз деп ата-ананы да, шыққан ұяны да мына екі балаңыздың ұмытып бара жатқан жайы бар, бұл күнә Сайрашыңыздан естиярлау менен өткендігін алдыңызда мойындап, аяғыңызға жығыла келдім! Нендей айыпқа бұйырсаңыз да «талша мойным қылша», ықтиярыңызға келдім!»

«Е, дұп-дұрыс қой мына сөзің! Шешелерің үйде ме еді?»

«Кеше кеште келген. Сайраш екеуміз бірнеше күннен бері сіздерден кешірім сұрауды ақылдасып жүр едік. Шешеміз келісімен айтып, рұқсат алдық.»

«Не деді ол?»

«Сен екеуіңді туысқандарыңнан айырып, жақындатпай, өзіме ғана қаратайын деген ойым жоқ. Тек, көнелікті жақтап, үкімет алдында қылмыс тауып қалмасаңдар болғаны. Маған жалтақтамай туыстарыңды, ендігі үлкендеріңді неғұрлым ертерек танып алуларыңа, құрмет тұтуларыңа қарсылығым жоқ! - деді.»

«Жә, біздің салтымызда «иілген басты қылыш кеспейді», «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейтін кеңшілік те бар болатын. Тұра ғой, мына жаққа шық!» - депті де Сайраны әйелі мен өзінің арасына орындыққа отырғызып, күйеуге оң жағындағы орындықты нұсқапты. Столға шай жасалған соң күйеу бала, алдына келген шыныны әдеп бойынша алдымен «қайын ағаға», онан соң «енесіне» ұсынған екен. Күйеу шынысынан бір-бір ұрттап, «рахмет» айтып қайтарыпты екеуін де.

«Мәдениет төңкерісінің балалары мұндай кішілікке де қарсы еді, - деп жымыңдапты қайын аға. - Бұл әдепті де қу шешелерің үйретіп жіберген-ау, тегі?»

«Маған іргелі қайынжұрт бітетін болғанын білген шағымда бұл әдепті де үйреніп алғанмын!... Ал, аға, апай шын көңілдеріңізбен кешірім ететіндіктеріңіз рас болса, бүгін кеште отауларыңызды көріп, дәм татып қайтыңыздар!»

«Мақұл, мақұл!»

«Осы маңдағы кіші ағаларды да ерте барасыздар!»

Күлән түстен кейін базарға қонағасылық бір нәрселер алып қайтуға барғанда соңына бақылаушы түсе қалғанын байқапты. Қайтқанында соңынан тағы еріпті. Қақпа алдында қызыл жең белгі киген екі «қызыл қорғаушы» көтерілісші тұр екен. Тіпті қатты тіксініпті Күлән. Осы қазір-ақ қолға алғалы жүр ме дегендей түйіле қарап өте шығыпты. Отауға кіріп, алған нәрселерін столға қойып жатқанында әлгі екі қызыл жеңдінің бірі ғана кіріп, бір байлам ақшаны жанқалтасынан ала сөйлепті:

«Апай, Ауқан туанжаңның[3] сізден қарыз алған ақшасы бар екен, соны тапсырып беруге мені жіберіп еді!» - деп столға қоя сала жөнеліпті:

«Жоқ, мен ешкімге қарыз ақша берген емеспін, өзіне апарып беріңіз!» - Күлән ақшаны столдан қайта алып бергенше шабарман қақпаға жетіпті. Соңынан қуа шығып шақырса, «өзіне сөйлесіп қайтарарсыз!» деген ғана жауаппен қайырылмай кете беріпті.

Қатердің мықтап төнгенін осы бақылау мен осы ақшадан толық түсінген Күлән, басқа әйелдерден түңілген Ауқанның шашылып кеткен «ғашықтық оты» жиылып келіп, бір өзін «күйдіретіндігін», бұдан аман қалудың аса қиын шатаққа қалдыратындығын да түсініпті.

Күн еңкейе балалары қайтып келісімен өз бөлмесіне барып қисая кетіпті.  Жалаңдап жүрген қайындарды өзі шақыртқандығын білдірмеу үшін жатқаны екен. «Оларды, қорққандығымнан өзім шақыртқан болып көрінбеуім дұрыс» деп балаларына ұқтырып қойып шығыпты.

Күн бата қайындары түгел жиылыпты отауға. Келе сала «апаларың қайда», «шешелерің қайда» деп сұрасыпты.

«Шешеміз сырқаттанып қалды ма екен, не болғанын айтпады, өз бөлмесінде жатыр» - деп қана қойыпты күйеу.

«Көңілін сұрап шығалық!», «Жолы үлкен ғой!» десіп әменгерлері бөлмесіне кіргенде ғана басын көтеріп амандасыпты Күлән. Өзінің киіп алған бешпет-сымына, қан-сөлден айырылған сұрқына әменгерлер таңдана, тімтіне қарасып, көңіл сұрапты.

«Ауру емеспін, бірақ, одан қиын қатерге осы қазір ғана тап болып қалдым! - деп Күлән күрсіне баяндапты ахуалын. - Ауқанның көзігіп алғанын, оның да маған тиесің деп қыспаққа алып жүргенін айтсам қандарың қызар деп айтпай, Үрімжіге кетіп қалған болатынмын. Тауға алдыңғы күні қайтып келдім. Балаларымның ахуалын біліп қайту үшін содан жасырынып еркекше киініп кеше кеште ғана келгенмін. Бүгін түстен кейін екі бала қызметке кетісімен келіп қорқытып, қатты қыспаққа алды. Мына еркекше киімімді көріп, Үрімжіге емес, Советке барып тәрбие алып қайттың деп оспақтайды. Шпион болып қайттың демекші. Осындай үлкен жаламен қорқытып алмақ! Ал, бұл бопсасынан қорықпайын десем, қазіргі өткір жағдайда түрмеге алдыру да, қинап өлтіру де оның қолынан келеді. Тие салайын десем, енді қартайғанымда оның намысы өлімнен де ауыр!» - деп Күлән көз жасын бір сығып алыпты да, бұл жайын балаларына да айтудан намыстанып жатқан жөнін күбірлей түсіндіріпті әменгерлерге. - «Сұқ иттерді соңынан әлі шұбатып жүрген кәрі қаншықта не қасиет бар. Мұндай кемелетке келіп, ата-ана болып қалған балаларды анаңмын деп қорландырудан тезірек өле салуым дұрыс екен. Әркімді басындырып, қартайғанда қолжаулық болып, мұншалық мазаққа көне алмаймын! Елсізде қалған қорғансыз кемпірдің тірі жүруінің қажеті жоқ екен!»

«Олай деме Күлән, панасызбын деме! - деп әменгерлердің үлкені басыпты да қалған «сұқ иттер» даурыға жөнеліпті. - Жеңешетай өлімді аузыңа алма, панаң да қорғаның да көп, біз бармыз!», «бүкіл жәнтекей бір саған пана бола алады!», «қалай жүрсең де өз еркің болсын, жеңешетай өлемін деме!»

«Олай болса, алдымен өздерің нысапқа-ынтымаққа келіңдер де, жалаңдаған мына кәрі жалақор жалмауыздарыңды тиыңдар!» - Күләннің бұл шартына үлкені күліп жіберіпті:

«Кәрі жалақор өз қызайың, өз ағаң ғой, «жаман айғыр жатынына шабады» дегендей жалбаңдаған кәрі өлекселерін тиятын басқа жөні түзу қызайлар да табылар, қорғандық жөндерін табар! Ал, саған біз жала жаппаймыз да, басқа ешкімге жала жапқыза алмаймыз! Сенің шекара емес, Үрімжіге барып келгеніңе алдымен міне, мен куә! Пана боламын деп өзім шақыртып әкелгенмін, әлі де өзім қорғаймын!»

«Үй, ағай-ау, осы бәріміз де куә-кепіл бола аламыз! Үрімжіге өзі өскен жеріне барып жүргенін бәріміз көргенбіз! - деп жіберіпті біреуі. - Ие, ие, алдыңғы жылы күзде Үрімжіге билет алғанын мен де көргенмін!», «Үй, күзде деме!» - деп сыбырлапты біреуі. - «Жазғытұрым болатын, жазғытұрым!», «Ие, жазғытұрым, үшінші айдың соңы болатын!» - деп Күләннің өзі түзетіпті соңында. Түстен кейін Ауқаннан келген мың юан ақшаны алдарына тастай салыпты.

«Міне, мені келіншекке айналдырып, киіндіріп алмақ болған ақшасы! Қаншалық сапырсаң да менің ақшам жетеді дейді!»

«Мұнысын алып қалғаның қалай?» - Түйіле сұрапты үлкені.

«Өзі кетісімен бір жендеті әкеліп тастай қашты, өзі берсе бетіне ұратын едім!ә

«Ойпырай, неткен сұмдық еді мынасы!»

«Бұл қалай басынғандық!»

«Апкел, маған бер, осынысын көмекейіне тығайын өзінің! - үлкені жұлып алыпты ақшаны. - Басқаларды феодал, сатлымпаз буржуй деп тілдегенде жол бермеуші еді, өзі кім екендігін көрсетейін!»

«Жолсыз ашумен алдырып қоймаңдар оған! - депті Күлән. - Әсіресе рушылдық дөрекілікпен, әменгерлік сияқты көнелікпен ала алмайсыңдар оны! Дәл өзінің «даулиы» сияқты жылбысқа саясатпен қорқытатын амал болмаса, өздеріңді бас салады ол. Өйтетіні, өздеріңнің пана боламыз деп шақырып әкелген жеңгелеріңнің, шпион болмаса да, оңшы қалпағы бары рас қой!»

Бір-біріне қараса қалыпты жініккен қайындар. «Дұрыс айтады!», «дұрыс айтады!», «үлкен ақыл осы!» десіпті бір-біріне. Күлән, бұл ақылын анықтап жалғастыра ескертіпті.

«Кәрі жендеттің өзінің үкіметтің бұйрығынсыз кісі өлтірткені, алған парасы, зорекерлігі сияқты жасырын істеп келген қылмыстарын жиып алып айтсаңдар болады. Сөйтіп, өзінше күле отырып жанды жерінен ұстамасаңдар, маған да өздеріңе де білгенін істей алатын сайқал ол! Жә, сендер отауларыңа қонаққа келгенсіңдер, маған амандасуға кіріп, ауыр көңілсіздік жүк көтеріп алдыңдар-ау деймін, отауға барыңдар енді! Менің бұл жайымды балаларға айтпай-ақ қойыңдар!»

«Мен Ауқанның бар қылмысын болмаса да көбін білемін! - депті үлкені. - Соның өзі-ақ жетеді! Ендігі іс өзімнен-ақ болсын, алаң болмай, отауға енді өзің бастап кір!»

«Ойбай-ау, аға-ау, «жетедің» не, Ауқан қудың жұлығынан келмейді өз білгеніңіз!»

«Бізден сұраңыз оған төтеп берудің жолын!»

«Бұл кәрі тажалға мұндай көп қызайдың өзін салсаң да мойи қояр ма екен! - депті біреуі. - Әлі де ақылдасатын, басқалардан көмек сұрайтын ісіміз көп!»

«Ал, ол бүрсікүні балалар қызметке кеткен соң келіп, менен жауап алмақ! - депті Күлән. - Бүгін керейлерін шақырып ақылдасып алды демесін, менің соңыма салған бақылаушылар бар. Отауларыңда өздерің ғана болып, бейғам ғана қонақ болып қайтыңдар!»

Әменгерлерінің өзімен бірге отырып күжулері үшін қайталап қойған талаптарына көнбеген Күлән, өз бөлмесінде отырып қалыпты. Қонақтар отауда арақ ішіп, қонағасы қыза бастағанда  жалғыз тамақтанып отырған Күләнға терезеден жылтыңдаған бас көрініп, сыртқа шықса ғайып болыпты. Тың тыңдап жүрген бақылаушылар барын отаудағыларға Сайра арқылы хабарлап қойып, орнына жатыпты.

Қонағасыда болған сөзді таңертең естіпті Күлән. Ауқанды қорқытып қою шарасын қайындар жеткілікті түрде ақылдасып тараған екен. Жаңа естіген болып, күйеу де ақыл қосып қалыпты. «Қызыл қорғаушылар» мен «халық жасақтарының» топ басшылары арасында өзінің де дос-сабақтастары баршылығын білдіріпті. Ал, естияр орта мектеп пен техникум оқушыларының Ауқанға деген өшпенділігі қатты екендігін де айтыпты. Кіші қайын ағаларымен іштесе күбірлесіп, соларды құрап, айырым ұйымдастыру жөнін де кеңескен екен. Таңертең Күлән күйеу баласының қызметке кетер шағында «өзің мүлде бейтарап болып көрін!» деп тапсырып жөнелтіпті.

Күләннан «игілікті жауап» алмақ болып белгіленген күні түске дейін Ауқан келмей қалған екен. Қайындарының оны шектемек болып кеткеніне міне бір жарым күн өтті деген сөз. «Алдашының оңашада күжірейіп жетіп келмегеніне қарағанда, ойландырып қойған-ақ шығар!» деп Күлән күдіктен бой жаза қалғанында сұп-сұр болып бір қайыны кіріп келіпті.

«Жеңеше, жүр, менің жатағыма паналай тұр!» депті төтесінен. Күлән тақауырлап сұрап, үлкен қайнының «қолға алынғандығын» естіпті:

Ол, кеше таңертең өзіне тетелес екінші «әменгерді» ертіп, Ауқанның кабинетіне кіріп барған екен. Қылмыстарынан «таңдаулы» бірнешеуін көкейіне тізіп, өзінше күле отырып қорқытып тию үшін барыпты.

«Жә, Әуке, сұраусыз бұрау да жоқ. Бір «жарамды қатын» алу қамымен ғана қанша қатынды ерінен айырып, жесір қалдырғаның өзіңе мәлім. Бірнешеуін тіпті нақақ қинап өлтіргенсің ғой ха-ха-ха-һа-һа...а.., бұл қылықтарыңды көріп жүрсек те Маужуши айтқандай «төңкеріс жолының бұралаң болатындығын» ескеріп, отыңа су құймалық деп төңкерістік ынтымағымызды сақтау үшін қузамай қоя салып едік. Ал енді бізді паналау үшін келген жесір жеңгемізде нең бар, саған басқа жас қатындар да жетіп жатыр еді ғой. Кері төңкерісшінің қатынын тергейміз деп қамап, абақтыда басқыншылық істеген әйелдеріңнің ішінде де нелер көріктісі бар еді ғой, ха-ха-ха-һа-һа...а.. сұлудан жақжұты емессіз, Әуке, біздің кәрі жеңгемізді қысай берме, қойыңыз ондай нысапсыздықты! Міне оған берген ақшаң, үкімет пен халықтан алған ақшаны осыншалық шаша ма екен!»

Ауқан бір байлам ақшаны оның қолынан жұлып алып, артында ашық тұрған шкабына лақтыра салыпты да, стол тартпасынан үш-төрт парақтық жазулы қағаз суырып алыпты:

«Сен, жігітім, Күләнді тергеуден арашалау үшін келгенсің ғой тегі?»

«Күләнді емес, Гүлбануды - өзімнің жеңгемді қорғау үшін, шынын айтқанда мазағыңа бермеу үшін келдім!»

«Солай де, Советтен өтіп, елімізге маламатаншылық жүргізу үшін келген шпионды құтқармақсың ғой?»

«Шпион емес ол, оған фактіміз де, куә-кепіліміз де көп! Жала жаба салудан әлі шімірікпейсіз бе?»

«Оның тордан қашып жүрген оңшы емес екендігіне де «фактің» көп шығар?»

«Ол жазасын әлдеқашан тартып, шалын да құрбандыққа беріп құтылған ғой!»

«Оның шылғи өтірік, фактіміз жетерлік, мырза! Осындай кері төңкерісшілерді қанат астыңа алып, жасырып қорғауды сен қашан қоймақсың, осы кері төңкерісшіні ана жылы Үрімжіден ұрлап көшіріп әкелген өзіңсің ғой!» - деп ақырып жіберіпті Ауқан.

Кәрі қызай «төңкерісші» ақырғанда жасырақ керей «төңкерісші» тайынған ба, ол да ақыра тергепті.

«Гүлбану кері төңкерісші болса, оған өзіңнің мұншалық ақшаны бергенің қай мағынада болмақ? Осы ақшамен тезірек қашып құтыл да маламатаншылығыңды жүргізе бер дегендік емес  пе!»

«Оны әлі түсінерсің. Ал, мына шпион жесіріңді құтқару үшін мені қорқытпақ болып жиып келген жалаларың өз түбіңе жетеді! Өзің партия мүшесі болып тұрып, менің мұндай зор қылмыстарым болса, парткомға не үшін күні бұрын жеткізбей жасырып келгенсің? Күләндай кері төңкерісші шпиондарың қолға түскенде көлденең тартып отырған мына қоқанлоқыңнан Ауқан қорқа ма, ха-ха-ха-һа-һа...а.., жә, енді бұл қалжыңды қойып шындыққа келелік!» - Ауқан әлгі қағаздарды ашып, басылған қып-қызыл таңбаны әріптесінің алдына жайып салыпты. Оның бұрын «оңшылға бейім ғана болып көрініп, жасырып келген мәселелері анықталып болғандығын», «нағыз кері төңкерісші» екендігін, тордан қашып тау-тауға тығылып жүрген оңшыны шақырып әкеліп, «шекара түбіне жасырғандығын, Совет шужұңжуишыларына жіберіп, екі жылда жетілген шпион, кері төңкерісшіге айналдырып алғандығына» дейін жөпелдемелете сөйлеп жіберіпті де, әріптесінің қолға алынғандығын жариялапты.

«Жоғарыдан-төменнен жеткен материалдар бойынша сенде тексеріп анықтайтын мәселе әлі көп!» депті де, екі көмекшісіне нұсқап, бірінші көзқарас полкінің өз абақтысына айдатыпты. Қасына еріп келген екінші әменгерден ешкімге айтпауына, ешқайда шықпауына қатал шартты тілхат алып қайтарыпты.

Құқық иелері қолға алынғаннан бері үкіметсіздік асқындап, сот пен тергеу орындары да осылардың қабағына қарап жалтақтап отыратын болған, заң орындарын осы ауру әлі де меңдетіп тұрған шақ еді. Ауқанға көмекші болып көрініп жүрген екеудің Жаң фамилиялы біреуі штаб бастығы. Шындығында Ауқанның өзіне нұсқау беріп отыратын қожайын жемтіктесі. Ол штаб таңбасын басып бекіткен материал, қуыршақ «полковник» үшін жоғары орынның бекітуі болып есептеледі екен. Күләннің «мәселесін» анықтап, ашпай-ақ сенімділігімен соның таңбасын бастырып алып отырғанда, келіп айтыса кеткен автономиялы облыстың бір басқарма бастығын қолға алдыра салған Ауқан, бұл делоның тергелуіне бастан-аяқ өзі міндетті екендігін, басқа ешкімнің қол сұқпауын сұрап қабылдатып қойыпты.

Тілхат беріп қайтқан екінші әменгерден үшінші әменгер осы оқиғаны естіп, Күләнді қолтықтап ала жөнелмек болып келген екен. Бұл әменгер Құлжада неше жылдан бері салт тұрып, көзі қарайып жүрген нағыз өлермен қаридар көрінеді. Сұлу жеңгенің сұрауына қарап Ауқанның осы күшін асыға сөйлеп беріпті де, енді өзін қолға алмақ екендігін айта қузапты:

«Шыбын да кіре алмайтын жатағыма құлыптап жасыра тұрамын да, ертеңгі кешке дейін ат келтіріп, қырға шығарып әкетемін! - депті. - Көктен құс салып, жерден тазы жүгіртсе де қолға түсірмеймін сені! Су тұнған соң қайтарып әкелемін!»

«Есің дұрыс па өзіңнің, мен енді қашсам бәріңді, балаларымды да қоса сорлатпаймын ба! «Советке барып шпион болып қайтқан» деген жаласы мықтап мінбей ме мойныма! Өлсем де айтысып өлемін енді, қашпаймын!» Күлән үшінші әменгердің бұл талабына осылай қарсылық айтыпты.

«Оның абақтысына қамалуға көну, мазағына, басқыншылығына көну деген сөз! Қамап алып зорлап дәндеген тажал ол! Онысына қарсылық көрсетсең, одан да жаман қатерге ұшырайсың!»

«Не болса да өзім көрермін!» - деп түсін бұза тойтарыпты жеңгесі. - «Ол тажал менің қамалған абақтыма кіріп өлсе, мәселенің өзінде екендігі айқындалады, ұқтың ба?.. Бар, енді көрінбе менің маңымнан! Мені солардың еркіне беріп қана, анау ағаларыңды құтқарып алыңдар! Менің кесірімді өздеріңе жұқтырмайтын жолдарың мынау ғана: «Күләннің Советке шпион болғаны түгіл, бұрынғы оңшыл қалпағының алынбағандығын да білмейді екенбіз. Ері өлген соң панасыз қалған әйелінің қалпағы сонымен бірге кетті деп шақырғанбыз» деп құтылыңдар, ұқтың ба?» - Күлән осыны түсіндіріп қайтарыпты үшінші әменгерге.

Ауқан жалғыз қалған Күләнға сол күні кешке жақын сарт-сұрт басып, жеңімпазсып келіпті:

«Сүйенген нәріңнің өзі барып қолға түскенін естідің бе?»

«Естімедім, не қылмыспен қолға алынбақ ол?»

«Оның қылмысы бұрын-ақ тізіліп болған. «Ажалды киік адырға» деп сені құтқару ниетімен мені қорқытуға барып қолға түсті! Ха-ха-ха-һа-һа...а.., құтылуды шынымен тілесең, өз қолтығыма кір! Сенің өзімнен басқа ешкім құтқара алмайтындығына тезірек мойынсал болуың шарт! Танысаң өз қызайыңмын, танымасаң Құдайыңмын! Сенің ісің де тізіліп болып, өз мойныңа түсетін құрыш қыспаққа айналды! Бірақ, түбінде өзімнің ханымым болатындығың анық болған соң, сені бүгін қолға алдырып қорлағым келмей, өзім жеке сөйлесуге келдім, сенің махаббатың керек маған!»

«Жоқ, менің енді ешкімге де махаббатым жоқ! Сен сияқты өлмелі кәрі түгіл жасыңа да жоқ, суып, аязға айналып болғанмын!»

«Олай деме, Күләшжан, құшақтасып жата қалсақ, арамыздан жалын лапылдайды! Қане кіріп көрші құшағыма!» Құшақтай алмақ болған Ауқанды серпіп тастап, алыстап барып отырыпты Күлән.

«Сенің алжығандығың осы емес пе! Кері төңкерісші шпионға пана болдың деп қайнымды қолға алдың да, енді келіп, сол «кері төңкерісші шпионды» өзің құшақтап сүйіп, өзің пана болмақсың! Нағыз кезеп, кері төңкерісші, шпион, марксизмнің ең жиренішті жауы өзің ғана екендігіңе осыныңның өзі-ақ өшпес факт болмады ма!»

Күләннің «факт болмады ма» дегенінен, басқа біреу келіп тыңдап тұр ма дегендей күдіктенген Ауқан жан-жағына қарап алып сөйлепті:

«Бұл жерде екеумізден басқа ешкім жоқ қой, Күләш, мені саған иліктіріп отырған - ғашықтығым ғана. Ол болмаса, махаббатыңнан түңілдірсең, осы қазір-ақ қолға алынасың! Қор болып, өзің жалынып тиетін боласың маған! Ондайды көріп тигеннен өз абыройыңмен тигенің жақсы!»

«Жалаларыңды тізіп, қолға аламын деп қорқытып отырып, менен көңіл тілеуіңнің өзі де жетерлік қорлау болмады ма! Осылай қорқытуыңнан қорқып тиген әйел, сен кәріге әйел болып тұрады, өштеспейді деп ойлайтындай басыңда ми бар ма өзіңнің, таста бұл сасық қиялыңды! Басқаға көр қазған адам, сол көрге өзі кіреді. Қоя бер анау нақақ жаламен қолға алғандарыңды, қылмысың онсыз да басыңнан асып жатыр! Бұл шыншылдық пікір, саған айтып отырған адамгершілік көмегім!»

«Ха-ха-ха-һа-һа...а.., қит етсе «адамгершілік» дейтін тамтығы қалмаған буржуазияның абстракт былжырағын әлі тастамағанбысың, Күләш?.. Ха-ха-ха-һа-һа...а.., «адасқанның алды жөн, арты соқпақ». Енді адаса бермей жөніңді тап, сәулешім! Сенің тәрбиелеп, Чаңчың ханым сияқты марксизмнің жә деген бір әйел философына айналдыра алатындығыма көзім жетеді!»

Күлән да сақылдап күліпті бұл сөзіне:

«Елуінші жылдары Биғабілдің жазған атақты сыны есіңде бар ма? Сенің газеттегі өлеңдеріңді не деп бағалап еді сонда?»

«Е, дұспан не демейді, нағыз төңкерісшіге шашатын уы белгілі емес пе, оның сыны менің жұлығыма келген емес. Жат идеяның жабайы хайуандары өштеспеген коммунист, коммунист болып та, марксизмші болып та ешкімді жарытпақ емес. Маужушидің осы тәлімін сен де білетін шығарсың? Сол сында өзін тіл-әдебиеттегі бірден-бір марксизмші етіп көрсеткен сол Биғабілің қайда кетті! Сол немеңнің сол сындағы істен шығарып тастамақ болған мен кім болдым, өзі кім болды! Амалият көрсетіп отырмай ма, жаным-ау!»

«Ие, талас жоқ, амалият көрсетіп отыр!» - деп Күлән тағы да сақылдап күліпті. Ауқанның «күлкіңнен айланайын!» деп қызыға қарағанына Күлән көңіл бөлмегендей жалғастырыпты сөзін. - «Бірақ, сенің өлеңдеріңе берген бағасы, нағыз әулиенің болжамы екендігін мойындайтын шығарсың? «Ауқанның өлеңдері, шырақ жалынынан миы күйіп кеткен жынды көбелек сияқты. Тым түйсіксіз» деп еді ғой. Енді айқын таныдым, өзің сондағы өлеңдеріңнен де түйсіксіз екенсің! Пролетарияттың «екінші көсемі» деп өздерінің айтатын «ұлы Чаңчыңның» қатарына мені шығармақ болғаның сол түйсіксіздігің емес пе!»

«Олай жасыма, Күләшжан, маған сүйенсең оған да жетуіңе болады! Маужушиға тимей тұрғанында Чаңчың да гомендаңның... бишісі болған ғой. Сендей мықты, оқыған әйелді мен де... тәрбиелеп, өз қатарыма қосып алсам ғажап па!»

«Ондай құштарлығың болса, маған арнап өлең жазсаңшы, көрейін! Менің мұздап қалған жүрегімді өлеңіңмен жылыта алсаң... ол да ғажап емес, ойланып көрермін!"

«Рас па?» - деп қалтылдай қараған «жынды көбелекке» Күлән тағы да сақылдай күліпті.

«Ендігі, ақылың өсіп көсем болғандағы поэзияңды көрейін деймін де!.. Енді қайтып кет, саған өлең жазатын уақыт керек шығар! Хы-хы-ха-һы-һы...һа-һа-һа...а.

«Әкелші, осы күліп тұрған аузыңнан бір сүйіп алып кетейін!»

«Жоқ, бұл саған менің беріле қойған күлкім емес екендігін де түйсінбейсің бе! Мені қорқытып аламын деп дәмеленгенше жалынышты ғашықтық өлеңіңнің отынан дәмелен дегенім! Соныңның оты болмаса, күдер үз менен!... Әйел жүрегін зорекер қаракүшпен бағындыра алмайсың! Бар, қайт, жоғал, балалар келетін уақыт болды!»

«Осы қазір өз төсегіңде-ақ сені қайтсем де қолымнан келер еді ғой, осы мәдениетім де ойлатар, Күләшжан! Саған қажеттің бәрі табылады менен! Кет дегеніңе де шыдап кете тұрайын. Неғұрлым осылай жарқылдап күле ойланшы, қайттым, қайттым!»

Алдашыны жынын алған бақсыдай жуасытып қайтарғанына Күлән тағы күліпті. Осылай сықақ күлкімен де алдап құтыла тұруға болатындығына, өз күлкісінің сиқыры барын өмірінде өзінің бірінші рет байқағанына күліпті.

Қатты қорқынышпен қайғыда жүрген шешесінің тағы бір рет сық-сық күліп жібергені, қызметтен қайтып келген балаларын да таңдандыра-жадырата қаратты өзіне. Бүгін олар да көңілдірек көрініпті. Кешкі тамақтан соң отауда сыра ішіп отырғандарында, аяқтарын сарт-сұрт басқан қызыл жеңді үш жасақ терезеден қарап өте шығыпты. Шырақ жанып тұрған Күләннің бөлмесіне де үңіліп қарап, «жоқ!» депті біреуі ханзу тілінде. «Бәсе, мұнда келмейді!» деп тағы бірі күбірлеп қайтыпты қақпаға. Ауқанды іздеп таба алмай жүрген қорғаушылары екен. Бастықтарының сол іңірде жоғалғандығы Күләнға соңынан естіліпті.

Күлән жатар шақта «Ауқанның өзін біз қолға алдық! - деп мақтана жетіпті бір қайнысы. - Осы жаңа, іңірде қараңғысында жалғыз қайтып барады екен. Бір тобымыз алдынан тосып, артынан бір топ болып қуып жетіп, қолы мен көзін таңдық та, құралын алып, біреудің клетіне апарып қамадық. Қайда қамалғанын өзі де білмей қалды!» - деп күліпті.

«Үй, ол өздеріңді танып қалмады ма?»

«Қараңғыда қайсымызды таниды, көбі оқушы! Соны күп-күндіз-ақ танытпай тергеп, қоясын түсіреміз, көресің әлі!»

Ауқан сол белгісіз клетте жүзіне таңба түсірмей іштетіп соққан қатты қинаумен тергеліп, үш күн ішінде барлық қылмысын мойындап болыпты. Оның қорғаушылары оңай-оспақ орындардың барлығын тінтіп таба алмай, қарсы көзқарастағы топтармен соғысыпты. Олардан да дерек таба алмай мысы құрығанда бір аптадан соң «полковниктерінің» өзі штабына бір туысқанының үйінен шығып барыпты. Шындығында өзі кім жағынан тұтқындалып, қайда қамалғандығын білмейді. Есін жиғанда өзінің бір туысқанының үйінде кекпен тікірейген ыңғай қызай мықтыларының ортасында жатыр екен. Солар дайындаған қылмыс факттеріне қол қойыпты да, тағы да үш күн сорпаланып-дәрілене жатып, қатал талқыға түсіп қайтыпты.

«Ауырып, туысқанымның үйіне барысыммен естен таныппын. Емделіп жазылып шыққаным осы!» - депті қожайын «көмекшілеріне», «есіме келген соң сіздерге хабарлап қоюға жіберген адамым, бұрын қарсы топқа жасақ болғандығынан, өзінің сол тобының көріп қалатындығынан қорқып, штабқа кіре алмай қайтқанын, бүгін таңертең ғана айтты!» - дей салыпты соңында.

Ауқан штабына қайтысымен сол күні түстен кейін Күләннің үлкен қайнын абақтыдан оңаша бөліміне шығартып әкеліп, қол беріп амандасыпты.

«Бұл жолы қолға алдырған қылмысыңды тергеуді жоғары жақ маған ғана міндеттеді, туысқан! - деп жауапкеріне, аттан түссе де үзеңгіден түспейтін мінезімен тік қарап бастапты сөзін. Әріптесі де түйіле қарағанда «тергеушінің» өз көзі тайғанай беріпті. - Өзің де білетін шығарсың, жақыннан бері қолға алынған жергілікті халық қызметкерлерін тергеуді осы халықтың өз кадрларына тапсыру нұсқауы шыққан ғой. Бұл да партияның қамқорлығы, ұлттар арасына, әсіресе ұлы ханзу ұлтына қарсы өшпенділік туылмасын дейді. Оның үстіне өзіміздің төңкерістік сабымыздың ыдырамауы үшін бұл тактиканың өте қажет екендігі көрініп жатыр. Сондықтан бұл штабта сенің делоң да, әрине, маған тапсырылған. Ал, мен өзім сен сияқты көп істес болған қазақ саптасымды су түбіне жібермеуді ойланып отырмын.»

«Сен, Ауқан, қолыңнан келсе аяма мені! - деп шорт қайырыпты әріптес. - Мені су түбіне жіберсең де, өз қылмыстарың менімен бірге кетпейді!»

«Бірақ, май басым, мынаны ойлалық, - қарқ-қарқ күліпті Ауқан. - Сені жоғалтып мен не таппақпын? Ал, сені алдымен әшкерелеп жазалатқан маған өзің өшіккенде ғана жала жауып сен не таппақсың! Сенің әшкерелеген мәселең жұқпайды маған, жала болып қала береді!»

«Сенің қылмысың менімен бірге кетпейді дегенім сол, халықтың қолында қалады да, сенің өзіңді жоғалтпай қоймайды. Ал, мені су түбіне уақытша жібертерсің-ақ, асқан жалақорсың ғой. Бірақ, сенің шектен асқан зор қылмыстарың соңынан өзіңді жеті қабат жер астына жіберітіні хақ!»

«Сөйтіп, қайда болсақ та екеуміз де кеттік делікші, мұсама мінсем, менің де бос қана жазалатып, тірі қалуыңа жол қоймайтындығым белгілі ғой. Бірақ, содан екеумізге келетін пайда қайсы?"

«Менің табатын пайдам, қысасыңа қысас қайтару ғана. Ал, өзің не демекшісің маған?»

«Мен, өзара қажаспай ғана ынтымаққа келсек демекшімін!»

«Сондағы орнатпақ ынтымағың, біздің жесірімізді қорқытып тартып алу ғой, солай ма?»

«Майбасым, осы екеуміз, оқығанымыз да бар, компартия мүшесіміз ғой, сол Күләннің өз таңдауына көнсек қайтеді, өзара өкпелеспей көнсек соның ықтиярына! Екеуміз де сөз саламыз, қайсысымызға көнсе, сонымыз аламыз! Феодал емеспіз ғой, әйелдің өз таңдауына өштеспесек!»

«Оған сөз салушы көдеден де көп екендігін білмейсің ғой сен қылқұрт! -депті майбас, еңкілдеп күле жалғастырыпты сөзін. - Екеуміз қармақ салғанша мықынынан ұстап қағып әкететін жас әменгерлер де бар!»

«Жоқ, екеуміз осы келісімге келіп, ынтымаққа көнсек... жол үлкендікі болып шығады! Басқасы емес, осы екеуміздің ғана бірімізге тиюін шарт қып қоямыз!»

«Мақұл-ақ болсын, көрдік өз тәлейімізден!»

«Майбас» бұл бәсекеге өзінің Ауқаннан әлдеқайда жас екендігіне, Күләнға пана болып, жақсылығын өткізіп келгендігіне, Сайра да өз баласы болғандығына сенетіндігімен көнген екен. Ал, «қылқұрт» Күләннің соңғы көріскендегі «хат жазсаңшы» дегендей жарқылдаған пейіліне, майбастай бала-шағалы емес, бойдақтығына, бәрін қаймықтыра алатын құқығына сеніпті.

Майбасты Ауқан сол шартпен абақтыдан шығарып қоя беріпті де, Күләнға өлеңмен айланып үйірілген хат жазуға кірісіпті. Ал, түпкіш майбас абақтыдан шыға сала тұп-тура Күләннің өзіне жетіп, алдына бас қоя жығылыпты: «сен үшін бар қинауды көрдім, Күләш, сен үшін өлімге де көндім, Күләш!» деп тізесін аймалай құшыпты.

«Үй, не болды, айтсаңшы! Абақтыдан қалай құтылдың өзің?»

Майбас, Ауқанмен жасасқан келісімді сөйлеп бере сала жалыныпты...

«Сөйтіп, екеуміз сенің өз таңдауыңа разы болуға келістік, бірақ, қалай да екеуміздің бірімізге ғана тиесің! Мені ортақ жауымыздың алдында жерге қаратпа, ағаның аруағы, Сайрашымның абыройы, өзіңнің ар-намысың үшін ая мені, Күләшжан! Тұтас өмірімде мойныма көтеріп, әлпештеп өтейін!»

«Менің ар-намысымды шынымен аямақ болсаң, айтпа бұл сөзді! - Орнынан ытып тұрған Күлән, ойлана кідіріп жалғастырыпты сөзін. -Ешқайсыныңды жерлеп, жерге қаратпауға, қорламауға мен де ант етейін!»

«Қайсысымызды сонда, қайсынымызды?.. Аташы атымды!»

«Бәріңді дедім ғой, басқа қайындарым да, Ауқаның да бар, бәріңді!»

«Бәрімізді? Мынауың сұмдық жауап қой Күләш-ау, бәріміз бір құшағыңа қайтып сиып, қалай отаспақпыз, қырқыстырасың ғой тағы да!»

«Өз шарттарыңда тұрсаңдар қырқыспайсыңдар, бәріңді разы етемін! Өз үйіңдегі келінім мен балаларымды да жерге қарата алмаймын! Ауқан екеуіңнің біреуіңе ғана тисем, басқа қайындарым сендермен қырқысады. Сондықтан оларды да жерге қарата алмаймын, ұқтың ба, тұр, үйіңе бар! Сен үшін бала-шағаң шулағалы қашан, бар үйіңе, тез қуант оларды!»

«Ойпыр-ау, не деп кеттің, Күләш-ау, басымның мыңғы-дыңғысын шығардың ғой, жаным-ау!»

«Кейін ұғасың, жөнел!» - деп Күлән итермелегенде, жуан басын қос қолымен қыса жөнеліпті майбас.

Соның ертеңіне сәскеде Ауқан келіп, Күләнға жазған хатын екі қолдап ұсыныпты. Хатты томсара ашып, асықпай оқыған Күләннің алдына итяғатты шәкіртше ізетпен тіктеле тұрған екен. Зорекерліктен дәніккен сұғанақ сары көзі сонда да тоқ сүбелі әйел киген сымнан әлдене іздейтіндігін жасыра алмай телміре қарағанда, тісі де шақырлап кетіпті. Жалт қараған Күлән, қой таңына төнген аш қасқырша ырсия қалған бетсіз ауыздан сескене шегініп барып сөйлепті:

«Мына өлеңді сізге біреу жазып берген бе, аты-жөніңіз жоқ қой?"

«Атым бар, атым бар, ұмытып қалыппын ғой! -Ауқан омырау қалтасынан қаламын алып, хатының соңына қолын қоя сала әйел белінен жармаса түсіпті. - Жүрегіңе бір жылуым білінген шығар, жаным!»

«Тарт әрі! - серпіп тастаған Күлән, есік жаққа ыршып өтіпті. - Менің жүрегімді қай жерімнен іздеп тұрсың! Екінші бұлай есекше төнуші болма, өзіңнің «ұлы мәртебеңе» кесір болады! Ха-ха-ха-һа-һа...а.. мына өлеңіңдегі түйсіктің де қай жерінде тұрғандығын таба алмадым. Көбірек іздеуіме тура келетін сияқты!» -Өздігінен әдейілеп сұрап қол қойдырып алған бұл өлеңсымақ хатты сымының артқы қалтасына әдейілеп тығып, тағы күліпті. (Маудың ең адал қорғаушысымын деп көрініп жүрген алдамшы жендеттің «оңшы, кері төңкерісші, шпион» қатынға табынған табынысын зорекердің өзіне қарсы құрал ету үшін жаздырған екен. «Жалаңды енді жауып көрші қане» деген оймен күліпті.) - Жә, менің тағы бір сұрауым бар, - депті сонан соң. - Кешеден бері менің алдыма хат та, тұмсық та, ауыз да көп келді. Бәріңнің маған үйме-жүйме бір-ақ қаптағандарыңның себебі не?»

«Басқасын білмеймін, Күләшжан, сен менің жеңісімсің, жігерімсің, жүрегімсің!...»

«Ие, бәрің де осылай жазыпсың, бәрің де қып-қызыл төңкерісшісіңдер. Ал, мен ғой қап-қара оңшымын. Сол мағынадан айтқанда, қалпағым бар, диктатура астындағы кері төңкерісшімін, бәріңнен де қорқамын. Біріңе жасырын сөз берсем-ақ басқаларың кесір жасамақ екендіктерің белгілі болды. Тым болмаса өзара қырқысасыңдар! Сондықтан, ертең таңертең осында жиналыңдар, жауабымды ашық беремін. Шынымды айтсам, бәріңді де талассыз разы етемін!»

«Ол қалай, мұндағы таңдауың майбас қайның екеумізде ғана, басқалардың тайынша бұқаша көлденеңнен килігуіне жол қоймаймыз!»

«Жоқ, жол қоясың, ақсақал аяулым. Өз араларыңда мен үшін үлкен жанжал туылатындығын жас қайындарымның райынан біліп болдым! Ертең жиналыңдар, тыңдаңдар жауабымды! Ешқайсыныңа да зиян келтірмеймін. Қырқыстырмайтын, өз дәрежелеріңе лайық, талассыз әділет таптым!»

Осы мазмұнда неше қайталап өтінген Күлән жеңіп, Ауқанды келуге көндіріп қайтарыпты.

Ертеңіне таңертең балалары қызметке кетіп, оңаша қалған Күлән өз бөлмесіне мол дастарқанмен шай жасап, шақырған бес «сұқ иті» келіп болған соң сөйлепті:

«Жігіттер, мына Әукең ақсақалдың жолы да орны да үлкен. Сондықтан төріме отырғыздым. Ал, екінші үлкендерің - мынау, үлкен қайным. Ынтықбай марқұмның ең жақсы інісі. Панасыз қаңғырып қалғанымда алдымен танып, балам екеуміздің күн көрісімізге, ағасынан қалған жалғыз ұрпақты бағып-қағуға, жетім болып қаңғымай, тыныш оқуына көмектесті. Сондықтан бұл да менің ең құрметті кісімнің бірі. Ал, қалған үшеуің - кіші қайындарым, сендерден мен мүшел жас үлкенмін. Сондықтан сендер мені сыйлауға борыштысыңдар! Қайда отырсаңдар да отыра аласыңдар, жүре аласыңдар, құқықтарың бар. Бірақ арттарыңдағы бала-шағаларыңды тастап, жетім-жесір қалдыруға титтей де құқықтарың жоқ! Болашақ жетім-жесірлер түгіл, мына үлкен кісінің әлдеқашан жетім-жесір қалдырған сорлыларына социалистік қоғам не дауа айтарын білмей, бетін жерге басып қалды. Мен бұрын автоном райондық әйелдер бірлеспесінің дәл осындайды шешуге міндетті қызметкері едім. Талай жерге пікір көтеріп, бүкіл әйелдер болып жазғырып, Әукеңе сөз өткізе алмай қойғанбыз. Сол жазғырушылардың бастығы болған менің енді қартайғанымда осы кісіге тиіп, жетім-жесір сол сорлыларға опасыздық істеп масқара болатын жөнім жоқ! Дәл мен үшін мұндай намыссыздықтан өлім жеңіл! Басқа қалпағым да жетеді. Және мен енді әйел болып, бала туып ешкіміңді де жарылқай алмаймын. Жасым елуден асты. Көр аузында жүрген «бір оңшы-кері төңкерісші» кемпір үшін таласып, қырқысып, басқалардың алдында беттеріңе өшпес таңба болып басылатын масқаралық тауып алмаңдар, «коммунист төңкерісшілерім» Ешкіміңе тимеуім, ешқайсысыңды менсінбей қорлағандығым емес, осы отырған бәрің де зор-зор сын мен сымбаттың мәртебелі иесісіңдер! Егер біреуіңе жасырын сөз беріп, жасырын байланыс жасасам, қалғандарың жасырын өлтіріп тастасаңдар да обалым жоқ болсын! Соңымнан ұзақ жылдық бақылау қойыңдар да осы антымнан жаза бассам, аямаңдар! Осындай әділетке, осыншалық адалдыққа әрқандай ұждансыздың қарсы пікірі болмаса керек қой! Қалған өмірін балаларының-немересінің қасында тып-тыныш өткізбек болған бір кемпірге қайсысыңның қандай өкпелерің қалмақ екен, айтыңдаршы қане, таразыға салып көрелік!»

«Жоқ, енді өкпе жоқ! - депті жеңгесінің тәрбиелеп қойған біреуі. - Жесірдің мұндай бас сауғасына қазіргі дәуірде кім өкпе айта алмақ!»

Көз шұқитын бұл пікірге, ұялғандықтарынан басқалары да түгел қосылғандай болыпты.

«Менің бәріңді де жерге қаратпаймын дегенім осы жөнінде - деп Күлән қорытынды жөн-жосынын айтыпты төртеуіне. - Өз араларыңда бір-біріңе мен үшін қырғи қабақ наразылық, өкпе сақтамаңдар!... Әсіресе, өз бала-шағаларыңды, көңіл берген жарларыңды жылатпаңдар! Опасыз итке беріліппін деп азғындамай, адамға қосақталыппын деп махаббатын күшейтетін адал жар болып қалсын! Шын ниетіммен берер батам осы, ең баянды бақыттарың да осы жолда!»

Ауқан зорекер бұл пікірге қарсы рай көрсеткісі келгенімін, өзін халықтың жасырын өлтіре салуға жеткен наразылығынан қорқып қалған екен. Қызайларының талқысынан ант беріп әрең құтылғаны белгілі. Мыңқ етіп ауыз аша алмай қалыпты...

1975 жылы қатты төнген осы пәледен осылай құтылған Күлән, тауға шыққан соң еркекше киімді де тастап, нағыз көне кемпірдің киім үлгісімен киінетін болыпты.

- Ешқайсысын қайта қызықтырмауым үшін де, шекарадан өтіп тұратын шпион болып күмән тудырмауым үшін де осы амалым дұрыс болды! -деп Күлән күрсіне аяқтатты әңгімесін. -Қызай кемпірінің кимешегін киіп алған себебім осы.

- Осы айтқан төрелігіңнің өзі-ақ аспаннан көрінетін нұрдай сұлулық қой, онан соң қызығушы болмады ма? - деп күле сұрадым.

-  Ауқанның әлі де хат жазып қоятыны бар. Сөйтсе де халық жағы қамаған бір апталық жасырын абақты мен жасырын тергеу, жендет қасқырдың жон жүнін мықтап жыққан сияқты. Астамдық зорлық сөз айта алмай жүр. Оның үстіне былтырдан бері мәдениет топалаңының өзі де жон көрсете алмайтын болып, босап қалды ғой. Ал, ұйықтай ғой, Биғаш! - деп ірге жағына аунап түскен Күлән қатты күрсінді. Жүрек жара күрсінісінен Мақпал жөнінде жоғарыда баяндалған күдігім қозғала қалды.

- Ертең қалаға барайықшы! - деді аз тыныстан соң.

- Бармай-ақ қоялық! - мен де күрсіндім.

-  Бұлай күрсінуден тезірек құтылуымыз үшін неғұрлым тезірек барғанымыз жөн!

- Маңдайымызға жазылған үздіксіз күрсініс, қалаға барғанымызбен арыла қоймайды!

- Жауынгер Нәзипа мен Гүлсімді көргенде көкірегімнің кеңи қалатыны бар!

- Олай болса, өзің барып келе ғой! Жүні жығылды деп жатқан сол Ауқаның мені шырамытып қалса, жүні түгіл барлық қаһарын бір-ақ көтереді. Ауқан үшін менен зор жау жоқ! Оның кесіріне тағы ұшырамай, жолға тезірек түсуім қажет!

- Биғаш, Ауқан жендет халықтың жасырын тегеуріні енді бір тисе мойын омыртқасы мүлде үзілетіндігін сол жұмбақ абақтыдан толық түсініп жуасыды. Ал, сені одан сол халық бар күшімен қорғайтындығына сенімім толық!...

 

Көреген тергеушім, халық атты мұхиттың шетсіз-түпсіз шыңырау екендігін осы тараудан айқын көрдіңіз білем. Қырағысынып, саясатшы саяткерсініп оны қаншалық алдағандарыңызбен алданып қала бермейді екен де, торлағандарыңызбен торланып қала бермейді екен. Шындығында сіздер соның бетінде қалқып жүріп қана күнелтетін өрмекші мен маса ғанасыздар. Астыларыңыздан аңдып тұрған ең кішкене құртқа балықтары-ақ борбайларыңыздан сүйреп тартып жұта салатынын көрдіңіз бе! Қандай құртқа жұтып, қай жерінде езіп, қай жерінен шығарып тастағанын да білмей қалады екенсіздер ғой, ха-ха-ха-һа-һа...а. Қазір сол құртқалардың тегіс оянған шағы, олар да саясат белгілеп алыпты. Енді заусынбай... қырт қыспасаңыздар, қылмыстарыңызды олар да тізіп жүрген көрінеді!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

 


[1] Кит (қазақша) - көне құдалықта қыз жақтың сайлаулы жақын адамына күйеу жақтың кигізетін шапаны, мінгізетін аты.

[2] Қыз-күйеуді төркін жақтың тойдан кейін шақырып қонақтатып, үйірлестіретін әдеті.

[3] Туанжаң (ханзуша) -полковник.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373