Ақберен Елгезек: "«Мама» деген өлеңіме Аманхан Әлімұлының түсінбегеніне таңмын"
Журналымыздан «М-агентте - Ақберен» деп қысқа қайырған әңгімемізді оқығандар: «Үш қызға абайлап сөйлейтін болдық қой» - дейтінді шығарды. Ешкімде «алты аласымыз, бес бересіміз» жоқ. Біреуге барып «ұрынайық» дейтін де ой жоқ бізде. Әңгіменің орайы келгенде, айтарымызды айтып қаламыз. Түсінгені түсінер, түсінбесе - өз шаруалары.
Шыны керек, М-агенттегі әңгімеден кейін Ақберенмен біразға дейін «хат» жазыспай қойдық. Бірде: «Сәлем. Бұл жолы ешқандай да тосын хат емес», - деген жазба ақынның «адресінен» сап ете қалды. Қайтадан достығымыз жарасқандай болды. «Ақ желкеннің» қалың оқырманы біраздан бері көз жазып қалған Ақберенді іздей бастаған соң, агенттегі сырымызды ақынның өз рұқсатымен беруді жөн көрдік.
- Ақберен, бізге ренжіп жүрген жоқсыз ба?
- Қай адам өзін жаманмын деп ойлайды дейсің... «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше». Ұмытып кеттік. Реніш жоқ. Бәріміз бауырмыз ғой.
- Қуаныштымыз. Қазір ult.kz
Журналымыздан «М-агентте - Ақберен» деп қысқа қайырған әңгімемізді оқығандар: «Үш қызға абайлап сөйлейтін болдық қой» - дейтінді шығарды. Ешкімде «алты аласымыз, бес бересіміз» жоқ. Біреуге барып «ұрынайық» дейтін де ой жоқ бізде. Әңгіменің орайы келгенде, айтарымызды айтып қаламыз. Түсінгені түсінер, түсінбесе - өз шаруалары.
Шыны керек, М-агенттегі әңгімеден кейін Ақберенмен біразға дейін «хат» жазыспай қойдық. Бірде: «Сәлем. Бұл жолы ешқандай да тосын хат емес», - деген жазба ақынның «адресінен» сап ете қалды. Қайтадан достығымыз жарасқандай болды. «Ақ желкеннің» қалың оқырманы біраздан бері көз жазып қалған Ақберенді іздей бастаған соң, агенттегі сырымызды ақынның өз рұқсатымен беруді жөн көрдік.
- Ақберен, бізге ренжіп жүрген жоқсыз ба?
- Қай адам өзін жаманмын деп ойлайды дейсің... «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше». Ұмытып кеттік. Реніш жоқ. Бәріміз бауырмыз ғой.
- Қуаныштымыз. Қазір ult.kz
деген сайт ашқаныңыздан хабардармыз. Шыны керек, бұрындары ұлт жанашырлары «abai.kz-те не жазыпты?» дейтін болса, қазір «ult.kz-те не жаңалық?» дейтін болыпты... Кезінде өзіңіздің де «Абайда» жарнамаңыз жап-жақсы жүріп тұратын. Абайлықтардан тәлім алып, енші алып шыққаныңыз ба бұл?
- Жалпы, abai.kz -тің алғашқы шығарушыларының бірі болғанымды былайғы жұрт білетін болуы керек. abai.kz ғаламтор кеңістігінде жұмыс жасай бастаған алғашқы айларда Дәурен Қуат екеуміз жарысып, аптасына 2-3 мақаладан жазып тұратынбыз. Ол кезде интернетте бірен-саран, бірақ танымалдығы өте төмен сайттар бар болатын. Бірақ abai.kz порталының қарқыны өзгеше болды. abai.kz бүгінгі қазақ тілді сайттардың көшбасшысы ретінде де, алғашқы болып ұлттық мәселелерді ешкімнен қорықпай көтерген өжет интернет-басылым ретінде де тарихқа еніп кетті. Айдос Сарым, Дәурен Қуат және өзге де қазаққа жанашыр, ұлтжанды жас азаматтар бас қосқанда, «ұлттық мүддеге жұмыс жасайтын, қазақтың мәселесін өткір көтеретін интернет-жобалар көбеюі керек» деп айтып отыратынбыз. Әрине, екінің бірінің қазіргі заманда сайт ашып, оны толыққанды жүргізіп отыруға шамасы бола бермейді. Бұл сіз айтқандай жеке отау тігіп, бөлек шаруамен айналысу емес. Ұлт порталын құрғандағы мақсатым - бүгінгі қазақтың ертеңгі прогрессивті санасын қалыптастыруға, Алаштың мүддесін қорғауға атсалысу еді. Байқасаңыз, менің бұл порталда сіз айтқандай «жарнамам» жүріп жатқан жоқ қазір. Мен бүгін керісінше, қазақты қалай өркендетуге болады деген сәтті идеялардың жарнамашысы болып отырмын.
- Бүгінде сайт ашып, табыс табуға бола ма? Мұны сұрап отырған себебім, соңғы уақытта сайт ашушылар көбейіп кетті. Журналистерге болмағыр тиын-тебен беріп, мақала жазып беруін өтінетіндер жетерлік. Сондай ұсыныс түскенде «он екіде бір сайманы жоқ», сайт ашып несі бар дейміз. Сіздің сайтта журналистердің, авторлардың қаржылық мәселесі қарастырылған ба? Ертеңгі күні қаржының жоқтығынан аты бар да, заты жоқ болып қалмайсыздар ма?
- Қоғамдық-саяси бағытта сайт ашып, содан табыс табам деген адамның қиялына қуанар едім. Алайда, мұнда интернет-дүкендегі секілді тауар болмайды. Мұндай сайттар адамның саяси көзқарастарына ғана әсер етіп отыратын құрал десек болатын шығар. Егер бүгінгі еңбегіміздің ертеңгі табысы - шын мәніндегі демократиялық, зайырлы және өркендеген ұлттық мемлекет құру, қоғамымыз сергек, зиялы болса, онда бұдан асқан баянды табыс болмақ емес. Ал, журналистерге тарихы онжылдықтармен саналатын, болмаса бюджеті едәуір газет-журналдардың өзі мардымды қаламақы бермейтінін бәріміз де білеміз ғой. Сайттың оқылымды болуы үшін авторлар керек, әрине. Ең бірінші автор ол өзің болуға тиіссің. Қоғамдағы мәселелерге өзің алғашқы болып үн қатып отыруың қажет. Сол кезде сайтың оқылымды болады. Басқа авторлар да мақала беруге ұмтылады. Бізге мәселен тұрақты жазып жүрген және әзірге қаламақы талап етіп отырмаған біраз авторлар бар. Мысалы, әр мақаласы ғылыми тұжырымнан тұратын Болат Дүйсембі ағамызды айтар едім. Біз ол кісіге өз ұлтына сіңіріп жатқан еңбегі үшін әрдайым риза болып отырамыз. Сосын қаржының жоқтығынан тоқтап қалатын бұл - газет не өндіріс емес. Баспаханаға төлейтін ақшаң болмаса, әрине, газетің жабылып қалады. Интернеттегі жағдай мүлде басқа.
- Сайт арқылы табыс тауып, қарқ болмайтыныңызды айтып отырсыз. Өзіңіз ақынсыз. Тап қазіргі кезде ақындықпен де ешкім күн көре алмайтыны анық. Сонда бала-шағаңызды қалай асырап жүрсіз?
- Бала-шаға дейтіндей үлкен жанұя жоқ менде. Шынымды айтсам, жұмыстан кетердегі есептескен ақшама осы порталды ашқан болатынмын. Қазір өзіме өзім қожамын және өзіме ұнайтын іспен айналысып жүрмін. Бұрынырақ «елге титтей пайдаң жоқ, қалай болса, солай өмір сүріп жатырсың» деп өзіме жиі тиісуші едім. Сол өзіме өзім көңіл толмаушылықтан болар, аз да болса ұлтқа кішкентай пайдам тисін деп әңгімемізге арқау болып отырған порталды аштым. Ал, жүріп-тұруға, шай-жемге дегендей азын-аулақ тиын-тебенді тапсырыспен табамын. Аударма жасаймын, әртүрлі ұйымдарға сараптамалық мақалалар жазам. Шалқып жүруге жетпесе де, адал ас ішуіме жетеді.
- Осыған дейін тәп-тәуір қызметтер істедіңіз. Сол қызмет орындарыңызға қарап, «Ақбереннің жолы болғыш» дейтін замандастарымыз да бар. Сосын «Ақберен бір жерде тұрақтай алмайды, құйын сияқты» дейтіндер де кездеседі. Енді «Ақберен саясатқа, билікке қарай барғысы келеді екен» деген сыбысты да естідік. Өткенде ult.kz-те жастар саясатына қатысты үндеу мақалаңызды жарияладыңыз. Астанаға қоныс аударған Ақберендер Өтешовтерді биліктен ығыстыра ала ма?
- Осындай әңгімелерден алғаш «таяқ жеп» жүргенімде бір ағам маған айтып еді: «Өзің туралы ештеңе естігің келмесе, ештеңе істеме» - деп. Сол кісінің айтқаны келді, негізі. Шынында, ештеңе істемесең, артыңнан сөз ермейді. Мен туралы әңгіме көп қой. Дәлелсіз-дәйексіз сөйлей беретін аңқау халықпыз. Оған ештеңе істей алмайсың. Ренжімеймін де, ақталмаймын да. Расында, мен - мемлекеттік қызметте тез өскен жігітпін. Әкем де жоқ, көкем де жоқ. Бәрі әлгіндей тыныш отыра алмайтындығымнан болар деп ойлаймын. Орыста «ұсыныс берген жазаланады» деген тәмсіл бар. Соның нәтижесі. Мен жобаларды көп ұсынғандықтан болар, «керемет болсаң, соны өзің жүзеге асыр» деп өсіретін болуы керек. Содан кейін адамға жұғымың болмаса, ешкім сені көзіне де ілмейді ғой. Бұл енді кезінде болған шаруа. Бір орында отыра алмайды деген әңгіме, үнемі өсу процесімді көрсетсе керек. Бірақ жұрт оны тұрақсыз деп қабылдайтын секілді. Елге әңгіме керек, бізге жұмыс жасау керек. Бар болғаны сол ғана.
Өтешов мырзаға қатысты әңгіме былай. Мен сол жастар саясатына қатысты екінші мақаламда: «Маған Өтешовтің, болмаса басқа біреудің орны керек емес, маған мақаладағы көтерілген мәселелердің шешілуі қажет» деген сарындағы пікір айтқан болатынмын. Сондықтан менде ешқандай революциялық ойлар жоқ. Өтешовте де жеті атамның құны қалған емес. Мен қазақтың азаматы ретінде жастар саясатының олқы тұстарын айтуға міндеттімін. Себебі, олардың нәтижесі ертең ересек болатын бүгінгі жастың тағдырына әсер етеді. Егер үндемей отырсам, жеке қалған сәтімде мен өзімді жүндей түтемін.
- Жөн екен. Білуімізше, орысшаға да жетіксіз. Аудармамен айналысасыз. Басқа қандай тіл білесіз? Қолдан келсе, әлемдік деңгейдегі жауһарларды түпнұсқада оқығанға не жетсін... Әлде сіз осыған да қанағат дейтіндердің қатарынансыз ба?
- Мектептің соңғы сыныптарын ғана қазақ тілінде бітіргендіктен, кез келген орыспын деген сарыбаспен пікір таластыра алатын жағдайдамын. Бұл менің өмірімді жоспарлаған Алланың нығметі деп білемін. Тәуба. Бірақ мұнымен біздің қоғамда ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Сосын мен ешқашан өзімнің жеткен жетістіктеріме көңілім толмайтын адаммын. Ағылшын тілінде сөйлеп тұрған адамды орташа деңгейде түсінемін. Бірақ меңгердім деп айта алмаймын. Сондықтан әлем әдебиетінің жауһарларын түпнұсқадан оқу үшін ағылшын тілін меңгеруім керек екенін де сезіп жүрмін. Соған ден қоятын уақыт та таяп қалған секілді. Алла қаласа, ол тілді де меңгерерміз.
- Осыдан екі жыл бұрын журналымызда сіздің балалық шағыңыздан сыр шертетін хикаяңыз басылып еді. Оқырмандарымыз оқып, пікірін білдіріп, «Шынымен де Ақберен ағаның балалық шағы тура солай болған ба?» -
деп сұрайды... Ата-анаңыз туралы айтып беріңізші... Сол жазғаныңызды мемуарлық дүние деп қабылдауға бола ма?
- Бұл повестегі жазылған оқиғалардың барлығы шындық. Боямасыз жазғандықтан жұртқа ұнаған болуы керек. Повесть «Ақ желкенге» шыққан соң, туған-туыстарымнан ауыр-ауыр сөз де естідім. Оларға көркем әдебиет деп түсіндіре алмайсың. «Мұқым қазаққа масқарамызды шығардың» дегендер де болды. Амал жоқ, болған іс болды. Ал, мен бұл повесте біреуді әсірелеп жақсы қылып, біреуді жағымсыз етіп көрсеткем жоқ. Қалай болды, солай жазылды. Бұл менің бала кездегі алған стресстерім мен ұзақ жылдары жүрегімді кемірген депрессияны жеңуіме өте жақсы көмектесті. Бір пайдасы осы. Бірде маған анам: «Автобуста келе жатсам, бір-екі жасөспірім бала сыбырлап сөйлесіп тұр екен «Мына апа әлгі Ақбереннің повесіндегі кісі ғой, сұрайық», - деп. Сосын жақын келіп, сұрады. «Рас па?», - деп. «Рас, мен сол Ақбереннің анасымын», - дедім. Содан қазір аудан бойынша мені жұрт әдеби кейіпкер ретінде таниды, «жұлдыз» болып кеттім» - дейді. Сол сөздеріне қарағанда маған ренжімеген секілді. Бір жағынан неге ренжісін? Өтірік емес қой. Ал, повесті жазудағы негізгі мақсатым мынадай болған. Менің басымнан өткен жағдай көптеген адамдардың басынан да өткен, өтіп те жатыр. Осы шығарманы оқыған адамда жетім қалған балаға кішкене болсын мейірімі оянсын деген ойым болды. Мен өстім, жетілдім, ол күндер артта қалды. Ал, тура менің көргенімді көріп жүрген балаға бұл повесть көңіліне медет, үлкендерге ой салар деп есептедім.
Ата-анам туралы айтатын болсам, тәуба, анам бар. Шығыс Қазақстанның Үржар ауданында тұрып жатыр. Әкем төрт жасымда бақилық болды. Ол кісі туралы біздің қазіргі әдеби орта жақсы біледі. Кезінде журналист, әдебиет сыншысы болған Елгезек Әзбергенов деген азамат. Менің есімде ол кісі жоқ. Тек түсімде көрем. Оның өзі сирек. Анам өмір бойы мектепте ұстаздық етті, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Қазір зейнетте. Екінші рет тұрмыс құрған, одан екі інім бар. Қазір араласа бастадық. Өмір бір орында тұрмайды, адамға туыс керек. Сосын көптеген дүниені түсіне бастадық, кез келген жағдайға біржақты қарауға болмайды. Алланың бұйырған тағдырынан ешқайда қашып құтылмайсың. Сондықтан ащы да болса, шындығы бар бұл повесті жазғаныма да өкінбеймін. Ал, біреудің шымбайына тиіп кеткен тұстары болса, кешірім сұраймын. Ол кешірімді мен повестің алғысөзінде де сұрағам. Повесім қазақтың бай әдеби қазынасына тамшыдай үлесін қосса, онда аса жаман бола қоймайтын шығар деп ойлаймын.
- Сіздің шығармашылығыңызды ақын Аманхан Әлімұлы ылғи сынап жүреді. Бұл шамыңызға тимей ме? Шыныңызды айтыңызшы, Аманхан ағаңызға ренішіңіз жоқ па?
- Өтірік айта алмаймын, ренжідім. Бірақ менің ренішім тез қайтады. Ренішімнің себептері мынадай: біріншіден, Аманхан ағамыз барлық әдебиетті өзінің талғамына салып қарайды. Ол кісіге салсақ, Әлімұлының талғамынан, деңгейінен, көзқарасынан басқа дүние болмауы тиіс. Аманхан ағам батасын бермеген әдеби шығарманың өмір сүруге құқысы жоқ болып қалды ма сонда? Енді қайттік? Аманхан ағамыздың деңгейіндегі әдебиетті Аманхан ағам секілділер оқысын, Аманхан ағамның көңілінен шығатындай жазсын. Ешқандай қарсылық жоқ! Бірақ, әдебиет те әлем секілді, көптеген құбылыстардан, адам байқай бермейтін процестерден тұрады ғой. Аманхан ағам ешқашан архитектордың стилі мен пайымын түсінбейді, ол кісі үшін оның салған ғимараты жай ғана ұнамайды, болды. Ол кісі бұл ғимаратты сатып ала алмаған соң, ол «мен бұл үйде тұрғым келмейді» дей салады. Ол менің емес, Аманхан ағамның мәселесі. Бір газеттегі өте «терең ойлардан» тұратын сұхбатында ағамыз: «Ақберенге мен ескерту жасаған едім, әлі нәтиже шығармапты» - деп отыр. Айналайын-ау, қайдағы нәтиже? Әдебиет - ол жанның иірімдерінен құралатын дүние. Ақынның көңіл-күйін сезе алмасаңыз, қандай жағдайда және нені меңзеп отырғанын көре алмасаңыз, астарын түйсіне алмасаңыз, сында неңіз бар? Өз шимайыңызға риза болып, жүре бермейсіз бе? Жалпы, ол кісі сынаған Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы да жаман болған жоқ. Соған қарағанда, мен де аса нашар бола қоймайтын секілдімін. Бұл - бір. Сынаған-мінегенін көтеремін ғой, одан ештеңем кеміп қалмайды. Менің жаныма батқаны - «Мама» деген өлеңіме тиіскені. Ол өлеңді сынау үшін, Аманхан ағамыз алдымен жоғарыда айтқан повесімді оқуы керек еді. Сол кезде бұл өлеңнің стихиясын түсінер ме еді? Одан бұрын менің басқа да көптеген нашар өлеңдерім бар, соларға тиіссе, үндемес едім. «Мама» деген өлеңге сын айтқаны маған қатты тиді. Себебі, Аманхан аға менің марқұм әкемнің 5 жыл бойы бірге оқыған курстасы. Анамның қолынан талай дәм татқан адам. Әкем бақилық болғасын, біздің тоз-тозымыз шыққанын білмейді емес, біледі. Сағынышқа, өкпеге, жетімдік ызаға толы өлеңді ұқпаса, онда ештеңе ұқпаған екен деп шештім де, ол кісі туралы ойлаудан бас тарттым. Аманхан ағам аман болсын, әйтеуір! Басқа айтарым жоқ.
- Қазіргі кезде әдебиеттің, мәдениеттің жас өкілдері Астанаға қарай ағыла бастады. Елорда салқын қабылдап жатқан жоқ па?
- Астананың Алматыдан еш айырмашылығы жоқ. Алматы да көп жастың маңдайынан сипамаған еді. Қолында ештеңесі жоқ, бірақ кеудесін арман кернеген қазақ жасы жақсылыққа, жаңалыққа қарай ұмтылады. Ал, Астана - жаңа өмірдің символы. Біз де сол оймен кеткенбіз. Мұнда да пәтер жалдау, мұнда да өлместің күнін көру бар. Бірақ бір керемет болашақ басталатын секілді болады да тұрады. Үмітпен жүргенге Астананың ауа-райының суығы да, ресми жүздердің салқындығы да аса әсер ете қоймайды. Бұл - қазақтың Елордасы. Осы жерге қазақ ұйысуы керек. Өзіме Астана қатты ұнайды. Астанаға көшкелі көп дүниеге көзқарасым өзгерді, Алматыдағы «еркелікті» де қойдық, тазалыққа қарай ұмтылыс бар. Сондықтан қай орта болмасын, оны әдемі қылу біздің ғана қолымызда.
Жадыра НАРМАХАНОВА
«Ақ желкен» журналы