Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 4331 36 пікір 26 Тамыз, 2022 сағат 13:55

Жолдау: Парламент пен Үкімет таратыла ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні халыққа жолдау жасайды. Экономикалық тұрақсыздық пен саяси өзгерістер кезеңінде Мемлекет басшысының жолдауынан не күтеміз? Қандай маңызды мәселелер айтылуы мүмкін?

Сарапшылар екі маңызды мәлімдеме жасалуы мүмкін екенін айтады. Бірі – Парламентті тарату және жаңа сайлауды жариялау болса, екіншісі – Үкіметті таратуы мүмкін деп болжайды. Бұл қаншалықты мүмкін? Біз осы сұрақтар айналасында сарапшылардың пікірін сұрап көрдік.

Дос Көшім, саясаткер:

- Менің ойымша, Президент жолдауында айтылатын негізгі мәселе – экономикалық-әлеуметтік мәселе болмақ. Қазір азық-түлік, азық-түліктен басқа да қажетті дүниелердің  құны адам ойына келмейтін бағаға шарықтап өсті. Жолдауда қымбатшылық мәселесі қалай шешіледі, болашақта қалай болмақ деген сұрақтарға жауап беріледі. Бірақ өкінішке орай мен күткен екі мәселе айтылмайды деп ойлаймын. Бірі – демократиялық реформа мәселесі. Екіншісі – ұлттық мәселе, яғни қазақ тілінің мәселесі. Бұған Мемлекет басшысы мұның алдында да жолаған жоқ, бұл жолы да жоламауы мүмкін.

Және бір өзекті тақырып - Украина мен Ресейдің соғысы айналасында Қазақстанның нақты ұстанымы айтылуы керек деп санаймын. Себебі, Тоқаев «Қырымдағы жағдай аннексия емес» деді, біресе «Қазақстан Донецкі мен Луганскні мойындамайды» деді. Сондықтан Қазақстанның позициясы әлі де түсініксіз. Саясаткерлердің өзі нақты айта алмай отыр. Бір жағынан Ресей ресми одақтасымыз, екінші жағынан Ресейдің агрессиясына деген Президенттің Санк-Петербург жиынындағы сөзі мүлде басқаша әсер берді. Оның үстіне қазіргі Каспий құбыр консорциумының мәселесі көтеріліп, мұнайды басқа бағытпен алып шығу қарастырылып жатыр. Осындай жағдайда, қоғам еліміздің сыртқы саясатындағы ұстанымын білуі керек. Біздің Украина мен Ресей шиелінісіне көзқарасымыз алдағы бір-екі жылдықтағы экономикамызға әсер етейін деп тұр. Әрі Ресейге салынған санкцияның бір шеті бізге де тиюі мүмкін. Әлеуметтік жағдай туралы сөз қозғағанда, Президент осы саяси шиеленіске де қатысты бір ауыз айтады деген үмітім бар.

Ел ішіндегі Парламент мен Үкімет қайта жасақталуы мүмкін деген болжамға келер болсақ, егер біз жаңа, әділетті Қазақстан құрғымыз келсе, Парламент тарауы тиіс. Ескі жүйені ұстап тұрған Парламентпен билікті жалғастыру, менің ойымша, ақылға симайды. Бірақ Парламенттің өзі тарауы да мүмкін деген нұсқа бар. Жоғары жақпен келісе отырып, «Ал, біз тарайтын уақытқа жеттік, жаңа Қазақстанды жаңа Парламентпен бастайық» деп қойылым сияқты нәрсені іске асыруы мүмкін. Ондай кезде сайлау арқылы, Парламенттегі кейбір адамдар орнын сақтап қалады. Ал, егер Парламентті таратуға Президент бастама көтерсе, онда қазіргі отырған депутаттардың ешқайсысы орнында қала алмайды.

Ал, Үкімет қалай өзгерсе де экономикада, қоғамда өзгеріс болмайды. Өйткені, қазіргі кезге дейін басқарып отырған азаматтардың бәрі 30 жыл бойы жүйенің ішінде болғандар, олар осы уақытқа дейін экономикалық бағыттағы өздерінің күш-қуатын көрсете алмады. Шынын айту керек, біз ешнәрсеге жете алмадық. Сол бұрынғы өндірісі жоқ, шикізат сатушы ел ретінде қалдық. Бізді экономикалық қиындықтан алып шығатын команда көріп тұрған жоқпын. Жеке адамдардың орнын босатқанын көрдік. Кем дегенде оншақты Премьер-министр ауысты, министрліктерде тағайындаулар болды. Бірақ ешқайсысын «тамаша жұмыс істеді», «қарқынды қадамдарға бастады» деп айта алмаймыз. Үкімет қалай ауыстырылса да, сол баяғы жүйенің адамдары орнын басады. Сондықтан бұл жерде, Үкімет басына Парламенттік жүйедегі сияқты жеңген партия командасымен келуі керек. Бізге саяси-демократиялық реформа керек. Жаңа команда болмаса, Үкімет ауысу деген анықтама бізге келмейді. Бұл жолдауда Үкіметтегі өзгеріс туралы айтылғанның өзінде, оған мән берудің қажеті жоқ.

Мақсат Халық, экономист:

- Бұл жолғы жолдаудың басым бөлігі халықтың экономикалық мәселесіне арналады деген ақпарат шықты. Алдағы уақытта осы салаға назар аударылады деп үміттенемін. Президент айтуын айтып жатыр, бірақ орындалуы көңіл көншітпейді. Мысалы, Қаңтар оқиғасынан кейін, банкроттық туралы заң қабылдау мәселесі айтылған еді. Бірақ әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұл кейінге шегеріп қоя салатын дүние емес. Осы сияқты әлеуметтік осал топпен жұмыс та өте маңызды. Кейінгі кездегі инфляцияның өсуі халықтың төлем қабілетін өте қатты түсіріп жіберді. Осыған байланысты нақты ұсыныстар айтылады деп ойлаймын.

Тағы бір мәселе, еліміздегі жұмыссыздық және кедейшілік деңгейі. Әлі күнге дейін Қазақстандағы қанша адамның жұмыссыз екені туралы нақты ақпарат жоқ. Кедейлік статистикасы да қате. Ең төменгі күнкөріс шегі, ең төменгі жалақы мәселесі де өте өзекті болып тұр.

Қазіргі күні монополиямен күрес аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақша жымқырған азаматтар анықталып жатыр, бірақ қаражат қайтарылды. Бірақ бізде осы тұрғыда нақты заң жоқ және ол қаражат қайда кетіп жатыр, қайда жұмсалады, қандай мақсаты болады деген сұрақтар төңірегінде біраз сөз айтылады деп ойлаймын.

Айжан Темірхан

Abai.kz

36 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321