Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4386 0 пікір 24 Желтоқсан, 2012 сағат 07:23

Фазылбек Әбсаттарұлы. Алкоголь және саясат

Елбасымыз не үшін шампанның орнына қымызды ұсынды?

Кедендік одаққа кіргелі бері елімізде алкогольді тұтыну мөлшері күрт артып кетіпті. 2011 жылға дейін алкогольді ішімдіктерді тұтыну жылына 3 пайызға кеміп отырса, 2011 жылдан бастап керісінше көбейген. Биылғы жылдың қараша айындағы Салауатты өмір салтын құру ұлттық орталығының мәліметі бойынша адам басына шаққанда жылына 10-12 литр спирт ішеді екенбіз. Ал БҰҰның мәліметі бойынша тұтыну 8 литр спирттен асса халықтың жойылуға бет бұратындығын ескерткен.

Елбасымыз не үшін шампанның орнына қымызды ұсынды?

Кедендік одаққа кіргелі бері елімізде алкогольді тұтыну мөлшері күрт артып кетіпті. 2011 жылға дейін алкогольді ішімдіктерді тұтыну жылына 3 пайызға кеміп отырса, 2011 жылдан бастап керісінше көбейген. Биылғы жылдың қараша айындағы Салауатты өмір салтын құру ұлттық орталығының мәліметі бойынша адам басына шаққанда жылына 10-12 литр спирт ішеді екенбіз. Ал БҰҰның мәліметі бойынша тұтыну 8 литр спирттен асса халықтың жойылуға бет бұратындығын ескерткен.

Осы жоғарыдағы статистиканың, яғни алкогольді тұтынудың күрт артуын мамандар Кедендік одақтағы акциздің ең төменгі бағасын Қазақстан қойғандығымен түсіндіреді немесе Ресейдің мүддесіне құрылған алкогольді саясаттың жемісі дейді. Қалай болғанда да Ресейден бізге қарай алкогольді тауарлардың тасқынына тосқауыл қоюдың орнына, керісінше жолын ашып беріпті. Мұның сырын да айта кетейін, Ресей соңғы уақыттары алкогольге қарсы қызу науқан жүргізуіне байланысты, алкогольді бизнес біраз болса да саябырсып қалған екен. Ал Ресейдің республикалық бюджетінің біраз бөлігін алкогольді бизнес құрап отырғанын ескерсек, алкогольді бизнесінің құлдырауына мүдделі емес. Сондықтан алкогольді бизнесін Қазақстанның есебінен дамытуды қолға алыпты. Бір жағынан бизнесін дамытса, бюджетін толтырса, екінші жағынан Қазақстанның өзіне тәуелділігін одан сайын күшейте түседі. Осылайша Ресей «бір оқпен екі қоянды атып» отыр.

Ресей алкогольді бизнес алпауыттарының Қазақстанға ықпалынан болар қазір ауыр алкогольді ішімдіктердің орнына сыра, шампан сияқты жеңіл алкогольді ішімдіктерді кеңінен насихаттап жатыр. Алкогольсіз сыраның жарнамасы сияқты. Нәтижесінде халқымыз ауыр алкоголді ішімдікпен қатар, жеңілін тұтынуды көбейткен екен. Бұған ресми органдар халықтың ауыр алкогольден гөрі жеңіл түріне өтіп жатқанын айтып көңілді орнына түсіргісі келетіндей. Ал бұл жағдайға керісінше шын мәнінде жылау керек. Бұл түбі халықты геноцидке апаратын қауіпті жол. Себебі адамды алкогольге тәуелді ететін, алкоголизмді жедел дамытушы жеңіл алкогольді ішімдіктер екенін әлем медицинасы дәлелдеген. Оған қоса соңғы екі жылда елімізде алкоголь тұтынудан әйелдер еркектерді басып озғандығы жөнінде ақпарат кеңінен тарады. Жеңіл алкогольді көбінесе тұтынушы әйелдер екенін ескерсек, осы арқылы жеңіл алкогольдің әйелдерді тез алкоголизмге ұшыратып жатқанын байқауға болады.

Жалпы алкогольдің зияны туралы айтып жатудың өзі артық. Ғалымдар алкогольдің адам санасын тереңінен улайтын наркотиктен де қауіпті екендігін дәлелдеген. Себебі санадан тыс әсер етуінде екен. Сондай ақ құрамында адам ағзасына өте қауіпті этил спирті бар. Бұрынғы кездері медицинада кейбір сәттерде наркоздың орнына спирт қолданылыпты. Бірақ бұның наркоздан да қауіпті зияны анықталып, орнына тек қана наркоз қолданылатын болған екен. Сонда алкогольдің наркотиктен де қауіпті екенін біле тұра қалай пайдаланып жүргенімізді көз алдымызға елестету қиын. Ғалымдар наркотиктің ішіндегі уы деген баға берген екен. Оның бір мысалы ретінде алкогольмен денесі уланған адамнан туылған балалардың мүгедек болып туылуында. Себебі адамның геніне алкоголь радиацияның деңгейінде әсер етеді екен. Алкогольдің биологиялық зияндылығынан да бұрын адамның ақыл санасын біртіндеп жойып жіберетіндігі қауіпті. Ал алкоголдің зияндылығын ғылыми тұрғыдан ғана емес, қарапайым мысалдармен де айтуға болады. Мысалыға соңғы жылдары қылмыстардың көбейіп кеткенін Ішкі істері министрі Қ.Қалмұхамбетов Мәжілісте ресми мәлімдеді. Жол апаттарының  көбеюі, түрлі ауру сырқаулардың көбеюі, т.б. мысал бола алады. Себебі осы келеңсіздіктердің барлығының артында алкоголь жасырынып жатқаны шындық.

Бір қарағанға күлкілі көрінеді. Ал түбіне үңіліп қарағанның жүзінен күлкі қашып кетері сөзсіз. Себебі тажалдың нақ өзін көреді. Айланың мықтылығынан болар осындай тажалды көре тұрып өзі баратыны. Біз үшін тажал болатын себебі, қазақтардың ағзасы алкогольге бейім емес. Кейде бізді еуропалықтармен салыстырып, солардан мысалдар келтіріп жатады. Мыңдаған жылдардан бері ішімдік ішіп келе жатқан еуропалықтар жойылып жатқан жоқ қой дегендей. Еуропалықтардың ағзасында алкогольге қарсы иммуниеті бар, яғни алкогольге қарсы алкогольгидрогиназа деген фермент бөліп шығарады екен. Ал біздің қазақтардың ағзасында алкогольге қарсы мұндай алкогольгидрогиназа деген фермент мүлдем бөліп шығармайды екен. Бұл барлық көшпенді халықтарға тән қасиет екендігі медицина ғылымында дәлелденген.

Көшпенді болған түбі бір туысқан сібір халықтарының алкогольдің кесірінен жойылып бара жатқандығын көзбен көріп тұрсақ та селк етпейтініміз таңдандырады. Ендігі Сібір халықтарының бірқаншасы алкогольді ішімдіктердің себебінен жойылып кеткенін ешкім жасыра алмайды. Кеңес одағы тұсында қазақтардың алкогольге тәуелділігі шарықтау шегіне жетіп, ұлт ретінде азып, тозып кетуге сәл қалған кезімізді де естен шығармайық. Бұл тарих. Сондықтан болар халық арасында әзілде болса зілі бар «орыстар бізге ішімдік ішуді үйретті, бірақ ішу мөлшерін үйретпей кетіпті» дейді. Тарих қайталанып отыратынын ескерген жөн. Ресей тарих бойы алкогольге тәуелділік арқылы көптеген ұлттардың түбіне жетті. Бұл саясатын Ресей әлі де жалғастырып келе жатқандығын ашып айтқанымыз дұрыс. Орыстармен алкоголь ішуден жарысу өзіңді жарға итерумен бірдей. Бұдан тек орыстар ғана ұтып келген және ұта береді. Бұл Кедендік одақтың мыңнан бір ғана зияны.

Ресей тауарларының орнын бір сәтте басқа елдің тауарларымен алмастырып тәуелділікті жоюға болады. Бірақ Ресейдің алкогольді тауарларына тәуелді болатын болсақ, онда ол тәуелділіктен шығудың жолы қиын. Себептері өте көп. Жалпы алкоголизмге тәуелділіктен құтылудың қиындығынан бөлек, Ресейдің арағы әлемдік брендке айналған. Бұрыннан бері орыс арағына еті үйренген адамның басқа елдің ішімдіктеріне бет бұра бермейтіні де бар. Одан қалды бағасы да тиімді. Бұл жолдан біз не құл болып шығамыз не алқаш болып шығамыз. Ол да былай тұрсын ұлт ретінде жұрнағымызда қалмайды. Десек те осынау ащы шындықтарға қарамастан тұтына беруіміз санамызды тереңінен улағандығын көрсетеді.

Біз қылмыстарға, барлық жаманшылықтарға себепші нөмері бірінші нағыз қылмыскер алкогольмен күреспейтініміз қызық. Алкоголизмге қарсы күрес ретінде мынадай ұсыныстарым бар: 1. Алкогольді ішімдік ішіп кез келген құқық бұзушылық, қоғамдық тәртіпті бұзса оны тек айыппұлмен ғана емес жұмыс орнына хабар жіберіп сол жерде де түрлі жолдармен жазаласа. Жұмыс орны арқылы жазалау алкогольді ішімдіктерді жөн жосықсыз ішуді бірден тыяды. Халықтың жұмыстан айрылып қаламын деген үрейі барлығына көндіреді. 2. 20 градустан жоғары алкогольді ішімдіктерді өндіруге, сатуға тыйым салу керек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Көптеген дамыған елдер осылай тыйым салған. 3. Барлық алкогольді тауарлардың бағасын барынша қымбаттату. 4. Адамның санасына қатты әсер етіп жатқан видеоөнімдердегі санадан тыс әсер етіп жатқан алкоголизмді насихаттайтын белгілерін алып тастау үшін сараптамадан өткізіп отырса. 5. Aлкогольді тұтыну жасын жоғарылатса, мысалыға адамның ағзасы 22-23 жасқа дейін даму үстінде болады десек, осы жасқа дейін алкогольді тұтынуға, яғни сатуға тыйым салса. Тарих бойы алкоголь тұтынушылар, алкоголь тұтынбайтындардың құқын бұзып келеді екен. Бізде әлі де болса алкогольді тұтынушылардың құқы туралы ойлап тұтыну жасын ұлғайтпай келеді екенбіз. Ал алкогольді тұтынбайтындардың құқын ұмытып кете береміз. Яғни биологиялық тұрғыдан жетілгенмен психологиялық, сана сезімінің жетілуі тұрғысынан қарастырғанда алкогольді тұтыну жасын ұлғайту ешкімнің құқын бұзбайды. Әлі психологиялық тұрғыдан жетіліп үлгермеген жас ұрпақтың алкоголизмнің қармағына оңай түсетіндігі белгілі. Алкоголизмнің бастауы, қайнар бұлағы осы жерде жатыр. Себебі «не ексең соны орасың». Жастайынан, әлі ақылы кіріп үлгермеген ағза алкогольге бойын жәймендеп үйретіп алған соң, кейіннен қалыпты жағдайға айналады. Егер де ақылы кіргенге дейін алкогольді бермей, заңмен тыйым салып, үгіт насихат жүргізсек, сонда ғана егініміздің жемісін көруге болады. Алкоголизмнің түбіне балта шабылар еді. Алкоголизмге қарсы күресте ең басты жемісін беретін әдіс те осы. Ал алкогольге ағзасы уланғандарға, тәуелді болғандарға ешқандай антиалкогольдік үгіт насихат не тыйым, шектеулер, ешнәрсе, ешқандай жағдайлар әсер етпейді. Қандай манипуляция жасасаңыз да, миын «жусаңыз» да. Сондықтан да осы күнге дейінгі антиалкогольдік әрекеттерден нәтиже шығар емес. Оларды тек қана күштеп емдеуден басқа жол жоқ. 6. Алкогольді ішімдіктерді тұтынудың шырқау шыңына шығатын кезі жаңа жыл. Сонымен қатар ауру, қылмыстардың да жоғары көрсеткіш көрсететін кезі. Осы күні айықтырғыштар мен ауруханалар артық адам қабылдауға дайындала бастайды екен. Әрине билік Тәуелсіздік күнінен де жаңа жылды артық көріп, шектен тыс насихаттап жатқан кезде, жат мерекені тойлауды тоқтату керек деп ұсыныс айту бекершілік. Бірақ құрығанда сол жаңа жылды ішімдіксіз қарсы алу туралы үгіт насихат кеңінен жүргізілсе біраз болса да нәтиже бола ма деген үміт. Мерекені тек алкогольмен тойлау керек деп манипуляцияға ұшыраған, уланған санамызды  қайта емдеп, барлық жамандықтардың бастауы болған алкогольсіз жаңа жылымызды бастауды әдетке айналдырсақ. Жақында ғана Елбасымыз Н.Назарбаев жаңа жылдың кезінде шампанның орнына қымыз ішу бастамасын көтерді. Бұл жай айтыла салған емес. Алкоголизм туралы қоғамдық пікір тумаса да, халықтың қарсылығы білінбесе де бұл мәселені тұңғыш көтеруінің себебі, жоғарыда айтқанымдай соңғы кездері Қазақстанның алкогольге тәуелділігі күрт артып кетті. Сондықтан да Елбасымыздың дер кезінде көтерген осы өте орынды, пайдалы ұсынысын қолдап, біртіндеп алкогольге тәуелділігімізді және Ресейге тәуелділігімізді осылайша азайтуымыз керек. Тіпті алколгольді ең көп тұтынады деген Ресейдің өзі соңғы екі жылды жаңа жыл кезінде Мәскеудің орталығында алкогольді ішімдіктер сатуға тыйым салып келеді. Бұдан бөлек түрлі шектеулерді көбейтіп жатыр. Соған қарамастан осынау шектеулерге бас көтеріп жатқан ешкім жоқ. Себебі қанша жерден алкогольге тәуелді болып жатса да мәдениет атаулыдан хабары бар халық емес пе. Ал біздің жағдайымыз мүлде бөлек. Алкогольге тез тәуелді болатынымызбен қоса, қанында қызуы бар біз сияқты халыққа алкогольдің қызуын қосу күйдіріп өртеп жіберумен тең. Отарланған елдің алкогольге тәуелділігі жабайы алкоголизмге ұрындырып тек жойылатыны ақиқат.

Табиғат ресурстары азайып, халық көбейіп, жер тарылып жатқан заманда, Қазақтың байлыққа толы ұлан байтақ жерін соғыссыз жаулап алуға бел буып отырған сыртқы күштерге, алкоголизмге қазір күреспесек ертең тым кеш болары анық. Себебі ертең күресті кеш бастар болсақ, саны көбейген алкогольге тәуелді азаматтарымыз бізге бой бермей кетеді.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338