ӨР ТҰЛҒА
Алдымызда келе жатқан Жылан жылының бірінші күні қазақтың белгілі қайраткері Мұрат Әуезов жетпіс жасқа толады. Біз осы мерейлі датаға байланысты өз тарапымыздан жарияланым даярлап жатқан кезде, Мұрат ағаның досы, танымал ғалым Мұрат Ғылмановтан газет редакциясына «өз аяғымен» келген мақала түсе қалды. Содан біз бір Мұрат жөнінде жазылған екінші Мұраттың жүрекжарды жазбасын сәл-пәл қысқартып, қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.
Мұрат аға, жетпістің желкесіне ілінген мерейтойыңыз құтты болсын! Қиянаты қалың заманға тап болған қазаққа қызмет-қарымыңыз әлі де молынан қажет: халқыңызға - қайрат, Сізге - тәңірден тегеурін тілейміз!
«DАТ» газеттер жобасының шығармашылық ұжымы
Мен Мұратпен 1966 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым академиясының аспиранттар жатақханасында таныстым. Бұл кезде ол КСРО Ғылым академиясының Әлем тілдері институтының аспирантурасына оқуға түсен.
Бұған дейін Мұрат МГУ-дің шығыс тілдері факультетінде оқыған еді. Сол уақытта ол Мәскеуде оқитын қазақстандық студенттер мен аспиранттардың бастарын біріктіретін «Жас тұлпар» қоғамдық-саяси қозғалысының басты ұйымдастырушыларының бірі болды. «Жас тұлпар» халқымыздың ұлттық сана-сезімінің дамуына зор түрткі болды.
Алдымызда келе жатқан Жылан жылының бірінші күні қазақтың белгілі қайраткері Мұрат Әуезов жетпіс жасқа толады. Біз осы мерейлі датаға байланысты өз тарапымыздан жарияланым даярлап жатқан кезде, Мұрат ағаның досы, танымал ғалым Мұрат Ғылмановтан газет редакциясына «өз аяғымен» келген мақала түсе қалды. Содан біз бір Мұрат жөнінде жазылған екінші Мұраттың жүрекжарды жазбасын сәл-пәл қысқартып, қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.
Мұрат аға, жетпістің желкесіне ілінген мерейтойыңыз құтты болсын! Қиянаты қалың заманға тап болған қазаққа қызмет-қарымыңыз әлі де молынан қажет: халқыңызға - қайрат, Сізге - тәңірден тегеурін тілейміз!
«DАТ» газеттер жобасының шығармашылық ұжымы
Мен Мұратпен 1966 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым академиясының аспиранттар жатақханасында таныстым. Бұл кезде ол КСРО Ғылым академиясының Әлем тілдері институтының аспирантурасына оқуға түсен.
Бұған дейін Мұрат МГУ-дің шығыс тілдері факультетінде оқыған еді. Сол уақытта ол Мәскеуде оқитын қазақстандық студенттер мен аспиранттардың бастарын біріктіретін «Жас тұлпар» қоғамдық-саяси қозғалысының басты ұйымдастырушыларының бірі болды. «Жас тұлпар» халқымыздың ұлттық сана-сезімінің дамуына зор түрткі болды.
Мұрат жатақханада тұрғаннан бастап, аптасына 1-2 рет жиналатын семинар ұйымдастырды. Семинарда еліміздің экономика, мәдениет және тарих мәселелері талқыланатын. Бұл семинардың жұмысына атақты философ Георгий Гачев қатысып, еліміздің тарихы мен мәдениеті туралы баяндамаларды үлкен қызығушылықпен тыңдайтын. Семинарларда Мәскеудегі ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істейтін көптеген аспиранттар баяндама жасайтын. Бұндай отырыстар қызу пікірталастармен өтетін. Көбінесе Қазақстан мәселелері көтеріліп, еліміздің тәуелсіздікке жету жолдары талқыланатын.
Өкінішке орай, алты айдан кейін әлдебіреу бұл семинарлар туралы біздің республикамыздың тиісті органдарына жеткізіпті. Алматыдан Қазақстанның КП Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі келіп, семинарға қатысып жүрген әрқайсымызбен жеке сөйлесті. Семинар жұмысына қатысуға болмайтынын ескертті. Бұл сөзге құлақ аспаған жағдайда оқудан шығарыласыңдар деп қорқытты. Осыдан кейін семинар жұмысы тоқтатылды.
Алайда Мұрат өзінің ұйымдастырушылық жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Ол Мәскеудегі Қазақ КСР-нің тұрақты өкілдігінде мәдениет мәселелері жайлы жиі дәрістер оқыды. Мұраттың ұйымдастырған іс-шараларының ішінде 1967 жылы желтоқсан айында Мәскеу қаласындағы Мәдениет институтының акт залында ұйымдастырған кешін айырықша айтуға болады. Бұл кешке қазақтың 500-дей студенттері мен аспиранттары жиналды. Кешті ұйымдастыруда Мәдениет институтының студенті Марат Балтабаевтың еңбегі ерекше болды. Мұнда Мұрат үлкен баяндама жасады. Осы баяндамада Сталин және оның қызметкерлерінің қолымен ұйымдастырылған қазақ халқының ұлы қасіреті жайлы баяндалды. Осы сұмпайы саясаттың нәтижесінде еліміз қырғынға ұшырап, халық саны екі есе азайғаны айтылды. «НКВД» әскерін жұмылдыру арқылы қолдан ұйымдастырылған ашаршылыққа халықтың малын конфескелеу себеп болғаны ашық айтылды. Малсыз қалған халық аштықтан қырылып, қазақ даласы өлікке толды. «НКВД» қызметкерлері ашыққан қазақтарды қалаларға кіргізген жоқ. Осының салдарынан қала қақпалары маңында аштан өлген адамдардың мәйіттері тау болып үйіліп жатты. Бұл трагедия әлі күнге дейін өзіне лайықты тарихи бағасын алған жоқ. Осы теріс саясат қазақ ұлтының моральдық тамырының күйреуіне әкелді. Трагедияның ауқымды болғанына байланысты бұны қазақ халқының «Холокосты» деп айтуға болады. Бұл трагедияға тарихи баға берілмей, қазақ халқының өркендеуі жайлы айту қиын мәселе. Мен Мұраттың осындай мәселелер айтылған баяндамасынан кейін, Коммунистік партияның қатарына кірмеймін деп серт еттім.
60-жылдардың аяғында Мұрат және «жастұлпарлықтар» Алматыға оралды. Алматыда Мұрат Әуезов Философия институтына жұмысқа қабылданды. Оның басшылығымен көшпенділердің мәдени мұрасы зерттеліп, үлкен еңбектің нәтижесінде монография жарыққа шықты. Өкінішке орай, бұл басылым шыға салысымен биліктің бұйрығымен оның қолжазбалары толықтай тәркіленді. Өзінің сараптамаларының негізінде жазған бұл еңбегінде Мұрат отырықшы және көшпенді халықтарды қатар дамыған өркениет деген қорытындыға келді. Мұрат көшпенділерді адамзат өркениетінің дамуына зор үлес қосқан деп көрсетеді. Ол үлеске сабын, садақ, ауыздық, ертоқым, жүген, шалбар және жылдам почтаның пайда болуы жатады. Мұраттың араб-парсы әдебиетінің қазақ поэзиясына ықпалын көрсететін жұмысы да маңызды болды.
1973 жылы «жастұлпарлықтар» Азия және Африка елдерінің жазушыларының бесінші конференциясын ұйымдастырды. Бұл конференцияның белсенді ұйымдастырушылары Олжас Сүлейменов, Ануар Әлімжанов, Мұрат Әуезов, Сәтімжан Санбаев пен Болатхан Тайжанов еді. Алғашқы рет Африка мен Азия елдерінің атақты жазушыларының еңбектері қазақ тіліне аударылды. Аудару кезінде құлдыққа қарсы күрес әдебиетіне аса назар аударылды.
Мұрат «Литературная газетаның» Қазақстандағы арнаулы тілшісі болып жүрген жылдары еліміздің мәдениеті мен өнерінің танылуына көп еңбек етті. 70-80-жылдары бұл газетті КСРО-ның интеллигенциясы оқитын. Бұның өзі Мұраттың тек Қазақстанның ғана емес, Кеңес Одағының қоғамдық өмірінде беделі мықты болғанын көрсетті.
Одан кейін «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы болғаннан бастап, оның айналасына Мәскеу мен Ленинградтың шығармашылық университеттерінің түлектері - режиссерлер, сценаристер, операторлар және актерлар жиналды. Мұраттың басшылығымен көп жылдар бойы тоқырауда тұрған киностудияның жұмысы жанданып, әлем мойындайтын шығармалар жарыққа шықты.
Мұраттың ерекше қасиеттерінің бірі деп оның рухани тәуелсіздігін айтар едім. Ол ешқашан биліктің алдында иіліп, үлкен шендер сұраған емес. Оған қоғам өміріндегі бір жағдай ұнамаған кезде, ол кез келген қызметтен бас тартып, өз алдына кете беретін. Сондай бір қызметтен кеткен кезінде ол Батыс Қазақстанға Болат Қарақұловпен бірге фольклорлық экспедицияға барып, ежелгі қазақ поэзиясын қағазға түсіріп қайтқан-ды. Тағы бірде Қостанай облысына барып, ежелгі ескерткіштерді зерттеумен айналысып кете барды.
Мұрат Қазақ КСР-нің тарихи ескерткіштері мен мәдениет құндылықтарын қорғау қоғамында қызмет етіп жүрген кезінде айналасына ұлт патриоттарын топтастырып, елімізде алғашқы болып ежелгі ескерткіштерді жүйелі зерттеудің негізін қалады. Бұл Қазақстан ескерткіштерін түгендеудің алғашқы тәжірибесі болды. Айта кету керек, бұл қоғам қазақ халқының мәдени-тарихи қазынасын тірілту ісіне зор үлес қосты.
Мұрат «Невада-Семей» қоғамдық-саяси қозғалысының жұмысына да қатысып, атом қаруына қарсы күрестің дамуына да еңбек сіңірді. Бұл қозғалыс өткізген іс-шаралары қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы маңызды оқиғалардың бірі болды.
Мұрат Әуезовтың айналасындағы дос-жарандарын жіпке тізер болсақ, Алаш ұлтына адал қызмет еткен азаматтың тұлғалық тұрпаты айқын танылар еді.Олардың қатарында: Қазақстан петроглифтерінің атақты зерттеушісі, ойшыл Алан Медоев, атақты суретшілер Салихэтдин Айтбаев пен Мақұм Кисамединов, атақты дизайнер, қазақ теңгесінің авторларының бірі, Қазақстан Республикасының дизайнерлері одағының төрағасы Тимур Сүлейменов, талантты жазушылар Асқар Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, Герольд Бельгер, Анатолий Ким және Дүйсембек Накипов, «Мир» телекомпаниясының бас директоры, экс-сенатор Ғаділбек Шалахметов, атақты журналист, саяси қайраткер Сейдахмет Құттықадам, Шынжандағы қазақ жастарының астыртын қозғалысының басшысы, талантты журналист, жазушы Айтан Нүсіпхан, музыкалық симметрологияны жасаушы Болат Қарақұлов, музыкатанушы, профессор Әсия Мұхамбетова, ірі археолог ғалым, Қазақстанның ежелгі ескерткіштерін танушы Марат Сембин және иранистика ғылымындағы ірі ғалым Сафар Абдулло, тағы басқалар бар.
Мұрат Әуезов еліміздің Қытай Халық Республикасындағы ең бірінші төтенше және өкілетті елшісі болды. Өзінің еңбекқорлығы, қайсарлығы және қытай тілі мен ол халықтың мінезін жетік білуінің арқасында ҚХР билігімен шекараны ресми түрде бекіту мәселесіне тікелей қатысты. Бұл біздің дипломатияның зор жеңісі еді.
Алматыға оралғаннан кейін Мұрат жұмыссыз қалды. Оны Марат Балтабаев Мәдениет ғылыми зерттеу институтына жұмысқа алды. Мұрат ол жерде тұрақты жұмыс істейтін семинар ұйымдастырды. Семинарда саясат пен мәдениеттің мүйізі қарағайдай майталмандары Қазақстанның өзекті мәселелерін қозғайтын баяндамалар оқыды. Бұл семинар жұмыстары еліміздің қоғамдық-саяси өміріне жаңадан серпін берді.
Мұрат «Азамат» қоғамдық-саяси қозғалысының ұйымдастырушыларының бірі болды. Бұл қозғалыс бүкіл республиканы қамтыған іс-шаралар өткізді. Осы орайда демонстрация ұйымдастырғандары үшін Мұрат, Ғалым Әбілсейтов және Петр Своик үшеуін тергеу изоляторына қамады.
Мұрат Әуезов «Сорос-Қазақстан» қорының директоры болып тұрған кезде ел ішінде қиянат көріп жүрген әдебиет пен өнеріміздің көптеген көрнекті өкілдері ақшалай-гранттық көмек алды. Осы қордың ұйымдастырған іс-шараларының ішінде үздік романдар конкурсын атауға болады.
Мұрат еліміздің Ұлттық кітапханасында да үлкен із қалдырды. Оның басшылығымен көптеген семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылып, кітапхана ел интеллектуалдары үшін нағыз білім қазынасына толы ғажайып Меккеге айналды. Кітапханада алғаш рет әртүрлі елдердің әдебиеттеріне арналған орталықтар құрылды. Бұған сол елдердің елшіліктері де атсалысты. Мұрат кітапхананы техникалық модернизациялауға көп көңіл бөлді.
Бұдан біраз жылдар бұрын ол ұйымдастырған «Ұлы Жібек жолы керуені» Орталық Азия халықтарының мәдениетін зерттеуге арналған еді. Керуен барысында осы жол бойындағы халықтардың тарихы, мәдениеті насихатталды. «Жібек Жолы бойындағы әңгімелер» атты телевизиялық бағдарлама ұйымдастырды.
Мұратпен құралыптас болған, орысша оқып, білім алған біздің қазақ тілін жарытып білгеніміз шамалы еді. Сондықтан бізді көлденең жұрт «Ашаю-жабаю» деп мазақ қылатын. Мұрат осындай мазаққа қалмау үшін өзінің ана тілін біліп қана қоймай, оның күрделі этимологиялық қасиеттерін зерттеумен де айналысты. Осының өзі Мұраттың туған ұлтына, оның тіліне деген сүйіспеншілігін көрсетсе керек. Бір қызығы, Мұратпен дос-жаран болып жүрген біздердің біразымыз қазақ тілін қаншама үйренуге тырыссақ та, ауызекі әңгімеден әріге жете алмай қалдық.
Осы кішігірім мақалада қазақтың ар-намысы, тіреуі, ақылы болатын көп қырлы талантты тұлғаның образын көрсеткім келді. Енді, міне, Мұрат жетпіске де жетіп, өзінің нағыз кемелденген шағында келді. Оның жинаған білімі, жан- жақты ақылы, рухани байлығы, тәжірибесі тәуелсіз Қазақстанға ауадай қажет. Ежелде қазақ халқына Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би қандай қызмет атқарса, бүгінгі алмағайып заманда Мұрат Әуезов сияқты дана тұлғалар да еліміздің дамуы үшін әлі де сондай қызмет атқара береді деп білуіміз керек сияқты.
Мұрат ҒЫЛМАНОВ,
«Жас тұлпар» ұйымының мүшесі
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 48 (176) 25 желтоқсан 2012 жыл