Жұма, 20 Қыркүйек 2024
46 - сөз 2462 2 пікір 8 Қыркүйек, 2022 сағат 14:03

Ұлттық бірегейлену

Тұңғыш президент билігінің соңғы кезеңінде президент атынан әйгілі екі мақала жарияланды... Сол мақалалардың ықпалымен еліміздегі саяси өмірде "Ұлттық бірегейлену" және "Ұлттық код" атты екі термин өмірге келді...
Содан бері осы екі ұғымды талқылап келеміз, бірақ, оның нақты бір айшықты нұсқасын таба алмаудамыз. Нәтижесінде, бұл екі ұғым Қазақстан атты мемлекетті құру және нығайту ісінде айтарлықтай қызмет атқара алмай келеді.

Неге?
Жауабы өте күрделі.
Бұл жерде мен қарапайым бір-екі нұсқасын атай кетейін:

1. Қазақстандағы "мемлекеттік даму" екі бағыттан құрылды: біріншісі - Көпұлтты мемлекеттегі бірлік пен ынтымақтастықты көздейтін заңдар жүйесі, екіншісі - "мемлекет ішіндегі мемлекетке" тән астыртын коррупциялық қарым-қатынастар жүйесі.
Мұнда: Мемлекет басқару жүйесінде коррупция басымдыққа ие болғандықтан - ол жүйеге "Бірегейленген Ұлт" пен "мықты Ұлттық код" қажет болмады. Себебі, мемлекет құрушы ұлт - қазақ ұлтының бірегейленуі мен ұлттық кодын жаңғыртуы Коррупцияға бірден-бір соққы болушы еді.
Неге десеңіз, Қазақ халқының Ұлттық жады мен Ұлттық болмысы әрқашанда Елдікті, Шындықты, Әділеттілікті, Тазалықты талап ететін рухани құндылықтар жүйесін құрайтын.
Сондықтан, Коррупциялық жүйе небір заманауи жаңа саяи технологияларды пайдалана отырып, қазақ халқының осы ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫН өзгеруге күш салды. Сөз жүзінде ғана айтылған Ұлттық бірегейленуді коррупциялық жүйе іс жүзінде неше түрлі бюрократиялық әдістермен тежеп отырды....
Қоғам өмірінің бар саласын өтірікпен толтырды.... Халық абдырап қалды...
Бүгінде осыны түзеу қажеттігі ең басты орында тұр десе болады.

2. Елімізде Қазақ халқының және оның мемлекеттік тарихының көптеген материалдары жинақталды. Соның нәтижесінде Қазақ халқы тұңғыш рет өзінің ҰЛТТЫҚ КОДЫ туралы толық білуге мүмкіндік алды... Бірақ, коррупциялық жүйе оның да өңін айналдырып, оны рушылдық пен жершілдік бағытқа қарай бұрып жіберді. Нәтижесінде біз тәуелсіздіктің 30 жылында Ұлттық кодын анық ұққан, сөйтіп бірегейленген саяси ұлтқа айнала алмадық... этноұлттық деңгейде қалып қойдық... Нәтижесінде, Мемлекеттілікті сақтау жауапкершілігін халық САЯСИ ҰЛТ ретінде толығымен өз қолына ала алмады. Вождизм (көсемшіл) межесінде қалдық.
Бұл - мемлекеттік құрылымның әлсіздігін білдіретін құбылыс.
Қазір біз осы - екінші "қателікті" (мүмкін қылмысты?) түзеудің бағытында тұрмыз... Ұлттық бірегейлену - ҰЛТТЫҚ МЕННІҢ оянуымен ғана жүзеге асады. Бүгінде оның жарқын үлгісін бізге Украин халқы (ұлты) көрсетіп жатыр... Украиндер - бұрынғы дала халқының бүгінгі ұрпақтары!

 

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

2 пікір