Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Көршінің көлеңкесі 3498 16 пікір 10 Қыркүйек, 2022 сағат 13:02

Ши төрағаға ОА мен Қазақстан ауадай қажет

ҚХР төрағасы Ши Жипиңнің 14 қыркүйекте елімізге келе жатқаны расталып отыр. Бұл оның 2020 жылдан бері қарайғы шетелдерге тұңғыш сапары. Сонымен бірге, сапарға оның партия төрағалығына үшінші мәрте қалу-қалмауы шешілетін ҚКП 20 съездінің ашылуына тура бір ай қалғанда (16 қазан) жол алынып отыр. Осылардың өзі-ақ, Ши төрағаның осы сапарға айта қалсын маңыз беріп отырғанынан дерек береді.

Қытайдың жағдайы мәз емес дерлік. Трамп соққысынан ырғағынан жаңыла бастаған экономикасы ковид-19 кесірінен өсімін азайтып, тұрақсыздана түсуде. Шетел капиталы іргедегі Въетнам, Индия сынды жұмыс күші арзан, инвестициялық шектеулері азырақ мемлекеттерге сырғуда. Ішкі инвестицияның басым саласы есебінде экономикалық өсімнің сүйреушісіне айналған құрылыс саласы мемлекеттік реттеудің тегеуірініне төзе алмай, шатқаяқтай бастаған. Осы саладағы ең ірі жетекші 20 компанияның 12-сі мемлекеттің қол үшін беруіне жүгінуде. /2021 жылы Бір Хыңда компаниясының қарызы 2 трлн юанға жетсе, сол жылғы елдің ЖІӨ 100 трлн болатын/. Қытайлық ішінара БАҚ жұмыссыздықтың 20-%-ға жеткендігіне дерек келтіреді. Қытай үкіметінің жуықта биыл оқу тауысқан 27 млн студентті қайда жіберерін білмей отырғанын мойындағаны бар. Неше он жылдан бері инвестиция қойнауына айналған инфрақұрылым тоғайып, құрылыс саласы қақырай бастаған соң, Қытайлық банктер несие берерге ие таппай шарқ ұратын күйге түскен. Батыстың, оның ішінде АҚШ-тың жоғары технологиялы бөлшектерді Қытайға экспорттауын шектеуі Қытайдың өңдеу-өндіру қуатын әлсіретіп, бұл елдің айтылып жүргендегідей «әлем фабрикасы» емес, шынтуайтында төмен деңгейлі тауарлардың фабрикасы екендігін паш ете бастағандай.

Трамп заманындағы Қытайдың геосаяси позициясын әлсірету ұстанымы, күтілгендегідей, Байденнің келуімен бәсеңдей қойған жоқ. Байден үкіметі Тынық мұхит алабындағы елдерді жұмылдырып, Қытайдың аталмыш өңірдегі амбициясына соққы жасаумен бір уақытта, әлемдік саясатта Қытайдың «жанды жері» саналатын Тайванмен мықтап айналыса бастады. Ресейдің Украинаға жасаған тұтқыйыл шабуылы өткен жылдардағы індет кесірінен сетіней бастаған ғаламдық жеткізілім жүйесінің онан ары қақырауына алып келгені бар. Қазір тұтас жер шары елдері энергетика мен астық жеткізілімі үшін шабынды. Бұл шикізат пен энергия, астық пен жем импортына зәру Қытай үшін жығылғанға жұдырық болып тиюде.

Үш жылға жуық босағадан аттап шықпаған Ши Жипиңнің осы келісінің есебіне тоқталсақ. Ғаламдық сасаттағы ықпалының қақпайланып, жұғымы кете бастаған елдің өзіне жақтастар мен сүйеушілерге күні түсе беретіні заңдылық. Сол сияқты Бейжиң үшін ШЫҰ-ның бәсі артып отыр. 15-16 қыркүйекте өтетін ұйым саммиті кезінде өзі бас болып құрған ұйымның және сол арқылы өзінің әлемдік саясаттағы айбарын көрсету, сонымен бір уақытта осы ұйымдағы елдердің өзімен қатынасын бажайлау және оны шыңдай түсу, алмағайып заманда Ресейге қолдаушылығын білдіру - Ши төрағаның осы жолғы сапарының миссиясы-дүр.

Оның саммиттен бір күн бұрын Ақордаға «бас сұғып шығуының» мәні мен маңызы баcқашарақ. Аса амбициялық «Бір белдеу, бір жол» бастамасының «теңіздегі жібек жолы» қанатының АҚШ бастап, Австралия қостаған кедергілерге ұшырауы, оның Еуразия құрылығындағы «жібек жолы экономикалық белдеуі» қанатының маңызын арттыра түсті. Ал оның бірінші деңі - Қазақстан. Сондықтан Еуропаға құрлық арқылы қатынаудың шыға берісінде орныққан Қазақстанның көңілін аулап отыру Қытай үшін керек әм маңызды да.

Мынау ойпыл-тойпыл заманда Қазақстанның мұнайы мен газы да, астығы мен шаруашылық өнімдері де, оның Қытай импортындағы үлесі мардымды болмағанымен, қашанда керек нәрсе. Осындай экономикалық есептерден бөлек, Қазақстанның соңғы мерзімдерде көрініс беріп жүрген Ресейге «тік қарайтын» сыңайдағы дипломатиялық ұстанымы, Қытайды саяси жақта орайды мезетінде игеріп, «Орта Азиядағы басты серіктесті» өзіне тарта түсуге итермелеп отыр. Бұрынғы билік тұсындағы көрінеу және көмескі ымыраларды «Жаңа Қазақстан» жағдайында сақтап қалудың қамы тағы бар. Демек, Тоқаевтың қабағын бажайлап, аңысын аңдап қайту да ойда болуы кәдік.

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

16 пікір