Ресей - держава емес, аймақтық ойыншы!
Мьянма төңкерісінің көшбасшысы және қазіргі президент Мин Аунг Хлайн сейсенбіде (18 тамыз) Ресей президенті Владимир Путинмен тағы да кездесті. Бұл оның 2021 жылғы төңкерістен бергі Ресейге бесінші сапары.
Екі президенттің кезекті кездесуі туралы Сингапурдағы ISEAS-Юсоф Исхак институтының аға ғылыми қызметкері, «Путиннің Ресейі және Оңтүстік-Шығыс Азия» кітабының авторы Ян Стори Француз басылымына берген сұхбатында төмендегідей пікір білдірген:
«Екі ел арасындағы қарым-қатынас сауда-айырбас сипатында. Халықаралық деңгейде оқшауланған және азаматтық соғысқа тап болған Мьянма көшбасшысы Мин Аун Хлайнға Ресейдің дипломатиялық қолдауы, әскери техникасы және елдің энергетикалық дағдарысын шешуге көмегі қажет болды. Ресей Мин Аун Хлайн режиміне қару-жарақ сатумен бірге, атом электр станциялары мен шикі мұнай сатуға да үмітті. Өз кезегінде Мьянма үкіметі Кремльдің Украинаға қарсы агрессиялық соғысын қолдады.
Мьянмадағы қарулы қарсылыққа ұласқан азаматтық соғыс диктаторлық режимді Ресейдің әскери техникасына одан ары тәуелді етті.
Қазіргі уақытта Мьянманың екі негізгі қару-жарақ жеткізушісі - Ресей мен Қытай, бірақ Ресей ерекше маңызды, себебі ол Мьянма әскери күштерін жойғыш ұшақтармен, тікұшақтармен және дрондармен қамтамасыз етеді. Ресей сонымен қатар Мьянма әскери қызметкерлерін оқытып, Украинадағы жауынгерлік тәжірибесімен бөлісті.
Ресейдің Мьянмамен қарым-қатынасы негізінен үш негізгі салаға негізделген: сауда, энергетика және қорғаныс. Дегенмен, Ресейдің экономикалық ресурстарының шектеулі екені белгілі, бұл Мин Аун Хлайнды Қытаймен қарым-қатынасты жақсартуға итермеледі. Қытай 2021 жылғы төңкерісті қолдамады және біраз уақыт төңкеріс жетекшілерінен алшақтады. Бірақ екіжақты қарым-қатынас жақсарды, Бейжің биыл Мьянмадағы даулы сайлаулардың нәтижелерін мойындады. Қазір Мин Аун Хлайн Қытаймен коммерциялық және қаржылық байланыстарды одан әрі тереңдетуге тырысуда. Бұл салада Путиннің Ресейі Бейжіңмен бәсекелесе алмайды.
Мәскеу төңкеріс тудырған мүмкіндікті пайдаланып, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы саяси және экономикалық мүдделерін ілгерілетуге тырысты. Батыс санкцияларына байланысты аймақтағы Ресейдің қару-жарақ сатылымы соңғы онжылдықта күрт төмендеді. Сондықтан Мәскеу жаңа нарықтарды белсенді түрде іздеуде, ал Мьянма солардың бірі.
Ресей Оңтүстік-Шығыс Азияда жаһандық держава болуды армандағанымен, екінші дәрежелі ойыншы болып қала береді. Оның аймақтағы экономикалық ықпалы әлсіз, ал дипломатиялық ықпалы шектеулі. Сонымен қатар, ол бұл елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ешқандай рөл атқарған жоқ. Шын мәнінде, Ресей ұлы держава болып көрінетін аймақтық ойыншы».
Abai.kz