Латын әліпбиі: Серікжанның ойы
Өткенде «Аманат» клубының кезекті отырысы өтіп, онда латын әліпбиіне көшу, дайындық мәселелері сөз болған еді. Отырыста жасалған баяндамаларды жария еттік. Соның бірі - Әлімхан Жүнісбектің баяндамасы еді. (http://old.abai.kz/content/elimkhan-zh-nisbek-elipbi-meselesi)
Осы баяндама қызу талқыланды. Соның ішінде Серікжан есімді оқырманымыздың жазған пікірлерін топтастырып, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Abai.kz»
Өткенде «Аманат» клубының кезекті отырысы өтіп, онда латын әліпбиіне көшу, дайындық мәселелері сөз болған еді. Отырыста жасалған баяндамаларды жария еттік. Соның бірі - Әлімхан Жүнісбектің баяндамасы еді. (http://old.abai.kz/content/elimkhan-zh-nisbek-elipbi-meselesi)
Осы баяндама қызу талқыланды. Соның ішінде Серікжан есімді оқырманымыздың жазған пікірлерін топтастырып, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Abai.kz»
Жасалған латындық әліпбидің жобаларының көбісінде қазіргі Түріктің латынша әліпбиін негізге алынған. Бәрі де сөйтеді. Көрмеген адам болса, анау Түріктің кинолары басталарда шығатын жазулар - сол. Сол жобалармен және оның тағы да басқа балама нұсқаларымен Елбасының өзі де танысқан болар. Сондықтан ол: "Бұл мәселені жүзеге асырғанда дұрыстап ойлану керек. Біріншіден, өзге Түркі елдердің латын әліпбиінде астына, үстінде ноқаты бар, құйрығы бар таңбалар молайып кеткен. Ондайға жол бермеуге тырысу керек. Екіншіден, бір дыбысты бірнеше әріптермен белгілеу кездеседі. Ағылшын тілінің өзінде солай. Бір Ш дыбысын жазу үшін үш әріп қолданылады, ондайдан да сақ болу керек" - деген мағынадағы пікірлерін айтты өз тарапынан сол Жолдауда ("2050"). Қазір бізге 33 әріптен тұратын қазақтың латынша әліпбиін жасау міндеті тұр. Әріптің саны қанша болады ол алфавитте десек сол. Оған баршасы қосылады.
Алдымен былай істейміз. "Латын алфавиті" дегенде көбісі Ағылшын алфавитін түсінеді. Олай емес. Ол - латын алфавиті. Латын алфавитін немістер де, итальяндықтар да, француздар да, испандықтар да ғасырлардан бері қолданады. Тіпті ағылшындардан бұрын да қолданып келген бұл елдер. Сондықтан, мықтап есте ұстайтын дүние: Латын әліпбиі деген - ағылшын әліпбиі емес. Егер оны ағылшын әліпбиінен тіке алсақ - күллі дүниенің алдында мазаққа қаламыз. Ондай айтыңдар - Қазақтар ағылшынша негізделген латын әліпбиіне көшкелі жатыр деп. Қазақ ғылымы тағы да мазаққа қалады. Қазақтар тағы да мазаққа қалады. Оны көп жылдар бойы университетте "Латын тілі" пәнінен сабақ бергесін айтып отырмын. Латын тілінің қазақша оқулығын да жазғым келген. Қазақ баласына сол бір Ұлы тілдің дәмін таттырғым келген. Жаһанда тек қана төрт (4) Ұлы тіл бар. Олар: Көне грек тілі (адамзат өркениетінің аға тілі), Латын тілі (адамзат өркениетінің іні тілі), араб тілі (қасиетті "Құранның" тілі) және Көне Түркі тілі (түркі халықтарының Ата тілі).
Сондықтан, кәдімгі шынайы Латын әліпбиінің (Рим империясында қолданылған) өзіне назар аударыңыздар, пікір айтушылар мен академияда отырған ғалым-профессорлар. Сонда ғана күллі ғылыми әлем Қазақ тіл білімі ғылымы мен Қазақтарды сыйлайтын болады. Себебі, оны түсіндіргенде, болашақ "Латынша әліпбиіміз сол Рим империясында қолданылған, ЛАТЫН ӘЛІПБИІНІҢ негізінде жасалған" деп жалғанға жар салуға болады. Сонда жер-жаһан Қазақ тіл білімі ғылымы мен Қазақтарды сыйлайтын болады. Өмірімізде бір рет далбаңдап шаба бермей, мазақ бола бермей, салмақты ғылым жасап көрейікші, қазақтар. Қазақтың тіл білімі саласындағы профессор және профессор-оқытушы ғалымдары, Сіздер де.
Бұл мәселе былай шешіледі. Ең алдымен көне Рим империясы мәдениеті тарихын жөндеп оқуы керек бұл жазуды жасайтын ғалымдар. Сосын латын жауының қалай пайда болғанын, оның қалай дамығанын мұқият зерделеу қажет. Латын тілін (әіпбиін емес, тілдің өзін - ол қазір өлі тіл) шамалап болса да, үйрену қажет. Латын тілін (дәлірек айтқанда әліпбиі мен орфографиясын және латын тілінің дыбыстық жүйесін - фонетикасын және латын тілінің грамматикасын) білмейтін адамның жобасы қабылданбауы тиіс. Сосын осы латын әліпбиінің шығу, пайда болу және даму таризын зерделеп алған соң одан қазіргі Итальян және Француз, Испан әліпбилерінің қалай қалыптасқанын зерттеу керек. Себебі, бұлар латын әліпбиін ең алғаш рет қолданған елдер. Соджан кейін ғана латын әліпбиін қолдануды кеш бастаған неміс және ағылшын әліпбилерін зерделеу қажет.
Содан кейін латын әліпбиінің өзін негізге ала отырып және итальян, француз, испан, неміс, ағылшын әліпбилеріне сүйене отырып қазақтың латынша әліпбиі жасалауы тиіс. Қазақ тілінің латынша әліпбиінде осы аталған әліпбилерде көрсетілген дыбыстардан басқа басы артық дыбыс болмауы тиіс. Тек қана Ұ, Ү, Ы, І Ө, Ғ, Ә дыбыстарының латынша әліпбидегі таңбаларын мықтап ойлануы тиіс. Латынша әліпбиіміз қазіргі латын әліпбиін қолданатын жоғарыдағы елдердің әліпбилерінен алшақ кетпеуі тиіс. Сөйтіп, ғылыми негізделген пайымды тұрғыдан келейік.
***
Латын әліпбиін ғылыми танып болған соң, қазақ тілінің өзінің дыбыстық құрылысын зерделеу керек демекші едім. Алайда, бұл орайда, Әлімхан ағамыздың қазақ тілі және түркі тілдері фонетикасының дүниеде теңдесі жоқ маманы екенін мойындай отырып, бұл тұрғыдан ол кісіге пәлен дей алмаймыз. Тек қана жазу ережелері (орфография) жетілдіріле түссе деген тілек бар. Мысалы неге құдық, түндік, ұзын, күдік, бүлік деп жазамыз, неге құдұқ, түндүк, ұзұн, күдүк, бүлүк деп дұрысын жазбаймыз латыншаға көшкен кезде. Осы жердегі Ұ дыбысы айтылатын жерлерде Ы дыбыстарын салып жіберу де орыс әліпбиінің ықпалынан туындаған жоқ па. Егер жоғарыдағыдай Ы деген айтылмайтын дыбысты (Ұ және Ү болып айтылатын) жаза беретін болсақ, болашақта шынында да, сол жерлерде езуін керіп Ы қылып айтатын ұрпақ дүниеге келеді. Қазір бізде теледидар дикторларының өзі соларды Ы қылып айтамыз деп қазақ тілінің сөйлеу заңдылықтарын бұзып жүр. Енді солай болып кетіп, қазақ тілінің быбысталу жүйесін бұзып алатын боламыз.
Сосын, мысалы, олимпада деген сөзді, әрқашанда алимпада деп жазу керек. Себебі, "о" дыбысының оқылғанда "а" болып кетуі себебін ешбір қазақ жазуының ережесі түсіндіріп бере алмайды. Егер "олимпиада" деген сөздің басындағы "о" дыбысы оқылғанда "а" болып кететін болса, онда "от" деген сөзді де "ат" деп оқуға болар еді ғой деген сұрақ туындайды. Сондықтан әрқашан алимпиада деп жазу керек. Барлық орыс тілінің ережесімен оқылатын сөздерді ретке келтіру керек, жазу ережелерімізде.
Сосын, аға, бұл пікірлерді оқысаңыз айтарым: өзіңіз жасап отырған жаңа латынша әліпбидегі анау бір нүктелер мен ноқаттардан, құйрықтардан құтқарыңызшы бізді. Енді тек ағылшын емес, француз, неміс, испан әліпбилеріне үңіліңіз. Сосын ағылшындардың әліпбиін былай ысырып қойып, көне классикалық латын әліпбиінің тұнығының өзінен сусындаңыз. Түпнегізді содан алыңыз.
***
Аға, біз осы дұрыс жазбағандықтан қазақ тілін бұзып алдық, бабаларымыздан қалған қасиетті әуендерді бұзып алдық Соны түзету керек. Ол үшін сөздердің өзін көпе көрнеу бұрмалап жазбайтын болайықшы. Ол үшін екі мысал келтірейін:
1) біз қазір "ми" деп жазамыз. Кәдімгі басымыздың ішіндегі ми. Ми деген нота атауы бар. Бұл екеуі омоноим емес қой. Бірдей айтылатын сөздер емес қой. Басымыздағысы "мый" ғой, ал нота атауы "ми". Осы екеуін неге ажыратып жазбасқа. Басымыздағы мый сөзінен неге ортасындағы "ы" дыбысын алып тастадық. Неге қазақ тілін осылайша өрескел бұрмаладық. Бұл мысалдан тағы да мыңдаған осылай қате жазылған сөздер шығады. Соларды кәдімгідей етіп, дұрыстап қазақша жазайықшы: басымыздағына "МЫЙ", нота атауын "МИ" деп.
3) "Әулие" дейміз. Солай жазамыз. Неге біз осы сөздің ортасындағы і дыбысын тастап кетті. Неге кәдімгідей қазақша "әулійе" деп жазбаймыз. Неге қазақ тілін бұрмалаймыз. Байғұс болған і дыбысын тастап кетететіндей не жазығы бар еді оның. Бізге қазақ тілінің әрбір сөзі, әрбір дыбысы қымбат емес пес пе. Болашақта шынында да әулие деп дыбыстайтын ұрпақ пайда болса, қайтеміз, қазақ тілін бүлдіріп аламыз ғой, қате жазу арқылы. Сондықтан "орысша" түрде "ӘУЛИЕ" деп емес, кәдімгі өзіміздің баба тіліміздегідей "ӘУЛІЙЕ" деп жазатындай ереже енгізіңізші, латыншаға көшкен кезде.
***
Ағамыздың латынша әліпбиінде әулие сөзі шынында да әулійе деп жазылады. Енді осыны бекіту керек. Себебі, бұл қазақ әліпбиінде и (дауысты) және у (дауысты) дыбыстары қазақ әліпбиінен шығарылып тасталған. Енді ондай дыбыстар жоқ. Сондықтан: "ту" (жалау) сөзін енді "тұу" деп жазуға, "су" сөзін енді "сұу" деп жазуға тура келеді. "Сурет" сөзі енді - "Сүурет" деп жазылатын болады. Бұл дұрыс. Алайда бір сұрақ туындайды. Шетел сөздерін қалай жазамыз. Ағаамыздың әліпбиі бойынша енді "кино" сөзін - "кійнө" деп жазуға ал "фильм" сөзін енді "пійлім" деп жазуға тура келетін болады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, "В" және "Ф" дыбыстарын қазақ әліпбиінен шығарып тастауы дұрыс болмаған. В және Ф дыбыстарынан айырылмау керек. Бұл дыбыстар және оны белгілейтін әріптер бізге шетелден енген ғылым салаларындағы терминологиялық жүйені беру үшін керек. "Фабрика" сөзін ағамыз айтқандай - "пәбірійкә" деп жазуға болмайды.
***
8-ші қонақ, өзіңіз айтып отырған "қатар қою" туралы. Қазақша латын әліпбиі мен қазіргі орыс (кирилл) әліпбиі 2025 жылы қолданысқа енгізілгенмен, олар қатар қолданыла беретін болады. "Казахская латиница" және "казахская кириллица" деген атаулармен. Олар кем дегенде шамамен 50 жыл бойына, яғни 2075 жылға дейін қатар қолданылатын болады. Сондықтан, екі әліпбимен жүретін елге айналамыз. Екеуін де білуге тура келеді. Латынша жазу енгізілген күннен бастап, кириллицаға тиым салынады екен деп ойлама. Екеуінің айырмасы сол латынша жазуымыз қазақ тілінің дыбыстық (фонетикалық, акустикалық, артикуляциялық, орфографиялық, орфоэпиялық, интонациялық) табиғатын қазіргі кириллица жауымызға қарағанда әлдеқайда дәл беретін болады. Бұлардың басты айырмасы сол.
***
6-шы және 13-ші қонақ бауырларым, "латынша қазақ әліпбиі тек қана компьютердің клавиатурасы үшін қажет" деген ойдан арылыңыздар. Латынша әліпби бізге ең алдымен қазақ тілінің кириллицаға негізделіп, әбден бұзылып біткен тіліміздің дыбыстық және орфогрфиялық жүйесін жөндеп алуымыз үшін қажет. Әйтпесе, қазіргі кириллица және оған негізделген орфографиямыз қазақ тілінің қасиетті қоңыр үшін әбден бұзып бітті. Қазіргі ең басты қайшылық мында болып отыр, қазақ тілінде екпін (ударение) жоқ. Ал орыс тілінде және өзге тілдерде бар. Сондықтан "омоним" деген сөзді енді латынша "амоним" деп жазуға тура келеді. Ал қазақ тілінде дауысты "и" дыбысы жоқ (мақаладағы ең соңғы берілген қорытынды әліпбиді қараңыз). Мәселе осында болып отыр.
Сондықтан, шет тілден енген сөздер үшін дауысты И, дауысты У, Ф және В, сосын Х дыбыстарын қалдыру жөнінде сөз болып отыр. Осы бес әріп қой тілге түйткіл болып отырған. Әйтпесе, басқасының бәрі көңілге қонымды. Мысалы, "велосипед" сөзін болашақта "белесепет" деп жазуға әбден келісер едім. Латын жазуы бізге пернетақта (клавиатура) үшін ғана керек емес, латынша жазу бізге қазақ тілінің болашағы үшін керек. Қазақ тілінің дыбыстық табиғи жүйесін оралтып, оны бабаларымыз сөйлегендей түрде сақтап қалу үшін қажет.
***
Қазақ тілінде дауысты "у" дейтін жоқ. Және ешқашан болған да емес. Автор дауысты "у" дыбысын латынша қазақ әліпбиінен мүлде шығарып тастап отыр. Онысы дұрыс. Мына тұрған дауыссыз "у" дыбысы ғой мысалы: тұу, сұу, құу, бұу, жұу, Ұлұу дегенде келеді.
***
Ағамыздың ұсынып отырған әліпбиімен және орфографиясымен келіспейтін екі тұсын айттым. Мақаланың соңында қорытынды, ақырғы әліпби берілген ғой. Бірінші ұсыныс - сол әліпбиге мына үш әріпті Х, Ф, В-ны қайтару, яғни қосу керек деп есептеймін. Екіншісі - анау әріптердің асты үстіндегі ноқаттар мен нүктелерден, "құйрықтардан" арылу керек деп есептеймін. Соны айтқанмын. Әркімнің өз пікірі бар. Оны өзімше дәлелдеген болдым.
Мәселелердің келесі тобы осы жазумен қазақша жазғанда шығады: жазғанда қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар арасындағы езу және ерін үндестіктері сақталуы тиіс деп есептеймін. Мысалы жаңа әліпби бойынша жазғанда енді былай жазылуы қажет: түндүк, түстүк, құрұлұс, өлөң, өсөк, құм-нұң, күн-нүң, үкүм, үкүмет, құдұқ, құрұлұқтар, күлкү, ұзұн т.б. Яғни, сингармонизмнің барлық түрлерінде фонетикалық принцип (қалай айтылса, солай жазу) сақталуы тиіс. Ал дауысссыздардың үндестігінде (ассимиляция) морфологиялық принцип сақтала беруіне болады: жұмұсшы (жұмұшшы емес), құрұлұсшы (құрұлұшшы емес). Қазақстан - Қазағыстан емес. Ал қазіргідей жұмысшы, құрылысшы деп жазу тілімізді түбінде бұзып тынады.
Екінші мәселелер тобы шетелден енген сөздердің жазылуы туралы туралы, сөздер былай жазылуы тиіс: олимпиада емес - алимпиада, омоним емес - амоним, фосфор (поспор) емес - фосфыр, Адиссей - Одиссей емес - осылай жазылуы тиіс деп ойлаймын. Себебі, қазақ тілінің өзінде жазылғанда "О" болатын дыбыстың айтқанда "А", "Ы" болып кететінін түсіндіріп бере алатын ереже жоқ. Егер ондай ереже болса, Отан дегенді "Атан", "Олжас" дегенді "Алжас" деп орыстарша айта берер едік қой. Сондықтан, "Отан" дегенді - "Отан" деп жазу керек, "олимпиада" дегенді - "алимпиада" деп жазу керек. Болашақта латын әліпбиімен солай жазу керек.
***
Ал анау "Ц", "Ч", "Һ", "Э" "Я", "Ю", "Ё", "Ъ", "Ь" әріптерін болашақтағы әліпбиімізге де, жазуымызға да жолатпай қуып шығыңыз, аға. Біз бұларды енді ешқашан көрмейтін болайық. Қазақтың сөздерін жазсақ та, өзге тілдің сөздерін жазғанда да бұл "шата" әріптерді енді қайтып мүлде және еш жерден көрмейтін болайық. Және бұл әріптерді енді ешқашан жазбайтын болайық: тсиркөл (тсиркул), тшемпион, електір, енергиа, азиа, айұу, ойұю, финлйандиа (сіз ойлағандай "пійнлійндійә" емес), иолка (дұрысы "шырша" деп қазақшасын жазу), подйез (подъезд емес), қахарман (сіз ойлағандай "қақарман" емес), гаухар (сізше, "гауқар" болады) - осылай жазылуы тиіс.
Кешіріңіздер: Финлйандйа, йолка - осылай жазылуы тиіс. Яғни мына бес әріпті: дауысты "И", дауысты "У", дауыссыз "Х", дауыссыз "Ф", дауыссыз "В" дыбыстарын және оны таңбалайтын әріптерді тек қана шет тілден енген сөздер үшін әліпбиде сақтап қалу туралы ұсыныс білдіріп отырмын. Ал жоғарыда айтқан сегіз әріпті аластап, қазақ тілінен мүлде қуып тастау керек. Енді қайтып, әлібиімізде де, жазуымызда да Қазақ тілінің маңынан жүрмейтіндей ету керек.
***
Қ(К) және Ғ(Г) туралы айтсақ, әрине, Қ(К)-нің екеуі бір дыбыс екені, сол дыбыстың жуан-жіңішке дауыстымен тіркесуіне қарай аккомодациялық варианттар екені рас. Ғ(Г) - бұл екеуі де бір дыбыс. Оны есімшенің мына жұрнағынан айқын көреміз: -ған, -ген, -қан, -кен (-лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер деген көптік жалғауымен салыстырып). Алайда, айтылуы тым алшақтап кеткендіктен, бөлек таңбалау керек шығар. 5-ші қонақты қолдауға болады. Мысалы, қазір орстар Ш және Щ дегенді бөлек таңбалап жүр ғой. Алайда, орыс әліпбиіндегі Щ деп отырғанымыз - мол Ш дыбысының жіңішке нұсқасы ғана ғой. Оның үстіне егерде шетелдік сөздерде "Г" және "К" дыбыстары жуан дауыстылармен де тіркесе береді. Әлде "карта" демей "қарта" деп жазамыз ба, онда георграфиядағы "карта" сөзі - қазы-қарта дегендегі қартамен еріксіз омоним болады да шығады. "Галстук" деген сөзді "гәлістүк" деп жазатын боламыз ба әлде.
Шығарылып тасталған дыбыстардың ішінен Х дыбысын алайық. "Хақназар хан" деген енді "Қақназар қан" деп жазылады. Қандай үйлесімсіз. "Хан" деген сөз "қан" болып жазылғасын кәдімгі тұла-бойымызды аралап жатқан сұйықтық - қызыл "қан-мен" омоним болып шыға келеді, "халық" (Қазақ халқы) сөзі енді "қалық" (Қазақ қалқы) деп жазылса, онда "қалық" (артта қалған) деген сөзбен омоним болып шыға келеді. Сол сияқты "Хабар" - "Қабар" (ит қабар дегенге ұқсап) деп жазылып, "Хат" - "Қат" деп жазылса, "Қат" (тапшы, дефицит) сөзімен омоним болып кетеді. Онда әбден былықтырып аламыз ба, қалай өзі. Сол сияқты, "Хикая" сөзі - енді "Қйықая" болып қиқайып шыға келеді, "Хордың қызы" сөзі енді "Қордың қызы" болып қорланып қалады. Бұндай мысалдарды жүздеп-мыңдап келтіре беруге болады. Оның үстіне "Х" дыбысы басқа шетелдерде де бар. Сонда қор (қор болу) - қор(-дың қызы) - қор(-мен ән айтылды) - осы үшеуі омоним болып шыға келеді. Әрине, "Х" дыбысы араб-парсы тілдерінен енген бөгде дыбыс, алайда тілімізге етене болып кеткен. Қалдырылатын дыбыстардың қатарына "Х"-ны қосып отырғаным сондықтан. Бұл жазған пікірімді "Халық жауы ретінде Репрессияға ұшырап кеткен "Х" дыбысын ақтап алу" деп түсінсеңіздер де болады.
***
7-ші қонақтың, лабиальдық сингармонизм, қазақ тіліндегі ерін үндестігі туралы пікіріне: Егер әңгіме "Е" дыбысына (оның "Ө" болып айтылуы) туралы болса, Сіздің айтқаныңыз дұрыс болуы мүмкін. "Күрөк", "Жүрөк", "Өлөң", "Өсөк", "Қорөк", "Сөйлө" (күрек, жүрек, өлең, өсек, қорек, сөйле) деп Алматы мен Тараздықтардың айтуы - Алтай-Енисей-Қырғыз тілдерінің әсерінен болған, өзгеріс болуы әбден мүмкін. Бағзы Қазақ тілінің өзінде ондай (Қырғыз, Хакас, Тува, Саха тілдеріндегідей) күшті дамыған ерін үндестігі болмаған да болуы мүмкін. Егер "Ы" және "І" дыбыстары туралы болса, бұл дыбыстарға Қазақ тілінде ерін үндестігінің әмірі толықтай жүретіні рас қой: түбір сөздерді: "құдұқ", "түндүк", "бүлүк", "құрұқ", "шұлұқ", "құрұлұқ", "ұзұн", "құрдұм", "мүмкүн", "мүйүз" деп айтатынымыз, тіпті жалғауларды да: құм-"нұң", күн-"нүң", түн-"нүң", мұң-"нұң", түр-"дүң" (ілік септіктері), жүр-"дү", тұр-"дұ" (жедел өткен шақтар), құдұқ-"тұ", шұлұқ-"тұ" (табыс септіктері), күй-"уу", сүй-"үу" (тұйық етістіктер) деп жалғайтынымыз рас қой. Тілдің тазалығы үшін соғысқа баруыңыз дұрыс дейік, онда қазіргі кириллицаға негізделген Қазақ тілі әліпбиі мен қазіргі қолданыстағы орфографиямыздың тіліміздің дыбыстық жүйесі мен жазуымызды және сөйлеуімізді қор қылғанын көре отырып, жай соғыс емес, үлкен майдан ашпай неғылып жүргенсіз бұл уақытқа дейін.
***
10-шы қонақ, Ғ, Қ дыбыстарының таңбалануын дәлірек таптыңыз деп ойлаймын. Ал "Ө" дыюысын таңбалау деген - басқа жазықтықтағы мәселе. "Ө" деген - өз алдына тәуелсіз, дербес дыбыс, "Қ" және "Ғ" сияқты басқа бір дыбыстардың жуан варианттары (айтылу) емес. Әлімхан ағамыздың тілімен айтқанда, "Ө" - ол толық фонема. "Қ" және "Ғ" - бұлар әлі толық фонемалар емес, фонеманың варианттары ғана. Ал У дыбысын "W" деп таңбалау дұрыс. Ол дауыссыз дыбыс. Ал дауысты "У" ("U") дыбысы - Қазақ тілінде жоқ. Ол - шет тілден енген дыбыс болатын. "В" дыбысының орнына "Б" дыбысын қолдануыңыз дұрыс. Яғни, "Уагон" демей, "Багон" деуіңіз дұрыс дегенім. "Белесепед" деп жазыпсыз - ол дұрыс емес, дұрыс емес жері басқа тұста, таза Қазақ тілінде "Д" деген дыбыс сөздің соңында қолданылмайды, дұрысы "белесепет" деп жазу (белсепет) болады. Жалпы шұғыл (үзілмелі), ұяң дыбыстар ешқашан сөздің соңында кездеспейді, қазақ тілі үшін. Сол Заңдылық бойынша, "Д", "Г", "Б", "Ғ", "В" дыбыстарын Қазақ тілінде сөздің соңында қолдануға болмайды. Тіпті "В" дыбысы сақталып қалғанның өзінде де Әуезоф, Мүсірепоф, Мұқаноф деп жазатын боламыз.
***
10-шы қонақ. Егер лабиальдық сингармонизмді, яғни Әлімхан ағамыздың ұсынғанындай етіп ерін үндестігін сақтамай жаза берсек (12-сурет - "Кірме сөздердің тасымал бүлдіргісі мен төл реті"): сұуық (дұрысы - "сұуұқ"), ұуыс (дұрысы - "ұуұс"), сұуы (дұрысы "сұуұ"), айыуы (дұрысы - "айұуұ") деп жаза беретін болса, онда шынында да Қазақ тіліндегі ерін үндестігі бір ғасырдан соң біртіндеп жойылып кетеді. Оның жойылып кетуіне кінәлі осы Әлімхан ағамыздың қазіргі орыстық жазуымызға сүйеніп, соны бұзғысы (бұзғұсұ) келмей, ұсынып отырған жазу үлгісі болады. Бұл жазу (орфогрфияны) ұсынғаннан кейін Әлімхан ағамыз, көптеген ғылыми дәйектерінен бас тартқаны орынды болар еді. Қазақ тілінде дауыстылардың ерін үндестігі жоқ, оны мен жойғанмын деп жазса, орынды болар еді. Себебі, қазір халық та, кәсіби дикторлар да ерін үндестігін сақтамайды. Неге. Әлгі орысша жазуымызда "Ұ" мен "Ү" айтылатын жерде "Ы" мен "І" қылып жазғандықтан "айқын ерін үндестігі" деп аталатын тіліміздің дыбыстау заңдылығы біртіндеп жойылып барады. Ал "Е" дыбысының "Ө" (Күрек - күрөк, өлең - өлөң) дыбысына айналатын заңдылығын, яғни тіліміздің "көмескі ерін үндестігі" деп аталатын заңдылығы жойылып та кетті. Міне, көрдіңіз бе, Сіз бұл заңдылықты Қазақ тіліне жат санап, қабылдамай отырсыз. Сіздің бұл пікіріңізді млн-даған адам қолдар еді, млн-даған Қазақтың сөйлеу тілінде (орфоэпиясында) "дауыстылардың көмескі ерін үндестігі" жойылып кеткен, енді оны көрсетсең: Сіз сияқты "бұл Қазақ тілі емес" деп үрке қарайды. Себебі, өзім де Қазақ тілінен сабақ бергенде, үйренушілер Қазақтар олай сөйлемейді деп, бұл қате деп менімен үнемі дауласады. "Үйренушілер" дейтінім, олар шыныда да, Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйренушілер. Мемлекеттік мекемелердің және құқық қорғау, қуат органдарының қызметкерлері. Яғни, бұл заңдылық ("көмескі ерін үндестігі") қазіргі Қазақ тілінде жойылып кеткен. "Көмескі ерін үндестігі" заңдылығы жойылды ма, ендеше Әлімхан Жүнісбек ағамыз Қазіргі қазақ тілін (синхрониясын) қайта қарауы керек. Оны Қазіргі қазақ тілі оқулықтарынан (синхрониядан) алып тастап, Қазақ тілінің тарихи фонетикасына (диахронияға) "тілімізде бір кезде осындай ерін үндестігі болған" деп ауыстыру керек. Енді бұдан кейін Қазақ тілінде ерін үндестігі бар деп жаза көрмеңіз ешбір оқулығыңызға, Жүнісбек аға. Бұл заңдылық жойылып кеткен. Енді "ұзұн", "үздүк" сөздерін "ұзын", "үздік" деп жазатын болсаңыз, Қазақ тіліндегі "айқын ерін үндестігі" заңдылығын да жойып тынатын боласыз. Сөйтіп, Қазақ тілінің акустикалық, артикуляциялық, фонологиялық, орфогрфиялық, орфоэпиялық, интонациялық заңдылықтарын биологиялық, психологиялық, физикалық-акустикалық аспектердің бәрінде де бұрмалау арқылы бұзған, қиратқан өзіңіз болып шығасыз.