Жаңаөзендегі көпбалалы отбасылардан шыққан 177 бала еліміздің үздік колледждеріне қабылданды
«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қолдауы аясында «Жарқын болашақ» жобасы арқылы Жаңаөзен қаласының дарынды балалары еліміздің арнайы орта білім алу мекемелерінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.
Қыркүйек айының басынан бері 149 оқушы Қазақстанның 11 қаласындағы 44 колледжде білім алуды бастады. Оқытудың негізгі бағыттарының арасында политехникалық мамандықтар (19%), сондай-ақ көлік пен коммуникацияға (18%), экономика мен технологияға (18%) байланысты мамандықтар басым болып отыр. Кейбір балалар гуманитарлық мамандықтарды (16%) және IT саланы (14%) таңдады.
Тағы 28 өскелең ұрпақ өкілі басқа бағыттарды құп көрді. Мәселен 12 бала республикалық өнер колледждеріне, алты оқушы олимпиадалық резервтегі республикалық спорт мектеп-интернаттарына түссе, он жас болашақ маман республикалық физика-математика мектебіне іріктелді.
«Bilim Foundation» қоғамдық қоры ұсынған жобаны ел Үкіметі мақұлдағанын атап өткен жөн. «Жарқын болашақ» жобасын іске асыру мүмкіндігі «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қолдаған бастама арқасында пайда болды. Жоба бюджеті 292,5 миллион теңгені құрады.
Қайырымдылық көмек оқу орындарының жатақханаларында тұру мен оқу ақысының шығындарын өтейді. Балаларға шәкіртақы төленеді, сондай-ақ маусымдық киім сатып алуға қаржылай көмек көрсетіледі. Бейімделу кезеңінде жобаға қатысушылармен үйлестіруші-кеңесшілер жұмыс істейді.
Аталған бастаманың мақсаты көпбалалы, толық емес, мүгедектігі бар жандар асырап отырған отбасылар, сондай-ақ патронаждық отбасылардан шыққан балалар сияқты халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау болып табылады.
Еске сала кетсек, «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен, Жаңаөзен қаласының оныншы сыныптағы 50 оқушысы жаңа оқу жылын «IQanat High School of Burabay» мектеп-пансионатында бастады.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобындағы бірыңғай қайырымдылық операторы болып саналады және өз қызметін келесі басым бағыттарға сәйкес жүзеге асырады:
адамдарға әлеуметтік және медициналық секторларда көмек көрсету;
медиа, мәдени қоғамдастықты және адами әлеуетті дамыту, қоғамның орнықты дамуына инвестициялар құю;
топ компаниялары жұмыс істейтін аймақтарда әлеуметтік инвестициялардың өңірлік бағдарламаларын іске асыру.
Abai.kz