Қазақтың өзге Отаны жоқ немесе өзгелер көрнекті тұлғаларға көше берілерде неге қарсылық танытады?
Айтпаса сөздің атасы өледі
Амалсыз өткен жылдарға шолу жасауға тура келіп тұр. Өйткені кешегі Кеңес Одағы кезінде СОКП Орталық Комитеті барлық республикаларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Барлық билік тұтқасы солардың қолында болды.
Мемлекеттік тіл - орыс тілі болғаны да белгілі. Сондықтан аз ұлттың адымын аштырмады. Бұл, әсіресе, солтүстік өңірдегі ағайындарға оңай соққан жоқ. Қаншама мектептер жабылды.
Әлі күнге дейін есімде. Сонау біз Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін жас маман ретінде бітіріп келгенде облыс орталығында ұл мен қыздарды ана тілінде оқытатын жалғыз білім ордасы - Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернаты болатын. Мұнда аудандар мен ауылдардағы бауырларымыздың балалары жатып оқитын.
Қалада басқа бірде-бір мектеп жоқ-ты. Бәрі де сол тәуелсіздіктің арқасы ғой. Білім ордасы да көбейді. Қазір бірнеше оқу орындары бар. Оларға Елбасымыз өңірге сапармен келгенде өзінің жылы лебізін білдірді.
Қостанай секілді республикамыздағы табиғаты көркем, кәусар ауасы таза аймаққа сонау Никита Хрущевтың кезіндегі тың игерудің белгілі дәрежеде кері ықпалы тигенін ешкім де жоққа шығара алмас. Сол уақытта қызды-қыздымен қаншама артық жерлер жыртылып, мал жайылатын шабындықтар азайып қалды.
Айтпаса сөздің атасы өледі
Амалсыз өткен жылдарға шолу жасауға тура келіп тұр. Өйткені кешегі Кеңес Одағы кезінде СОКП Орталық Комитеті барлық республикаларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Барлық билік тұтқасы солардың қолында болды.
Мемлекеттік тіл - орыс тілі болғаны да белгілі. Сондықтан аз ұлттың адымын аштырмады. Бұл, әсіресе, солтүстік өңірдегі ағайындарға оңай соққан жоқ. Қаншама мектептер жабылды.
Әлі күнге дейін есімде. Сонау біз Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін жас маман ретінде бітіріп келгенде облыс орталығында ұл мен қыздарды ана тілінде оқытатын жалғыз білім ордасы - Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернаты болатын. Мұнда аудандар мен ауылдардағы бауырларымыздың балалары жатып оқитын.
Қалада басқа бірде-бір мектеп жоқ-ты. Бәрі де сол тәуелсіздіктің арқасы ғой. Білім ордасы да көбейді. Қазір бірнеше оқу орындары бар. Оларға Елбасымыз өңірге сапармен келгенде өзінің жылы лебізін білдірді.
Қостанай секілді республикамыздағы табиғаты көркем, кәусар ауасы таза аймаққа сонау Никита Хрущевтың кезіндегі тың игерудің белгілі дәрежеде кері ықпалы тигенін ешкім де жоққа шығара алмас. Сол уақытта қызды-қыздымен қаншама артық жерлер жыртылып, мал жайылатын шабындықтар азайып қалды.
Соның зардабын ауылдық жердегі күнін мал асырап, бағу арқылы көріп отырған қандастарымыз айқын сезініп жатқаны да ақиқат. Қораларындағы малдың басын өсірейін десе жайылым тар.
Өзіміз оны елді-мекендерге ат басын бұрған кездерімізде сөйлескен кісілеріміздің көңіл-күйлері мен сөз саптастарынан сезіп жүрміз.
Сол тың игерудің кесірінен жергілікті халық азшылыққа айналды. Осы коммунистік партияның бақылауында болған науқанда сырттан қисапсыз адамдар судай ағылғаны да белгілі. Олардың арасында түрмеден шыққандар, одан-бұдан қашқандар кездескен көрінеді.
Есімі белгісіз елді мекендер көп
Әлгі тың игерудің арқасында өңірде егістік алқаптары артқанмен, басқа жергілікті халыққа аса қажетті тілдік, рухани құндылықтарымыз ақсады. Міне, қазір сол жіберілген қателіктерді қайтадан орнына келтіру үшін көптеген жылдар керектігі мен жүйке жұқарту қажеттігін уақыт көрсетіп отыр.
Мәселен, сол тың игеру жылдары Украина секілді елдерден келіп тұрақтап қалған өзге ұлт өкілдері өздері еңбек еткен елді-мекендер Киевский, Харьковский, Суворовский сияқты атауларға ие болды. Тіпті қайсыбір ауылдарда ертеңгі үкілі үміттеріміз болып табылатын өскелең ұрпақ оқып жатқан мектептер де солай аталады.
Қостанай өңірінде көп жылдардан бері ғұмыр кешіп, қызмет атқарып келе жатқандықтан өзімнің көңілге түйгендерім де жеткілікті.
Кез келген ауданға іссапарға шығып, үлкен жолға түссеңіз, көзіңіз өзге тілде жазылған атаулар мен жазулардан сүрінеді. Осы арада бос сөзге салынбас үшін нақты деректерге сүйене кеткенім орынды болар.
Мәселен, Қостанайдан көршілес Ресейге дейін жалғайтын асфальт жолмен Меңдіқара, Ұзынкөл секілді аудандарға барып көріңізші. Алдыңыздан мен мұндалап тұрған Сормовка, Молокановка, Нечаевка және басқа да атауларды көресіз.
Облыс орталығымен іргелес жатқан Қостанай ауданының орталығы Затобол кентінде де болып тұрамын. Сондағы Ленин, 40 лет Октября, Ворошилов, Калинин, Киров, Комсомольская, Советская, Фрунзе, Чапаев, Морозов, Красноармейская көшелері сол баяғыша міз бақпай тұр. Олардың бүгінгі уақыт талаптарына сай қашан өзгеретінін ешкім де тап басып айта алмайды.
Оны айтасыз, Сарыкөл, Қамысты, Федоров аудандары мен Рудный қаласында Орджоникидзе, Ульянов, Куйбышев, Свердлов, Карл Маркс, Пролетарская, Дзержинский сияқты көшелер де бар. Жалпы, өңірдегі Амангелді, Жангелдин секілді қазақы аудандарды айтпағанда, барлық аудандар мен қалаларда қазақ еліне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын аттар мен атаулар кімге болсын бүгінгі талап биігінен қарағанда көзге қораш көрінетіні сөзсіз.
Аталмыш мақаланы жазбас бұрын Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Қазымбек Ахметовпен де тілдестік.
Жалпы, мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін шырылдап жүрген азамат былай деді:
- Шынында, бұл көтеріліп отырған мәселе өте орынды. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 20 жылдан асты. Осы кезең ішінде біздің облысымызда да бірқатар шаралар атқарылды.
Жер-су, көше аттары тарихымыз болғандықтан жас ұрпақ олардан хабардар болғаны жөн. Ұл мен қыздардың бойында елімізге өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызмет жолдарын оқып, үйрену арқылы патриоттық сезім ұялайды.
Жалпы, көшелерге ат берген кезде бәрін де ақылға салған дұрыс секілді. Мәселен, Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді ұлыларды кім білмейді?
Әрине, қазір уақыт та өзгерді. Еліміздің қай түкпірінде болсын көшеге есімдерін беруге лайықты қайраткерлер мен азаматтар бар екендігі дау тудырмаса керек.
Одан алған мәліметтерге сүйенетін болсақ, қазіргі уақытта облыс бойынша 19 Октябрьская, 12 Ленин, 7 Комсомольская, Советская, Калинин, 6 Киров, Пролетарская, 3 Совхозная, Дзержинский, Орджоникидзе көшелері бар.
Міне, бұл атаулар өз елінің келешегі мен ұрпағының болашағы толғандыратын әрбір саналы жанды бейжай қалдырмайды.
Әрбір елдің өз Гоголі мен Герцені бар
Қостанай сөз жоқ, өсіп, өркендеп, жылдан-жылға гүлденіп келе жатқан көрікті қала. Кешегі Кеңес Одағы кезіндегімен салыстыруға мүлдем келмейді. Айырмашылықтар жер мен көктей. Сұлу ғимараттар аспанмен таласады.
Осы шаһардағы көзі ашық, көкірегі ояу кісілердің назарын еріксіз аударатын жағы 250 көшенің небәрі 26-сы ғана қазақша екендігі. Олар Буденный, Ворошилов, Дзержинский, Комсомольская, Корчагин, Красный кузнец, Крупская, Орджоникидзе, Таран, Тухачевский болып жалғасып кете барады.
Сондай-ақ Пушкин, Лермонтов, Маяковский секілді орыстың ұлы ақындарының есімдері берілген көшелер де ұзынынан-ұзақ созылып жатыр. Әрине, олардың шығармашылық туындыларын бәріміз де құрметтейміз. Алайда осы шығармашылық адамдары кезінде қазақ елі мен жұртына, Қостанай өңіріне еңбек сіңірді деп ешкім де айта алмайды. Бұл тұлғаларды онсыз да ресейліктер ардақ тұтады. Кеңес өкіметі тұсында олардың есімдері берілмеген шаһарлар жоқ та шығар-ау.
Осынау ақындардың орнына ұлтымыздың біртуар перзенттері Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Хакімжан Наурызбаев, Өмірзақ Сұлтанғазиндердің есімдері берілсе, нұр үстіне нұр емес пе.
Бірақ көшелерге тек қана қазақтардың есімдері берілсін деген пікірден де аулақпыз. Өйткені арамызда Қазақстанды екінші Отаным деп есептеп, бүкіл жастық шағы мен өмірін осы елге арнаған өзге ұлттың іскер азаматтары аз ба? Шындап қойғымыз келсе, лайықтылардың есімдері әбден табылады.
Біздіңше қалалар мен аудан орталықтары, үлкен кенттерге кісі аттарын берер кезде көптеген жылдардан бері бір шаңырақтың адамдарындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан орыс тілді ұлттар да бұл көкейкесті мәселеге түсіністікпен қарағандары жөн секілді. Өйткені солтүстік өңірдегі Қостанай секілді шаһарлардағы мәслихаттарда қазақтың атына көше берілерде басқалардың дауысы басым түсіп, өтпей қалулары да ғажап емес.
Мәселен, осы жуырда ғана Таран ауданы орталығында өткен тұрғындар басқосуында аталған поселкедегі 13 көшенің атын қайта атау жөніндегі ұсынысқа қарсылық білдіргендер болды. Бұл қандастарымызды үлкен ойда қалдырғаны сөзсіз.
Осы аталған ауданда кейбір дерек көздеріне сүйенсек, бұрынғы Қаратомар, Қарабасқан, Қарақоға, Қожай, Қарымсақ, Кіндіксай, Сұпылы, Жалтыр, Шиелі және басқа да байырғы ата-бабаларымыз өмір сүрген ауылдар жер бетінен жойылыпты.
Басқа да болашағы жоқ деген сылтаумен көптеген тарихи елді-мекендер жабылды. Соларды ойлағанда қаның басыңа шапшиды. Сонда егемендігіміз қайда? Қашанғы өз еліміз бен жұртымызда тұрып, өзгелерге жалтақтай береміз?
Осы орайда Қостанай өңіріне есімі белгілі азамат Нұрғали Бәкірдиновпен сөйлескенімізде:
- Кеңес Одағы кезінде облыс аумағындағы қалалар мен аудандарға қазақ еліне мүлдем қатысы жоқ кісілердің есімдері беріліп кеткені ешкімнен жасырын емес.
Кешегі тың игеруде Қостанайды астықты өлкеге айналдыру да тегіннен-тегін емес. Оның астарында жымысқы саясат жатты. Тыңды желеулетіп, келімсектерді тоғытты. Қазір заман да, талап та, тарихқа деген көзқарас та түбірімен өзгерді. Оны тек қазақтар ғана емес, арамыздағы осында бауыр басып, екінші Отаным деп есептейтін өзге ұлттың өкілдері де мемлекетті құраушы ұлттың мақсат-мүддесі, арман-тілегімен санасулары аса қажет деп түсінемін.
Себебі жергілікті халықтың басқа барар елі жоқ. Олардың ұрпақтары да осында өсіп, өнеді. Көшеге ұлы тұлғаларымыздың атын беруде де үлкен тәрбиелік-тағылымдық мән бар. Әсіресе, жас ұрпақ соларға еліктеп өседі. Осы тұста ойланарлық жайлар көп.
Мысалы, ұлтымыздың қайталанбас ұлы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына өзге Ұлы Отан соғысындағы қанды майданды бастан кешкен азаматтар секілді облыс орталығынан бір көше берілсе қандай жарасар еді.
Өзім сөйлескен адамдардың пікірінен түйгенім, ұлылардың есімін ардақтау, солардың заңғар тұлғалары, қайраткерлік, күрескерлік жолдары арқылы тәуелсіз елдің намысты, өр мінезді, зерделі жастарын тәрбиелеу парыз да қарыз.
Мұны айтып отырған себебім, мектепте, колледждерде әрі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жігіттер мен қыздар күнделікті көшелерден ары-бері өту арқылы біртуар тұлғалардың аты-жөндеріне қанығады. Өздері болашақта сондай болғылары келеді. Бүгінгі әңгіменің бар мәні мен мәнісі осында жатқан жоқ па?
Оразалы ЖАҚСАНОВ
"Айқын" газеті