Сыпатай XIX – шы ғасырдағы көрнекті тұлға: әрі батыр, әрі би
Абылай шын мәнінде жалпы қазақтың ханы болып сайланғанымен тұтастай билік жүргізе алмады, оның көптеген обьективті себептері де болды. Кіші жүз қазақтары өз алдына хандық билік жүргізсе, ұлы жүзде Төле бидің билік тізгінін ұстап басқарғаны мәлім. Ал орта жүзге Абылай ханның билігі жүрді. Сонымен Қазақ жерінде ел бір орталыққа бағынып, билікті бір орталықтан басқаруға қол жеткізе алмады. Соның салдарынан жоңғарларды, қалмақтарды жеңгенімізбен ішкі қайшылықты, бір ханға бағыну жолындағы кедергіні жеңе алмадық.
Абылай шын мәнінде жалпы қазақтың ханы болып сайланғанымен тұтастай билік жүргізе алмады, оның көптеген обьективті себептері де болды. Кіші жүз қазақтары өз алдына хандық билік жүргізсе, ұлы жүзде Төле бидің билік тізгінін ұстап басқарғаны мәлім. Ал орта жүзге Абылай ханның билігі жүрді. Сонымен Қазақ жерінде ел бір орталыққа бағынып, билікті бір орталықтан басқаруға қол жеткізе алмады. Соның салдарынан жоңғарларды, қалмақтарды жеңгенімізбен ішкі қайшылықты, бір ханға бағыну жолындағы кедергіні жеңе алмадық.
Жеке хандардың дербес билікке ұмтылуы - ақыры қазақ халқының бөлшектенуіне мәжбүр етті. Абылайдың ұлы арманы - жоңғар шапқыншылығынан қазақ елін азат етіп, тәуелсіздігін сақтап, жерін, ата қонысын қорғап қалу болатын. Ол арманын, мақсатын, іс жүзінде күреспенен орнықтырды. Алайда ішкі алауыздық оның қазақ халқын біртұтас мемлекет етсем деген ұлы арманын жүзеге асыруға алапат кедергі болды. Қазақ еліндегі осы жағдайды ресей патшалығы мұқият бағамдап елімізбен достық, сауда - саттық тәрізді қарым - қатынас орнатуға негізделген келісімдері мен сыртқы елдерден еліміздің тәуелсіздігін қорғауға кепіл болған шарттарынан ауытқып, өздерінің «құйтырқы» әрекеттері арқылы 130 жылдың ішінде, қазақ халқын Ресей патшалығына бағынышты ел, ал жерінің патша үкіметінің меншігіне айналдырып жіберді. Осындай жағдайлардың нәтижесінде, қазақ елі өзіндік мемлекеттігінен де біржола айырылып қалғандығын да кеш түсініп қалды. Бұл қазақ елінің құқын халықаралық қатынаста ресей патшалығы тарапынан өрескел бұзылғандығы болып табылады. Патша үкіметі ешқандай да қазақ халқының келісімінсіз, өздеріне ыңғайлы саясатты жүргізумен келді. Сондықтан да қазақ халқының Кеңес үкіметі құрылғанға дейін де, сонан кейін де көптеген еркіндікке ұмтылған көтерілістері болғандығын білеміз.
Ал патша үкіметі қазақ елінде қалыптасқан дәстүрлі билік жүйесін мүлдем жойып жіберген кезде де, бұрын хандық билікке бой ұсынып, бағынып келген халық ата дәстүрінен жаңылмады. Тіпті Қазақ жеріне ресейліктердің келуімен екі мемлекеттілік қалыптасқан деуге де келеді: ол ресейліктердің билігін мойындап солардың заңымен қызмет етіп жатқан жергілікті қазақ елінің өкілдері мен қатар, сол ресейліктер қазақ жеріне жинаған ел жұрттар болса, екіншісі өз ата мекенінде бұрыннан қалыптасқан ата дәстүрін сақтап келген қазақ елі. Бұны 1916 жылғы ресей патшасының қазақ халқына деген өктем шешіміне сәйкес орын алған қазақтардың жаппай қарсылығы мен көтерілісі көрсетіп отыр. Сондықтан да, елдегі билікті, бірлікті Кеңес үкіметіне дейін ру, тайпа басылары мен көсемдері, аса ықпалды билер мен атақты батырлар белгілі дәрежеде сақтап келген. Ал қазақ халқы өз жерінде халықтық - Кеңес үкіметін ел болып құруға ат салысып, жүз жылдай мерзімде қалыптасқан белгісіздікті жеңіп, өз мемлекеттігін жалпы Қазақ елі аумағында тиянақтады. Сондықтан осы кезеңнен бастап бүкіл қазақ жерін мекендеген ел жұрттар, еш күмәнсіз, Қазақ мемлекеттілігін мойындағандықтары белгілі.
Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, заманында елге билікті тікелей осы ұлы үш би жүргізіп келді, ханның, қолбасының өзі де осы билердің ортақ шешімі мен мақұлдауынан кейін барып сайланып отырды. Қазақ халқының азаматтық тарихынан билердің ел басқарып билік жүргізуін сызып та, алып та тастай алмайсыз. Билердің билік жүргізуі ежелден келе жатқан қазақ халықының өзіндік билік жүйесі - дала демократиясының айқын көрінісі болып табылады. Қоғамдық қарым-қатынастар, сыртқы елдермен байланыс, яғни сыртқы саясат та осы билердің тікелей басшылық етуімен жүзеге асырылып отырды. ХVII ғ. бастап XIX ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін билер дипломатиялық қызмет, миссия да атқарды. Сондықтан да қазақ елінде мықтап тұрып орныққан билердің билік ету дәстүрі із-түссіз, мүлдем жойылып кеткен емес, ол қоғам дамуына орай өзгеріске түскенімен, мүлдем өшіп кеткен жоқ. Билердің ықпалы сондықтан да ХХ ғасырдың басына дейін сақталынып, кейін жаңа қоғамдық қатынастардың нәтижесінде бірте-бірте әлсірей бастады. Қазақ жерінде Шыңғыс хан ұрпақтарының да билік тізгінін қолдан шығармай келгенін де, олардың ел арасында ықпалының болғанын да терістей алмайсыз. Ресей патшалығының қарауына кешірек өткен ұлы жүз елінің олардың озбырлығына еріксіз мойынсұнғанымен, ірі ру басыларының ықпалының аса зор болып келгендігін тарихи деректер толығымен аша түседі. Біз осы тұрғыдан сөзімізді сабақтай түссек дейміз.
Қазақтың қазіргі жерінде ел бірлігін сақтап қалу жолында өмірін сарып еткен ел арасынан ақыл-парасат, мәмілегерлігі мен батырлығымен, әділ билік етуімен дараланып шыққан қайраткерлер аз болмаған. Олар ресми түрде билік тізгігіне ие болмаса да, патша чиновниктерінен ел ішінде ықпалы мен беделі аса зор болған. Мұндай тарихи тұлғалардың ішінен атақты қолбасшы Сәмен Дәненұлының немересі, алып тұлғалы батыр Диқанбай би мен Қоқан хандығы мен орыстардың отарлауына бірдей қарсы күрескен Тойшыбек би, Меркі жерінде дүниеге келіп, дау-дамайға кесімді билік айтуға ерте араласып, елге танылған Сыпатай биді және т.б. тарихи тұлғаларды атап өтуге болар еді.
Қазақ халқы еліне адал қызмет еткен тарихи қайраткерлерді еш уақытта есінен, жадынан шығарған емес. Ал елге қиянат жасаған, жұрт мүддесін аяққа басқан, сатқындық жасаған пенделерді кешірген емес, олардан теріс айналған. «Жау бар кезде - батыр, дау бар кезде - би сыйлы». Ал еліміз ұзына бойғы тарихында жаудан да, даудан да арыла алмай келді. Ел ішінде барымта мен сыдырымтаға, бітпейтін шетсіз-шексіз өршіп отыратын дауға тоқтамды би ғана, болмаса парасатты батыр ғана жасады. Біз осы жерде Сыпатай бидің тарихи қызметі мен еңбегіне, оның ел тарихындағы қайраткерлігіне қолда бар мұрағат құжаттары мен куәгерлердің естеліктеріне, ақындардың өлең-жырларына сүйене отырып, кеңірек шолу жасап, бүгінде жұрттың басын шатып жүрген қауесеттің, жалған жала жабудың негізсіздігін ашып көрсетсек дейміз. Жалаң сөзбен тіл тигізу ең жеңіл жол. Сонымен халқы батыр, әрі би деп ардақ тұтып, атын әспеттеп жүрген, Сыпатай батырды бүгінде орынсыз тілдеп, ғайбат сөз айтып, арды аттап, аруақпен алысып, арпалысып жүрген бейбақтар біздерге еріксіз қолымызға қалам алуға мәжбүр етті.
Кейінгі ұрпақ Сыпатай батыр туралы біле бермейтіні мәлім, ал Меркі жерінде мекен етіп жатқан қалың ел ол кісінің есімін мақтаныш тұтады. Не үшін дейсіз ғой, ел алдындағы еңбегінің шексіз болғандығы үшін, өмір бойы халқына адал қызмет еткендігі үшін деп жауап беруге болады.
Жалпы Сыпатай батырдың елге сіңірген еңбегі жайында біршама тарихи құжаттар мен ел арасында естеліктер сақталған. Мәселен, Абылай ханның жанында жүрген батырлардың бірі қоралас Жауғаш батырдың ерлік жолдары ел жадында қалай сақталынып қалса, одан кейінірек өмір сүрген Сыпатай батырдың да есімі ел есінде. Жауғаш сыртқы жаумен шайқасса, Сыпатай жерін, елін іргелес, көршілес басқыншылардан қорғады, ел ішіндегі болып тұратын дау - дамайларды «қара қылды қақ жарып» дегендей әділеттікпен шешіп отырды.
Көршілес, ағайындас қырғыз елімен арадағы қатынас бірқалыпты болмағаны мәлім. Тартыс-талас, жайылым, жер үшін болып отырған. Ежелден қазақтардың қонысы саналып келген жерлерге көз тіккен қырғыз манаптары мен қазақтардың қақтығысы бірде бәсеңсіп, енді бірде мүлде өршіп отырған. Мұндай қақтығыстың бірі тарихта «Жайыл қырғыны» деп аталады. Ал Қоқан хандығына қарсы күресте Сыпатай батырдың ерлік істері тарихи құжаттарда қатталынып қалған. Бұл шайқаста ағасы Андас батырдың да ерлік қимылдары орасан зор болғаны мәлім. Қазақтар ешуақытта басқыншыларға бас иіп, құлдық ұра қоймаған, еңсесін де бастырмаған.
Уақытша басып алынған жерлерден басқыншылар ысырылып, ата қоныс қайта қалпына келтіріліп, өрісін кеңейтіп отырған. Ал қақтығыс қантөгіссіз болмайтыны мәлім. Осындай аса шиеленісті жағдайда аса мәмігерлік керек, ал ондай қызметті Сыпатай биік деңгейде атқара білген, қарсыласын бәтуәлі келісімге көндіріп отырған.
Осы кезеңдердегі Сыпатай бидің еңбегін замандастары аса жоғары бағалап, оның тұлғасы ел арасында ардақтала түседі. Ол елдің сүйіспеншілігіне бөленеді. Мәселен М.Әуезов елге қадірлі Сүйінбай ақынды «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп бағалаған. Сүйінбай ақын елдің қамын ойлаған Сыпатай биді, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосқан Төле биге теңеп, Сыпатай бидің Ресей, Қоқан хандығы, қырғыз манаптарына қарсы қазақ елінің бірлігі мен жері үшін жүргізген саяси, мәмлегерлік қызметін аса жоғары бағалап өз жырында былайша төгілдіре сипаттайды:
Сыпатай дулаттағы ер кісі еді,
Ақылы дариядай көл кісі еді.
Жаныстан өтіп кеткен әзіз Төле,
Сеңкібай, Шойбекпенен тең кісі еді,-
деп Сыпатай биді бұрындары өткен үйсін елінің ардақты билерімен теңейді. Ал «...менің пірім Сүйінбай...», деп жырлаған Жамбыл бабаның Сыпатай бидің адалдығын, әділдігін, елге деген мейірімділігін, кедей-кепшіктерге деген қайырымдылығын, адами биік тұлғасын әспеттей отырып, бидің ел намысын жоғары қоятын қасиетін, өрлігін, ер тұлғасын ерекше атай отырып, жырында бидің шынайы кескін-келтебін, қайыршы мен қараға қамқорлығын, ерлігі мен асқан жомарттығын, қайырымдылығын, «байлық та, бақыт та оның ерлігінде тұрғанын, ондай жанды халық аралап жүрседағы көрмегенін» айта отырып, батырдың биік бейнесін, өз замандастарынан асып туғанын даралап көрсетіп, өлең сөзбен оның бейнесін келістіре көркем етіп баяндап кеткен. Ұлы ақын жомарт батырдың тұлғасын айшықтандыра ұлықтайды, ерекше сүйіспеншілік іңкәрлікпен жырлайды. Жамбылдың Сыпатай батыр туралы төгілдіре жырлауы тегін емес. Ол оның ерлігін таныды, бойындағы нар тұлғасын көрсететін қасиетінің арналарын сипаттады. Сыпатай батырдың бейнесін Жамбылдай жырлаған ақындар жоқ деуге болады. Бұл тарихи дерек, тарихи мәлімет, әрі тарихи құжат та болып табылады:
Барайын енді Сыпатайға,
Айтпай оны кетпеймін тегі жайға.
Ұлы жүздің тірегі - батырым ғой,
Бір болмаған ығай мен сығайыңа.
Қайыры қарашаға сондай жақсы,
Қандырып сусындатып қант пен шайға
Байлық, бақыт тек оның ерлігінде,
Ерлікпен ел намысын берді кімге?
Кімің бар Сыпатайдай төңіректе,
Арғымақ мінгізеді ат керекке.
Ерлігі мен жомарттығы жаннан асқан,
Пайдасы тиіп жатыр күнде көпке.
Кім мақтамас қайырымды ер Сыпатайды,
Дәулетімен ораған Алатауды.
Қанша халық аралап жүрсем дағы,
Жалғанда көргенім жоқ ондай жанды.
Сыпатай сияқты ерлер заманында бұрынғы кездердегідей «қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен» елдікті сақтап қалу мүмкін еместігіне көздері жетіп, көршілес елдермен қарым-қатынасты бейбіт жолмен - мәмлегерлікпен іске асыруға күш салды. Осы тұрғыдан алсақ ХІХ ғасырдағы тарихи құжаттардан белгілі болып отырғанындай, халқымыздың патриот азаматтары еліміздің іргесін Ресей, Қытай, Қоқан хандығы мен қырғыз манаптарымен келіссөз жүргізу арқылы бекемдеп, олардың агрессиялық әрекеттерін тежеп, ел-жұртымыздың тіршілігіне қолайлы жағдай туғызуға, қауіп-қатерсіз өмір сүрулеріне күш салды. Бұдан басқа жол да жоқ еді, себебі халқымыздың саны да, күш-қуаты да, әлеуметтік, экономикалық әлеуеті де әлсіз еді.
Еліміздің тарихынан белгілі, кіші жүз қазақтары Әбілқайыр ханның бастауымен Ресейге қосылды. Ал еліміздің солтүстігіне патша үкіметі салған шекаралық бекіністер - отарлық саясаттың әскери бекінісі, тірегі болды.
Ресей патшасы орта жүздегі хандық жүйені өзгертіп, ішкі Ресейдің басқару жүйесін енгізді. Осыған сәйкес Абылай хан ұрпақтары биліктен шеттетіліп, мұрагерлік жерлерінен айырылды. Сондықтан да Қасым сұлтан мен оның балалары Ресейдің қысымына қарсы болып, күреске шықты.
Ал ұлы жүз қазақтары болса, Қоқан хандығының езгісіне түсіп қалды. Ал Қоқандар болса, алым-салықтан, зекет салып тізеге басудан көз аштырмады. Түбі бір туыс халық қоқандықтардың көрсеткен қорлығы шектен асып кетті. Олар өздерінен басқа қуатты да құдыретті де күш жоқтай сезінді. Осы кезеңде еліміз солтүстіктен Ресей патшалығының отарына айналса, оңтүстік жақтан Қоқан хандығының жосықсыз езіп-жаншуына түскен қазақ халқы екі өкпесінен бірдей сығымдалған күй кешті. Басқыншылар қанаудың неше алуан түрлерін алып келді.
1860 жылы Қоқанның Құдияр ханы: «Верныйға жорыққа шығам, айналасындағы қазақтарды қаратып алам, қаржы бөліп, қол жина қосыл»,- дегенде, Сыпатай: «Ондағы өз ағайындарыммен атыспаймын, шабыспаймын»,- деп елін көшіріп алып кеткені белгілі. Бұл Ресей патшалығы мен Қоқан хандығының арасында болар айқастан, яғни екі бірдей басқыншыдан өз елін бекер қырғынға ұшыратып алмас үшін, елге қамқор болған азамат Сыпатай бидің парасаттылығы, даналығы мен ерлігі де емес пе?
Осы орайда біз Сыпатай би мен Рүстем төренің Кенесары сұлтанмен қарым-қатынасы жәйіне тоқталмай кете алмаймыз.
Негізінде Сыпатай бидің Кенесарымен қарым - қатынасы туралы, Кенесарының көтерілісі, оның інісі Наурызбай жайындағы мәліметтер қарама-қайшылыққа толы. Сондықтан Кенесары сұлтанның Қазақстанның оңтүстігіндегі іс-қимылдары арнайы зерттеулерді қажет етеді деп білеміз.
Деректік мәліметтерге сүйенсек Кенесарының ұлы жүз жеріне келуіне біріншіден олардың өздерінің меншікті жерлерінен, билігінен айырылып, сол жерге салынған ресей бекінісімен қатар, бүкіл орта жүз жерлеріне салынған ресей бекіністері басты себеп болса, екіншіден Кенесары қысымынан запа шеккен кіші, орта жүз елдері мен оның көтерілісіне қарсы болған орта жүз сұлтандары Құнанбай Өскенбаев, Барақ Сұлтанбаев, Нұрәлі Әділовтердің қолдарына басшылық жасаған патша үкіметінің әскерінің командирі майор Вишневскийдің отряды мәжбүр еткен. Яғни Кенесары сұлтанға кіші, орта жүз жерлерін жайлауға, билік жүргізу мүмкіндіктері де қалмаған. Сондықтан, Кенесары сұлтан ұрыс сала шегініп қосынымен Балқаш көлінің аралына тығылып, қоршаудан қашып шығып ұлы жүз жеріне бет алады. Осы оқиғаға байланысты Академик Манаш Қозыбаев «Жауды шаптым ту байлап» деген еңбегінде: «... хан Кененің өрісі тарыла бастады. ...Ақыр аяғы хан Кіші жүзді, Орта жүзді тастап, Ұлы жүзге бет алуға мәжбүр болды...» деп Кенесарының Ұлы жүз жеріне бас сауғалап келгендігін баяндайды. Ұлы жүз елі Кенесарыны жақсы қарсы алғандығы туралы мәліметтер баршылық. Осыны Е.Бекмаханов «Қазақстан ССР тарихы» атты кітапта (1943-ші жылғы басылымның 354-ші беті) былай көрсетеді: «батыры Старшего жуза Тойшыбек, Саурық, Сураншы, Байзак из рода Дулат, воспетые впоследствии акыном Джамбулом, со своими отрядами влились в войска Кенесары и начали совместную подготовку к борьбе с Кокандом и русским царизмом», деп атап өткен. Осы батырлардың ішінен тек Байзақ батыр ғана Кенесарының қырғыздарға жасаған ақырғы шапқыншылығына қатынасқан. Неге?
Дегенмен, Сыпатай батыр Меркі өңірінің елінің алдындағы жауапкершілігін сезініп Кенесары сұлтанның қырғыз елін шабуға байланысты ұсынысын қолдамағандығы анық. Бірақ Кенесарының өліміне қатысты әр түрлі алып-қашпа пікірлер айтылып, тіпті терең пайымға бармай атүсті Сыпатай батырға кінә артып, беделін түсіруге бағытталған желөкпе материалдар шаң беріп қалып жүр. Мұндай келеңсіз, тіпті пікір таластыруға тұрмайтын көк езу көпірмеге тосқауыл қойылуы тиіс.
Кенесары Ырғыз бен Торғай даласында көшіп қонатын жерлері қалмағандықтан Бұқар хандығына, Адайларға сұрау салып өзін қабылдауларын өтінеді. Сонымен бірге немере ағасы Меркі жерінің сұлтаны Рүстем Абылаевқа інісі Наурызбайды басшы етіп жүз адамын жібереді. Рустем төре елшілерді жақсы қарсы алып, мынандай сәлемін жолдайды: «менің берер ақылым: құдай әзірше күнәсін кешіріп тұрғанда аталған жерлерді тастап, менің жаныма көшіп келсін»,- дейді. (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында (Оқу құралы). - Алматы, «Санат», 1994. - 416 бет.). Кенесарыны Меркі жеріне шақырған Рүстем төре. Рүстем төре Кенесарыға жазған жауап хатында, оның орта, кіші жүз қазақтарының алдында күнәға батқандығын анық айтып отыр. Осы фактіні біле тұра, Рүстем төренің Кенесарыны шақыруына Сыпатай батыр қарсы болмаған сияқты. Кенесары тіпті қытайға да өтіп кеткісі келген, бірақ оған қытай үкіметі қарсы болған. Осы деректерді зерттеушілер елемей келеді.
Сондай-ақ Кенесары сұлтанның ұлы жүз жерінде болғандығы жөніндегі мәліметтерге қатысты зерттеушілердің тұжырымдарында бірізділік жоқ. Мысалы Е.Бекмаханов Рүстем төре мен Сыпатай батырға Кенесарының өліміне кінәлі деп, «жала» жаба отырып: « ...Кенесары Қырғызстанда манаптардың феодал жасақтарымен емес, халықтың қарсылығына тап болып күресуіне тура келген, оның түбіне жеткен де нақ осы жәйіт» дей келе: «Кенесарының Қырғызстандағы істерінің аз зерттелгені сонша, ондағы оқиға барысын толық қалпына келтіру қиын. Тек Орман хан қолданған Кенесарыны алдау тәсілдерін атап өту керек, онысы қақтығыстың немен аяқталуында белгілі рөл атқарды» деген деректер мен ойлар айтады (Е.Бекмаханов, 334-ші бетінде).
Сондықтан Бекмахановтың монографиясындағы (335-ші бетінде): «...Рүстем және Сыпатай би Кенесары қозғалысына тоналудан қорқып қосылған адамдар еді» деген пайымы негізсіз деп білеміз. Өйткені автор Рүстем төренің Кенесарының күнәға батқанын бетіне айтып, құдай әзірге оның күнәсін кешіріп тұрғанда, арқадан ұлы жүз жеріне шақырып, оған өздері қамқор болып тұр деп көрсетіп отыр емес пе? Ал мына тұжырым алдыңғы пікірге мүлде қарама-қайшы келіп тұр (281-282 беттер). Шындығында аздаған адаммен орта жүз жерінен ұлы жүз жеріне қашып келіп отырған Кенесары, Рүстем төре мен Сыпатай биге тәуелді бола тұра, өз елінің қалың ортасында отырған оларды қалай қорқытады? Логика қайда? Түсініксіз.
Сондықтан Кенесарының көтерілісінің сәтсіздіктерінің түсіну үшін, оның өзінің айналасындағы топтардан басқа, орта жүз қазақтарының, оның ішінде өз тумаластарының да, сондай-ақ ұлы жүз елінің негізі де кейіннен оны қолдамағандығының астарындағы негізгі себептерін ашып көрсетуге байланысты. Ал ол себептер қилы-қилы. Бастапқыда ресей патшалығының отарлық саясатына сәйкес орыс - казактардың қазақ жеріне емін-еркін кіріп, елге ойына келгенін істеп, күш көрсетіп, жерін, жайылымын шұрайлы қоныстарын тартып алып, ата-баба жерінен барған сайын тықсырып, қууына байланысты өршіген халық, бұқара көтерілістері, меншікті жерінен, билігінен айырылған Кенесарының көтерілісін қолдағаны мәлім. Бұл түсінікті де. Алайда оның патша әскеріне қарсы тұра алмайтыны да белгілі болатын. Сонымен бірге Кенесары қазақ халқының намысын да аяққа таптағаны мәлім. Кенесары көтерілісі патша үкіметінің озбырлығына ашық қарсы көтеріліс болғанымен ол орта жүзде отаршыларға қарсы нақты нәтижелерге жете алмады. Өйткені бұл кезеңде ресейліктер шегаралық бекіністерін салып, әскерлерін күшейтіп қойған еді. Кенесары нақты жағдайды бағдарлап, бағамдап екшеп, көтеріліс әдісін өзгертіп, қалыптасқан жағдайға сәйкестендіре алмады.
Ал Кенесарының қырғыз еліндегі жорығы зерттеушілердің басым бөлігінің пікірлері бойынша сол елді шауып, тонау мақсатын көздеген деген тұжырымға келіп саяды. Үйсіндер ондай қарақшылықты қолдамаған. Сонымен бірге, Кенесарының қоршауда қалғандағы ақылға қонбас қате ұсынысы (« ... аттың бәрін сойып ... жаяу шығамыз...» дегені), оның өзіне еріп орта жүзден келген негізгі қолының Кенесарыдан бөлініп кетуінің басты бір себебі болған.
Ұлы жүз елінің Кенесарыны қолдамауындағы негізгі себептерінің бірі: Кенесарының келуімен ұлы жүзде ұрлық-қарлықтың, барымтаның күшейіп, елдің берекесінің кете бастауы. Мысалы, орта жүз сұлтандары мен ел басқарып жүрген ел ағалары: Құнанбай Өскенбаев, Барақ Сұлтанбаев, Нұрәділ Әділов, Мұса Шорманов тәрізді Сыпатай би де елдің мүддесін қорғап, береке-бірлігі үшін Кенесарыны алғашында қолдағанымен, кейіннен оның іс-әрекеттеріндегі жөнсіздіктерін, тізеге басушылығын, өктемдігін көріп қолдау көрсетпеген. Сондықтан Кенесары көтерілісінің сәтсіздігінің негізгі бір себебі Кенесарының айналасындағы топтардың жөнсіздіктерінен болған деуге болады.
Сонымен жоғарыдағы сауалдарға қысқаша жауап іздесек біріншіден патша үкіметі орта жүз елі арасында астыртын жұмыс жүргізіп, ықпалды би-болыс, сұлтандарға шен - шекпен таратып оларды бейтарап жағдайға қалдыра отырып, көтерілістің шарпуынан шеттетіп жіберуге күш салған. Мәселен, Уәли ханның ұрпақтарының бір бөлігі патша үкіметіне қызмет етті. Екіншіден Кенесары патша үкіметіне қарсы күресе отырып елдің ішкі жағдайын ушықтырып, өзін қолдамаған беделді кісілерге тізесін бастырып, үркітіп, малдарын барымталап тартып алып, қатыгездікпен жазалады (Торғай даласында 44 сұлтанды өлтіруі). Кенесарының бұл қылмысын ақтау қиын. Онсыз да Кенесарының төңірегіндегі мыңдаған адамының ішіп-жемі, атының шөбі, киім-кешектері, басқа да ат-әбзелдері мен қару-жарақтары да жергілікті халықтың мойнына артылды. Үшіншіден ұлы жүз жерінде Кенесары тығырықтан шығудың жолын - қырғыз манаптарына қарсы күрестен іздеп, содан тайынбады. Патша үкіметі қырғыздардың да беделді кісілеріне астыртын сөз жүргізіп алдын алып қойған. Ресейліктердің қолдауларына ие болған қырғыз манаптары Кенесарының шабуылына қарсы барлық күшін салатыны мәлім емес пе? Қырғыз бен ұлы жүз қазақтары көрші жатқан, ағайын-жекжаттық, құдандалық қарым-қатынаста, сыйластық байланыста тіршілік кешіп жатқан ел екендігі белгілі. Ал ол байланысты біржола соғыспен кесіп, үзіп тастау, «ат құйрығын кесісуге» бару оңай емес те еді. Ағайынға садақ кезеп, қылыш көтеру оңай болып па? Оның үстіне осындай жағдайда Кенесары қолы бізді қолдамадың деп бейбіт жатқан қырғыз елін шауып, бала-шаға, екі қабат әйел демей, қарт демей қырып салып, екі елдің арасын қырқыстырып жіберді. Мұның ақыры өліспей бітіспеуге, алған беттен қайтпауға айналды. Міне, осындай аса күрделі жағдайда Жетісу елі, Меркі жұрты, оның беделді кісілері, ру басылары, батырлары Кенесарының жосықсыз шабуылын болдырмауға, келісімге баруға, мәміле жасауға сөз салды. Бірақ елге айтқаны орындалып, айдауына көндіріп келген адуынды Кенесары бәтуалы сөзге, дуалы уәжге құлақ аспады, асқысы да келмеді. Айтқанына уәж білдіргенді жау санады, ағайындық пейілді кері серпіп тастады.
Міне осындай алмағайып жағдайда Сыпатай батыр қалайда қан-қасапқа жол бермеу жағын ойлады, елді босқа қырып алмау амалдарын қарастырды. Сондықтан ол араласып-қораласып, тіршілік кешіп келген көрші елді қылыш астына ала алмады. Кенесарының патша отаршылдарына, қоқан хандығына қарсы соғысын қолдағанымен Сыпатай батыр да, ұлы жүздің басқа батырлары да оның қырғыздарды шабуын қолдамады. Бұл қорқып қашып кету де, басын алып қашу да емес, жағдайға орай жасалынған амалсыз қадам болатын. Сыпатай Кенесарының қырғыздарды шапқанымен, бағындыра алмасын, айтқанына көндіре алмасын, ашық қантөгіске баратынын жақсы білді. Тіпті Кенесары қырғыздар түгілі өзінің орта жүз елін де дегеніне көндіре алған жоқ емес пе?
Біз Кенесарының патша үкіметіне, отаршылыққа қарсы бағытталған қандай болса да күресін бағалай отыра, сондай-ақ Сыпатайдың да оңтүстік, Жетісу елінің алдындағы айрықша мәмілегерлік қызметін, парасат бигінен төмендемеген қалпын, билік өнерін, екі ел арасындағы салиқалы дипломатиясын да ерекше атап өтеміз.
Сыпатай ешкімнің де алдында опасыздық та, сатқындық та жасамаған әрі батыр, әрі би. Еліне опасыздық жасаған адамды жұрты ешуақытта да қастерлемейді, ал Сыпатай болса халқының алдында ардақты перзент қалпында ел жадында сақталып қалған тарихи бірегей тұлға. Оған батыр атағы жарлықпен берілген емес, халық жүректілігін, батыл әрекетін, тайсалмас қасиетін бағалағандықтан да батыр атаған. Сыпатайдың батыр атауында ел-жұртының сүйіспеншілігі тұр.
Осы мақала бір жағынан Сыпатай мен Кенесарының арасында болған қарым - қатынастарындағы жалпы ел - жұртқа белгісіз болып келген деректік мағлұматтарды мүмкіндігінше көрсетіп, Кенесары көтерілісі туралы шалағай «күмәнді» деректерге арқа сүйеп, ел арасынан жинаған «шикі», тіпті шындыққа жанаспайтын тұжырымдарын тықпалап, оқырмандар арасында ши жүгіртіп жүргендердің жымысқы пиғылдарын әшкелеуге бағытталған.
Сондықтан қазіргі кезде басылымдарда бой көрсетіп жатқан кейбір ой -пікірлерге тоқталуды жөн көрдік. Мысалы «Абай KZ сайтында кейбір «дейтіндер» былай дейді: «...Кенесарының тұтқынға түсіп қалғанын інісі Наурызбай көріп қалды, тұтқынға түсетінін білсе де, Кенесарыға көмекке ұмтылған. Осыны көріп, Ағыбай батыр қашып бара жатып, Наурызбайға, ағаңа бармай бірге қашайық деген кеңес берген ...» дейді де: «Наурызбайдың өзіне көмекке ұмтылып, тұтқынға түсіп қалғанын көріп, Кенесары өзінің бас бармағын шайнап жіберіпті...» деп жалғайды осы өздерінің ойдан шығарған «блок-бастерлерін» шіркіндер. Тіпті, осы азаматтардың пендешілігі мына сөздерінен де көрінеді: « ... егер Наурызбай Ағыбайдың «ақылын» тыңдап, ағасына көмекке барамын деп қырғыздардың тұтқынына түсіп мерт болмағанда, қырғыздар Кенесарыны өлтірмес еді...» деп те қиялданады. Осы оқиғаны Е.Бекмаханов қалай баяндаған: «...Көмек келеді-ау деген оймен келесі күнге дейін күтуге шешім қабылданады. Бірақ көмекке ешкім келмеді. Кенесары мен Наурызбай әрқайсысы өз отрядтарын басқарып, қоршауды бұзып өтуге ұйғарды. Кенесары өзінің отрядымен Қарасуық деген батпақты өзен арқылы қоршаудан шықпақшы болды. Өзеннен өту кезінде көп адам суға кетті... . Қоршаудан шығуға тырысу сәтсіз аяқталды. Наурызбай өзінің отрядымен күші басым шайқаста қаза тапты. Кенесарыны манаптар қолға түсірді» деп көкейге қонатын, сенімді дерек келтіреді (монографияның 336-шы беті). Кенесары мен Науырызбайдың қоршаудан шығуға бағытталған тарихи эпизодында Е. Бекмаханов Ағыбай туралы мәлімет келтірмеген. Яғни Ағыбай алдыңғы күні (болмаса түні) Кенесарыны тастап кетіп қалған болып тұр. «...Осы қоршауда Сыпатай би болмаған. Кенесарының қырғыздарға жорығын қолдамай, бармай қалған...» деген деректер бар. Негізінде Сыпатай батырға қатысты осы тұжырым ақиқатқа сәйкес келетін тәрізді.
Осы ойымызды құптайтын материалды 16.05.2012 ж. шыққан «Дат» газетінің №21-ші номерінің 12-ші бетіндегі К.Мұқашев, Қ.Иманалиев, Л.Барақбаевтардың: «Сыпатай батыр - это наша гордость» атты көптеген тарихи құжат деректеріне сүйеніп жазған мақаладан көреміз. Сұлтан Ахмет Кенесариннің «Сұлтан Кенесары и Сыздық төре» атты өмір баяндық еңбегінің негізінде, мемлекеттік архивтік деректер бойынша, Ағыбай батырдың 1846-1847-ші жылдардағы оқиғаларға қатынасқан үлкен ұлы Аманжолдан туған Ахметов Жақан (1997 жылы 95 жасында қайтыс болған) естіген әңгімесінде де: « ...Батыры Агыбай и Бугыбай сказали хану, что его решение приведет к гибели оставшегося войска. Отряды Агыбай батыра, Бугубай батыра, Бухарбай батыра во вторую ночь блокады, одев нательные белые рубашки поверх одежды (для опознания своих), прорвали в кровопролитном бою окружение, и вышли из окружения. У холма с одной стороны находилось болото. В этом болоте застрял конь не по годам возмужавшего 14-летнего сына Агыбай - батыра Аманжола. Агыбай, посадив сына сзади себя на коня, не дал его пленить. Султаны Кенесары, Наурызбай, Кудайменды, Кучак, Джагангир, Абулфаиз, Арсланбек, Кочкорбай, а также Кударберген Байетов (в последствии зауряд-майор), Байзак, Медеу, Калабай, Джаугаш, Рустем и другие были пленены на третью ночь блокады. По настоянию Халче-бия на третий день плена были казнены Кенесары, Наурызбай, Куданменды, Ержан. Остальные отпущены. По данным воспоминаний старшего сына Агыбай батыра Аманжола, Сыпатай в боевых действиях 1847 года не участвовал, а также его имя не упоминается в источниках тех лет...». Осы тарихи естеліктен көрініп тұрғандығы Бекмахановтың: «...между тем ночью неустойчивая часть войска дезертировала...» дегені Сыпатайға, Рүстем төреге қатысты болмаған. Керісінше Кенесарымен бірге арқадан ілесіп келген серіктері Ағыбай, Бұғыбай және Бұхарбайларға қатысты айтылып тұрғандығы анықталып тұр. Сондықтан да осы Кенесарының арқадан ілесіп келген серіктері Қоқан хандығы, Ресей патшалығы, Қырғыз манаптары ұйымдастырған өлімнен аман қалған.
Бекмаханов одан әрі ойын: «Другая часть во главе с биями Сыпатаем и Урестемом из рода Дулатов, изменила восстанию и перешла на сторону врага», деп баяндайды, бұл тұжырым куәгердің пікіріне мүлдем қарама-қайшы екендігі көрініп тұр. Анығында Рүстем төре Кенесарымен бірге болып, тұтқынға түсіп, кейін босаған. Ал Сыпатай батыр болса ұлы жүздің өзге батырлары тәрізді: Тойшыбек, Сұраншы, Саурықтармен қатар қызғыздарды шабуға қарсы болып, сол жорыққа бармай қалған. Бұл жерде үлкен себеп бар, өйткені Сыпатай Кенесары ұлы жүзге келгенге дейін қырғыздармен мәмлеге келіп ұлы жүз шебін кеңейтіп бекіткені белгілі. Сондықтан да Сыпатай қырғыздарға берген антын бұзуға бара алмаған. Ал қазір қазақ елінің шебі қай жерлерден өтеді? Кенесарының қырғыздарға жасаған сәтсіз жорығының салдарынан Қоқан хандығы жағында болған қырғыздарға Қордай мен Меркі аумағының біраз жері кетіп қалған жоқ па?
Енді Сыпатайды айыптаушылардың басты негізсіз тұжырымдарына қатысты айтатынымыз, Е.Бекмаханов Ағыбай ұрпақтарымен, соның ішінде Ахметов Жақанмен кездеспеуі мүмкін емес. Яғни, кезінде қоқан хандығына бағынышты Тәшкеннің құсбегі Қасым сұлтанның ұлы Саржан мен оның адамдарын алдап қонаққа шақырып бауыздатайын деп отырғанын кездейсоқ біліп қалып, жалғыз өзі қашып кеткен, 18 жасар Ағыбайды да, кейіннен Кенесары мен Науырызбайды да қоқан, қырғыз манаптарының қолдарының қоршауында тастап кеткен батыр Ағыбай мен қатар Бұқарбай, Бұғыбай батырларды да біз Кенесарыны сатқан сатқындар деп жазғырып отырған жоқпыз. Себебі, көрсетілген осы екі жағдайда да сол сәттегі соғыс тактикасы тұрғысынан бекер опат болмау үшін, олардың шарасыздықтан аман қалудың бірден бір жолын таңдаған шығар деп есептейміз. Өйткені Кенесары сол түнгі кеңесте жалпы елдің қоршаудан шығу ұсынысын қолдамай қойған. Егер Кенесары өзінің інісі Наурызбайдың қоршаудан шығуға жасаған ұсынысын қолдағанда, олардың бәрі де Ағыбайлармен бірге сол түні қоршаудан шығып кеткен болар еді де, бекерден бекер келесі түні қолға түсіп өлім құшпас еді. Осылай болған күнде ұлы жүздің ақсақалдары Кенесарыны, оның соңына ерген адамдарын жауларына бермес еді, мәмігерлікпен реттеуге болатын мәселе емес пе? Сол кезеңде ұлы жүз жеріне кіре алмай отырған ресейліктер де амалсыздан көнер еді. Осыған кезінде ресейліктердің Кенесарыға берген кешірімі мен Ағыбай, Бұғыбай, Бұқарбайлардың, Сыздық төренің де көтерілістен кейін бейбіт өмір кешкендіктері де дәлел емес пе? Тек тарих үшін, шындықты іздеп, зерделеу парыз. Ал, осы күні сол аруақтарды дәлелсіз жазғырып өсек айту, адамдыққа жат пиғыл деп есептейміз.
Дегенмен солай бола тұра Е. Бекмахановтың Сыпатай батырды басқа жұрттан бөліп алып, Рүстем төрені де Дулатқа «жатқызып» жау жағына өтіп кетті деп жазуына қандай мақсат негіз болды екен? Рүстем Дулат руынан емес, төре ғой. Адамның адалдығы немесе жалған өтірікшілдігі осындай деректер арқылы айқындалады. Қанша жерден Е.Бекмахановты кейбіреулер ақтауға тырысқанымен деректер ол кісінің жалған сөйлегендігін дәлелдеп тұр. Неге? Осы сұраққа жауапты Абылай ханның елге білдірмей өз ұрпақтарына айтатын өсиетінен табуға болатын тәрізді. Мәселен Ш.Уәлиханов өзінің «Абылай» атты мақаласында: «...өз балаларына қалдырған ауызша өсиеті Ақсақ Темірдің саястымен астасып жатқанын аңғартады. Балаларына ол қазақ тайпалары арасындағы ру таласын ешқашан түбегейлі шешпе, дүрдараздық пен дау - дамай қашанда хан билігінің тапжылмас таяныш - тірегі болуы керек деп ақыл - кеңес беріп отырған»,- дейді. Осы тұрғыдан қарасақ Е. Бекмаханов та өзінің шыққан тегі кедей - кепшік болған төре тұқымы екендігін ескере келе, кеңес саясатына сәйкес биліктен дәмеленіп «Абылайдың ала саясатын» ұстанып ұлы жүз бен орта жүз ортасына өз «беделін» пайдаланып дау тастап, өзіне қостаушылар тобын табу ниетінде жалған дерек қалдырған тәрізді.
Сонымен, тарихи дерек Бекмахановтың Сыпатайға байланысты жазғанын теріске шығарады. Себебі Сыпатай жау жағына өтіп кеткен болса, онда ол 1846 жылы Кенесары көтерілісін басып - жаншуда көрсеткен (усердие) шынайы адалдығы үшін патша армиясының хорунжий атағын алған Құнанбай тәрізді т. б. орта жүздің сол кезеңдегі ел билеушілері сияқты Кенесарыға қарсы соғысатын еді, ал ондай дерек ешбір жерде жоқ. Ал Сыпатай ешуақытта қырғыздар қатарында Кенесарыға қарсы соғыс ашқан емес, бұл ақиқат нәрсе. Сондықтан Бекмахановтың Сыпатайды жау жағына өтіп кетті деуі жұртты екі ұдай пікірге қалдырып дау туғызатын жалған пікір, негізсіз пайым. Ал ел арасында жүрген әр - түрлі дәлелсіз, ойдан шығарылған әңгімелерді «көсеушілер» өсекші қараниеттілердің істері деп білеміз.
Біз Кенесары, Наурызбай сұлтандардың бет - бейнесін, көтерілістерінің мәнін тереңірек тану үшін кезіндегі басылымдардан арнаулы ізденіс жұмыстарын жүргіздік. Мәселен 1946-шы жылы ташкентте Елтоқ Дилмұхамбетов: «Восстание казахов под руководством Кенесары Касымова в 1837-1847 г.г.» деген тақырыпқа кандидаттық диссертация қорғапты. Оппоненті Е.Бекмаханов болған. Осы Дилмұхаметов пен қатар Е.Бекмаханов та өзінің «Казахстан в 20-40-е г.г. ХІХ в.» деген монографиясын жазып бітірген. Елдің есіне салып айта кететініміз, осы екі автордың да еңбектері кезінде қатты сынға ұшырап, ғылыми тұрғыдан негіссіз, таяз, қате шығармалар есебінде жоққа шығарылған. Тарихшылар Шахматов, Ақынжанов, Шойынбаевтар Бекмахановтың еңбегін сынағаны мәлім. Ғылыми қауымның талқылауларының нәтижесінде Кенесары сұлтанның көтерілісі «керітартпалы - монархиялық» деп бағаланған. Осы тұжырымды кейіннен Е.Бекмахановтың өзі де мойындаған.
Е.Дилмұхамедовтың жоғарыдағы «жоққа шығарылған» еңбегінде осы біз қарастырып отырған Кенесарының адами бет - бейнесін, ресей патшалығына қарсы бағытталған «күресінің» мәнін аша түсетін деректер баршылық екендігін ескере отырып, сол еңбектің біраз деректерімен көпшілікті таныстыруды жөн көрдік: «Кенесары, опираясь на широкие массы скотоводов, вел решительную борьбу со своими внутренними врагами, изгоняя их и даже предавая смерти» деп Кенесарының көптеген қазақ елі адамдарын әр - түрлі зорлықпен, қорлап өлтіргендігін баяндайды. «Размах движения Кенесары был особенно ослаблен после перехода в старший жуз. Многие из присоединившихся казахских родов Большого жуза и их аксакалов, биев, приводятся знатными аксакалами в обьяснение недовольства своего тем, что у Кенесары люди - шайки, бродяги «Онан қашқан, мұнан қашқан, жамандықпен, көзін ашқан», т.е. «бежавшие с разных мести злодействами добывающие свое благополучие» деп жазады зерттеуші.
Е.Дилмұхамедов бұрынғы зерттеушілерге сүйене отырып былай деп баяндайды: «...Терпя экономические и материальные трудности, повстанцы постепенно отходят от движения, руководимого Кенесары, но он принимал все меры, стремясь удержать повстанцев от ухода из отрядов, применял всяческие меры вплоть до жестокости, препятствуя откочевавшим с ним возвращаться на прежние пастбища, грабя и производя смерт и убийство. Достаточно указать на разграбление Кенесары казахов рода Жаппас. В 1844 г. казахи разных родов целыми аулами перешли внутрь линии из страха перед ним. Трудности внутренных противоречий в лагере Кенесары не могли быть им преодолены собственными силами. Сам Кенесары был представителем крупных феодалов: личной собственности находилось до 6000 лошадей и более 2 тысяч баранов. Ему принадлежало значительное драгоценное имущество, состоявшее из ковров, мехов, шелковых материй и т.д., в разное время награбленных...» Одан әрі зерттеуші: «...По оценке Герна, в 1845 г. большинство повстанцев из отрядов Кенесары находилось в состоянии нищеты... ...Архивные данные указывают, что в последний период у Кенесары люди умирали от голода - «В эту зиму до 100 человек его сторонников погибло от голода». «Кроме материальных и моральных трудностей в ауылах Кенесары свирепствует повальная болезнь, сопровождаемая холерными припадками, от которй будто бы в одну ночь умерло до 60 человек». Разоренные повстанцы не могли вести борьбы против многочисленных войск царской армии с таким же успехом, как в 1837-1838 г.г. и 1843-1844 г.г., когда силы повстанцев были еще свежи, а внутренние противоречья в лагере Кенесары не были так обострены, как в период усиленного концентрированного натиска царизма» деп тоқталады. Зерттеуші осы деректерімен Кенесары сұлтанның көтерілісінің жеңілу себептерін, оның өліміне қатысты ақиқатты көрсетеді. Жоғарыдағы деректен көріп отырғанымыздай, Кенесары негізінен 1837, 1838-ші және 1843, 1844-ші жылдары, яғни төрт жыл ғана ұрыс қимылдарын нәтижелі жүргізген. Оның өзінде де кімдерді шапқан? Біраз уақыт Ресей үкіметінен «кешірім» сұрап, күресін тоқтататқан (1840-1842 жылдары). Бірақ онымен қастасқан дұшпандары арандатып, маза бермеген соң, қайта күреске шыққан (Е.Бекмаханов).
«... Все это и факты показывают, что Кенесары и его родственники заботились о своем личном обогощении...» дейді Е.Дилмұхамедов. Одан әрі Е.Дилмұхамедов мынандай тұжырым жасайды: «... Классовый крестьяский характер движения казахов легко проявиться не мог, пока руководство этим восстанием оставалось в руках феодальной верхушки Касымовых...».
Ғалымның: «...Только в отдельных фактах замечается форма классовой борьбы - например: после захвата кокандских крепостей Сузака и Саурана, батыр из трудовой казахской массы Жанхожа Нурмухамедов, несмотря на убедительные просьбы Кенесары остаться в лагере повстанцев, уехал обратно на Сыр-Дарью. Перед уходом он просил Кенесары: «... не обижать простых киргиз и их не беспокоить...». Этими словами Жанхожа намекает на защиту интересов трудовых казахов...» деген пікірі де негізсіз емес. Осы пайымдаулар Кенесарының мақсат-мүддесі көп жағдайларда бұқараның мүддесімен үйлесе бермегендігін көрсетеді. Сондықтан да тарихта Кенесарының күресі біржақты бағаланған емес, пікірлер әртүрлі болып келеді. Шынында да Кенесары қозғалысы ұлттық тарихымызға не берді деген сауалға жан-жақты байыпталған жауап берілуі тиіс. Біз Кенесарыны біржақты көтеріп, елдің би-сұлтандарын, батырларын төмендетіп, оған қарсы қойып қарастырмауымыз керек деп есептейміз. Тарихи дерек, оқиға қалай болды, бағалау да солай болуға тиіс.
Сонда ғана біз бір жақты баға беруден, Сыпатай сияқты батырларға жалған жала жабудан құтылатын боламыз. Бір тұлғаны асқақтатамыз деп екінші бір тұлғаны тұқыртып, тұғырын төмендетіп көрсетуден сақтануымыз қажет. Тарихи тұлғалар ұлттың келер ұрпағы үлгі-өнеге ететін қайраткерлері, біз оларға баға берген кезде тарихтағы орнын, замандастарының берген бағасын терістеп, кеудемсоқтыққа, әпербақандыққа, әңгүдіктікке ұрынбауымыз керек.
Біз мақаламызда Сыпатай батырдың 19-шы ғасырдағы қазақ халқының басына түскен алмағайып тарихи кезеңде қазақ елінің шекаралық шебінде, елінің мүддесін қорғап соған күш-жігерін жұмсаған қайраткер екендігін көрсетіп, зерттеушілерге ой салсақ деген едік. Дегенмен көпшіліктің жан - жақты тарихи мәліметтерден хабарлары болса, шындықтың қашанда да салтанат құратынын қаперге сала отырып, шала деректерге сүйеніп байтақ еліміздің батырларын, қайраткерлерін жөнсіз қараламайық, оларға орынсыз ғайбат сөз айтпайық дегіміз келеді.
Әбіл Бүрлібаев,
техн.ғылым. кандидаты,
жүйелік әдіспен көшпенділер
тарихын зерттеуші.
Мұхтар Қазбеков,
зерттеуші - публицист.
Abai.kz