Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6373 4 пікір 5 Қазан, 2022 сағат 12:38

«Жүрегі жұмсақ білген құл, шын дос таппай тыншымас...»

Ұлылықтың асқар шыңына шығып, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған «көкірегі сезімді, тілі орамды» ерен ұрпағына арналған Абай сөзі қашан да өрелі, ғасырлар дамуының қай көшінде болмасын өзекті болар хақ.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақаласында: «Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз», – деп айтылғандай Абай мұрасы бізге асыл темірқазық.

Адамзаттың барлығын «бауырым» деп сүй деген Абай өзінің гуманистік, даналық тағылымы арқылы әлемдік деңгейдегі ойшылдар қатарынан табыла отырып, адам бойындағы кереғарлықтарды жою мақсатында ұлағатты терең ойларын қалдырып кетті.

Абай шығармашылығындағы көтерілген аса маңызды тақырыптың бірі – достық. Адам болып жаратылған соң пенде бойындағы ерекшеліктердің ізгісі де достыққа қатысты болмаққа керек. Тіршілікке қадам басқан әр адам баласының өзін қоршаған ортасы, замандасымен байланысының негізгі құндылығы адал достықта көрініс табады.

Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан – бәрі тұл
Доссыз ауыз тұшымас, –

дейді ақын. Яғни өмірдің басты мәнінің бірі – риясыз достықпен өткен, адал адами татулық пен сыйластық. Ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға үлгі-өнеге жолы болар, күнделікті тұрмыс-тіршіліктен бастап, адамдар арасындағы қарым-қатынастың негізінде де достық болары ақиқат. «Адам баласына адам баласының бәрі дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің бәрі бірдей, ақыретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың - бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен», – дейді отыз төртінші қара сөзінде. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтықтан» алыс болып, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымға» асыққан ұрпақтың басты мақсаты да береке-бірлігі жарасқан, ой-өрісі дамыған елде достықтың туын жығылтпай жоғары ұстауы шарт. Халқымыздың да басты ұстанымы «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай принципін толық негізге алғанда рухани кемелдікке жетері анық. Әр адамның бір-біріне деген достығы, жанашырлығы мол болғанда еліміздің де берекесі арта берері сөзсіз.

Абай: «Заман ақыр жастары, қосылмас ешбір бастары», яки болмаса «Күлімдеп келер көздері, Қалжыңбас келер сөздері», деп келер ұрпақтың оспадар қылықтарына терең сынмен де қарайды. «Біріне бірі қастыққа, Қойнына тыққан тастары», дей отырып, ары мен иманын саудаға салған, еңбекпен емес, құр тілмен жалаңдап абырой жинамаққа әуес, өнімсіз іске шебер болар жас ұрпақты татулық пен достыққа шақырады.

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Абай сөзінің құндылығы замана көші қанша ауысса да өз көкейкестілігін жоймауында. Шындығында қазіргі таңда да жастарымыздың ғана емес, ақыл тоқтатқан азаматтарымыздың болмасқа бола достыққа тұрақсыз болып, тіпті жаулыққа да бірден әуестігі айқын байқалуда. «Кей құрбы бүгін – тату, ертең – қату, Тілеуі, жақындығы – бәрі сату», – дегендей олардың жаулықтың отына май тамызып тұтатушы пенденің ығымен де кетіп жататыны көрініс табуда. Қастық пен сатқындық, қулық пен арамдық, теріс пиғыл сол адамға еш опа бермей, қайта өзін құрдымға жіберерін пендесі білгенде мүлдем басқаша болар еді.  Заманына қарай адамы десек те, өз ырқын ондай келеңсіздікке жібермегені абзал ақ, әр саналы пенденің.

Татулығы құрысын ойыны мен,
Дәл соларға ұқсайды мына заман.
Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор, –

дейді ақын. Абайша айтсақ: «Досыңмын деп жүріп, дұшпандығын оздырар жамандар болады». Ондай жамандықтан да сақтану керек-ақ. Ал осы бір жаман қасиеттің басты себебі не? Оны да Абай үшінші қарасөзінде тереңдеп айтып кеткен: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Сол себептен де қазіргі таңда шынайы тұрақтылықты басты қазық ұстар,  «Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ, Қажымас, қайта айнымас қайран тату», – деп тамсанар ел ұрпағын тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз болмаққа керек.  Әйтпесе заманында Абай айтатын: «Жаман дос көлеңке: басыңды күн шалса қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса іздеп таба алмайсың», – дейтін буынның осы заманда да көптеп кездесіп жататыны ақиқат. Осы өмірлік жалғанда «дүние дос» болып, өзінің жымысқы пайдасы үшін, арзан бақай есеп үшін ардан аттап, адами құндылықтарды аяққа таптайтын пендешіліктер де бар.

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.
Мұнан менің қай жерім аяулы деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда?

Сонымен қатар қырықыншы қара сөзіндегі: «Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай? Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны қалай? Көп кісі досым жетілсе екен демейді, егерде жетілсе, бағанағы досына бір бітімі жоқ дұшпан сол болатұғыны қалай?» Міне Абай заманынан қанша уақыт өтсе де, таным көкжиегінде кенжелеп қала беретін шындық осы. Досыңмын деп жүріп, болмашы нәрсеге  бұзыла қалып, жалт беріп, адам танымастай өзгере қалатын, тіпті жау бола қалғыш қасиет те бізден әлі кетпеген екен. Л.Н.Толстойдың айтатын: «Егер сіз біреу үшін жаман болсаңыз, онда сіз ол үшін тым көп жақсылық жасағансыз»,- дегендей бір-біріне деген шынайы пейіл мен татулықтың, сыйластықтың, сонымен қатар өзара ара қатынастың шегін дұрыс ұғынбайтын замандастарымыз баршылық. Бір күндік мақтан, не желік үшін, яки болмаса арзан бедел мен өткінші сәтке бола досын жауға берер жаман қасиет белең алуда. «Жау қожаңдап бұртиып, Досы құбылып әуре етер»,  дейді Абай. Әділ сын айтудың өзін жаулыққа балап, адамшылықтан аттап, пендешілікке басып, тіпті қастыққа ұласып жататын жайлардан ешкімнің де ұтпасы анық. Таза жүрек пен адал көңілдің айнасы достық екені даусыз. Шындығында да «көкірегі – сезімді, көңілі – ойлыға бәрі де анық».

Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес, –

дейді емес пе Абай данышпан. «Жауға – мылтық, досқа – ынтық», – болар жанның келешегі жарқын. Қалың елдің ыстық ықыласына бөленіп, дос-жарандары арасында төрге озары да достыққа тұрақты, мінезі салмақты, ақылы асқақ, ой терең, әрекеті адал, сөзі мен ісі ортақ адам екендігі даусыз. Абай айтатын толық адамның да ерекшелігінің бірі осы болмаққа керек. Ендеше Абай ұсынған жол қайсы, ол:

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Қазақ даналығының асқар шыңы болған Абай өсиетін мағыналы өмір сүру бағытында қай қырынан алып қарасақ та, алдымызға анық бағдар болары хақ. Тағылым алар өнеге тұрғысынан достық туралы айтқандарын бүгінгі ұрпақ назарынан тыс қалдырмай, әрдайым ақын сөзіне мән бере саналарына сіңіре білулері керек. Өз бойындағы адами қасиеттерді дамытып, достыққа адал, жамандықтан аулақ болса ол адамның қоғамдағы орны да ерен болмақ. Сондықтан да үнемі Абай өсиетіне терей бойлай берейік Ағайын!

«Абай академиясы» ҒЗИ директоры, ф.ғ.к.,
доцент Жандос Мағазұлы Әубәкір

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364