Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6293 0 пікір 29 Қаңтар, 2013 сағат 07:30

Амангелді Кеңшілікұлы. Қарлығаш-дәурен-ай

(Естелік)

Мы живем впервые

Юрий Олеша

Күн арқан бойы көтеріліп, жер-жаһанды күміс шуағымен еркелеткен  мамыр айының жайма шуақ күні еді.  Ауламызда өскен ағаштарға жан біткендей болып, думанды тіршіліктің енді ғана қызғанын сездірген көктемгі самал жел,  жас теректердің бұтағын тербетіп тұр.  Сона-а-ау аспанның теңізінде жүзген бұлттар бір алыс мекенге сапар шегіп бара жатқандай асығады. Әлдеқайдан шырылдап, той-тойлап жатқан құстардың әні еміс-еміс естіледі.

Ал, мен болсам, қазақтың көрнекті ақындарының бірі Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ» атты кітабын оқып шығып,  балконда жайбарақат темекі шегіп, қиялға шомып тұрмын.  Үйге аяңдап келе жатқан әкемді кенет көзім шалып қалып,  қолымдағы темекіні лақтырып жібердім де, түк көрмеген кісідей үйге кіріп кеттім.

Әскер қатарына алынатынымды естігеннен кейін әкем мені тап бір соғысқа кетіп бара жатқан адамдай уайымдап жүргенін іштей сезетінмін. Әдебиетке ынта-ықыласымның бар екендігін бұрын-соңды аңғарып жүргенімен, менімен бұрын дәл соңғы кездердегідей ағынан ақтарылып бар сырын бөліскен емес еді. Кейде жазған өлеңімді әкеме көрсетсем:

- Балам-ау, бір үйге бір ақын да жетеді ғой, - деп, ақын болудың оңай шаруа еместігін айта келіп, - жақсы журналист болсаң да жетеді, - дейтін еді.

(Естелік)

Мы живем впервые

Юрий Олеша

Күн арқан бойы көтеріліп, жер-жаһанды күміс шуағымен еркелеткен  мамыр айының жайма шуақ күні еді.  Ауламызда өскен ағаштарға жан біткендей болып, думанды тіршіліктің енді ғана қызғанын сездірген көктемгі самал жел,  жас теректердің бұтағын тербетіп тұр.  Сона-а-ау аспанның теңізінде жүзген бұлттар бір алыс мекенге сапар шегіп бара жатқандай асығады. Әлдеқайдан шырылдап, той-тойлап жатқан құстардың әні еміс-еміс естіледі.

Ал, мен болсам, қазақтың көрнекті ақындарының бірі Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ» атты кітабын оқып шығып,  балконда жайбарақат темекі шегіп, қиялға шомып тұрмын.  Үйге аяңдап келе жатқан әкемді кенет көзім шалып қалып,  қолымдағы темекіні лақтырып жібердім де, түк көрмеген кісідей үйге кіріп кеттім.

Әскер қатарына алынатынымды естігеннен кейін әкем мені тап бір соғысқа кетіп бара жатқан адамдай уайымдап жүргенін іштей сезетінмін. Әдебиетке ынта-ықыласымның бар екендігін бұрын-соңды аңғарып жүргенімен, менімен бұрын дәл соңғы кездердегідей ағынан ақтарылып бар сырын бөліскен емес еді. Кейде жазған өлеңімді әкеме көрсетсем:

- Балам-ау, бір үйге бір ақын да жетеді ғой, - деп, ақын болудың оңай шаруа еместігін айта келіп, - жақсы журналист болсаң да жетеді, - дейтін еді.

... Кеше Шыңғыс Айтматовтың жақында шыққан «Жан пида» атты романына бола екеуміз біраз айтысып, ақыр соңында бір келісімге келе алмап едік, енді сол дауды әрі қарай жалғастырсам деген үмітпен үйде ермек таба алмай отырған едім, әкемнің бүгін жұмыстан ерте оралғанына қуанып кеттім.

Байқасам, бұл жолы әкемнің қабағы түсіңкі, көңілі жабырқау екен. Мен ас бөлмеге кіріп шәй қойғаннан кейін, әкемнің қасына келдім.

- Олжастың жағдайы нашар. «Дінмұхаммет Қонаев туралы фильм түсіргенсің, соның сүйікті адамдарының бірі болғансың» - деп, әркім бір тиісіп жатыр - деді, көңілінің неге құлазып тұрғанын сездіргісі келгендей тіл қатып.

- Олжас кім көрінгенге жалынан ұстат қояр ма екен, - дедім мен.

- Жалғыз ғой, - деп әкем сөзін әрі қарай жалғастырып, - Мұқағали айтпақшы - ұлы ақындардың бәрі жалғыз. Абай, Мағжан, Олжас, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен - бәрі-бәрі - жалғыз.

- Мағжан деген кім? - дедім, бұрын-соңды әдебиеттен мұндай есімді кездестірмеген мен аң-таң қалып.

- Амангелді, сенің ақылың бар ғой. Ешкімге айтып қойма, мен партиныймын ғой. Мағжан Жұмабаев деген қазақтың ұлы ақыны болған. Ұлым Мағжанның атын соған сәйкес лайықтап қойғанмын. Кезінде досым Жарасқан Әбдірашевқа көптеген лирикалық өлеңдеріне бола «Мағжанның құйыршығы» деген айдар тағылып, оның басын дай-дамайдан әзер құтқарып қалғанбыз.

Осы сәтте менің есіме бір оқиға орала кетті. Бала кезімізде інім Мағжан екеуміз құдайдың құтты күні төбелесе беретінбіз. Мен төртінші класқа дейін ауылда әжемнің қолында ерке-тотай болып өскен едім. Әжемнің бар құрт-майы, тәтті, жылы-жұмсағы менікі. Ал інім Мағжан бұл жақтағы әкесі мен шешесінің жалғыз еркесі. Екі қошқардың басы бір қазанға сыюы қиын-ақ екен. Бірде жайбарақат отырған інімді: «Мен - Аманкелді батырмын» деп, жұдырығыммен түйіп қалдым. Ол да қарап қалсын ба, сөйтіп екеуміздің арамызда төбелес басталып кетті. Әкем келіп ажыратпағанда, бұл төбелестің ұзаққа созылатын түрі бар еді.

Көп күн өтпей-ақ әкем әдетінше үйге қонақ шақырды. Олардың ішінде қазақтың белгілі ақыны, шешен, сөзмергеннің қолмергені, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғафу Қайырбеков те бар еді. Менен бұрын сәлем берген ініме риза болған Ғафу ақын:

- Ә,  мынау өзі ақылды бала екен ғой! Атың кім, қалқам? - деді.

- Мағжан, - деп жауап берген інімді ертіп төр үйге өтті де, қалтасынан жақында ғана баспадан шыққан екі томдық таңдамалы жыр жинағының біреуінің алғашқы бетіне:

«Қалқам, Мағжан!

Атың сенің данышпанның аты екен,

Дүниеге келгенің бір сәт екен.

Сол сәтіңді созып берші жүз жылға,

Әрі тілек, атаң берген бата екен,

Оны атаңның өзі естірткен Ғафекең» -

деп, қолтаңбасын қалдырып кеткен еді сол жолы...

Әкемнің тұстастары жайында сөз қозғалғанда:

- Осы Жарасқан қандай ақын, түріне қарасаң, ақынға ұқсамайды ғой өзі, - деп сұрайтынмын.

Әкем болса, менің бұл сөзіме ренжіп қалатын да, артынша:

- Жарасқан ақын ғой! Біздің тұстастармыздың ішінде менен кейінгі мықтысы, - деп әзіл-шынын араластыра айтқанда жүзіне күлкі үйірілетін еді.

Әкем ең аз дегенде айына бір рет қонақ шақырмаса, ішкен асы бойына дарымайтындай болатын. Әсіресе, ауыл жақтан ет, қазы-қарта келгенде, біраздан бері шақырылмаған адамдарды немесе Торғайдан достары, жолдастары келгенін айтып, әйтеуір бір сылтау тауып қонақ шақыратын. Ет жеудің арақ-шарапсыз болмайтынын, оған ақшасының шамалы екенін ескерткен мамама:

- Гонорар алатын уақыт та жақындап қалды, оған дейін ломбардқа сенің алтын сақинаңды өткізе тұрайық - деп, қалайда мамамды айтқанына көндіретін. Сөйтіп, Торғайдан Алматыға жиі келетін Қамиқан, Айдарбек, Сағындық, Бақтыбай ағаларымен бірге осы Алматыдағы Мешітбай, Ибрагим ағаларының, Жантемір інісінің басын қосып шақыратын да, той өткізгендей дүрілдетіп, қонақтарына өлеңдерін оқып, өзі бір рахаттанып қалатын еді.

Інілерінің ішінде Жантемірді өзіне жақын тартып, үйге қонақ шақырса да, басқа жерге барғанда да қасынан тастамай, талай-талай өнер адамдарымен, елдің жайсаң-жақсыларымен таныстырып жүретін. Содан да болар, алтынды алтын тастамас дегендей, әкемнің туғанына 50 жыл толуына байланысты еске алу кешін өткізерде «Отырар» жастар құрылыс кешенінің төрағасы осы Жантемір Хамзин інісі бар, «Жәнібек Тархан» агроөнеркәсіп корпорациясының президенті Ерболат Төлегенов, «Мұнайхолдинг» компаниясының вице-президенті Ибрагим Мұратов сияқты азаматтар өз үлестерін қосты.

Университеттің бірінші курсында оқып жүрген кезімде журналистика факультетінің студенттері сол кезде оқырмандарға танымал болып қалған қазақ ақындарымен кездесу өткізді. Кездесуге шақырылған төрт ақынның ішінде менің әкем де бар екен. Жиынды басқарушы бірінші кезектегі сөзді Иранбек Оразбаевқа (Иран-Ғайып) беретінін айтып үлгергенше, әкем бірінші болып сөз кезегін өзі алды да:

- Ираш бізден кейінгі екінші, үшінші ақындардың бірі ғой, - деп қолын сермеп, өлеңдерін оқи жөнелді. Өлеңдерін оқығанда бар ынтасымен, жан-тәнін салып, дауысын барынша көтеріп асқақтата оқыды.

Студенттердің бірі әкемнен махаббат туралы жазған өлеңін оқып беруін өтінгенде:

- Мен бұл өлеңді Амангелдінің шешесіне ғашық болып жүргенде жазған едім - деп, жастарды бір күлдіріп алды да, «Сүйе беремін» деген өлеңін оқи жөнелді.

Он жеті жастан, он сегіз жастан сүйгенмін,

Жиырма бес ерек...

Отызда бөлек күйге ендім,

Отыз бесте де, қырық бесте де сүйгенмін,

Сүйе беремін қурап қалғанша сүйегім.

 

Сүйгеннен ернім жұқарса, мейлі, жұқарсын,

Сүйгеннен жүйкем жұқарса, мейлі, жұқарсын,

Сүйгеннен көңілім  мұқалса, мейлі, мұқалсын,

Сүйгеннен өмірім қысқарса, мейлі, қысқарсын.

 

Тек сүйсем болды -

минут па, әлде мәңгі ме.

Ұзағында ма, қысқасында ма - әңгіме.

Дәнінде емес пе, дәмінде емес пе - әңгіме,

Мәңгі есте қалар мәнінде емес пе - әңгіме.

 

Машақаты мен мұңында емес пе - сыры, ізі,

Буынға түскен уында емес пе уызы.

Мұңнан да рақат, удан да уыз ұюы,

Сол емес пе екен - Адамды адам сүюі.

 

Сондықтан сүйем,

сол үшін сүйем, сонша көп,

Мұңнан да рақат, удан да уыз тамса деп.

Сүйе алмай налып болғаным да бар сонша әлек,

Сүйіп те қалып, күйіп те қалдым қанша рет.

 

Сонда да сүйем,

сонда да сүйе беремін,

Бәріңді сүйем... бәріңді иеленемін.

Сүйе беремін,

сүйе де сүйе шаршасам,

Махаббатыма маңдайды сүйеп өлемін.

 

 

Әкемнің осы өлеңін «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Ақын адам еместей» атты эссесінде ақын досы Иран-Ғайып: «Бұл өлең емес, Өмір! Тауан емес, Тағдыр! Шер емес, Шешім! Көсем сөйлеу емес, Көрегендік! Ғұмырының соңы немен тынарын күні бұрын біліп отырған Ақын жүрегінің аяулы да аянышты лүпілі» - деп, жоғары бағалаған болатын.

... Әскерге мені әкем, мамам және інім Мағжан үшеуі шығарып салды. Қоштасар кезде әкемнің көңілі босап, мені құшақтап жылап жібергені есімде. Сол кезде қасымдағы әскерге кетіп бара жатқан басқа балалардан ұялып, әкемнің құшағынан тезірек шығып кетуге асығып:

- Соғысқа кетіп бара жатқан жоқпын ғой, неге жылайсың? - дедім.

Бірақ сол жолы әкемнің менімен мәңгі қоштасқанын білсемші!?

 

* * *

Екі күн бойы бет қаратпай ұйтқыған боран бүгін әзер басылды. Саршұнақ сары аяз. Алғашында бұл жақтың қысына бойымыз үйрене алмағанмен, бір жылдан соң қақаған аязыңның өзін шыбын шаққандай көрмейтін болып көндігіп алдық, тіпті әскери киіміміздің түймелерін ағытып тастап жүретін болдық. Елге қайтатын күнді асыға күтіп жүрміз. Жаңа келген солдаттардан: «Приказға неше күн қалды?» - деп, әзілдеп сұрап жүретін кезіміз.

Сол түні түнгі кезекшіліктен кейін казармада ұйықтап жатыр едім, кезекші сержанттың біреуі оятып алды да:

- Сені командир шақырып жатыр, тез бар, - деді маған.

Мен үсті-басымды тез тәртіпке келтіріп, казарманың жанындағы штабқа келдім.

- Жолдас майор, қатардағы солдат Мырзабеков сіздің бұйрығыңызбен келіп тұр, - дедім саңқылдап, әскери тәртіп бойынша оң қолымды шекеме тигізіп.

- Түймеңізді салуды ұмытып кетіпсіз, - деді ол маған жақтырмай қарап.

- Кешіріңіз, - дедім мана асығыста ұмытып кеткен түймемді салып жатып.

- Мырзабеков, сенің отбасы жағдайыңа байланысты демалыс береміз, үйіңе баратын болдың. Жиналуыңа бір сағат уақыт беремін. Екі сағаттан кейін вертолет келеді. Осыдан полкке жеткен соң саған бар жағдайды түсіндіреді, - деді командир сөзінің соңын шорт кесіп.

Полкке келген соң «әкең қайтыс болды» деген телеграмманы оқығанда төбемнен жай түскендей мең-зең күйге түстім. Полктағы әкемнің таныс офицері (өзі Алматыдан) самолетке билет алып беріп, аэропорттан шығарып салды. Самолетте келе жатып әкемді есіме алып жылай беремін, тірі кезінде әкеме бір жақсылық жасай алмағаныма өкінемін.

«Бұл өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деген өлең жолы көңіліме орала береді. «Жо, жо, жоқ, - деймін мен ішімнен күбірлеп, - ұлы ақындар ғана емес, ұлы адамдардың да бәрі жалғыз. Ұлылық дегеннің өзі жалғыздыққа ұмтылу». Американдық ұлы жазушы Джон Донн: «..смерть каждого человека умоляет и меня, ибо я один со всем Человечеством» - деп бекер айтпаған.

Жылаудан көзім бұлаудай болып ісіп кетіп шаршаған мен өзімді-өзім жұбатып, ойымды басқа арнаға бұрғым келеді, бірақ қанша тырысқанмен әкем көңілімнен кетпей қойды. Әкемнің соңғы хатындағы сағынышпен жазылған сөздерін есіме алдым.

«Қымбатты балам Аман! Қалай, аман-сау жүріп жатырсың ба? Денсаулығың жақсы ма? Енді «тісі сарғайған» тәжірибелі солдатсың ғой, қашан қайтамын деп күн санайтын сыңайыңды хатынңнан байқадым.

Маған жазған хатыңдағы көп әңгімелерің маған ұнады, көкейіме қонды. Олжастың творчестволық жағдайын сұрауың, Ақселеуді сұрауың - ол халқыңның атпал азаматтарын сүюің, оның мәдениетіне жаның ашуың. Бұл - адамды адам ететін, ірі адам ететін қасиет.

Олжас орнында! Жағдайы жақсы. Баяғы қаңқу сөздердің бәрінің басына су құйған. Кемшіліктері жеткілікті. Қазақша күресе білмейді: іштен шалуды, тобықтан қағуды... Үнемі қойтақымға басады... Сен «қойтақым» деген әдісті біле бермейтін шығарсың. «Қойтақым» деген аяқты белге жақын жерден салып, қарсыласын омырып тастау деген сөз.

Ақселеу ағаң «Білім және еңбектің» редакторлығынан түскен. Қаңқу сөз көп болды. Қысқасы, оған редакторлықты қимады. Сонымен қатар ол Академияда (Әуезов институтында) ғылыми қызметкер. Кандидаттық диссертациясы дайын болып қалып еді. Жетекшісі Мырзабек Дүйсенов биыл күзде қайтыс болып кетті. «Білім және еңбекте» қазір Есенғали Раушанов дейтін жас ақын. Ертең (5.ХІІ.) сол Есенғали екеуміз іссапарға бара жатырмыз.

Айтпақшы, әкең май айының соңғы шенінен бастап «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдебиет және өнер бөлімін басқарады. Сол журналда «Дәнекер» деген айдар ашып, басқа республикаларда тұратын мықты-мықты мәдениет қайраткерлерімен сұхбат жүргізіп жатырмын. Қарақалпақ Жазушылар одағының бірінші секретары Төлепберген Қайыпбергеновпен сұхбат жүргіздім. Алда Мұстай Кәрім, Расул Ғамзатовтарға барамын деген ой бар.

Әкең Евгений Евтушенконы аударып бітірген. 10 баспа табақ болды. 1989-да шығады. Алла амандық берсе - сен келетін күзде.

Биылғы жаздың ең үлкен жаңалығы - Шәкәрім Құдайбердиев деген үлкен ақын ақталды. Абайдың шәкірті, Абай аулында туған. Мен Семейдегі тойына барып қайттым.

Алдағы үлкен үміт - Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов (торғайлық, «Ақкөл» совхозынан, отец мировой тюркологии болған), Жүсіпбек Аймауытов - драматург, осы үшеуі ақтала ма деген үміттеміз. Правительственная комиссия құрылып, мәселелер қаралып жатыр.

Міне, қазақ халқының өміріндегі азды-көпті жаңа леп осылар.

Қыркүйекте Украинадағы қазақ мәдениетінің күндері өтті. Әкең қатысты. Олжастың группасында болдым. Черкасск облысында Днепрде армансыз жүздік.

Балам-ау, өмір деген суша зымырап өтіп жатыр ғой. Айтатын жаңалық көп, оның мынау  ақ қағазға қайсысын сыйғызарсың.

Сенің мамаңа, Мағжанға жазған хатыңдағы киім, ақша туралы әңгімелерің, әрине, маған онша ұнаған жоқ. Киім қайда қашар дейсің, өзіңнің талантың болса, оны ұстай алар ақылың болса, оның бәрі күні ертең-ақ талантыңның астында жатады. Біздің поколение (өзімді айтам) талантты көбірек арақ-шарапқа, даңғаза-дақпыртқа айырбастадық. Көп уақытымыз, талантымыз мишеньге тимей зая кетті. Сен соны қайталамаса екен деп... көп ойланамын. Сенің темекі тартатыныңды ойлағанда одан (арақ екеуінен) көрген қорлығым қабырғама қатты батады. Бәрін істе, бәрін үйрен, тек сол екеуінсіз... Сонда жеңесің де ұтасың. Мағжанға ақылыңды айтып хат жаз! Темекі мен ішу дегеннен сақ бол дегенді қатты ескерт.

Торғайға хат жаз. Мен қазан айында барып қайттым. Ыбырай Алтынсарин мектебі жаңадан салынды. Қайнекей Жармағамбетовтің 70 жылдық тойы өтті. Соған бардық. Ғафу, Шөмішбай, Серікбай, мен - төртеуміз.

Аман-сау бол, айтар әңгіме көп. Ауызба-ауыз айтуға жазсын аллам! Денсаулығыңды күт, амандығыңды тіле! Асықпа! Аман болсаң, бар қызық өмір алдыңда! Асықпа, ақылыңды шашып-төкпе! Мынау сурет саған Украина күндерінен ескерткіш. Жоғалтпа! Көзілдірікті - Олжас. Хатты алғаныңды айтып хат жаз! Ұмытпа! Көргенше күн жақсы болсын, ботам.

 

Сәлеммен: әкең Кеңшілік Ағытайұлы МЫРЗАБЕКОВ

4 желтоқсан, 1988 жыл»

... Торғайда аэропорт басынан мені әкемнің туған ағасы Бақтыбай қарсы алды. Әкемнің денесін туған топырағына арулап қойғаннан кейін, Алматыға келіп жетісін бергенше маған берілген демалыс та аяқталуға жақын қалды. Бұл жолы мені аэропорттан әкемнің ағасы Бақтыбай, інісі Жантемір, мамам және інім Мағжан шығарып салды. Әскери міндетімді жалғастыруға кетіп бара жатып, енді әкемді мәңгі көрмейтінімді ойлағанымда көзіме ыстық жас келеді.

 

***

Былтыр жазда Торғайда әкемнің кіндік қаны тамған жерде туыстардың арасында болып, аунап-қунап қайттым. Бұрын-соңды өлең жазумен әуестенбесем де, Торғайдың қасиетті табиғатының әсер еткені сондай - өлең жазғым келіп кетті. «Өлең жазылмайды, өлең жүректен шығады», - деп айтқан әкемнің сөзі рас екен-ау. Көңілімдегі әкеме арналып туған өлең жолдарының тиегі ағытылып кетті.

Келдім міне, Ақшығанақ қасына,

Әке, сенің туған жерің осы ма?

Өлеңіңді жаттап алып жұрт түгіл,

Желдері де жырлайды екен қосыла.

 

Ал мынау ше, мынау жатқан Тосын ба,

Тұрмын міне, Тосын құмы қасында.

Қазасалған қарттарының өздері

Иіліп кеп сәлем берді қасыма.

 

Өте бердім Албарбөгет тұсынан,

Сырымды енді, әке,  кімнен жасырам.

Кеңшіліктің жаман ұлы сен бе деп,

Самал желі сипады кеп басымнан.

 

Наурызым деген,

Наурызым  ол тентек жер,

Оған тіпті баға берер байқап ел.

Бірақ сенің беріп кеткен бағаңды

Мақтанышпен айтады екен байтақ ел.

 

Сол бір сәтте Торғай - өзен толқыды,

О, тәңірім, жаман екен солқылы.

Күмп беріп ем сол мезетте суына,

Сап тыйылды тентек өзен жойқыны.

 

Тоңсам егер күні шықты Тосыннан,

Ыстықтап ем, самал соқты қасымнан.

Торғайымның табиғаты анамдай,

Тентек келер ұлдары да осыдан.

 

Алматыға қайтатын күні  әжеме «әкемнің басына барып қайтайық», - деп өтініш жасадым. Ауыл сыртындағы зираттарға мен, әжем, әйелім Ләззат - үшеуміз келдік. Әжем әруақтарға бағыштап құран оқи бастады. Әкемнің зиратының басында тізерлеп отырған менің көңіліме ыстық мұң ұялады. «Әке, сен ылғи да Торғайыңды, Тосын құмын аңсап, елге жетуге асығушы ең. Өзің сияқты дүниеден ерте кеткен ағаларың Қамиқан мен Айдарбекті жанарың жасаурап жиі есіңе алып, елге келген сайын мына тұрған зираттардың басына бір соқпай кете алмайтын едің. Енді, міне, мен де ауылға келген сайын басыңа келіп бір тағзым етіп кететін болдым. Менің келгеніме аруағың риза болсын. Әке, бұл күнде бірге туған бауырың Бақтыбай да жатыр қасыңда бір төмпешік болып. Жақсы көретін ағаң Сағындық та өтті өмірден. Қайтейін, әке, екеуміздің арамызда мәңгі үзілмейтін сағыныш қалды. Әттең жалған дүние-ай, көзден бұл-бұл ұшқан қарлығаш дәурен-ай!»

Ойымды құран оқып болған әжемнің:

- Құлыным-ау, ауылға жиі келмейсің деп ұрсушы едім саған. Енді міне іргеде жатып келмейтін болдың-ау, - деп баласын жоқтаған дауысы бөліп жіберді.

- Кеңшілігімнің артынан сен де көп ұзамай кеттің-ау, ботам. Қос құлындарым-ай, сендердің алдарыңда кетсем деп армандаушы ем, - деп, әжем жақында қайтыс болған Бақтыбай көкемнің зиратын құшақтап ағыл-тегіл жылай бастады.

Әжемнің жоқтауы менің сай-сүйегімді сырқыратып, тамағыма өксік тіреліп, көзімнен ыстық жас парлап қоя берді. Бірақ бұл жолы әкемнің немесе жан көкелерімнің дүниеден ерте өткендігіне емес, адам қанша өмір сүрсе де түсініп болмайтын басқа бір нәрсеге жылағандаймын...

Неге екені белгісіз, Пушкиннің соңғы өлеңдерінің бірі деп әкем жиі айта беретін жыр жолдары есіме орала берді:

Два чувства дивно близко нам,

В них обретает сердце пищу.

Любовь в родном пепелищу,

Любовь к отеческим гробам.

 

Бесін мезгілі жақындап қалғанда біз жалғыз аяқ сүрлеу жолмен ауылға қарай аяңдадық.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969