Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4782 0 пікір 10 Тамыз, 2009 сағат 18:56

Бауыржан ОМАРҰЛЫ. Бірінші Бауыржан (эссе)

Бойы бар бізден гөрі биігірек,

Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.

(Қасым Аманжолов)

 

Бірінші курста оқитын ботатірсек төрт студент бақыттан басымыз айналып, масайрағанымыз соншалық, жер-көкке сыймай отырмыз. Ортамызда асқар таудай болып жайғасқан Бауыржан Момышұлы атамыз шылымын дамылсыз сорып, әңгімесін ауық-ауық жалғастырып қояды. Демімізді ішке тартып, құлақ қақпай тыңдап отырмыз. Ара-тұра сұрақ қойған боламыз. Оның өзі сұрақ деуге келмейтін қиқы-жиқы бірдеңелер...

Бұл сексен бірінші жылғы желтоқсанның он тоғызы еді. Жатақханада жолыққан кураторымыз, жазушы Мамытбек Қалдыбаев ағамыз: «Бауыржан аталарыңды көргілерің келе ме? Ол кісі бүгін біздің үйде болады», - деп қалғаны. Мамытбек ағаның батырмен араласып-құраласып тұратынын бұрыннан білетінбіз.

- Көргіміз келгенде қандай! Бірақ, әйгілі Баукең біз құсаған бірінші курстың бақа-шаяндарын қайтсін? Әзілхан Нұршайықовтың өзі роман жазып жүргенде ол кісімен абайлап сөйлескен ғой.

- Жоқ, Баукең сендер ойлағандай емес. - Мамытбек ағай жымиып қойды. - Келбеті сұсты болғанымен, мейірбандығы шексіз. Жүріңдер. Өзінің көңілі қаласа, сендермен шешіліп әңгімелесуі де әбден мүмкін.

Бойы бар бізден гөрі биігірек,

Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.

(Қасым Аманжолов)

 

Бірінші курста оқитын ботатірсек төрт студент бақыттан басымыз айналып, масайрағанымыз соншалық, жер-көкке сыймай отырмыз. Ортамызда асқар таудай болып жайғасқан Бауыржан Момышұлы атамыз шылымын дамылсыз сорып, әңгімесін ауық-ауық жалғастырып қояды. Демімізді ішке тартып, құлақ қақпай тыңдап отырмыз. Ара-тұра сұрақ қойған боламыз. Оның өзі сұрақ деуге келмейтін қиқы-жиқы бірдеңелер...

Бұл сексен бірінші жылғы желтоқсанның он тоғызы еді. Жатақханада жолыққан кураторымыз, жазушы Мамытбек Қалдыбаев ағамыз: «Бауыржан аталарыңды көргілерің келе ме? Ол кісі бүгін біздің үйде болады», - деп қалғаны. Мамытбек ағаның батырмен араласып-құраласып тұратынын бұрыннан білетінбіз.

- Көргіміз келгенде қандай! Бірақ, әйгілі Баукең біз құсаған бірінші курстың бақа-шаяндарын қайтсін? Әзілхан Нұршайықовтың өзі роман жазып жүргенде ол кісімен абайлап сөйлескен ғой.

- Жоқ, Баукең сендер ойлағандай емес. - Мамытбек ағай жымиып қойды. - Келбеті сұсты болғанымен, мейірбандығы шексіз. Жүріңдер. Өзінің көңілі қаласа, сендермен шешіліп әңгімелесуі де әбден мүмкін.

Мәкеңді айнала қоршап тұрған төрт студент - өмірден ерте кеткен талантты ақын Бауыржан Үсенов, бүгінде жұртшылыққа есімі кең танымал ақын Светқали Нұржанов, қазір Алматы облысында қызмет істейтін журналист Нүсіп Әбдірахимов және мен - бір бірімізге қарадық. Барсақ па, бармасақ па? Барсақ па дейтініміз, мұндай мүмкіндікке ие болу бақыты екінің бірінің маңдайына жазыла бермес. Астананы өмір бойы мекен еткенімен Баукең атамызбен тілдеспек түгілі, өзін мүлде көрмегендер де бар ғой. Қиялымызда Қобыланды мен Алпамыстан кем көрінбейтін батыр атамызға сәлем беріп шығудың реті келіп тұрғанда кім тартынсын? Бармасақ па екен дегеніміз, бірінші курсқа түспей жатып арсалаңдап, алты алашқа белгілі ақсақалдың алдына баруға жүрегіміз дауаламай тұр. Баукеңнің «Ұшқан ұясын», Әз-ағаңның «Ақиқат пен аңызын», Александр Блоктың «Арпалысын» оқуға түспей тұрып оқып үлгергеніміз көңілге медеу.

- Әй, барасыңдар ма, жоқ па? Ал, мен кеттім.

Мамытбек ағай мол денесімен бұрыла берді.

- Ойбай, көке! Қалдыра көрмеңіз.

Жатақхананың бесінші қабатында тұрған біз баспалдақтардың үш-төртеуін бір-ақ аттап, төмен қарай зуладық...

Шыға берісте Мамытбек аға:

- Әлгі Жақыпов қайда жүр екен? Баукеңе журфактағы үш Бауыржанды ертіп барғаным дұрыс болар еді, - деп қалды.

Бүгінгі белгілі ақын Бауыржан Жақыпов ол кезде балауса жырларымен ел-жұртты елеңдете бастаған екінші курстың студенті еді. Жатақхананы қайта бір сүзіп шықтық. Бауыржан табыла қоймады.

Пәтерінің есігіне маңдайымыз тірелгенде, Мамытбек ағай сәл кідірді.

- Тұра тұрыңдаршы, мен қазір Баукеңнен рұқсат сұрап келейін!

Буын-буынымыз былқ-сылқ етеді. Келуін келіп алып, қара терге түстік. Төртеуміздің де шашымыз желкемізді қабады. Сол жылдарда ұзын шаш өсіру үрдіс еді ғой. Баукеңнің шашы жауырынын жапқан бір журналисті қуып жібергені есіме түсіп, жүрегім су ете қалды. Аналарға қараймын. Байқаймын, жетісіп тұрған жоқ. Масқара болғанда...

Мамытбек ағай үйінен көңілді шықты.

- Жолдарың болды. Баукең сендерге кірсін деді.

Деміміз бітіп қалды. Есіктің тұтқасы қайда кеткен? 61-ші автобустың ішіндегі желдей ескен сөзуарлығымыздың ізі де жоқ. Бұтаның түбін паналаған торғайдай бүрісіп, бір-бірімізге «сен кір, жоқ, сен кір» десіп, есік алдында үрпиісіп, сәл бөгелдік.

Бауыржан Момышұлы диванда отыр екен. Үстінде көкшіл көйлек. Кірерімізді кіріп алып, босағада состиып тұрып қалған бізге Мамытбек ағай «Баукеңнің жанына жайғасыңдар» дегендей ишарат жасады. Қашаннан еті тірі Бауыржан Үсенов батылдық танытып, батыр атамыздың қасына барып қонжиды. Ілби басып, одан сәл төменірек мен орын алдым. Светқали мен Нүсіп қарсы алдымызға отырды.

- Әй, Мекемтас (Мамытбек ағайымызды айтқаны), бұларың кім?

Баукеңнің даусы гүр ете түсті.

- Бұлар - бірінші курстың студенттері. Сізге сәлем береміз деп... Мына жаныңызда отырған екеуінің аты - Бауыржан...

Баукең көк түтінді құшырлана сорып, бізге қарады. Батырдың өткір жанары кірпігімізді күйдіріп жіберді.

- Сонда сендердің аттарыңды менің құрметіме қойған ба? А-а!

Үнсіз бас шұлғыдық. Тіл қатайық десек, көмейімізге тобық тіреліп тұрғандай дыбысымыз шықпайды.

- Әке-шешелеріңнің ниетіне рахмет. Мына мен нөмірі бірінші Бауыржанмын. Бауыржан номер пер-вый! Солай. Ал, сендердің нөмірлерің нешінші?

Бізде үн жоқ. Не дейік? Өмірге жаңа қадам басып жатқанымызда нөмірімізді қайдан білейік. Төмен қарап, жанарымызбен жер шұқимыз.

- Сендердің нөмірлерің «энінші» болады, яғни, әзірге белгісіз деген сөз. - Бауыржан атамыз мол денесімен бізге бұрылды, - Өмірдегі өз нөмірлеріңді тауып алыңдар.

Бағанағыдай емес, Баукеңе бойымыз үйрене бастады. Енді бурыл тартқан шашына, қыран қабағына, семсердей мұртына көз тоқтатып қарадым. Не деген сесті кісі еді!

- Сенің атың кім? - деп сұрады қарсы алдында бұйра шашы дудырап отырған ақын досымыздан.

- Светқали.

- Е-е, сенің атың Жарқынғали болды ғой.

Содан соң Бауыржанға бұрылды.

- Әй, мұрт, сенің қанша әйелің бар?

- Әйелім жоқ, аға. Бойдақпын.

- Әй, мынау не дейді? Әп-әдемі жігітсің, неге әйелің жоқ?

Баукең жорта қабағын түйіп, Бауыржанды ұрып жібердей оқыс қимыл танытты.

- Е-е, университетте оқимын деңдер. Дұрыс. Қазақтың Ахмет Байтұрсынов деген мықты ғалымы болған. Осы күнгі мүйізі қарағайдай тіл мамандары сол кісінің еңбектерін пайдаланып жүр.

Баукең сөзінің соңына ащы тұздық араластырып жіберді.

Міне, қызық! Өмірі есімін естімеген кісіміз. Атағы мәшһүр ғалым болса, еңбектері қайда? Оқу орындарының бағдарламасына шығармалары неге кірмеген? Санамызда осындай сауалдар сапырылысып жатты. Ол кезде бұл сұрақтардың жауабын білмейтін едік. Ахмет Байтұрсыновтың ардақты есімі ақталып, асыл мұрасы алты алашқа кеңінен тарайтын күндер ол кезде үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін. Сондықтан, ғұлама ғалымның атын алғаш рет аңыз адам - Бауыржан Момышұлының өз ауызынан естігенімізді мақтаныш көреміз.

Баукең әр сөзін нығарлап отырып, бір ауыз өлең оқыды.

 

Міржақып, төмендердің аласасы,

Сөзімнің бар ма, жоқ па, тамашасы.

Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,

Қазаққа бір роман жаза салшы.

 

Бізге бұл өлең де таныс емес. Байыбына толық барғанымыз жоқ. Курстастарыма қараймын. Байқаймын, олар да аң-таң болып отырған сияқты. Елдің рухын оятатын осы бір жолдар Міржақып Дулатовтың жүрекжарды сөзі екенін, әйгілі «Бақытсыз Жамал» романы осы беташар өлеңмен басталатынын кейін білдік қой.

- Қасым үйден көп қиындық көрді. Ғаламат ақын ол. Жүсіпбековке шығарған өлеңін білесіңдер ме?

Бұл туралы енді еміс-еміс естігенбіз. Жалпы, әдебиетші студенттер арасында ауыздан-ауызға көшіп, жылдар бойы айтылып жүретін белгілі шумақтар, тұрақтар тіркестер болады. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы ұмытылмаған әңгімелер де бар. Біздің тұсымызда да студенттер Қасым Аманжоловтың бір кезде қаланың басшысын сынап-мінеп шығарған:

 

Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды,

Сонда да тастамаймын астанамды.

Өлеңнің отын жағып жылытамын,

Үйдегі бір қатын мен жас баламды, -

 

деп басталатын өлеңін жатқа білетін. Сондықтан, батыр атамыздың сауалына басымызды шұлғыдық.

Баукеңнің жүзінде ептеп күлкі жүгірді. Енді ол «Қаракесектің» әуеніне салып, әндете бастады:

 

Сыртынан көреміз де сүйінеміз,

Жүсіпбеков жолдастың үйіне біз.

Қашан түсіп қалғанша хатшылықтан,

Туғанға ақын болып күйінеміз...

 

Мұны бұрын естімеген едік. Баукең әр сөзін шегелеп айтқан соң, миымызда жатталды да қалды.

- Жақсы ақындар бар ғой. Қазіргілердің ішінен Сағидың өлеңдерін тәуір көрем.

Баукең одан әрі өзінің офицерлік қызметіндегі қызықты оқиғалар туралы әңгімеледі. Батырдың жастық шағы көз алдымызға елестеді. Аты аңызға айналған қаһарман қазақтың әскери қызметтегі әмірлі даусы құлаққа келгендей болды.

Ол тарамыс саусақтарына темекі талын қыстырды да, бір сәт үнсіз қалды.

- Әй, Мекемтас, бұлардың маған қоятын сұрақтары жоқ па?

- Кәне, балдар, сұраңдар, - деп Мамытбек ағамыз қалбалақтап жатыр.

Сұрақ қойған болдық. Біріміз бірінші курстың студентіне тән балаңдықпен келеңсіздеу сауал бердік.

- Это - глупый вопрос! - деді батыр даусы қатқылданып. Жанары ұшқындап, мұрты жыбырлап кетті.

Жым болдық. Бұдан әрі сұрақ қоймақ түгілі, тіліміз байланып қалды.

Баукең тағы да бірер үзік әңгіме айтты. Арасында: «Мен атағым да, шатағым да бар адаммын», - деп нығыздап қойды.

Біз отырғалы бірер сағат болды. Бөлменің іші буалдыр. Баукең темекінің тағы бір талын саусағына қыстырды. Мәкең сіріңкеге ұмтылды. Қою түтін бұрқ етті. Әлі де отыра бергіміз бар еді. Баукеңе бойымыз енді-енді үйреніп, ептеп әңгімеге араласа бастағанбыз. Батыр атамыз шаршады деді ме, әлде, бірінші курстың студенттеріне осының өзі жетер деп ойлады ма, Мамытбек ағамыздың:

- Бауке, рұқсат болса... Бұлардың қазір сабағы бар еді,.. - деп қалғаны.

Баукеңнің мұрты жыбыр ете түсті. Қап!

- Мен не, осыларды ұстап отыр ма едім. Әйда, барсын!

Батыр атамызбен асығыс-үсігіс қоштасып, іркес-тіркес шыға жөнелдік. Сөйтіп, бар-жоғы бір-екі сағаттық жүздесуге құмарымыз қанбай қалды. Қымбат қазынаны қолымызбен ұстап тұрып, айырылып қалғандай күй кешіп, көңіліміз қоңылтақсып жүрген. Студенттік өміріміздің алғашқы көктемі ұзамай бәрін де ұмыттырып жіберді.

Сол жазда Баукең дүние салды. Дәл сол күні астана жұртшылығы «Медеу» мұзайдынына жиналып, Қазақстанның Ресейге қосылғанының 250 жылдығын мерекелеп жатыр еді...

 

* * *

 

Тағдырымыздың бізге ұсынған сыйындай болған сол бір ұмытылмас кездесуден бері жиырма сегіз жыл өтіпті.

Ұмытпасам, сол жылы Баукеңді тағы бір рет көрдік-ау деймін. Ол кісі университет студенттерімен кездесуге келді. Төралқада отырған оны жиі нысанаға алып, түсіру аспабының тұмсығын тақай берген киношы ағайымызға кіжініп, қолын көтеріп қалғаны есімізде.

Мамытбек ағайымыздың арқасында Баукеңнің алдына барып, қолын алып, аз-кем әңгімелескен бір кездегі төрт студенттің қай-қайсысы да кейін өмірден өз орнын тапты.

Танымал ақын, талантты әнші, сыршыл сазгер Бауыржан Үсеновтің ғұмыры қысқа болды. Бар-жоғы отыздан енді ғана асқанда дүниеден өтті. Бірақ сол қамшының сабындай ғана өмірлік сапарында айрықша із қалдырды. Жұрттың жүрегінде жатталатындай жауһар жырлар жазды. Бірнеше кітаптары жарық көрді. Оның өлеңдерін қазіргі жастар да жатқа оқиды. Бәлкім, Баукеңмен сол жүздесудің әсері болар, Бауыржан ол тұста ауызға алуға тиым салынған жабық тақырыптар жөнінде жыр жазуды жиілетті. Оңаша сәттерде отыз жетінші жылдың зобалаңы туралы туралы әйгілі «Қара машина» деген өлеңін оқитын.

Оқуды бітіргелі мұнайлы Маңғыстауды мекендейтін Светқали Нұржанов қазір қазақ поэзиясының орта буын өкілдерінің санатына ілікті. Жас күнінен талайды таң қалдырып, ешкімге ұқсамайтын ақындық болмысымен әдеби ортаны дүр сілкіндірген ол бүгінде елге белгілі жыр жүйрігіне айналды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді. Шынашақтай кезінде студент ақындардың айтысына қатысып, «Бір бала алдарыңда жыр бастады, Бітпейді мұнымен де шын дастаны. Каз ГУ-ім елудегі аман болсын, Сау жүрсін Каз ГУ-імнің құрдастары!», - деп жырлаған Светқалидың өзі де қазір қырықтың қысқасынан асып, елудің еңсесіне қарай ентелеп келеді. (Оның осы кездесу туралы жазған «Момышұлына сәлем бере барған төрт шайыр жайлы хикаясы» бүгінгі санда жарияланып отыр).

Бірнеше кітаптары жарық көрген белгілі ақын, жүйрік журналист Нүсіп Әбдірахимов қазір Алматы облыстық «Жетісу» газетінің жауапты хатшысы болып қызмет істейді. Баспасөздегі жемісті еңбегі үшін бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент грантын иеленді.

Аллаға шүкір, біз де жаман болғанымыз жоқ. Журналистика мен әдебиеттанудың ауылына қазық қағып, ат байладық. Қастерлі шаңырақтың үрдісін ырым көріп, бір ұлымыздың атын Бақытжан деп қойдық.

Мамытбек ағаның осы кездесуге арнайы ертіп апарғысы келіп, сол күні сонша іздеп таба алмаған тағы бір студенті Бауыржан Жақып -бүгінгі баспасөз бен әдебиеттегі белді тұлғалардың бірі. Қарымды ақын. Ғибратты ғалым. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Бірнеше жыл Каз ГУ-дің журналистика факультетінің деканы қызметін атқарып, бәріміз түлеп ұшқан қара шаңырақтың бесігін тербетті. Қазір еліміздің бас баспасы - «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-ның бас директоры.

Сол жолы бірнеше Бауыржанның басын құрап, Баукеңмен жолықтыруға ниет қылған ақжүрек Мамытбек ағамыз бүгінде ауызы дуалы, сөзі уәлі қаламгер ақсақалдардың санатында.

 

* * *

 

Бауыржан - қазір қазақ ішінде ең көп тараған есімнің бірі. Соғыстан кейін қалың ел балаларына жаппай осы атты қоя бастады. Бауыржан Момышұлының тұлғасы жұртшылыққа кең танылғанға дейін біздің ұлтымызда мұндай есім болған емес. Алды алпысқа келген Бауыржандардың ішінен бүгінде елге белгілі азаматтар көптен шықты. Бауыржан-министр, Бауыржан-ақын, Бауыржан-әртіс, Бауыржан-әнші, Бауыржан-ғалым, Бауыржан-заңгер, Бауыржан-журналист, Бауыржан-бай-бағлан... Қысқасы, бұл есімді иеленген жігіттер қай саланың да өрісін кеңейтіп, көрігін қыздырып жүр.

Бүгінгі көзқараспен зер салсақ, Бауыржан деген ұғымды түсіндіру оңай. «Бауырмал жан», «Бауыры бүтін жан» деген секілді ойға тез оралатын тіркестермен түйіндей салуға болады. Бірақ бұл есімнің әдепкі мағынасы шынында да осындай болды ма екен? Қазіргі заманға да еркін үйлесе кететіндей Бауыржан деген аттың сонау жиырмасыншы ғасырдың басында қойылуының сыры неде? Бауыржан атамыздың өмірі туралы еңбектерде бұл тақырып кеңінен қозғала бермейді. «Ұшқан ұя» атты ғұмырнамалық шығармасында: «Келген қонақ ең алдымен менің атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді тексеретін. Ел танудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кезде кім білген» деп түйіндеген Баукең одан әрі көп ашыла қоймайды. Сол «Ұшқан ұяда» өзі жақын араласқан отбасы туралы: «Сол күннен бастап Гончаровтар мені іш тартып, еркелете сөйлейтін болды. Бірақ әрқайсысы әртүрлі атап, атымды бүлдіріп бітті. Бірі - Бажан, бірі - Бардан, бірі - Буржан немесе Баржан деп тұрғаны. Ал ақкөңіл кемпір мені тіпті баласындай бауыр тартып, Буроржан дейтін» деп еске алады. Міне, осыдан-ақ бұл аттың басқалар үшін өте тосын болғанын көреміз. Осы есімді Бауыржан Момышұлы атақ-даңқы шыққанға дейін жалғыз өзі иеленіп келген.

Атақты «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының авторы, қадірлі қаламгеріміз Әзілхан Нұршайықовтың қойған сауалына батыр былайша жауап береді:

«Автор: Қазір елде сіздің құрметіңізге қойылған Бауыржан есімді балалар көп. Соларға қандай тілек айтар едіңіз?

Бауыржан: Маған білеміз деген жігіттер «Қазақстанда он үш мыңдай Бауыржан бар екен», - деп хабарлады. Мен әзілдеп, оларға: «Менің атым орыстың Иванындай болып бара жатыр екен ғой», - дедім. Бұл әзілім, әрине. Ал мен ол цифрдың анықтығын білмеймін. Білетінім - мен қазіргі Бауыржандардың ішінде бірінші нөмірлі Бауыржанмын. Міне, мен алпысқа келдім. Мені сыйлап, қадірлеп, сәбилеріне менің атымды қойған ата-аналарға, олардың туған-туысқандарына шын ниетпен алғыс айтамын. Ал Бауыржандарға айтарым: Азамат боп өсіңдер, қарақтарым! Қатарыңнан кем болмаңдар. Бірің болмаса бірің менен асып кетсеңдер, оған ешқандай дауым жоқ. Барлық Бауыржанға, барлық балдырғандарға ақ ниетпен батамды беремін!»

Бұл - жас ұрпақтың бәріне өмірлік бағдар сілтейтін аталы сөз. Барлық Бауыржанның бойтұмар етіп тағып жүретін қасиетті қағидасы. Романдағы әңгіменің осыдан қырық жыл бұрын қозғалғанын ескерсек, сол тұстағы он үш мың Бауыржанның қатарына бүгінде олардың қанша аттасы қосылғанын жобалай беріңіз.

 

* * *

 

Кейін әлгі кездесудің әр сәтін ойға алып, қайта саралап отырғанда Баукеңнің мынадай сөз айтқаны есімізге түсті. Көк түтінді құшырлана сорып отырып:

- Бауыржан деген сөз негізінде Баһур-әл Жалил деген атаудан шыққан ғой, - деп еді ол кісі. Бірінші курста оқитын бозөкпелер сол тұста бұған да жете мән беріп жарытпадық. Себебін сұрауға батылдығымыз да, білігіміз де жете қоймады. Содан кейін бірге барған жігіттер Бауыржан Үсенов екеумізді біразға дейін Баһур әл Жалил деп атап жүрді. Кейін бәрін де естен шығардық. Енді міне, ақыл тоқтатқаннан соң сол кездесудің әр мезетін қайта жаңғыртып, көз алдымыздан өткізуге тырыстық. Кей тұсы күнделік дәптерде жазылған, кей сәті миымызда жатталған.

Баһур әл Жалил... Ол кім? Қай Баһур әл Жалил? Бәлкім, Баһадүр шығар? Діни тұлға ма, әлде Шығыстың ғылыми әлемінің өкілі ме? Әзірге жұмбақтау. Дінтанушылармен кеңесіп, шығыстанушылармен тілдесіп көрдік. Белгілі бір тоқтамға келе алмадық. Бұл мәселені әлі де біраз қаузамақпыз. Аңызға айналған атамыздың есіміне тағы бір ұлы тұлғаның аты арқау болды ма екен? Содан қазақы ұғымға бейімделіп, Бауыржан деген атқа айналды ма, кім біледі?.. Құран сөздеріне қарап ат қоятын сол заманғы үрдісті ескерсек, осылай топшылауға болады. Бірақ тарихты хаттауға жетік Баукең бұл туралы неге өзі жазбаған? Сондықтан үзілді-кесілді байлам жасау қиындау. Біздікі тек болжам ғана.

«Ескерткіш боп тұрып қалмай бір жерде, Алшаң басып жүргеніңе қуанам», - деп ақын Сырбай Мәуленов жырлағандай, батыр Баукеңнің рухы үнемі халқымен бірге. Оның тұлғасы әлі де қазақтың руханият көшін өрге бастап келеді.

Бірінші Бауыржанның болмыс-бітімі ұлт ұланына мынау әлемдегі орнын, яғни, өзі айтқандай, өмірдегі нөмірін іздеп табуды үнемі міндеттеп тұрады.

 

"Ана тілі" газеті, 02.08.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377