Путиннің соғысы - жаһандық климатқа кесірін тигізуде
Өткен аптада Астанада IV халықаралық энергия үнемдеу форумы өтті. Алқалы жиында Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы арқылы елімізде энергияны үнемдеу саласында бірнеше жоба жүзеге асқалы жатқаны туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда БҰҰ Даму бағдарламасымен (энергияны тиімді жарықтандыруды ілгерілету) және Дүниежүзілік банкімен (Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру) 25 млн доллар сомасына 2 жоба іске асқан. Одан басқа БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы 17,7 млн долларға тағы 3 жоба іске асу сатысында екен. Сөзін нақтылаған министр:
«Төмен көміртекті дамытуға арналған тұрақты қалалар» жобасының құны - 5,9 млн доллар. Елімізде энергия тиімділігіне инвестор тарту үшін жағдай жасау жобасына 8,3 млн доллар қаралған. Сол сияқты Қазақстанда электр тұрмыстық құрал-жабдықтардың энергия тиімділігін стандарттау, сертификаттау және таңбалау саласы бойынша 3,5 млн доллардың жобасы іске асады», - деді.
Одан бөлек, Марат Қарабаев биыл Еуропалық Одақ және Германия үкіметінің қолдауымен энергия үнемдеу саласында тағы бірнеше жобаның іске қосылатынын айтты. Мұның бәрі жаһандық климат өзгерісінің алдын алуға бағытталған игі шаралар екені белгілі. Қазақстан өзінің жаһандық климаттың жылынуына байланысты жасалған «Париж келісімінің» шарттарын мүлтіксіз орындап отыр деген сөз.
Париж келісімі – халықаралық келісім. Жаһандық климаттың жылынуының алдын алуға бағытталған бірден бір құжат. Келісім 2015 жылы 12 желтоқсанда Парижде климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік конвенцияның (КӨНК) 21-ші конференциясының қорытындысы бойынша қабылданған болатын. Форумға 195 қатысушы жер шарындағы орташа температураны 2100 жылы индустриалдық дәуірдің алдындағыдан 2 градус Цельсиядан асырмау туралы уағдаласты. Ғалымдар ауа температурасы одан артық өсетін болса, ол экология үшін орны толмас салдарға соқытарды деп болжап отыр.
Құжаттың күшіне ену шарты ауаға шығарылатын парниктік газдардың жалпы әлемдік көлемінің кем дегенде 55% келетін 55 елдің ратификациялауы болатын. Қазіргі сәтке құжатқа ішінде Қазақстанда бар 190 ел қол қойып, 96 мемлекет ратификациялады. БҰҰ қоршаған орта жөніндегі Бағдарлама баяндамасында (ЮНЕП) айтылғандай, тиісті міндеттерді орындау үшін мемлекеттер парниктік газдардың тасталымын көрсетілген нормадан тағы ширекке қысқартуына тура келеді. «2030 жылы тасталымдардың күтіліп отырған көлемі көмірқышқыл газға шаққанда 54-56 гигатонна, ол осы жүзжылдықта жаһандық жылудың өсуін 2°С шектеуге мүмкіндік жасау үшін қажет 42 Гт деңгейінен айтарлықтай жоғары», - делінген ұйымның ақпараттық парақшасында. ЮНЕП есебі бойынша, Париж келісімінің барлық талаптарын орындаған жағдайдың өзінде және 2030 жылы қол жеткізетін тасталым деңгейі туралы болжам расталғанда, жүзжылдық соңына қарай ауа температурасыЦельсимен 2,9-3,4 градусқа дейін көтеріледі екен. Париж келісімі төмен көміртекті әлемге көшудің басталуын білдіреді, оның жолында әлі де көп нәрсе істеуге тура келеді.
Әлемді корона вирус жайлағалы бері әлімдік алып өндірістер уақытша тоқтап, атмосфера тазарып, климат қалпына келгендей болып еді. 24-ақпанда Ресейдің Украинаға соғыс ашуы әлемдік экологиялық жағдайды қайтадан таз қалпына оралтқан. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Путиннің агрессиясының экологиялық зардаптарын тізбелеп, мәселе көтеруде.
«Дүниежүзілік экологиялық қор» ұйымының шілде айындағы мәліметінше, соғыс басталғалы бері Ресейдің шабуылынан Украинаның 900 экологиялық қорғау аймағы бүлінген. Жылыту станциялары істен шыққандықтан, ағаш кесуді шектеу шараларын алып тастауға мәжбүр болған. Бұл соғыс болып жатқан Украинадағы ғана жағдай емес екен. Африка мен Оңтүстік Америка елдері де егістік пен отын көлемін көбейту үшін, табиғи ортаны қорғауға бағытталған заңдарын қайта қарап, тиымдарды алып тастауға мәжбүр болған.
Халықаралық сарапшылар әсіре ұлтшылдық пен диктаторлық режимнің ғаламдық климатқа, экологикалық ортаға ауыр зардап тигізіп отырғанын айтуда. Оны шешудің, алдын алудың жолы мәселені саясиландырмай Қазақстан сияқты «Париж келісімін» мүлтіксіз орындау екені даусыз ақиқат.
Разия Тоқан
Abai.kz