Қазақстандық вайнерлерді қамау мерзімі ұзартылды
Қазақстандық вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының хабарлауынша, 18 қарашада сот шешімімен күдікті Мейіржан Төребаевтың қамауда ұстау мерзімін қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде бір айға, яғни 18 желтоқсанға дейін санкциялау туралы тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылды. Шешім заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сот Шерниязовқа қатысты қаулы шығарды. Оның қамауға алу мерзімі де тағы бір айға ұзартылды.
«Сот шешімі бойынша, күдіктіні қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде қамауда ұстау мерзімін бір айға, яғни 19 желтоқсанға дейін санкциялау туралы тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылды», - деп атап өтті сот өкілдері.
Еске сала кетейік, Мейіржан Төребаев, Азизжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязовтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы (қаржы пирамидасын құру және оны басқару) бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
Abai.kz